Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет21/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

ТАРАС  ШЕВЧЕНКО  ЖӘНЕ  ҚАЗАҚ  ӘДЕБИЕТІ
 
Украина халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың 
туғанына бір жарым ғасыр болды. Бұл күнді бүкіл айдай 
әлем мерекелеуде. Бұл, әрине, тегін емес. Өйткені қазақтың 
атақты жазушысы М.Әуезов айтқандай, Тарас Шевченко– 
адамзат нәсілдерінің ішіндегі Үркердей қасиетті тобына 
қосылатын адам. Ол өз халқының өткен тарихының жарқын 
қорытындысы және сол халқының болашаққа мегзеген ұлы 
үмітінің, шабытты қайрат-қуатының жиын тұлғасы. Ол сан 
буын бабалар, аталар замандарының обзары атаулысының 
мұңға толы үндеріне құлақ салған, солардың ойларымен 
сиқырланған. Ғасырлар бойында үн салған ішектердің 
күйлерін өз жанына сіңірген ақын. Туған жақынын, 
азаттықты сүйген жанын құл етуші, кесір-кердең шляхта 
атаулыға және Россия патшаларына қарсы арналған асыл 
арманының барлығын өзінің сезімтал, ереуілшіл жүрегіне 
жиған жан осы ақын болады.
Шевченко өз халқының ақындық даналығын сақтап 
келген батырлық қуаттың, ғасырлар бойында мүлгіп 
келген қуаттың жаршы-жыршысы болған. Ғазапқа толы 
махаббатын Шевченколық оймен, ғажайып лирикамен, бар 
пәрменімен данышпандық түрде жырлай білген және осы 
ақын. Көркем сөздің асқан шеберінің бұл ойлары ұлы ақын 
поэзиясының қат-қат қырларын ғана емес, тереңде жатқан 
сырларын, өлмес-өшпес қасиетін де соншалықты жақсы 
аңғартады. 
Әдетте, адам баласының ересен ерлігі, ғажайып рухани 
қайрат-қажыры жайында сөз бола қалса, біз ежелгі грек 
аңыздарының айтулы қаһармандарын, қайта туу дәуірінің 
кемеңгер қайраткерлерін ең алдымен еске аламыз... 
Шынтуайттап келгенде, адам баласының асыл арманын, 
алып арманын арқалап өткен, сол жолда ұйқы бөліп, 
қайғы алған, қисапсыз қайрат жұмсаған қаһармандар қай 
халықтың болсын өткендегі тарихынан ұшырасады. Олар 
жайында халық ғасырлар бойына небір тамаша аңыздар 
таратып келген. Мұндай аңыздар қазақ халқында да көп.
Әділет пен ізгілікті көкірегі қарс айырылып аңсаған 
қазақ халқы өзінің талапсыз, бақсыз тағдырына ортақтас 
болған украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченко 
жайында, яғни «Таразы ақын» жайында да тамаша аңыздар 
шығарған. Ақын барлық халықты да бауырым деп санаған. 
Сондықтан оны Таразы ақын деп атаған. Өйткені ол 

352
таразыдай әділ болған. Сөйтіп, тілін түсінбесе де, Тарас 
еңірегендер мен езілгендердің мұңдары екенін қазақ халқы 
жүрегімен ұғынған. 
Тарас Шевченконың қайтыс болғанына ғасырдан астам 
уақыт өтті. Тарихи даму тұрғысынан бағдарлап қарағанда 
бұл өте ұзақ уақыт. Содан бері талай ұрпақ алмасты. Олар 
небір ұлан-асыр өзгерістерді бастан кешірді, талай-талай 
ғажайып оқиғалардың тарихи сілкінулердің, әлеуметтік 
жаңарулардың куәгері болды. Ақынның бір кезде зар 
илеген ел-жұрты еркін өмір құшағына енді, ол аңсаған 
азаттық – алыс арманы шындыққа айналды. Ал оның 
жалынды жырлары әлі де сол балғын, отты күйінде, туған 
халқымен бірге жасап келеді. Арада жатқан тұтас бір ғасыр 
ақын жырларын көнерте алмапты, қайта уақыт шалғайлығы 
оның саф асылын аша, жарқырата түскендей.
Тарас Григорьевич Шевченко 1814 жылы 9 мартта Киев 
губерниясындағы Моринцы деген деревняда басыбайлы 
шаруаның семьясында дүниеге келді. Болашақ ұлы 
ақын жоқшылық тұрмыстың тақсіретін ерте тартады. 
Жастайынан жетім қалған қаршадай бала бақташы болады, 
әркімге бір жалданады. Тарас он жеті жасқа толғанда оны 
жалдап алған помещик Петербургқа көшіп барады. Сонда 
ақын Жуковскиймен және атақты суретші К.Брюлловпен 
танысады. Бұл достары қаржы жинап, Тарас Шевченконың 
өз басын басыбайлылық бұғаудан құтқарады. Ол 
Суретшілер академиясында оқиды. Сонымен бірге оның 
бойында ақындық қуат бұрқырап оянады. Ол енді талайдан 
бері азап шегіп, қорлық көрген халқының жыршысы, оның 
еркіндікке ұмтылған қажырлы талабын білдіруші болады. 
Халықтың аңыз-ертегілерін, өлең-жырын Тарас 
жастайынан бойына мол сіңіріп өседі. Бақытсыз балалық 
шақ, аяусыз азапта өткен ауыр жылдар оның жүрегіне 
ұялаған сол сезімдерді суыта, әлсірете алмайды. Бұл оның 
творчествосына да ерекше әсер етеді. «Азаттықты сезініп, 
адамгершіліктің алғашқы сәулесін көзі шалысымен-ақ, – 
деп көрсетті Добролюбов, – бар жан-тәнімен өзінің сорлы 
Отанына қарай құшырлана ұмтылды, оның аңыздарын еске 
алды, ән-жырын қайталап айтты, оның өмірі мен табиғатын 
көз алдына елестетіп отырады. Ол Пушкин, Лермонтов, 
Байронның өлеңдерін, Гоголь шығармаларын да бас қоя
ынтыға оқиды. 
Тарас Шевченконың творчествосының алғашқы 
кезеңінде жазған туындыларының ішінен оның «Катерина» 
поэмасы мен «Ой» атты даңқты өлеңі ерекше орын алады. 

353
Алғашқы шығармасында ақын бақытсыздыққа ұшыраған 
Катеринаның, басыбайлы шаруа семьясының аянышты 
халін суреттей отырып, өз халқының трагедиялы тағдырын 
қоса баян етті. Халықтан шыққан қарапайым жандардың 
бақытқа, азаттыққа жету жолындағы күреске құштарлығы 
поэмада жанды образдар арқылы бейнеленген.
Халық бақытын арман ету сарыны–Шевченко творчест-
восының үзілмес арқауы, өзекті желісі. Ол бұл тақырыпқа 
әрдайым қайталап оралып отырды. Өйткені, жеке бастың 
рақат-тыныштығын қызықтамай, туған елінің тағдыры 
жайында толғанған ақынның осылайша егіле, емірене жыр 
шертпеуі мүмкін емес еді. Тіпті, қиян-қиырда, шетелде 
жер ауып, айдалып жүрген қысталаң шақтарда да ол ой-
арманымен сол халқының арасында жүрді, соның мұңын 
мұңдап, шерін шерледі:
Жат өлкеде қартайдым мен,
Өстім жат боп, жат елде.
Жоқ сияқты еш жақсылық
Жат боп жалғыз жүргенде.
Мүскін, ғарып Днепрмен
Кең байтақты жерімде
Бар сияқты шын жақсылық
Өзің жоқта сол елде...
Бұл өз елінде жақсылық болуын аңсаған абзал ақынның 
қасиетті ойы ғана еді. Әйтпесе ол саяси жағынан азат 
болмай тұрып, халықтың қолы шын бақытқа, жаңа 
дәуренге жетпейтінін өте терең түсінді. Сондықтан да 
патриот ақын тұрған Украинадан билеп-төстеушілердің 
ізі-түзі қалмай құрып кетуін қалады, жалын атқан шыншыл 
да сыршыл жырларының жойқын күшін, уытын соларға 
қарсы жұмсады. Қытымыр тәртіп пен өктемділік бар өлкені 
тұтас тұмшалап алғаны ақын жанына, әсіресе, қатты батты. 
Оның «шиыршық атып толғанған» бұл ойлары тағы да өлең 
жолдарына құйылды:
Жалғыз ғана бір жер емес,
Барлық өлке-жерімде:
Сұмдардан ел киген қамыт,
Бас ұсынған өлімге.
Өте жаман қасіретті
Бұл далада текке өлу.
Одан да ауыр Украинада
Көру, шыдау, күңірену.

354
Днепрдің нәрестедей
Емшек емген тойынған.
Сүйеді ол Украинаны
Көгереді ел бойынан.
Сол өсетін көгеретін
Шаттанар ед елі де – 
Қалмаса ізі мырзалардан
Украинаның жерінде.
Ақын бұл өлеңін Қосаралда айдауда жүргенде шығарған.
Творчестволық сапарының алғашқы кезеңдерінен 
бастап-ақ Шевченко нағыз халықтық гуманизмді бекем 
ұстанды. Оның алдауға түскен сорлы Катеринаның 
тағдырын, шаруалар өмірін, дүние кезіп, зар илеген 
Перебенданы, соқыр жыршыны іш тарта жан аши 
отырып суреттеуі осыны көрсетеді. Ақынның алғашқы 
кездегі лирикасында қасіретке берілу, жабығу сарындары 
әлеуметтік  теңсіздіктерге қарсылық идеяларымен арала-
сып, ұштасып келіп отырады. Ол қарапайым жандардың 
азапқа толы өмірінің ащы шындығын әдебиетке өзімен 
бірге ала келді.
Басыбайлылық бұғаудан босанғаннан кейін Шевченко 
өз өлеңдерін ұқыптап жинай бастайды. 1840 жылы 
солардың басын құрап «Кобзарь» деген атпен жеке кітап 
етіп шығарады. Бұл жинақ тез уақыттың ішінде-ақ украин 
халқының қасиет тұтып оқитын ең бір сүйікті кітабына 
айналып кетеді.
Украин халқының ерлікке, патриоттық қимылға толы 
өткен өмірінің көріністері де ақын қаламынан қағыс қалған 
жоқ. Оның «Иван Подкова» (1839), «Тарас түні» (1839), 
«Гайдамактар» (1841), «Гамалия» (1842) атты поэмалары 
осы тақырыпқа арналған. Ақын тарих тереңіне үңілгенде 
Пушкин мен Гогольдің тамаша дәстүрлеріне сүйенеді. 
Оның шығармалары халықтың азаттық жолындағы 
күресінің пафосы мен ерлік рухына толы. Добролюбовтың 
тауып айтқанындай, Шевченко ержүрек ата-тегінің 
батырлық қимылдарын қасіретті қуанышпен еске алады. 
Бірақ оның қасіреті өкіну, аһ ұру емес. Онда өз кезіндегі 
замандастарына көп ой аңғарталық терең астар бар.
Шевченко тарихи өткеннен дауылды оқиғаларды 
әдейі таңдап алды және соны өзінің революцияшыл 
идеяларына қабыстыра   отырып  жырлады. Сөйтіп, тарихи 
поэмаларында да ақын өз халқынан, оның тағдыры мен 

355
өмірінен көз жазбады, ең абзал сезімдерін соған арнады. 
Сондықтан да Добролюбов былай деп жазды: «Ол өзінің 
Украинасына назар салмай, есінде қалған қасиетті ізгілікке, 
өмірдің қысталаң да бұлыңғыр сәттерінде өзін сергітіп, 
жанын жылытқан нәрсеге бойда барын қайтарусыз 
арнамай тұра алмады... Ол өзінің алғашқы шағына, өзінің 
Украинасына адал, айнымас күйінде қалды».
Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының бас кезінде 
Шевченко өзінің ащы ажуаға толы уытты сатиралық 
шығармаларын және «Қалыңдық», «Никита Гайдай», 
«Назар Стодоля» атты драмаларын жазады, орыс тілінде 
екі поэма шығарады. Шевченконың драматургтік таланты 
оның «Назар Стодоля» атты драмасында әсіресе айқын 
белгі берді.
Шевченконың «Никита Гайдай» драмасы тарихи 
тақырыпқа арналған. Онда украин халқының атақты 
мемлекет қайраткері даңқты қолбасшысы, орыс және 
украин халықтарының басын қайта қосу жолындағы 
күрескер Богдан Хмельницкий дәуіріндегі болған оқиғалар 
суреттелген. Драматург славян халықтарының достығын, 
қарапайым еңбек адамдарының бауырластығын, олардың 
азаттықты аңсаған арманын драма желісінің негізгі өзегі 
еткен.
Драмалық шығармаларының басты-басты арқауын 
құрған оқиғаларды тарихи өткеннен алса да, Тарас 
Шевченко соларды өз дәуірінің талабына орайластыра 
отырып бейнеледі. Ол мұны өзінің халықты күреске 
шақырған революцияшыл идеяларын бұқараға жеткізудің, 
таратудың көлегейлі бір жолы деп білді және нәзік 
шеберлікпен пайдалана алды.
Оның сондай шығармаларының бірі– жоғарыда аталған 
«Назар Стодоля» драмасы. Шевченко бұл драмасын көзі 
тірісінде бастыра алмайды. «Назар Стодоля» тек авторы 
қайтыс болғаннан кейін барып қана жарық көреді. Бұл 
драманың сахналық өмірі де қызық, әріден басталады. 
1877 жылы Москваның Кіші театрында сахнаға шыққан 
«Назар Стодоля» драмасы бұл күнде совет театрларының 
репертуарында да бекем орнықты. Бұл драма қазақ тіліне 
аударылды, бірталай облыстық театрлардың сахнасында 
қойылып, сан мыңдаған жаңа көрермендер тапты. 
Сөйтіп, күрескер ақынның поэзиясына қоса драмалық 
шығармалары да қазақ оқушысының жүрегіне жол тапты, 
жақын бола түсті.
Ақынның драмалары халықтың азаттық жолындағы 

356
күресі мен патриоттық қимылдарының мұқалмас рухына 
толы. Сонымен бірге олар Шевченконың көзқарасындағы 
ілгерілеуді де анық байқатады. Туған халқының өткеніне 
нағыз суреткерлік құштарлықпен жіті үңілген ақын тарихи 
поэмалары сияқты, драмаларында да халықтан дербес, 
шалғай тұрған жеке-дара кейіпкерлерді суреттемейді. 
Қайта, оның драмасының қаһармандары халықпен етене 
туысып табысып кеткен, мүддесін жан-тәнімен қорғайтын 
адамдар болып бейнеленеді.
1845 жылы Шевченко Суретшілер академиясын алтын 
медальмен бітіріп шығады. Бірақ ол Петербургта қалмай, 
өзінің туған еліне қайтады. Археографиялық комиссияның 
қызметкері ретінде ақын Украинаның көп жерлерін шарлап 
аралайды, халықтың тіршілігімен, мұң-мұқтажымен 
жақын танысады. Соның нәтижесінде жазған «Бұғаудағы 
адам», «Суық Яр», «Өліктерге һәм тірілерге», «Өсиет» 
сияқты шығармаларында ақын басыбайлы шаруалардың 
феодалдық-крепостнойлық құрылысқа, адамды адам езіп 
қанауға, әлеуметтік әділетсіздікке деген кекті қарсылығы 
мен ашу-ызасын тұпа-тура, ашықтан-ашық білдірді.
Революция дауылы сұрапыл күшпен соғуын арман 
етіп аңсаған ақынның шығармаларында сол кездегі 
қоғамдық құрылысқа қарсылық тақырыбы бұдан да айқын 
көрініс тапқан болатын. Бұл ретте оның «Түс» (1844) атты 
поэмасын ең алдымен атауға керек. Поэманың жазылуына 
түрткі болған себептерді кейін 1847 жылы тұтқынға алғанда 
берген жауабында ақынның өзі былайша түсіндіреді: 
«Үкімет пен билеуші тақсырдың атына айтылатын 
қарсылық пен ащы сөзді Петербургте кез-келген жерде 
есіткен едім. Малороссияға қайтып барғанда мен жастар 
мен егде тартқан адамдардың арасында одан да ауыр сөз 
айтылатынын естідім. Мен шаруалардың титықтап қаналуы 
мен қайыршылануын өз көзіммен көрдім... және соның 
бәрі үкіметтің, билеуші тақсырдың атымен жасалады».
Өзінің батыл да өр, сыншыл ойларын оқушыға молырақ 
жеткізу үшін, ащы шындықты ақтара ашу үшін ақын бұл 
поэмасында тұспал түріндегі форманы шебер қолданған. 
Сырттай қарағанда ақын түсінде көрген оқиғаларын 
баяндайтын тәрізді болып көрінгенімен, үңіле көз салсақ, 
оның сол кездегі әлеуметтік құрылысты, патшалық 
самодержавиенің  қаталдығы мен тағылығын тып-типыл 
етіп әшкерелегенін көреміз. Халықты жегідей жеген, тіпті, 
бір туған жақындарына да иненің жасуындай қайырымы 
жоқ, қара жүрек, қатыгез жандарды ақын былайша шенейді:

357
...Бір бұрышта тұрады да,
Жасырынып туғанына
Пышақты өткір сұғуға ынтық.
Оның өзі жайлап қана
Жылы жүзбен жолыққандай,
Тәңіріден қорыққандай,
Мысықтайын бұғып өтіп,
Сәті түсер кезең күтіп,
Бір орайлы тар кезеңде,
Жез тырнағын түйрелдіре
Салмақ адам жүрегіне.
Осындай  қорқау ортада қалжыраған, шаршап шалдық-
қан ақын өзінің ар-ұжданына арнап тіл қатады. Егіліп 
жылай берме, мұңайып жасығанша, айналаңа көз салып, 
қарман деген ой тастайды. Сөйтіп, ол жердегі дүниені 
тастап, шырқап аспанға ұшып кетуді арман етеді:
Естілмей ме елдің зары,
Жан-жағыңа қара тұрып.
Ұшамын мен көкке биік,
Ұшамын мен бұлттан әрі
Онда тіпті ешнәрсе жоқ,
Күлкі, қайғы ештемесін
Онда тіпті естімейсің.
Көкке көз салғанмен, ақын жердегі тіршіліктен, оның 
тайталас-тартысынан бой тартып, іргесін аулақ салып 
отырған жоқ. Өйткені бұл революционер-ақынның 
саяси көзқарасына, идеялық нысанасына, негізгі бағыт-
бағдарына, эстетикалық идеялына қарама-қайшы келер еді. 
Барлап қарасақ, ақын көк жүзін шарлап, сағым қумайды, 
бұлдыр   елеске  берілмейді. Оның көксейтіні– халықты 
езіп-жаншитын үкіметі жоқ, азабы мен бейнеті жоқ ел, 
жайлы мекен. Әрине, ақын қиялы қаншама шарқ ұрғанымен, 
ол мұндай жер-мекенді таба алмайды. Бұл поэма ақынның 
өз тілімен айтқанда қаналып отырған Украинаның қанды 
шежіресі іспетті.
Поэманың   әлеуметтік    тынысы   мен     идеялық   ба-
ғы   ты бұдан айқын сезіледі. Шындығында да, ақын ның 
замандастарына бұл сатиралық шығарманың револю-
цияшыл рухын жақсы аңғартады. Патша жандармдары оны 
«қылмысты шығарма» ретінде санады, сол кездегі  I Николай 
патшаны масқаралап, қорлау деп білді. Ал, шындығында, 
«Түстің» уыты бұдан да өткір, маңызы бұдан да терең еді.

358
Ақынның аталған «Өліктерге һәм тірілерге», 
«Өсиет» атты өлеңдерінде бұл сарын күшейе түседі. Ол 
революцияшыл ойларын тұспал түрінде бейнелеп айтпай, 
ашықтан-ашық жария етеді. Өзінің ақындық ескерткіші 
ретінде бағаланатын «Өсиетте» Шевченко туған халқы 
билеп-төстеушілерді талқан қылатынын, мұратына жете ті-
нін, сол шақта ақын-ұлын қадірлеп еске алатынын былайша 
білдіреді:
Аттаныңдар көмгесін,
Үзіңдер бұғау темірді!
Жау қанымен суғарып,
Көгертіңдер өмірді!
Мені де Ұлы Отанда
Жаңа ел – үлкен өлкемде
Ескеріңдер ұмытпай
Шапағатпен әр кезде!
Туған елі-жұртының азат болуын аңсаған ақын басқа 
халықтардың да емін-еркін өмір сүруін көксейді. Оның 
«Кавказ» атты поэмасы халықтардың бостандыққа 
ұмтылған осындай қажырлы беталысын, олардың бірлігі 
мен ерлігін мадақтап, ардақ тұту сарынына толы.
Өзінің шығармаларында ашықтан-ашық революцияшыл 
бағыт ұстаған, қалың бұқараны күреске үндеп жар 
салған ақынды патшалық самодержавиенің жендеттері 
бұрынғыдан бетер қуғынға ұшыратты. Ақыры, 1847 
жылы 5 апрельде, Днепр өзенінен жүзіп өтіп бара жатқан 
Шевченконы олар тұтқынға алады. Патшаның тікелей 
бұйрығымен сол жылдың жазында қол-аяғы бұғаулы ақын 
Орынбор қаласына әкелінеді. Оның көркем шығарма 
жазуына, сурет салуына мүлдем рұқсат етілмейді, қатаң 
тыйым салынады. Аса зор талант иесіне бұл небір ауыр 
жазадан бетер соққы болып тиеді. Өзінің «Күнделігінде» 
Шевченко бұл жайында соншалықты ызалана, торыға 
жазады.
Қаншама азапқа салып, аяусыз қудалағанмен, патша 
азамат-ақынның жалынды жігерін жасыта алмады. 
Оның тағылыққа, әділетсіздікке деген кекті қарсылығы 
бұрынғыдан да күшейе, өрши түсті. Көп кешікпей оны 
Орынбордан Жаманқалаға (Орск бекінісі) аударады. 
Казармалық ауыр тәртіпке, қатаң тыйымға қарамастан 
Шевченко мұнда да творчестводан қол үзбейді, жанын 
жеген ащы мұңын, аяулы ойларын жыр жолдарына құйып, 
жасырын сақтайды, сурет салады. Бұл оған өте қиынға 

359
түседі.  Достарына   жазған   бір   хатында   ол  былай   дейді:
«...ауыр, соншалықты ауыр! Оның үстіне маған жазуға 
(хаттан басқа) қатаң тыйым салынған. Ал, мұнда соны 
нәрселер көп-ақ, қазақтар сондай әсем, соншалықты 
өзгеше әрі баладай аңқау. Тек суретке түсіре бер! Оларды 
көргенде мен тебіренбей қалмаймын... Сендерге қызық та, 
соны суретті қаншалықты көп жіберген болар ем, бірақ, 
амалым не? Ал, көріп тұрып, сурет салмау – барып тұрған 
азап. Оны нағыз суретші ғана түсінеді». Бұл ойын жүзеге 
асыруға Шевченко кейін аз-мұз мүмкіндік табады. 
1848 жылы Арал теңізін зерттеуге арналған ғылыми 
экспедиция құрылады. Оны басқарушы капитан-лейтенант 
А.И.Бутаков Арал маңының көріністерін суретке салдырып 
алу үшін экспедициясының құрамына Шевченконы 
да қосады. Арал теңізіне бара жатқан сапары жөнінде 
Шевченко «Егіз» атты повесінде әсерлі баяндайды. 
Жол бойында ол «Достанның моласы», «Даладағы 
өрт», «Қарабұтақ», «Ырғыз-қала», «Жалғыз ағаш» атты 
суреттерін салады.
1848 жылдың күзінде экспедиция Қосаралға келіп, сонда 
қыстайды. Иен дала, ызғарлы қыс, ұзақ түн, айналаны 
меңдеген меңіреулік ақынды қатты жабырқатады, ауруын 
күшейтеді. Сондай қиын жағдайда ол туған Украинасын 
сағынып еске алады, ет жүрегі елжіреп азаттықты аңсайды. 
Сол еркін ойларын ол тағы да жасырын өлең тіліне түсіреді. 
Осы кезде ол қазақ халқының өмірімен, әдет-ғұрпымен, 
этнографиялық ерекшеліктерімен тереңірек танысады, 
кейбір аңыздардың мазмұнын жазып алады.
Бір жарым жылдай уақыттан кейін экспедиция 
Орынборға қайтып оралады. Онымен бірге Шевченко да 
қайтып келеді. Бірақ ол Орынборда ұзақ тұра алмайды. 
Патшаның қудалауына ақын тағы да түседі. 1850 жылы 
күзде оны Маңғыстау түбіндегі Новопетровск бекінісіне 
жер аударады.
Шевченко айдауда он жылға тарта уақыт болды. Бұл 
кезде ол өзінің «Княжна», «Түс», «Патшалар», «Пайғамбар», 
«Байғыздар», «Айдауда кейде ойға берілемін» сияқты 
революциялық мазмұнға толы шығармаларын жазды. 
Айдауда жүргенде Шевченко прозаға ден қояды. 1857 
жылдың аяғына дейін оның қаламынан жиырмаға тарта 
повесть туады. Бірақ солардың бірсыпырасы сақталмаған.
«Музыкант», «Суретші», «Бақытсыз жан», «Матрос» 
және   басқа  да   повестерінде   Шевченко  үстем тап өкілдері-
нің топастығын, рухани жағынан құлдырап азғындағанын 

360
ашықтан-ашық суреттеді және олардың қасында халықтан 
шыққан адамдардың адамгершілік қасиеті әлдеқайда мол 
екендігін көрсетеді. Осылардың ішінен «Суретші» повесі 
ақынның өз өміріне әсіресе тікелей жанасты. Мұнда ол 
ұлы суретші Брюлловтан үйренгендігі, идеялық жағынан 
қалыптасуы, орыстың және бүкіл дүниежүзінің әдебиеті, 
сурет өнері үлгілерімен танысқандығы жөнінде баяндайды.
Өмір шындығын ашудағы мәнері, әлеуметтік 
қайшылықтарды мол әрі терең қамтып көрсетуі және 
сатиралық уыты жағынан Гоголь творчествосына жақын, 
орайлас болып келеді. Өйткені ол кездегі қауым үшін 
Гогольдің «Ревизоры» сияқты ойлы да игі сатира керектігін 
өзі де талай рет айтқан болатын.
Қазақстанда болған шағында Шевченко повестерінен 
басқа    жүзден      астам    өлең    де  жазған.   Солардың    бір 
талайын да ол қазақ халқының тұрмысы мен тағдырын, оның 
жерінің табиғат көріністерін суреттейді. Ақынның «Ойым 
менің» атты өлеңі–оның осындай шығармаларының 
беташары іспетті. Мұнда ол ой-қиялымен сүйікті 
Украинасын сағына, емірене еске алады, сонан кейін барып 
өзінің ауыр халіне, қазақтардың мүшкіл өміріне ауысады:
Жырларым-ау, жырларым,
Ең жақыным деп сенген!
Сұм заманда сорладым,
Сорламаңдар тек сендер.
Кең Днепр көгімен
Көгершін боп келіңдер,
Қасқа қазақ елімен
Сайран құрып көріңдер.
Болса да олар ылайым
Аш-жалаңаш үнемі,
«Бере гөр, – деп, – құдайым»,
Еркіндікте жүреді.
Бұғауға түсіп қажыған ақын ең болмаса далада өз 
қалауынша жүрген қазақтардың халіндей еркін күйде 
жүрмедім-ау деп налиды. Халықтың саяси бостандығын ең 
бірінші орынға қоятын революционер ақын қазақтардың 
басыбайлық тәртіпке шалдықпаған өмірін дарқаншылық 
деп біледі.
Сонымен бірге Шевченко қазақ халқы өмірінің екінші 
жағын, яғни патша озбыршылары мен жергілікті билеп-
төстеушілер қалың бұқараны қатты қанайтындығын да 
көре білді. Мәселен, досы Казачковскийге арнаған өлеңінде 

361
ол патша қазақ даласына қанды шеңгелін салғанын, 
бостандықты бұғаулап, баспана орнына көр қаздырып жат-
қа нын соншалықты ашына, жаны ауырып күйзеле жазады.
Арал теңізіне бара жатқан сапарында Шевченко 
«Жалғыз ағаш» атты сурет салған болатын. «Киелі» ағаш 
жайындағы халық аңызы негізінде ол тамаша өлеңдерінің 
бірін жазды. «Тәңірінің қолында еді балта» деп аталатын 
өлеңінің мазмұны мынадай: бір күні қазақ тәңірінің есігі 
алдында жатқан балтаны ұрлап алып, орманға барады да, 
ағаш кесе бастайды. Кенет балта оның қолынан шығып 
кетіп, өз-өзінен орманды отай бастайды. Орманда сұрапыл 
өрт болып, жеті жылға созылады. Мүлгіген қалың орман 
да, қала  мен ауыл да, жайқалған бақ та сол өртте күлге 
айналады. Сондай ғаламат өрттен бір бәйтерек қана аман 
қалады. Қазақтар сол «Әулие» ағашқа келіп тәу етеді, 
жалбарынады. Ақын осы әулие ағашты былайша суреттейді:
Қазақтар және қадірлеп,
Әулие оны тұтады.
Келеді арнап әдейлеп
Көруге жасыл бұтаны.
Оқиды білген дұғасын
Жалбарынып ағашқа:
Орман боп қашан тұрасың
Дегендей біздің алапта.
Бұл тақырыпқа Шевченко «Егіз» атты повесінде де 
оралады. Жоғарыда аталған өлеңде басқа халықтар 
аңыздарының   да сарыны бар. Бірақ   гәп аллегориялық түр-
де жазылған осы өлеңін ақынның қазақ халқы тағдырына 
даусыз арнағандығында. Ақын мұрасын зерттеуші білгір 
ғалымдардың айтуынша, ақын патша озбырлығын – 
жайқалған орманды тып-типыл еткен өртті тұтатушы 
балта бейнесінде, ал соншалықты күйзелістен, адам 
айтқысыз апаттан аман қалған қазақ халқын – тамырын 
тереңге таратқан саялы ағаш бейнесінде суреттеген. Ұлы 
ақынның қазақ халқына деген қалтқысыз, шын ықыласы 
бұл өлеңнен қапысыз танылып тұрғандай. Достарына 
жазған хаттары мен күнделігінде де оның осындай 
бауырмалдығы, гуманизмі мейлінше анық көрінеді. Орал 
төңірегіне келіп орналасып алған тоң мойын да топас бай 
қазақтарға қарағанда сахарада көшіп жүрген қазақ халқы 
рухани жағынан әлдеқайда жоғары екенін ол талай рет атап 
көрсетеді.
Патшалық самодержавиенің қас жауы болған күрескер-
ақын отаршылық пен озбыршылықтың қазақ даласындағы 

362
адам төзгісіз көріністеріне қарсы шығып, кекті дауыс 
көтереді. Осы оймен ол арнайы поэма жазуды да көздейді. 
Мұны ақын өзінің күнделігінде ашық айтады: «Таң атқанша 
көз шырымын алмай отырып, осынау байыпты негізде 
Пушкиннің «Анджелосына» ұқсас поэманың арқауын 
қалап шықтым. Оқиға шығыста болады. Поэманы «Сатрап 
пен Дәруіш» деп атаймын. Қолайлы жағдай болса, сәті түсіп 
ойланып-толғанған бұл жоспарды қайтсем де орындап 
шығамын. Амалым не, өлеңді орысша жазуға шорқақпын. 
Ал мынау өзгеше поэманы тек қана орысша жазу керек. 
Орынбор атырабында болған бір оқиғаға негізделген 
бір жоспарым тағы бар. Сол бір айқын эпизодты «Сатрап 
пен Дәруішке» қоссам ба екен? Бірақ әйелдерді қалай 
суреттерімді білмеймін. Шығыста әйелдер – тілі байланған 
күңдер. Ал  менің поэмамда олар бірінші рольдерді атқаруға 
тиіс...»
Ақын бұл арманына жете алмады. Поэма жазылмай 
қалды. Бірақ осының өзінен-ақ ол ойлаған шығарманың 
өзекті идеясы, негізгі бағыты, ондағы образдардың сипаты, 
поэманың халықтық қасиеті, ақынның көзқарасы анық 
аңғарылатын тәрізді.
Қазақстан суретші Шевченконың творчествосын 
да нәрлендіріп, байыта түсті. Жоғарыда аталған 
шығармаларын былай қойғанда оның «Бақташы», «Қамыс», 
«Киіз үйде», «Қайыршы балалар», «Келі түйген қазақ 
әйелі», «Ақын», «Ошақ басында», «Билеушінің жұдырығы» 
және басқа да суреттері ерекше назар аударуға тұрарлық. 
Бұл суреттерден қазақ жерінің әр алуан көріністерін, 
қазақ халқының тұрмыс күйлерін, жадау өмірін және 
өзіндік қолтума өнерін де көреміз. Осы тұрғыдан алғанда 
Шевченконы қазақтың тұңғыш ұлы суретшісі деп атауға 
әбден боларлықтай.
Ұлы ақын қазақ халқына және қазақ жеріне деген 
қастерлі ойларын көп өлеңдерінің үзілмес арқауы етті. 
Қайғы-шеріне құлақ тосқан әрі соған ортақтасқан жер-
мекен ақын есінен шықпақ, ұмытылмақ емес. Сондай 
өлеңдерінің бірінде ол былай деп жазды:
Қош, бишара Қосаралым!
Болдың ортақ тап екі жыл
Қарғысыммен, қайғымменен.
Рахмет, достым, мақтан сен де – 
Тауып саған жұрт келгенге,

363
Билеп сені іске асырып,
Елегенге кез келгенде.
Қош бол, досым, сені сөгу
Яки мақтау болмас менде.
Мүмкін өткен қасіреттерді
Еске алармын, ойланармын
Жүрген кезде бөтен елде.
Академик-жазушы М.Әуезов  айтқандай: «Тарас Шев-
чен  ко болса қазақ халқының ауыр тағдырын, бейнетті 
өмірін, ұлттық тірлігін тек ауыр, қамқор оймен ойлап танып 
қана қойған жоқ. Сахараның өзі мен тұрғындарының 
жайын бар күйкі көріністерімен Шевченко өзінің өр өнері 
бойынша ұлы ақын боп жырлап та, тамаша суретші боп 
суреттеп те үлгірді.
Өзі  қорлық   көрген  елдің  ұлы, қазақтың көне топырағы-
на келе, он жылдай өмір кеше жүріп, ол қазақ халқы туралы 
шынайы қамқор ойлар ойлай білді. Бұл елдің қазасын аза 
тұтты, қанаушыларына қарсы кешпес ыза-кек ойлады».
Айдауда өткен он жыл Шевченконың қажырын 
мұқалтып, жігерін құм қыла алмады. Соншалықты қыспақ 
пен қасіреттен ол арына да, жырына да таңба түсірмей 
шықты. 1858 жылдың бас кезінде Шевченко Петербургке 
келді. Әлеуметтік өзгерістердің, толқулардың қарсаңында 
тұрған астана өміріне ол бірден-ақ бас қойды. Мұнда 
ол Чернышевский, Добролюбов, Некрасовпен және 
өзге де шығармаларының аудармашысы Курочкинмен 
жақын қарым-қатынаста болды. Осы жылдары ол өзінің 
«Неофиттер», «Мария», «Саул» отты тамаша поэмаларын 
жазады.
1859 жылы ақын өзінің аңсап сағынған Украинасына 
қайтып оралады. Бірақ ол туған жердің топырағын басып 
көп жүре алмайды. Революцияға шақырған жырлары мен 
тікелей күресі үшін оны тағы да тұтқынға алады. Осыдан 
кейін ол көзі тірісінде Украинаны енді қайтып көре 
алмайды.
Шевченко өмірінің соңғы жылдары Петербургте өтеді. 
Ол мұнда негр халқының атақты трагик артисі Айра 
Олдриджбен танысады. Құлдық өмірдің қорлығы мен 
азабын, ащы тақсіретін көп тартқан ұлы ақын мен ұлы 
артист өзара ұғынысып, қалтқысыз дос болады. Шевченко 
Олдридждің суретін салады. Сол сурет қазір ақынның 
Киевтегі музейінде сақтаулы.

364
Петербургте жүріп те Шевченко күрес жолынан 
танбады. Ол халықтардың жендеті болған патшаға, оның 
қатал тәртібіне қарсы тағы да кекті дауыс көтерді. Бірақ, 
халық қорғаушысының өмірі бұдан әрі ұзаққа созылмады. 
Айдауда өткен азапты жылдар, құлдық өмірдің қорлығы, 
творчество еркіндігінен айырылу, туған өлкеден қол үзу, 
қуғынға ұшырау–осының бәрі оны айықпас рухани мұңға, 
ауыр науқасқа шалдықтырды. Ол 1861 жылы 10 марта 
Петербургте дүние салды.
Шевченконың поэзиясы – адам баласына деген ұлы 
да таза махаббатқа толы гимн тәрізді. Ол өз халқының 
ерлігі мен елдігін мадақтауға әрі революциялық рухқа, 
асқақ арманға толы. Сондықтан оның жырлары басқа 
халықтарға да бірдей ортақ, бірдей ыстық әрі етене жақын. 
Совет жазушыларының 1939 жылы Н.С.Хрущев жолдасқа 
жолдаған хатында әділ де тура айтылғандай: «Ол – XIX 
ғасырдың көреген жырауы. Ол тек шулап аққан Днепрдің 
ғана жағалауында емес, сонымен бірге айдын-шалқар 
Еділдің жағасында, Кавказдың таулы алқаптарында, Орта 
Азияның аңызақ аптаған құла түздерінде, Белоруссияның 
орманды даласында – еңіреген басыбайлылар ғасырлар 
бойы арман еткен жарқын болашаққа батыл көз сала білді».
Бір кезде Тарас ащы жырымен тербеген аяулы, асыл 
арман қазір шындыққа айналды. Бір кезде Тарас еккен 
достық ұрығы қазір қарлы боранға да, қара дауылға да, 
қанды қырғынға да бой алдырмас, шалдықпас биік шынарға 
айналды. Ұлы Отан соғысының кешегі сұрапыл күндерінде 
зұлым жаудан өзі азат еткен Украина жерінің топырағын 
тәу етіп, емірене сүйген қазақ солдатының ерлігінде, 
ғасырлар бойы тусырап келген алтын Арқаның тыңдарына 
бірге қол салған украин жігітінің тегеурінді қимылында, 
қарапайым украин әйелі өмірін аман сақтап қалған 
қазақтың партизан ақынының батырлық рухына толы,отты 
да уытты жырларында сол қасиетті достықтың құдіретті 
күші, сембейтін де сөнбейтін жалыны сезіледі.
Шевченко–қазақ халқының да ең сүйікті ақыны. 
Сонау бір аласапыран, ауыр шақта қол ұшын берген, өлмес 
өнерімен, шипалы жырымен демеген, қуат қосқан азамат-
ақынды қазақ халқы мәңгі-бақи естен шығармақ емес. 
Оның аяулы есімі қазір аңызға, жырға айналды. Ол жайында 
көптеген өлең-толғаулар жазылды. Ал ақын Ә.Тәжібаев 
оған өзінің поэмасын арнады. Шевченко шығармалары 
қазақ тілінде талай рет жеке жинақ болып басылып шықты. 
Сөйтіп, оның «Катерина», «Гайдамактар», «Кавказ», 

365
«Княжна», «Түс» тәрізді поэмалары, көптеген лирикалық 
тамаша өлеңдері қазақ оқушысына да кеңінен әйгілі 
болды. Шевченко шығармаларын аударуда С.Мұқанов, 
Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Д.Әбілев, 
М.Әлімбаев сияқты белгілі ақындарымыз да, І.Мәмбетов, 
Ғ.Қайырбеков, Е.Ибраһим тәрізді жас таланттар да көп 
еңбек сіңірді.
Украин халқының ұлы ақынының мол мұрасын игеру, 
оның тағдыры мен творчествосының қазақ халқы өмірімен 
байланысын зерттеу саласында қазақ әдебиетшілері де 
бірталай іс тындырды. Бұл тақырыпқа бірді-екілі кітап 
шықты, көптеген мақалалар жарияланды. 1961 жылы 
Шевченконың дүние салғанына жүз жыл толғанда 
Қазақстанның Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы 
үлкен жиын өткізді. Оған Украина жазушыларының 
арнаулы делегациясы келді. Сол жиында қазақтың 
атақты жазушысы  Мұхтар  Әуезов  тебірене  сөз сөйледі. 
Шевченко – ақ жүректі, адал ниетті барша адам баласының 
ақыны. Ол тек украин әдебиетіндегі ғана емес, бүкіл әлем 
әдебиетіндегі ұлы тұлға. Горький айтқандай, оның есімі 
дүниежүзілік  әдебиеттегі данышпандардың қатарында тұр. 

1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал