Бағдарламасы бойынша шығарылды



жүктеу 3.68 Mb.
Pdf просмотр
бет1/28
Дата05.02.2017
өлшемі3.68 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

1932–1936

2014


УДК 821.512.122 

ББК 84 Қаз-7 

 82

Редакциялық кеңес:

Кеңес т рағалары – М. Құл-Мұхаммед, А. Сәрінжіпов

Жалпы редакциясын басқарған – ҰҒА корреспондент мүшесі, 

филология ғылымдарының докторы У. Қалижанов

Кеңес мүшелері:

кім Т.,  уезов М., Жұртбай Т., Кекілбаев  ., Қанапиянов Б., Қасқабасов С., 

Қирабаев С., Қонаев Д., Қошанов А., Құрманғали Қ., Мағауин М., Мұртаза Ш., 

Нұрпейісов  ., Оразалин Н., Сүлейменов О., Тасмағамбетов И., Ыбырай Ш.

уезов М.

 82

Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – 

Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 201 .

10-том: Мақалалар, зерттеулер, әңгімелер, очерктер, ау-

дармалар. 1932–1936. – 456 б.

ISBN 978-601-294-152-4

УДК 821.512.122 

ББК 84 Қаз-7

ISBN 978-601-294-152-4  (10-том)

ISBN 978-601-294-142-5

© М.О.  уезов атындағы  дебиет 

және  нер институты, 201

Қазақстан Республикасы 

Мәдениет министрлігі

 

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 

бағдарламасы бойынша шығарылды

ың

н

4

4



Мақалалар,

очерктер


5

АБАЙ АҚЫНДЫҒЫНЫҢ АЙНАЛАСЫ

Бұл  мақалада  біз  Абай  ақындығы  туралы  ертелі-кеш  ай-

тылып  жүрген  әртүрлі  сөздерге,  әр  алуан  жайлардың  көбіне 

соқпаймыз.  Біз,  көп  тексеріліп  зерттелмеген,  сонылау  бір 

саланы  ғана  сөз  қылмақпыз.  Ол  Абай  ақындығының,  Абай 

шығармаларының  айналасы.  Ақын  өзі  көріп,  сезіп  өзі  ойлап 

қорытқан өмір материалынан басқа әдебиет дүниесінен де көп 

бұйым  алады.  Абайдан  қалған  мұраның  ішінде  көп  оқушыға 

даусыз боп айқын сезілетін сыртқы әдебиеттер белгілері бар. 

Ол  Шығыс  әдебиеттері  мен  Батыс  әдебиетінен  қосылған 

белгілер. Екінші, бұдан бөлек, ақынның өз тұлғасы сияқты боп 

қалыптанған  барлық  әдебиет  мұраларынан:  бұтақша  таралып 

өсіп, жырыла шыққан тумалар бар — әдебиет тумалары.

Қазіргі  қарастыратынымыз  осы  екі  жай.  Көлденең  тұрып 

көз  жіберсең,  Бұл  ақынның  шығармалық  еңбегі  ұзын  аққан 

ағын су сияқты. Я Сыр, я Ертіс десек, соның ұзын арнасы бірде 

қазақ жайлаған жағаны, бірде Шығыс елдері, не еуропалықтар 

қоныс  қылған  сағаны  сызып  өтеді.  Кейде  тастақ,  керіш  арна 

мен көк шағыр мөлдір сулы Ертіс басындай боп, кейде құмды 

сары  топырақты  еспе  арнамен  жылжып,  Сырдың  аяғындай 

құла түсті боп ағады. Жолшыбай өзіне кеп құятын әртүрлі тың 

арналардың неше алуан суларын сіміре барып, әр жерде өзінен 

де кейде көлшік, кейде өзен тармақ шығарып кете барады. Осы 

айтылған жағырапиялық теңеу ақыннан қалған мұраның тари-

хи орын мәнін алсақ, көңілге қонымды, үйлесімді теңеу сияқты 

көрінеді.  Барлық  Абай  шығармалары  Шығыс  пен  Батыстың 

мәдени тарихи жапсарын, ой-саналық шекараларын жүлгелей 

жүрген қазақ даласының бір ағыны сияқты. Тағы бір теңеу, Абай 

бала  күнінде  екі  шешенің  қолында  қатар  тәрбиеленгендіктен 

жеңгелері  “Телғара”  деп  атандырған  екен.  Шынында,  бұның 

ақындық өмірі де өзіндік, қазақтық қалпынан басқа жаңағыдай 

екі жағадан қатар нәр алу арқылы бір әдеби “Телғаралықпен” 

ерекшеленіп туған сияқтанады

1

. Әрине, бұған қарап Абайдың 



6

өз  пішіні  —  қазақ  тұлғасы  жоқ  демейміз.  Жаға  —  жаға  да,  

арна  —  арна.  Ұлы  арнасы  мен  жол  арнасының  түп-түбімен 

шығып  жатқан  қайнар  көздер  —  ақынның  негізгі  қазақтық 

тұлғасын құрайды.

Екі  анаға  тел  болуда  екеуінен  нәр  алу  болғанмен  соны 

өзінше  қорытып,  өзінше  сіңіріп  пайдаланып  отырып,  бала 

денесі өседі... Жоғарыдағы теңеулерге бұл қосымшаны тіркей 

отыру шарт.

Осымен  Абай  шығармаларының  ішінен  “мен  мұңдалап” 

атой  беріп  тұрған  Шығыс-Батыс  ақындарына  көз  салайық. 

Әуелі Шығыстан бастаймыз.

Түн  дүниесіндей  тынысы  ауыр  схоластик  медресесінде 

(Ахмет  Риза  имамның  медресесінде)  болашақ  ақынның  оқу 

тәрбиесі басталады. Айналасы — басқа сәлде, үстіне ұзын ша-

пан киіп, көзді сүрмелеп, мұртты таңқита қиып, бес уақыт на-

маз, ораза, тарауық, иптар арасында таспиық-шаһилил мен кер 

кеткен түндерін көріп, қайыр-ниязға құзғындай таласатын: кәрі 

қалпе, қараңғы шәкірт, соқыр қазірет болады.

Сол  күнде  бұл  ортаға  ой-сезім,  қиялдарының  ешқайсысы 

бойсұна алмаған, қыр баласы, жас талапкер дұғалық жаттаудың 

ара  арасында  өз  бетімен  тімтіне  бастайды.  Бала  қиялын  мы-

налар ортасынан, мыналар дүниесінен бөлегірек бір тұлғалар 

өзіне қарай бой ұрғызады. Жақсы жайлау, өзгеше бір қоныстың 

шеті  тартады.  Навои,  Шәмси,  Сәйхали  аттарын  атап  кеп: 

“Мәдет бер, я шығари пұриат” деп қыстығып “мәдет” тілейді. 

Аналарға “айғай ақыны”, тартушы, деуші ақын деп езінше ат 

қояды. Сенеді. Үлгі ұстаз қылмағы да солар. Араб, парсы түрік 

әдебиетінің талайын шарлап тастаған бала ақын жаңағыларға 

еліктеп ғаруз уәзімі, мәд уәзімімен бәйт, жыр жазады.

Иузи раушан, көзи гәуһар

Ләһилдек бет үшін әһмөр... —

жыры  сол  күнгі  іздену  нәтижесі.  Тілінде  араб,  парсы  көп. 

Өзі  танысқан  Навои,  Хұсайын  Байғара,  Бабур,  Мұхаммет, 

Салиқ сияқты Шағатай ақындарының ізін қуалай бастау. Алғаш 

талпынудың  бұраң  жолы  өз  тілінен,  ана  тілінен  қашаңдатып 

әкетеді.  Сұлуды  Шығыс  поэзиясының  салтымен  мәдихтау

2



Бұл тілде ғана емес, өлеңнің ұйқасын да, ырғағын да билейді. 

7

Жаңағы өлең қалыпты “рубағи” төрттік

3

. Алғашқы үш жол бір 



ұйқасып,  төртінші  жол  келесі  төрттіктің  төртінші  жолымен 

ұйқасатын  өлең  үлгісі.  Қазақта  жоқ,  араб,  парсы  үлгісі.  Жыр 

ішіне кіретін “иузи”, “көзи” деген сияқты бірен-саран түрік сөзі 

болса,  оның  айтылуы  да  басқаша.  Араб,  парсы  поэзиясының 

әсері  түрік  топырағына  көшкенде  Бұл  тілді  көндіруді  дағды 

қылған.


Осы халыққа сынсыз бой иген жас ақын Абай да “көзі”, “жүзі” 

деудің орнына “иузи”, “көзи” деп майсаңдайды

4

. Бұл өлеңнің 



бәйт ретімен

5

 (“бәйт” деп өлеңнің екі жолын, екі мисырағын ай-



тады) жіктесек, ғаруз уәзімінің

6

 париғалатун париғлат “схема-



сында”: — мұғағылиын, мұғағылиын, мұғағылиын мұқпалаған 

болады. Бізше 16 буынды бәйт.

“Үтір мен асты-үстілі жазу да бар,

Болуға асты-үстілі көнсең өзің”, —

деген қазақы әзілмен айтып тұрса да, анығында жаңағы еліктеу 

белгісі боп шығады. Сырты он бір буынды, қазақы төрт жол-

ды  асқақ  ұйқас  болғанымен  де,  Бұл  өлең  де  ғаруз  өлеңмен 

жазылған: Уәзімі: “мұфағалин, пағулән”.

Бұл кезде Абайдың шағатай поэзиясына таза еліктеу ретінде 

ілеспек болған талабын көрсетеді. Онда тақырып, тіл, ырғақ, 

кейде ұйқас және теңеу, салыстыру суреттерінің (көзлі гәуһар 

сияқты) бәрі де өз теркіні кім екенін танытып тұр.

Шығыс  жағасынан  Абай  ағынына  құятын  бір  саласы  — 

тұңғыш  саласы  осындай.  Тегінде  кітапшалаған,  сиыр  жорға 

жыр қазақ поэзиясына жалғыз Абай тұсында кірген жоқ, Ыбы-

рай, Албан Асан, Мәшһүр, Ақан сері сияқты Арқа — Жетісу 

ақындары және әсіресе Сыр — Түркістан ақындарынан Шортан-

бай бастаған Шәді, тағы басқа көп ақынның шығармаларында 

бұл  әсер  көп.  Соның  көбінде  араб,  парсының  өз  сөздері 

көрінуден басқа қазақтың “дейдісін” — “дейди”, “көрдісін” — 

“көрди” сияқты қып созғылау көп болған. Барлығының өкше ізі 

сол жаңағы шағатай арқылы дін хиссалары немесе “Шаһнама”, 

“Жүсіп — Зылиқа”, “Ләйлі — Мәжнүндей” дастандар арқылы 

кірген  ғаруз  уәзіміне  барады.  Қазақ  әдебиетінің  көлеміндегі 

ғаруз әсерін тексеру және соның бір жағын Абайға да тірей тек-

серу әдебиетшілердің алдындағы бір соны проблема.



8

Абайға келгенде жаңағы айтылған өлеңдер өзінің Шығыстық 

тұлғасын өзгертпейді. Абай аузында бұның қазақ ақыны екенін 

білдірмей,  танытпай  тұратын  нәрселер  болады.  Қорытылмай, 

сұрыпталмай өз тәні бола алмай тұрған еліктеу — таза еліктеу.

Медресе  түнінен  саңылау  іздеп,  алғаш  Бұлқынғанда  жас 

ақын  Шығыс  поэзиясына  осылайша  шылбыр  созады  да, 

жаңағыдай жағаға бір соғады.

Басы  осы.  Содан  әрі  балалық  күннің  еліктеу  үлгісін 

тастағанмен,  өмірінің  ақырына  шейін  Абай  осы  жағадан  қол 

үзбейді.  Абай  ақындығының  ішінде  Шығыс  арқауы  ұзыннан- 

ұзақ  тартылған  желідей  болып  созыла  келіп,  ең  ақыры  1902 

жылы жазылған “Алланың өзі де рас, сөзі де распен” аяқтайды. 

1902 жылы Абай өлеңін сарқып кеп толғантқан жылы. Сондағы 

көрген  түбі  жаңағы  өлең.  Бұл  мұсылман  дүниесінің  ортасы-

нан шығып, өзінше бастап, өзінше таныған ақынның бір алуан 

“Көкейкестісі”. Шығыс поэзиясы, ислам діні деген сарынның 

Абай шерткен құлақ күйі соңғы аккордын осылайша қайырады. 

Біз ұзын желінің екі шетін алдық. Арадағы тұрғы-тұрғыларын 

атап  өтейік.  1887  жылы  “Масғұт”  пен  “Ескендір”  әңгімелері 

жырланады.

Тегі, Абай әңгіме-жыр жазбаған, оны бұның шәкірті есепті 

болған ақындар ғана қолға алады. Абай өзі:

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,

Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап,—

деумен  әңгімелі  жырды  өзіне  өзі  рұқсат  етпейді.  Бірақ,  со-

нымен  қатар  жаңағы  екі  жыр  бар.  Және  “Мың  бір  түннен” 

“Әзімді”  өлең  қып  шығады.  Бұнысы  мұсылман  дүниесінде 

жайылған  сөздердің  қазақ  оқушысына  ғибрат  боларлық,  үлгі 

мәжіліс боларлық мысали өсиет айтам дегеннен шыққан. Арун 

Рәшид халифа заманы

7

 мен “Шаһнама” уақиғаларын алу — құр 



“қызық әңгіме айта салайыннан” тумаған.

Содан  әрі  89-жылы  “Қор  болды  жаным”,  93-жылы 

“Көзімнің  қарасы”  жазылады.  Бұл  өлеңдердің  тұсында 

алғашқы ғаруз уәзінімен жазылған шағатайша бәйттердің жо-

тасы қайта көрінеді. Бірақ енді ақын Шығыстағы “Тассауып” 

(сопышылдық)  поэзиясының  ұрығын,  ішкі-тысқы  үлгісін, 



9

негізгі  сарынын  терең  түсіне  бастаған.  Сондықтан  бұдан  бы-

лай  олар  үлгісін  қорытып,  өз  ырқына  көндіріңкіреп  баурай 

алып қолданады. Өлеңі қазақ ақынының өзі-ақ айтарлық сөздер 

тәрізденеді.

Бірақ азырақ бойлай қарасақ, махаббатты:

Хор болды жаным...

Тағдырдан келген зұлым...

Бүгілді белім...

...Тағдыр етсе алла,

Не көрмейді пәндә, —

деген  сияқты  сөзбен  жырлау  Шығыстың  “Тассауып”  ақын- 

дарының үлгісі — “Ләйлі—Мәжнүн” махаббатының үлгісі боп 

көрінеді.

“Көзімнің қарасындағы”:

Сенсің — жан ләззәті,

Сенсің — тән шәрбәті,

Сұлуды сүймәклік —

Пайғамбар сүндеті, —

деген сияқты сарын да шығыстан келіп тұрған леп. Тақырып 

махаббат болғанмен не қазақ, не Еуропа үлгісіндегі махаббат 

жыры  емес.  Сүйіспеншілікті  тағдыр  жазған,  ол  адам  жанын 

жуып, шәйіп тазартады. Денең қорлық көреді, зар шегеді. Сол 

арқылы жаның тазарады.

Тазарған  жанмен  құдайыңды,  иеңді  танисың  деген  сопы 

ақындардың  махаббат  пәлсапасы  бұл  арада  екі  ұдайсыз, 

шіркеусіз  ашық  көрініп  тұр.  Соған  орай  тілдегі  —  “зұлым”, 

“бек бітті”, “ләззәт”, “шәрбәт” сияқтылар қиыстырылған.

Бұлардағы  ұйқас  пен  ырғақ  та  өзге  қазақы  өлеңдей  емес. 

Осы  өлеңге  арнап  ақынның  бәйт  күйіндей  күй  шығарып, 

қырлап  өзгеше  сөзбен  айту  да  еске  аларлық  нәрсе.  Мұны 

әсіресе “Желсіз түнде жарық Ай”, “Қызарып, сұрланып” неме-

се “Айттым сәлем, Қаламқаспен” салыстыра қарағанда ерекше 

боп көрінеді. Шығыс жағасының осылардан басқа бір таласы 

Абайдың діншілдік өлеңдерінен көрінеді. 1894 жылы жазылған:

А, Құдай бере көр,

Тілеген тілекті, —

деген сияқты, немесе:



10

Алланың рахметін,

Яр тұтып әр неге

Әррәһман ол атын

Үйреткен жүмлеге, —

деген өлеңдері баласы Әбіш ауырып жатқанда айтылған сый-

ыну, дұға, жалбарыну сөздері боп шығады. Бұлардың тұсында 

Абай — мұсылман. Мұсылман құдайына табынған “ғаси бәнде” 

өлеңі,  дәрмен  кеткен  қарт  көңілдің  намаз  артынан  күңіреніп 

айтып  отырған  мінәжаты,  сынық,  кішік  көңілдің  қоңыр  үнді 

дұғасы  сияқты  сезіледі.  Бұл  Абай  басына  келген  соқпа  күн 

емес. Көңілдің сынып, жабығып отыратын әлдеқалайы да емес. 

Өмірінің  қысталаң  шағында  айтылған  шыны.  Дәл  бұл  жері 

ақын шығармаларында жарыққа шықпай, айтылмай, ашылмай 

да кете баруы мүмкін еді. Бірақ басына келген кезі мен халі ішкі 

пердесін  осы  арада  аша  кеткен.  Сонда  ақын,  мен  діндармын, 

мен иланушымын деп отыр.

Бірақ,  осының  бәрімен  қатар  Абай  фанатик  те  емес, 

мұсылманның көп молда, көп кітабы даттаған фанатик, схола-

стик дінді ұстанбайды. Шығыс жағасынан алған нәрдің бәрін 

Абай  өз  ақылымен,  сыншы,  ойшыл  ақылымен,  бірақ,  әрине 

санашылдық  жолымен  өзінше  қорытып  алады.  Бұған  кірген 

бұйымдардың басы исләм діні, онан соң Шығыс поэзиясы және 

мұсылман  ғылымының ілгері-соңғы ғұлама философтарының 

сөздері  болады.  Мысалы,  1895  жылы  “Ылай  суға  май  бітпес 

қой  өткенге”  деген  өлең  жазады.  Мұнысы  жаңа  алланың  өзі 

де рас, сөзі де рас... деген қорытынды өлеңі — ақынның діни 

философия ретімен сейлеген сөздері сияқты. Сонда басы ашық:

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ

.............................................................

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол, —

немесе


Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ, —

деп


Алланың, пайғамбардың жолындамыз

Ынтамызды бұзбастық иманымыз... —

деп қатардағы көп діндар, көп мұсылманның бірі екенін даусыз, 

айқын көрсете отырып, солармен қатар:



11

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй “хақ жолы” деп әділетгі, —

дейді де:

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ  біл, —

деу  арқылы  надан  молдалардың  үгітінен  жырақтап  шығып 

алып:


Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс, —

дейді. Мұнысы өзі тұтқан исләм дінінің негізін сыншы ақылмен, 

санашылдық пәлсапасымен, мораль (мінезділік) пәлсапасымен 

сұрыптап  аламын  деген  рационалшы  ойшылдың  ісі.  Абай 

діншілдігінің түп қазығы, негізгі сыпаты осы. Осындай “мол-

да айтты”, “кітап айтты” дегенде қалта қарап тұрып қалмай, әр 

жағынан түбіне үңіле қарайтын тімтінгіш ой:

Өзгені ақыл ойға қондырады,

Біле алмай бір тәңіріні болдырады.

Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен

Талпынып тағы да ойлап зор қылады, —

дейді.  Бұл  арада  қараңғы  сопылар  көзінде  Абай  күпірлік 

жағасына  да  жақындап  қалады.  Шеттігіне  іліне  барып,  қайта 

оңалғанда айтатыны:

Кеңілге шек — шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, —

дейді.


Мұнда  Шығыс  ойшылының  бірталай  күнәкәр  қылатын 

күдіктері  көрініп  тұр.  “Бес  парыз”,  “Иман,  тағдыр”  деп  ой 

сананың бәрін тұмылдырықтап, тұмшалап тастайтын исләмнің 

тігіс-тігісі ыдырай бастап, бір талай сауыты жыртыла бастайды.

Абай имам Ғазалидей сыншы мұсылман ұя бұзар діндарға 

ұсай бастайды

8

. Діні әрі-беріден соң Ғайса дініне де жақындап, 



өзінше ақыл діні бола бастайды

9

.



12

Осы  жайлары  қара  сөздерінде  де  айқын  көрініп  отырады. 

Міне,  Шығыс  жағасына,  Абайдың  барлық  тұлға  мазмұнына 

орнаған  поэзиялық,  ой-саналық  іргелері  осындай.  Аз  нәрсе 

емес,  үстіңгі  бір  жамылышы  ғана,  бір  қабат  жұқа  қабыршақ 

қана емес. Көңіліне орнаған терең тамырлы бұйымдар. Абай-

да  Батыстан  кірген  белгіден  көрі  Шығыс  белгісі  басымырақ, 

нығырақ,  Батысқа  келгенде  ол  арқасын  Шығысқа,  ақылмен 

қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді.

Сонымен  өз  тұсында,  XIX  ғасырдың  екінші  жарымын-

да,  Шығыс  ілімінде  майданға  шыға  бастаған  жаңашыл,  ра-

ционалшылдар  дін  реформашылдарының  шеніне  араласады. 

Абай татардан шыққан Хайым Насири

10

 алдындағы Шиһабиди 



Мәржаниді қостайды

11

. Бұл екеуі мен Смағұл Ғаспиринскийдің 



алдында

12 


мұсылман  ғаламынан  шыққан  рационалшылдар 

60-жылдарда  өз  елдерінен  қашып  шығып,  Парижге  орнаған 

Жәләлиддин  Ауғани,  Мұхаммет  Ғабдуһи  еді.  Соңғысы  Мы-

сыр арабтарының жаңашылы болатын. Кезі келіп өріс ала алса, 

әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік 

масштабта  араласса,  Абайдың  шындап  тоғысатын  кісілері 

осылар  мен  Хайым  Насирилер  болар  еді.  Ол  Абай  —  қазақ 

қоғамының буржуаздық жолмен өсуіне атсалысқан Абай болар 

еді. Осыған жетпесе де ескіден аяқ кезде сытылып шыға баста-

ды, сол жаңағыға қарай бой ұра бастаған Абайды біз ақынның 

Еуропаға қараған жүзінен байқаймыз, көре аламыз.

Осы айтылғандай, рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер 

жүзіндегі жартылаған жаңашылдыққа бейім болмаса Абайдан 

Еуропа жағасының белгілерін көре алмас едік.

Жәләлиддин  Ауғани  мен  Мұхаммет  Ғабдуһи  Еуропа 

капиталының  ортақ  шабуылына  қарсы  панисламдық  ұранды 

бастай  жүріп,  өздері  Париждегі  масондар  ложысына  мүше 

болған.


Абай Будды жайын оқи келе

13

:



— Шіркін, Буддының сөзі қалай терең еді, жас шағымда кез 

болмады-ау, — дейді. Миссионер Сергей поппен мәжілісі жа-

расып, кең әңгімелеседі. Сүйте отыра, Дарвинде кісіні құлатып 

ап кетерлік күш бар екен, бұған дін қазығыңды мықтап алмай, 

соқтығу қатер екен дейді. Осыларының барлығына қарағанда 

баласы Әбдірахман өлгеңде айтқан:



13

Жаңа төлдің басы ол,

Мен ескінің арты едім, —

деген сөз әншейін өзінің жасы ұлғайып қалған кәрілігіне ғана 

сілтей салған сөз болады.

Шынында,  Абай  феодал  ішіндегі  либерал  топтың  өкілі 

Пушкиннің  либерал  ақсүйектер  өкілі  болғаны  сияқты  бұл  да 

өз  қауымының  өзінше  бөлек  біткен  ерекшеліктерін  ала  кел-

ген,  феодалдан  буржуаздық  дамуға  қарай  бой  ұра  бастаған 

таптың басы сияқты болады. Мұны Шығыс жағасын кездіріп, 

сүздіре келіп, Еуропа жағасына тағы қонақтатып жүрген де осы 

ерекшелік, осы жағдайы.

Батыс  жағасына  келгенде  Абай  көбінесе  өз  іргесін  бер-

меуге  тырысады.  Бұл  жақтан  мұның  алдына  тартылған 

тың  жаңалықтың  барлығын  талғап-талғап  қана  ала  ала-

ды.  Дүниеге  оның  көзін  ашқан  Михаэлис,  Грос,  Долгопо-

ловтар  халықшылдық,  патша  үкіметіне  қарсылық  сияқты  өз 

бағыт,  талаптарының  ешқайсысын  Абай  дарыта  алмайды. 

Заманындағы  патшалық  үкіметіне  қарсы  арналған  саяси-

әлеуметтік, мемлекеттік пікірлер, көзқарастар Абайдан ныспы 

білінбейді.  Бұқарашыл,  төңкерісшіл  ақын-жазушылар  Черны-

шевскийдей саяси, салт-саналық басшылардың да ешбір пікірін 

алмайды. Көз салып құнттамайды.

Пушкин,  Лермонтовтар,  Крыловтар  сарынына  қарай  бой 

ұра  береді.  Онда  да  ешқайсысының  атағына  жығылмайды. 

Мәдениетті  жұртшылық  түгел  қостаған,  даттаған  Пушкинге 

Абай өз басын кем санамай тең санағандай болып, “олай айт-

пай, бұлай айтса нетер еді” деген кісіше, аз ғана бойкүйездікпен 

бұрылады.  Татьяна  Онегинге  өз  сөзін,  өз  түсінік,  теңеулерін 

қосып:


Қаймақ еді көңілімде

Бізге қаспақ болды жем, —

деп, немесе

Өз қораңның қақпасын сен,

Қатты жаптың не айтайын, —

деп  қана  қоймайды.  Бірталай  қошқар  мүйіз  салады.  Татья- 

на  хатынан  аз  сөз,  Онегиннің  екі  кездесудегі  ауызша  айтқан 

сөздерінен  біраз  жерлерін  алғаны  болмаса,  көбінше  Онегин, 

Татьяна  хаттары  Абайдың  Пушкин  желісімен  өзі  шығарған 


14

сөздері болады. Бұл екі жастың әңгімесін Пушкиндегі мазмұн, 

тақырып, идеядан басқаша, өзгеше қып қорытады.

Ең әуелі хаттар дегеннің өзі де Пушкинге жасаған зорлық. 

Пушкинде көп хаттар жоқ. Абай алдымен түрін өзгертіп эписто-

ляр роман (екі кісінің кезек жазысқан хаттарынан құрылатын 

роман) қылып шығарады. Онегин Пушкиннің әжуа қып мінеп, 

шенеп суреттеген адамы. Өз тұсындағы ақсүйек қауымның бір 

тобына мұны айна қып, құнсыз, нәрсіз айна қып көрсетеді... Та-

рихи орны сол жағынан бағалы, маңызды боп, мәңгі кейіп боп 

қалған.  Абай  бұл  жерлерімен,  орыс  тарихымен  есептеспейді. 

Ол Еуропа жағасына келгенде өз ауылына осыдан сарқыт ала 

қайтам  деп,  керегіне  жаратам  деп  келген.  Сондай  есебі  мен 

бағытының  барлығына  опасыз  Онегин  дәл  келмейді.  Оның 

ғибрат  аларлық,  үлгілі  жігіт  болуы  шарт.  Сол  себепті  әңгіме 

бітер  жерде  Пушкин  күлкі  ғып  тастап  кеткен  Онегинді  Абай 

қолтығынан  сүйеп  тұрғызып  алып,  қолына  мылтық  ұстатып, 

аузына:


...Сенен басқа еш жерден,

Таба алмадым орнымды.

Атам-анам қара жер

Сен аша бер қойнынды, —

деген сөз салып, өзін-өзіне атқызады. Жігіт болсаң осылай сүй 

деп, өз ортасының жасына тағылым айтпақ болады. Мұнысы 

Еуропадан ұстаздық іздей қоңсы қона келу емес, Дарвинге кел-

ген келісі сияқты ірге бермей, бөксесін қашық сала ұстасқаны 

сияқты.

Крыловты  да  мақал,  мәтел,  нақыл,  мысал  сөздерін 



аударғандай:  “Бұларың  көп  кісі  айтқан  сөз,  ендеше  сол 

көп  ішінде  мен  де  ортақ”  деген  кісіше  тағы  да  өз  бетіндегі 

нығыздығын, тұтастығын жоймай кеп алады. Өзі айтып жүрген 

қазақы өсиет өлеңдеріне мағына қосымша ғана қып ұсынады.

Абай  Батыстың  өнер,  мәдениет  көрмесіне  қазақ  сахарасы-

нан, шығыстан шығып, сапар шегіп келіп, әдейі не барын, нен-

дей сырлы екендігін танып қайтайын деген кісі сияқты. Бірақ 

шын өнер, шын мәдениетті көру мұң, көрген соң дәмін татып, 

нәрін алған соң жым-жылас, түк жұқтырмай кету мүмкін емес. 

Басында кердең басып, тайталас түспек боп келген беті біраздан 

соң өзгере береді. Рас, Еуропамен таныса келе:


15

“Шығысым  батыс,  батысым  шығыс  боп  кетті”  деген  сөз 

Абайдың ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп кетті 

дегенді білдірмейді. Еуропаның ғылым, өнер, мәдениеті мұны 

барған сайын қызықтыра тартып, соңына шындап телмірткенін 

білдіреді.  Бірақ  Абай  іші  бұрынғыша  дін  қазығына  арқасын 

нық тіреп алып келген іш екені жоғарыда айтылған. Сол қалпы 

негізінде  өзгермейді.  Бірақ  барған  сайын  икемделіп,  сыпта-

лып, сырт буындығынан арыла береді. Рационалшы, жаңашыл 

Абай пішіні айқындалып, ашыла береді. Өз ішін бермеймін деп 

жүрсе де ақын көп жанасу арқылы бірқатар жаңғырып, түлей 

бастайды. Ой білімінде ақындық өнеріне тереңдеп есе бастаған 

сайын  Еуропадан  үлгі  таңдап,  нәр  алады.  Онысы  Еуропа 

көрмесінің  ішінде  бұған  ерекше  көрінген  кейбір  жаңалыққа 

қатты  қызығуынан  басталады.  Жаңалық  ішінен  жаңалық 

талғап, бұрын өзі көрмеген үлкен тұлға, “өзгеше туыс” іздеп, 

өз кеудесіндегі сынменен қыдырып келе жатқанда, Абай Пуш-

кин қасынан солғын қарап өтеді. Бірақ солай жеңіл жанап, ат 

үстінен,  жоғарыдағыша,  үстірт  шолып  өткенмен  сол  Пушкин 

маңынан  ізденгенін  табады.  Өз  сынынша,  “Махаббаты  ашуға 

уланған” Лермонтовқа кеп үйіріледі. Мұны таңдана, талмаурай 

сүйеді.


Ел  ішіндегі  қаққы-соққы,  алыс-жұлыстан  кекесінмен  ашу 

алып  шығып,  ызамен  сазарып,  уайыммен  уланып  келгенде 

Лермонтовтың құлақ күйі бұның өз күйі, өз сарынындай болып, 

дөп келе кетеді. Сонан соң Лермонтовтан әрі аударады, әрі үлгі 

алып күйіне күй қосады. Лермонтов сөзін өз сөзіндей нашала-

нып, мейірленіп, емірене жыр қылады да, өзінікімен оныкінің 

шекарасын  жойып,  “мал  басын”  араластыра  қосып,  “еншілес 

боп” кеткендей болады.

Кей  өлеңдерді  мынау  Лермонтовтікі  дегендей  қып  үлкен 

ұқыптылық, дәлшілдікпен тырыса аударады. “Жолға шықтым 

бір жым-жырт түнде жалғыз”, “Тұтқындағы батыр”, “Жалау”, 

“Қараңғы түнде жалғыз”, “Қараңғы түнде тау қалғып” (Гете — 

Лермонтовтан)  “Сал  демеймін  сөзімен  ықыласыңды”  сияқты 

өлеңдер — Лермонтовтың кім екенін танытам деп бұлжытпауға 

тырысып,  басын  ала  жазған  өлеңдері.  Бұдан  кейінгі  “Терек 

сыйы”  сияқты  кейбір  өлеңде,  “Қарасам,  қайғыртар  жұрт  бұл 

заманғы”  деген  өлеңде  Абай  Лермонтов  текстінен  кейде  кем, 

кейде артық соғып отырады. Бірақ дәлдікті ұқыптамайды. Ой-

ында  Пушкинге  істеген  тайталасты  бұған  да  істемек  болады. 


16

Лермонтовтың қара сөзбен роман қып жазған “Вадимін” бұл по-

эма ғып өлеңмен аудара бастайды. “Демонды” өз түсінігіндегі 

әзәзіл  қып  жырлайды.  Осы  сияқты  Лермонтов  оригиналы-

на істеген еркіншілік, зорлық мінездер бір емес, талай жерде 

көрінеді.

Міне, осылайша көп араласып, көп жанасу арқылы Абайдың 

ақындық  қиял  ойлары,  шығармалық  түр,  тақырыбы,  негізгі 

сарындары  енді  көп  жерде  сол  Лермонтов  жырымен  туысып, 

бірге жасасқандай болады.

Абайдың  Еуропа  ақындарынан  жасаған  аудармалары, 

жоғарыда  көрсеткендей,  екі  алуан  болғанмен  де,  оның  бәрін 

түбі аударма деп бір бөліп, бір төбе қып шығарып қойып, енді 

екінші бір негізгі ерекшелікке көшеміз. Онымыз ақынның Еу-

ропа жағасынан алған нәр, жаңалықты қалай қорытып, қалай 

пайдаланғаны жайындағы сөз.

Абай Шығыс жағасына араласу арқылы, жоғарыда тексеріл-

ген  махаббат  жайындағы,  көңіл  күйі  жайындағы,  дін-құлық 

жайындағы жырларды шығарса, Батыс жағасының өз кемесіне 

соққан  ағымдарын  қорытқанда  да  сол  жаңағыдай  бірнеше 

тақырып  үстінде  еңбек  етеді.  Бұлары  Лермонтовтан  жасаған 

аударма  емес,  бірақ  сол  Лермонтов  сияқты  ақындардың  үлгі 

желісін  нақ  қорытып,  керекке  жарату  белгісі.  Осы  жайға  көз 

жіберіп байқасақ, Абайда Европалық төркіні бар екі алуан өлең-

ді көреміз. Бірі — ашықтық жайының өлеңі (махаббат лирика-

сы), екіншісі — көңіл күйінің өлеңі (настроение лирикасы).

Араб,  парсы  сопыларының  үлгісімен  “Хор  болды  жаным” 

жазылса,  Европа  сыршылдарының  үлгісімен  “Желсіз  түнде 

жарық Ай”, “Қызарып, сұрланып” жазылды. Алғашқы түрдегі 

махаббат  жырында  табиғат  араласпайды.  Уәзін  ғаруз  үлгісі, 

ырғақ — бәйтше.

Мына соңғыларда бұрын қазақ поэзиясында құлағы көрін-

беген басқаша ала бөтен түрдегі бір сарын үстем боп шығады. 

Мұнда махаббат табиғат ұйқасына бөленеді:

Желсіз түнде жарық Ай,

Сәулесі суда дірілдеп, —

деген әсерлі, көрікті суретпен басталып келіп,

Тау жаңғырып ән қосып,

Үрген ит пен айтаққа, — 

деген сияқты қазақ аулының түнгі қалпын бере отырып: 



17

Тұрмап па еді сүйеніп,

Тамаққа кіріп иегі, — 

деген  көрініске  келіп,  екі  ашықтың  табысу  минутімен  бітеді. 

Өлең, көрініс, жалпы сурет, тақырып — Абайдың өзінікі. Бірақ 

махаббатты  осылайша  оттай  ыстық  бір-ақ  көрініспен  жалт 

еткізіп,  бір  ғана  өткізіп,  аяғын  көп  ноқатпен:  “қалғанын  өзің 

ұға бер” деумен, шұғыл тұжыра салумен бітіру — анық Еуропа 

романтикасының  үлгісі.  Ондағы  жұмбақты  сыр  поэзиясының 

келте қайырғыш емеуріншіл лирикасының (интим лириканың) 

үлгісі. Бұл жерде:

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ, —

деп  тұқыратын  Гете  —  Лермонтов  сөзі  білініп  түр.  Осы 

айтылған  күйге  орай,  өлең  ұйқасы  қандай?  Жеке-жеке  әсерлі 

суреттер  үздік-үздік  леп  бергендей  жалт-жұлт  етумен  бірге 

ұйқаста қазақы өлең не шығыс үлгісіндегі өлеңнің қалпын тас-

тап, шалыс ұйқасқа ауысады. Бірінші мен үшінші, екінші мен 

төртінші  жол  ұйқаса  келіп  әдейі  бір  мұқым  толқып  отырған, 

ырғағы мол, күйлі ағымды тапқандай болады.

Дәл  осы  сарын,  осы  үлгімен  жазылған  өлең  өте  шебер: 

“Қызарып,  сұрланыпта”  өлең  жолдары  мен  сөздері  аса  бір 

сараңдық дәрежесіне жетіп, қысқара келіп:

Елбіреп қалтырап,

Жігіт пен ол қыз да, —

деген  негізгі  күйдің  өмірі  бойынша  шолақ-шолақ  боп  алады 

да рахат түннің қысқа-қысқа күрсінуі сияқты сезіледі. Еуропа 

жағасынан Абай қорытып алған нәрдің бірі осындай болып, ма-

хаббат жырының өте шебер, өте нәзік, көркем үлгісін туғызады. 

Көңіл  күйінің  жырларында  да  осындай  түр-сарын  жағынан 

ерекше жаңарып, Еуропа мастерлерінің жоғарғы сатыдағы жыр 

мәдениетін  нық  баурап,  меңгеріп  алғандық  көрінеді.  Онда  да 

кейде  көңіл  күйін  табиғат  көрінісімен  қабыстырып,  ұластыра 

келіп:


Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса, —

деумен катар:

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа, —


18

деген жалын атады. Ойшыл мұңды сыршылдың табиғат күйімен, 

беймезгіл шақпен (стихиямен) қабақ қағысып қабысуы.

Осылайша ретпен, ән-күй поэзия стихиясына бар денесімен 

құлай мүлгіп:

Көңілім менің қараңғы бұл-бұл ақын,

Алтынды домбыраңмен келші жақын, —

деп, бір тебіреніп кетеді.

Бәрін санауға орын тар. Қалай да осы үлгідегі өлеңдер Абай-

да өте көп. Сырт қараған көзге Абай көп үлгі, көп сарынды Еу-

ропадан алып, ақындық таразысының сол жағын көбірек басқан 

сияқтанып көрінетіні де осыдан. Көңіл күйінің лирикасын Абай 

бертін келгенде тұтасымен Гете, Лермонтовша жырлайтын бо-

лып,  сол  атақты  романтиктермен  туысып  кеткендей  болады. 

Еуропа жағасының нәрселерін қорытып, өз тәні ғып алуда Абай 

осындай ірі мәдениет, ірі мастерлікке жеткен. Оларды аударса:

Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,

Ымдасып сейлескендей көкте жұлдыз, —

деген  тәрізді,  бір  алуан  әсерлі,  романтикалық  сөздермен  ау-

дарудан  басқа,  өз  жырларын  да  осындай  сумен  суарып  соға 

бастайды.  “Үстіне  зәр  төгілген  құрыш,  болат  тіл”  Абайдың 

өз тілі сияқтанып кетеді. Бірақ бұл айтқанның бәрі Абайдағы 

шығыс  жағасының  із-сарынын  жоймайды.  Жуып  шаймайды. 

Тілде, үлгіде ғана қолданып, өзінің шығыстық қазақылық ішін 

сыртқа шығармауда тұтынған кестесі сияқты. Бұл Абайдың біз 

бұл  мақалада  сөз  қылған  қазақтық  және  жоғарыда  саналған 

шығыстық  тұлғасын,  ішкі  наным,  бағыт,  негіз  дүниесін 

бұзбайды.  Өзгертіп  әкетпейді.  Соны  жарыққа,  сыртқа  әсерлі 

қып шығару үшін ұстаған әдіс, өрнек есепті болады. Рас, кейде 

Еуропа үлгісі бұған айрықша тақырып ұсынатыны да бар.

Осы  бітімді  өлеңдерінің  ішінде  (мысалы,  қысты  сипаттау 

үлгісі сияқты) маған, әсіресе ерекше көрінетін “Ақынға” деген 

өлеңі. Біздің көп оқушы ол өлеңнің аты осы айтылғандай боп 

тұрмаған соң ақындық жайындағы жыр екенін байқамайтыны 

да болады. Біздің сөз қылып отырғанымыз — “Адамның кейбір 

кездері”  деген  өлең.  Бұл  Пушкин,  Лермонтовтардың  “Ақын”, 

“Ақынға” деген өлеңдерін оқумен қатар өзінен шығарып, ана-

лармен жарыса айтқан жыры. Тақырып Еуропа айтып жүрген 



19

үлгіден  алынады  да,  жырлауда  Абай  ақынның,  үздік  пішіні 

айқын тұрған ақынның өз ағымы, өз бағасы беріледі.

Мақала  мақсұты  —  әдеби  “Телқараның”  Шығыс,  Батыс 

сияқты екі жағадан алған нәр қорегін ұзын-ұрқа атап өту. Түгел 

зерттеп қана тексеру емес, сондай тексерушіге бір қысқаша но-

бай айту. Сондықтан бұл мақала толықпын деп шірене алмай-

ды.


Мақсұт екі жағаның ақынға берген бұйым, белгілерін атау 

болғандықтан, Абайдың үздік тұлғасын, анайы арнасын, қазақы 

қалпын атап зерттегенміз жоқ. Ол өз бетінде бір төбе сөз.

Енді бұл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпты 

сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған 

салаларды алып келдік. Бірақ ақындық айналасы Абайдың өзі 

алған  нәрді  санаумен  түгелденбейді.  Екінші  қатарда  тұрған 

тағы бір алуан мәселе — Абайдың өзгеге берген нәрі турасын-

да.

Бұл  мәселеде  біз  Абай  ақынның  төңкеріс  алдында,  не 



төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз. Ол 

айрықша ұзақ талдауды керек етеді. Бергілер және дәл айнала-

сы деген тақырыпқа сыя да қоймайды. Сондықтан біз Абайдың 

дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен бірнеше ақын туралы 

ғана қысқаша айтып өтеміз.

Мұндай ақын — төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия — 

Абайдың  өз  балалары.  Мұның  екеуі  де  1904  жылы  —  Абай 

өлген жылы өлген. Қалған екеуі — Көкбай, Шәкерім. Осы төрт 

ақын  Абайдың  нағыз  толық  мағынадағы  шәкірттері.  Абайдан 

аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен 

қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы 

болудан  басқа,  бұлар  Абай  басшылығымен  өз  жандарынан 

жырлар да жазған.

Абайды  зерттеуге  осы  төрт  ақын  атын  қыстыратын  бір 

үлкен себеп, бұлардың шығармалары арқылы Абай өзі істемесе 

де бой ұрған бірталай тың еңбек туады. Абай оларға тақырып 

беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айта-

ды. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті 

де, Абай алды оларға жазушылық мектебі сияқты болады.

Және бір ерекшелік, бұның төртеуі де әңгімелі жырлар жа-

зады. Әдеби мектеп деген ақынның өзі алған түр, өзі жырлаған 


20

тақырыпты  ғана  тебіндей  беруде  емес.  Сол  басшы  ақын  бер-

ген екпін бағыт, негізгі күйлерінің бетімен тың жол іздей өсуде. 

Ұстаз ақынның өзі айтуға үлгермеген немесе заманында әдейі 

айтқысы  келмеген  жайларды  тереңдеп  үңгіп,  бірталай  өріске 

апарып тастауда.

Абай әңгімелі өлеңге қызықса да, өзін-өзі әдейі тежеп, тый-

ып  отырған.  Мына  төрт  ақын  сол  соныны  басады.  Соныда 

Ақылбай,  Мағауия  романтикалы  поэмаларды  жазғыштайды, 

ана  екеуі  өзге  үлгінің  соңына  түседі.  Ақылбай  “Дағыстан”, 

“Зұлыс”  деген  поэмалармен  қазақ  әдебиетінде  Байрон,  Пуш-

кин  үлгісін  (олардың  Шығыс  поэмалары.  Түстік  поэмала-

ры  деп  аталған  романтик  поэмаларының  үлгісін)  тұтынады. 

Мағауия да “Қасым” деген поэмада осы үлгімен бастап, аяғы 

қазақ  тұрмысынан  алынған  тарихи  жыр  (Абылай  жыры)  не-

месе салт жыры — “Еңлік — Кебек” жайын жазады. Көкбай 

Абайдың өзі әңгіме қып тақырыбын таратып берген желі бой-

ынша  Абылай  мен  Қасым  балаларының  жайын  жыр  етеді. 

Бұлардан  көрі  өзгешерек  жол  іздейді,  қазақ  тарихынан  салт 

жырының  тақырыбын  таңдаған  Шәкерім  Қалқаман,  Мамыр, 

Еңлік, Кебектерді жазады.

Осылардың бәріне Абай әңгіме желілерін талқылап беруден 

басқа, кейін өлең болып шыққан кезде жеке жолдарын түзейді. 

Әңгімедегі  кейіптерін  түзеттіреді.  Мағауия  Кеңгірбайдың 

“Қабекең”  деген  атын  “қабан”  деген  сөзден  шығарған  екен. 

Оның  өткенге  қатты  тиіскенін  жақтырмай,  Абай  бұл  өлеңнің 

жарыққа  шықпауын  дұрыстайды.  Көкбай  Наурызбайдың 

Қызылауыз атын онша жақсы жүйрік қып шығара алмаған соң, 

Абай “Шоқпардай кекілі барды” жазып береді.

Бұлардың  барлығы  ана  ақындарға  Абайдың  нақтылы 

ұстаз  боп,  баулып,  бастап  отырғандығын  көрсетеді.  Олар 

шығармаларының  ішінде  аңқып  тұратын  адамшылдық, 

санашылдық  үгіті,  аздаған  рационалшылдық,  сонымен  қатар 

кейбіріндегі  діншілдік,  қаншылдық  идеялары  және  осының 

бәрінің  үстіне  қосылған  Еуропаның  әңгіме  құру  желісі, 

түр,  бояу  үлгілері  барлығы  да  мыналар  арқылы  Абайдың  өз 

шығарма, өз тұлғасын мынадай айнала кеп, қосымша бұйымдар 

қосып тұрады. Абайдың бұрынғы өзінен байқалған мүсінінен 

ары асыра, тереңдей түсінуге көмекші болады. Абайға шеттен 

құйған салалардан басқа бұның өзінен шыққан тарау-тармақтың 

да осындай маңыз-мазмұны бар.


21


Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 3.68 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет