Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.

бет9/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?
– Шөлдеген жандай қаталап,
«Махаббат... – деймiз, – махаббат!.
Махаббат деген немене,
Бұлақ па iшер жата қап?

186
Сиқыр ма көзге байқалмас?
Ғажап па ешкiм айта алмас?
Қазына ма екен қымбат бiр
Қарызға берсең қайтармас?
Махаббат деген немене?
От болса егер сөне ме?
Гүл болса егер, сола ма?
Дəн болса егер, өне ме?
Махаббат деген немене?
Қолға ұстап, көзбен көре ме?
Тамшыдай көктен түсе ме?
Қамшыдай қолдан өре ме?
Махаббат деген немене?..
Тəнтi еткен тəн бе, дене ме?
Табылар бақ па, iздесең,
Өзi iздеп, əлде келе ме?
Сəуле ме,
Сыр ма,
Сезiм бе?
Пəктiк пе,
Ар ма,
Төзiм бе?
Мейiрiм бе екен ол əлде?
Анамның тұрған көзiнде?
Баяғы, бағзы заманда,
Хауа Ана менен Адамға
Еншi боп тиген махаббат
Сый болып жеттi-ау маған да.
Махаббат деген немене?..
– Айтайын, бiлгiң келе ме:
Ол өзi жаңа, көне де
Бабадан жеткен өнеге.

187
Күмəнiң болса өзiң бiл,
Ғаламат ғашық кезiм бұл...
«Сүйемiн» деген бiр сөзге
Сыймайтын ұлы сезiм бұл!
ЖАСЫРЫНБАҚ
Тал түс. Көкте Күннiң добы домалар,
Ауыл сырты. Көл. Қалғыған қоғалар.
Қоға iшiнде қылт-қылт етiп жоғалар
Жасырынбақ ойнап жүрген балалар.
Жасырынбақ... Бала кезде бұғынып,
Бұл ойынды мен де ойнағам тығылып.
Қоға iшiнде аяқ-қолым жырылып,
Көршi қызды көп iздегем жүгiрiп.
Қалың қоға, құпиялы қамалдай,
Көп кезгенмiн көршi қызды таба алмай.
Көңілiмде сөне алмай, не жана алмай
От бар едi тiлеп тұрған жанармай.
Əр тұстан бiр ақ бантигi жалт етiп,
Ұмтылған ем сол сəуленiң нарқы өтiп.
Iздей-iздей өзек талып, əл кетiп,
Қайтқан едiм бар уақытты сарп етiп.
Содан берi жер де талай көгердi,
Содан берi талай бантик көнердi.
Ақын болып елге келдiм мен ендi,
Ал көршi қыз жұмбақ нұрға кенелдi.
Сəлемшi көп келiмдi де кетiмдi,
Күн екiндi. Самал сүйдi бетiмдi.
Көршi ауладан бiр құралай кекiлдi,
Болды маған жасырынған секiлдi.

188
Жасырынбақ. Шын де, мейлiң, əзiл де,
Бұл ойынды тастағам жоқ əзiрге.
Қарамастан маңдайдағы əжiмге
Қажет болса жасырынам қазiр де...
Ұлы бесiн. Күз көзiне ала бұлт
Аяқ асты тұра қалды жамалып.
Қоға iшiнде iздегенi жоғалып,
Жүгiрiп жүр жалаң аяқ балалық...
МАХАББАТ ДЕБЮТI
Шым көгерiп,
Көбейген соң көбелек,
«Қыс та кеттi-ау,
Жаз да жеттi-ау» деген ек.
Көгалдағы гүл үстiне не керек,
Бүгiн, бiрақ... қар жауып тұр себелеп.
Қар тиген гүл құлай жаздап тұр əрең,
Қалай-қалай өзгередi мына əлем?
Сен де бүгiн кетiп қалдың өзгеге
Кеше маған «кетпешi...» деп жылап ең.
Жалғыз тамшы жанарымнан түстi ағып,
Бiр күш менi саған қарай ұшты алып.
Кеше ғана «сүйем...» деген ерiнiң,
«Сүймеймiн» деп тұрды бүгiн сұстанып.
Ну сезiмiм селеудейiн селдiреп,
Қызыл гүлге қарай бердiм мен жүдеп.
Мамыр қары нақақ көздiң жасындай,
Жауа бере, ерiп жатты мөлдiреп.
Үмiттенiп тұрмын, бiрақ
«Ерке лақ,

189
Өрiсiне оралар деп, ертең-ақ...»
Келер күнге артпай ма үмiт осылай,
Жас дебютшi алған кезде ерте мат?..
НАУРЫЗ
Күннiң құйған сүт сəулесi əлi уыз,
Науша құсқа нота ойнатты наурыз.
Шатырлардан шүпiр-шүпiр құлайды
Сүңгi мұрттай сынып түсiп сары мұз.
Аллеясын екеуімiзге шарлатқан,
Ала қыстай мына бақта қар жатқан.
Көзбен шолып,
Ойға шомып,
Шарасыз,
Бақ шетiнде қарап тұрмын шарбақтан.
Сал дүние түскен сайын сəндене,
Бiр ауырлап,
Бiр жеңiлдер жан – дене.
Ерiп жатыр қыстан қалған қасат қар,
Iшiмде де ерiгендей əлдене.
Қардың суы жерiк нəр ғой жер үшiн,
Ерiп жатыр,
Ери берсiн,
Ерiсiн...
Көңiлiмiз көншiп бiз де бiр күнi,
Толтырармыз дүниенiң кемiсiн.
Сары аязда сыңғырлаған ақша қар,
Сылқ-сылқ күлiп жерге сiңдi, пəтшағар.
Сенсiз келiп қол созам ба мен ендi
Аппақ гүлiн ұсынғанда бақшалар?..

190
Көктеп ашып көктеменiң есiгiн
Қар орнына – гүл қылтиса несi мiн?..
Қысты күнi қар үстiне мен жазған
Ерiп кеттi-ау сенiң дағы есiмiң...
Жаңа күндер жаңа ойларға шақырды
Ескi əуендер əлдилеген ақынды.
Еритiнiн бiле тұрып, еркем-ай,
Қарға неге жаздым екен атыңды?..
* * *
Ұмытпа, ұмытпашы осы күндi,
Менi еске ал тербеткенде бесiгiңдi.
Бұл тағдыр түсiмiзде табыстырар
Бiздерге жазбағанмен қосылуды.
Шарасыз құшағымыз айырылып,
Қарадық қоштасарда қайырылып.
Қайырлап қала бердi-ау сонда сенiң
Толқыған көңiлiңде қайық – үмiт.
Бiз ендi бұрынғыдай жолықпаспыз,
Мен – жiгiт, сен – бейкүнə болып жас қыз.
Бiрiмiз бiрiмiзге телефонмен
Ешқашан түсiмiздi жорытпаспыз.
Бiз ендi «жаным» десiп,
                 «сəулем» десiп,
Жүрмеспiз бұрынғыдай дəурен кешiп.
Орманшы бөлiп алған көшеттердей
Екеуімiз кеттiк екi орманда өсiп.
Менi де, өзiңдi де кешiре бiл,
Жадыңнан қатал ойды өшiре бiл.
Қазықты қайырылар таба алмасақ,
Сүремiз махаббатсыз несiне өмiр?

191
Сөзiңмен сезiмiмдi дiр еткiздiң,
Келмейдi ендi күйбең күн өткiзгiм.
Осынау шексiз ғарыш қойнауында
Өзгенi жылытар ендi жүрек бiздiң.
АУЫЛЫҢА БАРҒАНДА
Талаураған таңдарға
Тамсанатын шағымда,
Риза боп жалғанға
Əн салатын шағымда.
Ал күреңмен лекiтiп,
Ауылың жаққа аттандым.
Буынымды бекiтiп,
Жалғыз бардым, салт бардым.
Екi кештiң арасы,
Апақ-сапақ iңiрде.
Кендiрлiктiң жағасы
Елең еттi дүбiрге.
Шықты алдымнан абалап,
Ауылыңның иттерi.
Астымдағы жарау ат.
Үдiрейiп үрiккенi.
«Əбес пе бұл келiсiм?»
Дедiм iштей iркiле...
Ауылыңның мен үшiн
Аяулы екен... итi де!

192
САҒЫНЫШ
Сағынамын. 
Жабығамын. 
Бағынамын жүрекке.
Не қыламын? 
Бəрi мəлiм: сезiм осы – дiр етпе!
Сүйiп қалдым. 
Тұйықталдым. 
Ұйып-қандым сырына.
Биiк таудың шығып та алдым барса келмес шыңына.
Құстар ғана құштарлана ұшты айнала төбемнен,
Ұстамды аға, 
Тұспалдама, – өз сорымнан көрем мен!
Қарлы асқарға, 
       нар бастауға
               бармас тауға шығыппын.
Алжасқанда қалмас қайда алтын басы жiгiттiң?!
АХИЛЛЕСТIҢ ӨКШЕСI
Ақыл-естен осылай айырыламын деп,
Бiр өтiп кеткен өзекке қайырыламын деп,
Бiр ұрынған қақпанға тағы ұрынамын деп,
Мен бұрын ойламап едiм.
Уəжiм де жоқ ақталар, айта алар бүгiн,
Көрем бе жоқ па, жүректiң жай табар күнiн?
Түбiме жеттi бейсауат, бейхабарлығым
Тағдырдың сырларынан.
Мақтан көрушi ем өзiмнiң мықтылығымды,
Өзiме деген сенiмiм бiттi бұрынғы,
Кеудемнен тапты зiлзала – күптi дiрiлдi
Сейсмографтар.

193
Сезiмге менi құрбан ғып, қайырлатқызған,
Бiр қыздың отын жаққызып, қойын баққызған,
Осалдығымды өзiме мойындатқызған,
Қайран жүрек-ай!..
АЙШУАҚ ПЕН КҮНШУАҚ
Есiме түсе бересiң неге?
Жанымды жиi сыздатып?
Жүректе жүзген елесiң – кеме,
Желкендерiне мұз қатып.
Арқырап келген ақшулан толқын
Жарқырап қайтса бастығып,
Қара жартастай қасқиған қалпым,
Жолыңа қалам бас тiгiп!
Төбемнен күнде ауысқанымен
Айшуақ пенен Күншуақ,
Сəулелi, нұрлы дауыстарымен
Жанымды өтер шымшылап.
Айқайлап Ай да, күркiреп Күн де:
– Сүйемiсiң? – деп сұрайды.
Тiрiмiн ғой мен!
Сiркiреп кiмге,
Бейуақта бұлттар жылайды?
Сүйем бе, жоқ па – байқар едiңдер,
Жас жуған жартас түрiмнен.
– Ғашықпын! – деп-ақ айтар едiм мен
Айырылып қалғам тiлiмнен...

194
БҮКIЛƏЛЕМДIК ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ
Шығармай тысқа тартып ұстадым,
Сезiмнiң ыстық шарпылыстарын.
Көрдiм де сенi,
Мойындап қалдым
Бүкiлəлемдiк тартылыс заңын.
Көрсоқыр болдым көрдiм де сенi,
Қаперге кiрмей елдiң де өсегi...
Жынданғам жоқ па?
Ауылда маған:
«Жасыңда жынды болдың» деседi.
Самолеттердiң салондарында,
Астаналардың алаңдарында,
Ескерту алмай жүре алмас болдым,
Өмiрде сендей адам барында!
Өзiмнен-өзiм күлемiн кейде,
Сiлкiнген жердей жүрегiм бейне.
Мынау жұрт мүлдем жайбарақат қой,
«Сүймей-ақ өмiр сүремiн» дей ме?
Себепсiз сағат санап қаламын,
Қалайша сенсiз тағат табамын?
Өзiңдi ойлап,
Өзiме бойлап,
Таусылмас томдай парақталамын.
Қиялда бiрге қонып-ұшамыз,
Сабылысамыз, сағынысамыз...
Бары рас болса тартылыс заңы –
Түбiнде бiздер жолығысамыз!

195
МАХАББАТ ТƏҢІРІ
Жаратылыста жоймайтын өмiрi мəнiн
Махаббаттың да бiлем мен тəңiрi барын.
Небiр аппақ сазандай сұлу қыздар мен,
Қосады ол жұрттың жаужүрек небiр ұлдарын.
Қос бұрымдарын иықтан серпе лақтырып,
Қылықты қыздар ерiнiн қалқалап күлiп.
Жалт қарағанда жiгiттiң жүрегi лаулап,
Сана мен сезiм тұрмай ма салтанат құрып?
Ойламас ешкiм ондайда қарақан қамын,
Аққулар жүрер өргiзiп балапандарын.
Қатар самғайды ғашықтық меңдеген жандар,
Қарлығаштардай төске алып дала таңдарын.
Жұптасып сосын үлкендер бата бергендер,
Жарыса гүлдеп жатады қатар өнгендер.
«Пiшедi тонын ұяда ана көргендер.
Жонады оғын қияда ата көргендер».
– Үйленiңдер! – деп үндейтiн əмiрi мəлiм,
Махаббаттың да бiлем мен тəңiрi барын.
Небiр аппақ сазандай сұлу қыздар мен
Қосады ол жұрттың жаужүрек небiр ұлдарын.
Жапырақ жайып жүректер жамырасқанда,
Елжiрей қарап тұрады-ау тəңiр аспанда.
Жас жұбайлардың жанында ол – үйленген кезде,
Қайда кетедi, бiлмеймiн, ажырасқанда...

196
* * *
Атыңды сенiң өшiрiп едiм,
Тақырыбынан жырымның,
Мың тақырып боп,
Асылым менiң,
Кеудемде қайта тiрiлдiң.
Өзiңдi мəңгi ұмытсам дегем,
Ұмытқаннан соң сен менi.
Жүректi тас қып құлыптамақ ем,
Қолымнан ол да келмедi.
Ұмытсам деп ем
Бұрымыңды да,
Көбелек қонған ұшына.
Ұмытсам деп ем қылығыңды да,
Жымиып күлер қысыла.
Сезiм мен ойдың ара салмағы
Нелiктен бұлай бұзылды?
Кейде мен
Қайда қарасам дағы
Көремiн сенiң жүзiңдi.
Сонау бiр жылы
Бақта ұрлана
Сүйiсiп келiп басқамен,
Суретiң, тiптi хаттарыңды да,
Паршалап жыртып тастап ем.
Бағаңды түбi сездiрерiңдi
Кеш бiлдiм,
Ендi бөтенмiн...
Байқамай сонда өз жүрегiмдi
Паршалап жыртқан екенмiн...

197
СЫРНАЙЛЫ ТҮН
Он төртке толған ересек баламын,
Ағаммен бiрге шықтым клубтан.
Жолда ағам маған бере сап баянын,
«– Күте тұр, – дедi, – кетпей, Ұлықпан...»
Зiлмауыр баян басқанда иықтан
Ботадай боздар тисе саусағым.
Əсем саздарды аспанды ұйытқан
Сызылта алмай текке шаршадым.
Шиқылға иттер шəуiлдеп үредi:
«Бұл кiм дегендей, жүрген басынып?»
Барқыттай барқын ауылдың түнi едi,
Жұлдыздар көкте жатты шашылып.
Барылдап баян бiресе терлегем,
Келедi менiң əнiм қиысып.
Сонау бiр үйдiң шамы да сөнбеген,
Ағам тұр əне, қызбен сүйiсiп...
Бiрiне-бiрi əрқашан аяулы,
Оларға, шiркiн, əуен арнасам.
Сайратар екем мен қашан баянды?
Сүйiсер екем қызбен мен қашан?
ЖҮРЕГIМДI АУЫРТТЫҢ ҒОЙ
Жүрегiмдi ауырттың ғой, жарығым,
Аласұрдым, арпалыстым, арыдым.
Тағдырымды бүгiн ғана таныдым, –
Бəрi уайым, бəрi күмəн, бəрi мұң.
Жүрегiмдi ауырттың ғой, жаным-ай,
Таудай көңiл талқан болды тарыдай.

198
Жүре берер тəңiрiн де танымай,
Ақын – арлы, əрi жарлы, əрi бай?!
Жүрегiмдi ауырттың ғой, ардақтым,
Неге сонша ақырзаман орнаттың?
Азуымды айға бiлеп, сор қаптым,
Жем екенмiн ұшындағы қармақтың.
Жүрегiмдi ауырттың ғой, асылым,
Бұрқ-сарқ етiп, қайнадым да, тасыдым.
Ақында ешбiр сыр болмайды жасырын,
Ол бiлмейдi өмiр сүру тəсiлiн.
Жүрегiмдi ауырттың ғой, балам-ай,
Жалғыз өзiң бастағанда бұлағай,
Күрсiнемiн: «Қайтсін-ау деп жыламай,
Төрт əйелi түтiп жеген ұлы Абай!»
* * *
Даланың дымқыл тұманы
Сипайды баяу бетiмнен.
Жартыкеш көңiл тынады
Қанттай болып кетiлген.
Сидиып қалған сұр бұтақ
Жел соқса көктi көсемек.
Жыртық бұлт аспан тұр жұтап,
Ошағы сөнген не себеп?
Көңiл де көкке ұмтылмас,
Қанаты су боп қалған ба?
Барады-ау өтiп шiркiн жас,
Қол жетпей талай арманға.
Қоштасу деген оңай ма,
Жауапсыз қалды-ау жалқы «хош...»
Алайда, жаным, қалайда,
Өзiңсiз жаным – жартыкеш...

199
ҚОС ҚАРАШЫҚ
Жасыл сай.
Бұйра тал. Бұлақ.
Шатырлар шашырай қонған.
Бел-белес,
бұйрат – арғы жақ.
Табиғат көшiне айналған.
Мөп-мөлдiр,
аспан ашық-тын.
Сылқылдап бұлақ үн қатты.
Тұсынан басқа лашықтың
Бiр сұлу су алып жатты.
Мөп-мөлдiр
аспан ашық-тын...
Iшiнде тал-шыбықтардың
Отына қос қарашықтың
Аңдаусыз шарпылып қалдым.
Кенеттен
долы жел тұрып,
Бiр шоғыр бұлт айдап келдi.
Жер мен көк бəрi желпiнiп,
Бұлт басты қымтай бөктердi.
Аспанды дал-дұл еттi де,
Шулатты тал-шыбықтарды.
Дүркiреп жаңбыр өттi де,
Дүние малшынып қалды.
Қыз кеттi басқа лашыққа,
Сiлкiнтiп бiр рет маңын.
Кiм бiлген қос қарашықта
Соншама құдiрет барын!..

200
* * *
Ақынға шықпа, жас сұлу,
Қалуың кəдiк жесiр боп.
Күнi ертең шабыт тасқыны
Жалынын оның өшiрмек.
Қызықпа оның даңқына,
Қаңғырар басың шуға мол.
Қарыздар болып халқына
Қалмауға белiн буған ол.
Ол жүрер желдiң өтiнде,
Жанына дамыл, жоқ тыным.
Шықпа оған, шықсаң – өкiнбе,
Өртенiп өтер көп күнiң.
Жырына да оның алданба,
Перi ғой ақын – пəтшағар,
Ғашық боп ғайып арманға,
Көзiңе ертең шөп салар...
ПАРАЛЛЕЛЬ
Келемiз тартып өрлерге
Жолдармен түйiспейтұғын...
Т. Айбергенов
Алға аттап, алысқа басқан
Жолдарда сапарласып бiз,
Жақындап, алыстамастан,
Келемiз қатарласып бiз.
Ұқсас-ау күрсiнуiмiз,
Көздегi жаңбырымыз да.
Ұқсас-ау тiршiлiгiмiз,
Пешене, тағдырымыз да...

201
Тұрмасақ құт-ұя болып,
Емес ол қашықтығымыз.
Қалады құпия болып,
Бiздердiң ғашықтығымыз.
Шақтарда кезiгiп жүрген
Таусылмас ренiштерге,
Ұқсатам өзiмiздi мен,
Қосылмас рельстерге.
Қосылса соқпақтарымыз,
Бiр iзге түсiп, алайда, –
Көтерген составтарымыз
Апатқа ұшырамай ма?!
* * *
Ноқталай көрме сезiмдi!
Сезiмдi шектеп не ұттың?
Шалығы деме сөзiмдi
Əсiреқызыл желiктiң,
Келедi менiң сенi ұққым!
Сүюдiң ыстық сертiнен
Айныған жандар аз емес.
Тiленiп тапқан дертiнен
Қашатын құлға жаза кес!
Сезiмiм менiң – серi өзен,
Тау менен тастан қайтпаған.
Сусасаң, кепсе кенезең
Сырыңды бүкпей айт маған!
Ашынғандаймын қамшы жеп,
Көкейде жатыр сөз қайнап.
Мөлдiреп, жалғыз тамшы боп,
Дидарың қалды көзде аунап.

202
Бойыңдағы оттың ұшқынын
Күлменен қымтап болар ма?
Ықыласыңның ыстығын
Суыта алмасын боран да!
Ноқталай көрме сезiмдi!..
«ҚОЛЫҢНАН НЕ КЕЛЕДI?..»
Қалқам!
Менiң қолымнан не келедi?
Түзей алам қисайған керегенi.
Қапалының қайғысын бөлiсе алам,
Туыспайтын туыстай кемедегi.
Жанарымды жатса да аспан арбай,
Ұшпаймын мен ғарышқа басқалардай.
Жерден жетi қоян да таба алмаспын,
Ғалым емен ғұлама қасқа маңдай.
Жата берсiн мұхиттар толқын атып,
Жерде жүру мен үшiн жарты бақыт.
Бiрақ та мен...
Кешкiлiк шаңын үрлеп,
Жұлдыздарды қоя алам жарқыратып.
Жан-тəнiммен ғашықпын нұрлы күнге,
Жұртқа шуақ себемiн тiрлiгiмде.
Қолыменен бiреудiң от көсемен.
Айдап сала бiлмеймiн бiрдi бiрге.
Ақынмын мен,
Жыр тартам қоғамдасқа,
Не келедi қолымнан одан басқа.
Тəңiрмен де тең тұрып тiлдесер ем,
Өзi келiп алдымен амандасса.

203
Тағдыр да бiр Шығайбай – шық бермейдi,
Серiлiктiң заманы бiткен дейдi.
Сəулем, сенi мəңгiлiк сүйе аламын,
Одан басқа қолымнан түк келмейдi.
ЖҮРЕК
Жүрегiм өзiмде емес, қарындасым,
Босатшы, жiбершi деп жалынғасын –
Ұшырып туған жерге жiбергенмiн,
Барсын да мауқын бассын, дамылдасын.
Жүрегiм өзiмде емес, туу алыста,
Ол кеткен сағынышқа, қуанышқа.
Адасып жүрер ме екен тентек неме
Жолына, менi сүйсең, шырақ ұста.
Ұясы тұғыр болмас тас түлекке,
Кеуде де мекен болмас жас жүрекке,
Зарыққан Зайсанына ұшып кеттi,
Сарынын Қара Ертiстiң естiмекке.
Жiбердiм ұмтылғасын, талпынғасын,
Тек кана талып қанат, алқынбасын.
Атамас ешкiм менi қуыс кеуде,
Кеттi ғой туған жерге, барсын... барсын!..
ТƏТТI МЕН АЩЫ
Бiз тəттiмен қоштасқалы қай заман?
Айналшықтап ащы iздеймiз жаймадан.
Бала күнгi бал-бұл жанған жүзiмiз,
Ендi бiзге кездеспейдi айнадан.
Барлығы да тəттi едi ғой ол кезде,
Тəттi-тəттi жас толатын қой көзге.

204
Тəттi-тəттi мұң келетiн көңiлге,
Бүгiн, мiне, қайғы да өзге, ой да өзге.
Сүйсек бiздер сүюшi едiк өртенiп,
Ал жек көрсек –
Жек көрушi ек жеркенiп.
Сол бiр дəурен тəттi едi ғой, дариға-ай,
Пəк едiк қой болсақ тағы боркемiк.
Тəттi екен ғой алғаш алған демiмiз,
Тəттi екен ғой ашуымыз, кегiмiз.
Айрылғанда қазынадан қыруар,
Тарлан тартып, таптық сонда ненi бiз?
Сан сынаққа салды бiздi жiгiттiк,
Тартыстық та,
Талқы көрiп,
Шынықтық.
Тасқындарды тазартуға талпынған
Қайда қалды қайталанбас тұнықтық?
Толқындары жуасыған сол арна,
Қайта-қайта қарғын құйса – толар ма?
Адамзаттың бəрiн сүйiп шықсаң да,
Тұңғыш рет сүйiскендей болар ма?
АЛТЫН ИНЕ
Кездесе қалсам өзiңмен
Қалмайсың менi түйремей:
Сөзiң де сенiң инедей,
Көзiң де сенiң инедей.
Кездесе қалсам өзiңмен
Байланар тiлiм бiраз-ақ:
Табамын содан мың азап,
Аламын жəне лəззат.

205
Кездесе қалсам өзiңмен
Кетесiң естен тандырып:
Басым да қалар мəңгiрiп,
Жаным да қалар жаңғырып.
Кездессем болды өзiңмен,
Сайрайды маған құс барлық:
Жоғалып бойдан iштарлық,
Оянар ғажап құштарлық!
Жаным-ау,
Алтын инеңмен,
Шабақтасаң да мақұлмын:
Жаза алып жүрген пақырмын,
Тазарып келе жатырмын!
ҒАШЫҚТАРДЫҢ ЖҮРЕГI
Жас сұлу жеңгесiне сыр ақтарды,
«Ол менi сүймейдi...» деп жылап та алды.
Тұтатты əрбiр сөзi жеңгесiнiң
Жанында сөнiп қалған шырақтарды.
Ол дағы есiне алды ерке күнiн,
Ойлады жас дəуреннiң келтелiгiн.
Тiгуге асықпады қолындағы
Ерiнiң бешпетінің желкелiгiн.
«Жылама, бəрi де өтер, бəрi де өтер,
Таңдайдан лəззаттың дəмi кетер.
Күнi ертең есi кiрiп ессiз неме
Сен үшiн бар ғұмырын тəрiк етер».
«Жоқ, жеңге, ессiз деме,
Ол – ақылды.
Өзге емес, ол мен үшiн жаратылды.

206
Келмедi...
Алдады...» деп қыз кемсеңдеп,
Көзiмен тiнте бердi қара түндi.
«Сен ондай қайырымсыз қасқаны ұмыт,
Табылар одан да əйбат, басқа жiгiт.
Бойында махаббаты болмағанның
Күтпе сен ажарынан босқа үмiт».
«Жо-жо-жоқ! Сүйемiн мен соны ғана,
Ол болса санайды əлi менi бала.
Сүймейдi...
Мен... өлемiн... Ендi маған
Өмiрден ондай бақыт жолыға ма?..»
Сол кезде тықылдады қап-қара əйнек,
Сыртында терезенiң «əттең-ай» деп,
Кешiккен кездесуге жiгiт тұрды:
«Қара басып, Құдайдың атқаны-ай!» деп.
Өрт – сезiм,
Көз жасының сырын əлi
Кешiкпей өмiр – жеңге ұғынады.
Осылай от пен суға суарылып,
Жүрегi ғашықтардың шынығады!
БIР КӨРЕМ ДЕ
Бiр көрем де бiреудi сүйiп қалам,
Оянады сезiмiм ұйықтаған.
Өзiмдi-өзiм тежеймiн есiм кiрiп,
Жүрегiмнен өзiмнiң биiк болам.
Жүрек, бiрақ көне ме басынғанға,
Бой бермейдi-ау күргейлеп жасырғанға.
Ғашық болған қыздарым ғұмыр бойғы,
Тiптi менiң көп шығар шашымнан да.

207
«Жыр арнашы маған да жiгiт болып», –
Дейдi жарым кей күнi күлiп келiп.
Дəптерiмнен бiр өлең оқи қалса,
«Кiмге жаздың?» деп сұрар күдiктенiп.
Жырларымды жаба сап ашық қалған,
«Саған» деймiн сүреңмен сасып қалған.
Оңашада өзiмдi қолыма алам,
«Ғашық болман ендi деп, ғашық болман!»
Қайда, бiрақ?..
От болып бұла денем,
Тағы дегбiр қашады мына менен.
Ала жiптен, алайда, аттау қайда, –
Батырды да қорқытар күнə деген.
Түсiн, жаным, бəрi тұр реңiмде,
Сен сенбесең серi боп жүремiн бе?
Ақындардың ақылы басында емес,
Ақындардың ақылы жүрегiнде.
САҒЫНҒАН ЖОҚПЫН
Ай туды жаңбыр басыла,
Жұлдыздың нұрын тартып ап.
Жылға мен қақта шашыла
Жарығы жатты жарқырап.
Нiл көкте
Нəзiк нұр – қамшы,
Жарқ етiп сөндi құдды елес.
Талдардан тамып тұр тамшы,
Көз жасы да емес, шық та емес.
Бiр сезiм менi толқытты,
Сағыныш та емес, түк те емес.

208
Буланды көзiм,
Ол тiптi,
Көз жасы да емес, шық та емес.
Сағынған жоқпын сенi мен,
Дəл өзiң құсап ұмытқам.
Сен емес, түн ғой демiмен
Кеудемдi менiң жылытқан.
Сағынып сенi қайтемiн?..
Еске де алғам жоқ, тегi...
Жай ғана, а-нау Ай
Сенiң
Келбетiңе ұқсап кеткенi!..
МЕН СЕНЕМIН
Мен сенемiн...
Қайта жанып өшкенiң,
Нұрға бөлеп Қара Ертiстiң кештерiн,
Тағдырыңды ұсынғандай қолыма
Ұсынарсың асау қайық ескегiн.
Мен сенемiн...
Буға айналып өлi мұз,
Гүлге айналып, нұрға айналып, тегi, бiз,
Қатар жатқан қос жанартау демiндей
Бiр-бiрiмiздi тұрар шарпып демiмiз...
Мен сенемiн,
Бұл жалғанда бақыт бар,
Əттең, бiрақ ғұмыр жүйрiк, уақыт тар.
Жаз шыққанша бұтағымыз майысып,
Жапырағымызға қалар, бəлкiм, қатып қар.
Мен сенемiн,
Жұлдыздары аспанның
Көз жасына ұқсас десе жастардың.

209
Менiң дағы жұлдыз толды көзiме,
Қарағым-ау, қалай жұлып тастармын?
Сенемiн мен:
Сезiм кейде обаған,
Ессiз ерiп, есiл кеткен сан адам.
Мен сенбеймiн махаббатқа
Егер де
Бiр толқымай өтер болсаң сен оған!

1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал