БалалықТЫҢ КӨктемi



жүктеу 0.49 Mb.
Pdf просмотр
бет6/19
Дата16.02.2022
өлшемі0.49 Mb.
#17296
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Аягүл Мантайдың әңгімелері
МАРГАРИТА

Жаңбырлы  көктем  едi.  Күнi-түнi  жауған  жаңбыр  бiр-бiрiне  егiз  қозыдай  ұқсайтын  ауылдағы

қоржын  үйлердiң  адамдарына  көп  қиыншылық  тудырды.  Елу  жылдық  тарихы  бар  үйлердiң  ескi

шатырлары толассыз жауған жаңбырға төтеп бере алмай жарылып, сынып жатты. Сол кезде бiздiң

үйге  қонақ  болып  келген  адам  төрт  бөлмеден  жаңбыр  суына  арнап  қойылған  шылапшын,  шелек,

қазандарды  көрер  едi.  Бiздiң  қонақ  бөлмеде  төселген  қып-қызыл  иран  кiлемдерi  шылқыған  су

болған.  Су  болды  дегенiм,  жай  сөз  ғой,  мамамның  мақтанышына  айналған  екi  иран  кiлемi  адам

көргiсiз  балшық.  Сол  кездегi  мамамның  түрiне  қарау  аянышты,  әшейiнде  күлiмдеп  тұратын  көк

көздерi  мұңдана  қалған.  Құдды  жаңбырды  жауғызып,  әдейiлеп  тоқтатпай  жатқандай  ашуын  бiзден

алған. Үйде әкем барда мамам бiзге дауыс көтере бермейтiн. Мен де, бауырларым да әкемдi күндiз

де  үйде  болса  екен  деп  армандайтынбыз.  Әкеме  оңашада  бұл  арманымды  жеткiзгенiмде  күлiп:

“Өздерiң  мамаларыңның  айтқанын  тыңдамайсыңдар,  мен  үйде  отырсам,  сендердi  кiм  асырайды?”

деп  көзімнен  жас  аққанша  құлағымнан  тартатын.  Әдетте  тентектiк  жасасақ  жасаған  шығармыз,

түсiнбейтiнiм, иран кiлемдерiне балшықты әдейiлеп бiз жаққанымыз жоқ қой.

–  Ертелi-кеш  ойыннан  басқа  ойларыңа  түк  те  кiрiп  шықпайды.  Жаңбыр  суының  бөлмеге  аға

бастағанын көрдiңдер, сол сәтте шылапшынды қоя салсаңдар, қолдарың сынып қалатын ба едi?! Әй-

әй,  есiл  кiлемдер  бүлiндi-ау.  Еһ,  қандай  кілемдер  едi!  Тәлпiш  абысын:  “Күйген  дүние  күйiп  кетсiн,

осындай кiлем аламын” деп қызғанып едi. Бәтима да қызығып едi.

Мамамның  сөзiне  сенсеңiз,  бiздiң  кiлемге  ауылда  қызықпаған  әйел  қалмаған.  Кеше  ғана  көздiң

жауын алатын әдемi қызыл кiлемге қарай алмайсың, ал мамама қарау одан да қиын.

Жол  шетiнде  жиналған  кiшкентай  көлшiк  сулар  әр  түске  бөленiп,  кемпiрқосақша  көзiңдi

арбайды.  Аяқ  киiмiмдi  шешiп  алып,  жып-жылы  шалшық  суды  кешемiн.  “Мамам  неге  маған  көп

ұрсады?  Мен  ертең  мама  болсам,  балаларымды  ұрыспай  тәрбиелейтiн  боламын”  деп  өзiме  серт

беремiн.  Сосын  тағы  қиялға  берiлемiн:  “Шiркiн-ай,  бiздiң  қонақ  бөлменің  үстiнен  кемпiрқосақ

сияқты  әртүске  бөленген  осы  су  аққанда,  кiлемдерiмiз  баяғыдан  да  әдемi  болып  құлпырып,  мамам

қандай қуанар едi”.

Сондай  жаңбырлы  күндердiң  бiрiнде  бiзбен  қоралас  екi  бөлмелi  ескi  үйге  немiс  отбасы  көшiп

келдi. Мамам жаңа көршiміз, ұзын бойлы, әдемi сары жас әйелге “қоныс құтты болсын” айтып:

–  Жаңбырдың  тоқтауын  күте  тұрмадыңыздар  ма?  Бiрақ,  әй,  қайдам,  мына  жаңбыр  таяу  күндерi

тоқтай  қоймас.  Аспанның  бiр  жерi  тесiлiп  қалған  шығар.  Ой,  көршi,  сiз  менiң  иран  кiлемдерiмнiң

жаңбырдан қалай былғанғанын көрсеңiз ғой, – деп сөйлей алмай булығып қалды.

Немiс келiншек маржандай аппақ тiстерiн көрсетiп, әдемi күлiмсiреп:

–  Көршi-ау,  мына  жаңбырда  мал  емес,  жан  қайғы  болып  тұр  ғой.  Қазақтарда  осындай  ұлағатты

сөз бар емес пе ? – дедi.

– Сұлулықты жоғары бағалайтын әйел заты емеспiз бе?! Сұлулықты бағалай тұрып, қызғанамыз.

Қызғансақ  та,  сұлулықты  сұлу  қалпында  қалса  екен  деп  армандаймыз.  Бiр  кiтаптан  “Әйелдiң

сұлулыққа деген құштарлығын жоғалтуы – өмiрге деген құштарлығын жоғалтуы” дегендi оқып едiм.

– Әдемi сөйлейдi екенсiз. Шамасы, кiтапты көп оқисыз-ау деймiн.

Мамамның үйде кiтап оқып отырғанын көрген емеспiн. Не деп жауап берер екен деп құлағымды

тiгiп тұрмын.

– Кiтап оқуға күнделiктi қайталанатын күйбең тiршiлiктен ауыл әйелiнiң қолы тие бере ме? Жас

кезiмде кiтапты көп оқушы едiм, – деп мамам жеңiл күрсiнді.

– Қызыңыз неше жаста? Сiздiң қызыңызбен жасы шамалас жалғыз қызымыз бар. Суық тиiп қалар

деп Маргаританы әдейiлеп әкелмедiк.

– Мәуеміз – жетіде.

Немiс келiншек көкшiл көздерiмен маған мейiрлене қарап:

–  Айналайын,  Маргаритадан  бiр  жас  кiшi  екенсiң.  Екеуiң  бiрге  ойнайтын  болдыңдар,  –  деп

шашымнан сипады.

Екi күннен соң жаңа көршiлердi ерулiкке шақыра барған мамам: – Көршi Федордың пысықтығын

айтам, бiздiң үйден жиырма жыл бұрын салынған үйiнiң төбесiнен бiр тамшы су өтпейдi. Ол, шiркiн,

күндiз-түнi жауып жатқан жаңбырда үйiнiң шатырын қалай бүтiндеп алды екен? – деп мамам разы



болып,  әрi  қапаланды.  Кiмге  ренжiгенi  түсiнiктi.  Әрине,  әкеме.  Сосын  әкемнiң  үй  шатырын

ауыстырмай  жүргенiне  құдды  iнiм  екеумiз  кiнәлiдей:  –  Сендердiң  жалқау  әкелерiң  құдайдың

жазында  шатырды  түгел  ауыстырмақ  тұрмақ,  жамап-жасқауды  бiлмейдi.  Не  деген  бейғам  жан

екенiн  түсiнбеймiн.  “Балалар  суық  тиiп,  ауырып  қалмаса  болар  едi”  деп  уайымдағанын  естiсем,

құлағым тас керең болсын, – деп күңкілдеді.

Мамам  әкем  туралы  әңгiменi  бiр  бастамасын,  бастаса  аяқтауы  қиын.  Аудан  орталығындағы

педучилищеге  құжаттарын  тапсырып,  оқуға  түсейiн  деп  жүрген  жерiнен  әкемнiң  алып  қашып

кеткенiн,  күйеуге  тиiп,  қор  болғанын,  күйеуiнiң  ауру  атасы  мен  әжесiн  баққанын  жыр  етiп  айтып

барып тоқтайды. Үйден  сытылып шығып кеттiм.  Көршi үйдiң шатырына  көзiм түскенде таңқалдым.

Мамамның  қызыл  иран  кiлемдерiнiң  түсi  секiлдi  қызыл  шатыр  көздi  арбайды.  Көргенімді  айтпақ

болып,  Құрбангүлдің  үйiне  барып  едiм,  оның  мамасы  да  Федордың  пысықтығын  айтып,  Жақсылық

көкеме ренжіп отыр екен. Құрбангүл екеумiз терезеден қарап тұрып, көршi үйдiң қызыл шатырына

қызыға қараймыз. “Бiздiң үйдiң де шатыры осындай болса екен” деп армандаймыз. Iшiмнен ол үйде

бiз емес, әлi өзiмiз көрмеген кiшкентай немiс қызының тұратынын ойлап қызғанып қоямын. “Ертең

Маргарита келсе, сен менi тастап, онымен дос болып кетпейсiң бе?” – дейдi Құрбангүл. “Маргарита

тез келсе екен” деп жүрген мен сыр мiнез досымның көңілiне қарап “жоқ-е” деймiн.

Бiздiң  ауылдың  тұрғындарының  тiлегенi  көкке  жеттi  ме,  екi  жетi  үздiксiз  жауған  жаңбыр

тоқтаған.  Бiздiң  есiк  алдындағы  егiстiк  алқабында  жылда  жоңышқа  өседi.  Сол  көктемде  жоңышқа

алқабына  қып-қызыл  қызғалдақтар  қаулап  шықты.  Ешкiм  қызғалдақтарды  күзетудi  мiндетiме

бермесе  де  өздiгiмнен  даланың  жабайы  ерке  гүлдерiн  күзетудi  мiндетiм  деп  санадым.  Түске  таяу

ұйқымнан  оянамын  да  шайымды  асығыс  iше  салып,  жоңышқа  алқабына  қарай  жүгiремiн.  Бiр  күнi

аппақ көйлек киген сары шашты қыздың бiздiң жоңышқа алқабын еркiн аралап жүргенiн көргенде

ызадан  жарылып  кетейiн  дедiм.  Қолындағы  бiр  құшақ  қызғалдақты  көргенде  көзiмнен  жас  ыршып

кеттi.


– Табаныңды жалтырат, әйтпесе, менен көретiнiңдi көресiң, – деп айқай салдым. Кекiлдi қыз менi

көрдi де баяғыдан танитын адамдай күлiмсiреп:

– Өзiң қызғаншақ қыз екенсiң ғой. Мен сенiң көршiң Маргарита боламын. Сен Мәуесiң бе? Мамам

сенi “жақсы қыз, екеуiң дос болып кетесiңдер” деп мақтап едi. Жақсы қыз деген менiмен таныспай

жатып ұрса ма екен, – дедi.

– Қызғалдақтарымды неге ұрлайсың?

– Қызғалдақ теруiме мамаңның өзi рұқсат берген. Сенің есімің әдемі екен.

– Әкел берi қызғалдақтарымды.

Маргарита қызғалдақтарды бермей, үйiне қарай қаша жөнелетiн шығар деп ойлағам. “Қуып жете

аламын  ба,  қалай  жүгiредi  екен,  жақсы  жүгiретiн  шығар,  немiс  қой,  әрi  менен  бойы  да,  жасы  да

үлкен. Жетсем, ұруым керек пе, жоқ па? ” деген ойлар басымды шырмап алды.

– Қызғалдақтарыңды ала бер. Өзің жақсы қыз емес екенсiң, – дедi көздерi жасқа толып.

– Жұлынған қызғалдақтарды қайтем, ала бер.

– Рахмет!

Беттерi  қуаныштан  албырап,  жүзi  бал-бұл  жанды.  Мәуе,  сен  бiлсең  ғой,  мамам  “жаңа

көршiлерiмiздiң сенiмен жасты қызы бар екен” дегенде мен қандай қуандым.

Сол  күннен  кейiн  Маргарита  екеумiз  достасып  кеттiк.  Құрбангүл  алғашында  Маргаританы

тосырқап  жүрдi.  Көп  ұзамай  Маргаританың  ашық-жарқын  мiнезi  оны  да  баурап  алды.  Құрбангүл

екеумiз  ұйқымыздан  ояна  салысымен  бетi-қолымызды  жуар-жумас  Маргаританың  үйiне  қарай

жүгiремiз.  Екеумiзде  түскi  асты  үйден  iшу  дегендi  ұмыттық.  Маруся  апай  түскi  асқа  әртүрлі  тәтті

тағамдар  дайындайтын.  Ең  алғаш  котлет,  бифштекс,  саңырауқұлақтан  дайындалатын  тағамдарды

Маруся апайдың қолынан жедiм. Маруся апай үшеумiздi “ескi мектеп жақта саңырауқұлақтар көп”

деп  қолымызға  себет  ұстатып,  бiздiң  ауылда  сирек  өсетiн  осы  өсiмдiктi  терiп  келуге  жұмсайтын.

Маргарита  әке-шешесiмен  Алматыға  бiр  жетiге  қонаққа  кеткенде  Құрбангүл  екеумiз  немiс  қызын

да,  оның  мамасының  тәттi  пирогы  мен  саңырауқұлақтан  дайындайтын  дәмді  тағамдарды  да

кәдiмгiдей  сағындық.  Екеумiз  ескi  мектеп  жақтан  бiр-бiр  кiшкентай  шелекпен  саңырауқұлақ  терiп

әкелдiк.  Мамам:  “Үйдің  бәрін  сасыттың”  деп  ұрсып,  қоқысқа  аударып  тастады.  Бiздер  жеуге

болмайтын,  исi  жаман  жабайы  саңырауқұлақ  терiппiз.  Қасымызда  қандай  саңырауқұлақты  теруге

болатынын бiлетiн Маргаританың жоқтығы ғой. Құрбангүлдің аңқаулау шешесi “Марусяға беремiн”

деп мұздатқышқа салып, сақтап қойып, Маруся апай рахметiн айтып, күлiп алған. Бiр күнi Маруся

апай  менiң  мамам  мен  Құрбангүлдің  мамасын  түскi  асқа  саңырауқұлақ  жеуге  шақырды.  Бiз

әдеттегiдей  түскi  аста  сонда  болдық.  Саңырауқұлақтан  ауыз  тиген  мамам  бiр  жетi  бет-аузын  ұшық

қаптап, ауырып жүрдi. Тағы да кiнәлi менмiн.



– Сен қайта-қайта “Маруся апайдың саңырауқұлақтан жасаған асының тәттісін-ай” деп тамсанып

қоймадың. Анауың адам жемейтiн нәрсе ғой. Екiншi рет жеушi болма! – деп ұрысты.

Қайдағы,  түскi  аста  мамам  менi  үйге  артымнан  шақыртуға  адам  жiберiп,  келтiре  алмайтын.  Өз

үйімізде  түсте  ұйықтамайтын  Құрбангүл  екеумiзге  Маруся  апайдың  қатаң  тәртібіне  бағынуға  тура

келетін.  Жалаңаяқ  жүретін  Құрбангүл  екеумiздiң  кiр-қожалақ  аяғымызға  Маруся  апай  шошына

қарайтын. Кешкiсiн Маргариталардың кiр жаятын сөрелерiнде аппақ екi жайма жайылып тұратын.

Құрбангүлдің мамасы – Гүлзат тәте: – Маруся күнде екеуiңнің кiрлерiңдi жуып шаршайтын болды.

Түсте үйге келiп ұйықтасаңдаршы. Әлде, аппақ жаймасыз ұйықтай алмайсыңдар ма? – деп күлетiн.

Маргаританың  алтындай  жарқыраған  сары  шашы,  тұп-тұнық  көгiлдiр  көздерi  әдемi.  Қараған

адамды өзiне баурап алатын оның көзінің бір сиқыры болатын. Басыма жара шығып, әкем шашымды

тақырлап алып тастаған. Әке-шешемнің “басыңа кептерлер қонады” дегенiне сенiп, “кептерлерiмдi”

күтiп  жүрген  кезде  Маргарита  шашын  екiге  жарып,  қос  бұрым  етiп,  өрiп  жүретiн.  Кейде  күйiнiп

мамама:  –  Неге  менiң  көзiм  Маргаританың  көзi  секiлдi  жасыл  емес,  неге  шашым  сары  емес,  –  деп

жылаймын ғой.

–  Сәл  күн  шыда,  сенiң  шашың  қап-қара  болып  өседi,  –  дейдi  мамам  шашымның  жоғын  есiме

салып.


Сол сәтте сары шаш емес, басымда шаштың болуы арманға айналады.

–  «Шашыңды  алып  тастап,  тақыр  бас  болып  жүрсең,  басыңа  кептер  қонады»  деп  мені  алдадың.

Әлі кептер қонбады, – деп әкеме ренжіп, көзiмнiң тостағанын жуамын.

– Сенiң қара шашың Маргаританың сары шашынан әлдеқайда әдемі. Ал көздерiң онсызда көк қой,

қызғалдағым, – деп мамам жұбата бастайды.

Өзiммен тете iнiммен ұрсысып қалсам: – Көк көз, қарашы, көзiң жабайы мысықтың көзiнен аумай

қалған. Ол да сенiмен шамасы ұқсастығын бiлетiн болар, түнде үнемi сенiң аяғыңның астына келiп

жатады,  –  деп  мазақтайтын.  Үйдегi  бала  мысықтың  көзiне  қарап  тұрып,  өз  көзiммен  шынында  да

ұқсастық көргендей қорқамын. Байғұс мысықтың еш жазығы жоқ болса да, қуып жүрiп, шыбықпен

ұрамын.


Мамам:  –  Мына  қызды  жын  ұрған  шығар.  Мысықтың  қарғысы  жаман  болады,  –  деп  айқайын

салып, мысықты арашалап алатын.

Қуыршақпен  ойнап  жүрiп,  Маргаританың  бойжетiп  кеткенiн  байқамай  да  қалыппыз.  Құрбангүл

екеумiз  алтыншыға  өткен  жазда  Маргарита  жетiншiге  көштi.  Ол  сол  жазда  бiзбен  бiрге  арықтың

суына түсiп, күнге қыздырынбайтын болды. Көрші үйдің бағынан бізге қосылып алма да ұрламайды.

Бұрынғыдай  бізбен  қосылып,  Жексен  атаға  ән  салып  беріп,  балмұздаққа  ақша  да  алмайды.  Сол

жазда  ол  тобығына  түсетiн  ұзын  шашын  мамасының  рұқсатынсыз  қидырып  тастады.  Мойны  ұзын,

бетi  аппақ  оған  қысқа  шашы  да  көрiк  берiп  тұратын.  Бiрде  ас  үйде  мамама  Маруся  апайдың

“Маргарита балалығымен тез қоштасты. Бiздiң немiс қыздары тез бойжетедi” деп ренжiп отырғанын

құлағым шалды.

Сол  жылдың  күзiнде  Маргарита  мектепке  баяғыдай  Құрбангүл  екеумiзбен  емес,  менiң  Жеңiс

ағаммен  бiрге  баратын  болды.  Бiз  қастарына  қосылсақ,  екеуi  тез  жүрiп  кететiн,  не  артта  қалып

қоятын. Маргарита кешкiсiн бiздiң үйге жиi келетiн.

– Папам спорт көрiп жатыр, сендердiкiне кино көруге келдiм, – дейтiн құпия күлiмсiреп.

Менiң  қасымда  он-он  бес  минөт  отырып:  –  Мамама  айтпай  кеткен  едiм,  iздеп  жатқан  шығар,  –

дейтін.


– Жүр екеумiз барып, мамаңа айтып келейiк, – десем: – Мәуе, сабағымды да дайындамап едiм, –

дейтiн тағы да құпия жымиып.

Бір күнi сабақтан келсем, мамам мен Маруся апай бiр нәрсеге келiспей, қатты сөзге келiп жатыр

екен.


Мамам:  –  Сенiң  қызың  қыз  емес,  сайтан.  Жуас  баламның  басын  айналдырып  жүр.  Сайтаныңды

секеңдетпей,  аяғын  тұсаулап  ұста.  Баланың  менің  ұлымдікі  екенiне  сенбеймiн,  –  деді  даусы  ащы

шығып.

Бойымды  үрей  биледi.  Кеше  ғана  өзiммен  қуыршақ  ойнап  жүрген  Маргаританың  бойына



шынымен бала бiткенi ме? Құрбангүл екеумiз қуыршақ ойнамасақ та, резеңкеден секiрiп, доп қуып

жүрміз. Сол күннен кейiн бiздiң үймен Маруся апай да, Маргарита да қатынаспайтын болды. Колхоз

жұмысына  ерте  кетiп,  үйiне  кеш  оралатын  құрылысшы  Федор  ағай  сирек  те  болса,  үйге  бас  сұғып

тұратын. Екеуi шарап iшкен күндерi “Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым” деп ән салатын. Федор




ағай Шәмшiнiң әндерiн бұзбай, қоңыр даусымен жақсы айтушы еді. Ол кiсi ауылда өтетiн тойларда

да жұрттың өтiнiшiмен Шәмшiнiң әндерiн орындап беретiн.

–  Шәмшi  немiстiң  композиторы  болсыншы,  әлемге  танымал  болар  едi.  Әттең,  ол  аз  ғана  ұлттың

перзентi, – дейтiн кәдiмгiдей қапаланып.

Жаз айларында Федор  ағайдың үйінің қақпасының  қасынан Оқпан шалдың  кенжесi, түрмеде екi

жыл  отырып  келгеннен  кейiн  Кенжебек  есiмi  ұмытылып,  Коля  атанған  қара  сұр  жiгiттi  жиi

көретiнбіз. Оларды бiр-екi рет Құрбангүл екеумiз аңдығанбыз. Екеуi бiр-бiрiне жақындап, бiр адамға

айналғанда  үйге  қарай  апыр-тапыр  тұра  жүгiргенде  Маргаританың  “Көршiнiң  кiшкентай  қыздары

ғой” деген сызылып даусы шыққан.

Таңғы бесте үйiне аппақ бетi, ұзын мойны шылымның шоғымен күйдiрiлiп, көзi көгерiп, жылаудан

жанары  iсiнiп  келген  жалғыз  қызының  түрiн  көрген  Федор  ағайдың  қаны  басына  шауып,  Оқпан

шалдың үйiне барады. Сол жерде айқай-шу шығып, түрме көрiп, қаны қарайып келген Коля Федор

ағайдың  жүрегiне  пышақ  сұғып  алады.  Сот  Коляны  жиырма  бес  жыл  басбостандығынан  айырды.

Әкесiн жерлегеннен кейiн Маргарита мамасының Алматыда тұратын туыс сіңлісінің үйіне кетті.

Маруся  апай:  –  Байғұс  қызды  өзiне  қол  жұмсап  қоя  ма  деп  қорқамын.  Жалғыз  қызымнан  басқа

менің кімім бар? – деп қатты уайымдайтын.

Үш айдан соң ауылға келген Маргарита өзiмен бiрге тағы бір қайғы әкелді.

– Біздің немістің қыздарында намыс болсайшы. Әкесін өлтірген қанішердің баласын туамын деп,

сайқал, безеріп отыр. Қайтейiн, ендi. Ақыл қосшы, құрбым-ау, – деп Маруся апай үйге жылап келдi.

Мамам: – Байғұсым-ай, тағдырға соншалықты не жазып едiң, – деп қосылып жылады.

Маргарита үш-төрт күннен соң Алматыға қайтып кеттi.

Бiр  күнi  кешкiсiн  Маруся  апай  келiп,  Германияға  көшетiндерiн  айтқанда  үстiмiзден  жай  оты

түскендей, бәрiмiз үрпиiстiк те қалдық.

– Құдайы көршiлерiм-ау, өздерiң отбасымыздың ойраны шыққанын көрiп отырсыңдар ғой. Федор

жалғыз  қызының  намысын  қорғаймын  деп  өлдi,  қыздың  жайы  анау.  Әлгi  қанышер  түрмеден  тiрi

шықса,  “баламды  көремiн”  деп  Маргаритаға  маза  бермей  ме  деп  қорқамын.  Ата-қонысқа  немiстер

көшiп  жатыр  ғой,  бiзде  елмен  бiрге  жетiп  алайық.  Есiмiз  барда,  елiмiздi  табайық.  Қазаққа  күлкi

болдық, – деп күрсiнді.

– Маруся-ау, бұл не дегенiң. Бұл қазақ сендерден жақсылық көрмесе, ешқандай жамандық көрген

емес.  Осы  ауылда  Федордың  шебер  қолы  тимеген  үй  жоқ  шығар.  Федор  марқұм  қандай  жан  еді.

Қайтесiң, тiрi адам сүлдерiн сүйретiп жүре бередi екен ғой. – деп мамам орамалының шетiмен көзіне

іркілген жасын сүрттi.

– Осы күнде түсiме қара басып, ұйықтап қалып, екi айлығында өзiм жаншып өлтiрiп қойған қызым

жиi  кiретiн  болып  жүр.  Балапаным...  түсiме  екi  айлық  емес,  он-он  екi  жасар  қыз  болып  кiредi.

Қасыма  жақындамай,  алыста  үнсіз  ғана  бетiме  мүсiркеп  қарап  тұрады.  Федор  қанша  мас  болып

келсе  де,  осы  қателігімді  бетiме  басқан  емес.  Өзімді  кешіре  алмаймын-ау,  кешіре  алмаймын,  –  деп

Маруся апай көз жасына ерiк бердi.

* *


Маруся  апай  мен  мамам  сирек  те  болса  хат  жазысып  тұрады.  Таяуда  тағы  да  хат  алдық.  Бiздi

отбасымызбен  Германияға  қонаққа  шақырыпты.  Маргарита  әлi  тұрмыс  құрмаған.  Баласы  Жеңiс

екiншi сыныпта оқып жүр екен. “Қазақтың қаны жiберсiн бе, Қазақстанды жиi сұрайды. Бұл баланы

өмiрде  құшырланып  сүймейтiн  шығармын  деп  ойлаушы  едiм.  Алғаш  дүниеге  келген  кезiнде  бетiне

де қарамайтынмын. Тiлi шығып, “әже” деп қолын созғанда шыдап тұра алмадым. Сәби кезiнде өзiнiң

тiлi  сондай  тәттi  болатын.  Бүгiнде  өмiрiмдi  немерем  Жеңiссiз  елесте  те  алмаймын.  ...Маргарита

сенің ұлың Жеңісті әлі сүйеді” деп жазады хатында Маруся апай. Германиядан хат алған күнi Федор

ағайды, Маруся апайды, Маргаританы сағынып, өткен күннiң қызықты оқиғаларын еске алып, күлiп,

бiр жасап қаламыз. Жеңiс Семей медициналық институтын бiтiрiп, үйленiп, сол қалада қалып қойды.

Оңтүстіктегі  біздің  ауылдан  Семей  әлдеқайда  қашық.  Отбасымен  бірге  ауылға  екi-үш  жылда  бiр

келiп тұрады. Мамам “Жеңiс пен Маргаританы ажыратып, байғұс қыздың обалына қалдым-ау. Жеңiс

Маргаритаға  үйленсе  ауылда  не  аудан  орталығында  тұрар  ма  едi.  Маргарита  ақкөңіл,  жақсы  қыз

болатын. Жеңiс бiзден қашықта тұрып, жат болып барады”, – деп мұңаяды.



Иллюзия

(әңгіме)


Қалада  жаңбыр  аралас  қар  жауып  тұр.  Терезенің  ар  жағындағы  әлем  менің  жандүниемнің

арпалысын  суреттемесе  де,  «менікі»  дегенді  жақсы  көретін  өзімшіл  болмысым  табиғат  картинасы

мен «Меннің» арасынан үйлесімділік іздеді. Жаурасам да жылы киім кимедім. Өзгелерді ғана емес,

өзімді  азаптағаннан  адреналин  алатын  өзімшілдігімнен  емес,  жалқаулығымнан  да  емес,  күннің

жылығанына  алданып,  өз  бойымнан  түсініксіз  ауырлықты  сезінгендіктен,  көктемнің  ортасында

қалың киімдерімнің бәрін садақа ретінде таратып тастап едім.

Есіктің қоңырауы қайта-қайта шырылдады. Есікті іштен бекітпегендіктен, келген қонақты қарсы

алуға бармадым.

– Үйдесің бе? – деп өзіне тән биязылықпен үн қатты.

«Соқырсың ба? Үйде екенімді көріп тұрсың ғой». Жауап қатпастан басымды үнсіз изедім.

– Үйің суық қой. Жаурамадың ба?

«Жігіт болсаң, жемпіріңді шешіп, менің иығыма жап».

Орта  бойлы,  атжақты,  шашы  аздап  толқындау,  мұңлы,  ақылды  көздерімен  айналасын  зерттеп,

сақтанып  тұратын  биязы,  білімді,  бірақ  өзіне  аса  сенімді  емес  жігітпен  ешқашан  еркін,  ашық-

жарқын сөйлесе алмаймын. Пәтері менің жалдап тұратын пәтеріме көрші орналасқан.

Ол  менің  ойымды  оқып  қойғандай,  күлгін  түсті  түймелі  қалың  жемпірін  шешіп,  иығыма  жапты.

Жемпірден аздап темекінің күлімсі исі шығады.

«Бұл темекі шекпеуші еді ғой...».

Ол менің ойымды тағы да оқып қойғандай күлімсіреп:

– Подъездегі екі бойжеткенмен бүгін сөйлесіп едім, солар шеккен темекінің исі ғой, – деді.

«Екі бойжеткені» – төменгі қабатта тұратын тоғызыншы сыныптың екі оқушысы.

–  Сен  тағы  да  оларға  «темекі  денсаулыққа  зиян»  деп  лекция  оқыдың  ба?  –  дедім  әдеттегідей

екеуара  диалогтағы  сөзімді  қайталап.  –  Әйелі  бар  еркекке  ғашық  болу,  күндіз-түні  соны  ойлау,

«әйелінен  қайтсем  де  тартып  алам»  деп  жоспар  құру  да  күнә  ма?  Біреуді  жақсы  көру,  онымен

тағдырыңды қосуды армандау – қалайша күнә болады? Сеніңше, мен де күнәһармын ғой, – деп оның

ақылды көздеріне жаратпай қарадым.

–  Сен  онымен  ешқашан  өмірде  бетпе-бет  кездескен  жоқсың  ғой.  Сен  күнәһар  емессің,  сен  –  өз

қиялыңның құрбанысың. Оған деген сезімің осыдан бес жыл бұрын оянса, осы күнге дейін онымен

кездесуіңе болар еді ғой. Саған өз қиялыңмен өмір сүру ұнайды, сол себепті, сен онымен кездесуден

қашасың.  Кездессең,  оны  мәңгілікке  жоғалтып  алатыныңды  білесің.  Бұл  психологиялық  соққыны

сенің нәзік жүйкең көтермейді. Оған деген сезім, құштарлық – сенің әлсіз жүйкелеріңді емдеп, сенің

өмір сүруге құштарлығыңды арттырады. Саған өзіңді өзің сақтау үшін осы рөлді ойнау ұнайды. Сен

оның, жалпы ешкімнің сенің өміріңнің режиссері болғанын қаламайсың. Әйел жаратылысы ретінде

сенің ең басты қателігің – осы. Өзіңді өзің азаптап тағы да осылай қанша жыл өмір сүресің? Тағы да

бес жыл ма, әлде он жыл ма? Әлде отыз жыл?..

– Отыз жыл? Менің ендігі ғұмырым отыз жылдан аз...

–  Адам  өз  ажалын  өзі  шақырмауға  тиіс.  Адам  өз  өмірін  болжай  бастаған  кезде  қасында  шайтан

тұрады, – деп Санат маған жаратпай қарады.

– Мен оның екінші әйелі болуға да намыстанбас едім, – дедім.

Ол мені естімегендей терезеден далаға көз салды. Өлген кептерді шұқып жеп жатқан қарғаның

әрекетін үнсіз бақылай бастады.

–  Бала  кезімде  шешем  есік  алдындағы  керілген  жіпке  жаңа  сойылған  малдың  етін  тізіп  жайып,

мені  етті  қарауылдауға  қоятын.  Кітап  оқып  отырып,  етті  ұмытып  кететінмін.  Қарға  шұқып,  шұқып,

етті  жерге  түсіретін.  Көрші  үйдің  бұралқы  иті  келіп,  жерге  түскен  етті  алып  қашатын.  Мен  иттің

артынан қуып шаршайтынмын. Мен итті қуып жүргенде қарға етті тағы да шұқып, жерге түсіріп, ол

етті  басқа  көршіміздің  иті  жеп  кететін.  Мен  өкпем  өшкенше,  екінші  итті  қуалаймын.  Жете




алмағасын ызаланып, тас лақтырып, ұратынмын.

Өмір кейде қарға мен иттің арасындағы қарым-қатынасқа ұқсап кетеді. Қарға ешқашан итті етпен

тойдыру  туралы  ойлаған  емес.  Қарғаның  мүддесі  –  өз  қарнын  тойдыру.  Саясат  сахнасындағы

«қарғалардан»  қалғанды  «ит»  секілді  пысықтар  жымқырып  кетсе,  өз  қазынасына  ие  бола  алмаған

халық «қарғалардың» емес, «иттердің» артынан қуып жүреді. Себебі, қарғаға қарағанда өкпесі өшіп,

тілі  салақтап,  әйтеуір  бір  итке  жетуге  болатынын  біледі.  Бұл  ойын  неше  жылға  созылады?  Жалпы

бұл ойынның тарихына қаншама жыл? Бұл ойын атадан балаға, немереге мирас болып қалып жатыр.

Формуласы, ережесі бар бұл «зұлымдық ойыны» да барлық ойындар секілді зерттелуі керек қой. Оны

зерттеуге  ең  батыл,  шыншыл,  принципшіл  адамның  өзі  батпайды.  Себебі,  бұған  дейін  зерттеуге

талпынғандардың  өмірі  өліммен  аяқталғанынан  қорқады,  –  деді  мұңлы  көздерімен  ренішін  жасыра

алмаған ол.

Ас  бөлмеге  өтіп,  шай  қойып  жатқанымда  да  Санат  сөйлеп  жатты.  Мен  оның  бір  сөзін  естіп,  бір

сөзін  естімедім.  Әдеттегідей  дастархан  жаймастан,  қолына  шайға  қант  салынған  кесені  ұстаттым.

Ол  бетіме  таңдана  қарады.  Үйде  ешқандай  азық-түлік  жоғын,  кеше  қара  суға  күріш  қайнатып

жегенімді,  бүгін  де  құр  күрішті  қайнатып  жейтінімді  жалған  намысшылдықпен  оған  айтып,  мұң

шаққым келмеді.

–  Маған  өзімнің  жандүниемдегі  арпалысты  жеңу  ғана  маңызды,  –  дедім  шаршағанымды  жасыра

алмай.


–  Ішкі  жандүниеміздегі  арпалыс  көбіне-көп  өз  «Мендігімізден»  өзге  «Мендікті»  жоғары

санайтынымыздан  туындайды.  Ал  сыртқы  көрініс  мүлдем  бөлек.  Өз  «Мендігіңді»  өзге

«Мендіктерден»  жоғары  қоясың,  әманда  өз  «Мендігіңнің»үстемдігі  үшін  күресесің.  Күрес.  Жеңіс.

Жеңіліс.


Мен одан шаршай бастадым. Тезірек шайын ішіп, үйіне қайтқанын қаладым.

– Ол ешқашан билікке араласпайды, оның бәрінен көңілі қалған, – дедім бейсаналы түрде.

Санат: – Кім туралы айтасың? – деп бетіме таңдана қарады. Сосын әлдене санасына жеткендей: –

Оны  ұмытатын  уақыт  жетті  ғой.  Өмір  өтіп  барады.  Өмірді  құр  қиялмен,  иллюзиямен  өткізуге

болмайды.  Жас  емессің,  тұрмыс  құрып,  бала  сүюің  керек,  –  деп  бетіме  жанашырлық  кейіппен

қарады.  –  Біздің  ғасыр  –  депрессия  ғасыры,  бірақ  романтиктердің  ғасыры  емес.  Қиялмен  өмір  сүру

адамды Құдайдан алыстатады.

– Прагматиктерді Құдайға жақын деп саған кім айтты? – дедім жақтырмай.

– Әңгіме – романтиктер мен прагматиктер жайлы емес. Қиялмен өмір сүретін адам мына өмірден

алыстап  кетеді.  Өмірден  алыстау  –  Құдайдан  алыстауға  апаратын  қадам.  Шынайы  өмірдің

ережелерімен  ойнап  жүріп,  (отбасын  құру,  бала  сүю)  өзіңді  жоғалтпай,  кемелдендіріп,  Құдайды

іздеу  керек.  Құдайды  іздеу  арқылы  ғана  баянсыз  өмірден  мән  табуға  болады.  Рух  тәнде  ешқашан

тыныштық  тапқан  емес.  Аллаға  құл  болу  арқылы  ғана  жан  тыныштық  табады.  Жан  тыныштығын

табу – жылдардың, төзімділіктің, шыдамдылықтың жеңісі.

– Құдайды іздеп жүрмін, тек оны таптым дегенде, қайта жоғалтып алам, – дедім. – Мен Құдаймен

еш делдалсыз қарым-қатынас жасағым келеді.

Ол:  –  Жүректегі  балансты  сақтау  –  иманға,  адамның  сеніміне  байланысты.  Мына  өмірде  ізгілік

жасай алмасаң да, адамдарды жақсы көру керек. Адамды бүкіл кемшілігімен сүйіп, кешіру арқылы

Құдайға жақындауға болады. Кешірім – ізгіліктің алғашқы баспалдағы. Надан, тоғышар ғана кешіре

алмайды.  Адамдарды  жек  көретін  пенделерден  мен  қатты  қорқамын.  Олар  зұлымдық  жасауға

қабілетті.  Біреуді  ұнату,  жақсы  көру,  сүю  –  ол  қылмыс  емес.  Әлемді  ізгілік,  мейірімділік,  Құдайға

деген махаббат құтқарады. Өз сезіміңнің құлына айналып, бір отбасын бұзу – моральдық қылмыс. Өз

арың  мен  ұятыңның  тұтқынына  айналып,  «моральдық  қылмысты  жасамаймын»  деп  өз  сезіміңді

тұншықтырып, өзіңді шектей беру – бұл жаңалық ашуға, мына әлемді өзгертуге тиіс басты қоқыспен

толтыру. Адамның миы да кәдімгі ақпараттық файлдарды сақтайтын флешкаға ұқсайды. Миды артық

қоқыстан,  вирустан  сақтау  керек.  Адамның  басы  қоқысқа  толса,  мимен  ғана  емес,  физиологиялық

тұрғыдан да жұмыс істеуге қабілеті әлсірейді, – деді.

– Түсінесің бе, оның менің қиялымдағы үйшіктен шыққанын қаламаймын.

–  Оны  қиялыңдағы  үйшіктен  шығарғың  келмейтіндей  ол  –  ойыншық  емес,  адам,  –  деп  кешірімді

жүзбен жымиып, босаған кесені қолыма ұстатты. – Түсінесің бе, сол қиялыңдағы үйшікке оны емес,

сен  өзіңнің  тұлғалық  қасиетіңді,  арманыңды,  өзіңнің  «Мендігіңді»  жасырдың.  Өзіңді  өзіңнен  босат.

Сонда  ғана  сен  ешкімнің  құрбандығы  емес  екеніңді,  өзіңнің  құрбандығың  –  өзің  екенін  сезінесің.

Өмір дегеніміз – Сен!

–  Өмір  дегеніміз  –  салыстыру  ойыны.  «Салыстыру  ойынынан»  адамдар  «тепе-теңдікті»  іздеп

шаршайды.  Өмірден  «тепе-теңдікті»  тапқандар  Құдайды  көбіне  ұмытып  кетеді,  ал  таппағандар



ұмытпайды.  Ұмытпайтыны  сол:  Құдайға  ренжіп,  жылайды,  ұрсысады,  тіпті  Құдайға  тіл  тигізіп,

қарғап та жібереді. Өзіне өзі саналы түрде қолжұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді.

Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой, – дедім.

– Өзіңді көп зерттейсің, – деп жымиды ол. – Адам өзін зерттей бастағанда алдымен сәтсіздіктерін

есіне  алады.  Әрине,  пендені  қателіктері  өкіндірмей  қоймайды.  Өкініш  –  өмірден  түңілуге,  түңілу  –

өзіңді  жоғалтуға  әкеледі.  Адам  көбіне-көп  қабылдаған  шешімінің  қате  екенін  біледі.  Біле  тұра,

саналы  һәм  бейсаналы  түрде  қателікке  бой  ұрады.  Өзінің  сәтсіздік  деп  қабылдаған  қадамыңның

кейбірі уақыт өте келе қуаныш пен шаттыққа бөлеп жатады.

– Ал мен өз сәтсіздігімнен бақыт табуға тырысам, – дедім жұлып алғандай.

Осы кезде оның телефоны шырылдады. Әйелі. Санат жол апатына түсіп, төсек тартып жатқанда

ауру күйеуін тастап, орыс жігітпен кетіп қалған.

– Сен әйеліңді кешірдің бе? – деп сұрадым.

Оған деген еш сезімім болмаса да, әйелінен қызғанатынымды сездім.

– Менің кешірген, кешірмегенім оған түкке де қажеті жоқ. Оны кешіру маған керек. Зұлымдықтан

сақтану  үшін  ғана  емес,  сол  зұлымдықты  жасамау  үшін  де  кектенбей,  кешіре  білуіміз  керек.

Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз. Әкенің кекшілдігі –

ұл  баланы  әйелдерді  қорлап,  өш  алуға  итермелесе,  шешенің  кекшілдігі  –  қыз  баланы  еркектерге

зұлым,  арам  деп  қарауға  үйретеді.  Әйелін  жек  көретін  еркектің,  болмаса,  күйеуін  жек  көретін

әйелдің  балалары  психологиялық  соққы  алғандықтан,  өмір  сүруге  құштарлықтары  болмайды,  олар

өмірді  ешқашан  сүймейді.  Өздеріне  қолжұмсап  өлетін  балалардың  көпшілігі  осындай  отбасы

құндылығы аяққа тапталған отбасынан шыққан. Ал мен ұлымның ұзақ өмір сүргенін армандаймын.

Әйелім өз өмірін сүріп жатыр. Үйленер кезде болашақ жарымның табиғатын терең зерттемеген өзім

кінәлімін, – деп менімен қоштасып, баласымен кездесуге кетті.

Сол  сәтте  суреттен  ғана  көрген  оның  сүйкімді  сары  баласын  көргім  келді,  бетінен  сүйіп,  қатты

еркелеткім келді. Баласын ғана емес, әкесін де жақсы көретінімді өзіме де мойындай алмас едім.



«МЕН»

Бүгiнде арбатқа қарай аяңдап келемiн. Қайыршы қыз қасыма үнсіз келіп, алақанын жайды. Соңғы

жүз  теңгемдi  оның  алақанына  салдым.  Ендi  үйге  дейін  бір  шақырым  жерді  жаяу  жүріп  барамын.

Құлағыма скрипкадан шыққан мұңлы ән шалынды. Қайыршы қыз да скрипка даусы шыққан жаққа

мойнын  созып,  мұңайып  қарап  қалыпты.  Жас  жiгiттiң  барлық  ынтасы  күй  тартуға  ауған.  Қандай

мұңлы күй едi?!

Адамдар  тамаша  скрипкашы  жiгiтке  тиын-тебен  бермеудi  өздерiне  ұят  санайтын  секiлдi.

Қалтамда көк тиын жоқ. Оны да, менi де өзiне тәуелдi еткен картон қағаздан жасалған кішкентай

жәшiктегi тиындарға жиiркене қарап тұрдым...

Өзiме бiреудiң мүсiркей қарағанын жек көрем. Өзiм де ешкiмдi мүсiркегiм келмейдi. Солай бола

тұра  өз  ерiк-санамнан  тыс  бетi-аузы  күйiп  қалған,  мұрнының  жартысы  жоқ,  ернi  жырық,  кескiнiне

адам  қарауға  қорқатын  қайыршы  қызды  қатты  аяймын.  Қыз  «көмектесiңiздершi»  деп  бiр  ауыз  сөз

айтпайды.  Алақанын  үнсiз  жайып,  адамдарға  жақындайды.  Байғұс  қыздың  күйiп  кеткен  бетiнен

қорқа ма, оған адамдар садақасын терiс қарап тұрып бередi.

***

– Ол сiзге ұнай ма?



Қайыршы қыздың сыбырлай шыққан даусынан шошып кеттiм.

– Сiз оны жақсы көресiз ғой?..

– Мен оны көргенде дүние есігін ашқалы ақшаға тәуелді болып келе жатқан өзімді ойлаймын.

– Мені көргенде не ойлайсыз?

– Білмеймін... Ештеңе...

– Өтірік айтасыз. Сіз скрипкашы жігітке сүйсініп қарайсыз, ал маған... Маған...

Сөйлей алмай булығып қалды.

– Ол талантты. Маған оның скрипкада ойнауы ұнайды.

– Неге қорқасыз? Тіленшіге ғашық болудан ұяласыз ба? Әлде қайыршыда сезім жоқ деп ойлайсыз

ба?


– ...

– Ол да адам ғой.

– Иә, адам.

– Сұлу жiгiт.

– Әдемi және өте талантты.

– Қайыршы бола тұра ол да мені аяйды.

Жылап жіберді. Жұбатпадым.

– Айтыңызшы, егер мен де талантты болсам, адамдар мені де жақсы көрер ме еді?

– Иә...

Басқа аузыма сөз түспеді.

–  Мен  сенi  жек  көрем.  Сенiң  анау  сұлу  дуана  жiгiтiңдi  де,  маскүнем  әкемдi  де,  миғұла  шешемдi

де, санасыз әпкемдi де бәріңді, бәріңді жек көрем. Бәрiңдi, естисiң бе, бәрiңдi жек көрем.

Арбатта  байғұс  қызды  сыртынан  күзетiп,  балмұздақ  жеп  отырған  анасы  мен  әпкесi  маған  жек

көре қарап, «кет!» деп жекірді.

Скрипкашы жiгiт тартып жатқан күйiн кiлт үзiп, бiзге таңырқай қарап қалыпты.



***

...Скрипкашының скрипкасынан төгілген мұңлы әуен тас қаланы тастап, мәңгілік құшағына сіңіп

кеткен.  Арбаттағы  етжеңді  қайыршы  әйел  жымсық  көздерін  сығырайтып,  миығынан  жымиды.

Жамау  түскен  көйлек  киген  бейшара  әйелдің  ұлы  мақсаты  бар  менің  шарасыз  күйімді  келеке

еткенін  жаратпадым.  Ызаланып,  садақамды  екі  қолы  шынтағынан  кесілген  мұжықтың  мойнына

ілген көк қорапқа тастадым.

Тиынмен соғылған тиын сыңғыр еткенде орыс шал:

–  Сізді  Құдай  аясын!  Жан  өлген,  сенбейсіз  бе?  –  деп  қызарған  мұрнын  иығына  сүрткіледі.  –  Сол

күні шарапты мас болғанша сімірдім.

Қара әйел: – Жанның мұңын жеткізетін әуен енді ешқашан арбатта естілмейді, – деп күрсінді.

–  Сіз,  шынымен  білмейсіз  бе,  ол  Италияда  өтетін  скрипкашылардың  халықаралық  байқауына

кеткен, – дедім.

Даусымның соншалықты сенімді шыққанына таңғалдым.

– Байқауы несі? Ақылыңнан алжасқан шығарсың, байғұс, өлген адамға байқау неге керек? – деп

қара әйел бетіме мүсіркей қарады.

***


«Қиялмен  өмір  сүру  қас-қағым  сәт,  көрген  түстей  болса  да,  ғарышқа  ұша  алатын  қанат  бітіреді.

Қиялдағы  ертегі  әлем  ғана  ғажайып  өмірдің  қақпасын  ашады.  Егер  тірі  жүргенім  түс  болмаса,  құр

сүлдерімді бір күннен екінші күнге сүйреп жүрген екінші өмірім– санадан тыс қиялдағы тіршілігім.

Жүрегім  қайыршы  скрипкашы  тартатын  мұңлы  әуенді  іздегеннен  бастап  ақынның  образын  жасап

алған шайырдың шимай-шатпағын оқымайтын болғам».

«Мен» ішкі даусын өзі ғана естіп, қорқынышты ойдан селк етті.

***

Скрипкашының  жоқтығы  жанына  қатты  батты  ма,  қайыршы  қыз  нан  сұрап  жейтін  мекенін



өзгерткен.  Ал  мен  жұмыс  уақыты  бітер-бітпес  скрипкашымен  кездесетіндей  асығып,  арбатқа

жүгірем.


Соңғы  уақытта  жол  асты  көпірінің  кіре  берісінде  қызылды-жасылды  киінген  орыс  жастары

скрипка тартып, өткен-кеткеннің назарын аудара бастады.

Сұлу бойжеткен мен  жанарында ой жоқ  жігіттің алдындағы картон  қағаздан жасалған жәшікке

ұсақ тиын тастап: – Жүрегін мұң басқан скрипкашы тартқан аспаптан тек қана мұңлы әуен естілетін,

– дедім.

Олар үн қатпастан «Ай сонатасын» ойнады.

– Бетховен өзі жазған музыкаларды жүрегімен естіген. Көзі көргенмен –керең, құлағы естігенмен

–  соқыр  қоғам  дарындылардың  үнін  жүрегімен  ести  алмайды.  Скрипканы  шебер  тарта  алмау  –  ұят

емес.  Өнерге  сатқындық  жасау  мен  дарынсыздығыңды  өлермендікпен  бүркемелеу  жиіркенішті,  –

дедім.


Қазанбас қабағын түйіп:

–  Сен  кімсің?  Музыкантсың  ба,  әлде  өнертанушысың  ба?  Сенің  мылжың  сөзіңді  тыңдауға

уақытымыз жоқ. Жолыңнан қалмағаның дұрыс, сұлуым, – деп кекете күлді.

***


Құлағы  естігенмен,  көзі  көргенмен,  нота  жаттауды  білгенмен,  ешқашан  музыканы  жүрегімен

сезінбейтін оны «Мендігім» мүсіркеген.

***

Күн бесіннен түскенде оны іздеп тағы да «Жібек жолына» қарай қадам бастым. Бұл жолы жалғыз



емеспін, қасымда Қарашаш бар.

– Қарашаш, мен қуанышымды ұрлатып алсам да шын жылай алмаймын.

– Себебі, қуаныштың астарында мұң жасырынып жататынын білесің.



– Жүректегі мұңымды көз жасым да жуып кетіре алмайды

–  Адамдардың  қуанышы  бір-біріне  ұқсағанымен,  мұңы  ұқсамайды.  Сенің  шынайылығыңнан

қорқам, – деді ол.

Субұрқақты тамашалап тұрған ұзын бойлы, ат жақты, аққұба жігіт:

– Көзқарасыңыз қызық екен, – деп күлімсіреп қасымызға келді.

Жігіттің құлағына көзім түскенде, бойымды үрей биледі. Жігіттің екі құлағы да жоқ еді. Ол тіпті

кемшілігін шашымен де жасырмапты.

Бейтаныс жігіт бетіме күлімсірей қарап: – Сіз әлдебіреуді іздеп мұңаясыз,– деді.

(Бейтаныстың жанары сондай мұңлы еді. Оның мұңын бетперде киген «Мен» сезінбеген)

– Сіздің суретіңізді салғым келеді.

(...Сұлулыққа оранып дараланған скрипкашыны іздеген «Мен» оның сөзін құлағына ілмеді).

– Құрбыңыз Қарашаш екеуіңізді балетке шақырсам, келер ме едіңіз? – деп бетіме сұраулы жүзбен

қарады.

– Балетті ешқашан өнер деп санаған емеспін.

***

...Суретшінің  қасында  «Меннің»  балет  өнері  туралы  түсінігі  тым-тым  қарабайыр.  Өнер  туралы



пайымы  өзін  мәдениетті  етіп  көрсету  үшін  Опера  және  балет  театрының  есігін  ашатын  шен-

шекпенділермен деңгейлес еді. Соңғы ақшасында балетке жұмсайтын ол суретшімен театрға баруды

намыс көрген.

***


Бір жеті өткен соң Суретшімен Опера және балет театрының алдында кездесіп қалдым.

– Осы маңда бір шаруам бар еді, – деп езу тартқан ол.

Оны  көзіммен  шығарып  салып,  «Ұйқыдағы  аруға»  екі  билет  сатып  алдым.  Сенбі  күні  театр

алдында Қарашашты күтіп тұрғанымда, қыпша бел бойжеткеннің нәзік қолын аялай ұстаған суретші

басын изеп, қасымнан үнсіз өте шықты.

Қарашаш:  –  «Ұйқыдағы  арумен»  бірге  суретшінің  құрбысы  да  ұйықтап  жатыр,  –  деп  бүйірімнен

түртті.

Суретшінің иығына басын сүйеп, пісте мұрны пысылдап, әдемі бикеш тәтті ұйқыға батыпты.

(...«Мен»  екі  құлағы  жоқ  суретшіні  өзінен  әлдеқайда  сұлу  қыздан  қызғанып  қалған.  «Ұйқыдағы

арумен» бірге ұйықтаған бойжеткеннің әдемі пісте мұрнына бекзат өнер – балеттің ғана емес, сурет

өнерінің де иісі бармайтынын бағамдаған.)

–Екі құлағы жоқ суретшімен «ұйқы періштесінің» театрға келгеніне таңым бар, – дедім.

– Оның екі құлағы жоқ па? – деп таңғалды Қарашаш.

Қарашаш бетінің жартысын жауып тұратын үлкен көзілдірігін түзеп, суретшіге тесіле қарады.

– Шынымен, екі құлағы да жоқ. Ол, сөз жоқ, өте талантты.

Қарашаштың танымында шын дарын иесі қасірет шегуі тиіс.

– Ол саған ұнай ма? – дедім. – Онда келесі жолы суретшінің театрға шақырған ұсынысын қабыл

алайық.


– Сүйген қызы бар емес пе? Тек сен ғашық екен деп ойлап қалма! Дарынды қылқалам шеберінің

шеберханасындағы картиналарды көргім келеді, – деп өзіне тән ұяңдықпен жымиды.

– Ұйқыдағы ару екеуінің арасында ешқандай да сезім жоқ, – дедім мен.

Спектакль аяқталғанша, Қарашаш суретші жаққа жиі көз тастап, мазасызданып кетті.

***



Бір ай өтті. Опера және балет театрында жылдар бойы жүрсе де, көруге сәті түспеген «Аққулар

көліне»  таныс  салып,  екі  билет  алдық.  Ложада  суретші  бізбен  қатар  отырды.  Ол  тіпті  Қарашаш

екеумізбен бас изесіп, амандаспады. Шашын иығына дейін өсіріпті. Суретшімен иық тіресе отырған

кәрі қыз еркелеп, суретшінің сирек шашын иіскеп қояды.

– Ол жоқ құлақтарын ғана жасырмапты, шынайы болмысынан да алыстапты, – дедім.

Қарашаш  сөзімді  естімегендей,  сахна  шымылдығынан  көз  алмай,  жанарын  бір  нүктеге  қадап

отыра берді.

***


Қарашаш жексенбі күні маған ермей үйде қалды.

– Несіне барам? – деді. – Кімді іздеп барам? Оны шынымен сүйсең, оның скрипкасынан төгілген

әуенді үйде отырып та, ауылда жүріп те ести аласың. Ол әлдеқашан әруаққа айналған. Оны бүгін өзі

бір  тілім  нан  сұрап  жеген  субұрқақтың  қасына  жерлеп  кел.  Әйтпесе,  өз  «Мендігіңнің»  құрбанына

айналасың, – деді зілді үнмен.

– Скрипкашыны ұмыта алмай жүрсем, ол менің «Мендігімді» жерлеп кеткен.

– Ол қайыршы неме аш қарнын тойдырудан басқа ештеңе ойлаған жоқ.

– Ол мені қиялында сүйді.

Сіркесі  су  көтермей  отырған  Қарашашпен  сөз  таластырғым  келмей,  өзіме  таныс  жолды  бетке

алдым. Қара әйел мен орыс шалын алаламай, екеуіне де садақа тастадым.

– Құдай кешірсін, ораза ұстап жүріп, көңілі жарым кемпірдің талай жылдан бері сақтаған жүзім

шарабынан  бір  стақан  іштім,  –  деді  әйел.  –  Құдай  кешірсін,  Жанға  күн  сайын  садақа  беретініңді

қызғанушы  едім.  Құдай  тілеуіңді  берсін,  сол  қайыр-садақаңды  күн  сайын  маған  беріп  тұршы.  Бұл

пақырға жаның ашымай-ақ қойсын, оны орыстары жарылқап жатыр.

–  Домбыраны  сабалап,  қазақтың  әнін  бұзып  айтпаңыз,  әйтпесе,  алақаныңызды  жай  ғана  жайып

отырыңыз.

Жүзі  сұрланған  әйел:  –  Пәтшаһар,  садақаңды  сұлу  қайыршы  жігітті  аяп  емес,  ғашық  болып

бергеніңді  білеміз  ғой,  –  деп  ызалы  мырс  етті.  –  Шешеңдей  адамға  ақыл  үйретпей,  аулақ  жүр,

тәрбиесіз.

Көзімнен жас ыршып кетті.

– Бақытсыз сорлы ұйықтап жатып оянбай қалса, не шара? – деп күрсінді әйел.

– Сеніңіз, сіз онымен арғы дүниеде кездесесіз, – деді орыс шал.

–Сорлы,  о  дүниенің  барын  көріп-біліп  келгендей  сөйлейсің  ғой.  Оданда  «осы  дүниеде  бақытты

бол» деп тілесеңші, – деп оған дүрсе қойды қара әйел.

«Ораза ұстасаңыз, онда неге о дүниенің барына сенбейсіз?», – деп сұрауға оқталдым да, олардың

сөзін ары қарай естігім келмей теріс бұрылдым.

«Мендігімнің»  мәңгілік  дүниенің  емес,  жалған  өмірдің  бақыты  үшін  күресіп  жүргенін  сезініп,

жылағым келді...





жүктеу 0.49 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет