Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы



жүктеу 8.99 Kb.
Pdf просмотр
бет8/21
Дата22.01.2017
өлшемі8.99 Kb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21

ілтипаттан басқа не қажет болушы еді! Бұл жұрттың соңына 
ереміз бе деп үміттенетін азаматынан бар дәм етері сол-ақ қой! 
(53-54).
Міне,  осы  бір  кішігірім  монологте  шешен  сөзге  тән  бел- 
гілердің көбі бар: текстің айырып көрсетілген тұстарына назар 
аударсақ, әсерлі теңеулер де, тұлғалас параллельдер де, астар-
лы, метафоралы тіркестер де, ассонансты, аллитерациялы бо-
лып келген сөз қатарлары да көзге түседі.
Үш  беттік  (89-91-беттерде)  етіп  келтірілген,  үш  арыстың 
төбе  биінің  бірі  –  Төле  би  кесігін  (сөзін)  бергенде,  жазушы 
шешендіктің, яғни билер сөзінің нағыз үлгісін көрсеткен:
Бір кезде қазақ десеарланатын жұрт едік, енді, міне, қазақ 
десе,  мақтанатын  күнге  де  жетіп  отырмыз,  –  деп  бастаған 
Төле бидің сөзінде көрсетілгендей ұйқасты сөздермен келген 
параллель құрылымдар да бар: қазақтың төбе шашы дудырап 
жерден шыққан, екі аяғы салбырап көктен түскен ештеңесі 
жоқ;  Құдайдың  аузынан,  пайғамбардың  белінен  түспегеніміз 
белгілі,  сөйлесек  тіліміз  бар,  ұстансақ  дәбіміз  бір,  шыққан 
тектерің мен кешкен кептерің...
Шешендік сөздерде, әсіресе айшықты эпитеттермен не месе 
бейнелі етістіктермен келген бірыңғай мүшелер жиі кездеседі: 
бармаған  жері,  баспаған  тауы,  кешпеген  дәурені  қалды 
ма...  өкпе  көтерісіп,  төбе  өлшесіп,  білек  салыстырмайық... 
айдағаны – жылқы, төсенгені – тоқым көшпенді жұрттың 
ордасы  қай  суға  орнамай,  қай  сайда  құламай  жатыр...  бүтін 
көйлек  пен  булы  қазанның  желіне  мастанып...  тағысын  тағы 

99
осы сияқты әсерлі құрылымдар сөйлем сайын кездеседі. Төле 
бидің  аузынан  шыққан  бұл  кесікте  жазушы  халық  тіліндегі 
дәстүр  лі  фразеологизмдер:  жұлдызы  жанып  шыға  келу; 
бөркіміз  дағарадай  бола  бермесін;  аттың  малы,  түйенің 
қомы; ордамыз он санға ыдырап, оң жағынан отау тігіп бер-
ген; ортадан ойып орын алдық; ат құйрығын үзісу; ормандағы 
орыстың  қанжығасында  өңгеріліп  кету;  айдалада  аңырап 
қалу; түтіні бірге шалқу сияқты бейнелі тіркестерді де келтіруі 
орынды: билер сөзінің көріктеуіш элементтерін шығарма авто-
ры бастан-аяқ өзі жасап ұсына бермей, ара-арасында халықтың 
тіл тәжірибесіндегі дағдылы образдарды қосып отырғанда, ол 
сөздің нанымды шығары даусыз.
Ә.Кекілбаев  барлық  кейіпкерді  бұлайша  шешенсітіп  қой- 
майды,  тіпті  шешендердің  өзі  топ  алдында  емес  (шешендік 
сөздің  бір  шарты  оның  әлеуметтік  үні  болуы  қажет,  яғни  ол 
шаршы  топ  алдында  айтылатын  сөз  болуы  керек),  оңашада 
жеке  сөйлескенде,  бұлайша  образдатып,  мақалдатып-
мәтелдетіп, ұйқастырып, үндестіріп отырмайды, жазушы бұны 
да  жақсы  берген.  Мысалы,  Әйтеке  би  Әбілқайырға  оңашада 
ақыл айтқанда:
– Тегің – сұлтан. Басың – жас. Көрерің – алда. Жігіттің есі 
кіретін тұсқа енді жеттің. Алаштың алмағайып заманы таусыл-
мас. Төренің бағы – қарашының қайраты. Қарымдыдан құрдас 
жиғаның жөн екен, – дейді. 
Әрине,  бұл  қысқа  сөздің  өзі  қарабайыр  емес,  бидің  аузы-
нан  шыққаны  келте-келте  қайрылған  алғашқы  сөйлемдерде, 
одан кейінгі тұжырым іспеттес ақыл сөз де жай өзара ауызекі 
сөйлесу  үрдісінен  бөлекше.  Сірә,  жазушы  шеберлігінің  бір 
қыры әр нәрсенің (бұл жерде шығарма тілінің әр сәтінің) ша-
масын, сәйкестігін жақсы сезіп отыруда болса керек.
Билерді  сөйлетуде  «Үркердің»  авторы,  сөз  жоқ,  кітапхана 
қорларындағы,  жарияланған  материалдардағы  шешендік  сөз 
үлгілерімен  өте  жақсы  танысқан  болуы  ке рек.  Мәртебедегі 
құрылтай  жиын  тарқарда  жиналған  халық  үш  бидің  «ертең 
елге  барғанда  айта  жүретін  сөздерін»  тыңдағысы  келгенде, 
олардың заман құлқы жайында, жастық хақында, жомарттық 
пен сарандық, ұл мен қыз жөнінде кезектесіп айтқан сөздерін 
жазушы, сірә, сақталған мұралардан алған болар (сәл-сәл «ре-

100
дакциялап» болса да), ал өзі құрастырып ұсынып отырған бол-
са,  ол  күнде  Ә.Кекілбаевты  қазақ  билерінің  нағыз  ізбасары, 
ғажап жалғасы деуіміз керек, егер бүгінде билер комитеті (ко-
миссиясы, министрлігі) деген сияқтылар дүниеге келер болса, 
оның басшысы да, биі де – Әбіштер болған болар еді дейміз 
ғой  (жоғарыда  айттық,  шешендік  –  туа  біткен  өнер,  мүмкін 
тұқым қуалай даритын, «шынжырқатар» түзетін қасиет болар).
Енді жазушының өзі таңдап жиі қолданған, өзіндік мәнерін 
танытатын  және  жоғарыда  көрсетілген  құбылыстардан  өзге 
ерекше  тұстарына  назар  аударалық.  Ол  тұстар  стильдік 
амалдарға  қатысты  болып  келеді.  Шығарма  тілін  көріктеуде 
қайталама  құбылысы  –  өте  ұтымды,  әсерлі  тәсіл  қатарынан 
табылады. Ол – стильдік категорияға жатады. Атының өзі ай-
тып тұрғандай, қайталама
18
 дегеніміз – бір сөздің (не тіркестің, 
сөйлемнің) бір сөйлемде, не абзац, шумақ сияқты микротексте 
қайталанып  келтірілу  тәсілі.  Кайталаманы  суреткер  көркем 
тексте әр алуан стильдік мақсат көздеп жұмсайды.
Ә.Кекілбаевтың  тарихи  романы  –  «Үркердің»  тіліне  тән 
бірден-бір  актив  қолданған  тәсілін  атай  қалсақ,  осы  кай-
таламаны  көрсетуге  болады.  Жазушы  бір  микротексте  жеке 
сөздерді қайталап келтіреді. Мысалы: От төңірегі – найзалары 
шошаңдаған күйек сақал еркектер. Бастарында – жалтылдаған 
темір дулыға, үстерінде – жалтылдаған темір сауыт, белдерінде 
жалтылдаған кісе... (14). 
Тағы құландармен бірге аранға түсіп кетіп, шала есті боп 
тұрған  Итжемеске  қою  түн  қараңғысындағы  отты  қоршаған 
қарулы  нөкерлердің  сырт  нобайы  осылай  көрінеді,  олардың 
жай  адамдар  емес,  үрейлі  жандар  екендігін  үстеріндегі  отқа 
шағылысып  жарқылдап  көрінетін  металл  сауыт-сайманды 
суреттеу  арқылы  береді.  Жалтылдаған  сөзінің  дулыға,  сау-
ыт, кісе деген сөздер сайын қайталануы «Итжеместей олпы-
солпы»  кішкентай  адамның  темір  киімділерден  сескенгенін, 
қаймыққанын ұзақ сөзбен баяндамай, бір сөздің қайталануымен 
танытып тұр.
Қайталама  құбылысына  ілінетін  жалпы  синтаксистік, 
морфологиялық  бірліктер  де  әр  алуан.  Жоғарыда  есімшеден 
жасалған анықтауыш қайталанып тұрса, мына жерде ешбір де-
18
  Орыс  тіл  білімі  мен  әдебиет  теориясында  «повтор»  деп  аталатын  құбылысты 
бізде көбінесе «қайталау» деп алып жүр. Сірә, қайталау (по вторение) – қимыл есімінің 
атауы, ал қайталама – абстракт есім атауы – термин болмақ.

101
ген  есімдік  әрбір  бірыңғай  мүше  сайын  қайталанып,  аталған 
әр  ұлыстың  «қателігі»  бір-бірінен  кем  емес  екенін  ав тор 
түсіндірме көп сөзбен емес, қайталама бір сөзбен білдірген:
Алайда істің бүйтіп айрандай бұзылуына осы біздердің де 
қатысымыз  жоқ  па  екен  деген  күмән  ешбір  торғауыт,  ешбір 
күрлеуіт, ешбір дүрбіт, ешбір шорос, ешбір қошауыттың ойына 
кіріп шықса не дерсің! (69).
Бұл сөйлемде ешбір сөзін қайталап келтіру арқылы жазушы 
оқырманға жоңғар ұлыстарын түстеп-түгендеп беріп тұр.
Бір сөйлем ішінде ғана емес, қатар келген әр сөйлем сайын 
белгілі бір сөздерді (сөйлем мүшесін, оқшау сөздерді) не тіпті 
бір сөйлемді қайталап отыру арқылы да сол жерде айтылмақ 
ойдың мағыналық қазығын қағады. Мысалы, Әбілқайырға да 
керегі – осы еді.Әйтеуір, Жәнібек еліне айдарынан жел есіп, 
риза боп барса болды. Әйтеуір, қалың арғын мұны да тегін кісі 
емес деп таныса болды, әйтеуір, бұдан былай Жәнібек бұның 
аты аталғанда елеңдеп тұрса болды (117).
Үш  сөйлемнің  үшеуі  де  әйтеуір  сөзінен  басталып,  Әбіл- 
қайырдың діттеген ойының өзге емес, осы айтылғандар екеніне 
оқырман назарын аудартады.
«Қазақтың  қазақ  екенін  білгің  келсе,  халық  екенін  білгің 
келсе,  мамыр  өте  Мәртөбеге  кел  дейтін  сөз  де  содан  қалған-
ды»  деп  баяндаған  автор  әрі  қарай  бір  бетке  жуық  9  абзац-
ты  Мамыр  өте  Мәртөбеге  келсең  деп  бастайды.  Осының 
алдындағы Сайрамдағы жиын тұсында дегенді де әрқайсысы 
2-3  сөйлемнен  тұратын  3  абзацтың  басына  шығарып,  осы 
қайталама арқылы Сайрамдағы жиынның қазақ қауымы үшін 
моральдық мәні қандай болғанын баса көрсетеді (57).
Парцелляцияланған  (сөйлемнен  бөліп  шығарылған,  «оңа- 
ша  отау  етіп  қондырылған»)  сөздер  де  қайталама  әдісінің 
объектісі  болып  кетеді.  Мысалы,  мына  жерде  сықыр-сықыр 
сөзі парцелляцияланып берілген:
Қимылдаса болды – аяғындағы құрым етігі [сықыр-сықыр] 
сарнап қоя береді. Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр. Қойбағардың 
құлағына сол бір жексұрын үн майдай жаға ма... қойқаң-қойқаң 
етіп, байыз тауып отыра алмағаны. Сықыр-сықыр... Қойбағар 
ырғала басып сыртқа шықты. Сықыр- сықыр... Қойбағар хан 
ордадан ұзап барады. Сықыр-сықыр... (31).

102
Мұнда  автор  қайталама  сөзге  екі-үш  жүкті  бір-ақ  артқан: 
ол  сөйлем  ішінен  бөлініп  жеке  шығуымен  (парцелляцияла-
нуымен) ой қазығын терең қадай түседі, ал ой қазығы жалпы 
етіктің сықырын білдіру емес, Әбілқайырдың орыс патшасы-
на  жіберген  өтінішін  қабылдамай,  саба  қарын,  сары  ала  иық 
шонжарлардың  (орыс  билеушілерінің)  мұның  есек  дәмесін 
мазақ  еткен  сылқ-сылқ  күлкісі  болып  естілген  беймаза  көңіл 
күйін көрсетеді.
Кайталама  элементтер  «Үркердің»  тексінде  «тұнып  тұр» 
деуге болады, жеке сөздерді, жеке сөйлемдерді ғана емес, шы-
лауларды да, жалғауларды да бірыңғай мүше сайын қайталап 
келтіру  –  жазушының  жиі  қолданған  стильдік  амалдарының 
бірі  деуге  болады.  Әдетте  бірыңғай  мүшелерді  санамалап 
келіп,  тиісті  септік  жалғауын  ең  соңғысына  жалғау  –  жалпы 
синтаксистік норма, ал әрқайсысы сайын жалғап айту (жазу) – 
қайталаманың бір түрі:
...Ұрыс даласында ұланына, тайшысына, зайсанына, нояны-
на, сардарына қауіп төнген кезде қол ұшын бермеген адам ғана 
өлім жазасына кесіледі (75).
Мұндағы бірыңғай мүше болып тұрған топтардың атауының 
әрқайсысын қосымшамен беруі – автордың олардың бәріне де 
жеке-жеке ой екпінін түсіргісі келгені.
Көркем  текстегі  қайталаманың  типтерін  іздестірген  зерт- 
теуші болса, Ә.Кекілбаевтың «Үркерінен» оның не бір түрлерін 
таба  алады:  қайталама  элементтердің  орны,  морфологиялық 
тұлғасы,  синтаксистік  қызметі  жағынан  топтап  қарастырса, 
бұл құбылыстың стильдік статусы айқындала түсері сөзсіз.
Жазушы  қаламына  тән  келесі  даралық  ерекшелік  синтак- 
систік  құрылым  аясынан  табылады.  Авторлық,  баяндауда 
аса күрделі, көп мүшелі ұзақ сөйлемдер едәуір жиі кездеседі 
және  олар  көбінесе  кейіпкердің  ойымен,  таным-түсінігімен, 
көзқарасымен  берілген  текст  құрайды.  Мысалы,  араннан 
аман шығып, тамағын тойғызатын топқа кездесіп, мәз болып 
отырған күйін автор өзі баяндағанмен, жарты беттік бір сөйлем 
Итжеместің  ойымен  беріледі.  Ой  тұтас  болу  үшін  сөйлем 
шығыс  септіктегі  сөзбен  аяқталатын  бірыңғай  синтаксистік 
оралымдармен  (оборотпен)  келген.  Мұндай  «сүйегі  ауыр-
лау» сөйлемдер романның өн бойынан кездеседі, өйткені бұл 

103
шығарма жеке оқиғаларды автор атынан баяндаудан гөрі, сол 
оқиғаларды  кейіпкерлердің  ойымен,  еске  алуымен,  болжау-
ымен  беретіндіктен,  романның  синтаксистік  бітімін  осыған 
сәйкестендіру әрекеті көзге түседі.
Мысалы, Тевкелевтің «орыс қағаздарын» – архивті ақтарып 
отырып,  Ноғай  ордасының,  Алтын  Орданың  тарихтарымен 
танысқан тұсын суреттегенде, сол тарихты лепті және сұраулы 
сөйлемдермен  баяндайды,  өйткені  баяндаушы  автор  болған- 
мен, таным – Тевкелевтікі, сондықтан «Бір кезде күндей күр- 
кіреген,  Алтын  Орданың  ақырғы  билеушісі  –  Тоқтамыс  бол- 
ғанда,  Тоқтамыстың  түбіне  барлас  Темір  жетпеуші  ме  еді!.. 
Барлас  Темірдің  қанжығасына  Тоқтамысты  тоқтыша  өңгеріп 
беретін  маңғыт  Едіге  ғой!  Сонда  Темір  күні  кеше  одақтасы 
Едігенің өзіне қарсы шықпай ма? (Әрі қарай бір бетке жуық 
осылайша кілең не сұраулы, не лепті сөйлемдер жалғасады – 
221-222).
Бұл – диалог не монолог болып келген кейіпкер Тевкелевтің 
сөзі  емес,  ойы,  тарихты  тануы.  Әдетте  тарих ты  баяндау-
да  етістіктің  -ды  жалғаулы  өткен  шақ  тұлғасы  (барды,  келді, 
атысты, шайқасты деген сияқты) жиірек қолданылуға тиіс. 
Ал  біз  тілін  әңгіме  етіп  отырған  шығармадағы  етістік  баян- 
дауыштардың тұлғасы түрліше болып келіп отырады.
Сайрамдағы  жиынға  қонған  ауылдардың  қай-қайсысының 
да  үстінен  күні-түні  топыр  тарамас-ты.  Төрткілдеп  қазған 
жер  ошақтарда  жабағы  мен  бағылан  бүлк-бүлк  қайнар-ды 
(57) (әрі қарай бірнеше сөйлем баяндауышы -ады қосымшалы 
осы тұлғамен келеді де келесі сөйлемдер будақтап жатқан, 
маздап  тұрғаны  сияқты  баяндауыштармен  аяқталып  отыра-
ды.  Бұлардың  барлығы  да  –  өткен  оқиғаны  суреттегенімен, 
автордың  жай  баяндауы  емес,  Әбілқайырдың  еске  түсіруі 
сияқты  ракурстен  (қырынан)  баяндалған  оқиғалар.  Тевкелев- 
тің  архив  материалдарымен  танысқаннан  кейінгі  ойымен 
көрсетілген  тарихи  оқиғаларды  суреттеуде  де  етістік  баянда-
уыштар  шығады,  басқарады  деген  сияқты  дағдылы  тұлға- 
да емес, шықпай ма, басқармай ма деген болымсыз көсемше 
мен  сұраулық  шылаулы  тіркеспен  келген.  Әрине,  бұл  айтыл- 
ғандардан  барды,  келді,  барған,  келген,  барыпты,  келіпті 
сияқты  өткен  шақ  тұлғаларындағы  баяндауыштар  жоқ  деген 

104
тұжырым  шықпайды,  олар  да  бар,  тіпті  өте  көп,  бірақ  автор 
тұтас  бір  абзацты  (кітаптың  тұтас  бетін  не  бірнеше  бетін) 
жоғарыда көрсетілгендей өзгеше тұлғалармен келген етістік не 
есім баяңдауышты сөйлемдер етіп береді. Бұл – грамматикалық 
тұлға-тәсілдердің  осы  шығарманың  баяндау  стилінің  жалпы 
тонына (үніне) сәйкес берілуі болып танылады.
Сөйтіп,  роман  тексінде  аса  күрделі,  көп  құрамды,  ұзақ 
сөйлемдер жиірек кездесетіндігі көзге түседі.
Сонымен  қатар,  әрине,  қысқа,  тақ-тұқ  сөйлемдер  де 
баршылық.  Оның  қолданылу  тұсы  да  шығарма  сюжетімен 
үндесіп  жатады.  Мысалы,  автор  кейіпкердің  жүріс-тұрысын, 
қимыл-қозғалысын өз атынан баяндағанда, сөйлемдері келте-
келте болып құрылады:
Тайлан орнынан атып тұрды, бет-аузын көміп кеткен күл- 
тозаңды  сүрткен  жоқ.  Тәлтіректеп  басып,  алақандай  егіс- 
тікке беттеді. Егістіктің шетіндегі шаншулы күйінде қалып 
қойған күрекке барды (260).
Әңгіме  бұл  жерде  жай  не  ұзақ  күрделі,  құрмалас  сөйлем- 
дердің  қайсысының  көп,  қайсысының  аздығында  емес,  олар-
ды санаудың да қажеті жоқ. Айтпағымыз – стильдік сұраныс 
пен  тілдік  көріністің  сәйкес  түсуі  –  жазушы  шеберлігін  та-
нытатын  белгілердің  бірі  екендігі.  Мүмкін,  сондықтан  кейде 
ширек,  тіпті  жарты  беттік  бо лып  келетін  ұзақ  сөйлемдердің 
оқырманды  жалықтырмайтынына,  ол  тұстарды  да  бір  демде 
оқып шығатындығына осындағы мазмұн мен түрдің үйлесімі, 
гармониясы себепкер болар.
Енді роман тіліндегі кейбір жеке сөздерге қатысты бірқатар 
талдау  жасалық.  Жазушы  бір  алуан  сөздерді  кейіпкерлердің 
кім  екеніне  қарай  құбылтып  келтіреді.  Мысалы,  Тевкелев 
сөйлегенде  не  ойлағанда  қазақтарды  әрдайым  қырғыз-қайсақ 
жұрты деп атаса, Нұралы қазақ жұрты дейді (320), автор өзі 
башқұрт деп отырған халықтың атын қазақ кейіпкерге естек 
деп  ататтырады  (338).  Бірақ  сөздердің  мұндай  варианттарын 
даралап жұмсау аса көп емес.
Бұл шығармада жеке сөздердің қолданысында көзге түсетін 
нәрсе  –  әдеби  тіліміздің  бүгінгі  лексикалық  нормасында  көп 
кездеспейтін кейбір сөздердің, тіркестердің қолданылғандығы. 
Бұлар  –  сан  жағынан  көп  емес  және  барлығы  бірдей  норма-

105
дан тыс тұрған элементтер емес. Олардың бір тобы суреттеліп 
отырған заманда болған қару-жарақ, сауыт-сайман, киім-кешек 
атаулары болып келеді. Біздің байқауымызша, жазушы бұндай 
атауларды, Мұхтар Мағауин сияқты, «ат сабылтып» іздеп табу-
ды өзіне міндет етпеген, бірақ, сөз жоқ, мүмкіндігінше, қолына 
(көзіне) түскендерін орынды келтірген. Мысалы, сол кезеңде 
қазақ әскері қолданған мылтық түрлерін күлдір мамай, жеке-
ауыз,  бірауыз,  қандыауыз,  жездіауыз,  шиті,  берен  деп,  сау-
ыт-саймандарды  жалаңқат,  зере,  кіреуке  тон  деп  көрсетеді. 
Бұлардан басқа да көк найза, ақ алмас, садақ, шар болат сияқты 
көне  қару-қалқан  атаулары,  дулыға,  жағы  сияқты  сөздер, 
даңғырашы, сайыскер, қылышкер, садақшы, мерген деген әс- 
кери  адам  атаулары  жиі  қолданылады.  Бұлардың  ішінде  осы 
шығармада қолданылған айдауыл, торуыл, тосқауыл, қарауыл 
деген әскери топ атаулары өте қызғылықты. Демек, бұл сөздер 
– түркі-монғол халықтарына ортақ ертеден келе жатқан көне 
әскери терминдер болса, олар XVIII ғасырда да қолданыстан 
шықпады  дегенге  меңзейді.  Бұл  күнде  ұлттық  гвардиямыз 
жасақталып  жатқанда  до зор,  авангард,  арьергард  сияқты 
кірме  сөздердің  орнына  бұрыннан  бар  шыңдауыл,  ертеуіл, 
шығауыл,  айдауыл,  тору ыл,  тосқауыл  деген  сияқты  түркі-
монғолдық көне терминдерді кәдеге асыруға әбден болар еді, 
ал олардың қайсысы қай кездегі қазақ әскерінде қолданылып 
келгенін  біліп  отырғанымыз  да  жөн,  өйткені  әскеріміз  бен 
қару- жарақтарымыздың тарихы – халқымыздың тарихы, арғы 
кезеңдерді былай қойғанның өзінде, XVIII ғасыр қазақ қоғамы 
үшін соғыстар мен жорықтардың, шұбыра көшу мен жөңкіле 
қоныс  аударудың  заманы  болды,  мұны  XVIII  ғасырдың  өн 
бойында  жасап  өткен  ақын-жыраулардың  өлең-жырларынан 
жақсы білеміз. Бұларда, жоғарыда көрсетілгендей, қару-жарақ, 
сауыт-сайман, әскери топ атау лары орын алғанын біз де, өзге 
зерттеушілер  де  нақты  фактілермен  көрсетіп  келдік.  Демек, 
Ә.Кекілбаевтың  «Үркер»  мен  «Елең-алаң»  романдары  осы 
саладағы білім-танымымызды күшейте түсетін көздерден са-
налады.
Қазақ қауымының соғысып, арпалысып өткен жауының не-
месе  панасын  іздеген  патшалықтың  әлеуметтік-әскери,  әкім- 
шілік  құрылымын  білдіруге  келгенде,  ноян,  зайсан,  тайшы, 

106
қоңтайшы,  заргар,  сенат,  патшайым  сөздерін  қолдануы 
сенімді, бірақ бұнда да автор әдейі ізденіп, олардың терминдік 
мәнін  аша  түсу,  белгілі  бір  ұғымда  тұрақтандыру  әрекетін 
жасамаған тәрізді: осы шығармаларда жазушының айтпақ идея-
сы мұндай ізденісті қажет етпеген деп ойлаймыз, өйткені мұнда 
ұрыс-соғыстарды, ел билеу мен қарым-қатыстардың нақты кар-
тинасын  беруден  гөрі,  соларды  баяндай  отырып  (көбіне  еске 
түсіре  отырып)  қазақ  хандықтарының  Россия  патшалығына 
бағыну процесінің белгілі бір тұсын, дәлірек айтсақ, осындай 
қиын өткелден өтер кезеңдегі қазақ деген жұрттың хандарынан 
бастап қара халқына дейінгі адамдарының ақыл-парасаты мен 
рухани  дүниесін,  әрекет-қылығы  мен  әлеуметтік  «тәртібін» 
су реттеу  көзделген  тәрізді,  сол  арқылы  «бүгінгі  біз  –  кімнің 
ұрпағымыз?» деген ойға шақыратын сияқты. Сондықтан, сірә, 
автор тарихтың фотосуретін түсірмейді, сондықтан, сірә, сол 
кезеңде  қай  нәрсе,  қай  ұғым,  қай  адам  нақты  қалай  аталды 
дегенді жазушы негізгі нысана етіп қоймаған-ау деймін.
Әйтсе  де  Ә.Кекілбаев  сияқты  тілге,  оның  жалпы  әдеби 
нормасына  да,  әсіресе  көркем  сөз  заңдылықтарына  әуелден 
ден қоя кіріскен қалам иесі ана тіліміздің сөздік қоймасын ба-
рынша аралаған. Сондықтан аталған романдар тілінен көбіміз 
біле  бермейтін  бір  алуан  сөздер  тобын  кездестіреміз.  Мыса-
лы,  киер  киепесін  кию  (105),  жанықас  жігіт  (93),  жанықас 
мақұлық  (116),  нәжегей  Болат  (244),  алпауыз  қатын  (271), 
көзапара  қуу  (273,  312),  алапат  көлеңке  (170),  майлақы  түн 
(14) дегендердегі көрсетілген тұлғалар бір емес, бірнеше рет-
тен қолданылған, демек, олар – белгілі бір мағынаны беретін 
сөздер. Сірә, бұлардың бәрі – таза жергілікті сөздер болмас не-
месе автордың өзі ұсынған жасанды тұлғалар да емес болар. 
Бұлардың  қолданысы  шығарманы  түсініп  оқуға  қиындық  та 
келтірмейді,  контекске,  айналасындағы  сөздерге  қарай  беріп 
тұрған мағыналарын топшылауға болады.
Ал  жазушы  тіліндегі  мошқау,  жаңғыз,  жандық,  кермар, 
атанақтау,  күнте,  бөтеке,  құдандал,  ұрыншылау,  лайыту, 
әрпіл-тәрпіл сияқты сөздерді диалектолог мамандар жергілікті 
қолданыстар деп санайды. Таңертеңгі амандық-саулық сұрас- 
қанда айтылатын «аман-есен өрдіңіз 6е?» дегенді жазушының 
бір  қаламдасы  сынап,  «Ә.Кекілбаев  тілді  бұзып  тұр,  адамды 

107
малға  теңеген»  деп,  қаһарын  төккенін  естігенбіз.  Бұл  жерде 
сыншы жаңылысып тұр: аман-есен өру тіркесі – Қазақстанның 
батыс өңірінде жиі айтылатын кәнігі амандық сөзі, бұл жерде 
айтушы адамды малға теңеп тұрмын деп еш ойламайды. Өру 
етістігі тек малға емес, адамға да қатысты айтылатындығын, 
оның  «бір  жерден  шығуы,  тарауы»  деген  екінші  мағынасы 
барлығын білуге болады: осы үйден өріп шыққан бір топ жан, 
қонақтар  осы  үйден  өріп,  осы  үйде  демалады,  өріп  кетті 
(«қаптап  кетті»),  өре  түрегелді  сияқты  қолданыстарды,  сірә, 
тек батыс өңір тұрғындары емес, барлық жерде де айтатыны 
даусыз. Де мек, жазушы кейіпкерінің аузына жергілікті сөйлеу 
үрдісін салған, мүмкін тіпті әдейі салған болар. Ал қалған бес-
он  диалектизм,  әрине,  «жалпақ  жұрттық»  болып  кеткен  жа-
зушы  тілін  әрлеп  (әсемдеп)  тұрмауы  мүмкін,  бірақ  барлығы 
бірдей ұтымды қолданбаған деуге тағы болмайды.
Сірә,  диалектизмдер  мен  сирек  қолданылатын  сөздердің 
стильдік статусы барын да көркем сөз шеберлері жақсы сезеді. 
Мысалы, «Үркерде» кездескен айлапат («үлкен, зор»), алпау-
ыз («дүниеқор», «алымсақ»), әбеқоңыр («жұпыны»), майлақы 
(«қараңғы»),  сияпа  («сый-құрмет»,  «тарту-таралғы»)  сияқты 
сөздер  әсерлі,  орынды  қолданылған.  Оларды  экспрессоидтер 
деп тануға әбден болады. Ал жаңсыз (жалғыз), күнте (иінағаш), 
құдандал  (құда-андалы),  қаралай  (қарадай,  қараптан-қарап), 
мошқау  («сұрастыру»)  сияқты  қолданыстарды  қоштау  қиын. 
Бірақ  бұндай  уәжсіз  қолданылған  бес-он  жергілікті  сөздің 
жазушылардың  қай-қайсысында  бар  екенін  ескерсек  (мыса-
лы,  бұл  құбылысты  ұлы  Мұхтар  Әуезовтің  тілінен  де  таба-
мыз), оның сырын (себебін) іздеу керек болар. Ол себеп қазақ 
әдеби тілінің лексикалық нормасы әлі үзілді-кесілді орнығып, 
толығып  болмағандығында  ма,  әлде  болашақ  жазушының 
мектепте,  тіпті  университеттердің  филология,  әсіресе  жур-
налистика  факультеттерінде  әдеби  тіл  нормасын  игеруінен 
гөрі,  өскен  ортаның  ауызекі  сөйлеу  дағдысы  басым  болып 
келгендігінде ме, әлде қалам иесі сол сөздердің потенциалдық 
мүмкіндігін (әдеби тілге ену әлеуетін) көріп, әдейі қолдана ма 
– әйтеуір негізінде осы тәрізді бірнеше фак тор жатқан болуы 
керек. Жазғырудан гөрі, себебін тауып, оның дұрыс-бұрысын 
дәлелдеп барып, пікір айтып, бағасын бергеніміз абзал болар.

108
Сирек кездесетін немесе көнеріп, мағынасы күңгірт тартқан 
сөздердің,  диалектизмдердің  өзге  функционалдық  стильдер 
емес, көркем әдебиет стилінде қолданысына келгенде өзгеше 
шарт  қою  керек  сияқты  (әңгіме  –  кейіпкерлер  тілінде  емес, 
авторлық  баяндау  тексінде  жұмсалуы  жайында).  Бұл  пікірді 
біз әрдайым айтып келеміз және оны пікір жазушының тілін 
талдау арқылы емес, тұтастай алып, әр өлкеден шыққан кәрі-
жас қаламгерлердің көркем дүниелерінен материал жинап, өз 
алдына ғылыми тақырып етіп, жеке зерттеу ұсынбақ ойымыз 
бар  (әрине,  Құдай  қуат  берсе  делік,  ал  өзіміз  жаза  алмасақ, 
ондай  ізденістің  бағыт-бағдарламасын,  зерттеу  жолдарын, 
теориялық  негіздерін  айқындап,  шәкірттеріміздің  еншісіне 
қалдырмақпыз).
Жеке  сөздерге  келгенде,  автордың  өзі  іздеп  тапқан,  не  өзі 
жасаған  (көбінесе  тіркестер)  тұлғалар  да  жоқ  емес.  Мыса-
лы,  жоңғардың  (қалмақтың)  сұлу  қызын  (әйелін)  сұқсыр 
деп  атауы,  сойыл  дос,  қамшы  дос  (34),  күп  тұран  (шамасы 
жаңбыр  жауғанда  су  үстайтын  күп  не  тұран  болса  керек  – 
25), сәлдекендей реніш (31), аспанның лайытқан қалпы (33), 
елбе-селбе  киімдей  жұтырайып  тұр  (42),  ызғындай  қала
ызғындай  Сайрам  (61,  62),  әрқайын  дүние,  кемталай  халық 
(69), шажырқай боп туған Шыңғыс әулеті (79), батымды болу 
(82), қойманшы («қамшысын ортаға тастамай қойшы сөйлер, 
қойманшы  сөйлер»  –  126),  шөбі  тұяқкешті  бола  қоймаған, 
мәмлехана (елші қабылдайтын жай, зал – 153), мәмлегер («ди-
пломат»  мағынасында  –  203),  жаубасарлар  (205),  жолығыс 
(жолығысқа  шақыру  –  219),  тұқым-тебер  (223,  бұл  тіркес 
әдеби тілде тұқым-тұқиян түрінде келеді), дегелшіктер (387), 
тұрымтай мәслихат (461), мөлт қара (5) және мөлттей қара 
(524), ыңғайтек (581); басына тауан іздеу (А61), бетжүздік 
(424), бөспебай, сөлімбай, сүмірейме (самалаға қарама-қарсы 
мағынада  –  26),  шұбар  ту  (55),  лайыту  (26),  бәсік  («батыл» 
дегеннің  антонимі  ретінде  –  170)  деген  сөздердің  ішінде 
бірен-сараны  жергілікті  сөз  болар  (оларды  дәл  атай  алмай 
отырғанымызға  бұлардың  диалектологиялық  сөздіктерде 
тіркелмегені  себеп  болды),  бірқатарын  біз  көп  кезіктірмеген 
тарихи  сөз  (мысалы,  тұрымтай  мәслихат  деген  құрылтай 
жиын дегеннің бір түрі болуы мүмкін, ал құрылтай – монғол 

109
сөзі,  бұған  тұлға  жағынан  тұрымтай  жуық  келеді),  сойыл 
дос, қамшы дос, тұяқкешті, мәмлехана, жаубасар, жолығыс, 
бәскебай,  сөлімбай  сияқты  сөздер  –  автордың  өз  «бұйымы», 
өзі  жасаған  дүниелер.  Қалғандарын  іздестіру  қажет,  егер  бір 
ыңғайын тауып, оларды автордың өзі түсіндіріп, түп-төркінін, 
мағынасын көрсетіп берсе, «жүдә жақсы» болмақ. Олар әдеби 
тіл  айналымына  түсетін  қауқары  бар  сөздер  болса,  сөздіқ 
қазынаны  молайтатын,  экспрессоидтер  қатарын  көбейтетін 
элементтер болып шығар еді.
Ең  соңғы  сөз  –  кітап  беттерінде  жіберілген  корректорлық 
қателер жайында. Емлелік ағаттықтар бар. Олардың бірқатары 
сөйлем мағынасын бұзып тұр. Мысалы: мерекесі енді шалқып 
келе жатқан (106) деген сөйлемде мерейі болу керек, мағына 
жағынан мерей қайда, мереке қайда? Сол сияқты дәруші сөзінің 
дәуріш  (167),  бірақ  шылауының  біраз  (282),  шартараптан-
ның орнына шартаптан (127), Саурық жалқы есімінің Саңрық 
(288),  аш  құлақтан  дегеннің  ал  құлақтан  (349)  болып,  Ис-
кер деген қаланың аты Әскер бо лып жазылуы, Ырғыз жалқы 
есімі ырғыз түрінде жалпы есімге айналып кетуі – осылардың 
барлығы  –  әрине,  жазушының  кінәсі  емес,  керісінше,  оның 
еңбегіне аз болса да ақау түсіріп тұрған жайсыздықтар. Бұларға 
қоса  әріптердің  орны  алмасып  түсуі,  артық  не  кем  жазылуы 
(ұрстаса (168)– ұстаса деудің орнына, ертекен (147) – ерт-
кен  дегеннің  орнына,  сітеп  (133  –  істегі),  мыңындағы  (332, 
маңындағы  деп  жазудың  орнына)  сияқты  таза  корректорлық 
салақтықтар қосылғанда, атлас көйлекке түскен тамшы дақтай, 
әттеген-ай дейсің. Және бұл көрініс тек осы кітапта емес, күні 
бүгінгі дейін шығып жатқан басылымдардың барлығында бар. 
Бұл  ескертпемізді  біздің  осы  жұмысымызды  жазушылар  да, 
олардың кітаптарын шығаратын баспагерлер де оқитын болар, 
сонда кітаптардың сауатты басылуына олардың авторлары да, 
шығарушылары да жауаптырақ қарайтын болар деген үмітпен 
айтып  отырмыз,  әйтпесе  оның  жазушы  тілінің  көркемдік 
құдіретін танытуға еш қатысы жоқ.
Сөйтіп,  қорыта  келгенде,  дүниежүзілік  («еуропалық») 
жоғары  деңгейге  көтерілген,  әлемге  біршама  танымал  бо лып 
қалған  қазақ  көркем  әдебиетінің  бір  жанры  –  тарихи  роман- 
дардың  тілдік-стильдік  сыр-сипатын  тануда  Әбіш  Кекілбаев- 

110
тың «Үркер», «Елең-алаң» романдарының орны айрықша деп 
табамыз. Бұл танымды осы шығармалардың өзгелерден артық 
не  кемдігін  көріп  емес,  тіліне  келгендегі  көркемдік-стильдік 
ерекшелігіне қарап береміз.
Тарихқа  арналған  шығармаларды  жазудың  тек  композиц- 
иялық  құрылысы,  сюжеттік  мазмұны,  тарихи  реалийлердің 
көрінісі  жағынан  ғана  емес,  тілдік-стильдік  сипаты  жағынан 
да  әр  алуан  болып  келетіндігін  және  бұндай  жоғары  сатыға 
қазақ  көркем  әдебиетінің  де  жеткендігін  Ә.Кекілбаевтың 
шығармашылығы анық көрсетеді.
«Үркер»  мен  «Елең-алаң»  –  баяндалуы  жағынан  тарих-
шежіре  емес,  тарих-толғаныс  деп  табамыз,  яғни  автор  кеше- 
гілердің  тарихына  үңіле  отырып,  бүгінгілер  ойлансын  деген 
идеяны  ұсынады.  Бұл  идеяны  романның  «Үркер»  деген  аты-
нан бастап, тұтастай бітімі ұсынады. Тек Әбілқайырдың зама-
ны – XVIII ғасыр емес, бүгінгі мынау ұйытқымасы көп біздің 
кезеңімізде  де  Үркердей  топ  жазбай  тығыз  тұрып  («өзара 
келісім,  татулық,  бірлік»  деп  жатқан  бүгінгі  ұрандарымызға 
сәйкес),  халықаралық,  ұлтаралық,  саяси,  экономикалық  да-
уылдар  мен  борандарды  Үркердей  алдын  ала  біліп,  алдын 
ала  ыңғайға  аунап  отыра  алсақ  қана  аман  болатынымызды 
ойлаңдар  деп  толғайды  бұл  роман!  Толғандыру  үшін  жазу-
шы  халқымыздың  өткен  кезеңдердегі  тәуелсіздік,  еркіндікке 
ұмтылған  күрес  шежіресін  Әбілқайырдан  бастап,  көптеген 
кейіпкердің ой-санасы мен таным-білім көзінен өткізіп баянда-
уды шығарманың стильдік арқауы еткен, романның көркемдік 
құрылымының  бүкіл  лексика-грамматикалық,  стильдік 
механизмі осыған орай берілген. Шығарма тілінің поэтикалық 
үні, синтаксистік құрылымының күрделілігі, қайталама сияқты 
көріктеу  тәсілі  мен  әр  алуан  синтаксистік  параллельдердің  
жиі қолданылғандығы т.т. осы сияқты белгілер – Әбіш Кекіл- 
баевтың  тарихи  роман  жазудағы  өзіне  тән  шығармашылық 
мәнерін көрсетеді. Тарихи романдардың тілі мен өзге «Аңыз- 
дың  ақыры»  сияқты  романы,  «Күй»,  «Ханшадария  хикаясы» 
т.б.  сияқты  повестерінің  тілдік-стильдік  бітімі  бір  қатарда 
біркелкі еместігі жазушының тілге деген талғамы мен көркем 
сөзге деген шеберлігінің күшін байқатады.

111
МҰХТАР МАҒАУИН
жүктеу 8.99 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет