Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет22/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

1964 жыл.
САЙРАП  ӨТКЕН  БҰЛБҰЛДАР*
(Профессор Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» 
атты кітабы жайында)
«Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай айтпақтайын, 
кітаптың да естісі мен есірігі болатынын білеміз. «Ебер» 
шығарма (оны егер шығарма санатына қоссақ) екі парағы 
оқылмастан-ақ өзінің берекесіз күйін көрсетіп алады да, 
сенің санаулы уақытыңа қиянат қылғанына қың демейді. 
Еріксіз оқисың, ежелеп әрең түгесесің. Ал қолдан қолға 
жүгіретін, қуалап жүріп ұстайтын есті кітаптар – ерке 
кітаптар көп көрінгеніне не жетсін! Біз бір кезде «Құрыш 
қалай шынықты» мен «Жұмбақ жалауды», сәл кейінірек 
*  
Әдебиетші Әділғазы Рахымжановпен бірігіп жазылды. 
(С.Негимов).

366
«Абайдың» алғашқы кітабын ауыл тірлігінде алма-кезек 
шіретке тұрып (бізді баласынып бермейтін де) құштарлана, 
құшырлана оқушы ек. Бұл көптің басындағы тірлік болса 
керек. Оның алабөтен себебі бар екен. Жақсы шығарма 
жас-кәріні жатырқатпай, жапатармағай өзіне баурап, 
ет-жақыныңдай сыйлас, сырласыңа айналады. Қысқа 
әңгіме, қалың  роман, шағын повесть бет санына қарамай, 
салмағына сапасына орай оқырман жүрегінен орын 
тебері хақ. Мына кітап 430 бет. Тағы қағаз жетпегендей 
көздің құртын  алатын кішкене әріппен теріліпті. Бірақ 
бір қызығы, шаршатпайды, жалықтырмайды. «Замана 
бұлбұлдары» роман да емес, поэма да емес, музыка 
зерттеуші  ғалымының,  композитордың  көп жылдық ең-
бек қорытындысы, арғы-бергі жиған-тергенінің қайырма 
бір есебі. Қазақ дәстүрінде оқымысты адамның көркем 
шығармаға бергісіз әдемі кітап жазатындары некенсаяқ 
қой. Ал орыстарға ден қойсақ, небір мамандықты қуған 
парасатты жандар ғажайып көркем туындылар беріп 
тастайды. Геолог Обручев, тарихшы, режиссер Попов, 
артист Черкасов – өз стихиясынан өзге тағы бір қырымен 
танылған, қаламы жорға жазушылар да. Әңгімелеп 
отырған «Замана бұлбұлдары» –Ахмет Жұбановтың туған 
халқының тұтас ғасырлық музыкалық өнері жайындағы, 
оның ардакүрең қайраткерлерінің өмірін, өсу жолын, тәлім 
ортасы мен тәрбие мектебін шертетін тарихи очерк. Мұнда 
ғылым да бар, әдебиет те бар. Монография қарабайыр 
қазына тілімен түзілмеген, ғалым-жазушы қаламынан 
шыққан кәдімгі көркем шығарма. Өйткені мұнда суретті 
бейнелеу, ақындық шабыт оқымыстылық ойды безендіріп 
беріп тұр. 
«Замана бұлбұлдарын» оқығанда біз көп адамдармен – 
заман туғызған асыл перзенттердің қалың бір шоғырымен 
қауышамыз. Біржанмен бірге отырып «Жанботаны» 
шырқағандай, Ақанмен Құлагерге мініп «Сырымбетті» 
аралағандай, Абайдың алдында ән, өлең жайында ақыл-
кеңес алып, Татьянамен танысқандай боламыз. Мұхиттың 
«Романс сияқты ырғағы мол, сезімі зор» (М.Әуезов) 
музыкалық мұрасын қайталай тыңдап, «Айнамкөз» 
бен «Зәурешті» биске шақырып тағы да орындатамыз. 
Мына жақтан бүліккер Мұса шыға келеді; жалғыз атын 
Шорманның Мұстафасы тартып алса да бунтарь ақын 
буырқанған қалпында, жасымаған, ашына түскен адуын 
да айбарлы. Сырнай сазымен Уәлидің Майрасы Ертістің 
бұйра толқындарының үстінде ән салады. Олар жақындай 

367
түседі, қасыңа келіп қатарласа отырып, «Көңіл құсыңды 
шартарапқа» шарлатады. Жүсіпбек пен Ғарифолла 
Мәдиді, Мұхитты кежек ала, аспанда қалқытады. Әміренің 
«Ағаш аяғын» Қуаң орындағанда Арқа әнінің ерекше бір 
әуенімен өзгеше әсерленесің. Өйткені қазақ әнін шет 
жұртқа алғаш танытқан: Париж аспанын дала қоңырауына 
бөлеген, Майндағы Франкфуртта театрдың төбесін жаң-
ғырықтырған   Әміре  кімге де  қымбат емес пе?  Міне, 
Естай мен Әсет, Нартай мен Кенен, Қали мен Қосымжан 
қатарласа келіп: тағы нені шырқа дейсің, – деп өзіңмен 
әңгіме құрып, ақыл қосысады. Біз ән тыңдап отырмыз... ән 
салып отырмыз... қоңыржай дауыспен:
Ертістің-ай, аржағында-ай Арғанаты...
Әншінің-ай, домбырасы-оу – қолқанаты...
Аралап-ай, Қара Ертісті-ей, Естай ақын
Деп салған «Жай Қоңырдай» ахау әннің аты 
Еги-гай, ей, егигай, егига-а-а-ай, – деп.
Естайға қосыла кетеміз. Қызық деген осы-дағы, өнер 
ләззаты, ән құдіреті деген осы-дағы! Жоқ, біз тыңдаушымыз. 
Әнге даусымыз жетпей даңғырап далада қалғандай 
болғандықтан, сол әуендерден әсерімізді айтпақпыз. 
Музыка зерттеушісі немесе композитор еместігіміз 
бесенеден белгілі. Алайда музыка ел үшін жазылады ғой. 
Данышпан Глинка: Музыканың ақы-иесі – халық, біз 
соны ажарлап, әрлендіре түсеміз – дегені ақиқат. Осы 
жолдарды жазуға біздің жүрегімізді дауалатқан да Глинка 
сөзі. Кітаптың сыртынан сығаламай, кәне, ішіне еніп біраз 
шарлайық. 
Алдымен аңғаратынымыз автор бұл еңбегінде екі 
саладағы өнер саңлақтарын екшеп енгізген. Бірі – әнші-
ақындар да, екіншісі– әнші-орындаушылар. Алғашқысынан 
синтетикалық искусствоның сарқытын көреміз. Бұл қасиет 
қазақтан бөгде елде сирек ұшырасады.
Монографиялық очерк-портреттердің, Біржаннан бас-
та луы тегін емес. 
...1865 жылдың жазы. Омбының генерал-губернаторы 
келеді деп Көкшетау бүлініп жатыр. Қала өз алдына да, 
бүкіл уезд болып үлкен дайындық жүргізуде. Қаланың 
маңындағы көгалға көптеген үй тігілген. Елдің «игі 
жақсылары» жиналған. Ақсарының болысы Жанбота өзі 
бірнеше үй тіктіріп, сауын-сойысты әзірлетіп, ас пісіретін 
үйлердің шаңырағын бөлегірек жерге көтеріп, сасыған 

368
қанның, бұрқыраған жерошақ түтінінің иістері келмесін 
деп, өзінше «дала мәдениетін» басқалардан бөлекше, асыра 
көрсеткісі келіп-ақ жүр. Екі білектерін сыбанған «сен 
тұр, мен айтайын» жігіттер табақ тартуға, қонақтың басқа 
жайларын жасауға әзір, тек бұйрық күтіп тұрған секілді... 
Қоңырқожаның Азнабайы да Жанботадан қалмаймын деп 
бірнеше үйдің керегелерін қосып тіктіріп, ұзын зал сияқты 
тор үй жасатып, оның ішін оқалы кілем, шайы көрпелермен 
безеп жатыр. Бұл да өзінше бар әлемді басқарғандай, әдейі 
Жанботаның тобы есітсін деп, неше түрлі байлық, паңдық 
араласқан бұйрықтарды дауыстата бұрқыратып жатыр...
Міне, байлық бәсекесінің, қыр конкуренциясының 
картинасы шымылдығын осылай ашқалы тұр. Енді не 
болар екен, қызық қалай басталар екен, немен тынар екен 
дегендей сан-сапалақ сауалдар, қым-қуыт оқиғалар тізбегі 
елді едел-жедел асықтыруда. 
Авторлық экспозиция осылайша әдемі әшекейленіп, 
«кәне, біз де араласайық, қызығы мен шұжығын қоса 
көрейік» дегізіп, театр көрермендері секілді оқушыны да 
баурап, бағындырып әкетеді. Ұзақ сағындырмай, артынша 
оқиға желісі тартылады да соның қалың ортасына өзің де 
ықтиярсыз күмп беріп, еніп кетесің... Сені ашындыратын 
дала тағылығының безбүйрек қатал шындығы. Азнабайдың 
поштабайынан жазықсыз қамшы көрген Біржан тағдыры. 
Бірақ мұны өнерге тиген жуан таяқ, өнерпаздың сағын 
сындырған үлкен соққы деп ұқпайсың. Олай ұқтырмайды 
да. Өйткені жәбір астындағы Біржан жасымай, нөсер 
алдындағы жасылдай, Жанботаның үйіне баса-көктеп кіріп 
келеді де ашуы қатты, ызасы мол әнін ағытып:
Жанбота, осы ма еді өлген жерім?
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап
Бар ма еді статьяда көрген жерің?
Жанбота өзің болыс, әкең Қарпық
Ішінде сегіз болыс шенің артық
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы
Қолымнан домбырамды алды тартып, – 
деп екпіндете, дауылдата жөнеледі. Әлгінде ғана жан ашып 
қараған Біржанның мына қимылы айызыңды қандырады. 
Автордың сөзімен айтқанда, «Әннің бірден жоғары дауыста, 
шың нотадан басталуы, екіншіден әр кезде сабырлы, 

369
байсалды әншінің бұл арада жүрдек, екпінді, қажырлы 
үндерді түйдектеп, жан ашуындай ащы лебізді төге, 
дыбыстан жалын арттыра шырқауы – со бір сәттің өзінен 
туған еді». Сахнада Жүсіпбек тебірене шырқайтын атақты 
«Жанбота» әнінің тарихымен біз осылай танысамыз да, 
соңынша алдыңғыға қарағанда сабырлы, сазды, байыппен 
бір әңгіме айтып отырғандай салмақты әуендегі «Адасқақты» 
естиміз. Біз сонау он тоғызыншы ғасырдың орта шеніндегі 
үлкен бір оқиға, тартыстың қалың ортасында жүреміз. 
Бүгінше сезінгенмен баяғының басбұзар қауымының қара 
нөпір күшін көріп, ызаға булығамыз. Өш алғымыз келеді. 
Бірақ Біржан өз өшін өзі қайырған, есесін жібермеген. 
Сондықтан да Біржанды біз кітап бетіне «бәрекелді» 
деп биске шақырамыз. Ол тағы да дауылдата, желдете 
жөнеледі. Кітап авторының алғыр қаламы, жүйрік қиялы, 
музыкалық білімдарлығы оқушысын осылай желпіндіріп, 
оңашада болсын, алқақотан топта болсын әнге, әуенге әкеп 
күмп бергізеді. Мұнда қалам күші ән құдіретіне әр-нақыш, 
бояу беріп, оқушысын кереметтей сезімдерге бөлейді. 
Біржан творчествосы кітап бетінде осылай басталып, әрі 
қарай алуан қырымен құбылып, құлпырып, бейнеленіп 
көрінеді. Операны тыңдағандай боласың. Далаға шыға 
бере ұмытылып қалатын ұсақ сезімдердің селтегіндей 
емес, жол бойы айтатын, үйге келе әңгімелейтін, ертеңгіге 
де сыбағасын сақтататын үлкен сезімдердің аясында 
боласың. Ән қасиетін тереңдей түсінуге үйренесің. Бұл 
құр баяндау емес, көп бояулы картина, шебер жасалған 
сурет. Біржанның ақындығымен таныс адам оның екінші 
бір ерен қасиеті–асқан әншілігімен де табысады. Асыра 
мақтағандық емес, Ахмет Жұбанов бізге Біржанның өзі 
боп сөйлейді, музыкалық слухы жоқ адамның өзіне бас 
шұлғытып, ерітіп әкетеді, – тағы айта түс, тағы несі бар, 
әңгімеле, – дегізеді. Марқұм Мұқан Төлебаевтың «Біржан-
Сара» операсын тыңдаған адамға мынау қосымша көп 
мағлұмат, мол материал. Кешегі ел ардағының бүгіндегі 
тірілген бейнесі бар бедерімен берілген жаныңды жайсаң 
күйге бөлеп, рахатқа батырады. Біржан қазақ қауымына 
ақындық өнерімен де таныс қой. Бұл саладағы еңбегі тиесілі 
бағасын алып келеді. Екіұдай пікір тек Сарамен айтысы 
төңірегіне ойысатын. Ғалымдардың көпшілігі айтыстың 
болғаны анық, дәп қазіргі жария көріп жүрген көркем 
дәрежеде өтпегенмен, екі саңлақ жүздескен деген байламда. 
Проф. А.Жұбанов та соңғы тұжырымды қуаттайды. Әрине, 
Біржан туралы сөз қозғағанда автор тек фактілерге ілесіп 

370
жүгіре бермейді, композитордың творчестволық өмірінің 
белді-белді кезеңдерін қарпи айту ниетін ұсынады. 
Осы тәсілден Ақан серіге арнаған тарауда да таймайды. 
Ақан басындағы асыл қасиеттер: ақындық пен әншілік, 
саятшылық-салдық, ел еркесінің еркіндікке құлаш ұрған 
ұмтылыс-талабы әдебиетіміздің тарихында да көптеп 
әңгімеленіп,  әділ таразыдан өтіп келеді. А.Жұбанов Ақан-
ның композиторлық өнер қырын өзгеше шабытпен, зергер 
зерттеушілік қабілетпен көре білген де, көрсете білген. 
Ән–абстракциясының жемісі емес, сезім сандуғашы, 
оның шығу себебі, туу тарихы болмақ. Бірақ соны түсіну, 
түсіндіру үлкен өнер иесінің ғана пешенесіндегі бақыт. 
Біз Ақан әндерін естиміз. Бірақ әрқайсысын әр жерде, 
әр ортада, бытыратып, әуенін, сөзін білсек те авторынан 
жаңылысып қалып, дал болатын кезіміз де жоқ емес. 
«Маңмаңкер» кімнің әні еді? – дегенге – Біржандікі; 
«Мақпалды» шығарған кім? дегенге басқа біреуді теліп 
жаңсақ сөйлеген кісіні аз ұшыратпаймыз. Анығында 
арқаның әнші, композитор-ақындарының арасынан 
Ақанды артықша атағаны өте орынды. Проф. А.Жұбанов 
Ақанның композиторлық тірлігін қадау-қадау жерінен 
ойып алып, дөңгелетіп әдемі әңгімемен, әр әннің әсер күшін, 
эмоциялық бояуын, техникалық түзілісін музыканың 
теориялық тілімен шегендей отырып, олардың түп-
тегін, туу шежіресін тарихшыша таратады. Композитор-
ақынның қай әнін алсақ та кезеңді шығарма (этапное 
произведение) ғой. «Көкжендет» пен «Қара торғай», 
«Сырымбет» пен «Құлагер», «Мақпал» мен «Маңмаңкер» 
Ақан өмірінің барлық барысын бажайлап зерттеуге кілт. 
Монографияны оқып отырғанда Ақан өмірі арқылы ел 
өмірі, сахараны мекендеген халықтың әлеуметтік жіктелу 
жәйі, жауыздық пен жақсылықтың аума-төкпе күресі, 
бір жығылып, бір тұрған әділет ағыны, махаббат мұңы 
музыка тілінен кітапқа түсіп, шығарма тіліне – әдеби 
очеркке ауысқанын аңғарамыз. Ахмет Жұбанов шын 
шабыттың «Құлагеріне» мініп отырып жазған секілді 
бұл тарауды. Ақан серінің музыкалық   мұрасы операға 
жұтынып   сұранып     тұр. Мұндай мол материалды қазіргі 
қазақ композиторлары жұлмалай, боршаламай опералық 
кесек шығармаға неге мықтап пайдаланбасқа, яғни Ақан 
туралы опера неге жазбасқа? деген ойға келесің. Кейде 
біз либретто болмағандықтан қалыс-қалып отырмыз 
деп сылтауратамыз. Чайковский «Евгений Онегиннің» 
либреттосын бөгде біреуден дәметіп, алақан жайған жоқ 

371
еді... бұл бір ойланарлық мәселе ме дейміз. Әңгіме ықылас-
ынтада, шеберлікте бола керек.
Пікіріміздің бір қайырмасы есебінде айтарымыз Арқа 
төңірегіндегі әнші-ақын-композиторлар туралы кітапта 
қыруар   дерек берілген. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Құлту-
ма, бертінгі Естайлар осыған дәлел. Автордың Жаяу Мұса 
жайында жазғаны кейінгі табылған архивтік деректерден 
кереғар кетпейді, қайта бірін-бірі үстемелеп толықтырып 
тұрған секілді. Кітапты ақтара төңкеріп отырғанда кең 
байтақ Қазақстанның географиялық аудандастыру 
ерекшеліктерінен туатын өзіндік, өзгеше сапалық белгілер 
белең беретіні анық. Құрманғазы мен Тәттімбеттің тамаша 
күйлері бір жағынан ортақ ұқсастықтармен танылса, екінші 
қырынан ортасына орай бояу-белгілерімен оқшаулана 
да көрінбей ме? Со секілді әнші-ақын-композиторлар 
творчествосында да осындай ұқсастықтар, «таныс, 
бейтаныс» белгілері байқалады. Мұны біз Батыс өлкесінің 
Мұхиты мен Сарысының, Алатау өңіріндегі Кененнің 
өнерпаздық өмірбаянынан айқын көреміз. Бұл, бірақ, 
бірін-бірінен алшақтататын, құбыжық көрсететін «қасиет» 
деп ұқпаймыз, қайта алуан үнді, әр мәнерлі үлкен өнердің 
сан саласы, сан сағасы деп түсінеміз. Мысалға, Мұхитты 
алайық. Мұхит Мералы баласы Батыс Қазақстан өлкесінен. 
Қазақтың басқа композиторлары сықылды мұның 
шығарғыштық өнерінде, репертуарында да арнау әндері 
көп. Атақты «Айнамкөзді» еске түсірсек, Ахмет Жұбанов 
былай деп жазады: «Мұхиттың алғашқы кезде шығарған 
әндерінің бірқатары арнау сияқты боп келеді. Айтушылар 
Мұхит Қобда бойын аралап жүргенде біреудің үйіне түсіп, 
ән салып, ауыл адамдары жиналып, кеш бойы сауықтайды. 
Ертеңінде сол үйдің бойжеткен қызы Құралайдың шай 
құйып отырғандағы сыпайылығы, мінезі, ажары Мұхитқа 
қатты ұнап, сол арада бір ән шығарады. Әншіге қыздың 
көзі ұнайды. Сондықтан ол: «Шырағым, мына бір әнді 
саған арнадым, нағыз айнамкөз екенсің, әннің аты да 
«Айнамкөз» болсын» дейді... Бұл Мұхитқа тән диапазонды, 
үлкен дауыс шеңберін тілейтін ән. Басынан аяғына дейін 
лирика, ешбір қайғының ұшқыны жоқ, сүйгенін, жақсы 
көргенін сағынған әуен бар. Әннің тынысы шалқыған 
кең. А.Затаевич айтқандай, жазық далада, сахарада туған. 
Қазақстанның батысының ән құрылыстарына тән, әннің 
екінші «сөйлемі» «Айнамкөз» деп әннің атын қосу арқылы 
«ұзаяды». 

372
Әннің «кеудесі» мен қайырмасы бірімен-бірі жалғасып 
кетеді. Ән байсалды, орнықты екпінде жүреді. Әрбір 
дыбысы қатталып, орындаушыдан дауыс регистрінің 
тегістігін тілейді» (Кітаптың 84-85 беттерін қараңыз). 
Анығында «Айнамкөзді» айтпайтын, білмейтін адам жоқ-
ақ болар. Автор әрбір әннің шығу жағдайына батыл барлау 
жасап, бекем болжау айтады. Зерттеудегі батылдық та 
осында. Мұхиттың «Қилым», «Ақ Иіс», «Айдай» атты 
әндеріне жасалған талдау да көкейге қонымды. Әсіресе, 
ел арасына ерте тараған әйгілі «Зәурешке» берілген баға 
байсалды да орынды. Бұл шын мағынасындағы реквием 
екені рас. Ел ішіндегі аңызда Медет дегеннің үш әйелінің 
құрсағынан шыққан отыз ұл мен бір қыз ауру-апаттың 
салдарынан едел-жедел дүние салады (алдымен отыз ұлы 
өледі, соңынан әкесі жолаушылап кеткенде жалғыз қызы 
Зәуреш қайтыс болады). Медет басындағы осы қаралы 
оқиға Мұхиттың жүрегін толқытады. Шошайған жалғыз 
төмпешік қабірді құшақтап, құлазып, зарлап отырған Медет 
қайғысы Мұхиттың әлгі әнді шығаруына үлкен себепкер. 
«Зәуреш» дауыстың жоғарғы регистрінен басталады. 
Асықпай-саспай жәй жүреді. Өлеңнің бір шумағы бойы 
мелодия қайталамай, үнемі жаңа бір үн қосылып, зар үстіне 
зар, қайғыға қайғы қосылып, жамала береді. Әннің негізгі 
контексінде артық бір дыбыс жоқ, бірі мен бірі жалғасқан, 
бірін-бірі толықтырып тұрған, бірінші нотадан бастап 
үздіксіз даму, шынығу, өрбу жолындағы мелодия толқыны  
аяғына  шейін тыңдаушыны билеп, ұстап отырады – деген 
автор тұжырымы дәл. Мұхиттың «Айдай» секілді әндері 
Сыр бойы мен Арқа атырабында айтыла бермейтін, тіпті 
кей құлаққа жатырқаңқы естілетін шығарма, бірақ өз 
топырағында қызғалдақтай өскен гүл іспетті болар. 
Екінші бір әңгіме Кенен төңірегінде. Ахмет Жұбанов 
Кенен туралы очеркін былай бастайды: «Екейде елу 
бақсы, сексен ақын» дегендей, Жетісуда Сүйінбайдан, 
Жамбылдан келе жатқан ақындық дәстүр дүниеге көптеген 
таланттар берді. Олардың бәрі бірдей тек сөз қуып қана 
кеткен жоқ, ішінде жыршылары, әншілері болды. Ақындық 
айтыс дәстүрі әлі күнге дейін бұл өреде сол қалпымен келеді. 
Жаттап алған өлеңдері болса, еркек демей, әйел демей, той-
топырда айтысып жүре береді. Ол дәстүр тек егде тартқан 
адамдарда емес, жастарға да ауысқан. Сондықтан да Жетісу 
өресінде саз қуу, айтысу дегендер кең жайылған дәстүр. 
Міне, осы топтың ішінен ала-бөле көзге түсетіні – Кенен». 

373
Әдебиетші ретінде біз бұл қорытымға тұтастай қол қоямыз. 
Жетісу бойындағы ән мен жырдың ежелгі дәстүрі әлі сол 
қалпында, дамығаны болмаса толастаған жоқ, әрине, бояуы 
басқа, мазмұны терең, тіпті түрлік-түзілістері де жаңара 
түскен. Кенен басынан біз искусствоның синтетикалық 
соны сапасын табамыз. Оны ақын ретінде әдебиет 
тарихында талдаймыз. Ал әнші-композиторлық тұлғасын 
музыка зерттеушілерінің сыбағасы санаймыз. Сол үлесті 
міндетті Ахмет Жұбанов мойнымен көтерген. Кенен бала 
күнінен бай аулының бақташысы-жалшысы бола жүріп, 
Жетісу дәстүріндегі ақындықтың, өлеңші, әншіліктің 
әсерінен ада қалмаған. Түсінген сәтте түйіп алып, естігенін 
есінен шығармай өз ой елегінен өткізіп, жанынан өлең 
шығаруға, оған лайықты ән-әуен табуға ертеден әуестенеді. 
«Боз торғай», «Көкшолақ» әндері осының мысалы, бастан 
кешкен барлық өмір іздері әнші ақынның творчестволық 
биографиясының өзекті нысанасына айналады. «Базар, 
Назарында» жеке бастың қамырық күйі баяндалса, 
бертінгі, Совет тұсындағы өлең-әндерінде социалистік 
замананы өскелең пафоспен, өршіл сезіммен музыка тіліне 
түсіруі А.Жұбановтың кітабында келісті шешімін тиянақты 
тұжырымын тапқан, байсалды бағасын алған. Бір қызығы, 
Кененнің әндерінде көрші қырғыз елінің музыкалық 
мәдениетінің ықпалы да сезілетін сияқты. Ауылы аралас, 
қойы қоралас қырғыз халқының музыкалық әуендерінің 
мұндай әсері елдер достығының, бірімен-бірінің рухани 
туыстығының қуана құптарлық құбылысы. 
Міне, Қазақстан жеріндегі әр аймақ, әр атырап өз 
төңірегінде молынан тараған өнерлік өресімен алуан түрде, 
бірақ бір сападан бірін-бірі осылай толықтырып тұрса 
керек. Біздің бұл пікірімізді бұдан көп бұрын әдебиет пен 
өнердің өрен білгірі М.Әуезов те болжай айтып кеткен 
екен. Мұхаң «Қазақстан Мемлекет театры» (1927 ж.) атты 
мақаласында: «Қазақтың кең даласындай әр жерінің әні 
де, кең қырлы алуан бөлек. Біріне-бірінің кестесі қайшы, 
жатырақ та болып шығатыны бар. 
Олай болса, қазақ сахнасының жалпыға бірдей әншісі сол 
Қазақстанның әр бұрышындағы ән үлгілерінің әрқайсысын 
да жақсы білу керек. Бір әнді Семей қалай салады, Ақмола, 
Қостанай, Түркістан қалай салады. Арқа әні мен Сыр 
бойының әні, Ұлы жүз бен Кіші жүз әндері, қазақтың романс 
сияқты әндердің барлығы да Әміренің төл әні сияқты болу 
керек. Не қылса да бір орында бір-ақ түрлі үлгімен, жалғыз 

374
Семей әндерімен қатып тұрып қалмай, кеңеюі, молаю, өсу 
керек. Өскенде жалпы Қазақстан әншісі боламын деген 
мақсатты қолдану шарт» – деп жазыпты Әміреге қатысты 
жерінде («Жұлдыз» журналы, 1964 ж. № 1). 
Бұл жоғарыда біз айтқан географиялық аудандасу 
ерекшеліктерін бір жағынан екшей көрсету болса, 
екіншіден,  жалпы халықтық ән мәдениетін томаға-
тұйықтықтан арылтып, ортақтастыра, жақындастыра қарау 
керек деген өнегелі, терең тұжырым. Жасыруға бола ма, 
атақты әншілеріміз Жүсіпбектің репертуарынан Мұхит 
әндерін әлі ұшырата алмай келеміз. Ғарифолла Мәдидің 
«Қаракесегін» «Айдайдың» әуенімен айдайды. Кенен әндері 
Қостанай төңірегіне сирек тараған. Асылы, бүкілелдік ән-
музыка мұрасы кең насихаттау уақыты жеткен іс және әр 
нәрсеге тосаңси қарау қоштауын таппас та. 
Монографияға Мәди, Ыбырай, Сары, Әсет, Естай, Майра, 
Құлтума тағы басқа композиторлар туралы да бірі көлемді, 
бірі ықшам дербес тараулар берілген. Мұның барлығына 
жеке тоқталуды мақалаға мақсат қып қоймадық. Олардың 
әрқайсысының өзіндік мәнері де, бедері де бар. Мәдидің 
«Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара» секілді әйгілі әндері, 
Үкілі Ыбырайдың атақты «Гәккуі», Балуан Шолақтың 
«Ғалиясы», Естайдың «Қорланы» ән өнерінің анық шеберлері 
екені ақиқат. Соны сезе-біле тұра арнайы әңгімелеуді 
қажет санамадық. Өйткені, біріншіден, мақаланың көлемі 
көтермейтін болды да, екіншіден – негізгі стерженіміз    
үш топтағы (Арқа, Батыс, Жетісу) үлкенді-кішілі әңгіме 
жүйесінің барлық сүйек бітімі осылармен толыса түсетінін 
ескердік. Топтастыра қарастыруды жөн көрдік. Со 
секілді әнші-орындаушылар турасында да аз сөйлегіміз 
келді. Автордың Әміреге, Қалиға, Қуанға, Жүсіпбекке, 
Ғарифоллаға тағы басқаларына берген анықтамалары 
мен мінездемелері ешқандай дау шақырмайды және 
сұрыптала суреттелген портреттер галереясы. Бір әдемісі, 
осы әнші-композиторлардың творчествосы бүгінгі кең 
тынысты музыкалық шығармаларда қалай кәдеге жарап, 
пайдаланылып отырғаны (операларда, симфонияларда, 
музыкалық драмаларда) оңды баяндалған. Ақанның 
«Балқадишасы»–«Жалбыр» операсында, Мұсаның «Хау-
лау», «Гауһарқыз», «Шолпаны» – «Біржан-Сарада», 
«Құлтуманың «Үш көтермесі» – «Абайда», Әсеттің әні – 
«Еңлік-Кебекте», Мәдидің «Қаракесегі» – «ЕрТарғында», 
«Шіркін-айы» – «Қыз Жібекте» т.т. қай шығармада қандай 

375
деңгейде қабылданғаны, творчество қазанында қалай 
қайнап, піскені сөз арасында болсын иланымды айтылған. 
Бір пара сөз жүйесін Абайға арнаған бөлімге 
жанастырғымыз бар. Бұған тағы бөлектеп тоқталғанымыз 
парыз тәрізді. Автор Абай туралы очеркті А.Затаевичтің 
бағасынан бастайды да, оның ағат айтқан пікірінен Абайды 
арашалайды... «...Шынын айтсақ, оның (Абайдың–, ред.) 
шығарған мелодияларының көпшілігі қазақ музыкасының 
стилімен, характерімен жанаспайды, оның үстіне, топас 
марш пен жылайман романстан бастап төмен сапалы 
орыстың дилетанттық музыкасымен таныстығы (кейде 
тура ұстап  та кететін уақыттарын есептемегенде) сезі-
леді» – деген Затаевич сөзіне салмақты дау айтып, дәлелді, 
деректі ғылыми тұжырымға келеді. Абайдың ақындық 
қызметі жаппай бағасын алды ғой. Абайды тану дербес 
ғылым тарауы боп әбден бекінді. Ал Абайдың музыкалық 
мұрасы, композиторлық қызметі әлі күнге тиіп-қашты 
күйде зерттелініп жүр. Мына очеркте сол кемістіктің 
жыртығын жамау ниеті бар. Автор Абайдың музыкаға келу 
жолының ерекшеліктерін екшей қарайды. Мәдениетті 
орыс поэзиясының озық үлгілерін жете меңгерген Абай 
творчествосынан әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған 
жаңалықтарды көреміз; өлеңдеріндегі жаңа ырғақ, жаңа 
екпін, жаңа өлшем оның музыкалық творчествосына 
тікелей ықпал жасады. Абай әндерінің мелодиясы, 
ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне 
 
ұқсамайды.  Осыдан  келіп  автор: «Бірінші  жағдай –
Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі 
болатынын», тексті ауыстырып айта беретін «қылжаққа» 
Абай әндері көнбейтінін ескертіп өтеді. Екіншіден, «Абай 
бүкіл Шығыстың, орыстың, қазақтың профессионалдық 
әдебиетін терең зерттегеніндей, музыкада да алдымен 
қазақтың халық әндерін, күйлерін жақсы білді... Поэзиясы 
халықтық демде суарылған болса, музыка дүниесінде 
де Абай қазақтың халық музыкасының мұхитында 
тәрбиеленді... Абай ән шығаруға қазақтың халықтық бай 
музыка интонациясын жақсы біліп, сол бір ән мұхитын 
аралап жүзіп келді». А.Жұбановтың бұл қорытымы – 
Абайдың музыкалық шығармалары туған ел топырағының 
жемісі екендігін, оның халықтық негізін дәйекті дәлелдеу. 
Ұлы ақынның әдебиеттік зор тұлғасын музыкалық 
еңбегіндегі ерекше қасиеттерімен толықтыра сомдай түсу. 

376
Абай басынан табылатын үшінші бір бөгде қасиет, 
өзгелерде ұшыраспайтын сапалық өзгешелік–орыстың 
халық музыкасымен, қаланың демократиялық әндерімен, 
романстарымен таныстық; Россияның прогрессивті 
интеллигенциясының әсері. Мұны ширата (расшифровка 
жасап) баяндамағанымен,  автор оқушысына сөздің ұшы-
ғын тастап, ой салады, «Шеш көңілімнің жұмбағын» 
дегендей сәл қалыс отырады. Асылы, арнаулы, қомақты 
зерттеуге сыбағалы сөз боп қалсын деген үнем бар секілді. 
Әйтпесе, талдайтын жері көп-ақ тұр. 
Соңғы бір музыкалық ерекшелік Абайдың музыкалық 
маңайының болғандығы. Оның ақындық айналасы 
жайында әдебиетте мол дерек бар ғой. Ал Абай әндерін 
үйреніп, айтып, алыс-жақын атырапқа жайып, таратып 
отырған музыкалық маңы болғандығын да тарих дәлелдейді. 
Абайдың өз баласы Әбдірахман скрипкашы, Ақылбай әнші 
де композитор, әйелі Әйгерім асқан әнші т.т... «Олар Абай 
шығарған әндердің тек тыңдаушысы, қошеметшісі емес, ол 
әндерді бабына келтіріп орындаушы және Абай тәрбиесі 
арқылы әдебиетте, музыкада әрбір жаңалықтың басы қылт 
ете қалса, соған өңмендерін созып, түсінуге, баурауға, 
айналаға үйретуге... даяр кісілер... Абай «ұйымдастырған» 
поэзияда, музыкада жаңа, өткір тіл, ұнамды үн, қолайлы 
ырғақ іздеу, тәжірибе жүргізу «лабораториясының» 
белсенді «мүшелері»...
Абайдың ән шығарғыштық, музыкалық өнерін автор 
осылай төрт-бес түйіннен тізеді де, бірқатар жерде 
теориялық талдау жағына ойысады. Әсіресе Абайдың әнге, 
әуенге, музыкаға қоятын талабы мен талғамын, түсінігі мен 
түйгенін, эстетикалық көзқарасын тәптіштеп, ұғынықты 
тілде әсерлі әңгімелейді. Ұлы ақынның композиторлық 
еңбегін  артық айтылған, кем кеткен «былғаныш» 
бағалардан  ғылым  негізінде қорғайды. 
Біз екі нәрсені ескерткенді құп көрдік. Біріншісі – 
Абайдың жоғарыдағыдай қасиетке ие, бөлекше өлшем, 
өзгеше ырғақ, бұрын кездеспеген әуендегі әндеріне әдемі 
талдау жетпейді, тіпті ұшты-күйлі жоқ десе де болғандай. 
«Құлагер» мен «Қорлан», «Бала Ораз» бен «Бозторғай» 
қандай жақсы баяндалған. Оқушы ол тұстарда автормен 
қатарласып, оқиғаның қалың ортасында отырмаушы ма 
еді. Абай әндерін де неге солай елти тыңдап, қосыла неге 
салмасқа? Авторлық   маңы (авторша айтқанда – «Қамаушы») 
жайында жалпыламалық, жүдеубастық байқалады. 

377
Әбдірахман, Ақылбай, Әйгерім, Әлмағамбет, Мұха тізбектің 
ішінде «Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжыған» әсерлі 
ән арқылы жылы жүректі неге қозғалтпасқа?! Екіншіден, 
Абайдың музыка әндері әрқайсысы немен қадірлі, қандай 
өнер қырымен үлгілі деген сұрауға жауап таппайсың. Абай 
әндерінің ішінде ерекше аталатыны – «Татьяна хаты» 
ғой. Татьяна хатын алғаш рет ауыл-аймаққа таратқан 
өзге емес, өз туысы Майбасардың Мұхаметжаны (1852-
1917). Ел ішінде Мұхаметжан шығарды деген ондаған ән 
бар. «Сарғайып сары белден таң атады» деп басталатын 
өлең де, соған орай ән де сол Мұхаметжандікі. Немесе 
Мұханы алайық. Қайым Мұхамедханов «Абай төңірегіндегі 
ақындар» атты еңбегінде: «... Мұха тек қана музыкант емес, 
скрипкаға, домбыраға қосылып ән де салатын болады. Абай 
Мұхаға өз балаларын, ауылдағы жастарды музыка өнеріне 
үйреттірді!» – деп жазды. Ол «Дунай толқындарын» 
скрипкада ойнағанда таңдай қақпаған адам кем де кем 
болса керек. Соған лайықтап өзі өлең шығарып скрипкаға 
қосылып ән ғып шырқайды екен. Өлеңнің екі шумағын 
келтірейік: 
... Тал көктен, қайың ақтан киім киіп, 
Керіліп, кербезденіп, басын иіп, 
Басына шырмауықтан үкі тағып,
Шолпысы сылдырайды жерге тиіп. 
Кенге көңлім толып, Абай аға,
Берерсің өз көзіңмен көріп баға; 
Ең үстін домбыраның әнге күйлеп
Қол соқтым «Дунайские волнаға». 
Бұл Затаевич жаңсақ айтқандай, топас марш пен 
жылайман романстан бастап төмен сапалы орыстың 
дилетанттық музыкасымен таныстық емес, мәдениетті, 
соқталы музыкамен таныстықтың нәтижесі саналмақ: 
Дунайдың мыңға жуық әуел басы,
Пенденің толқынға ұқсас өткен жасы,
Емлесін дәл басқанға сүйсініп,
Еміреніп күйге түсті ыхласы...
Сайрауық тамам құстар тұрды тыңдап,
Бір-бірін үндеме деп баспен ымдап,
Гуляйтта көлбектеген көкше құстар

378
Құйылды күй тыңдауға көктен зымғай.
Ұшқан құс, жүгірген аң ол кеңесті,
Қамығып қалың орман қайғы жесті
Күйменен көңіл дертін күйіндірген
Бейшара неткен мұңлы адам десті. 
Халықтық негізде дамыған Абай музыкасы. Абай 
әуендері орыстың озғын мәдениетімен сусындағанын 
бұл да дәлелдей түспек. Ақылбайға келейік. Ол да ән 
шығарған. «Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға», «Матай да 
алыс бірқатар жер деген соң» атты әндері ел ішінде әлі де 
айтылады. Біреуін Кәукен Кенжетаев та әдемі орындайды. 
Ал осы Ақылбай музыкалық сауаты бар адам болған. Ол 
бұлбұлдың сайрауын «квинтадай үнін түзеп шырқатады» 
деп бейнелейді. Бұлбұл даусын скрипканың ең жоғарғы 
тонды, ең нәзік бірінші ішегінің үніне, квинтаға салыстырып 
жырлау Ақылбайдың ақындық, музыкалық мәдениетін 
аңғартады. Міне, осы жайларды аша түссе,  Абайға арналған 
бөлім бұдан да гөрі әрлене, ажарлана көрінер еді. 
Кітапта асқан әншілік, композиторлық және ақындық 
өнерді бойларына түгел жиған атышулы өрендерден басқа 
бірқатар әнші-орындаушылар туралы да арнайы очерктер 
берілген. Автор Әміре, Қали, Жүсіпбек, Қуан, Манарбек, 
Ғарифолла, Әли тәрізді атақты әншілердің творчестволық 
келбетін жасай отырып, олардың әр композитордың 
әрбір шығармасын  орындау үстіндегі өздеріне хас ерек-
шеліктерін, әр әнді шын суреткерше ұғынып, топшылап 
барлап барып айтатынын әсерлі баяндап, айқын елестете 
алған. 
Сол сияқты, қосымша тарауда да бірталай әншілер 
жайында әралуан деректер беріліпті. Ең болмағанда сол 
әншілер өмірінің эпизоды немесе өнерінің бір қыры 
зердеңде ұмытылмастай боп қалып қояды. Бұл да кітаптан 
алған жалын әсеріңді байыта, молықтыра түседі. 
Осындай ұлан-ғайыр, күрделі еңбекті жазу үстінде 
автор өзінен бұрынғы және өзімен тұстас зерттеушілердің, 
ғылыми экспедициялар мен жекелеген адамдардың 
материалдарын, ой-пікірлерін мол қамтып отырған. 
Кітаптың ең соңғы тарауында ол мұны сап-сабымен, 
нақтылы аңғартқан. Бұл да оның зерттеуші-ғалым ретіндегі 
объективтілігін, ағынан жарылған әділдігін айтпай аңдатса 
керек.

379
Еңбектің осы қалай дерлік кейбір жәйттерін жол-
жөнекей атай отырып, соған қоса мына бір жайларды 
да айтуға болар еді. Автордың салқын да салғырт 
«академизмнен» бойын аулақ салып, қаламды жазушыша 
сілтейтінін ескертеміз. Бұл–осы кітаптың ең бағалы, 
бірегей қасиеттерінің бірі. Сонымен бірге осы орайда 
автордың жаңағы тәсілге құлай беріліп, ара-тұра схемаға 
ұрынған мезеттер де бар. Айталық, Біржан сал жайындағы 
бөлім 1865 жылдың жазында Көкшетау елінің Омбыдан 
келетін генерал-губернаторды күтіп алмақ боп, «шала 
бүлініп» жатқан әбігер халін баяндаудан басталады. 
Оқырман сол кездің әлдеқандай бір елестерін өз көзімен 
көріп өткендей болады. Сонымен бірге автор Біржанның 
«Жанбота» тәрізді тамаша әні қандай жағдайда, қалай 
туғанын да осы эпизод арқылы аңдатады. Тұтастай алғанда, 
бұл бір көрініске, іс-әрекетке толы, шын өнер иесінің 
шамырқанып, «шарт сынған», буырқанған сәтін сездіретін 
эпизод. Бірақ автор осылайша белгілі бір эпизодты, оқиғаны 
баяндау арқылы бастап кету тәсілін кейін Ақан, Мұхит, 
Балуан Шолақ, Мәди, Ыбырай, Құлтума, Сары, Естай, 
Әсет, Қосымжан, Темірболат, Жүсіпбек, Қуан, Манарбек, 
Ғарифолла жайындағы тарауларда да пайдаланған. 
Бірсарындылық, тым ұқсастық сезіледі. Әли жайындағы 
ең соңғы очерк те осылай басталыпты. Айтпақшы, «Әли 
жайындағы» демекші – осы очерктің екі-үш бетінде 
«болып», «болған», «болды» деген тәрізді етістіктерді елу-
алпыс рет қайталайды екен. Бұл ретте өкпені сөз болып 
отырған осы кітаптың редакторы Қ.Көпішевке ең алдымен 
айту қажет. Өйткені осыншама үлкен еңбекті жазу үстінде 
автордың ара-тұра байқамай кеткен тұстарын оның 
аңғаруы, қалам ұшын тигізіп отыруы керек еді. 
Автор ел арасына кең таралған «Қалқа» әнін қарт ақын 
Қалқа Жапсарбаевтікі деп келеді де, одан әрі: «Осы бір 
әннің өзі Қалқаның атын оның өлеңдері мен дастандары 
жетпеген жерге жеткізді» (296 бет), – деп жазады. Мұнда 
біраз дұрыстық бар. Осы ән Қалқанікі деген лақап сөз қар» 
ақынның атын өте-мөте дабырайтып жібергені рас. Бірақ 
сол әнді Қалқа шығарды дегенге біздің шүбәмыз да бар. 
Ең алдымен, мұнда «Қалқа» деп әннің авторы өзін емес, 
өзі сүйген қызды сағынған дығын айтады. Бұған өлеңнің:

380
Бұл әннің кім біледі аты «Қалқа»
Қалқаны сағындым ғой айта-айта.
Қолға алып домбыраны толғағанда,
Тырнақта сау қалған жоқ тарта-тарта, –
деген алғашқы шумағы дәлел бола алады. Әйтпесе, ән авторы 
өзін-өзі «қалқа» деп еркелетпесе, әнге қоспаса керек. Оның 
үстіне «Қалқа» тәрізді тамаша ән шығарған өнер иесінің бір 
әнмен ғана тоқырап, тынып қалуы мүмкін емес. Ал Қалқа 
Жапсарбаевтың басқа ән шығарғанын ешкім білмейді (Әлі 
күнге дейін өзінің де көзі тірі). Осыған орай кезінде «Қалқа» 
әнін Иса шығарған деген М.Әуезов, С.Бегалин сияқты 
аға жазушылардың пікіріне біз де көбірек ойысамыз, ден 
қоямыз.
Кітапта өмірі мен творчествосы арнайы очеркте 
талдануға тұрарлық Иса, Ғазиз, Жарылғапберлі және басқа 
да бірталай әнші-композиторлар жайы тек «Қосымшада» 
ғана айтылған. Автордың қолындағы материал тапшы болды 
ма әлде кітап көлемін үлкейте түсуге мүмкіндік болмады 
ма екен – кім білсін? Қайткен күнде де  жоғарыда аталған  
атақты әнші-композиторлар творчествосы лайықты баға-
сын алуға тиіс еді.
Қалыптасып кеткен «салт» бойынша, біз де мақаланың 
соңында кітаптың кейбір мін-мүліктерін атап кетіп 
жатырмыз. Жіті көзге ондай ұсақ жәйттер әлі шалына беруі 
ықтимал. Бірақ гәп онда емес. Проф. Ахмет Жұбановтың 
кітабы көз майын тауысып, сарыла оқитын санаулы 
зерттеушілер қауымына емес, сан мыңдаған оқырмандар 
жұртшылығына арналған әрі солардың жан-жүрегіне тура 
жол тапқан еңбек. Кітаптың өмір танытқыштық қасиеті де, 
көркемдік әсері де өте күшті. Өйткені автор көргені мен 
түйгенін, аңдағаны мен сезгенін жалаң баяндамайды, шын 
шабытты ақынша толғанады. Оның бояулы суреттерінен үн 
естігендей, ал майда қоңыр, жұмсақ үнінен сурет көргендей 
әсер аласың. 
Бұдан біраз жыл бұрын А.Жұбановтың «Ғасырлар 
пернесі» атты кітабы шыққан-ды. Онда қазақтың арғы-
бергі күйшілерінің өнері, өнерпаздық жолы баяндалатын. 
Ал соңғы кітап әнші-бұлбұлдар жайына арналған. Осы екі 
кітап қосыла келіп, халқының қолтума музыкалық өнерінің, 
сол өнердің өрен иелерінің арғы-бергі тарихының көркем 
де шыншыл шежіресін құрайтындығы хақ.

А.Жұбанов – советтік қазақ халқының музыка өнерін 
жасаушылардың, жаңғыртушылардың бірі. Ал оның сол 
өнерді зерттеу саласындағы еңбегі тіпті ұшан-теңіз. Сан-
сан ғалымдар, сан-сан зерттеушілер қосылып атқарар 
ұлан-ғайыр істің ол жалғыз өзі рөлін атқарып жүр. Бұл – 
білімдарлық  пен  еңбекқорлықтың  ғана  емес, сонымен 
бірге елі-жұртын, туған халқының өнерін қалтқысыз 
жүректен сүйе білудің әрі сүйдіре білудің де белгісі. Ән 
жайындағы, әншілер жайындағы бұл кітаптың өзі де ән 
сияқты. Соны қайталап тыңдағың, қайталап оқығың келе 
береді.

Мазмұны
Ақан сері Қорамсаұлы ............................................................................5
Ақын мұрасы ......................................................................................... 27
Майталман лирик ................................................................................. 48
Ерлік пен елдік жаршысы ................................................................... 53
Жемісті жол .......................................................................................... 70
Жанр табиғаты ..................................................................................... 89
Каһарлы күндер тынысы  ................................................................  108
Асқақ дауысты ақын  ........................................................................  121 
Самал жел  ..........................................................................................  137
Достық лебіз  ......................................................................................  142
Шығарма және оны өндеу  ..............................................................  158
Іс-әрекет пафосы  ..............................................................................  177
Абайды қайта-қайта оқығанда  .......................................................  187
Жазушы және кейіпкер  ..................................................................  203
Есею кепілі  .........................................................................................  257
Жыр алыбы  .......................................................................................  269
Жылдар-ойлар  ..................................................................................  283
Махаббат хикаясы  ............................................................................  298
Уақыт және поэзия  ...........................................................................  301
Әлем әдебиетінің асқары   ...............................................................  320
Ұлы бейне  ...........................................................................................  324 
Маяковский және қазақ совет поэзиясы  .....................................  328
Тарас    Шевченко  және   қазақ   әдебиеті  ...................................  351
Сайрап өткен бұлбұлдар  .................................................................  365

Айқын Нұрқатов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
   2-том
  
  
Редакторы   Ш.Рақымбекова
  Корректоры Ш.Жамықаева
Суретшісі   Е. Қожабаев
                          Компьютерде беттеген Ж.Дәуренбекова.

                                   
                                
                                      ИБ № 992
        
        
  Басуға 10.06.2013ж. қол қойылды. Пішімі 84х108
1
/
32  
 
Шартты баспа табағы 20,0. Көлемі 24,0 б.т. Таралымы:
Мемлекеттік тапсырыс есебінен 2000 дана+баспа есебі-
нен 150 дана. Тапсырыс №
                           «Ана тілі» баспасы ЖШС,
           050009, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй,
                                      тел: 394-38-20


1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал