Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет3/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

1956 ж.

48
МАЙТАЛМАН  ЛИРИК
Суреткердің екі өмірі бар. Бірі – өзінің, екіншісі 
шығармашылығының өмірі. Шығармасының шоқтығы 
неғұрлым биік, тынысы неғұрлым кең болған сайын оның 
өз өмірі де соғұрлым ұзара бермек. Ақын Ғали елуге толды, 
жас ортасы деңгейінен асты. Ал оның поэзиясы әлі де 
жанарынан жалын атқан жігерлі жігіт шағында. Бұл оның 
өлеңдерінің балаңдығын емес, балғындығын байқатады, 
кенжелігін емес, кемелдігін көрсетеді. Ғали Ормановтың 
шығармашылық өмірбаянында әдеттегіден тыс, айрықша 
жәйттер жоқ десе де болғандай. Оның өмірі өзі тұстас 
ақындардың тағдыры мен талайына туыстас, солармен 
сабақтас.  Октябрьдің  құдіретті  дауылы бүкіл Ресеймен 
бірге ұлан-байтақ қазақ сахарасын да дүр сілкіндірген 
шақта Ғали он жасар бала ғана болатын. Әке-шешесінен 
айырылып, жетім қалған балаға Жаңа дүние өзінің 
мейірбан құшағын ашады. Ол білім бұлағына бас қоюды 
аңсайды. 1928 жылы жазған «Алғашқы адым» атты өлеңінде 
өз өмірінің осы бір күйлерін еске ала келіп, ақын былай деп 
шертеді:
Аттанып ауыл – анадан,
Оқуға кеттім қалаға. 
Жабыла маған қараған
Жалтаңдай кеттім далаға.
Жарбиған жаман тон, тұмақ
Жабысып кетті үстімде;
Жанамын деген бір шырақ
Жалтылдап кетті ішімде.
Мұнда тек Ғалидың өз басының ғана емес, сонымен 
бірге талай қазақ жасының өмір өткелінің сыры мен шыны 
бар. Жылдар өтті... Жетімек бала үстіндегі жарбиған тон, 
тұмағын сыпырып тастады. Ішіндегі жанғалы тұрған жалт-
жұлт еткен шырақ лаулаған жалынға, ақындық алауға 
айналады.
Ғали Ормановтың әдебиетке алғаш араласуы да өзі 
буындас ақындардың шығармашылық сапарының бұлақ-
бастауын еске түсірерліктей. Сахара тіршілігінде туындап 
жатқан ғажайып жаңалықтар басқа талапкерлер сияқты 
Ғалиың де жан сарайында ақындық жаңғырық туғызды. 
Сөйтіп, алғашқы тебіреністер мен талаптар есейе де молая 
келіп оның «Шеңбер» атты тұңғыш өлеңдер жинағына 
тоғысады.

49
Ақынның алғашқы кітабына енген «Қора», «Диханбай», 
«Мойын серік», «Абысындар аңызы», «Қоңсы мен 
қожайын», «Екі дай», «Бетпе-бет» және басқа да өлеңдерінде 
сана-сезімі оянған жарлы-жақыбайлардың күштілерден 
кек қайтаруы, байлардың тап ретінде талқандалуы, ауыл 
өміріндегі жаңалық нышандары, қалың көпшіліктің өнер-
білімге ден қоюы жайында баяндалады. Кезінде өздерінің 
өлең-жырлары арқылы бұл тақырыпты қозғамаған қазақ 
ақыны кемде-кем. Ал  Ғали осы тақырыптарды өзіне 
тән шеберлікпен, ерекше көркемдік ажар-бояу, үн-
сарынмен бейнелеуге ұмтылды. Алғашқы өлеңдерінің 
таңдаулыларының өзінен-ақ Ғалидың тілі оралымды, лебі 
майда, жылы юморы бар ақын болғалы тұрғаны анық 
байқалады. Мысалы, оның 1928 жылы жазған «Қоңсы мен 
қожайын» атты өлеңінің сюжеті бар, диалогқа құрылған. 
Мал-мүлкім конфискеге ілігеді деп үрейленген бай жалшы 
қоңсысын арбайды. «Біраз қойды уақытша өз үйіңе жазып 
қой» дейді. Сонда:
Қуанғаннан қоңсы қарт
Күліп те бір жіберді: – 
Балалардың өздері-ақ
Аламыз деп жүр еді...
Үрейі ұшып, құты қашқан байдың қулық-сұмдығы да, 
есеге қолы жеткелі тұрғанына нық сенген жалшының 
оптимистік ой-сезімі де осы өлеңде реалистік түрде, 
шеберлікпен ашылған. Дөп тиетін авторлық юмор да өлеңге 
ерекше шырай беріп тұр.
Ақын әлеуметтік мәні зор, келелі тақырыпты осындай 
шағын штрих, тапқыр тәсіл арқылы шешеді. Бірақ бұдан 
оның шығармаларының идеялық қуаты көмескі тартпайды. 
Бұл – оның ақындық әдісі, шығармашылық тәсілі. Рас, 
ақынның алғашқы кезеңдегі өлеңдерінде оның көркемдік 
нысанадан жаза басып, реалистік мәнерден, лирикалық 
саз бен сыршылдықтан айырылып қалған мезеттері 
де болған. Тіпті оның «Шеңберден» кейін шыққан 
«Шәуілдір» (1934) және «Алынған қамал» (1935) атты 
поэмаларында да көркемдік кемшіліктер мол ұшырасады. 
Бұл, бір жағынан, ақынның  эпикалық  шығарма  жазуға   
төселмегендігіне,    оның жанрлық ерекшеліктерін емін-
еркін баурамағандығына да байланысты болса керек. 
Шәуілдірдің өткені мен бүгінгі бейнесін салыстыра 
суреттеуге арналған алғашқы поэмада ешқандай көркем 
образ жоқ. Керісінше, онда натуралистік көріністер мол. 

50
Ал атақты челюскиншілердің Солтүстік Мұзды мұхитқа 
жасаған жорығын баяндайтын «Алынған қамал» поэмасы 
көркемдік қасиеті жағынан бұдан бір саты жоғары. Бірақ 
шын мәнісіндегі сюжетті шығармаға қойылатын тілек-
талапқа бұл поэма да сайма-сай болып шықпады.
Ғ.Ормановтың 1936 жылы шыққан «Абысын сыры» 
атты жинағына енген өлеңдер ақын шығармашылығының 
тақырыптық қамтуы кеңейе түскенін, оның шарқ ұрып 
іздену жолында екенін танытты. Бұл ізденудің жемісін 
ақынның қырқыншы жылдардағы, яғни Ұлы Отан соғысы 
кезіндегі лирикалық өлеңдерінен көреміз. Бұл тұста Ғали 
таланты қауырт өсті, шырқау биікке шарықтай көтерілді. 
Оның ақындық өмір жолын шолғанда бұл кезең асқар 
таудай айқын сезіледі.
Қазақ кеңес ақындарының ішінде фашизмге қарсы 
күрес тақырыбына мол жазғандардың бірі – Ғали Орманов. 
Оның «Халық – қаһарман» атты көлемді дастаны да осы 
тақырыпқа арналған. Ұлы Отан соғысы басталған шақта 
жазған бұл поэмасында ақын Карпат тауын мекендеген 
халықтардың фашизмге қарсы кекті күресін баяндайды.
Ғали «Халық – қаһарман» поэмасын толық аяқтаған жоқ. 
Бірақ шығарманың негізгі өзекті идеясы, яғни халықтың 
қаһармандығы туралы, оның фашистік жыртқыштарды 
тас-талқан ететіндігі туралы идея ақынның соғыс 
жылдарындағы шырайлы да лепті лирикалық өлеңдерінде, 
күйлі де сырлы балладаларында мол қамтылып жырланды.
Ақынның соғыс жылдарындағы жырлары сан 
салалы. Солардың ең өзектілерінің бірі – Отан туралы 
тақырыпқа арналғандары. Осы тақырыптас өлеңдерінің 
бірсыпырасында («Отанға ант», «Туған жер», «Отан») ақын 
өзінің туған елге, аяулы Отанға деген қастерлі ойларын 
өзінің көңіл-күйлері, сезім толғаныстары арқылы білдіреді:
Отаным, еркелегем өзге кімге?
Өзіңмен нені болсын көргем бірге...
Қалайша қабырғама батпас менің
Басыңа қатер бұлты төнген күнде
Көзімде кешегі бір кескінің тұр –
Толықсып түрлі мәуе, енген гүлге.
Ұялап толып тұрған секілді еді
Махаббат, бақыт, қызық жер-көгіңде.
Ал енді бір сала өлеңдерінде («Қарағай», «Емен», 
Гүл») ақын Отан туралы патриоттық сырларын астармен, 
поэтикалық символ-образ арқылы танытады. Бұл 

51
өлеңдердің әрқайсысы да алапатты жаумен астаң-кестең 
арпалыста ауыр жараланған, бірақ сұрапыл дүрбелеңге 
қарсы өр кеудесін тосып қасқайып тұра алған алып 
Отанымыздың жанды бейнесін сездіреді. Өшпес өмірдің 
тыныс-лебі «Гүлден», әсіресе, бұрқырап есетіндей:
Жау жіберген өлімдей
Жалын бәрін жалмапты.
Жаңғыратын өмірдей
Гүл тамыры жанбапты!
Ғалидың соғыс жылдарында жазған өлеңдерінде майдан 
көріністері, сұрапыл ұрыс елестері жиі ұшыраса бермейді. 
Ақын соғыстың адам айтқысыз ауыр тауқыметі мен 
қайғы-қасіретін де, халықтың үміті мен арманын да, жеңіс 
қуанышын да көбінесе өзінің лирикалық кейіпкерінің 
сыр-сезімі, жан толқындары арқылы береді. Жалпы 
алғанда, ақынның майдан тақырыбына арналған өлеңдері 
шыншылдығымен, адам жанын бірде мұңға батыратын, 
біресе ширықтырып сергітетін әсерлілігімен құнды. 
Оларды қазіргі күннің талабымен табыстыратын да – осы 
қасиеті.
Ақын өзінің уақыт үніне құлақ асқыш сезімтал суреткер 
екендігін
 
соғыстан кейінгі шығармашылығынан да анық 
байқатты. Ғалидың бұл кезеңдегі шығармаларының негізгі 
тақырыптары – кеңес адамдарының жасампаздық еңбегі 
мен баянды бейбітшілік жолындағы күресі, халықтар 
достығы. Бұлардың ішінен «Днепр оттары», «Бетпақ дала 
дастаны», «Егін – толқын», «Достық жыры», «Асқанға – 
тосқан» және басқа да көптеген өлеңдерді ерекше атау 
қажет.
Ғали Орманов соңғы кездегі өлеңдерінде кейіпкерлерін 
жан-жақты суреттеуге, әралуан сипаттар жасауға аса 
назар аударып жүр. Оның Асы жайлауын аралап қайтқан 
сапарында алған әсері мен көргендері жайында жазған 
өлеңдерінде осы қасиет, әсіресе, мол. Мұнда Асыны 
жайлаған жандардың тіршілік-тұрмысының шынайы 
көріністері де, көздің жауын алып, телмірте қызықтыратын 
тамаша табиғат суреттері де, ақынның жылы  юморы мен 
шынайы ықыласына бөленіп берілген адамның әралуан 
мінез-құлықтары мен көңіл аңсарлары да – бәрі де бар. Бұл 
өлеңдерді қайта-қайта оқығың келеді. Өйткені лирик ақын 
бұл жырларында бұрынғы қалам сілтесінен танбаған, қайта 
ол өз талантының соны бір қырларын ашқан.

52
Бізде әдетте лирика жайында сөз болса, Ғ.Ормановтың 
аты аталмай кетпейді. Бұл заңды да. Өйткені қазақ кеңес 
поэзиясының лирика жанрын дамытуда, оны өзгеше 
бояу-реңктермен молықтыруда Ғалидың еңбегі ерекше. 
Қазақтың қалың оқушы жұртшылығы оны күйлі де сырлы 
нәзік лириканың майталман шебері деп таниды. Ғалидың 
ақындық қуаты оның шығармаларының сыршылдығында, 
әсерлілігінде ғана емес. Ол саф мөлдір, тұнық ойларын «тас 
бұлақтың суындай» келісті де көркем өлең жолдарына құя 
біледі. Оның тілі мейлінше бай, әрі ойлы да образды. Ол не 
туралы жырласа да, қысылып-қымтырылмай, еркін жазады. 
Ғалидың «майда қоңыр» шешен де шебер тілін академик 
М.Әуезов аса жоғары бағалап, «Мәлік Ғабдуллинге жауап 
хат» деген мақаласында: «Тіл жөнінде бұрынғының 
қорынан қарбытып алып отыратын, анық асыл тіл байлығы 
бар екі ақынды бөліп атар едік. Олар Асқар мен Ғали»,– 
деп жазды.
Қазақ кеңес поэзиясы өкілдерінің ішінде кемеңгер 
Абайдан көп үйренген, оның дәстүрлерін бекем ұстанған 
ақындардың бірі – Ғали. Абайдан шығармашылық түрде 
үйренуі оның өзіне тән ақындық стиль табуына ерекше 
ықпал етті. Бір ғана мысал келтірелік:
Алтын өмір – жас қызық
Алдында ойнап бұралсын.
Балы тамған тал шыбық,
Саясы жаз шынарсың.
 («Сәуле»)
Мұнда Абай поэзиясының лебі есіп, мен мұндалайды. 
Сөйте тұра Ғали өзінің ақындық дауысын жоғалтпайды. 
Ғ.Орманов соңғы кезде көркем аудармамен де беріле 
шұғылданып жүр. Шығыс поэзиясынан және орыстың 
классикалық әдебиетінен ол жасаған тамаша аудармалар 
ұлттық әдебиетімізге бағалы үлес болып қосылды.
Ғали – жүлде бермес жүйрік газетші, журналистердің 
бірі. Оның 4-5 беттік очерктеріне талай дүние сыйып 
жатады, бұл ретте де одан жас талапкерлердің үйренері 
мол.
Ғали өткен жылы жазған «Ақын өмірі» атты өлеңінде 
өзінің өткеніне ой көзімен үңіле келіп былай дейді:
Салшы, ақыным, таразылап зейінге,
Нелер тарттың бүгінгі мен кейінге?
Әлде күйбең күнкөріспен жүрем деп,

53
Қол тимеді, кешіріңдер дейін бе?... 
Жоқ-жоқ! Өмірі оған аяқ баспаймын,
Не жолықсын – қиынсынып қашпаймын,
Тіршіліктің тынысындай жыр жасап,
Сонда ғана өмір сүре бастаймын!
Міне, бұл – әншейін айтыла салған сөздер емес. Мұнда 
талғампаз да кәнігі ақынның жүрек жарды сыры мен шыны 
бар.
Ғали ақын елудің беліне шықты, ақ басты, бурыл шашты 
«қартқа» айналды. Осындай мерекелі күні аға ақынға 
айтылар тілек: жалынды, жақсы өлеңді көп жазыңыз. 
Шашыңызды шалған бурыл жырыңызға әсте дарымасын!
1957 ж.
ЕРЛІК  ПЕН  ЕЛДІК  ЖАРШЫСЫ
Халық талай ғасыр бойына өзінің жан азығы, рухани 
серігі болған сөз өнерінің әсемдігін, саф сұлулығын сұқтана 
таңырқаумен бірге, оның құдіретті күшін де танып бағалай 
білген. Сондықтан да ол қаһарлы сөзді қамал бұзған батырға 
балаған. Халық тарихының тереңіне үңілсек, онда небір 
қиян-қилы кезеңдерде қаһарлы сөз жауға қарсы еңіреген 
ермен бірге шапқанын, ерлік пен елдік жаршысы болғанын 
анық көреміз. Көркем сөздің осындай ғажайып қасиеті, 
қайрат-күші біздің кеңес дәуірінде әсіресе айқын танылып, 
молыға түсті. Ұлы Отан соғысының дауылды жылдарында 
жауынгерлік рухын бұрынғыдан да тереңдетіп, шымырай 
шыныққан әдебиетіміз – осының анық айғағы.
Ұлы Отан соғысы бүкіл халқымызға, оның жауынгерлік 
және рухани күштеріне, саяси-моральдық тұтастығына 
зор сын болды. Кеңес халқы да, оның әдебиеті де бұл 
асқарлы сыннан мүдірмей өтті. Туысқан Коммунистік 
партияның дана басшылығымен халқымыз дүниежүзілік 
тарихи жеңіске ие болды. Ал кеңес әдебиеті халқымыздың 
сол жеңісті жолын, ерлік қимылын жарқын да шынайы 
бейнеледі.
Көп ұлтты кеңес әдебиетінің бөлінбес бір отряды – 
қазақ кеңес әдебиеті де бұл іске өз үлесін аз қосқан жоқ.  
Қазақтың көптеген ақын-жазушылары қолдарына қару 
алып майданға аттанды.  Сөйтіп олар  батырлық   дастанын  
тек қаламмен ғана емес, қарумен де жазысты. Ал тылда 
қалған қалам қайраткерлері өздерінің шығармаларында 

54
халықты Отан игілігі үшін жан аямай еңбек етуге, майданға 
көмекті мейлінше көп беруге шақырды, адамдарымыздың 
жеңіске деген сенімін ұштап, оларды рухани жағынан қолдап 
отырды. Сондықтан да Ұлы Отан соғысы жылдарындағы 
әдебиетімізді – жауынгер-әдебиет, жеңіскер-әдебиет деп 
атауымызға әбден болады.
Бұл ретте әдебиетіміздің ең белсенді, ұшқыр жанры–
поэзияның атқарған рөлі әсіресе ерекше екенін атап 
айтуға керек. Отан қорғау, қырағылық тақырыбы, кеңестік 
патриотизм идеялары поэзиямызда отызыншы жылдардың 
өзінде-ақ мол жырланған болатын. Халық поэзиясының 
алыбы қарт Жамбылдың патриоттық идеяларға, интер-
национализм рухына толы жалынды жырларынан, 
С.Мұқановтың «Майға сәлем», «Сөз – кеңестік Армия» 
сияқты шығармаларынан және басқа да көптеген 
ақындарымыздың таңдаулы өлең-жырларынан халықтың 
қаһары мен қайрат-күшінің өшпес тынысы сезілгендей 
болатын. Сондықтан да олар өз шығармашылығының 
отаншылдық рухын, жауынгерлік пафосын өмір мен өлім 
айқасқан ауыр арпалыстың ең алғашқы күндерінен бастап-
ақ бұрынғыдан әлдеқайда өршітіп, өсіріп әкетті. Фашистік 
жыртқыштардың бейбіт елімізге тұтқиылдан жасаған 
опасыздық шабуылына деген кек сезімі жасы жүзге таянған 
қарт Жамбылды да жауынгерлік сапқа қойды.
Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме
Шапты фашист дегенде:
Ашуменен аралас
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемде,–
деп жар салды патриот ақын. Қаулай тұтанған осы қаһарлы 
сезімнен Жамбыл танған жоқ, оның батыр да батыл 
жырлары тынған жоқ.
Азат басты егер де
Салмаймын десең құлдыққа.
Фашистермен күресте,
Малды, жанды аяма!
Аяғанмен мал, жанды,
Қанқұмар фашист қоя ма?
Ішсе қанға тоя ма?
Бір адым кейін аттама!
Қарасы жаудың өшкенше,
Жеңгенше жауды тоқтама.

55
Қарт ақын әрбір кеңес патриотына осылайша ұран 
тастап, жар салды. Зұлым жау Отанымыздың жүрегі 
Москваға төніп келген қатерлі кезеңде де, қоршауда қалған 
Ленин қаласы мен Волга түбінде өмір мен өлім кескілесе 
айқасып жатқан шақтарда да Жамбылдың ызалы, кекті үні 
бүкіл ұлан байтақ елімізге ғажайып күшпен естіліп тұрды. 
Қарт ақынның патриоттық жырлары оқ бүркіп, от шашқан 
майдан даласындағы жауынгерлермен де, тылда жан аямай 
еңбек еткен ерлермен де бірге болды, оларды жеңіске 
жігерлендірді, еселенген еңбекке үндеді.
Жамбылдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жыр 
толғау ларының  ішіндегі шоқтығы  асып, оқшау  танылғаны– 
«Ленинградтық өрендерім». Тасқындап төгілген ақындық 
мол шабыттан, өзекті де терең патриоттық ойдан туған бұл 
өлең сол кездегі бүкіл поэзиямыздың идеялық рухы мен 
әлеуметтік тынысын анық аңдатқандай. Бұл жырында ақын 
бүкіл қазақ халқының атынан сөйлейді. Ленин қаласын 
өзінің туған жеріндей, алтын бесігіндей ыстық көріп, ардақ 
тұтқан, оның әрбір тасын емірене сүйген отты сезімдерін 
ақын үйлесімді де ұшқыр өлең жолдарына құяды.
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам, 
Көмкерген су көлемін,
Өркеш-өркеш жарасқан 
Шоқылардай дер едім. 
Сапырылған көк теңіз, 
Шомылдырып кемерін!
Шамы күндей жайнаған, 
Аспанға үйлер бойлаған...
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам.
Жамбылдың патриоттық жыры қоршауда қалған батыр 
қаланың халқын зұлым жауға қарсы кекті шайқасқа 
шақырды, кеңес адамдарының жүрегінде отаншылдық 
сезімін қаулатты. Жамбыл жырларының осындай 
құдіретті қуатын, өршіл әсерін өз көздерімен көргенін 
орыстың талай көрнекті ақын, жазушылары табына да 
таңырқай еске алған болатын. Жамбылдың жалынды 
толғауы ленинградтықтарды тебіренте толқытқаны, оларға 
рухани күш-жігер қосқаны жауынгерлердің ақын атына 
арнаған хаттарынан да анық байқалады. Сол бір кезде 
Ленин қаласындағы халық жасағының жауынгері болған 

56
Кәрім Мыңбаев Жамбылға былай деп жазды: «Ақын аға, 
ленинградтық балаларыңа арнап жазған өлеңіңді оқыдым. 
Бұл алтын сөздер мені толқытты. Ленинград майданының 
қатардағы жауынгерлерінен қазақстандықтардың бәріне 
жалынды сәлем айтыңыз... Біз ұлы Октябрь социалистік 
революциясының қымбатты бесігін қорғап қаламыз! 
Қасиетті қала кеңес халқының мақтанышы болған, әлі де 
мақтанышы болып қалады. Мен ақтық қаным қалғанша 
соғысамын. Өмір қымбат, бірақ Отан өмірден де қымбат. 
Ардақты Жамбыл, сенің үніңді бүкіл Ленинград естіді. 
Халқым үшін, өз ақыным үшін жүрегім мақтанышқа 
бөленді, сенің сөздерің біздің бәрімізді, ленинградтықтарды 
жаңа ерлік істерге рухтандырды.
Айбынды  жырыңмен  қас жауға қарсы қазақстан-
дықтарды тегіс күреске көтер... Біз жеңіске қарай алға баса 
береміз».
Осындай шексіз алғыс сезіміне толы хаттарды Жамбыл 
әралуан ұлттың өкілдерінен үздіксіз алып тұрды және 
оларға жалынды жырларымен жауап қайтарып отырды. 
Жамбылдың «Москваға», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», 
«Воронеж батырларына» атты толғаулары да сол кездегі 
поэзиямыздың тұлғалы туындыларының қатарына жатады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылдың жасы 
жүзді еңсеріп қалған болатын. Бірақ қатерлі де қасиетті 
сол бір айқастардың айбынды ай-күндерінде Жамбылдың 
ақындық қуаты толастап, сарқылып қалған жоқ, қайта 
кемерінен аса төгілген дариядай шалқып тасты. Оның 
жырларында жауынгерлік рух, публицистикалық өткірлік 
молая түсті.
Соғыстың небір сұрапыл, қатерлі кездерінде де біздің 
поэзиямыз Кеңес Армиясының жеңісіне деген сенімнен, 
оптимистік қуаттан жаза басқан жоқ. Ақындарымыз 
халықтың жеңіске деген бұл үзілмес үмітін оның туысқан 
Коммунистік партияға деген сенімімен ұштастыра 
жырлады. Бұл тіпті соғыс басталысымен туған өлеңдерден 
де анық байқалады. Мысалы, ақын Сәбит Мұқанов «Біздің 
күш» атты белгілі өлеңінде соғыстың талай қиялары, қиын 
өткелдері бар екенін жасырмай суреттей отырып, халықты 
жеңіске үндейді, оның партияға деген айнымас махаббаты 
мен сезімін жырлайды.
Соғыстың талай қиын бар қиясы,
Күшпенен алынатын әр қиясы,–
деп халықты қатал шайқастар барын айтып, ширықтыра 
шыңдай түскен ақын біз жеңеміз, өйткені «біздің күш –
большевиктер партиясы» деген бекем тұжырыммен түйеді.

57
Коммунистік партияға, оның даналық басшылығына 
деген осы сенім халықтың жарқын үмітіне айналды, оны 
жеңіске бастады. Сондықтан да бұл тақырып ақында-
рымыздың шығармаларында мейлінше мол жырланды.
Ер партиям, ана боп сен тербеттің,
Білім бердің, өсірдің – мен ержеттім. 
Саған төнген қауіпке қарсы аттанып, 
Ақ жолыңда өлуді арман еттім,–
деп жазды ақын Жұмағали Саин. Осы бір аяулы сыр
Коммунистік партияға қалтқысыз берілген адалдық, оның 
асыл идеяларын қорғау жолында бас тігіп, құрбан болуға 
әзірлік сезімі әрбір қалам қайраткерлерінің де жүрегіне 
ұялады. Олар мұны қаламмен де, қарумен де айқын танытты.
Отан соғысы жылдарындағы поэзияда кеңестік 
патриотизм тақырыбы ерекше мол орын алды. Ақын-
дарымыз бұл тақырыпты жан-жақты, алуан түрлі көркемдік 
үлгіде жырлады. Өздерінің ең асыл, ең аяулы сезімдерін 
социалистік Отанымызға арнады. Кеңес адамдарының 
отаншылдық сезімін білдіре келіп, ақын Ғали Орманов 
былай деп жазды:
Отаным – бар өмірім, жан тынысым.
Қызығым, қуанышым бір өзіңсің!
Бақыты адамзаттың – Ұлы Отаным
Дайынбыз жан қиюға біз сен үшін!
Бұл өлеңде ақын туған елге, аяулы Отанға деген қастерлі 
ойларын өзінің көңіл-күйлері, сезім-толғаныстары арқылы 
білдіреді. Ал бірсыпыра өлеңдерінде («Қарағай», «Емен», 
«Гүл») ол Отан туралы патриоттық сырларын астарлы 
түрде, поэтикалық символ-образ арқылы танытады. Бұл 
өлеңдердің әрқайсысы да алапатты жаумен астан-кестен 
арпалыста ауыр жараланған, бірақ сұрапыл дүрбелеңге 
қарсы өр кеудесін тосып қасқайып тұра алған алып 
Отанымыздың жанды бейнесін сездіреді. Өшпес өмірдің 
тыныс-лебі «Гүлден» әсіресе бұрқырап есетіндей:
Жау жіберген өлімдей,
Жалын бәрін жалмапты.
Жаңғыратын өмірдей,
Гүл тамыры жанбапты!
Ақынның соғыс жылдарында жазған өлеңдерінде 
майдан көріністері, сұрапыл ұрыс елестері жиі ұшыраса 
бермейді. Ол соғыстың адам айтқысыз ауыр тауқыметі мен 

58
қайғы-қасіретін де, халықтың үміті мен арманын да, жеңіс 
қуанышын да көбінесе өзінің лирикалық кейіпкерінің 
сыр-сезімі, жан толқындары арқылы береді. Жалпы 
алғанда, Ғалидың майдан тақырыбына арналған өлеңдері 
шыншылдығымен, адам жанын бірде мұңға батыратын, 
біресе ширықтырып сергітетін әсерлілігімен құнды. 
Оларды қазіргі күннің талабымен табыстыратын да – осы 
қасиеті.
Соғыс жылдарындағы поэзиямызда публицистикалық 
қуат мол. Бұл, бір жағынан, сол бір отты күндердің 
сипатына, уақыт ұранына байланысты еді. Қиын да қатал 
уақыт көркемсөз шеберлерінен «қаламды көк найзаға 
теңеуді» талап етті. Олар осы талаптан, қысылшаң сыннан 
мүдірмей өтті.
Публицистикалық сипат тылда қалған қалам қайрат-
керлерінің еңбек адамдарына арнаған шығармаларында 
әсіресе айқын белгі берді. С.Мұқанов өзінің жоғарыда 
аталған «Біздің күш» атты өлеңінде өз шығармашылығының 
бір ерекшелігін анық байқатты. Бұл – өлеңнің үгіттік 
мәнінің күштілігі, публицистикалық өткірлігі. Ақын сырттай 
қарағанда көзге болмашы, ұсақ болып көрінетін оқиғаларды 
агитканың жалынына шыңдай отырып, құбылыстың мәнін 
терең ашуға, сөйтіп келелі де кесек ой айтуға ұмтылады:
...Кендірден түк, мақтадан түбіт шашпа,
Жүн, жібек, тоқылатын не бар басқа,
Бәрін де фабрикаға төкпей жеткіз,
Әскерге олар қажет жанталаста.
...Мүлікке боп жүрмесін өрттен қастық,
Күзет қой арам ойлы жоламастық.
Әр түйір бидай, күріш, тары – бір оқ,
Фашисті талқандайтын бомба – астық.
Бұл өлеңде ақын кеңес адамдарын жеңіс мүддесімен 
тыныстауға, аянбай еңбек етуге үндейді. Кезінде зор үгіттік 
рөл атқарған шығармалардың бірі А.Тоқмағамбетовтың 
«Мұнай бер!» атты толғауы. Ақынның бұрынғы көптеген 
толғау-өлеңдері жалаң да жадағай үгітке ғана құрылып, 
авторлық идеяны жалпылама білдіріп, қарадүрсін 
күйді танытатын. Ал мынау толғауында Асқар мұндай 
кемшіліктерден арылған. Ақын кеңес адамдары үшін ең 
қымбат аяулы тілектер мен асыл армандарды суреттеп 
келеді де, солардың тезірек орындалуы үшін бел шешпей, 
белсене еңбек етіңдер деп ұран тастайды:

59
Қанмен беті боялған
Қара ормандар қайтадан
Қалпына келсін десеңдер
Қайғы мен қасірет оранған
Қаралы жандар қайтадан
Халқына келсін десеңдер;
…Көтеріп туын жеңістің
Абырой, даңқ, атақпен
Балаларың әндетіп
Елге келсін десеңдер;
«Жеңдік!» деген ұлы үнді 
Жер-көк айтсын десеңдер;
«Жауды құрттық» дегенді
Ел боп айтсын десеңдер;
…Мұнайшылар, мұнай бер!
Соны сізден сұрайды ел!
Мұнда ешқандай дерексіз ділмарсу, сылдыр суырылу 
жоқ. Ақын өзінің түбегейлі ойын буалдыр тартқызбай, 
шабыт жалынына бөлеп бере алған. Сондықтан да оның 
өлеңі кеңес адамының патриоттық ойын оятып, намысын 
шыңдайтын, оның жарқын үмітін ұштайтын уытты да 
әсерлі шығарма болып шыққан.
Өмір мен өлім айқасқан сұрапыл соғыстың жауынгерлік 
рухы мен елес-көріністері басқалардан гөрі майданға 
өздері тікелей қатынасқан, оның ерлік пен елдікке, 
қауіп пен қатерге толы шындығын өз көздерімен көріп, 
өз жандарымен сезінген ақындардың шығармаларында 
нақтылы әрі әсерлі бейнеленді. Олардың өлең-жырларында 
жанды суреттер, патриоттық идеялар мол ұшырасады. 
Бұл ретте Ж.Саинның «Днепрге қарады», «Донец», 
Д.Әбілевтің «Туған елге», «Неман», Ж.Молдағалиевтің 
«Соқ, сағатым», «Отан» сияқты өлеңдерін және басқа да 
көптеген ақындардың шығармаларын атап айтуға керек. 
Ақындарымыз майдангерлердің батырлық әрекеттерін 
жай баяндап қана қоймай, олардың сол сұрапыл айқастар 
үстіндегі психологиясын, патриоттық ой-сезімдерін терең 
ашуға тырысты. Солардың бірі – Жұмағали Саин.
Ж.Саинның ақындық қуаты оның поэмаларынан гөрі 
өлеңдерінде айқын көрініс тапты. Ақынның партизан 
жырлары оның бүкіл шығармашылығының ең бір жарқын 
беттері болып табылады. Партизан-ақын Отан соғысы 
жылдарында жазған өлеңдерінде өзі бастап кешірген 
ақиқат жайларды баяндайды, өз ойын білдіреді. Сонымен 

60
бірге Отан соғысының ауыр күндерін, оның от-жалынында 
туған жеңіс жолын суреттейтін бұл жырлардан әрбір кеңес 
майдангерінің ой-сезімін аңғаруға болады.
Жаралы қазақ жауынгерін жаудан жасырып, аранын 
ашқан ажалдан аман алып қалған украин қызы, жаудан 
тазарған украин жерінің топырағын жата қалып, емірене 
сүйіп жатқан қазақ жігіті, құшақтары айқасып қабірде де 
бірге жатқан орыс пен қазақ жауынгері – Ж.Саинның 
жырларын оқығанда осы бір суреттер көз алдыңа келеді. 
Бұлар–сұрапыл соғыстың жанды көріністері, кеңес 
адамдарының патриоттық абзал сезімдерінің, Отанға 
шексіз берілгендігінің, біздің халықтарымыздың майдан 
өртінде шыңдала түскен қасиетті достығының символы. 
Ақынның «Есімде Айдар өзені» атты өлеңінде мынадай 
бір шумақ бар:
Айқара мылтық асынып,
Суыңды кештім мен талай.
Бегімді толқын жасырып,
Өмірді шықтым арқалай.
Осы келтірілген үзіндідегі «суыңды кештім мен талай» 
деген бір жолда кеңес жауынгерінің шайқасқа толы 
бүкіл жорық жолының бейнелі суреті бар. Ал  «өмірді 
шықтым арқалай» деген сөздер арқылы ақын Кеңес 
Армиясы фашизмнің қанды шеңгелінің қатерінен 
бүкіл адам баласының өмірін құтқарды деген ойды 
білдіреді. Бұл өлеңдегі ақынның лирикалық кейіпкері 
кеңес жауынгерлерінің  ортақ сипатын, ерлік тұлғасын, 
моральдық бейнесін танытады.
Ж.Саинның «Партизандар», «Қанжар», «Ұрыстан 
кейін», «Айтылмай кеткен аманат» деген сияқты өлеңдері 
де өздерінің қатал да қайсар шындығымен, азаматтық 
терең пафосымен құнды. Ақынның бұл жырлары, оның 
өзі образды түрде орайлы тауып айтқанындай, «сияменен 
жазылған жоқ», «жүрек қанымен», «ұлы айқаста құрбан 
болған ерлердің атыменен, арыменен жазылған». Олардың 
уақыт сынына бой алдырмас өміршеңдігі де осында.
Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған поэзиялық 
шығармаларды тұтастай алғанда біз олардан Кеңес 
Армиясы өткен майдан жолының, жеңіс жолының бел-
белестерін, алуан түрлі суреттерін көреміз. Егер көптеген 
шығармаларда кеңес жауынгерлерінің қасиетті жерімізді 
жексұрын жаудан құлан-таза тазарту, қас дұшпанға өлтіре 
соққы беру жолындағы батырлық қимылдары бейнеленсе, 

61
ал енді бірсыпыра өлеңдерде жеңімпаз Армиямыздың 
азатшылдық рөлі, оның Еуропадағы көптеген елдерді 
фашистік жыртқыштардың қанды тырнағынан құтқарғаны 
жырланады. Бұл тақырыпқа біздің ақындарымыз Ұлы Отан 
соғысының алғашқы жылдарында да талай-талай өлеңдерін 
арнаған болатын. Ақын Әбділда Тәжібаев «Біз жеңеміз» 
атты өлеңінде Еуропаның бұғауда бұлқынған жастарына 
былайша жар салған еді:
Кектенген Еуропаның ұл-қыздары,
Күтіңдер – жетеміз біз құтқарғалы,
Көмеміз қазып терең аждаһаны,
Болса да бір басында мың бір жаны.
Осындай гуманистік сарын, азатшылдық идеялары 
Ә.Тәжібаевтың соғыс жылдарында жазған басқа бірсыпыра 
өлеңдерінде де баршылық.
Бұл тақырыпқа мол жазған ақындардың бірі – Әбу 
Сәрсенбаев.  Майданда жүріп  туған  елін, аяулы жарын 
аңсай сағынған кеңес солдатының мөлдір сезімін, 
қалтқысыз көңіл-күйлерін әсерлі бейнелеген «Ақша бұлт» 
атты назды да нәзік тамаша лирикалық өлеңнің авторы 
Батыс Еуропа елдері туралы бірнеше өлеңдер циклын 
жазды. Оның лирикалық кейіпкері — гуманистік рөл 
атқарған азаткер жауынгер. Ақын оның аузына мынадай 
сөздер салады:
Бар табиғат қарсы алғандай
Қуанышпен бүгін мені.
Құрмет етед Еуропа,
Басып иіп қызыл гүлін.
Күн астынан ала келдім
Азаттықты мен бұл елге.
Қаным тамған жерге шыққан
Қызғалдағы өскен белде.
Ақынның «Мадияр қызына», «Арнау», «Шипка асуы» 
және басқа да көптеген өлеңдері бұрын фашистік тепкіде 
зар илеген, енді азаттық таңына жеткен бауырлас славян 
халықтарына деген достық сезімге, жылы мейірімге толы 
болып келеді.
Кеңес Армиясы Еуропаның көптеген елдері мен 
халықтарын азат ете отырып, Германияның астанасы 
Берлинге дейін барды. Фашистік жыртқыштар мен 
қарақшылардың қанқұйлы ордасы болған Рейхстаг 

62
халықтардың қарғысы мен ыза-кегінің жалынына оранды. 
Фашизмнің қаралы туы бүкіл әлем алдында масқара болып 
қақырай құлады. Ал біздің халқымызды жеңіс қуанышқа 
бөледі, оның мерейін үстем етті. Жеңіс ақындарымызға да 
зор шабыт берді. Қасым Аманжоловтың «Жеңіс даусы», 
Жұмағали Саинның «Жеңіс күні», Қалижан Бекхожиннің 
«Менің даңқым» атты өлеңдері және басқа да көптеген 
шығармалар жеңімпаз халықтың қуанышы мен заңды 
мақтаныш сезімін бейнелейді.
Осылардың  ішінде Қ.Бекхожиннің  «Менің даңқым»  
атты  өлеңі айрықша атауға тұрарлық. Бұл өлеңі  арқылы  
ақын өзінің соғыс кезіндегі шығармаларына белгілі 
дәрежеде қорытынды жасады. Өлеңнің сюжеті мынадай. 
Бүкіл әлемді тітіркенткен соғыс өрті өшкен. Ақынның 
лирикалық кейіпкері – жеңіскер кеңес солдаты Еуропаның 
азат болған бір қаласын аралап келеді. Ол өзін тәкаббар 
сезінеді. Қыздар оған қошемет көрсетіп, акация тастайды. 
Ойран болған сарайдың есігіне сүйеніп тұрған бір субъект 
кеңес солдатына «қасқырға қарағандай, сұқ қолын 
шошайта қап» қарайды және «Азиятпысың, Еуропаның 
төрінде неғып жүрсің» деп сұрақ қояды. Кеңес солдаты 
оған былайша жауап береді:
...Біл мырза, Адамымын –
Дүниеге азаттық әсер берген –
Айбынды ұлы Кеңес Одағының!
Мақтанам –
Еуропаңда сенің тумай,
Туғаныма –
Ізгі елде Россиялық
Мақтанам –
Сол ұлы елдің толқынындай Келгеніме –
Азаттық мен сый алып.
Бұл  өлеңнен   заманымыздың  ұлы ақыны В.Маяковский-
дің кеңестік патриотизмнің символына айналған «Кеңестік 
паспорт туралы жыр» атты тамаша шығармасының тыныс-
лебі есіп тұрғандай.
Халқымыздың батырлығы мен қаһармандығын бүкіл 
әлемге әйгілеп паш еткен кеңес жауынгерлері туған жерге 
жеңіспен оралды. Басқа елдерде болып өз Отанын, өскен 
ұясын аңсай сағынып келген оларды жау салған жарадан 
айыға бастаған өлкелер мен бейбіт өмір құшақ жая қарсы 
алды. Ақындарымыз осы тақырыпқа да көптеген өлеңдер 
жазды.

63
Сүйсінемін кең өлкеге –
Пай-пай шіркін, неткен көрік!
Еуропаның еш жерінде
Болмас еді мұны көріп,–
деп суреттейді ақын Әбу Сәрсенбаев туған елге қайтып 
оралған шақтағы қуанышы мен сезімін. Соғыстың сұрапыл 
соқпақтарын кешіп өткен, талай елдердің топырағын 
басып, ауасын жұтқан және өзінің қасиетті Отанының 
артықшылығын солғұрлым терең сезіне түскен кеңес 
солдатының көңіл-күйлерін ақын Д.Әбілев әсіресе шынайы, 
тартымды бейнеледі:
Шіркін Ресей екен ғой кең –
Жазылды ғой бойым жаңа!
Тар секілді ед сенсіз әлем
Шалқыды ғой ойым жаңа!
Атап айтуды қажет ететін бір жәйт – ақындарымыз 
кеңес жауынгерлерінің жеңіспен оралған заңды да тәкаббар 
мақтанышын, сағынып қауышуын суреттеумен шектеліп 
қалған жоқ. Олар бұл тақырыпты дамыта, тереңдете 
отырып жырлады. Көптеген ақындарымыздың әралуан 
шығармалары жеңіспен оралған солдаттың қол қусырып 
отырып қалмай, қайта соғыс салған жараны айықтыруға, 
өртенген өлкені бейбіт құрылыс дүниесіне айналдыруға 
бел шеше, білек сыбана кіріскенін көрсетуге арналған. 
Осындай шығармалардың бірі – Қ.Бекхожиннің «Украин 
жігіті» атты өлеңі. Оның кейіпкері «өз үйін, өз қақпасын 
көрейін деп туған жерге майданнан асығып келеді». Бірақ 
ол туған үйін таба алмайды. Орнында күйген ағаш, күл 
көмір ғана қалған. Жігіт жанына бұл қатты батады. Бірақ 
жаудан кегін алып қайтқанын есіне алып, ол сабасына 
түседі. Өлеңнің аяғында ақын кейіпкерінің жаңадан үй салу 
қамына кіріскенін баяндайды. Осы өлеңдегі оптимистік 
қуат, жасампаздық пафосы соғыс аяқталған шақта туған 
поэзиялық шығармаларға терең сіңісіп, мол дарыған.
Ұлы  Отан соғысы тақырыбына арналып лирикалық 
шағын өлеңдермен қатар көптеген поэмалар да жазылды. 
Бұлай болуы заңды да еді. Кеңес адамдары шайқас даласында, 
еңбек майданында ғана қас батырлықтың ғажайып 
үлгілерін көрсетіп қойған жоқ. Сол бір сұрапыл жылдарда 
ерлік пен елдік те, жігер мен намыс та, қайраттылық пен 
адалдық та сынға түсті. Біздің адамдарымыз бұл сыннан 
да шалдырмай шықты. Олар ой-сезім ерлігін, мінез 

64
батырлығын да көрсетті. Осыны лайықты бейнелеу үшін 
әдебиет те батырлық сөз табуға тиіс еді. Ақындарымыз 
сол сөзді тауып айта алды да. Осындай шығармалардың 
бірі –Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты 
дастаны. Қ.Аманжоловтың поэмасы майданда болған 
нақтылы бір жауынгерлік эпизодқа негізделіп жазылған. 
Поэманың кейіпкері қазақ ақыны Абдолла майданда 
ғажайып ерлік қимыл жасайды. Ол ақтық демі біткенше 
зұлым жаумен аяусыз арпалысады. Ақыры қоршауда қалған 
күйінде лаулаған өрт ішінде қаза табады. Бұл асқан ерлік 
өзінің суынбас та солмас сипаты жағынан тек аңызға ғана 
сыйымды сияқты. Бірақ оқиға әдеттегіден неғұрлым тыс 
болған сайын, соны жеріне жеткізе жырлау да солғұрлым 
қиындай түспек. Ақын осы қиындыққа бой алдырмаған, 
сыр бермеген. Қайта оқиға өртке тиген дауылдай алай-
түлей сапырылысып қабындаған сайын, кейіпкері аранын 
ашқан ажалмен арпалысып, шымырап ширыққан сайын 
ақынның ыза-кекке, ашу-намысқа толы  жыры да жандана 
жайнап, тасып төгіліп отырады. Алапатты соғыстың астан-
кестен суретін ақын мына бір шумақтарға сыйғызып бере 
алған:
Зілзала боп жер мен аспан,
Соқты ұйтқып оқ бораны:
Қан кілкіте қара тастан,
Түткіледі кең даланы.
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен – көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Міне, майдан дүрбелеңін көзімен көрген, оның 
ауыртпалығын өз жанымен тебірене сезінген шын суреткер 
ғана осылай жаза алмақ. Қ.Аманжолов бұл дастанында «От 
ұстаған Прометейге ұқсас», «Өрт жанарлы жас ұланның» 
ұмытылмас бейнесін жасады. Жазушы Ғ.Мүсірепов осы 
дастан шыққан кезде былай деп жазды: «... поэма майданда 
ерлік көрсетіп, елі үшін қаза тапқан ақын жайында. 
Ақын Қасым ақын жанының бар толғауын,  кек  күшін, 
сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға 
аттандырар, жан сезімінен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін 
өртеп, жүрегін тербей шыққан... Қасым поэмасы майданнан 
соққан жаңа леп сияқты» («Социалистік Қазақстан» (VI– 
1944 жыл). Қ.Аманжоловтың бұл шығармасы – азамат, 
батыр ақынның өлімі туралы өлместік дастан.

65
Ұлы   Отан  соғысы  тақырыбына  жазылған  көлемді 
шығар малардың  ішінде  атақты  халық ақыны Н.Байғанин-
нің «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» атты дастандары 
ерекше орын алады. Алғашқы поэма Панфиловшы жиырма 
сегіз батырдың бірі Нарсұтбай Есболатовтың майдандағы 
патриоттық қимылдарын, ерлік қазасын баяндауға 
арналған. Ақын кейіпкерінің батырлығын жеке-дара 
алып жырламайды, қайта оны қарулас достарының қалың 
ортасында суреттейді. Ал екінші дастан («Жиырма бес») 
Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың ардагер ұлдарының 
бірі Төлеген Тоқтаров жайында. Ақын Төлегеннің бейнесін 
барынша толыққанды етіп мүсіндеуді мақсат еткен. 
Дастанда Төлегеннің бейбіт шақтағы шадыман тіршілігінің 
де, қасарысқан қан майдандағы жауынгерлік өмірінің 
де жарқын елестері бар. Н.Байғаниннің ақындық қуаты, 
эпиктік кең толғамы да бұл дастандардан мол танылды. 
Ақынның жыры жалынды, ойнақы әрі кейіпкерлерінің 
батырлық мінезіне меңзес тегеурінді.
Халық ақындары шығарған дастандардың барлығы да 
осындай идеялық-көркемдік биік дәрежеге көтеріле алды 
деп айтуға, әрине, еш болмайды. Көптеген қарт ақындар 
шығармашылық дұрыс ниетте болғанмен, майдан жайында 
шынайы шығармалар бере алмады. Олар көркемдік 
бейнелеудің реалистік тұрғысынан тая соғып, ежелгі 
батырлық эпостың дәстүрлі суреттеу тәсілдерін сол бәз 
байырғы күйінде қолдана салды. Сондықтан да мұндай 
шығармалардың кейіпкерлері ақиқат кеңес адамдарынан 
гөрі атам заманғы «аруақты» алыптарға көбірек ұқсап 
кетті. Мұндай кемшіліктерге тіпті жазба поэзияның кейбір 
өкілдері де бой алдырды. Майдан тақырыбына жазылған 
сюжетті шығармалардың тартымдыларының бірі — ақын 
X.Ерғалиевтің «Әке сыры» атты лирикалық монологы. 
Поэма ақынның лирикалық кейіпкерінің бейбіт өмір, 
сұрапыл соғыс туралы ой-толғаныстары, сәби перзентімен 
сырласуы ретінде жазылған. Соғыс алдындағы тыныш 
шақтың тынысы да, сұрапыл майданның суық та сұрғылт 
суреті де, жеңістен кейінгі бейбіт өмір қуанышы да жадағай 
баяндалмай, ақынның сезімі, терең тебіреністері арқылы 
берілген. Сондықтан да поэма оқушы жүрегін толқытады, 
оны шартарап ойға бөлейді. Соғыс басталған сәттегі тулаған 
көңіл-күйлерін ақын былайша шертеді:
Жұлқып тастап бейхабар жүрегімді
Түкпіріне жанымның мұз төгілді.

66
Өзім тұрмақ, жүректен шыр еткізіп,
Кім шошытты мұншама бөбегімді?..
... Жібергенде мұз жалап отты өзекті,
Не қорқыныш, не бір күш билеп кетті.
Ұға алмадым әйтеуір үстімдегі
Жылы көрпем жиырылып дір-дір етті.
Сүйген жарым асығып оятты ма?
Ғазиз анам:
– Аттан! – деп зар қақты ма?
Әлі күнге ашпаған дүние есігін
Әлде менің бөбегім тіл қатты ма?
Ақын осылайша өзіне жақын, отбасылық күйлерден 
бастап, Отан деген зор да қасиетті ұғымға бірте-бірте 
ауысады. Сонда дүниеге әлі келмеген жас сәби ақынның өз 
перзенті ғана болып қоймай, болашақ ұрпақтың жинақты 
тұлғасына, соның символына айналады. Поэманың 
көркемдік ерекшелігі де көңіл аударарлық. Онда әралуан 
күйде алынған сезім шындығы бар, лирикалық саз басым. 
Жоғарыда алынған үзіндіде үн-сарын мен сурет-елес 
ұласа ұштасып келген. Суреттен үн есітесің, сарыннан 
елес-емеурін танисың. Ақынның лирикалық кейіпкері 
қайғырып қуана да, тебіреніп толғана да біледі. Ол адам 
үшін ең қымбат та абзал, армандай ыстық күйлерді шертеді. 
X.Ерғалиев поэмасы осы қасиетімен құнды.
Соғыс жылдарындағы поэзияның ерекше бір сипаты 
оның шығармашылық кадрлары қатарының көптеген 
талантты жас қаламгерлерімен молығуына байланысты. 
Кейінгі кезеңде поэзиямызды дамытуға, оның мәдениетін 
көтеруге көп үлес қосқан С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, 
Қ.Жармағамбетов, Қ.Шаңғытбаев, М.Әлімбаев, С.Сейітов 
сияқты ақындардың тұңғыш балғын дауыстары сол бір 
дауылды жылдарда естіле бастады. Бұлардың ішінде 
Қ.Жармағамбетовтың адамгершілік үлкен сезімге, 
гуманистік пафосқа толы тамаша балладаларын ерекше 
атап айтуға керек.
Ұлы  Отан соғысы жылдарындағы поэзиямыздың 
осындай құнды қасиеттері, еңселі шығармалары барлығы-
мен қатар онда мін-мүлтіктер де, ішінара кейбір суық, 
сайрауық сарындар да болды. Әрине, бұған бола бүкіл 
поэзиямыздың жақсы жақтарын бекерге шығаруға, 
ақындарымызға жалпылама мін тағуға ешкімнің де құқығы 

67
жоқ. Ақындарымыздың көпшілігі өздерінің майдан 
жырларын жайлы бөлменің ішінде, жазу столының жанында 
отырып жазған жоқ, өмір мен өлім айқасқан, ажал кезген 
далада, оқ астында жүріп жазды. Олардың қолдарына қалам 
ұстатқан – шарқ ұрған шабыт емес, қайта өртенген қала 
мен жазықсыз өлген жандардың жүрекке түсірген жарасы, 
боздағынан айырылып аңыраған ана мен жетім қалған жас 
сәбидің көз жасы, қан майданда қаза тапқан қанды көйлек 
жан жолдастың намысы мен кегі, жаудан тазартылған 
қасиетті жеріміздің топырағын иіскеген шақта тұтанған 
тебіренген көңіл-күйлері, ата жаудың ордасы ойрандалып, 
шаңырағы ортасына түсіп, қаралы туы құлаған шақтағы 
жеңіскер солдаттың қуанышы мен тәкаббар сезімі т.б. 
Поэзиямызда соғыс жылдарының осындай қатал да қайсар 
шындығы, уақыттың ұмытылмас рухы бар. Біз үшін ол осы 
қасиетімен құнды.
Біз Ұлы Отан соғысы жылдарындағы поэзияға кеңірек 
талдау жасауға тырыстық. Өйткені ол сөз болып отырған 
кезеңде әдебиетіміздің ең ұшқыр, белсенді әрі жемісті 
жанры болды. Әрине, әдебиетіміздің басқа жанрларында 
да шығармашылық ілгерілеулер болды. Прозаның очерк, 
әңгіме, публицистика сияқты шағын түрлері жедел дами 
бастады. Ақын, жазушыларымыз кеңес адамдарының 
майдандағы да, тылдағы да патриоттық істері жайында 
әрдайым жазып отырды. Егер Ә.Сәрсенбаевтың «Арқаның 
ақиығы», «Бас иді ту батырына», «Отты күндер», 
С.Омаровтың «Ананың арманы», «Жаралы жауынгер», 
Ә.Әбішевтің «Батыр десе батыр», «Кек деп ұшқан оқ» 
атты очерктері мен әңгімелерінде майдан өмірінің әралуан 
елестері болса, ал М.Әуезовтің «Отан шақырғанда», «Күй 
қажырлы конвеер», С.Мұқановтың «Екі солдат немесе екі 
қойшы», Ғ.Мүсіреповтың «Ту мен намыс біздің қолда», 
М.Иманжановтың «Орынбай қарт» атты әңгіме-очерктері 
жеңіс мүддесімен тыныстаған кеңес патриоттарының 
қажырлы еңбек пафосына толы.
Соғыс жылдарындағы прозаның шағын түрлерін, 
әсіресе көркем публицистиканы дамытуда жас жазушы 
Баубек Бұлқышев (1917–1943) көп еңбек сіңірді. Оның 
«Комсомольская правда» газетінде жарияланған публиц-
истикалық мақалаларынан кеңес заманында тәрбиеленген, 
өз халқын, туған Отан-анасын нәзік те қызулы махаббатпен 
сүйген жас азаматтың жарқын бейнесін көргендей 
боласың. Оның үлкен жүрегі досқа деген ыстық та мөлдір 
мейірмен суарылған, жауға деген жібімес ызғарлы кекпен 

68
қарылған. Жас жазушының «Менің өмір сүргім келеді», 
«Шығыс ұлына хат», «Өмір, жастық біздікі», «Тыңда, 
Кавказ!», «Заман, жастар, біздікі» атты публицистикалық 
мақалалары мен памфлеттері осы қасиетті анық танытады.
Б.Бұлқышев шығармашылығына гуманистік сипат 
та мол дарыған еді. Адамдос жазушының өзі де мұны 
талай рет атап айтқан болатын. «Біз қашанда гуманист 
болатынбыз... Мен адам өмір сүрсе екен, еңбек етіп, өнерін 
көрсете алса екен деймін!» Осы бір абзал арманы, асқақ 
идеясы үшін жазушы қарумен де, қаламмен де аянбай 
алысты және сол жолда қаза тапты. Жазушыларымыз 
соғыс тақырыбына арнап бірсыпыра көлемді шығармалар 
да жазды. Ә.Әбішевтің «Төлеген Тоқтаров», «Саржан» 
атты шағын повестері осындай шығармалардың қатарына 
жатады. Бұл шығармаларында жазушы кейіпкерлерінің 
бастан кешкен оқиғаларын, олардың алапатты арпалыс 
үстіндегі психологиясын әсерлі бейнелеуге тырысты. 
Сонымен бірге оның авторлық баяндаудың реалистік 
мәнерінен жаза басып, жасандылыққа ұшыраған мезеттері 
де бар. Соғыс жылдарында аға жазушылардың ішінде 
жемісті еңбек еткендерінің бірі – Ғабит Мүсірепов. 
Оның «Ер ана», «Ақлима» атты әңгімелері соғыс кезіндегі 
прозаның жақсы үлгілерінен саналады. Алғашқы әңгімеде 
украин әйелі Натальяның фашистер орналасқан үйді 
өртегені, сөйтіп зұлым жаудан кек қайтарғаны жайында 
баяндалады. Ал екінші әңгіменің кейіпкері қазақ әйелі 
Ақлима майданда мүгедек болып қалған Сапар деген жас 
жігітті өзіне бала етіп алады, адамгершілік үлкен мінез, 
аналық зор мейірім көрсетеді. Ғ.Мүсірепов отызыншы 
жылдарда ана тақырыбына әңгімелер циклын жазғаны аян. 
Наталья, Ақлима бейнелері арқылы ол сол ана кейіпкерлер 
образдарының галереясын толықтыра түсті.
Жазушының бұл кезеңдегі шығармаларының ең 
көлемдісі де, нәрлісі де – «Қазақ батыры» повесі. Бұл 
шығармасы арқылы Ғ.Мүсірепов әскери тақырыпты қазақ 
прозасында шын мәнісінде әлеуметтік кең өрісте алып 
бірінші рет көтерді.
Повестің негізгі кейіпкері Қайырғалидың образында 
жазушы өмірден өз орнын іздеген және соны тауып, өзінің 
азаматтық борышын ақтаған кеңес жасының жинақты 
бейнесін берген. Автор бұл повесін кейін толықтырып, 
«Қазақ солдаты» деген атпен роман етіп жазды. Ұлы 
Отан соғысының сипаты мен рухы, кеңес адамдарының 
отаншылдығы, халықтар достығының әлуетті қуат-күші 

69
туралы тақырыптар Ғ.Мүсірепов романында жалаңқабат, 
жадағай күйде алынбай, терең де шынайы көркемдік 
шешімін тапқан. «Қазақ солдаты» романы бүкілодақтық 
әдебиетке, оның ішінде әскери беллетристикаға байсалды 
үлес болып қосылды.
Бұл кезеңдегі прозамыздың шоқтығы биік шығарма-
ларының 
бірі–Ғ.Мұстафиннің 
«Шығанақ» 
ро ма ны. 
Композициялық желісінің босаңдығына және басқа да 
кейбір көркемдік кемшіліктеріне қарамастан, «Шығанақ» 
романында еңбек тақырыбы реалистік планда шешілді. 
Жазушы еңбекті шығармашылық дәрежесіне көтерген 
жаңашыл адамның типтік образын жасады. Сондай-
ақ романда соғыс кезіндегі тыл тіршілігінің майдан 
өмірімен тығыз байланысты болғаны, жеңіс мүддесімен 
тыныстағаны да нанымды бейнеленген. М.Әуезовтің атақты 
«Абай» романының бірінші кітабының жарыққа шығуы 
(1942) соғыс жылдарындағы қазақ кеңес әдебиетіндегі 
аса зор көркемдік оқиға болды. Романда автор өткен 
ғасырдың екінші жарымындағы қазақ өмірінің қат-қабат 
қырларын, әралуан көріністерін шын суреткерге тән 
асқан алғырлықпен мейлінше терең ашып берді. Сахара 
тіршілігін түнекке қамап шарпыған қаралы күштер мен 
болашағына ұмтылған жас буынның арасындағы қиян-
кескі күресті шынайы бейнеледі. Жазушы өткен өмірдің 
бұлдыр соқпақтарын мақсатсыз шарлай бермейді. Ол 
тарих тереңіне қазіргі заман арқылы өтіп барып үңіледі. 
Сондықтан да оның шығармасы бүгінгі күннің тілек-
талабына туыса, табыса түседі. «Абай» романы өзінің 
терең патриотизмімен, халықтығымен, тарихи дамудың 
өршіл тенденциясын тап басып, дәл көрсеткендігімен және 
ғажайып көркемдік қуатымен бүкіл әдеби қозғалысқа 
ерекше зор ықпал етті.
Соғыс жылдарында бұлардан басқа да бірсыпыра ірі 
шығармалар жазылды. Олардың басты-бастылары – 
Ә.Әбішевтің «Жас түлектері» мен Ғ.Слановтың «Жанар 
тау» атты романы.
Драматургия саласында да Ұлы Отан соғысы тақырыбына 
бірсыпыра шығармалар жазылды. Бұлардың көрнектілері – 
М.Әуезовтің «Сын сағатта», М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтың 
«Қынаптан қылыш», Ш.Хұсаиновтың «Жұртын сүйген 
жүрек», М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» 
атты пьесалары. М.Әуезовтің «Сын сағатта» пьесасы ел 
басына күн туған қысылшаң шақта, Отан тағдыры сынға 
түскенде кеңес адамдарының сыр бермегенін, қайыспай 

70
шыққанын көрсетуге арналған. Пьесада Қарағанды 
кеншілерінің тылдағы ерлік еңбегі жайында да, майдан 
оқиғалары жайында да сөз болады. Шығармада оқушы 
жүрегін толқытарлық көріністер аз емес. Ескендірдің 
Назымға деген аяулы сезімдері суреттелетін, Назымның 
майданда бұрын айырылысып кеткен жолдасы Нұрланмен 
кездесетін, Нұрланның ерлікпен қаза табуы бейнеленетін 
көріністер дәл осындай. Мұнда адам тағдырының қиян-
қилы қырлары, өмір мен өлім шарпысқан шақтағы 
олардың буырқанған көңіл-күйлері бар. Сонымен бірге 
пьесаның майдан өмірін бейнелейтін көріністерінде 
жасандылықтың салқыны да жоқ емес. Жалпы алғанда, 
бұл кезеңдегі драматургиямызда әлеуметтік тынысы кең, 
шын мәнісіндегі реалистік шығармалар жоқтың қасы. 
Қайта кейбір драматургтар жаңсақ сарынды шығармалар 
жазды. Ә.Тәжібаевтың «Біз де қазақпыз», «Жомарттың 
кілемі» атты пьесалары дәл осындай шығармалар ретінде 
жұртшылықтың әділ де қатал сынына ұшырады. Бұлар, 
әрине, жекелеген кемшіліктер еді. Ұлы Отан соғысы 
жылдарында тұтастай алғанда әдебиетіміз есею, өркендеу 
жолында болды. Оның тақырыптық аясы, әлеуметтік 
тынысы кеңейе түсті, басқа туысқан ұлт әдебиеттерімен 
шығармашылық байланысы тереңдеді. Жеңіс сағаты 
соғып, жеңістің алқызыл туы асқақ желбіреп, талай жылдар 
өтті. Еліміз де, әдебиетіміз де дамудың жаңа биіктеріне 
көтерілді. Бірақ сол бір дауылды күндердің ескірмес елесі 
ретінде туған шығармалардың құны ешқашан әлсіремек 
емес. Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналып соңғы 
жылдарда да бірсыпыра шығармалар туды (Т.Ахтановтың 
«Қаһарлы күндер» романы, Т.Бердияровтың «Мен өмір 
сүремін» поэмасы, т. б.).
Халқымыздың ерлігі мен елдік қасиетіне толы сол 
бір қаһарлы да қаһарман кезеңнің героикасы қалам 
қайраткерлерінің назарын әлі де талай аударатыны 
күмәнсыз.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал