Мал азықтық шалқан. Жасыл жапырақтарының құрамында 0,29-0,39% кальций, 0,056-0,079% фосфор, 100 г шикі затында 2,8-3,6 мг темір, 3,4 мг кобальт кездеседі. Шалқанның жаңа жинаған өнімдерінде аминқышқылдарының барлық топтары бар. 1 кг тамыржемісінде 11-16 мг аргинин, 5-7 мг фенилаланин, 5-7 мг лизин, 5-10 мг изолейцин, 0,9 мг триптофен, 1,4 мг метионин, кейбір кездері гистидин және валин да болады. 1 кг жапырағында 10-13 мг каротин бар. Сонымен қатар шалқанның жапырағы мен тамыржемісінде қыша майының эфирі кездеседі. Соның салдарынан сауын сиырлар оны көбірек жеп қойса сүттің дәмін бұзады. Сүрлемінде қыша майының құрамы 60% дейін төмендейді.
Мал азықтық шалқан тез пісетіндігімен және жоғары өнім беруімен ерекшеленеді. Оны малазықтық тамыржемістілердің ішінде көбірек өсіреді. Ресейдің мал азықтық ҒЗИ (бұрынғы В.Р.Вильямс атындағы ВНИИК) мәліметтері бойынша Москва облысының кейбір шаруашылықтарында мал азықтық шалқанның әр гектарынан 700-1000 ц дейін тамыржемісінің өнімі алынған. Пәлегінің өнімі 150-300 ц/га дейін. Қазақстанда мал азықтық шалқанды тез пісуіне байланысты барлық аймақтарда өсіруге болады. Көбінесе оны солтүстік облыстарда және таулы аймақтарда өсіру тиімді.
Поделитесь с Вашими друзьями: |