Шаруашылық маңызы. Бұл екі дақылдың да сабағы мен тамыр түйнегін мал азығына пайдаланады. Сабағы жеке дара да, немесе басқа дақылдармен де қосылып сүрлемге салынады. Сүрлемі сапасы жағынан күнбағыстың сүрлемінен жоғары. Жер алмұрты мен күн түйнегінің тез пісетін сорттары шошқаға көктем кезінде жақсы жайылым болып есептеледі.
Жас өсімдіктерінде көмірсулары, оның ішінде қант көп кездеседі де оны ұсақтап бергенде мал сүйсініп жейді. Көк балаусасында каротиннің мөлшері күнбағысқа және жүгеріге қарағанда көбірек. 1 кг көк балаусасында 180 мг каротин және 938 мг С витамині болады. 100 кг көк балаусасында 20-25 азықтық бірлік бар. П.П.Вавиловтың мәліметі бойынша жер алмұртының сорттарының көк балаусасында абсолютті құрғақ затында орта есеппен 5,2% каротин, 27,5% клетчатка, 3,4% май, 55,7% азотсыз экстрактивті зат, 7,1% күл болады. Сүрлемінде 2,1% протеин, 1,7% белок, 0,4% май, 3,1% клетчатка, 8,9% азотсыз экстрактивті зат, 1,9% күл болады.100 кг сүрлемінде 15 азықтық бірлік бар. Күлінің құрамында калий, натрий, фосфор, әсіресе темір көп кездеседі.
Жер алмұрты мен күн түйнегінің мал азығына әсіресе пайдалысы олардың тамырындағы түйнектері. Олардың сапалық көрсеткіштері картоппен бірдей. 100 кг түйнегінде 30 азықтық бірлік болады. Түйнегінде 6,2% протеин, 5,7% клетчатка, 5,6% май, 76,3% азотсыз экстрактивті зат, 55,0% күл болады.
Түйнектерінің нашар сақталуына байланысты оны күзде мал азығына және көктемде қазып алып малға берген тиімді. Түйнектері егістікте жақсы қыстап шығады. Сондықтан оны күзде жинап алмай-ақ, көктемде жинап малға беру тиімді. Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығыс аймақтарында түйнектерді күзде қыркүйек-қазан, көктемде наурыз-сәуір айларында мал азығына пайдалануға болады. Оны сабағымен қосып сүрлемге салып қыста да пайдаланады. Бұл өсімдіктердің өнімі өте жоғары. Көпшілік сорттарының әр гектарынан алынатын көк балаусасының орташа өнімі 350-450 ц, ал ең жоғарғы өнімі – 850-900 ц/га дейін жетеді. Ең жоғарғы өнім Украинада, Беларуссияда, Латвияда, Москва мен Ленинград облыстарында алынды. Түйнегінің өнімі гектарына 45-60 ц, ал ең жоғарғы өнімі – 110-130 ц/га дейін жетеді. Қазақстан облысында жер алмұртының әр гектарынан 277 ц көк балауса және 94 ц түйнек жиналды (Свешников А.М., 1979). Өсіру агротехникасы дұрыс сақталған жағдайда оны бір жерде өнімін төмендетпей 8-10 жылға дейін және одан да ұзағырақ пайдалануға болады.
Поделитесь с Вашими друзьями: |