Әбдірәсілқызы айнұР Қазіргі өзекті діни мәселелер астана – 2014


«Егемен   Қазақстан»:  –   Діннің   түпкі   негізін   Шәкәрімде,   Абайда



жүктеу 5.01 Kb.
Pdf просмотр
бет25/25
Дата04.05.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25

«Егемен   Қазақстан»:  –   Діннің   түпкі   негізін   Шәкәрімде,   Абайда  
айтылатын   ғылым,   мейірім,   әділет   жөніндегі  Құдайлық,   яғни   илаһи  
заңдар арқылы түсіндіруге қалай қарайсыз? Бұл дінаралық  түсіністікке  
қаншалықты негіз болар еді?
А.Әбдірәсілқызы:  –   Орта   ғасырларды   күллі   ислам   дүниесінде 
қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған 
213

кез келген сөз зергері әңгімесін Алла атымен бастап, тырнақалды туындысын 
дін  исламның  қағидаларын  зерттеп-зерделеуге,  талдап-түсіндіруге  арнаған. 
Бұл дәстүр Алланың алдындағы парызынан арылудың бір жолы ғана емес, 
қаламгердің   рухани   білімін   тұжырымдап,   ой-пікірлерін   тиянақтап,     кем-
кетігін саралап алуға деген талпынысы болса керек. Білгенін білмегендермен 
бөлісу,   өзгеге   жеткізе   отырып,   өз   білігін   жетілдіру     мақсаты   да   осымен 
орайлас   жатыр.   Бірі   ерте,   бірі   кеш   жазылғанымен,   Ыбырайдың 
«Мұсылманшылық   тұтқасы»,   Абайдың   «Қарасөздері»,   Шәкәрімнің 
«Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» жиған-тергендері 
осы дәстүрдің заңды жалғасы іспетті. Әрбір ілім иесі өзіне дейінгілердің ой-
пікірін бір саты ілгерілетіп, бір табан алға жылжытып отыратыны әлімсақтан 
аян жайт. Сондықтан бұл дәстүр имани ұстанымдар арқылы қалыптасатын 
қоғамдық ақыл-ойды бір арнаға тоғыстырып, үздіксіз ілгерілетіп отырудың 
тиімді   жолы   болған.   Аталған   ғұламаларымыз   бізге   өз   мүмкіндігі   шегінде 
өздері таныған шындықты жеткізуге тырысты. Өз білігін жинақтау, жетілдіру 
барысында ой бөлісті. Танымдық даму сатыларын аңдатып, тәжірибесін көш-
жөнекей көрсетіп отырды. Аяқталған ақиқатты тану ажалды пенденің бәріне 
бұйыра   бермесі   белгілі.   Сондықтан   ұлтымыздың   маңдайына   бұйырған 
ұлылардың   ұстанымдарына   құрметпен   қарап,   туындыларын   талдап-
таразылап, танып, пайдаланып қана қоймай, қажет кезінде сын көзбен қарап, 
жетілдіріп отыру да бәрімізге парыз. Бұл әрбір жаңа буын үшін жазылмаған 
заң, ауызекі аманат болуға тиіс. 
Ал Абай мен Шәкәрім пікірлерінің дінаралық  түсіністікке қаншалықты 
негіз бола алатыны – дербес әңгіменің арқауы. Ойашар ретінде айтарымыз: 
«Адамзаттың   бәрін   сүй   бауырым   деп»   деген   сөзді   мәмілегер   ұлттың 
құшағында өскен Абай ақын айтты. Сайын даланы санасына да, жүрегіне де 
сыйдырған   ұлттың   өкілі   Шәкәрім   діндер   мәселесіне   әлемдік   деңгейдегі 
биіктен көз салуға тырысты. Ұлылардың болмысы ұлт болмысынан бөлек 
емес. Біздің «меніміз» бен «бізіміздің» айырмасы аз. Естілердің сөзін ескеріп 
өскен,   тағдыр   табыстырған   сан   ұлысты   бауырына   баса   білген   ұлттың 
ұстанымы осы. 
«Егемен   Қазақстан»:  –   Дін   мен   ұлттық   мүддені   қалай 
ұштастыруға болады?
 А.Әбдірәсілқызы: – Бұл орайдағы ойлар алдыңғы сұрақпен тоғысады. 
Қазақ   қазақ   болғалы   «Раббым   –   Алла,   дінім   –   ислам»   деп   Мұхаммед 
пайғамбардың   үмбеті   санатында   ел   болып   келеді.   Ұлт   болмысы   имани 
ұстанымдарсыз   қалыптаспайды.   Сондықтан   дін   мен   ұлттық   мүддені 
аталарымыз ажыратып қараған жоқ. Бұрын бөлінбегенді бүгін бөлудің ешбір 
қажеттілігі де, негізі де жоқ. Әңгіме ғасырлар бойы ұштасқан мүдделер мен 
кіріккен танымдарды ары қарай қалай жетілдіру, талдап түсіндіру төңірегінде 
болуға тиіс. Ұлт – біздің қабылдауымызда этникалық топқа қатысты ұғым 
болғандықтан   біз   ойды   осылай   өрбіте   аламыз.   Ал   дін   мен   мемлекеттік 
мүдденің тоғысуы туралы сөз болса, әңгіме басқалау. Дегенмен бұл орайда да 
бізге көмекке келетін ортақ ой-пікірлер аз емес. Жаратушысы бір, кітабы бар, 
214

шариғаты айқын барлық діндердің негізгі ұстанымдары көп тұста тоғысып 
жатады. Діндердің бөлінуге емес, бірігуге бастайтынын ескеріп, қағидаларын 
қалыбына   сәйкес   түсіндіре   білсек,   елдестірер   есті   ойлар   табиғи   түрде 
туындай бермек. 
«Егемен   Қазақстан»:   –  Елдегі   діни   сенім   бостандығын   түрлі  
секталар   мен   жат   ілімдердің   пайдаланып   кетуіне,   конфессиялар   мен  
діни ағымдар арасындағы бәсекелестіктің орын алуына тосқауыл қоюда  
нені  басшылыққа алған жөн?
А.Әбдірәсілқызы:  – Осындай сауалдар қойылғанда менің үнемі «Өз 
бастауымызға оралайық» дегім келеді. Өзін таба алмай жүрсе де бар байлығы 
басында тұрған қазақтың бүгінде бастамашыл ұлт ретінде әлемге танылуы 
кездейсоқтық   емес.   Біз   үйретері   де,   үйренері   де   көп   ұлтпыз.   Біз   әлемнен 
үйренейік, әлем бізден үйренсін.
Әрбір мәселеде бізге ұлттық және әлемдік тәжірибені басшылыққа алу 
қажет.   «Ақымақ   өз   қателігінен,   ақылды   өзгенің   қателігінен   сабақ   алады» 
деген   нақыл   бар.   Бүгінгі   қателіктің   салдары   да,   жауабы   да   ауыр   болмақ. 
Сондықтан біз қазір қай кездегіге қарағанда да естілік танытуымыз қажет. 
«Егемен   Қазақстан»:   –  Тәуелсіздік   алған   жылдардан   бері 
ұлтқұраушы, мемлекетқұраушы ел ретінде конфессияаралық, дінаралық  
келісім мен мәдениетаралық үндесу ұстанымы аясында неге қол жеткізе  
алдық,  болашақта неге баса мән беруіміз қажет? 
А.Әбдірәсілқызы:  –   Дінаралық   келісім   мен   мәдениеттер   үндестігі 
аясында қол жеткізгеніміз аз емес, оның ең басты жемісі – жиырма жылдық 
ішкі   тұрақтылық.   Бұл   тұрақтылық   ең   алдымен   мемлекет   құраушы   қазақ 
ұлтының рухани тінінің беріктігіне байланысты қалыптасты. Болашақта ең 
алдымен осы рухани тінді әлсіретіп алмауға күш салу қажет. Ол үшін біз 
ендігі кезекте дінішілік сұхбат мәселесін басты орынға шығаруымыз керек. 
Қазір  бой көрсете бастаған  ұлттық діни танымның жіктелуінен туындаған 
мәселелер дінішілік сұхбатты тереңдету арқылы шешімін таба алады. Яғни 
ең   алдымен   қоғам   өмірін   реттеуші   институт   ретіндегі   діннің   шынайы 
болмысын   тереңдей   түсіне   және   түсіндіре   білуіміз,   діннің   проблема   емес, 
оны   шешудің     тетігі   ретіндегі   рөлін   дұрыс   пайымдап,   орынды 
пайдалануымыз қажет. 
«Егемен Қазақстан» газеті, 29 ақпан, 2012 жыл
215

ИМАНДЫЛЫҚ – ӘДЕБИЕТТІҢ КҮРЕТАМЫРЫ
– Айнұр Әбдірәсілқызы, ортағасырлық түркі әдебиетінің маманы  
ретінде ең алдымен осы кезең әдебиетінің әлем әдебиеті тарихындағы  
орны жайлы айтып өтсеңіз?
– Ежелгі түркілердің құрылымдық жағынан да, мазмұндық жағынан да 
айтарлықтай   дамыған   төл   поэзиясы   болды.   Тамырын   тереңнен   тартқан 
ортағасырлық   түркілік   поэзияның   жанрлық   жүйесі   де   барынша   жетілген 
болатын.   Шығыс   поэзиясынан   енген   деп   саналатын   әрбір   әдеби   жанрдың 
дерлік төл әдебиетімізде өзіндік даму тарихы, даңғайыр дәстүрі болды. Араб-
парсы поэзиясымен өзара әсерлесу арқылы бұл поэзиялық жанрлар мазмұн, 
пішін   тұрғысынан   байыды,   жаңа   белеске   көтерілді.   Дегенмен   оларды 
шеберлік   шыңына   жеткізген   де   өзіміздің   түркі   топырағынан   шыққан 
ғұламалар болатын. 
Ұлы өркениеттердің – араб, парсы, түркі өркениетінің үздік нәтижесін 
саралап   сіңірудің   арқасында   біздің   төл   түркілік   мәдениетіміз   әлемдік 
руханиятқа   Әл-Фараби,   Жүсіп   Баласағұн,   Махмұт   Қашқари,   Қожа   Ахмет 
Йасауи   тәрізді   есімі   алтын   әріптермен   жазылатын   ұлы   тұлғаларды   берді. 
Олардың кесек-кесек туындылары әлем әдебиетінің алтын қорына қосылып, 
руханият   қазынасын   молайтты.   Адамзаттың   мәдени   тарихын   аталмыш 
тұлғаларсыз   елестету   мүмкін   емес.   Олардың   әрбірі   ақындығы   мен 
ғалымдығы, өнері мен парасаты тең түскен тұлғалар ретінде тарихта қалды.
– Сұхбатымызға арқау еткелі отырған «имандылық» ұғымы өзіңіз  
атап   өткен   түркі   даналарының   шығармашылығының   негізі   болғаны  
белгілі. Алдымен жиі қайталанса да, түрліше түсінілетін осы ұғымның  
басын ашып алсақ.
–   Баршаға   таныс   ұғым   жайлы   ойымды   барынша   қысқа   қайырайын. 
«Имандылық» деген ұғымның аясына бір Аллаға деген сеніммен бірге адам 
бойындағы барлық ізгі қасиеттер жатады. Имандылық – біздің ұлтымыздың 
адамгершілікке қатысты негізгі өлшемі. 
Қазақ   жері   Ресей   мен   Қытай   секілді   қос   алып   мемлекетпен   бағзы 
замандардан   іргелес   болып   келеді.   Діндердің   аралас-құраластығы, 
сенімдердің   шарпысуы,   белгілі   бір   кезеңдерде   белгілі   бір   діндердің 
басымдық алуы тарихымызда талай болған. Бірақ не орыстың, не қытайдың 
дінін   түгел   түркі   төл   діні   ретінде   қабылдаған   жоқ.   Дүниенің   екінші   бір 
түкпірінен тау асып, тас басып жеткен, жай келмей, жиһадпен келген ислам 
дінін   таңдап,   ұлт   діні   етіп   қабылдауында   үлкен   мән   бар.   Өйткені 
ұлтымыздың   жан   дүниесімен,   рухани   құндылықтарымен,   табиғи 
сенімдерімен   барынша   үйлескен   бірден-бір   дін   –   ислам   діні.   Исламның 
мәйегі болып табылатын «имандылық» ұғымы ұлтымызбен бірге жасасып, 
әдебиетімізде үнемі көрініс тауып отырған. Өйткені әдеби туындылар – ұлт 
рухының айнасы.
216

–   Сөзіңіз   аузыңызда,   бір   сұхбатта   бүкіл   ортағасырлық   әдебиет  
өкілдерін  қамти  алуымыз    мүмкін  емес екені  анық. Сондықтан  бүгінгі  
әңгіме   жүйесін   Жүсіп   Баласағұн   тұлғасына   бағыттасақ.   Имандылық  
тақырыбы   Баласағұнның   «Құтты   білік»   дастанында   қай   деңгейде  
көрініс тапқан?
– Ислам дінінің біздің өлкемізге VІІІ ғасырдың орта тұсынан дендеп 
ене бастағаны белгілі. Қарахан мемлекетінде Х ғасырда ислам мемлекеттік 
дін   болып   жарияланды.   Осы   кезеңде   дүниеге   келген   Жүсіп   Баласағұнның 
«Құтты білік» дастаны – ислам дінінің нәрін бойына сіңірген, имандылық 
туын берік ұстаған парасатты туынды. Ең алдымен дастанның басталуынан-
ақ   исламның   негізгі   әдеби-рухани   дәстүрлері   көрініс   бере   бастайды. 
Ортағасырлық   дастандарға   тән   үрдіспен   Жүсіп   Баласағұн   да   өз   дастанын 
Алланың   атымен   бастайды.   Он   сегіз   мың   ғаламның   Жаратушысы   Аллаға 
мадақ айтады, оған мінәжат етеді, қателіктеріне кешу сұрайды, көмек сұрап 
жалбарынады.   Одан   кейін   Мұхаммед   пайғамбарға   мадақ   айтылады. 
Дастанның бүкіл өн бойында ақын үнемі Алла есімін еске алып отырады. 
Имандылық   идеясын   негізгі   өзек   етіп   алынған   дастандағы   кейіпкерлердің 
бүкіл болмысы, іс-әрекеті имандылық таразысымен өлшенеді. 
–   Аса   көлемді   туынды   –   «Құтты   білік»   дастаны   жайлы  
сипаттама   сөз   көп   айтылғанымен   оның   негізгі   мазмұны   жайлы  
тұщымды әңгіме аз. Мұның себебін немен түсіндірер едіңіз?
– Өйткені дастанда ең алдымен ортағасырлық әдебиетке тән дидактизм 
басым.   Оқиға   өрбітуге   емес,   ой   айтуға   көбірек   мән   берілген.   Сюжетінен 
идеясы басым туынды жайлы сипаттама сөздің көбірек болуы заңды да. 
Дастанның негізгі мазмұнына келсек, мұнда да ең басты желі жоғарыда 
айтылғандай,   имандылық   тақырыбына   тартылған.   Дастанда   төрт   кейіпкер 
бар. Күнтуды патша – әділдіктің, Айтолды уәзір – дәулеттің, уәзірдің ұлы 
Өгдүлміш – ақыл мен білімнің, діндар сопы Одғұрмыш қанағаттың, басқаша 
айтқанда   имандылықтың   символы.   Қазақ   барын   қанағатпен   пайдаланып, 
сабыры мен шүкірін тең ұстаған адамды «иман таразысы түзу» деп айтады. 
Дастандағы   ел-жұрттан   жырақта   тағат-ғибадатқа   беріліп,   тақуалық   ғұмыр 
кешетін Одғұрмыш – имандылықты жүрегіне берік орнатқан, ғұмырын Алла 
жолына   арнаған   сопы.   Жаңағы   аталған   төрт   қасиетті   автор   мемлекеттің, 
елдің   негізгі   ұстын-тірегі   ретінде   алып   отыр.   Сол   төрт   тіректің   бірі 
имандылық   болуы   көп   нәрсені   аңғартады.   Осы   арқылы   автор   «әділетті, 
дәулетті, білімді елдің міндетті түрде иманы түзу болуы керек, онсыз ел ел 
болмайды» деген ұғымды бере білген. 
–   Билік   жолы   мен   дін   жолын   ортағасырлық   қаламгер   сәтті  
тоғыстырған тәрізді...
–   Бұл   тоғысу   исламның   тіректік   ұстанымдарынан   туындаған.   Мұны 
дастанның сюжетінен танып-түсінуге болады. 
Дастанда   Күнтуды   патша  Одғұрмыш  сопы  туралы   естісімен  онымен 
дидарласуға қатты құштар болып, бірнеше рет шақырту жібереді. Бірнеше 
шақырудан кейін ғана Одғұрмыш патшаға келіп дидарласып, әңгімелеседі. 
217

Одғұрмыш – дүние тіршілігінен аулақтап, біржола Алла жолына түскен адам, 
яғни тариқаттың өкілі. Ал патша – иман таразысы түзу, елді дін исламның 
жолымен, шариғат жосығымен басқарып отырған шариғаттың өкілі. Жалпы, 
сопылықта шариғат жолының көсемдері имамдар мен қағандар (патшалар) 
болып   саналады,   яғни   ел   басқарған   көсем   міндетті   түрде   дін-ислам 
қағидаларын жетік біліп, шариғат бойынша әмір беріп, үкім шығаруы керек. 
Ислам   дінінде   әмірші   тұлғасының   ерекше   дәріптелетіні,   оның   әміріне 
мүлтіксіз бағыну қажеттігі де осы имани жолмен басқару идеясына тікелей 
қатысты туындаған. «Патшаңыз залым болса (яғни имансыз болса), сіздерге 
жердің үстінен асты жақсы» деген хадис те бекер айтылмаған. Әл-Фарабидің 
«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты трактатында да әділетті 
патша   бейнесі   сомдалады,   оларда   ел   басқарушылар   «имам»   деп   аталады. 
Баласағұн дастанында да осы ұстаным негізге алынған. 
–   Тариқат   өкілінің   дүнияуи   билікке   көзқарасы   дастанда   ашып  
көрсетілген бе?
– Дастандағы Одғұрмыш  сопы Күнтуды патша қанша шақырғанымен, 
сарайға қызметке келмейді. Ол дүние тіршілігіне алаңдап, тағат-ғибадатын 
азайтып алғаннан гөрі бес күн жалғанды бір Аллаға ғана бағыштап өткізуді 
жөн көреді. Бір сәт де ғибадаттан қол үзуді қаламайды. Сол үшін үйленбейді 
де, дүние ісіне араласпайды да. Сөйте тұра ол патшаға өзі секілді тақуалық 
жолына   түсуді   насихат   етпейді.   Патшаның   шариғат   жолымен,   әділдікпен, 
парасатпен   ел   басқарғанын,   билік   жүргізгенін   жөн   көреді.   Өйткені   елдің 
несібесі үшін, игілігі үшін иманды, әділ патшалардың ел басқарғаны қажет. 
Сондай патша ғана халыққа қызмет ету арқылы Хаққа қызмет ете алады, екі 
дүниенің ісін тең ұстайды. 
Баласағұн  дастанында   «имандылықты  сүйген  жандардың  бәрі  бірдей 
дүниені тәрк етіп, тариқат жолында жүруі шарт емес» деген ой айтылады. 
Бұл   Абайдың:   «Күллі   адам   тәркі   дүние   болып,   «һу»   деп   тариқатқа   кірсе, 
дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім 
тоқтатады,   киімді   кім   тоқиды,   астықты   кім   егеді,   дүниедегі   Алланың 
пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?» деген ойымен үйлеседі. 
Яғни   әр   пенденің   Алла   белгілеген   жүрер   жолы   бар,   біреудің   несібесі   – 
тариқаттан, біреудің несібесі – шариғаттан. Екеуі де «иман» деген ұғымға 
байлаулы.   Баласағұн   дастанында   осы   екі   жол   барлық   сипаттарымен 
айқындалып берілген. Ешбірі мансұқталмайды, ешбірі асыра дәріптелмейді. 
Қайсысымен   жүрсе   де   пенде   адаспайды,   таңдау   еркі   –   әр   адамның   өз 
еншісінде. 
–  Демек,  ұлт  әдебиетінде   соңғы  кезеңде   ғана  тереңдеп  зерттеле  
бастаған   сопылық   ілімнің   тамыры   Қожа   Ахмет   Йасауи  
шығармашылығынан да тереңде болғаны ғой?
–  Шегініс жасап айта кетелік, кей зерттеушілер пайымдап жүргендей 
Йасауи ілімін бірыңғай сопылық-мистикалық ілім ретінде бағалау орынды 
емес. Йасауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына 
ортақ ұлы ойшыл Йасауи жасаған ілім өз бастауын түбі бір түркі жұртының 
218

ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет 
Йасауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің 
қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Йасауи өз ілімінің 
барлық   қағидаларын   ханафи   мазхабы   ұстанымдарының   аясында   дамытты. 
Йасауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген 
өлкенің   иесі   –   қазақ   халқының   да   ислами   дүниетанымына   негіз   болып 
қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Йасауи ілімінің аясында 
қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Йасауи ілімінің негізгі 
ұстанымдары   қазақ   халқының   рухани-моральдық   қағидаларында   көрініс 
тапты.   Мұның   нақты   мысалын   біз   халқымыздың   ізгілікке,   имандылыққа 
негізделген   әдет-ғұрып,   салт-дәстүрлерінен,   жыр-аңыздары   мен   мақал-
мәтелдерінен,   кешегі   жыраулар   поэзиясы   мен   би-шешендердің   нақыл 
сөздерінен,   Абай,   Шәкәрім,   Мәшһүр   Жүсіп   секілді   көрнекті 
тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз. 
Қожа Ахмет Йасауи – түркі жұртына дін тарата келген Ысқақ бабтың 
он   бірінші   ұрпағы.   Сопылықта   кең   қолданылған   қылуетке   түсу   үрдісі   де 
Ысқақ баб кезеңінен басталған – оның немере ағасы Абд ар-Рахимнің (Сатұқ 
Боғрахан) осы дәстүрді ұстанғаны жөнінде мәліметтер сақталған. Көрнекті 
түркітанушы   Зәки   Уәлиди   Тоғанның   еңбегінде   еске   алынатын,   Йасауиге 
телініп   жүрген   жаңадан   табылған   хикметтерде   кездесетін   «Сұлтан   Сатұқ 
Боғрахан Пірмұған емес пе?» делінген жолдардың негізінде осы дерек жатыр. 
Йасауидің өз әкесі Ибрахим шайхтың да қылует ұстағаны белгілі. 
Дастандағы парасатты, бақытты қоғам тіршілігінің бір ұстыны  – қанағат 
сезімінің Одғұрмыш сопы бейнесі арқылы көрініс табуы,   өзін біржола Хақ 
жолына арнап, елден жырақ жалғыздықта – қылуетте күн кешкен тақуаның 
тарапынан айтылатын барлық үгіт-насихат сөздерде түркі сопылығына тән 
негізгі   ұғымдар   мен   ұстанымдардың   астаса   өріліп   жатуы   шығарма 
авторының   сопылық   іліммен   етене   таныстығын   аңғартады.   Ал   тақуа 
Одғұрмыш бейнесіне ерекше мән берілуі, ел билеушілерінің тарапынан оған 
ыстық ықылас, зор құрмет көрсетілуі, оның әрбір сөзінің, іс-әрекетінің өнеге 
ретінде   қабылдануы   –   сол   тұста   біздің   халқымыздың   сопылықпен   жақсы 
таныс   болғанын,   сопылықтың   мемлекет   өміріндегі   жетекші   институтқа 
айналып үлгергенін көрсетеді. Түркі сопылығының бастауында тұрған Сатұқ 
Боғрахан   негізін   қалаған   Қарахан   мемлекетінде   өмір   сүріп,   сол   елдің 
билеушісіне   арнап   дастан   жазған   Жүсіп   Баласағұн   шығармашылығында 
сопылық сарындардың айқын көрініс табуы – заңды құбылыс. 
– Баласағұн дастанындағы осы бағыттағы ойлар бертінгі әдебиет  
өкілдерінің пікірімен толық қабысады ма? Әсіресе «қанағат» ұғымының  
мәні  қаншалықты сәйкеседі?
– Бұл рухани дәстүр ел өмірінде ғасырлар бойы жалғасын тауып келеді. 
Сопылық,   имандылық   тақырыбы,   осы   орайдағы   қалыпты   ұғым-түсініктер 
әдебиетімізден   де,   тұрмыс-тіршілігімізден   де   шет   қалып   көрген   емес. 
Имандылық   идеясы   –   әдебиетіміздің   күретамыры.   Ал   «қанағат»   ұғымына 
келсек,   бәрімізге   белгілі,   бес   асыл   істің   бірі   ретінде   Абай   да   қанағатты 
219

атаған.   Ақын   «Қарасөздерінде»:   «Ғаламнан   жиылсын,   маған   құйылсын, 
отырған   орныма   ағып   келе   берсін   деген   ол   не   деген   нысап?»   дей   келіп, 
қанағатсыздықты,   шүкірлік   етпеуді   күнә   ретінде   айыптайды.   Ал   Шәкәрім 
өлеңдерінде: «Нәпсі үйінде байлаулы ынсап жатыр, Мұның емін тегінде сол 
аша   алған»   деген   жолдар   бар.   Қанағат,   ынсап   тірліктегі   талай   түйіннің 
шешімі екенін Шәкәрім де таратып айтады. 
Жалпы   қанағатшылдық   сезімі   барлықтан   гөрі   жоқтықта   көбірек 
танылады.   Қазақтың   сопылық-адамзаттық   даналығы   болып   табылатын 
«Барға – мәзір, жоққа – қанағат» деген сөзінде де осы мағына жатыр. Мұның 
сонау   ортағасырлардан   жеткен   түсініктемесі   Қожанасыр   қалжыңынан   да 
танылады. Берекесіз өмір кешіп, қайыршылық хәлге түскен бір ауылдасынан 
Қожанасыр:   «Тұрмысың   қалай?»   деп   сұрайды   ғой.   Ауылдасы   болса:   «Не 
тапсам,   соған   қанағат   етемін»   десе   керек.     «Қанағатың   біздің   қаланың 
иттеріне ұқсайды екен» депті сонда Қожанасыр. Демек, тапқанына қанағат 
ету   хайуанда   да   бар,   ал   адамның     қанағаты   –   барға   емес,   жоққа   қанағат 
болуға тиіс. 
Осы   ойды   бұдан   да   терең   аша   түсетін   тағы   бір   тәмсіл   бар.   Атақты 
бұхарлық   шайх   Жүсіп   Хамадани   өзінің   басқа   шаһарда   тұратын   сопы 
замандасынан:   «Кәсіптеріңіз   не?»   деп   сұрапты.   «Тапсақ   –   қанағат   етеміз, 
таппасақ – шүкіршілік етеміз» дейді әлгі сопы. Сонда Хамадани: «Бұхараның 
иттері   де   солай   істейді»   депті.   Таңданып   қалған   сопы:   «Ал   сіздер   қалай 
етесіздер?» деп сұрағанда, Хамадани: «Біз тапсақ – бөліп береміз, таппасақ – 
қанағат етеміз» деген екен.
–   Өзіміз   жиі   естісек   те   мән   бермейтін   Қожанасыр  
қалжыңдарының астарындағы талай дүние тасада қалып барады  екен.  
Ой   саларлық   ғибрат   айттыңыз.   Соңғы   сауалды   әйел-аналар  
тақырыбымен байланыстырғым келіп отыр. «Бала тәрбиесі – бесіктен»  
дейміз,   имандылық   ұғымын   ұрпақ   бойына   сіңіруде   ару   аналардың   ролі  
қандай? 
–   Сұрағыңызды   тыңдап   отырғанда   ойыма   бірден   Шыңғыс 
Айтматовтың     «Боранды   бекетіндегі»   Найман-ана   аңызы   оралды.   Жау 
қолына   тұтқын   болып,   тері   құрсаудың   қысымымен   санасынан   айырылған 
перзентін  іздеп барған  ана  мәңгүрт  ұлының қолынан  ажал құшар сәтінде: 
«Елің кім? Тегің кім? Сенің атың Жоламан! Сенің әкең Дөненбай еді ғой!» 
деп шырылдап, ақ құсқа айналып кете барушы еді ғой...  Бір қолымен бесікті, 
бір   қолымен   әлемді   тербеткен   әйел-ананың   адам   бойындағы   рухты 
қорғаудағы жанайқайы маған сол ақтық демі біткенше «Елің кім? Тегің кім?» 
деп шырқырайтын Дөненбай құстың шырылы тәрізді елестейді. Имандылық 
тәрбиесіндегі әйел-ананың ролін бұдан артық бейнелеп жеткізу мүмкін емес 
тәрізді.
 Әсерлі әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!
 «Керуен» журналы, № 4, 2007 жыл
220

ИСЛАМДАҒЫ АТА–АНАНЫҢ ҚАДІРІ
 
Шариғатта   «Алла   тағаланың   разылығы   ата-ананың  
разылығында,   Алла   тағаланың   ашуы   ата-ананың   наразылығында.  
Балалары ата-анасын қаншалықты әлпештеп сыйласа, олардың ғұмыры  
да соншалықты ұзақ болмақ» - дейді. Бұл тұжырымға қалай қарайсыз?
- Мұның барлығы өмірлік тәжірибеден туындаған тұжырымдар. «Адам 
–   қартайғанда   бір   бала»   деп   қазақ   бекер   айтпаған.   Жас   кезінде   адамның 
алаңы көп болады. Тұрмыс тауқыметі, түздегі жұмыс секілді әртүрлі қам-
қарекетпен жүргендіктен, санасы сан саққа бөлініп, көп нәрсені көңіліне ала 
бермейді.   Ал   адам   қартайғанда   отбасынан,   балаларынан,   немере-
шөберелерінен   өзге   қызығы   да,   қам-қайғысы   да   қалмайды.   Сондықтан 
олардың   әрбір   ісі,   әрбір   сөзі   ата-ананың   назарында   тұрады,   қатты   айтса 
көңіліне   алып,   жақсы   айтса,   медеу   тұтып   отырады.   Бұрынғыдай   қажыр-
қайраты,   белсенділігі   қалмаған   қарт   адам   қолынан   келері   аз   болған   соң, 
қамкөңіл   келеді,   көбірек   мейірімді   қажет   етеді.   Адам   өмірінің   ұзақтығы 
көңілмен өлшенеді. «Ата-анаң жаныңда қартайса, оларға «түһ» деп айтпа» 
(яғни   «кейістік   білдірме»)   деген   Пайғамбарымыздың   хадисі   бар.   Ендеше 
адамның қартайғанда  қорғансыз халге түсетінін түсініп, балалары кейістік 
білдірмей,   ата-анасын   алақанына   сала   білсе,   ол   да   бір   кездегі   ата-ананың 
еңбегінің   жемісі   және   перзенттердің   иман   байлығының   тереңдігі   деп 
бағалауға болады. 
-   Бүгінгі   біздің   қоғамда   балалардың   ата-анаға   деген   сыйластығы  
көңілден шыға бермейді. Бұл жөнінде қандай ой қосасыз? 
- Ата-анаға деген сыйластықтың кемдігін жас буынның құрметсіздігі 
деп   біржақты   бағалауға   болмайды.   Адам   «ұяда   не   көрсе,   ұшқанда   соны 
ілетінін» де ұмытпауымыз керек. 
Біздің бала кезімізде, ұмытпасам, 2-3 сыныптың біріндегі «Ана тілі» 
оқулығында   бір   мысал   әңгіме   бар   болатын.   Келіні   мен   баласы   қартайған 
аталарына шыны аяқпен ас бермей, оңаша отырғызып, ағаш аяқпен ас береді 
екен. Шыны аяқ қолына тисе, қолы дірілдеп, сындырып алады деген ойлары 
болса керек. Бір күні олардың кішкене ұлы ағаштан ыдыс жасап отырады. 
«Не   істеп   отырсың?»   деп   сұраса,   баласы:   «Итаяқ   жонып   отырмын. 
Қартайғанда сендерге осы ыдысқа тамақ құйып беремін» дейді. Сол мысалда 
айтылғандай,   адам   жасында   қандай   тәрбие   берсе,   қартайғанда   соның 
нәтижесін көреді. «Сәлеміне қарай жауабы» деп бекер айтылмаған ғой. Ата-
анаға   деген   сыйластықтың   кемшін   болуы   біздің   үлкен-кіші 
замандастарымыздың   да,   өзіміздің   де   айыбымыз   деп   білген   жөн.   «Бала 
тәрбиесі   бесіктен»   болған   соң,   тәрбие   мәселесіне   әрбіріміздің   жауапты 
екенімізді сезінуіміз қажет. 
-   «Жақсылықты   алдымен   кімге   жасау   керек?»   дегенде,  
Пайғамбарымыз   с.ғ.с.   үш   рет   «анаңа»   деп,   төртінші   рет   сұрағанда  
221

«әкеңе   жаса»   деген   екен,   мұны   қалай   түсіндіресіз?   Асқар   таудай  
әкелеріміз жайында да пікір қоса отырсаңыз.
- Сәбиін тән азабымен де, жан азабымен де дүниеге келтіретін және 
тәрбиелейтін   ана   еңбегін   ешбір   нәрсемен   салыстыру   мүмкін   емес.   «Ана 
баланы тоғыз ай құрсағында, үш жыл қолында, өмір бойы жүрегінде көтеріп 
жүреді» деген сөз тегін айтылмаған. Бұл жөнінде адамзат жаралғалы бері аз 
айтылып   келе   жатқан   жоқ.   «Жұмақ   аналардың   аяғының   астында»   деген 
хадис те ананың қайталанбас қадірінің кемел бағасы болып табылады. 
Ал қазіргі қоғамда мен ер азаматтардың беделін көтеруге көбірек көңіл 
бөлінуі   керек   дер   едім.   Өтпелі   кезеңнің   сын-тегеуріндері   салдарынан 
ерлердің   қадір-қасиетінің   төмендеуі,   әкелер   тәрбиесінің   кемшіндігі   орны 
толмас рухани зардаптарға соқтыруы мүмкін. Мектептерде білім және тәрбие 
беретін ер-азаматтар санының күрт азайғандығы жиі айтылып жүр. Мұның 
өзі   ұл   балалар   психологиясының   қалыптасуына   кері   әсер   етуде.   Әке 
тәрбиесін дұрыс алмаған, «әкең келе жатыр» деген ескертуді естіп өспеген 
бүгінгі   бала   буын   ертең   ел   басына   келеді.   Ертеңгі   ұлттың   уығы   берік, 
шаңырағы биік болсын десек, бұл мәселеге қазірден көңіл бөлуіміз керек.
- Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әйелінің қас-қабағына қараймын  
деп, ата-анасын қарттар үйіне тастап жүргендер баршылық. Бұл нені  
көрсетеді, ұлдың жасықтығы ма, әлде келіннің ақылсыздығы ма?
- Ислам қағидаларында айтылғандай, адамның Алла тағаладан кейінгі 
қасиеттісі –  ата-анасы. Ал біздің қазақ көз алдында жүрген ата-анасын ғана 
емес,   өмірден   әлдеқашан   өтіп   кеткен   жеті   атасының,   одан   арғы   ата-
бабаларының   әруақтарына   дейін   қастер   тұтады.   Соларға   арнап   құран 
бағыштап,   солардың   разылығын   іздеп   отырады.   «Өлі   разы   болмай,   тірі 
байымайды»   деп   санайды.   Осының   өзі   қазақтың   иман   дүниесінің 
қаншалықты тереңде жатқандығын аңғартады, яғни, тек ата-анаға қатысты 
емес, одан да жоғары тұрған ата-бабаларға қатысты үлкен парыздарды өтеуге 
ден қойғанын аңдатады.
Ата-анасын   қарттар   үйіне   қалдыру   ұлдың   жасықтығы   мен   келіннің 
ақылсыздығына қоса екеуінің де тәжірибесіздігі мен иманының кемдігінен 
деп білген жөн. Бұған жоғарыда айтылған рухани тәрбиенің кемшіндігін қоса 
ескерсек, жауапкершіліктің бір ұшы тағы да өзімізге, әрбірімізге тіреледі. Біз 
кінәлауға немесе ақыл айтуға емес, тәрбиелеуге асығуымыз қажет. Ал тәрбие 
дегеннің   отыра   қалып   құрғақ   ақыл   айту   арқылы   емес,   өз   жүріс-тұрысың 
арқылы берілетінін ұмытпауға тиіспіз. 
- Қоғамымызда кейбір ата-аналардың ішкілік ішу дерті бар, оның  
зардабын  бірінші  кезекте  балалары  тартып  отыр.  Ішкілікке  салынған  
ата-аналарына наразы болып жүрген балаларға не айтар едіңіз?
 
- Әр адам – өз заманының, өз қоғамының перзенті. Адамға ең алдымен 
адам ретінде қарау керек. Ата-ана болудан бұрын ол ең алдымен – адам, жеке 
тұлға.   Оның   да   өз   тағдыры   мен   өз   қам-қайғысы   бар.   Ішкілікке   салынған 
сәттері   – ол адамның  тағдырдың   үлкен сындарын  көтере  алмай, күйреген 
кездері шығар. Бірақ, сол кезең мәңгі жалғаса береді деп үміт үзудің керегі 
222

жоқ. Алла тағала көңіліне ақыл салған күні ол да салауатты өмірге қайта 
оралар.   Перзенттің   ата-анасына   қай   кезде   де   түсіністікпен   қарағаны   жөн. 
Адам баласы барлық нәрсеге құқығым бар деп ойламауы керек. Адамның 
иман   дүниесімен   шектелген   құқықтары   болады.   Ата-анасын   жек   көруге 
ешкімнің құқығы жоқ. Ата-анаға әр уақытта кешірім бар. 
Екіншіден, өмірдің бәрін сүріп болғандай, ата-ананың қылығы үшін өз 
ертеңінен күдер үзудің ешбір жөні жоқ. Және барлық мәселені ата-ананың 
тәрбиесімен байланыстырып, үзілді-кесілді шектеп қоюға да болмайды. ХІV 
ғасырда  жазылған  Гилан шахтың «Қабус-намасында»:  «Сен  балаңа тәрбие 
бермесең де, ол ай мен күннен тәрбие алып өсе береді» деген өнегелі сөз бар. 
Яғни баланың тәрбиесіне тіпті жансыз табиғат та әсер етеді. Өскен ортасы, 
бауырлары,   туған-туыстары,   көршілері,   тіпті,   ауыл-аймағы   –   бәрі-бәрінің 
ықпалы   зор.   Сондықтан   ата-ананың   кемшіліктері   салдарынан   ғана   адам 
өміріне   үлкен   нұқсан   келді   деп   алдағы   өмірді   торлаған   тұман   ретінде 
елестетіп   қажеті   жоқ.   Бұл   сайып   келгенде,   өзін-өзі   тәрбиелеуден   және 
жауапкершіліктен қашу деген сөз. Мұндайда өмір тәжірибесі аз балаларға 
айналасындағы аға буын өкілдерінің көмек қолын созғаны жөн. 
-  Намазға   жығылмаған   немесе   орысша   сөйлейтін   ата-әженің  
немересін   тәрбиелегенін   қаламайтындар   да   бар,   осы   мәселеге   сіздің  
көзқарасыңыз қандай?
-   Бұл   жерде   бір   нәрсені   ескеру   керек.   Қай   тілді   немесе   қай   дінді 
ұстанатын   адам болсын,  ол бірінші  кезекте  немересі  үшін  – ата  мен әже. 
Қандай   жағдайда   болмасын,   баланы   ата-әжесінің   қызығынан   айыруға 
болмайды. Өйткені өмірлік тәжірибесі мол, ұрпақ қадірін білетін ата-әженің 
немереге ықыласы ерекше болады. Күйбең тіршілікпен алданып жүріп, әке-
шешесі   бере   алмаған   мейірімді   балаға   ата-әжесі   береді.   «Ата-анаң   аман 
болса, жарты байлығың» деген бар, сол секілді ата-анаңның әке-шешесі көз 
алдыңда жүрсе, ол – ен байлықтың өзі. Немере болып еркелей алу да көп 
адамға бұйыра бермейтін бақыттың бірі. Дәл қазір біздің қоғамымызда сол 
ата-әжелер институтының тәрбиесі жетіспейді. 
Ал   адамның   имандылығы   тек   намаз   оқу-оқымауымен   өлшенбейді. 
Намазға жығылмағанымен ол адамның жан дүниесінде рухани құндылықтар 
тұнып тұрған болуы мүмкін. Кімнің иман дүниесі қай уақытта кемелденетіні 
бір Аллаға аян. Сондықтан рухани мәселелерді тар таныммен кесіп-пішпеген 
жөн.
Бүгінгі жастарымызға қандай тілек айтар едіңіз? 
-   Алдымыздағы   аға   буынға:   «Сіздер   алдыңғы   жақсы   болып,   артқы 
жасқа  тәлім айтып  кеткен  армансыз  ұрпақсыздар.  Арттарыңызда  аманатқа 
адал, ұлт рухының темірқазығы болар кейінгі толқын бар» дер едім.
Өз   буынымның   өкілдеріне   айтар   едім:   «Біз   өтпелі   кезеңге   тұспа-тұс 
келіп, жақсы мен жаманды, озық пен тозықты ерте көріп есейген буынбыз. 
Біздің буынның алдыңғыдан ала білген, соңғыға бере білетін нәрсесі көп. Біз 
білгенімізді жоғалтпай, алдыңғылардың аманатын кейінгілерге тапсыруымыз 
керек». 
223

Ал   өзімізден   кейінгі   өндірдей   жастарға   айтарым:   «Сіздердің 
буындарыңыз – бақытты буын. Өйткені, алдарында ағалыққа жарайтын аға 
буын   өкілдері   бар,   ала   білсе,   берері   мол   қазыналы   қарттарыңыз   да   көп. 
Өмірде оқып, білген бір басқа, көкірегіне тоқыған жандардан көре білген бір 
басқа. Сол қайталанбас қазыналарыңыздың қадіріне жетіңіздер».
Қазақтың ел ұстар азаматтарына айтарым: «Мемлекет ең алдымен адам 
факторын   басты   орынға   шығаруы   қажет.   Өзінің   мемлекетке   керек   екенін 
әрбір азамат сезінген жағдайда ғана әлеуметтік дерттер азаяды. «Мемлекеттің 
ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары» деген абзал қағида сөз 
жүзінде қалып қоймауы тиіс».
- Бүгінгі ұрпаққа рухани азық болатын, парасаттылыққа жетелер  
жылы әңгімеңіз үшін Сізге үлкен рахмет! 
                 «Иман айнасы» бағдарламасы, «Қазақстан» ұлттық арнасы,
                       16 наурыз, 2012 жыл    
224

ТАҒДЫР ТАҚЫРЫБЫ – ҰЛТ ПЕН ДІН
–   Айнұр   Әбдірәсілқызы,   әңгімемімізді   бастамас   бұрын  
мұсылманның   бес   парызы   –   қажылыққа   барып   келген   ниетіңіз   қабыл  
болсын   демекпін.   Орайы   келгенде   сұрай   кетейін,   қажылыққа   биыл  
баруыңызға   не   түрткі   болды?   Жалпы   дінге   бет   бұруыңызға   қандай  
себептер әсер етті?
– Мен мамандығым жағынан араб тілді шығыстанушы-филологпын. Тілді 
тіл   үшін   емес,   дін   үшін   үйренген   адаммын.   Мамандығымды   рухани 
ізденісіме бастар жол ретінде таңдадым. Түсініктірек тілмен айтар болсам, 
өмір бойы айналысатын ісім Алламен байланысты болса деп тіледім. Біздің 
кезімізде   дінтану   мамандығы   болған   жоқ.   «Дін   және   еркін   ойлау»   деген 
мамандық болды, біз оның мәнісіне толық түсіне қоймадық. Сондықтан дінге 
тіл арқылы жетуге тырыстық. Студенттік өмірдің алғашқы жылынан бастап 
ғылыми зерттеулерім Құран тақырыбының төңірегінде болды. Бакалаврлық, 
магистрлік   жұмыстарым   да   Құранға   арналды.   Кандидаттық 
диссертациямның   тақырыбы   осы   бағыттың   жалғасы   ретінде   сопылық 
әдебиетпен байланысты болды. 
Дін жолында ұстазым болған емес. Дәстүрлі қазақ қауымында, Алласы 
аузынан   түспеген   иманды   жандардың   ортасында   өстім.   Көзімді   ашып 
көргенім   жеті   атасы   ел   басқарған,   ел   үшін   өмір   сүрген   әкемнің   алдына 
ағылып   келіп,   мұңын   айтқан,   медеу   күткен   көпшілік   болды.   Ес   білгелі 
естігенім  екі көзі бірдей зағип болса да, намазын қаза қылмаған әжеміздің 
«Лә иләһа илла алла» деп қайырылатын бесік жыры мен әулиелер әулетінен 
шыққан   анамыздың   ақиқатқа   бергісіз   аңыз-әңгімелері   болды.   Рухани 
қажеттілігім болғандықтан, бес парыздың бірі – намазға саналы түрде ерте 
жастан   жығылдым.   Сырт   көріністе   зайырлы   қоғамның   заңды   перзенті 
болғаныммен,   «иман   адамның   жүрегінде»   деген   ұстанымға   берік 
байланғанмын. 
Әрбір   саналы   мұсылман   секілді   қажылыққа   баруды   ес   білгелі 
армандадым. Бірақ әйел адам үшін қажылыққа барудың шарттары қиын екені 
белгілі ғой. Мен үшін алынбас қамалдай кедергілер көп болған соң, соңғы 
онжылдықта қажылықты армандауға да батпай қойғанмын.
Биылғы   жылы   қажылыққа   жолым   түсуін   Алланың   құдіреті   демеске 
лажым   жоқ.   Үстіміздегі   жылы   Қазақстан   Республикасының   Дін   істері 
агенттігі құрылғаны баршаға мәлім. Осы органның қарамағындағы мекеменің 
қызметкері   ретінде   Агенттікке   жұмысқа   шақырылдым.   Агенттіктің 
ұйымдастыруымен   мемлекеттік   органдар   өкілдерінен   құрылған   Қажылық 
миссиясы құрамында Сауд Арабиясына бару ұсынылғанда сенер-сенбесімді 
білмедім.   Соңғы   сәтке   дейін   сене   алмадым   десем   де   болады.   Мекке   мен 
Мединадағы күндер де көрген түстей өте шықты... Ол күндерден қалған белгі 
ұшан-теңіз әсер мен қанжығама байлап қайтқан бір топ өлең болды. 
225

–   Қазіргі   таңдағы   Қазақстандағы   қазақ   әйелі   қандай   болуы   керек?  
Кімді үлгі ретінде атай аламыз?
–  «Осындай болу керек» деп ешкімді қалыпқа құя алмайтынымыз белгілі. 
Тілегім ретінде  айтар  болсам,  қазіргі  қазақ  әйелі  азамат  әйел болуға тиіс. 
Бәлкім, мәжбүр... «Азамат  болу» дегеніміз қоғам өмірінен ойып орын алу 
деген сөз емес. Бесік тербетіп, үй шаруасында отырған әйел де нағыз азамат 
әйел бола алады. Өйткені нағыз азаматты сол тәрбиелейді. Тек бір қолымен 
бесікті,   екінші   қолымен   әлемді   тербететінін   сезінсе   болғаны.   Елдік   пен 
имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білсе, қазіргі қазақ әйелі үшін 
одан үлкен қайраткерлік жоқ. «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да 
жақсы,   еркектің   жаманы   әйелдің   жаманынан   да   жаман»   деген   нақыл   бар 
қазақта. Артық жаралған адам әлемде жоқ, ал «әр қазақ – менің жалғызым» 
болып отырған біздің жағдайымызда, әйел-ер демей, ешқайсымыздың жаман 
болуға хақымыз жоқ.
«Кімді үлгі ретінде атай аламыз?» деген сауалға келсек, бөле-жара біреуді 
атаудан   аулақпын.   Ол   сөз   жоқ,   басқалардың   маңызын   кемітеді.   Қазақ 
қашанда үлгісіз ұлт болған емес. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана 
емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Қазіргі таңда да көптеген қазақ 
әйелдері   сол   ұлағатты   үрдісті   үздіксіз   жалғастырып   келеді.   «Қазақ   қызы» 
деген атқа лайық болудың өзі аз мәртебе емес. Ұлт болып ұйысқаны үшін 
қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар. Тегі 
бір   татардың   белгілі   жазушысы   Ғалымжан   Ибрагимов   өткен   ғасырдың 
басында   «Қазақ   қызы»   атты   романымен     әйел-аналарымызға   арнап   әдеби 
ескерткіш   соғып   еді.   Түптің   түбінде   қазақ   қызына   арналып   еңселі   бір 
ескерткіш орнатылуы қажет сияқты. 
–  Әйелдер лигасы я болмаса қоғамдық қор ашқыңыз келмей ме? Аша  
қалған күнде қандай бағытта өрбітер едіңіз?
–   Жоқ,   ондай   ой   басыма   келген   емес.   Күрескерлік   рухым   жоғары 
болғанымен,   көш   бастауға   құштарлығым   жоқ.   Кезінде   қоғамдық 
жұмыстармен   көп   айналыстық.   Онымыз   аз   нәтиже   берген   жоқ.   Ең   үлкен 
жемісім – қазір қоғамдық өмірдің әр саласында белсене қызмет етіп жүрген 
көкірегі ояу, санасы сәулелі шәкірттерім деп білемін. 
Қашанда алдыма нақты мақсаттар қойып, жүйелі түрде жүзеге асыруға 
тырыстым.   Үлкен   өмірге   араласқалы   тек   өзім   сүйген   кәсіппен   ғана 
айналысып келемін. Ғылым да, педагогика да, эфир де соның айғағы. Соның 
барлығы бүгінгі күнге жетелер баспалдақтар болды. Менің өмірдегі ең үлкен 
жұбанышым   –   қашанда   өз   орнымда   жүргенімді   сезінетінім.   Қазір   де   өз 
орнымда жүргеніме сенімім кәміл. Ауыр да азапты дін саласындағы қызметті 
таңдауым   да,   тағдырым   да   деп   есептеймін.   Еліңе   сағат   сайын,   сәт   сайын 
пайдаң   тиіп   отырғанын   сезіндіретін   жауапкершілігі   мол   жұмысты   тастап, 
қоғамдық қор ашуға құлшынысым жоқ. Ол саланың өзіне лайықты адамдары 
бар. Әйелдер лигасы дегенді ойға да алған емеспін. Көш бастау шарт емес, 
көптің бірі болып жүріп те талай істі тындыруға болады.
226

–  Әу бастан «Құдайға сенген құстай   ұшар, Адамға сенген мұрттай  
ұшар» деген қазақпыз. Сіздің ойыңызша, дәстүрлі исламды дамытудың  
қандай жолдары бар?
– Ұрандатып, науқандатумен бітетін іс емес бұл. Бастауымызға оралсақ 
болғаны. 
Дәстүрлі   ислам   насихатын   күшейтудегі   маңызды   тетіктердің   бірі   – 
ретроспективті сипаттағы стратегиялық зерттеулерді жүзеге асыру. Қазақы 
болмысқа тән  бірегей рухани ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті 
тұлғаларының   еңбектері   мен   халқымыздың   діни   танымын,   рухани 
құндылықтарын танытатын  ауызекі шығармашылық мұралары (шежірелер, 
мақал-мәтел,   жыр-аңыз,   салт-дәстүр,   ырым-тыйымдар)   дінтанулық 
зерттеулер негізіне айналуға тиіс. Бұған дейін аталған мұралар көбіне тарихи
филологиялық, мәдениеттанулық, философиялық зерттеулер нысаны ретінде 
қарастырылды.   Теологиялық   және   дінтанулық   тұрғыдан   біршама 
талданғанымен, бұл мұралар қазақы мұсылмандық көзқарас, дәстүрлі ислам 
қағидалары   тұрғысынан   мүлде   дерлік   зерттелген   жоқ.   Ендігі   кезекте   осы 
бағыттағы   зерттеулерді   жолға   қойып,   рухани-діни   мұраларымызды   толық 
игеруге, «дәстүрлі ислам» түсінігін ғылыми тұрғыдан орнықтыруға күш салу 
қажет. 
Дәстүрлі исламды дамытудағы екінші бір бағыт баспа жұмыстарымен 
байланысты болмақ. Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет 
Яссауи, Ахмет Йүгінеки еңбектерін, Хусамеддин Сығнақи, Жамал әл-Қарши 
секілді ортағасырлық ойшылдар  туындыларын,  Алтын Орда дәуірінде өмір 
сүрген діндар ақындар мен тарихшы ғалымдар еңбектерін, Шағатай кезеңінің 
төл   тарихымызбен,   танымымызбен   тамырлас   туындыларын   аудару   және 
жариялау   жұмыстарын   жүзеге   асыру   қажет.   Ұлтымыздың   ағартушы-
ұстаздары   ретінде   танылған   ХІХ-ХХ   ғасырдағы   қазақ   қаламгерлері 
шығармашылығын қайта қарап, олардың дін мәселелеріне арналған таңдаулы 
әдеби туындыларын жинақ етіп құрастырып  шығару қажет. Сонымен қатар 
«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Бабалар сөзі» сериясымен жарық 
көрген   6   томдық   «Қазақтың   діни   дастандарынан»   таңдамалы   екі   томдық 
құрастырып,   Абай,   Ы.Алтынсарин,   Ш.Құдайбердіұлы,   М.Ж.Көпейұлының 
діни-философиялық   мұраларын   біріктіріп,   жеке   жинақ   ретінде   жариялау 
қажет. Сәдуақас Ғылманидің қолжазба күйінде қалған дін педагогикасына, 
Құран   тафсиріне   арналған   еңбектерін   жарыққа   шығару   отандық   дінтану 
ғылымына үлкен серпін берері сөзсіз. 
Сонымен   қатар   халқымыздың   ислами   түсініктерінің   қалыптасуында 
маңызды   роль   атқарған   ислам   ғұламаларының,   соның   ішінде   ханафи 
мазхабындағы   дін   ғалымдарының,   ортағасырлық   және   заманауи   дін 
қайраткерлерінің   еңбектерін   аудару,   жариялау   және   қайта   жариялау 
мәселесін   де   назардан   тыс   қалдыруға   болмайды.   Ортағасырлық   мұсылман 
ойшылдарының   еңбектерінен   ханафи   мазхабының   негізін   салушы   Әбу 
Ханифа   имам   Ағзамның   еңбектерін,   оның   шәкірттерінің   шығармаларын, 
ханафи мазхабындағы негізгі еңбектерді, ақидамыздың негізін қалаушы Әбу 
227

Мансур   әл-Матуридидің,     хадис   ғылымының   білгірі   Имам   Бұхаридің, 
мұсылман   құқықтануының   беделді   тұлғасы  Бурханаддин   Әли   әл-
Марғинанидің,   «І   мыңжылдықтың   реформаторы»   атанған   ғұлама   Имам 
Ғазалидің маңызды еңбектерін қазақ тіліне аударып, жариялау қажет. 
Үшінші   бағыт   ретінде   отандық   зайырлы   және   діни   білім   беру 
жүйесінің барлық деңгейіне «Ұлттану» пәні мен «Абайтану» курсын енгізуді 
ұсынар   едік.   «Ұлттану»   курсының   оқу   бағдарламасы   біз   жоғарыда   айтып 
өткен   дәстүрлі   қазақ   мұсылмандығына   негіз   болған   дерек   көздері   мен 
соларға   қатысты   зерттеулерге   сүйеніп   жасалуы   қажет.   Бұл   пән   арқылы 
қазақстандық   білімгерлер   ең   алдымен   туған   топырақта   қалыптасқан 
дүниетаныммен,   соның   ішінде   діни   таныммен   тереңірек   танысуға,   ұлттық 
рухани ілімдерді қалыптастырған ғұламалар еңбектерін зерттеп, білуге, қазақ 
тарихының   көркем   шежіресі   болған   ауызекі   туындылар   арқылы 
халқымыздың   діни   танымын   жақынырақ   тануға,   қазақ   әдет-ғұрып,   салт-
дәстүрлерінің   ислам   қағидаларымен   табиғи   үйлесімін   танып-білуге 
мүмкіндік алады.
Ал   «Абайтану»   курсын   отандық   білім   беру   жүйесінің   барлық 
деңгейінде   бір   курстық   бағдарлама   ретінде   енгізуге   болар   еді.   Абайдың 
«Қарасөздеріне»   тек   бір   автордың   ой-толғамдарын   ғана   білдіретін   дербес 
туынды ретінде емес, өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бүкіл рухани-діни 
тәжірибені   жинақтаған,   ғасырлар   бойы   қалыптасқан,   қорытылған   бірегей 
ілімді ХІХ ғасыр кемеңгерінің ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп, іріктеп 
берген танымдық мәні зор туынды ретінде қараған жөн. «Абайтану» курсын 
зайырлы оқу орындарының оқу бағдарламасына «Ұлттану» пәнінің құрамдас 
бөлігі ретінде енгізуге де болады. 
–  Орайы   келіп   тұрған   бір   сұрақ:   Көпшілік   сізді   ғалым   ретінде  
көбірек таниды. Ғылыми ізденістеріңіз бен еңбектеріңіз жайлы айтып  
өтсеңіз.
–   Жоғарыда   аз-кем   айтып   өттім,   ғылыми   ізденістерім   студенттік 
өмірдің алғашқы жылдарынан басталды. Ғылым саласындағы эксперименттік 
кезеңге тап келгендіктен біз бакалавриат, магистратура, аспирантура сынды 
сатылардың   бәрінен   өттік.   Қ.А.Яссауи   атындағы   Халықаралық   қазақ-түрік 
университетінің   тұңғыш   түлектері   болғандықтан   біз   сол   өлкенің   алғашқы 
жергілікті кадрлары болып қалыптастық. Ғылыми қызмет пен педагогиканы 
ұштастыруға   қажеттілік   те,   мүмкіндік   те   көп   болды.   Университетте   дәріс 
бере жүріп, Яссауитану ғылыми зерттеу орталығында, Терминдер сөздіктерін 
дайындау  орталығында  қатар  қызмет атқарғаным  да ғылыми ізденістеріме 
кең жол ашты. Алты жылға жуық Алматыда Ұлттық Ғылым Академиясының 
Әдебиет   және   өнер   институтында   қызмет   атқаруым   ғалым   ретінде 
қалыптасуыма   шешуші   әсер   етті.   Сонымен   бір   мезгілде   Шығыстану 
институтының   жобалық   жұмыстарына   да   қатысып   отырдым.   Сол 
ізденістердің   нәтижесі   жүзден   астам   ғылыми   мақала,   сегіз   кітап   түрінде 
жарық көрді. Мақалаларым қазақ, орыс, түрік, парсы, ағылшын тілдерінде 
228

жарияланды.   «Түркітану   тағылымдары»   атты   тағы   бір   ғылыми 
мақалаларымның жинағы кезек күтіп тұр.
Соңғы жылдардағы ізденістерім тікелей дін саласына қатысты болып 
келеді. Осы бағыттағы  мақалаларым да бір жинақ ретінде дайын тұр. Тек 
ғылыми   ортадан   біршама   алыстап   кеткендіктен   соңғы   жылдары 
жазғандарымның кітап күйінде жарық көруі тоқтап қалды.  
   «Мезгілсіз дәурен» атты өлеңдер жинағымен жарқ ете қалып  
едіңіз. Қазір өлең өлкесінде көрінбей кеттіңіз. Дегенмен, жазып жүрсіз  
деген сенімдеміз. Сізді ақын ретінде не толғандырып жүр?
–   Мен   ақындығым   мен   азаматтығымды   ажыратып   қарай   алмаймын. 
Адам   ретінде,   азамат   ретінде   не   толғандырса,   сол   өлең   болып   қағазға 
құйылады.   Жазбай   жүргенім   жоқ,   болмысымда   бар   жаман,   бәлкім,   жақсы 
әдетіммен жарияламай жүрмін. 
Жалпы жариялағыштық өнерді игере алмай-ақ қойдым. Өзіме келгенде 
ешқашан уақыт таппайтын әдетім бар. Менің өлеңдерімді қашанда басқалар 
жариялап жүруші еді. Қазір жанымда әдебиет әлемінің өкілдері жоққа тән. 
Сөз   –   құдіреттің   елшісі,   халықтың   қазынасы.   Жазылған   әрбір   өлеңде 
халықтың да үлесі мен хақысы бар. Сондықтан өлеңдерімді жұрт назарына 
ұсына   жүруді   парыз   етіп   қабылдағаным   жөн   сияқты.   Бұл   менің   естірте 
ойланып отырғаным деп білерсіз. 
Ал «Мезгілсіз дәуреннен» кейін 2010 жылы «Хикмет-ғұмыр» атты жыр 
жинағым жарық көрген болатын. Қазір де «Тәңірі сипат тіршілік» атты өлең 
кітабының   қолжазбасы   дайын   тұр.   Мерзімді   басылымда 
жарияланбағандықтан жұрт мені жазбай жүр деп ойлайтын болуы керек. 
Жаманды-жақсылы жиырма алты жыл жырлап келе жатқан (мен өлеңді 
тоғыз жасымнан бастап жаздым) өлеңдерімдегі егіз тақырып – ұлт пен дін. 
Қазіргі   өлеңдерім   де   сол   тақырыпта.   Алла   нәсіп   етсе,   өмірден   өткенше 
жырлайтыным   да   осы   тақырыптар   болар   деп   ойлаймын.   Өйткені   бұл   –
құндылық   біткен   көз   алдында   құнсызданған   талайлы   кезеңге   тап   келген 
біздің буынның маңдайына жазылған тақырып. Менің тағдырым – тарих та, 
заман да, адам да аямаған менің замандастарымның тағдыры.
Жалпы өлеңді ешкім жазамын деп жазбайтыны белгілі ғой. Менің бұл 
орайда үнемі айтатын қағида-сөзім бар: «Өлеңді іздеп жүріп жазбаймын, өзі 
келген өлеңнің көңілін қимай, қағазға түсіремін». Бұл өзі өлеңге деген аса бір 
опалы   қарым-қатынас   емес.   Бірақ   болмысым   осылай.   Өлеңді   ешқашан 
тағдырым   болады   деп   ойламағанмын.   Саналы   ғұмырымды   бірге   жасасып 
келе жатқан соң ғана өлең-тағдырға көндіге бастадым.
–  Сіздің   шығармашылығыңыз   жайлы   біршама   зерттеулер  
жазылды. Кімнің пікірі көңіліңізге көбірек қонады?
–   Әркімнің-ақ   аңғарары,   айтары   бар.   Өз   өлеңдерім   жайлы   пікір 
айтқандардың   ешбіріне   өкпем   жоқ.   Әрқайсысы   өзі   таныған   шындықты 
айтты. Алғашқы жыр жинағыма алғысөз жазып, батасын берген ақын апамыз 
Фариза   Оңғарсыновадан   бастап,   танымал   ақындар   Темірхан   Медетбек, 
Исраил   Сапарбай,   Есенғали   Раушанов,   Әбубәкір   Қайран,   көрнекті 
229

әдебиеттанушы, академик Жұмағали Ысмағұлов, филология ғылымдарының 
докторы, профессор Құлбек Ергөбек сынды белгілі тұлғалар жоғары пікір 
білдірді.   «Мезгілсіз   дәуренімді»   «Мезгілімен   жеткен   жыр   дәурен»   деп 
бағалаған   марқұм   Ж.Ысмағұловтың,   «Алтын   көпірліктер»   атты   іргелі 
зерттеуінде менің шығармашылығымның негізгі тінін танып, «Мұңлықгүл» 
деп ат қойған Т.Медетбектің,  «Хикмет-ғұмырыма» «Опалы  ой, тәтті  мұң» 
атты   алғысөз   жазып,   өлеңдерімді   интеллектуалдық   поэзия   ретінде   биік 
бағалаған И.Сапарбайдың пікірлері мен үшін маңызды. Зерттеулер арасында 
тосын ой, таңсық пікірлер де кездеседі. Өлеңдерімдегі ащы шындықтың ауыр 
әсерін бейнелеген ақын Ә.Қайран менің өлеңдерімді оқығанда жүрегі тоқтап 
қала   жаздағанын   жазса,   әдебиет   сыншысы   Қ.Ергөбек   «Ғасырдың   ұлы, 
қайдасың?»,   «Замандасқа»,   «Толғау»   атты   жырларымды   «санаңды   сілкіп, 
миыңды шайқап жіберетін өлеңдер» деп бағалапты. Осындай оқшау ойларды 
оқығанда   қаламдастарыма:   «Менің   өлеңдерімді   оқу   апатты   салдарларға 
соқтырып   жатқан   көрінеді,   сондықтан   апат   қаупі   жаһандық   сипат   алып 
кетпей   тұрғанда   жазбай   да   жарияламай   қоя   тұрғаным   жөн   болар»   деп 
әзілдейтінім бар.  
Кейінгі буын зерттеушілерден филолог Шапағат Садықтың «Тұнықтан 
туған  тұма   жыр»  атты   зерттеуі   туындыларымның  табиғатын   біршама  аша 
білді деп айта аламын. Менің шығармашылығым азаматтық және діни поэзия 
ретінде жоғары бағасын алғанымен, әзірге сыни пікір айтыла қойған жоқ. Бұл 
бір   жағынан   біздегі   әдеби   сынның   кенжелеп   тұрғанының   белгісі   болса, 
екінші   жағынан   мерзімді   басылымда   тым   аз   көрінетіндігімнің   де   салдары 
болса керек. Сирек жарияланатын жырларымнан айтарым аңғарылғанымен, 
артық-кемі толық аңдалмай жүрген болар деп ойлаймын. 
– Шығармашылығыңызға табыс тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлнәр Жаңбырбайқызы,
«SalNur» журналының бас редакторы 
Muslimwomen.kz, 21.12. 2011ж.
230

МАЗМҰНЫ
І БӨЛІМ. Зерттеулер 
Қазақстандағы   этноконфессиялық   идентификация   мәселесі:   мемлекет 
құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер
Дәстүрлі   құндылықтарды   жаңғырту   радикалды   идеологияның   алдын   алу 
құралы ретінде
Қазақстандағы   діни   білім   жүйесі:   тарихы,   қазіргі   жай-күйі   және   өзекті 
мәселелері
Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
Қазақстандағы дінтану сараптамасы: өткені мен бүгіні
Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында
Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей
Қазақстандағы   дәстүрлі   діндердің   қазіргі   жай-күйі   (әлеуметтанулық 
зерттеулер негізінде)
БАҚ-тарда   діни   ұйымдар   мен   діни   бірлестіктер   қызметін   жариялаудың 
негізгі қағидалары
Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі
ІІ БӨЛІМ. Мақалалар
Қазақтың   ақидасы   –   парасат   немесе   Матуриди   ақидасының   қазақ 
дүниетанымындағы орны жайында
Имамның сәні – жамағат немесе жүректегі иман жайлы сөз
Қазақ орамалға қарсы емес, бірақ хижабтың жөні бір басқа 
Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі: кеше мен бүгін
Рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы қазақ әйелінің орны
Құрбан айт – игі бастамалар мейрамы
Ислам еңбек жайында 
Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тәрбие мәселесі
Құрбан айт – қанағаттың мерекесі
ІІІ БӨЛІМ. Сұхбаттар
«Еш нәрседе шектен шықпаңдар, тіпті дінде де»
Дәстүрлі құндылықтар – тұрақтылық тұғыры
Қазақ қазба байлыққа ғана емес, жазба байлыққа да бай
Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі
Дін және жастар мәселесі рухани негізде қаралуы тиіс
Басты бағдар – ұлтымызды ұйыту
Имандылық – әдебиеттің күретамыры
231

Исламдағы ата-ананың қадірі
Тағдыр тақырыбы – ұлт пен дін
232

Document Outline

  • Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті
  • мәселелері
  • Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және
  • өзекті мәселелері
  • ДІН МЕН ДӘСТҮР БІРЛІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Каталог: uploads
uploads -> Лекция: 20 Семинар 10 СӨЖ 30 соөЖ 30 Аралық бақылау 4 Консультация 2 Емтихан: 3
uploads -> МазМұны. Содержание жоғары білім. Высшее образование
uploads -> Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ
uploads -> Жансүгіров атындағы жму хабаршысы №4 /2012
uploads -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
uploads -> Л т т ы о а м д ы – с а я с и ж у р н а л журнал 1976 жылы Халықтар Достығы орденімен, 2002 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын Жұлдыз», 2008 жылы Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығымен марапатталды
uploads -> Өмірбаяны Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897
uploads -> Филология кафедрасы
uploads -> Облыстық «Жылдың үздік мұғалімі -2014» байқауының ережесі
uploads -> 46-ғылыми-әдiстемелiк конференция материалдары

жүктеу 5.01 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет