Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет2/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

АҚЫН  МҰРАСЫ
Соңғы жылдары поэзиямызда көріне бастаған елеулі 
құбылыстардың бірі – көрнекті ақындарымыздың бір-сы-
пырасының таңдамалы шығармаларының жеке-жеке кітап 
болып басылып шыққандығы. Әрине, бұл жинақтарды 
поэзия ның соны, тың табыстары деп санауға болмайды. 
Өйткені олар – жаңа шығармалар емес, поэзиямыз бұған 
дейін өтіп келген жолда туған жемістер. Бірақ осыған қарап 
бұл жинақтардың жалпы маңызын, құндылығын жоққа 
саю – ең бері салғанда, әдебиетімізге жасаған қиянат, 
әділетсіздік болар еді. Бұл жинақтар, бір жағынан, өздерінің 
авторларының, яғни жекелеген ақындардың белгілі ке-
зең 
дегі шығармашылық есебі ретінде танылса, екінші 
жағынан, сол жекелеген авторлардың таңдамаларынан 
бүкіл поэзиямыздың өсуін, дамуымыздың әр кезеңіндегі 
оның ерекшеліктері мен өзіндік сипаттарын айқын көреміз. 
Сондықтан да мұндай жинақтар жайында сөз ету белгілі 
дәрежеде бүкіл поэзиямыздың өткеніне көз салу, оған баға 
беру болып табылады.
Ақынның толық немесе таңдамалы шығармаларының 
жинағын дайындау және бастырып шығару – аса маңызды 
іс. Ол жауапкершілік пен ұқыптылықты, талғампаздық 
пен табандылықты талап етеді. Бұның қазірде өздері жоқ, 
қайтыс болған ақындардың мұрасын жинастыру ісіне 
әсіресе тікелей қатынасы бар. Өйткені  көзі тірі  автор-
лардың белгілі бір кезеңде туған шығармаларын қайта 
қарап сұрыптауға, текстологиялық және хронологиялық 
жағынан дәлдеп анықтай түсуіне мүмкіндіктері бар. 
Ал қайтыс болған ақындардың шығармалар жинағын 
дайындағанда және бастырғанда мұндай ұқыптылық пен 
жинақылық сол авторлардың шығармашылық мұрасын 
зерттеп жүрген, олардың шығармаларының жинақтарын 
құрастырған адамдардан талап етілмек.
Біздің әдебиетімізде, әсіресе поэзия саласында бұл 
ретте бірсыпыра жұмыстар жасалды. Халқымыздың 
ақындық ойының өткендегі алыптарын былай қойғанда, 
қайтыс болған көрнекті кеңестік ақындарымыздың 
бірсыпырасының шығармалар жинағы қайтадан басы-
лып шықты. Ж.Жабаевтың, Н.Байғаниннің және 

28
Қ.Аманжоловтың шығармалар жинағы бұған айқын дәлел 
болып табылады. Бұл жинақтардың қатары соңғы уақытта 
тағы да бір кітаппен молыға түсті. Ол – бұдан он жыл бұ-
рын қайтыс болған талантты ақынымыз Иса Байзақовтың 
баспадан биыл шыққан таңдамалы шығармаларының 
жинағы.
Иса Байзақовтың қазақ кеңес поэзиясында алатын 
орны ерекше. Қазақ кеңес поэзиясының тұңғыш қарлы-
ғаш тарының бірі болған ол өзінің бүкіл шығарма-шылық 
өмірінде жемісті еңбек етті. Иса Байзақов артына шығар-
машылық мол мұра қалдырды. Ол мұра көптеген өлеңдер 
мен толғаулардан, ән текстері мен термелерден және 
бірнеше поэмалардан тұрады. Ақынның осы поэма жанрын 
өрістетуге сіңірген еңбегі әсіресе мол әрі жемісті.
И.Байзақовтың «Құралай сұлу», «Алтай аясында», 
«Кавказ», «Он бір күн, он бір түн», «Ақбөпе»  атты  поэма-
лары қазақ оқушыларының ең сүйікті шығармаларының 
қатарына енді. Ақынның бұл шығармалары оның 
шығармашылық мұрасының негізгі бөлімін құрайды және 
олар кезінде қазақ кеңес поэзиясында сюжеттік поэманың 
туып қалыптасуына ерекше күшті ықпал етті. Сюжеттік 
реалистік поэманың жасалуы – ұлттық поэзияның кемел 
өріске, шырқау шаққа жеткендігінің белгісі десек, бізде 
мұндай поэма жанры тек кеңестік дәуірде ғана туып 
қалыптасты. Бізде әдетте поэзия әдебиетіміздің басқа 
жанрларынан кейін қалып қойды деген пікір көбірек 
айтылады. Мұндай пікірді айтушылар, бір жағынан, поэзия 
әдебиетіміздің ең көне жанры екендігін, оның өзіндік 
ежелгі дәстүрлері барлығын ойға өлшем, тілге тиек етеді. 
Біздіңше, бұл пікірдің дұрыстығы да, бұрыстығы да бар. 
Поэзия – ұлттық әдебиетіміздің жасамыс та, сондай-ақ 
жас та жанры. Рас, біздің ұлттық поэзиямыздың бастауы 
тереңде, фольклорда жатыр. Сол сияқты, XVIII–XIX 
ғасырлардағы тарихқа аты мәлім ақындарымыздың 
таңдаулы шығармалары да – ұлттық әдебиетіміздің асыл 
қазынасы. Тіпті бұлардың бәрін айтпағанның өзінде 
революцияға дейінгі жазба әдебиетімізде реалистік 
поэзияның Абай, Сұлтанмахмұт сияқты алыптары бар. 
Міне, осы тұрғыдан қарағанда біздің поэзиямызды жас 
деуге ешбір болмайды.
Ал поэзиямыздың жасамыс емес, жас екендігі неде? 
Рас, біздің Октябрьге дейінгі поэзиямыз жадау да, тапшы 
да емес. Қазақ кеңес ақындары өткендегі поэзиямыздың 
таңдаулы дәстүрлерін, үлкен-үлкен суреткерлеріміздің 
шығармашылық тәжірибесін әрдайым пайдаланып 

29
та, молықтырып та отырды. Бұл болашақта да осылай 
болмақ. Бірақ өткендегі поэзиямызда бардың бәрін 
тұтастай, түгелімен дерлік қабылдай беруге болмайтыны 
сияқты, одан қазіргі поэзиямыз үшін қажетті нәрсенің 
барлығы бірдей табыла да бермейді. Өйткені бұрынғы 
поэзиямызда жиі ұшырасатын кейбір жанрлық формалар 
жаңа поэзияда кең өріс тауып кете алмады. Сондай-ақ, 
өткендегі поэзиямызда болмаған кейбір жанрларды, яғни 
шын мәнісіндегі сюжеттік реалистік поэманы, балладаны, 
лириканың көптеген түрлерін қазақ кеңес ақындарының 
тыңнан тудыруына тура келді. Міне, бұл поэзиямыздың 
жасаңдығын, яғни оның барлық жанрлық түрлерімен 
тұтаса дами бастағанына онша көп уақыт болмағандығын 
көрсетеді.
Бұл ретте біздің ақындарымыз шығармашылық қиын-
дықтарға прозаиктарымыз бен драматургтарымыздан аз 
кездескен жоқ десе де болғандай. Поэзияның ең күрделі, 
жетекші жанры – сюжеттік реалистік поэманы жасауда 
ақындарымыздың әсіресе көп ізденуіне, толассыз да 
телегей еңбектенуіне тура келді.
Сюжеттік  поэма  жасау  жолындағы  талаптанулар                      
20-шы жылдардағы поэзиямызда да болды. Бұл кезеңде 
қазақ кеңес ақындарының алуан түрлі тақырыпқа арналған 
көптеген поэмалары шықты. Олардың ішінде сол кездегі 
поэзиямыз үшін белгі болып қалғандары да, уақыт сынына 
зәредей шыдай алмағандары да бар. С.Мұқановтың 
революцияға дейінгі қазақ аулының шындығын мейлінше 
мол әрі шынайы бейнелеген, өлеңмен жазылған «Сұлушаш» 
романы қазақ ақындарының сол 20-шы жылдардағы поэма 
жасау тәжірибесінің қорытындысы ретінде туған еді.
Поэма жанры 30-шы жылдары қазақ кеңес поэзиясында 
әсіресе кең өрістеді. Бұл кезде кеңес шындығын бей-
не 
лейтін лирикалық поэмалар, поэма-монологтар және 
тарихи тақырыпқа арналған реалистік-романтикалық 
поэмалар жазылды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында туған 
сюжетті поэмалардың көпшілігінде реалистік қуат әлсіреп, 
оның орнын фольклорлық сарындар басып кетті.
Ал Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт еңбек жылдары 
қазақ кеңес поэзиясындағы, әсіресе оның поэма жанрын-
дағы өрлеу, кемелдену кезеңі болды. X.Ерғалиевтің, 
Ж.Молдағалиевтің, Д.Әбілевтің, X.Бекхожиннің күрделі де 
кесек реалистік поэмалары дәл осы кезеңде туды.
Сөйтіп, бұл айтылғандар қазақ кеңес әдебиетінде 
поэма жанры өзінің қалыптасуында әралуан жол өткенін 

30
көрсетеді. Оның осы дамып қалыптасуында И.Байзақов 
поэмаларының да өз орны, сыбағалы салмағы бар. Әсіресе, 
оның 30-шы жылдардағы реалистік-романтикалық 
поэмалары – ұлттық кеңестік поэзиямызды молықтыра 
түс  кен  шығармалар.
Иса Байзақов әдебиетке өмірдің қайнаған ортасынан, 
халықтың қалың бұқарасының арасынан келді және ол 
өзімен бірге сол халықтың аяулы арманы мен тілегін, 
дариядай тасыған ақындық қуатын ала келді. Ауыл 
ортасында ойын-тойда суырып салып өлең айтып, 
кейбір кездескен ақындармен айтысып жүргенімен, Иса 
Байзақовтың шын мәнісіндегі шығармашылық жолы оның 
кеңес шындығын жырлауға арналған шығармаларынан 
басталады. Иса әдебиетке алғаш халық поэзиясының 
өкілі ретінде келгенімен, ол бұл деңгейде қалып қоймай, 
жазба поэзияның дәрежесіне көтерілді. Сөйтіп, ол халық 
поэзиясының дәстүрлерін жазба поэзияның реалистік 
үлгілерімен тоғыстыра ұластырды. Әрине, бұнан ақын өзін 
нәрлендірген, сусындатқан  қайнар  көзден қол үзді,  алыс-
тады деген ұғым тумасқа керек. Қайта, халық поэзиясының 
асыл нұсқаларына И.Байзақов әрдайым оралып отырды. 
Мұны оның поэмаларының қамтитын тақырыптарынан 
да, шығармаларының тілдік ерекшеліктерінен де айқын 
көреміз. Халық поэзиясының ең бір алғырлық сипатын, 
шығармашылық сарқылмас қуатын танытатын ерекше-
лік – импровизациядан ақын шығармашылық сапарының 
ең соңғы күндеріне дейін қол үзген жоқ. Ол тіпті шағын 
өлеңдерді, термелерді былай қойғанда, ұзақ-ұзақ толғаулар 
мен кесек поэмаларды да алқалы топтың алдында суырып 
шығарып отырған. Мысалы, ақынның замандастары оның 
«Он бір күн, он бір түн» поэмасын қазір бізге мәлім түрінен 
әлдеқайда мол, ұзақ жырлағанын айтады. Өкінішке қарай, 
дер кезінде қағаз бетіне түсірілмегендіктен поэманың бұл 
нұсқасы сақталмаған. Ақын-импровизатор болғанымен, 
Иса Байзақов оның дәстүрлі шеңберінде қалып қоймаған. 
Бұрынғы импровизатор-ақындардың шығармаларында 
суырып салып айтқан жырларында ұшырасатын жадағай 
сөзуарлыққа, көркемдік тапшылыққа ол мейлінше қарсы 
болған. И.Байзақов импровизацияны – тасқындап төгілген 
әрі мейлінше көркем өнер деп таныған. Бұған оның мына 
бір сөздері айқын айғақ.
«Ақындық қуат, талант дегенің от, электрдің тоғы 
сияқты. Ол қалың жиын, думан үстінде, ерегіскен айтыста 
жанданады. Электр өзінен-өзі жанбайды, қуат та бермейді, 

31
ол қайралса, жанылса ғана от береді. Ақынды қайта-қайта 
қайрап салса ғана тұтанып жалындайды. Алайда жиын 
айтыс үстінде қасақана осы сүрінер ме екен, бөгелер ме екен 
деп ақынның намысына тигендей мені үлкен айтысқа салса, 
немесе тосын тақырыптар беріп, әдейі қиын бөгеттерге 
әкеліп итермелесе, міне, осы кезде менің ақындық қуатым 
электрдің тоғындай лап етіп жанып, өрт болып қаулап 
сала береді. Неғұрлым намысыма тиерлік жерге, көбірек 
қайрап, айтысқа араластырса, солғұрлым өлеңді бөгелмей, 
қиналмай, таудың тасыған бұлағындай төгіліп, суырып 
салып айтып кетем. Бұл уақыттарда мені ақындық шабыт, 
отты сезім, ұшқыр қиял сияқты нәрселер билеп кетеді. 
Ақындығында лапылдаған жалын, қанатты жел, ұшқыр 
қиял жоқ ақын суырып салып өлең айта алмайды. Суырып 
салып айттым деп жүргендердің өлеңіндегі ұйқастың көбі 
жаттамалы».
Сөйтіп, ол суырып салып өлең айту – барды қайталау 
емес, керісінше, тыңнан жасау және ешкімнің өлеңіне, 
өнеріне ұқсатпай, өзіндік етіп жасау деген қорытындыға 
келді. Өзінің ақындық өнерінде Иса шығармашылық осы 
принципін берік ұстанды да.
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ кеңес поэзиясына 
тән көптеген белгі-бедерді әдебиетке сол кезде келген Иса 
Байзақовтың шығармашылығынан да мол ұшыратамыз. Бұл 
ақын шығармаларының тақырыптық қамтуынан да, оның 
сол тақырыпқа қатынасынан да, соны жырлау тәсілінен 
де анық байқалады. Ұлы Октябрьдің жеңісі арқасында 
азат болған, жаңа дүние орнатып жатқан еңбек адамының 
қуанышы мен күресі, ел өмірінде жасалып жатқан алуан 
түрлі өзгерістер мен оқиғалар, міне, шығармашылық 
жолының алғашқы кезеңінде И.Байзақовтың беріле, 
шабыттана жырлаған тақырыптары осылар еді. Ақын 
бұл тақырыптарды өзінің «Ленин», «Біздің еңбек», «Ұлы 
Октябрь», «Неге Алатау шаттанды» атты шығармаларында 
және басқа да көптеген өлең-жырлары мен толғауларында 
әсіресе мол жырлады.
Жиырмасыншы жылдарда қазақ кеңес ақындары 
Ленин туралы көптеген шығармалар жазды. Мұны сол 
кезеңдегі поэзиямыздың ерекше бір ұтымды сипаты десе де 
болғандай. Иса Байзақовтың «Ленин» атты өлеңі осындай 
шығармалардың таңдаулыларының қатарына жатады.
Лениннің қазасына арналған бұл өлең ауыр қайғыны аза 
тұтқан қасірет-налаға да, Ленин ісінің жеңіліс таппай, мәңгі 
жасайтындығына деген мұқалмас сенімге де толы:

32
Ленин өлді, пікірі оның өлген жоқ,
Ленин өлді, жолын ешкім жеңген жоқ,
Ленин – бүтін коммунистер жүрегі,
Жүрек оны өлді деп те сенген жоқ.
Сөйтіп, ақын Ленин және Коммунистік партия 
туралы тақырыптарды өзара ажырамас тұтастықта алып 
жырлайды. Лениннің нұрлы бейнесіне ақын осындай 
тікелей арнау өлеңдерінде ғана емес, сонымен бірге басқа 
тақырыпқа арналған шығармаларында да оралып отырады.
И.Байзақовтың жиырмасыншы жылдардағы өлең-
жырларында жаңа шындықты бейнелеуге лайық 
ты 
көркемдік бояулар таба алмаушылық, өмір құбылыс-
тарының ішкі тереңіне үңілмей, оны сырттай тамашалап, 
енжар қызығушылық сияқты көркемдік олқылықтар 
да бой көрсетіп отырады. Бірақ бұл тек И.Байзақовтың 
шығармашылығына ғана тән емес, сонымен бірге сол 
кездегі жас поэзиямызға тұтастай тән кемшілік еді. 
Сондай-ақ, ақынның алғашқы кездегі шығармаларының ең 
тәуірлерінде оның жалаң баяндаушы, салғырт бақылаушы 
дәрежесінде қалып қоймай, халықтың атынан сөйлеуге, 
соның ой-тілегін білдіруге ұмтылғанын атап көрсетпеу 
әділетсіздік болар еді. Мысалы, «Миллиондаған жалшымыз» 
атты өлеңінде ақын былай деп жырлады:
Еркін күшпен өрлеймін,
Өмірім ұзақ – өлмеймін.
Міне, мен – жалшы тілімін.
Жарлы жанын жырлайтын,
Қажымайтын, талмайтын
Еңбекші таптың ұлымын.
Ақын өзін жаңа дүние орнатып жатқан қалың 
көпшіліктің өкілі, соның бір бөлшегі сезінді. Сондықтан да 
ол осылайша жырлай алды.
И.Байзақовтың ақындық шеберлігі оның лирикалық 
шағын өлеңдерінен соншалықты терең әрі мол таныла 
қойған жоқ. Оның зор ақындық қуаты мен шығармашылық 
серпіні күрделі де кесек жанрларда айқын көрініс берді. 
Әрине, мұны ақынның лирикалық шағын өлеңдерінің, 
термелері мен толғауларының өзіндік ерекшеліктері мен 
кейбір көркемдік қасиеттерін жоққа саю деп түсінуге 
болмайды. И.Байзақовтың поэзиялық шағын шығармалары 
көбінесе жыр-толғау, қара өлең үлгісінде және Абайдың 
өлең өлшемдері негізінде жазылған. И.Байзақов, 

33
асылында, Абайдың шығармашылығына беріле ден 
қойған және одан іштей көп тағлым алған ақын. Мұны 
оның көптеген өлеңдерінің құрылысы мен өлшемдерінен 
де, ақындық сөз саптаулары мен  бейнелеулерінен  де 
айқын көреміз. Мысалы, ғасырлар бойы кұлазып келген 
далада жаңа дүниенің нұр-шапағы мол таралғанын
халықтың мәдениетке, жарыққа қайтарусыз бет бұрғанын 
суреттейтін және осыны азаматтық пафоспен мақтан ететін 
«Мақтандым бүгін, мақтандым!» атты өлеңінде ақын былай 
деп жазады:
Қуарған кейбір далада
Көкорай өсіп басыпты.
Ақыл менен санаға
Заман нұрын шашыпты.
Міне, бұл өлеңдегі ақындық шыншылдықтан, еркін 
де төгіле туған нағыз поэзияға тән саф тазалықтан Абай 
әсерінің ізін тану онша қиын емес.
И.Байзақовтың басқа көптеген профессионал-
ақындардан бір ерекшелігі оның әншілік өнерінде. Қазақ 
халқының асқақ үнге де, лирикалық сыр-толқынға да, жан 
тербейтін терең сезім мен парасатты ойға да толы әндері 
мен күйлерін Иса ғажайып ынтызарлықпен сүйген және 
өзі де зор шабытпен орындаған.
Сонымен бірге, ақынның өзі шығарған музыкалық 
мұралар да біралуан. Осылайша әрі музыканың сыр-сипа-
тын нәзік сезімталдықпен түсінген өнер иесі, әрі шабыты 
шарқ ұрған төкпе ақын болғандықтан, И.Байзақовтың бұл 
екі өнерді қатар ұстамауы, оларды бір-бірімен ұластыра 
ұштастырмауы мүмкін емес еді. Шындығында, осылай 
болды да. Оның кеңестік өміріміздің қуанышты да көңілді 
тынысын, жігерлі лебін аңдататын желдірмелері, әндері 
және соларға шығарған текстері бұған айқын айғақ болып 
табылады. Қазақтың халық музыкасын қалтқысыз сүйіп, 
оның ғажайып та мол үлгілерін есепсіз көп еңбек сіңіріп 
жинаған А.В.Затаевич Исаның талантын жоғары бағалай 
келіп, былай деп жазған:
«Иса Байзақов – жалындаған жас жігерлі, екпінді 
суырыпсалма ақын, әсерлі әнші, құлашы кең, сөзі нық, ойы 
ұшқыр үлкен талант. Ал сахнада көріну жағынан алғанда 
да ол – ерекше тұлға. Шебер қимылды, анық дыбысты, 
үні ұнамды, талант қасиеті өзімен бірге жаралған актер... 
Оның залдағы жұрттан түскен сұрауларға сондай батыл 
әрі жедел жауап қайтаратын өршіл ырғақты суырыпсалма 

34
өлеңі, менің байқауымша, үлкен аудиторияға ғана әсер 
етіп қоймай, кейбір ысылған сыншылардың өзін де қайран 
қалдырады, ерекше таңдандырады».
Бұл айтылғандардың барлығы да Исаның ақындық 
өнерінің алуан түрлі қырын анығырақ байқатса керек. 
Бірақ, қайталап айтамыз, И.Байзақовтың ақындық 
құлашының кеңдігі, шығармашылық алғырлығы поэма 
жанрында ғажайып зор қуатпен танылды. И.Байзақовтың 
қаламынан онға тарта поэма туды. Солардың көпшілігі 
тарихи тақырыпқа арналған. Ақынның бұл поэмаларының 
барлығы бірдей оқшау шыққан, үздік шығармалар емес. 
Олардың ішінде ұлттық поэзиямыздың қорына өшпес 
мұра болып қосылғандары да, ақынның шығармашылық 
биографиясында айқын белгі-бедер қалдырмай, уақыт 
сынына төтеп бере алмағандары да бар.
Ақынның алғашқы кезеңдегі кейбір поэмалары шын 
мәнісіндегі поэмадан гөрі ұзақ жырға, толғауға көбірек 
ұқсас болып келеді. Бұл сол кездегі қазақ поэмаларына 
жалпы тән қасиет еді. Толғау – қазақ поэзиясында ежелден 
бері келе жатқан жанр. Өзінің көлемі, шындықты қамту 
шеңбері жағынан толғау жырдан да, термеден де әлдеқайда 
күрделірек. Толғауда белгілі бір сюжеттік желі, оқиғалар 
тізбегі болмайды. Ақындар өздерінің толғауларында 
замана жайлы ойларын, өмір шындығына немесе оның 
жекелеген құбылыстарына деген көзқарастарын, сондай-
ақ халыққа айтар арнаулары мен тағлымдарын шертетін. 
Өткендегі атақты ақындарымыздың шығармашылығынан 
бұл айқын сезіледі. Ақын неғұрлым ірі болған сайын, оның 
шығармашылығының әлеуметтік тынысы неғұрлым кең 
болған сайын, оның толғауларында шертілетін ойлар да 
солғұрлым кесек те нәрлі болып келеді.
Поэзияның ең бір көне, ежелгі түлектерінің бірі 
болып саналатын толғау жазба поэзияның дәстүрлері 
кең таралуына байланысты өз өрісін тарылтып алды. Бұл 
процесс кеңес дәуірінде туып дамыған поэзиямызда әсіресе 
жедел жасалды. Рас, халық поэзиясының өкілдері – қарт 
ақындардың шығармашылығында толғау елеулі орын алып 
келді.
Ал жазба поэзияның өкілдері жайында мұны айтуға 
болмайды. Рас, кеңестік қазақ поэзиясы дамуының алғашқы 
кезеңдерінде, яғни жиырмасыншы жылдар мен отызыншы 
жылдардың бас кезінде онда толғау жиі ұшырасып қалып 
отырды. Әрине, поэзиямыздың балаң шағы үшін бұл заңды 
да, сыйымды да еді. Ал ақындарымыз поэзияның күрделі 

35
формаларын жете баурап, образдық бейнелеуге молырақ 
ауысқан сайын толғау жанрынан қол үзе берді. Сөйтіп, 
алғашқы кезеңдегі көп таралған толғау-поэмалардың 
орнын реалистік-романтикалық, лирикалық, реалистік 
поэмалар басты. Поэзиямызда болған мұндай өзгерістерді 
басқа да көптеген ақындарымыз сияқты, Иса Байзақовтың 
да шығармашылық өсу жолынан айқын көреміз. Мысалы, 
ақынның «Ұлы құрылыс» атты поэмасы мен «Ұлы Октябрь» 
атты толғауының арасында соншалықты үлкен айырма 
жоқ десе де болғандай. Композициялық құрылысы, 
жазылу манерасы, стилі жағынан да екеуі өзара ұқсас. 
Екеуіндегі авторлық баяндау мен тақырып шешудегі 
тәсілдер де бірыңғай, біртектес. Тек қана «Ұлы құрылыс» 
поэмасы «Ұлы Октябрь» толғауынан көлемді әрі күрделі. 
Сондықтан да оның тақырыптық қамтуы кең. Сондай-ақ, 
онда өмір шындығы, жадағай түрде болса да, әлдеқайда мол 
қамтылған. Бұл ақынның толғаудан бірте-бірте поэмаға 
ауыса бастағандығының белгісі еді. И.Байзақов сюжеттік 
поэма жасау жолындағы шығармашылық қиындықтарды 
батыл игерді. Жалпы алғанда, ол поэма жасау өнерін тез 
баурап әкетті. Оның бірінің ізін бірі баса туған көптеген 
сюжеттік поэмалары – осының айқын айғағы.
Ақынның  тарихи тақырыпқа арналған поэмаларының  
ең тұңғышы және таңдаулыларының бірі  – «Құралай сұлу». 
Бұл поэмасын ол 1924–1925 жылдарда жазған. Поэманың 
негізгі сюжеттік желісі ел арасында таралып келген 
аңызға құрылған. Бірақ ақын сол аңыздың шеңберінде 
қалып қоймай, реалистік көріністерге бай, романтикалық 
сарындағы тамаша поэма жасады. Осы тұста ақынның мына 
бір сөздерін еске түсіре кету орынды деп білеміз: «Мұның 
(поэманың – А.Н.) әңгімесін ел аузынан естіп, біраз жатқа 
жырлап жүрдім. Кейін Орынборда оқып, орыс, қазақтың 
әдебиетімен таныса келе және сол кездегі жазушылардың 
ақыл-кеңесін ала отырып, жазып шықтым. Әуелгі жазуымда 
Құралай өлгеннен кейін Келден зар жылап, енді қайтып 
әйел сүймеске, ел бетін көрмеске ант-су ішіп, даланың 
аңшы-мергені болып кететін. Сол даланы кезіп жүргенінде 
сүйген жігіті өліп, соның күйігінен жапан кезіп кеткен бір 
ер қызға кездеседі. Екеуі мұңдасып, қосылып елге баратын 
еді. Мұны басылар кезде ақын-жазушылар сынап ұнатпаған 
соң және шынында аяғы қисынсыз ертегіге айналып бара 
жатқан соң алып тастадым».
Поэманың негізгі идеялық бағыты мен авторлық ныса-
наны тереңірек тану үшін бұл сөздердің ерекше маңызы 
бар.

36
«Құралай сұлу» поэмасын оқып отырғанда онда 
суреттелген оқиғалар ертедегі дәуірді қамтитындығын 
көреміз. Ол – ер мен ер егесіп, ел мен ел шабысқан бағы 
заман еді. Поэмада сол заманның шынайы көріністері бар.
Ақын поэмада бейнеленген оқиғаларды баяндауға бірден 
араласпайды. Поэма ақынның өз атынан берілген шағын 
кіріспе арқылы басталады:
Ойласаң өткен күнді, айтады жыр,
Тыңдасаң, естіледі бір терең сыр.
Ой өліп, өмір сөніп, көп соғылған
Суреті өткендердің алдымда тұр...
Естісем сондайлардың мұң мен зарын,
Менің де қозғалады қапаларым.
Ортақпын қайғылының қайғысына
Үн қосып күңірену – болған барым...
Сөйтіп, ақын суреттелейін деп отырған оқиғаларға 
деген авторлық қатынасын салған жерден-ақ айқындап 
алады. Яғни ол «өткендердің суретін» енжар бейнелей 
салмай, «қайғылының қайғысына ортақтасып, үн қосып 
күңіренбек». Авторлық осы қатынас, осы бір құштарлық 
сарын поэманың бүкіл өн бойынан анық сезіліп отырады.
«Құралай сұлу» поэмасы жайында әдебиетшілер 
арасында алуан түрлі пікір болып келді. Кейбіреулер 
поэмада Монтай бидің ұнамды түрде суреттелгенін 
ақынға кінә етіп тағуға тырысты. Біздіңше, мұндай пікірде 
ешқандай дәйекті негіз жоқ. Ең алдымен, Монтай поэманың 
негізгі кейіпкері еме
с. Автор үшін Монтайдың тағдыры  Құралай мен 
Келденнің жайын баяндауға ауысу үшін қажет баспалдақ 
қана. Сонымен бірге автор Монтайды халық аңсаған 
әділдіктің бейнесі ретінде алған. Ол – ел қамын ойлайтын, 
оны жоғары бағалайтын адам. Жалғыз баласынан 
айырылып, аңырап қалған Монтайдың аузына ақын мына 
бір сөздерді тегін салмаған:
Уа, жұртым, қайғырмайық бір жас үшін, 
Жазымыштың сөгеміз бе еткен ісін? 
Ер туса, елден тумақ, елді тіле, 
Елсізден ер тумақ па – білмеймісің?
Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды, 
Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды...

37
Бұл – бір жағынан, ақынның өзінің де ойы. Халықтық 
ойды танытатын мұндай сөздерді ақын Монтайға әдейі 
айтқызып отыр. Поэманың кейінгі негізгі бөлімдеріне 
апаратын жол да осы тұста байқалып қалады. Монтай 
армансыз адам іздеп сапарға шығады. Сөйтіп, ол Келденнің 
ауылына келеді. Бұдан әрі ақын оқушыны поэманың негізгі 
кейіпкерлері Келден мен Құралайдың тағдыры туралы 
баяндауға араластырады. Поэманың негізгі бөлімдерінің 
оқиғалары Келденнің атынан баяндалады. Өз басынан 
кешкендерін ол Монтайға сыр етіп шертеді.
Поэма оқиғаларының Келден атынан баяндалуы 
шығарманың реалистік қуатына біраз салқынын тигізбей 
қоймаған. Өйткені кейіпкер оқиғаларды баяндап 
қана қоймай, оларға белгілі дәрежеде баға да беріп 
отыратындықтан, авторлық қатынас кейбір реттерде 
көмескі тартып кеткен. Біздіңше, бірқатар әдебиетшілер 
мен сыншылардың поэмада қазақ елінің ішкі өмірі, ондағы 
рулық қайшылықтар мен әлеуметтік теңсіздіктер терең 
ашылмай қалған деген пікір айтуларының да бір сыры 
осында болса керек.
Поэма оқиғаларының осы сипатта қиюласуы және 
кейіпкердің атынан баяндалуы өзінің авторлық өрісін біраз 
тарылтатындығын ақынның өзі де сезген. Сондықтан да, ол 
кейіпкердің баяндау әуеніне үнемі бірдей бой ұрып кетпей, 
оқиға желісіне ара-тұра өзі де араласып отырады. Сондай-
ақ, көп реттерде кейіпкердің ой-тұрғысы мен ақынның ой 
тұрғысы бірыңғай, сәйкес келіп қалады. Мұндай жағдайда 
кейіпкер атынан берілген баяндау авторлық баяндаудың 
қызметін өтейді. Бұған поэманың қалмақтар өмірі және 
қалмақ батырлары мен Келденнің арасындағы шайқастар 
баяндалатын эпизодтары айқын мысал болып табылады. 
«Құралай сұлу» поэмасында халықтың жауынгерлік, батыр-
лық рухы бар. Бұл қасиетті әсіресе Келденнің бойынан мол 
табамыз. Қапыда қалған елдің жылқысын шауып алып, 
айдап кеткен қалмақтардың соңынан қуа аттанғанда ол 
он үш жастағы уыздай жас бала. Әрине, құрсанған қалың 
жауды жеңемін деген ой онда жоқ. Бірақ оның бойын ел 
кегі, ерлік намыс кернеген. Келденнің жүрегін жайлаған 
осындай патриоттық сезімдер ол қалмақтардың қолында 
тұтқын болған шақта да суынбайды. Егер бұдан былай 
қалмаққа жау болмаймын деп ант берсең, тұтқындықтан 
босатамыз деген Сейқынға ол былайша жауап береді:

38
Саған жау, Сейқын сұмырай, мендей қазақ,
Болмаймын бас алсаң да үйтіп мазақ.
Өлсем де өлім үшін өкінбеймін,
Еркіңде көрсете бер қандай азап.
Қайтсе де қосылмайды саған қаным,
Жаралғаннан жұртымды сүйген жаным.
Бүгін шешіп босатсаң, ертең жаумын,
Сендей жауды жапыру – ойлағаным.
Келден осы сертіне берік күйінде қалады. Ақыры ол 
Құралаймен көңіл қосып, соның жәрдемімен қалмақтардың 
тұтқынынан қашып шығады. Артынан қуған жауларды 
қырып, ол өзін де, Құралайды да азат етеді. Келден адам 
қанын төгуге құмар емес. Ол – өз басын қорғаушы. Құралай 
екеуін қуып келген қалмақтарды жайратып салғаннан 
кейінгі оның мына бір сөздері осыны аңғартады.
Жаралы жан, қансыз тән даланы алып, 
Он сан адам қырылды өлімге улай. 
Қиянатшыл өмірдің таласы үшін 
Сорлы адамзат қырылды-ау талай-талай.
Келден – намысты, жүректі батыр ғана емес, сонымен 
бірге нәзік сезімнің де адамы. Бұл оның Құралайға деген 
өмір бойы суынбас ыстық сүйіспеншілігінен анық көрінеді.
Құралайдың образы да ерекше бір тартымдылыққа, 
жылылыққа толы. Оның өз елін аңсап сағынған шерлі 
үнінен жау қолында арманда өткен анасы Наушаның да 
өкінішті мұң-зары естілетіндей.
Бірақ Құралай арманның азалы күйін шертіп жаси 
бермейді. Ол кезеңі келгенде батыл қимыл да жасайды – 
Келденнің жау қолынан босап шығуына септігін тигізеді. 
Сөйтіп Құралай аяулы арманына жеткендей болады. 
Өкінішке қарай, оның бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. 
Әрі аңсаған ел-жұртын көре алмай, әрі Келденді айықпас 
мұң-шерге батырып, Құралай өмірмен қош айтысады. 
Өмірінің ең ақтық сәтінде, демі үзіліп бара жатқанда да 
Құралай сүйіктісі Келденнің бақытты болуын тілейді. 
Жалпы алғанда, жан тазалығына, рухани қайратқа толы 
Құралайдың бейнесі – қазақ поэзиясындағы ұнамды әйел-
кейіпкерлер образдарының таңдаулыларының бірі.
Келденнің өкінішті монологы айтылып біткеннен кейін 
ақын поэманы былайша түйіндейді:

39
Деп Келден тамам қылды барлық сөзін,
Қартайтқан бұл қайғымен бейшара өзін. 
Жазалы кім, жазасызды күйдірген кім?
Тексерші өткендердің әрбір ізін.
Әрине, бұл сұрақтың жауабын сол бір бейуақыттың 
шындығынан іздеу керек. Ақынның ерекше еңбегі сол – 
ол осы тарихи шындықты өзінің поэмасында шынайы да 
әсерлі бейнелей алды. Мұндай шығарма оқушының рухани 
сезімдерін аялап, оны ұзақ уақыттар бойына толғандырмақ. 
«Құралай сұлу» поэмасын таза да іңкәр махаббат туралы, 
армансыздықты армандаған ер жүректі, ізгі жанды адамдар 
туралы аяулы жыр деп санаса да болғандай.
Ақынның «Алтай аясында» атты поэмасы да өзінің 
тақырыбы, қамтитын дәуірі жағынан осы «Құралай 
сұлумен» алуандас. «Алтай аясында» алғаш рет 1934 жылы 
жарияланды. Бұл – ақынның ертеректе жазған «Алтай 
ертегісі» атты шығармасының өңделіп, толықтырылған 
нұсқасы.
Ақын поэмасының алғашқы тарауында Алтай тауының 
тамаша сұлу табиғат көріністерін суреттейді. Ал осыдан 
кейін барып ол шығарманың кейіпкерлері мекен еткен 
және онда бейнеленген оқиғалар өрбіп-өрістеген жерлердің 
нақтылы көріністерін беруге ауысады. «Алтай аясы» 
поэмасында И.Байзақов махаббат және оның еркіндігі 
туралы тақырыпты жалаң жырламайды. Бұл шығармасында 
ол әлеуметтік мәселелерге де біраз тереңдеп барған. 
Мысалы, Балағаз бен Құсанның арасындағы тартыстың түп 
төркіні тек Еркежанның жайына байланысты деп қарау–
үстірт байлау жасағандық болар еді. «Қарақасқа атты 
Қамбардың тоқсан үйлі тобырының» ұрпағы Балағаздар 
мен Құралайларға Құсанның ызасы әбден батқан. Міне, 
осы ыза Еркежанның тағдыры екіталай күйге түскенде 
сыртқа қайнап шыға келеді.
Айтыста Еркежаннан жеңіліп қалып жер болған әрі 
Балағаздай ноян, жігерлі жігіттен беті қайтып, сағы 
сынған Құсан өзінің жемтіктестері Кәпін, Кәбік сияқты 
қалмақтың хандарын Балағаздарға қарсы әккілікпен айдап 
салады. Олар қапыда бас салып, жарлы ауылдың ойранын 
шығарады. Талай адамдар жазықсыз құрбан болады. 
Ал Еркежан қалмақтардың қолында тұтқын болып кете 
барады. Сөйтіп, поэманың ұнамды кейіпкерлері қым-қуыт 
жайларға, адам айтқысыз қиындықтарға тап болады. Бірақ 
олар егіліп, жасып кетпей, қайратқа жырын шыңдай түседі.

40
Ақыр аяғында Балағаз бен Жоламан Еркежанды 
құтқарып алады. Бұл ретте оларға қалмақтың Қаутұн деген 
мерген батыры көмектеседі. Поэманың оқиға желісіне 
осы қалмақ батыры Қаутұнды енгізу арқылы ақын көп 
нәрсе ұтқан. Ең алдымен, бұл кейіпкердің іс-әрекеті 
Еркежанның қалмақтар тұтқындығынан құтылуының 
мотивировкасын шынайыландырып тұр. Екіншіден, біз 
осы образдан қазақтың да, қалмақтың да қарапайым 
адамдарын тұрмыс мүдделері, тағдыр ортақтастығы өзара 
тұтастыра бастағанын көреміз. Егер Құсандар мен Кәпін, 
Кәбіктер бірлесіп алып Еркежандарға зорлық-зомбылық 
жасаса, ал Балағаздар мен Қаутұндар ұжымдасып оларға 
қарсы шығады, яғни Қаутұнның сөзімен айтқанда: «Тізе 
қосып кекпен кек қайтарады». Міне, Қаутұн образының 
ең бағалы қасиеті де осында. Поэманың эпилогында ақын 
бұрын Құсан, Кәпін, Кәбік жайлаған далада қазір жаңа 
өмір орнағанын, бүгінгі күннің Еркежандары шаттық әнін 
шырқайтындығын қуана жыр етеді. Тегі, осылай ету арқылы 
ақын өзінің бағзы заманда өмір кешкен кейіпкерлерінің 
аяулы армандары мен жарқын үміттері тек кеңес дәуірінде 
ғана шындап жүзеге асқанын аңғартпақ болса керек. 
И.Байзақовтың «Кавказы» оның басқа шығармаларынан 
гөрі оқшауырақ тұрады. Егер басқа тарихи поэмаларында 
ақын өз халқының өткеніне көз жіберсе, ал «Кавказ» 
дағыстан халқының тіршілік жайын, әдет-ғұрпын баян 
етеді.
Композициялық құрылысы жағынан «Кавказ» жоғарыда 
аталған «Алтай аясында» поэмасына ұқсас. Соңғы 
поэмасының да алғашқы тарауында ақын Кавказ тауының 
ғажайып әсемдігін, оның асқар шыңдары мен тулай аққан 
тентек өзендерін көркемдік бояуларын лекіте төгіп, мың 
құбылтып, құлпырта суреттейді. Шығармада баяндалатын 
оқиға желісіне ақын осыдан кейін барып қана араласады. 
Сондай-ақ, «Алтай аясындағы» сияқты, «Кавказда» да 
ақын басты-басты кейіпкерлерін оқушыға жеке-жеке
арнайы таныстырып алады. Бұл поэмада да ақын махаббат 
тақырыбын әлеуметтік тақырыппен ұштастыра отырып 
жырлайды   және сол екі  тақырыптың шешімін   бірегей  
күйде береді. Поэманың басты кейіпкері Бағыда – асқан ер 
әрі аса өнерлі жігіт. Шығарманың негізін құрайтын тайталас-
тартыс осы Бағыданың іс-әрекеттеріне байланысты өрбіп 
дамиды. Ал оның барлық іс-әрекеті ата жауы Жүсіптен 
кек қайтару мақсатына арналған. Бір кезде әкесі Асқапты 
өлтіргені үшін ол Жүсіпке іштей өш. Бірақ қан үшін қан 

41
төгу туралы ойдан Бағыда алғашқыда аулақ болады. Қайта, 
өзінің балуан балаларын жығып, аты және бәйгеден келіп 
ел көзінде абыройы асқан Бағыданың басын жоюды 
Жүсіп ойлайды. Алайда, оның бұл арам ойы іске аспайды. 
Жүсіптің төрт баласы бірдей ажал құшағына енеді. Ал ол 
өзін өлтіреді. Бағыда мен Зайда қол ұстасып Дағыстаннан 
кетуге бел буады. И.Байзақовтың бұл поэмасы Ақылбайдың 
«Дағыстан» атты романтикалық поэмасымен тақырыптас. 
И.Байзақов Ақылбай поэмасының негізгі материалын өңдеп 
пайдалана отырып, тыңнан өзіндік поэма жасаған. Иса 
поэмасындағы оқиғалардың өрбуі мен шешілуі де, ондағы 
кейіпкерлердің іс-әрекеттері де «Дағыстандағыдан» мүлдем 
басқаша дерлік. Сондай-ақ, Ақылбайдың поэмасындағы тым 
әсіре романтикалық сарындар мен кездейсоқ мезеттердің 
белгі-бедері «Кавказда» жоқ. Әрине, бұдан «Кавказдың» 
кейіпкерлерінің жанында лаулаған жалын, отты сезім, өр 
мінез жоқ деген ұғым тумайды. Бірақ ақын осының бәрін 
де шындық шеңберіне сыйымды етіп, реалистік суреттеу 
мәнеріне көбірек бой ұра отырып берген.
Ақылбайдың поэмасында болып өткен оқиғалардың 
барлығының да түп төркінін, себеп-салдарын тағдырдың 
бұйрығынан, жазмыштан іздеу сарыны басым. Ал 
 
И.Байзақов «Кавказдың» оқиғаларын өмір шындығына 
сәйкестендіре отырып, өрбітеді әрі көркемдік жағынан 
нанымды етіп шешеді. И.Байзақовтың поэмасында 
адамгершілік ар-намыс, адалдық, әділеттік тақырыбы ең 
алғы планда жырланады.
«Кавказ» поэмасының бағалы қасиеттерінің бірі сол – 
онда ақын Кавказ тауының таңғажайып сұлу көріністерін 
ғана емес, сонымен бірге оны мекендеген халықтың өмірін, 
әдет-ғұрпын, ұлттық колоритын да шынайы суреттей алған. 
Сөз жоқ, мұның бәрі поэманың реалистік қуатын күшейте 
түскен.
И.Байзақовтың 1939–1940 жылдарда жазған «Қырмы-
зы–Жанай» поэмасы аяқталмай қалған. Бұл поэмасында 
ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына байланысты 
туған оқиғаларды бейнелемек болған. 1916 жылғы 
ұлт-азаттық қозғалысы туралы тақырып проза мен 
драматургияда біркелкі мол қамтылды дерлік. Ал поэзия 
жөнінде мұны айтуға болмайды. Рас, сол он алтыншы 
жылдың дауылды оқиғаларының ізі суымастан осы тақы-
рыпқа арналып көптеген поэмалар мен толғаулар, өлең-
жырлар туды. Бұл – халықтың шығармашылық  қуатының 
дариядай шалқып тасқан бір шағы еді. Туған жерге, елге 

42
деген ыстық сүйіспеншілік пен қимастық ыстық сезімдер 
арманға, сағынышқа толы жыр болып төгілді. Өкінішке 
қарай, халық поэзиясының осы тамаша қазынасын жинау, 
бастырып шығару ісіне соңғы кезде мүлде мән берілмей 
кетті. Сондай-ақ он алтыншы жыл туралы тақырып қазіргі 
поэзиямызда да жеткілікті бейнеленбеді.
И.Байзақовтың «Қырмызы–Жанайы» осы тақырып-
қа арналған поэзиялық кесек шығармалардың ең 
алғашқыларының бірінен саналады. Поэманың басқы 
тарауынан ақынның он алтыншы жыл оқиғаларын мол 
қамтып, уақыт шындығын күрделі күйінде беруді мақсат 
еткені, тартыс талқысының өткірлігіне ұмтылмақ болғаны 
байқалады. Онда Жанай, Қырмызы, Сатыбалды, Үсен 
сияқты  характерлері әрі айқын дараланып танылмағанмен, 
біраз белгі көрсетіп тастаған, үлкен үміт күттіретін, тұлғалы 
образдар болуға лайық бірнеше кейіпкерлер де бар. Бірақ 
ақын өзінің  авторлық  негізгі  мақсатын  тамамдап  үлгермеді,  
«Қырмызы – Жанай» поэмасы аяқталмай қалды. Сөйтсе 
де, поэманың жазылып қалған, бізге мәлім тарауларының 
өзінен де Исаның кесек, күрделі шығармалар жазудағы 
зор ақындық құлашы, шығармашылық кең тынысы айқын 
танылатындай. И.Байзақовтың тарихи тақырыпқа арналған 
шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, нағыз нәрлісі 
де – «Ақбөпе» поэмасы. Бұл поэмасын ақын 1941 жылы 
жазып бітірген және ол сол жылы журналда жарияланған.
«Ақбөпе» поэмасында суреттелген оқиғалардың сыр-
сипатына, өрістеп-өрбуіне қарағанда ақын онда «Құралай 
сұлу», «Алтай аясында» атты поэмаларында қамтылған 
кезеңдерден бергі дәуірді бейнелейтіні байқалады. Егер 
ертеректе жазылған және ерте кезеңдерді қамтитын 
поэмаларында ақын дәуір шындығын тұтастай алып, 
жалпылама суреттесе, ал «Ақбөпе» поэмасында реалистік 
детальдар, шынайы көріністер мол ұшырасады. Халықтың 
әдет-ғұрпын, ескі ауыл өмірінің әрқилы жақтарын ақын 
кеңінен көрсетеді. Әмірханның барымтаға түскен жүйрік 
саңлағы «Ақтарланды» қайтарып алуы, Әмірханның күйеу 
жолдас болып келіп Ақбөпемен танысатыны баяндалатын 
сауық-думан, Ақбөпені күшпен тартып апарғаннан кейінгі 
Ақажан аулының көріністері, тағы басқалар бұған айқын 
дәлел болып табылады.
Сонымен бірге «Ақбөпе» поэмасында ақынның алғашқы 
шығармаларындағыдан гөрі оқиға мол, қалың және олар 
поэманың сюжеттік желісіне заңды түрде тұтаса сіңісіп 
тұр. Осыған орай «Ақбөпе» поэмасында кейіпкерлердің 
саны да әлдеқайда көп және реалистік сипатта мүсінделген.

43
Поэма Ақбөпе мен Әмірханның арасындағы айнымас 
махаббаты, еркіндікке ұмтылған жастардың тағдырын 
суреттеуге арналғанымен, онда сүйіспеншілік тақырыбы 
жеке-дара жырланбайды. Өзінің бұл негізгі тақырыбына 
ақын әлеуметтік сарындарды мол араластырған. Қуандықтың 
ұрда-жық қуларының, Тәукеден «Ақтарланды» тартып 
алуы, Ақбөпе оқиғаларына байланысты Ақажандардың 
Көпбай, Қасымдарға зорлық жасап, тізе батыруы және 
олардың Әмірхан жоқта Ақбөпені күшпен тартып әкетіп 
оны адам айтқысыз ауыр азапқа салуы және поэмада мол 
қамтылған басқа да осы тектес оқиғалар – өткен өмірдің 
өкінішті де ащы шындығы болатын.
И.Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасындағы шығарма-
шылық ең сәтті табысы – оның Ақбөпе сияқты сүйікті 
кейіпкерінің тамаша бейнесін жасай алғандығы. Қазақ 
кеңес поэзиясының тарихи тақырыпқа арналған 
шығармаларындағы ең тұлғалы әйел-кейіпкерлер Сұлушаш 
пен Күләнданың қатарына қосылуға Ақбөпе әбден 
лайықты. Ғасырлар бойына рухани азап шегіп, трагедиялық 
махаббаттың тақсіретін тартып келген және осы аянышты 
тағдырына қарсы әрдайым қажырлықпен күресіп келген 
қазақ қызының шынайы да тұлғалы бейнесін ақын «Ақбөпе» 
поэмасында әсіресе зор көркемдік қуатпен жасады. 
«Ақбөпе» поэмасының:
Ақбөпе әнмен бірге жасын төгіп,
Қайғыны кекке берді қайратқа егіп.
Теңдік пен махаббатты жырлай, жылай
Қапасын қара түннің өтті сөгіп,–
деп аяқталуы да кездейсоқ емес. Бұл шумақтан поэмада 
теңдік пен махаббат тақырыбы қоса жырланғанын, Ақбөпе  
жырлап та жылап өткен талай жастың жинақты бейнесі 
екенін ақын өз тарапынан да аңғартпақ болғанын аңдаймыз.
Жалпы алғанда, «Ақбөпе» – қазақ кеңес поэзиясының 
үздік үлгілерінің бірі. Бұл поэма И.Байзақовтың ақындық 
шеберлігі толыса өскендігін, оның өмірге, тарихи 
шындыққа деген көзқарасының тереңдегенін танытты 
және ақынның көркем бейнелеудің реалистік стиліне 
бүтіндей бетбұрғанын көрсетті.
Сөйтіп, И.Байзақов өзінің тарихи поэмаларында 
шығармашылық  жағынан біртіндеп өсіп отырды. Егер 
ертеректе жазылған, алғашқы поэмаларының кейбірінде 
ақын өмір құбылыстарын романтикалық сарындарға, 
бояудың әсіре де тым қалыңдығына көбірек бой ұра отырып 

44
суреттесе, ал соңғы поэмаларында ол тарихи шындықты 
социалистік реализм тұрғысынан бейнелеу дәрежесіне 
көтерілді.
И.Байзақовтың «Он бір күн, он бір түн» атты шығармасы 
оның жоғарыда аталған тарихи поэмаларынан оқшауырақ 
тұрады. «Он бір күн, он бір түн» поэмасы өз өміріміздің 
шындығын  суреттеуге арналған. Ақынның кеңес тақы-
рыбын жырлаған басқа да күрделі шығармалары болған. 
Мысалы, Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында ол 
ел аралап жүріп майдан ерлерінің батырлық қимылдарын 
ұзақ-ұзақ жыр етіп шерткен. Бірақ, өкінішке қарай, 
ақынның бұл шығармалары зерттеушілерге әлі күнге дейін 
мәлім емес. Тарихи тақырыпқа арналған поэмаларындағы 
кейбір суреттеу тәсілдерін И.Байзақов «Он бір күн, он бір 
түнде» де қолданады. Мысалы, бұл поэма өзінің басталуы 
жағынан «Алтай аясындағы» ұқсас. «Он бір күн, он бір түн» 
поэмасының бас жағында ақын ең алдымен Алтай, Саян 
тауларының табиғатын құлпырта суреттейді. Әрине, мұнда 
ақын «Алтай аясында» поэмасында қолданған бояуларынан 
басқа реңкті өрнек-нақыштар тапқан.
«Он бір күн, он бір түн» поэмасында ержүрек кеңес 
ұшқышы Марина Раскованың басынан кешкен жайлары 
баяндалады. Москвадан Қиыр Шығысқа талмай ұшқан 
және он  бір  күн,  он бір түн бойына Тайганың меңіреу 
жыныстарын тынымсыз шарлаған ұшқыштардың батырлық 
қимылында қаншалықты романтика, қаншалықты ерлік, 
патриоттық сыр-сезім бар! Сырттай қарағанда осы оқиғаның 
өзі-ақ жыр болып төгілгелі тұрғандай. Шындығында, әрине, 
бұлай емес. Суреттелетін өмір құбылысы неғұрлым кесек, 
неғұрлым ғажайып болған сайын, ақын солғұрлым биікке 
көтерілуге, бейнелеп отырған объектісінің тереңіне нағыз 
суретшіге тән көрегендікпен сұғынуға, сөйтіп өзгеше, 
ғажайып шындықты әрі өзінің бар күрделі күйінде, әрі 
көркемдік жағынан нанымды да заңды етіп көрсетуге тиіс. 
«Он бір күн, он бір түн» поэмасында И. Байзақов дәл осылай 
жасай алды да. Күтпеген жерден қатерлі жағдайларға тап 
болған кейіпкерінің жан толқындарын, бұрқаған сезім 
дауылдарын ақын әсерлі де шынайы бейнелеген. «Он бір 
күн, он бір түн» поэмасы ақынның тек тарихи тақырыпқа 
ғана емес, сонымен бірге кеңес шындығына арналған да 
кесек, күрделі шығармалар жаза алатындығын танытты.
И.Байзақов кесек пландағы шығармаларда өзінің 
ақындық құлашын әсіресе кең әрі ұшқыр сілтейтінін 
жоғарыда айтқанбыз. Расында да, Исаның ақындық 

45
қуаты да, суреткерлік шеберлігі де бәрінен бұрын оның 
күрделі шығармаларынан айқын танылды. Ақынның 
көптеген поэмалары тарихи тақырыпқа арналған. Оның 
осы шығармаларының ең негізгі идеялық-көркемдік 
құндылығы неде? Бұл қандай болмасын тарихи тақырыпқа 
арналған шығарманың негізі болып табылатын тарихи 
шындықты ақынның дұрыс түсініп әрі көркем де нанымды 
бейнелей алғандығында. Мұны сол шығармалардың жалпы 
идеялық мазмұны мен рухынан да, ондағы кейіпкерлердің 
образдарынан да анық байқаймыз.
И.Байзақов өзінің тарихи поэмаларында өткен 
өмірдің шындығын мол аша отырып, ұнамды кейіпкерлер 
образдарының  тұтас галереясын жасады.  Олар – қазақтың 
Келден, Балағаз, Әмірхан сияқты батыр, дарқан жігіттері, 
Құралай, Еркежан, Ақбөпе сияқты аяулы арулары. Сырттай 
қарағанда осы кейіпкерлер өзара ұқсас, алуандас сияқты. 
Өйткені бұл кейіпкерлерінің образдары арқылы ақын 
халықтың жауынгерлік, ерлік рухын, елдік сипатын, оның 
жекелеген ұл-қыздарының бас бостандығына, махаббат 
еркіндігіне ұмтылғандығын жинақты түрде бейнелеген.
Сөйте тұра, осы кейіпкерлер бір-біріне мүлдем 
ұқсамайды да. Өйткені  ақын олардың жан дүниесін, 
характерлерін өзара жеткілікті даралаған. Кейіпкерлерінің 
портреттерін, олардың сүйіспеншілік сезімдерін ақын 
әсіресе құлпырта, жандандыра әрі өзара ұқсатпай, алуан 
түрлі етіп береді. Қасіретті де таза жанды Құралайдың, 
ерке де нәзік Еркежанның, назды да батыл Ақбөпенің 
тамаша бейнелері – бұған анық айғақ. Кейіпкерлерінің 
аяулы махаббат сезімдерін, кескін-келбеттерін сипаттауда 
ақынның Абайдан үйренгендігі байқалып отырады. 
Мысалы:
Екі бет уылжып тұр қаны тамып,
Ақ жүзінде өмірдің шамы жанып.
Жас баланың аузындай кішкене аузын
Қызыл ерні сүйіп тұр құмарланып.
Жұп-жұмыр үлбіреген алма мойын,
Ақылдан орнатқандай өлшеу алып.
Білегі аппақ арай, ақ жамбыдай,
Сұлулық есі кетіп тұр таңғалып.
Міне, жан дүниесінің мөлдір тазалығы мен сыртқы 
бейнесінің сұлулығы астасып берілген Құралайдың бұл 
портреттік сипаттамасынан сөз жоқ, Абай суреттерінің әсері 

46
елес бергендей. Әрине, бұдан И.Байзақов Абай қолданған 
суреттерді табына, телміре пайдалана салған екен деген 
ұғым тумаса керек. Мұнда әңгіме шығармашылық үйрену 
жайында болып отыр. Кейіпкерлерінің кескін-кейпін, сезім 
дүниесін сипаттағанда, олардың сүйіспеншілік қуаныштары 
мен қасіреттерін суреттегенде Иса бірде романтикалық 
асқақ лепке, біресе сырлы нәзіктікке ауысып отырады. 
Бірақ ол қашанда өз қаламының ізінен танбайды, өзінің 
төгіліп тұрған ақындық шабытынан жаза баспайды.
Табиғат суреттерін беруге Иса әсіресе шебер. Бұл ретте 
ол көп ақындарымыздан үздік, оқшау танылады. Оның 
поэмаларының қай-қайсысында да табиғаттың тамаша 
көріністері жиі ұшырасады. Мұның ерекше мәнісі бар. 
Ақын жансыз табиғаттың жалаңаш сұлулығын жалаң 
қызықтаудан аулақ. Ол пейзаждық көріністерді бірде 
шығармада баяндалатын оқиғаларға ая ретінде қолданса, 
ал басқа бір мезеттерде ақын кейіпкерлерінің қуанышты 
көңіл-күйлеріне немесе қасірет-наласына байланысты 
табиғат суреттерін біресе жарқын, нұрлы реңкке бояп, 
біресе жадау тартқызып, жабырқатып береді. Сонымен 
бірге И.Байзақовтың поэмаларынан суреттеліп отырған 
жердің табиғат көріністерінің нақтылы, жанды елестерін 
де байқауға болады. Мысалы, Кавказдың тулап аққан асау 
өзендері мен сұсты асқар шыңдарын, Алтайдың бұлтпен 
таласқан шың-құздары мен айдын шалқар көлдерін, 
Арқаның сағым ойнатып, сұлық жатқан кең даласын ақын 
соларға лайықты бояулар тауып суреттейді.
Ақын қашанда табиғатты қалғыған енжар күйінде емес, 
қайта оған жан бітіре, түрлендіре отырып суреттейді. 
«Кавказ» бен «Алтай аясында» поэмаларынан алынған 
мына бір шумақтарды оқып көрелік:
Сөйлесең бірге сөйлеп зәулім тасы,
Тік шаншып тақталанған қабырғасы. 
Түймесін сауытының ағыта сап,
Желпінген батыр сынды тау тұлғасы.
                                                      («Кавказ»)
Күмістей Алтай сері қар жамылған,
Бұлт киіп төбесіне ар жағынан.
Бәріне табиғаттың шашу шашып,
Күн асты көкжиектің шарбағыман.
 («Алтай 
аясында»)

47
И.Байзақовтың поэмаларындағы тамаша табиғат 
көріністерімен танысқанда ұлы сыншы Белинскийдің: 
«Ақын табиғатқа табынбайды, қайта онымен бәсекеге 
түседі»,– деген сөздері еріксіз еске түседі.
Исаның поэмаларындағы бір ерекшелік – оларда 
ақынның  авторлық араласуларының, лирикалық шалқу-
ларының мол ұшырасып отыруы. Жиырмасыншы жылдар-
дағы және отызыншы жылдардың алғашқы жартысындағы 
поэзиямызда мұндай ерекшелік тым тапшы болғанын 
ескерсек, Иса поэмаларының бұл қасиетін тереңірек ұға 
түсеміз.
Авторлық араласулары мен лирикалық шалқулары 
арқылы Иса өзінің ақындық қатынасын танытуға тырысады. 
Ақынның бұл авторлық қатынасы үнемі бірдей айқын әрі 
белсенді болған жоқ. Өмірге көзқарасы тереңдеп, ақындық 
шеберлігі ұшталған сайын оның авторлық қатынасы да 
айқындала, жандана түсіп отырды. Мысалы, алғашқы 
поэмаларының бірі «Құралай сұлуда» ақын шығармада 
баяндалатын оқиғаларға өзінің авторлық қатынасын 
білдіре келіп, «Үн қосып күңірену – болған барым» десе, 
ал ең соңғы кесек шығармасы «Ақбөпе» поэмасында былай 
деп жырлайды:
... Халықтың қасиетін жанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды!
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің
Жандары «бізді де айт» деп сыбырлайды.
Расында да, «мезгілсіз, мерекесіз өткен» ата-
бабаларымыздың –халықтың ерлік пен елдікке, азап пен 
азаға толы тарихы мен тағдырын ақын бүгінгі өмірдің 
биігінен қарап, тебірене жырлады.
И.Байзақов шығармаларының идеялық мазмұны мен 
көркемдік ерекшеліктері туралы бір мақаланың шеңберінде 
тауыса, мол пікір айту қиын. Сондықтан біз ақын 
шығармашылығы жайында кейбір байқағандарымызды 
ғана ортаға салдық. Ақынның шығармаларын, мүмкін 
қадарынша, толық жинап бастырып шығару және олар 
туралы лайықты зерттеулер жасау әдебиетшілеріміздің 
аса игі борыштарының бірі болып табылады. «Халықтың 
қасиетін жанмен ұққан» және жалынды жырымен 
оған қалтқысыз қызмет еткен талантты ақынымыз Иса 
Байзақовтың шығармашылық мол мұрасы – халқымыздың 
ақындық қуатының айқын бір көрінісі есепті.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал