Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет8/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16

БАЛАЛЫҚ БАЛЛАДАСЫ
Шыбық мiнiп,
Жейденi қаспақ қылып,
Тентек кезiм жүретiн сақ-сақ күлiп.
Көршiмiздiң байлаулы төбетiне
Ерiккенде ойнаушы ем тас лақтырып.
Қарасирақ балалар жол көсеген,
Өттiк бiрде топтанып сол көшеден.
Байлаулы иттi көрдiм де,
Тас заулаттым,
«Сағынып-ақ» қалыппын мен кешеден.
Тұра қуды қабаған қарғып тұрып,
Бос жатқанын сол сəтте қалдық бiлiп.
Тапыр-тұпыр бiздер де тұра қаштық,
Балақтарға бозала шаң жұқтырып.
Балалардың бəрiнен желаяқпын,
Озып кеттiм оқ бойы оңай-ақ тым.
Тал басына өрмелеу ойымда бар,
Бiр iлiксем шетiне сая-бақтың.
Жүйрiкпiн-ақ...
Дəл соған сөз бар ма едi?
Өтсе керек өштiгiм жаздан берi –
Артта қалған баланың бiрiн қаппай,
Қуып жетiп ит қапты озған менi!..

162
Көрдiм солай көкесiн масқараның,
Содан берi ит десе жасқанамын.
Кейде бiрақ...
Тас атам тағдырыма,
Бiле тұрып бiр күнi бас саларын!..
ЖЕР-АНА
«Жер, жер» деп
Қызыл тiлдi сайратқанша,
Қайтедi қамын оның ойлап қойса.
Тiрiде төбесiнде тайраң қағып,
Құлаймыз құшағына қайрат тайса.
Жақсың да,
Жаманың да бiрдей оған,
Кетпейдi есiгiнен кiрмей адам.
«Сүйем» деп ертелi-кеш сарнасаң да,
Сөзiңдi ол қажет қылмас құр бояған.
Бiз оған
Азғана жаз, азғана күз,
Еркелеп,
Төсiн емiп, назданамыз.
Содан соң туған үйден безген ұлдай
«Бұздық деп тарту күшiн» мəз боламыз.
Нелiктен отадық бiз мына ағашты?
Жер бiзден «нелiктен» деп сұрамас-ты.
Сiлкiнсе, жанартау боп атылса да,
Кiм оның қайғысына құлақ асты?
Жанары жердiң, бəлкiм, суалады,
Самайы сиреп, бəлкiм, қуарады.
Сыйла оны!
Белi бүкiр кəрi анаң да
Кигiзсең жаңа көйлек қуанады!

163
ҚОЛЫҢДЫ БЕР, ҚАЗАҚСТАН!
«Қолыңды бер, Қостанай!..»
Ғафу ақын
Қолыңды бер, Қазақстан, мен келдiм,
Өзге өлкенiң өзенiнде тербелдiм.
Сенсiз бақыт баянсызын бағамдап,
Сенсiз жерде сең соққандай сенделдiм.
Ошақтағы отың қайда, көсейiн,
Нұрмен баурап,
Бiрге лаулап өшейiн,
Ақ селеуiң аймаласын денемдi
Бауырымды, сауырымды төсейiн.
Қайда, ағалар, аңқылдаған ағайын?
Iнiлiкке,
Бiр iлiкке жарайын.
Басым жерде тоң жастанып тынғанша,
Тасыңды өрге домалатып бағайын.
Жылқың қайда?
Бiрiн ұстап мiнейiн.
Түлкiң қайда?
Төнiп барып iлейiн.
Бұлтың қайда?
Хан көтерiп жүрейiн.
Күлкiң қайда?
Шалқып бiрге күлейiн.
Құзың қайда?
Гүл үзейiн басынан.
Түзiң қайда?
Көсiлуге асығам.
Қымыз қайда, айран қайда ашыған?
Қызың қайда –
Бiр сипайын шашынан.

Қайда жүрсем қасиетiңе табындым,
Сəлемiмдi ал, Қазақстан, сағындым!
Қалам тұрсын,
Құрық алам қолыма,
Бiрiн бершi тұлпар толы табынның!..

165
КӨЗДЕРIҢЕ ҒАШЫҚПЫН
Сенiң мынау тұп-тұнық көздерiңде:
Мөп-мөлдiр бұлақтар бар,
Сусынымды мен содан қандырамын,
Маздаған шырақтар бар,
Оттарымды мен содан жандырамын.
Сенiң мынау қап-қара көздерiңде:
Арыңның ақтығы бар,
Жаныңның пəктiгi бар.
Мен сенiң көздерiңе құмартамын
Баладай тəттi құмар.
Сенiң мынау жайнаған көздерiңде:
Жүрмеген жолдарың бар,
Жаның бар, арманың бар,
Пейiлiңнiң кеңдiгi бар
Асатын аспанның да аумағынан.
Сенiң мынау айнадай көздерiңде
Жан сырыңның ашулы сандығы бар,
Жүрегiңнiң үкiмi, жарлығы бар.
Сенiң көзiң ерiтер мұз-қарымды,
Сенiң көзiң жұмсартар ызғарымды.
Жанарыңның отына жүз өртенiп
Мына мен жүз қарылдым.
Мен сенiң көздерiңнен көп тыңдаймын
Кеудеңдегi күйлерiн домбыраңның.
Үшінші бөлім
ІҢКƏР

166
Дауыл үнiн, көк нөсер жаңбыр əнiн,
Арманыңның арнадан қарғығанын.
Мен сенiң көздерiңнен от көрем де,
Оқыстан найзағайым оянады:
Жолдарды жолға ұрамын,
Таңдарды таңға ұрамын,
Өкiндiрiп бiр сəтке қалғығаным,
Сiлкiнемiн, жайнаймын, жаңғырамын.
Қанша үңiлдiм көзiңе – айта алмаймын,
Бу боп ұшты, əйтеуiр, шалқар қайғым.
Қуаныштан шалқыдым, тасып-толдым
Өзiңе де, көзiңе де
Мен солай ғашық болдым!..
1970 жыл
ҮМIТ ҚҰСЫН ҮРКIТПЕ
Айдаланы жаңғыртып,
Ақсүйек ойнар түн мынау,
Алқынып соққан жүректе
Айтылмай талай сыр жүр-ау.
Ақ нұр жүзiң албырап
Алдымнан шықсаң болмай ма,
Ақ боз үйдiң түндiгiн
Айқара жапқан, құрбым-ау.
Ұяңдау құрбым, екеуімiз
Үркердей оқшау тұрмыз ба?
Үлкен сезiмнiң алдында
Үйiрiлiп құлар құлмыз ба?
Үмiттiң құстың үркiтпей
Үкiдей ұшып сен жетсең
Үңiлер едiм көзiңе
Үңiлгендей боп жұлдызға!

167
Жолықпай жүрген арман ең
Жалықпай қуған елес ең,
Жаныма жылдам жетсеңшi
Жоғалып кеттiң неге сен?
Жаныма жылдам жетсеңшi
Жүзiңдi көрiп жайқалған
Жапырақ тектес жүректi
Жел жұлып кетсiн демесең!…
* * *
Жүрегiм, саған обал жоқ,
Тула да жыла, сыздап бақ!
Ол қыздан мейiр саған жоқ,
Сезiмiн алған мұз қаптап.
Қырымнан қызыл көрiнсе
Қызынып талай шабылдың.
Қыруар қыздың көзiнше
Ғашықтың тонын жамылдың.
Мол едi сенде махаббат,
Мысқалдай шашып тауыстың,
Бiр бұлақ көрсең қаталап,
Бас қоя бере ауыстың.
Қызығып қырдың гүлiне
Қырғындай тиген, ашкөзiм.
Қарашы ендi түбiңе
Қалып па титтей пəк сезiм?
Кеудемде жүрiп адассаң,
Жүрегiм, саған не жорық?
Аяусыз соттан Ар ашқан
Кетермiн бiр күн мен өлiп.

168
Арымнан сұра жансауға,
Тидi ғой тасқа маңдайың.
Бақытсыз ғашық болсам да
Бақытсыз ақын болмайын!
1972 жыл
* * *
Шертетұғын сырым мол саған менiң,
Ақтарайын көңiлдiң бар өрнегiн,
Саған деген сезiмiм үзiлмесiн,
Үзiлсе де ең соңғы алар демiм.
Жақсылығын жалғанда өлшемеген,
Өзiңдi мен сүйенiш еңсе көрем.
Мен тағдырға бас иiп, бұл фəниде
Бақ пен сорым өзiңнен келсе деп ем.
Күмбiрлетiп кеудемiз əн өрлетсе,
Жастығымыз жалынды, алаулы өтсе.
Сен ояттың жүректiң жанартауын,
Өзiң сөндiр соны ендi шамаң жетсе!..
1972 жыл
АЛТЫБАҚАН
Айлы түн, ауыл сыртында
Алтыбақанда тербелдiк.
Аспалы арқан ырқында
Қанаттай бейне сермелдiк.
Төменде жатыр жанып от,
Бiздiң де көзде шоқ жанып.

169
Ары да берi сан рет
Зауладық, шiркiн, зауладық.
Дүние бiткен дөңгелеп,
Аунайды, көздi арбайды.
Төнемiз бiрде жерге кеп,
Бiрде көз бұлтты қармайды.
Жымыңкөз аспан күлiп кеп,
Құшағыңа ұйтқып кiрердей.
Шығамыз шырқап биiкке
Бетiнен Айдың сүйердей.
Кеуденi шаттық кернейдi!
Барады əлем бұлдырап.
Балдəурен бiздi тербейдi
Алтыбақан боп құлдырап.
Думансыз өткен күн құрсын,
Думансыз өткен түн құрсын.
Барады басым айналып,
Бақыттан ба, əлде... кiм бiлсiн!
ЖАҢБЫРЛЫ ТАҢ
Жаңа ашылған таң кiрпiгiн
Жабады бұлт жабағы.
Жаңбыр менен тал бүршiгi
Тереземдi қағады.
Кешiп өтiп көк өзендi,
Тауып үйiң соқпағын.
Сəулем, сенiң терезеңдi
Мен де осылай қаққамын.
Ендi кешiп көк өзендi
Үйiңе жол таппаймын.

170
Шырағы өшкен терезеңдi
Ендi қайтып қақпаймын.
Жаңбыр бүркiп, жел есе ме,
Сенi еске алған кезiмде?
Жылап тұрған терезе ме,
Жылап тұрған өзiм бе?
ТҮЙМЕ
Жадыңда болар қысқы бау,
Ақ көбiк қардан аумаған,
Сарыаяз сорып жаураған
Бетiңдi қармен ысқылау.
Жадыңда болар қысқы бау:
Қыраулы қайың теңселiп,
Қырауын бiзге жел төгiп,
Сарсаңды күйге түстiк-ау.
Сарыаяз сүйген жүзiңдi
Құмартып сонда сүйгенмiн.
Албырап пiскен жүзiмдi
Тамсадым ба деп түйгенмiн.
Кеткен жоқ əлi ұмытылып,
Қалғаныңда əнтек бұлқынып
Үзiлгенi бiр түймеңнiң.
Ақ көбiк қардан сол түйме
Табылмай қойды-ау, табылмай.
Қараймын бүгiн сол күнге
Аулақтап кеткен сағымдай.
Мен кеткем басқа жолменен,
Қалғансың iздеп түймеңдi.
Үйренген екем сонда мен
Сүймейтiн жанды сүймеудi.

171
ҚИЯЛИ ӨЛЕҢ
Аспанның түбi – құрдымда
Ай туды сүтi төгiлiп.
Телмiре қарап тұрдың да
Жыладың кенет егiлiп.
Күмiсiн шашып табақ Ай,
Қылаңытқанда сай-жылға.
Қамыға қалып қарадай
Қайырлап кiрдiң қай мұңға?
Жыладың үнсiз,
Жыладың,
Жабырқау, жадау жүзбенен.
Жүректегi асау бұлағың
Жүгенделдi ме мұзбенен?
Қос көлдiң бойы – кемерден
Қара орман кiрпiк сiлкiндi.
Жыладың үнсiз.
Төбеңнен
Толғана қарап түн тұрды.
Көз сап ем мен де Ай – қызға,
Бұзылды көңiл қаймағы.
Ақ жүзiн жасы айғыздап,
Жылап тұр екен Ай дағы...
«Жылама!» дедiм...
(Кеңес ол).
«Ие бол, дедiм, көзiңе...»
Сенi мен Айға емес ол,
Айтылған едi өзiме!
1973 жыл

172
* * *
Мен тағы ғашық болдым!
«Алғашқы ма?»
Жоқ, жоқ, жоқ! Əлде жүрек алжасты ма?
Ойпырмау, махаббатым мерт болмап па едi,
Ғайыптан қайта оралып жер басты ма?
Мен ғашық болман деушi ем күйiктен соң
Нелiктен сүйiп қалдым, сүйiп көрсем?
Тас жiбидi десе де сенем ендi,
Нəркез көз жүрегiмдi жiбiткен соң...
* * *
Аспанға, Ақын, телмiрме,
Тұңғиық түнде үмiтпен.
Ол жұлдыз сөнген бұл күнде,
Iздеме оны, ұмыт сен.
Жүректi нұрмен баулыған
Жауқар көз қайта қадалмас.
Көз жетпес түнек қойнына
Жерленген шуақ оралмас.
Қалдырмай ешбiр зеңгiрде iз,
Түнектiң болды ол құрбаны.
Көгiңнен өшкен сол жұлдыз
Көңiлiңнен өшпей жүр ме əлi?
Жұлдыз ба – жұлдыз сөнгесiн,
Тылсымға сiңдi-ау хабарсыз.
Көңiлiңде қалған сəулесiн
Сен де өшiр ендi амалсыз...

173
ҚЫЗДАРДЫҢ МАХАББАТЫ
(Экспромт)
Қыздардың махаббаты
Ыраңды сайдағы ыза суындай
Өз көзiн өзi аша алмайтын,
Арнасынан ауытқып аса алмайтын,
Қыздардың махаббаты тамшы тектес
Қолдан жасалмайтын. 
Қыздар, қыздар!
Тамшыдай мөлдiрейсiңдер,
Бақыттың терезесiнен телмiресiңдер.
Өз махаббаттарыңды ешкiмге
                        сездiрместен,
Өз кеуделерiңде сөндiресiңдер.
Қыздардың махаббатын ұғу үшiн –
Жаз болып жайнап,
Қыс болып суу керек;
Қыздардың махаббатын ұғу үшiн –
Қыз болып туу керек!
* * *
Сенi ойласам қуанамын нелiктен,
Тазаланып кiрбiң, мұңнан, желiктен?
Неткен тəттi, неткен мөлдiр шаттық бұл
Жан-жүйемдi елжiреткен, ерiткен?
Неге ғана жымиямын сенi ойлап,
Жүрегiмде лүпiл-лүпiл қан ойнап?
Жанарымның аясында тұрсың ғой
Кiрпiгiмдi қағайыншы абайлап.

174
АҚ МАХАББАТ, АППАҚ ҚЫС
Арамызды жатыр бiздiң тау бөлiп,
Асуларды аяз қысып, қар көмiп.
Отырсың ба тысқа қарап əйнектен,
Маған деген сағынышың сəл кемiп!
Сендерде де жауған шығар мына қар,
Бұл – өзiңнiң маусымың ғой ұнатар.
Сенi ойласам елестейдi бəйшешек
Қырау қыстың қойнауында гүл атар.
Аппақ көше, аппақ-аппақ тау, орман,
Бар дүние,
        бар табиғат жаңарған.
«Сүйем!» деген сөз де жаңа секiлдi
Айта-айта жауыр болып саналған.
Бiз қыдырар бақты қалды қар басып,
Аппақ дүние жанарыммен арбасып,
Сыр шертедi:
«Мынау нұрлы өмiрге
Кiреукесiз пəк көңiлмен бол ғашық!».
Қала жылы. Қар лақтырып бала мəз,
Бүгiн түнде болар ма екен сары аяз?
Ренiшiңдi жазба маған бұл қыста,
Шаттығың мен сағынышыңды ғана жаз!
ҚЫРАУ ГҮЛ
Желбегей иығыңа бешпент iлiп,
Бiр өзiң отырғанда кесте тiгiп.
Телеграмма берместен,
                 ескертпестен
Үйiңе кiрiп барсам кешке күлiп...

175
Сен менi алар едiң қалай қарсы?
Тұрғанда құшақтасып:
«Абайлашы,
Инем кiрiп кетпесiн кестемдегi...» –
Дер ме едiң сасқалақтап,
                соны ойлашы?
Қымсынбай сүйiп сенi ештеңеден,
Сонан соң назар салып кестеңе мен,
Қос қабат терезеңнiң қырау гүлi
Кестеңе түгелiмен көшсе дер ем.
Өрнегiң қырау гүлмен теңдеседi,
Мақтармын шеберсiң деп мен де сенi.
Демiңмен əйнектегi гүлдi ерiтiп,
Жабар ма ең сонда күлiп пердешенi.
Менiң де көңiлiмде қырау жатыр,
Өзiңнен жүрек деген жырау – батыр:
«Сен ғана ерiтер ең сол қырауды
«Ерiтшi, ерiтшi...» деп сұрап жатыр.
МАДРИГАЛ
Өттi ғой өзiңдi ойлап көп күндерiм,
Жетпей ме сағыныш күй шектiргенiң?
Мен саған жыр арнаушы ем жүрегiмнен
Айналып жүрегiме кеттiң менiң.
Көп түндер өзiңдi ойлап көз iлмегем,
Кiм маған тəттi ұйқыдан безiн деген?
Түс көрсем тек өзiңдi көрсем деймiн,
Бұл күйдi бұрын қалай сезiнбегем?..
Көкейге күллi көркiң ұялаған,
Шынымен бiр көргеннен сүйе ме адам?

176
Бiлмеушi ем күнə деген не екенiн,
Бiлдiрдiң – сенi сүймеу күнə маған!
Жабыққан,
        я шаттанған шақтарда да,
Жалғайды арамызды хаттар ғана.
Бiрден айт байламыңды бiлтелемей
Аяма,
      аялдама,
            ақталма да...
Мен саған сүйемiн деп айтам ашық,
Шалдықтым сезiмiммен тайталасып.
Бұл – менiң ең ғаламат ғашық кезiм,
Басқаға бола алмаспын қайта ғашық!..
Өзiңдi күнiм өтпес ойламасам,
Атыңды жырға қосам, əнге қосам.
Сен маған өз жүрегiм секiлдiсiң,
Жаным-ау, жүрегiмнен қайда қашам?!
МЕРУЕРТ
Эх, Меруерт, Меруерт!
Санам – түтiн, жаным – өрт!
Сен туралы ойлардың
Бүгiн маған бəрi дерт.
Ақша жүзiң үлбiреп
Көкшетаудың бұлтындай,
Бiр қарасаң мөлдiреп
Жүрек қалмас жұлқынбай.
Жаның бейне Жұмбақтас,
Көлденеңге тiл қатпас.
Сымбатыңа сұқтанып,
Ұясына күн батпас.

177
Өзiң жаққа бiр талмай,
Қанат қақтым, Меруерт.
Күнге ұмтылған Икардай
Болар ма екем тағы мерт?
Эх, Меруерт, Меруерт!
ЗЕРЕНДI ҚЫЗЫ
Толқып жатыр Зерендi,
Сен отырсың қойтаста.
Оқи берме өлеңдi,
Кiтабымды қой, таста.
Толқын бүрiккен көбiктен,
Көйлегiң су болса да.
Ынтығасың нелiктен,
Жырларыма соншама?
Ернi жүйрiк толқындар
Балтырыңнан көп сүйдi.
«Суға түсiп, салқындар
Ойың жоқ па?» деп сүйдi.
Көп берiлiп өлеңге,
Қиял қуып күрсiнбе.
Жырларымның сен əлде,
Толқынында жүрсiң бе?
Менiң бүкiл жырымнан
Сұлу екен Зерендi.
Ол да құшсын денеңдi,
Шомылайық, кел ендi!

178
* * *
Мен сенi ғұмыр бойы iздегенмiн,
Табудан үмiтiмдi үзбегенмiн.
Сенбесең үңiл менiң iздерiме
Сауырын соқпақ еткен жүз белеңнiң.
Мұзартын көңiлiмнiң көшкiн еткен,
Төбемнен талай-талай көштi көктем.
Тамшы боп терезеңдi қаққан сонда,
Дүрсiлiн жүрегiмнiң естiмеп пе ең?
Сенi аңсап баурайында Көктөбенiң,
Мазасыз күндерiмдi өткеремiн.
Түбiнде мен бақытты болсам керек,
Сен жайлы тəттi түстi көп көремiн.
Құшағын қарсы алдымнан тұрса да ашып,
Басқаға болмап едiм мұнша ғашық.
Сəлемiң сенiң ғана серпiлтедi
Көңiлiм көп нəрседен жүрсе жасып.
Жан едiм жапан түздiң киiгiндей,
Жүретiн жат суатқа үйiрiлмей.
Жаным-ау,
        алдың баурап!
Жанарыңның
Бар ма едi қасиетi иiрiмдей?
ҚАРА ТОН
Ақ қар. Көк түн. Бояу аз.
Жұлдыз көзi – суық мiр.
Сақылдайды сары аяз,
Ауа əйнектей сынып тұр.

179
Қақпалы үйдiң қасында
Қара тонды жiгiт тұр.
Тон iшiнен күледi,
Қолаң шаш қыз – киiк бiр.
Қысқы түнде қара тон –
Махаббатқа баспана.
Үйленiп үлде кисең де,
Сол тонды, жiгiт, тастама?!
СЕН МЕНI IЗДЕДIҢ БЕ?
Сен менi iздедiң бе, –
Күн алғаш күркiрегенде,
Ақ жаңбыр сiркiрегенде.
Қара бұлт қанатынан от жарқылдап,
Көзiңе нұр түнегенде?
Сол бiр күн есiңде ме? –
Аспанның астауында
Қара бұлт қайнап едi ғой.
Найзағай жарқылдағанда
Жанарың жайнап едi ғой.
Өрмегi ұяңдықтың
Қолымызды байлап едi ғой.
Кенеттен күрсiнiп аспан
Төбеден күркiреп төнген,
Ақ жаңбыр сiркiреп берген.
Бұлттардың қанатына сабаланып,
Екеумiз қайың түбiн паналадық.
Мен сонда көздерiңнен
Қорыққан сыңай көрдiм.
Өзгесiн сезбедiм мен –
Құшағыма, өйткенi, құлай бердiң.

180
Сол жерге жиi барам,
Өзiңдi сұрайтындай,
Ақ қайың құшағыма,
Сен болып құлайтындай!
АЛЬБОМҒА
I
Мен сенiң көздерiңнен не сеземiн,
Толқиды қос жанарың – қос өзенiң.
Күнi ертең мұң болмай ма өз басыңа
Мендегi қоламтаны көсегенiң?!
Жаным-ау, менсiз де сен гүл атарсың,
Жаныңды жырыммен-ақ жұбатарсың.
Асықпа тамшы болсаң төгiлуге,
Тым ерте тамып түссең күнаһарсың.
Жүрегiм – махаббаттың астанасы,
Сен оған өрт ұшқынын тастамашы.
Сенiң пəк сезiмiңе билiк құрман
Болсам да тағдырыңның дос-панасы.
II
Мен қайтемiн көңiлiм оянбаса,
Сыр дəптерiн жүрегiм жая алмаса.
Қанат берер ағаң боп қалайыншы,
Қатал тағдыр қапылыс сенi алдаса.
Жас гүлiңдi ұсынба жатқа бекер,
Мен емеспiн солдырмай сақтап өтер.
Қарамашы қадалып жүзiме сен,
Жүзiмдi əлi мұңды жас соқпақ етер.
Əрi жынды жаным бар, əрi мұңды,
Бəрi жынды ақынның, бəрi мұңды.
Ошағыма отынды бермей-ақ қой,
Мен сөндiрiп алармын жалыныңды.

181
ЕРТIС ЖАҒАСЫНДА
Отырдың аяғыңды суға малып,
Жанында Ертiс жатты шулап ағып.
Мен саған сыр ашпадым, тiс жармадым,
Болмаса қарағаным құр қадалып.
Мен сонда есiме алдым басқа адамды,
Сағыныш кiрпiгiмдi жасқа малды.
Сен маған «ойланба» деп айта бердiң,
Бұзғың кеп арадағы тас қамалды.
Ай туып өзiңменен амандасты,
Дəптерiн махаббаттың саған да ашты.
Көрдiм де көзiңдегi сезiм нұрын,
Түсiндiм:
Бəрi алғашқы,
Бəрi алғашқы...
Мен саған бақыт қана тiлегенмiн,
Шаттанып сен де бiр сəт түрегелдiң.
Ертiстiң алтын суын Айға шашып,
Мəз болып күле бердiң, күле бердiң...
Жағаның сiлкiндiрдiң жаһұт көгiн,
Сол түнi сен шынымен бақытты едiң.
Iшiмнен: «Шаттана бер, күнi ертең-ақ,
Сенi де ойландырар уақыт» дедiм.
САРЫ ЖАПЫРАҚ
Күтудi махаббаттың нарқы санап,
Отырдым саябақта алты сағат.
Кеудемде үмiт пенен күдiк оты –
Тұтанды бiр-бiрiмен шарпыса қап.

182
Жұтап тұр жалаң қайың жапырақсыз,
Жұлыпты жас желегiн «ақымақ» күз.
Сап-сары жапырағын маған əкеп,
Сыйлады сенен гөрi жасырақ қыз.
Ұсынып жымияды: «Алыңыз, – деп –
Кiтаптың арасына салыңыз, – деп,
Қыс бойы еш орманнан таба алмайсыз
Осынау жапырақтың бəрiн iздеп...»
Алдым мен «Рахмет, қарындас, – деп, –
Қыс бойы бұл жапырақ табылмас», – деп.
Жырымның парағына жасырып ем
Кеттi ғой жүрегiммен бауырлас боп.
Сенiмен көптен берi жолығыспай,
Жанымыз келе жатыр əлi ұғыспай.
Iшiнде кiтабымның тұр жапырақ,
Сақталған саған деген сағыныштай...
ГҮЛЗАР
Мынау – гүлзар, екеуімiз гүл ұрлаған,
Мынау – сол түн, торғайы шырылдаған.
Тек сен жоқсың көзiңде жұлдыз ойнап,
«Бақытты боламыз...» – деп сыбырлаған.
Бұтағына теректiң Ай қонақтап,
Үстiмiзге қанатын жайған аппақ.
«Бiз бақытты боламыз, боламыз...» деп,
Тұрдым сонда сөзiңдi ойға жаттап.
Санам бүгiн сағыныш сазын ұқты,
Тағдыр бiзге жасады қазылықты.
Кеше ғана өзiңнен келген хатта
«Бақытты бол... Кешiр...» деп жазылыпты.

183
Мынау – гүлзар, торғайы шырылдауда,
Бүгiн бауға келгем жоқ гүл ұрлауға.
Бұтағына ай қонған кəрi терек,
«Бақытты боласың...» деп сыбырлауда...
СЫНҒАН ƏЙНЕК
Қысқы түнде қандай қызық қар кешкен.
Айсыз аспан. Көшелерде шам да өшкен.
Жалғыз өзiм жарым түндi жаңғыртып,
Айғайладым аумай қалып «жарыместен».
Жалғыз өзiм, атыңды атап дауыстап,
Терезеңе қар лақтырдым уыстап.
Айсыз, күнсiз, жұлдызсыз-ақ қысқы ауыл,
Жап-жарық боп жатты сонда тыныстап.
Мызғып жатқан тыныш тiрлiк, түн iшi.
Сыңғыр еттi терезеңнiң шынысы.
Аяз сорып, қырау қысқан əйнектiң,
Аңдаусызда сынып түстi бұрышы.
Күн жаумай-ақ су болды ғой көйлегiм,
Құдай сүйер қылығым бар қай менiң?!
Аңдаусызда алған екем сындырып,
Көңiлiңнiң мөлдiреген əйнегiн...
ХАТ
(Көздеріңе ғашықпын – II) 
Жұмып кейде жанарымды нұр сiңген,
Сырласқанда арман атты тылсыммен.
Ту сыртымнан үп еткенде самал жел
Елеңдеймiн сен шығар деп күрсiнген.

184
Ғашық жанды əлдилейтiн əн керек,
Ғашық жанның басындағы хал бөлек.
Жаңбыр жауса тырсылынан оянам,
Iздеп келiп, есiк қаққан сен бе деп.
Қашан болсын қайғы көрмей, жүр аман,
Тағдырдан мен басқа тiлек сұраман.
Күн астында сыңғырласа күмiс су,
Сенiң күлкiң естiлгендей қуанам.
Бiле бiлсең өмiр деген өткiншi,
Аз ғұмырда көп қуаншы, көп күлшi.
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн
Көздерiңе ғашық болып өтсiншi!
БАЛ ДƏУРЕН
Шыт көйлек терге шыланып,
Шалғынға шалғы сермеп ем.
Шалғайлау көлден су алып,
Шабындығыма келген ең.
Шiлденiң күнi. Сəске шақ.
Дегдiмей жатты шабындық.
Шоқ талды иiп қос жасап,
Отырдық бiр сəт дамыл ғып.
Жырақтау жерден арнайы
Ынтықтың неге келуге?
Тобарсып жүрсе таңдайы
Тамсанып iшсiн дедiң бе?
Суыңды маған ұсындың
Ишара жасай именiп,
Ернiңдi тiстеп қысылдың
Монтиған момын күйге енiп...

185
Мен сонда судың iшiнен
Бейнеңдi көрдiм мөлт еткен...
(Сол түнi кiрдiң түсiме
Жаралған қыздай ертектен).
Жанарың ынтық сыр ашқан,
Көрдiм де, қалдым ойланып,
Кетсе ғой дедiм мына аспан
Шаңырағымызға айналып!
* * *
Қызғалдағы самсаған,
Қыз көйлектi гүл бақта
Үндемейiн мен саған,
Сен де маған тiл қатпа.
Мейлi, көздi жауласын,
Үзбе, тиме гүлге де.
Таң бұлбұлы сайрасын,
Сəл сабыр ет, үндеме.
Жаспыз əлi,
         демек бiз
Үлгi алайық гүл, жырдан.
Гүлден нəзiк емеспiз,
Əншi емеспiз бұлбұлдан.
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 5.79 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет