БалалықТЫҢ КӨктемi



жүктеу 0.49 Mb.
Pdf просмотр
бет3/19
Дата16.02.2022
өлшемі0.49 Mb.
#17296
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Аягүл Мантайдың әңгімелері
ЖАЛҒЫЗДЫҚ БИІ

– Үйден жалғыздықтың исі шыға ма екен?

– Гүлдің және француз әтірінің исі шығады.

– Жігіттен соңғы рет қашан гүл алғанымды ұмытып қалыппын, –

деп көзіне түскен кекілін қайтарып, суық жымиды.

– Бәлкім, сұлулық жігіт сезімін құрбан еткен болар?

Оның өз сұлулығын мақтан ететінін сезем.

– Жігіттердің жабайы сезімін салқынқандылығым үркітсе керек.

– Жаңбыр астында жалаңаяқ жүгіреміз бе?

–Жылы жаңбыр емес. Суықтап қаласыз.

– Түсінесіз бе, көктемнің келгенін сезінбей жазды өткердім.

– Шаршасаңыз, билейік, – деді ол.

– Музыкасыз қалай билейміз?

– Естисіз бе, сіздің де, менің де жүрегімде жалғыздық ән салады, – деп

екі қолымнан ұстаған актриса шыр көбелек айналдыра бастады.

– Егер қараңғылық құшағында мүлгіген әр түнде «Жалғыздық биін» билеп жүрген адам сұлбасын

байқасаңыз, ол – менмін. Түнді жаңғыртып, біреуді жоқтаған адамдай жылаған қыз даусын естісеңіз

– ол да мен.

Оның сөзін ары қарай естімедім. Көз алдым қарауытып, басым айналды.

«Жалғыздық  биін»  билеуден  шаршады  білем,  қасыма  келіп,  терезеден  жаңбырлы  далаға  көз

салды.

–  Өткеннен  есімде  ештеңе  жоқ.  Өзіме  қол  жұмсамақ  болғаным,  ажалмен  бетпе-бет  келгенде,



адамның  бір  тамшы  да  көз  жасына  тұрмайтын  жалған  өмірді  қия  алмай,  жанталасқаным  еміс-еміс

есімде. Сонда не себепті өлгім келгенін де білмеймін.

– Өзіңізді не үшін өлтіргіңіз келгенін білесіз, тек оны іштей болса да мойындау өте ауыр.

–  Пәтерден  пәтерге  көшіп  жүрген  кезімде  жалғызбасты  кемпірдің  құжырасын  паналадым.

Қазымыр  кемпірдің  өлімін  мысықтілеумен  күттім.  Ұйықтап  жатқан  кемпірді  жастықпен

тұншықтырып  өлтіргім  келетін.  Кемпірмен  бірге  дастарқан  басында  шай  ішіп  отырғанда  да  оны

өлтіру туралы ой басымнан шыққан емес. Байғұс кемпір өз ажалымен өлді. Сол күні кемпірді емес,

өзімді өзім жоқтап жыладым. Америкадан немере қызы мен негр күйеу баласы келіп, пәтерді сатты.

Немересі әжесінің зиратының басына да барған жоқ. Сіз болсаңыз, қоқыстан утопия іздеп, қиялмен

өмір сүресіз. Шынайы өмірде ойлағаныңыз іске аспай, жаныңыз қиналады, – деп мұңлы жымиды. –

Қарапайым өмірді сіз секілділер тым күрделендіріп жібереді. Мұңнан арылғыңыз келсе, өлім жайлы

ойлаңыз.  Өз  ажалыңызбен  өлесіз  бе,  әлде,  қастандықпен  ажал  құшасыз  ба,  қысқасы,  қалай

өлетініңіз туралы ойлаңыз.

–  Далада  аппақ  қар  жауып  тұрған  кезде  ұйықтап  жатып  оянбай  қалам.  Тәнім  ұйықтап,  жаным

аппақ қардың ұлпасына шомылып, рухым мәңгілікпен сұхбаттасып жатады.

Ол  сол  сәт:  –  Сіз  адамның  қолынан  ажал  табасыз,  –  деп  суық  жанарымен  маған  мүсіркей  қарап

тұрды.

Арамызда  үнсіздік  орнады.  Ол  да,  мен  де  үнсіздікті  бұзғымыз  келмеді.  Оны  алғаш  көргенде



сығанға ұқсатқаным есіме түсті. Көздері ойнап тұратын, көзінің жасын сүртіп отырып, сиқырланып

күле салатын, бетіңе жымиып қарап, сені жек көріп тұратын, қатар отырған екі адамды бес минөттің

ішінде  бір-біріне  өшіктіріп,  жауға  айналдыратын,  көңілі  соқса  –  достастыратын,  ішінде  шайтан

отырған  бұл  қызды  мен  ешқашан  жақсы  да,  жек  те  көре  алмаймын.  Қорқыныштысы,  менің  бүкіл

жан-дүнием  оған  тәуелді,  ол  –  менің  көлеңкем  секілді,  жо-жоқ,  мен  оның  көлеңкесі  секілдімін.  Ол

бұрын  қанша  рет  кездесуге  шақырса  да,  түрлі-сылтау  айтып  қашып  жүретінім:  мойныма




қарғыбаудың тағылуынан қорқады екенмін.

–  Мен  сіздің  кезекті  құрбандығыңызбын  ба?  –  дедім.  Даусымның  қорыққан  адамдай  сыбырлап

шыққанына ызам келді.

– Сіз бе? Жоқ, сіз менің тіпті құрбандығым болуға да жарамайсыз. Сіз миллионердің ақымақ қызы

болсаңыз, сізге ғана емес, әкеңізге де бұл дүниенің «жұмағы» мен «тозағын» қатар көрсетер едім.

Мен  пәтерге  ешқашан  ақша  төлеген  емеспін.  Ал  сіз  пәтер  ақысын  төлей  алмай,  өзіңіздің

бейшаралыңызға  налып,  талай  рет  еңіреп  жылаған  шығарсыз?  –  деп  мысқылдай  күліп,  темекісін

тұтатты.  –  Сіздің  жүйкеңізбен  «психологиялық  соғыс  ойынын»  ойнаған  қандай  қызық!  Сіздің  әлсіз

жүйкелеріңізді өріп, қайта тарқатқанның рахатын тілмен айтып жеткізе алмаймын.

Темекісін құшырланып сорып, түтінін маған қарай үрледі. Ызам келді.

– Сайқал екенсіз, – дедім тістеніп аузыма басқа сөз түспей.

Ол: – Бұл сөзді талай адам айтқан, – деп иығын қиқаң еткізді.– Темекі шекпейсіз бе?

Темекісі құрғырға әуестігім болмаса да ол ұсынған бір талын тұтатып, түтінін жай үрлеп тұрдым.

Түтінін аузыма толтырып, екі-үш рет жұтып жібергенде қақалып-шашалып, басым айналды.

–  Сіз  тіпті  темекіні  қалай  ұстауды  да  білмейсіз  ғой.  Күрделілікке  ұмтылып,  қарапайымдылықты

ұмыт қалдырыпсыз, – деп мүсіркей қарап, сайқалдана жымиды.

–  Өмірде  кімнің  рөлін  ойнауды  білмей  жүрген  адам  сахнада  ешқашан  шынайы  образ  жасай

алмайды. Себебі...

– Себебі, мен рухани мүгедекпін. Сүйгенімді қиялыммен өлтіріп, бетіне мүсіркей қарадым. Бірде

бір аяғын тізеден кесіп, мүгедек, мүсәпір етіп, оны аяп, көзіме жас алдым. Түсінесіз бе, ол маған сол

мүгедек  қалпымен  де  қымбат  еді.  Сіздің  мөлдір  әлеміңізді  кірлетіп  жібермедім  бе?  –  деді  мысқыл

араласқан мұңлы үнмен.

– ?..

– Үндемейсіз. Жанарыңызда бір үрей бар, – деп маған жек көре қарады.



– Сіз маған шынайылығыңызбен ұнай бастадыңыз, – дедім.

– Шынайылық? Қайдағы шынайылық? Менің бүкіл болмысым тек қана жасандылықтан тұрады.

Көзінен мөлт-мөлт жас аққан ол ерекше сұлуланып кетті.

–  Алғаш  рет  он  алты  жасымда  әкеме  өлім  тіледім.  Әкем  өлсе,  біздің  отбасы  бақытты  өмір

сүретіндей  көрінді.  Жиырма  жасымда  болашаққа  деген  үмітімді  сөндірген  анамды  жек  көрдім.

Себебін сұрамайсыз ба? – деп көз жасын сүртті.

– Маған адамдар құпиялығымен ұнайды. Құпиясын ашып қойған адамдардан тез жалығып кетем,

– дедім.


–  Күнделік  жазбаймын.  Көзімнен  аққан  жас  күнделігімді  сарғайтып  жібергеннен  кейін  жазуды

доғарғам. «Бүгін әкем өлердей мас болып, шешемді тепкіледі» деп басталатын менің күнделігімнің

әр беті. Күнделігімнің «Бүгін әкем анама гүл сыйлады. Біз бүгін кешкі асымызды өте көңілді іштік»

деген  беті  де  бар.  Бірақ  бұл  –  менің  бар  болғаны  қиялым  еді.  Сол  күні  де  біздің  үйде  «дәстүрлі

спектакль»  жүріп  жатқан.  Жүрегіме  сурет  салған  қасірет  пен  үміттің  айқасы  күнделігімде

бейнеленді. Бала кездегі армандарым тізілген тырналарға айналып, биікке қарай қанат қаққанымен,

әлі күнге дейін жылы мекендерін таба алмай адасып жүр, – деп күрсінді.

– Балаға ең алғашқы әділетсіздік ата-анасы тарапынан жасалады, – дедім.

– Уақытты айтпайсыз ба?

Сағат тақпайтын болған соң сөмкемнен ұялы телефонымды іздедім.

–  Сіз  де  мен  секілді  уақытты  сағынасыз,  білем  ғой.  Уақытпен  бет-бет  келсеңіз,  оны  үркітіп

алмаңызшы, – деді сыбырлай сөйлеп.

Онсызда күңгірт бөлме ішін қараңғылық құшағына орады.

Пальтомды киіп, қолшатырымды алып, онымен қоштастым.

– Қайда асығасыз?



– Автобус тоқтап қалады.

–Уақытпен  жүріп,  уақыттан  бәрібір  қалып  қойдық.  Кафеге  барайықшы,  еңсемізді  басқан  мұңнан

сергіп қайтамыз.

Ол менің келісімімді алмастан, киіне бастады.

Оның  ұсынысынан  бас  тарта  алмадым.  Бүгін  жалақымды  алғанмын.  Мардымсыз  ақша.

Қарыздарымды қайтардым. Ертең пәтерақысын төлейтін күн.

Актриса секілді мен де күнделік жазбаймын. Егер күнделік жазып, құпиямды ішіне бүккен дәптер

әлдекімнің қолына түсе қалса, «ақшадан қиналдым» деген жазуды көзі жиі шалар еді.

–  Біздің  әрқайсымыздың  тағдырымыз  «Жоғарыдан»  жазылып  қойғаны  рас  болса,  онда  біздің

әрқайсымыз  «өз  нотамызды»  еркімізден  тыс  жаттап  алғанбыз.  Байдың  еркетотайларының  өмірі

рэпке ұқсайды, – деп күлді ол.

Екеуміз кафеге кіріп, терезеге таяу орынға жайғастық.

Актриса:

– Шарап ішесіз бе? – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады.

– Қызыл шараптан ұрттап отыруға қарсы емеспін.

Ол қызыл шарапты қанағат тұтпай, коньякқа тапсырыс берді.

–Табиғатымнан  жезөкшемен  ұқсастық  байқаған  ба,  кинорежиссер  «түнгі  көбелектің»  рөлін

ұсынды. Мен жезөкшеге ұқсаймын ба? – деп қол айнасына өзін жаңа көргендей үңілді.

– Голливудтық әйгілі  актриса Джулия Робертс  те «Сұлу бикеш»  фильмінде жезөкшенің образын

сомдайды.

–  Біз  –  күнә  мен  қателіктің  жемісіміз.  Біздің  әрқайсысымыздың  болмысымыз  –  жалаңаш.  Тек

жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні күлкілі.

Күлгенде көзінің астындағы ұсақ әжімдер тіпті қалыңдап кетеді екен.

– Сізге болмысыңызды ақ түспен киіндірген ұнайды екен, – деді сайқал күлкі иесі.

Бойымды мұң басып, әңгімеге зауқым соқпады.

– Билейік, – деді ол.

– Билегім келмейді.

– Өзімді тобырдың ортасында ғана бақытты сезінем, – деді ол шаттанып.

Ол жеңіл ырғақты ағылшын әніне иықтарын жұлқылап билеп жүрген топқа барып қосылды. Қас-

қағым сәтте қысқа қызыл көйлекті актрисадан көз жазып қалдым.

Терезені  жаңбыр  сүйіп  жатты.  Өзімнің  сезімсіз  жүрегімді  аяп,  жылағым  келді.  Жалғыздық

мұңына қамалып, торыққан жанымды тек қана жаңбыр түсінетіндей.

– Көп күттің бе?

Қылымсыған актриса тақырбас жігітіне төрден орын ұсынып, өзі қатар отырды. Қысық көз жігіт

сөзге  тым  сараң  екен.  Есесіне  қомағайлау.  Кәуапты  таусып,  балықтан  жасалған  салатты  сүйсініп

жеп отырған тақырбас айналасында адам барын ұмытқан секілді.

– Сіз бизнеспен айналысамын дедіңіз бе?

– Иә.


– Құпия болмаса, қандай бизнес?

– Көтерме бағамен жеміс-жейдек сатамын.

Актриса сызданып, үнсіз қалды.

Бизнесмен балық салаты салынған ыдысты босатып, қызанақ салатына қол салды.

Актриса тақырбасқа қарап:



– Тағам мен салатқа тапсырыс берейік пе? – деді.

Қалауларыңыз білсін, – деген ол актрисаның алдындағы қарыннан жасалған салатқа қол созды.

– Сіздің кететін уақытыңыз болмады ма? – деді актриса тақырбастың жанарына жанарын қадап.

– Сізді үйіңізге шығарып саламын, – деді тақырбас еш абыржымастан.

– Рақмет! Үйімді сізсіз де таба аламын.

Тақырбас орнынан тұнжырай тұрып, көңілсіз езу тартып, қоштасты.

Тақырбасты  көзімен  шығарып  салған  актриса:  –  Ұятсыз!  –  деді  тістеніп.  –  «Бизнесменмін»  дейді

ғой. Өтірікші. Қалтасында көк тиыны жоқ. Жеміс-жейдек сатушы.

– Болмысыңызды қара түспен киіндіргенде өзіңіз ғана жапа шегесіз.

–  Театрға  оралып,  Қаралы  сұлудың  бейнесін  сомдауды  армандаймын,  –  деді  ол.  –  Қаралы  сұлу

күйеуі  өліп  жесір  қалса,  мен  сүйгенімді  қиялымда  көміп  тастап,  өзімнің  ар-ұятыммен  арпалысып

келемін.


–?..

–  Сізді  жалықтырып  жібердім  бе?  Кешіріңіз,  менің  өмірім  –  сіздің  өміріңіз  емес  екенін  ұмытып

кетіппін.  Біздер  бір-біріміздің  өмірімізге  соншалықты  немқұрайлы  қарайтындықтан  бақытсызбыз,  –

деді ол зілді үнмен.

– Керісінше, біздер бір-біріміздің өмірімізге жиі араласатын себепті көп-көп қателікке жол беріп

жатамыз.


– Әр адамның болашағын өткені қалыптастырады. Өмірде құрақ көрпе секілді, өзіңнің қайғың мен

қуанышыңды үйлесімді етіп, құрастыруың керек.

– Бұл кафеде бал қосылған көк шай бар ма екен? – дедім.

–  Мен  даяшы  емеспін,  –  деп  жасанды  жымиды.  –Кинорежиссермен  кездесетінімді  ұмытып

кетіппін. Кешір, кетуім керек.

Ол  асығыс  жиналып,  кафеден  шығып  кетті.  Даяшымен  есеп  айырысып,  қалтамдағы  тиын-

тебенімді  санасам,  сексен  бес  теңге  ғана  қалыпты.  Такси  ұстауға  ақшам  жоқ.  Үйге  қарай  жаяу

аяңдадым.

Көңілім құлазулы. Бірақ мені ренжіткен күз емес еді...



Жауһар

Біз  ол  кезде  құрбым  Жауһар  екеуміз  қаланың  шетінде  пәтер  жалдап  тұратынбыз.  Түнгі  клубқа,

таныс  жігіттер  шақырған  кештерге  бармай,  үйде  кітапқа  көміліп  жатып,  болашақ  ханзадамыз

туралы қиялдаймыз. Кафеде танысқысы келген жігіттерге мойын бұрмай екеуден екеу отырамыз.

–  Өмір  өтіп  барады.  Ал  біз  түк  те  тындырған  жоқпыз.  Сонда  өмірге  не  үшін  келдік?  –  дейді  ол

бетіме сұраулы жүзбен қарап.

– Өлу үшін.

–  Жоқ,  мен  өмірге  өмір  сүру  үшін  келдім.  Бірақ...  білесің  бе,  мен  ылғи  да  өзімнің  бейітімнің

басында жылап отырамын. Әлден соң үйде отырғанымды сезінем де қорқыныштан селк етемін.

– ?..


– Неге үндемейсің?

–  Мен  өзімді  ұйықтап  жатып,  ояу  жатқандай,  ояу  жатып,  ұйықтап  жатқандай  сезінем.  Күн  суық

күні ыстықтап жүремін, ал ыстық күні тоңып жүремін.

Жауһар: – Кеше көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Әкем туралы ойладым. Ол өзін өзі жоғалтып

алған адам. Бір уақытта көз алдыма аппақ кебінге оранып жатқан әкем келді. Өксігімді баса алмай

ұзақ  жыладым.  Жарықты  жағып,  айнаға  көз  салдым.  Айнадан  сыртқы  кескін-келбетімді  көрдім,  ал

көзімнің  қарашығынан  ішкі  жандүниемді  байқадым.  Сол  сәтте  тірі  әкемді  өлімге  қимай  ұзақ

жыладым. Бала кезімде әкемді жек көруші едім. Бірде анам аурухананың ауласын сыпырып тапқан

жалақысын  «сұрағанда  бересің»  деп  қолыма  ұстатты.  Әкем  анамның  әлгі  ақшасын  мен  жасырған

жерден  ұрлап,  ішіп  қойды.  Бала  кезімде  анамнан  қатты  қорқатынмын.  Жүйкесі  шаршаған,

ашуланшақ  жан.  Анамды,  өзімді,  бауырларымды  аяп  жыладым.  Бір  қызығы,  анам  күс-күс  қолымен

маңдайымнан  сипап,  тіл  қатпай  ұзақ  отырды.  Әлден  соң:  «Шаршадым.  Құр  сүлдерім  жүр.  Сендер

үшін өмір сүріп жүрмін. Әйтпесе, мен өлген адаммын ғой» деді бар болғаны, – деп үнсіз қалды.

Жауһардың көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.

– Сен мені түсінесің ғой, – деді мұңлы үнмен.

– Адамды адам түсінбейді, түсінуге ғана ұмтылады.

– Менің шарап ішкім келеді.

– Қызық.


– Әкем ішімдікке үйір болған соң ба, бұл пәлені ұнатпаушы едім. Ал бүгін ішем, – деді.

Ол даяшыға шарап алдыртты. Шарапты тыжырынып ұрттап отыр.

– Мен кеше жыладым. Себепсіз... – деп күрсінді.

–  Себепсіз  жылай  алмайсың.  Бәлкім,  көз  жасыңды  төгуіңе  себепкер  болған  оқиға  осыдан  біраз

жыл бұрын өтуі мүмкін. Бәлкім, күндердің күнінде өлетініңді ойлап, жалған өмірді қимауың мүмкін.

Қуану мен жылаудың себебі болмай қоймайды.

– Мүмкін...

Ол мұңдана күліп: – Мен оны жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін, – деді.

– Кімді?

– ...


–  Ә-ә...  Ол  жігітті  менің  суқаным  сүймейді.  Жасанды  күлкісінен  жиіркенемін.  Көздері  де  өтірік

күліп тұрады.

– Менің шынайы өмір сүргім келмейді. Біздің қоғамда шынайылық күлкі шақырады. Жасанды да

өмір  сүргім  келмейді,  жасандылық  жиіркеніш  туғызады.  Оның  жасандылығы  менің  және  сенің

шынайылығыңнан әлдеқайда әдемі. Ол сені жақсы көреді, – деп мұңлы жымиды.

Жауһарға жаратпай қарадым.




– Кетейік.

– Естисің бе, ол саған ғашық.

Ол қолымен басын сүйеп, жанарын төмен салды.

– Мен оны сүйіп қалған секілдімін.

– Мен ондай адамды сүймек түгілі, жай адам ретінде ұната да алмаймын.

–  Адам  адамды  түсінбейді,  бірақ  түсінуге  ұмтылады  деген  сен  емессің  бе?  –  деп  көңілсіз  езу

тартты.

* * *


Жауһар  күннен  күнге  менен  алыстап  барады.  Ол  маған,  мен  оған  бөтен  адам  секілдімін.  Сол

күндері  әлемде  жалғыз  қалғандай  бойымды  зілдей  мұң  басқан.  Ол  сенбі,  жексенбі  үйге  келмеді.

Себебін  сұрап  едім,  жауапсыз  қалдырды.  Әлден  соң  жастыққа  бетін  басып,  өксіп-өксіп  жылады.

Жұбатпадым.

– Кешір. Мен өзімді өзім қазір шынымен жоқтап жылап отырмын.

Үндемедім.

Одан кейін оның көз жасын көргенім жоқ. Жауһардың көз жасын маған көрсетпей жылайтынын

сезем.  Ол  махаббаттың  емес,  жалған  сезімнің  құрбаны  болғанын  білмеді.  Айнадағы  өз  бейнесінен

көз алмай қарап тұрған Жауһар:

–  Өмірге  ешқандай  ұрпақ  әкелгім  келмейді.  Қайғы,  мұң  арқалап,  ол  да  өмірден  өтеді.  Бір

бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасағым келеді, – деп бет-алды күле берді.

Шошыдым.


Екі жұдырығымен қабырғаны ұрғылап, басын соқты. Ернін тістелеп, жыламады.

–  Неге  қорқып  тұрсың?  Қорықпай-ақ  қой,  есім  әлі  ауысқан  жоқ  –  деді  маған  мағынасыз

көзқараспен қарап. – Сен адам таниды екенсің. Ол – өте қорқынышты адам.

Шашын  артына  жылмита  қайырып  жүретін,  шегір  көз,  төртпақ  сары  жігіт  пәтерін  жалға  беріп,

басқа  жаққа  кетіп  қалған  болатын.  Шегір  көз  жігіт  бізбен  көрші  тұрғанда  да  оны  тым  сирек

көретінмін.  Көре  қалсам,  бойымды  үрей  ме,  әлде  жиіркену  ме,  әйтеуір  әлдеқандай  бір  түсініксіз

сезім  билейтін.  Ол  мені  көргенде  баяғыдай  жалған  жымимай,  басын  изеп  өте  шығатын.  Шегір  көз

жігіттен жүкті болып қалған Жауһар ауылына кетіп, қалаға қайтып оралмады.

* * *

Арада  бес  жыл  өткен.  Пәтер  іздеп  жүріп  баяғы  Жауһар  екеуміз  тұрған  үйге  бардым.  Күннің



шуағына  шомылып  отырған,  мүгедектер  арбасына  таңылған  жас  жігіт  менен  көзін  алмай  қарады.

Таныс  бейне.  Баяғы  шашын  артқа  жылмитып  тарап  алатын  шегір  көз,  төртпақ  сары  жігіт.  Менің

қадала қарағанымды жаратпады білем.

– Бүгін менімен би кешіне бармайсыз ба? – деді кекесінді үнмен.

– Уақытым жоқ. Пәтер іздеуім керек.

– Онда менің жарым болыңыз. Пәтер мәселеңіз бір сәтте шешіледі.

«Не деген парықсыз жан еді».

– «Мүгедектің әйелі болам ба?» деп қорықпаңыз. Дәрігерлерге сенсем, көп ұзамай жүріп кетемін.

Сосын екеуміз үйлену тойымызда басымыз айналғанша шыр айналып вальс билейміз. Бал айымызды

Еуропада өткіземіз.

– Мен сізді жек көрем.

Мысқылдап күлді.

– Мен де сізді жек көрем. Менің қандай адам екенімді біле тұрып, құрбыңызды қорғамағаныңыз

үшін  жек  көрем.  Оның  өліміне  мен  ғана  емес,  сіз  де  кінәлісіз.  Соқыр  сезімнің  құлы  болған

құрбыңызды  сүйген  емеспін.  Ол  шырпы  тиген  қу  шөптің  тез  жанып  кететінін  білмеді.  Бірақ  сіз

құрбыңызға қарағанда ақылды екенсіз.

– Сіз оның өлгенін біледі екенсіз ғой?



Даусым сыбырлай шықты.

Сөзімді естімегендей аспанға үмітсіз көз тікті.

– Кейде ойға батып отырып, не ойлағанымды ұмытып қаламын. Себебі, мен ештеңе де ойламаған

едім.  Кейде  күліп  тұрып,  жылағым  келеді,  мұңайып  тұрып,  күлкім  келеді.  Себебі,  мен  өмірдің

қарапайым  екенін,  тек  оны  өзіміз  күрделендіретінімізді  түсінем.  Өмірді  түсінуге  ұмтылған  сайын

өмірім күрделене түседі. Бойымда бір үрей бар. Бетпе-бет келуден қорқатын сауалдар жанымды жегі

құрттай жейді, – деді ол қамығыңқы үнмен.

Үшінші  қабаттағы  бұрынғы  пәтеріміздің  терезесін  көзіммен  іздедім.  Бұл  үйде  Жауһар  екеуміз

ешқашан тұрмаған секілдіміз. Жауһар көрінетіндей терезеге соңғы рет көз тастадым.

– Мені тастап кетпеңізші. Мен сізді сүйем ғой, – деген жалынышты дауыс құлағыма талып естілді.

– Мен де сізді сүйемін.

Шындығымды  өзге  түгілі,  күні  бүгінге  дейін  өзімнен  жасырып  келіппін.  Әрине,  ол  менің

даусымды естіген жоқ. Мен ол кезде ұзап кеткенмін.




жүктеу 0.49 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет