Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.

бет6/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТ
Өзiн-өзi ұнатпайтын бiр адам
Өзiн-өзi iштей мiнеп, сынаған.
Жардың түбiн үңгiп жатқан толқындай
Жегi сезiм жолдас болып жүр оған.
Бiрi шалып,
Бiрi демеп – құласа,
Iшiнде оның қос толқын жүр ұласа.
Өзiн-өзi сынағанда серпiлiп,
Шамданады ол басқа бiреу сынаса.
Iшiнде оның қос сезiм бар арбасқан,
Бiр-бiрiнiң жағасына жармасқан.
Кейбiр шақта ұқсатады ол өзiн
Жап-жасыл жас самырсынға қар басқан.
Шөп жұлып ап тротуар жiгiнен,
Иiскеп кейде көз iлмейдi түнiмен.
«Аңсар болсаң ауылыңа қайт...» – дейдi
Жақын бiр үн жүрегiнiң түбiнен.
«Қала жақсы, қайтпа, – дейдi басқа үн, –
Сен жыр үшiн ауылыңды тастадың».
Қос кеменiң құйрығынан ұстап ап
Ол жүзгендей тiршiлiкте қас-қағым.
Құштарлана, қуана да бiледi,
Нəп-нəзiк те, қатал оның жүрегi.
Абайсызда айтпас сөздi айтып қап,
Өз арынан жаза тартып жүредi.
Қаршадайдан қатыспаған аз бəйгi,
Iлуде озып, көбiне-көп озбайды.
Сəл мақталса өзiне-өзi ырза боп,
Өз бетiнен өзi сүйе жаздайды.

114
Қашқан кiм бұл басталмастан төбелес,
Сасқан кiм бұл асқынбастан ерегес...
«Сол – өзiңсiң!..» – дейдi маған бiр дауыс,
Басқа дауыс дейдi маған:
«Сен емес!..»
ЖЫР ҮШIН
(Iшкi диалог)
«Жыр үшiн,
Жыр үшiн мен жаратылғам,
Жанарым Парнас жаққа қаратылған.
Iлияс, Қасымдардың қалқасынан
Көрiнбес көген көзге дара тұлғам,
Бəрiбiр, жыр үшiн мен жаратылғам.
Келмеппiн бұл өмiрге шайқау үшiн,
Келiппiн сұлулықты байқау үшiн.
Əзiрге ештеңем жоқ мақтанарлық.
Жұртымды жарылқапты қай табысым?..
Бəрiбiр, менi ақын деп айтары шын...»
«Аптықпа,
Сап-сап, ақын, демiңдi бас,
Ғұмырың жыр жолына берiлдi рас.
Кəрiге зейнет құрлы жəрдемi жоқ,
Сөздерiң кiмге дауа сенiң құлаш?
Аптықпа,
Сап-сап, ақын, демiңдi бас.
Құрғақ сөз – кiлем емес – төсегенiң,
Бiреуге пайдалы ма осы өлеңiң?..»
«Жырыма тағдырымды тапсырғанмын,
Өлеңiм өлсе өзiм де қоса өлемiн.
Жығылдым жазғанына пешененiң!..»

115
«Алдыңда көп қой əлi ашар кенiң,
Ақын-ау, жығылатын нашар ма едiң?
Алайда кеспе жолын,
Озар болса,
Өзiңнен əлдеқайда жас əлдекiм,
Жүйрiктiң жолын кесер нашар ма едiң?..
Қаймағын сезiмiңнiң сүз дегендей,
Шөлiркеп жырларыңа тұз жегендей.
Жырыңды жұртың iздеп жүрсе деймiн,
Дефицит дəрiлердi iздегендей!»
...Басқа арман болар едi бiзде нендей?!.
КАРДИОГРАММА
Жаспын ғой əлi, жүрегiм неге ауырды?
Ақсақалдардай арқалағам жоқ ауырды.
Жаспын ғой əлi, жанымның өртi лаулаған,
Қуантар шағым осы ғой менiң қауымды.
Жүрегiм неге, жүрегiм неге ауырды?..
Беймаза басты тауға да ұрдым, тасқа да,
Өзiмше болдым ұқсамасам деп басқаға.
Ағаларым мен құрбыларыма еркелеп,
Ақсақалдарға имене бардым жасқана.
Ақын деп менi таныды асқақ астана.
Болаттай берiк төзiмiм бар деп жүр едiм,
Бүк түстiм неге,
Сыр бердi неге жүрегiм?
Лермонтовтың жасына жаңа жеттiм ғой,
Мартыновым жоқ,
Жоқ жəне шыққан дуэлiм,
Шаншиды неге, шымшиды неге жүрегiм?
Жаспын ғой əлi,
Жаспын ғой, мiне, қарашы,

116
Заманым осы,
Жанымның қайсы жарасы?
Ақын деп бiздi ауырға салмай əуектеп,
Əуейi болып əлсiрегем-ау шамасы,
Ауырушы ма едi, əйтпесе ауыл баласы?..
Таныс боп жастай толайым ыстық, суықпен,
Жүрмiн бе мүлдем мазасыз ғұмыр сүрiп мен?
Қайраткерлердей халықтың қамын ойлаған
Мемлекеттiк келiссөздерден шығып па ем?
Ауырды неге, ауырды неге жүрегiм?..
АҚ ТЫШҚАНДАР
Аткөпiр жем,
Ағыл-тегiл су дағы,
Ақ тышқандар, ай-хай, аунап-қунады.
Мұнша бақыт бiтпеп едi туғалы,
Басталды-ау бiр бейбақтардың думаны.
Бейне бейiш –
Питомниктiң iшiнде,
(Көрдi дейсiң қайбiр тышқан түсiнде?)
Қауiптi емес, мысық түгiл, кiсiң де, –
Қарайды Адам қайырымды пiшiнде.
Тышқандардың тiрлiгiне тəнтi боп,
Қамқоршысы қасында жүр сан түнеп.
Əр таң сайын ақпар жазар алты бет:
«Жағдайлары жақсы бүгiн, жалпы» деп.
Күллi тышқан қоңданыпты уайым жоқ,
Кiсi көрсе құнжыңдайды қайыл боп.
Қамқоршысы байқады да жəйiн кеп,
Түртiп алды: «Тəжiрибеге дайын!» деп.

117
Тəжiрибе...
Əлекедей жаланып
Қамқоршылар қарнын жарды қан алып.
Жатты артынша жер жүзiне таралып
Сан тышқанның басын жұтқан жаңалық.
Сезбесе де қанша ғұмыр сүрерiн,
Жатты тышқан,
Тiрлiк түбi – бiр өлiм.
Операция столында
Бiлерiм –
Ойнап өлдi ол адамзаттың рөлiн.
АБАЙҒА
Бiр сезiм бұған дейiн арбаспаған,
Қолыма алдырғанда алғаш қалам,
Жырыма тырнақалды қуанғанмын
Колумбтай құрлықты ашқан жан баспаған.
Əр сөзi меруерттен соғылатын,
Өзiмдi сезiнгенмiн «ең ұлы ақын».
Сол бiр кез енжар ғана тыңдаушы едiм
Эфирден естiлгенде сенiң атың.
Буына балқып кетiп жас арманның,
Классиктер тобына «қосарландым».
Əдейi əдебиет сабағында
Жырыңды жаттамай кеп екi алғанмын.
Əлi ешбiр қырбық мұртым қырылмаған
Кезiмде қызға тұңғыш қырындаған.
«Мен үшiн Абайдайын ақынсың» деп,
Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған.
Жетелеп астанаға шiркiн арман,
Өлең-жыр жүрегiмнiң ырқын алған.

118
Төрiнен Алматының сенi көрiп,
Асқақтап былай деп те жыр шығарғам:
«Ассалаумағалейкүм, Абай баба,
Тұрсың сен тiзе бүкпей қалай ғана?..
«Сандуғаштай сайраған сотқар кiм?..» деп
Сықпытыма сұқтанып шам ойлама.
Мен сенiң құдiретiңдi өзiмше ұғам,
Аз менде сендегi мол төзiм-шыдам.
Тiрiлiп тұғырыңнан сəлемiмдi ал,
Əйтпесе, сол тұғырға өзiм шығам»...
Ақымақ, мас көңiлдiң тойынғаны-ай,
Сонда да тұрдым сенi мойындамай.
(Сол сəтте маған тисе обал жоқ-ау,
Содырдан саған тиген сойыл, баба-ай).
Мың есе биiк тұрған пақырлықтан
Көрмеппiн құдiретiңдi соқырлықтан.
Қазiр мен құлдық ұрған шəкiртiңмiн
Өзiңнiң өлеңiңнiң отын жұтқан.
Өмiрдi күрес емес, сайран көрген
Сыздайды кейбiреуге қайран кеудем.
Төрiнде өзiң тұрған Алматыға
Осы бiр Көжекбайлар қайдан келген?
АУЫЛ МЕН ҚАЛА
Ауылдың бəрiн ертең бiз
Айналдырамыз қалаға.
Қора-қопсыны өртермiз,
Ескiнi құртпай бола ма?!.
Қалалық болып төрт түлiк,
Зауытта баптап бағылар.

119
Түсiне жайлау, шөп кiрiп,
Малшысын, мүмкiн, сағынар.
Адам ше...
Адам берiк қой,
Ауылды қайтсін сағынып?
Техникаға жерiк қой
Сонымен жүрер сабылып.
Киiз үй көрсек музейде
Аспаннан түсе қалғансып:
«Тұрды-ау деп сондай үйлерде,
Айтар ма екенбiз мардамсып.
Бiр кезде бiреу
Əрең деп
Архивке көп жыл қадалып,
 «Болыпты қымыз деген» деп,
Ашатын шығар жаңалық.
Ол кезде, бəлкiм, айналар
Жер-көктiң бəрi қалаға.
Кейбiреу, мүмкiн, ойланар
Кездесiп жұпар далаға.
Қыр желi сүйiп бетiнен
Айтар ол келiп қауымға.
«Қаланы ендi шетiнен
Айналдырсақ, – деп, – ауылға!..»
БАҚ IШIНДЕГI ҮЙ
Шатыры қалқиған,
Ескi үй тұр жалпиған
              бақ iшiнде.
Қызығы, шыжығы,
Қызыры, қызуы –
            бəрi iшiнде.

120
Шалқитын, тасатын,
Шабытты жас ақын –
              үй иесi,
Қоңырқай айлығы,
Жоқ жəне байлығы,
              дүниесi.
Осы үйде жалға алған
Аумай ол хандардан
             алшаңдайды.
Бөгденiң күйiне,
Сарайдай үйiңе
             тамсанбайды.
Қалаға көштi ендi
Кешегi көшпендi
             қыр қазағы.
Шабыты – арғымақ,
Əлемдi алдына ап
           жыр жазады.
Əйнектен төнедi,
Ай нұрын төгедi
               өлеңiне.
Сол сəтте қас-қағым,
Ақынға басқаның
            керегi не?..
Асқақ бiр күйге енер,
Əлемдi билеген
           патшадайын.
(Ханшасы төсекте,
Жыр жолын есептер –
         ақша – уайым...)
Тоғаяр көңiлi
«Жаздым, – деп, – ең ұлы
 
 
      поэманы».

121
Таңертең – ұлы емес,
Патша емес, түк емес –
             оянады.
Ендiгi iс «патшаға» –
Апару бақшаға
           жас баласын.
Соңында қалқиып,
Қалады жалпиып
          баспанасы...
ЖЕР МЕН АДАМ
Келдi өмiрге жас бала,
Қадам басты жасқана,
– Тəй-тəй, – дедi Жер-Ана.
Есейдi де шарқ ұрды,
Ғашық отқа шарпылды,
– Пай-пай! – дедi Жер-Ана.
Жiгiт болды, жар сүйдi,
Қызық көрдi əрқилы,
– Ой-хой! – дедi Жер-Ана.
Көрдi сосын соғысты,
Қасымен қан төгiстi,
– Қой! Қой! – дедi Жер-Ана.
Кен қопарды, жер жыртты,
Жарылқады ел-жұртты,
– Балам! – дедi Жер-Ана.
Канал тартып, тырбанды,
Баққа орады қырларды,
– Панам! – дедi Жер-Ана.

122
– Қазынамды, нəрiмдi
Байлығымды, барымды,
Сен ал, – дедi Жер-Ана.
Дəуренi өттi, қартайды,
Буынынан əл тайды,
– Демал! – дедi Жер-Ана.
«ЭЛЛАДА » ТОПТАМАСЫНАН ЕКІ ӨЛЕҢ
ЗЕВСТІҢ ТОЙЫ НЕМЕСЕ ТҮНГІ ТЕҢЕУЛЕР
Аспанның қиғаш қасындай,
Дидарын бұлтқа жасырды Ай.
Шашырап жатыр жұлдыздар,
Терiлмей қалған шашудай.
Жайнап тұр аспан моншақтай,
Жұлдыздар – күмiс бауырсақтай.
Теректер – соны терсем деп,
Созылып тұрған саусақтай.
«Жатыр, – деп – тойға жұрт келмей»,
Құс жолы сырын iрiккендей.
Аспанды ақ бұлт сүртедi
Айнаның жүзiн сүрткендей.
...Көктегi тойға бар əлем
Қамданып жатыр
Қарап ем...
Шақырса Зевс
Мен дағы
Осы бiр тойға барар ем!

123
ҚАЖИ ҰСТА
Қажи едi бiздiң ауыл ұстасы,
(Жас жағынан осы ғасыр тұстасы).
Тұрушы едi күмпiлдетiп көрiгiн,
Бiр қолында балғасы, не қысқашы.
Қашан көрсең қара терге малшынып,
Көрiгiнен қара түтiн, шаң шығып,
Қара төстi соғушы едi құлаштап,
Қарымынан қара темiр жаншылып.
Батпан балға жер сiлкiнте гүрсiлдеп,
Басқан сайын балуан көрiк күрсiнбек.
Жататұғын ұстахана сол шақта,
Жер жүрегi секiлденiп дүрсiлдеп.
Зiл түрендi зiркiлдетiп соққанда,
Қызығушы ек шашыраған шоқтарға.
Көрiнетiн құдiреттi Гефестей
Қажи ұста қайраттанған шақтарда.
Гефесiң не?
Алыптан да отты адам,
Ол өткенде бүкiл өңiр жоқтаған...
Гефест құсап
Прометейдей досына
Ешқашан ол қанды кiсен соқпаған!
АҚЫРАПТАҒЫ ЖАПЫРАҚ
Ақырап келдi ақырып,
Бақсыдай жынын шақырып.
Жапырақ – тiлiн
Ағаштың
Ұшырды көкке сапырып.

124
Жұлынған тiлi жас шынар,
Мылқаулыққа да бастығар.
Бастығар,
Iштен тас тынар,
Қабығын, бəлкiм, жас шылар?
Жұлқынып тұрған жүйрiк тiл,
Жұлындың,
Желмен құйғыт бiр!
Сөйлейтiн кезде судырлап,
Мылқау боп қалған тiрлiк бұл.
Жезтаңдай құстай сайраған,
Араша түсер қайда Адам?
Орнында ма деп өз тiлiм
Отырмын қарап айнадан...
Аққұла болды атырап,
Алқынба ендi,
Ақырап.
Жалғанның жоғын жоқтар ма,
Аузымда қалған жапырақ?!
ҚАСҚЫР МIНЕЗ
«Бөрiлi менiң байрағым...»
Сүйiнбай
Қақпанға түскен қасқыр қапы қалып,
Шайнады өз аяғын жатып алып.
Кеудесiн қара түннiң күйдiредi
Күйiнген көздерiнiң оты жанып.
Қасарған қақпанды да қауып көрiп,
Ырылдап, қанды езуден ағып көбiк,
Ызадан қалш-қалш етiп тың тыңдады
Қайырымсыз қара түннен қауiптенiп.

125
Аңысын аңдығандай жорта қашып,
Шырқауда жұлдыздар жүр анталасып,
Қанжардай азулары қарш-қарш еттi
Қайрансыз қайран арлан жанталасып.
Қиылған тамырлардан қан шұбырып,
Қиналды тағдырының нарқын ұғып.
Қасқырдың намысымен жан ұшырды
Тұрғандай құлағында қаншық ұлып.
Қарамай қан қақсаған жарасына
Аяғын шайнап үздi аласұра.
Өз қолын өзi кесер сол мiнездi
Адамның берер ме едi баласына!
ОТЫЗҒА КЕЛДIК
От басып жүрiп ойланбай,
Отызға кеппiз бiз дағы.
Қара мен ақты айыра алмай,
Көкiрек талай сыздады.
Желiгiп думан-дырдуға,
Жүрген жан қалай аңғармақ –
Кете де жаздап құрдымға
Шықтық-ау талай тал қармап.
Қалмады бiзден қателiк
Қозыдай болып жетiмек.
Оған да кеттi ет өлiп,
Апыр-ау, неткен соқыр ек?!
Жар бастық талай сақтанбай,
Жар болып жанға жақсы үміт.
Басылып келе жатқандай
Жынымыз жиырма бақсылық.

126
Жастықтың күнi кешкiрдi,
Солығын басты махаббат.
Есiрiп жүрiп,
Ес кiрдi
Сəбидей жеген шапалақ.
Кеудемде қалып қойғандай
Көктемнiң соңғы ызғары.
От басып жүрiп ойланбай
Отызға келдiк бiз дағы.
Тағдыр-ау,
Сонша жауыз ба ең,
Қабағың неден суынды?
Сан рет күйген ауызбен
Тағы iшсем бе екен уыңды?
ҚАЙРАҚ ПЕН ҚАНЖАР
Серiлiк тiрлiк
Қиын екенiн түсiндiм,
Ең iрi құрлық –
Үйiм екенiн түсiндiм.
Қайырылмас қасым –
Тиын екенiн түсiндiм,
Айырылмас досым –
Миым екенiн түсiндiм.
Көңiлдiң кейде
Дөнен емесiн түсiндiм,
Өмiрдiң бейне
Өлең емесiн түсiндiм.
Қабiр де сонша
Терең емесiн түсiндiм,
Тəңiр де онша
Керең емесiн түсiндiм.

127
Жүйкенiң жiбi
Темiрге айналарын түсiндiм,
Жүректiң түбi
Көмiрге айналарын түсiндiм.
Дəуiрдiң мұңы
Кемiрген сайын жаныңды,
Алмас қанжардай
Өмiр қайраларын түсiндiм.
МЕНIҢ ФАМИЛИЯМ
«Оразбайдың ақын ұлы»
Деген атқа лепiрiп,
Астананың шақыруы
Тынышымды кетiрiп.
Ауылымнан жастау кетiп,
Жеттiм үлкен қалаға.
«Ұлы ақын Ұ.Есдəулетов!»
Деген арман санада.
Саяқ жүрiп, дала безер
Сал-серiлеу дағдыммен,
Сыра қуып, қала кезер
Студент боп алдым мен.
Кафелерде соғып кеуде
Күпiлдедiм, мақтандым.
Есенинше сөнiп кейде
Кетуге де шақ қалдым.
Бiр бөскен соң дес берем бе,
Желмiнез ем ұшқалақ –
Милиция Өскеменде
Ақыл айтты ұстап ап:

128
– Əкең болса – полковник,
Тəртiп бұздың, бұл қалай?
Көрсетпе ендi ерке қылық,
Фамилияңды былғамай...
Қонақүйге кештеу жетiп,
Кейiн естiп күлгенiм:
Мен бiлмейтiн Есдəулетов
Бастығы екен түрменiң.
Ердiм бiрде қарасын боп
Мұқағали жанына.
«Есдəулеттiң баласы» деп
Таныстырды ол жарына.
Құшақтады Лашын кеп:
– Бармысың, – деп, – бауырым?..
Жыласын кеп, сұрасын кеп:
– Аман ба, – деп, – ауылым?
Жауап таппай бұға бердiм,
Мiңгiр-мiңгiр шатылдым.
«Балдызы» боп шыға келдiм
Мұқағали ақынның.
– Мұқа, – дедiм былай шыға, –
Əлгi Есдəулет кiм едi?
– Алжастырды-ау құдай, сiрə... –
Мұқаң мырс-мырс күледi: –
– Ақын шалдың ұлы ма деп,
Шатасқам-ау, шырағым.
– Ол басқа ғой,
Шыны керек,
Менiң əкем – мұғалiм!
– Бiз бүлдiрдiк, ендi үндеме,
Жатыр қазан асылып.

129
Айта көрме сен бiрдеңе,
Қоя салғын жасырып.
Шындықты айтсаң –
             екеуімiздi
Түк татырмай қумай ма?
Туыс қылған екен бiздi,
Туыстықты жумай ма?..
Балдыз болып соныменен,
Бал шарапты сiмiргем.
Мұқаңды ойлап тебiренем,
Сағынамын бүгiн мен.
Алматыдан Мəскеу кетiп,
Байсалды бiр күйге ендiм.
«Ақын Ұлықбек Есдəулетов»
Деген атқа үйрендiм.
Түрмешiнiң жалғызының
Түспесе де құны əлi,
Мұқағали балдызымын! –
Дей салғым кеп тұрады!..
* * *
Тағдырым тағы қырын қарады,
Қырын-ақ, мейлi,
             Қарасын;
Бақытымның да бұрылмағаны
Тырнасын жанның жарасын;
Көңiлiм аппақ парақтай едi, –
Бiреулер жағып күйесiн,
Тонап та менi,
         талап та менi,
Топаста кетсiн үлесiм;

Ала жiбiнен аттамасам да
Ала көзiмен атқанға,
Ешкiмге мысық сақтамасам да
Иттерiн ырылдатқанға;
Бəлемнiң шиi шығып жүрсiн деп,
Өсегiн қаулатқандарға,
Қасқимай,
          аздап бұғып жүрсiн деп,
Кесегiн заулатқандарға;
Күйiнбен ендi!
Жасымаймын да,
Кетпейдi ендi ештеңем.
Жырымды мұңмен асыраймын да,
Тек... үйге қаңғып кеш келем.
Кiремiн күмiс қарлы баққа мен,
Айғайымды iшке iркемiн.
Келгендей шауып арғымақпенен
Буланған көздi сүртемiн.
Айналам –
        əсем ағаштар ғана
Толғаған тату тiрлiгiн.
Тамыры жерге таласқанда да
Сүйейдi-ау олар бiр-бiрiн.
Аяңдап сосын зиратқа келем,
Иiлер бiр сəт өр басым.
Құлпытас болсам –
         қирап қалар ем,
Шыдаймын адам болғасын.

131
* * *
Кезiм бар менiң iштен тынатын,
Кiтаптай ешкiм парақтамаған.
Кезiм бар кейде
Түссем – сынатын,
Айнадай алтын жалатпалаған.
Ашынсам кейде садақ та болам,
Қылыштай тiптi жалақтап алам.
Өш ала алмаймын ешкiмнен, бiрақ
Өшiмдi келiп шараптан алам.
Қалқансыз көңiл, сауытсыз жүрек,
Қалады кейде жазықсыз жүдеп:
Ақ түнде жауған ақша қарымды
Тастайды бiреу жарықсыз күреп.
Өкпе-бауырым суырылады,
Өмiрге кейде қарағанымда.
Қарадай апшым қуырылады,
Жарамды иттей жалағанымда.
Отқа жанбайтын, суға батпайтын
Құз болып сосын төнiп бағамын.
Отқа жанбайтын, суға батпайтын
Мұз болып, бiрақ ерiп қаламын...
* * *
Мен туыппын ақпандатқан боранда.
Iзтай
Арбатта емес,
Мен туыппын арбада,
Жол үстiнде шыр етiптi сар бала.

132
Арнап жүрген ақсарбас қой қалжаға
Дəл сол күнi жем болыпты қарғаға.
Мен туды деп миземептi нар дала,
Күн де басын иземептi таңдана.
Ертiстiң де ақ толқыны жалдана
Жылдағыдай жосылыпты арнада.
Мен туыппын, жол үстiнде, арбада,
– Сүйiншi! – деп жазбапты ешкiм жарнама.
Қалжа таппай тұрғанда əкем арлана,
Жалғыз қойын жайратыпты жарлы аға.
Мен туыппын жол үстiнде,
 
 
 
арбада,
Май қарсаңы, сəуiр айы, жер қара.
– Кiм екен? – деп,
– Туыпты, – деп, – ер бала!
Бiр серпiлiп қалысыпты ел ғана.
Жеткiзсе де арлы əке мен жарлы аға,
Сан адастым,
         сан соғылдым жарға да,
Сан таңылдым өзiм туған арбаға
Сан жем болдым қиянатшыл қарғаға.
Қатарымнан қалыспадым қармана,
Қанағат қып өстiм жоққа,
 
 
 
барға да.
Көктемдегi көктiң бұлты торлама
Аспанымнан айыққан жоқ сонда да.
Жол үстiнде келедi əлi сол бала,
Жол үстiнде өледi əлi сол бала.
Кешiрiңдер, Арбат,
 
 
     Лувр,
 
 
 
Сорбонна,
Маған ыстық өзiм туған сар дала!

133
* * *
Қан сонардай қарлы күнгi,
Жазғырмаймын тағдырымды.
Бiр кiсiдей сүйемiн мен
Беу, адамдар, барлығыңды.
Көргенiмде нарлығыңды
Жүрегiмде жан жүгiрдi.
Көргенiмде тарлығыңды
Көздерiмнен қан бiлiндi.
Хан да емеспiн,
  
қара да емен,
Тағдырым да дара демен.
Көрiпкел боп көргенiм жоқ
Не де болса бара көрем...
Бала да емен, аға да емен,
Күтпеңдершi баға менен.
Күндей жылы дидар көрсем
Күншуағын ала берем.
Бұл бiр өмiр –
  
жеке шынар
Басы бұлтқа жете сынар.
Аққа қара жұқпайтынын
Дəлелдеумен өте шығар.
Жазғырмаймын тағдырымды,
Жаздырмаймын жарлығымды.
Жалғыз өлең
  
жазсам жетер,
Қан сонардай қарлы күнгi...

134
ЕМЕН
Қажамаңдаршы құр босқа,
Жетедi қайғым бiр басқа,
Мөлдiрер едi лай су
Менiмен жақын сырласса.
Жүректе жатыр сүрi қар,
Жанымды бiрақ кiм ұғар?
Жаралған жоқпын темiрден
Жалын мен мұздан шынығар.
Жаралған жоқпын тастан да,
Жайраймын сөзбен осқанда.
Жапырағын жайған емендей
Жанымды жайғам аспанға.
Жаралған жоқпын еменнен,
Жаралған жанмын өлеңнен.
Нар емен құсап қапыда
Найзағай түсiп өлем мен!..
* * *
Осы мен осы,
         көп күлiп,
Еркелеп кеткен жоқпын ба?
Дарынымды өзiм доп қылып,
Ертерек тепкен жоқпын ба?
Ұшуды бiлген қаршыға
Қона да бiлсе жөн болар.
Тасты да тесер тамшыға
Төселе берсем нем қалар?
Осы мен осы,
         көп тасып,
Сарқылып қалып жүрмейiн?

135
Жиiрек кеттiм шоқ басып,
Шарпылып, жанып жүрмейiн?
Көрсоқыр болса жас кезiм
Жайым жоқ оған ақталар.
Маңдайға бiткен қос көзiм
Мiндетiн ендi атқарар.
Есiгi ашық кеудеме
Енiптi нұр да,
        тозаң да.
Жаппаймын оны мен неге
Өкiнбей тұрып тез онда?
Ақындық –
ашық есiк қой,
Жо-жо-жоқ, тұрсын, жаппаймын!
Тозаң да болса несiп қой,
Тазартып оны жатпаймын!
* * *
Көңiлiн табам ба деп əр адамның,
Көшелi кiшiлiкпен қарағанмын.
Жайдақ су,
Жайылмадан тапқаным сол,
Жүн болып жүйкем бүгiн жараландым.
Талпындым əр жүректi түсiнбекке,
Зəуiде зая болды күшiм текке.
Бiреулер бөктергiмен
             бөрлiктiрдi,
Көлбетсем көңiлiмнiң құсын көкке.
Жалбақтап жұртым, əсте,
                жан бақпаған,
Ендеше несiне мен жалбақ болам?

136
Жетедi өзiмдi-өзiм тұсағаным,
Құрысын алдын-артын салмақтаған.
Жетедi мiнезiмдi жасырғаным,
Тот басып тозар болды асылдарым.
Төбелер
         жанартауға айналатын,
Кешiрмей кiр табанға басылғанын.
Тағдырдан сыйым қайда күткен менiң,
Жетедi өзiме өзiм тiк келгенiм.
Онсыз да пердесi көп дүниеге
Пердемен қарағаннан түк көрмедiм...
* * *
Меңiреу болу менiң iсiм бе,
Мүжiген қаңқу –
           миымда.
Жеңiсiм менен жеңiлiсiм де,
Мəлiм боп жатыр қиырға.
Қалтарыс маған қол емес екен,
Жалтарыс жанды сақтар ма?
Орыным – майдан, төбелес екен
Арпалыс жүрiп жатқанда.
Жарақатым көп елемей жүрген,
Жүректен қаным ақса да.
Ешкiмдi итке теңемеймiн мен
Өзiмдi қауып жатса да.
Жұдырық барда төбелесемiн,
Қашанғы күштi iркермiн.
Тұмсықтың қанын елемес едiм,
Жүректiң қанын сүртер кiм?..

137

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал