Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.61 Kb.

бет11/22
Дата09.01.2017
өлшемі5.61 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   22

1960 ж.
АБАЙДЫ ҚАЙТА-ҚАЙТА ОҚЫҒАНДА
Бұдан жарты ғасыр бұрын қазақ халқының рухани 
өмірінде ерекше бір оқиға болды: ұлы ақынымыз Абайдың 
тұңғыш жинағы С.-Петербургта басылып шықты. Әрине, дәл 
басылып шыққан кезінде бұл кітап соншалықты бағалана да, 
елене де қоймаған  тәрізді. Мұның   да  сыры  халқымыздың 
ғасырлар бойғы самарқаулығы мен көрбалалығында 
екендігі хақ. Ал дәл қазір, яғни ақынның ұлылығын, 
кемеңгерлігін барша адамзат танып білген шақта оның 
тұңғыш кітабының туған халқы мәдениетінің тарихындағы 
сарқылмас ғажайып бастау болғандығын соншалықты 
терең әрі айқын сезесің. Абай шығармаларының тұңғыш 
жинағы қалай басылып шыққандығы жайында ақынның 
өз тәрбиесінде болған немересі Әрхам Кәкітайұлы 
Ысқақовтың естелігінен мынадай бір үзінді келтіре кетудің 
орайы бар сияқты:

188
«1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай қос 
тұрғызып Мүрсейіт молланы шақырып алды да: «Сен мына 
біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз»,– деп оңаша 
қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, арабша сұлу 
жазатын адам еді. Бір ай шамасында көшірімді әзірлетіп 
алып Кәкітай Семейге жүріп кетті. Жол шығынына екі 
семіз ат, екі семіз түйесін әкеткен-ді.  «Малды Семейде 
ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім»,– деп хат жазды. 
«Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына 
жүріп кеттім» деп тағы хат жазды. Бір жұмадан соң: «Қазан 
қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. 
Сондықтан Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. 
Тез 200 сом ақша салыңдар,–деген телеграмма келді. 
Кәкітай бір айда қайта оралды. Кітаптың корректорлық 
міндетін өз мойнына алыпты.
Баспахана әр баспа табақты Семейде Абай түсіп жүретін 
Әнияр үйіне жіберіп тұратын болыпты. Әнияр Кәкітайға 
жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта 
Петербургке жіберіп отырды. Осындай сергелдеңмен 
жүріп Абай өлеңдерінің бірінші жинағы 1909 жылы, яғни үш 
жылда зорға жарыққа шықты. Әріп терушілердің қазақтың 
сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік 
болмады. Абайдың қысқаша өмірбаянын Кәкітайдың өзі 
жазды».
Ақын шығармаларының басылуы және зерттелуі 
осылайша басталды. Содан бері олар халқымыздың рухани 
серігі, сырласы болып келеді және ақынның мол мұрасы 
әрдайым зерттеушілер назарын аударып, келелі пікір 
тудырып отырды. Абай жайында қазір де көп жазылады. 
Өйткені оның шығармаларын тек өткеннің ғана мұрасы 
деп қарауға болмайды. Шығармашылығының бүкіл 
рухымен, терең гуманизмімен, адамды ең жарқын мұрат-
мақсаттарға баулитын қуат-күшімен, кемел көркемдігімен 
ол  бізге ең жақын, хатте замандас ақын. Пушкин туралы 
мақалаларының бірінде Белинский: «Пушкин ажал тап 
болысымен ұмыт болып қалмайтын, қайта қоғамның 
санасында өркендей беретін, мәңгі өшпей, өрістей түсетін 
тұлғалардың қатарына қосылады. Олар жайында әр дәуір 
өз пікірін айтатын болады»,– деп жазған еді. Данышпан 
сыншының ұлы Пушкин жайындағы осы сөздерін Абай 
шығармашылығына арнаудың да әбден лайығы бар. Өзінің 
көзі тірісінде-ақ Абайдың шығармалары ауыздан-ауызға 
көшіп, жан сергітер самалдай бүкіл сахараға кең, бірақ 
баяу ғана таралса, кеңестік дәуірде оның шығармашылық 

189
мұрасы лайықты бағасына ие болды. Ақынның есімі бар 
ғаламға мәшһүр болды. Оның шығармашылық тағдырының 
болашағы да осындай. Келешекте де талай ұрпақтар мен 
буындар Абай мұрасының тереңіне үңілетіндігі және 
үңілген сайын сол тереңнің таусылмас қайнары мен 
ғажайып сырларын мол танып, аша түсетіндігі де күмәнсыз. 
Ақынның шығармалары туған халқының мәдениеті 
тарихындағы тұтас бір дәуірді құрады. Ол қазақтың жаңа 
әдебиетінің негізін салушы, бастаушы болды. Кемеңгер 
ақын өзінің тамаша шығармаларында сол кездегі заман 
шындығын, халық өмірін терең де мол бейнеледі. Ол 
өзінің шығармашылығымен дәуір тілегіне жауап берді, өз 
халқының көркемдік қажетін өтеді. Өзі айтқандай, Абай 
«өлеңді ермек үшін» жазған жоқ. Ол көркем әдебиеттің 
әлеуметтік маңызын терең түсінді және зұлымдық пен 
надандыққа қарсы кекті күресінде оны пәрменді құрал 
ретінде шебер пайдаланды. Абайдың ақындық өнерге, 
шығармашылыққа қоғамдық мәні зор құбылыс ретінде 
қарағандығына оның әлеуметтік терең мазмұнға толы, 
асқан көркем шығармалары айқын дәлел.
Қазақ халқының арман-тілегі мен ой-сезімі, жарыққа, 
еркіндікке қарай оның қажырлылықпен ұмтылуы Абай 
шығармашылығынан өз көрінісін мол тапты. Абайды 
оның өзі   өмір сүрген кезеңдегі қоғамдық өмірден, қазақ 
халқының тарихындағы саяси-әлеуметтік жағдайлардан 
бөліп алып, жеке-дара қарауға болмайды. Абайдың 
шығармашылығы ақын өмір кешкен дәуірдің прогресшіл 
сипатымен тығыз байланысты және соның жемісі іспетті.
Абай шығармашылығының салмағы оның поэзиясында. 
Оның шығармаларының дені лирикалық өлеңдер болып 
келеді. Ол өзінің үздік таланты мен асқан шеберлігін сол 
лирикалық шығармаларында әсіресе жарқын танытты. 
Абай лирикасының аясы мол, тақырыптық қамтуы 
кең. Қай тақырыпта жазса да, Абай өзінің лирикалық 
шығармаларында қазақ даласында оған дейін естілмеген 
ойлы да сырлы сөзін айтты және оны мейлінше жаңа түрде 
айтты.
Ақын   шығармаларының   ғажайып ерекшелігі, құндылы-
ғы олардың халықтық сипаты мен реализмінен әсіресе 
айқын танылады. Ол өзінің көптеген шығармаларында 
еңбекші халықтың азапқа толы азалы өмірін мейлінше 
шынайы әрі жаны ашып тебірене, күйзеле отырып суреттеді. 
Абай өлеңдерінен халық өмірінің кең көріністерін ғана 
байқап қоймаймыз, сонымен қатар оның арманы мен үмітін 

190
танимыз, қайрат пен жігерге, ашу-ызаға толы дауысын 
естиміз. Сөйтіп, патриот-ақын сол кездегі «сабырсыз, 
арсыз, еріншек, көрсе қызар жалмауыздардың» дүниесіне 
қарсы өзінің кекті дауысын көтерді, халық мүддесін 
қорғады. Өз халқын бар жүрегімен сүйген, оның алдыңғы 
қатарлы ел болуын қалтқысыз аңсаған Абай «қалың елі–
қазағының» бейуақыттағы сорлы тағдырына күйінді, оның 
надандығы мен қараңғылығына жаны күйзеле налыды. 
Патриот-ақынның көп өлеңдері өз халқының тағдырын 
ойлап толғанудан туған азалы арман мен қасиетті шерге 
толы болып келеді. Бұл өлеңдерден біз ақынның таза көз 
жасын көреміз, оның мұң-наласын, шер-шеменін сеземіз. 
Философиялық терең мазмұнға әрі лирикалық сыр-
сазға толы «Сегіз аяқ» атты белгілі өлеңінде Абай «тәні 
ауырмай, жаны ауырғанын», «көкірегі  тарылып, жүрегі 
қысылғанын», жас төккенін айта келіп, өз жанының 
мынадай бір күрсіністі күйін шертіп кетеді:
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Мақсұт – алыс, өмір – шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес!
Бұл сөздерде үлкен мән бар. Расында да, Абай арман 
етіп күрескен мақсұт қаншалықты қасиетті болса, сол дәуір 
үшін ол соншалықты алыс та болатын. Өзі армандаған 
мақсұтқа жету үшін қайрат-күші де аз екенін, «өмірі де 
шақ» екенін Абай саналы түрде түсінген. Бірақ патриот-
ақын сол игі мұраттың түбінде бір орындалатынына 
қалтқысыз сенді және сондықтан да сол мұрат жолындағы 
күреске оның бар қиындығына төзіп, қобалжымай, бекем 
кірісті. Өйткені арман мен үмітке толы, бірақ алыс та 
қиын бұл сапар – «кеш деп қайтар жол емес» екенін Абай 
жақсы таныды және сол жолдан өмірінің ақтық сағатына 
дейін танған да жоқ. Ақын өлеңдерінің жоғарыда аталған 
шерлі шыншылдығымен, сыршылдығымен қатар өзінің 
оптимистік қуатын жоғалтпайтындығы да осыдан.
Абайдың реалистік шеберлігі оның «Қансонарда бүркіт-
ші шығады аңға» дейтін өлеңінде тұңғыш рет жан-жақты, 
мол көрініс тапты. Мұнда қазақтың саятшылық өнерінің 

191
асқан шеберлікпен берілген ғажайып көркем әрі мейлінше 
дәл суреттері бар. Осы өлеңдегі жақсы ат мініп, тату жолдас 
ертіп, қансонарда аңға шыққан бүркітші, тау басындағы 
аңшы мен ойдағы қағушы, қайқаң қағып аспанға шыға 
келген қанды көз, құтылмасын біліп көре тұра қалған 
қырық пышақпен қыржыңдаған түлкі, екеуінің жарқ-жұрқ 
еткен айқасы, қыран құстың да, иесінің де алпыс екі айлалы 
түлкі алғанға қораздануы, тымақты сілке киіп, жайланып 
насыбай атуы, жасы үлкендерге түлкіні байлау – бәрі 
де суреті, бояуы жағынан қандай әсерлі, ойнақы және 
психологиялық жағынан қаншалықты терең әрі шыншыл. 
Мұндағы тіршілік-болмыс белгілерінің барлығы да – тек 
қазақ өмірі шындығынан алынған және тек қазақтың 
нағыз ұлттық ақынының ғана түйсініп сезінетін, суреттеп 
елестете алатын жәйттері.
Бұл өлеңде Абайдың реализмі оның жаңашылдығымен 
де нық байланысты, өзара астасып жатыр. Яғни мұнда жер-
мекен көріністері, табиғат суреттер, адамдардың іс-әрекет, 
мінез-құлқы ауыз әдебиеті дәстүріне орай дерексіз, бұлдыр 
күйде жырланбай, шынайы да нақтылы бейнеленген. 
Сонымен бірге бұл өлеңде ақын әлеуметтік өмірдің алыс-
жұлқысынан, тайталас-тартысынан сырт берген, бойын 
аулақ салған сыңай да сездіреді:
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ, 
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Бұл   өлеңнен   Абайдың    алғашқы  кездегі    шығарма ла -
ры ның реализміне тұтастай дерлік хас сипат-салғырттық, 
сырттан қарап бақылаушылық та біртоға жақсы 
аңғарылатындай. Ал шығармашылығына өз дәуірінің 
қым-қуыт, қос қыртыс шындығының әралуан қырлары; 
әлеуметтік сарындар неғұрлым мол араласқан сайын 
ақынның реализмі де соғұрлым айқындала, бекемдене әрі 
тереңдей түскенін аңдаймыэ.
Мәселен, осыдан біраз жыл өткеннен кейін шығарған 
«Жаз» атты өлеңінде де ақын адам мен табиғат туралы 
тақырыпты өзара ұластыра, тұтас күйде алып жырлайды. 
Бірақ мұнда өмір шындығы, оның қайшылықты көріністері 
молырақ қамтылған. Көшіп қонған ауылдың бейнесін 
алғашқыда, сырттай суреттейтін ақын кейін оның ішкі 
көріністеріне де үңіле көз салады, жалпылама болса да 

192
әралуан адамдар тұлғасын елестетеді. Олар ақ білегін 
сыбанып, бұрала басып үй тіккен қыз-келіншек, малын 
аралап көңілі жайланып қайтқан бай, жалшы, алдаған 
жас бала, «көлеңке жерге кілем төсетіп», «сары қымызды 
сапырып» екілене әңгіме соғып есіп отырған дәулеттілер. 
Бұлар–«әйтеуір күн өткізер әңгіме үшін» адамдар. 
Олардың қоғамға, ел өміріне ешбір пайдасы жоқ, «құр 
масыл». Міне, малшыларға    айғай   салып  ауылдан ақ көй-
лек  ті ақсақал шықты. Ол өзінің қарқылдап күлгеніне ғана 
мәз. Оның келешегі кесіліп, үміті үзілген. Қанша бақырып, 
байбалам салып мықтымсынғанмен, ол енді дәрменсіз. Бұл 
тоғышар келешегін бағдарламақ түгіл, өткен өміріне де көз 
жібере алмайды. Сондықтан да ақын оны:
Өткен күннің бәрі ұмыт.
Қолдан келер дәрмен жоқ,–
деп суреттейді.
Бұл өлеңде дала пейзажы, көшпелі өмір көріністері 
реалистік сипатта бейнеленген. Іс-әрекетке, динамикаға 
толылығына орай өлеңнің ырғақ, ұйқастары да сәт-сәт 
сайын жанданып, құбыла құлпырып отырады. Бірақ көшпелі 
тұрмыстың мардымсыздығын, ескі ауылдағы әлеуметтік 
қайшылықтардың сырын терең де аяусыз ашуға ақынның 
әлі де болса беріле ден қоймағаны байқалмай қалмайды.
Осы өлеңмен тақырыптас «Жазғытұрымды» да қайта 
бір оқып шығалық. Мұнда да ақынның асқан шеберлігіне 
сүйсінбей, таңырқамай қалмайсың. Өлеңнің алғашқы 
шумағын оқыған кезде-ақ қарсы алдыңнан көктемнің 
жылы лебі ескендей сезіледі. Көктем жұрттың бәріне де 
жайлы: кәрі, жас өз тұрғыларымен жайраң қағып, мәз-
мәйрам. Жалғыз қарасы қыстан аман шығып, төлдеп өсіп 
екеу болғанына шаруа да қуанып жүр. Көктем мелшиген 
қара тас пен сол тастай суық, сезімсіз, топас, сараң байдан 
басқалардың бәрін де жадыратып жіберген. Сонымен бірге 
осы өлең ақынның пантеистік ұғымын, яғни жаратушы 
құдірет жаратылыстың бар құбылысынан көрініс береді 
деген түсінігін де қоса аңғартады. Өлеңдегі мифтік образдар 
да осыған байланысты туған. Бұл белгілі дәрежеде өлеңді 
сол кездегі қазақ шындығынан алыстатып әкетеді, оның 
реалистік, әшкерелеушілік қуатын біраз көлегейлейді. Ал 
«Күз», «Қараша, желтоқсанмен – сол бір-екі ай» сияқ-
ты өлеңдерінде   Абай   өзін  нағыз кемел реалист, шын 
мәнісіндегі әлеуметтік әділетті жақтаған жыршы ре-

193
тін де танытады. Бұл өлеңдерде табиғат көріністері жа-
лаң суреттелмей, сол кездегі сахара тіршілігімен тығыз 
тұтастықта, байланыста алынады. Олардағы көңіл аудара-
тын бір ерекшелік сол– мұнда ақынның таптық көзқарасы, 
қазақ аулындағы таптық жіктелушілікті оның айқын көре 
білгені байқалады. Жыл мезгілдерінің жадау да жабырқау, 
қайыршыдай жұтаң бір кезін суреттеуден басталатын 
«Күз» деген өлеңде ақын бірте-бірте ескі ауыл тіршілігінің
кедейлердің сол күз  күніндей күйзелген, тоналған тұрмы-
сын бейнелеуге ауысады.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап қайда көрсең,–
деп суреттеді Абай жарлы ауылдың жетімек халін. Әдетте 
осы шумақтың соңғы екі жолына көп назар аударыла 
бермейді. Ал шынтуайттап келгенде, осы екі жолда 
қаншалықты терең мағына, ащы шындық жатыр. Тіпті 
итіне дейін қаңғырып, дала кезіп кеткен ауылдың көрер 
күні не болмақ. Бұл ретте де Абай нысаналы ойын өзіне 
тән асқан байқағыштықпен, тапқыр тұжырымдылықпен 
нағыз реалист суреткерше айта білген. Оның үстіне ақын 
жарлы ауылдарды дәл осындай мүскін халге душар етуші — 
тағдыр емес, байлар деп біледі. Оның шығармашылығының 
халықтық сипатының терең бір тамыры да осында.
Ал енді басқа бір сала өлеңдерінде («Көлеңке басын 
ұзартып», «Көкала бұлт сөгіліп», «Желсіз түнде жарық 
ай») ақын табиғат суреттерін адамның әралуан көңіл-
күйлері, сыр-сезімдері тақырыбымен ұластыра жырлайды. 
Бұл туған жердің табиғатын оның ақындық жүрекпен 
тебірене сүйе білуіне де байланысты. Ол табиғаттың әсем 
құбылыстарын, адамның жүрегін тербеп, жан күйіне әсер 
ететін сұлу көріністерін байқағыш. Мәселен, «Желсіз 
түнде жарық ай» атты өлеңді қайта бір оқып шығалық. 
Дұрысырақ айтқанда, біз өлең оқып қана шықпаймыз. 
Керісінше, ғажайып сырлы үн мен солмас, сембес бояудан 
жасалған күйлі де келісті тұтас бір дүниені көріп өткендей 
боламыз: ауылдың жанындағы гүрілдеп аққан өзен, 
сәулесі суда дірілдеген жарық ай, манаураған желсіз түн, 
жапырақтары сыбдырлап, сыр шерткен тәрізді қалың 
ағаштар, тау жаңғыртқан ән. Міне, осындай тамаша түнде, 
әсем табиғаттың аясында кездесіп, «бөгеліп сөз айта 

194
алмай», тіл қатпай, үнсіз ұғынысып тұрған екі жас, олардың 
дүрсіл қаққан жүректерінің лүпілі – осының бәрін өз 
көзіңмен көргендей, өз құлағыңмен тыңдағандай боласың. 
Сөйтіп, Абай адам мен табиғат деген мәңгілік тақырыпты 
осылайша, яғни асқан зор ақындық мәдениет тұрғысынан 
қарап шешеді.
Осы орайда Белинскийдің «Әдеби армандаулар» атты 
мақаласындағы: «Ақын неғұрлым данышпан болған 
сайын табиғатқа тереңірек араласып, оны құшағына тұтас 
қамтып алады. Сөйтіп, бізге табиғатты өмірмен барынша 
байланыстыра алып көрсетеді», деген ойлары еске түседі. 
Өйткені  Абай да өз өлеңдерінде табиғатты адам қоғамынан 
аулақ алып жырламайды, қайта сол кездегі қазақ халқының 
әлеуметтік жағдайлары, қоғамдық тіршілігі, күнкөріс 
әрекеттерімен байланыстыра суреттейді. Оның лирикасын 
аса көркем, мейлінше терең еткен сипаттардың бірі осы 
болатын. Абай поэзиясының ең бір өрісті,  өзекті  саласы– 
оның сатиралық шығармалары. Сатиралық сарындар 
Абайдың тұтас, аяқталған сатиралық шығармаларында 
ғана емес, әлеуметтік тақырыпқа арналған басқа 
шығармаларында да, тіпті ғибраттық өлеңдерінде де жиі 
ұшырасып, ақынның шығармашылығына ерекше бір сипат, 
реңк беріп отырады.
Абайдың сатиралық таланты оның алғашқы кездегі 
шығармаларынан, импровизациялық өлеңдерінен де 
айқын танылады. Егер «Кім екен деп келіп ем түйе қуған», 
«Шәріпке» сияқты өлеңдерде ирония, зілсіз кекесін 
ғана болса, ол «Абралыға» атты өлеңде ақынның ыза-
өшпенділігімен астасып жатқан уытты, өткір мысқыл бар. 
Мұнда ақын «Кұржаң-кұржаң етіп» намаз оқи беретін, 
бірақ сол не оқығанын да дұрыстап білмейтін діндар 
адамның «пақырлығын», онда «құлақ бар, ми жоқтығын» 
аяусыз әжуа етеді.
Абайдың алғашқы кездегі арнау өлеңдері сырттай 
алғанда ауыз әдебиетінде, сондай-ақ Абаймен тұстас 
талай ақындардың шығармашылығында кездесетін 
мысқыл өлеңдермен ұқсас, үндес сияқты көрінгенмен, 
тереңдеп, барлай қарағанда олардың арасында іштей үлкен 
айырмашылық, ерекшелік барлығын аңдау қиын емес. 
Абай арзан әжуа айтудан, әйтеуір күлкі етуден аулақ. Ол 
өзі мысқылдап отырған құбылыстың ішкі мәніне тереңдеп 
үңіледі және сол кеселдің туындап жатқан төркінін тап 
басып, дәл табады, өзінің ызалы тілінің зілі мен кәрін соған 
қадайды. Сондай-ақ Абайдың алғашқы кезеңдегі сатиралық 

195
арнау өлеңдерінде нағыз эпиграммаға тән жинақылық пен 
алмастай тілгір өткірлік те бар. Абайдың шығармашылығы 
неғұрлым кемелденіп, биіктеген сайын ондағы сатиралық 
бағыт та соғұрлым тереңдей түседі. Егер алғашқы 
сатиралық өлеңдерінде Абай жекелеген адамдардың 
басындағы, мінез-құлқындағы ұнамсыз жәйттерді мінеп, 
шенесе, енді ол сөз семсерінің өткір жүзін әділетсіз қоғамға 
және сол қоғам туғызған әлеуметтік мәселелерге тереңірек 
дарытады. Абай сатирасындағы бұл ерекше сипат оның 
сатирашылық талантының толысуынан ғана емес, ақын 
шығармашылығындағы ұлы да үлкен бетбұрыстан орыстың 
классикалық әдебиетінен нәр алудан, үйренуден келіп 
туған еді. 
Абай орыстың классикалық әдебиетінің халықтық, 
реалистік принциптерін ғана емес, сатиралық өткірлігін 
де қабылдады. Пушкин мен Лермонтовтың, Некрасовтың 
әсерімен нағыз халықтық, азаматтық поэзияның 
классикалық тамаша үлгілерін жасаған Абай әлеуметтік 
мәні зор, шынайы сатиралық шығармалар жазуда да 
орыстың көрнекті сатирашы жазушыларынан, әсіресе 
ұлы Салтыков-Щедриннен мол үйренді, көп үлгі алды. Өзі 
көп үміт артқан жастарға Абайдың данышпан сатирик 
Салтыков-Щедринді өнеге тұтуы тегін емес-ті. Бұл орыстың 
ұлы сатирашысы шығармашылығының зор маңызын терең 
түсінген, тұшынған әрі одан мол сусындаған адамның ғана 
айта алатын сөзі еді. Орыстың сатирик жазушыларының 
шығармашылық тәжірибесін қорыту, одан үйрену арқылы 
Абай, ең алдымен, көркем сатираның әлеуметтік зор рөл 
атқаратынын, оның күрес құралы екенін терең түсінді 
және сол құралды кімге қарсы, қалай жұмсаудың жолдары 
мен
 
тәсілдерін тапты.
Орыстың классик-сатириктері өздерінің шығарма-
ла рын да  қанауға,  әділетсіздікке  негізделген  қоғамның 
тағылық сипатын, жексұрындығын жеріне жеткізе әшке-
ре 
леді. Олар өз сатирашының алмастай өткір жүзін 
қанаушы таптың негізін қаусатуға, халықты езушілерді 
жер бетінен аластауға, қоғамдық құрылыстың тірегін 
шайқалтуға бағыттады. Сол сияқты   Абай да өзінің сатира-
лық өлеңдерінде үстем тап өкілдерінің халыққа жасаған 
зорлық-зомбылығын, бұлардың жиіркенішті қылықтары 
мен жексұрын мінездерін өлтіре сынады. Бұдан Абай 
Салтыков-Щедрин сатирасының идеялық және көркемдік 
биігіне көтерілді деген пікір, әрине, тумайды. Абай 
шығармашылығынан Салтыков-Щедрин сатирасының 

196
револю цияшыл рухының лебін іздеу мейлінше ағат болар 
еді. Өзі ортасынан шыққан үстем таптың қатал өктемдігіне 
қарсы тұрып, халықтың мүддесін қорғауы, соған қызмет
 
етуінің өзі Абай шығармашылығының халықтық, 
прогрестік зор сипатын айқын танытады. Ұлы ақынның 
мұрасын ескірмейтін, өшпейтін еткен де – осы қасиет, 
осы сипат болатын. Өз халқын үлкен болашаққа — орыс 
халқымен достыққа, оның мәдениетінен үлгі алуға, өнерлі, 
білімді ел болуға шақырған Абай – осы игі мақсатына 
жету жолында кедергі болған құбылыстардың, кеселдердің 
барлығына қарсы «мыңмен жалғыз алысты», «улы сыя, 
ащы тілін» соларға қарсы жұмсады. Абай ақын жайындағы 
бір өлеңінде:
Қыранша қарап Қырымға
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға
Шиыршық атар, толғанар,–
деп   жазды. Бұл өлең Абайдың ақынға қоятын талабын да және 
оның өз шығармашылық сипатын да анық байқататындай. 
Расында да, қыран көрегендікпен алысты болжай білген 
Абай халық мұңын жырлады. Оның шығармашылығында 
ұшырасатын зар сарыны – халықтың қасіреті мен зары, 
соның көкейкесті арманы болатын. Бірақ бұл зар мен  
арман  ақынды мүлдем түңілтіп, жолынан адастыра алған 
жоқ, надандық пен зұлымдыққа кектенген ол шиыршық 
ата толғанды, өзінің «ызалы жүрегі» мен «долы қолына» 
ерік берді. Міне, өктемдік, зорлық дүниесіне, надандық 
атаулыға өлтіре соққы берген, халық тілегін білдірген кекті 
жыр осылайша келіп туды.
Абай өзінің сатиралық өлеңдерінде сол кездегі қазақ 
қоғамында орын алған кеселді құбылыстардың барлығын 
да аяусыз түйреді, жеріне жеткізе әшкереледі. Абай 
көптеген сатиралық шығармаларында ақынның мысқыл 
ететін кейіпкері жинақты образ ретінде алынып отырады. 
«Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Болыс болдым мінекей», 
«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» тағы басқа өлеңдер 
бұған  айқын мысал бола алады. «Бір  сен  емес,  жазғаным–
жалпақ жұрт қой»,–деп өзі айтқандай, Абай бұл 
шығармаларында кейіпкерлерінің тысы мен ішін ақтара 
көрсету арқылы бүкіл заман шындығын шебер суреттеді, 
бірдің емес, көптің жинақты бейнесін жасады. Бұл ретте 
Абайдың сатиралық шығармаларының кейіпкерлері типтік 
дәрежеге көтерілген деп айтуға әбден болады.

197
«Сабырсыз, арсыз, еріншек» атты өлеңнің басқы 
жолдарының өзі-ақ өлеңде суреттелетін кейіпкерлердің 
кескін-келбетін ғана емес, оның ішкі дүниесінің сыйқын 
да танытады. Ақын кейіпкердің мінез-кұлқындағы, іс-
әрекетіндегі жағымсыз, ұнамсыз белгілерді терең  ашады 
да, оған «пысық» деген ат береді:
«Пысық» кім деп сұрасаң:
Қалаға шапса, дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Ат-шапаннан кем көрмес
Біреу атын қойса «қу».
«Пысықтың» әрекетінің, тіршілігінің сыйқы осы. 
Абай «пысықты» осылайша қазбалап, терең суреттей 
отырып, оның мінез-құлқындағы  екінші бір белгіні – 
тоғышарлықты, надандықты да аша кетеді. Еңбек етуді 
ұнатпайтын, өтірік пен өсекке судай аққан бұл «пысықтың» 
бұдан басқа әрекет жасауға мұршасы да, құлқы да жоқ. 
«Қызмет қылып, мал таппай, ғылым оқып, ой таппай, 
құр үйінде жататын» бұл тоғышарлардың жаңалыққа, 
мәдениетке жандары қас. Қоғамдағы ең зарарлы, қауіпті 
кеселдер де – солар. Сондықтан да Абай оларды өткір 
тілімен аяусыз шенеп қана қоймайды, жастарды, халықты 
солардан аулақ болып, сақтанып жүруге шақырады:
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз
Елдің жайы солай-ды.
Бұл өлең Абай шығармашылығының сатиралық сипатын 
ғана емес, сонымен бірге оның халықтық бағытын да 
әйгілей түседі.
Абайдың «Болыс болдым мінекей», «Мәз болады 
болысың», «Дүтбайға» сияқты өлеңдері де – оның сати-
расының биік шоқтығы, үздік үлгілері болып саналады. 
Бұл өлеңдерінде Абай болыстың нағыз типтік дәрежеге 
көтерілген сатиралық образын жасайды. Бұл өлеңдердің 

198
тақырыбы, мысқыл ететін объектісі бір болғанмен, оларда 
сатиралық образдың жасалу жолдары, тәсілдері әртүрлі. 
Алғашқы өлең болыстың өз атынан баяндалады. Осылайша 
Абай оның барлық сырын, ішкі дүниесін ақтарып салады. 
Бұл өлеңді оқығанда күштілердің алдында шындап бас 
изейтін, әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғатын екіжүзді 
болыс өзінің дарақы мінезімен, бар жексұрын бейнесімен 
көз алдымызға келеді. Ал соңғы екі өлең мейлінше өткір 
сарказмға   құрылған  және  мұнда сатиралық   образ  автор-
дың өз тарапынан тікелей сипаттауы арқылы суреттеледі. 
Бұл өлеңдерінде де Абай болыстың қулық-сұмдығын, 
сұрқиялық мінезін, топастығын тереңдеп ашып, қатал 
сынайды. Абайдың шығармаларынан біз болыс, атқамінер, 
қу-сұмдардың ғана емес, дін иелерінің, молдалардың да 
сатиралық бейнесін кездестіреміз. «Көзінен басқа ойы жоқ» 
атты белгілі өлеңінде Абай молданы былайша суреттейді:
Кітапты молда теріс оқыр
Дағарадай болып сәлдесі;
Малқұмар көңілі бек соқыр
Бүркіттен кем бе жем жесі?!
Бұл өлеңде ақын басына дағарадай сәлде ораған мол-
даның  монталылығын, арамзалығын, қараулығын ше бер 
әшкерелейді, оның  жауыздығын  тағының  жыртқыштығына 
балайды.
Абайдың сатиралық шығармаларындағы ұнамсыз 
кейіпкерлер өздерінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен бірін-
бірі қайталамайды, қайта толықтырып отырады. Олардың 
барлығы жиналып келіп жауыздық дүниесін бейнелейді, 
жексұрын типтердің тұтас бір галереясын құрайды. Нағыз 
сатирада суреттеп отырған құбылысты жоққа шығарумен 
бірге онда ұнамды идеалға деген сенім де болады. Орыстың 
классик сатириктерінің шығармалары міне дәл осындай 
еді. Олар өздерінің шығармашылығында билеуші тап 
өкілдерін аяусыз шенеу арқылы, ескі дүниеге әділ де өткір 
үкім айту арқылы халықтың қалың бұқарасының ой-тілегін 
білдірді, халықтың идеалын жақтап қалды. Осы ерекшелікті 
Абайдың сатирасынан да кездестіреміз. Ол өзінің өткір 
сатиралық шығармаларында жауыздық, үстемдік дүниесін 
қатал сынады, халықтың арман-мүддесін қорғады. 
Абайдың сатиралық шығармаларында ұнамсыз күштермен 
күресетін негізгі тұлға — ақынның лирикалық қаһарманы. 

199
Сонымен бірге Абайдың шығармашылығынан ұнамды 
кейіпкерлердің бейнесін де кездестіреміз. Ол–«Жаңа 
жылдың басшысы» Әбдірахман. Ақын «Талаптың тұлпарын 
мініп» ғылымға ұмтылған Әбдірахман мен интернатта оқып 
жүрген жастарды өзі өлтіре сынайтын ұнамсыз типтерге 
қарама-қарсы қояды.
Әділетсіз дүниеге, өктемдікке, надандыққа қарсы өзінің 
кекті күресінде Абай сатираны өткір де пәрменді құрал етіп 
пайдаланды, сөйтіп қазақ әдебиетіндегі тың бағыттың– 
сатиралық жанрдың негізін салды. Абайдың сатиралық 
дәстүрлері қазақ әдебиетінің одан кейінгі дамуына ерекше 
жемісті әсер етті. Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Сәбит 
Дөнентаевтың шығармашылығынан Абай сатирасының 
әсерін, ізін табу қиын емес. Абай реализмінің күші, түптеп 
келгенде, оның асқан шеберлігіне де байланысты. Қазақ 
поэзиясына түр, ұйқас, өлшем жағынан енгізген ұлан-
асыр жаңалықтарын айтпағанның өзінде Абай қазақтың 
қарапайым халықтық тілі арқылы адамның көңіл-күйі мен 
сыр-сезімдерінің алуан түрлі реңктері мен қайталанбас 
сәттерін бар бояуымен жеткізіп бейнелеуге болатындығын 
көрсетті. Тұтастай алғанда оның поэзиясы – нағыз «сөз 
патшасы», «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей 
келісім», өзгеше көркем, мол сырлы дүние.
Ақын өзінің үздік шеберлігін тағы да лирикасында 
әсіресе жарқын, оқшау танытты. Рас, ғибраттық сарында 
жазған өлеңдерінде Абай поэтикалық бейнелеулерді көп 
түрлендіріп қолдана бермейді. Мұндай шығармаларында 
ол өнегелі ойлары мен тағлымдарын арнау ретінде өз 
атынан тікелей айтады. Бұл ретте ол өз оқушыларының 
ой–өрісі, интеллектуалдық  дәрежесімен санасқанын ең 
алдымен айту керек. Ал замана, өмір жайындағы тол ғау-
ларында, ақындық туралы және адамның көңіл-күйлеріне, 
рухани бітіміне байланысты өлеңдерінде Абай поэтикалық 
бейнелеудің, көркем суреттеудің небір ғажайып үлгілері 
мен өрнек-нақыштарын  барынша мол әрі құлпырта 
да жайната қолданады. Мәселен, «Көлеңке басын 
ұзартып» деген өлеңінде Абай адамның көңіл-күйін, жан 
толқындарын ерекше бір көркемдік тәсілмен суреттейді:
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа.
Төмен қарап мұңдасар
Ой жіберіп аулаққа.

200
Мұнда ақын өзінің тебіренген жан күйін бірден 
айтпайды, табиғат суретін беру арқылы соған ая жасайды. 
Сондықтан да көкжиектен асып күн батқан сұрғылт 
бейуаққа ақынның күңгірт көңілі үндесе, сырласа кетеді. 
Өйткені мұнда табиғат стихиясы мен ақындық шабыт 
стихиясы ұласа, астаса берілген. Абайдың адам жанына 
үңілгіш, оның қат-қат көңіл толқындарын шебер суреттегіш 
үлкен психолог-ақын екендігін қалтқысыз аңдататын 
мысалды оның кез келген өлеңінен дерлік табуға болады. 
Ақынның ғажайып көркем мұрасына қайта-қайта үңілген 
сайын бір тоқтамға көңілің бекем ұялай түседі: ол туған 
халқының жүрегі мен жанында ғасырлар бойы сақталып, 
бірақ жыр болып төгіле алмай қыстығып келген аяулы да 
абзал сезімдерге тіл бітірді, «оларды тар кеуденің қапырық 
қысымынан көркемдік өмірдің самал лебіне алып шықты» 
(Белинский).
Абайдың ақындық өнердің шырқау биігіне көтеріле 
алуына жағдай жасаған негізгі факторлардың бірі оның 
орыстың классикалық әдебиетімен терең де тығыз 
байланыстылығында, одан шығармашылық түрде жемісті 
үйрене   алғандығын   да  екені де баршаға аян.  Бұл 
жайын   да мол да, жақсы да жазылды. Сондықтан оларға 
тоқталып, қайталап жатудың қажеті де жоқ. Біздіңше, 
Абай шығармашылығына орыс әдебиетінің әсерін 
сөз еткенде мынадай шешуші, негізгі екі жәйтті естен 
шығармау керек. Ең алдымен, орыс әдебиетінен үйрену, 
үлгі алу Абайдың төл шығармашылық ерекшелігін, 
оның өзіндік тұлғасын, соны бітімін бекерге сайып, 
әлсіреткен жоқ. Қайта, орыстың классикалық әдебиетінің 
дәстүрлерін қабылдау Абай шығармашылығын идеялық 
және көркемдік жағынан кеңейтіп молықтырды, оның 
шығармаларының ұлттық сипатын тереңдете түсті. 
Сондай-ақ, орыс әдебиетінің Абайға тигізген әсерін 
оның кейбір жекелеген өлеңдерінің орыстың классик 
ақындарының шығармаларымен сырттай ұқсастығынан 
ғана іздеуге болмайды. Абайдың орыс әдебиетімен 
жақындығы, үндестігі, оның шығармашылығының бүкіл 
рухынан, көркемдік-эстетикалық көзқарастарынан терең 
де айқын сезіледі. Абай орыстың жекелеген ақындарының 
ғана шығармашылығынан үйреніп қойған жоқ, ол орыстың 
бүкіл классикалық әдебиетінен тұтастай үйренді. Орыс 
мәдениеті мен әдебиеті жайында және орыстың классик 
ақын, жазушылары жайында Абайдың тікелей айтқан 
пікірлері тым аз. Бірақ Абайдың орыс әдебиетіне қандай 

201
қатынаста болғаны оның бүкіл шығармашылығының сыр-
сипаты мен бағыт-бағдарынан және орыстың классик 
ақындарының көптеген шығармаларынан жасаған тамаша 
аудармаларынан анық байқалады. Ол орыстың классикалық 
әдебиетінің шығармаларына нағыз халықтық, азаматтық 
поэзия жасаудың асқан үздік үлгілері ретінде қарады.
Абай орыстың классикалық поэзиясын аса жоғары 
бағалап қана қойған жоқ, сонымен қатар оның өзіндік белгі-
бедерлерін, ерекшеліктерін жете білген де, өйткені егер 
Абай орыс поэзиясын соншалықты жетік танымаса және 
оны соншалықты сүймесе, онда ол орыс ақындарының 
шығармаларын дәл біз білетін осындай дәрежеде аудара 
алмаған да болар еді. Орыс ақындарының шығармаларын 
аудару арқылы Абай классикалық орыс поэзиясының 
тереңіне үңілді және өзін ойға қалдырған, толғандырған 
жайларға содан жауап тапты. Орыс поэзиясының үлгілерін 
аудару ісіне  Абай  шығармашылық   жолының  әр     кезеңін- 
деақ ден қойып отырды және оның әр кезде жасаған 
аудармалары әртүрлі. Ол орыс ақындарының қайсыбір 
шығармаларын тұтас аударса, кейбірлерін қысқартып, 
ықшамдап, болмаса өзінің жанынан қоса отырып аударады. 
Әрине, мұның алуан түрлі себептері болуға керек. Бірақ 
қайткен күнде де бұл ретте Абайдың сол кездегі қазақ 
қауымының мүмкіндігімен, тілегімен санасқанын, сондай-
ақ кейде Абай кезегі келгенде өз жүрегінің сырын шертіп 
кететінін ескермей қоюға болмайды. Орыс ақындарының 
тәжірибесін шығармашылық жолмен игеруде де, орыс 
поэзиясының шығармаларын шебер аудару ісінде де Абай 
қазіргі ақындарымыз үшін үздік үлгі. Нағыз ұлы ақын, оза 
шыққан классик болғандықтан, Абай өмір кешкен дәуірінің 
бейнесін беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің де 
қайталанбас, енді қайтып тумас автопортретін жасады. 
Оның шығармашылығының бүкіл ұзына бойынан «қалың 
елі – қазағының», адам баласының ұлы болған, еңбегі еш 
кетпесін сезіп, халқына ұстаздық қылудан жалықпаған 
ойшыл да сыршыл ақын-адамның нұрлы тұлғасы танылып 
отырады. Абайдың уақыт туралы және өзі туралы, ақынның 
қоғамдағы орны туралы өлеңдерінен бұл қасиет әсіресе мол 
сезіледі. Осы тұста ол қай халықтың қандай ұлы ақынымен 
де үзеңгі жарыстырып, деңгейлесе алады. Оның сондай 
өлеңдерінің ішіндегі ең кереметтері — «Өлсе өлер табиғат, 
адам өлмес» пен «Өлсем, орным — қара жер сыз болмай 
ма?»

202
Алғашқы өлеңде ақын табиғатты «менікі», яғни 
тән мағынасында, ал адамды «мен», яғни ақыл-ой, рух 
бейнесінде жырлайды. Өлеңнің екінші шумағында ақын 
философиялық тұрғыда алып, осылайша тұспалдап отырған 
ойын, басқаша атағанда «менін» ашық айтады:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма – ойлаңдаршы –
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Егер бұл өлеңінде ақын өлместік тақырыбын шартты 
түрде алынған жинақты тұлғаны бейнелеу ретінде 
жырласа, ал екінші өлеңінде тікелей өз басына, өз 
шығармашылығының болашақ тағдырына байланыстыра 
отырып шешеді. Сондықтан да 1898 жылы жазылғандығына 
қарамастан, бұл өлеңді ақынның өз шығармашылық жолын 
қорытындылаған туындысы, жүрекжарды сыры деп атауға 
әбден боларлықтай.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен – бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым – кінә қойма! –
деп тебіренді Абай. Бұл оның болашақ ұрпаққа арнап тіл 
қатуы, сондай-ақ өз жанының да бар түкпірі, сыры мен 
шыны еді. Мұнда данышпан ақын келер ұрпақтың, туар 
дәуреннің   бейнесін  ғажайып  шебер һәм  көреген  сурет-
кер ге тән елес-емеурінмен сездіреді. Бұралаңы көп бұлдыр 
өміріне ой көзімен үңілген ақын «соқтықпалы, соқпақсыз 
жерде өскенін, мыңмен жалғыз алысқанын», ерте оянса да, 
етекбастыны көп көріп, дегеніне жете алмағанын келешек 
оқушысына әдейі, саналы түрде сыр етіп шертетіндей. 
Өйткені ақынның аңғартуынша, ол – жүрек түбіне, жан 
түкпіріне терең бойлай алатын, парасатты, ойлы және 
әділетті адам және оның өмір кешер уақыты да соқтықпалы, 
сандалмасы жоқ еркін де кең дәурен, өзгеше бір заман 
болмаққа керек. Өз кезі үшін жұмбақ болған Абай сол 
болашақ заманның, келер буынның өзін терең танып, дән 
разы пейілмен қабыл алатындығына кәміл сенген тәрізді. 
Өлім жайын күңірене толғаумен басталған өлеңінің соңында 
ақынның өлместік, өшпестік сарынына ауысуының да 
сыры осында. Ұлы  ақынның болашаққа деген  осындай 
нұрлы сенімі, жарқын үміті біздің дәуірімізде жүзеге асты.
Ақынның тұңғыш жинағында оның шығармалары 

203
«Халық туралы», «Өлең туралы», «Ғашықтық туралы» 
және басқа   да  бірнеше (небәрі–17) бөлімге  жіктеліп 
жария 
ланған еді. Әрине, байсалды ғылыми принципке 
негізделмегенмен, бұл ақын шығармашылығын тақырыптық 
қамтуы жағынан талдап-жіктеудегі тұңғыш талпыныс 
болғандығы да хақ. Абай шығармалары бұдан кейін 
Қазанда (1921), Ташкентте (1922) және Алматыда талай рет 
басылып шықты. Соңғы жылдары ақын шығармаларының 
академиялық басылымдары бірнеше рет жүзеге асырылды. 
Сөйтіп, кеңес дәуірінде ақын шығармашылығы өзінің 
лайықты мұрагерін тапты. Ол жайында көптеген ғылыми 
зерттеулер жасалды және даңқы бүкіл әлемге таралған ұлан-
ғайыр эпопея жазылды. Өз дәуірінің, өз халқының нағыз 
ұлы, шын мәнісіндегі ұлттық ақыны болған кемеңгер Абай 
сонымен бірге бүкіл адам баласына тұтастай хас мәңгілік 
тақырыптарды мәңгі өшпестік дәрежеге көтеріп жырлай 
алды. Сондықтан да оның ғажайып мұрасы болашақ сан 
ықылым буындармен де бірге мәңгі-бақи жасай бермек.

1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал