Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.

бет5/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

КЕСIЛГЕН АҒАШ
Жапырақтары жайқалып тұрған,
Нар ағаш едi найқалып тұрған.
Аран тiс ара қыршынын қиып,
Шатырлап құлап, шайқалып тынған.

89
Томырық түбiр,
Кесiлген ағаш...
Жантайды жердiң төсiнде оғаш.
Жан тəсiлiм боп, жан берiп жатқан
Адамдай сұлап, көсiлген қораш.
Қымбаттай түсiп тiршiлiк-арман,
Күңiренiп тұр күрсiнiп орман.
Құлаған ағаш...
Құстары үрiктi-ау,
Ашылмай қанша бүршiгi қалған?..
«Тiрлiк бар ма екен құрбан болмай...» деп,
Түнередi орман қиналғандай боп.
Батып тұр мұңға ағаштар
Достың
Жаназасына жиналғандай боп.
Орманның көрдiм жыр кеткен кезiн,
Қапа мен қайғы, мұң жеткен кезiн.
Ағаш екеш-ау ағашқа дейiн
Əсерi тиген бұл неткен сезiм?!.
Айдары шербек ала таң шығып,
Қайғырады орман шара таусылып.
Сезбеген ұлдай жетiм қалғанын
Қалғиды қамсыз балапан шыбық...
ТАБИҒАТТЫҢ ЖЕЙДЕСI
Күнi кеше жайқалған өндiр емен,
Жапырағы саржағал, селдiреген.
Табиғаттың жейдесi тозып қапты
Ауыстыра аларсың ендi немен?..
Алғаш түскен қарымен ақыраптың
Ағарады самайы атыраптың.

90
Бесiгiне түскен соң топырақтың
Басқа өмiрi басталар жапырақтың.
Қыстың күнi бұл баудың төңiрегi
Құстың жүнiн жұлғандай көрiнедi.
Ұлпа қарға үп етiп жел үредi,
Бұтақтан қар бұрқ етiп төгiледi...
...Қарағаштың желегi жасыл əлi,
Сар жапырақ табанға басылады.
Кей адамдар ақ шашын жұлып тастап,
Кəрiлiгiн осылай жасырады!
ҚОҢЫР ӨЛЕҢ
Əлемде басқа бояу таусылған ба, –
Қоп-қоңыр:
Орман,
      дала,
        тау-шыңдар да.
Шығарар оқтын-оқтын даусын қарға,
Дегендей «Мен де келдiм, саусыңдар ма?»
Күткендей жүргiншiсiн сабыр сақтап,
Қойнауға сiңiп жатыр қоңыр соқпақ.
Күңгiрт бұлт дүниенiң көгiн қаптап,
Қалғандай күн тұншығып,
Өмiр тоқтап.
Əлемнiң əлпетiнде –
Ой нышаны,
Қорқа ма жамылудан қарлы шəлi?
Дегендей 
«Бiрiңдi де тоңдырмаймын», –
Дүниенi құшағына тау қысады.

91
Бүлкiлдеп күз тамыры –
Момын бұлақ,
Жалықпай жалғап жатыр жолын жырақ.
Қыс түсiп,
Қар баса ма, мұз қыса ма,
Жырына кiрмейтiндей оның, бiрақ.
Қыс келер,
Боранымен басар, көмер,
Қартайған кiсiдей ғой қашан да жер:
Күнi ертең қор боларын сезе тұрып,
Үн-түнсiз тiршiлiгiн жасай берер!..
БОТАНА СУ
Ботана су ағады құлай барып,
Жалғыз адам жағада тұр ойланып.
Оның жаны бұлақпен ағайындас
Ашуланса таситын лайланып.
Жағада тұр
Иiлген сұрақ-ғұмыр:
Лайлаған кiм екен бұлақты бұл?
Екеуiнiң алдында бүкiл əлем
Мелшиедi айыпты сияқты бiр.
Бұлақ жатыр бұрқырап сай көшiрiп,
Адам кеттi.
Барады ол қайда өшiгiп?
Лайлап ап жүретiн тұндыра алмай
Дүниенiң заңы осы əурешiлiк...

92
* * *
Сұрықсыз күздiң сұрғылт тұманы
Сəтенiн жаймен жайды атырапқа.
Сабақтан тамшы сырғып құлады,
Сырт етiп тамып сар жапыраққа.
Жан ұрлайтұғын барымташы ма ең,
Зираттың мəңгi қаралы аспаны?
...Бiр адам барып
Бар ынтасымен
Табыттың бетiн қаға бастады.
Бiркелкi шыққан балғаның үнi
Жегiдей жейдi құлақ құрышын.
Балғаның үнi
Жалғады, мiне,
Үзiлiп кеткен жүрек дыбысын.
Көп досын сол жан көмген бе дедiм,
Шегенi тiптi қаққаны бекем.
Шаншыған не бұл?
Кеудем бе менiң,
Табыттың əлде қақпағы ма екен?..
ЖАПЫРАҚТАР ЖЫРЫ
I. Жаз өтті
Жаз өттi жас дəурендей жарқыл қағып,
Қызықтан қайран шақта тартынбадық.
Толқынға киiп-жарып қойып кеттiк,
Тұрмадық əр нəрсенiң артын бағып.
Жаз өттi көкiректi құлазытып,
Тағдырдан көп ұтылдық,
Бiраз ұтып.

93
Иненiң жасуынан уақыт сусып,
Ұстаудың табылмады лажы түк.
Жаз өттi –
өкiнуге үлгермедiк –
Шоқ шайнап,
Мұз жаладық,
Күнге өрледiк.
Көкiрек суынған соң, дүниенiң
Көзге ыстық тартатынын бiлген бе едiк?!
Əр ұрпақ өз жазында сайрандамақ,
Тұнжыр бақ,
Тұрғаныңмен жайраңдап-ақ.
Басқа үйде не күтерiн қайдан бiлсiн,
Бiр үйден сыйлы аттанған қайран қонақ?!.
Жаз өттi...
II. Қараша. Соқпақ
Қараша...
Қыр астында – қыс ылаңы,
Көкжиек көлбетуде құсын əлi.
Қайыңдар қоштасуға қолын созып,
Сап-сары саусақтарын ұсынады.
Күмбезден көзiн салған
Күн де ойланып,
Тұрғандай албырт шағын қимай, налып.
Шалғыны ұйпа-тұйпа бақ iшiнде,
Жол жатыр ерсiл-қарсыл шимайланып.
Соқпағын əркiм салар өз жөнiмен,
Күнi ертең шөп басарын сезгенiмен.
Көрiнер қонған бақыт қонбағандай,
Оған да көнбiс жүрек төзгенi жөн.

94
Жас буын өздерiнше салар соқпақ,
Тiрлiктен сыбағасын алар шақтап.
Көз нұрын,
Жүрек отын сөндiрместен
Бiр ұрпақ бiр ұрпаққа қалар сақтап.
Соныдан соқпақ салып тырбанасың,
Берер деп таңдыр түбi бiр бағасын, –
Қалды ма,
Қалмады ма келешекке,
Соңына жүрген адам бiр қарасын...
III. Күн өрмегі
Шомылдырып бұлттарды шұғылаға,
Күн еңкейiп барады құбылаға.
Батқан күн мен атқан оқ қайырылмасын,
Қанағатсыз қу көңiл ұғына ма?
Келедi де кетедi осылай күн,
Өтерiнен өмiрдiң шошымаймын.
Қысқа жiптiң күрмеуге келмесiне
Көзiм жеткен
Тағдырдан не сұраймын?!
Өмiр басын иедi өрлеп барып,
Жолығар жұрт бұлаққа шөлдеп талып.
Кəусарына бiреулер тамсанады,
Таңдайында бiреудiң кермек қалып.
Татқандаймын кəусарын,
Кермегiн де,
Не жетпейдi ендеше өр көңiлге?
Құбылада – Алтын Күн – өрмекшi тұр,
Алтын торлы өзiнiң өрмегiнде.

95
IV. Не бердің?
Күн жауды ақ сабаумен сабап келiп,
Артынан аспан шықты садақ керiп.
Жаздағы бар қызықтың төлеуiне,
Тоғай тұр алтындарын санап берiп.
Аз берiп, көп алады тағдыр дəйiм,
Өтерсiң өте шыққан жаңбырдайын.
Сезбейсiң жауырыныңның жер қапқанын,
Деп жүрiп алысқанға алдырмайын.
Жастықта қанша мəрте қыбың қанды,
Салмадың қанша азапқа шыбын жанды?!
Төккен тер,
Көз майыңның құны қанша,
Құр босқа қанша қайрат шығындалды?!
Безбеңдеп бар тiрлiгiн пенделердiң
Өзгермес өз заңымен дөңгелер Күн.
Жаздағы бар қызықтың төлеуiне,
Бақ бердi жапырағын,
Сен не бердiң?
V. Таңғы шық
Күрсiнбешi тiршiлiктi қысқа деп,
Келешекке бiзден қалар нұсқа көп.
Өмiр-бақи өзiңдi-өзiң сомдап бақ,
Қапы қалсаң қайта соғар ұста жоқ –
Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.
«Үмiтсiз жан – шайтан» дейдi қазақта.
Күйреуiктер күйе берсiн тозақта.
Аз тiрлiкте ақиқатқа тiк қарап,
Пендешiлiк, пасықтықты мазақта.
Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.

96
Шөп түбiне шуақ түссе сыналап,
Шымшық көздi шық қарайды сығалап.
Қойшы, қалқам, саруайымға салынба
Кəусар шықпен кiрпiгiңдi шылап ап,
Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.
Мөлт-мөлт етiп тұрады да азырақ,
Кебедi шық, кетедi ұшып қазiр-ақ.
Семедi шөп ажарынан ажырап,
Қайта өнедi қыс өткен соң азынап,
Күрсiнбешi қайран ғұмыр қысқа деп.
Мөлт-мөлт еткен мөлдiрлiктi көргенде –
Жер боласың жандар үшiн көр кеуде.
Таңғы шықтың тағдырымен мөлдiреп,
Ылайланбай өткен жанда арман не?..
Күрсiнбешi қайран ғұмыр қысқа деп...
VI. Өртенген жапырақтар
Буалдыр будай түтiн буып бақты,
Желкек жел сейiлтпек боп қуып бақты.
Қызусыз қу жапырақ қоздап жанып,
Бұрқырап бықсуға да жуықтапты.
Барады бұлдыр түтiн бақты аралап,
Ағаштар ойланады отқа қарап.
Жауыз от жапырағын жалмап жатыр,
Жыл сайын жалмаса да жоқ қанағат...
Сарғайған сар жапырақ – өткен күнiң,
Үзедi уақыт жасап өктемдiгiн.
Аспанға ағаш құсап талпынасың,
Уыстап қалмақ болып көктем нұрын.
Қаласа – алдына сап елпектетер,
Дей алман тағдыр күшiн «ертек, бекер».

97
Жиып ап жапырағыңды ол
Күзiң жетсе
От қойып өзегiңдi өртеп кетер!..
Естимiсiң, Прометей?!
VII. Өмірді сүю
Жылуын жасыл жаздың iздедiм мен,
Кешегi көктем қайда күзге күлген?
Өмiрден өзге түктi мойындамай
Ойпырмау, өтемiз бе бiз де өмiрден?
Осыған –
Қайта көктер ағаш емен –
Несiне таңырқадым балаша мен?
Шiркiн, дем –
Бiрден бiрге ауыспай ма,
Секiлдi сазы сырлы тамаша өлең.
Күрмеуге келсе болды қысқа жiбiм,
Кəдесiз кетпес деймiн күш, танымым.
Кiрермiн Төстiк құсап кiрсем жерге,
Тiсiнен Сорқұдықтың мыстанының.
Жұрт айтса:
«Өлмейдi, – деп, – адам жаны»,
Қашанда майдай жағар маған дағы.
Талқыдан тастай қатқан тұлғаң, бiрақ,
Сұмдық қой судай сiңiп жоғалғаны.
Дегенге:
«Бар зат ешбiр жоғалмайды», –
Емексiп күптi көңiл алаңдайды.
Тумайды-ау мендей ақын,
Туса дағы
Бəрiбiр мендей ғашық бола алмайды!..

98
БҰРЫШҚА ТҰР!
Көтере алмай келеңсiз еркелiгiн,
Жазалады əкесi тентек ұлын:
– Тұр бұрышқа! – ақырды ашуланып,
Батырындай бағзы бiр ертегiнiң.
Қорыққанынан бұрышқа тұрды бала,
Құйттай болып дөң-айбат түрдi қара:
Анда-санда иығы селк-селк етiп,
Пырсылдайды əредiк мұрны ғана.
Əр бөлмеде – төрт бұрыш,
орайы кеп
Тұрып шыққан тентек бұл талай рет.
Ол ойлайды:
«Бұрышқа тұрмас ем-ау,
Тусам егер үй-күйсiз жабайы боп...»
Осы бала бұрышты жек көредi,
Осы бала бұрышқа кектенедi.
Анасына кей күнi,
«Мен өскенде,
Бұрышсыз үй тұрғызам!» деп келедi.
Сол тентекке жанымның қошы келген,
Еркелiгiн мен болсам кешiрер ме ем?
Шiркiн, оның бабасы бақытты ғой,
Бұрышы жоқ үйлерде өсiп-өнген!..
Екінші бөлім
ЖҮРЕК ПЕН ЖҮЙКЕ

99
* * *
Түңiлмеңдер ақыннан
Дыр-думан қуып кеттi деп.
Жүрегi тойға шақырған
Көкiрегiн оның тепкiлеп.
Ақынды жiбер еркiне,
Тепсiнiп жырын оқысын.
Өртесiн өлең өртiмен
Дүниенiң күллi қоқысын.
Сөз берме, мейлi сен оған
Қызынса шыдап ол тұрмас.
Шалқыса да асып шамадан
Шабыты əсте сарқылмас.
Кейiстi мiнез көрсетпе,
Жырына қол соқ, со жетер.
Сəбидей жүрген емшекте
Ақын да қолпаш дəметер.
МҰХИТ. ГОЛЬФСТРИМ АҒЫСЫ
Демалысқа барғанда жазда менi,
Сөзбен əкем сiлейте жаздап едi:
– Хат жазуға қырсығы тиер болса,
Қалқам, қор боп құр өлең жазба! – дедi.
Бұрын болса аңқылдап, жеңiл тартып,
Беретұғын көңiлдiң көлiн сарқып.
Толқынындай мұхиттың ауыр сезiм
Өтедi ендi сəт сайын өңiн шарпып.
Өмiр жүгiн көтере иық талып,
Қол бұлғай ма кəрiлiк жуық қалып.

100
Үлкен ұлы қайтқалы дүниеден
Жүрер болды тұнжырап, тұйықталып.
Ақ қырауы шашының қалыңдаған,
Қабағынан қара бұлт арылмаған.
Мұзды мұхит секiлдi өңi суық
Бiр кездегi ақ жарқын, жалынды адам.
Жалғыз ғана,
Туғанда немересi
Қабақ ашты-ау кеңiп бiр керегесi.
Бiрте-бiрте жүзiне жылу кiрдi,
Жылы ағыс бар мұхитта деген осы!..
ЖҰМБАҚ АЙТЫҢЫЗДАР...
Жұмбақ айтыңыздар, шешейiк,
Жұмбақсыз ғұмыр кешейiк.
Дүние сырын барлаумен
Келе жатырмыз ғой есейiп.
Қиындық келiп бетпе-бет,
Тағдырға жүрсек өкпелеп.
Өзгеге кiнə артамыз,
Өзiмiз қалып шеткерек.
Бiреудi бiреу ұғынса,
Көңiлдiң кiрi жуылса,
Бұйығып жүрген жүректер
Бiрiнен-бiрi жылынса.
Жауапсыз сұрақ қалар ма,
Дүние жұмбақталар ма?
Бiреудiң асыл сезiмi,
Бiреуге жұмбақ болар ма?

101
ВОРСКЛА ӨЗЕНI
Назданған Ворскла
1
 қыз қылықты,
Тұлпарын патша сенде жүздiрiптi.
Жағаңа мен де келдiм, патша емеспiн,
Адаммын одан гөрi iзгiлiктi.
Жағаңа келiп тұрмын ертеменен,
Əсем бiр су екенсiң еркелеген.
Қосылып толқыныңа кетер ме екен
Кеудемнен ағып шығып көркем өлең.
Көңiлi жауды қуып тоғайғасын,
Жоғалтып айдыныңа қол айнасын,
Атапты ұлы Петр «ұры өзен» деп,
Су айна ұрламайды, соны ойласын!
Сен менен «ұры» деген ат алмассың,
Көңiлiм толқыныңмен сапарлассын.
Түбiңе тастайыншы өз айнамды,
Патшаның айнасымен қатар жатсын!
КӨШПЕНДIЛIК
Ұнатпаймыз бұлттардың қаңғырғанын,
Жақсы көрiп тұрсақ та жаңбырларын.
Баяғыда Пушкин мен Лермонтов,
Ұқсатыпты бұлттарға тағдырларын.
Лермонтов, Пушкинбiз шетiмiзден,
Аулақ бұрсын ол тағдыр бетiн бiзден.
Бiр заманда бабам да қаңбаққа ұқсап
Жел соққанда көшiптi не түрлi iзбен.
Отырықшы ел болдық десек тағы,
Ойға келер мынадай есеп бары:
1
 Полтавадағы өзен аты, «айна ұрысы» деген мағына береді. 

102
Күндi айналып зулаған Жермен бiрге
Көшiп жүр ғой бiз жатқан төсек тағы.
«Ораламыз, сау тұр!» деп жер-құрсаққа
Ғарышқа да барармыз тағдыр тартса.
Көшпендiнiң көкесi өзiмiз ғой
Бұлттарды да кезбе деп жазғырсақ та.
* * *
Қолшатырдың қажетi не, қозғама,
Көк нөсерге көмiлейiк аз ғана.
Сен едiң ғой жаңбыр жауса мəз бола,
Жалаңаяқ жүгiретiн бозбала.
Бүгiн көктiң рақымы түсiп тұр,
Күзелген тал көктем нұрын iшiп тұр.
Жадыңда ма, жайлаудағы терекке
Жаңбыр жауса қорғалайтын күшiк бiр.
Күшiгiңе күле қарап алыстан,
Сен едiң ғой тамшылармен жарысқан.
Жүгiргенде жаңбыр жуып жүзiңдi,
Алғаш саған ақындық дерт жабысқан.
Қолшатырға қол салмашы, тоқталшы,
Алақан тос, қонақтасын көк тамшы.
Тамшы деген – сенiң сəби бейнеңдi
Мəңгi өзiнiң жанарында сақтаушы.
* * *
Ұмытылам ба мен ертең,
Ұмытылудан қорқамын.
Семсердей қында көнерсем
Мұңымды кiмге артамын?

103
Iлуде батқан бiр кештiң
Жұтатын шығар менi өртi.
Сонан соң ғұмыр сүрмеспiн,
Төбемнен мəңгi төнер түн.
Ұмытылам ба сонда мен,
Есiне менi кiм алар?
Ағар ма iздеп арнамен,
Мен көзiн ашқан тұмалар?
Бiр кезде ұстап даламда,
Бостандық берген көбелек,
Есiне менi алар ма,
Қоя бердi екен неге деп?
Мен үзбей кеткен бiр тал гүл
Үзсе деп менi iздер ме?
Мен мiнбей кеткен тұлпар бiр,
Мiнсе деп менi iздер ме?
Ұмытылам ба мен ертең?..
ЖЫРМЕН ҚОШТАСУ
(Мұқағали ағаға)
I
Кеудемде күркiреген
Қаршадайдан құдiретiм,
Шiркiн өлең, есiл өлең,
Досым өлең,
Қош,
Қош...
Тiршiлiк көшiменен
Кетiп барам,
Қасымнан өтiп маған
Кезек келдi.

104
Аз өкпемдi сен ғана көтере алдың,
Досым өлең, есiл өлең,
Жеке қалдым,
Не ете алармын, –
деп бiрақ қамығамын несiне мен?
Ақтығым, адалдығым,
Аян ғой саған, жырым.
Санаулы күн, өлшеулi өмiрiммен
Мен елiмнiң тiлеймiн амандығын.
Түнеруде тағдырым, түнеруде
Келешек күнге асығып,
Мұң жасырып шабытты жүрегiнде
Ұлы елiнде
Жүретiн асқақ ақын
Бас имей жатыр ендi бұл өлiмге.
Бағытым – Барсакелмес,
Бақытым – туған елiм,
Шабытқа мұрша бермес
Ақын боп туған едiм,
Думан едiм, ер едiм оралымда,
Шалқыта төккен едiм,
Шарқ ұрып кеткен едiң
Қайырылып маған бiр қарадың ба?
Жоқ, қарамадың.
Досым өлең, есiл өлең,
Көңiлдердiң күмбезiн араладың,
Жiгерлiнiң төзiмiн тағаладың,
Жасықтардың жүрегiн жараладың,
Ешкiмнiң де табанын жаламадың!
Қош,
Қош,
Қош,
Уа, жаңбырлы көктем-өлең,
Ризамын, өкпелемен, өкпелемен.
Мен сенi əкете алман өзiмменен
Көпшiлiктен алғанмын, көпке берем!

105
II
Сенбеймiн ақын аға өттi деуге!
Сөне ме найзағайлы отты кеуде?!
Көз алдым мөлдiрейдi,
                  мөлтiлдейдi,
Самал жел көздiң жасын кептiрер ме?
Шынымен жыр күймесi доғарылып,
Зор тұлға зерделерден бола ма ұмыт?
Күмбiрлi күйсандықтай көкiректiң
Тiлдерiн құрсаулай ма қара құлып?
Сыйды ғой бүкiл əлем кеудесiне,
Сыймады бұл əлемге ол несiне?
Қаламын кiмге тастап кеттi екен
Жеткiз деп жыр бəйгенiң көмбесiне?!.
1976 жыл
* * *
Құла түздiң қаңбағы
Қайырылып артқа қарамас.
Адамның қаңбақ болмағы
Жарамас... жарамас...
Қиық салсам артқыға,
Көшкендейiн көп жалған:
Желдi күнi жондардан
Қаңбақ қуып алданған.
Тастан тамыр iздеген
Аңқау күннен не қалды?
Қаңбақ қуып бiзбенен
Қыр асты да жоғалды.

106
Баяғыдай бiз бармыз:
Жоғалған жоқ жырымыз.
Бiреулерге ызғармыз,
Бiреулерге жылымыз.
Дүние, қызық қуалап,
Қанша жерге барыстық.
Удан қашып,
          бал iштiк,
Ойхой, дəурен, бəрi ыстық!
* * *
«Там человек сгорел»
А. Фет
Бiр адам өттi өмiрден,
Бiр үмiт сөндi көңiлден.
Бiр жұлдыз ақты көгiмнен,
Кеуденi қайғы кемiрген.
Бiр ағыс солай тоқтады,
Сөндi бiр өмiр шақпағы.
Маңдайы тасқа тiрелiп
Өштi бiр ғұмыр соқпағы.
Базарын бастан өткерген
Бiр сапар солай шектелген.
Қабiрiн оның жапты кеп
Үзiлген гүлдер бөктерден.
Тамшыдай бұлттан ыршыған
Жалғыз-ақ жүрек тыншыған.
Бiрақ сол жалғыз жүректе –
Кеттi ғой талай сыршыл əн.

107
Тыншыған жүрек...
Оны əлi
Жоқтайды жұрты қаралы.
Осы бiр отты дəптердiң
Оқылмай қалды-ау парағы.
Айтылмай кеттi көп арман,
Айта алмас оны көк орман.
Құлпытас та оны айта алмас
Қаралы гүлге оранған...
Айтылмай кеттi көп арман...
АЛЬПИНИСТЕР
Аспанында Алтайдың күн дөңгелеп,
Альпинистер барады шыңға өрмелеп.
Жалаң қия,
Жақпар тас жап-жалаңаш,
Алмағайып бередi кiмдер көмек?
Тiк шаншылған найза шың,
Құлама құз –
Шыбын таяр шыңылтыр!
Сұрамаңыз!..
Қылдырықтай арқанды саумалаған
Жүрек жұтқан жандар-ау, сiрə, нағыз?!
Жастық қуат,
Лаулаған қайрат бойда
Қылға iлiнген тағдырын ойлатпай ма?
Кəрi қойшы қасымда күңкiлдейдi:
«Ерiккендер!
Одан да қой бақпай ма?»
Шыңға шыққан жандарға құмартам да,
Тiс жармаймын,
Кəрiге кiнə артам ба?!

108
Альпинистер биiкке тырмысады,
Қосақталып барлығы бiр арқанға.
Табан тiрер тас тауып тақыр шыңнан,
Тарландар-ай,
Өтуде батыл сыннан.
Үрейi ұшып қарайды жоғарыға,
Төмендегi талайлар батырсынған.
Шалқайғанда бөркi ұшып басындағы,
Күңкiлдейдi қарт əлi қасымдағы:
«Шың басына шыққаннан не табады,
Тығып қойған бар ма екен асылдары?»
Болмаған соң еш пайда түсiрерлiк,
Түсiнбейдi жай затты түсiнерлiк:
Пайдасының бар-жоғын тексермей-ақ
Шыңға шық деп берiлген кiсiге ерлiк!
Мөлдiр көкте тұрғанда күн дөңгелеп
Ешбiр пенде қала алмас бiзден бөлек,
Тағдыр атты арқанға қосақталып,
Бiз шығатын бiр шың бар бiрге өрмелеп...
ЖЫЛДАМДЫҚ 
НЕМЕСЕ 
МОТОЦИКЛ МIНГЕН ЕКЕУ
Үш аяқ мотоциклдiң
Көсiгiнде бала отыр,
Бесiгiнде шал отыр.
Тiзгiндегi ұлы мəз,
Шалдың шыбын жаны отыр.
Мотоцикл зулайды,
Жел құлақта шулайды.

109
Долы желдiң екпiнi
Шалдың көзiн сулайды.
– Өлтiремiсiң, апыр-рым,
Ақырын жүр, ақырын!
– Ақырын жүрiп келемiз,
Жылдамдық – жүз-ақ шақырым!
Бала газды басады,
Шал шошынып сасады.
Дөңгелектiң астынан
Жол зымырап қашады.
– Жындандың ба, немене,
Жай жүр, өлгiң келе ме?
Бала күлер қарқылдап,
Шал қушияр қалтылдап...
Жас кезiнде жүйрiкпен,
Қасқыр қуып шүйлiккен,
Желден озған мына атай,
Үрейлендi-ау, ұят-ай!
Жас көңiлдi тасытқан,
Қарт көңiлдi жасытқан
Жылдамдықтың қуаты-ай!..
ТҮСIМДЕ БАЛА БОЛЫППЫН
Түсiме бүгiн кiрдi ауыл,
Түсiмде жүрдiм бала боп.
Басымда ой жоқ зiлмауыр
Жанымда мұң жоқ, нала жоқ.
Пəтерден көшкен пəтерге –
Пендесi емес қаланың,
Тойынған бал мен шекерге
Еркесi екем даланың.

Емшектен шыққан балама,
Жүргем жоқ тiптi сүт те iздеп.
Кiлегей тартқан анама
Тұр екем деймiн «жұтқыз» деп.
Түсiмде қудым көбелек,
Қиналып шабыт қумадым.
«Ақынмын мен, – деп, – керемет!..»
Ешкiмге кiтап жумадым.
Балалық деген осы да,
Ойнаймын, ой да бақпаймын.
Көп iшiп кеткен досыма
Күйiнiп ұрсып жатпаймын.
Жылғада жүзер қайығым,
Жағада жортам бүлкiлдеп.
Тергемес менi зайыбым:
«Түнiмен қайда жүрдiң?..» деп.
Баламын, мiне, түсiмде,
Ысқырып айтам өлеңдi.
Бiлмеймiн тiптi, iсiм не,
Қасiрет, қайғы дегендi.
Шiркiн-ай, қандай ғажайып,
Балаға қайта айналу.
Санаңнан салмақ азайып,
Алаңсыз көңiл жайлану.
Саяхат жасап оралдым,
Балалық деген жұмаққа.
Жатырмын келмей оянғым,
Ояну қажет, бiрақ та!..

111
ТАЯҚ САТЫП ƏПЕРШI
Қасына əкем шақырып бүгiн менi,
Қалың ойын үркiтiп түрiндегi:
– Буын қақсап,
Аяғым бастырмай жүр,
Таяқ сатып əпершi, ұлым, – дедi.
От пен суды көп кешкен майдангердi,
Қайырлатқан кəрiлiк қайдан келдi?
Еуропаны жаяу-ақ кезген сарбаз
Ыңылдайды ерiксiз «əудем жердi».
Есiме алып сонда мен өтемеген
Парызымды
Əкеме мəпелеген,
Бала күнгi өзiмдi елестеттiм:
– Ойыншық сатып əпершi, əке, – деген.
РОЯЛЬ
Қандай
мынау рояль мөлдiр едi?
Қара түннiң бояуын төндiредi.
Қақпағы ашық.
Қаптаған клавишке
Қалың ойда пианист телмiредi.
Басқанында бұл күйшi клавиштi,
Тыңдаған жан зəмзəмнан бұлақ iштi.
Саз шалқитын сиқырлы саусақтардан
Лəззаты пейiштiң рəуiштi.
Клавиштер
Бiрi – ақ,
Бiрi – қара,
Бiрi – шаттық,
Бiрi – ой,
Бiрi – нала.

Бейне бұған тұрғандай «еркелет» деп,
Секiлденiп рояль тiрi бала.
Ақ пен қара тiлдерi клавиштiң
Самайына ұқсайды пианистiң:
Қарашаны көп көрген қара орманның
Қылаңытып басқандай қырау үстiн.
Қара мен ақ қалайша жарасады?
Жамылғандай аппақ қыз қара шəлi.
Тiл қатады күйшiге қарсы алдынан
Махаббатқа өртенген бала шағы.
Өз-өзiнен күйсандық күмбiрлейдi,
Қайғысынан кiсiнiң дым бiлмейдi.
«Жас едi ғой күйшiмiз, өрт едi ғой,
Қырау басқан самайын бұл кiм?» – дейдi.
Күн нұрындай күй саулап тұнық көктен
Арқа қозып, күйшiден ырық кеткен.
Əттең, дүние-ай, шалқып бiр ойнар едi-ау,
Зұлым соғыс бiр қолын жұлып кеткен!..
Қарсы алдынан өрбiген ноталары,
Оқиды да жүрегi от алады.
Теңiздейiн толқыған асау сазды,
Көзбен көрiп,
Көңiлмен қотарады.
Алай-дүлей күй кернеп көмекейiн,
Алмақ болып,
өмiрден көп өтеуiн.
Клавишке шабытпен төндi күйшi,
Кеттi ұмытып қолының жоқ екенiн?!.

113

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал