Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет15/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ҰЗАТҚАНДА
Менен туған жырлардың ең сұлуы,
Мен өсiрген жемiстiң ең шырыны;
Шабытымның жаралған шұрайынан,
Тал бойынан табылмас кемшiлiгi;
Ет жүрегiм осынау дүниеге
Еркелетiп жiберген елшiлiгi –
Қызым менiң барады ұзатылып.

329
Ұзатылып барады Назым қызым,
Тiршiлiктiң ерiтiп қалың мұзын.
Бүршiк жарған көктемде, гүлiн ашып,
Басқа бақта өткiзбек жазын, күзiн.
Ұзатылып барады Назым қызым.
Жаратылған жат жұртқа жазмыштан,
Ұясынан жаутаңдап қазым ұшқан.
Қимастық пен қуаныш тайталасып,
Күптi көңiл тылсым бiр саз ұғысқан.
Ардағыңды алысқа қимағасын,
Ет кескендей етiңнен қиналасың.
Жүрегiңнiң тамырын жұлғандай-ау,
Iшке сыйып, сыртыңа сыймағасын.
Жыр оқыңдар, жiгiттер, əн айтыңдар,
Достарымның қатарын қарайтыңдар.
Бұл өмiрде онсыз да жетiп жатыр,
Ақындарды ақымақ санайтындар.
ҚҰР ҚҰДЫҚ
Құрығына көнбей құлдықтың,
Сырығына төзбей сұмдықтың,
Ар үшін безіп жанынан
Арманда кеткен мұңлық кім?
Обаған көмей жебір жер,
Оны да ойсыз қылғыттың.
Құдыққа солай құлады
Құланы күллi құрлықтың.
Құдықтың қуыс түбінен
Ұмтылған Айға шындық – шың;
Қайрылар бізге түрі жоқ
Құмартса дағы кіл мықтың.
Кəусарын берер сол құдық,
Жылжыса жылдар, сырғып күн.

330
Таза ақыл менен жүрексіз
Бар ма екен құны тірліктің?
Əркiмнiң жаны – құр құдық,
Түбiне қандай сыр бүктiң?
Ішіңнен қазған құдыққа
Əкеліп кім-кімді жықтың?
ЭПОСҚА ЕЛIКТЕУ
Сүйгенiң қандай дейсiң сен:
Күндi көр де – өзiн көр,
Түндi көр де – көзiн көр.
Айды көр де – қасын көр,
Дарияны көр де шашын көр.
Ай мен жұлдыз, күн – бəрi
Жiп есе алмас жолына.
Перизат, хордың қыздары
Су құя алмас қолына!
Мұнтаз мінез, шырақ ой,
Талшыбықтай тұла бой.
Балауыздай бал ерін,
Бұл қызды сүймеу күнə ғой?!.
...Сүйгенiң қандай дейсiң сен!
ҰЙҚЫ-1
(Өзiме)
Ұйқы деген – өлiмнiң баспалдағы,
Өрмелейсiң орныңа аспандағы.
Оянасың өмiрге ғашықтықтан
Өлiктердiң – ояну басты арманы.

331
Өмiр – ұйқы,
Өлгенде оянасың,
Өлi ұйқыға қалайша тоя аласың?
Бiрде тəттi түс көрiп, бiрде сұмдық,
Жазмышыңның татасың қоябасын.
Өлiмiсiң Сен өзiң, тiрiмiсiң,
Көп өлiктiң, жоқ əлде, бiрiмiсiң?
Қайран ата-бабамыз қалдырған ба,
Тұқым етiп өзiне тiрi мүсiн?
Көлеңкелер жарықты буындырып,
Лақтырады түнекке туын жығып.
Уын құйып қаныңа ұйықтатады
Жүрегiңдi əлпештеп суындырып.
ҰЙҚЫ-2
(Балама наз)
Уақыт үнсіз ұрланып бара жатыр,
Оянбайсың келсе де заманақыр.
Көзіңді ашшы, қазағым,
Екі ортада
Ескіріп қап жүрмесін жаңа ғасыр.
Басқалардан қалғисың екі есе көп,
Мың мызғуға табасың жете себеп.
Өзге ұлтқа да аздаған ұйқы қалдыр,
Бар ұйқыны алып па ең жекешелеп? 

332
ҰЛЫҚБЕК КӨШЕСІ
Алматыда көше бар «Ұлықбек» деген,
Өсіп-өніп бойында жұрт көктеген.
«Көше бердік атыңа, жусаңшы», – деп,
Құрдастарым қалжыңдап түртпектеген.
Алматыда көше бар «Ұлықбек» деген,
Жапырағын жинауға құнт жетпеген.
Көше болып бір Ұлықбек жарқыраса,
Бір Ұлықбектің басынан бұлт кетпеген.
Алматыда көше бар, аты «Ұлықбек»,
Самалы жүр серуенге шақырып кеп.
Маған ұқсас құбылма мінезі бар,
Кей күндері кететін қапырық боп.
Қиған маған өзінің аты-жөнін,
Жұлдызшыға жаныммен жақын едім.
Екеуімізге бір көше жетіп жатыр,
Мен өзім де көшенің ақыны едім...
ОН АЛТЫ ЖАС
Өз демiне өртенген он алты жас,
Көз жетпейтiн биiкке созар құлаш.
Кеудесiне жүрегi сыйып-сыймай,
Қызды көрсе қалтырап болар тыраш,
Беу, он алты жас!
Естiгенде жүректiң ыстық үнiн,
Сол он алтым есiме түстi бүгiн.
Айдағаның бес ешкi болғанымен
Жер жаратын едi ғой ысқырығың,
Ох, он алты жас!

333
Маған да бiр он алты кез келiп тұр,
Ойсыз тауда орғыған өзге елiк бiр.
Тiлiң жетпей тұрса да тiлегiң көп,
Айтарыңды аянбай көзбен ұқтыр.
Шіркін, он алты!..
Елiк те емес, елiктiң ерке лағы,
Мөлт-мөлт етiп көзiнде шер тұнады.
Он алтының орманы адастырар,
Қамшылама, Кендебай, керқұланы.
Қайран он алты... 
АЙЛЫ СОНАТА
Аспандағы Ай – анау,
Тіліміндей қауынның.
Керек шығар аялау –
Айлы түнін ауылдың?..
Маужыраған түн мынау,
Жұлдыздары самсаған.
Шам түбінде, құрбым-ау,
Осы түнді аңсағам.
Тағдыр салып қылбұрау,
Тақымдаудан шаршағам…
Көре алармын кімді жау,
Дос еді ғой барша адам?
Төсті керіп тұрмын-ау,
Түнге төсеп мақпалдай.
Ішімдегі бір қырау
Еріп бара жатқандай…

334
* * *
Күн,
Саған
Мұң шағам:
Тіршілік– тым сараң.
Кеш түсе жауығар
Неліктен мұнша адам?
Күн,
Саған
Мұң шағам:
Ой – жүйрік, тіл – шабан.
Дүние – мəні жоқ,
Дəні жоқ құр сабан.
Күн,
Саған
Мұң шағам:
Пенделік құрсаған.
Қанатын қаға алмас
Тумыстан тұмса жан.
Күн,
Саған
Мұң шағам:
Жыр жазам, күй шалам.
Байлығым – Көлеңкем,
Бас-көз боп жүрші оған!

335
АҚЫРЗАМАН АҚЫНЫ
(Төлеген Қажыбаевқа)
Арқаның қысы арқары ауған,
Ақ боран күйін тартады орман.
Түу деген кезде түкірігіңді
Жерге түсірмей жел қағып алған.
Əн менен жырға бөлеген атын,
Жетпіске толды Төлеген ақын.
Шаһарда ғұмыр өткергенімен
Жанына уық, кереге жақын.
Тіл десе болған жүрегі тілім,
Өзгеден ерек біледі құнын.
Жұртының мəңгі жыртысын жыртып,
Ұлты үшін өмір сүреді ұлың.
Жетпіске толды Төлеген ақын,
Көкшетаудағы көреген ақын.
Құлагеріне сенім артқандай
Күтеді ел оның мəреден атын.
Біреу бай, біреу пақыр заманда,
Ақырып келген Ақырзаманға,
Пысқырмай Төкең тойлатып жатыр,
Əтпесе ақын – ақын болар ма?
Сүйрейді алға ақын заманды,
Ұрғаны бар ма Ақырзаманды?!
Арғымақ мініп арқырап жүрсін,
Тағы бір жасап тоқымқағарды!
21 желтоқсан 2012 жыл

336
* * *
Қарағым, қой мен қояндай,
Жүрмісің мүлгіп ой, Алла-ай?
Бас көтер десе бұғынып,
Оятса дағы оянбай?
Жыртылған жағаң жалбырап, 
Жүрмісің, жаным, салбырап?
«Жұлқын!» деп саған айтпай ма,
Жүрегің, жаның қан жылап?
О, неткен маубас төзімің,
Тұяқ серпудің өзі мұң...
«Ұмтыл!» деп саған айтпай ма,
Ұйтқып бір сана-сезімің?
Жүресің қанша иленіп,
Күйсеумен ғана күйленіп?
Еңбегің еш те, тұзың сор,
Қорлыққа етің үйреніп?..
Тақымыңды аңсап жылқың жүр,
Бойкүйез ойды қылқындыр!
Селт етер шағың жетті ғой,
Серпіліп, сергіп, сілкін бір!..
* * *
Беу, менің батпан-батпан кемшілігім –
Бетіме шіркеу болған енші-мінім. 
Қарғыдан қалай ғана құтылам деп,
Қиналған қу жанымды көрші бүгін.
Бағым да мінім барда дүркіремес,
Мінезді жасыру да мүмкін емес.

337
Жұтып та қоймайды екен ақауыңды
Құрдымға құл боп жүрген құлқын-өңеш.
Мінімді түзетем деп арпалысып,
Ми ашып, бел бүгілді, қол қарысып.
Кінəрат қисық шеге секілденіп
Кетіп жүр талқы-тезден жалтарысып. 
Майқандап майдан қылшық суырғандай,
Арылсам мін біткеннен жұғын қалмай...
Əйтпесе... шыбын жанды қуырғандай,
Ғұмырым бара жатыр ғұмыр болмай...
РУБАЯТ
(Омар Хаямнан)
Несібеңнен құр қалсаң да,
Топастыққа қамалма. 
Данышпаннан у алсаң да, 
Ақымақтан бал алма.
ЭПИГРАММА
(Байронша)
Дүние бар ма есепсiз,
Шын құрметтi сезiңiз:
Бiз – бəрiмiз есекпiз,
Ең Үлкенi – өзiңiз!

338
* * *
«Бір түкіріп осы бір ит өмірге
Кетіп қана қалайын Житомирге».
Кəдірбек ағамның өлеңінен
Түрткі көрген тірлігің ебіл-дебіл,
Жүре алмайсың жұқтырмай көңілге кір.
Қу тағдыр-ай, несіне келдім дейсің 
Қадіріңді білмейтін өмірге бұл.
Алтын басың қор болып болмашыға,
Айналасың сұмдардың олжасына.
Əрі-сəрі тірліктен торығасың 
Сүрінбеске сүрініп жолға шыға.
Дүниенің бəрін де жау екен деп, 
Демігесің дертіңе дауа кем боп.
Атасына нəлет деп ит өмірдің,
Бəрін қайта бастауға тəуекел жоқ...
Сілкіне алмай, тұншығып, сор қамалап,
Өтемісің осылай қорқа қарап?
Қай ұшпаққа шықпақсың, қарағым-ау, 
Жер көтермес мініңді арқалап ап...
* * *
Ғұмырыңа өзің би бола алмастан,
Ақылың мен сезімің көп арбасқан.
Жүрегіңнің кекілін өзің сипа,
Сыйпамайды ешқашан қоғам бастан.
Құлағымен ін қазған қарсақ емен,
Естелік пен жыр қалар қалса менен.
Көзді жұмсам ашылар көкірегім,
Қанша соқыр болса да, қанша керең.

339
Ескі кітап секілді қопсып қалған,
Жырым-жырым жүрегім өксік толған.
Беу, кешегі бейкүнə күнім қайда,
Дүниеге таңырқап көп сұқтанған?
* * *
Бір өлеңді қаныммен, 
Бір өлеңді – көз жасыммен жаздым,
Күйіп-жанған жаныммен, 
Ішімдегі балқыған қорғасынмен жаздым.
Жанартауы атқылай бергесін,
Аласұрған жүрегімді қаздым.
Пешенемнің пердесін
Жұлсам деген тілегімді жаздым.
Қазағымның қайғысын бөліссем,
Қасіретін көміссем дедім.
Ұлтымның уызын ұрпаққа ұрттатып, 
У мен зəрін бөле ішсем дедім.
Жаздым... жаздым...
АНАДАН АЙЫРЫЛУ
(Аяулы анамыз 
Роза Сейтжанқызы Салықбаеваға бағыштау)
Көзімнің нұрын көр алды,
Көңілім тартты қараңғы.
Тамырым болды тораңғы,
Жоқтау жыр болды жоралғы.
Жүректен аққан сорамды,
Жазбасам енді обал-ды.

340
Адамға мешкей Қара жер,
Алғансың талай, ала бер.
Алдыңа келіп жығылды 
Анамыз мінген қарагер.
Анаңды қалай қиярсың,
Ар жақтан жұмақ пана бер.
Пəрмені сусып тірнектен,
Пайғамбар да өткен, пір де өткен,
Паруана ғұмыр күл болып,
Паруайсыз жанды кірлеткен.
Пендеге біткен пешене,
Парығына оның кім жеткен?
Палуанның өзін жығатын,
Пəнидің пысын білмеп пе ең?
Сыналса дағы сабырың,
Суалса дағы тамырың,
Сұрасаң бермес екі өмір,
Сығырдай сараң Тəңірім. 
Сусыған құмдай саусақтан,
Сыздықтай сөніп жарығым,
Суырып алды қолқамды
Санама құйып сары уын.
* * *
Қай күні келер екен налалы күн?..
Мұқағали
Маған да келді міне налалы күн,
Анаммен өлді бірге балалығым.
Сүзіліп суретіңе жалғыз қалдым,
Сейіліп кісі аяғы қарағұрым. 
Анажан, бар немерең ержеткесін,
Бесігін қара жердің тербеткесің.

341
Қайырым, мейірімнің қазынасы
Сарқылып қалғандайын сен кеткесін.
Сарылып суретіңе қарап қалдым, 
Сандығын сағыныштың сан ақтардым.
Жанымды жұбатар ма жансыз бейнең,
Жығылсам жазуына жаратқанның.
* * *
Отамалы ойылған қыс өтті ме?
Бес тоғыстың бет жуары жетті ме?
Қырда Қызыр қамшысы ойнап көк тіле,
Өркеш бұлттар өрлеуітке шөкті ме?
Маңдайда – күн, табанда – тоң, дала – сыз,
Бесқонақ та бастан өтті-ау анасыз...
Жетім көңіл қоңылтақси береді,
Бұл заманда жүрек бар ма жарасыз?
Ит шуаққа итінеді итмұрын...
Қу жанымды шоққа салып үйтті кім?
Көтере алмай кейбіреудің иттігін,
Көңілімде жүгіреді ит қырын.
Ұйық су боп ойдым-ойдым көрпешік,
Үйездейді үйеңкі үнсіз сел кешіп.
Кеудемдегі сыздауықпен тілдесер,
Кеңсайдағы қарауытқан төмпешік...
* * *
Анам өтті... Аруланды ақ жаулық...
Қала бердік қайғы-мұңды талғау қып.
Көзін жұмды – ақ жаулықты ақ сезім,
Ар-ұжданнан жаратылған абзалдық.

342
Өтті өмірден мəнім менен мағынам...
Патша-пірім құлап түсті тағынан.
Ұясында орнын жылтып біз қалдық,
Ұрпағы едік уызынан жарыған.
Қырқын беріп, бітіргендей бір істі...
Қырға шығып қарсы ап тұрмын Ұлысты...
Беріп кеткен ақ мейірі Анамның 
Баршаңызға болса деймін жұғысты.
Беу, Наурыз, ризықты, ырысты!..
ЭПИТАФИЯ ЭСКИЗДЕРІ
Ақ сүтінен қанаттанып, қомдандық,
Ақ сүтінен бойға дарып көкжалдық,
Ана атымен ант еттік те, топ жардық,
Ана атымен қара қылды қақ жардық.
* * *
Анажан, өзің едің шырағымыз,
Қайғырып, жұтып жүрміз мұң əлі біз.
Ажалдан арашалап ала алмадық,
Алдыңда мəңгі-бақи кінəліміз. 
* * *
Жарымжан болса жараны, 
Ер ұйқыдан безінер.
Жарлының мұңын – жаралы,
Қайғының құнын қазалы ғана сезінер.

343
* * *
Қайран анам, жан анам,
Теңеу таппай қысылам.
Кетейінші садағаң –
Жаулығыңның ұшынан!..
КЕҢСАЙ. ҚОС ТӨМПЕШІК
Екі қабір – бірі ескі, бірі жаңа,
Бірі – тыртық, біреуі – тірі жара...
Əкеміздің сапары əлей болып,
Шешеміз де шым батты құбылаға.
Шыңдар шөкті...
Таусылып татар нəсіп...
Қос төмпешік томпайды қатарласып.
Бірі – аттанды, қарсы алып екіншісі,
Мəңгілікке беттеді сапарласып.
Ай менен Күн 
Шапағын кезеп шығып,
Қарауыл боп, құрады кезекшілік.
Аятынан балқиды құлпытастар,
Аясында Құранның сөзі естіліп.
Қимастарым – шаңырақ шырқы болған,
Қайғы жұтып соңында жұрты қалған.
Ол екеуі – кітаптың қос парағы,
Тағдыр қолы аяусыз жыртып алған.
Бүгін менің шерім көп, мұңым басым,
Дөңгеленіп келеді ғұмыр жасым.
Тереңіне сыр тұнған сол кітаптың
Менен соңғы парағы жұлынбасын...

344
ОРАЗБАЙ БАҒЫ
Тағдыр жолы ұқсамайды тақтайға,
Тақтайдай жол табанымда жатпай ма?
Басымдағы бағымды іздеп мен келдім.
Ау, жарандар, əкем еккен бақ қайда?
Гүлдеуші еді əкем еккен бар ағаш,
Алма, өрік, шие, жүзім аралас.
Кеше ғана жеміс берген сая бақ,
Мал панаға айналғаны жарамас. 
Шал да көшті, көшірген соң мектепті,
Ескі баққа ешкім ағаш екпепті.
Жабайы боп, жүдегені болмаса
Оразбайдың бағы ешқайда кетпепті.
Бағбаны жоқ баптайтұғын аялап,
Көлеңкесін төрт түлік мал саялап,
Əкеміздің көзіндей боп тұр əлі,
Оразбай шал қолдан еккен саябақ.
Қазық қақсаң көктеп кетер кие-жер, 
Туған жерім осы менің сүйенер.
Оразбайдың көзіндей боп гүлдеңдер,
Алма, өрік, жүзімдер мен шиелер!
ТАС КІТАП
Ей, көктегі қара кітап...
Мұхамед Салық
Ата-анамның басына
Алкүрең тастан ойғызып,
Ашылған кітап қойғызып,
Алдында кейде отырам,
Аруақтарды ойлап, ой мүжіп.

345
Аспанның ашық астында,
Айтары бар-ау тастың да.
Кітапты келіп оқимын,
Кезіксем құйын, тасқынға.
Жүректі қайғы жұтатты,
Шырағын ойдың тұтатты...
Аспанның өзі оқиды
Ашулы жатқан кітапты.
Түнде бар мейлі, күндіз бар,
Оқиды Ай, Күн, Жұлдыздар.
Түгесу үшін тəпсірін
Жете де қоймас жүз жылдар.
Ары да бері ауатын,
Түнеріп кейде жауатын, – 
Ашылған сол бір кітаптан, –
Ақша бұлт ашты-ау сауатын...
Тағдырдан көріп қыспақ көп,
Қабірдің басын қыстап кеп,
Қанатын қағып сол кітап
Талпынып жатыр ұшпақ боп...
ЖОЛ
Мен бір – жолға құмар жан,
Алыс сапар – бір арман.
Жол шегіне жете алмай,
Жанарымды суарғам.
Табанынан қашатын,
Көкжиектен асатын,
Ұбақ-шұбақ жолдарға 
Тамсанатын жас ақын.

346
Ата-бабам көшпенді,
Көш-керуенді хош көрді.
Сайрап жатқан сара жол,
Санамыздан өшті енді.
Бойлық пенен ендіктің,
Қиынына көндіктім.
Сайрап жатыр сара жол…
Жол біткен жоқ – мен біттім...
ТАМШЫ
Кімге сенем?
Бал ішкен cоң у да іштім бір кеседен?
Мешеу болды өмірім митыңдаған,
Көсеу болды көңілім жыр көсеген.
Кімге сенем?
Сенімді қайдан алам?
Баяғыдай пəк сезім қайда маған?
Қайда кеткен көп досым қаумалаған,
Қаңбақ қуған желдеймін айдаладан.
Түскен болар тірліктің құны, сірə?
Ілікпейді құм -уақыт уысыма.
Сыртқа шықпай көмейге кептеледі,
Келіп қалған ғайбат сөз тіл ұшына.
Сенім қайда? 
Тағдырым, сыр ақтаршы,
Көңілімді осады сұрақ – қамшы.
Түкпірімнен жанартау атылғанмен
Байланғаны кірпікке – бір-ақ тамшы...

347
* * *
Əй, Ақтан жас, Ақтан жас!..
Дулат ақын
Қонақ үйдің терезесін қар басып,
Алқымына аязды қол жармасып,
Анталаған озбыр оймен арбасып,
Ажарынан қан қашып,
Ақын жатыр қарны ашып...
Ұнжырғасы ұрланған,
Сүрепеті сұрланған,
Сыбағадан қағылып,
Несібеден құр қалған,
Ақын жатыр ашынып, –
Алдап соғып сұм жалған!
Қанат бітіп баспалдақ,
Ұшқандай-ды аспандап,
Ғайып болды барлығы,
Тайып бүгін бастан бақ.
Ізім-қайым кешегі,
Дүние-дырду, дос еді...
Көрінген бақ көшелі,
Неге бұлай көшеді? 
Шықыр-шықыр тісін қайрап қояды
Тастан қатты, көрден суық төсегі...
Ұшып еді өр құс боп,
Тасып еді Ертіс боп,
Жатыр енді өң-түс жоқ,
Азуымен жер тістеп...
Қанды жүрек, қатқан бас,
Енді, сірə, мақтанбас.
Көрмегенің əлі алда,
Ей, Ақтан жас, Ақтан жас!..

348
ҚОШТАСУ БИІ
кел, қалқам, билейікші ақырғы рет...
той тарқарда несіне шақырды деп
кінəлама...
ұятты жиып қойып,
шақырған мен емеспін, пақыр жүрек...
билейік, 
кінəм көздер қадалса да,
қадалса да, қан алса, жан алса да...
құшақтасып билейік, 
елең қылма,
өзіңді дəл солардан адал сана...
көзіміз көзімізбен аймалассын...
жүрегің жүрегімнен қайда қашсын?
қаншама жыл, қаншама айлар өтті,
бір қимастық бар болса – пайдаға ассын...
желігіп ем несіне желөкпе боп?..
кешірдің бе, кетіп ең сен өкпелеп?..
құшағымыз, қолымыз айырылған соң,
жолымыз да кетеді бөлек-бөлек...
билейік, 
адам деген өзгермес пе?
биден кейін кетермін көз-көрмеске...
ұмытарсың сонан соң көп ұзамай,
көңілден де көшеді көзден көшсе...
мынау əуен сезімді оятқандай,
кел, билейік,
уақытты аяп қалмай...
басқа əлемге үйіріп алса – кетсін 
бəлкім бұл би мəңгілік аяқталмай...
Ақырғы рет билейік... кел...

349
* * *
Мен сені сүйеді екем, сеземісің?
Өңімде өлеңімнің өзегісің.
Түсімнен түн баласы бір шықпайсың,
Киіктей кезіп жүрген өз өрісін.
Мен сені сүйеді екем, сеземісің?
Мен сені жақсы көрем, білесің бе?
Кеудемде сені ойласам гүл өсуде.
Сен десем көктем сайын көктеп шығам, 
Кетсең де көміп мені күресінге.
Мен сені жақсы көрем, білесің бе?
Мен саған ғашықпын ғой, ұғармысың,
Қол жетпес шыңға біткен шынар мүсін?
Сен дағы биіктікке құмармысың,
Ұмытқан Ұлытауын ұлар құсым?
Мен саған ғашықпын ғой, ұғармысың?
ОРАЛХАН ЕСКЕРТКІШІМЕН ШЕРЛЕСУ
Алтайға тағы қыс келді,
Қара орман қалғып түс көрді.
Шыңғыстай шытып қабағын,
Қабаның мұзы тістенді.
Жетпіске жетіп қартаймай,
Қасқайған қалпың Алтайдай.
Орманы менен маралын 
Жырлап-ақ едің сарқа алмай!
Қайтеміз саған ақталып,
Алтайың жатыр тапталып.
Алтын мен алдық күмісін,
Қойны мен қоншын ақтарып.

Мұзтауға сені теңейміз,
Асырып одан не дейміз?
Алашқа біткен асқақ шың,
Мұзтаудан асар демейміз!
Толағай таудың көркі – шың,
Теңейміз сөздің серті үшін.
Ғажайып шерін ақтарар,
Азайып қалған Ертісің.
Мұңымыз əлде мешеу ме,
Құнымыз тең бе көсеуге?
Хантəңірім қалса шүршітте,
Мұзтауым кетті Ресейге!
Алтайда – алты ай қыс кілең,
Баурайы жазда түс кілем.
Жат жерде жатқан Мұзтаудың
Жүрміз біз ұшып үстінен!
Мұзтау деп сені жиі атап,
Таратып шүлен, сый-атақ,
Иемденеміз бəрібір,
Мұзтаусыз қалған ұят-ақ!
Жантықтар жүрсе жораға,
Тамтықтар үрсе қорада,
Алтайыңа өзің ие бол, 
Кие бол өзің, Ор-аға!

351
ТАУ БҮРКІТ
(Ермұрат Бапиға)
Қатыгез қоғам қырсықса,
Қабақтан боран, қар бүркіп,
Үйірілмедің ұршықша,
Зайсаннан ұшқан тау бүркіт.
Қасиетті Қара Ертіске
Кіндігің қаны жуылған.
Қайғыдан елің өрт ішсе,
Қайран Ер, белің буылған.
Шырқап бір шықтың тұғыр қып,
Алтай мен Сауыр шыңдарын.
Шындықты сенен ұғындық
Қаламы қылыш шын дарын.
От ауыз, орақ тілменен,
Ақиқатты айтқан алдаспан,
Қаймықпай соттан, түрмеден
Датыңа затың жалғасқан.
Қитұрқы билік қапылған
Торымен шырмап, шеп құрып.
Қасқая қарсы атылған
Қайтпас та қайсар тектілік.
Таңдадың жолдың ауырын,
Етсе де кейде жүрек шым…
Қара нар тектес бауырым,
Бар қазақ сенің тілекшің!
Асқағым, саған
Атса да
Дұшпанның оғы жетпейді.
Найзағай түсіп жатса да
Шыңдардың түгі кетпейді!

352
* * *
Беу, батпақтың бұлбұлы,
бақылдасаң сөз басқа.
Ей, есектің дүлдүлі,
сенен атым озбас та...
Жаным -жырдың құлдығы, 
құрбан шалған бозқасқа.
Бұл дүниенің сұмдығы – 
қарамайды көз жасқа!..
Бұл қоғамның қырсығы –
тоқтамайды қаныңа.
Тасқа тимей тұмсығы
тоқтай қоймас ханы да.
Күнкөрістің қыр-сыры –
күштілердің қамы ма?
Үйірілер ұршығы,
жамау салып жаныңа...
АЛТАЙЫМ
Алтайым – алуан бояу түсті кілем,
Орманың сырласатын құс тілімен.
Мұзтаудың бұлт бүркенер мінезі бар,
Ұқтырып қасиетін ұстынымен.
Бұлағың буырқанып, бұрқап ағар,
Танытып тентектігін түс-түрімен.
Жай оты жарқылдаған аспаныңның 
Бір шоғы жүрегіме түсті білем.
Қыздарың Ақмаралдай кербез сұлу,
Ұлдарың Кербұғыдай сұсты кілең.
Алтайым – алтын бесік, асыл анам,
Мен сенің шашыраған ұшқының ем.
Арқамды сүйеп өтем, сүйіп өтем,
Ақындық жүрегімнің ыстығымен!

353
АМАНЖОЛ ҚҰДЫҒЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Қарқаралы басында – қара құдық,
Ақындар атын бұрар арагідік.
Табиғат ентелейді жан-жағынан
Алғандай сол құдықты бала қылып.
Қартамыс Қаракемер қойнауында,
Көшелі Көшен таудың баурайында,
Аманжол Рахымжанның жұрты жатыр,
Торқасы тамыр сыйлап тал-қайыңға.
Сол жерде шыр етіпті Қасым – арман,
(Өлеңде бір дəуірдің басы болған).
Орданың ойсыраған орны мынау,
Қорымын қой қораға тасып алған.
Тастарын қоржын тамның қына басқан,
Жуады жаңбырымен жылап аспан.
Қасымның көзін сүрткен сол бұлттар-ау,
Қас-қағым бірін-бірі қуаласқан.
Тетелес ғасырлармен жас шамасы,
Шөп басқан, жермен-жексен баспанасы.
Жұртына ақын қайта оралмапты,
Жасында тигеннен соң тасқа басы...
Жас Қасым қозы қуып, жалбыз жұлып,
Жүгірген табанына кəрғыз кіріп.
Бұла шақ, бір ошақтың белгісіндей,
Бұзылмай аман қапты жалғыз құдық.
Айнала адыр-адыр нар жоталар,
Айналған алтын қазық арғы аталар.
Бұл құдық əулиенің қайнары екен,
Шолпылдап шомылмаған көлбақалар.

354
Кəусары өлең болып өрілгендей,
Көзіме көркем елес көрінгендей.
Бұл құдық тұнығына жұлдыз түнеп,
Шелектен ай тамшылап төгілгендей.
Осы бір қара құдық шегенделген
Адамзат шөлін басар өлең берген.
Көз жасы сол құдыққа тырс-тырс тамып,
Періште кірпігінде көгенделген.
Басынан бақытын да ала қашқан
Жасынан не бір нəубет қара басқан.
Сонда да сарқылмаған осы құдық
Ақынның көз жасымен араласқан.
Тағдырдың жолы тарау, қаны қарау,
Жетімнің жүрегі өрт, жаны жамау.
Шоқ шайнап, от түкірген ақындығы
Қасымға осы сумен дарыған-ау?
Тəу етіп сол құдықтың суын іштік,
Шелектеп басымызға құйыныстық.
Арқалы Ақсұңқардың ақын ұлы
Арқырап жыр оқыса сүйіністік.
Мына əлем – сол əлем бе Қасымды ұққан,
Əлде ұқпай ұлы Ақынның басын жұтқан?
Жоғалтып алмап па екен қасиетін,
Айырылып қалмап па екен асылдықтан?
Мына ауа сол ауа ма Қасым жұтқан?
Уланбай қалып па екен не сұмдықтан?
Ақынның көз жасына қалған əлем
Жүр ме əлі зардап шегіп басырлықтан?
Ұлысын ұрып жығар тасырлықтан?
Десек те дəуір басқа, ғасыр бөлек,
Жамылып жаз жетсе де жасыл желек,

355
«Арпалыс алақұйын заманалар»
Айқайлар:
– Қасым керек! Қасым керек!
Өрт мінез өлеңінен шоқ тамардай,
Бүгіннің бар кеселі жоқ болардай:
Соғыстан қайтқанындай сылтып басып
Қасым да құдығына кеп қалардай.
Қасымсыз баспаналар қаңырап құр,
Көңілдер көншу іздеп аңырап тұр.
Талантты таланынан тарықтырар
Бұл өзі неткен заман тəңір атқыр!
Мүсін боп тұрса тұрар астанаңда,
Енді оған керек болмас баспанаң да!
Қыранға қажет те емес хан шатырың,
Ғұмыры ғасырды аттап басқан алға!
Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,
Тұңғиық Ғарыш пенен Қара құдық...
Қасым ақын тылсымын ұғам десең
Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!
Қаға бер қанатыңды, Қарқаралы,
Ғаламды қасиетің тартар əлі.
Қасымның құдығынан дəм татсам деп
Шарқ ұрар дүниенің шартарабы.
Бұлықсып талай ұлың ержетуде,
Бұл құдық тереңімен тербетуде, –
Бала Қасым бейнесін сақтап қалған
Жалғыз фотоаппарат сол жер бетінде!
Ұлылық шүпілдеген қара өлеңнен
Ұрттасаң ұлан шөлің қана берген.
Құдыққа, Қасым аға, үңілемін
Суынан мөлт етердей бала бейнең!..
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет