Балаларға арналған хикаяттар, өлеңдер, әңгімелер мен сахналық



жүктеу 2.65 Kb.
Pdf просмотр
бет1/15
Дата22.05.2017
өлшемі2.65 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

1
Балаларға арналған хикаяттар
өлеңдер, әңгімелер мен сахналық 
қойылымдар
Суретшісі 
Дулат Үсенбаев
Алматы
2010

2
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз-7
К 26
                     
Бас демеуші
:
                        
Инвестициялық-өндірістік корпорациясы
К    “Кәусар  бұлақ”.  Хикаяттар,  өлеңдер,  әңгімелер  мен  сахналық 
қойылымдар/  Жауапты ред. С. Қалиұлы, – Алматы: “Баянжүрек”, 2010. 
–    262 б.
ISBN 978-601-7008-40-6
“ZHERSU”  корпорациясы  мен  Қазақстан  Жазушылар  одағы 
ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлі “Дарабоз” бәйгесі биыл бесінші 
рет өз мәресіне жетті. “Кәусар бұлақтың” бұл кезекті төртінші кітабы 
сол  аламан  бәйгеде  жүзден  озып,  жүлде  алған  үздік  шығармалардан 
тұрады.
Кітап  мектеп  оқушылары  мен  ұстаздарға,  тәрбиешілер  мен  ата-
аналарға, жалпы оқырман жұртшылыққа арналған.
     
                           
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз-7
ISBN 978-601-7008-40-6
                                                     © “Баянжүрек” баспасы, 2010

3
Қымбатты жас оқырман!
“Кітап - жан азығы” дегендей, кез-келген адамның өмірде қа-
лыптасып дамуының, мәдениетінің, жоғарғы деңгейдегі жетістік-
терге жетуінің бірден-бір құралы білім екені даусыз.
Пайда ойламай, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге… –
деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, болашақта еліміз үшін аянбай 
еңбек етіп, үлкен азамат болып қалыптасуларыңа білімнің берері 
мол. Олай болса осы кітап та, сендердің баянды болашақтарыңа 
апарар игі баспалдақтардың қатарынан табылсын.
Өздеріңе арналған қазақ жазушыларының ең үздік шығармалары 
топтастырылған “Кәусар бұлақ” кітабын қабыл ал!
Бауыржан Оспанов,
“ZHERSU” корпорациясының басшысы.

4
Білімдіден шыққан сөз
 
Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие 
берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – 
адамзаттың қас жауы; ол келешекте 
оның бар өміріне апат әкелуі мүмкін”.
Әбу Насыр әл-Фараби
Адамның адамшылығы – ақыл, 
ғылым,  жақсы  ата,  жақсы  ана, 
жақсы  құрбы,  жақсы  ұстаздан 
болады”.
Абай
Талаптыға болсын кез!

5

6
І
Жұпар атқан қыр гүлі,
Жаздың ашық бір күні.
Шаңқай түсте кесілді.
Егіз ұлдың кіндігі.
Қос шүйкедей бастары,
Жездей сары шаштары.
Үлбіреген мамықтай,
Қызыл шақа жас тәні.
Қос жұлдыздай түндегі,
Айнымайды түрлері.
Беттерінде бұлардың
Болса кәне бір меңі.
Тарс жұмулы көздері,
Бақырауық өздері.
ҚастеК  БаянБай
1936  жылы  Алматы  облысының  Алакөл  ауданын-
дағы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары білім 
алған соң, әр түрлі газет редакцияларында, «Жазушы», 
«Жалын»,  «Балауса»  баспаларында  ширек  ғасыр  бойы 
редакция меңгерушісі, бас редактор болып қызмет істе-
ген.
Қазақ  және  орыс  тілдерінде  жарық  көрген  «Атай 
неге солақай?», «Тәтті сабақ», «Бір қоржын жаз», «Қол 
шатыр  көтерген  он  батыр»,  «Асар»,  «Араша»,  «Әсем 
әлем», «Жүз жыл жаз», «Зайчик в очках», «Богатыри под 
дождем»,  «Юрта»  сияқты  жиырмаға  тарта  кітаптың  авторы.  Халықаралық 
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 
2010  жылы  “Егіздер”  атты  балладасы  Халықаралық  “Дарабоз”  бәйгесінің 
бас жүлдесін жеңіп алды.

7
Көрінеді қылтиып
Шапқа біткен бездері.
Малы түгел, жаны аман
Қазақ қандай балажан.
Ұлға қамшы ұстатып,
Қызға тана қадаған.
Отағасы жаңылды
Мінезінен байырғы.
Өз көзімен көргенде
Қосақтаулы сары ұлды.
Бөркін атып төбеге,
Қуанбасқа немене!
Егіз ұлды келіні
Жылда туа бере ме!
Бәйбішесі шырайлы
Басқа қылық шығарды:
Ебелекше елпілдеп,
Бір күліп,
Бір жылайды.
Зорға жеткен сарғайып,
Бақтан басы айналып,
Көктен бала жауғандай,
Қояр емес таң қалып.

8
ІІ
Бесік тойға сабылып,
Келіп жатыр әлі жұрт.
Нәрестенің іңгәсін
Қалса керек сағынып.
Қыр қазағы бүгін де
Сол кеңқолтық күйінде.
Берекелі бір ауыл
Сиып кетті бір үйге.
Жас келіншек бұрымды
Сақтап көне ырымды.
Бесіктерді аластап,
Жұртқа қарап жымиды.
Ақша бұлттай желекті,
Бәйбішелер қолы епті
Қатар тұрған бесікке
Бөледі екі бөбекті.
 
 
Билік айтар жиынға
Ақсақалға қиын ба
Дарқан деген ат берді
Бесіктегі бір ұлға.
Қасындағы қария
Көз жіберіп маңына
– Дастан болсын мынау,– деп
Етті жұртқа жария.
Барлық ырым жасалып,
Бабалардан бата алып,
Шыға келді егіздер
Дарқан, Дастан атанып.

9
ІІІ
Жейде киіп жағалы,
Байпақ киіп бағалы,
Жерге тие бастаған
Егіздердің табаны.
Тыным таппай тырбаңдап,
Бірде тұрып,
Бірде аунап,
Жайлап жүріп көреді,
Роботтарша бұлғаңдап.
Ағаш атқа ерттеулі
Бойлары әлі жетпейді.
Қабаттаса жығылып,
Жерден таяқ жеп көрді.
Байқап басып адамша,
Босағаға бара алса,
Жер түбіне жеткендей,
Қуанбасын қалайша.
Сүйетін қос сарының
Жерге түскен әр ізін
Әжесі енді өтемек
Тұсау кесер парызын.

10
ІV
“Тұсау кесер” дегені
Өзгеше бір той еді.
Жиналды көп апалар
Желпілдеген желегі.
Кең сарайдай бөлмені
Әзіл-күлкі кернеді.
Айнымайды апалар
Аққу-қаздан көлдегі.
Мал сойылып арнайы,
Қара қазан қайнайды.
Бастай берді қонақтар
Бір қызықты шаруаны.
Думан еткен осы үйді,
Ортаға алып қос ұлды,
Аяқтарын тұсады
Ала жіппен есулі.
Қайшыны алып арнаулы,
Күні бұрын қайраулы
Қиды апалар тұсауды
Қақ тобықтан байлаулы.
Құпиясы  ғажайып
Қас қағымда азайып,
Түсті сусып еденге
Жарты құлаш ала жіп.
– Табандарың таймасын,
Қанаттарың талмасын!–
Десіп жатыр үлкендер,
Тиянақтап шаруасын.

11
V
Жасы бесте ұлдардың,
Өтті сонша туған күн.
Тарайды жұрт жыл сайын
Басын мүжіп бір малдың.
Бір борышын алдағы
Ата ұмыта алмады.
Сәл шошытты ұлдарын,
Сүндетті айтып қайдағы.
– Тиіссіңдер білмекке,
Жатады бұл міндетке.
Қазақтың әр баласы
Отырады сүндетке.
Ойламаңдар мұны көп,
Қорқатындай түгі жоқ.
Ауыртады сәл ғана,
Шымшығандай бір рет.–
Атаның бұл айтқаны
Ұлдарына жақпады.
Кетті әйтеуір жиілеп
Мұрындарын тартқаны.
Қос ботаның тынғанын
Байқаған ел бір қауым,
Көтермелей жөнелді,
Атасының ұлдарын.
Қарт риза қалай да
Мына жақсы заманға,
Мұсылманды көбейтті
Бүгін екі адамға.

12

Ашық аспан айдыны,
Жарқырайды таң нұры.
Құшақтарда жүр бүгін
Даламыздың бар гүлі.
Жанды толқын айнала,
Шайқалады жай ғана.
Жиналғандай осында
Әлемдегі бар бала.
Күлімдейді күн көкте,
Қарап жанды суретке.
Кім біледі жердегі
Бала көп пе,
Гүл көп пе.
Әйгілі қарт ауылға
Қосылды кеп қауымға,
Дарқаны оң жағында,
Дастаны сол жағында.
Сексенде жас мөлшері,
Бірақ жардай еңселі.
Келіп сәлем береді,
Үлкен-кіші көрсе оны.
Білетін қос сарыны
Осы ауылдың бар ұлы.
Ертіп келген екеуін
Атасын да таныды.
Қарт ерекше көңілді,
Шырамытты топ ұлды.

13
Бірақ бүгін барлығы
Ересектеу көрінді.
Мұртын сылап қияқты,
Өңі жайнап шуақты,
Үнсіз тұрған ұлдарға
Жеңіл ғана сын айтты.
– Неткен жасық едіңдер,
Бері таман келіңдер.
Құттықтайын сендерді,
Қолдарыңды беріңдер.–
Қуаныштан іштегі
Күліп күрек тістері
Үйірілген ұлдарды
Беттерінен иіскеді.
Қоңыраудың сырлы үні
Жарқын шықты бұл күні.
Ішке қарай лап қойды
Қыр баласы,
Қыр гүлі.
Қапшықтары арқада,
Малталары қалтада,
Дарқан–Дастан жұптасып
Отырды бір партаға.
Арман еткен кешегі
Мектептері осы еді
Ұшыратын ұрпағын
Келешекке көшелі.

14
VІІ
Бір үйдің қос өрені
Қамсыз өсіп келеді.
Басқа ұлдар бір төбе,
Екеуі бір төбе еді.
Бүкіл ауыл таниды
Қосақтаулы сары ұлды.
Келген әбден сағынтып
Жиен дерсің кәдімгі.
Ерекше деп санайтын,
Жұрт қызыға қарайтын.
Көшіп келе жатқандай
Екі кесек сары алтын.
Дауласқанда екеуі
Жоқты желеу етеді.
Жылтыраған әншейін
Жезге айналып кетеді.
Сөзге бейім астарлы
Дарқан дауды бастайды.
– Айнымайсың менен,– деп,
“Кемітеді” Дастанды.
Дастан да бой бермейді,
Оған қолын сермейді:
– Саған тартқан мен емес,
Маған тартқан сен,– дейді.
Кідірместен Дарқаны,
Өз дәлелін айтады:
– Аға ініге тартпайды,
Іні ағаға тартады.

15
– Сонда аға сенбісің,
Бойың бірдей,
Тең күшің!
Көре алмадым бойыңнан
Ағалықтың белгісін.
– Салғыласпа сен бекер,
Іні болсаң нең кетер.
Күнің бар ма ағасыз,
Жеңілдің ғой,
Қол көтер!
–  Ортақ ыстық-суығы,
Ұқсас мінез-құлығы
Болу керек туыстар
Бірі  аға,
Бірі іні.
Болмаған соң байлауы,
Бітпейді бір даулары.
Мазалайтын бұларды
Аға болу арманы.
Өзі батыл,
Сөзі өктем
Ағалыққа не жеткен.
Бұйырады бұл билік
Екеуіне кезекпен.
Аға болған сыңары
Таңертең кеш тұрады.
Қимылдауға ерініп,
Бетін зорға жуады.
Іні болған сол күні
Ұлдың жайы белгілі.
Тыным бермей ағасы,
Шаршатады сорлыны.

16
Бір күндік бас-аяғы
Биліктің жоқ баяны.
Бүгін тиген ағалық
Ертең бастан таяды.
Қызып кейде екеуі
Шектен шығып кетеді.
Ұмытылып біржола
Ағайынды екені.
Аталары бұл дауды
Ұзақ тыңдап тұрмайды.
Шақырады “бітімге”
Шатаққұмар ұлдарды.
– Дауыстарың жаңғырып,
Қайтесіңдер даурығып.
Өнбес дауды қумайды
Өнегесі бар жігіт.
Әркімнің бар бауыры,
Не тұр онда, тәйірі.
Сендер болып жүрсіңдер
Әрі аға,
Әрі іні.

17
VІІІ
Ұлдардың бір жаманы –
Жоқты ойлап табады.
Сыныпқа енсе егіздер,
Лезде қамап алады.
Тұрғанша құр аңырап,
Бүкіл сынып жабылып,
Қайсысы кім екенін
Алмақ қазір айырып.
– Қайсы мұның Дарқаны,
Қәнеки, кім айтады?–
Деп Дайырбек ұлдарға
Сұрақ қойып байқады.
Қос томынан Абайдың
Айнымайтын адамның
Қайсысы кім екенін
Таба қойсын қалай кім.
Тапқыштардың күндегі
Шықпаған соң үндері,
Күресетін адамша
Қайсар шықты ілгері.
– Айырмасам екеуін,
Доңыз болып кетейін!
Жұмып тұрып көзімді
Айта алам кім екенін!
– Қайтесің сол доңызды,
Бекер қорлап өзіңді.
Тапсаң болды Дарқанды,
Ашып тұрып көзіңді.

18
Бірде жеке тұрғызып,
Бірде қатар жүргізіп,
Айнымайтын  екі ұлды
Тексергені бір қызық.
Тершіп тайқы маңдайы,
Өзін іштей қайрады.
Егіздерді бәрібір
Ажырата алмады.
Ортаға алып енді оны,
Ұлдар өктем сөйледі:
– Әлгінде серт бергенсің,
Енді доңыз бол!– деді.
– Білетін тек сайрауды,
Тоты құстан аумайды.
Доңыз болу қайда оған,
Қорсылдай да алмайды.
– Өзіне де обал жоқ,
Ойлаған ғой оңай деп.
Саз балшыққа аунасын,
Тым құрыса торай боп.
Буған гүлдей бір десте,
Қыздар күліп тұр шетте.
Қылықтары ұлдардың
Қояр емес күлмеске.
Ұстаз ішке кіргенде
Тынады ұлдар бір демде.
Тымырая қалады,
Сөйлемей де,
Күлмей де.

19
Лезде барлық баланың
Шолып қасы-қабағын,
Қалпын сақтап сыпайы,
Бастайды ұстаз сабағын.
– Бойларыңды тік ұстап,
Отырыңдар дұрыстап. 
Парақтауға кітапты
Берілмейді рұқсат.
Бастар екен жолды кім,
Тақта алдына кел бірің.
Көрінеді сиректеу
Көтерілген қол бүгін.
Сонда егіздің сыңары
Тақта алдына шығады.
Еш сабақтан сүрініп
Көрген емес бұл әлі.
Сары бала сайрайды
Жанары отша жайнайды.
Мүшелерін сөйлемнің
Жаңылмастан талдайды.
Ұстазға ұнап барады
Шәкіртінің жауабы.
Қайсысына қояды
Бірақ енді бағаны?
Кім екенін мынаның
Айыра алмай мұғалім,
Сабақ сайын қысылып,
Тауысқандай шыдамын.

20
Төмен қарап күлімдеп,
Айтты ақырын күбірлеп:
– Ажырату бұларды
Болып кетті қиын,–  деп.
Қасым мына күбірге
Қабаттасып бүгін де:
– Осыларға ен салу
Керек шығар түбінде.
Бүкіл сынып ду күліп,
Алса керек бүлдіріп.
Ауырлау сөз айтқанын
Бала енді тұр біліп.
– Қалжыңды қой анайы,
Енді малға салады,–
Деді ұстазы ұнатпай,
Әзілқойға жаңағы.
ІХ
Жуан торы мінгені,
Жалаң бешпет кигені,
Тоқтады үй сыртына
Бейтаныс қарт бір жолы.
Аяңдаған ат басын
Жайлап қана тартқасын,
Қамшысының сабымен
Тықылдатты қақпасын.
Сақ құлағы түрулі
Естіп мына дүбірді,
Отағасы ордаңдап
Сыртқа қарай жүгірді.

21
Тосын келген торы атты
Қошеметтеп қонақты,
Жан досындай сағынған
Қос иығына қол артты.
Жардай алып денесі,
Көк тірейді төбесі.
Көзі тірі дәулердің
Болса керек соңы осы.
Босағадан бері аттап
Үйге кірді қонақ қарт.
Алыс жолда ат соғып,
Қажытқандай шөл, аптап.
Екі жеңін түрініп,
Салқын сумен жуынып,
Бір тостаған қымызды
Алды бірден сіміріп.
Қонақтарды сыйлауға
Құлшынады ұлдар да.
Елгезек боп кетеді
Екі сары мұндайда.
Өздерінше тырбанып,
Жөнеледі зыр қағып.
Бірі мына қонақтың
Келеді атын суғарып.
Егіздің бір сыңары
Күтуші боп шығады.
Ас алдында қонақтың
Қолына су құяды.

22
Отырған қарт төрдегі
Өз көзіне  сенбеді.
Түстегідей нанымсыз
Қазір оның көргені.
Бұлдырап қос жанары,
Қонақ ұзақ қарады.
Екеу бола қалыпты,
Сары бала жаңағы.
Айнымайды түрлері,
Сөйлегені, күлгені.
Бойларынан аңқиды,
Бетегелі  қыр лебі.
Үнсіз ғана күлісіп,
Тілсіз ғана ұғысып,
Көбелекше көлбеңдеп,
Әрі-бері жүр ұшып.
Еріп жүрген елесі,
Сайтан ба бұл немесі?
Сұрамасқа қоймады
Қонағының ойы осы.
– Пысық еді не деген
Мына сары немерең.
Періштедей кәдімгі,
Түсе қалған төбеден.
Бірақ өзі жерде жүр,
Жай балаша бейне бір.
Екеу болып кенеттен,
Көрінеді кейде бұл.

23
Бұл күдікті көкейде,
Сақтамайын бекерге.
Осы сенің немерең
Біреу ме, әлде екеу ме?
Алтын тісі жарқылдап,
Күліп алып қарқылдап,
Барлық жайды қонаққа,
Берді атасы айқындап:
Бірге өсіп көбеген,
Асау тайдай тебеген
Мына жүрген сарылар
Менің егіз немерем.
Садағасы кетейін,
Бірдей көрем екеуін.
Бірақ әлі білмеймін
Қайсысы кім екенін.
Көрсем бірін бұлардың,
Бұл қайсың деп сұраймын.
Қайран қалам айнытпай,
Бергеніне Құдайдың.
Сабақты үздік оқиды,
Шаба алады отынды.
Ән шырқаса қосылып,
Абдуллиндер секілді.
Түссе тағы жолыңыз,
Даяр сізге төріміз.
Аунап-қунап асықпай,
Құтты қонақ болыңыз.

24
Қара аюша балпаңдап,
Түрегелген аңқау қарт.
Берді ұлдарға батасын,
Қарап тұрған жаутаңдап.
– Жазылмасын жұптарың,
Асырыңдар ұлт бағын.
Ер болыңдар Баукеңдей,
Едірейіп мұрттарың!

25

26
БиБІажар
Бәрі-бәрі сонау жоғарыдан шешіліп, сол жоғарының 
ығындағы  тіршілік  ағыны  өз  орнымен,  өз  жөнімен 
жүріп жататын кез еді.
Тау шатқалының қуысына барып тығылған бөренеден 
қиып салған ағаш үйді мекен еткен үш адамнан тұратын 
отбасының әр мүшесі де өз орындары мен өзара бөлісіп 
алған  өз міндеттерін жақсы білетін.
Ең алдымен, көненің көзіндей жәдігер тамның ішін-
дегі ең қымбат дүние – сары самаурынның қожайыны 
ретінде апасы атасы үшін жауап береді. Ал атасы бол-
са, қора-қопсы, мал-жанға, содан соң, әрине, Бибіажар 
үшін  жауапты.  Өйткені,  түптеп  келгенде  шағын  отба-
сы  тіршілігінің  бар  тетігі  осы  қаршадай  қара  қыздың 
қолында еді.
Таңғы  шәйдің  үстінде  сары  самаурынның  құлағын 
ұстаған  апасының    ұзақ  тәптіштеген  тапсырмаларын 
тыңдап болған соң, белін қайыс белбеумен тарс буынған 
атасы Бибіні қасына ертіп, анадайда қарауытып тұрған 
Баян  БолатХанова
 
Әль-Фараби 
атындағы 
Қазақ 
Ұлттық 
университетінің 
журналистика 
факультетін 
және  филология  факультетінің  аспирантурасын 
тамамдаған. Республикалық “Лениншіл жас”, “Кино 
әлемі”,  халықаралық  “АЗиЯ”,  “Zaman-Қазақстан” 
басылымдарында  қалам  қарымын  танытты. 
Қазақстан  Журналистер  Одағы  сыйлығының  ие-
гері.  Бірнеше  көркем  -  деректі  повесть,  әңгіме 
жинақтарының авторы. Түркістанның 1500 жылдық 
мерейтойын  өткізуге  арналған  сценарий  жобасы 
үшін  жарияланған    мемлекеттік  жабық  байқаудың 
бас жүлдесін жеңіп алған. 2000 жылдан бері  Molia & 
DOS ЖШС директоры, Республикалық “Абитуриент”, “Турист” газеттерін, өзге 
де баспа өнімдерін шығарумен айналысады. Заман ағымына сай кәсіп пен қаламды 
қатар ұстаған қаламгер өз замандастарының шыншыл бейнесін сомдайды.
2010 жылы “Бибіажар мен Бойтұмар” хикаяты дәстүрлі байқаудың бірінші 
жүлдесіне ие болды.

27
мал  қораға  қарай  кетеді.  Бұрындары  ішіне  кірсең, 
қайтадан шыққың келмейтін ұядай жып-жылы қора іші 
кейінгі  кезде  абажадай  үлкейіп  кеткен  секілді;  сылағы 
түскен қабырғаларынан суық ызғар еседі. Есіктері алқам-
салқам,  терезелері  үңірейген  қораның  түкпірінде  екі 
жабағы мен он шақты тоқты-торым тұрады. Бұрындары 
таң қараңғылығында келіп есігін ашып қалғанда, таптап 
кетердей азан-қазан далаға ұмтылатын бір отар қойдан 
қалған тұяқтар. Ана жолы директордың өзі бастап малды 
жекеге  таратқанда  бұлардың  еншісіне  тигені  осы.  «За-
ман не болып кетті?.. Тірнектеп жинаған қоғамның ма-
лын талан-таражға салғаны несі?» - деп, атасы налиды. 
«Бұйырғаны осы болса, қайтесің... Аз ба, көп пе, әйтеуір 
жекеменшік қой...», – деп апасы шүкіршілік етеді. «Ескі 
жұртты күзетіп шаршадым... Орталыққа көшейік» - дей-
ді  атасы.  «Сағынып  отырған  қай  туысың  бар  еді,  тас 
жетім...», – деген апасының уәжінен аса алмай, сөз аяғын 
күмілжітіп жібереді.
Жас емес қой, бұл кезде сөз төркінін түсініп қалған 
Бибіажар. Атасы – тас жетім. Атасының аталары – ке-
дей болған екен... Мыңғыртып мал айдаған апасының 
төркініндей қайдан болсын... «Бай – байға, сай – сайға... 
Жөргегінде жарымаған – жеті дүниеде жарымайды» - 
дейді апасы. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау...» - дейді апа-
сы. Жалпы мұның апасының білмейтіні жер түбінде.
Атасы  қыстан  қалған  азғантай  шөпті  үнемдегісі 
келе  ме,  тоқты-торымның  алдына  там-тұмдап  тастай-
ды. Жас емес қой, қоғамдық малды жекеменшікке та-
ратып бергелі атасының жарым көңіл болып жүргенін 
Бибі  түсінеді,  әрине.  Екі  бүктетіліп,  бір  айыр  шөпті 
әрең көтергенін көріп-біліп тұрса да, кеше ғана кигені 
торқа,  мінгені  жорға,  шекесіне  қисайта  киген  құндыз 
бөркі мен сеңсең ішігі өзіне әдемі жарасатын, көкпар, 
бәйге десе, үйде байыз тауып отыра алмайтын атасын 
қартайды деуге қимайды.

28
Мұның  көңіл-күйін  қабағынан  сезетін  атасы  айна-
лып-толғана бастайды. «Тоңдың ғой, балам, үйге бара 
ғой... Апаң да жалғызсырап қалған шығар...»
Бұл жоқта апасы шынында да жалғызсырап отырады. 
Дастарқанын,  ыдыс-аяғын асықпай жинап, бұрыштағы 
көне шкафқа апарып тыққан соң, ұршығын қолына ала-
ды.  Зыр  айналған  ұршығын  иіріп  отырып,  жаңа  әлде 
атасынан  артылған  көп  ақылының  қалған-құтқанын 
қызына  арнайды.  Әңгіме  қызығына  түсіп,  қызының 
әлдеқашан төргі бөлмеге зып бергенін де сезбейді.
Төргі  бөлменің  төрінде  төбеге  дейін  текшелеп 
жиналған  екі  қатар  көрпе-жастықтың  да,  бұрыштағы 
сөреде тізіліп тұрған кітаптардың да, апасы кілтін өмірі 
қалтасынан тастамайтын өрнекті кебеже-сандықтың да 
қожайыны - Бибінің өзі. Ал Бибі болса, «қыздың жүгі» 
деп апасы шық жуытпайтын көрпе-жастықтардан гөрі, 
сөредегі кітаптарды жақсы көреді. Кітап болғанда шеті-
нен мұқабасы жұқа өлең кітаптар. Сосын... қабырғадағы 
дөңгелек айнаны...
Қай кезде үңілсе де, айнадан өзіне атасы айтқандай 
«қара  бала»  емес,    монтиған  қара  қыз  қадала  қарап 
тұрады.  Бадырайған  көздері  мен  аздап  қаралығы 
демесең, мына қыз әп-әдемі, үсті-басы мұнтаздай, қос 
бұрым етіп өрілген бұрымы да өзіне жарасатын секілді. 
«Өзіме тартқан ғой» - дейді атасы. «Жас күнімде мен де 
дәл осындай едім» - дейді апасы. «Құйып қойғандай-
ау,  құйып  қойғандай...»  Кішкентай  кезінде  олардың 
сөзіне  шынымен  сенетін,  есейе  келе  аздап  қаралығы 
демесең түрінің атасына да, шегір көз сап-сары апасы-
на да тартпағанын біліп алған. Сәл қаралығына қарап, 
ішкі  ойы  «аздап  болса  да  атама  ұқсайтын  болармын» 
дегенге  саяды.  Оның  үстіне  орталықтағы  өзі  оқитын 
мектептің мұғалімдері «шалдың баласы, шалдың бала-
сы» - деп, мұның алдында құрақ ұшады. Өйткені, атасы 
сонау тау етегінен орталыққа ерінбей-жалықпай екі рет 
келіп кетеді. Жазда – атпен, қыста – атшанамен. Негізгі 

29
міндеті  –  қызының,  жо-жоқ  баласының  сабағы  болса,  
қайын жұртын да ұмытпайтын болуы тиіс, құр қол кел-
мейді, әрине. 
Бибіажар болса, өзінің тиесілі орнын біледі - күн жы-
лыда жуас қасқа биенің үстінде теңсетілген атасының 
белінен тас қылып құшақтап алады. Ал қыста жалт-жұлт 
еткен  ақша  қарға  жанары  талғанша  қарап,  атасының 
жып-жылы қасқыр ішігінің ішінде ат шананың үстінде  
көздері жылтырап отырады.
Таңертең сабаққа әкеліп тастаған атасы түске дейін 
осында тұратын қайын жұртына сәлем беруге, нақтысы, 
апасы атқоржынға сықай толтырған сәлемдемені беру-
ге кетеді. 
Бибіажар болса өзінің тиесілі міндетін ұмытпайды, 
әрине.  Қиын  болсын,  оңай  болсын,  сабақтың  аты 
–  сабақ.  «Атасының  баласы»  деген  атқа  кір  кел-
тірсе,  атасы  түгілі  апасының  да  ренжитінін  біледі. 
Көне  қыстауда  көпшілікті  аңсап  жүргендіктен  бо-
лар, сыныптастарының әр үзілісті үзіліп кете жаздап 
күтетінін түсіне алмайды.
Сабақтың  аты  –  сабақ.  Синус  пен  косинусты 
білгеннің зияны жоқ екенін білсе де, жасырып өлең жа-
зып, жасырын өлең айтып үйренген Бибіажар әдебиет 
сабағын  тықырши  күтеді.  «Жамбыл  аталарыңның 
сүйікті  әйелінің  аты  кім?»  «Аталарыңның  сүйікті 
жылқысы  қалай  аталады?»  Сынып  жетекшісі  ағай 
«қырық  қарақшы»  атап  кеткен  қырық  баланың  ішін-
де мұны білетін жалғыз оқушы – Бибіажар ғана. Бір-
де  сыныптастарының  арасында  отырып,  Жамбыл 
атасының  сүйікті  әйелдерін  саусақпен  санап  бер-
генде,  бірде  бірі  сенген  жоқ,  әрине.  Бос  уақытында 
кітап  оқудың  орнына  көшеде  сенделіп  жүретіндер 
махаббаттың не екенін білуші ме еді?.. Осылайша кей-
де бес, кейде алты сағатқа созылған сабақтың қашан 
бітуін  сарыла  күтіп  отырып,  уақыттың  қалай  өте 
шыққанын өзі де сезбейді.

30
Түске  жақын  мектептің  қарсы  алдында  баласының 
сабақтан  шығуын  тосып  есік  пен  төрдей  атшана, 
атшананың  жанында  мұртын  шиырып  атасы  тұрады. 
Машина  атаулыға  бой  үйретіп  алған  оқушыларға, 
әрине,  атшана  таңсық;  кинодағы  ханшайымдар  секіл-
ді шалқайып келіп шанаға отырып жатқан Бибіажарға 
қызғана  қарайтындары  қызық.  Таңертеңгідей  емес, 
биікке қарай өрлеген таудың жолы бұралаң; ақ тер, көк 
тер болып терлеген қасқа биенің сауырынан көз алмай 
отырып,  қайдағы-жайдағы  қиялға  беріледі.  Таңертең 
жабырқаулау  көрінген  атасы  орталыққа  келіп  біраз 
қайырған-ау  шамасы,  жол  бойы  әлдебір  ескі  әуенді 
ыңылдаумен болады. 
«Ауыл жақсы ғой... Құдай қаласа, биыл көктемнен 
қалмаймыз,  балам...»  дейді  көңілденген  атасы. 
«Көзімнің  тірісінде...»  -  деп,  сөз  аяғын  жұтып  қояды. 
Кей-кейде: «Менің тірі күнімде...»- деп, әңгіме бастай-
тыны бар. Бибіажар болса, онысы атасының «қоғамдық 
малдың»  арқасында  «атағы  шығып,  дүрілдеп»  тұрған 
кезін сағынғаны екенін сезеді, әрине.
Басқасы  басқа  атасының  жанында  жүргенде  көк 
жүзінен  құйылып  түскен  күннің  де  жарығы  мол, 
айналадағы дүниенің бояуы да түрлі-түсті секілді еді. 
Атасы жанында болса, ескі қыстау түгілі, ай дала, жа-
пан түзде жүз, тіптен мың жыл тұра беруге бар.
Түр-түсінің  кімге  тартқанын  былай  қойғанда, 
орталыққа көшу мәселесінде Бибіажар, әрине, атасының 
жағында  болатын.  Өзі  болса  тау  шатқалының  қуыс-
қойнауын  аралаудан  жалыққан,  тау  шатқалы  түгілі 
етектегі өзеннің жағалауындағы жылтыр тастарға дейін 
санап тауысқан. «Қоғамдық малдың көп кезінде» қысы-
жазы қыстау жаққа ағылып келіп жататын кісі аяғы да са-
ябырсып қалған кез. Бұл жоғары сыныпқа көшкелі төрт 
деген бағаны естісе, төбе шашы тік тұратын «орысша 
оқудың  түбін  тауысқан»  апасынан  да  қайран  болмай 

31
жүр.  Тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйіні  -  атасы  мен 
апасының  арасында  төрелікке  жүретін  Бибіажардың 
ықпалымен  «орталыққа  көшу»  мәселесі  жақын  арада 
шешіліп те қалатын болар...
... Сол күні сабақтан соң атасы әдеттегідей тау жаққа 
тура тартпай, ауыл ортасындағы кеңсе жаққа ат басын 
бұрды. Атасына ілесіп кеңсе жаққа бұрын да талай кел-
ген Бибіажар бұрындары еңсесі биік көрінер кеңсе үйінің 
алқам-салқам  тозып  кеткенін  байқап  та,  сезіп  те  тұр. 
Есігіне  ірі  әріптермен:  «Қызылағаш  шаруа  қожалығы» 
деп бадырайтып жазып қойыпты. Қыстай от жағылмаған 
сұп-суық бөлменің түкпіріндегі ескі орындықта сымдай 
тартылған  бастық, атасының сөзімен айтқанда, «опыр 
жігіт» бұларды көріп қуанып-ақ қалғаны.
- Астапыралла, балаңыз бой жетіп қалған ба, жезде? 
– деп, атасының да, Бибіажардың да көңілін аулаған бо-
лып жатыр. – Нешінші класта оқисың, жиенжан?..
Атасының  көзін  ала  беріп,  Бибіажарға  көзінің  ас-
тымен  жаңа  көргендей  ұрлана  қарайды.  Соқталдай 
жігіттің сонша сұқтанғанын ерсі көргенмен, іші түскір 
«бір ауылды жусатып, өргізіп отырған азаматтың» өзін 
елеп-ескергенін,  жассынбай,  тең  адамдай  сөйлескенін  
жек көрмейтін де секілді. 
- Қуыс үйден құр шықпа деген... Мына сейфі түскір 
қаңырап  тұр  екен,  бірдеңе  алдырайын  ба,  жездеке?... 
Әлде үй жаққа барып сөйлесеміз бе?...
–  Мен  ол  жағына  жоқпын  ғой...  Айтарың  болса, 
күлтілдетпей айта бер, көкем...
Атасы  екеуі  бұрыштағы  диванға  барып  жайғасқан;  
Бибі әңгіме ауанының жылқыға қарай  ойысқанын сезіп 
отыр. Опыр ағайдың сөзінен түсінгені – негізінен асыл 
тұқымды    жылқымен  айналысатын  ауылдың  қазіргі 
жағдайы қиын. Себебі – басқасын былай қойғанда ел 
болашағы үшін аса қажетті  асыл тұқымды жылқыларды 
жекеге беруге болмайтын көрінеді. Сондықтан жақын 

32
арада жатпай-тұрмай құны алтынмен бағаланатын таза 
қандыларды бір орталыққа жинайтын секілді. 
- Жабы мен қазанаттан қандай қиянат көріпті?
- Оны өздерінен сұрарсыз... Білетінім, осы малдың 
ыстығы  мен  суығын  көтерген  сіз  бен  бізге  түк  те 
жоқ,  жездеке...  Жер  сипап,  құрық  ұстап  қаламыз-ау 
түбінде...
-  Сендерді  қайдам,  ана  екі  жабағы  мен  қасқа  бие 
демесең, өзіме түк те тимейтінін баяғыда сезгем...
- Мәселе, сонда ғой, ақсақал... Өткен жетіде жылқы 
санағын  өткізіп,  ішіндегі  іліп  аларының  куәліктерін 
жинап әкетті. Қолымнан келгені – Грабитті жаздырмай 
алып қалдым...
- Қай Грәбитті айтып отырсың, қарағым...
- Өзіміздің Грабит... Атамыздың тойында бас бәйге 
алған Грабитті айтам... Қартайыңқырап қалды демесең, 
Абсенттен қалған тұяқ емес пе... Абырой болғанда ко-
миссия  келген  кезде  аяғы  ісіп,  қарны  шермиіп    жүр 
еді,  «мал  болмайдыны»  айтып  отырып  алдым...  Бізге 
қалғаны сол...
- Күлтілдетпей, тоқ етерін айтсаң қайтеді, қарағым... 
– деп, атасы мұртын тікірейтті.,
- Тоқ етері - сол Грабитті бір жылдай бағып беруіңіз 
керек.  Бағып  бергенде...  жұрт  көзінен  аулақтау  жерде 
болса дегенім ғой... Жер басып жүрсем, ақыңызды же-
меймін, жездеке...
-  Бақпай  жүрген  мал  емес...  –  деді  атасы  күрсініп 
қойып. – Тек бүгін-ертең ел ішіне қарай жылжысақ деп 
отыр едік... Бәрінен де мына балама обал болды өзі...
- Балаңыздан қам жемеңіз, жездеке... Қиналып бара 
жатса... біздің үйде жатып-ақ оқиды...
Өзі жайлы сөздерге елеңдей қалған Бибіажар әңгіме 
қайтадан  жылқы  жағына  ойысқанда,  ендігі  әңгіменің 
ұзаққа  созыларын  сезіп,    ана  шеті  мен  мына  шеті  ат-
шаптырым бөлме ішін тамашалай бастаған. 

33
Мына  бөлме  ішінде  бірдеңе  жетіспейтін  секіл-
ді.  Сөйтсе...  Бұрындары  кірген-шыққан  адамға  төр 
жақтан тесірейіп, кірпік қақпай қарайтын, маңдайының 
қалы  бар  қасқа  бас  басшының  суреті  көрінбейді.  Бір 
қабырғаны  тұтас  алып  жатқан  сөренің  жанына  келіп, 
сықап тұрған кітаптарды қарай бастаған. Шаң... Шаң... 
«Күн  көсемнің»  көк  мұқабалы  шығармалар  жинағы 
шаңнан көрінбейді. 
Кенет  сөренің  бұрышынан  жұқалтаң  мұқабалы 
өлең  кітабын  тауып  алған.  Бірінші  бетінде  автордың 
қолтаңбасы  бар  екен.  «Аса  қадірменді  Ағдарбек 
бауырдың 
көрсеткен 
сый-құрметіне 
ырзалық 
көңілмен...»  Үлкен  қаланың  іргесіндегі  жылқылы 
ауылға  күн  құрғатпай  келіп-кетіп  жататын  ақын 
ағалардың  бірі  болды.  Бетін  ашып  оқи  бастап  еді, 
бас ала алса-шы. Қалыңдығы жұп-жұқа болса да, іші 
салмақты  екенін  бірден  сезген  «...Біздің  ауыл  сырт  
жағы көкпеңбек қыр. Көкпеңбек қыр үстінде көк мел-
деп тұр...».
-  Жиенжан,  бар-жоғымызды  ұмытып  кеттің  ғой... 
Қызық кітап па екен?.. 
- Қызық емес, жақсы кітап...
-  Өзің  оқи  бергенше,  бізге  де  естіртіп,  дауыстап 
оқысаң қайтеді?
Опыр ағайдың мұның әр қимылын бағып, тықақтап 
кеткенін жақтырмаса да, Бибі әлгінде ғана оқыған өлең 
жолдарының  әсерінен  арыла  алмай,  өңі  алабұртып 
тұрды.  Сәл  қипақтап  барып,  «Тыңдағыңыз  келсе, 
тыңдаңыз, ағай» - деп күмілжи сөйлеп, өлеңді әрі қарай 
жалғастырып оқыған. «Есімде менің есімде, Балқаймақ 
күндер шайқаусыз, Бұлықсып бір зат төсіңде, Булығып 
өсті  байқаусыз...»  Дауыстап  оқуын  оқығанмен, 
жасөспірім  қыздың  өңі  өрттей  қызарып  кетті.  Ұялған 
тек тұрмастың кебімен, -  «Жақсы өлең емес пе»? - деп 
жасқана тіл қатты.

34
- Е, біздің сары баланың өлеңі ғой... Арғы жағы қалай 
еді...  «Қақпақша  жағаң  күн  қағып...  Қадалған  түймең 
қатарлай... Төсіңе сенің ұрланып... Қараушы едім бата 
алмай...» дейтін бе еді...
Бибіажар  аң-таң.  Мынандай  өлеңді  шаруаның 
соңында жүрген адам түгілі, әдебиет пәнінің мұғалімі 
де жатқа айта қоюы екіталай екенін ойлаған.    
- Сіз өлең жазасыз ба, ағай?.. 
- Жазсақ... жазармыз... Сені де өлең жазады деп есті-
ген секілдімін..
Осы  «опыр  ағайы»  ойын-тойға  үйір  екен»  деген 
әңгімені құлағы шалғаны бар. Жаз ішінде өткен  шопан-
дар тойында домбыра алып, өлең айтқанын да көрген; 
сонда  апасының  «даусы  әйбәт  екен»  деп  тамсанғаны 
есінде,  ал  өлең  жазатынын...  Бұрындары  тосырқап 
жүретін нағашы ағасына іші жылып тұр. 
- Мен де... Бірақ, ешкімге көрсеткен емеспін...
- Ренжімесең... Бір өлең оқып берсең қайтеді?..     
- Неге ренжимін... Мына ақынның өлеңдері шетінен 
түрлі-түсті екен, мен де түрлі-түсті өлең оқып берейін 
онда... «Қып-қызыл шоқты  құшақтап, Қызғалдақ сай-
ын  қыр  кезгем,  Талықсып  барып  құлағам,  Құмарым 
қанбай бір кезде... Беу, қырлар, сенің өзіңдей... Сызады 
сағым сезілмей...»
-  Сұмдық  күшті  өлең  екен...  Күшті  өлең  жарыққа 
шығуы  керек,  көкетай...  Қорықпа,  қалқам,  мына  жа-
ман нағашың аман болса... шаң басқан архивтерде жата 
қоймассың... 
- Ойнағаным ғой, ағай... Менікі емес, Танабай деген 
жас ақынның өлеңі...
-  Жақсы  өлеңді  тану  да  өнер,  жиенжан...  Ақын 
болмасаң  да,  ақындарға  жақын  екенің  көрініп  тұр... 
Қазір ақындардан гөрі сыншылардың наны жүріп тұр 
ғой... Аман бол, қалқам, аман бол...

35
Баласының бір ауылдың қожасы - «опырдың» өзімен 
тең  адамдай  сөйлесіп  отырғанын  көріп  төбесі  көкке 
жетті ме, атасы қоштасар сәтте сынып түсті.
-  Бірер  жылға  шыдамайтын  қой  терісі  емеспіз...  
Әкелсең  әкел,  балдызжан...  Жем-шөбі  табылып  жатса 
дегенім ғой... 
-  Бүгін  түннен  қалдырмаймын,  жездеке...  Бауырың 
келеді  десеңіз  болды,  ана  әпкемнің...  бір  тоқтысын... 
Қалған әңгімені барған соң айтармыз...
Нағашы  ағасы  әкелі-балалы  екеуіне  кезек  сөйлеп, 
бұларды  елпілдеп-желпілдеп,  есік  алдына  дейін 
шығарып салған. 
Жылқы  тиеген  жүк  машинасы  қыстауға  түн  орта-
сында жеткен. Рульде – «опыр ағайдың» өзі екен.
-  Шопырың  қайда,  қалқам?..    -  деп  бәйек  болған 
апасының  қолына  зілдей  ауыр  сөмкені  ұстата  берді 
де:  -  Көрдім  деген  көп  сөз...  -  деді  машина  үстіндегі 
жылқыны  нұсқап.  -    Одан  да  тамақ  жағына  мығым 
болыңыз, әпке...
Атасы екеуі машина үстінде дөңкиіп тұрған жалғыз 
жылқыны түсіре алмай, ұзақ әуреленді.
-  Байқаңыз,  ақсақал...  Байқаңыз...  Аяғы  тайып  кет-
песін...     
- Өмірі жылқы көрмегендей... месқарын жаман бие-
ге сонша өбектегенің не, қалқам-ау, - деп қабақ шытқан 
атасына пысқырып та қараған жоқ.
-  Көп  сөзді  қайтесіз...  Осы  жаман  биеге  екеуміздің 
құнымыз жетпейтінін білсеңіз, бұлай сөйлемес едіңіз, 
жездеке...
Жаман бие дегені  - қарны шермиген, ұзындығы есік 
пен  төрдей  жылқы  екен.  Жастайынан  мал  арасында 
өскен бала болса да,  ересен үлкен денесі мен құрықтай 
ұзын мойны демесең, мына жылқының кісі қызығарлық 
жерін көре алмай тұр Бибі.

36
Грабитті жетектеп қора жаққа кеткен екеу сүт пісірім 
уақыттан соң оралған. Бибіажар, басқа басқа, атасын бір 
адамдай  білемін  деп  ойлайтын.  Әдетте  жер  қозғалса, 
қозғалмайтын атасының төрдегі өзінің үйреншікті ор-
нында тоқмейілсіп отырғанын көрген соң көңілі біржо-
ла орнына түскен. 
Бұл  кезде  дастарқан  жайылып,  сары  самаурынның 
жанындағы өзінің үйреншікті орнына отырған  апасы 
бар билікті өз қолына алып та үлгерген еді.
- Аталарың қазақ пен қырғызды қатар билегенін бы-
лай қойғанда, сонау  Мекке-Мәдинәден ойып тұрып жер 
алғанын, сол жерге құдайдың үйі -  мешіт салдырғанын 
білесің бе, жаман шірік...      
-  Естідік  қой,  әпке...  Сол  мешітін  жердің  шеті  - 
қияннан емес, осы өзіміздің ауылдың ортасына салғанда 
дұрыс болатын еді дейміз ғой баяғы...
- Нағашыларың нашар еді... Сонша жылқының іші-
нен  терісіне  ілініп  тұрған  Грәбиттен  басқа  жылқы 
құрып қалып па? Мұның қай жеріне қызықтың?
- Мәселе, Грәбитте емес қой, тәте... 
- Қалай Грәбитте емес, қараң қалғыр... Алған соң ай-
дарынан жел есетін айғырын алмадың ба?.. Біле білсең, 
тұқымы  асыл  айғырдан  жүз,  тіптен  мың  тұқым  алуға 
болады...  Ал  мына  еті  сүйегіне  жабысып  тұрған  кәрі 
мәстегің көп болса, екі құлын табар...
Сөзден  жеңілген  балдызына  жаны  ашыды  ма, 
әңгімеге атасы араласты.      
-  Жалпы  қазақтың  әйелі  ер  кісімен  қосарласып 
жылқы  мәселесіне  араласа  бермеуші  еді...  Сенің  осы 
апаңның түбі шикі болмасын, балдызжан...
Тұқым  мәселесіне  ерекше  мән  беретін  апасы  шарт 
кетті. 
- Түбі шикі жалғыз мен бе екем... Біле білсең, менің 
ғана  емес,  ана  қырғызды  билеп  отырған  патшасының 
нағашысы  да,  әйелі  де    қазақ...  Шешесі  өзіміздің 

37
Балтабайға  бөтен  емес.  Ана  жолы  шалдың  тойы-
на  келгенде  әйелінің:  «апа,  апа»  деп  алдымда  құрдай 
жорғалағанын өзің де көрдің ғой...
Түн ортасы ауа апасы өзінің күнделікті басты міндеті 
– төсек салуға кірісті де, қалған үшеуі далаға шықты. 
Бибіажар  манадан  бері  апасымен  сөз  жарыстырып, 
сыр бермей отырса да, қонақтың қабағында кірбің ба-
рын мана сезген. Салқын ауаға шыққан соң көңілденді 
білем, сол қонағы атасын қайтадан айналдыра бастады. 
Сөздеріне қарағанда, мәселені екеуара баяғыда шешіп-
пішіп қойған секілді.
- Әпкемнің сөзінің жаны бар, жездеке... Мәселе Гра-
битте емес, әрине.. Өзіңіз білесіз ғой, кәрілігі демесең, 
қазақ пен қырғызда бұдан озатын жүйрік жоқ... Ұрғашы 
жылқының ішінде дегенім ғой... Қай сайтан түрткенін 
қайдам, кілең асылдың ішінен осы Грабитке ықыласым 
түскені... Паспортын ешкімге көрсетпей, сейфке салып 
жүруші едім... Ақыры сәтін салды, құдайым...
- Құдайды білгенің дұрыс... Бірақ, бір жаман құлынға 
бола  сонша  шашылғаның  артықтау  секілді,  балдыз... 
Құдайға шүкір, біз де бір адамдай мал танимыз...  
- Мал танығаны несі... Ғылымды қайда қоясыз... Ве-
теринар кезімде  доқтырлық қорғаймын ба деген есек-
дәмемен енесін қазақы жылқымен шағыстырып едім... 
Өз қолыммен туғызып алған төл малым емес пе, Гра-
бит... – Сөзінің соңын сыбырға айналдырып жіберді. -  
Жалпы түр-түсі демесең, таза қанды жылқының алысқа 
шаба алмайтынын білесіз... Жылқыны алады деген сөз 
шыққанда-ақ қам жасаған едім, жездеке... Ипподромға 
арнайы  барып,  барлық  айғырдың  куәліктерін  қарап 
шықтым...  Сәтін  салды,  таптым-ау  ақыры...  Айғыр 
болғанда,  нақ  өзі.  Аламанға  қатысқан  «полукровь» 
көрінеді... Сосын... айғыр күтетін қызға... шытырлатып 
санап  беріп...  екі  түнетіп  алдым.  Егер  жақын  маңда... 
жақын арада... мұның құлынынан озатын жылқы бол-

38
са... мені ақымақтың өзі екен дерсіз... Мәселе... онсыз да 
бөтен адам емеспіз... ақыңызды жемеймін, ақсақал... 
- Әй, ұйқтамайсыңдар ма, «полукровьтар»... Қызым 
ертең сабаққа барады, - деген апасының даусы естілді.
Апасы  атасы  мен  «опыр  ағайға»  төсекті  төргі 
бөлмеге салған екен. Екеуі түні бойы дауласып шықты. 
«Таза  қанды...»  «Таза  емес  -  полукровь...»  «Қайдағы 
полукровь?..»  «Ары  кеткенде  он-он  бес  күнде 
құлындайды...»  Дастарқан  басындағылардың  әртүрлі 
әңгімесі  жас  қыздың  құлағынан  көпке  дейін  кетпей 
қойды. Ересектердің әңгімесін байыбына барып терең 
түсінбесе де тау қойнауындағы қыстауларына алабөтен 
бір өзгерістің келе жатқанын ішкі түйсігімен сезгендей. 
Содан ба, өз-өзінен елегізіп, дене қызуы көтерілгендей 
болған Бибіажар сол жолы жып-жылы көрпенің астын-
да екі көзі жылт-жылт еткен күйі түні бойы кірпік ілмей 
шыққан.

Каталог: wp-content -> uploads -> works
uploads -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
uploads -> Л т т ы о а м д ы – с а я с и ж у р н а л журнал 1976 жылы Халықтар Достығы орденімен, 2002 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын Жұлдыз», 2008 жылы Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығымен марапатталды
uploads -> Өмірбаяны Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897
uploads -> Филология кафедрасы
uploads -> 46-ғылыми-әдiстемелiк конференция материалдары
uploads -> Ғылыми-танымдық конференция Қалмақтөбе көрінісі
uploads -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
works -> 1 Балаларға арналған хикаяттар, өлеңдер, әңгімелер мен ертегілер

жүктеу 2.65 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет