Өсіру технологиясы. Ферма маңындағы мал азықтық және көкөністік ауыспалы егісте тарнаны отамалы дақылдардан және көк азыққа себілген біржылдық бұршақ тұқымдас шөптерден кейін орналастырады. Танаптық ауыспалы егісте оны күздік астық, дәнді бұршақ, отамалы дақылдардан кейін орналастырады. Тарнаны қырыққабат тұқымдастардан кейін себуге болмайды. Негізгі топырақ өңдеу жұмысы алғы дақылға байланысты жүргізіледі. Тарна терең жыртылған, жақсы қопсытылған топырақта жақсы өсіп дамиды.
Күзде танапты негізгі өңдеу алдында әр гектарға 30-40 т көң, 2-3 ц суперфосфат, 1,0-1,5 ц калий тұзын шашады. Көктемде тұқым себер алдында әр гектарға 1,0-1,5 ц аммиак селитрасын шашады. Тарнаның тұқымын себер алдында көлеміне қарай ірі және ұсақ екі фракцияға бөліп, себуге ірі тұқымдарды пайдаланады. Тарнаны ерте көктемде көкөніс сепкіштерімен себеді (СОН-2,8, СКОН-4,2 т.б.). Себу әдісі кеңқатарлы қатараралығын 45-60 см. Себу мөлшері әр гектарға 2-3 кг өнгіш тұқым. Тұқым сіңіру тереңдігі жеңіл және орташа топырақта 2-2,5 см, ауыр топырақта – 1-1,5 см. Тарнаны көшеттермен отырғызғанда оларға СРДН-2, СКН-6А, РПШ-4 т.б. машиналарды пайдаланады. Көшеттерді шаршы-ұялап (60х60 см), не болмаса кеңқатарлап (60 см) себеді. Тарнаның қатараралығын пәлегі қатты өсіп қосылып кеткенше әртүрлі тереңдікте (4-5 см-ден 10-12 см дейін) 3-4 рет қопсытады. 2-3 жапырақ салған кезеңінде сирету жұмысы жүреді. Қатардың әр метрінде 3-4 түптен қалдырады.
Вегетация кезеңінде тарнаны 3 ретке дейін суарады: 1ші – сирету жұмыстарынан кейін, 2ші – тамыры жуандайтын кезеңінде; 3ші – жиынға 25-35 күн қалған кезде жүргізеді.
Тарнаны бөлектеп жинайды. Алдымен пәлегін роторлы шапқыш-ұсатқышпен (КИР-1,5, УБД-3А т.б.) жинайды. Пәлегін жинап алғаннан кейін тамыржемісін тамырқазғыштармен (ККГ-1,4 т.б.) жинап, ферма маңындағы қоймаға немесе шұңқырға тасиды.
Поделитесь с Вашими друзьями: |