Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет4/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

1958 ж.
ЖЕМІСТІ  ЖОЛ
Қазақтың үлкен ақыны, көрнекті жазушысы Сәбит 
Мұқанов әдебиетке тарихи да ұлы оқиғаларға толы 
жылдарда жаңа дәуір азат еткен еңбек адамының ой-
тілегін, арманы мен қуанышын жырлай келді. Ақынның 

71
1917 жылы жазған «Көңілім», «Неге тудым», «Жалшының 
зары», «Шығар күнді» атты лирикалық өлеңдері — тек 
оның өзінің ғана қаламалдылары емес, сонымен қатар, 
бүкіл қазақ кеңес әдебиетінің тұңғыш қарлығаштарының 
бірі.
Осылайша, ұлттық кеңестік әдебиетіміздің іргетасын 
қаласқан, оның туып, қанат жаюының басы-қасында 
болған Сәбит Мұқанов сол әдебиетімізбен бірге өсіп, 
бірге жасасып келеді. Жазушының қырық жылдан астам 
шығармашылық жолы, белгілі дәрежеде, бүкіл қазақ кеңес 
әдебиетінің даму жолын, өсу кезеңдерін аңдатарлықтай. 
Бұл жылдарда жазушы әдебиеттің барлық жанрларында 
оқушы жұртшылық сүйсіне оқитын көптеген кесек те 
күрделі шығармалар берді. Оның лирикалық сыр толқынға 
және философиялық терең мазмұнға толы поэзиялық 
шығармалары халық арасына мейлінше кең таралды. Ал 
жазушының «Ботакөз», «Сырдария» сияқты прозалық 
кесек шығармалары бүкіл кеңес оқушыларының игілігіне 
айналды және көптеген шетел халықтарының тілдеріне 
аударылды. Сөйтіп, Сәбит Мұқанов шығармашылық 
жолының әр кезеңінде халқымыздың өмірі мен күресін 
шынайы бейнелейтін кесек шығармалар жазып, ұлттық 
әдебиетімізді өркендете беру жолында белсенді еңбек етіп 
келеді. Сондықтан да ол туған халқының сүйіспеншілігі 
мен лайықты құрметіне бөленді. Сәбит Мұқанов — «саяси 
санасы  оянғаннан  бастап, бар еңбегім халқыма деп келген, 
әр кезеңнің сынды өткелдерінде қашанда елімен бірге 
болып, еліміздің мәдениетін сатыдан сатыға көтеруде үздік-
сіз көп еңбек сіңірген, қалың еңбекші бұқараның ортасында 
өте сүйікті жазушы. Сәбиттің еңбектері – халық қазынасы, 
ел мақтаны»
*

Бұл – үлкен суреткеріміздің көркем де мол 
шығармашылығына берілер бүкіл халықтық баға.
Соңғы кезде бізде ірі-ірі жазушылар мен ақындардың, 
драматургтардың таңдамалы шығармаларын том-том етіп 
бастырып шығару дәстүрге айналды. Бұл әдебиетіміздің 
ғана кемелдену кезін, шырқау шағын көрсетіп қоймайды, 
сонымен бірге, оқушы жұртшылықтың да мәдени дәрежесі, 
тілек-талабы өскендігін танытады. С.Мұқановтың да 
таңдамалы шығармалары басылып шықты. Олар үлкен-
үлкен алты томнан тұрады. Осы мақалада сол томдарға 
енген шығармалар жайындағы азды-көпті пікірлерімізді 
ортаға салмақпыз. Бұл ретте біз әдеби-көркемдік талдауды 
хронологиялық тәртіпте, яғни жазушы шығармаларының 
*
Мүсірепов Ғ. Жазушы Сәбит Мұқанов. «Әдебиет және искусство» 
журналы. 1946жыл, №2-3б.

72
туу кезеңдеріне қарай бермейміз. Біз жазушының әр 
томға енген көркем туындыларына сап-сабымен, нақтылы 
талдау жасауды мақсат етеміз. Орайлысы да осы сияқты. 
С.Мұқанов шығармашылығында оның «Өмір мектебі» атты 
екі кітапты өмірбаяндық романы елеулі орын алады. Осы 
романның өңделген, толықтырылған нұсқасы таңдамалы 
шығармалардың алғашқы екі томына енген. «Тар жол, 
тайғақ кешу» атты белгілі кітаптың авторы атақты ақын 
Сәкен Сейфуллинмен бірге С.Мұқанов қазақ әдебиетінде 
мемуарлық, өмірбаяндық роман жанрын бастаушы 
болып табылады. Бұл салада ол жиырма бес жылға тарта 
уақыт бойына еңбектенді. Өйткені кейін «Өмір мектебі» 
атанған романның алғашқы кітабының кейбір үзінділері 
жеке новеллалар ретінде отызыншы жылдардың бас 
кезінде-ақ жарияланған болатын. Содан бері жазушы 
бұл шығармасына уақыт-уақыт оралып, оны әрдайым 
толықтыра, шыңдай түсіп отырды.
Романның бірінші кітабын автор өзінің балалық шағын 
баяндаудан бастап, 1918 жылғы оқиғаларды суреттеумен 
аяқтайды. Жазушы өз басынан кешірген болмыстарды ғана 
баяндап қоймайды, сонымен бірге, туып-өскен ортасының 
да кең көріністерін беріп отырады. Тұтас алғанда, кітапта 
революция алдындағы қазақ ауылы өмірінің қат-қат 
сырлары, мол шындығы бар. Бұл ауыл Абай туралы 
эпопеяда немесе «Оянған өлке» романында бейнеленген 
дәрежесінде емес. Онда жаңалық нышандары бұрынғыдан 
әлдеқайда мол. Мұны кітапта суреттелген алуан түрлі 
адамдардың тіршілігі мен тағдырынан да, ой-санасы мен 
психологиялық шындықтарынан да анық сезуге болады.
Сонымен бірге, жазушы ескі ауыл өмірінің өзі басынан 
кешіріп өскен ащы шындығын, әлеуметтік теңсіздіктер 
мен феодалдық-патриархалдық тағылықтардың кесапатты 
зардаптарын да жеріне жеткізе ашады. Социалистік 
реализм әдебиетінің негізін салушы ұлы суреткер Горький 
азапта, жоқшылықта, кісі есігінде өткен балалық өмірін 
еске ала келіп, былай деп жазған еді: «Сол бір өмір маған 
қайырымды, бірақ ащы шындығымен азапқа салатын дана 
адам айтқан қатал ертегідей болып елестейді. Қазір өткен 
күнді тірілте, оған жан бітіре суреттей отырып, мен бәрі де 
дәл солай болғандығына кейде зорға деп қана иланамын... 
Бірақ шындық мүсіркеушіліктен артық...» Кемеңгер 
Горькийдің осы сөздерін өз тұрғысынан С.Мұқанов та айта 
алар еді. Өйткені оның да балалық өмірі ертегіге бергісіз 
қатал шындыққа, қиян-қилы жайларға толы. Жазушы 

73
солардың барлығын сап-сабымен негізінен реалистік 
мәнерде баяндайды.
Кітаптың ең алғашқы беттерінен бастап-ақ оқушының 
көз алдынан екі дүниенің – зорлық-зомбылық, байлық 
дүниесі мен езушілік, жоқшылық дүниесінің алуан түрлі 
сырлары ашылады. Егер Нұртаза, Әлтидің Сәдуі, Ыбыр, 
Әубәкірлер қиянат пен өктемдік иелері ретінде көрінсе, ал 
Мұқан, Мұстафа, Бопан және басқалар өмірден, қытымыр 
заманнан өгейлік тартқан жандар бейнесінде суреттеледі. 
Жалпы алғанда, жазушы ескі қазақ ауылы өмірінің 
әлеуметтік көріністерін шынайы елестете алған.
Романның ең бағалы қасиеттерінің бірі – туған 
халқының тағдыры мен талайын, ой-арманын, ұлттық 
дәстүрлерін жазушының жарқын да мол суреттегендігінде. 
Ол халық өмірінің көлеңкелі жақтарын ғана ақтара 
баяндап қоймайды, сонымен бірге, оның бойындағы, ой-
санасындағы бағалы қасиеттерді де кеңінен бейнелейді. 
Романда халық өкілдері образдарының тұтас галереясы 
бар. Солардың ішіндегі ең көрнектілері — Ораз, Ғабдол, 
Қанапия, Шәйін, Молдағазы және басқалар. Жазушы 
Оразды аңсақ саятшы, Ғабдолды асқан әнші, Қанапияны 
зор қайрат иесі, Молдағазы мен Шәйінді өнер-білімге, 
жаңалыққа үндеушілер ретінде бейнелейді. Олар халық 
қасиетінің әр алуан қырын танытады. Сондықтан да автор 
оларды мейірлене, іш тарта отырып суреттейді.
«Өмір мектебінің» бірінші кітабында революция 
алдындағы қазақ ауылының рухани тіршілігінің де елес-
көріністері мол. Жазушы қазақ халқының өнер-білімге, 
ілгерішіл ой-пікірге, басқа халықтардың мәдениетінен 
де үйренуге ден қойғанын оқиғалар тізбегі арқылы 
да, нақтылы адам образдары арқылы да аңдата алған. 
Сонымен бірге, ол схоластикалық ислам мектебінің, діни 
оқудың кертартпалық сипаттарын да жеріне жеткізе 
әшкерелей алған. Бұл романның «Инемен қазған құдық» 
атты тарауынан әсіресе анық сезіледі. Жазушы өз халқы 
мәдениетінің бұлақ-бастауларын да ашып суреттейді. Бұл 
тақырыпты ол асқан әнші-композитор әрі ақын Ақан сері, 
«сегіз қырлы, бір сырлы» Балуан Шолақ, қиялы ұшқыр 
ертегіші-аңызшы Қорабай бейнелері арқылы шешеді.
Автор татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың және Абайдың 
шығармаларымен алғаш қалай танысқанын да әсерлі 
баяндайды. Сондай-ақ, бұл кітап С.Мұқановтың өзінің 
шығармашылық жолы қалай басталғаны және оның 
ақындық өнерін нәрлендірген қайнарлар қандай екендігі 

74
жайында да оқушыға, зерттеушіге көп материал береді. Егер 
романның бірінші кітабы революция алдында тұрған және 
соның дауылды дүбірінен оянып сілкіне бастаған ескі ауыл 
өмірінің шынайы көріністерін берсе, ал екінші кітап азамат 
соғысы және кеңес өкіметі орнауы жылдарында Солтүстік 
Қазақстанда болған оқиғаларды суреттейді. Оқушы тек 
ауылдың ғана емес, сонымен бірге, Омбы, Қызылжар 
қалаларының да сол кезеңдегі өмірімен танысады.
Солтүстік Қазақстанда кеңес өкіметі кескілескен, қиян-
кескі тап күресі жағдайында орнады. Сол күрестің белсенді 
қатысушысы болған коммунист-жазушы өз басынан 
кешкен, көзімен көрген жайларын сол қатал да шын күйінде 
баяндайды.
Сөйтіп, романның бірінші кітабында күнкөріс 
қамында көрінетін болашақ жазушы екінші кітапта 
халық бақыты жолындағы күрескер ретінде әрекет етеді. 
Бұл жағынан алғанда ол өткен жол қазақтың халықтық 
интеллигенциясының тұтас бір буынының өмірі мен 
тағдырына хас сипат сездіреді. 
Бұл сияқты революция ісі салтанат құруы жолындағы 
қасиетті күресте қаза тапқан Владимир Гозак, Баймағамбет 
Ізтөлин, Жақып Қыстаубаев тәрізді коммунистердің 
бейнелері де оқушы зердесінде ұялап қалады. Соңғы 
кітаптың идеялық тұрғыдан алғандағы ең құнды 
қасиеттерінің бірі – онда алашордашыл-ұлтшылдар 
ұстаған кертартпалық бағыттың тарихи прогреске, қазақ 
халқының болашағына жат сипаты уытты да өткір түрде 
әшкереленетіндігі. Бірінші кітаптың соңғы тарауларында 
ұшығын көрсеткен осы тақырыпты ақын екінші кітапта 
әлеуметтік кең тұрғыда көтереді. «Өмір мектебі» тек 
өмірбаяндық қана роман емес. Бұған қоса ол – тарихи да 
шығарма. Өйткені онда автор өзі өткен өмірлік жолдың 
ғана бел-белестеріне үңіліп қоймайды, сонымен бірге туып- 
өскен ортасының да шындығын кеңінен қамтып ашады, 
тұтас тарихи бір кезеңнің көріністерін береді.
Романда өмірде болған жүздеген адамдардың 
аттары аталып, соларға өз тарапынан автор портреттік, 
психологиялық сипаттамалар береді. Шығармада бой 
көрсетіп өтетін сол көптеген кейіпкерлер мен онда 
баяндалған саналуан оқиғалардың, жер-мекен аттарының 
барлығын бірдей жазушының өз жадында ұмытпай 
сақтағанына таңданбасқа болмайды.
Жазушы өз назарын ең алдымен қарапайым халықтың 
өмірі мен тағдырына аударады, соның бойындағы қабілет, 

75
дарын мен жарқын қасиеттерді мадақтайды, уақыттың 
ащы шындығын, күрес кезеңін өз күйінде суреттеуге 
ұмтылады. Бұл айтылғандар С.Мұқановтың ұлы Горькийден 
жемісті үйренгендігін көрсетеді. Әрине, «Өмір мектебі» 
романында кемшіліктер де бар. Жазушының бірсыпыра 
күрделі шығармаларында ұшырасатын шұбалаңқылық, 
өмір шындығына сыйымсыз оқиғалар мен қажетсіз 
қосалқы жайларды баяндап кетуге бой алдырушылық 
сияқты көркемдік  олқылықтар осы романнан да сезіледі.   
Сондай-ақ, жазушының тек өзінің ғана емес, тіпті 
 
 
басқалардың  да ата тегін қазбалап баяндап, генеологияға 
түсіп кететін  мезеттері де бар. Осындай және басқа да 
кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл роман С.Мұқанов 
шығармашылығында ерекше орын алады. Ф.Гладков, 
С.Айни сияқты көрнекті кеңес жазушыларының белгілі 
мемуарлық, өмірбаяндық романдарына меңзес «Өмір 
мектебі» де өзінің тарихи өткенді нақтылы, шынайы 
бейнелеуімен құнды.
Жазушы таңдамалысының үшінші томына енген 
«Ботакөз» романы – тек автордың ғана емес, отызыншы 
жылдардағы бүкіл әдебиетіміздің аса ірі шығармасы. 
С.Мұқановтың бұған дейін де бірсыпыра прозалық 
шығармалар жазғаны аян. Әрине, олардың ішінде көңіл 
аударуға тұрарлық тәуірлері де, әдебиетімізге тұрақты 
шығармалар ретінде ене алмай, тез ұмыт болғандары да бар. 
Бірақ солардың жазушы қаламын ұштай түскені, оған біраз 
шығармашылық тәжірибе бергені күмәнсіз. «Ботакөзді» 
жазу үстінде автор сол тәжірибесін кеңінен әрі жемісті 
пайдаланды да.
С.Мұқановтың бұл романы «Жұмбақ жалау» деген атпен 
тұңғыш рет 1938 жылы басылып шықты. Роман жұртшылық 
назарын өзіне бірден-ақ мол аударды. Бұл мейлінше заңды 
да еді. Өйткені «Ботакөз» романы – қазақтың реалистік 
кесек прозасының социалистік реализм әдісін игеру 
жолындағы зор табысынан саналуға лайықты шығарма.
«Ботакөз» романында бейнеленген тарихи оқиғалар: 
революция алдындағы қазақ ауылындағы шегіне жетіп 
шиеленіскен  өткір тап  тартысы, қазақ халқының 1916 
жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, қазақ еңбекшілерінің 
революцияға келу, араласу жолдары, Азамат соғысы және 
кеңес өкіметі орнауы жылдарында Қазақстанда болған 
ірі-ірі оқиғалар, қазақ және орыс халықтарының достығы, 
халықтың жаңа дүние жасау жолындағы батырлық күресіне 
Коммунистік партияның басшылығы туралы тақырыптар 
еді.

76
Романда суреттелген оқиғалар мен тартыстың өрбіп-
дамуына, шешілуіне сәйкес жазушы осы тақырыптардың 
барлығын да шығарманың сюжеттік желісіне шеберлікпен 
енгізеді және оларды өмір шындығына сай, ерекше 
заңдылықпен шешіп отырады. Автор өзі суреттеп отырған 
дәуірдің жоғарыда аталған оқиғаларын жай суреттеп қана 
қоймайды, сонымен қатар, ол сол оқиғаларға бүгінгі күннің 
биік тұрғысынан қарап, дұрыс та лайық баға беріп отырады. 
Бұл–сол оқиғалардың романда берілген реалистік 
суреттерінен, жазушының сол оқиғаларға деген айқын, 
тура авторлық қатынасынан анық сезіледі.
«Ботакөз» романы  С.Мұқановтың жазушылық ше-
бер 
 
лігі де өскенін, бұрынғыдан әлдеқайда жетіле 
түскенін танытты. Романда талай кесек образдар бар. 
Жазушы ұнамды кейіпкер образын жасау міндетін бұл 
шығармасында табысты шешті. Романда жаңа дүние орнату 
жолындағы күрескерлер – ұнамды кейіпкер образдарының 
тұтас галереясы бар. Бұлардың ішіндегі ең тұлғалы, тұтас 
образдардың бірі   Асқар. Жазушы романның бас жағында 
оқушыны Асқармен былайша таныстырады: «Орысша 
киінген жігіт – Досанов Асқар еді. Оның әкесі – Досан. 
Бурабай маңындағы Шортан қаласының малын бағатын 
жатақ бола тұра, баласын школға жасынан сабаққа  берді. 
Екі  класты  школды 16 жасында, 1907 жылы бітіріп, сол жылы 
күз Асқар Омбының Учительская семинариясына түсті. 
Бірақ оны аяқтауға қаражаты болмай, 1911 жылы соңғы 
класын бітірмей семинариядан шығып, Көкшетаудың ық 
жағында отыратын, Байсақалдың Итбайы деген болыстың 
ауылына балаларын орысша оқытуға жалданады».
Жазушы оқушыны Асқардың өткен өмірімен осылайша 
сараң ғана таныстырады. Бірақ оның есесіне, автор 
Асқардың бұдан кейінгі өмірін, іс-әрекеттерін мейлінше 
кең суреттейді. Асқар оқушының көз алдында заңды да 
нанымды түрде өсіп отырады. Жазушы Асқарды бірден-
ақ қалыптасқан күрескер ретінде көрсетпейді, оның 
бойына лайық емес қасиеттерді қолдан телімейді. Асқар 
алғашқыда алдына онша зор мақсат та қоймайды. Өзі 
орыс мектебінде оқып көзі ашылған және туған халқының 
надандық торында зар илегенін көрген, жаны ашыған ол 
қазақ жастарының, балалардың мектепте оқуын, жаңаша 
білім алуын арман етеді. Асқардың ауыл мектебінде 
оқытушылық қызмет атқаруының, Сағит сияқты балаларға 
қамқорлық жасауының бір тамыры оның осы арманына да 
байланысты. Сонымен қатар Итбайлар мен Кошкиндердің 

77
еңбекші халыққа жасайтын зорлық-зомбылығын өз көзімен 
көріп түңіле, ашына жүріп Асқардың жүрегінде үстем тап 
өкілдеріне деген қарсылық, жек көрушілік сезімі күшейді. 
Бірақ оның саяси беті бірден айқындалмайды, күрес 
жолына да белсене түсіп кетпейді. Орыс революциясының 
бесігі Петербургта болуы, онда Смирнов, Булатов сияқты 
революционерлермен танысуы Асқардың өмірінде шешуші 
рөл атқарады. Ол мұнда тұңғыш рет Лениннің еңбектерімен 
танысады. Сөйтіп Асқардың бүкіл дүниетануында, өмірге 
деген көзқарасында үлкен өзгерістер болады. Ол өзін 
қатты толғандырған, бірақ анық та тура жауабын бұрын 
таба алмаған мәселелердің шешімін Ленин еңбектерінен 
және жоғарыда аттары аталған революцияшыл достарынан 
біледі. Асқар образы – жазушының үлкен табысы. Автор 
өзінің бұл басты кейіпкерінің қатардағы халық мұғалімінен 
саяси санасы өскен коммунист, революционер дәрежесіне 
дейінгі өсу жолын мейлінше шынайы әрі терең көрсете алды. 
Жазушы Асқар бейнесінде қазақ интеллигенциясының 
таңдаулы тобы халықпен бірге болғанын және оның 
революцияға келу жолын образды түрде көркем бейнелеп 
берді.
Романдағы ең негізгі, басты образдардың бірі –Ботакөз. 
Ол – бүкіл қазақ кеңес әдебиетіндегі әйел кейіпкерлердің 
ішіндегі ерекше тұлға. Жазушы Ботакөздің өсу жолын, оның 
бастан кешкен оқиғаларын реалистік түрде суреттейді.
Ботакөз жас кезінде орыс мектебінде оқиды. Романның 
алғашқы тарауларында біз Ботакөзді айналада болып 
жатқан оқиғаларға қатынасы да, онша қызығуы да жоқ, 
көбінесе оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен ғана өмір 
сүретін жас қыз ретінде ғана көреміз. Бірақ оның балалық 
шағының қызығы ұзаққа созылмайды. Өмірдің алуан 
түрлі, қат-қабат оқиғалары өзінің тереңіне Ботакөзді де 
тартады. Сол бір бейуақтың ауыртпалығы мен қайшылығы 
Ботакөздің де үлесіне тиеді. Бір жағынан, Ботакөз — 
оқыған, көзі ашық, саналы жас. Екінші жағынан, ол 
ескі қазақ қоғамының әділетсіз салт-жоралғылары мен 
заңдарының бұғауынан әлі құтылмаған. Итбай сияқты 
нысапсыз, ұятсыз адамның Ботакөзді әйелдікке алмақ 
болуы Ботакөздің өзіне де, оның туысқандарына да қатты 
батады. Міне, осылайша жастық өміріне ерте төнген 
қауіпті сезіну, оған қарсы күресуге ұмтылу Ботакөздің ой-
өрісін ерте есейтеді, бойындағы қайрат-жігерді, намысты 
оятады. Тұрмыстың қиындықтары мен ауыр сындарына 
жастайынан тап болған Ботакөз сыр бермейді, бойын бекем 

78
ұстайды. Ботакөздің бұл қасиеті алғаш рет ағасы Балтабекке 
пәле жабылып тұтқынға алынып, жеңгесі Айбала ауыр 
науқастанған шақта сезіледі. Ботакөздің бойындағы зор 
адамгершілік сезімдерін жазушы әсіресе осы эпизодтарда 
терең ашып көрсетеді. Айбала өлім үстінде жатқан 
ауыр шақта Ботакөзді Итбайдың жігіттері зорлықпен 
алып қашады. Бірақ оны Амантай аман құтқарып алады. 
Міне, автор осындай жантүршігерлік ауыр да аянышты 
оқиғаны шынайы суреттеу арқылы әрі Итбайдың ұяттан 
безген қарақшылық әрекеттерін аяусыз әшкерелейді, әрі 
Ботакөздің қайсарлығын, рухани ұстамдылығын ұтымды 
аңдатады. Ботакөз Асқармен қосылғаннан кейін де қауіп-
қатерден құтылмайды. Итбайдың балалары Ботакөзді 
қудалауын қоймайды. Бірақ Ботакөз бұған жасымайды, 
қайта осындай арпалысқан алысу үстінде оның характері 
қалыптасып шыңдала түседі. Ботакөз Асқарға адал, сүйікті 
жар ғана болып қоймай, сонымен қатар, оны халықтың 
азаттығы жолындағы күресінде қолдап, қайрат-жігер 
беріп отырады. Сөйтіп ол халық мүддесін өздерінің жеке 
бастарының бақытынан жоғары қояды. Ботакөз образы 
сол кездегі тарихи шындыққа сәйкес келе ме? Иә, әбден 
сәйкес келеді. Өйткені автор сол дәуірдегі қазақ қыздарына 
тән таңдаулы қасиеттер мен мінездерді Ботакөз бейнесінде 
жинақтап көрсетті, сөйтіп, қазақтың күрескер қызының 
типтік образын жасады. Ботакөз романның бүкіл өн бойына 
өзінің қажырлы әрекетімен және тамаша жан дүниесімен 
ерекшеленіп, айқын көрініп отырады. Ботакөз – қазіргі 
жастардың да еліктеуіне, үлгі алуына тұрарлық кесек тұлға. 
Халықтың қалың бұқарасының өкілі Амантайдың образын 
да автор зор көркемдік қуатпен бейнелей алған. Романда 
Амантай образы бар шындығымен нанымды суреттелген. 
Амантай – халықтың қалың ортасынан шыққан және оның 
қажымас қуаты мен даналығын өз бойына мол жинаған 
кейіпкер.
Романда бұлардан басқа да көптеген ұнамды 
кейіпкерлер бар. Олар – Кенжетай, Темірбек, Бүркітбай, 
Асан, Сағит, тағы басқалар. Екінші қатардағы кейіпкерлер 
болғандықтан, жазушы бұлардың әрқайсысының өмірі 
мен іс-әрекеттерін үнемі жан-жақты көрсете бермейді. 
Олар шығарманың сюжеттік желісіне, ондағы оқиғаларды 
дамыта түсуге тікелей қатынасы, қажеттігі бар мезеттерде 
ғана қатыстырылып отырады. Сөйтсе де біз олардың 
әрқайсысының да өмірлік жолымен, іс-әрекеттерімен, 
жан дүниесімен терең де толық танысамыз. Бұл әрине, 
жазушының образ жасаудағы шеберлігін анық байқатады.

79
Романда жоғарыда аталған ұнамды кейіпкерлерге 
қарсы алысатын жаулар лагерінің де көптеген өкілдері бар. 
Бұлардың ішінде ерекше дараланып көрінетіндері – Итбай 
мен Алексей Кулаков.
Революция алдындағы қазақ ауылының тіршілігіндегі 
әділетсіздік пен зорлық-зомбылық, жексұрындық атаулы-
ның барлығын автор осы Итбай бейнесінде жинақтап 
көрсеткен.
«Ботакөз» романы өзінің идеялық тереңдігімен ғана 
емес, көркемдік ерекшеліктерімен де құнды. Жалпы 
С.Мұқановтың жазушылық шығармашылығындағы 
ерекшелік «Ботакөз» романында әсіресе айқын көрінді. 
«Ботакөз» – көп планды, мол тынысты роман. Ол ондаған 
адамдардың тағдыры мен тартысын қамтиды. Осыған 
байланысты шығарманың сюжеті дамып өрбіген сайын 
оған жаңа кейіпкерлер араласып, тың тартыстар қосылып 
отырады. Оқиғалар тек қазақ Сахарасында ғана емес, 
сонымен қатар, Петербургте, Омбыда, Қызылжарда, 
майдан шебінде де қатарласа, жарыса өрбіп жатады. Бірақ 
сол қалың оқиғалар шығармада әрқайсысы өз алдына бөлек 
қалмайды, қайта бірімен-бірі байланыса, заңдылықпен 
қабыса дамиды. Мұның барлығы жазушының өзі суреттеп 
отырған уақыттың сипатын аңдатуына, кейіпкерлерінің 
характерін айқындап ашуына септігін тигізеді. Сөйтіп, 
шығармада сюжет характердің тарихын құрайды, яғни 
оқиғалар шиеленісіп дамыған сайын, ондағы кейіпкерлердің 
образдары да тереңірек ашыла түседі.
Жазушының образ жасаудағы құралдары, әрине, 
мұнымен сарқылып қалмақ емес. Көркем әдебиетте 
суретшінің  негізгі  бейнелеу  құралы                тіл.  «Ботакөз» 
романының көркемдік ерекшеліктерінің негізгі бір тамыры 
оның тілінің көркемдігі мен молдығында. Бұл шығармадағы 
авторлық баяндаулардан да, кейіпкерлерге берілетін 
портреттік немесе психологиялық сипаттаулардан да, 
табиғат суреттерінен де анық байқалады. «Ботакөз» 
романы – тарихи-әлеуметтік роман. Әрине, онда тарихи 
адамдар суреттелмейді. Бірақ типтік дәрежеге көтерілген 
жинақты образдар арқылы жазушы өзі таңдап алған дәуірді 
тарихи нақтылы бейнелейді. Сонымен қатар, жазушы 
сол бір кездегі тарихи дамудың беталысын, ішкі мәнін 
көрсететін әлеуметтік құбылыстар мен оқиғаларды кеңінен 
қамтиды. Автор оларды образды түрде суреттеп қана 
қоймайды, сонымен бірге, сол оқиғалар мен құбылыстарға 
баға да беріп отырады. Сөйтіп, «Ботакөз» романы өзінің 

80
идеялық тереңдігі, реалистік қуатымен және көркемдік 
ерекшелігімен жұртшылық назарын мол аударды. Бұл 
шығарма халықтың қалың көпшілігінің ең бір сүйіп оқитын 
кітабына айналды. Роман жайында ол жазылған кезде де, 
одан кейін де әдебиетшілер арасында әрдайым келелі сөз 
болғанын былай қойғанның өзінде, жазушыға осы шығарма 
туралы оқушылардан жүздеген хаттар, ризалық тілектер 
түсуі – бұған айқын дәлел.
«Ботакөз» романы бүкілодақтық оқушының да назары 
мен сүйіспеншілігіне ие болды. Сондықтан да орталық 
баспасөз органдары бұл романды жоғары бағалай келіп, 
былай деп жазды: «Қазақстандағы халық өмірінің өрлеу 
кезеңдерін тарихи шындыққа сай көрсететін шын 
мағынасындағы үлкен еңбек жасады»
*
. «Сәбит Мұқанов 
романының беттерінен кеңестік Қазақстан тарихының 
алғашқы кезеңін көресіз. Біздің ұлы Отанымыздың 
тарихын жақсы білгісі келетін кісі бұл кітапқа соқпай өтуіне 
болмайды»
**
.
Жазушының бұл тамаша шығармасы қазақ кеңес 
прозасында шын мәнісіндегі кесек әрі нағыз реалистік 
роман жанрының іргесі терең де берік қаланғанын айқын 
танытты.
С.Мұқанов             –  тек  көрнекті  прозаик  емес,  сонымен  бірге, 
аса ірі ақын да. Оның қаламынан әлденеше лирикалық 
өлеңдер, оңдаған поэмалар туды. Сол поэмалардың 
бірсыпырасы таңдамалының төртінші томын құрайды. 
Әрине, ақын поэма жанрында бірден биікке құлаш ұрып 
кеткен жоқ, біртіндеп өсті. Оның алғашқы поэмаларының 
(«Жұмаштың өлімі», «Балбөпе», «Құрдас», «Құланың 
құны»), кейбіреуі шын мәнісіндегі сюжетті шығармаларға 
қойылатын талап дәрежесіне деңгейлес келе бермейді. 
Олар ақынның поэма жасау жолындағы алғашқы 
ізденулерінің жемісі, шығармашылық жаттығулары есепті. 
Бұл шығармаларды ақын поэма сияқты күрделі жанрдың 
сырына  әбден қанықпаған, оның табиғатын игеріп 
жетпеген кезде жазған еді.
Ақынның алғашқы кезеңдегі сюжетті, оқиғалы шығар-
маларының ішінде көңіл аударуға тұрарлықтарының бірі 
– «Пионер».
«Пионер» поэмасында өткір тартыс, желілі сюжет 
жоқ. Ақын мұнда оқиғалар өрбуін ондағы кейіпкерлердің 
*
К
едрина З. О сильных и смелых. «Правда», № 137, 17 мая 1949 г.
**
 
Смирнова В. Свет из России. «Литературная газета», № 39, 1949 г.

81
монологтары мен диалогтары арқылы, авторлық баян дау-
лары арқылы өрістетеді. Шығарманың соңында берілетін 
арайлап атқан шұғылалы таңның суретін оқушы Шоқпыттар 
мен Сұрағандар жеткен жаңа дүниенің символы ретінде 
қабылдайды.
«Батырақ»  атты  көлемді поэмасында ақын қазақ 
кедейінің революцияға дейінгі азапты өмірі мен кеңес 
дәуіріндегі азат өмірін салыстыра отырып суреттейді. 
С.Мұқановтың бұдан кейінгі жазған көлемді поэтикалық 
шығармасы – «Октябрь өткелдері» поэмасы. Октябрь 
революциясының он жылдығына арналған бұл поэмасында 
ақын қазақ пролетариаты өкілдерінің өмірі мен тағдырын 
суреттейді. Және де осы шығармасы арқылы ақын 
алашордашылар мен буржуазияшыл ұлтшылдардың 
революциядан бұрын Қазақстанда жұмысшы табы 
болған жоқ деген жаулық жаласына соққы берді, қазақ 
жұмысшысының қызғылықты образын жасады.
Поэмада кемшіліктер де бар. Кейіпкерінің өмірлік жолын 
ол кешкен өткелдерді тізбектей суреттеудің салдарынан 
автор кей реттерде көркемдік шындықты сезінуден жаза 
басып, мүлт кетеді. Мұндай жағдайларда оның поэмасы 
көркемдік қасиетін жоғалтып, жалаң хроникаға айналып 
кетеді.
Осы сипаттас кемшіліктеріне қарамастан, «Октябрь 
өткелдері», «Батырақ» поэмаларының ақынның сол кездегі 
өсу тенденциясын, тақырыптық ізденуін танып-білуде 
ерекше мәні бар.
С.Мұқановтың 1926 –1928 жылдарда жазған «Сұлу-
шаш» атты өлеңді романы – тек ақынның өз шығарма-
шылығындағы ғана кезеңді шығарма емес, бүкіл қазақ 
кеңес поэзиясының да үздік табысы.
«Сұлушаш» – ең алдымен әлеуметтік роман. Рас, 
шығар  маның негізгі кейіпкерлері Алтай мен Сұлушаштың 
махаббат жайлары романның ең басты, өзекті тақырыптық 
желілерінің бірі болып табылады. Бірақ автор бұл 
тақырыпты бөліп алып, даралап жырламайды, қайта 
оны әлеуметтік өмірдегі тайталас-тартыстардың қалың 
ортасында, солармен тығыз байланыстыра отырып, 
дәуір шындығын терең ашады, өткір таптық тартыс пен 
әлеуметтік теңсіздіктерді баса көрсетеді. Романда ең алғы 
лекте суреттелетін кейіпкерлер – Алтай мен Сұлушаш.
Алтай – қазақ кеңес поэзиясындағы ең бір тұтас, 
тұлғалы образдардың қатарына қосылады. Қараңғыда, 
жоқшылықта ғасырлар бойы өмір кешіп келген еңбекші 

82
халықтың өктемдікке, қанауға негізделген дүниеге қарсы 
қайнаған кегі мен құрсанған ашу-ызасын ақын осы басты 
кейіпкерлерінің бойына жинақтап көрсеткен. Алтайда 
жалын атқан жігер мен қажымас қайраттың мол болып 
келуі де осыдан.
Алтай Тілеуберді сияқты байларға және солар өкілдері 
болып табылатын байлық дүниесіне қарсы бала жастан-ақ 
кектеніп, өшігіп өседі. Алтайды бұған итермелеген сол қол 
қысқа тұрмыстың, әділетсіз өмірдің өзі еді. Тіпті, алғаш 
Сұлушашпен көңіл қосып жүрген шағында да Алтай өзінің 
бұл әрекетін үстем тапқа деген қарсылықтың бір көрінісі, 
нышаны деп түсінеді.
Денім сау боп, сұлумен көңіл қоссам,
Ежелдегі алам ғой байдан кекті,–
деп ойлайды ол. Алтайдың өктемдік дүниесіне қарсы 
күресінде саяси айқын бағыт, жүйелі программа жоқ 
және бұлай болуы мүмкін де емес. Бірақ оның күресінде 
өзіндік мақсаты да бар. Бірінші бөлімнің аяғында берілетін 
Алтайдың ішкі монологынан бұл айқын көрінеді:
... Дүние-ай, маған берсе бар билікті,
Күштіні етер едім көзге түрткі,
Жалшыға, құл мен күңге, кедейлерге
Берер ем бөліп-бөліп бар мүлікті.
Не керек, бар байлықты байлар көріп
Кекіріп болып отыр майға күпті!
Бұл – Алтайдың жүрегіне мықтап ұялаған ой. Бірақ 
оның орындалуына қажетті жағдайлар ол кезде, әрине, жоқ 
болатын.
Романның аяғында Алтай сүйіктісі Сұлушаштан, жан 
серігі Қайсардан айырылады, өзі де трагедиялық ауыр 
қазаға ұшырайды. Сөйтіп, азаттықты арман етіп, өктемдік 
дүниесіне қарсы шыққан Алтайдың тағдыры осылайша 
аяқталады. Әрине, Алтайдың есеге қолы жетуі ықтимал 
емес-ті. Сондай-ақ оның құрсау өмірдің торында, сорлы 
тағдырына табынып көндігіп жүре беруі де мүмкін емес еді. 
Ақыры ол осылай етті де... Алтай – мол қимылдың, қайтпас 
қайрат-жігердің ғана адамы емес, сонымен қатар үлкен 
сезімнің де иесі. Бұл оның Сұлушашқа деген айнымас, 
адал махаббатынан, Қайсарға деген берік достығынан, 
әке-шешесіне және інісі Ермекке деген туысқандық 
сезімдерінен айқын көрінеді. Ақын оның көз тоярлық 
пішін-тұлғасын да, есті, ойлы жан дүниесін де келістіре  

83
суреттейді.  Романда шоқтығы асып, оқшау тұрған образ-
дар дың бірі — Сұлушаш. Оның образын тек ақынның 
жеке өз шығармашылығындағы ғана емес, сонымен қатар 
бүкіл ұлттық поэзиямыздағы ірі табыс деп қарау керек. 
Шығармада Сұлушаш оқушының көз алдында заңды, 
нанымды түрде өсіп отырады.
Сұлушаш алғашқыда сүйіспеншілік сезіміне берілген, 
аңқау, албырт жастың бейнесінде көрінеді. Бірақ жастық 
өмірінің отын өшірерлік қауіп төнген шақта ол тез есейеді. 
Сүйгені Алтаймен қосылу мақсатына жету жолында ол 
қандай ауыр қиыншылықтарға болса да шыдауға белін 
бекем буады. Сұлушаш көп жағдайларда Алтайға да дем 
беріп, оның намысы мен үмітін ұштап отырады.
Алтай сияқты, Сұлушаш та – типтік  дәрежеге  көтерілген 
образ. Сұлушаш образы арқылы автор революциядан 
бұрынғы бағы замандардағы қазақ әйелінің теңдіксіз, 
тұл өмірін және оның сол өмірге деген наразылығын, 
оның аяулы арманы мен айнымас, адал сезімдерін шебер 
бейнелей алған.
«Сұлушаш» романы өзінің терең де бай идеялық 
мазмұнымен ғана емес, сонымен қатар тамаша 
көркемдігімен де ерекшеленеді. Ақынның өзі суреттеп 
отырған дәуірдің шындығын жеткізе ашатын типтік 
оқиғалар мен құбылыстарды таңдап ала білгенін және 
сол шындықты заман сипатын танытатын өткір тартыс-
тайталас үстінде зор көркемдікпен бейнелей алғанын 
атап айту қажет. Осының арқасында оның кейіпкерлері 
характерлерінің бар шындығымен өсу, толысу үстінде 
көрінеді. Сондықтан да шығармада суреттелетін оқиғалар 
мен оның кейіпкерлерінің шындығына оқушы қалтқысыз 
сеніп отырады.
Романның көркемдік құндылығы оның оралымды әрі 
образды тілінен айқын танылады. Авторлық баяндаудан да, 
кейіпкерлерге берілген портреттік және психологиялық 
сипаттаулардан да, олардың монологтарынан да ақынның 
өз халқының тіл байлығын, оның мол сөздік қорын 
шеберлікпен әрі жете пайдаланғанын көреміз.
Отызыншы жылдар – С.Мұқановтың ақындық шы-
ғарма шылығының кемеліне келіп, есейген кезеңі. Ақын 
бұл кезеңде бірнеше поэмалар мен ондаған өлеңдер жазды. 
Сонымен қатар оның жаңашылдық жолдағы ақындық 
ізденулері мен толғануларының нағыз жемісті болған шағы 
да осы кезең. Таңдамалыға енген «Жүйткі, қара айғырым», 
«Ақ аю» поэмалары – бұған анық мысал. Түркістан-Сібір 

84
теміржолының салынып бітуіне арналған  «Жүйткі, қара 
айғырым» поэмасында ақын республика өміріндегі осы 
үлкен оқиғаны әрі халық ұғымына жақын, қызғылықты 
әрі жаңаша етіп жырлауға талпынды. Ақынның мұндай 
жаңалықтарға ұмтылуын поэманың сюжеттік желісі мен 
композициялық құрылысынан да, сондай-ақ оның стилінен, 
өлеңдік ырғағы мен екпінінен де байқау қиын емес.
С.Мұқановтың отызыншы жылдарда жазған күрделі 
шығармаларының бірі – «Ақ аю» поэмасы. Мұнда ақын 
терістік мұз теңізін зерттеуші кеңес адамдарының тас 
мінез табиғатқа қарсы табандылықпен жүргізген күресін 
суреттеуді мақсат еткен. Поэмада суреттелетін торға түскен 
ақ аю – табиғаттың сол стихиялық күштерінің кеңес 
адамдарының ырқына көнуінің символы. Бірақ табиғаттың 
дүлей күшімен арадағы бұл күрес жай ғана жұлқысу емес 
еді. Сондықтан да С.Мұқанов кеңес адамдарының осы 
өршіл күресінің өр қасиеттерін жаңаша жырлайды:
Жаңа өмірде адамға адам қастық
Бітпек.
Адам бірлігін мықты тас қып
Алғасын
табиғатқа бұйда тағып,
Жалған тәңір орнына болмақ бастық.
Мұнымен қатар поэма өзінің терең гуманистік 
пафосымен де бағалы. Кеңес адамын ардақтау, қадір тұту 
және оның жасампаздық еңбегін мадақтау сарындары 
поэмаға ерекше шырай беріп, оның идеялық тынысын 
кеңіте түседі. Ақынның бұл поэмалары оның көркемдік 
ізденулеріндегі, Маяковский дәстүрлерін дамытудағы 
сәтті қадамдарын да анық танытты. С.Мұқановтың проза 
саласындағы ірі шығармаларының бірі – «Сырдария» 
романы таңдамалының бесінші томын құрайды.
Жазушы өзінің бұл романын Қызылорда су плотинасын 
салу және Сырдария өзенінің суын пайдалану арқылы 
құлазып жатқан шөл далаларды игеру тақырыбына арнаған. 
Бұл роман қазақ кеңес прозасының кеңес адамын көрсетуге, 
еңбек тақырыбын бейнелеуге мықтап бет бұрғанын 
белгілеген шығармалардың бірі болып табылады. Осы ретте 
қазақ кеңес әдебиетінің үлкен досы, бағалаушысы болған 
тамаша жазушы марқұм А.Фадеевтің бұл роман жайында 
айтқан, жұртшылыққа кеңінен мәлім емес мынадай бір 
пікіріне назар аудара кету орынды тәрізді: «Романның 
материалы Отан соғысының дәл алдындағы кезеңді және 

85
Отан соғысы кезеңін қамтиды. Сырдария ауданындағы 
суландыру каналы құрылысы және колхозшы қазақтардың 
Отан соғысы күндеріндегі еңбегін суреттейді. Бірақ 
романның тақырыбы бұдан гөрі маңыздырақ  та кеңірек.  
Сәбит  Мұқанов   жаңа   адамдарды – кеңестік құрылыс 
тәрбиелеген қазақтардың аға және жас буындарын 
көрсетеді. Қарт колхозшы Сырбайдың, инженер Анатолий 
Владимировичтің тұлғаларын және жастардың – Айбарша 
мен Дәулеттің образдарын автор әсіресе сәтті жасаған. 
Роман Мұқановтың және бүкіл қазақ әдебиетінің үлкен 
табысы деп санауға болады. Роман–Қазақстанның 
таңдаулы жазушыларының қазіргі заман тақырыбына бет 
бұрғандығының куәсі... Роман – қазақ әдебиетінің үздік 
құбылысы»
*
.
 
С.Мұқановтың жазушылық еңбегінің өзіндік 
кейбір ерекшеліктерін дұрыс түсініп бағалауда бұл пікірге 
соқпай өтуге болмайды.
Романда Ұлы Отан соғысы алдындағы бейбіт кезеңнің 
және соғыс жылдарының оқиғалары суреттеледі. Оның 
тақырыптық қамтуы да, сюжеттік желісі де күрделі. 
Романда бейнеленген оқиғалар алуан түрлі арнамен өзара 
ұласа, өзектесе дамып отырады. Автор егер романның 
алғашқы бөлімінде кеңес адамдарының сараң табиғаттың 
мылқау күштеріне қарсы аттанып, оны өз игілігіне 
жаратуға жан сала кіріскенін бейнелесе, ал шығарманың 
соңғы бөлімдерінде оқиғалардың өрбитін орны бірде 
қызу еңбек даласына, біресе оқ бүркіп, от шашқан майдан 
шебіне ауысып, кезектесіп отырады. Бірақ  бұл ретте сол 
оқиғалар өзара бөлініп алынып, жеке-дара суреттелмейді, 
қайта жазушы оларды кейіпкерлерінің тағдыры мен іс-
әрекеттеріне байланыстыра отырып, ажырамас тұтастықта 
беруге ұмтылады. Романда суреттелетін образдардың 
ішіндегі ең тұлғалысы, бедерлісі — Сырбайдың образы. 
Бұл образдың құндылығы оның көркемдік қуатында, 
шынайылығында. Жазушы Сырбайдың бейнесін мейлінше 
толық суреттейді. Автор оның өткендегі өміріне кеңінен 
тоқталып жатпайды. Бірақ, авторлық шегіністерден және 
Сырбайдың өзінің ойлары мен еске алуларынан оқушы 
оның өткендегі өмірін көз алдына айқын елестете алады. 
Бүкіл романның өн бойында Сырбайдың іс-әрекеттерінен 
жазушы оның еңбексүйгіштігін, патриоттық сезімдерін 
баса көрсетуге ұмтылып отырады. Жазушы Сырбай 
образын ешқандай мінсіз етіп, майдалап көрсету тілегінен 
аулақ. Ол кейіпкерінің бойында ескі өмірден қалған кейбір 
*
Фадеев А. За тридцать лет. М.,1957.828 стр.

86
мінездер мен қылықтарды жуып-шаймай, реалистік 
түрде суреттейді. Сырбай ескі салт-жоралғыларға, діни 
нанымдарға сенеді. Бірақ, негізінен алғанда, Сырбай – 
жаңа адам. Социалистік шындық, жаңа дүние Сырбайды 
азат еңбектің үлкен өрісіне шығарып, оны рухани жағынан 
жасартып қана қоймайды, сонымен қатар оның ой-санасын 
да жаңартады.
Қорыта келгенде, жазушы Сырбайдың іс-әрекеттерін 
де, жан-дүниесін де өмір шындығына сай көрсетіп, оның 
шынайы образын жасады. СССР Кеңес Жазушылары 
одағының   Екінші   съезінде  жасаған  қосымша  баяндамасын-
да К.Симонов Сырбай образын кеңес прозасындағы 
ұнамды кейіпкерлердің аса көрнекті, еліктеуге тұрарлық 
тұлғалы бейнелерінің қатарына қосты. Бұл–Сырбай 
образына берілген әділетті де жоғары баға еді. Романда 
Сырбайдан кейінгі тәуір жасалған тартымды образдардың 
бірі – Полевой. Бұл образ арқылы жазушы орыс халқының 
қамқорлығы мен достық мейірімін бейнелемек болған. 
Атап айту керек, ол бұл мақсатын шығармасында белгілі 
дәрежеде орындай алған да. Мұны Полевойдың жылы 
шырайы мен жақсы сөздерінен ғана емес, сонымен қатар 
оның іс-әрекеттерінен де айқын көреміз. Полевой Сырдың 
суын пайдаланып, шөл далаға жан кіргізуді, сөйтіп табиғат 
байлығын халық игілігіне жаратуды арман етеді. Өзінің бұл 
арманын жүзеге асыру жолында ол ғылымның табыстары 
мен халықтың тіршілік әрекеттерінің тәжірибесін өзара 
ұштастыра, байланыстыра қолдануға ұмтылады. Әрине, 
революциядан бұрынғы жұтаң да жүдеу жағдайларда 
Полевой аршынды адым жасай алмады. Ал кеңес 
өкіметі жылдарында, халықтың ғасырлар бойғы ежелгі 
игі армандары қиялдан шындыққа айналуына шексіз 
мүмкіндік туған шақта ғана Полевойдың іс-әрекеті өнімді 
нәтижелер береді. Өзінің жасы егде тартып қалғандығына 
және басқа да қиындықтарға қарамастан ол Сырдың суын 
канал арқылы пайдалану ісіне елеулі үлес қосады.
Сонымен қатар Полевой образында елеулі кемшілік те 
бар. Автор Полевойды халықтың қалың ортасында, оның 
өмірімен жақын да тығыз қарым-қатынаста көрсетемін деп 
отырып, көп реттерде оны тым қазақыландырып алады. 
Бұл, әрине, Полевой образына көрінеу қиянат. Жазушы 
кейіпкерінің ұлттық характерін, пішін-тұлғасын шындық 
шеңберінде терең де айқын суреттеуге тиіс еді.
Романда суреттелетін жастар тобының ішінде ең 
алдымен атап айтуды қажет ететіні – Айбарша. Автор 
бұл кейіпкерінің өмірін кеңінен қамтып көрсетуге, оның 

87
іс-әрекеттерін  барынша толық бейнелеуге тырысады. 
Алдыңғы қатарлы кеңес жастарына тән көптеген 
қасиеттерді, яғни кедергілерден тайсалмау, еңбек сүйгіштік, 
халық игілігіне қалтқысыз қызмет ету сияқты сипаттарды 
Айбарша образынан мол кездестіруге болады.
Бірақ, романда суреттелетін басқа кейіпкерлердің 
образдары жайында мұны айтуға болмайды. Романның 
көптеген ұнамды кейіпкерлерінің образдары өмір 
шындығына сәйкес, толық шықпаған. Бұл кемшілікті ең 
алдымен Рахмет, Гүлнар, Дәулет образдарының бойынан 
табамыз.
Романның көркемдік жақтарында да көптеген кемші-
ліктер бар. Жазушы бұдан бұрын, яғни «Ботакөз» романын 
жазу үстінде іздене жүріп тапқан шығармашылық тәжі ри-
бесі мен көркемдік шеберлігін бұл шығармасында жеткі лік-
ті түрде пайдалана алмаған. «Сырдария» романы өзінің көр-
кемдік жетілуі жағынан «Ботакөзден» көп төмен дәрежеде.
«Сырдарияның» көркемдік кемшілігі ең алдымен 
оның тілінен байқалады. Романда көркем де шұрайлы тіл 
арқылы берілген образды бейнелеулер, әсем көріністер 
тым аз. Жазушы образды бейнелеуден гөрі жалаң 
баяндауға, өз тарапынан   түсіндіруге   көбірек  бой ұрады. 
Мақала  көлемімен  шектелгендіктен біз романның ба-
ға 
лы жақтарына да, образдар жүйесіндегі, көркем-
дік тұтастығындағы кейбір кемшін жайларға да қысқа 
түрде тоқталып өттік. Қорыта айтқанда, мына бір жәйт 
даусыз: «Сырдария» романы – бүкіл әдебиетімізде еңбек 
тақырыбын кеңінен толғап көтерген, шоқтығы биік 
шығармалардың бірі.
Таңдамалының алтыншы томына жазушының әр 
кезеңде жазған әңгімелері мен повестерінің бірқатары 
енген. Оларды автор жазылған уақыттарына қарай 
хронологиялық тәртіппен берген. С.Мұқановтың прозалық 
тұңғыш шығармасы–«Түсімде» атты әңгімесі. Мұнда ол 
алашордашылардың  буалдыр тағдырын, жас тілекпен 
келген жаңа дәуреннің қуанышты сипатын символ-
образ арқылы суреттейді. Жазушының әңгімелерінде 
адамгершілік – мораль тақырыбы да («Азғын»), Ұлы Отан 
соғысы оқи 
ғалары да («Тіл алушылар», «Батыр қыз»), 
еңбек тақырыбы да («Алып Айнаш», «Аспаз») баяндалады. 
Бұл әңгімелердің тәуірлерінен көркем прозаның шағын 
түрлеріне қажет тұжырымдылық, айқын суреттілік те 
сезіледі.
С.Мұқановтың алғашқы кезеңде туған повестерінің 
ішінен ерекше назар аударатыны – «Ақбөпенің сыры». 

88
Мұнда ол кеңес өкіметі қазақ әйелін күңдік өмірдің адам 
айтқысыз азабынан құтқарып, оның алдынан жарқын 
болашақ   ашқанын   шынайы  түрде  суреттей  алды. 
Тақырыбы жағынан «Жарқын жолмен» повесі де осы 
«Ақбөпенің сырымен» орайлас. Мұндағы Күміс образы 
Ақбөпе бейнесінің заңды жалғасы есепті. Жазушы 
повестерінің ішіндегі ең көлемдісі әрі оқиғаға бай 
қызғылықтысы–«Балуан Шолақ». Бұл шығармасында 
жазушы тарихта болған атақты әнші-композитор әрі 
керемет күш-қайрат иесі Балуан Шолақтың өмірі мен 
тағдырын баяндайды.
Повесть жергілікті билеп-төстеушілер мен патшалық 
әкімдердің кәріне ұшырап қонысынан, ата мекеннен 
айырылған ауылдың азалы да ауыр халін суреттеуден 
басталады. Бұдан әрі автор шығарманың болашақ 
негізгі кейіпкері жас Нұрмағамбеттің сол қысталаңға 
ұшыраған елі үшін кек қайтарғаны, урядниктің үйіне өрт 
салғаны жайында баяндайды. Халық жауларына қарсы 
күрестегі осы стихиялық сипат Балуан Шолақтың есейген 
шағындағы, тіпті бүкіл өмір бойындағы іс-әрекеттері 
мен тайталас-тартыстарына да ортақ. Расында да, Балуан 
Шолақ революциялық идеяны ұстанған саналы күрескер 
дәрежесіне жеткен жоқ және жете алуы мүмкін де емес еді. 
Повесте ол осылай суреттелген де. Бұл жазушының тарихи 
шындықтан шығандап кетпей, онымен орайласып, қоян-
қолтық келіп отырғандығын көрсетеді.
Жазушы Балуан Шолақты еркіндікке ұмтылған, бірақ 
тура жолды таба алмаған, сөйтсе де күресуден жалықпаған 
халықтың рухын білдіруші бейнесінде, тамаша талант 
иесі ретінде суреттейді. Сонымен бірге автордың Балуан 
Шолақ жайында халық арасында таралған аңыздарды 
орынды-орынсыз пайдаланған да және шындыққа, өмір 
құбылыстарына өз кейіпкерінің көзімен қарап кететін 
мезеттері де бар.
Повестің тілі төгіліп тұрған бай да көркем. Яғни  онда 
ақын қаламынан шыққан прозалық шығармаға тән 
ерекшеліктер мол.
Мақаланың соңында таңдамалыға байланысты тағы 
да бірер пікір айту ләзім тәрізді. Таңдамалы аталғанмен, 
бұл томдарға жазушының таңдаулы шығармаларының 
талай-талайы кірмей қалған. С.Мұқанов – саяси-үгіттік, 
философиялық  және азаматтық лирика саласында жүзде-
ген өлең жазған ақын. Оның ішінде поэзиямыздың алтын 
қорына кіргендері де аз емес. Таңдамалыға ақынның сол 
лирикасының бірде-бір үлгісі, сондай-ақ «Колхозды ауыл 

89
осындай» поэмасы, «Мен кіммін деп мақтанам», «Сырласу» 
атты лирикалық монологтары мүлдем енбей қалған.
Жазушының драматургиясы жайында да осыны 
айтуға болады. Өзгесін былай қойғанда, тіпті Шоқан 
туралы пьесаның да таңдамалыдан орын алмағандығына 
таңданбасқа болмайды. Бұл ретте баспа қызметкерлері де, 
автор да ұқыптылық көрсетпеген.
Қазақ кеңес әдебиетінің туып-қалыптасуының 
басы-қасында болған, оны әрдайым кесек те көркем 
туындылармен молықтырып келген С.Мұқанов даңқты 
әрі жемісті шығармашылық жол өтті. Бұл таңдамалыда сол 
жемісті жолдың бел-белестері, айқын да сара іздері бар.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал