Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет5/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

1958 ж.
ЖАНР  ТАБИҒАТЫ
Өскен, кемеліне келген әдебиет өзінің есейгендігін 
барлық жанрларда бірдей бірегей де тұтас танытуға тиіс. 
Өйткені белгілі бір әдебиеттің өскендігі, оның даму барысы 
мен жолдары жайында сөз еткенде сол әдебиеттің әр 
саласын, әр жанрын бөле-жара, бірінен-бірін ажырата, 
алалап қарауға тіпті де болмайтындығы әркімге-ақ аян.
Социалистік мазмұндағы ұлттық әдебиетіміз шарықтап 
өсіп, одақтық, тіпті дүниежүзілік аренаға шыққаны, кеңес 
әдебиетінің кейбір аса көрнекті қайраткерлерінің оған 
биік баға бергені жайында бізде әралуан жиналыстарда, 
зерттеулер мен мақалаларда әрдайым айтылып келеді. 
Республика  жазушыларының бұдан төрт жыл бұрын бо-
лып өткен үшінші съезі де осы байлауды айқындай түскен 
еді. Сондай-ақ, әдебиетіміздің жедел де батыл өсе алмай 
кенжелеп қалып келе жатқан салалары да бар екендігі, 
солардың бірі – көркем әңгіме мен очерк екені де сөз 
болмай қалмады. Бұл қалай? Кемелдену биігіне қарай нық 
та бекем басып өрлеп бара жатқан әдебиетіміздің даму 
барысында оның жекелеген жанрларының арасында 
мұншалықты алшақтық болуы неліктен? Міне, жалпы 
әдебиетіміз үшін ерекше терең мәні бар осы бір салмақты 
сұрақ та сол өткен съезде заңды түрде қойылған еді. Ал осы 
сұрақ әлі күнге дейін өзінің өткірлігін жоғалтпай келе ме 
әлде енді мәселені басқаша қоюға бола ма және онда нені 
тілге тиек етпекпіз? Ойласу, пікір алысудың осы бағдарда 
өрістегені ләзім.
Әдебиетіміздің өткен жолына ой көзімен оралсақ, 
оның әралуан шиырларына барлай үңілсек, онда көркем 

90
әңгіме бізде әдебиеттің өгей туындысы болмағанын, ірі-
ірі суреткерлеріміз бұл жанрға әруақыт қалам ұшын 
тигізіп отырғанын байқаймыз. Қазақ кеңес прозасының 
ең іргелі, белді шеберлерінің бірі Бейімбет Майлиннің 
көптеген реалистік тамаша әңгімелері, Мұхтар Әуезов-
тің «Қорғансыздың күні» мен «Бүркітшісі», Ғабит Мүсіре-
повтың «Талпақ танауы» мен ана тақырыбына арналған 
әңгімелер циклы, С.Мұқановтың «Алтын аймағы» және 
басқалар – осының анық айғағы.
Бұл айтылғандар жиырмасыншы, отызыншы жылдарда 
әдебиетіміз көркем әңгіменің бірталай жақсы үлгілерін 
жарыққа шығарғанын көрсетеді. Бірақ осы игі дәстүр соғыс 
тұсындағы және одан кейінгі жылдардағы әдебиетте қанатын 
кең жайып, молынан өрістеп кете алмады. Рас, бұл кезеңде 
де әңгімелер аз жазылған жоқ. Орта буындағы бірсыпыра 
жазушылар мен көптеген жас авторлардың әңгімелері жыл 
сайын жеке кітап болып шығып жатты. Журналдар мен 
газеттерде де әңгімелер аз басылып тұрған жоқ. Бірақ солар 
шынтуайттап келгенде, көркем әңгіменің жанрлық  дамуы 
мен молығуында жаңа кезең тудыра алмады. Өйткені, гәп 
тек санда ғана емес еді. Қазақ кеңес прозасы мен поэзиясы   
әдебиетіміздің ең жетекші, өскелең жанрына айналды 
дегенде біздің негізгі өлшем етіп ұстайтынымыз – осы 
жанрларда туған шығармалардың жалпы санының молдығы 
емес, ең алдымен сол шығармалардың сапасы, яғни 
олардың идеялық тереңдігі мен көркемдік кемелдігі ғой. Ал 
бізде жоғарыда аталған кезеңде туған әңгімелер негізінен 
бұл талапқа сай болып шықпады, көркемдік жағынан тым 
олқы, аласа соғып жатты. Мұндай әңгімелерде авторлық 
жақсы идея жеткілікті көркемдік шешімін таппағандықтан 
бедерлі бейнеге айналмай, жалаң да жадағай схемалық 
күйде қалып қойды. Сондықтан да жазушылық шеберлікті 
жетілдіре түсу, суреттеу құралдарының алуан түрін жете 
баурау, сөйтіп шығармашылық жаңа биіктерге көтерілу 
міндетін өткен съезд әңгімеші-жазушылардың алдына ең 
басты талап ретінде тартты.
Үшінші   съезден  бергі  уақыт  осы  талаптың  аздап 
та  болса орындала бастағанын байқатады. Мұны жаса-
мыс та, жас та  бірсыпыра  авторлардың прозаның 
шағын түрлерімен беріле шұғылданып жүргендігінен де, 
сондай-ақ бізде көркем әңгіменің дербес жанр ретіндегі 
мүмкіндіктерінің өрістеп кеңейе түскендігінен де анық 
көреміз. Соңғы жылдары бізде бірталай әңгімелер 
жинақтары басылып шықты. Солардың ішіндегі ең 

91
кенеулісі де, қомақтысы да – «Қазақ әңгімелері». 
Жинақты құрастырған С.Шаймерденов әдебиетімізде 
әр кезеңде туған әңгімелердің ең тәуір дегендерін 
таңдап алуға тырысқан. Мұнда М.Әуезов, С.Мұқанов, 
Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Ә.Әбішев, М.Иманжановтың 
ертеректе жазылған, оқырман қауымға ежелден таныс 
бірсыпыра әңгімелері бар. Бірақ біз оларға талдау беріп 
жатпаймыз. Біз жинақтағы әңгімелердің уақыт жағынан 
тек соңғы кезеңде туғандарына ғана назар аудармақпыз. 
Әңгіме өмір шындығын қамту шеңбері жағынан роман 
немесе повестен әлдеқайда тараң, тапшы екендігі әркімге-
ақ аян. Оны прозаның соқталы жанрларымен бұл ретте 
ешбір салыстыруға болмайды. Сондай-ақ оларды өзара 
қарама-қарсы қоюдың да ешбір қажеті жоқ. Рас, әңгіме 
өмір ағысын, оның қиян-қилы шындығын, уақыт рухынан 
туындап жататын өткір коллизияларды тұтас күйінде, 
бар тереңімен көрсете алмайды. Кейіпкер тағдырының 
бар бұралаңын, өмірлік сапарын сарқа баяндап жату 
да әңгімеші-жазушының міндетіне кірмейді. Шағын 
шығармада ол өз кейіпкері тіршілігінің жарқын бір 
көрінісін, оның характерінің бір ғана қырын көрсете алмақ.
Бірақ өмір шындығына суреткерлік қатынас, кейіпкердің 
тағдыры мен талайын, іс-әрекетін, рухани келбетін 
 
реалистік  тұрғыда  суреттеу принципі және жалпы көр-
кем 
дік әдіс жағынан алғанда романшыға да, әңгімеші-
новеллашыға да қойылатын талап бірегей. Роман, повесть, 
тіпті эпопея сияқты әңгіме де өмір шындығын, сезімдер 
мен идеялардың шындығын бейнелеуге тиіс. Сондай-ақ 
бұлардың тақырыптық қамтуларының арасында да ешбір 
ала-құлалық, артық-кемдік жоқ. Осыған орай олардың бірін 
әдебиеттің қиын жанрына, бірін оңай жанрына, бірін бағалы 
түріне, бірін арзан түріне жатқыза салуға ешбір болмайды. 
Роман немесе повесть жазушыдан өмір шындығын кең 
арналы, терең ағысты, күрделі күйінде бейнелеуді тілейтін 
болса, ал әңгіме де одан асқан ұсталық, шығармашылық 
тапқырлық талап етеді. Бұл – жанр табиғатын түсіне 
білу, оның ерекшеліктерін баурай алу қажет деген сөз. 
Жинақтағы кейбір әңгімелерді осы тұрғыдан алып талдап 
көрелік. Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы соңғы 
жылдарда әдебиетімізге қосылған іргелі шығарма, жаңа 
леп екендігі даусыз. Жазушының осы жинаққа енген 
екі әңгімесін оқып шыққанда оның прозашы ретінде дәл 
осылай жазыла құлаш сермеуі кездейсоқ емес, заңды 
құбылыс екендігін сезінбей қалмайсың. Бұл әңгімелердің 

92
біреуі («Алғашқы ән») қазіргі уақыт тақырыбына, екіншісі 
ел арасында ерте заманнан сақталып айтылып келген 
күй туралы бір аңызды баяндауға арналған. Бірақ осы 
екеуіне тұтастай ортақ, хас бір қасиет бар. Бұл олардың 
тақырыптық тамырластығында, яғни екеуінде де ән мен 
күй өнерінің тууы жайында суреттелетіндігінде ғана емес. 
Уақыты, сипаты жағынан әралуан екі оқиғаны алғанмен, 
автор солар арқылы өзекті де нәрлі бір ойды – саф сұлу 
өнер үлкен сезімнен, терең тербеністен, асқақ арманнан 
ғана туатындығы туралы идеяны көркем де әсерлі бейнеге 
түсірген. «Алғашқы ән» әңгімесі жазушының шығарма 
композициясын құруға шеберлігін көрсетеді. Автор әңгіме 
кейіпкері Серәлі композитормен және Гауһармен оқушыны 
салған беттен -ақ   аныстырады. Бірақ ол бәрін бірдей ақтара 
салмай, шым-шымдап ашады. Әңгімеде лирикалық шегініс 
мол. Осы арқылы автор оқушыны кейіпкерлерінің өткен 
өмірімен, әралуан тағдырымен осылайша ұтымды таныс 
етеді. Серәлінің ән-күйге жастайынан әуес болғанын, өз 
жүрегінің тұңғыш сүйіспендік лүпілін Гауһарға арнаған 
әнмен айтқанын, оның Ұлы Отан соғысына қатынасқанын, 
кейін консерваторияға оқуға түсіп, композитор 
болғандығын, Гауһардың махаббат қасіретін шеккендігін 
оқушы автордың лирикалық шегіністері арқылы біледі.
Бірақ осының бәрі әңгімені шұбалаңқы етіп жібермеген, 
оның оқиғалық өрбуін, шымырлығын босаң тартқызбаған. 
Өйткені автор жоғарыдағы оқиғалар тізбегінің барлығын 
бірдей тәптіштеп баяндап жатпайды. Кейде авторлық 
баяндауға берілсе, кейде кейіпкерлердің еске алулары, 
толғаныстары, диалогтары арқылы да оқиға желісін 
жалғастырып, өрбітіп жібереді, емеурінмен де көп 
жәйттерді аңғартады.
Жазушы Серәлі тағдыры арқылы қайнаған өмірдің 
ортасында, терең де үлкен сезімнен туған және адамға 
сол абзал қасиеттерді дарытатын музыка ғана кең өріс 
табатындығын, ал осындай нәрлі негізінен айырылса, ол 
жүдеу тартып, ешкімге керексіз болып қалатындығын 
бейнелі түрде көрсете алған.
Т.Ахтанов «Күй аңызы» атты екінші әңгімесін күйдің 
құдіретті күші туралы тамаша жыр деп атаса да болар 
еді. Жазушы халық аңызын негізге ала отырып, ондағы 
өзекті идеяны ақындық  алғырлықпен  терең де нәзік аша 
алған. Бұл шағын әңгіме-аңызда сонау бір бағы замандағы 
Естеместей күйшінің бақытсыз, сорлы тағдыры да, ботасы 
өліп суалып қалған нарды күй сарынымен идірген оның 

93
құдіретті өнері де, Жаңылдай қарапайым халық қызының 
тапқырлығы да соншалықты әсерлі суреттелген.
Осы     әңгіменің екеуі  де  ықыласпен,  қызғылықты  оқыла-
ды. Мұның сыры оқиға тартымдылығынан ғана туатын 
сырттай қызықтылықта емес, қайта ішкі тереңдіктен, 
психологиялық шындықтан, реалистік бейнеліліктен, 
оралымды да құнарлы тілден туатын саф әсемдікте. Бірер 
мысал келтіріп қаралық. Жазушы ботасынан айырылып, 
жапан түзде жалғыз қалған нарды былай суреттейді: 
«Нардың түрі жүдеу, бүйірі солып, өркеші қамшылар 
жағына қисая бастаған. Тамыры қураған ағаштай семіп, 
кішірейіп бара жатқан ірі тұлғасы, күйіс қайырмай, қыбыр 
етпей тұрған мүсәпір бейнесі, әсіресе телміре қараған жасқа 
толы үлкен мөлдір көзі екі күйшіге қатты әсер етті... Нар 
аяғы жерге кіріп кеткендей ырғала ауыр қозғалып бұрылды 
да, теңселе аяңдап кете берді. Төбе құйқаны шымырлатып, 
зарлап боздап барады». Бұл үзіндіні оқығанда көз алдыңа 
жанды сурет келеді. Сонымен бірге мұнда мал баққан, 
әсіресе түйе түлігінің жайын жақсы білетін сахара елінің 
адамына тән жіті байқағыштық та бар.
«Нар идірген» күйінің туу сәтін де жазушы мейірлене, 
көсіле де толқына суреттейді. Бұл тұста да ол күйшінің шарқ 
ұрған шабытына, аруананы аңыратып идірген домбыра 
сазына орай әуезді де бай тіл тапқан. Т.Ахтанов бұл 
әңгімелерін «Қаһарлы күндер» романымен қатар жазды. 
Соның әсерінен болу керек, ол кейде, әсіресе алғашқы 
әңгімесінде ара-тұра реалистік штрихтармен ғана аңдатып 
кетерлік кейбір мезеттерді, табиғат суретін тым беріле, ұзақ 
баяндап кетеді. Бұл әңгімелері арқылы Т.Ахтанов прозаның 
шағын түрлеріне де суреткерлік оңтайы барлығын, 
психологиялық талдауға шебер екендігін көрсетті. Ол бұл 
жанрда болашақта да қалам үзбеуге тиіс.
Соңғы жылдары еліміздің өмірінде болған ұлы 
өзгерістердің бірі – тың игеру жолындағы бүкілхалықтық 
қозғалыс. Кеңес адамдарының қажырлы да тегеурінді 
еңбегінің арқасында ғасырлар бойы сауырына қол 
тигізбеген шетсіз де шексіз шу асау даланың келбеті 
қайта жасалды. Халқымыздың бұл жасампаздық жігеріне 
достарымыз қуана сүйсінсе, ал капиталистік кәрі дүние 
өкілдерінің өздері де таңырқап «ауыздарын ашып, көздерін 
жұмды». Расында да, кеңес халқы еңбек майданындағы 
ерлік қимылын бүкіл әлемге паш етті. Кеңес әдебиеті – 
өзінің табиғаты бойынша белсенді, пәрменді әдебиет. 
Өйткені, ол еңсесін сәт санап биік көтере түсіп келе 

94
жатқан жаңа дүниенің жаршысы. Кеңес әдебиетінің 
белсенді әдебиет ретіндегі соны сипаты халқымыздың 
рухани жағынан өзгеруіне оның тигізіп отырған қуатты, 
игі әсерінен де, бүгінгі өміріміздің шындығына шапшаң әрі 
батыл араласуынан да анық көрінеді. Өзінің бұл қасиетін ол 
тың туралы тақырыпты көтеруде де біраз танытып тастады. 
Рас, тың тақырыбын біздің үлкен әдебиетіміз тұтастай 
алғанда әзір жеткілікті баурап кете алған жоқ. Бірақ 
тың туралы тақырыпқа біздің әдебиетіміз молынан бет 
бұрғанын атап айтпасқа болмайды. Бірер роман, бірнеше 
повесть, пьесалар, көптеген очерк, әңгімелер – бұған толық 
дәлел. Прозаның шағын түрлері бұл тақырыпқа әсіресе 
мол да ұшқыр барды. Бірақ, неге екені белгісіз, жоғарыда 
аталған жинаққа осы тақырыпқа арналған бір ғана әңгіме 
кіргізіліпті. Ол – Ж.Жұмақановтың «Жаңа қоныс» атты 
әңгімесі.
Қалам сілтесін әдебиеттің әр жанрында бір байқап 
көргенмен, Ж.Жұмақанов соңғы кезде прозаға қарай 
ойысты. Мұнысы дұрыс та. Өйткені, ол өз икемділігін осы 
бағытта тәуір танытып келеді.
Бұл әңгімесінде   автор тың   жерді игеру халықтың өмірі-
не, тұрмысы мен салтына қандай өзгерістер, жаңалықтар 
ала келгенін шағын оқиғалар тізбегі арқылы аңдатуды 
мақсат еткен. Бұл ойына ол белгілі дәрежеде жете алған да.
Тың игеру жолындағы күрес «алыс өңірде жым-
жырт тұрған жеті-сегіз үйлі кішкене разъездің» өмірін 
де жаңғыртып жібереді. Жақын жерден орналасқан тың 
совхозы өзінің қайнаған тіршілігінің аясына разъезді де 
тартады. Жазушы мұны жалпылама көріністермен де, 
жол қараушы Досай мен су тасушы Жақып және олардың 
балалары Темірбек пен Жаңылдың іс-әрекеттері арқылы да 
нанымды көрсетеді.
Автор Досай мен Жақып сияқты қарттардың бейнелерін 
әсіресе қызғылықты етіп берген. Жазушы реалистік 
детальдар мен шынайы штрихтар арқылы олардың ой-
арманын, интеллектуалдық дәрежесін даралап суреттей 
алған. Бұл екі қарт сырттай тон пішіп, Темірбек пен 
Жаңылды атастыруды ойлайды. Бұл олардың ой–өрісіне, 
характерлерінің шындығына сыйымды да. Бірақ олар, 
әрине, батыл әрекет жасай алмайды, көбінесе іштей тынып, 
сырттай тілек тілеумен болады. Ал жастар өз жүректерінің 
қалауын табады. Темірбек Анюта деген орыс қызымен, 
Жаңыл Володя деген орыс жігітімен танысады. Мұны 
сезген қарттар, әсіресе Жақып бұлқан-талқан болады.

95
Жазушы осылайша кейіпкерлерінің арасындағы 
көзқарас, наным, ой– өрісі алшақтығынан туындайтын өткір 
тартысқа меңзейді. Бірақ ол соны өршітіп, шиеленістіріп 
әкетпей, тартыс арқауын босаңсытып жібереді. Кемпіріне, 
қызына қатты ашуланған, Володяға ызасы келген Жақып 
ұшты-күйлі жоқ болып, бір жаққа кетіп қалады. Сөйтсе ол 
Москва түбіндегі бір қалаға, Володяның бұрынғы тұрған 
жеріне кеткен екен. Ол Володяның шешесін, қарындасын, 
жолдастарын көреді. Олардың арасындағы диалогты автор 
былай береді: 
– Володяның денсаулығы қандай?
– Біздікінде бірнеше болды, денсаулығы мықты сияқты, 
өзі орамды жігіт көрінеді.
– Ең жақсы адамымыз еді,– деді Семен,– комсомол 
ұйымы әдейі таңдап жіберген болатын.
– Заводта комсомол көп пе?
– Үш жүзден асады.
– Володя сол үш жүздің ең таңдаулысы ма еді? – деп 
Жақып тағы бір керек сұрағын жүгіртіп қалды.
— Иә, ең таңдаулысы еді. 
Осыдан кейін жазушы кейіпкерін ештеңе сезбегендей, 
қаннен-қаперсіз момақан күйге түсіре салады. «Жақып 
жаңа совхоз жайында кең отырып, шамасы келгенінше 
мақтай сөйледі. Тіпті Жақып осы заводтан дәл бір жаңа 
совхозға қосымша адамдар алуға келген арнаулы өкіл 
сияқты көрініп кетті» деп баяндайды автор. Әрине, мұның 
бәрі оқушыда жасандылық сезімін туғызады. Жазушы 
Жақып Володяның кім екенін жақсырақ білу үшін оның 
туып-өскен жеріне әдейі барды деген емеурін жасайды. 
Бірақ мұның да еш орайы жоқ. Өзі сәтті тауып ала білген 
тартыс желісін жеріне жеткізе өрбітіп барып тарқатқанда, 
кейіпкерінің іс-әрекетін оның характерінің шындығына 
сәйкестендіріп бере білгенде Ж.Жұмақановтың әңгімесі 
бұдан да тәуір бола түсетін еді.
Көркем әңгімеде автордың негізінде бір ғана өзекті 
идеяны таңдап алғаны және оқиғаны соның төңірегінде 
өрбіткені, қосалқы желілерге көп алаңдамағаны жөн. 
С.Шаймерденовтың «Көршінің кесірі» атты әңгімесінде 
бала тәрбиесі тақырыбы қозғалады. Бұл тақырыпқа ол 
«Болашаққа жол» романында да барған болатын және 
оны жас адамның қалыптасу жайымен ұштастыра 
шешуге тырысқан еді. Ал мына әңгімесінде ол басқаша 
тәсіл қолданады, салыстыру әдісін пайдаланады. Әңгімені 
ересектер де, балалар да қызыға оқиды. Мұның сыры 
онда бала да, ересек те кейіпкерлердің барлығында ғана 

96
емес. Автор солардың характерін, іс-әрекетін қызғылықты 
суреттей алған.
Оқушының  көз  алдынан екі  түрлі  ана, екі   түрлі бала 
өтеді. Әлпеш баласы Тұрарды құр жақсы көріп өбектегеннен, 
әншейін әлпештей бергеннен басқаны білмейді. Ал 
Гүлжәмиланың характері, түсінігі бұдан өзгеше. Ол баласы 
Қамбарды өмірге икемді, еңбекті жақсы көретін, ширақ та 
елгезек етіп өсіреді. Автор кейіпкерлерінің осындай әралуан 
характері мен іс-әрекеттерін осылайша қарама-қарсы 
қоя, салыстыра отырып, шебер тоғыстырады, оқушыға ой 
тастайды. Әңгіменің «Көршінің кесірі» аталуында да астар 
бар. Мұнда автор Әлпештің ой аңғарын, райын танытады 
және ишара юмормен қағытады. Тұрардың қиын халге 
душар болуы көршінің кесірінен емес, шындап келгенде, 
Әлпештің өзінен, оның теріс тәрбиесінен.
Автор бала кейіпкерлеріне, әсіресе Әлпешке сөздік 
сипаттаманы орайлы тауып бере білген. Сөйтсе де, әңгімеде 
біраз шұбалаңқылық, бірсарындылық барлығы байқалады.
Соңғы жылдарда бізде көркем әңгіменің тақырыптық 
аясы кеңи бастады. Бұрын газет, журнал беттерінде 
жарияланған немесе жекелеген жинақтарға енген 
әңгімелер көбінесе мал шаруашылығының маманы, еңбек 
ері жайында болып келетін. Әрине, бұл айтылғандардан 
мұндай тақырыптарға әңгіме жазбау керек деген ұғым 
тумайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Қайта бұл тақырыптарға 
жазған үстіне жаза беру қажет. Сонымен бірге басқа 
да көптеген тақырыптар барлығын, соларды да қамту 
керектігін естен шығаруға болмайды. Мұны ұлан-ғайыр 
бай өміріміздің алуан түрлі шындығының өзі талап етеді.
Қазір бізде өндіріс тақырыбына, техникалық интелли-
генция  жайына  арналған әңгімелер жиі бой көрсете 
бастады. Солардың ішіндегі ең тәуір, маңызды ларының 
бірі – Т.Нұртазиннің «Мазасыз жан» атты әңгімесі. Мұнда 
айқын характерлі, алуан сырлы жандар бар. Солардың 
ішінде әсіресе жарқын көрінетіндері – заводтың бас 
конструкторы Орлов пен заводтың директоры Сабыр 
Тайлақов. Бұлардың екеуі де өз заводының мерейі 
үстем болуын  тілейді, сол үшін жан сала күреседі. Бірақ 
олар бірінің бірі көлеңкесі, көшірмесі емес. Жазушы 
кейіпкерлерінің бейнелерін, характерлерін еркін 
даралай алған. Сабыр өз ісіне мығым, біртоға байсалды, 
ой топшылауы жүйрік, нағыз шаруақор адамның кейпін 
танытса, ал Орловта тыным таппай ізденгіштік, жаңалыққа 
жан сала ұмтылушылық басым. Осыған орай оның мінезі де 

97
өткір, албырт, өзі тура тілді. Ол талай кедергілерге де душар 
болады. Бірақ орта жолда қалып қоймайды, дегеніне жетпей 
тынбайды. Ақыры ол өзінің жаңашылдық ұсынысын, жаңа  
жобасын өткізеді.
Жазушы бұл екі кейіпкерінің әр сәттегі көңіл толқын-
дарын, жан қалтарыстарын да нанымды ашып тастап отыра-
ды.
Әңгімеде өз мінезімен, өзіндік тұлғасымен танылатын 
кейіпкерлердің бірі – Никитин. Министрлікте техникалық 
басқарманың бастығы болғанмен ол – өмірден қалып 
қойған, жаңалыққа қарай баспайтын, кеңсекүшік, консер-
ватор жан. Автор оны тікелей суреттемейді. Бірақ Сабыр 
мен Орловтың ой толғаныстары, ол жайындағы сөздері 
және оған қатынасы арқылы оқушы оның қандай адам 
екенін тапжылтпай танып отырады. Жалпы алғанда 
Т.Нұртазин бұл әңгімесі арқылы жазушылық қабілетін, 
өмір шындығынан құнарлы ситуацияларды, оқиғаларды 
мол қарбытып алуға, адам характерлерін тап басып таба 
білуге икемділігін танытты. Бірақ әңгімеде бір елеулі 
ақау бар. Бұл оның тілінің ала-құла, кедір-бұдырлығында. 
Мәселен, мынадай тіркестерде қандай көркемдік барлығы 
бізге беймағлұм: «Ташкент-кабель» заводы жоғары бағалап 
қабылдаған «ВМ-14»  стан бас конструктордың проект 
жасауда бас болып қатынасқан, ішінен шыққан перзент 
Владимир Владимирович оның бойына орынсыз мін тағуына 
қандай төзбесе, бойынан табылған мінді бүркеп қалуға одан 
бетер көнбейді. Сондықтан ол станнан табылған елеулі 
олқылықтарды білуге асықты». Көркем шығармада, оның 
ішінде әңгімеде де кейіпкерлердің сөз байлауы, ой тұрғысы 
және ішкі монологтары авторлық баяндауға әсер етіп 
отыратын шақтары болады. Өйткені бұл–кейіпкердің жан 
сарайын, сөйлеу ерекшеліктерін айқынырақ байқату үшін 
қажет жанама тәсілдердің бірі. Бірақ бұған орайлы кезеңде, 
ділгір болған шақта ғана бару керек. Әйтпесе, шығарма тілі 
шұбарланып кетпек.
Әңгіме жанрына соны тақырып, шығармашылық тың 
тыныс әкелген жазушылардың бірі – Зейін Шашкин. 
Ол көбінесе өзіне жете таныс дәрігерлер өмірі жайында 
жазады.
Көркем әдебиеттің міндеті – адамды рухани жағынан 
байыту, ой–өрісін кеңейту, оны өмір сүруге, күресе білуге 
үйрету екендігі аян. Бірақ ол мұны дидактикалық күйде 
емес, бейнелі түрде береді. Дидактика неғұрлым тереңде 
жатса, шығарма солғұрлым ұта түспек. З.Шашкиннің 
бірсыпыра әңгімелері осы қасиетті жақсы танытады.

98
«Дәрігер қатесі» атты әңгімесі З.Шашкиннің шығарма 
композициясын құруға, диалогқа шеберлігін байқатады. 
Сырттай қарағанда дәрігер қателігін суреттеудің жазушы 
үшін ешбір қажеті жоқ сияқты. Қайсыбіреулердің мұнда 
қандай идея болуы мүмкін деп ойлауы да ықтимал. 
Шындығында бұлай емес. Жазушы әралуан адамдардың 
характерін, іс-әрекетін, өзара тартысын, жаза басуларын 
оқиға барысында ашып беру арқылы бейнелі түрде тағлым 
айтады. Бірақ әңгімеде авторлық позицияның ара-тұра 
көмескі тартып кетуі оның жалпы құндылығын біраз 
әлсіретеді.
З.Шашкин реалистік штрихтарға, психологиялық 
сипаттама беруге, кейіпкерлерінің ішкі монологтары 
арқылы  оларды  мінездеуге  шебер  екендігін  «Дос ойы» 
атты басқа бір әңгімесінде әсіресе мол аңғартады. Жас 
дәрігер қыз Гүлсімнің сүйіспендік сырын, махаббат 
тағдырын баяндай отырып жазушы астарлы түрде тағы 
да ғибрат айтады және оны соншалықты нәзік жеткізеді. 
Бұл әңгімеде де әртүрлі характер, әралуан кейіпкер бар. 
Жазушы олардың барлығын бас-басына арнайы суреттеп 
жатпайды. Тұрар да, Әли де көбінесе Гүлсім арқылы 
көрінеді. Жазушы Гүлсімді әртүрлі оқиғаларға, қиян-қилы 
сезім дауылдарына душар етеді. Солардың бәрін бастан 
кешіре жүре Гүлсім әрнәрсені барлай аңғаратын, өмірге 
ойлы көзбен қарайтын болады. Жазушы мұны нанымды 
суреттейді. Өмірде Әли сияқты әуел бетте сүйкімді болып 
көрінетін аярлар да, Тұрар тәрізді тұнық сырын тереңдете 
ұстайтын абзал жандар да бар. Олардың алғашқысынан 
сақтана, соңғысын тани білу керек. Автор Гүлсімнің 
махаббат тағдыры арқылы оқушыны осындай ой аңғарына 
меңзейді.
З.Шашкиннің ең тәуір әңгімелері оның өмірге жіті 
үңіліп, адамдарымыздың бойындағы жақсы қасиетті, 
жаңа қарым-қатынастарды көре білетінін, суреткерлік 
сергектігін танытады.
Қазақ кеңес әдебиетінде көркем әңгіме жанрын 
дамытуға зор үлес қосқан, осы жолда тынымсыз да 
мол еңбек сіңірген жазушылардың бірі марқұм Мұқан 
Иманжанов еді. Республика жазушыларының үшінші 
съезіне дейін ол оқушылар қауымына «Алғашқы айлар» 
повесін, бірнеше пьесалары мен әңгімелер жинақтарын 
ұсынды. Өмірінің соңғы кезеңінде ол көбінесе әңгіме 
жанрымен шұғылданды. Оның бұл әңгімелері 1955 жылы 
«Тыңдағылар» деген атпен жеке кітап болып шықты. 

99
М.Иманжановтың шығармашылық мұрасы тақырыптық 
жағынан әралуан. Бірақ солардың барлығына ортақ бір 
қасиет болатын. Мейлі қай тақырыпқа жазса да, кеңес 
адамдарының адамгершілік үлкен қасиеттерін, жан 
қуатын бейнелеуге өзінің суреткерлік назарын ең алдымен 
аударатын. Жазушының соңғы әңгімелер жинағы да оның 
сол бағыттан танбағандығын, айнымағандығын көрсетіп 
еді.
Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оның көлемінің 
шағындығында ғана еместігін, оның өзіне тән табиғаты, 
ішкі заңдылықтары барлығын біз жоғарыда орайы келгенде 
айтып едік. Әңгімеші-жазушы осыны ескеруге, солардың 
шегінен шығып кетпеуге тиіс. Бірақ мұны жазушының 
іздену өрісін тарылту, оның қиялына тұсау салу деп ұқпау 
керек.
Біздіңше, шағын әңгімеде толып жатқан оқиғаларды 
қамтимын деп әрекеттенудің қажеті жоқ. Шағын әңгімеде 
көбінесе бір ғана типтік оқиғаны алып, соның әлеуметтік 
мәнін терең ашып көрсеткен жөн. Ал егер әңгімеде 
бірнеше оқиға суреттелсе, олар ажырамас тұтастықта 
алынуға және бірінен–бірі заңды түрде туындап жатуға 
тиіс. М.Иманжановтың жазушылық манерасына осындай 
ерекшелік хас еді. Оның «Үй» деген әңгімесінде бірнеше 
оқиға желісі бар. Бірақ жазушы осы оқиғалардың ыңғайына 
түсіп, әрқайсысын өз алдына баяндамайды. Әңгіменің 
кейіпкері Гришаның басынан кешкен оқиғаларын, оның 
Надямен және суретші Сәлімовпен арасындағы жайларын 
жазушы кейіпкерлердің өз атынан берілген баяндаулар 
арқылы шебер аңғартады.
Бұл әңгімеде диалог ерекше қызмет атқарып тұр. Мұнда 
диалог кейіпкерлердің не жайында сөйлескенін білдіріп, 
олардың характерлерін айқындап қана қоймайды, сонымен 
қатар автордың болған оқиғаның ішкі мәнін тереңірек 
аша түсуіне де септігін тигізеді. Әңгімеде сырттай 
бұрқырап, қабындай өрбіп жатқан тартыс жоқ. Ол көбінесе 
психологиялық сипатта өрістейді. Жазушы шығарманың 
оқиғалық желісін кейіпкерлерінің сыр-сезіміне, олардың 
характерлерінің шындығына сәйкестендіре отырып 
өрбітеді. Бұл оның әңгімесіне лирикалық шырай, ерекше 
бір жұмсақтық береді.
Жинаққа енген әңгімелердің ішінде арнайы тоқталуды 
қажет ететіндерінің бірі – «Есеновтың тағдыры». Мұнда 
жазушы тың игеріп жатқан жерге келіп қызмет етіп жүрген 
Есенов деген хирургтың тағдырын суреттейді. Әңгіменің 

100
бас жағында Есеновтың өз ісіне қалтқысыз берілген адам 
екені, сондықтан да жұрттың бәрінің оны сыйлайтындығы 
баяндалады. Осыдан кейін жазушы оқырманды 
кейіпкерінің өткен өміріне үңілдіреді. Бұл ретте ол сөзді 
кейіпкердің өзіне береді. Яғни әңгіменің негізгі өзекті 
оқиғасы кейіпкердің атынан баяндалады.
Жазушы баяндаудың мұндай тәсілінің қиындығына 
қарамастан кейіпкерінің рухани дүниесін, психологиясын 
әсерлі бейнелеген. Есенов университетте өзімен бір-
ге оқыған Биғайша деген қызды сүйеді. Бірақ түр-
лі себептермен оның бұл сезімін суытуына тура келе ді. 
Кейіпкердің осы тұстағы жан толқындары, ішкі тебіреніс-
тері нәзік те әсерлі берілген.
Біздің әдебиетімізде соңғы жылдарда сатиралық бағыт 
кең өріс алды. Алға қарай қажырлылықпен дамуымызға 
қырсығын тигізетін кеселдерді, ескіліктің әсерінен арылып 
болмаған адамдарды әшкерелейтін уытты шығармалар 
әдебиетіміздің қай жанрында болса да туа бастады. Бірақ 
дәурені өткен, келешегі жоқ ұнамсыз құбылыстарды 
әшкере етуді тек арнайы сатиралық шығармалардың ғана 
үлесіне беріп қою жаңсақтық, ағаттық болар еді. Сатиралық 
уыт пен әшкерелеушілік сарындарды қандай шығарманың 
болмасын сюжеттік арқауына араластыруға болады. Гәп 
тек суреткердің сол ұнамсыз құбылыстарды жіті көріп, 
әшкерелеушілік құралдарымен өткір түйрей алуында.
М.Иманжанов жақсылыққа жаны құштар, жаңалыққа 
іңкәр жазушы еді. Ол өзінің шығармаларында көбінесе игі 
де жарқын нәрсені бейнелейтін. Сонымен бірге ол соңғы 
кезде өз талантының соны бір қыры, яғни сатирашылық 
қабілетін де анық таныта бастап еді. Жазушының «Аттаныс 
алдында» деген әңгімесін мысалға алып қаралық. 
Әңгіменің кейіпкерлері Зейінгүл мен Кәрім ойда жоқта 
танысады. Келбетті, инабатты жас жігіт қыз жүрегін тез 
баурайды. Екі жас ұғынысқандай болады. Үкімет пен 
партияның үндеуіне жауап ретінде жастар тыңға аттануға 
дайындалады. Осы еріктілердің жиналысында Кәрім 
жалынды сөз сөйлеп, жастарды тыңға аттануға шақырады. 
«...Кімде-кім Отанды сүйсе, оның көркеюін тілесе, кімде-кім 
халқымыздың игілігі жолында даламызда жаңа өмір бастап, 
тұрмысымызды шалқытқысы келсе, ол адам бөгелместен 
тыңға тартады, ендігі еңбекті тыңнан бастайды...» – деп 
жар салады ол. Кәріммен және өзінің кұрбыларымен бірге 
тыңға Зейінгүл де аттанбақ болады. Бірақ шынтуайттап 
келгенде, Кәрім тыңға барудан жалтарады және ол 

101
Зейінгүлге де қалада қалуды мәслихат етеді. Зейінгүл сүйген 
жігітінің мұндай зымияндығынан жирене түңіледі. Өйткені 
жаны жалған адамның сезімінде де адалдық болмақ емес. 
Ақыры Зейінгүл құрбыларымен тыңға аттанып кетеді, 
ал Кәрім жалғыз қалып қояды. Ол өз сазайын осылай 
тартады. Мұндай аяр жанды адамдар сүйіктісі, жолдастары 
түгіл, қысылшаң кезде Отанды, халықты сатып кетуден де 
тайынбайды. Олар әдемі-әдемі сөздер   айтады. Сырт көзге 
мінсіз болып көрінеді. Сондықтан да олар әсіресе қауіпті. 
Іште жатқан сұмдығын көлегейлеп жасырған мұндай 
адамдарды тани да, олардан сақтана да білу керек. Әңгіме 
оқушыны осындай ой түйініне әкеледі. М.Иманжановтың 
тыңдағылар туралы шығармалары осы тақырыптас 
әңгімелердің ішінде ең бір тәуірлері деп атауға әбден болады. 
Денсаулығының әлсіздігіне қарамастан ол тыңда талай рет 
болып, ондағы өмірді сарыла, көп зерттеді. Осындай көп 
ізденудің нәтижесінде жазушының көлемді де күрделі 
 
шығарма бе ре тіндігі шексіз еді. Бірақ қыршынынан үзілген 
талант бұл ойын тәмамдай алмай кетті.
Прозамызды, оның ішінде көркем әңгіме жанрын 
дамытуға М.Иманжанов  аз үлес қосқан жоқ. Оның адам 
атын ардақтау рухына толы, ойлы да жарқын шығарма шы-
лық мұрасынан жас қаламгерлер көп нәрсе үйрене алмақ.
Жас прозашыларымыздың ішінде әңгіме жазумен ден 
қоя шұғылданып жүрген  авторлар  аз  емес. Солардың ішінде 
Б.Соқпақбаев, Р.Әутәліпов, Қ.Исабаевтың есімдерін ең 
алдымен атауға болар еді. Бұрын балаларға арнап көптеген 
қызғылықты да татымды шығармалар жазған Б.Соқпақбаев 
көркем әңгіме тудыруға да өзінің ысылып қалғандығын, 
кемелдену жолында келе жатқанын танытады. Соңғы кезде 
ол тақырып кеңдігіне ұмтылып жүр. Оның «Бекен», «Ортақ 
қуаныш, «Нағашы» сияқты әңгімелері нәрлі идеясымен де, 
көркемдік құнарлығымен де назар аударады. Жас жазушы 
құйтырқы, шытырман ситуациялар іздеп жатпайды, 
қарапайым оқиғалардан да көңіл аударарлық, ой саларлық 
мағына  таба  біледі. Б.Соқпақбаевтың «Мен былай үйлендім» 
деген әңгімесі кезінде жұртшылық арасында екіұдай пікір 
туғызды. Оны қызғылықты шынайы шығарма деушілер де, 
идеясы күңгірт, көмескі сарынды нәрсе деп бағалаушылар 
да болды. Расында да, әңгімесінің оқиғасы қызғылықты, тілі 
де шұрайлы. Сонымен бірге мұнда жазушының өзіндік бір 
тың авторлық тұрғы ұстағаны, басқалар жүріп өткен жолды 
тағы да қайта шиырлағысы келмегендігі сезіледі.
Әңгіменің ұзын-ұрғасы мынадай: Әңгіменің негізгі 
кейіпкері Бектас Нағима деген келіншекпен кездеседі. Екеуі 

102
ұғынысқандай болады. Бірақ артынан бұлар бір-бірімен 
көріспей, аралары үзіліп кетеді. Бектас Галя деген қызбен 
танысады. Бірақ ақырында ол Нағимамен қайта кездесіп, 
ақыры соған үйленеді. Мұнда автор оқиға желісін өзгеше 
өрбітеді, тартыс талқысын жаңаша шешуге ұмтылады. 
Адамгершілік, мораль тақырыбына арналғанмен, мұнда 
жадағай ғибрат, көрнеу ділмәрсу жоқ. Оның ықыласпен 
оқылатыны да осыдан. Бірақ осы тәуір әңгімеде елеулі 
бір кемшілік бар. Бұл автордың әңгіме кейіпкерлерінің 
бірі Галяның тағдырына енжар салғырттықпен қарауы, 
оның рухани драмасын тереңдеп ашпауына байланысты. 
Әңгіменің ең соңында мынадай бір жолдар бар: «Ал әлгі 
Галя болатын болса, ол да бір тамаша ақылды қыз еді. Реніш 
туғызудың орнына қайта Нағиманың маған қосылуына көп 
кеңес беріп, себін тигізді. Бірақ кейін онымен бірге оқыған 
бір жолдас қызына кездескенімде оның бірнеше ай бойына 
қатты күйзеліс шегіп, жүдеп кеткенін айтты».
Дәл осы арада автор әрі жалған, әрі келте айтып отыр. 
Кейіпкерді де, оқырманды да бұлайша бастан сипап, 
алдарқатудың не қажеті бар? Галя да – жүрегі, сезімі 
бар жан ғой. Оның қызғанышы, көңіл налысы, сыр-
толғаныстары қайда? Автор оны неге тереңнен толғап, 
нанымды суреттемейді. Әлде ол мұның бәріне үңілсем, 
шығармаға қосалқы желілер енгізіп шұбалтып аламын деп 
ойлаған болар.
Бірақ бұл да–жаңсақ ұғыныс. Шағындық, тұжырым-
дылық көркем әңгіме үшін, әрине, мейлінше қажет. Әңгі-
меде  әрбір  эпизод,  жекелеген  деталь, әр фраза орнымен 
келуі және тиісті қызмет атқаруы керек, Көркем сөздің 
нағыз шеберлерінің өз шығармаларында ойлы да қажетті 
шағындыққа ұмтылып отырғаны–біздің жазушыларымыз 
үшін үлкен өнеге. Бірақ  шағындықты  дара қасиет етіп 
алып, шығарманы қайткенде да қысқа етуге тырысудың 
қажеті жоқ. Шығарманың идеясы терең, толық ашылған 
күнде ғана оның шағындығы өзін–өзі ақтайды. Ал бұлай 
болмаған жағдайда шығарма тым келтеленіп, сырдаң тартып 
кетеді. Жас жазушы осы жәйтті бекер-ақ ескермеген.
Б.Соқпақбаевтың бірсыпыра әңгімелері юморлық, 
сати ралық сарында жазылған. Оның «Кездесу», «Балалар 
мен аналар», «Көйлек мәселесі» сияқты әңгімелері езу 
тартқызар,   жаймашуақ   жылы  юморға  толы. Бі рақ  
автордың нағыз уытты сатираға, ащы сарказмға көте-
рілмейтін сәттері бар. Оның «Сөгіс» деген әңгімесін 
мысалға алып қаралық.

103
Бұл  әңгімеде   ішкілікке   салынған  екі  адамның ара-
сын 
дағы оқиғалар баяндалады. Әңгімедегі аяқкиім 
фабрикасының уақытша директоры Сартымбетовтың 
өз кабинетінде көзі жасаурап, ауық-ауық есіней түсіп, 
«манаурай беруінің себебін» оқушы кешікпей-ақ 
біледі. Ол... біраз ішіңкіреп алған екен. Сартымбетов 
мұнымен де тынбайды. «Жоғарғы жақтан» қаймыққан 
ол өзінің бөтелкелесі Қасымовқа маскүнемдігі үшін сөгіс 
жариялайды. Қасымов бұған өкпелеп қалады. Бірақ екі дос 
кешікпей қайта табысады. Екеулеп Қасымовтың сөгісін 
«жуады» және енді «қызмет уақытында ішуден тыйылуға» 
уәделеседі. Осыдан кейін автор әңгімені былайша аяқтайды:
«Тағы жүз грамм құйып жіберіңіз! – деді Қасым 
буфетші әйелге.
Екеуі стакандарын сыңғыр-сыңғыр соғыстырды да, 
шалқая беріп, тастап-тастап жіберді». Бұл әңгімені оқып 
шыққанда автордың өзі жазып отырған материалды жете 
зерттегенін, кейіпкерлерінің, яғни ішімдікке салынған 
адамдардың өмірін, психологиясын жақсы білетіндігін 
аңғару қиын емес. Әңгіменің тілі де нәрлі, шұрайлы. 
Кейіпкерлердің диалогтары арқылы да автор олардың 
характерлерін оқушыға айқын сездіреді. Мұның бәрі де 
жақсы. Бірақ ең басты нәрсе мұнда емес. Осы әңгімесінде 
автор оқушыға нені көрсетіп, нендей идея ұсынып отыр 
және қалай ұсынып отыр? Міне, мәселе осында.
Жоғарыда    айтылғандай,    әңгіме   кейіпкерлері – маскү-
нем   жандар. Әңгіменің аяғында олар қызмет уақытында 
арақ ішпеуге (қызметтен бос уақытта ішіңкіреп алуды 
олар тіпті де теріс көрмейтін тәрізді және кейіпкерлерінің 
мұнысына автордың өзі де онша қарсы емес сияқты) 
уәделеседі. Бірақ олардың бұл уәделерін орындауы да 
тым күмәнді. Әңгіменің бүкіл өн бойындағы олардың іс-
әрекеттері де, шығарманың ең соңында стакандарды 
сыңғырлата соғыстырып, шалқая беріп тастап-тастап 
жіберуі де (бұл сәтті автор да мейірлене, тілдің майын тамыза 
суреттейді) мұны анық байқатады. Сөйтіп, автор өзінің 
маскүнем кейіпкерлерін зілсіз ғана қағытады, олардың 
«қызық» қылықтарына сырттан қарап езу тартады. Мүмкін, 
жазушы ішімдікке салынған адамдарда пәтуа, тұрлау 
болмайды деген ойды аңғартпақ мақсат көздеген шығар. 
Бірақ бұл да жеткіліксіз, мұнымен ақталуға болмайды. 
Мұндай өткір тақырыпты, яғни тұрмыста әлі кездесетін 
ең бір зарарлы кеселге қарсы күрес тақырыбын бұлайша 
шешуге, әрине тіпті де болмайды. Автор мынадай халге 

104
душар болған кейіпкерлерін өткір әшкерелеуге және бұл 
тұста өзін бейтарап ұстамай, суреттеліп отырған оқиғаларға, 
кейіпкерлерінің іс-әрекеттеріне деген ешқандай ымыраға 
келмейтін өзіндік қатынасын айқын танытуға тиіс еді. 
Бірақ ол бұлай етпеген. Соның салдарынан өзі қаншама 
мәнерлеп, құлпырта суреттегенімен оның әңгімесі идеялық 
құндылығы жағынан биіктеп кете алмаған.
Автордың өзі де мұны жақсы сезген болу керек. Өйткені 
кейін «Туысқан» атты әңгімесінде ол осы тақырыпқа қайта 
барғанда мүлдем басқаша авторлық қатынас аңғартты. 
Мұнда жазушы әңгіме кейіпкері Әбдіғалық дегеннің 
маскүнемдігін, байлаусыздығын жер-жебіріне жетіп, 
тамтығын қалдырмай әшкерелейді. Бұл ретте ол ұтымды 
оқиғалар, дөп тиетін өткір эпизодтарды тапқырлықпен 
іріктеп ала білген.
Б.Соқпақбаевтың бір тақырыптас осы екі әңгімесін 
салыстыра талдағанда сатиралық шығармада авторлық 
позицияның айқын да берік, уытты болып келуінің 
қаншалықты маңызы барлығын, ал ол көмескі берілсе, 
шығарма идеясы да солғын тартатындығын анық көреміз.
Жас жазушылардың  ішінде прозаның шағын түрлері-
мен беріле  шұғылданып  жүрген  және осы саладағы өзін-
дік ізденулерін, қалам сілтесін айқын танытқандардың 
бірі – Р.Әутәліпов. Оның «Сабантой», «Юбилей», «Алуа», 
«Нан-тұз», «Әке досы» атты әңгімелері шынайы прозаға 
тән байсалдылық, есейгендік аңғартады. Бұлардың ішінен 
соңғы екеуін әсіресе бөліп айтқан жөн. «Алуа» атты 
әңгімені  тіпті шағын повесть деп атаса да болар еді. Өйткені, 
мұнда өз бойларына лайық іс-әрекетпен, характерімен 
 
дараланып  берілген  бірсыпыра кейіпкерлер, көркемдік 
тиянақ тапқан бейнелер бар. Солардың ішінен автордың 
ең мейірлене әрі жеткізе суреттеген кейіпкері – Алуа. 
Жазушы оның отбасылық тұрмысын да, еңбектегі өмірін 
де, адамгершілік қасиеттерін де соншалықты нанымды, 
ерекше бір жылылықпен көрсете алған. Алуаның майданда 
жараланып қайтыс болған сүйікті жары Уақасқа деген 
айнымас та адал сезімінен, атасы Шаманы аса қадір тұтып 
ізет көрсетуінен, ұстамды да тұнық мінезінен нағыз 
қарапайым қазақ әйеліне тән рухани тазалық, жан қуаты 
сезіледі. Автор да кейіпкерінің осындай абзал қасиеттерін 
ешбір әсіре қызылдыққа, сыртқы жалтылдақтыққа бой 
ұрмай, байсалдылықпен нанымды түрде ашады. Әңгіменің 
Шама, Мағаз, Күдері, Ақыш сияқты кейіпкерлері де өз 

105
бойларына сай сипаттарымен көрінеді. Олар да – өзімізге 
таныс, өмірде ұшырасатын жанды адамдар. Бұларды 
да осылай суреттей алуы, әрине, автордың шеберлігін 
танытса керек. Көркем әңгіменің кімнің атынан және 
қалай баяндалуының да мәні ерекше. Әңгіме оқиғаларын 
кейіпкерлердің өз атынан баяндау әсіресе қиын. Мұнда 
баяндау әрі шығарма идеясын оқушыға әдеттегідей толық 
жеткізуге әрі әңгімелеуші кейіпкердің характеріне, ой 
өрісіне, интеллектуалдық дәрежесіне сәйкес болуға тиіс. 
Бұл ретте кейіпкер автордың өз тілімен сөйлеп кетпеуіне, 
болып жатқан оқиғаларды автордың тұрғысынан қарап 
бағалап қоймауына мұқият болу керек.
Көптеген жас жазушылар осыны ескере бермейді. 
Р.Әутәліпов те кейде осы кемшілікке бой алдырып қалады. 
Оның «Нан-тұз» атты тамаша әңгімесіне  де осы бір кемші-
лік сәл дақ түсіріп түр.
Бұл әңгімеде украин және қазақ халықтарының 
арасындағы достық көрсетілген. Әңгіме кейіпкерлерінің 
бірі Тищенконың бейнесі арқылы автор украин адамының 
достыққа беріктігін, оның жолдасқа деген кең пейілі мен 
мол мейірімін әсерлі суреттейді. Бірақ осы жақсы әңгімеде, 
жоғарыда айтқанымыздай, бір олқылық бар. Әңгіме бір жас 
баланың атынан, соның ой тұрғысынан баяндалады және 
онда сол жас баланың ой-өрісі, зердесі жете бермейтін көп 
жайлар айтылады. Сондықтан да әңгіме кейбір реттерде 
оқушыда жасандылық сезімін туғызады. Яғни кейіпкер өз 
бойына шақ тілмен сөйлемей, авторға тән сөздерді айтады. 
Осы кемшілік жылы лепке, шын ықыластық сезіміне толы 
бұл әңгіменің әсер етушілік күшін едәуір солғындатып 
тұр. Бірақ тұтастай алғанда Р.Әутәліповтың әңгімелері 
ысылып, ұшталып қалған шеберлік танытады. Жас жазушы 
кейіпкерлерінің лирикалық ішкі монологтарын беруде 
әсіресе нәзік алғырлық көрсетеді. Осы тәсіл арқылы ол 
кейіпкерлерінің жан дүниесін әсерлі ашып қана қоймайды, 
сонымен бірге шығармасының сюжеттік арқауын да 
қызғылықты етіп, ширата түседі.
Р.Әутәліпов әңгімелерінің тілі шұрайлы, суретті. Ол 
сырттай жалтылдақ, әйтеуір әдемі сөздерге үйір емес. 
Суреттеп отырған нәрсесін дәл жеткізіп берерлік тіл табуға 
ұмтылады. «Алуа» атты әңгімеде түнгі далада жанған оттың 
суреті былай берілген: «Қурай мен тобылғы түтінсіз жанып, 
жалынын сиырдың тіліндей соза, шалқусыз маздатады. 
Абайсыз салынған дымқыл отын ғана әбден қызғанша пыс-

106
пыстай бытырлап, сансыз ақ ноқаттарын жан-жаққа ұшыра 
түтіндейді. Ұшқын шөп басындағы мөлдіреген шыққа түсіп 
жылт-жылт ете қалады да, лезде сөніп жатыр». Мұны 
оқығанда көз алдыңа сурет елестейді. Сондықтан оған 
сенесің. Жас жазушыда қуатын тереңге жасырып баяу 
аққан салмақты стиль бар. Бұл одан болашақта көп үміт 
күтуге негіз береді.
Біздің жазушыларымыз соңғы кезде шет жұрт тақыры-
бына  да молырақ бара бастады. Мұндай шығармалар әңгі-
ме жанрында да бой көрсетіп келеді. Бұл тақырыпқа ең 
көп жазып жүрген жас жазушы Қ.Исабаев. Ол Германия 
шындығынан алып бірсыпыра қызғылықты шығармалар 
берді. Сөйтіп, жас жазушы Батыс Германиядағы 
қайыршылық тұрмыс туралы да, жаңа Германиядағы азат 
өмір жайында да қазақ оқырманына бейнелі түрде едәуір 
мағлұмат берді. Қ.Исабаевтың бұл шығармаларының 
ішіндегі ең тәуірі – «Эльбаның ашуы». Мұнда ол кеңес 
елінің неміс халқына достық құшақ жайғанын, ескі 
көзқарастар мен түсініктер бұзылып, адамдардың ой-
санасы жаңғыра бастағанын образ-символ арқылы бере 
алған. Автор суреттеп отырған халқының өмірін, тұрмысы 
мен психологиясын біртоға жақсы біледі. Бұл оның 
әңгімелеріне шынайылық сипат бітіреді.
Қ.Исабаев өз өміріміздің шындығынан алып та бірталай 
әңгімелер жазды. Солардың ішінде атап айтуға тұрарлығы  
«Қыз құпиясы». Автор оқиға желісін қызғылықты етіп 
тартуға, кейіпкерлеріне психологиялық сипаттама беруге 
жап-жақсы төселіп қалған. Бірақ оның әңгімелерінде 
тұтастай бір ортақ кемшілік бар. Бұл оның тіліндегі 
доғалдыққа, олақтыққа байланысты. Рас, соңғы әңгімелері 
оның тілінің біраз ұшталып та ұстарып қалғанын байқатады. 
Дегенмен, оның бұл салада әлі де болса көп ізденуі керек. 
Соңғы жылдары жас талаптардың да бірсыпыра әңгімелері 
жарыққа шықты. Солардың ішіндегі ең оқшауы, әсерлісі – 
Тобық Жармағамбетовтың «Екі жүрек» атты әңгімесі. Жас 
автор сюжет өрбітуде, композиция құруда, кейіпкерлерін 
мінездеуде балапан шабытына орай албырт ойнақылық 
та, кәнігі суреткерге тән ысылғандық та байқатады. 
Оның  мына әңгімедегі  қалам  сілтесінен  көп  үміт  күтуге 
болатындай.
Біз бұл мақалада соңғы кезде, яғни өткен съезден бергі 
уақытта туған біраз әңгімелерді мысалға ала отырып, 
солардың көркемдік ерекшеліктері мен олқылықтарын 
талдауға және әдебиеттің осы бір қиын да қажетті жанры 

107
жайындағы кейбір байқаулар мен топшылауларды ортаға 
салуға тырыстық.
Сөз болып отырған уақыт ішінде көркем әңгіме бізде 
сан жағынан да көбейді, сапа жағынан да есейе түсті, оның 
жанрлық өрісі, мүмкіншіліктері біраз кеңейді. Бірақ ол бай 
да құнарлы өмірімізді тереңнен қамтып, кеңінен толғап 
суреттеді, замана пафосын сездіре алды деп тұжырым 
жасауға болмайды. Әңгімеші-жазушылар әдебиетімізді 
әлеуметтік тынысы кең типтік бедерлі бейнелермен 
молықтыра алмай келеді. Көркем әңгіме жанрының шын 
мәнісінде белең алып өсіп кете алмай отырғанына сын да 
кінәлі. Бізде көркем әңгіме жайына арналған ойлы, байсалды 
зерттеулер жоқ, аракідік жеңіл де шағын рецензиялар 
ғана ұшырасады. Тіпті өзгені былай қойғанда өткен 
съезде жасалған негізгі баяндамада әдебиетіміздің осы 
бір маңызды саласы жайында бар болғаны «Прозамыздың 
енді бір кемшілігі – ұсақ жанрлары тым шабан өсіп келеді. 
Бұлар прозаның бұтағы, жапырағы сияқты. Бұларсыз 
көркеймейді проза» деген тәрізді жалпылама да келте 
сөздер ғана айтылғанына таңданбасқа болмайды.
Аға жазушылар да әңгіме жанрымен шұғылдануды 
мүлдем қойып алды. Рас, прозаның эпопея, роман, повесть 
сияқты соқталы түрлері аса қажет. Бірақ бұл әңгіме жазуға 
бөгет жасамасқа тиіс. Ұлан-ғайыр эпопея, роман, повестері 
мен тамаша әңгімелерін қатар жазған Толстой, Тургенев, 
Горький сияқты ғажайып суреткерлердің шығармашылық 
тәжірибесі осыны көрсетеді. Сондай-ақ кейбір жас 
жазушылар да әңгіме жанрын аттап өтіп, романға немесе 
повеске бірден бас қояды. Кейбір аса туған таланттары 
болмаса, солардың талайы-ақ қаламдарынан қайырылып, 
беттерін қайтарып алады. Ал шындап келгенде, көркем 
әңгімемен шұғылдану олардың жанрда тұрақтауына, 
шеберлікке төселуіне мүмкіндік берер еді.
Әрине, бұдан әңгіме – әдебиеттің оңай, өтпелі жанры 
деген ұғым еш тумайды. Керісінше, көркем әңгіме 
әдебиеттің ең қиын, күрделі жанрларының бірі. Бірақ 
осыған орай бұл жанрдың бойындағы шығармашылық 
мүмкіндіктер де ұшан-теңіз. Гәп тек жазушыларымыздың 
сол мүмкіндіктерді сарқа пайдалануында, жанр табиғатын 
терең де жете баурауында, сөйтіп суреткерлік шеберлікті 
ұстарта, жетілдіре алуында.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал