Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет19/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

СУ
  электр станциясын салуға 
бекініп бел буатын да–осы Москвин. Бас инженер Собка 
мен Катерина образдары да шынайы дәрежеде жасалған. 
Мәселе бұл кейіпкерлердің ұнамды қалыпта алынуында 
ғана емес. Ақын солардың тұлғаларын толымды, жанды 
етіп көрсету үшін қажетті көркемдік бояуларды таба алған, 
олардың психологиялық сипатын да терең ашқан.
Поэманың басты кейіпкері–Есей. Оның тағдыры 
оқушыға ақынның бұрынғы шығармаларынан да таныс. 
Ал «Отты толқындар» поэмасында ол үлкен маман, өз 
ісіне, халық пен Отан мүддесіне қалтқысыз берілген 
патриот ретінде көрінеді. Есей мен Катяның арасындағы 
сүйіспеншілік те поэмада әсерлі жырланған. Есейдің 
бойында үлкен арман бар. Ол–туған жері Алтайда қуатты 
электр станциясын салу. Сол арманына Есей жетпей тынбақ 
емес. Ол болашақ станцияның жобасын, моделін жасайды. 
Есей мінезінің осы сипатын, оның арманшылдығы мен 
табандылығын ақын көркем де айқын әрі композициялық 
тұтастықта алып көрсеткен.
Поэмада Есейдің патриоттық ой-сырлары, сүйіспеншілік 
сезімдері, туған жерге деген сағынышы ақындық 
тебіреніспен, әсерлі жырланған. Оның бойында бұдан 
басқа да абзал қасиеттер мол. Ол:
Өзім үшін деуден аулақ уысын,
Қазақ қана деуден аулақ туысын.

313
Сызықтармен толтырады іңірде
Қызметтен тыс мезгілінің қуысын.
Шығарма Есейдің дос-жарандарымен қоштасып, өзінің 
арманына, туған жеріне бет алып аттануын суреттеумен 
аяқталады. Сондықтан да ақын өзінің сүйікті кейіпкеріне, 
өзіне етене жақын тақырыпқа тағы да оралады деп үміт 
етуге әбден боларлықтай. «Отты толқындар» поэмасы 
көркемдік жағынан мін-мүлтіксіз де емес. Ең алдымен онда 
шығарманың ұзына бойына созылып жатқан өзекті тартыс 
жоқ. Катерина мен Тимоша, Павло мен Тимоша арасындағы 
кірбең драмалық өткір түйінге жетіп тарқатылмайды. 
Сондықтан поэмадағы бұл тартыс желісі табиғи сипат 
таппаған, жасанды сезіледі. Бұл ретте Москва әдебиетшісі 
Бабовичтің: «Расын айтқанда, Тимошко сәтсіз суреттелген, 
талантты ақын Дихан Әбілевтің суреткерлік мүмкіндігінен 
сырт қалған» – деген пікіріне қосылмасқа болмайды.
Сондай-ақ поэманың Павло тәрізді кейіпкерінің образы 
да толыққанды болып шықпаған. Поэмада оның сипаты 
жоқ, сипаттамасы ғана бар.
Бірақ поэманың бағыты, қасиеті мұндай жекелеген 
кемшіліктерінде емес, оның негізгі идеялық пафосында, 
әсер етушілік қуатында. Поэма орыс тіліне аударылғаннан 
кейін де лайықты бағаланды. Әдебиетші Бабович поэманы 
жоғары бағалай келіп, былай деп көрсетті: «Отты 
толқындар» поэмасын жазу үстінде ақын елеулі, түбегейлі 
еңбек еткендігін, шығарманың поэтикалық әсерінің күшін, 
оның шығармашылық құралдарының қанаттылығын 
мойындау керек. Біздің қазақ жолдасымыздың бұл 
тамаша шығармасы осынау қасиеттерімен жарқырап 
көрінеді... Жасым келіп, қартайған шақта қазақтың ұлттық 
поэзиясының мөп-мөлдір қайнарынан сусындағаныма мен 
шын көңілден қуанамын».
Д.Әбілев поэма жанрында соңғы жылдары әсіресе 
жемісті еңбек етті. Оның биыл жарық көрген «Жүрек 
жырлайды» атты жинағына үш  поэма енген. Олар – 
«Шолпан», «Махаббат тағдыры», «Тасбұлақ» колхозында». 
Ақын «Шолпан» поэмасында қыршынынан үзілген 
талантты ақын Шолпан Иманбаеваның өмірі мен тағдырын 
баяндайды. Балғын жас шағында күңдік өмірдің азабы мен 
күйінішін бастан кешіріп, кеңес өкіметі арқасында азаттық 
алып, сауатын ашқан, жаңа дүние орнату жолындағы 
күреске жалынды жырымен үлес қосқан ақынның талайы 
мен тағдырын шыншыл жыр тіліне түсіру оңай емес. 

314
Д.Әбілев осы қиындықты баурай алған. Ол Шолпанның 
нәзік те сырлы, бірақ жан қуатына толы бейнесін шынайы 
дәрежеде жасаған. Поэманың композициялық құрылысы 
өзгеше. Дастан науқас меңдеп, өлім алдында жатқан 
Шолпан 
ның ауыр халін баяндаудан басталады. Ажал 
сарыны кенет үзіледі. Бұдан әрі Асылдың еске түсірген 
тебіреністері арқылы Шолпанның білімге талпынған, жыр 
қызығына берілген шақтары жырланады.
Екінші бөлімде оқудан оралған Шолпанның ауылда 
жаңалық нұрын шашуға жан сала араласқаны, жаңа 
дүниенің жаршысы болғаны шынайы көріністер арқылы 
суреттелген. Ақын қызына деген халықтың ыстық 
ықыласын, таза махаббатын автор тебірене жырлаған. 
Поэма басталғандағы көрініс екінші бөлімнің соңында тағы 
да елес береді.
…Өмірге Шолпан келгелі –
Күн көзін алтын перделі
Жиырма екі ғана айналды
Жұмыр жердің шеңбері.
Жиырма екіге ғана келген қыршын жас қиылғалы 
жатыр. Неліктен бұлай? Дастанның үшінші бөлімінде осы 
сұраққа жауап беріледі. Шолпан сияқты үздік талант иесін 
жастай қуратып, ерте солдырған – күңдік өмір, махаббатты 
малға сатып алып, саудаға түсіретін зорлықшылдар, ескі 
заман Кеңес дәуірінде Шолпанның өзі де, жыры да азат 
болды. Бірақ өгей өмірдің өксігі душар қылған дерт оны 
ажал құшағына берді. Поэма осылай аяқталғанымен, онда 
өршіл қасиет мол.
Мүмкін емес жыршы жүрек тоқтауы,
Ақын керек! Өлең керек өмірге!
Сондықтан да Шолпан өлмейді. Оның жырлары халқына 
керек және әрдайым халықтың жүрегінде. Ал Шолпан 
өмірінің жалғасы оның сол ойлы да өршіл жырларында. 
«Шолпан»–ақын туралы, жыр туралы дастан. «Тасбұлақ» 
колхозында» атты драмалық поэмасын ақын алғаш 
1957 жылы жазған еді. Кейін қайта оралып өңдегенде 
автор поэманың өлеңдік қасиетін ширатып, көркемдігін 
шынықтыра түскен. Поэманың тілі де таза әрі ойнақы. 
Онда характерлері дараланып жасалған, өзара қарым-
қатынастары қызғылықты түрде ашылған бірнеше кейіпкер 
бар. Сауытбек, Раушан, Бадыр бейнелері атап айтуға 
да, көңіл аударуға да тұрарлық. Бірақ поэманың оқиға 

315
желісінде шұбалаңқылық, жасандылық бар. Оның үстіне 
тартыс түйіні, соның шешілуі де шынайы сипат сездірмейді.
Драмалық поэма–қазақ поэзиясы үшін тың жанр. 
Бұл салада талаптанып жүрген ақындарымыз санаулы. 
Сондықтан Д.Әбілевтің талаптануын, бұл саладағы 
ізденістерін тек құптауға керек. Оның үстіне ақындар бұл 
жанрдың қиындығы мен ерекшеліктерін баурау, Пушкин, 
Лермонтов жазған драмалық поэмалардың құлашы 
 
мен серпініне ұмтылу қажеттігін әрдайым ескеруге 
тиіс. Д.Әбілевтің соңғы жылдардағы поэмаларының ең 
таңдаулысы–«Махаббат тағдыры». Көркемдік қасиеті 
жағынан «Махаббат тағдыры» ақынның бұрынғы 
поэмаларының барлығынан да жоғары тұр деп үзілді-
кесілді айтуға әбден болады.
Қазақ кеңес  поэзиясында Ұлы Отан соғысы   тақыры-
бы 
 
на арналып жазылған поэма сан жағынан аз емес. 
Бірақ сол бір кезеңнің қатал да қайсар шындығын, кеңес 
адамының батырлық қимылын, әсіресе рухани ерлігін
өршіл тұлғасын шынайы бейнелеген поэмалар саусақпен 
санарлық қана. Бұл орайда Қ.Аманжоловтың «Абдолласы» 
мен Ж.Молдағалиевтің «Жыр туралы жыр», X.Ерғалиевтің 
«Әке сыры» поэмалары ең алдымен аталады. «Махаббат 
тағдыры» жайында пікір айтқан кейбір авторлардың 
поэманы осындай шығармалардың қатарына қосуы әділ де 
тура.
Белинскийдің айтуынша, шын мәнісіндегі көркем, 
реалистік поэма «...өмірді оның асқақ мезеттерін де қамтып 
суреттейді». Жоғарыда аталған поэмалар ұлы сыншының 
осынау талабына меңзес дәрежеде жазылған. Оларда өмір 
шындығы, кейіпкерлердің тағдыры мен ой-армандары әрі 
шыншыл күйінде, әрі зор көркемдік тұрғыға көтеріліп, 
асқақтата жырланған. «Махаббат тағдыры» негізінен Ұлы 
Отан соғысы кезеңінің оқиғаларын қамтиды. Ал оның 
өзекті тақырыптары – адал, айнымас махаббат пен Отанға 
деген таза сүйіспеншілік. Бұл–бүкіл әлем әдебиетіне 
ортақ әрі мәңгілік тақырыптар. Осы тақырыптарды қазақ 
кеңес ақыны біздің замандастарымыздың тағдыры арқылы 
әрі өз дәуіріміздің озық көзқарасы негізінде жырлайды. 
«Шолпан» поэмасындағы сияқты «Махаббат тағдырында» 
да ақын қарама-қарсы бояуларды, қарама-қарсы 
ситуацияларды шебер қолданған. Поэма шат-шадыман 
той-думанды суреттеуден басталады. Өмірін қосқан екі 
жастың қуанышты салтанаты. Қыз әкесі екі жасқа ақ 
тілегін айтпақ. Сол сәтте Жанна аһ ұрып, талықсып кетеді. 

316
Сөйтіп, ақын салған жерден ширыққан драмалық өткір 
түйінге меңзейді, оқушы назарын еріксіз баурап алады. 
Шығарма композициясын осылай құру арқылы автор 
шұбалаңқылыққа бой алдырмай, ойлы ықшамдыққа, 
тұжырымдылыққа ұмтылған.
Поэмада кеңес адамының тағдыры Отан тағдырымен 
ұштастырыла жырланған. Бұл әсіресе Баубек образына 
жанасты. Жас жазушы Баубек Бұлқышев Ұлы Отан 
соғысының ай-күндерінде патриоттық публицистикасымен 
жақсы танылғаны аян. Қасиетті жерімізді, халқымызды 
жаудан қорғау жолында Баубек қаза тапты. Оның 
өмірі қандай жырға болса да лайық. Бірақ «Махаббат 
тағдырындағы» Баубек прототиптің жалаң көшірмесі 
емес. Ақын өз қиялымен кейіпкерінің образын өсіріп, 
тұлғаландыра түскен.
Шығармасын жоғарыда айтылғандай өзгеше бастаған 
ақын  Жаннаның   өткенді  ойлап  тебіренуі   арқылы   лирика-
лық шегініс жасайды. Дастаннан соғыстың алдындағы 
бейбіт өмірдің жанға жайлы лебі ескендей болады. Баубектің 
Жаннаға деген іңкәр сүйіспеншілігі суреттелетін шумақтар 
да оқушы жүрегін терберлік дәрежеде. Ақын Баубектің 
соғыстағы бейнесін, оның патриоттық ой-толғаныстарын
ерлік мінезін әсіресе нанымды әрі көркем түрде жырлаған:
Жиғандай әлем қаһарын бойға,
Бұрқайды толқын, тулайды өзен.
Лейтенант Баубек шомады ойға,
Шулайды құстар, шулайды өзен.
Астында айдын, үстінде аспан,
Көпір тұр әсем арқасы биік.
Мұнда да туған жаңа бір дастан,
Жатқанда жастар табанын құйып.
– Бұзыңдар,– дейді штабтан бұйрық –
Өтердей болса немістер егер.
Бұзамыз қайтіп көзіміз қиып,
Жан едік біздер жасауға шебер!
Жоқ! Бұзуға бара алмас қолым!
Сақтауым керек көпірді аман.
Кесуім керек дұшпанның жолын,
Достарым, міне, осыған нанам!

317
Мұнда Баубектің туған жерге, өмірге деген құштарлығы 
жақсы жырланған. Баубек  поэманың  бүкіл  өн    бойына    дер-
лік көрініп отырады. Оның Жаннаға жолдаған хаттарынан, 
ішкі тебіреністерінен үлкен жүректі адам екендігі терең 
сезіледі. Д.Әбілев Баубек образында парасатты, ойлы 
адамның, отаншыл азаматтың, жарық дүниені, өмірді, 
елі-жұртын емірене сүйген жалынды ақынның жарқын 
тұлғасын шынайы күйінде бере алған.
Поэманың екінші кейіпкері–Жанна. Сүйген жігітінің 
қаза табуы Жаннаны қатты күйзелтеді. Күткен үміті 
үзілген, арманына жете алмаған Жаннаның жас ғұмыры 
зая кеткендей. Соғыстың аты–соғыс. Ол құрбандықсыз 
болмақ емес. Сондықтан да майданға аттанар алдында 
Баубек Жаннаға мынадай шын сырын, жар сырын шертеді:
Сүйгенім менің, қимасым менің,
Кім білер, мүмкін, қайтпаспын тірі.
Жоқ қылар, мүмкін, қорғасын – өлім,
Қалмасын сенде нәпсімнің кірі.
Пәк жаныңмен бақыт тап сонда,
Бір ғана келіп бейітіме көрін.
Қатерді айтам, тек қапа болма,
Сау қайтар, сәулем, сүйгенің сенің.
Бұл–өмірді, махаббатты ардақтай білетін, нағыз тура да 
шыншыл жүректің, үлкен жүректің үні. Өміріне, тағдырына 
Жаннаның өзі де ойлы, парасатты түрде қарай біледі.
Жұртым-ау, сырым бір саған аян,
Ішімде оқ бар соғыстан қалған.
Қозы үшін өлер емеспін Баян,
Емеспін Жібек құлайтын жардан.
Бірақ Баубектен кейін тағы да жар сүю, өмірлік 
серік табу оңай емес. Жанна өз басынан небір сезім 
дауылдарын кешіреді. Жаңадан тапқан жарын Баубекті 
сүйгендей сүйе алармын ба деп те қобалжиды. Поэма 
үзіліп қалған тойдың қайта жалғасуын, Жаннаның сүйген 
жігітіне қол ұсынып, сөніп қалған, жоғалған махаббатын 
қайта тапқанын баяндаумен аяқталады. Сөйтіп, сөнген 
үмітті, үзілген арманды, ащы қайғыны баян еткен дастан 
өмірдің ғажайып қуаты мен нұрлылығын, айнымас та 
адал махаббаттың ұлылығын ардақтайтын тамаша жырға 
ұласады. Сондықтан да поэма өмір сүре білуге және оны 
қастерлеп сүюге үндейтін өршіл пафосқа, оптимистік 

318
рухқа толы. Мәңгілік тақырыпты, махаббат тақырыбын 
тың суреткерлік серпінмен толғаған, оны заманымыздың 
озық ойы тұрғысынан шешкен, зор көркемдік биікке 
көтере жырлаған ақынның поэзиямызға лайықты үлес 
болып қосыларлық шығарма тудырғанына сүйсінбеске 
әддіміз жоқ. «Махаббат тағдыры» Д.Әбілевтің ақындық 
палитрасы жаңа да жарқын бояуларға қаныққанын 
көрсетті. Ақынның поэмаларының кейбірінде ұшырасатын 
көпсөзділік, шұбалаңқылық, шындыққа үйлесе бермейтін 
теңеулер, жасандылық табы «Махаббат тағдырында» 
жоқ. Табиғат көріністерін суреттегенде, кейіпкерлерінің 
жан толқындарын, сыр-сезімдерін жырлағанда ақын 
өзінің шеберлігі шыңдала түскенін, биіктеп өскенін анық 
аңдатады. Ұрыстың алдында тына қалған төңіректің ақын-
кейіпкердің сезінуі арқылы берілген сипаты мынадай:
Төңірек тыныш, шықпайды дыбыс,
Тына бір қапты манағы жел де.
Үйрек пе, қаз ба – жаралы бір құс
Зарлайды қанын жуынып көлге.
Ал соғыстан кейін қайта жасарып, жаңғырып келе 
жатқан туған жердің келбетін, тынысын ақын мына бір 
жолдар арқылы тамаша елестетеді:
Шайқаста қанмен, шуақта термен
Тірілген қайта табиғат өніп.
Қағады күлім тыныштық деммен,
Көзінен күннің жаңа нұр еміп.
«Махаббат тағдырында» ақынның шеберлігі ұшталға-
нын, оның поэзиясының реалистік қасиеті тереңдей 
түскенін танытатын мысалды көптеп келтіруге де болар 
еді. Бірақ мұның қажеттігі бола қоймас деп ойлаймыз. 
Д.Әбілевтің бұл поэмасы жұртшылық назарын мол 
аударып, алуан түрлі пікір тудырды. Белгілі сыншы 
М.Қаратаев «Толғантпаған тағдыр» деген мақаласында 
өзінің поэманы оқығанда толғанбағанын сездіріп, 
дастан «күткен ойымыздан шықпады» – деп түйді, оны 
сәтсіз туындыға жорыды. Кейінірек Е.Ысмайылов пен 
Қ.Бекхожиннің мақалаларында М.Қаратаевтың пікірі ағат 
деген тұжырым жасалды. Рас, «Толғантпаған тағдырдың» 
авторы өзінің пікірін тым үзілді-кесілді айтқан. Көрнекті 
сыншының көрінеу тенденция ұстағаны бұдан байқалмай 
қалмайды. Оның үстіне М.Қаратаев мақаласының асып 
айтылған жәйттеріне қарамастан, ақынға пайда келтіргені 
де күмәнсыз. М.Қаратаев «Махаббат тағдырының» 

319
журнал, газет бетінде жарияланған нұсқасына талдау 
жасаған еді. Ақын поэмасын жеке кітап етіп шығарар 
алдында сыншының бірталай пікірін ескерген, поэманы 
өлеңдік жағынан жетілдіре түскен, әсіресе шығарманың 
аяқталымын жаңадан қосқан, тың шешім тапқан. Бұл 
поэманың идеялық тынысын әсіресе кеңіте түскен.
«Махаббат тағдырының» кемшілігі жайында сөз болған-
да бір жәйтті баса айтудың орайы әбден бар сияқты. 
Бұл Жаннаның соңғы сүйген жігіті Бегім бейнесіне 
байланысты. Поэманың басында ақын оны «сырбаз 
мүсінші» деп таныстырады. Ал дастанның соңында оқушы 
оның Жаннаға: «Мені қор еткен жоқсың, биік шыңға 
шығардың. Егер бұрын жүз есе сүйсем, енді мың есе 
артық сүйем»–деген сөздерін оқиды. Ия, оқиды, бірақ 
есітпейді. Бегім Жаннаны не қасиетімен сүйдірді? Оның 
жан дүниесі, түр-тұлғасы, рухани келбеті қандай?  Міне, 
бұған және басқа да көптеген сұрақтарға поэмада жауап 
жоқ. Бәлкім, ақын егер Бегім жайын кеңірек толғасам, 
лирикалық поэмаға басы артық қосалқы желілер еніп кетер 
деп тартынған болар. Бірақ қайткен күнде де Бегім бейнесі 
жанды, шынайы қалыпта жасалуы керек еді. Тұтастай 
алғанда «Махаббат тағдыры» поэзиямыздың соңғы кездегі 
бір табысы саналуға тұрарлық, татымды шығарма екендігі 
күмәнсыз. Бұл орайда Қ.Бекхожиннің: «Диқанның бұл 
лирикалық дастаны осындай жан толқытарлық сезіммен, 
ыстық сырлармен, әсем бейнелермен шертілген елеулі 
туынды»  деген түбегейлі пікіріне, әділ тұжырымына біз 
де қосыламыз. Дихан Әбілевтің бүкіл шығармашылық 
жолын терең барламай, жай шолып өткеннің өзінде де бір 
нәрсені даусыз аңдаймыз. Ол–ақынның ізденгіштігі, өз 
өнерін жетілдіре, ұштай түсуге ұмтылып отыратындығы. 
Бұл салада оның тая соққан мезеттері де баршылық. 
Бірақ тапқаны одан да көп, одан да басым. Д.Әбілевтің әр 
кезде жазған лирикалық өлеңдері мен поэмаларының 
таңдаулылары ең қатал, ең әділ сынға – уақыт  сынына 
төтеп беріп, жырқұмар жұрттың рухани серігі, сырласы 
болып келеді. Сондай-ақ, сол өскелең талаппен, уақытпен 
бірге ақынның өзі де, оның жыр жарағы да өсу үстінде. 
Ақынның поэзиясы болашақта да уақыт рухына орайлас, 
меңзес өрістеп өрбитіндігіне біз сенеміз.

320
ӘЛЕМ  ӘДЕБИЕТІНІҢ  АСҚАРЫ
(А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 125 жыл)
 «Алып Пушкин – біздің асқан ұлы мақтанышымыз 
және Россияның рухани күштерінің барынша толық 
көрінісі...»–деп жазды А.М.Горький. Ол Пушкинді бүкіл 
әлем әдебиетінің теңдесі жоқ үздік суреткері деп білді.
Пушкиннің творчествосы–халыққа қызмет етудің 
және халықтың ұлылығын, рухани күштерін ардақ тұтып 
жырлаудың баға жетпес үлгісі.
Александр Пушкин 1799 жылы 6 июльде Москва 
қаласында туды. Оның тұңғыш өлеңі 1814 жылы «Вестник 
Европы» журналында жарияланды. Содан бастап жиырма 
үш жыл бойына, яғни өзі дүние салғанға дейін ол әдебиеттің 
барлық жанрларында толассыз да телегей еңбек етті, 
бүкіл әлем әдебиетінде тұтас бір көркемдік дәуір құраған 
ғажайып шығармаларын жазды.
Орыс халқының ұлы данышпаны болған, орыстың 
мәдениеті мен әдебиетін, орыстың классикалық реализ-
мін жаңа арнаға салып дамытқан Пушкин өзіне дейінгі 
шын мәнісінде өрелі, нағыз ұлттық әдеби және мәдени 
дәстүрлердің мирасқоры да еді. Сонымен бірге ол бүкіл 
дүниежүзі әдебиетінің асыл қазыналарын да өз назарынан 
шет қалдырған жоқ. Ол ежелгі гректер мен римдіктердің 
әдебиетін де,  Байрон мен Гете, Вальтер Скотт творчествосын 
да емін-еркін баурады. Бірақ Пушкин барды қайталаумен 
тынған жоқ. Ол орыс әдебиеті үшін, бүкіл әлем әдебиеті 
үшін жаңа жолдар, тың өрістер ашумен болды. Оның 
ұлылығы да, бүкіл дүниежүзі әдебиеті алдындағы тарихи 
еңбегі де осында еді.
Пушкин орыс әдебиетінде және бүкіл әлем әдебиетінде 
тұңғыш реалистік өлеңді роман–«Евгений Онегин» 
романын, «Капитан қызы» атты тұңғыш реалистік тарихи 
повесін жазды. 
Пушкин – орыстың жазба әдебиетінің, жаңа типті 
реализмнің негізін қалаушы. Пушкин орыс қоғамының, 
орыс өмірінің реалистік тамаша көріністерін жасаумен, 
халықты және халықтық тұлғаларды суреттеумен ғана 
шектелген жоқ. Сонымен бірге ол адам баласының алдында 
тұрған ұлан-ғайыр прогресшіл міндеттер мен мұраттарға 

321
да өз назарын тұңғыш рет аударды. Ол адамды, адам атын 
ардақтап, азаттық пен гуманизм принциптерін жақтап жар 
салды.
Пушкиннің поэмасы онда бейнеленген сыр-сезімдердің 
энциклопедиялық молдығымен, сарқылмас алуандығымен 
өмірді барынша толық қамтыған тұтастығымен таң 
қалдырады. Оның дариядай терең де телегей шалқар 
жанында ақындық жаңғырық таппаған құбылыс жоқ. 
Пушкиннің  поэзиясы орыс халқының құдіретті тегеуірі-
ні не, тарихи өткені мен нұрлы болашағына, оның аяулы 
арманы мен асқақ сезімдеріне, рухани күштеріне арналып 
айтылған ғажайып гимн тәрізді есіледі.
Пушкин тұманды, тұспал күйлерге беріліп, жеміссіз 
қиялға салынған жоқ. Ол болашақты – туған халқының 
да, туған әдебиетінің де болашағын асқан көрегендікпен 
болжай білді және оның дамуын мейлінше жемісті арнаға 
салды. Пушкиннен кейін жасаған және орыстың ұлттық 
әдебиетінің өркендеп өсуіне тамаша үлес қосқан ғажайып 
суреткерлердің бәрі де одан үйренбей, тағлым алмай қалған 
жоқ. «Ол данышпан адам, – деп жазды М.Горький,  ол 
өзінің қысқа өмірінің ішінде орыс өнері жөнінде мұраға 
қалдырғандарының бәрінің мызғымас негізін салды. 
Пушкин болмаса, ұзақ уақыт Гогольдің, Лев Толстойдың, 
Тургеневтің шығуы да мүмкін болмас еді... Бұл ұлы 
адамдардың бәрі Пушкинді өздерінің рухани ұстазы деп 
таныды».
Тағдырын да, творчествосын да туған халқының 
өмірімен тығыз байланыстырған Пушкин өзінің ел-
жұртының ар-намысы болды. «Достарымның және өзім 
араласып жүрген таныстарымның көз алдында менің 
есіміме дақ түспеуін мен місе тұтпаймын. Менің есімім ел-
жұртыма тәуелді. Сондықтан аян болған жердің бәрінде 
мен өз есіміме дақ түсіртпеуге тиістімін», - деп жазды 
Пушкин. Ұлы ақынның есіміне көзі тірісінде дақ түсіре 
алмаған, оның азаттыққа шақырып жар салған құдіретті де 
кекті даусын өшіре алмаған жаулары қаңғырған біреудің 
қолымен оны өлтіріп тынды. Оның қазасын бүкіл орыс 
халқы аза тұтты. «Александр Сергеевич Пушкин дүние 
салды. Ол енді біздің арамызда жоқ! «Күн көзіне оқ тиді», 
деп жазды Кольцов. Содан бері 125 жыл өтті. Бірақ Пушкин 
мұрасына уақыт уыты дарыған жоқ. Қайта өз поэзиясының 
реалистік қасиетімен, халықтығымен, саф сұлулығымен, 
адам баласын ардақтайтын терең гуманизмімен ол кейінгі 
ұрпақтарға аяулы мұра болып келеді. Орыстың ұлы ақыны 

322
қазір барлық халықтардың ұлы ақынына айналды. Оның 
есімі қазақ халқына өте-мөте мәшһүр, әсіресе қадірменді 
зерттеушілер Пушкин өзінің «Ескерткіш» атты әйгілі 
өлеңінің алғашқы бір нұсқасында өз поэзиясына мұрагер 
болатын, аяулы есімін ардақтап жадында сақтайтын 
халықтардың ішінде қазақ халқын да ауызға алғанын 
анықтады.
Пугачев көтерілісіне байланысты ауыз әдебиетінің 
нұсқаларын жинау мақсатымен Орынборға келгенде 
Пушкин қазақ халқының өмірімен, рухани мәдениетімен 
танысады, үш күн бойы Орал қаласында болады. Ол 
қазақ халқының ауыз әдебиетіне мол ықылас қойған. Ұлы 
ақынның архивінен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 
қысқаша нұсқасы жазылған қолжазбаның табылуы мұны 
айқын көрсетеді. Сонау алыс заманда, ықтымыр дәуірде 
махаббат еркіндігіне ұмтылған, сол жолда құрбан болған 
сахара жастарының қайғылы тағдыры ұлы ақынды қатты 
тебірентеді. Ол осы жырдың желісі негізінде поэма жазбақ 
болады. Бірақ беймезгіл ажал бұл арманға жеткізбеді. Қазақ 
халқы туралы тақырыпқа Пушкин «Пугачев тарихында» да 
оралады. Оның бірнеше тарауында ақын қазақ халқының 
өмірі мен тұрмысы жайында тарихи мағлұматтар келтіріп, 
сахара табиғатының сан алуан суреттерін береді. 
Абай негізін қалаған қазақтың реалистік жазба 
әдебиетінің қалыптасып дамуында Пушкин поэзиясы, 
оның нәрлі дәстүрлері ерекше рөл атқарады. Қазақтың 
ұлы ақыны поэзияның асқаралы биігіне көтеріле алғаны 
үшін Пушкинге аз қарыздар емес. Пушкиннің қазақ 
ақынына тигізген идеалдық, көркемдік әсері Абай және 
орыс классикалық әдебиеті деген үлкен тақырыптың ең 
бір үлкен саласы. Лермонтов, Салтыков-Щедрин, Толстой 
есімдерін ауызға алған Абайдың Пушкин жайында, оның 
творчествосы жайында тікелей айтқан пікірлері бары 
немесе жоғы беймағлұм. Бірақ Абайдың Пушкинге қандай 
қарым-қатынаста болғаны оның поэзиясының бүкіл рухы 
мен тынысынан, суреткерлік шеберлігінен, эстетикалық 
идеалынан және ұлы ақынның шығармаларынан жасаған 
тамаша аудармаларынан анық сезіледі.
Абай Пушкин поэзиясының көркемдік түрін, ырғағы 
мен ұйқасын, оның жаңашылдығын да мол қабылдады. 
Оның басқа көркемдікке толы реалистік лирикасы Пушкин 
өлеңдерімен деңгейлес, алуандас болып келеді. Бұл ретте 

323
гәп жекелеген сөздер мен фактілердің ұқсастығында емес, 
қайта олардың шығармаларының ішкі күйлерінде, терең 
туыстығында.
Пушкин дәстүрлері Абайдан кейінгі қазақ поэзиясында 
да мол орнығып кең дамытылды. Ұлы ақын мұрасының 
қазақ халқына мол танылған кезі совет дәуірі. Қазіргі қазақ 
ақындары Пушкин поэзиясының тамаша қасиеттерінен 
үйренумен бірге оның шығармаларын қазақ тіліне 
аударумен де ықылас қоя шұғылданып келеді. Абайдың 
Пушкиннен жасаған аудармалары қазақтың байтақ 
даласында ауызша айтылып таралды. Ал 1899 жылы 
ақынның туғанына 100 жыл толғанда «Балықшы мен балық 
туралы» ертегісі қазақ тілінде Қазан қаласында басылып 
шықты. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде «Капитан 
қызы» да тұңғыш рет аударылды. Қазір Пушкин поэзиясы 
қазақ халқының күнделікті столынан табылатын асыл 
қазынасына айналып отыр. Жыл сайын том-том болып 
шығып жатқан ақын шығармалары осыған куә.
Белинский Пушкин туралы мақалаларының бірінде: 
«Пушкин ажал тап болысымен ұмыт болып қалмайтын, 
қайта қоғамның санасында өркендей беретін, мәңгі өшпес 
өрістей түсетін тұлғалардың қатарына қосылады. Олар 
жайында әр дәуір өз пікірін айтатын болады» деп жазған. 
Шындығында да, ұлы ақынның есімі жұлдыздай жарқырап, 
оның ғажайып мұрасы болашақ буындармен мәңгі бірге 
жасай бермек. Жамбыл айтқандай:
«Май құйған шам сөнсе де,
Шамшырақ сөнбес өмірде.
Жақсы сөз бейне шамшырақ,
Орнаған мықтап көңілге,
Жақсы сөздің иесін,
Ұйғара алман өлімге.
Олай болса Пушкинді
Тірі деп керек сенуге»,
дейді ұлы ақынның бұл күндегі бақытты ұрпағы.

1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал