Дауылпаз баба



жүктеу 9.12 Kb.
Pdf просмотр
бет5/22
Дата09.01.2017
өлшемі9.12 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

АҚ ТІЛЕУЛІ АБЫЗ
 Серік НЕГИМОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы
Ұлт тарихындағы замана шамшырақтары Қазтуған жырау (XV ғ.), Доспам-
бет жырау (XVI ғ.), Шалкиіз жырау (1465-1560), Жиембет жырау (XVII ғ.), 
Марғасқа жырау (XVII ғ.), Бұқар жырау (1668-1781), Тәтіқара жырау (XVIII ғ.), 
Үмбетей жырау (1706-1778) – қадірлі-қасиетті заңғар тұлғаларымен айрық-
шаланып, ұлылықтың, даналықтың көзіндей, күмбезіндей жарқырайды. Мем-
лекеттің ішкі-сыртқы саясатына араласқан атақты жыраулардың болмысы-
на, маңдайына, тағдырына Жаратқан Ие алуан-алуан озық та озат қабілеттер 
дарытқан. Олар: хан кеңесшісі, әскербасы, тайпа көсемі, саясаткер, баһадүр, 
би, соғыс өнерінің майталманы. Осындай болат тұяқ мұзбалақтардың бірегейі – 
Толыбай сыншы баласы Қожаберген жырау (1663-1763). Ол – Әз Тәукенің 
кеңесшісі. Жастайынан Самарқанд пен Бұхарада мұсылманша терең білім 
алған, араб-парсы, шағатай тілдерін жақсы білген білімдар, сұңғыла саясаткер, 
шежіреші, күйші, қобызшы екен.
Академик Манаш Қозыбаевтың «Дауылпаз баба – Қожаберген» дейтін 
байыптамасында Қожаберген жырау қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтары-
ның ортақ жасағына қолбасшылық еткен. Орталық Азия деңгейіндегі әскери 
қайраткер деп есептейді.
«XVIII ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» (Сәбит Мұқанов), 
«көмекей әулие» атанған Бұқар жырау «Қамалды бұзған құлшына» дейтін 
толғауында:

70
        Қожаберген жырау – 350
«Күрзімен жауды басқа ұрған,
Қалмақтың ханын састырған,
Жаралы дұшпан басшысын,
Ат тұяғына бастырған.
Осындай игі ісімен,
Сарқылмас мол күшімен,
Қожаберген ұстазым».
тағы бірде:
«Ақжолды сардар Қожекең
Дұшпаннан айыл жимаған.
Ерлігі көп ұстазды
Мұсылман түгел сыйлаған.
Шаңқобызын Қожекең
Жосаменен сырлаған.
«Елім-айдай» қиссасын
Қан майданда жырлаған», –
деп, Қожаберген жыраудың елшілдік, мемлекетшілдік, қаһармандық істерін та-
мылжыта, төгілте сипаттайды. Толғауда Қожаберген жыраудың Түркі елінің 
ортақ перзенті, баһадүр, сардар, ордабасы, қобызшы, емші, әнші, күйші, данагөй, 
ойға, сөзге телегей екендігі нақышты бедерленген.
Ұлттық тарихты көркемдік-философиялық тұрғыдан суреткерлікпен шалқыта 
зерделеген дәуір жыршысы Әбіш Кекілбаев «Әйтеке би» дейтін тарихи-
әдеби еңбегінде (1991) Қожаберген жырауға қатысты сындарлы ой-пікірлер 
сабақтайды. Бұл орайда хас суреткер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Даналар» 
атты жырынан:
«Өнерге құлаш ұрып бала жастан,
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан,
Баласы Толыбай сыншы Қожаберген
Бой ұрған ерен іске әуел бастан», –
дейтін шумақты келтіреді.
Қаламгер Ә. Кекілбаев Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанынан айыр 
тілді Әйтеке бидің ғұмырнамалық бел-белестерін, ұлт тәуелсіздігі, ұлы мақсат 
жолындағы берекелі іс-әрекеттеріне, қайраткерлік тұлғасына байланысты ой са-
рындары мен тарихи деректерді меруерттей тізіп көрсетеді.

71
Қожаберген жырау – 350
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны хақында пікірлер қайшылығы, 
көзқарастар алуандығы бар. Ол – хатқа уақтысында түсірілмеген, күні кешеге 
дейін беймәлім келген. Десек те ұлт руханияты тарихындағы кейбір азуын айға 
білеген атақты жыраулардың толғаулары ХІХ ғасырдың төртінші ширегінде 
жарияланған жайы бар. Мысалы, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, 
Жиембет жыраулардың мұрасы Мұхамед Османов құрастырған «Ноғай уә-
құмық шиғырлары» (Спб, 1883), Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» 
(Қазан, 1879), Мақаш Бекмұхамедовтың «Жақсы үгіт» кітабында (Қазан, 
1908), Ғабдолла Мұштақтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жыр-
лары» (Орынбор, 1910), В.В. Радловтың «Образцы народной литературы 
тюркских племен» (т.7, Спб, 1896), Арыстанғали Берқалыұғлының «Ақын» 
(Қазан, 1912), Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (Алматы, 1932) деген 
жинақтарында тұңғыш рет жарияланған.
Ал Ақтамберді жырау шығармалары 1963-1969 жылдарда ел аузынан жа-
зылып алынған. Бұқар жырау шығармаларын хатқа түсірген Мәшһүр Жүсіп 
екендігі мәлім.
Шал ақын (1748-1819) өлеңдері ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап 
Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының сирек қол-
жазбалар қорына жинақтала бастаған. 1949 жылы Айқын Нұрқатов пен Әйтім 
Әбдірахманов, 1964 жылы Мұхтар Мағауин Шалдың інісі Қазақбайдың 
ұрпағы Қошан Жантілеуовтен жазып алып, атақты «Алдаспан» антологиясы-
на (1970) қосқан. Ақынның 15 жасында шығарған «Өлеңге тоқтамайды Шал 
дегенің» атты өлеңі тіпті бертін «Қазақ әдебиеті» газетінде (1985 жыл, 28 қа-
раша) жарияланды. Айтайын дегеніміз замандар мен дәуірлер өтсе де, ұлттың 
ой-санасында, тарихи зердесінде қатталған-сақталған сап таза жырлар, эпостық 
шығармалар тағдыры турасында эпостанушы А.Ф. Лосев: «Ескі жырлар қағаз 
бетіне түсірілмей-ақ әлденеше ғасыр бойы өзінің әрі мен нәрін, әу бастағы қал-
пын сақтай алды. Бұл – көне мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде қалыптасқан 
салттың жемісі», – деп жазады. Шоқан Уәлиханов: «Көне дастандардың сол 
бәз қалпында, ұшы-қиыры жоқ даланың бір шетінде айтылатын шығарманың 
оқиғасы боз даланың екінші бір шетінде айна-қатесіз қайталануы таңдандыр-
май қоймайды», – дейді.
«Ер Тарғын» толғауын жылқы жылы (1861) табын еліндегі атақты Марабай 
ақыннан жазып алдым», – дейді Н. Ильминский. Шоқан Уәлихановтың ұстазы 
И.Н. Березин Омбыда Шөже ақыннан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын 
жазып алған. Мұның 16 нұсқасы бар.
Негізінде, «Елім-ай» дастаны ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де 
тараған. Жазбаша нұсқасын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қа-

72
        Қожаберген жырау – 350
рабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан 
соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбейұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов, 
Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы 
(1891-1978) насихаттаған.
«Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңды өмір сүрген қазақ 
ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап 
берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан. Жас бала кезімде оны 
әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар 
екен?..» – деп жазыпты Бауыржан Момышұлы.
Әйгілі әнші Манарбек Ержанов Сегіз серінің «Толыбайын» Әміре Қа-
шаубаевтың өз аузынан үйренген.
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында замана суреттері, түркі 
жұрттарының тағдыр-талайы, жалмаңдаған жоңғарлықтардың жыртқыштық, 
қанқұйлы қимылдары, қазақ хандары мен көсем билерінің кесек тұлғасы 
тарихилық пен деректілік негізінде келісті баяндалған. Әсіресе, жолға салса 
жорға, жонға салса жүйрік Қожаберген жыраудың ата-тек шежіресі, өміртарихы, 
қолбасшылық өнері мен өнегесі терең де әсерлі сипатталған:
Атыма көптен қанық қазақ, ноғай,
Есімім – Қожаберген, әкем – Толыбай.
Бөгенбай бұрынғы ордабасы ем,
Үш жүзде сардар болған қалың қолға-ай.
Қалмақтың қамалдарын бұзған талай
Әз Тәуке қасындағы қолбасы едім.
Кейінгі ақындарға нұсқа айтқан,
Қазақтың аға жырау жорғасы едім.
Немесе:
Шәкіртім қайда екен Бұқар жыршы,
Ол Бұқар әрі ақын, әрі сыншы…
Кенжесі ем Толыбай сыншы Қожаберген,
Бата алғам Әнет пенен Әз Тәукеден.
…Ер Көкше, Ер Есімді қисса еткен,
Керейдің жырауы мен – Қожаберген.

73
Қожаберген жырау – 350
Арғы атам – ордабасы Дәулен батыр,
Еділге, Алтайға да тіккен шатыр…
Қожаберген жыраудың тарихи дастанында Ресей, Қытай, Қалмақ хандығы 
«жүз құлпырған, қызықтырған» қазақ жерін ту-талақай етіп бөліп иемден-
бекші екендігін:
Жолығып көп мылтықты дүлей күшке,
Айналды жақсы тұрмыс көрген түске.
Ресей, Қытай, Қалмақ ақылдасып,
Алмақшы қазақ жерін бөліп үшке, – 
деп, ел басына үйірілген қасірет-тақсіретті, қырғын-сүргінді нақпа-нақ көрсетеді.
Жырау ұлт трагедиясын:
Бұл заман, қай-қай заман, құйын заман,
Шіріткен тамам жұрттың миын жаман.
Бұл заман, қай-қай заман, қасқыр заман,
Көрші ел жоқ қазақтарға қас қылмаған, – 
деп гөй-гөйлетеді.
«Елім-ай» дастанында тұлғатануға қатысты шежірелік-деректемелік ар-
қаулар, жер-су, ру-тайпа аттары жеткілікті.
Қожаберген жыраудың «Баба тілі», «Ататек» дейтін дастандарында ата 
тарихымыздың, озық дәстүріміздің сәулелі ұшқындары, тарихи сана-
зерде міз, Асан қайғы, Жиренше, Әз Жәнібек сыйлап өткен, «миды оятқан» 
ғажап, таза, киелі-жүйелі тіліміз, ерлік-елдік қасиеттеріміз ересен көркемдік-
философиялық тегеурін-қуатпен жырланған. «Баба тілін қадірле, Болашақтан 
түңілме!» дегені парасаттылықтың белгісіндей.
Оның «Жақсылық пен жамандық жайындағы хикаятында» сақилық пен 
сараңдықты салыстырып, мырзалықты, адамшылықты, жанашырлықты дә-
ріптейді. «Ақсауыт», «Насихат өлеңдері», «Бес қару», «Білерсің» атты жыр-
толғауларында даналық ой-пікірлер туындатқан.
Академик Салық Зиманов Қожаберген жыраудың «Жеті Жарғы» дейтін 
дастан жазғанын айтады. Және де:
Шығайдан соң орнына Тәуке қалды,
Кезінде Әз Тәуке деп атақ алды.

74
        Қожаберген жырау – 350
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,
Дейтұғын «Жеті Жарғы» заң шығарды, –
деген жолдарды мысалға алады.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, дариядай шалқыған даңғайыр 
жыраулық өнердің дүрі, пірі «Елім-ай» дастанында:
Қазағым дәулеті мол, қарқынды еді,
Жүздері ерлерімнің жарқын еді.
Құс төресі аққу құс секілденген
Жұртымның қыз-келіні алтын еді, –
деген ел-жұртының асыл қасиеттеріне, асқақ рухына бөленген бақ тірегіндей – 
ақ тілеуі ғасырлар төрінен дауылпаздың даусындай саңқылдап естіледі.
«Егемен Қазақстан» газеті,
18 маусым 2013 ж. 

75
Қожаберген жырау – 350
САУЫТ КИІП, ТУ 
ҰСТАП, ТҰЛПАР МІНГЕН
Дүйсембі ӘРІПҰЛЫ, 
Қазақстан Республикасының
еңбек  сіңірген қызметкері
Толыбайұлы Қожаберген жырау мен оның ізбасар мұрагері деп айтылатын 
Сегіз сері туралы ертеректе жазылған кейбір материалдардан хабарымыз бар 
болатын. Оның үстіне кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Көрұғлы» 
эпосында аң аулап жүріп аңдаусызда қызылбастардың қолына түсіп, сыншы-
лық қасиетімен жылқының тұлпарын, түйенің жампозын, бұқаның тынжысын 
айтып берген кезінде, «Енді менің тегімді, неше атадан бері шах екенімді айт!» 
деген шах Шағдаттан қаймықпай, әкесінің наубайшы болғанын, зұлым шахтың 
кесімімен екі көзінен айырылғанын, ақыры өзі таңдап сатып алған тұлпармен әрі 
қамқоршысы, әрі қайын атасы Ғәждембек екеуі Ираннан қашып еліне жеткен 
Раушанбек батырдың жолда жатқан қу басты көріп, «сені тұлпардың басы деп 
кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар» дейтін «Көрұғлы» 
дастанындағы осы деректер еске түсіп, көп ойға қалдырған. Осы ойдың жетегімен 
Қожаберген жырау Толыбайұлы туралы мағлұмат бар кітаптарды парақтадым. 
Ондай іргелі еңбектердің қатарында: Қазақ Совет Энциклопедиясының 12- 
томы, «Маржан сөз» (1972), «Асыл сөз» (1987), «Сөз атасы» (1987), «Сөз 
тапқанға қолқа жоқ» (1988), «Бес ғасыр жырлайды» (1989), «Қазақтың би 
шешендері» (1993), «Ел қазынасы – ескі сөз» (1994), «Екі мыңжылдық дала 
жыры» (2000) деген кітаптар бар. Бір замандары:
«Гауһармын таразыға салынбаған,
 Қылышпын қынабынан алынбаған.
 керейдің Сегіз атты саңлағымын
 Секілді жанған оттай жалындаған», – 

76
        Қожаберген жырау – 350
деп таныстырған Сегіз сері (Мұхаммедқанафия Шақшақов (1818-1854 жж.) 
жөнінде «Сөз тапқанға қолқа жоқ» пен «Екі мыңжылдық дала жырында» 
қысқаша мәліметтер беріліпті. Сегіз серіге, Абылай ханға ақылшы болған әйгілі 
Бұқар жырауға бүкіл қадір-қасиетімен, өмір жолымен ұстаз болған ел қорғаны, 
дауылпаз жырау Қожаберген туралы осы кітаптардың бірде-бірінде бірауыз 
сөздің болмауы таңғалдырды. Жоғарыда айтқан энциклопедиядағы «Тари-
хи жырлар» деп аталатын тақырыпшада: «Тарихи жырлардың жасаушысы – 
белгілі оқиғалардың әрі куәгері, әрі қатысушысы болып табылатын халықтың 
– өзі» делініп, 1723 жылғы жоңғарлар шабуылында, халық көрген азап пен 
қорлыққа байланысты туған тарихи жыр-дастан «Қаратаудың басынан көш 
келеді» деп басталатын өлең деген тұжырым жасалады. Бірақ онда Қожаберген 
жырау да, оның «Елім-ай» дастаны да аталмайды.
 Тәуелсіздік, бостандық сөздері жер шарында өмір сүріп келе жатқан әрбір 
халық үшін ерекше қасиетті сөздер. Тәуелсіздік пен бостандық жолында талай 
ерлер қанын төгіп, жан берген. Ақындар ұрандатқан жыр-толғаулар, шешендер 
тіл майын тамызып, ел назарын аударарлық дуалы өсиет сөздер арнаған. Жи-
ырма алты жасында тәуелсіз Венгрия Республикасын құрушылар қатарында ту 
көтерген күрескер ақын Шандор Петефи:
«Бостандық пен махаббат – 
Керегі маған екеу-ақ.
Махаббат үшін өмірде,
Қарсы барам өлімге.
Бостандық үшін махаббат,
Құрбан етем сені де!» – 
деп тәуелсіздікті өмірдің барлық мұраттарынан, қызықтарынан жоғары қоя-
ды. Ал өз топырағымыздан жаралған Қазақстанның халық ақыны Сәттіғұл 
Жанғабылов:
 «…Шүберекке түйіп жандарын,
 Бекем де буып белдерін,
 Бостандық үшін айқасқан
 Еңіреп туған ерлерім.
 Жайқалса жапан белдерім,
 Жаңғырса өлкем-жерлерім,
 Ұмытпас елім қиқулап,
 Қызғыш боп өткен ерлерін», – 

77
Қожаберген жырау – 350
дейді. Бостандық, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің жанқиярлық еңбегінің 
халық жадынан өшпейтінін осылайша әсерлі жырымен баян етеді.
 Енді, міне, елімізде тәуелсіздік таңы атқаннан кейін-ақ, Қазақстанның 
Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске 
асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ата тарихымыз-
да айтылмай келе жатқан ақтаңдақтардың беті ашылуда. Қазақ халқының әлем 
тарихынан жойылып кетпей, ежелден келе жатқан ұлы ұлттығын сақтап қалуға 
атсалысқан айбынды ерлердің, айтулы тұлғалардың ерліктері қалың көпшілікке 
аян етіліп, жер-жерде оларға арналған еңселі ескерткіштер тұрғызылуда.
 Маңғыстаудың өзінде сонау Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте 
ай рықша ерлік көрсетуімен аты шыққан Адай, оның ұрпақтары Ақпан, Жа-
улы, Шоғы, Тоқтамыс, Балуанияз, Қармыс, Төлеп, Шотан, Шабай, Қонай, 
Қосай батырларға, әулие Пір Бекетке, «Сауранды үш айналып» ежелден ата-
мекені болған Маңғыстауға келіп, еліне қорған болған, ел билеген Сүйінқара 
Үргенішбайұлына, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы шығып, ша-
руалар көтерілісін басқарған Иса-Досан батырларға, Ұлы Отан соғысының 
қаһармандары М. Бегенов, Б. Қалиев, Ж. Қалдығараев, И. Сүйеубаевқа, басқа 
да жұртым дегендерге, билерге, заманында қалың бұқараға қайырымы тиген 
ерен тұлғаларға арнап ескерткіштер тұрғызылды. Бұл бүтін тірлік, бүтін іс еді.
 Тәуелсіздіктің арқасында дауылпаз жырау Қожаберген туралы да кеңінен 
сөз бола бастады. Оның өміріне, шығармашылығына арналып екі рет ғылы-
ми-теориялық конференция өтті. Сол алқалы жиында академик, марқұм Ма-
наш Қозыбаев, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев баяндама жаса-
ды. Олар жүз жасаған, сирек кездесетін дара таланттың өмірі мен сан қырлы 
адами қасиеттерін ашып көрсетті. Сондай-ақ, болмысы бөлек жыраудың елін, 
жерін, шыққан тегін, бүкіл өмір жолын, ақындық, шығармашылық өнерін, 
әскер басқарған қолбасылық ісін баяндайтын өлеңдері, толғаулары мен да-
стандары 2007 жылы жарыққа шықты. Солтүстік Қазақстан облысының сол 
кездегі әкімі Т. Мансұровтың қолдауымен, белгілі қоғам қайраткері, «Жеті 
Жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының 
төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы 
Б. Тұрғараевтың ұйымдастыруымен, С. Жұмабаев пен Қ. Биғожиннің құрас-
тыруымен «Қожаберген жырау» атты кітап оқырманын тапты. Бұл рухани 
құндылықтың алғы сөзін академик Манаш Қозыбаев жазған болатын.
Саналы өмірін әділ қызмет етуге арнап, отыз жылдың үстінде Отанымыз-
дағы облыстық соттардың төрағасы болған, халқымыздың өткені мен кеткенін 
жұртшылыққа әр қырынан баяндап, қоғамдық жұмыстарды да мінсіз атқарып 

78
        Қожаберген жырау – 350
келе жатқан Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрметті азаматы 
Бекет Тұрғараевтың қолынан «Қожаберген жырау» деген кітапты алып та-
нысқаннан кейін жырауды танып-білуіме кең жол ашыла түсті.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Батырға қымбат нәрсе – жұрт қамы, 
жұрт ісі», – депті. Ендеше, баһадүр Қожаберген жыраудың жұрт қамы, жұрт ісі 
деген ерлікке толы ғұмырын біз оның өлеңдерінен, толғауларынан, дастандары-
нан айқын көре аламыз.
 «Халқын пір тұтқанды, халқы да ұл тұтар!» – деп көрнекті ақын Мұзафар 
әлімбаев айтқандай, халқын өмір бойы пір тұтып, елінің тәуелсіздігі жолын-
да қасық қаны қалғанша күрес жүргізген әрі батыр, әрі ақын, Жаратушының 
құдіретімен жан-жақты болып жаратылған Қожаберген жырау сол халқының 
кемеңгер ұлы бола білген.
 Қожаберген Толыбайұлының жоғарыда аталған кітабына енген көптеген 
өлең, жыр, дастан, ой-толғаулары аса тартымдылығымен, айтылар асыл 
ойлардың молдығымен есте қалады. Солардың ішінде «Елім-ай» дастанының 
орны бөлек. Зерттеушілер, әдебиетсүйер қауымның өкілдері бұл дастанның үш 
бөліміне терең үңіліп, тағылым, тәліміне тәнті болуда.
 Мысалы, бірінші бөлімінде Қожаберген жырау:
 «Мың рет орансаң да беренменен,
 Кірерсің жер қойнына денеңменен.
 Қолыма қобыз алып әнмен шырқап,
 Айтайын бүгінгі істі өлеңменен», – 
дей келіп, «Елім-айды» асқақтаған әнмен және ән сазына сәйкес тартылған 
құйқылжыған күймен орындайтынын айтып, осы әнім де, күйім де «Елім-ай» – 
деп аталсын деген өсиет қалдырады.
 Қазақтың кең даласын отқа орап, ойран салған жоңғарлардың мейірім-
сіздігі жазықсыз халықты қырғынға ұшыратқан ауыр азап туралы «Елім-ай» 
дастанын, қайсыбіреулер айтып жүргендей, жол-жөнекей айтылған хабарлар 
бойынша емес, өзі тікелей қатысып ерлік көрсеткен, көзі көрген, 23 жыл қатары-
нан әскербасы болған кезіндегі оқиғалардың негізінде жазған.
 «… Кенжесі ем Толыбай сыншы ұлы Қожаберген,
 Бата алған Әнет пенен әз Тәукеден.
 Көзбен көріп, өзегім өртенген соң айттым өлең» – 

79
Қожаберген жырау – 350
деуі соған дәлел. Келесі бір кезекте «Өлеңге қостым көзбен көрген кепті, Хал-
қымды қырғын соғыс тентіретті», – деп толғайды. Бұдан кейін:
 «Аузына харам алмаған,
 Қиянатқа еш бармаған,
 Шейіт болған жандарға
 «Елім-ай» жырын арнағам», – 
деген жолдар жыраудың көзбен көріп, бастан өткізгенін нақтылай түседі.
«Елім-ай» дастанында Қожаберген жырау өзінің ата-тегін, туыстарын, 
нағашы, қайын жұртымен таныстырып, орта жүз керейде Толыбай сыншының 
20 ұлының кішісі екенін айтып, анасы Ақбілек орта жүздегі асыл текті арғынның 
сүйіндігінен тарайтын Айдаболдың тұңғыш қызы деп, сүйген жары, кіші жүз 
байұлы есентемірдегі Қабыланбай бидің қызы Айша сұлу болғанын үлкен 
шеберлікпен жырлайды. Сондай-ақ, Самарқанд медресесінде 5 жыл, Бұхарада 
2 жыл оқып терең білім алумен бірге, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік 
меңгергенін тілге тиек етіп, ордада бұла боп еркін өскеніне қарамастан ат жалын 
тартып мінісімен-ақ, халық қамы деп талай шайқасқа түскенін:
 «Майданда алдаспанға ерік беріп,
 Дұшпанның азын-көбін тексермедім.
 Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп,
 Жорыққа сан аттандым, сескенбедім.
Жүйрікпен желдей жүйткіп ескен едім,
 Сынаққа қамал бұзып түскен едім.
 Көп шығып қан майданда жекпе-жекке,
 Найзамен жау өкпесін тескен едім», –
деп баяндайды. Халқына берген антындай естілетін төмендегі өлең жолдары да 
ерекше. Оны:
 «Қолбасшы батыр болмасам,
 Көбелі сауыт кимейін.
 Ту ұстайтын болмасам,
 Арабы ақбоз мінбейін.
Талапты жігіт болмасам,
 Ұрандап жауға тимейін.

80
        Қожаберген жырау – 350
 Қару-жарақ соқпасам,
 Зергер болып жүрмейін.
 Майданда жауды жеңбесем,
 Қызық дәурен сүрмейін», – 
деген шумақтар айғақтай түседі.
 Сонымен бірге, жары Айшаның тілегімен қайын жұртына бармақ болғанда 
қалмақтар шабуылдап, елге ие бол деп ағасы Қарабастың баласы Асқапты 
қалдырады. Бұл туралы «Елім-ай» дастанында егжей-тегжейлі жырланған.
 Қайын жұртынан үлкен құрмет, сый көріп керей еліне оралған жолда, өзі 
іштей топшылағанындай ата жауы қазақ жеріне басып кірген екен. Ел ауыр 
азаптан шұбырындыға ұшырап «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл (Қожаберген 
жырау «Алакөл» деп атайды) сұлама» атауы қалған екен. Оған:
 «Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,
 Халқыма аштық, соғыс жаман болды.
 Басталып ел сұлауы Алакөлден,
 Ақтабан шұбырынды заман болды», – 
деген өлең жолдары мысал болады. Осы кез қазақ халқы үшін аса ауыр болғанын, 
жырау:
 «Алтай мен Жайсаң жақтан көш келеді,
 Тай-тайлақ көш бас сайын бос келеді.
 Айырылған егізінен қандай ауыр,
 Мөлтілдеп қара көзден жас келеді», – 
деп толғайды.
Дүлдүл жырау «Елім-айда» қазақ елінің осыншама шапқыншылыққа ұшы-
рап, азап шегуінің бірнеше себебін ашып көрсетеді: біріншіден, жоңғарлар қазақ 
елін, жерін басып алу үшін зұлымдықпен алдын ала әр түрлі айла-тәсілдерге 
барған. Ресей, Қытаймен сөз байласқан. Ресейден зеңбірек қаруларын алған… 
Екіншіден, қысылғанда мұсылман елдері деп арқа сүйейтін бауырластар тас-
бауырлық жасағанын:
 «Сатпады Хиуа, Қоқан мылтық қару,
 Олардың болды ойы бізді шабу.

81
Қожаберген жырау – 350
 Қазаққа күнгей беттен түре тиіп,
 Жолдарын ойластырды олжа табу», – 
деп көрсетеді.
 Үшіншіден, осының бәрі ел бірлігінің болмағандығынан деп біледі. Жырау 
өз шығармасында бұрынғы кезде қазақ халқы үш жүз деп аталғанмен жат сөзіне 
еріп жікке бөлініп көрмеген еді. Ал «…қазір көбейді адам азғаны, мықтылар дың 
азғаны», сол себептен «белгілі болды көрші елге, халқымыздың тозғаны» – дей 
келіп, қайсыбір ел басқарғандардың, дінсіздердің, шонжарлардың елдікке жат-
пайтын әрекеттерін әшкере етеді. Бірлігі болмаған, мылтығы жоқ қазақ ерлері 
қанша батыр болса да от қару ұстаған жауға қарсы тұра алмағанын жырау бы-
лайша өкінішпен толғайды:
 
«Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Көршілес екі жұрттан дәу мылтық ап,
Көрсетті халхи, жоңғар елге азап».
Қазақ халқы жоңғар мылтығынан қорлық көріп, жапа шеккенін Қожаберген 
жырау:
 «Алшынның темір тауына
 Дұрыстап назар салмадық.
 Мылтық соғу шаруасын
 Үш жүз боп қолға алмадық», – 
деген өкінішімен жеткізеді.
 Жырау қазақ халқының алғашқы кезде ойсырай жеңілуінің екінші бір себе-
бін 1718 жылы Әз Тәуке өмірден өтіп, оның орнына хан болуға лайықсыз, бос 
белбеу, дарынсыз ұлы Болаттың отыруы деп білді. Билердің бұл шешімі ел қамы 
үшін емес, өз қамдарын ойлағандық болды, – дейді Қожаберген жырау.
 Жоңғарлармен шайқаста қазақтардың ара-тұра жеңіске жеткен кездері 
де болмай қалған жоқ. Қожаберген жырау халыққа өсиет айтып, насихат 
жүргізгенін, бұны естіген халық найза ұстаған орта жүз, кіші жүз батырлары 
жау қоршауын быт-шыт қылып бұзғанын, әсіресе, екі ұлы Науан мен Әсеттің, 
атқосшылар Айбек пен Ермектің майданда ерлікпен қаза болғанын көргенде:
 «Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,
 Ұрандап «Ошабайлап» салдым айқай.
6-254

82
        Қожаберген жырау – 350
 Шаныштым оңды-солды көк найзамен,
 Жығылды талай жендет салып ойбай.
Пенденің бала деген жүрегі ғой,
 Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.
 Ұлдардың жаудан кегін алу үшін,
 Қалмақтың тайшыларын түйредім ғой.
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
 Құштырдым талайына аттың жалын.
 Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,
 Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.
 Қоршауды бұзар шақта әлді жидық,
 Уайымды, босаңдықты мүлдем тыйдық.
 Алысқан ат үстінде ит халқидың
 Ұстап ап айдарынан мойнын қидық.
Жорықта 44 жыл ғұмырым өтті,
 Орта жас ол да мені тастап кетті.
 Ит қалмақ соғысуға душар қылды,
 Болмаса ақсақалдық кезең жетті», – 
дей келіп:
«Жасымнан ту ұстаған болдым сардар,
 Соңыма еріп жүрді талай дегдар.
 Кез болдым 61-де қатаң жауға,
 Ісіне құдіреттің не амал бар», – 
деп бір түйіп тастайды.
Ата дұшпан жоңғардан қазақтың жерін, елін сақтап қалу үшін ерлердің 
Күлтөбеде бас қосқанын, бір күш болып жауды жеңудің жоспарын белгілегенін:
 « Күлтөбеге жиылып,
 Жасықтықтан тыйылып,
 Ұрысқа ерлер бел буды
 Алла, аруаққа сыйынып.

83
Қожаберген жырау – 350
Бастады ерлер көп қолды,
 Аршуға жаудан бар жолды.
 «Майданда өлген дұрыс, – деп,
 Күлтөбе басы шу болды», – 
деп баяндайды. Осындай бас қосудан кейінгі ел бірлігінің арқасында талай 
жеңістерге қол жеткенін екпіндете жырлайды.
 Жазықсыз халықты аяусыз қырған басқыншының озбырлығына жаны 
күйген Қожаберген батыр:
 «Әйелдерше шашты өріп,
 Бұрым еткен қалмақтар.
 Қалдырып аз шаш төбеде,
 Тұлым қойған қалмақтар»,  – 
деп суреттейді. 1759 жылы қазақтардың жоңғарларды тас-талқан етіп жеңгенін 
хабарлаған кезде дүлдүл ақын Қожаберген 97 жасқа келіп еді. Қарттық жеңіп 
жатқанына қарамастан орнынан сергек тұрып, қобызын күйге келтіріп «Жеңіс» 
атты тарихи толғауын шығарыпты. Онда қалмақтардың қазаққа қол көтермей-
міз, қолда бар мал мен мүлікке салық төлеп тұрамыз деп Абылай ханға, Бөгенбай 
мен Қабанбай батырларға ант бергендерін әсерлі етіп толғайды. Сол «Жеңіс» 
атты толғауын былай түйіндейді:
 «Басқаның жерін алған күшпен зорлап,
 Қалмақтар жеңіліс тапты әбден сорлап.
 Оралды қазақ қайта мекеніне
 Алла, аруақ үш жүз ұлын ақыр қолдап».
Сегіз сері шежіресінде Қожаберген жыраудың Абылай ханға кеңес айтып: 
«Бас уәзір боп, ел билігі қолыңа тиген екен әрі ханның міндетін атқарып жүр 
екенсің, көреген бол, шырағым. Ақылың мен ерлігің, айла-әдісің қатар жүр-
сін!..» – дегенде риза болған Абылай қол жайып, жырау бабасының оң батасын 
алған екен делінеді. Бұдан Қожаберген Толыбайұлының хан алдында үлкен бе-
делге ие, данагөй абыз болғанын көреміз.
Әрі батыр, әрі ақын Қожаберген жырау – мемлекет қайраткері, дипломат 
болған тұлға. Ол кезінде Әз Тәукенің ұсынысымен «Есім ханның ескі жолы», 
«Қасым ханның қасқа жолында» айтылған елдің құқық жүйесін тереңдетіп, жан-

84
        Қожаберген жырау – 350
жақты қамтитын конституциялық пәрмені бар құжат – «Жеті Жарғыны» өмірге 
келтірген. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы төкпелетіп айтқан:
 «…Қайта қарап низамды,
 Қазақтың Заңын құрадым.
 Қарабас күйші ағамның
 Қағидасын жаттадым.
Ақ былғарыға түсіріп,
 Мұқияттап хаттадым.
 Әз Тәукеге қызмет қып,
 Жаздым «Жеті Жарғыны».
 Салыстырып талдадым
 Бергі менен арғыны.
…Көмектесті біздерге
 Қазыбек, Төле, Әйтеке.
 Қазақтың заңын нығайтып,
 Тыйым салды тентекке.
«Жеті Жарғыны» жазуда
 Іс тындырдым бірталай.
 Мақұл көрді низамды ел,
 Деген жоқ ешкім бұл қалай?» – 
деген шумақтарға қарап «Жеті Жарғыны» дана билермен ақылдаса отырып 
жазды деуге негіз бар.
Қазақтың жақсы-жайсаңдарын ұлықтауға арналған, ерекше қасиеттеріне 
сүйсінген кездерде алдымен айтылатын бір аталы сөз – «Сегіз қырлы, бір сыр-
лы». Осы бір сөз ойға оралғанда көз алдыңда Қожаберген жырау Толыбайұлы 
тұрғандай сезінеді екенсің. Жаратушы ием оған сегізден де мол қасиет берген. 
Қожаберген жырау кім болған дегенге берер жауап: ол – әскербасы, айбынды 
батыр, ол – ақиық ақын, ол – кемеңгер сыншы, ол – жыршы-жырау және ше-
жіреші, ол – шебер зергер, ол – сынықшы және емші, ол – дипломат, мемле-
кет қайраткері, ол – батагөй абыз, ол – ақылшы дана, ол – осы қасиеттерінен 
шығар жүз жасаған сирек тұлға – тізе берсек жалғаса береді.
 Қожаберген жыраудың қазақ халқынан шыққан ерекше дарын бола тұра оның 
еңбегі жұртшылыққа неге ұзақ жылдар жетпеді дегенге айтар уәж, біріншіден, 
қазақта ұлы жоқ, ұлық жоқ деп келетін кемсіту саясаты жатты. Басқыншылар-

85
Қожаберген жырау – 350
дың бұл жымысқы пиғылының түбінде қазақ жерін, байлығын иемдену ниеті 
болмай қойған жоқ. Екіншіден, ішкі пиғылда хан, сұлтан, төрелерге қарсы болу 
арқылы бұқара халықтың қамын жегенсіп, жоғын жоқтағансиды. Мұндай жат 
әдеттің астарына енді қанық болып отырмыз.
 Қазақ халқының ғасырлар бойы армандап келген Тәуелсіздігі жолында 
ақыл-ойын, қайрат-жігерін аямаған баһадүр Қожаберген жырау Толыбайұлы-
ның туғанына 2013 жылы 350 жыл толады. Бұл бүкіл Қазақ елі үшін атаулы 
оқиға деп білемін. Оның есімін мәңгілік есте қалдыруға бағытталған шаралар 
өткізіліп, есімі жаңғырып, әскери оқу орындарына, мәдениет орталықтары мен 
көшелерге беріліп жатса, нұр үстіне нұр. Тәуелсіз елдің азаматтары осыны абы-
ройлы міндет, деп біліп, жоғары дәрежеде өткізсе, ұлы жырау алдындағы ұрпақ 
парызының адал атқарылғаны болмақ.
«Егемен Қазақстан» газеті,
13 желтоқсан 2012 ж.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет