Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет14/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ӨТЕСІҢ, УАҚЫТ ...
Өтуден басқа не тындырасың, Уақыт, сен,
Құмарым қанып дəміңнен сенің татып па ем?
(Көрген де емес жарасып менің
                            жұлдызым
О бастан тіпті Уақытпен сосын Бақытпен).
Өте бер,Уақыт, кете бер, мейлің,
                           қират, бар!
Онсыз да мені өлтіріп жүр ғой, қинап хал.
Үй аман болсын аналар бесік тербеткен,
Дін аман болсын əкелер жатқан зираттар.
Қу құлқын десе ындыны құрып жанығар,
Ақылы азған адамзат деген жануар.
Махаббат шығып, саясат кірген жүректер
Құбыла келе құбыласынан жаңылар.
Қанымды кейде, сорымды кейде қайнатып,
Заулаудан басқа нені білесің, əй, Уақыт?
Жаны бар сөзді Тəңірім өзі өлтірмес,
Күңіренсе де Күн шығып,
Сосын Ай батып...
МƏЖНҮН ТАЛ
Аспан баяғыда ашылған,
Жаңбыр аяғы да басылған.
Сен несіне жылап қалдың,
Мəжнүн тал,
Көктің қолы сипағанға шашыңнан?
Мейлі, шеріңді қозғасын,
Аман-есен ғой өз басың...

306
Қыздардың əдетін қайдан алғансың,
Қит етсе сығатын көз жасын?
Бұлтымен басқанға,
Жаңбырын шашқанға,
Емексіп, егіліп,
Еліктеме аспанға!
Мүбада,
Желмен сүйісу күнə ма?
Сірə да.
Бұлттар сөзінде тұра ма?
Қой, қалқам,
Мəжнүн боп кетсең де жылама!..
Əркімге – əртүрлі сыбаға!
ӨМІР
Өмір деген –
өлімменен жарысу,
жыл құстары жетпес жерден əрі ұшу;
тыным таппай, тоқтар жерде тоқтамай,
бармайтұғын бас жақтарға барысу;
əрі əуен,
əрі өлең,
əрі шу,
нəр татып кеп, зəр ішу, не дəрі ішу;
шоқтан шығып төске түскен темірдей
көп тоқпақтан көз ашпақ боп қарысу;
сүт пе, бал ма, у ма, əлде сарысу?
ыстықпенен, суықпенен танысу;
өкпең барда өкпелесіп біреумен,
бауыр барда біреулермен табысу;
жүрек барда –
өліп-өшіп қауышу,
сезіміңмен, нəпсіңменен алысу;

307
өсіп-өніп, көшіп-қонып,
күн жетсе
құсқа айналып, Құс жолымен əрі ұшу...
ТІЛАЗАР
Үйрете алмай дұрыс өмір сүруді,
Еңбегі еш боп əкем өтті.
Құрулы
қақпан жатса іздеп барып ұрынар
Ақын болдым
Кірулі есі, шығулы.
Татпай жатып анам берген қатықты,
Аттап кетіп Алла берген уақытты.
Басқа тептім бір бұйыртқан бақытты,
Бал орнына уын тағдыр сатыпты.
Оңды-солды сермей-сермей
                    Қылышты,
Жолатпадым жуықтаған ырысты.
Айырмастан дұрыс пенен бұрысты.
Төрден қашып жағаладым бұрышты.
Тілазарда болушы еді хал қандай,
Оң-солым мен алды-артымды
                      аңғармай,
Бəрін жаптым бір есіктен басқаның
Өзімді-өзім құрбандыққа шалғандай.
Есім кетіп сұлулыққа ұмтылдым,
Тəж-тақ үшін бас тігетін хандардай.
Сегіз құрсақ – сегізі боп бар қайғы,
Сағыныштан Анам да əне қартайды.
Екеуіміздің екі басқа мұңымыз
Қашан, қалай тарқайды?

308
ЖАҢБЫР. ЖАСЫН
Адырналар майысып,
Қабырғалар қайысып.
Жебе жауып, жай ұшып,
Аспан мен Жер сайысып.
Бадана көз бадалып,
Бағып қалды балалық.
Жебе жаңбыр жауып тұр,
Қара жерге қадалып.
Ақ садағы мөңіреп,
Темірені еңіреп,
Астаң-кестең бар əлем,
Тұлан тұтып төңірек,
Жаным кіріп жатырмын –
Жауса екен деп көбірек.
ƏКЕ. ҚОС ІШЕК
Его зарыли в шар земной...
Сергей Орлов
1
Арулап біз өзіңді жерге беріп,
Сен кеттің жер шарымен дөңгеленіп.
Жер шарын сүймей қалай тұра аламын.
Қойнында жатқаннан соң ұлы адамым.
2
Сағынып, Əке, сені көзімді ілем,
Желеуің, жебеуіңді сезіп жүрем.
Құдайдың құпиясына қол сұқпай-ақ,
Тірілтіп алсам деймін өзіңді мен.

309
Өзіңді өлеңімде тірілтемін,
Сыйлаймын өлмейтұғын ғұмыр кенін.
«Алыстан ақсақалың кеп қалды!» деп,
Алдыңнан кемпіріңді жүгіртемін.
Мен сені жаратамын шабытымнан,
Кетесің тұрып сонда табытыңнан.
Күннен-күн, жылдан-жылға жасаңғырап,
Ұмытар дерт дегенді кəрі тұлғаң.
Сен менің жырларымда жанданасың,
Күлесің, қуанасың, таң қаласың.
Бар менің өлең дейтін патшалығым,
Сен келіп сол өлкеге хан боласың!
Қайран, Əке!!!
ТАУДЫ АҢСАДЫМ
Тауларымды сағындым,
Тауларымды.
Тау дегенде жүрегім қақ жарылды.
Тарғыл тасты құз-шатқал түсіме еніп,
Ақ бұлаққа ақтардым арманымды.
Қалай ғана көз жаздым тауларымнан?
Тұрушы еді қаумалап жан-жағымнан.
Тас қияға таңылып қабырға жол,
Тар қолтықта ат-арбам аударылған.
Тауларымды сағындым.
Тауды аңсадым.
Тұмшалады миымды алуан сағым.
Тауға шықсам шабытым тұтанатын,
Кім өшірген жанымның жанған шамын?
Құса-мұңнан көңілім ала шаңыт,
Аласарып барамын,
Аласарып!..

310
Тауларымды сағындым асқақтаған,
Өрмелейін шыңына бара салып.
КҮРЕҢ БҰЛТТАР
Несіне күркірейсің,
Күрең бұлттар,
Деймісің қадіріңді білер жұрт бар?
Сенің де жүйрігіңді шаптан түртіп,
Шамыңа тиді ме екен кілең қырттар?
Не шығар сен екеуіміз жылағаннан?
Жақсы ғой басың асау, бұла болған.
Шақырып жынымызды
Шамырқансақ
Апшысы қуырылмай ма мына жалған?
Көрсете бермесін деп сайран қылық,
Ақынға қоймақ па екен қой бақтырып?
Құр босқа күркіремей,
Күрең бұлтым,
Шеріңді тарқатып ал жай лақтырып!
ШЫҚ
Шықты да күн,
Шуақтан
Шық жылады, бу ұшып.
Шымыр-шымыр суаттан
Шымал жатты су ішіп.
Шып-шып терлеп жапырақ,
Шыт көйлегін шешті аспан.
Шат-шадыман атырап,
Шілдеменен қоштасқан.

311
Шаңқан аспан – шарайна
Шатынаған шағы ма?
Шағырмақ күн қарай ма
Шықтың жылағанына?
ЗАҢҒАР МЕН ЗЕҢГІР
Құм қосылып тау болған,
Құл қосылып жау болған.
Ту-талақай, тараждан
Тулақ жұртым сау қалған.
Заңғар таулы Зайсаным,
Заңғарыңды аңсадым.
Зарлы көлге құйылған,
Запырандай қанша мұң.
Тарбағатай – тас қорған,
Төңкеріліп тасталған.
Таудай менің талабым,
Таңда туып, кеш қалған.
Кімді жалмап, кімді алған,
Кісі жегіш сұм жалған?
Ертіс бойы – ерен құм,
Жігерім бе құм болған?!
Күлкі азайды миықтан,
Ұйқы азайды сиықтан.
Жүрек көкке ұлыды,
Жүгі жаншып иықтан.
Зеңгір көлді Зайсаным,
Заңғар шыңды жайсаңым.
Өшпесін деп мен жүрмін,
Өзің жаққан ой шамын.

312
Сен жетерсің өлмеске,
Мен кетермін келмеске,
Көз ұшымен қоштасып,
Кірпік қағар сол кеште...
* * *
Ұшқан құстан сəлем айт Зайсаныма.
Ескен желден сəлем айт Сайханыма.
Айырбастап жұмақты тас қалаға
Кеткенім не сандалып сайтаныма?
Құс ұшырмай басымнан əлпештеген,
Құштар елді ойласам өркештенем.
Бұлтқа қолды сермеген бұла күнім
Бұлақ-тұмаң бар ма еді мен кешпеген?
Албырт жүрек несіне ақталады,
Аулақ қашты Алтайдың ақ маралы.
Таудан төмен құлаған көшкін-көңіл,
Қаратпады, қайырылып, тоқтамады.
Ауылым-ау, алдыңда айыптымын,
Кете барғам қалтылдап қайық-күнім.
Шикі өкпе едім өрекпіп өлең қуған,
Қандай жаза кессең де лайықтымын.
Топырағыңды, туған жер, иіскеп мен,
Қарыздан қайтқан қойша күйіс кеткен.
Құшағыңда шашылып қалсам деймін,
Құмай құстай құлаған күміс көктен.

313
САМЫРСЫН
Сағындым сені, Сауыр шың,
Сауырдың сəні – самырсын.
Өсіп ем саған өрмелеп,
Тентекті сол бір танырсың.
Самғап бір саған жетер ме ем
Қанат пен бітіп қауырсын?
Қаншама құқай көрсем де
Сынбаған менің сағымсың!
Сауырдың сəні – самырсын,
Жапырағы жасыл сабырсың.
Сыныңды бұзбай сақтаған,
Сүйейді-ау сені тəңір шың.
Сағынып сені еске алам
Басыма түссе ауыр сын.
Қабаққа біткен самырсын,
Қара жер сенің тамыршың,
Көк аспан асқақ əміршің,
Көңілім саған сабылсын.
Ұмытпан сені ешқашан,
Ұмытар болсам нан ұрсын!
СЫҢАР ҰЛАР
Алтайымның басында мұнары бар,
Адасады мұнарда сыңар ұлар.
Сыңар ұлар секілді күй кештім-ау,
Күн болар ма көңілден мұң арылар?
Неге менен, ұларым, алыстайсың,
Талып жеткен алыстан дауыстайсың.
Түгенделер күн қайда төрт құбылам,
Талқанымды таттырып тауысқайсың.
Қайырылмай қайран күн текке кетіп,
Қашан, қалай бұл өмір кеткен өтіп?

314
Жүрек жатыр көтермей жерден басын,
Сүтке тиген мысықтай өкпелетіп.
Қобыз тартқан қайғыдан кемді күнім,
Қымыз ішкен қызықтан өлді жылым.
«Мың бір түннің» ертегін ұйып-тыңдап,
Ес жиғандай отырмын енді бүгін...
Мына тірлік аз күндік тұрақ маған,
Ұйқы-күлкі дегеннен жырақтағам.
Берген қарыз секілді күліп келіп,
Қайтқан борыш секілді жылап барам.
Ол сарынға бұл сарын қосыларсың,
Келешекке тіршілік көші барсын.
Сыңар ұлар дауысы естілгенде,
Ұлар үнді Ұлықбегін есіне алсын.
БАУЫРМАЛ
1
«Үлкейген дейді бауырың!..»
Ұлғайса болар ұлғайған,
Артатын ылғи ауырын
Өмірдің өзі бір майдан.
Бұл бауыр нені көрмеген?
Бүгінгі халі – ауыр хал.
Шөлдемес жерде шөлдеген
Шектен тыс болып бауырмал.
Жатырқау білмес бұл басым,
Құшаққа кірсе келіп кім,
Бауырмал болып туғасын
Бауырға баса беріппін.

Көрмеді нені бұл бауыр?
Ащы мен тəтті қос жақтап,
Көтерген жүгі зілмауыр,
Уды да ішті тостақтап.
Тасбауыр болып кетпеуге
Таразыдайын тартылған.
Өрекпіп жүрген от кеуде
Өкініш-өртке шарпылған.
Тағдырым салған сынаққа,
Төзейік енді, сабыр ет.
Өкпе жоқ менде, бірақ та
Ішімнің бəрі – бауыр-ет.
2
Алматыға Сауырдан кеп,
Аңқылдадым бауырмал боп.
Бауырыма бастым бəрін,
Бостан-босқа ауырғам жоқ.
Бауырыма кіріпті əркім,
Жыланды да жылытқанмын,
Бір сұр жылан шағып мені,
Сырын кештеу ұғып қалдым...
Жауындарда, дауылдарда,
Қорғаладым қауымдарға.
Ғадауат қой ғұмыр сүрмек
Ғадамзатта бауыр барда...

316
АҚ ШАҺАР
Сұмырай заман, сұр дала,
Саңырау сана, сұм қала.
Еңіреу, өксік көкірек,
Меңіреу, марту, мұң-нала...
Өткеннен жеткен жылнама...
Кеткеннен келген жылнама,
Ұрандап өткен ұлтымның
Рухын енді ұрлама!
Сұмырай заман, сұм қала,
Сұрқылтайыңды бұлдама.
Сарғайып қалған анамның
Сырлары сіңген сырғаға.
Сарсылып өткен бабамның
Садағы сынған жылғада.
Сарқылмай жеткен біздерге
Сарқыты – тіл мен діл ғана!
Бөгенбай қанын төккен жұрт,
Қабанбай нардай шөккен жұрт.
Сарғана белден аса алмай
Абылай қайғы шеккен жұрт.
Хан Кене аруақ шақырып,
Қамалын бұзып кеткен жұрт.
Қажымұқан қарсы келгеннің
Қабырғаларын сөккен жұрт.
Иманды болмай қайтеді,
Иманжүсіптер өткен жұрт?
Қойнына салып құранын,
Мойнына тағып тұмарын,
Астана жұртын айналған,
Аталар айтып ұранын.
Қараөткел жақтан естимін,
Ғазиздің салған бір əнін.

Жесірлер көзін жұмған жер,
«АЛЖИР»-дің қарғап «жұмағын».
Сəкеннің сұлу аққуы
Сыңсиды іздеп сыңарын.
Аңсайды бүкіл ақындар
Мағжанның киген мұрағын.
Арқаның белін армандап,
Күйгенжар төсін қормалдап,
Қорғалжынға қонған қасқалдақ,
Сарыарқаға өскен сарғалдақ.
Қоянды қайта оянды,
Атбасарға да қонған бақ.
Сусамыр көзді сусатар,
Сусыған ойды жусатар,
Саудагер заман келгенде
Самарқаннан əкеп су сатар.
Тарыққанда халық зарығып,
Кезігіп кезең мұнша тар,
Ұйытқыған ойды ұйытып,
Басталып керуен, бір сапар,
Бейіштен ескен самалдай,
Алтыннан соққан қамалдай,
Ғажайып, ғазиз жамалдай,
Арқаның арда төсіне
Аспаннан түсті бұл шаһар!

318
БАЯНАУЛА
Атыңнан айналайын, Жасыбай көл,
Сен енді мен келгенде тасымай көр.
Тұманбай ақын
Жүр əне жағалауда ақын тасып,
Жүрегі Жасыбаймен жақындасып.
Сезімі самырсынмен сыр шертісіп,
Көңілі көк аспанмен ақылдасып.
Тереңнен қайнап шыққан қара қайнар,
Қақ жарған қара тасты қарағайлар.
Бұқар, Мұса, Мəшһүрдей орам ойлар,
Əлкей менен Қаныштай нар ағайлар,
Аруақты ардақтаған Қорабайлар.
Жартасты жарып шыққан самырсындар,
Менің де жүрегімді жанырсыңдар.
Сұлтанмахмұт, Жүсіпбекті танырсыңдар,
Найзағайға ұрынған тəңір шыңдар.
Басына бұлт байланған Баянаула,
Көліңді көк ала үйрек саялауда.
Бұл заман нар ұлдарын аямауда,
Қалайсың, ақыныңды аялауға?
Су бойында сыланған патшайымдар,
Аққу биін билеген ақ қайыңдар.
Баянның мөлдіреген көлдеріне,
Інжу деп, меруерт деп ат қойыңдар.
Қырандар қарғаларға таяу қонбас,
Сондықтан қанаттыға аяу болмас.
Астынан атын тартып алсаң дағы,
Қанаты бар ақындар жаяу қалмас.

319
Баянтау, шырқап шыққан қыраның көп,
Жауһарсың жер жаһанда сынарың жоқ.
Иненің жасуындай Жасыбайым,
Қала гөр қол жетпейтін жұмағым боп!
МҰЗДЫ МУЗА
(Мұзафар Əлімбаевқа)
Мұз-аға деген – ыстық ат,
Музаның шоғы қоздаған.
Жырында жатқан күш-қуат,
Жүректің қылын қозғаған.
Мұзда да жылу боларын
Жан сырын оқып сезді адам.
Мақалы бар ма жазбаған,
Мəтелі бар ма қазбаған?
Бүгінге бүтін жеткізген
Бабадан қалған сөзді аман.
Баланың тілі – балдырған,
Бала боп кете жаздаған.
Жаңылтпашы мен жұмбағын,
Жаңыла жаттап мəз балам.
Маралды деген маздақ əн,
Махаббат мұңы маздаған.
Ертісте өткен Естайдай 
Есесі кеткен аз ба адам?
Тектілер тіккен қамқа тон,
Тоқсан жыл кисе тозбаған.
Жамбылмен жарыс, Мұз-аға,
Арғысын мен де қозғаман!

320
БОСТАНДЫҚ
Мұзарт шыңдай тұратұғын мұнартып,
Қол жетпеген арман едің құны артық.
Сенің атың дұғамыздан түспеген,
Қасиеттеп тағатұғын тұман қып.
Кешіп жүріп қан аралас көз жасын,
Аңсап едік, құштарланып, құмартып.
Азаттықты ар-намысқа сыңар қып,
Сұлап едiк самырсындай құлар тiк.
Қаншама ақын атыңды атап көз жұмған,
Жүректер мен жүйкелерге жүк артып.
Сыңғырлаған бұлақтарды суалтып,
Сыбдырлаған құрақтарды қуартып,
Үміт нұры үзілерде үздігіп,
Келген едің жыл құсындай қуантып,
Енді бүгін қадіріңді қашырдық,
«Сенген қойым сен болсаң...» деп кінə артып...
О, Бостандық!
ҚАҢБАҚ
1
Сұс-ызғарын шашады,
Сұп-суық жел сумаңдап.
Қалбаң-қалбаң қашады
Құлатүзде қу қаңбақ.
Қайда өнiп, қайда өстi?
Қайда қалды тамыры?
Қаңғып жүрген жарыместi
Қайтер көктiң тəңiрi?

Туған жер бар – Отан жоқ,
Байыздатпай жел айдап,
Отбасыңа опаң жоқ,
Тегiн бiлмес, о, бейбақ.
Тiкенегi ырғаңдап,
Түйе-тайлақ жегенде,
Кiм сенедi
Қу қаңбақ
Өсiп-өндi дегенге?
Қарап тұрсаң обал-ақ,
Тамыры жоқ, тегi жоқ,
Бара жатыр домалап
Шайтандардың добы боп.
Шалғайына сүрiнiп
Шайтандар жүр шаңдақта,
Футбол ойнап жүгiрiп,
Таласады қаңбаққа.
2
Оған да ортақ көк аспан,
Оған да ортақ ай нұры.
Құла түзге жарасқан
Қу қаңбақтың тағдыры.
Ұшар жерiн жел бiлген,
Қонар жерiн сай бiлген,
Қауышуға келдiм мен,
Қаңбақ, сенiң қайғыңмен!

322
ЖЕТІМ БҰЛАҚ
(Түсiмде туған өлең)
Жылау көрдiң ертерек,
Аспан өлдi. Жас қалдың.
Ағушы едiң еркелеп
Арасында тастардың.
Дүлейлi бұлт, дауылды,
Қара албасты басқан күн,
Сыпыртқы қып жауынды
Саба ұлын аспанның...
МЕРТ
Жақсы адамдар, мен сендерге ғашықпын,
Жанарларың жадыраған ашық күн,
Жақсылықты жақсылықпен қашан да
Қайтаруға асықпын!
ТОҚТАРБЕК ҚЫЗЫҚБАЕВ
Осылай деп жыр жазған қайран ағам,
Ендi мұнша мейiрiм қайда маған?
Қалай ғана көз жазып қалдым екен,
Қара сөзден деп жүрiп қаймақ алам?
Тағдыр тасыр талайды тас қаптырған,
Көзден бұл-бұл ұша ма асқақ тұлғаң?
Алтайымның асқар бiр шыңы едiң ғой,
Иығымен бұлттарды жасқап тұрған.
Өлшемiндей өр едiң Биiктiктiң,
Саған қарап өлеңнен уық тiктiм.
Ағам бар деп жасымнан арқаланып,
Ұясына иттiктi қуып тықтым.

Құлағымен iн қазып, iлiк таба,
Жүгiргенде бiреулер құрықты ала.
Өлшемiндей Кеңдiктiң көрiнушi ең,
Қараушы едiң бəрiне күлiп қана.
Жаныңдағы шерiңдi жырға ақтардың,
Бiрге күйiп, жырыңмен бiр қақталдың.
Жарқылдаған iшiнде шумақтардың,
Сөнбесiне сенушi ең нұрлы оттардың.
Алдымызда сыйласар аға қалмай,
Тiрлiгiнде əмiсе бағаланбай,
Кемел кезде кемесi суға кетiп,
Қалған ғарiп қайда бар жараланбай?
Елi дархан қазағым, даласы кең,
Ақыныңмен сен қашан санасып ең?
Нар ұлдарың нелiктен жығылады,
Жазылмайтын жүректе жарасымен?
Бұл не деген салт болды өрт шалатын,
Көкiректiң түбiнде дерт қалатын.
Соғыссыз-ақ, ай-күннiң аманында
Ақын бiткен аңдаусыз мерт болатын?
Жүрген жырау бар ма едi аһ ұрмастан,
Жанындағы жарасын жасырмастан?
Жазатайым жығылған бəйтерегiм,
Жайдың отын басынан асырмастан.
Асау жырдың шоқтығын уыстаған,
Ақындардың бəрi де туыс маған.
Қанат бiтiп, көкке ұшып бара жатыр,
Түсiп кеткен қолыңнан күмiс қалам.

324
ЕГIЗЕК
1. Домбыраны қорлаған үй
Домбыраның дүмнен сынған мойынын
Дəретхана тазартуға қойған кiм?
Көрдiм дағы ойландым:
Мынау сағақ күй ұшқан,
Мынау құлақ əн бұлағы құйысқан,
Перiштелер ұялаған пернелер
Менiң мұңлық өз көңiлiммен туысқан,
Сусып шығып уыстан
Домбыраның киелi аққу мойыны
(Құдды құнсыз қотыраштың сойылы)
Қалай ғана орын алған қуыстан?
Мынау неткен мешiндiк пен мешеулiк:
Жау түсiрер көк найзаны көсеу қып.
Айға бiлер алдаспанды боққа сап,
Дүмше дəлдүр көрсетпек пе көсемдiк?
Мынау сүңгi бұдан былай сұстанбас,
Бұл бұтаққа бұдан былай құс қонбас...
Саусағынан сыр саулатқан сиқырлы
Сүмбiл қолға бұл домбыра ұсталмас...
Байғұс жүрек, шошы мейлi, шошыма,
Домбырамен сен де жыла қосыла.
Жақсылықтар озды деген заманда,
Жамандықтар тозды деген заманда
Жеткен жерiм,
Шыққан төрiм осы ма?
2. Тор бөстек
Темiр табалдырыққа
тiрелгенде бiрде мен

325
темiр торлы бөстекке
аяқ сүртiп кiрген ем...
Сонда қалай бiлмегем:
табандардың батпағын,
өкшелердiң сатпағын
тазартқан да аршыған
(неткен-неткен нар шыдам?!) –
сол төсенiш – (талайларды əуре еткен) –
сарқыт сынды батырлық пен дəулеттен,
бiр жасасқан талай-талай əулетпен,
Асан қайғы заманынан сау жеткен,
темiреннен қорғап баққан жiгiттi
тоғыз көздi кiреуке боп шығыпты!..
Бiлмеген жан у iшiптi... осылай,
Ата рухын ұрпақтары ұмытты...
...Кiм ұқпады, кiм ұқты:
сол кiреуке жатқан екен өткiзбей
босағадан тамам былық-шылықты...
Етiгiңдi байқап сүрткiн, жас тұлға,
Тарих жатыр табаныңның астында...
ТАСТАЯҚ
(Мұхтар Құл-Мұхаммедке)
Ақынға
Абзал ердiң сыйы сынды,
Ардақтап Мұхтар маған кий ұсынды,
Атамның ақ таяғы секiлденiп,
Жылытып бара жатты уысымды.
Зерлеген сүйегiмен пiлдiң аппақ,
Талай дос таңдай қақты кийдi мақтап.
Тастаяқ жаққаннан соң қолайыма
Дуалап тартар болды бильярд жақ.

326
Тастарды тасқаяқтай қағыстырып,
Талаймен таланымды жарыстырып,
Жеңгенде
Көкiрегiм көкке шықты,
Жеңiлсем –
Қылғындырды намыс-құрық.
Мылтықты мергендей боп жырау адам,
Тасадан
Тасты көздеп сығалағам.
Зiлденiп тұрғам кейде
Зевстей боп,
Жасынмен жұлдыздарды қуалаған.
Деушi едiм
Найза ұстаған сақшыдаймын,
Найзасыз ендi қалай бақ сынаймын?!
Тал-түсте тастаяғым қолды болып,
Айырылған қобызынан бақсыдаймын!..
* * *
«Отырмын Бөрік таудың төбесінде,
Қалқатай, сағындырмай келесің бе.
Көзіме бір ақ көйлек көрінеді,
Ол сен бе, əлде сенің елесің бе?»
Қара өлеңнен
Қылтыңдаған қыз едiң қылдырықтай,
Бұл-бұл ұштың көзiмнен бұлдырықтай.
Томағасыз басыма тұман түстi,
Ендi сенен көктегi күн жуықтай.
Бiр желiде бiрге өскен құлыншағым,
Қайда кеттiң желбiреп тұлымшағың?
Қимас қалқа, қайдасың, сүйген сəуле,
Қатар жортқан қыраттар бүгiн сағым.

327
Сен дегенде тiлегiм сөзге айналды,
Сен дегенде жүрегiм көзге айналды.
Өтерi мен өтпесiн бiлмей уақыт,
Жылағанын, күлгенiн сезбей қалды.
Дидарыңды көрсем деп кəусар шашқан
Қанатымнан əл кетiп, қауқар қашқан.
Мұздан ба едi, жүрегiң тастан ба едi,
Жаралған-ау, тас болса гауһартастан.
Миуа бағым мизамда мəуе бермей,
Қанатымнан қайырылдым əуе көрмей.
Құс жолынан құлдадым жұлдыз санап,
Сəуле iздеген жаурыннан сəуегейдей.
Жылдар өтiп барады жол қараған,
Қайта-қайта көктейдi тал-қараған.
Секер салған серкенiң тұлыбындай,
Жыртығымнан сағыныш сорғалаған.
Қылтыңдаған қыз едiң қылдырықтай,
Бұл-бұл ұштың көзiмнен бұлдырықтай.
Бұл-бұл ұштың көзiмнен бұлдырықтай,
Кiлтi аспанға iлiнген бiр құлыптай...
АҚЖАЙЫҚ АРУЫ
Көз қандай,
Келбет қандай, шырай қандай,
Көркiнен күннiң өзi нұр алғандай.
Аш белi ақ қайың боп бұралғандай,
Өлеңге өзi келiп сұранғандай.
Апталған айдан аппақ мынау маңдай,
Қызықпай қарау қайда, құмарланбай.
Қылығы –
Құс аузынан гүл алғандай,

328
Тұнығы –
Жұлдыздарды суарғандай.
Сезiмi –
Ақжайықты бу алғандай,
Көңiлi –
Желбiретiп ту алғандай,
Тiлеймiн жан тəнiммен, күмəн қалмай
Сол Жайық қалса екен деп ылайланбай...
ҚАЙЫСПАС ҚАЙЫҢ
Дүние жерге айналып түскен ұршықсыз,
Шіліңгір шөлде кірпіктен құлар ыршып тұз.
Сарқылмай қалған бір бұлақ болса жапанда,
Ол сенің ғана бұлағың болар кіршіксіз.
Қатыгез тағдыр заңдарын мейлі ұқтырсын,
Ықтырсын кейде, сесімен бізді бұқтырсын.
Сүрініп біздер, жығылып-тұрып жүргенде
Қайыспас қайың, майыссаң дағы нық тұрсың.
Құзырлы шағың құшағын саған жұрт ашқан,
Ғұмырлы жасың жаныңда дария жыр тасқан.
Мылтықсыз мірден мертіккен біздің ұрпақтың
Ғарасат көрген парасатысың, Нұртасжан!
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 5.79 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет