Дәріс сабақтарының қысқаша мазмұны Тақырып Кіріспе. «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы»


Тақырып 9.Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысын қалыптастыру Дәріс жоспары



жүктеу 108.83 Kb.
бет11/21
Дата17.02.2022
өлшемі108.83 Kb.
#17319
түріСабақ
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
Дәріс (1)
Тақырып 9.Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысын қалыптастыру

Дәріс жоспары:

1.Тәуелсіз Қазақстан дамуының мемлекеттік стратегиясын айқындау. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінің маңызы.

2. Қоғамның конституциялық құрылыс негізін жасау. ҚР рәміздері – туды, елтаңбаны, әнұранды бекіту.

3. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы заң. Ұлттық армияны құру. Республиканың мемлекеттік шекарасының анықталуы мен ұлттық қауіпсіздікті нығайту шаралары

4.ҚР Конституциясының қабылдануы, Биліктің үш тармағы. Астананы Алматыдан Астанаға көшіру.

5. Елбасы идеялары – ұлттық құндылық: «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялары, «Нұрлы жол-Қазақстандық даму жолы», «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

Семей полигоны мәселесін бірінші рет ресми деңгейде ХІХ Бүкілодақтық партия конференциясында Н.Ә. Назарбаев көтерді. “Невада-Семей” қозғалысы халықаралық бейбітсүйгіш антиядролық қозғалыстармен, ұйымдармен байланыс орнатты (АҚШ, Жапония, Германия, Венгрия, Монғолия, Франция). 1989 ж. қарашада Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы Семей полигонын тез арада тоқтату туралы КСРО Жоғарғы Кеңесіне өтініш жасап, қаулы қабылдады. Кеңес Одағының құрсауынан босағаннан кейін, 1991 ж. Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бірден, Семей полигонын жауып, елімізді «ядролық қарусыз ел» ретінде жариялады.

1990 жылы жазда азаматтық «Азат» қозғалысы, «Бірлік» қозғалысы және т.б. ұйымдар саяси сахнаға шықты. «Азат» азаматтық қозғалысы саны жағынан көп ұйым болды.1991 жылдың күзіне қарай алғашқылардың бірі болып – «Азат» азаматтық қозғалысынан шыққан Қазақстан Республикалық партиясы (ҚРП) құрылды. Қазақстан Социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) да осы тұста бой көтерді. Жастардың шағын тобы бірігіп, өздерін «Алаш» партиясы деп атады. 1986 жылғы Алматыдағы толқуға қатысқаны үшін жазаланғандар «Желтоқсан» партиясын құрды.

1990 жылдың аяғына таман Қазақстандағы саясаттанған қоғам бірлестіктерінің саны жүзден асып кетті. 1991 жылдың маусымында «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы заң» қабылданды. Республикада шын мәніндегі пікір алуандығы көрініс беретін, көппартиялық саяси құрылымның негізі қалана бастады. Қазақстанда қайта құру жылдарындағы түрлі қайшылықтарға қарамастан жариялылық пен демократияландыру идеялары қоғамды қарышты қарқынмен өзгерте бастады.

1990 жылы 25 қазанда республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады.Мемлекеттік егемендіктің жариялануы республика өміріндегі аса маңызды саяси оқиға болды. Егемендік туралы құжатта Қазақстанның алдағы уақытта ұстанатын бағыттары белгіленді. Орналасқан аумағына, оның қойнауына, суына басқа да табиғи ресурстарына республика ерекше меншік құқығын жариялады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері көрсетілді. Халықаралық қатынастардағы мәселелерді шешуде республиканың дербестік танытатыны айқындалды.Сонымен қоса, бұл құжаттың шын мәніндегі мемлекеттік тәуелсіздікке толық жауап бере алмайтын жақтары да болды. Олар ең алдымен декларациядағы "Одақты сақтауға" қатысты баптардан көрініс тапты. Ол кезде қалыптасқан саяси рай жағдайында Орталық билік органдарының өкілдері бұрынғы одақтас республикалардың "егемендік шеруіне" салқын, кейде кекесінмен қарады.Қалай дегенмен де Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдауының тарихи маңызы болды. Бұл республиканы толық тәуелсіздікке бастап апаратын алғашқы қадам еді.

1991 жылдың желтоқсанына дейін бұрынғы КСРО-ның қарамағында болған республикалардың бәрі мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған болатын. Қазақстанның саяси қайраткерлері Кеңес Одағының ыдырау, тарқау процестеріне белсенді араласты. Олар асығыстық жасамай, бұл процестердің баянды дамуының аяғын тосты. Оның себептері де жоқ емес еді. Қазақ елі Ресей құрамында ең көп болған республиканың бұрынғы метрополиямен ендесіп, шектесетін шекарасы да мол еді, ал кезінде большевиктер қалыптастырып кеткен демографиялық саясат салдарынан өз жерінде ұлттық азашылық жағдайына түскен қазақ жұртшылығының бұл мәселені шешуге сандық басымдығы дажетпейтін еді. Сондықтан республика тәуелсіздігітөңірегіндегі айтыстар әлі де қызу жүріп жатты.

Дүние жүзіндегі және бұрынғы КСРО-дағы саяси ахуал 1991 жылғы тамыз бүлігі және оны ұйымдастырушылардың жеңілуі, КСРО-ның өмір сүруін тоқтатуы, ТМД-ның құрылуы, одақтас республикалардың жеке мемлекет болып бөлініп шығуы Қазақстанның да тәуелсіздігін жариялауын тездетті.

1991 жылы желтоқсанның 16-сында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы" қабылданды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылы мамырда жарияланған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде айқындала түседі. Онда Президент: «Біз марксизм-ленинизмнің тұманды жобасымен «жарқын болашақ» құрудан бас тартамыз. Бірақ бұл алдымызда болашақ жоқ деген сөз емес. Нақты мақсат болмайынша адам да, билік жүйесі де, қоғам да өмір сүре алмайды»,- деп нақты тұжырымдарын жасады.

1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздер қабылдау қажеттігі туындады. Мемлекеттік рәміздер – мәдениет пен тарихтың айнасы, ол азаматтардың ұлттық санасын оятуға қызмет жасайды және еліміздің қайталанбас мазмұнын баянды етеді. Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан республикасының музыкалық редакциясы туралы» Заңға қол қойды. Осы жылдың 11 желтоқсанында Әнұранның жаңа мәтіні бекітілді.



Тудың авторы – суретші Ш.Ниязбеков, елтаңбаның авторлары – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов. Әнұран мәтінінің авторлары: М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаева. Әуені – кеңестік кезеңде М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л. Хамиди жазған бұрынғы мемлекеттік әнұран болып белгіленді.

2006 жылы 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрынғы әнұранның орнына жаңа Әнұранның мәтіні қабылданды.Шәмші Қалдаяқовтың музыкасына және Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған көпшілікке кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні (1956 жыл) Қазақстан Республикасының Әнұранына айналды, оған әнді Мемлекеттік әнұран мәртебесіне сәйкес келтіретін өзгерістер енгізілді. Мәтінге түзетуді енгізгендіктен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мәтіннің теңавторы ретінде қабылданды, әні бұрынғы қалпында сақталды. Сонымен қатар, Әнұранды орындау ережелері де өзгертілді, Әнұран ресми рәсімдерде орындалған кезде қатысушылар орнынан тұрып, оң қолының алақанын сол жақ кеудесіне қоюға тиіс деп ұйғарылды.

2006 жылы 10 қаңтар күні Қазақстанның тарихына еліміздің жаңа әнұранының туған күні ретінде енді. Алғаш рет жаңа әнұран ресми түрде 11 қаңтарда, Ақордада Президент Н.Ә.Назарбаевтың кезекті президенттік сайлауда жеңіске жетуіне байланысты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет белгісі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі.

1993 жылдың күзіне дейін Қазақстан үкіметі Достастық елдеріндегі өзара тиімді ынтымақтастық жағдайындағы экономикалық интеграция бағытын ұстанып келді. Республика басшылығы жаңа тұрпатты сом аймағын құру ынтасын көтерді. 1993 жылдың қыркүйек айында жаңа деңгейдегі сом аймағын құру жөніндегі ісжүзілік шаралар туралы алты жақты және Ресей мен Қазақстанның ақша жүйесін біріктіру туралы екі жақты келісімге қол жеткізілген болатын. Бірақ осы келісімдерді нақты жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізілген кезде Ресей Қазақстанның егемендігін шектейтін талаптар қоя бастады. Ресейдің өзінде жаңа үлгідегі ақша эмиссиясы жүргізілгенде, ескі ақшаның Қазақстанға ағылуы қазан айының аяғына таман Қазақстанның қаржы жүйесін шайқалтып, құнсыздану қарқынын күшейтіп жіберді. Осы жағдай Қазақстанды тезірек ұлттық валютасын енгізуге мәжбүр етті.



1993 жылы қарашаның 12-күні Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Жоғарғы Кеңес берген өкілеттігіне сәйкес,15-қараша күні сағат 8-ден бастап елімізде ұлттық валюта – теңгені айналысқа енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздіктің келесі және маңызды баспалдақтарының біріне көтерілді - ұлттық валютасы бар елге айналды. Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жаңа кезеңге ұласты. «Мұндай оқиға әр елдің тарихында тек бір-ақ рет болады,- деді Н.Ә.Назарбаев, - Баршамыз өзіміздің ұлттық валютамызды енгізудің қаншалықты қажеттігін және жағдайдың төтенше сипаты мен себептерін түсіне білуіміз керек. Біз үшін оның экономикалық қана емес, саяси маңызы да аса зор».

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мәртебесіне сай жаңа Конституциясы 1993 жылы қаңтардың 28-күні қабылданды. Төрт бөлімнен тұратын Негізгі заң 21 тарау мен 131 бапты біріктірді. Оның кіріспесіндебылай делінді: "Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Бірақ конституция елеулі жетіспеушіліктер мен кемшіліктерге толы болды. Атап айтсақ, конституцияны жасауда асығыстыққа жол беріліп, ел ішінде орын алған саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады.

Қазақстанда заң шығарушы билікті Жоғарғы Кеңес жүзеге асырады. 1993 жылғы Конституция, Жоғарғы Кеңестің бүкіл билігі туралы айтпағанымен, мемлекеттік биліктің бөліну принципін жариялады, мемлекеттік биліктің басқа тармақтарынан Жоғарғы кеңестің басымдығын сақтауға тырысты. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде заң шығарушы орган рөлінің бірінші орында тұратыны туралы кеңестік мемлекеттік-құқықтық ойлау жүйесі әлі де күшті болды әрі парламентаризмге бағдарланды. 1993 жылғы Конституция құрылымының ерекшеліктері, Жоғарғы кеңестің кең өкілеттігі, тежемелеу және балама күш тетігінің мүлдем дерлік жоқтығы, атап айтқанда, Жоғарғы Кеңестің таратылу мүмкіндігі және биліктің тармақтарға бөліну принципінде құрылған мемлекетке тән басқа белгілері осымен түсіндіріледі. Бірден-бір жағдай – Жоғарғы Кеңес іштей қарама-қайшылыққа толы Конституция негізінде жұмыс істей алмады. Соңғы шақырылған Жоғарғы Кеңесті заңсыз деп тану, Қазақстан республикасының 1993 жылғы Конституциясының, сондай-ақ соның негізінде құрылған Жоғарғы Кеңестің жасалып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік қатынастар үшін қолдануға жарамсыздығын заң жүзінде орнықтыру ғана болды.

Сонымен, Конституциялық Сот Жоғарғы Кеңесті заңсыз деп таныған 1995 жылғы наурызда кеңестік үлгідегі заң шығарушы органның бейбіт жолмен түпкілікті таратылған уақыты болып табылады.

Осындай себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 жылы 30 тамызда өткен республикалық референдумда мемлекетіміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Онда мемлекетіміздің қазіргі таңдағы жағдайы, оның өркендеу үрдістері мен жер жүзінің жоғары дамыған елдерінің (соның ішінде Францияның) конституциялық тәжірибесі ескерілді. Сонымен қатар, 1993 жылғы Конституцияда орын алған кейбір қайшылықтар түзетіліп, бұлыңғыр және екі ұшты қағидалар нақтыланды. Конституция 98 бапты біріктіретін 9 бөлімнен тұрады. Олар Жалпы ережелер; Адам және азамат; Президент; Парламент; Үкімет; Соттар және сот төрелігі; Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару; Қорытынды және өтпелі ережелер деп аталынады.

1995 жылғы Конституцияның кіріспесінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбас қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,- делінген. 1995 жылғы Конституция Қазақстанды Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғарғы лауазымды адам болып есептеледі.

Республиканың жаңа Конституциясында заң шығарушы, атқарушы және сот билігі жүйелерінің міндеттері мен олардың өзара қатынастары барынша нақтылай айқындалған. Жаңа Конституцияның қабылдануымен елімізде президенттік басқаруды қалыптастыру ісі аяқталды.

1995 жылғы Конституция бойынша Қазақстан парламенті тұрақты жұмыс істейтін екі палатадан - Сенат пен Мәжілістен тұрады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы республика эканомикасын, саяси-әлеуметтік дамуын, қауіпсіздігін, ішкі-сыртқы саясатын түгелдей қайта қарап, жаңаша құруға апаратын өзге заңдар қабылдауын қамтамасыз етті. Түптеп келгенде, бұл оқиғалар Қазақстанның қоғамдық-тарихи даму жолында большевиктер тұсында ұстанған бағыттарынан бас тартып, мүлдем жаңа арнаға түсуінің заңдастырылуы еді.

2007 жылы мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Реформаларға сәйкес, басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Парламенттің мәртебесін көтеретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Яғни, оның сандық құрамы өсті әрі сайлаудың түрі өзгерді. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен жеке округтар бойынша емес, пропорционалды негізде партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл жүйе саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттырып, депутаттардың сапалық құрамын жоғарылатуға ықпал етеді. Сондай-ақ, Президент Үкімет басшысын тағайындауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Парламент бюджетті бекітуге, оның орындалуын қадағалауға құқылы. Сөйтіп, Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленді.

2007 ж. Конституцияға енгізілген түзетулер бойынша ҚР Парламент Мәжілісіне ҚХА 9 депутат сайлайды. Сенат депутаттарының бір бөлігі Ассамблеямен кеңескеннен кейін тағайындалады. Сенат та бірқатар өкілеттікке ие болды. Ол Ұлттық банктің төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындау және оларды қызметтен босату жөнінде Президентке келісім береді.

Жаңарған Конституция бойынша «Ел Президенті болып бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды» әрі «бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген тұжырыммен толықтырылды. Тұңғыш Президенттің мемлекеттілікті қалыптастырудағы ерен еңбегін бағалай отырып, осындай қадамға барғанын депутаттар ашық айтты. Нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев тұңғыш Президент, салиқалы саясатымен танылған ұлттық көшбасшы ретінде ерекше құқыққа ие болып, Конституцияда белгіленген екі мерзімнен тыс, баламалы негізде мемлекет басшысының лауазымына дауысқа түсу мүмкіндігі берілді.

2011 жылғы 3 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс 4-ші сайлауы өтті. Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Сайлаудың қорытындысы бойынша сайлаушылардың 95,55 % пайызы «Нұр Отан» ХДП-ның өкілі, Президент Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2016 жылға дейін ұзартуды жақтап дауыс берді.

Ғасырлар тоғысында Қазақстан қоғамы басынан өткерген ірі оқиғалардың бірі – республика астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі болды. Республика Президентінің 1995 жылғы қыркүйектегі жарлығы бойынша ел астанасының Ақмолаға көшетіндігі жарияланды. Бұл мәселе жөнінде Елбасы, Премьер-министр, Парламент сенатының төрағасы және Парламент мәжілісінің төрағасы халыққа үндеу жариялады. Үндеуде 1997 жылдың 10 желтоқсаннан бастап Ақмола еліміздің астанасы болатындығы, енді бұл жерде Отанымыздың жүрегі соғатындығы айтылды. Ал арнайы құжаттарда: «Қазақстан-Еуразиялық ел, Ақмола-географиялық жағынан Еуразия материгінің кіндігіне орналасқан қала» дей отырып, қаланың барлық талаптар бойынша астана болуға лайық екені көрсетілген. Үндеуде: «ХХ ғасыр тарихында біз тұңғыш рет өзіміздің еліміздің астанасы жөнінде еркін шешім қабылдап отырмыз. ХХІ ғасыр табалдырығында өз таңдауымыз бойынша ежелгі Сарыарқа төсінде жаңа астана құрамыз»,-делінген. Бірқатар дайындық жұмыстарынан кейін, 1997 жылы астана Ақмолаға көшірілді. Астананы ауыстырудың аса салмақты экономикалық, демографиялық, саяси себептері болды.


жүктеу 108.83 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет