Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет15/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22
  Мақаш та, 
ауылнай Байбол да, тіпті оқыған, «көзі ашық» ұлтшылдар 
да осы Шәкеннің уысынан шығып кете алмайды. Ашық бой 
көрсетпесе де, Шәкен солардың бәрін шырғалап ұстайды.
Шәкен сырт көзге әлеуметтік тартыс-таласқа аралас-
пайтын, ештеңемен ісі жоқ адам тәрізді көрінеді. Қысыл-
ғанды, жоқ-жітікті жебейтін, ағайынға қайырымы бар, 
қолы ашық мырза болып та көріне алады Шәкен. Болашағы 
барын сезген Аманға да ол осындай тор жаяды, оған 
жақсылық жасағандай сыңай сездіреді. Бірақ мұның бәрі 
«сатулы жақсылық екенін» Аман кейін барып қана біледі. 
Әрине, бұл да Шәкен образының қос-қыртыс тереңдігін, 
оның характерінің өзгеше бір алуандығын айқындай 
түспек.
Жазушы Шәкеннің портреттік, психологиялық сипатта-
рын, әккілігі мен аярлығын шебер суреттеумен бірге осы 
образдың әлеуметтік сырын да жеріне жеткізе, асқан 

253
нәзіктікпен ашады. Осы тұрғыдан алғанда Шәкен – қазақ 
прозасының Құнанбай, Игілік сияқты нағыз классикалық 
үлгіде, өте шеберлікпен жасалған ұнамсыз типтерімен 
алуандас, солардың қатарын толықтыра түсетін образ.
Сондай-ақ, Шәкен образының осылайша кесек алынып, 
сомдалып жасалуы романда суреттелген жоғарыда 
аталған болыс-билердің, жуандардың бейнелерін көмескі 
тартқызбайды. Қайта өзара араласып, бетпе-бет келіп қал-
ғанда  бұлар бірінің қырын бірі әйгілей, аша түседі. Бұл да 
жазушының образ жасаудағы шеберлігін байқатса керек.
«Дауылдан кейінде» әйелдердің де талай-талай 
тартымды  образдары  бар. Олардың көпшілігі әдебиетімізде 
бұрын-соңды кездеспеген тың бейнелер деп айтса да 
болғандай. Солардың ішінде жазушы назарының көбірек 
ауатыны– Шолпан мен Танакөз. Характерлерінің даралық 
қасиеттерімен де, жинақтаушылық сипатымен де бұлар 
типтік образдар қатарына қосылуға әбден лайықты.
Егер Танакөз образы арқылы жазушы қазақ әйелі жаңа 
дәуірде әлеуметтік өмірге белсене араласа бастағанын 
танытса және мұны кейіпкерлерінің мінез-құлқына, 
характерінің шындығына орайлас етіп көрсетсе, ал 
Шолпан образын басқа бір күйлердің терең сырын ашуға 
пайдаланады.
Рас, сырттай қарағанда Шолпанның басқа кейбір 
шығармалардағы белгілі бір бейнелерге ұқсастығы да бар 
сияқты. Бірақ шындығында олай емес. Қайта Шолпан – 
өткендегі қазақ әйелінің аяулы да ащы тағдырын, абзал 
қасиеттерін танытатын шындық образ. Жазушы осы 
кейіпкер образының ішкі сипатын, қайшылықты сырларын 
келістіре отырып ашады.
Ал әлеуметтік өмір ағысына белсене араласып 
жүрген, сондықтан да бар күрделі күйінде жарқырап 
көрінуге лайығы бар Күлпаш образын жасауда жазушыға 
жасандылық әсері біраз салқынын тигізген сияқты. Бұл 
образдың бойында даралық сипат, жанды леп емін-еркін 
сезіле бермейді.
Жоғарыда айтылғандай, «Дауылдан кейін» романында 
кейіпкер көп. Жазушы соларды тек қара санын көбейту 
үшін немесе оқиғаны қызықты ету үшін енгізе салмаған. 
Олардың әрқайсысының дерлік өзіндік болмыс-бітімі, 
іс-әрекеті бар, яғни шығармадағы негізгі өзекті идеяны 
айқындап ашуға араласы, қатысы бар. Бірақ солардың бас-
басына жеке-жеке арнайы тоқталып жату мүмкін де, ләзім 
де емес. Тек романның образдар жүйесі жайындағы азды-

254
көпті ойларды тамамдар алдында бір кесек бейнені атап 
айтпасқа әддіміз жоқ. Ол – Қазанғап образы.
Қазанғап–Шәкен мырзаның отымен кіріп, күлімен 
шығып жүрген жалшысы. Бірақ жалшының да жалшысы 
бар. Ол әрі өзі де баюды онша жек көрмейтін, әрі өзінің 
қожасына адамдық қасиеттерді мүлдем ұмытып, нағыз 
көрсоқырлықпен құлай берілген адам. Оның трагедиясы 
да осында. Жазушы осы образдың әлеуметтік сырын 
қандай терең, қандай шынайы ашады десеңізші. Қазанғап 
әдебиетіміздегі өзімен алуандас образдардың ішіндегі ең 
кесер, ең шынайысы екенін сыншы Б.Сахариев өзінің осы 
роман жайындағы мақаласында дұрыс көрсетті.
Суреткер өмірмен тығыз байланысты болғанда, өмірді 
жете білгенде ғана оны шынайы бейнелей алмақ. Өйткені 
ешқандай шеберлік те, суреткерлік интуиция да өмірді 
терең білмеушіліктің орнын өтей алмақ емес. Сол сияқты 
шыңдалған шеберліксіз шығармашылық манду жоқ екендігі 
де хақ. Тек осы екеуі ұласа, үйлесе келгенде ғана шын 
мәнісіндегі көркем, соқталы шығарма тумақ. «Дауылдан 
кейін» романының кең тынысты, зор серпінді түбегейлі  
туынды болып шығуы да оның авторының осы екі қасиетті 
мол баурай алуында. Роман шын мәнісіндегі өрелі, эпикалық 
шығарма болып табылады. Оның авторы дәуір шындығын, 
өмір ағысын, халықтың күресі мен тағдырын жіті көре де, 
кең толғай да алған.
Ғ.Мұстафин өзінің социалистік реализм әдісін, оның 
көркемдік принциптерін барған сайын бекем баурап келе 
жатқан суреткер екендігін осы романында тағы да жақсы 
танытты. Бұрынғы шығармаларында ара-кідік ұшырасып 
қалатын қарадүрсіндік пен натурализмнен арылып, ол 
реалистік бейнелеудің құнарлы, кең өрісіне шыққан. Бұл 
мол планды, сом салалы кесек шығарманың шырайын 
келтіріп-ақ тұр.
«Дауылдан кейін» романында кесек оқиғаларға қоса 
құнарлы, кенеулі ой да көп. Бұл – халықты, оның дарқан 
өнерін, жақсы қасиеттерін қадірлей білуге, емірене 
сүюге баулитын шығарма. Жазушының бұрынғы роман, 
повестеріне    қарағанда    мұнда    публицистикалық     си-
пат басым. Бірақ жазушы бұл ретте өзінің авторлық толға-
ныс 
 
тарын, лирикалық шегіністерді көп пайдаланбай, 
кейіп керлерінің  ой-тебіреністерін,  ішкі  монологтарын, 
өзді-өзі сырласуын кәдеге молынан жаратқан. Ғ.Мұста-
финнің жазушылық шеберлігінің үдеп өскенін роман-
ның тілінен әсіресе айқын көреміз. Жазушының 

255
ойлы тұжырымдылыққа, афоризмге, шешендік өрнек-
нақыштарға көбірек ұмтылатындығы аян. Алғашқы кезде 
оның фольклордағы, халықтың ауызекі сөйлеу тіліндегі 
дайын үлгілерге баса ден қойған мезеттері де бар-ды. Бірақ 
ол үйренуден де, ізденуден де танған жоқ. Сондықтан 
шығарма асқан сайын оның бұл саладағы табысы 
молая, көріктене түсіп келеді. Романды оқып отырғанда 
жазушының орайлы жерінде адам мінезінің қат-қат 
қырларын ақтара ашып, оның бүкіл болмыс-бітімін бір-ақ 
танытатын әрі аз сөзге көп мағына сыйғызатын және соны 
мейлінше ұшқыр етіп беретін, тап басып тауып айтатын 
алғыр шешендігін сүйсіне, қуана аңдайсың. Біз бұл арада 
мысал келтіріп жатпаймыз. Өйткені романды оқып шыққан 
немесе Ғ.Мұстафин шығармашылығымен жалпы таныс 
әркім-ақ мұны қалтқысыз мойындайтындығы күмәнсыз.
Бұрынғы кейбір шығармаларында жазушының 
оқиғаны, кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын, жекелеген 
көріністерді жеткізе суреттемей, тақ-тұқ еткізіп тастайтын, 
келте қайыратын мезеттері де болушы еді. «Дауылдан 
кейінде» автор содан арылғандай. Бұл автордың тіліне 
реалистік сипатты көбірек дарытумен бірге оның стилін 
де салмақтандыра түскен. Кешкі ауылдың мына бір 
суретін көріп өтелік: «Алыстан көрініп, жеткізбей қойған 
көк дөңгіл басынан аттай күн өткенде қызарып кетті. Сол 
дөңгілдің бергі алдында терең, қарағанды өзекте отырған 
көп ел көлеңке түсіп, күңгірт тарта бастады. Аспаны ашық, 
тымық кеште әр тұста баяу, тік көтерілген көк түтін бірте-
бірте төмендей жайылып тұтасты да, ауыл үстінде қалықтап 
тұрып қалды. Тіпті жарасымды. Ауыл енді буланған айдын 
көл сияқты, бетін айқын көрсетпей, дыбысын анық 
естіртеді».
Міне, мұнда бірнеше көріністер ұласа келіп, бояуы 
қанық жақсы сурет жасап тұр. Сондықтан да кешкі ауылдың 
суреті көз алдыңа елестей кетеді. Жазушының диалог 
құрудағы шеберлігі өскенін де атап айтпасқа болмайды. 
Ол диалогты аз сөзбен құбылтып, ойнақы етіп құруға және 
кейіпкерлердің характерін сол арқылы ашып тастауға да 
оңтайлы. Бір ғана мысал келтіріп қаралық. Қырдан келген 
қазақ шалы мен саудагер нэпманның сөздері мынадай:
– Ал құнын айтшы, кәне?
– Мынау елу тиын. Мынау қырық тиын. Мынау отыз 
бес тиын. Су тегін емес пе? Бәрі баяғы Тверской. Сүйегі 
терідей.

256
–Удай ғой, түге. Мынауыңның  ұны шығып тұр. 
Мынауың күнге, суға тисе, оңып кетеді. Кәне, қанша 
кемітесің. Осы біреу балық көзден ала салайын, кір көтереді 
екен.
– Ақсақал, құдай ақына, сізден артық сұрағамын жоқ. 
Өз бағасы отыз бес тиын. 
– Құдайды қайтесің, боқтан өзгеге куә қылып. Кәпәрә 
тіпте отыз тиын осың. Жамантайдың қатыны киіп жүр ғой. 
Кемітпесең, әлгі тібеніңді де өзің ал. Сатпаймын қойымды. 
Кеміт. Ұстаған жерден ағаш та сынады.
– Болмас-болмас...– деп өлшей бастады Андрей. 
Сауданың жәйін білмейтін, қара танымайтын адамды алдап 
соққан нэпманның да, қоярда-қоймай арзанға түсірдім 
деп малданған шалдың да психологиясы мұнда тамаша 
аңғарылады.
Осындай үлкен шығарма шоласыз да емес. Өзіміз 
байқаған сол кем-кетіктердің қайсыбірлері мынадай. 
«Дауылдан кейін» романындағы партия қызметкерлерінің, 
оның ішінде Ералин мен Пасиктің образдары көңіл 
толарлық дәрежеге әлі де болса жетіп тынбаған. Олардың 
бойында даралық белгі, жанды сипат аз. Бұл ретте жазушы 
«Қарағандыда» жеткен биігінен бір саты аласа тартып 
кеткендей. 
Үлкен романның кейбір эпизодтарынан, жекелеген 
кейіп 
керлердің образдарынан әдебиетіміздің басқа бір 
шығармаларында суреттелген халдер мен бейнелерге ұқ-
сас тық, алуандастық та байқалмай қалмайды. Мұндай ме-
зет терде шығарма өзіндік бітімін, соны қасиетін әлсіретіп 
алады, жазушы әдеби реминсценцияларға бой алдырады.
Автор роман оқиғалары өрбитін жердегі, Ақмола тө-
ңіре гіндегі сахара тіршілігін жан-жақты
г
 терең қамтып 
суреттеген. Бірақ соның тұтас өлкемен, үлкен дүниемен 
қарым-қатынасы, араласы айқын сезіле бермейді. Мұның 
есесін шығармаға тың тараулар кіргізбей-ақ толтыруға 
болатын еді.
«Дауылдан кейінде» халық өнері өкілдерінің талайы 
бар. Солардың ішінде Ғалия (Ақтамақ), Ғазиз, Сәтмағамбет, 
Шашубай сияқты тарихи болған адамдар да ұшырасады. 
Бірақ солардың шын мәнісінде ұнамды планда алынып 
жарқырап көрінген біреуі де жоқ. Осыны Сәкен жайында 
да айтуға болар еді. Рас, автор мақсат етпеген де шығар. 
Бірақ Аманның еске алулары арқылы болса да, Сәкен 
тұлғасын айқынырақ танытудың орайы әбден бар еді. Бұл 
ретте де автор босқа сараңдық жасаған.

257
Біз бұл мақалада үлкен шығарманы оқығанда алған 
кейбір әсерлер мен көңілге оралған азды-көпті ойларды 
ғана ортаға салдық. Бұл роман зерттеушілер назарын әлі де 
талай-талай аударатындығы күмәнсыз. Түйіндеп айтқанда 
«Дауылдан кейін» романы–жазушының дер шағына же-
тіп, кемеліне келгенін айқын танытқан, толысып туған 
шығарма. Сонымен бірге ол бүкіл әдебиетіміздің жемісті 
даму жолында, шығармашылық өнікті бағытта екенін де 
байқатады.
1956–1960 жж.
ЕСЕЮ  КЕПІЛІ
Кемелденіп өскен әдебиет өзін тудырған халықтың 
өмірі мен тағдырының көркем шежіресі болумен бірге 
өзге жұрттардың да тарихына, тіршілігіне назар аудармай 
қоймақ емес. Қазіргі қазақ әдебиеті осындай қасиетті 
барған сайын жақсырақ та молырақ танытып келеді. Рас, 
өзге жұрттар тақырыбына арнап шығарма жазу дәстүрі 
қазақтың өткендегі әдебиетінде де ара-тұра бой көрсетіп 
қалатын-ды. Бірақ мұндай дәстүрді қолданған ақындар шет 
жұрттардың өмірін, тарихи ортасы мен тағдырын, әралуан 
кейіпкерлерді тек шартты түрде ғана алып, солардың бәрін 
өздерінің адамгершілік идеалдарына, ғибратшылдық ой-
армандарына қабыстыра, ұштастыра отырып жырлайтын 
немесе басқа елдердің әдебиетінде бұрыннан бар 
сюжеттерді кәдеге жарататын.
Ал  қазіргі  ақын,  жазушыларымыз  шет  жұрт    тақы-
ры  бына  арналған  шығармаларында  да  тарихи  шындықтан 
шалғай кетпейді, көркем бейнелеудің реалистік принцип-
терінен тая соғып, жаза баспайды. Олар әр халықтың 
өткені мен бүгінгісін, тағдыры мен тартысын шынайы 
суреттеумен бірге өздерінің сол тарихи шындыққа деген 
суреткерлік қатынасын, сол халықты іш тартқан гуманистік 
ықыласын да анық аңғартып отырады. Кезінде осындай 
қасиетті шет жұрт тақырыбына арналған повестерінде 
Сабыр Шәріпов айқын сездірген еді. Соңғы жылдары 
қазақ кеңес әдебиетінде шет жұрт тақырыбына арналған 
шығармалар соны бір жанр тудырып келеді. Олардың 
дені– жол-сапар очерктері. М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты 
аға жазушылардың бұл саладағы еңбегі әсіресе жемісті де 
қызғылықты екені баршаға аян. Бұл очерктерде авторлар 
өздері болған елдердің арғы-бергі тарихы, қолтума 

258
мәдениеті мен өзгеше өнері жайында, әралуан халықтардың 
мінез-құлқы, салт-санасы, этнографиялық ерекшеліктері 
жайында қазақ оқушысына көп-көп мағлұмат берді. 
Сонымен бірге осы очерктер авторларының ойлы 
топшылаулары мен айқын әсерлеріне де толы болып келеді. 
Сол сияқты, енді шет жұрт тақырыбына арналып көркем де 
кесек, ірі-ірі шығармалар да туа бастады. Осындай сүйекті 
туындылардың бірі–жазушы Ж.Тілековтың «Жоңғар 
даласында» атты романы. «Жоңғар даласында» Қытайдың 
Шыңжан өлкесІн мекендеген халықтардың өмірі мен 
азаттық жолындағы қиян-қилы күресіне арналған. Атақты 
ақын Қ.Аманжоловтың «Құпия қыз» поэмасын былай 
қойғанда, бұл роман – осы тақырыпқа арналған тұңғыш әрі 
бірден-бір кесек шығарма болып табылады. Оның оқушы 
назарын ерекше аударуының негізгі бір сыры да осында 
болса керек. Ж.Тілеков өзінің романында тың тақырып 
қозғағанын, қазақ кеңес оқушысына бұрын бейтаныс 
өлкенің өмірін суреттегенін жоғарыда атап өттік. Осының 
өзі-ақ жазушының шығармашылық көп азапты, талай-
талай қиындықтарды басынан кешіруге тура келгенін 
байқатады. Өйткені әлі қалам тимеген тың нәрседен гөрі 
әдебиетте талай рет суреттелген жәйттер жазушының 
шығармашылық ізденістерінің өрісін кеңейтіп, оның 
шындықты бейнелеуіне оңтайлырақ соғатыны да болады. 
Автордың аңғартуынша бұл көп томды романның 
алғашқы кітабы. Онда 1943-1945 жылдардың оқиғалары 
баяндалады. Бұл Қытай халқының империализмге қарсы 
азаттық соғысының қанатын кең жайып барып, жеңіспен 
аяқталған кезеңі. Осы кезде Қытай коммунистік партиясы 
бүкіл халықты біртұтас майданға біріктіріп, революциялық 
шешуші шайқасқа бастады. Бұл күрес  Шыңжан өлкесінде 
әсіресе қиын, қым-қуыт жағдайда өтті. Өйткені Шыңжаңда 
біртұтас майданның ұйымдасып, өрістеп кетуіне жергілікті 
ұлтшылдықтың, панисламизм мен пантюркизмнің көп 
кеселі тиді. Сондықтан да онда бүкілқытайлық жаңа 
демократиялық революция қалың бұқаралық қозғалыс 
түрінде жүргізілді. Романның алғашқы үш тарауында осы 
қозғалыстың стихиялық сипаты суреттеледі, Ал кейін 
күреске   халық  қаһармандары, революцияшыл демократ-
тар, Қытай жұмысшы табының шыңдалған өкілдері, шынық-
қан коммунистер араласқаннан соң қозғалыстың мақсаты 
бүкілқытайлық революцияның мұрат-мүдделерімен 
ұштасады. Осы тарихи шындық романның одан арғы 
тарауларында бейнеленеді.

259
«Жоңғар даласында» оқиға қалың, тартыс талқысы 
мейлінше өткір. Бұл–оның ең бағалы көркемдік қасиет-
те рінің бірі. Рас, романның алғашқы тарауларында баянда-
латын оқиғалардың қызғылықты болумен бірге ішінара 
детективтік сипат сездіретін мезеттері де баршылық. Бірақ 
шығарма кейіпкерлерінің дүниетану, интеллектуалдық 
дәрежесіне және олардың характерлерінің шындығына 
сыйымды, жанасты алынғандықтан, сол оқиғалар сонша-
лықты жасандылық байқата бермейді. Мәселен, жас қыз 
Ю-ланьның генерал-губернатор сарайында жасаған батыл 
қимылына да, Арыстан мен Сарэнжавтың оқыс әрекеттеріне 
де риясыз сеніп отырасың. Романның соңғы тараулары да 
оқиғаларының қоюлығымен әрі шынайылығымен ерек-
шеленеді. Бұл тұста шығарма шын мәнісіндегі байсалды, 
реалистік прозаға қас қасиеттерді тұтастай алғанда тәуір 
аңғартады. Өмір оқиғаларының ішінен ең кенеулілері мен 
авторлық идеяға, негізгі нысанаға дөп тиетіндерін сұрыптап 
жинақтай білу, эпикалық серпін мен драмалық өткірлікті 
табиғи түрде ұштастыра алу, тартыс талқысы өрістеген, 
кейіпкерлердің іс-әрекеттері желіленіп, характерлері 
қалыптасып айқындалған ортаны реалистік түрде таныту, 
тарихи шындық пен көркемдік шындықты ажырамастай 
етіп қабыстыра ұштастыру тәрізді сипаттарды және басқа 
да көптеген көркемдік компоненттерді жазушының мол 
игеріп, ысылып қалғандығын атап айтпасқа болмайды. 
Ж.Тілеков өмір шындығын бетінен қалқымай, қарбытып 
қамтуға, бар күрделі күйінде алуға ұмтылған. Романда 
мақсаты, күрес нысанасы бірыңғай біртұтас майдан 
өкілдері де, жаңалыққа талпынған жас күштерге қарсы 
қасарыса алысқан керітартпа, дүлей күш иелері де схемалық 
түрде, сырдаң да жадағай алынбай, өздеріне тән мінез-
құлықтарымен, іс-әрекеттерімен, ішкі қайшылықтарымен 
тұтас көрінеді. Бұл роман кейіпкерлерінің мол болуымен 
бірге олардың тағдыры мен талайының қиян-қилы, 
әралуан болып шығуына әсер еткен. Шығарманың Алмас 
Кәрим, комиссар Чжан, Ахмеджан Қасыми, Арыстан, 
Ю-лань, Асқар сияқты басты-басты соқталы бейнелерін 
былай қойғанда онда Адаләт, Барлық, Асылжан, Самед 
Авази, Серік тәрізді екінші қатарда алынған образдар да 
баршылық. Роман оқиғалары өрбіп дамитын хал-халеттер 
мен жанды адам тағдырларын айқындап ашатын да, 
шығармаға көп реттерде шынайы өміршеңділік пен қасиет-
қуат бітіріп тұрған да – сол бейнелер.

260
Бұл да – романның бағалы сипаттарының бірі. Өйткені 
автор бір кейіпкерін әдейі жете суреттеймін деп отырып 
басқа  бір  образды орынсыз көлегейлеп қалуға бой алдыру-
дан аулақ. Кейіпкерді өсірудің жолы осы екен деп, оны отқа 
да, суға да сала беруге болмайды. Әр кейіпкер өз характерінің 
шындығына, өзінің табиғи тұлғасына, болмысына лайық іс-
әрекет етуге тиіс. Көркем шығарманың жаны, өзегі болып 
табылатын реализм, шынайылық осыны талап етеді. Автор 
осыны жақсы аңғаратын сияқты.
Әдетте,  бізде  белгілі бір шығарма жайында сөз бола 
қал са және соның кемшін жақтары қозғалар болса, онда 
жазушы мынадай бір құбылысты көрсетпеді немесе сонау 
бір жәйтті ашып бермеді деген тәрізді кінә көбірек тағылады. 
Осы тұжырымның белгілі дәрежеде дұрыстығы болумен 
бірге көп реттерде бұрыстығы да бар. Өйткені өмірде оқиға 
көп, құбылыс көп. Ал жазушы көркем шығарманың аясына 
соның бәрін сыйғыза алмақ емес және мұның еш қажеті де 
жоқ. Сондықтан да көркем шығармада автордың дәл нені 
көрсетпек болғанын іздеп табуға, танып білуге ең алдымен 
ұмтылу ләзім. Жазушының идеялық нысанасына, ой 
түйініне меңзес өмірлік материалдың қамтылу, сұрыпталу 
сипаты да әралуан болмақ. Осы орайда Добролюбовтың: 
«Егер шығармада бір нәрсе бар болса соны бізге көрсетіңіз; 
шығармада не нәрсе жоқ және не нәрсе болуға тиіс екендігі 
жайында ұзақ-сонар пайымдаулар айтудан бұл әлдеқайда 
абзалырақ»,– деген пікірін еске түсіре кетудің еш артығы 
жоқ сияқты.
Міне, осы тұрғыдан, яғни авторының өзі көздеген 
идеялық нысанаға қаншалықты жеткендігі, өзі қозғаған 
тақырыпты қандай дәрежеде көркем түрде шеше 
алғандығы тұрғысынан қарағанда «Жоңғар даласында» 
романы әдебиетіміздегі соны, қызғылықты бір құбылыс 
екендігі, жазушының шығармашылық табысы саналуға 
тұрарлық шығарма болып туғандығы даусыз. Әдетте негізгі 
авторлық идея шығармадағы басты-басты кейіпкерлердің 
образдары арқылы берілетіні аян. Бірақ екінші немесе 
үшінші қатардағы кейіпкерлер де шығармаға тек қара 
көбейту үшін ғана енбей, өз шама-шарқына қарай жүк 
көтеруге тиіс. Автор осыны қапысыз ескеруге тырысқан. 
Роман кейіпкерлерінің талай-талайының-ақ бойынан, 
іс-әрекеттерінен автор ойының төркінін, оның елес-
емеуіріндерін аңғарып отырасың. Ал басты кейіпкерлердің 
ішінен бізге әсіресе ұнап, ең жақсы әсер қалдырғаны – 
Арыстан. Бұл образ әрдайым өсу, толысу үстінде берілген. 

261
Оның бойында зор тұлғасына сай асқан қайрат бар. 
Манас өзені бойындағы тұңғыш айқаста кесек әрекетімен 
көзге түскен Арыстан бейнесі барған сайын әрі нанымды 
түрде өсіп отырады. Жазушы Арыстанның аңғалдығын, 
көзсіз ерлікке басып жіберетін омыраулығын да оңтайлы 
көрсетеді. Мұның бәрі кейіпкер образының шынайылығын 
күшейтіп, оның характерінің алуан қырын аша түседі. 
Арыстанның Ю-ланьмен бірге қолға түсіп қалып, жау 
алдында қайсарлықпен жауап бергені суреттелетін 
эпизодты мысалға алып қараңыз. Бұл–әдебиетте талай-
дан бері қайта-қайта бейнеленіп, сарқа суреттелген 
жәйт. Бірақ автор әдеби канондарға бой алдырмаған, өз 
тарапынан шыншыл да көркем шешім тапқан. Бұл эпизод 
психологиялық жағынан да соншалықты нанымды.
Арыстанның Зәуремен арадағы махаббат драмасы 
суреттелетін тұс та романның мейлінше қызғылықты, 
әсерлі жазылған беттерінің қатарына қосылады. Бұл 
беттерді, әсіресе Зәуренің аянышты тағдыры суреттелетін 
тұстарды тебіренбей оқи алмайсың.
Осы ретте бұған қоса мына бір жәйді арнайы атап айту 
керек. Біздің арғы-бергі әдебиетімізде әділетсіз өмірден, 
феодалдық-патриархалдық қырсау әдет-ғұрыптардың 
қаталдығынан зар илеген, зәбір шеккен қазақ қызының 
трагедиялы тағдырын бар аянышты, шерлі күйінде 
бейнелеген шығарма аз емес. Өткен тақырыпқа арнап 
үлкенді-кішілі шығарма жазған авторлардың бұған соқпай 
өткені жоқ десе де болғандай. Бірақ солардың бәрінде 
уылжыған жас қыздың өлмелі шалға ықтиярсыз сатылып, 
зарлай-зарлай кеткені суреттелуші еді. Қазақ қызының 
басында бұдан басқа да бір ащы трагедия болатын. Ол – жасы 
келген, бойжеткен қызды әлі сәбилік шақтан шықпаған жас 
балаға зорлап телу. Дәулетке масыққан жуандар «қызық» 
көру үшін дүниені осылай да шайқайтын». Осы бір ащы 
шындықты Ж.Тілеков өзінің романында тұңғыш рет әрі 
соншалықты бедерлі бейнелеп берді. Жоғарыда аталған 
Зәуренің тағдыры – осының анық айғағы. Рас, Арыстан 
мен Зәуренің махаббат драмасы романда әлі жетер жеріне 
жетіп, шешіліп тұрған жоқ. Өйткені ол бұл бірінші кітаптағы 
оқиға желісінің аясына сыймақ емес.
Романның соңғы тарауында ұлт-азаттық армиясының 
бригада командирі Арыстанның гоминдан армиясының 
қолға түскен генералы Гаомен айтысып, пікір таластырғаны 
суреттелетін бір эпизод бар. Арыстан тамаша тапқырлық 
жасап, Майтау үшін болған шайқаста аз шығынмен ғана ірі 

262
жеңіске жетеді. Осы тұста Арыстанның әскери стратегия 
мен тактиканы жете игерген қолбасы ретінде де, өмір 
ағынын дұрыс болжайтын қайраткер ретінде де соншалықты 
биіктеп өскендігі анық көрінеді. Жалпы алғанда, Арыстан–
өз характерінің шындығына сай әралуан қырымен, жан-
жақты көрінген, аса тартымды жасалған қызғылықты 
бейнелердің бірі. Негізгі кейіпкерлердің ішінен әсіресе мол 
көрінетіні – Кәрим Алмас. Романда суреттелген тартыс 
талқысының талай-талай тауқыметін көтеріп тұрған да 
сол. Арыстандай емес, Кәрим Алмас күрес жолына ерте әрі 
саналы түрде түскен. Бірақ оны да жазушы оқиға желісіне 
қалыптасқан, пісіп толған дайын күйінде енгізе салмайды. 
Бұл образ да ішкі қайшылықтарымен көрінеді. Әлі күрес 
мақсатын анық аңғарып болмаған әрі оның тәсілдерін 
баурап жетпеген қалың көпшілікті бастай жүріп, одан 
үйрене жүріп Кәрим Алмастың өзі де шыңдалып өседі.
Сонымен бірге осы кейіпкердің образына байланысты 
авторға мынандай бір жәйтті айтуға болар еді. Халықтың 
азаттық жолындағы күресін басқаруға Ахмеджан Қасыми 
араласқаннан кейін Кәрим Алмас екінші қатарға қарай 
ойысып   кетеді. Сондықтан да  романның  соңғы  тараула-
рын 
да оның бейнесі биіктеп өспей, көмескі тартып, 
статикалық күйде қалыңқырап қойған. Сол сияқты Кәрим 
Алмас пен Ю-ланьнің арасындағы сүйіспеншілік желісі де 
оқушыда екіұдай, әрі-сәрі әсер қалдырады. Автор бұл желіні 
түптен тартып, тереңдеп ашудың орнына жасандылыққа 
қарай ойысып кеткен, өз кейіпкерлері характерінің 
шындығына қайшы келген. Біздің әдебиетімізде басқа 
халықтардың өкілдерін шынайы  бейнелеу  ісінде көпте-
ген шығармашылық тәжірибе жиналғаны хақ. Кәнігі 
суреткерлеріміздің бұл саладағы жемісті еңбегінен 
мол тағлым алуға боларлықтай. Бірақ Ж.Тілеков үшін 
бұл проблема өзінің маңыздылығын да, қиындығын да 
зәредей жоғалтқан жоқ еді. Қайта осы ретте оның өте көп 
ізденуіне, еңбектенуіне тура келді. Шынында да, романның 
оқиға желісіне араласатын онға тарта халықтың әралуан 
өкілдеріне олардың өзіндік, ұлттық ерекшеліктеріне сай 
мінез-құлық, сыр-сипат, бояу-нақыш тауып беру оңай 
міндет емес-ті. Жазушының сол міндетті ада қылып, баурап 
әкете алғаны қуануға әбден жарарлық.
Бұл ретте   комиссар Чжан  мен  моңғол  жігіті   Сарэнжав-
тың бейнелерін ең алдымен атауға болар еді. Автор Чжан-
ның өткен өмірінің өткелдеріне аялдап жатпайды. Өйткені 
бұл шығарманың композициялық тұтастығына селкеулік 

263
келтірер еді. Сондықтан да ол кейіпкерлерінің өткен 
өмір жолын романның бір жерінде ғана бірегей танытып 
тастайды. Біз Чжанның революцияшыл қызметі, өмірі мен 
күресі жайында біраз мағлұмат аламыз.
Жазушы Чжанның азаттық жолындағы күресті 
бастаушы, ұйымдастырушы ретіндегі тапқырлығын, кең 
толғамдылығын мол көрсетумен бірге оның өз басының 
адамдық қасиеттерін де кеңінен ашып суреттеген. 
Чжан–характерінің тұтастығымен, өмір шындығына 
жана са тындығымен  романның  ұнамды  кейіпкерлері 
образдарының галереясында ерекше орын алуға тұрарлық 
тұлға. Ал Сарэнжавтың образы бұдан гөрі өзгеше планда 
алынған. Бұл реттегі автордың ұстанған позициясы да 
басқарақ. Сарэнжав та азаттық жолындағы күрес идеясына 
қалтқысыз берілген. Бірақ оның өз басы да жас, тәжірибесі 
де аз. Бұл бір моюды, жабырқап жасуды білмейтін адам. 
Аздап мақтан сүйгіштігі, алыпқашпа қызбалығы да бар. 
Жайдары, сергек қалпынан қашанда танбайды. Ол өзі 
жүрген жердің бәрінде де көңілді күй туғызып жүреді. 
Сондықтан да романның осы кейіпкердің іс-әрекеттеріне 
арналған беттерін серпіліп, езу тартпай отырып оқымайсың.
Сырттай қарағанда Сарэнжавтың жақ иіп, садақ 
тартып жүруін автор оқиғаны әншейін қызықты ету 
үшін енгізген тәрізді. Бірақ шындығында олай емес. 
Ең алдымен, Сарэнжавтың бұл әрекеті–оның мінез-
кұлқына, ұлттық қалпына сыйымды, орайлас. Оның үстіне 
шығарманың оқиғалық өрбуін шиеленістіре қабындату 
үшін әрі кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінің көркемдік 
мотивировкасын нанымды етіп беру үшін жазушы мұны 
әрдайым ұтымды, шебер пайдаланып отырған. Асқар, 
Қарсыбай, Серік, Ботақара, Сқақбек, Ю-лань бейнелері 
де романда өздерінің шама-шарқына, болмыс-бітіміне 
лайық идеялық қызмет атқарып тұр. Олардың қай-қайсысы 
да–өмір шындығынан алынған, өзіндік сипаттарымен 
дараланып жасалған образдар. Романның ұнамсыз 
кейіпкерлерін бейнелеуде де жазушының қолы жеткен 
табысы аз емес. Бұлардың ішінде генерал-губернатор Шэнь 
Шицай, шетелдік империализмнің өкілдері Маккернан 
мен Джонсон, Ғабдул-Ғафур қажы мен Ғалихайдар қожа, 
Бектас бай және басқалардың образдары әсіресе ірі, 
кесек жасалған. Бұлар – өзара етене жақын әрі бір-біріне 
ұқсамайтын кейіпкерлер. Жазушы олардың іс-әрекеттерін, 
зымияндық ойларын, таптық мақсаттарын көркемдік 
жағынан нанымды етіп, саралап көрсете алған.

264
«Жоңғар даласында» аттары аталғанмен, тындырар іс-
әрекеті мардымсыз, бейнелері тым солғын берілген әрі-
сәрі әредік кейіпкерлер де баршылық. Мәселен, Дулат 
төре, Байшора Бағланов, фокс Холмс, Карниса, Жаным-хан 
хажы және басқа да бірсыпыра ірілі-уақты кейіпкерлердің  
бейнелері  жайында осыны айтуға болар еді. Жазушы бұлар-
дың бойына өзіндік ерекшеліктер, жанды сипаттар дарыта 
алмаған. Бәлкім, олардың кейбірлері өз характерінің әралуан 
қырлары мен сырларын романның болашақ жазылмыш 
кітаптарында бұдан гөрі айқынырақ та тереңірек көрсетуі де 
ықтимал. Бұл романда оқиға қаңдай шытырман, мол болса
соған қатысушы, соны тындырушы адам да көп. Суреттейтін 
кейіпкерлерінің молдығы жағынан «Жоңғар даласында» 
романы ерекше назар аударуға тұрарлық. Ең жақсысы – 
сол кейіпкерлердің талай-талайы-ақ әдебиетімізде бұрын 
ұшыраспаған, тыңнан бой көрсетіп отырған соны тұлғалар, 
жаңа бейнелер әрі «таныс бейтаныстар» болып табылады. 
Бірақ мақала көлемімен шектелгендіктен, біз романның 
образдар жүйесіне барынша толық талдау жасап жатпай, 
кейбір жәйттерді ғана әдейі баса атап өттік.
Ж.Тілеков романының кейіпкерлері өрі мен еңісі, 
шытырманы мен шиыры мол қиын да қысталаң жол 
өтеді. Шығармашылық тұрғысынан қарағанда иірімі көп 
сол жолдан автор да өтті. Романда автордың сол қинала 
толғануларының, ізденістерінің жемісі, із-бедері аз емес. 
«Жоңғар даласында» тартыс талқысы өте ширақ, оқиға 
мейлінше қою екендігі жоғарыда айтылды. Бұл автордың 
суреттеліп отырған кезеңнің, тарихи шындықтың рухани, 
тынысын кең сездіруге ұмтылған талабынан туған. Оның 
үстіне кейіпкерлер өмір кешіп, әрекет еткен мекен мен 
ортаны, уақыт пен жағдайды терең де мол бейнелеу арқылы 
ғана олардың образдарын толыққанды, шынайы етіп 
шығаруға болады. Романда осы екі жәйт қабысып, тұтас 
бітім тапқан.
Екінші  бір атап айтарлық нәрсе – автордың адам обра-
зын нақтылы, шынайы етіп жасауға төселіп машықтанып 
қалғандығы. Романда мүлдем аз бой көрсетсе де, оқушының 
есінен бейнесі кетпейтін қосалқы кейіпкерлер аз емес. 
Өзгесін айтпағанда, Садық Омар деген ұйғыр шалын 
мысалға алып қаралық. Ол романда бір-ақ жерде көрінеді 
және жазушы оны өзінің репликалары арқылы сипаттайды. 
Бірақ оқушы соның тағдыры, тіршілігі, өзіндік қалпы 
жайында көп нәрсені аңғарып қалады.

265
Автордың портреттік және психологиялық сипаттаулар-
ды ұластыра, ұштастыра беруге ұмтылатындығы да 
байқалады. Мәселен, америкалық вице-консул Маккернан-
ды автор былайша суреттейді: «Маккернан киген көзілдірік 
өзіне сыртқы дүниені қалай көрсететінін кім білсін, оған 
қараған адам көзінің қандай екенін айыра алмайды. Екі 
үлкен қаракөк әйнектің томағасы қасын қапсыра, қушық 
бетінің сүйегін қамти бүркеп, қоңқиған мұрнын ғана 
қалдырған. Сол орақ мұрны екі езуі шықшыттай созылған 
жайын аузына телміріп тұр. Имиген ұзын бойлы, тарамыс 
денелі, шикіл сары, қасқа бас жасы қырықтың жуан ішіндегі 
вице-консул ислам ғұламаларын сыртқы есігінің алдынан 
қарсы алып, кабинетіне кіргізді».
Мұнда біз кейіпкердің рухани келбеті, ой аңғары жайын-
да да біртоға жәйді анық сеземіз. Бірақ жалпы алғанда, 
жазушының кейіпкерлеріне портреттік сипаттау берудегі 
тәсіліне мынадай сын айтуға да болар еді. Ол кейіпкерлерінің 
түр-тұлғасын, пішін-кейпін үйіп-төгіп бір жерде-ақ беріп 
тастауға үйір. Бір мысал келтіріп көрелік. Романның бас 
жағында автор Ю-ланьнің сыртқы келбетін былайша 
суреттейді: «Бұрын шағын көрінетін бойы да едәуір өскен. 
Бақа өкше ботинкасын тастап, биік өкше туфли, көлкіген 
ұзын көйлек кисе, талдырмаштау бойжеткен дерлік. Қыпша 
белі толыспаған да, сәл төстектеу болып, өрім талдай тік өсіп 
келеді. Ұйғыр қыздарына еліктеп, қос бұрым өріпті, онысы 
әзір келтелеу. Қытай қыздарының дәстүрінен де жаңылмай, 
маңдай шашын күлтелеп, қасының үстінен қиған да, құлақ-
шекеге лента-қызғалдақ қадаған. Қаймыжықтай жұқа ерні 
қып-қызыл, дөп-дөңгелек кішкене қарақат көзінің кірпігі 
ұзарып, жіңішке қасы қиғаш өсіпті». Осы үзіндіден сәл 
бұрын автор Арыстанды да дәл осылай тәптіштеп, егжей-
тегжейіне дейін қалдырмай суреттейді. Рас, автор бұл 
кейіпкерлерінің екеуінің де портреттік сипаттамасын 
Кәримнің көзімен қарап берген. Белгілі дәрежеде онысы 
көркемдік жағынан ақталған да.
Біз автордың мұндай тәсіліне қарсы емеспіз. Реалист 
жазушы шағын шығарма ішінде бір жердің өзінде-ақ 
орайын тауып кейіпкерінің естен кетпес келбетін тастан 
ойып қашағандай етіп, ашық та айқын бере алады. Ал 
үлкен ойылып, мол пішілген кесек шығарма үшін бұл 
аз. Өйткені өмір өткелдерінен, тартыс талқысынан өтіп 
ширыққан, толыққан сайын кейіпкердің сыртқы тұлғасы 
да, рухани келбеті де әрдайым тереңдеп, жарқырап 
ашыла түспек. Әдебиеттің сөз өнері ретіндегі ерекше, 

266
өзіндік сипаттарының бірі де осында. Сондықтан да 
көркем шығармада кейіпкердің портреті оның қимыл-
қозғалысынан, іс-әрекетінен де және сөз-сөздің, жол-
жолдың арасынан шым-шымдап туып жатуы керек. 
Сонда ғана ол жанды сипат алмақ. Ж.Тілековтың ойлы 
ықшамдылыққа, көркемдік үнемділікке ұмтылатыны 
да байқалады. Бұл шығарманың шынайылық сипатын 
әрлендіре түсетіндігі даусыз. Бір ғана мысал алып қаралық: 
«Былтыр фокс Холмс: «Болашақ халифат гербі арыстан 
бейнелес болуы тиіс»,– дегенді айтып шошындырған. 
Сонда бұлар: «Астағфиролла, айта көрмеңіз, мистер... Ай 
бейнелі ақ жалаудың астында... Арыстан аң патшасы болса 
да, айға шауып мерт болыпты»,– деп шу ете түскен-ді». 
Мұнда ағылшын империализмі өкілінің қорқау пейілі де, 
дін иелерінің көңіл қалтарыстары да соншалықты ұтымды 
ашылған. Романда әдемі берілген табиғат суреттері мол 
және олар негізгі авторлық идеяға жанасып, кейіпкерлердің 
тұлғасын, характерін, іс-әрекеттерін толықтыра, шынайы-
лан дыра түсіп тұр. Майтау төңірегінің, Нылқы тауының 
суреттері ойнақы да әсерлі. Автор дала табиғатын, Сахара 
көркін тамылжыта, бояуын құлпырта көрсетеді. Мына бір 
суретті көз алдымызға елестетіп өтелік: «Күзартқа дейінгі 
жазық жер қалың ақ селеу жамылыпты, осы атырапқа ақ 
масаты жайып тастаған тәрізді. Соның үстіне тамған қан 
сияқтанып әр жерде бір топ тобылғы көрінеді. Анда-санда 
аяқ астынан пыр етіп ұшқан безгелдектен басқа көз көрер 
төңіректе мал да, жан да жоқ, дала жым-жырт. Аспанда ақ 
түйелі керуендей тіркесе көшкен кесек-кесек ақша бұлттар 
астында самғаған аққу сол керуеннің нәзік қоңырауын 
қанатпен қағып бара жатқандай.
Арыстан бір қыраттан аса беріп, шағын аймақты көлге 
килікті де, соны жағалап орағытты. Жаз айларында ауыл 
қонған көл сықылды, қоғасы жығылып, құрағы қырқылып 
қалған». Мұны оқығанда жанды суреттерге үңілесің, 
дала табиғатының таныс та жақын көріністері бояу-
нақыштарымен көз алдыңнан тағы да бір елес беріп, үн-
сарын сездіріп кеткендей болады. Сол сияқты, романның 
екінші тарауында берілген Тянь-Шань тауының тамаша 
суреттері, қыран бүркіттің қасқыр ілгені баяндалатын 
көріністер енді қайтып көз алдыңнан кетпейді. Өйткені 
оларда автор бояу реңктерін шеберлікпен таба білген 
әрі соларды кейіпкерлерінің көңіл аңсарларымен, 
психологиялық хал-халеттерімен оңтайлы табыстыра, 
ұластыра алған. Бір ғажабы сол–Сахара көріністерін 

267
келістіріп бере білетін жазушы қала кейпін бейнелегенде 
кең көсіліп, еркін жазылып кете алмайды. Романдағы қала 
суреттері қуқыл, нақтылы емес.
Бұрынғы прозалық шығармаларында Ж.Тілековтың 
тілі қалың бояулы, суретті болып келе бермейтін. Қайта ол 
жергілікті сөздерді, диалектизмдерді көбірек қолданатын. 
Лингвистер мен сыншылар мұны талай рет атап көрсеткен-
ді. Ал соңғы романдағы жазушының тілдік ізденулері мол 
әрі жемісті екендігі жақсы аңғарылады. Суреттеп отырған 
ортаның өзіндік колоритын, кейіпкерлерінің ұлттық ойлау 
ерекшеліктерін, әлеуметтік мұрат-мүдделерін танытып 
сездіруде автор тіл құралдарын ұтымды пайдаланған. 
Мәселен, ол кейіпкерлеріне сөздік сипаттаманы орайлы 
тауып бере біледі. Партизан отрядын құрып, қалың елді 
өктемдік иелеріне қарсы бастаған Асқардың жалын атқан 
мінезіне меңзес оның тілі де өткір, уытты әрі афористік 
өрнек-нақыштарға толы. «Жүкті–нар, қайғыны–ер көте-
рер болар... Мың қайғы бір борышты өтемейді... Жолға 
салса – жорға, жонға салса жүйрік сағынып, білімдінің 
асыл ойын, көрегеннің ақылын аңсап отырған күндерімізге 
бәріңіз де жақсы келдіңіз... Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа 
түспейтін сықылды». Бұл сөздерден халық өкілі Асқардың 
турашылдығы, тәуекелшіл мінезі, тапқырлығы анық 
сезіледі. 
Автордың зорлық-зомбылық дүниесі өкілдеріне, дін 
иелеріне берген сөздік сипаттамалары да суреттілігімен, 
дәлдігімен көбінесе нысанаға дөп тиіп, қажетті көркемдік 
қызмет атқарып жатады. Бұған мысалды романның қай 
бетінен де табуға болар еді. Сондықтан да автордың 
кейіпкер репликасын орнымен пайдаланатындығын 
көрсету үшін бір ғана мысал келтірелік. Зәурені өзінен 
мүшелі жас Малтабардай шикі өкпеге зорлап телігені 
оқушыға аян. Әке-шешенің ыңғайына көшіп, сол жаман 
енді Зәурені басынбақ, ықтырмақ болады. Осыны 
көзімен көрген Сарэнжавтың аузына автор мынадай 
сөздер салады: «Әй, сен қортық, Зәурені неге сабайсың, 
ә?! Бері келші өзің, машинаның сандығына салып ала 
кетейін,– деп ұмтылып еді, Малтабар да, басқа балалар 
да зыта жөнелісті». Мұндағы тамаша шынайылықпен, 
тапқырлықпен берілген нәзік юмор қандай ащы әжуадан, 
өткір мысқылдан кем соғып жатқан жоқ. Халықтың 
әдет-ғұрпы, салты мен дәстүрі, ойын-сауығы, ісмерлік 
өнері де романның осы тарауларында кеңінен әрі әсерлі 
суреттелген. Бұл тұстарда да автор шиыр болған әдеби 

268
машықтардың шылауында кетпей, ез қаламының табын, 
өз ізденістерінің белгі-бедерін ашық танытады, тұрмыс 
көріністерін өрелі оқиғалардың эпикалық кең тынысымен 
ұластыра отырып береді. Жоғарыда романда оқиға қалың 
екендігі айтылған еді. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ автордың, 
кейде екінші шекке соғып, оқиғаның жалаң өзін қызықтап 
кететін мезеттері де бар. Соның салдарынан болуға керек
жазушы уақыт сипатын, тарихи шындықты танытатын 
оқиғаларды, арпалысқан күресті, қиян-қилы тартысты 
терең философиялық тұрғыдан гөрі стратегиялық планда 
көбірек алып кеткен.
Сондай-ақ автордың оқиға өрбуін, тартыс желісін 
кейіпкерлердің характерін зерттеп ашу үшін жете 
пайдаланбайды.
Сәтімен табылған кейбір ұтымды мезеттерді айтпағанда 
жазушы психологиялық сипаттауға әлі де сараң соғатын 
тәрізді. Кейіпкерлерінің рухани сыр-сезімдерін, көңіл 
күйлерін ағыл-тегіл ақтарып тастайтын, төгіп-төгіп 
жіберетін талай-талай жерлерде автордың тартыншақтай 
беретіні байқалып қалып отырады. Романның әр тарауын 
қайталап оқыған сайын автордың баяндаушылық 
талантының көркемдік, суреткерлік шеберлікке ұласып 
келе жатқандығы байқалады. Жазушының болашақта осы 
бағытынан танбауы, әлі де болса көп ізденуі, ширыға ізденуі 
керек сияқты. Кейіпкерлерінің сөздерін, репликаларын 
ара-тұра соншалықты тап басып, дөп тиіп жеткізіп беретін 
жазушының диалог құруға жалпы олақтығын атап айтпасқа 
болмайды. Романдағы кейбір диалогтардың тұтас беттерге 
созылып кететіні де бар. Мұндай шұбалаңқылық шеберлікті 
де сездірмейтіні, кейіпкерлердің де ішкі құпияларын 
ашпайтындығы хақ.
Ж.Тілековтың    тілінде   басқа        кейбір    жазушыларымыз-
дың шығармаларында ұшырайтын риторикаға үйірлік, 
сылдыр сөзуарлық жоқ десе де болғандай. Бірақ тілдегі 
реализм үшін әлі де көп ізденуге, азап шеге еңбектенуге 
тиіс екендігін оның ескеруі, естен шығармауы ләзім. Автор 
болашақта романының соңғы кітаптарын жазатындықтан 
бұл пікірлерді қадай айтудың орайы әсіресе келіп тұрғандай.
Тұтастай алғанда «Жоңғар даласында» романы 
тақырыбының сонылығы, материалының тыңдығымен ғана 
емес, сонымен бірге осыған орай көркемдік қырларымен
өзгеге ұқсамайтын өзіндік бітімімен де әдебиетімізге 
мүшелі туынды болып қосылатындығы, оның ешкім 
ашпаған жаңа бір беттерін құрайтындығы күмәнсыз. 

269
Бұдан он шақты жыл бұрын шыққан прозалық тұңғыш 
көлемді шығармасы үшін Ж.Тілековтың қатал да әділ сынға 
ұшырағаны аян. Ең қиыны, соған қарап кейбіреулер оның 
авторының жазушылық талантына шүбәланған-ды. Бірақ 
сол шүбә бекер екен. Жазушының сан жылдар бойына шын 
тебіренген азабы, қиын еңбегі босқа кетпеген. Жазушы 
бұрынғы шүба атаулыны серпіп тастап, ауыз толтырып 
айтуға, сүйсінуге тұрарлық ірі шығарма берді. Бұл – оның 
болашақта бұл деңгейде де аялдап қалмай, биіктей беруінің, 
есейе түсуінің кепілі болса керек.

1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал