Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет7/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16

ҚАЖЕТI ЖОҚ
Қажетi жоқ!
Ашымасын жандарың!
Мейлi менi алдап кетсiн арманым,
Мейлi менiң өртке кiрсiн орманым,
Тұман басып, тұлан тұтсын таңдарым,
Сағым сынып, аласарсын заңғарым,
Аямаңдар!
Ашымасын жандарың!
Тағдырына тəнтi болмай қарғаның,
Қырандардың қиян жолын таңдадым.
Тартсам тағы қателiктiң зардабын,
Түкпiрiмде тұншықса да арманым,
Аямаңдар!
Ашымасын жандарың!
Жүре бермей жайбарақат – арқайын,
Өз жүгiмдi өз жотама артайын,
Қорқар болсам, өз арымнан қорқайын
Тартар болсам өз сорымнан тартайын,
Аямаңдар!
Ашымасын жандарың!
Тəуекелден таланымды табайын,
Құнжыңдамай, қанатымды қағайын.
Қуарғанша,
Қурағанша самайым,
Тағдырыммен тайталасып бағайын,
Қажетi жоқ! Ашымасын жандарың!

138
ДОСТАРЫМ
Сендердiң орталарыңда
Жайраңдап жүрем,
Жайраңдап.
Сендердiң арқаларыңда
Өмiрiм кiлең сайран бақ.
Жабырқап
Жалғыз қалғанда,
Қол үзiп кейде сендерден,
Сарнап бiр байғыз орманда
Өзiмдi соған теңгергем.
Сонау жыл балғын көрiнген
Сезiмдер бүгiн сiрiдей:
Айырылып қалдым көбiңнен
Өлiдей... жəне...
Тiрiдей...
Сергелдең болған
Серiлiк
Сиредi – айтсақ жасырмай,
Селменен кеттi-ау сейiлiп
Сабаздар сайдың тасындай.
Достарым –
Тағдырластарым,
Сендерсiз бақыт құрсын да.
Жиылып сайдың тастары,
Айналар ма едiк бiр шыңға!

139
АҚ САМАЙ
Ақ түсiп қапты самайыма
Шымқанған шыңдай мұз-қарға.
Ақталам не деп ағайынға,
Не бетiмдi айтам қыздарға?
Қайда барса да күлiп кiрген
Қалпымда қалып бағайын.
Қылшылдап тұрған жiгiтпін мен,
Қылауланса да самайым.
Отыздан астым,
Бiрақ тағы,
Баласың дейдi ағалар.
Самайға қырау тұрақтады,
Түрi жоқ ерiп жоғалар.
Ағарса, мейлi,
Мұны неге,
Сөз қылып, несiн сасайын.
Ақ бояу аз ғой дүниеде,
Оған да үлес қосайын!..
МУЗА
Жанымды жатушы едi қаузап өлең,
Жырақтап барамысың,
Муза, менен?
Қалайша өкпелете қойдым екен,
Қисынсыз қысыр сауған қу жақ емен.
Ешкiмге ешқашан ор
                қазыспадым,
Жасымнан тал бойымды таза ұстадым,
Сен келсең, бiр-ақ сiлтеп тұрар едiм
Шатысқан дүниенiң казустарын.

140
Өзiңдi күткен сайын ұзағырақ,
Бұлданып бағар болдың,
Муза, бiрақ.
Қайтемiз, – сен жалғыз да,
ақын мың сан,
Бəрi де тосып отыр тұзағын ап.
Десе де ақын – жұмбақ,
               ақын – аңыз,
Сен келсең,
          қайран Муза, қапыламыз.
От тиген құйрығына қырғидайын
Өлеңнiң аспанына атыламыз.
Бiреуге ерсi екен деп бұл теңеуiм,
Қашанғы күлтелейiн, бiлтелейiн.
Сен келсең кең сарайға айналады
Тар бөлмем ормандағы күркедейiн.
Өмiрдiң өзiң жоқта өңi сынық,
Тұрады тар қиямет қол ұсынып,
Ақыннан жаутаң қағып жəрдем күтер
Демiккен жер-дүние демi суып.
Адамның бəрi туыс,
              бəрi бауыр,
Көтерер қасiреттi халық ауыр.
Адамзат аманатын арқалаумен
Арқасы ақындардың əлi жауыр!
* * *
Алабұртып отырмын мен бұл шақта,
Отырмын мен əлденеге сусап та.
Көкейiмде бүлкiлдейдi бiр сұрақ,
Сəбидейiн бүлкiлдеген құрсақта.

Серпiлмеймiн,
Қуанбаймын, күлмеймiн.
Не нəрсеге сусадым мен? – Бiлмеймiн.
Атжүйрiктей босағаға жабысқан
Жүрегiме жабысып тұр тiлдей мұң.
Терезеден кең көшеге көз салам,
Бiрақ маған бағынбайды өз санам.
Айтарыңды айтсаңшы ендi, қайран тiл,
Арқа-басың босады ғой,
 
 
 
сөз – саған!
Тыста аппақ қар жапалақтап жауар тiк,
Бiрақ маған
 
     ой салмайды олар түк.
Аспан анау тiлiн жұтып қойғандай
Аңыраяр ала көзiн алартып.
Мұрсат алған сергелдең мен саудадан,
Кешкi қала. Көгiнде қар аунаған.
Неге бүтiн қуанбаймын қар жауса,
Неге бүгiн кең дүние тар маған?
Жапалақ қар жауар дағы жай табар,
Көкейдегi сұрақты кiм қайталар?
Тiс жармастай
Табиғат та тым-тырыс,
Тiлiн жұтып қойғаннан соң не айта алар?

142
АТА-АНА
– Шешең бар ма?
– Бар.
– Əкең тiрi ме?
– Тiрi.
– Бақытты екенсiң, бауырым...
...Осы бiр ауызекi əңгiмеден
Марқайдым,
Жеңiлейiп қалды денем.
Қашан да есiме алсам ата-анамды
Көңiлiм сағыныштан мөлдiреген.
...Аулақтан арман қуып тайғанадық,
Кəрiнiң қамын тiптi ойламадық.
Түйдiк-ау:
«Қайбiр жiгiт ата-анасын
Жүрер деп қанжығаға байлап алып».
Даңқ пен даңғазаны қуып тəуiр
Неге бiз тарттық сонша суықбауыр?
Бiлмедiк, түсiнбедiк
Болатынын
Жасқа – арман, ал – кəрiге жуық қабiр.
Баласын ата-анадан алыстатқан,
Құрысын мұндай арман табыс тапқан.
Кей-кейде туған үйдi сағынғанда,
Қабады-ау кеңiрдектен намыс-қақпан.
Мал-жаны, пенсиясы –
                 бəрi де бар,
Мейлi, жоғалтпасын əлiн олар,
Иiсiне перзентiнiң шөлдемей ме,
Ауырса тiлдей хаты дəрi болар.

143
Елеңдеп кейуана мен отағасы,
Ауылда тұрып жатар соқа басы.
Бақытты ата-анасы бардың бəрi,
Алайда, бақытты ма ата-анасы?!
ƏКЕ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАРДАН
Биiкке бiткен бəйтерек
Тереңге жайған тамырын.
Өткiздiң бастан ертерек
Өмiрдiң долы дауылын.
Ойранға кiрдiң, от кештiң,
Жаныңа түстi-ау жарақат.
Өлiммен талай беттестiң,
Шалдығып көрдiң шарапат.
Туған жер деген ұяны
Суытпай дəйiм жылы ұстап.
Бүркiттей шолып қияны
Биiкте жүрдiң тыныстап.
Əкеге қарап ұл өсер
Армансыз əке қайда бар?
Толқынға толқын iлесер,
Ғұмырға ғұмыр жалғанар.
Ойлаймын, əке, өзiңдi
Қызарып барып күн батса.
Еске алам нұрлы сөзiңдi
Жұлдыздар маған тiл қатса.
Еңкейген белге қарама,
Еңсеңдi елмен биiктет.
Немерең жүр ғой қалада
Бетiнен келiп сүйiп кет!

144
ЕКIНШI ҰЛЫҚБЕК
(Əзiл)
Микрофонды мiнбеден
Мен жайлы сөйлеп Тұм-ағаң;
«Талант, – дедi, – бұл деген»,
Жырларым, сiрə, ұнаған.
Жолығып кейiн оңаша
Қолымды қысып, күлiп кеп,
Арқамнан қақты балаша:
«Мықты ақынсың, – деп, – Ұлықбек.
Сүйреуге жетер күшiң де
Ақындық алуан жүктi сен.
Лириктердiң iшiнде
Өзiмнен соңғы мықты сен!»
Қуанып, тасып мақтауға,
Достарға жудым табанда.
Ақындар бықып жатқанда
Екiншi болсам жаман ба?
Шынымен жырым ғажап па?
Өтежан айтты өлшемiн:
«Өзiмнен кейiн қазақта
Лирик тумас деушi едiм, –
Шығыпсың, мiне, не керек
Жырыңа қыздар қырылар.
Ақын екенсiң керемет
Өзiме жетiп жығылар.
Секiлдi Феттiң өлеңi
Тұр екен жырың мөлдiреп.
Ұлылық – күтсең келедi,
Күтiп ем – маған келдi!..» деп.

Қуанып мынау мақтауға,
Достарға жудым табанда.
Ақындар бықып жатқанда
Екiншi болсам жаман ба?!
Бiр күнi келiп ретi
Қеңшiлiк айтты: «Ей, бала,
Қазақтың тiлiн бiлетiн
Өзiмнен кейiн сен ғана.
«Ырдуан арбаң» тым жақсы,
Теледидардан тыңдағам.
Сол сөздi менен ұрлапсың,
Кей сөздi мен де ұрлағам».
Бұл жолғыны ендi намыс қып,
Дауласып сөзге жабыстық.
Жарасып сосын табыстық,
Арқаға тiптi қағыстық...
Қазiр де мiне талайлар
Мақтайды келiп көзiме.
Асырса дағы Абайдан,
Теңгермес бiрақ өзiне.
Ұлылық сырын ашатын,
Шетiнен түгел ең дана,
Ақынның бəрi – бас ақын,
Екiншi – жалғыз мен ғана.
Бас изеп тұрып, мақұл боп,
Бəрiне ашық пейiлмен,
«Өзiмнен соңғы ақын» деп
Абай да айтса деймiн мен!..

146
АСЫҒЫСТЫҚ
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несiне жасырамыз?
Жолға шықсақ –
Жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз.
Таңда –
Балабақшаға асығамыз,
Түсте – алар ақшаға асығамыз.
Мүлт кеткендi тергеуге асығамыз,
Бiреу өлсе –
Жерлеуге асығамыз.
Таныса сап дайынбыз достасуға,
Амандассақ
Қайылмыз қоштасуға.
Үйлене сап жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып,
        сандалып,
            сабылысып,
Жүгiремiз қашан да алып-ұшып.
Төзiм құрып қалған ба,
Тағат тозып.
Жүрегiмiз кеткен бе сағатша озып?
– Уақыт жоқ! – деп,
Уақытқа бас ұрамыз,
Осы бiздер қай жаққа асығамыз?!

147
БАР ЕДI МЕНIҢ БIР «ДОСЫМ»
(Сапарлас сыры)
Бар едi менiң бiр досым,
Жаныма балап жүргем-дi.
Аярлық сырын бiлгесiн
Аулаққа салдым iргемдi.
Əзiлдеп оған бiр өлең
Жазып ем – бiттi!
Жауықты!
Кеудесi көктi тiреген,
Қасым боп шықты қауiптi.
Ысқаяқ досым тiсқаққан,
Бастық боп бiрде өстi де.
Қысқартты менi штаттан,
Əзiлдi сол бiр кештi ме?
Бұл жерден кеттiм басқаға,
Илiкпес сұрын көргесiн,
Сол жерге дағы,
Масқара,
Бастық боп келдi сол «досым».
Қуылып тағы қаңғырғам,
Түстiм-ау əуре-сарсаңға.
Сол «досым» шықты алдымнан,
Тентiреп қайда барсам да.
Көз жұмды кеше сол досым,
Айттым мен бүгiн балама:
– Жерлеңдер менi,
Өлгесiн
Аулаққа, басқа молаға.

148
Себебi:
Ондай сарамас,
Жатпайды тыныш, бiле бер,
Бiр күнi тырдай жалаңаш,
Көрден де қуып жiберер...
ҚАЗАҚТАРДЫ ҚАЗАҚТАРҒА ТАНЫСТЫРУ
Қара суы ұйыған қазанына
Қайран қалмас ел бар ма қазағыма?
Қуанышын жүредi айырбастап,
Дүниенiң азабы,
Тозағына.
Таңдай қағып отырып Чюрлениске,
Бiр кебiстi сұғады бiр кебiске.
Жылы сөйлеп,
Ақ құйып шығарады,
Жыланның да басына кiрген iшке.
Қайда бейнет,
Бiлмейдi қайда рахат,
Қарық боп та қатырмас пайдаға қап.
Мың жасайтын сияқты көредi өзiн,
Қашан болсын керенау, жайбарақат.
Шығарады қаласа аспанға Айды,
Мақтамасаң түкке де мастанбайды.
«Ұра берсең Құдай да өледi» деп,
Алшаңдаса Аллаңнан жасқанбайды.
Ашықса да ауламай судан балық,
Ақ малтасын ас қылған сырдаң қағып.
Өзiм десе көрсетер өгiз күшiн,
Ашуынан қайтуы жылдам халық.

149
Ол қалауын тапқанда қар да жанар,
Арба болмас, алары дорба болар.
Қазанына ас түссе
Елең қағып,
Қонақ келiп қалар деп жолға қарар.
Əн дегенде,
Күй менен жыр дегенде,
Төр аямас қайдағы кiрмеден де,
Найзағайлы намысы оянғанша
Жуас болып көрiнер жүндегенге.
Той дегенде қараусыз қой қалады,
Бармақ тiстеп барып ап ойланады.
Ысқырығы жер жарып жүргенiмен,
Бар болғаны бес ешкi айдағаны.
Жұмақ та өлең ол үшiн,
Тозақ та өлең,
Серiлiгiн,
Ерлiгiн ғажап көрем.
Қазақ деген осындай қызық халық,
Бұзық халық емес қой қазақ деген!
АҚЫНДАР МЕН ҒАСЫРЛАР
Бес ғасыр! Беу, бес жүз жыл!
Асыл бəрi.
Қойнына қанша қазына жасырмады.
Қолына қайта қонбас лашындары –
Қазақтың қайталанбас ғасырлары.
Бес ғасыр қуанышы, мұң-наласы, –
Елiмнiң елдiгiнiң жылнамасы.
Алқакөл-сұламадан аққан өлең,
Мейлi, құрғамасаң – құрғамашы.

Сабада сыздағанда сары қымыз,
Бөлiнсiн, тарихшы дос, – тағы ұйқыңыз.
Бес ғасыр ақындары жазған жырда
Жатыр ғой бес мың жылдық тарихымыз.
Қайсарлық қайнары бұл сарқылмаған,
Найзағай соған туыс жарқылдаған.
Махамбет тектен-текке басын берiп,
Қызғыш құс тектен-текке шарқ ұрмаған.
Ғасырдан ғасыр өткен зымыраған,
Бiрi озық дей алмаймын, бiрi надан.
Тарих та ұмытылып кетер едi,
Ақындар жiбере ме ғұмыры оған?
Жаманға жақсы сауыт болмас қорған,
Өлеңнен түзелiптi алжасқан жан.
Рахмет, адырнам мен алдаспаным,
Қобыз бен домбыраға жолдас болған.
Кiм өттi бес ғасырдың елегiнен,
Ұрпақтар тiлдесiп жүр керегiмен.
Қазiргi қабырғалы қалың ақын,
Оларға тең келер ме өлеңiмен?
Тең келсiн, тең келмесiн, түссiн асып,
Танылсын топжарғандар күш сынасып.
Аруағы ақындардың кездескенде
Тұрады сол бес ғасыр мысты басып!

151
БҰЛТТАР МЕН ЖЫЛҚЫЛАР
(Анам Роза Сейiтжанқызы Салықбаеваға)
Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды.
...Сəби кезiм саңылаулап ес кiрген.
Сыртқа шықтым.
Ауыл күнi кешкiрген.
Аспандағы алаулаған бұлттарға,
Аңырдым мен аң-таң қалған кескiнмен.
Бəрi – таңсық.
Қызылқұмар шақтамын,
Бiле алмадым бұлтты кiмнiң жаққанын.
Көрдiм бiр сəт
Көп жылқының мен жаққа
Көше бойлап шауып келе жатқанын.
Қашу қайда,
Қорқу да жоқ ойымда,
Тұра бердiм таңырқаған бойымда.
Алып-ұшқан секiлдендi асығып,
Сол жылқылар менiменен ойынға.
Алғашқы аттар ағып өттi қасымнан,
Қалғандары қарғып жатты басымнан.
Қарап қалдым бауырына аттардың
Аспандағы бұлттарымды жасырған.
Тасыр-тұсыр...
Таусылмайтын мол дүбiр,
Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр.
Тас тұяқтар зу-зу етiп төбемнен...
...Құлағыма ащы дауыс келдi бiр!..

152
Жалт қарасам –
Қолын созып тұр Анам,
Жанары – жас...
(Неменеге жылаған?).
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар...
Көп тұяқтың астында – мен, дiн – аман!
Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды...
«Үшке шыққан кезiң, – дейдi, –
сонда...» – Анам,
Бүгiн, мiне, отыздамын!..
Толғанам...
Анам кеше тағы кiрдi түсiме,
Қолын созып жете алмай тұр Ол маған...
ДАЛА
Дала деген кеңiстiк қой өр-сайлы,
Уақыт мұнда қозғалыстан шаршайды.
Көз байлана киiз үйге кiрiп бiр,
Көз шырымын алдыруды аңсайды.
Уақыт бiзден, əсте, мұрсат сұрап па?
Кiрсiн, қонсын!..
Киiз үй көп қыратта.
«Уақыт байғұс сəл тынығып алсын» деп,
Малшы алаңдап ұйықтамайды бiрақ та.

153
ТАУ САМАЛЫ
Ақ самал соқты аңқылдап,
Сабаттар қалды салқындап.
Қанат қақпастан қалқыды,
Қазбауыр бұлттар қаңқылдап.
Қымсынбай соқты төрлетiп,
Құраққа құлаш серметiп.
Бөленiп жатқан бұлақтың
Бесiгiн бипаз тербетiп.
Сақауат сазын сырнайдай,
Сiмiрдi сəуiр бiр қанбай.
Арқасы қозып
Ақ бас шың
Аңқылдай сөйлеп тұрғандай.
Үкiсiн таққан сəндi бау,
Сыланды бейне сал-жырау.
Əңгiмелескендей əкеммен,
Серпiлiп мен де қалдым-ау.
ҚЫСҚЫ БАҚ
Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсiнiн,
Қарадай жаны ауырар көрген кiсiнiң.
Қабағын, қасын қыраумен қаптап қойыпты,
Қаһарын қара қазақтың қатал қысының.
Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсiнiн.
Қымтанып қыстан құнысуы анау Талғардың,
Қақайып қатып бүрiсуi анау талдардың.
Қар басқан бақта қалтырап тоңып тұрғандай
Жаны бар ма едi қаршадай мынау қарғамның?
Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсiнiн.

154
Қыстан да бетер қатыгез бе едiң, мүсiншi,
Қалқамның мынау қамырық халiн түсiншi.
Құдiретiңе құл болып мəңгi кетейiн,
Қаршадай қызды (үйiне барсын) түсiршi,
Қар басып қапты қаршадай қыздың мүсiнiн.
АЛМАТЫ. КӨКТАЙҒАҚ
(этюд)
Қаңтарда...
Кенет... көктем кеп,
Көшенiң буы көкке өрлеп,
Көпсiдi миы былқылдап,
Көнектей тоңдар көкпеңбек.
Кешкiсiн, бiрақ ызғақтап,
Көбiк қар көктi сызды аппақ.
Көнтерлi тротуарлар
Көнтиiп қалды мұз қаптап.
Кешкi аяз тоңмен тақтайлап,
Көк шыны көше – көктайғақ.
Конькиiн тағып,
Көген көз
Көп бала тыста кеттi ойнап.
Көбесi мұздың қақырап,
Көктем де, сiрə, жақын-ақ.
Көкбет қыс көнбей жатып ап,
Көкшегiр көзi шатынап...

155
ТЕРМОМЕТР ҚИРАДЫ
Термометр сынды да –
Сынаптары
Ұстатпады быт-шыт боп бiрақ тағы.
Бытырадай пышырап,
Тоз-тоз болып,
Қолдан қашып, қуысқа тұрақтады.
Бет-бетiмен сызатқа кiрiп, тегi,
Уысыма бiрi де iлiкпедi.
Əр-əр жерден жылан көз жылтырайды,
Мазақ еткен секiлдi күлiп менi.
Мазақ еткен секiлдi,
Мазақ еткен,
Мысым құрып менен де маза кеткен.
Қанша арманға қолының жетпегенi
Қаперiне кiрмейтiн азамат па ем?
Бiр бүлiнсе iсi жоқ бiрлiкпенен
Осы ма едi тұрлаусыз тiрлiк деген?
Арманынан адасқан бейбақ аз ба
Жүрегiнiң түбiне сыр бүктеген?!
Құрысыншы құрғырдың қирағаны,
Соған несiн бұл жүрек қиналады?
Мен бiлетiн дүние сынап болмас,
Мен бiлетiн дүние жиналады.
ЖАНКҮЙЕР
Стадион –
Гулеген ара ұясы,
Жанкүйер жұрт – желiккен кəрi-жасы.
Қара бұлттың қаһарын түсiрердей,
Жердегiнiң даңы мен дабырасы.

Жердiң шарын тепкендей жиырма «құдай»,
Теңбiл доптың тентiреп зырлауын-ай.
Туласа да, қаншама зуласа да,
Қарақұлып қақпаға жүр дарымай.
Алпауыттар төнсе де анталасып,
Жолатпайды қақпашы жанталасып.
Жаны шығып жанкүйер жанығады,
Жау үркiтер ұранға жорта басып.
Күржиген шал
Тауықтай күрiк болған,
Күжiлдеген дауысы ырықты алған.
Көлге төнген жартастай қабағында
Түйiлiп кеп екi бұлт тұрып қалған.
...Қопаң етiп қақпашы iле бердi,
Сопаң етiп сүлiк доп кiре бердi...
«Қап!» деген қарт қолдағы құмырасын
Қара жерге «қарс» ұрып түрегелдi.
Шiркiн, шалдың шайқалды-ау шаруасы,
Сыртқа шықты салбырап кəрi басы.
Қара бұлтты жамылып қала бердi,
Стадион – гулеген ара ұясы.
Теңбiл доптан түңiлдi шал ақыры,
Теңбiл такси, жаңбырлы қала түнi.
Теңбiл тамшы.
Қарғиды қақпашыдай
Спидометрдiң де қара тiлi.

157
АЙНАДАҒЫ АҚ ШАШТАР
Жүрегiмдi барады шарпып жалын,
Аяқасты қарашы шарқ ұрғанын.
Аяңдайтын шағында алып-ұшып,
Албырттыққа алдырды-ау, антұрғаның.
Қатал уақыт қайырылмай,
Жаны ашымай,
Талайларға сездiрген бағасын-ай.
Мен осынау отыммен лапыл қағып,
Жас боп қалғым келедi дəл осылай.
Жаспын əлi!
Жастықтан қайрат тапқам,
Күйдiрген де, жандырған, ойнақтатқан,
Ал...
Айнаға қарасам – абыржимын,
Сол құрғырды кiм екен ойлап тапқан?!
* * *
Апыр-ау,
Сезiмiмнiң оты өшкен бе,
Жоқ, əлде жүрегiмнiң етi өскен бе –
Жыртығын жылтыр сөзбен саудалаған
Ұқсап бара жатырмын көпестерге.
Сеземiн бiр суаттың суалғанын,
Жасанды жылағаным,
Қуанғаным.
Гүлiмнiң жұпарлысын жұртқа тартып,
Құшақтап қалғандаймын қуарғанын.
Тек қана аласармай
Асқақ арман
Тартады тыншымды алып,

158
Бастап алдан.
Тар жолда тайғанақтап, талпынамын,
Тағасы тарланымның таста қалған.
Ұғушы ем жел сыбырын,
Бұлақ тiлiн,
Бiрi де түсiнiксiз бiрақ бүгiн.
Шетелде нан табатын өнерiнен
Айырылып қалған тiлмаш сияқтымын.
* * *
Жоқтан өзгеге жасып қаласың,
Өмiрге қайтiп ғашық боласың?
Өлiмнен қорыққан – өлең жазбайды,
Жылты жоқ неткен жасық баласың?
Жылты жоқ неткен жасық баласың,
Тiрлiктiң бiлмес ашық бағасын.
Жалғанның жүгi желкеңе түсер,
Жаныңнан жiгер қашықтағасын.
Жаныңнан жiгер қашықтамасын,
Иiлмей өтсiн пасыққа басың.
Ақынның басы Аллаңа доп па?
Алла да көзiн ашып қарасын!
* * *
(Жұмекен Нəжiмеденовке)
Мейлi, ашылмасын жұмақтың қақпасы маған,
Бұрмай-ақ, мейлi, қояйын ат басын оған.
Қуанар едiм басымнан сипағандай-ақ,
Бiр сипаса келiп моламның көк тасын анам.

159
Жүрдiм деп айтпан тiрлiкте шоқ басып əман,
Жұртымның маған көп кiнə тақпасы да аян.
Шаруаға қырсыз шорағай мiнезiмменен,
Бола алмай қойсам, қайтейiн отбасына алаң.
Жүректiң мынау əредiк тоқтасы жаман,
Түстi ме деймiн тағдырдың ноқтасы маған.
Тоқташы, боран,
Азынап соқпашы, боран,
Туған жерiммен бiр жылап қоштасып алам.
Тұтқасы болам тiрлiктiң, топсасы болам,
Десе де пенде сезедi-ау жетпесiн оған.
Өмiрдiң дəнiн өлтiрiп алмаса болды
Бiрi мен бiрi бүлiнiп соттасып Адам.
Ақылға келсiн, абайлап, тоқтасын Адам,
Ұятын, арын, санасын сақтасын аман.
Өлмеймiн сонда, өлмеймiн, өлмеймiн мен де,
Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам!
ҚЫРАН ЖЫРЫ
Лебiң нəр болғанмен, құшағың бал,
Босат менi: томаға, тұсауымды ал.
Қайта айналып соғармын тұғырыма,
Ерiк бершi, сiлкiнiп ұшарым бар.
Келгенiм жоқ өмiрге ноқтаменен,
Шулы қызық жүрермiн топта дегем.
Алтайына аулақта шалмаған соң
Қайран тiрнек түлей ме ботқа жеген?
Пеш түбiнде қашанғы есiнейiн,
Қосылайын сонарға, көсiлейiн.
Түлкiлердiң алайын ес-үрейiн,
Дүниенi өзiмше көшiрейiн.

160
Əлпештеген жетедi, аймалаған,
Тояттайын тағыдай айдаладан.
Жiбершi, тоңайған құс керенау ғой,
Қонбағанда қолыңа қайда барам?
Аяқ асты кеттi деп неден есi,
Балағымнан баспашы, бөгемешi.
Тартып тұрған өзiне жан-тəнiмдi,
Аспандағы бұлттардың төбелесi.
Пиғылым жоқ алақол бұзық-бөтен,
Құс жастықта қалғыған қызық па екен?
Өз қолыңмен лақтыршы аспаныма
Тұсауымды əйтпесе үзiп кетем!
НЕЛIКТЕН...
Мен неге жиi қателесемiн?..
Нелiктен?..
Қателiкпенен өмiрге бiрге келiп пе ем?..
Күндерiмдi ойлап мақсатсыз, мəнсiз желiккен,
Отырмын ендi өзiме есеп берiп мен...
Нелiктен жиi қателесемiн?..
Нелiктен?..
Сенбейтiн жанға, сенбейтiн сөзге сенiппiн,
Ермейтiн жанға, ермейтiн сөзге ерiппiн.
Бермейтiн кезде ашуға ерiк берiппiн,
Өзiмдi сүйген жүректi сөйтiп жерiттiм.
Желiкпес жерде нелiктен сонша желiктiм?..
Жүремiн жиi өкiнiш жүгiн көтерiп,
Көлеңкемдей боп қалмай-ақ қойды-ау қателiк.
Парызым қайда жұртыма жатқан өтелiп?
Кетем бе солай қателiктерге ет өлiп?
Нелiктен жиi қателесемiн?
Нелiктен?..

161
Майысар жерде майысу бiлмес бiр бетпiн,
Күрмеуге келмес жiбiмдi бекер күрмеппiн.
Iшiнде жүрiп той-думан, дырду, дүрмектiң
Өмiрдiң той боп өтпейтiндiгiн бiлмеппiн.
Мен үшiн сонда жаңсақсыз өмiр сүрмек кiм?..
Нелiктен жиi қателесемiн?..
Нелiктен?..
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 5.79 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет