Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет16/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ҚАНАТҚАҚҚАН
(аңыз)
Бұл ғұмыр – дария-дəурен, ғазал-дастан,
Ғазалды жаза алмастан мазам қашқан.
Көңілдің архивіне көміп едім,
Көнедей көп сүрленіп, тозаң басқан.
Ер өткен Бақанаста Кəмей деген,
Бағы асқан бай да демен, кедей демен.
Сияғы жантақпенен жанасса да
Қиялы көк аспанды шенейлеген.
Аңыздың маңызын да есептемей,
Жүрсек те мойын бұрмай өсекке кей,
Бұл тарих елеуішпен елегенде,
Кепсерден өтпей қалған кесек Кəмей.
Ер Кəмей алмағайып түс көріпті,
Сол түсін бір көргенде үш көріпті.
Өз түсін өзі жорып,
Жаранына
Жар салып, жинатыпты күш-көлікті:
«Мен үшін ашылып тұр көкке қақпа,
Ұшамын қанат байлап Мекке жаққа.
Беріңдер сексеуілден тау тұрғызып,
Ағайын, қол қусырып текке жатпа!
Жолымды өткелектер сан күрмеді,
Жұмсап тұр бір қиырға тағдыр мені.
Аталар аян беріп:
«Көкке ұшасың,
Қанатын аққу құстың алдыр», – деді.
Қанаты аққу құстың қайда, ағайын,
Қанеки, əкеліңдер, байланайын.

357
Ұшайын құрбан шалып, құран ашып,
Атамның аянынан айналайын.
Жосықта жөпшеңкіден жасқанбап ем,
Жазмыштан құтылмайсың қашқанменен.
Жұрт құсап жер бауырлап жүре алмаймын,
Меккеге мен барамын аспанменен!».
Біздерге жеткізгендей уəлі аңыз,
Ер Кəмей жігіт екен дуалы ауыз.
Ел-жұрты сексеуілді тау қып үйді:
«Ғажапты көреміз деп, міне нағыз».
Түйемен түп тамырдан суырғанда,
Қалмапты бір сексеуіл жуыр маңда.
Ілеге сол бір жылы аққу қонбай,
Қанаты бірқазанның бұйырғанда.
Бақанас – құмды-нулы, сабатты аймақ,
Іленің суы жатты жалап қаймақ.
Біреулер тұрған кезде тамақты ойлап,
Биікке Кəмей шықты қанат байлап.
Əзелден əуелеуге ақын ғашық,
Төменде тілеулес ел мақұлдасып,
Қанатын қомдап қойып Кəмей тұрды,
Көңілі көк аспанмен жақындасып.
Сыбырсыз, сілтідейін жел тыныпты,
Сабырсыз, сақабатты ел тұрыпты.
Көрсетіп жұрт көрмеген ер қылықты,
Секіріп Кəмей сері серпіліпті!
Қиялы сол қазақтың жыраққа ұшты,
Ғаламның тарту күші, бірақ күшті.
Сексеуіл төбесінен секіргенде
Қанаты қалбаң қағып құлап түсті!..

Кəмей ер құлап жатып көтерем боп,
Айтыпты: «Аманатты өтегем жоқ.
Бірқазан болдым, əттең,
Аққу болсам –
Сыңғырлап Меккеге ұшып кетер ем!» – деп.
Қанатты ғасырлардың басы болған,
Адамды аспандатар асыл арман.
Тоқтар мен Талғаттарды көкке тартқан,
Кəмейдің ұлы ерлігін
Жасыра алман.
Жасартып жататұғын кексе құмды.
Кім бар-ау тұғыр еткен сексеуілді?
Құм шөлмен тіршілікке көп таласып,
Сексеуіл бұл ғұмырда көп шегінді.
Береке Бақанасқа егіз біткен,
Ұша алмас қырғауылы семіздіктен.
Қояны тоқтыдайын томырылып,
Аңшысы арылмаған қолүздіктен.
Іле су, аман болсын ақ шағалаң,
Бірқазан құсыңды да жат санаман.
Өмірі естен кетпес осы аңызды
Естіп ем Өмірзақтай жақсы ағадан.
Жеткен соң бір ұшқыны нұр ғазалдың,
Десем де бұлттан биік жыр жазармын;
Аққудың қауырсыны қат болған соң,
Қанатын қалам еттім бірқазанның...

359
ШІҢГІЛ
Армысың, Шіңгілдегі туысқандар,
Жүрегі алтын, білегі құрыш жандар.
Əн-күй боп сызылғанда сағынышы,
Жанымен, көңілімен ұғысқандар.
Беу, Шіңгіл – мөлдір мекен, мөлдір өзен,
Мөлдірлік алға шығар келді кезең!
Қайнарын қара Ертістің бір көрсем деп,
Мен бүгін тауға шығып, жерді кезем.
Қауышып наурызда қыз-көктеммен,
Өр Алтай еріп жатыр мұз бөктерген.
Алаштың армандас бір ақыны едім,
Арғынбек, Құрманбекті іздеп келген.
Өнердің ұясы екен Шіңгіл деген,
Таулары домбырадай күмбірлеген.
Қос ішек сенен бұрын шертіп берер
Сырыңды сыртқа жайып үлгірмеген.
Аспаннан ағып түскен күміс тасқа,
Дариға-ай, жүректегі жыр ұштасса...
Төбеңнен күміс түгіл алтын жауар,
Құт дарып, Құдай иіп, ырыс тасыса!
Қызығар Қарғын тауға көкте қыран,
Қызыр жер жұлдыз түсіп, бақ дарыған.
Естісем Сұлубайдың сұлу үнін,
Бұлғын боп Ұлы үңгірге ақтарылам!
Белқайың, Сəукелетас, Жаятасым,
Тарихты қалғып кеткен оятасың.
Ебі тау, Күреңмөрін, Алтын қада,
Бұл қазақ қастерлемес қай атасын?!

Үзілген Армантыда қыршын арман,
Үздігіп талай ақын жыр шығарған.
Бұл Шіңгіл – Шыңғыс қаған бас иген жер,
Еңсегей Есукейдің жұрты қалған.
Өр Алтай, шанақ Шіңгіл, тиек Шіңгіл,
Өзім деп келіп қалды тілекшің бір.
Шіңгілдің сұлуларын көрген кезде,
Еріксіз сыздайды екен жүрек құрғыр!..

361
ҚАРА ПИМА
Бірінші тарау
I
Алай да дүлей ақ боран,
Ысқырып,
  
ұйтқып,
  
 
бұрқырап.
Аттаған жанды қақпадан,
Қақпақыл қылар жұлқылап.
Апшысын жердiң қуырып,
Аранын аспан ашқандай.
Ақ бұлттан қылшық суырып,
Алапат күшпен шашқандай.
Мына үй жансыз сықылды,
Күртiкке кеткен көмiлiп.
Мұржадан шыққан түтiндi
Жатыр ма жалмап жел үрiп?
Түтектен түк те көрiнбес,
Үйшiкте жатыр ит бұғып.
Үйдегi бала көз iлмес,
Көңiлiн көп ой күптi қып.
II
Төсектен қолы салбырап,
Қорылдап жатыр əкесi.
Жетінші бөлім
ПОЭМАЛАР

362
Жабағы мұрты жалбырап,
Бораннан келген бетi осы.
Келдi де, мiне жығылды,
Арсы да гүрсi киiмшең.
Сақалын қойған қыруды,
Сықпытсыз көрсең түрiн сен.
Түнерiп қыртыс қабағы,
Жөтелiп қояр əредiк.
Төсектен жерге тамады,
Етiктiң лас қары ерiп.
Түймеден түк жоқ тондағы,
Шалбардың анау жыртығы.
Əйелi қайтыс болғалы,
Iшiп жүр, мiне, күн-түнi.
Iшуге сылтау табылар,
«Iшемiн, – дейдi, – күйiктен».
Қызған соң айтар əнi бар:
«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең!»
III
Баланың жайын еске алып,
Көршiлер күнде келiп жүр.
Жылы ұстап үйдi, пеш жағып,
Уақтылы тамақ берiп жүр.
Басқалар жуып киiмiн,
Күтiмiн алған баланың.
Еденiн сүртiп үйiнiң,
Қарасып қояр сабағын.
Қаршадай ғана жетiмек,
Өзегiн өртер нала-мұң.
Шөлдейдi шерлi көкiрек,
Мейiрiмiне Ананың.

363
Əкесi болса күнде мас,
Қалғалы қашан жұмыстан.
Ақылды ешбiр тыңдамас,
Достармен түгел ұрысқан.
«Iшудi қой» деп келгенде,
Жанашыр достар,
             көршiлер.
«Қоямын мұны өлгенде,
Арағың болса, бершi» дер.
Салса да талай жиналып,
Түспедi пайда талқыдан.
Серт берсе бүгiн қиналып,
Қайта iшiп кеткен артынан.
Қызып ап кейде «сорлым» деп,
Құшақтап ұлын жылайды.
«Арақты ендi қойдым» деп,
Төсекке барып құлайды.
Əкесiн сонда бас салып,
Кемсеңдеп,
       ернiн тiстелеп,
Көзiнен ыстық жас тамып,
Жалынар:
«Əке, iшпе!» деп.
Əкесi, бiрақ оянса,
Ауырған басын уыстап,
Тордағы байғұс қоянша,
Құнысып бойы құрыстап.
Түк таппай қойнын ақтарып:
«Сен барсаң берер көршiлер,
Пəленнен қарыз ақша алып,
Дүкенге барып келшi» дер.

364
«Қалтамда түгiм қалмады,
Өртейдi қайғы iшiмдi.
Жазылса басым болғаны,
Қоямын, – дейдi, – iшудi».
Айықпас iшсе жетiлеп,
Уəде талай желге ұшып.
Өткiзiп шөлмек кетiп ед,
Бүгiн де мiне келдi iшiп.
Бiреудi сыбап дөрекi,
Қызара бөрткен сиықпен.
Былдырлап жатып қор еттi:
«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең...»
IV
Көршi кеп мiне бүгiн де,
Əзiрлеп тамақ балаға:
– Дайындал, – дедi, – жүруге,
Барамыз ертең қалаға.
Басылса мынау борасын,
Жүрермiз ертең, қарағым.
Оқитын ендi боласың
Интернатында қаланың.
Ол жерде, жаным, бəрi бар,
Ғажайып əсем мектебi.
Жақсы ұстаз, дос та табылар,
Ол жақта қызық көп, тегi.
Мұз айдын қандай ол жерде!
Барғанда өзiң көресiң.
Бередi коньки сендерге,
Достармен бiрге тебесiң.
Бiр үйде тұрып көп бала,
Сабақты бiрге қарайсың.

365
Ойнайсың бəрiң топтана,
Баруға, кəне, қалайсың?
– Əкем ше?
– Əкең емдеуде
Азғана уақыт болады.
Емделiп үйге келгенде
Iшудi мүлдем қояды.
– Ура! – деп бала қуанып,
Мұңайып сосын:
– Итiмдi
Жүрейiн, – дейдi, – бiрге алып,
Қимаймын, сондай сүйкiмдi...
V
Тiзесiн құшып диванда,
Бiр кезде Бала мызғыды,
Бiлмейтiн сынды тұр ма алда,
Тағдырдың ащы тұздығы?
Гуiлдеп боран далада,
Көшенi қармен көмедi.
Түсiнде Бала қалада,
Зырлатып коньки тебедi.
Интернат...
Айдын....
Жап-жарық...
Көп адам...
Бұл жүр iшiнде...
Анасы бұған таң қалып
Қарап тұр екен түсiнде.
Жанары қандай, жанары!
Мейiрiм тұнған шүпiлдеп.
Сүйедi келiп Баланы:
– Бармын ғой, жаным, шүкiр... – деп.

366
Бетiне бетiн тақап тым,
Бала айтар:
– Ендi кетпе! – деп.
– Сабақтан кеше екi апсың,
Өзiңе қалдым өкпелеп.
Кетемiн!..
Бол, – деп, – хош-аман... –
Анасы ғайып жоғалды.
– Кетпешi, Апа, «бес» алам!.. –
Кемсеңдеп Бала оянды.
Жуыпты бетiн көз жасы,
Ойында Ана елесi.
Зеңiптi басы болмашы,
Тоңазып қапты денесi.
Əкесi басын көтерiп,
Акырды қолы дiрiлдеп:
– Жылағаныңша кет өлiп,
Бастама жаман ырым! – деп.
VI
Əзер деп басып солығын,
Əйнектен тысқа қарады.
Аспанда нұрсыз өлi Күн,
Еңкейiп кетiп барады.
Бəсеңдеп боран тынысы:
Борайды жердi бауырлап.
Əкесi тұрды тырысып,
Қабақтай басын ауырлап.
Естiлдi сырттан ысқырып,
Отыр бұл неғып жөнемей.
Ойнап жүр бəрi,
Үскiрiк,
Бұрқасынды да елемей.

367
«Достарым жүр ғой далада,
Отырғанша үйде қамалып,
Кетем деп ертең қалаға,
Айтайын да бiр жаңалық!..»
Киiнбек едi...
– Отыр! – деп,
Əкесi тыйып тастады.
– Салып қой пешке отын! – деп,
Қалтасын қармай бастады.
Киiм жоқ,
Тесiк тиын жоқ,
(Бiр кезде болған, əрине!)
Үйде де ешбiр бұйым жоқ,
Араққа салған бəрiн де.
Сатылған:
Қой мен сиыры,
Домбыра, сағат, кiлем де.
Жарының бүкiл киiмi...
Табылмас қазiр бiрi емге.
Ойында шөлмек «күлiп» тұр,
Ғашығындай боп ең қымбат.
Шытынап басы сынып тұр,
Шағады миы солқылдап.
Қалтасын қайта сiлкедi,
Қазына тауып алардай.
Көзiмен үйдi тiнтедi
Сататын нəрсе таба алмай.
Сенделген сарсаң күйiмен,
Шөлiркей аңсап қимасын.
Қолтықтай шықты үйiнен
Ұлының қара пимасын.

368
Жалынышты үнмен тiл қата,
Жанында ұл жүр айналып.
– Пимам ғой менiң бұл, папа,
Барасың оны қайда алып?
Ызалы жүзi ызғар боп,
Əкесi:
– Кетшi ей, – десе де,
– Баласы:
– Пимам, пимам! – деп,
Бiрге ере шықты көшеге.
Жабысты жолын кес-кестеп,
Көз жасы тарам-тарам боп:
– Пимамды, əке, тастап кет,
Қалаға қалай барам?.. – деп.
VII
Кешкiрген мезгiл.
Тауықтар
Шақырып жатты қорада.
Табанын кеттi қарып қар,
Елейтiн оны Бала ма?!
Қызараң қақты күртiктен,
Жалаңаш тобық сол шақта.
Мөлт еткен тамшы кiрпiктен
Айналды мұзды моншаққа.
Қамшыдай қатқан түрi бар,
Əкесi басты аршындап.
Қабаған иттей сүрi қар,
Табанда жатты арсылдап.
«Пимамды қалдыр, папалап»,
Баласы қалмай жүгiрдi.
Шарт етiп шойын шапалақ
Омбылап қарға жығылды.

369
Қанғандай содан айызы,
Əкесi ұзап барады.
Қанды қар болып ауызы
Соңынан ұлы қарады...
Үскiрiк үрлеп есiрдi,
Əкенiң үзiп қарасын.
Етiктiң iзiн өшiрдi,
Жүгiрiп жаяу борасын.
Дегендей «ендi өшемiн»
Күн бетi күңгiрт тартты да,
Сапырды қарын көшенiң,
Қаһарға мiнiп «қарт құда...»
Екінші тарау
I
Мынау үй жансыз сықылды,
Күртiкке кеткен көмiлiп.
Мұржадан шыққан түтiндi
Жұта ма, əлде жел iлiп?..
Бастырған мұртын сəндi етiп,
Нар кеуде,
Тiп-тiк иық кең.
Келедi бiреу əндетiп:
«Өмiр-ау, неткен сүйiктi ең!»
Оралды сол бiр кеткеннен,
Үйiне əке «емделiп...»
Есiкте құлып...
Жоқ пенде...
Аш ит жүр жалғыз сенделiп...
Есiкке жеттi ентелеп,
Жинаған жандай бұл есiн.

370
Ит қана келiп еркелеп,
Қарсы алды жалғыз иесiн.
Қаңырап жатыр тұрағы...
Абдырап, сасқан күйiнде.
Бара сап ұлын сұрады
Көршiнiң кiрiп үйiне.
II
Күмiлжiп көршi:
– Ден сау ма?
– Ұлымды?
– Ұлың – қалада...
– Интернатта ма ол сонда?
– Жатыр ғой ауруханада...
– Науқас па?
Қалай?
Қай уақтан?
– Айтады «суық шалған» деп,
Боранда, бiлем, көп жатқан
Ұлың – сау...
Түк те болған жоқ...
Жығылып жатқан жерiнен
Балалар тауып алыпты.
Бұрнағы күнi барып ем –
Берi қарап бетi қалыпты.
Қорқатын түк жоқ... бiтедi
Ойдағыдай боп бəрi де...
Өзiңдi ылғи күтедi
Қарамай жатып əлiне.
Бəрi де жақсы...
Жазылар...
Үйiңнiң мiне кiлтiн ал.
Жартылық пенен қазы бар,
Бойыңды аз-мұз жылытып ал...

371
– Атама! Ұрттап тағы мен...
Құрысын...
Болғам шаталып...
Ұлыма сыйлық алып ем,
Берейiн соны апарып...
III
Қар күреп болып,
Пеш жағып,
Келтiрдi үйiн бап күйге.
Жары мен ұлын еске алып,
Жападан-жалғыз жатты үйде.
Өртенiп жатыр өзегi,
Ұзақ түн едi бұл неткен?!
Ағады ойдың өзенi,
Түбiне ойдың кiм жеткен?!
Өзiнiң өткен өмiрiн
Қараса барлап,
Саралап:
Қыруар жұрттың көңiлiн
Жұтатқан екен жаралап...
Дүниеден өтiп жан-жары,
Басына қайғы түскенде,
Ұмыт боп үйi, мал-жаны,
Салынып, тозып iшкенде.
Жанашыр дос пен жақыны,
Ақылмен де айтты, ұрсып та.
Достардың бiрақ ақылы
Қонды ма мұндай қырсыққа?!
Тыңдамай өскен жасынан
Өзiнен басқа ешкiмдi.
Асқанда барып басынан
Қатесiн ендi кеш бiлдi.

372
Тұғырдан өзiн құлатқан
Iшкiлiк десе жеркенiп,
Өкiнiш пенен ұяттан,
Өлердей болды өртенiп.
Терiс бiр жолға түсiп ап,
Тайғанап,
Құлап,
Құлдырап.
Жiгерi құм боп, пышырап,
Жоғалғанда үмiт бұлдырап...
«Құрыған,
Бiткен адам» деп,
Қол сiлтеп кетпей достары,
Тегiн бе бұған алаң боп,
Қатарға əкеп қосқаны?
Басынан өттi-ау қилы күн,
Ол күннен мүлде безiндi.
Ұлына алған сыйлығын
Құшақтап ендi көз iлдi.
Өкiнiш...
Нала...
Мың күдiк...
Өң менен түстiң арасы...
Жатқандай болды шыңғырып,
«Пимамды бер!» деп баласы...
IV
Таңертең келген үйiне,
Достарын көрiп шаттанып.
Шайдан соң буып-түйiне,
Ұлына кеттi аттанып.
Қобалжу енген түрi бар,
Келедi əке аршындап.

373
Қабаған иттей сүрi қар
Табанда жатты арсылдап.
Сан сезiм iште арбасып,
«Ұлым...» деп жаны езiлген.
Уайым-күдiк алмасып,
Көңiлден күлкi безiнген.
Самолет дейтiн құспенен
Жедел-ақ жеттi қалаға.
Ақшаңқан автобуспенен
Тiрелдi ауруханаға.
V
Ақ төсек.
Аппақ бөлмеде
Шалқалап жатқан көрдi ұлын.
Тұрмайды атып ол неге?
Танымай ма əлде, келдi кiм?
Қарады өңi қуарып,
– Келдiң бе, əке?! – деп Бала.
Жатқанын оның қуанып
Жанары айтты тек қана.
Қазақы қара көздерi,
Қарайды мұңмен жаудырап.
Абыржып əке төзбедi,
Аузынан сөзi саудырап.
– Бармысың, жаным, балам-ай?!
Соңына назар салмастан
Жылатып кеткен қарамай,
Əкеңдi кешiр алжасқан...
Қалайсың?
Тəуiр болдың ба?

374
Естiдiм суық тидi деп.
Келдiм ғой жер боп мен мұнда,
Кешiр... – деп ұлын сүйдi кеп.
Сонан соң сасып, күйбеңдеп,
Суырып сəлем-сауқатын.
Шығарды «мынау үйден» деп,
Əкелген асын-ауқатын.
– Сыйлығы да бар əкеңнiң
Шыққанда өзiң кисiн деп,
Жап-жаңа пима əкелдiм,
Аяғы тоңбай жүрсiн деп!
Бұрқырап боран борасын,
Тоңбайсың ендi сен, əсте?!
Қарашы, мiне, қарашы,
Тамаша пима емес пе?!
Жөтелден сонда қиналып,
Қолымен басып өкпенi.
Баласы:
– Ендi пиманың...
Қажетi маған жоқ... – дедi.
– Не дейсiң?
Не-е, – деп, – құлыным? –
Бойынан қайрат, əл кете,
Ақ жамылғыны ұлының
Үстiнен жұлып алды əке.
Қараса... кеште баяғы...
Пиманы сатып, ант ұрған...
Үсiген екi аяғы...
Кесiлген екен балтырдан!..

VI
Аһ ұрды əке қинала,
Қолынан сусып жабылды
Көмiрдей қара пимаға
Ақ қардай аппақ жамылғы...
Сəл ғана тершiп шекесi,
Баласы жатыр қалжырап.
Еңiрегенмен əкесi
Босаған да жоқ Ол, бiрақ.
Көзiне қалған мұң ұйып,
Есейген, ойлы пiшiндi.
– Əке, – деп əрең жымиып,
Қойдың ба, – дедi, – iшудi?..
Дəрiгер кеп дəрi-дəрмекпен,
Өлшедi Бала қызуын.
Жатыр ол тыңдап
Əйнекте
Ұшқан бiр шыбын ызыңын.
Шыбынды қуды маңынан,
Қолға алып дəрiгер шыбығын.
– Тимеңiзшi, апай, – жалынам,
Ол, – дедi, – менiң шыбыным...
Əйнектен сəуле бөлшек боп,
Əкенiң түстi басына.
Бұл, əлде оның сол сəтте
Ағарып кеткен шашы ма?..

376
Бақытжан МАЙТАНОВ, 
                  филология ғылымдарының докторы,
профессор
ҰЛЫҚБЕК ЕСДƏУЛЕТ
ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңын ала қазақ поэзиясына сыр-
найдай сыңғырлаған жаңа бір үн араласты. Мектеп оқушысының 
өзіне-өзі сенімді, құлын мүшесі шиыршық атқан жырлары талай 
кəнігі қаламгерлерді таң қалдырмай қоймады. «Лениншіл жас» га-
зеті, «Жалын»  альманағына  Ұлықбек  Есдəулет  өлеңдері  Шығыс 
Қазақстандағы Зайсаннан ақша бұлт боп ұшып келді. Əдеби орта-
ға бірден танылу – кез келген ақынның үлесі емес. Ұлықбектің жұл-
дызы сол кезден-ақ жарқырап жанды. 
1972  жылы  Қазақ  Ұлттық  университетінің  журналистика  фа-
культетіне  келіп  түскенге  дейін  ол  облыстық  «Коммунизм  туы» 
газетінде қызмет істеп, шыңдалады. Жоғары білім алған соң, рес-
публикалық  басылымдарда,  ҚР  Сыртқы  істер  министрлігінде, 
ҚР  Мəдениет,  ақпарат  жəне  қоғамдық  келісім  министрлігінде 
жауапты  жұмыстар  атқарған  ол  поэзия  кемесіндегі  ғимараттың 
биік қабатынан төмен түспеді. Қазір Қазақстан Жазушыларының 
əдеби-əлеуметтік  «Жұлдыз»  журналын  басқарады.  Қазақстан 
Жастар  Одағының,  Халықаралық  «Алаш»  əдеби  сыйлығының, 
ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты. «Құрмет»  орденімен, 
Ресейдің Есенин алтын медалімен марапатталуында заңдылық бар. 
Əр уақытта жарық көрген жыр жинақтарына Қ.Мырза Əли («Көз-
деріңе  ғашықпын». – 1974 ж.),  Қ.Шаңғытбаев («Жұлдыз  жары-
ғы». – 1977 ж.), Ə.Кекілбайұлы («Киіз кітап». – 2001 ж.) алғысөз жа-
зып,  батасын  берген.  Жекелеген  кітаптарын  атамағанның  өзінде 
Ұ.Есдəулет таңдамалы шығармаларының 2 томдығын (2006), шы-
ғармалар  жинағының 6 томдығын (2006-2009) жариялады.  Орыс 
тілінде «Перевалы Алтая» (1988), «Ахиллесова пята» (2003) атты 
жинақтарымен танымал. Əлем халықтарының классик ақындарын 

377
қазақша сайрату – Ұ.Есдəулет үшін қызықты шаруа. «Қара пима», 
«Көздің құны», «Сарыарқа пирамидалары», «Натюрморт» поэма-
лары арқылы эпикалық жанр мүмкіндіктерін соны стильдік өрнек-
термен  толықтырды.  Естелік-эсселер  кітабын («Əбілхаят». – 
2010)  шығарды.  Əріптес  досы  Жүрсін  Ерман  туралы  «Егемен 
Қазақстанда» (11.02.2011) «Ұлытауға іні тау» атты мақала жария-
лады.  Сонымен,  əдеби  сынды  тұтас  қаламгер  қауым  ортақтасып 
өріске  қондыратынын  дəлелдеді.  Бұл  оның  «Ынтық  зар» (2009) 
кітабымен  бірге  ХХІ  ғасыр  əдебиетінің  ұлы  шеруіне  мерзім 
жағынан  басы  ашық  түрде  қосқан  үлес-қадамын  саралауға  негіз 
береді.  Қара  өлеңнен  сараңдық  көрмесе  де,  Ұ.Есдəулет  асықпай 
жазады,  талғаммен  тыныстайды,  саннан  гөрі  сапаны  бағалайды. 
Ақынның  «Намаздыгерде  қолатта», «Іздер», «Жаңбырлы  таң», 
«Альбомға», «Фатализм», «Мен  сені  ғұмыр  бойы  іздегенмін» 
тəрізді  т.б.  аймаңдай  өлеңдерінде  өмірдің  терең,  қайшылықты 
табиғаты, ақын жанының күрделі, күрескер болмысы іргелі сөздің 
поэтикалық құдіретімен сомдалады. 
Ə.Кекілбайұлы  Ұ.Есдəулеттің  «Қазақия»  өлеңі  туралы  мына-
дай алыстан қозғайтын ойын талқыға салады: «Дəл бүгін ешқай-
сымыздың  кешегінің  тұтқынында  қалуға  қақымыз  жоқ.  Еліміз 
үшін,  жеріміз  үшін  шыңдап  күйзелетініміз  рас  болса,  алдымен 
өзімізді-өзіміз  қолға  алып,  ақыл  мен  сезімді  өкпе  мен  бопсаға 
қор  қылмай,  үміт  пен  тəуекелге  билетпегіміз  абзал».  Тəуелсіздік 
қазақ халқы үшін сын мен сынаққа толы дəуірге аяқ басқанымызға 
айғақ. Осы шығармасында шайыр туған ұлтының бар байлығын, 
бақуатты болашағын ең бастысы азаттықпен байланыстырады. 
Ал «Ынтық зар» кітабындағы «Бостандық» жырында ол: 
Азаттықты ар-намысқа сыңар қып,
Сұлап едік самырсындай құлар тік.
Қаншама ақын атыңды атап көз жұмған,
Жүректер мен жүйкелерге жүк артып. 
Сыңғырлаған бұлақтарды суалтып, 
Сыбдырлаған құрақтарды қуартып, 
Үміт нұры үзілерде үздігіп,
Келген едің жыл құсындай қуантып.
Енді бүгін қадіріңді қашырдық,
«Сенген қойым, сен болсаң...» деп кінə артып... 
О, Бостандық! – 

378
дейді. Осындай атпен Мағжаннан бастап талай сүлей жыр перне-
сін күйлеген. М.Жұмабаевтың «Бостандықты» ұшып кетуі мүмкін 
құсқа  теңеуі  сол  заманда  қате  болмағаны  аян.  Шын  азаттықты  
аңсаушылар  ХХІ  ғасырға  да  жетті.  Ақынға  межелеп  айтылатын 
толғам  жалпы  халықтың  саны  жоқ  шексіз  ғасырларға  созылған 
еңсегей мұраты мен мұңы екені түсінікті. Метафора, теңеу, метони-
мияға  құрылған  алғашқы  шумақта  осы  қастерлі  жолда  құрбан 
болған  арыстар  мен  боздақтар  бейнесі  айшықталған. «Жүректер 
мен  жүйкелер»  концептісі  тақ  сандық  ұғымдармен  шектелмейді. 
Олар тұтас ұлттың саналы бөлігіне тəн асқақ əрекеттерді символи-
калық  аяда  тұспалдамақ.  Нəтижесі  белгісіз  ұзақ  күрестің  ауыр 
салмақ-салдары таңбаланады. 
Екінші  шумақта  метафора,  теңеуге  қосымша  эпитет  пен  кері 
үдету амалдарының үлесі артады. Аллитерация, арнау үлгісі фразео-
логизм, пармеологиялық тəсілдер атқаратын логикалық, стилисти-
калық қызмет негізінен бұрынғы мəтіндерді қайталамау ниетімен 
ерекшеленеді. Концептуалдық тұрғыда да сонылық бар. Ұ.Есдəулет 
тəуелсіздікті  ес-түссіз  лепіріп  дəріптеуден  аулақ.  Оның  бір  шеті 
жасандылыққа соғар еді. Сыншыл көзқарас үстемдік алады. Елдің 
азаттығын  жалпылама  даңғаза  ұранға  айналдырудың  зардабы 
жоқ  емес.  Əдеттегі  қарапайым  мəтел  ирониялық  əсер  тудырады 
əрі  юмордан  да  алыс  қонбаған.  Уақыттың  біржақты  жақсылығы 
ғана  емес,  қарама-қарсылыққа  толы  заңдылықтары  топшылана-
ды.  Постмодерннің  бері  мысқылын  (самопародия)  қолтығына 
қыстырған мейлінше реалистік мақамның тұғыры биік. 
Өлең «Бостандыққа» əртүрлі биіктен қарауымен ойлау демокра-
тизміне жол ашады. Азаттықты сүймеу мүмкін емес. Ал халықтың 
көпшілігі одан тек қана игілік, молшылық, шексіз еркіндікті күте-
рі хақ. Қоғам тынысы мұндай жұмақты ұнатқанмен, шындық əлде-
қайда  күрделі.  Бостандықты  қолға  алу  аз,  оны  қорғау,  жетілдіру, 
тұрақтандыру неғұрлым қиын. Ақын өткен, бүгінгі жəне болашақ 
уақыт пен кеңістік аяларын табыстыру арқылы мəселенің шешімін 
ұстата салуға ұмтылмайды, тəуелсіздікке қатысты мейлінше терең, 
диалектикалық көзқарастың қажеттігіне меңзейді. 
Ұлықбек  Есдəулеттің  жаңа  жазған  туындыларының  бірі – 
«Қанатқаққан». Белгілі бір дəрежеде баллада жанрының талапта-
рына  сай  сюжет  пен  композиция  құрылымы  анық.  Поэтикалық 
ойға негіз болатын аңыз  тым алыс заман емес, бергі уақыттарды 
қамтиды. Мазмұны жағынан асқақ романтикамен астарласып қой-
майды, трагикомикалық жағдаймен де жапсарласып жатыр. 

379
Ер Кəмей алмағайып түс көріпті,
Сол түсін бір көргенде үш көріпті. 
Өз түсін өзі жорып,
Жаранына
Жар салып, жинатыпты күш-көлікті: 
«Мен үшін ашылып тұр көкке қақпа,
Ұшамын қанат байлап Мекке жаққа.
Беріңдер сексеуілден тау тұрғызып, 
Ағайын, қол қусырып текке жатпа! 
Жолымды өткелектер сан күрмеді, 
Жұмсап тұр бір қиырға тағдыр мені. 
Аталар аян беріп: 
«Көкке ұшасың, 
Қанатын аққу құстың алдыр» деді. 
Оқиғаның  топографиялық  картасы  Іле  бойы,  Бақанас  жерін 
көрсетеді.  Əңгіме  де  рас,  жеткізуші – «Өмірзақтай  жақсы  аға». 
Автор  бұл  хикаяны  ұзақ  мерзім  көңіл  мұрағатында  сақтаған. 
Аңыздың мəні сараптаудан өтеді. Ол туралы жыр түзудің өзін-өзі 
ақтауға тиістігі дəлелденген. Мұсылман дінін насихаттайтын ми-
фопоэтикалық  ұстаным  ұлттық  ділдің  табиғатын  нанымды  аша-
ды əрі шығармадағы концептуалдық меженің əрекеттік шеңберін 
психологиялық  жағынан  тиянақтайды.  Сахара  тұрғындары  үшін 
аян алудың мистикалық құдіреті зор. 
Түйемен түп тамырдан суырғанда, 
Қалмапты бір сексеуіл жуыр маңда. 
Ілеге сол бір жылы аққу қонбай, 
Қанаты бірқазанның бұйырғанда. 
Жыр жолдарынан əлқиссалық (сказовость) үрдіс орын алады, 
көпшілікке тəн эмоционалдық дағдарыс полифониялық стиль əрі 
ауызекі сөзге бейімделу нəтижесінде шынайы бейнеленеді. Эпос 
дəстүріндегідей  əсірелеу  мен  күтпеген  оқшау  кедергінің  қарама-
қарсы  семантикасы  айшықталады.  Осы  қарама-қарсылық  мотиві 
аңыз  арқылы  жүзеге  асуы  мүмкін  қиялдың  аяғына  жем  түсіреді. 
Аққу мен бірқазан түр-түсінің ұқсастығы болғанмен, мəн-маңызы 
жағынан  екі  басқа.  Түсте  жобаланған  нұсқа  толық  қалпына  келе 

380
алмаған.  Кəмейдің  асқақ  мақсатына  жете  алмауына  себеп – сол. 
Əйтсе де ақын: 
Қанатты ғасырлардың басы болған, 
Адамды аспандатар асыл арман. 
Тоқтар мен Талғаттарды көкке тартқан 
Кəмейдің ұлы ерлігін 
Жасыра алман, – 
дейді. 
Сенгіштігімен Дон-Кихот сияқтанса да, тілек-мұратының заң-
ғарлығы  Кəмей  бейнесіне  жинақтаушылық  сипат  қосады.  Оны 
еркіндікті, яғни тəуелсіздікті аңсау емес деп айта алмайсыз. «Құм 
шөлмен  тіршілікке  көп  таласатын»  сексеуіл  жəне  аспан  аруы – 
аққу.  Осы  іспетті  антиномиялық  көріністер  символдық  жүйемен 
тамырлас. Маңайында тасбақа жүретін сексеуіл жердің тартылыс 
күшінен аса алмайтын Біздер сияқтымыз. Аққу – біздің арманы-
мыз. Ол бізге жаңбыр боп құйып, нəр төгеді. Олсыз біз қапаста тұн-
шығар едік. 
Логикалық  егіздеу  Пайғамбардың  Пырағы  туралы  апокрифи-
калық мəтінді ассоциативті түрде еске алатын оқырман ойы мен 
сексеуілдің  қызуынан  күш  алып,  аққу  қанатын  жалғап  ұшпақ 
ниеттегі Кəмей мұратын суреттеуден туындаса, лирикалық шегі-
ністе  «бұлттан  биік  жыр  жазуды»  көздеген  шайырға  аққудың 
қауырсыны  табылмай, «бірқазанның  қанатын» «қалам  етуі»  не-
гізгі  фабуламен  сыңарластық  құрайды.  Екі  деңгейдегі  салысты-
ру  поэтикалық  символдың  маңызына  салмақ  қосады.  Демек,  ізгі 
мұрат  орындала  бермейді.  Оған  сексеуіл  тіршілік  бөгет.  Алай-
да  сексеуілдің  беріктігін  ешкім  мансұқ  ете  алмайды.  Автор  шы-
ғармада  ескертетіндей,  бірқазан  да  қайсыбір  тұста  қажеттілікті 
өтеуі мүмкін. Сонда біздің өміріміз шегі жоқ тəуелсіздік – зеңгір 
көкті аңсау мен табанымыз терелетін қасиетті жер бетіндегі шө-
лейт құмдарды жеңу жолындағы күрес арқылы тарамыс қолдары-
на жан бітіреді. Ақын өзін кішірейтіп көрсету тəсілін пайдаланып, 
шығармадағы  таңбалық  шоғырдың  (концепт)  маңызына  филосо-
фиялық бедер үстейді. 
Ұ.Есдəулеттің  «Самырсын», «Тауды  аңсадым»  жырларында 
уақыт пен кеңістік жер үстіндегі биіктік өлшемі аясында пайым-
далады. Ақынның дара мекеншағы бүгінгі халін ертеректегі өршіл 
рухпен салыстырып, кешегіні дəріптеу сарынына құрылады. Шын 

381
мəнісінде  ол  əлеумет  көзіне  қазір  жоғары  көрінері  хақ.  Ал  ли-
рикалық  қаһарман  балапан  дəуірін  асқақ  санайды.  Поэтикалық 
ойдағы  кері  сабақтастықтың  психологиялық  дəйегі – Сағыныш. 
Туған жерге, дана – отанына сағыныш. 
Ақынның  зеңгір  көкке  құмарлығы  «Тістенуіне»  себепкер  бо-
латындай. «Жұлдыздарға» «қолы  жетпейді»,  алайда  «солардың» 
«біреуінен» «түскен».  Космогониялық  мифопоэтика  өлең  семио-
тикасы аясында өз қызметінен жаңылмайды. Əр нəрестеге дүние 
есігін ашқанда ғарышта бір жұлдыз туатыны жайлы көне түсінік 
Ұ.Есдəулет  тұжырымдамасы  бойынша  асау  мағынаға  бұғалық 
тастайды.  Ақын  жерде  тұрып,  жұлдызы  аспанда  жануын  місе 
тұтпайды. Өзі де жұлдыз боп кезуді қиялдау бар. Ол мүмкін емес. 
Тістенбеу  қиын.  Романтиканың  пейішін  таңдаған  шайыр  əлемді 
қыс азабынан құтқара алмағанына, ажалға қарсы амал таппағанына 
қиналады. «Ғалам – ұлы, жер – алып, кішкенемін» дейтін лирика-
лық қаһарманның қолындағы қаруы – көретін түстері. Түс – жара-
тушының адамға берген ұлы жұбанышы. Ол – онейрикалық (түс, 
қиялға тəн. – Б.М.) уақыт пен кеңістіктің ерекше моделі. Осы түс, 
қиялмен ғана адам құдіретті. 
Тістенесің, 
Тістеніп, ашынасың,
Түк келмейді қолыңнан, шашыласың.
Арықтықты қампайып, жасырасың.
Бұл уақытқа айлаң жоқ,
Амалсыздан 
Бас ұрғың келмесе де, бас ұрасың.
Сен отырар ақ кеме жүзіп кеткен,
Қай толқынның жолына асыласың?
Күресіп-ақ, тіресіп күштілермен,
Көктем де, əне, қаһарлы қысты жеңген. 
Жыртқыш емес, адам боп жаралған соң,
Тістеніп өлу үшін тісті берген! 
Ұ.Есдəулет қоршаған орта мен адамзат тірлігіне хас реалиялар-
ға  (растылықтарға)  қатысты  құбылыстарды  астарлап  салыстыру-
мен болады. Үзіндіден жоғарыдағы екі шумақта да қыс эмблемасы 
қатыгездік  пен  зорлықтың  үлесі  ретінде  топшыланады.  Көктем – 
қарама-қарсы  күштің  таңбасы.  Адамдар  əлеміне  орай  ізгіліктің 

382
символы. Адалдықпен, əділетпен тамырлас. Табиғат, ғарышқа бай-
ланысты метафоралар пенденің тіршілігіне қатысты көріністермен 
алыстан ұқсастырылады. Салыстыру жүйесі жоғарыдан төмен тү-
седі.  Кеңістік  аумағы  нақтыланады.  Тартыс  рухани  атмосфераға 
көшеді. Тартыстың шешімі – уақыттың еншісінде. Сенімнің жүре-
гі – үміт. Көктемнің қыспен қақтығысы тағы да жердегілерге тəн 
шындықтың  əр  кезде  жүзеге  асуы  мүмкін  жеңісін  тұспалдамақ. 
Соңғы  жол – шарттылыққа  құрылған  тапқыр  бейне.  Ол – толық 
ақиқат  емес.  Бірақ  поэтикалық  образ.  Локомоциялық  (қимыл, 
қозғалыстық. – Б.М.) құбылыс стоматологиялық, физиологиялық 
детальдың ауыспалы мағына көмегімен рухани аяға қоныс ауда-
руын көресіз. Философема мынау тəрізді: адам қаншалық мықты 
болғанымен, амал-қайраны шектеулі, оның тіпті өз ортасында да 
адал мүддесін орындауға қарты жетпейді, ақыры өкінішке бой ал-
дырады. Қарсыласу тісі барларға жарасады. Басқалар қайтпек? Бұл 
ретте автор жігерлі, саналы жандарға жүк артқан əрі тіс концепті 
күш, төзім, ыза-кек мағыналарымен астасып, шартты, жинақтаушы 
символ дəрежесіне көтерілген. 
«Өмір деген – өлімменен жарысу» деп жыр жазатын Ұ.Есдəулет 
үшін уақыт пен кеңістік ең негізгі философиялық мəселе. Белгілі 
бір мерзімге созылатын адам ғұмырын шайыр «Өсіп, өніп, көшіп, 
қонып,  Күн  жетсе  Құсқа  айналып,  Құс  жолымен  əрі  ұшуға»  са-
найды да, қазақ ұлтына əйтпесе тіпті əлем халықтарына тəн діни, 
мифологиялық  дүниетаным  негізінде  кеудедегі  жанның  мекені 
ретінде төменнен жоғары əрі көлбеу, сосын жоғары көтерілуі тиіс 
траектория  бағдарын  бедерлеу  арқылы  аса  зор  қимастық  сезім 
кернеуін таңбалайды. Осы биіктей беретін қозғалыс – жер бетіне 
қатысты сағыныштың символы. Таңбаланушы – өмір көші де, ма-
ңыз (значение. – Б.М.) – сағыныш, адам деген «биороботқа» тəн 
дара мекеншақтың (хронотоп. – Б.М.) өткіншілігі. 
Орай да борай қар жауып,
Орын да қалмай тебінге.
Орамал салған оймауыт,
Оранды дала кебінге. 
Толассыз басса қар егер, 
Тобасыз көмер, білемін. 
Өлді де қалды қара жер, 
Өң-түссіз, ұстап жүрегін. 

383
Жұрты жоқ қара жамылған,
Жоқтауға əлде жоқ шама? 
Қайысар емес қабырғаң, 
Қара жер өліп жатса да. 
 
 
 
 
 
Өмір – өлім  дилеммасын  философ-ақын  міндетті  түрде  таби-
ғат аясындағы астрометеорологиялық ахуалдармен сабақтас қарас-
тырады.  Өлеңге  интертекстік  нұсқа  салатын – Бұқар  жыраудан 
алынатын эпиграф: «Асқар таудың өлгені Басын мұнар шалғаны... 
Қара жердің өлгені Қар астында қалғаны». Бұл бір – психология-
лық  сыңарластық  жасаудың  ғажайып  шебер  үлгісі.  Сөзінен  сүт 
таматын  қазақ  жырының  ғаламат  бейнелілікті  сүймек  бұралған 
талдай  ерекше  болмысын  еміне  ұғынған  суреткер  осы  ғибратты 
модернистік стильмен дамытады: 
Аруланбастан сүйемі,
Ақзуы желмен ашылып.
Ақсөңке болып сүйегі, 
Ағарып жатыр шашылып. 
Ассонанс, шалыс ұйқастың толымды мелодикасы, көне сөздер-
дің («ақзу», «ақсөңке»)  жасамыс  қалпынан  арылып,  жаңғыруы, 
метафораның  əрі  трагедиялық  астары,  əрі  салыстырмалық  құді-
реті мəтін жолдарын нақтыланған, үдетілген көріністермен байы-
тады.  Ландшафт  детальдары  (жер,  қар)  тіршілік  тынысынан 
айырылған  алып  жерді  біздің,  екі  аяқтылардың  өлшеміндегі 
түсініктің  құшағына  бөлейді.  Алып  жер  қиял  құдіретін  қызық 
көріп,  бір  тұтам  кеңістікке  сиятын  пенденің  қимылсыз,  қураған 
қалпына түсіп байқайды. Өлең теориясындағы гиперболаға қарсы 
кері  асырмалау  немесе  литота,  кішірейту  тəсіліне  құрылған  то-
сын  өрнек  таңырқатады.  Баба  мəтінде  (Бұқар  жырау)  жалпы 
көрініс тұспалданса, Ұ.Есдəулет осы суретті жарық, көлеңке түсі-
ретін бояулармен бөлшектеу арқылы тұтастырады, əлдеқайда түр-
лендіреді. 
Асыр сап бүкіл аң мен құс
Аунап жүр қунап сонарда...
Апырмай, өмір – көрген түс,
Аяғы саят болар ма? 

384
Жоқтаусыз дағы жерлеусіз,
Жаназасыз да тергеусіз,
Беу, неткен жаман өлім бұл – 
Қайғырған пенде көрмейсіз...
Құдайым басқа салмасын,
Өзге өлімменен өлгейсіз!..
Ассонансқа аллитерация қосылады, метафораға сұрау, лептілік 
интонациялары,  қыстырма  сөз,  ауызекі  сөйлеу  машығынан  ауы-
сатын  интертекст  нобайы  тіркеледі.  Өлеңнің  стилистикалық  па-
литрасы қоюланады. Автор онейрикалық мекеншаққа саналы түр-
де көшіп, «жер» концептіне тиісті үлесті бастан кешіп көретіндей. 
Адам – жер арасындағы ұқсату желілері жеке бір тұлға, яғни ли-
рикалық кейіпкер желісімен тамырласып, күрделі метафора қара-
ғайынан тың да өндіршін бұта өсіп шығады. Риторикалық сұрау – өмір-
ге құштарлықтың белгісі. Соңғы шумақта бұған дейінгі мазмұндық 
өзгеріс алдындағы прелюдиядан соң жаңа мотив – бекерді бекер-
ге  шығару  мотиві  қайдан  шыққанын  аңғартпай  келуге  тырыса-
ды  да,  бұған  дейінгі  көңіл-күй  симфониясын  орындаушыларға 
таяқша  көтеріп,  басқа  сазға  көшіреді.  Постмодерн  стиліне  хас 
бастапқыдағы ойындық əуен ендігі тұста суреттелетін құбылысқа 
пародиялық сипат үстейді. Қорқыныш пен жорта түңілу əсіреленіп 
бəдізделеді. Тағы да адамдар арасындағы этномəдени рəсім таби-
ғат,  ландшафт  құбылыстарында  кездеспеуімен  кереғарлық  те-
рістеу  мотивін  қасақана  наризалық,  реніш  эмоциялары  арқылы 
дамытып,  жаңа  салыстыру  деңгейін  сезінуге  бастайды.  Юмор 
мен  ирония  арасындағы  əсер  мениппеялық  (қайғы  мен  күлкінің 
қабысуы. – Б.М.)  жағдаяттың  биік  символикамен  төркіндесуіне 
айғақ. Семиотикадағы коннотация (мағына көпқырлылығы) ұғы-
мы аясында қарасақ, ақынның таңбаланушы нысанға əбден шартты 
жəне бірнеше қабатты поэтикалық бейне тұрғысынан көз салғаны 
анық. 
Ақын  табиғат  құбылыстарын  келеке  қылудың  үлкен  ағаттық 
екенін білмеуі мүмкін емес. Əйтсе де осы туындыдан дионисшілік 
архетипке  жан  бітіру  фактін  танымау  қате.  Көне  дүниедегі  өліп, 
тірілетін  құдайларға  қатысты  аңыздық  үлгі,  оны  əспеттеу,  мере-
келеу ғұрпы, содан пайда болатын өнер түрлері, сондағы табиғат 
маусымдарының ауысуын тұспалдап, қасірет пен қуанышты бөлісу 
салтанаты сана астарын кезген психологиялық ферменттер екенін 
мансұқ ете алмайсыз. Əрине, автор мұндай жоспар құрмағаны дау-

385
сыз. Ақындық – есеп-қисап жүргізе алмайтын стихия. Алайда поэ-
зия ғылымының нысаны ретінде бірталай объективті, субъективті 
шындық түрлерін тоғыстыра зерттеуді артық көрмесі мəлім. Өлең 
əдеттегі  табиғат  лирикасынан  гөрі  теософиялық  заңдылықтарды 
тану, сезінуге ұмтылатын полифониялық мəні бар туынды болып 
шыққан. 
Ұ.Есдəулет «Жаңбыр. Жасын» атты өлеңінде табиғат – ана міне-
зін сипаттайтын суреттерді динамикалық көріністерге толтырады: 
Адырналар майысып, 
Қабырғалар қайысып.
Жебе жауып, жай ұшып, 
Аспан мен жер сайысып; 
Бадана көз бадалып, 
Бағып қалды балалық.
Жебе жаңбыр жауып тұр, 
Қара жерге қадалып. 
Ақ садағы мөңіреп, 
Темірені еңіреп.
Астан-кестен бар əлем, 
Тұлан тұтып төңірек,
Жаным кіріп жатырмын 
Жауса екен деп көбірек. 
 
 
 
 
 
Бірінші шумақ 8 тармақтан, екінші шумақ 6 тармақтан тұрады. 
Құрылымның көлемі емес, синтаксисі ортақ. Философиядан гөрі 
таза пейзаж болмысына көңіл аудару басым. Уақыт пен кеңістік 
екі межені қамтиды. Бірі – балалық шақ, туған жер, яғни қазаққа 
етене Алтай өлкесі, самырсыны сайраған, таулы, сулы, нуы мол, 
ертегідей  əдемі  алқап.  Оқиға  мерзімі  мен  автор  өмірбаяны  тура-
лы  жадыдағы  дерек  өткен  күндерге  сырға  тағады.  Балғын  қыз-
дай  көрікті  жылдарға  сағыныш – есейген  заманның  үлесі.  Ішкі 
драматизм  айтылмастан,  зерде  қатпарына  ұя  салған  қарама-қар-
сылықтан  өрбиді.  Жасылға  оранған  өңір  əсем  де,  жаңбыр  мен 
жасын  тіршілікке  қолайсыз  əрі  қауіп,  қатер  əсерімен  сабақтас. 
Əйтсе  де  бала  көңілге  бəрі  қызық.  Тəрізі,  адам  жаны  жақсы  да 
болса, біркелкі күйден күтпеген өзгерістерді, кішігірім жанартау-
ларды артық санайтындай. Ал жасына жас қосылған ересек ақын 

386
қайталанбас дəуренге ғашық. Сəбидей қамсыздық енді оралмайды. 
Уақыт  пен  кеңістіктің  бір  бөлшегі  жады  мұрағатындағы  қымбат 
жəдігерлерге айналған. 
Əлденеше  мəрте  орын  алған  бұл  жағдаяттың  зерде  аясында 
жаңғыртылып,  жинақталған  кескіні  екені  күмəнсіз.  Жаңбырмен 
бірге тазаруды аңсайтын жас кейіпкердің қылығы да жалқы емес. 
Поэтикалық  көру  нүктесі  тұрғысынан  осы  сəттің  бұрнағылық 
кейпінен  айнып,  қазіргі  заматтық  күйге  айналуы  психология 
заңдылығына  сəйкес.  Мекеншақ  бүгінгі  өлшеммен  көрінбес  жіп 
арқылы  байланысын  үзбестен  кері  жылжу  арқылы  эмоционалды 
дүмпу тудырған. 
Өлеңдегі  тіл  байлығы,  дыбыстық  үйлесімдер,  өткен  шақтың 
көсемше  тұлғасы  эпикалық  жыр  дəстүріндегі  қимыл-қозғалысты 
үдете бейнелейтін ұшқырлықпен астасып жатыр. Көмекші етістік 
табиғи үдеріске ұзақтық мағына қосады. Жіктік жалғауы нақ осы 
шақты бедерлеуге бетбұрыс жасайды əрі құнарлы эпитеттерге толы 
бірыңғай салалас сөйлемдердегі ой ағымына тыныс əкеледі. Фра-
зеологизмдер жыр жолдарына экспрессивтілік күш дарытқан. Ав-
тор үшінші бір мекеншақ – бағзы замандардағы соғыс алаңындағы 
көрініс əлемін жасырын метафораның қуатты арқауы етіп алады. 
Айналып келгенде сағыныш символы сомдалады. 
Ұ.Есдəулет үшін уақыт пен кеңістік – ең маңызды поэтикалық, 
философиялық  мəселе.  Əредік  келтіретін  эпиграф  жыр  мəтініне 
басты концептуалдық тұтқа болып қаланады. Мысалы, «Əке. Қос 
ішек» өлеңіне Сергей Орловтың «Его зарыли в шар земной...» де-
ген сөзі сана ағымындағы қозғаушы күш есебінде араласқан. 
Арулап біз өзіңді жерге беріп, 
Сен кеттің жер шарымен дөңгеленіп.
Жер шарын сүймей қалай тұра аламын, 
Қойнында жатқаннан соң ұлы адамым. 
 
 
 
 
 
 
Бастапқы мəтіндегі тапқыр ой қимыл-əрекет бейнелілігі нəтиже-
сінде əлдеқайда дамытылған. Поэтикалық шарттылық зор. Марқұм 
əкесі  ғана  «дөңгеленіп»  кететіндей.  Ол – алыстау,  мазасыздыққа 
ұшырау. Тиесілі тыныштықтың өзі күмəнді. Лирикалық қаһарман бір 
орында қалатындай. Шындығында жер асты ғана емес, жер беті де ай-
налады. Тірінің сүйеніші – өз бетімен жүру. Қарсы қозғалыс сияқты. 
Жансыз мүрдеге бұл тəн емес. Аяныш оты маздайды. 

387
Ақын «жер шарына» сүйіспеншілігін айтқанда Булат Окуджа-
ваның  бүкіл  Ресейде  бір  ғана  адам – оның  анасы  ғана  ол  үшін 
жалғыз əрі ұлы адам екенін толғайтын оқшау сырымен үндеседі. 
Интертексте мағына жағынан өзгешелік те айқын. Б.Окуджава Ре-
сеймен шектелсе, Ұ.Есдəулет жер планетасына махаббатының ар-
ғы  себебін  асқақ  көңілмен  дəлелдейді.  Орыс  тілді  шайыр  анаға       
махаббатын  ғана  əспеттесе  (əрине,  шартты  түрде  кішірейту, 
ұлғайту амалдарымен), Ұ.Есдəулет Абай мегзегендей «адамзаттың 
ұлы» боп, адам атаулыны арқасына сап алғайтын қасиетті жер – 
ананың теңдесі жоқ құдіретін дəріптеген. 
Өзіңді өлеңімде тірілтемін,
Сыйлаймын өлмейтұғын ғұмыр кенін.
«Алыстан ақсақалың кеп қалды!» деп, 
Алдыңнан кемпіріңді жүгіртемін. 
 
 
 
 
 
 
Автор уақытты «ноқталап» алуға дейін барады. Өлең, яғни өнер 
сонда  өзінің  жасампаздық  тұлпарына  ер-тұрман  сала  бастайды. 
Əкенің  екінші,  бəлки  үшінші  өмірі  өлең  мəтінінің  ішіне  көшеді. 
Келесі шумақта ол тіпті ауру-сырқауын ұмытып, жасаңғырауымен 
уақыт  тілін  кейінге  сүйрейді.  Ақын  бірде  қиялмен  алға  жүгірсе, 
кейіпкерінің əрекет-тіршілігі бұрнағы дəуірді тірілтіп, əдеттегі дағ-
ды-машықтарды  дəл  суреттеу  нəтижесінде  жоғалған  өмір  қайта-
дан баяғы сұлбасын табады. 
Сен менің жырларымда жанданасың,
Күлесің, қуанасың, таң қаласың.
Бар менің өлең дейтін патшалығым, 
Сен келіп сол өлкеге хан боласың! 
Қайран əке!!! 
Өлеңдегі  ойындық  элементтің  шеберлік  шаңырағына  төбесі 
тиеді. Уақыт пен кеңістік стилистикалық аяда келер шақтың уы-
сына бейімделеді. Əрекеттік аяда ілгерідегі мекеншақтың дəурен 
құруы  нағыз  ақындық  өнердің  ой  əлеміндегі  шексіз  мүмкіндігін 
көрсетеді. Өмірді эстетикалық тұрғыдан игеретін əдебиеттің қыз-
метін  Ұ.Есдəулет  жыр  жолдарымен  тəжірибе  жүзінде  дəйектеп 
беретіндей.  Ал  негізгі  идеологема  мұнда  да  сағыныш,  махаббат 
концептілерімен логикалық арқауын бекітеді. 

388
Өтуден басқа не тындырасың, Уақыт, сен, 
Құмарым қанып дəміңнен сенің татып па ем? 
(Көрген де емес жарасып менің жұлдызым 
О бастан тіпті Уақытпен, сосын Бақытпен). 
Өте бер, Уақыт, кете бер, мейлің, қират, бар! 
Онсыз да мені өлтіріп жүр ғой, қинап хал. 
Үй аман болсын аналар бесік тербеткен,
Дін аман болсын əкелер жатқан зираттар.
 
 
 
 
Ұ.Есдəулет  осыған  дейін  де  бірінің  етінен  бірі  «ет  кесіп» 
отыратын  уақытпен  талай  сайысқа  түскен.  Оның  ең  үлкен  жа-
уы да, досы да – уақыт. Уақытқа реніші – өмірдің өтіп жатқаны. 
Оған  уақыттың  кінəлі  емес  екені  білсе  де,  шайыр  поэтикалық 
шарттылық  жолымен  наразылық  артады.  Бұрын  уақыттың  «екі 
жүзділігі»  жанына  батса,  енді  бəріне  еті  үйренгендей  қалыппен, 
жеке  тіршіліктегі  мұң-назына  көңіл  назарын  аударады.  Жорта 
əсірелеу тəсілі орын алған. Ақынға шексіз максимализм тəн. Əйт-
песе,  ол  уақытпен  де,  бақытпен  де  дос  болған  шақтарының  мол 
екенін есіне түсірер еді. 
Қанымды кейде, сорымды кейде қайнатып, 
Заулаудан басқа нені білесің, əй, Уақыт? 
Жаны бар сөзді Тəңірім өзі өлтірмес,
Күңіренсе де күн шығып, 
Сосын Ай батып...
Лирикалық  қаһарманның  өршіл  тұлғасына  теңдес  күш  табу 
қиын. Кінəлауға да (діни əдеп тұрғысынан) себеп ұсынғанын еле-
мейді.  Оны  күйкілікке  санайтындай.  Ақынды  айыптаудан  құтқа-
ратын – таланты  ғана.  Жəне  шыншылдығы.  Екінші  бір  жағынан 
ақынның уақытты тым жақсы көрінетінін аңғармай кету де қате. 
Сондықтан да батыл сияқты. 
Ақыры шайыр Тəңірге сыйынады. Өлмейтін сөздің өміріне шү-
кіршілік етеді. Жалпыға мəлім ақиқатты мойындайды. Əйткенмен, 
Ұлықбектің ұлы мəртебелі Уақытқа қарсылығынан бүкіл адамзат 
баласының Қорқыт ата зарына қоныс тепкен ғажайып арманы кө-
рініс бермей ме?! Ол мəңгілік уақытты аңсайды. Мəңгілік уақыт 
пендеге жалынан сипатпайды. Сонымен, Ұлықбектің Уақытқа көз-

389
қарасы Ярослав Смеляков поэмасының атындай «Қатал махаббат» 
болып шығады. 
Ақын үшін тақырып болмайтын нəрсенің жоқтығын «Қаңбақ» 
атты өлең аңғартады. 
Сұс – ызғарын шашады, 
Сұп-суық жол сумаңдап.
Қалбаң-қалбаң қашады
Құла түзде қу қаңбақ. 
Қайда өніп, қайда өсті? 
Қайда қалды тамыры? 
Қаңғып жүрген жарыместі
Қайтер көктің тəңірі?
Дала  атрибуттарының  бірі – қаңбақ  бейнесі  фольклорлық 
нұсқада жеңілдік, құнсыздық концептілерімен сабақтас. Ұ.Есдəулет 
оған «Туған жер бар, Отан жоқ» деген жаңа поэтикалық мағына 
үстейді. Бірден метафоралық жүйе іске кіріседі. Күрделі салысты-
ру үдерісі («От басыңа опаң жоқ, тегін білмес, о, бейбақ») əсіресе 
ықылым заманалар қалдырған философиялық тəмсіл сырын азық 
етеді. Қаңбақтың тағдырынан Тазша баланың үлесі əлдеқайда ар-
тық.  Ол  патша  болады.  Ал  қаңбақ  түйе-тайлақтан  басқаға  қажет 
емес. Сəл-пəл көңіл аулайды. 
Шалғайына сүрініп
Шайтандар жүр шаңдақта,
Футбол ойнап жүгіріп, 
Таласады қаңбаққа. 
Ұ.Есдəулет стиліне тəн мениппеялық нақыш кезегін жібермейді. 
Өзгелердің қуанышына таласпайтын қаңбақты ол аяй тұрып, күліп 
те  алғысы  келеді.  Езу  тарттыратын – образ.  Көрінбес  сұлбалар 
адамның іс-əрекетін мойнына алғандай болғанда тосын əсер туа-
ды. Мифологиялық жады өлең жолдарын тапқыр суреттік балама-
мен байытқан. 
Оған да ортақ көк аспан, 
Оған да ортақ Ай нұры. 
Құла түзге жарасқан
Қу қаңбақтың тағдыры. 

Ұшар жерін жел білген, 
Қонар жерін сай білген, 
Қауышуға келдім мен, 
Қаңбақ, сенің қайғыңмен! 
Шығарманың екінші бөлімі əрі соңында ақын сайқымазақ кө-
ңілге  дес  бермей,  аса  зор  азаматтық  асуға  көтерілетіні  анық. 
Қайдан  шыққаны,  қайда  баратыны,  неге  домалайтыны  белгісіз, 
көркі, мəні жоқ өскіннің төңірегіндегі метафора символ деңгейі-
не  жетеді.  Символдың  астарлы  уағызы  бойынша  адамның  қаң-
бақпен  туыстығы  бар: «Адамның  басы – Алланың  добы».  Екеуі 
Отандас  екен.  Ақыл-ойдың  иесі  де  əр  кезде  салмақсыздық  күй-
ге түседі. Қалай дөңгелегенін білмей жатады. Бір ғана автор тұрғы-
сынан  келгенде,  бұл – əсірелеу.  Жалпылық  ыңғайда  бұл – бізге 
ұнай бермейтін шындық. 
Ұлықбек  Есдəулет  ХХІ  ғасырда  да  Ұлықбек  Есдəулет  екенін 
дəлелдеумен  жүр.  Оның  поэзиясы  тақырып  жағынан  ғана  емес, 
поэтикалық ойдың оқшаулығы, күтпеген бұрылыс, қия-шатқалы-
ның молдығымен, содан өткендегі шығармашылық шабыт шатты-
ғымен дараланады. Ақын сөздерінің вокализмі, айшықтау, көріктеу 
əлемі өзгені қайталамайды. Оның философиясы да – ғарыштық са-
на жетістігі.

МАЗМҰНЫ
Т. Медетбек. Кесекті ердің сойындай мəрт ақын ............................3
Бірінші бөлім
Жаратылыс ........................................................................................16
Екінші бөлім
Жүрек пен жүйке ..............................................................................98
Үшінші бөлім
Іңкəр .................................................................................................165
Төртінші бөлім
Балладалар .......................................................................................212
Бесінші бөлім
Ақ өлеңдер ......................................................................................231
Алтыншы бөлім
«Қарғалдақ». Жаңа дəптерден .......................................................239
Жетінші бөлім
Поэмалар .........................................................................................361
Б.Майтанов. Ұлықбек Есдəулет ..................................................376

Кітапты шығаруға жауапты –
«Қазығұрт» баспасының директоры
Темірғали КӨПБАЕВ
ҰЛЫҚБЕК ЕСДƏУЛЕТ
Үш томдық шығармалар жинағы
Бірінші том
ҚОҢЫРАУ
Өлеңдер, балладалар, верлибрлер, поэмалар
Редакторы Жадыра НАРМАХАНОВА
Суретшісі Жəмилə АЙДОС
Техникалық редакторы Дарико ОМАРҒАЛИЕВА
Беттеген Ниязбай ОРАЗЫМБЕТОВ
ИБ № 429
Басуға 17.09.2014 ж. қол қойылды. 
Қалыбы 84×1081/32. Офсеттік басылым.
Қарiп түрi Times New Roman. 
Шартты баспа табағы 24, 5.
Таралымы: мемлекеттік тапсырыс бойынша 2000 дана + 
баспаның тапсырысы бойынша 50 дана. Тапсырыс №
«Қазығұрт» баспасының компьютер орталығында теріліп, беттелдi.
«Қазығұрт» баспасы, 050009, Алматы қаласы, 
Абай даңғылы 143, 405-офис. 
Телефон (факс): 8(727) 394-42-86
e-mail: kazygurt@list.ru
ЖШС РПБК «Дəуір», 050009, Алматы қаласы,
Гагарин даңғылы, 93. Тел.: 8(727) 394-39-22, 394-39-34, 394-39-42
e-mail: rpik-dauir81@mail.ru, rpik-dauir2@mail.ru

Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 5.79 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет