БалалықТЫҢ КӨктемi



жүктеу 0.49 Mb.
Pdf просмотр
бет1/19
Дата16.02.2022
өлшемі0.49 Mb.
#17296
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Аягүл Мантайдың әңгімелері



БАЛАЛЫҚТЫҢ КӨКТЕМI

Iнiммен  шығыспағасын  ба,  әкем  мен  апам  менен  құтылуды  көздеп,  менен  бұрын  жазғы

демалысты  олар  асыға  күтушi  едi.  Әрине,  сабақ  оқудан  шаршаған,  күнделiктi  ерте  тұрудан

жалыққан  ерiншек  мен  де  сағына  күтемiн.  Қазiр  ойлаймын  ғой,  осы  менде  лагерьге  барып,  дос

арттырып,  ойнап-күлiп,  ысылып  қайту  деген  болмапты.  Менiң  лагерiм  –  нағашымның  үйi:  сондағы

нағашымның  өзiммен  түйдей  құрдас  қызы  Сәуле  мен  оның  сiңлiсi  Кәмшат  болатын.  Үйде  тете  iнiм

Саматпен  болмашы  нәрсеге  iлiгiп,  төбелесiп  қалатын  мен  мұнда  өзiмнен  денесi  әлдеқайда  iрi

Сәуледен  қорқамын  ба,  әлде  ашуы  мұрнының  ұшында  тұратын,  сәл  мүлт  кетсең,  ала  көзiн

дөңгелетiп, сұқ саусағын шошайтатын нағашымнан аяқ тартамын ба, әйтеуiр қойдан жуас момақан

болып жүремiн. Әй, осы түрiмдi әкем мен апам көрсе бiр күлер едi-ау сонда. Ал, iнiм менiң монтиған

түрiмдi  көрiп  түкке  түсiнбеуi  мүмкiн  едi.  Сол  үш  ай  жаз  бiткенше  менi  үйден  iздеп  келетiн  пенде

болмайтын. Алғашқы жылдарда қиғылық салып, әжемнiң миын су ететiнмiн.

Сол айналып-толғануы шегiне жетiп шаршағанша, жағым сенбейдi.

Нағашым  үйiне  келген  дуанаға  нан  берiп  тұрып:  –  Мына  жылауық  қызды  әкетесiз-ау,  –  десе,

дуана:  –  Маған  берiңдер,  жыламайтын  жақсы  қыз  етемiн,  –  дейтін.  Сонда  барып  “өлеңiмдi”  сап

тиямын.


Марқұм нағашы атам дуанаға арнап қазан көтертетiн.

– Бұлар әулие, – дейтiн.

Мен үйдi айналып, жиналған шөптiң қуысына барып тығыламын. Мендей жиенiнен құтыла алмай,

дуананы қожасындай күтiп отырған нағашыларыма зығырданым қайнайтын. Ұрысқандары да, тiптi

ұрғандары  да  тез  есiмнен  шығып  кететiн  әкем  мен  апамды  ойлап,  iнiмдi  сағынып,  ендi  оларды

көрмейтiндей қыстығып жылайтынмын.

Маған көмек қолын ұсынудың орнына, ата жауымдай нағашымның екi желөкпесi менi шарқ ұрып

iздейтiн.  Мен  жылағанда  айызы  қанып  күлетiн  Сәуледен  еш  жақсылық  күтпеймiн.  Ал  өзiмнен  бiр

жас кiшiлiгi бар Кәмшатпен доспын.

Ойға шомып, әрi қорқып жатқан менi “таптым” деген Сәуленiң айқайы селк еткiздi.

– Тығылған жерiн қарашы асқабақтың.

Өмiрде  мұнша  ешкiмге  кектенiп,  ашуым  келмес.  Бiрiншiден,  менi  қолға  түсiрдi,  екiншiден,

“асқабақ” деп келеке етiп тұр. Толықтау сары болғандықтан ол менi “асқабақ” деп мазақтаушы едi.

– Маймыл, – дедiм жыламсырап.

Оның  құлағы  көзге  бiрiншi  түсетiн.  Бәрiбiр  кегiм  қайтпай  тұр.  Ызадан  көзiме  жас  келдi.  Бiрақ

жыламадым,  “жылауық”  деп  тағы  келеке  ететiнiн  бiлем  ғой.  Сорадай  неменi  ұрып  құлатар  ма  едi.

Өзiнiң  үйi,  атасы  мен  әжесi  де  осында,  папасы  мен  мамасы  да  қасында.  Олардан  қайран  жоқ.  Әрi

олар  өздерiнiң  қызын  емес,  менi  бергелi  тұр  ғой  дуанаға.  Ары  қарай  шыдамадым.  Жалған  намыс

құрып қалсын, көзiмнен бұршақ-бұршақ жас сорғалады.

–  Не  болды,  ей.  Соған  бола  өкпелеп  қалдың  ба,  дос  болайық,  –  деп  табан  астында  Сәуле  бәйек

бола  қалды.  Менiң  қолымды  еркiме  қоймай  ұстап,  шынашақтарымызды  бiр-бiрiне  түйiстiрiп,  дос

болудың ырымын жасаған болды. Бiздiң бұл iсiмiзге күлiп, Кәмшәт жоңышқа гүлдерiн тередi.

Әжем саған тамағын жеп алсын, – дейдi.

– Iшпеймiн. Алдап шақырып дуанаға берiп жiбермек қой.

–  Олар  сенi  әшейiн  қорқытып,  алдап  жатыр.  Байқамадың  ба,  атам  дуанаға  көзiн  қысып  сөйледi

ғой.  Үлкендер  әзiлдейтiнiн,  бала  деп  қорқытатынын  сен  бiлмейсiң  бе?  –  деп  бiлгiшсiнген,

үлкендердiң  құпиясын  менен  гөрi  бiлетiнiне  мақтанған  Сәуле  шiкiрейiп,  таңқы  мұрнын  қорқ  етiп

тартып алды. Тағы да менен оның басым түскенiн қызғандым. Сонда да үй жаққа баруға қорқамын.

Елгезек Кәмшат дуананы барлауға кеттi.

– Кетiп қалды, – деп келдi.

Қорқа  басып,  Сәуленiң  ығында  үйге  келдiм.  Шынында  да  шарбақ  үстiнде  дуана  көрiнбейдi.

Қуанып қалдым. Менiң жымың еткенiмдi үлкендер де байқап қалды.

– Ендi жыламайды, егер жыласа, өзiмiз шақырамыз деп дуананы үйiне қайтарып жiбердiк, – деп



атам жымиды.

Дуананың үйi бола ма деген сауал ол кезде ойыма келмептi.

Осы оқиғадан кейiн Сәулемен достасып кеткенмiн. Қазiр өзiмде нағашымның үйiне құстай ұшуға

бармын. Менiң де, апам мен көкемнiң де тiлегi орындалып, жылдағы дәстүр бойынша нағашымның

үйiне  әкелiп  тастады.  Алғашқы  бiр-екi  күн  оларды  тосырқап  жүрдiм  де  баяғыша  ойнап  кеттiм.

Оларда менi сағынып қалыпты.

Бiзге сиыр бақтырған қатал нағашым опа таппады. Үшеумiз ойын қуып кеткенде, сиырлар өзбек

шалдың бақшасын жалмап кеткен. Содан қауын-қарбыздың желiнгенi бар, жарылғаны бар, езiлгенi

бар,  рәсуа  болған  пәлегi  бар,  шалдың  айтқанын  төлеп  құтылды-ау.  Өзбек  шал  қанша  сұрады,

нағашым  қанша  бердi,  ол  арасы  бiздi  қызықтырмады.  Бiздi  ол  кезде  ойыннан  басқа  ештеңе

қызықтырмайтын.  Аш  құлақтан  тыныш  құлақты  көздеген  нағашым  бiзге  сиыр  бақтыруды  мүлде

қойды. Рахат! Нағыз бостандық. Шыжыған күн астында сиыр артында жүрмеймiз.

Жазда  ауылда  той  көп.  Әжемнiң  көлеңкесiндей  бiр  елi  қалмаймыз.  Кәмшат  қалса  да,  Сәуле

екеумiз  әжеме  қосақталып  қалғандай  қайда  барса,  сонда  барамыз.  Қуа-қуа  әжем  де  шаршады.

Байқаймын,  бiздiң  барып,  ыстық  бауырсақ,  кәмпитке  тойып  қайтқанымызды  әжем  де  терiс

көрмейтiн сияқты. Тағы байқағаным, жеңешем: – Жаңа камзолыңызды киiп алыңыз, – десе, – Әдiрең

қалғыр,  ол  жерде  маған  ешкiм  қарамайды,  –  деп  әжем  жарықтық  өңi  кете  бастаған  камзолын

тастамайды. Ал бiз әжемнiң жаңа камзолын киiп, кемпiрлердi қызықтырғанын қалаушы едік.

– Әже, жаңа камзолыңды киiп баршы, – деп қиылсақ, – Әй, маған ендi жетпегенi, қос жүгермек,

сендердiң ақыл-кеңестерiң едi. Екеуiң өскенде менi тiптi менсiнбейтiн шығарсыңдар, – дейді зiлi жоқ

дауыспен.

Бiрақ ол кезде әжемнiң ескi камзолының қалтасы жаңасынан әлдеқайда терең екенiн бiз қайдан

бiлейiк. “Көзi құрғыр нашар көредi” деп отыратын әжемнiң үйге келгесiн қалтасынан сол кездегi ең

қымбат барбарис кәмпиттер мен батоншиктер шығушы едi. Бiз келгесiн Кәмшәт «тостағанын» жуып

алып,  кәмпиттерге  алданатын.  Тойдан  қайтқан  бiздер  үлкендердiң  көзiн  ала  бере  жылтырақ

кәмпиттердi  қалтамызға  сүңгiтiп  жiберетiнбiз.  Әзiрде  ғана  басылған  Кәмшәт  қиғылықты  қайта

бастайтын.

Атам  бау  бақшаға  жақсы  қарайтын.  Үлкен  алма  бақ  бар  едi.  Онда  қызыл-сары  шие,  қарала,

шабдалы  өсетiн.  Сол  бақтағы  үлкен  жидектердей  жидектi  мен  кейiн  кездестiрмедiм.  “Қолда  барда

алтынның қадiрi жоғы” рас, әрi балалық қой. Бiр тiстеп алманы лақтыратынбыз. Қаттыларын дуалға

ұрып,  доп  ойнаушы  едiк.  Сәуле  екеумiз  ұрсысып  қалсақ,  атысамыз.  Бiрақ  бiр-бiрiмiзге  тигiзбеймiз.

Бiз де қумыз ғой, жай қорқытқанымыз. Бiреумiзге тиiп, аңырасақ, атам екеумiздi де оңдырмайтынын

жақсы бiлемiз.

Әлi есiмде, атам қызыл қауынның пiсуiне он күндей қалды деп едi. Соны ести сала, алдымен жеу

жорығын  бастамақ  боп,  Сәуле  екеумiз  жоспар  құрғанбыз.  Түсте  үйдегiлердiң  ұйықтауын  күттiк.

Бәрiнен де Кәмшатты ұйықтату қиын болды. Оның қасында өтiрiк ұйықтап, қорылдауға тура келгенi.

Уф, әйтеуiр ұйықтады-ау. Қорқып келемiз. Алда менен ылғида өзiн мықты көрсеткiсi келетiн Сәуле.

Жарған  қауындарымыздың  iшi  ақ,  көкшiл,  сарғыш  болып  шығады.  Қызылы  кездессейшi.  Ақыры

таптық  бiреуiн.  Атамның  суы  құрып,  мақтайтын  қауынының  дәмi  асқабақтың  дәмiне  ұқсас  бiрдеңе

болып шықты.

– Мынау асқабақтың өзi ғой, – деп мұрнын тыржитты Сәуле.

Үндемедiм. Бала кезiмде апам “асқабағым” деп еркелететiн. Менiң бұл сөздi жек көретiнiмдi бiлсе

де айтуын қоймайтынына ренжитiнмiн. Сәуленiң айтатыны да сол апамнан естiгенi. Бала кезде мен

асқабақты сол үшiн жек көретiнмiн. Ұнаса да аузыма дәмiн алмайтынмын.

Сәуленi «маймыл» дегiм келiп тұрса да айтудың оңтайын таппай, кегiм iшiмде кеттi.

Содан қауын жарып шаршаған бiздер ұйықтап қалдық. Атамның айқайынан, әжемнiң бажылынан

ояндық.  Бiздiң  iсiмiзге  байланысты  екенiн  сездiк.  Қашу  керек.  Ойланып  жатқанымызда  атам  кiрiп

келiп, тырп еткiзбедi.

–  Пәтшағарлар,  артық  кемi  жоқ  жиырма  қауын  жарыпсыңдар.  Менi  басқа  жаққа  арқалап  кетедi

дейсiңдер ме? Сендер жесiн деп ектiм.

Әжем: – Обалдағы-ай, пiскендерiн көршiлерге таратып келейiн, – дейдi дәлiзде жүрiп.

Атам екеумiздiң құлағымызды екi қолымен ұстап, жиырма рет тартты. Көзiмнен ытқып жас кеттi.

Сәулеге қарасам, оның да жайы мәз емес. Адуын қолдан құтқарар ешкiм жоқ. Әжемiз араша түсер

едi,  «обал  қауындарды»  көршiлерге  таратуға  кетсе  керек.  Атамның  бiздiң  құлағымызды  тартып

бiтуiн күткендей келген әжем ебiл-дебiлi шығып жылаған бiздердi жұбатып, атама ұрсып жүр.



– Садақа сол көк түйнектерiң. Сол құрғырларың болмаса да аштан өлiп жатқан жоқпыз. Балалар

не  бiлсiн?!  Ойын  баласына  ойының  осылсын  дегенiң  бе?  Осылардан  артылғанын  жермiз,  жемесе

қалар. О, несi ей, – деп бұлқан-талқан болды.

Вазелин  тауып  әкелiп,  әжем  менiң  қызарған  құлағымды  уқалап  едi,  атам  да  қарап  тұруға

шыдамай еркелетiп Сәуленiң құлағына жақты.

– Қызарып қапты-ау, – деп күлiп қояды өзi.

Атам менiң емес, Сәуленiң қалқан құлағын уқалағанын қызғанып-ақ отырмын.

* * *


Бүгiнде нағашымның үйiне екi-үш жылда бiр-ақ рет, онда да бiр күнге барамын. Барған сайын бiр

жанды  сағына  iздеймiн.  Балалық  дәуренiм  өткен  үйден  сол  жанды  қанша  iздесем  де  кездестiре

алмаймын.  Шындығында  оны  ендi  ешқашан  да  көрмеймiн.  Осыны  ойласам,  ет  бауырым  езiлiп,

тереңнен  бiр  өксу  шығады.  Сәуле  он  бiрiншiнi  бiтiрер  жылы  өкпесiне  суық  тиiп,  сол  кеселден  көз

жұмған.  Атам  мен  әжемнiң  о  дүниелiк  болғанына  да  он  жылдай  уақыт  өттi.  Кәмшат  Қарағандыда

студент.  Бiр  бiрiмiздi  көрмегенiмiзге  де  екi  жылдың  жүзi  болып  қалыпты.  Осыдан  екi  апта  бұрын

хатын  алдым.  Әр  хатында  бауыры  Сәуленiң  қызықтарын  еске  алады.  Оның  әр  хатын  оқыған  сайын

қамығып  қаламын.  Өмiрдiң  мәнiн  түсiнiп  жетпеген  балалығымды,  Сәуленi  сағынамын.  Жүрегiмде

аяныш  бар.  Өмiрден  ерте  кеткен  Сәулеге  деген  аяныш  па,  әлде  өмiрдi  жек  көре  тұра  өмiр  сүретiн

өзiм секiлдi пенделерге деген аяныш па, бiлмеймiн...




БӨРТЕ

«Апа,  Болатбек  неге  көзін  ашпайды?».  Жалғыздық  мұңы  кеп  қамағанда  өндірдей  қыздың

жалынышты даусын естимін. Көкпеңбек болып ісіп-кеуіп кеткен кішкентай інісін «Тұр! Неге көзіңді

ашпайсың? Жүр ойнаймыз» деп жұлқылап жатқан жалбыр шашты қызды аяймын. Күнде бірге ойнап

жүрген  тентек  інісін  оята  алмай,  жұдырықтай  жүрегі  әлдебір  жаманшылықты  сезіп,  анасы  мен

әкесіне  жаутаңдап  қарайды.  Әкесі  бетін  терезеге  бұрып,  үнсіз  тұр.  Шешесінің  көзінен  аққан  жас

тырс-тырс етіп омырауына тамып жатыр. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған қыз жылап жіберді.

Менің  де  көзіме  жас  үйірілді.  Балалық  шағыммен  қосылып  жылап  отырып,  көңілімді  тәтті  мұң

тербейді. Болатбек інімнің өлімінен кейін әке-шешем «бұл бала қорқып қалды» деген сөзді жиі айта

бастады.  Олардың  бұл  баласы  –  менмін.  Баяғыдай  үлкен  інім  Өмірмен  алысып-жұлыспаймын.

Көршінің еріккен ересек балалары «төбелесіңдер, қайсысың жеңсең, сыртында қоянның суреті бар,

үрлесең  үлкен  шар  болатын  сағыз  аласың»  деп  қанша  көзімді  қызықтырса  да  алданбаймын.

Байқаймын,  баяғыдай  інім  де  менімен  күреске  түсуге  құштарлық  танытпайды.  Шешемнің  көзінің

айналасындағы әжім қалыңдап, самайына ақ қырау түсіпті. Бұдан үш жыл бұрын бірінен соң бірі екі

ағам  дүние  салған.  Шешемнің  қарсы  алдында  отырып,  ақ  шаштарын  санай  бастап  едім,  шатасып

кеттім.  Одан  соң  төрде  отырған  шүйкедей  қара  кемпір  мен  шешемнің  әжімін  салыстырдым.  «Отыз

екідегі  шешемнің  кескіні  алпыс  төрттегі  нағашы  әжемнің  жасына  жеткенде  қандай  болады  екен»

деген ой басымнан шықпай қойды.

Үйіне қайтуға жиналған әжемді шешем жібергісі келмеді.

– Неге асығасыз? – деген жабырқаулы шешем.

–  Қызым,  тірі  адам  тіршілігін  жасайды.  Ит  тіршілікпен  арпалысып  жүріп,  бір  күні  өмірдің  қалай

өтіп кеткенін білмей де қаламыз, – деп әжем терең күрсінді. – Құдай немерелерімнің алдында алсын.

Үйде шал екеумізден басқа малға қарайтын адам жоқ. Үйге барайын, қызым. Айкоштың көзі кіртиіп,

жүнжіп кетіпті. Бұл жаманды менімен бірге жіберсең қайтеді? Біздің үйдің шөпжелкелерімен ойнап,

ағарған ішіп, сергіп қайтсын.

Шешем:  –  Суға  түсуге  жібермеңіз.  Үсті-басын  жара  басып,  әзер  жазылды,  –  деп  сөйлеп  жүріп,

киімдерімді сөмкеге сала бастады.

Нағашымның үйінде күн ұясына батып бара жатқанда бойымда бір қорқыныш пайда болатын. Бұл

уақытта  нағашы  ағамның  ескі  тракторының  гүрілдеген  дауысы  естілетін.  Сол  гүрілді  нағашымның

екі  қызы  да  жаратпайтын.  Нағашым  қатал  кісі.  Обалы  не  керек,  маған  дауыс  көтеріп  ұрыспайтын,

оның жауар бұлттай қабарған қабағынан сескенсем керек. Дастархан басында нағашым отырғанда

балалар асымызды үнсіз ішеміз. Біріміз кесемізге салынған сүйекке көңіліміз толмай, басқалардың

сүйегімен  салыстыра  бастасақ,  нағашым  көзін  алартады.  Содан  кейін  кесеңе  не  түссе  де,  соған

қанағат етуге тура келеді.

Кешке  қарай  нағашымның  тракторының  дауысы  «мен  келе  жатырмын»  деп  берілген  дабыл

секілді.


Бөрте:  –  Әкем  келе  жатыр.  Тауық  қора  тазаланған  жоқ.  Қыт-қыттарға  жем  шашылмады.

Қарабасып су да бермеппіз, – деп әжемнің мақамына салып, сөйлей бастайды.

Бөрте  тауық  қора  сыпыратын  ескі  сыпырғышты  лақтырып  тастап,  қолына  ауланы  сыпыратын

өзінің бойымен бірдей сыпырғышты алады. Көркем есік алдында тұрған құманды алып, тауық қораға

қарай жүгіреді. Құманның ішіндегі су суық па, жылы ма, әлде ыстық па, оған қарайтын Көркем жоқ.

Менің жұмысым – жем шашу.

Әжем:  –  Бір  жеті  беретін  жемді  бір-ақ  күнде  шашып,  рәсуа  етіп  жатырсың,  –  деп  күнде  ескерту

жасайды.


Кейде  әжемнің  тауықтарға  тары  шашып  жатқанын  көрем  ғой,  тіпті  мен  беретін  жемнен  екі  есе

көп. Бұл туралы өзіне айтсам: – Менің қолым сенің қолыңнан үлкен. Үлкен қолда береке болады, –

деп әжімді бетін жиырып күледі.

Егер  әжем  актриса  болғанда  ол  кісіге  режиссерлер  комедиялық  рөлдерді  беруші  еді.  Бізді

әжемнің  ертегісі  тәрбиеледі.  Әжемнің  ертегілерінің  кем  дегенде  төрт-бес  нұсқасы  болатын.  Кеше

ғана айтып берген «Жалғыз көзді батыр» туралы ертегісі бүгін баяндайтын «Жалғыз көзді батырға»

мүлдем ұқсамайтын.

– Әже, кеше айтқаныңда жалғыз көзді батыр өлмеуші еді ғой, – дейді ренжіп Бөрте.

– Әже, жалғыз көзді батырдың қарлығаштың балапандарын құтқаратын жерін тастап кеттіңіз ғой,



– деймін мен.

– Әже, жалғыз көзді батырдың жалғыз өзінің үш өгіздің етін жейтінін неге айтпай кеттің? – деп

аузын бұртитады Көркем.

– Әже, Көлкем өтілік айтады, ол өгіжді емес, түйені жейтін, – дейді Ботабай.

–  Қазанбас,  мен  емес,  сен  өтірік  айтып  отырсың,  –  деген  Көркемнің  сөзінен  кейін  екеуінің

арасында  кезекті  ұрыс  басталып  кетеді.  Қазанбас  Ботабай  Көркемнің  қалқанқұлағын  тартып,

«Маймыл» деп жылатады. Әжемнің ертегісінен басталған екеуінің ұрысы төбелеспен аяқталады.

Бөрте екеуміз «Жалғыз көзді батыр» ертегісінің әжем айтқан әртүрлі нұсқаларын талқылағанмен,

қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін біле алмай дал боламыз. Әлден соң:

– Әже, «Патшаның үш қызын» айтып берші, – дейміз жан-жақтан қолқа сап. Бұл ертегі бізді әдемі

армандарға жетелейтін.

Мызғып кеткен әжем: – Мазамды алмай жеңешелеріңе барыңдар. Алпыстан асқан менде қандай

ми  бар  дейсіңдер?  Жалғыз  көзді  батыр  кеше  қарлығаштың  балаларын  жыланнан  құтқарса,

құтқарған шығар, үш өгіздің етін жесе, жеген шығар. Әй, сендер мені тегі тергеп қоймадыңдар ғой.

Бүгін батырдың қарны тоқ, тамақ жейтін жері жоқ, – дейді ашуланып.

Бөрте:  –  Ой,  біздің  жеңешем  ертегі  білмейді,  сенің  мамаң  біле  ме?  –  деп  сұрайды.  Әжелерінің

бауырында өскен олар аналарын жеңеше дейтін.

– Біледі, – деймін даусымнан мақтаныш лебі есіп.

Менің шешемнің білетін екі ертегісі бар: «Мақта қыз» және «Жеті лақ». Екі ертегіні қайта-қайта

ести берген соң  жадымда жатталып қалған.  Бөртелерге айтып берер  едім, әжелерінің таңғажайып

ертегісін тыңдап өскен олар «мектеп оқулығынан оқығанбыз» деп тыңдамай қоя ма деп ұяламын.

– Әже, ертегі айтып берші, – деп әжемізді қайта мазалаймыз.

Әжем де қу ғой: – Басым ауырып жатыр. Оған қоса аяқ-қолым қақсап, тіпті сөйлеуге шамам жоқ,

– деп орамалын шекесіне түсіре тартады. Біріміз әжемнің ауырған басын, біріміз аяқ-қолын уқалай

бастағанда:  «Ертеде  бір  патшаның  үш  қызы  болыпты.  Ай  десе  –  аузы,  күн  десе  –  көзі  бар  кіші

қызының шашы алтын екен» деп ертегісін бастайды. Бұл жолы ешкім «Әже, өте сұлу сіңлілерін көре

алмайтын  әпкелері  кіші  қыздың  алтын  шашын  қырқып  тастаушы  еді  ғой»,  «әже,  кіші  қызды  аю

орманға  алып  қашып  кетпейтін  бе  еді»  деп  түзету  енгізбейді.  Біз  де  қумыз  ғой,  әжем  ашуланса,

ертегісін жалғастырмай қоятынын білеміз. Ертегіні тыңдап жатып ұйықтап кететінбіз. Түсімде мен

де  патшаның  қызы  екенмін.  Әсем  шаһарда  қыздармен  серуендеп  жүргенде  аспаннан  ақ  құс  келіп,

алып кетіпті.

Әжем:  –  Басыңа  бақ  қонады.  Түсінде  ақ  құстың  қанатына  мініп,  аспанда  ұшып  жүрген  адамның

арманы орындалады, – деп жорып берді.

Ертеңіне Бөрте де, Көркем де өздерін ақ құстың аспанға көтеріп алып кеткенін айтқан.

Әжем: – Бәріңнің де армандарың орындалып, байлыққа кенеліп, бақытты өмір сүресіңдер. Өздерің

бірдей түс көреді екенсіңдер, – деп жымиған.

* * *

Таңертең  шай  үстінде  нағашы  ағам:  –  Ертеңнен  бастап  сиырларды  өріске  апарып  бағасыңдар,  –



деп  өткір  көзімен  Бөрте,  Көркем  үшеумізге  жағалай  қарап  шықты.  Бізде  үн  жоқ.  Келіскен  түріміз

ғой.


Әжем  құдды  біз  әскерге  кетіп  бара  жатқандай  күйбеңдеп  жүріп:  –  Балалар  өрісте  қарындары

ашқанда жейді, – деп шоққа таба нан пісірді.

–  Апа-ау,  неге  сонша  әуреленесіз.  Үйде  нан  бар  ғой.  Жұрттың  осы  сияқты  қыздары  қысы-жазы

малдың  соңында  жүреді.  Үшеуіне  төрт  сиырды  бағу  қиын  дейсіз  бе?!  Өздері  секілді  балалармен

ойнап, қайта бойлары сергіп келеді, – деп жеңешем күйіп-пісті.

Әжемнің  жұмыртқаға  илеп,  шұжықтың  майын  қосып  пісірген  нанын  сол  кеште-ақ  «пирог»  деп

соғып алдық.

Бөрте:  –  Пішіней  болса,  күнде  өріске  «торт»  апарар  едік,  –  деп  жымың  етті.  Оның  аузының  суы

құрып  айтып  отырған  «торты»  –  екі  печеньенің  арасына  тосап  жағылып,  дайындалатын  «торт».

Үлкендер  біздің  бұл  ұсынысымызды  бір  ауыздан  қабылдады.  «Үкімет»  біздерді  алдады  ма,  әлде  сол

кезде дүкенде печенье болмады ма, «торт» жеу кейінге шегеріле берді.



Әжемнің айтатыны шындық: біздің «қарасан келгір сиырлар» жұрттың сиырларындай жуас емес

қой.  Өріске  жеткенше,  өрістен  қайтқанша,  көше  бойындағы  үйлердің  шарбағын  бұзып-жарып,

шөптеріне  ауыз  салады.  Бөрте,  Көркем  үшеуміз  үш  жақтан  қуып  шаршаймыз.  Сиыр  бағудың

қиыншылығымен  қоса  қызығы  да  жоқ  емес.  Доп  тебеміз,  «Ақ  серек,  көк  серек»  ойнаймыз,  одан

қалса, әртүрлі ойындар ұйымдастырамыз.

Бізбен бірге сиыр бағатын Аман есімді таңқы мұрын қара бала түсте үйіне туған күніне шақырды.

Үйде атам да, нағашым да, жеңешем де жоқ болатын.

– Әже, бір сом берші, – деп қиылды Бөрте.

– Әже, маған да бір сом берші, – дедім мен де қосарланып.

Көркем де әжемнен бір сом сұрады.

Бөрте  екеуміз  екі  жақтан:  –  Сен  бармайсың,  әлі  саған  туған  күнге  баруға  ерте,  –  деп  көз

аларттық.

– Мені де шақырған, – деді ол жыламсырап.

Әжем:  –  Ақшасы  құрғырды  қай  көрпенің  астына  тығып  едім,  –  деп  ұзақ  іздеді.  Киіздің  астын

қарады, таппады.

–  Жер  жұтып  кеткен  бе,  таба  алмадым.  Менде  қайбір  ес  қалды  дейсіңдер,  қартайдық  қой.

Жарқынай  әпкелерің  маған  сыйға  тартқан  ақ  шашақты  орамалды  апарыңдар,  –  деді  «ақшасы

құрғырды» іздеп шаршаған әжем.

–  Әже,  ол  қыз  емес,  ұл  ғой.  Аманның  туған  күніне  орамалды  қалай  апарамыз?  –  дедік  мына

ұсыныстан шошып кеткен Бөрте екеуміз.

–  Сендер  орамалды  Таңқымұрынға  емес,  сол  неменің  шешесі  –  Қатыш  келінге  апарасыңдар.  Ол

Таңқымұрын Қатыш келін болмаса, дүниеге келер ме еді?! – деді әжем.

Бөрте:  –  Әже,  сен  ақ  шашақты  орамалыңды  Бүбіш  әжемнің  үйіндегі  шілдеханаға  тартып  барып,

үйге келгесін басыңнан бір жеті шешпегенсің, – деді.

Әжем:  –  Әй,  жүгермек,  ол  орамалды  екі-ақ  тойға  тартып  бардым,  –  деп  зілі  жоқ  дауыспен  күңк

етті. – Апаруға қомсынсаңдар өздерің біліңдер.

– Әже, сандықта жаңа орамалдарың көп қой, – дейміз біріміз.

– Әже, сандықтағы неге жаңа камзолдарыңды кимейсің? Әдемі болып киініп жүрсеңші, – дейміз

екіншіміз әжемізге ақыл үйретіп.

–  Әй,  боқмұрындар,  сендер  маған  не  кию  керектігін  үйрете  бастадыңдар  ма?  –  дейді  жорта

ашуланған әжем. – Ондағы жаңа камзолдарды көзім тіріде кимеймін. Сүйегіме жинап жатырмын.

– Әже, сүйек деген не? – дейміз құлағымызға тосын естілген сөзді қызық көріп.

–  Әй,  сендер  өзі  туған  күнге  барасыңдар  ма,  жоқ  па?  Тіпті  ол  орамалды  да  бермей  қойсам,

қайтесіңдер?  –  деп  әжем  шындап  ашулана  бастаған  соң  орамалды  жуып,  күн  көзіне  кептірдік.

Қатыш апай жаңа орамал деп ойласын деп нағашымның иіс суын септік.

Әжем: – Үйде қант таусылыпты. Барған жерлеріңнен қалталарыңа бір уыс кәмпит сала келіңдер.

Тәттісіз шай ішсем, басым ауырады, – деп бізге тапсырма берді.

– Әже, мен де балайыншы, төлт қалтамды толтылып саған кәмпит әкелем, – деді Ботабай.

–  Құлыным,  бара  ғой.  Көркемжан,  сен  де  бар.  Ботабай  мен  Көркемді  ертпесеңдер,  екеуің  де

бармайсыңдар, – деп бізді қорқытып қойды әжем: – Тек онша сұғанақтық жасамаңдар, бір уыс қана

кәмпит әкелсеңдер жетеді, – деп ескерту айтуды да ұмытпады.

Біздерді  туған  күн  иесі  Аман  көшеден  күтіп  алды.  Жолда  газетке  оралған  орамалды  Бөрте

екеуміз бір-бірімізге «мен бермеймін, сен бер» деп біраз айтысқанбыз.

Бөрте қу: – Менде торғайдың үш жұмыртқасы бар. Өткенде торғайдың жұмыртқасын жағып едім,

бетімдегі секпілдерім кете бастады, сен де жағып көрсеңші, – деп мені өзіне тәуелді етіп қойды.

Оның  бетінен  секпілінің  азайғанын  байқай  алмадым.  Кім  біледі,  жағып  көрсем,  бетімнің  секпілі

кететін шығар. Орамалды ұяла-ұяла Аманға мен бердім.

– Әй, мыналарың орамал ғой, – деді ол таңданып.




– Әжем апаңа беріп жіберді.

Даусым естілер-естілмес шықты.

– Бүгін апамның емес, менің туған күнім емес пе? Әжелерің маған ештеңе беріп жіберген жоқ па?

– деді ол жыларман болып.

Үндемедік.  Аманның  соңынан  шұбап,  үйге  кірдік.  Дастарханда  шөкімдей  ғана  сары  май,  бір

тәрелке шақпақ қант қалыпты. Сарымайды нанға жағып жеп, бір бұрышта Керім отыр.

– Төрт кесе айран іштім, – деп кір-қожалақ қолымен қарнын сипалап төрде Сапар жатыр.

Самат кәмпиттің жылтырақ қағаздарымен машина жасап, дастархан шетіне тізіп тастапты.

–  Кәмпит  таушылып  қалған  ба?  Әжеме  кәмпит  апалмашақ,  оның  башы  ауырады,  –  деп  Ботабай

жылап жіберді.

–  Жылама,  әжеме  мына  қанттардың  бәрін  апарамыз,  –  деп  тәрелкедегі  қантты  қалтама  салып

алдым.  Самат  пен  Сапар  алысып  ойнай  бастады.  Бір  уақытта  Саматтың  «ойбай,  аяғым»  деген  жан

даусы  шықты.  Ескі  еден  сынып,  оң  аяғы  екі  тақтайдың  арасына  қыстырылып  қалыпты.  Сырттан

жүгіріп  кірген  Қатыш  апай  Саматтың  аяғын  тақтайдың  арасынан  босатып  жатып,  біраз  шерін

шығарды.

– Бұл ескі үйдің барлық бөлмесінің едені сықыр-сықыр етіп ән салады. Үйге қонақ келсе, бетімнің

оты шығады. Біздің әлгі маскүнемге бәрібір.

Үйінің  ескілігіне,  шешесінің  бізбен  сыр  бөліскеніне  намыстанған  Аманның  жүзі  лезде  мұңдана

қалды.  Біз  ол  кезде  біреуді  аяу  не  мүсіркеу  дегенді  білмейтінбіз.  Аман  бізге  «енді  үйлеріңе

қайтыңдар» деп бұйыра сөйледі де, бүк түсіп жатып қалды.

* * *

Бір күні сиыр бағып жүргенде мұрным қанап, үйге қайттым.



Әжем: – Біздің үйдің қыздары секілді емес, әлжуаз, – деп мені ертесіне сиыр бағуға жібермеді.

Жеңешем: – Басынан күн өткен ғой, – деді.

Әжемнің  мені  «әлжуаз»  дегенін  ұнатпадым.  Бір  күн  үйде  болып,  сиыр  бағуға  қайта  шықтым.

Мұрным  тағы  қанады.  Әжем  мен  жеңешем  сиыр  бағуға  жібермей  қойды.  Екі-үш  күннен  кейін

Бөртенің де мұрны қанап, сиыр бағудан құтылдық.

Түсте  үйдегілер  ұйқыға  жатқанда  Бөрте  екеуміз  басымызға  газеттен  қалпақ  жасап  киіп,  көрші

ауылдағы Нұрдан нағашымның үйіне қарай құстай ұшамыз. Нұрдан нағашым дүкенші болатын. Өзі

де,  әйелі  де  ысырапшыл  еді.  Ауладағы  бөшке-бөшке  пісте  май,  қап-қап  ұн,  күріш,  қантты  түгендеп

жатқан  жан  жоқ.  Көршілері  көзді  ала  бере  шелектеп  үйлеріне  таситын.  Ит  пен  құсқа  жем  боп

жатқан дүниелерін біз барғанда нағашымның әйелі қызғыштай қори қалатын. Көршісінің жетіншіде

оқитын  ұзын  сирақ  баласы  «неге  келдіңдер?»  деп  бізді  тергей  жөнелетін.  Біз  Нұрдан  нағашымның

қалтасынан  ақша  ұрлап  жүретін  оның  қалайша  бұл  үйге  күзетші  бола  қалғанын  түсінбей,  тісімізді

қайраймыз.  Күзетшілікте  ұзын  сирақ  бала  жоқ  күндері  ебін  тауып,  қалтамызға  толтырып  вазелин

салып аламыз. Үйге келген соң бетімізге, аяқ-қолымызға, сосын шашымызға гель орнына жағамыз.

Жеңешем: – Көрпе-жастықтың барлығын май қылдыңдар, – деп ұрсады. Әшейінде үнемшіл әжем

неге екені үндемейді.

Бір  күні  әжем  төркін  жұртына  баратын  болып,  бізді  «көп  вазелин,  айна-тарақ  әкеліңдер»  деп

Нұрдан  нағашымның  үйіне  жұмсады.  Жұмсады  дегенім,  жұмсартып  айтқаным  ғой.  Әрине,  ұрлап

алмасаң, бізге көп вазелин мен айна-тарақты ешкім бермейді.

Бөрте: – Әжемнің төркінінің алдындағы аптортетін көтерейік, – деп құлшынды.

Мен  де  әжеммен  бірге  шешемнің  нағашы  жұртына  баруға  іштей  дайындалдым.  Бірақ  ойымды

Бөртеге айтпадым. Оның да бір ойлағаны барын сезіп жүрмін.

–  Тағы  не  ұрлауға  келдіңдер?  –  деп  ұзын  сирақ  бала  Нұрдан  нағашымның  үйіне  барғаннан

алқымымыздан алды.

Амал қанша, үйге құр қол қайттық.

– Әже, енді сенің төркініңнің алдында аптортетің түсетін болды, – деді қапаланып Бөрте.

–  Әй,  сол  жаман  айна-тарақтарың  болмаса,  мені  інілерім  үйіне  кіргізбейді  дейсіңдер  ме?  –  деп



әжем қабағын түйді. – Әптөт деген не өзі?

– Әже, әптөт емес, аптортет, – деп Бөрте әжемнің қатесін түзеді.

– Әй, сен жаман неме маған кәпірдің тілін үйретейін дедің бе? – деп әжем жүре күңкілдеді.

– Дұрысы авторитет, – дедім мен. Қатесін түзегеніме Бөрте ренжіп қалды.

* * *

Нұрдан  нағашымның  үлкен  ұлы  үйленіп,  ұлан-асыр  той  жасады.  Жеңгеміз  аққұба,  өңі  жылы,



мінезі ашық-жарқын сүйкімді жан екен.

–  Үйде  ертелі-кеш  жалғыз  боламын.  Дастан  ертелі-кеш  жұмыста.  Қатты  зерігемін.  Үйге  жиі

келіңдерші, – дейді жас жеңгеміз.

Ұрқия апамыз алакөзденіп қарамаса, күзетші ұзынсирақ бала болмаса, жиі келіп тұрамыз ғой. Бір

күні  баяғы  кеткен  есемізді  қайтарып,  Бөрте  екеуміз  қалтамызға  толтырып  қызыл-жасыл  тоқыма

жіптерді  салып  алдық.  Үйде  ешкім  тоқыма  тоқымайтын.  Алтын  жеңешем  әдеттегідей  сабырлы

қалпымен: – Сендер үйге келіп-кеткен сайын енем «олар ұрлық жасайды, үйге көп жолата берме!»

дейді.  Ол  кісінің  көп  сөзіне  сене  бермеймін.  Сонда  да  қалталарыңды  қарап  көрейінші,  –  деді

күлімсіреп.

Ұрлығымыз ашылатын болды. Ұяттан қызарып, аяқтарым дірілдей бастады.

– Ренжімеші, айналайын, – деп Бөртенің қалтасына қолын салды да: – Қалтаңда ештеңе жоқ. Енем

де қызық қой, – деп маған қарап көзін қысты.

Уф, менің қалтамды тексермеді. Кеткенше тексеріп қала ма деп зәрем ұшты.

Осы оқиғадан кейін Нұрдан нағашымның үйіне баруға ар-ұятымыз жібермеді.

– Жас келін жұқпа нанға жерік екен. Жұқпа дайын болған соң апарып беріп келіңдер, – деп әжем

жеңешемнің жерік асын дайындауға кірісті.

Бөрте маған, мен оған қарадым.

– Бармаймын, – деді селқос қана Бөрте. – Сабаққа дайындалуым керек.

–  Жазғы  демалыста  қандай  сабақты  айтасың?  Оқу  кезінде  сабаққа  дайындалам  деген  сөзіңді

естімеуші едім? – деді әжем.

– Әже, менің басқа сабағым бар.

– Ол тағы қандай сабақ? Прәпестрдің оқуын оқиын деп пе едің? Әлде міністірдің оқуын оқиын деп

пе едің?

– Әже, қазір айтқаныммен сен оның қандай сабақ екенін түсінбейсің?

Ашуланған әжем: – Әй, сенің маған бір нәрсені түсіндіретін ойың бар ма әлі, жүгермек. Әй, біз де

молданың алдын көргенбіз, – деп Бөртенің емес, менің көзімді шұқып ала жаздады.

Бармауға тағы басқа сылтау тауып, көнбесе екен деп Бөртенің тілеуін тілеп мен тұрмын.

Бөрте: – Әже, менің басым ауырып тұр, – деп басқа қулыққа көше бастады.

– Жас адамның басы ауыра ма? – деді әжем.

– Әже, жас адам да адам ғой. Неге оның басы ауырмауы керек? – деп Бөртеге жақтаса бастадым.

Осы  кезде  қазан  басына  келген  жеңешем:  –  Көп  сөзді  қойыңдар.  Жұқпаны  келінге  апарып

бересіңдер! – деп бұйыра сөйледі.

– Бөртежанның басы ауырып тұр, – деп әжем әп-сәтте өзгере қалды.

– Жай сылтауы ғой, – деді жеңешем қабағын түйіп.

Амал жоқ, басымыз  салбырап өзімізге жақсы  таныс жолға түстік.  Жеңешем: – Сағындырдыңдар

ғой, келмей кеттіңдер, – деп бетімізден сүйіп, наз білдірді.

Жеңешем Бөрте екеумізге бірдей етіп шарф тоқып беруге уәде берді.

Сол  күзде  Алтын  жеңешем  Дастан  нағашыммен  ренжісіп,  төркініне  кетті.  Содан  кейін  Алтын




жеңешемді көрмедім. Шіркін, өзі де Алтын десе алтын еді ғой. Ұлын төркін жұртында босанды.

Қалада  менің  анаммен  кездесіп  қалғанда:  –  Екінші  рет  тұрмысқа  шықтым,  ұлым  өзіммен  бірге.

Күйеуім өзімді сүйетін, баламды жат көрмейтін адам. Өткен өкініш болып қалды ғой. Дастанды көп

күттім,  келмеді.  Оның  үйленіп  кеткенін  естігенде  ол  мен  ойлағаннан  әлдеқайда  басқа  адам  екенін

түсіндім, – деп мұң шағыпты.

Дастан  нағашым  Алтын  жеңешем  төркініне  кеткен  соң  көп  ұзамай  екінші  рет  үйленді.  Ол

жарымен де ұзақ отандаса алмады. Жұмыс іздеп Ақтауға кетті. Үшінші рет өзінен он жас үлкен үш

баласы бар әйелмен көңіл қосып, сол қалада тұрақтап қалды.

* * *

Алтын жеңешем төркініне кетіп қалған соң Нұрдан нағашымның үйіне мүлдем барғымыз келмей



қалды. Бір күні түсте каналға шомылуға барсақ, су лайланып ағып жатыр екен. Енді не істеу керек?

Бөрте  де,  мен  де  түсте  ұйықтау  дегенді  білмейміз.  Екеуміз  каналдың  жағасында  жүрген  екі  есекті

ұстап міндік.

Бір-бірімізге қарап: – Жарысайық, – дедік.

Жарыстық. Мен мінген көк есек тоңқып-тоңқып үстінен лақтырып тастады. Үлкен тастың үстіне

құладым.


Өзім жаныммен қайғы болып жатсам, Бөрте: – Аттан да, түйеден де құламай, есектен құлағаның

ұят болды. Әлгінде сен құлаған кезде шатырдың үстінде жүрген Жылан ысқырып жіберді. Ол өсекші

енді балалардың бәріне жаяды. Балалардың алдында аптортетің түсетін болды, – деп менің беделімді

ойлап уайым жеді.

–  Жыланның  сағыз  деп  алдап,  тікенек  шөптің  тамырын  бақандай  үш  сомға  сатып,  өзіңді  өлтіріп

қоя жаздағаны есіңнен шықты ма? – дедім ызаланып. Бөрте мұрнын тыржитты. Бау-бақшаға қаулап

шығып, атам отап тауыса алмайтын тікенек шөптің тамырын ақшаға сатып алып, оны сағыз орнына

шайнап, үш күн ауырғанын бәлемнің есіне түсірдім.

Сол күні кешкісін Бөртенің сыныптасы Қызтумас велосипед айдап біздің көшеден қайта-қайта өте

берді.


–  Мақтаншақты  қарашы.  Шамасы,  есектен  құлаған  сені  мазақтап  жүр-ау  деймін.  Шошаңдаған

бәленің  (бұл  енді  әжемнің  сөзі)  сазайын  беру  керек.  Ол  бөшке  мазақтағанның  не  екенін  сонда

түсінеді, – деп Бөрте от тастап, мені қайрай бастады.

Аңқаулық қой, бір қатты ағашты алдым да Қызтумастың велосипедінің дөңгелегіне тығып қалдым.

Қызтумастың  жандаусы  шыққанда  барып,  қателігімді  түсіндім.  Балалық  арандатудың  құрбаны

болған  жазған  басым  шифонердің  ішіне  барып  тығылдым.  Біреу  қонақ  бөлмеге  кіріп,  жарықты

жағып,  шифонердің  есігін  ашқанда  қоянның  көжегі  секілді  бүрсіп,  дір-дір  етіп,  басымды  көтере

алмадым.  Біреу  мойнымды  қылқындыра  бастады.  Мойынсұна  бердім.  Көзім  қолына  түскенде  бір

қуанып, бір қорландым. Кір-кір Бөртенің қолы. Ызаланып қолын артқа қайырдым.

–  Мен  жай  ойнағанмын,  кешірші,  –  деп  қанша  жалынса  да  қасарысып  жібермедім.  Айқайлап

көмекке әжемді шақырды.

–  Әй-әй,  сенен  бе,  сенен  көп  нәрсе  шығады.  Біреудің  қызының  аяғын  сындырып,  енді

Бөртежанның қолын сындырайын деп пе едің, – деп менің тыриған арық, бірақ қатты қолдарымнан

сүйікті  немересін  арашалап  алды.  Шошып  кеттім.  «Қызтумастың  аяғы  үзіліп,  түсіп  қалған  екен»

деген ой санамда жарқ етті. Жылап жібердім.

Әжем:


–  Мені  ештеңе  білмейді  дейсің  бе,  осының  бәрін  бастап  жүрген  –  сен.  Сенің  бе,  сенің  жүрген

жеріңе шөп шықпайды, – деп енді Бөртеге ұрса бастады.

Содан  қойшы,  әжем:  –  Басың  жарылып,  көзің  шықпай  тұрғанда  әке-шешеңнің  қолына

тапсырайын, – деп мені үйіме әкеліп тастады.

* * *

Өз  үйіме  келгеннен  кейін  бір  қымбат  затымды  жоғалтып  алып,  соны  іздеген  адамдай  аласұра



бастадым.  Алғаш  рет  таңға  дейін  ұйықтай  алмай  жатқаным  әлі  күнге  дейін  есімде.  Жұлдыздар

біртіндеп сөніп бара жатқан кезде жоғалтқанымды енді ешқашан таппайтынымды сезіп, жанарыма

жас  іркілген.  Таң  арайы  жер  әлемге  нұрын  шашқанда  Таңшолпанды  көрдім.  Көңілімді  түсініксіз

қуаныш  билеген.  Жоғалтқаныңды  таппай,  іздегеніңе  жетпей  өмірде  адасуың  мүмкін,  бірақ  оның

орнын күндердің күнінде  қуаныш пен ізгілік  толықтыратынын білмесем де  тым-тым қиялшыл едім.



Таңшолпанды  тамашалап  жатып  ұйықтап  кетіппін.  Түсімде  Ай  мен  Жұлдыз  көрдім.  Апамның:  «Түс

болды,  бұл  қыз  ертең  таңертең  тұра  ма?»  деген  айқайын  да  естімегендей,  көзімді  жұмып  жата

бердім...




жүктеу 0.49 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет