Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет13/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

ҚОБИ ТАУЫ
«О дүниенің ішінде
Қоби деген бір тау бар,
Қайнарын татсаң қанарсың.
Асқынса ауру, сырқаулар,
Тыйылса самғау, шырқаулар,
Сол таудан мені табарсың...» –
Деді Рүстем түсімде,
Құпия – жұмбақ пішінде.

282
Қоби тау!..
Таныс бұл ат тым,
Тауы ма екен жұмақтың?
Шыңы ма екен ғайыптың?
Астында қалдым сұрақтың...
Ол жақтан келген пенде жоқ,
Жауабын берер бірақ кім?
Алтайдың асқақ баласы,
О дүниеде де, шамасы,
Ойпаңға толмай көңілі
Тау жақта жүр-ау, қарашы!
Қол созым болса Қоби тау
Алтаймен бар ма таласы?
Ебіл де дебіл тірлігім,
Егілтіп мені жүр бүгін,
Екі дүние арасы,
Ертістің екі жағасы.
Көрсетші маған, қарағым,
Қобидың қайда қарасы?..
Өскемен – Алматы,
2009-2011 жылдар
ЗАЙСАН
Зайсаным – Қазақстан қақпасындай,
Құлыбы берік тұрған жатқа ашылмай.
Мен сені мəңгі-бақи жырлап өтем,
Жүректің қобдиында хат жасырмай.
Жерұйық, жаннат Зайсан, пейіш Зайсан,
Ғажайып, кереметтің аттасындай.
Мұхитқа құятұғын Ертісі бар,
Толқыны тулап аққан көп ғасырдай.
Тоныкөк, Күлтегіннің туған жері,

283
Тарихты тіліп өткен от-жасындай.
Орман-тау, өзен-көлдің сұлулығын,
Санасаң қалып қояр шотқа сыймай.
Жүрегім туған жерді сағынғанда
Ериді Самарқанның көк тасындай.
Бір шөкім Зайсанымның топырағын
Бермеймін алтынға да ат басындай!
* * *
Достым, бүгін құлақ ас бір ақылға,
Тіршіліктің күйбеңін тыя тұр да,
Таусылмайтын шаруаңды жия тұр да,
Баратұғын уақыт тап театрға!
Қайта оралар жоғалтқан қуатың да,
Қайта оянар намысың, ұятың да.
Жаңарасың, жайнайсың, жасарасың,
Сезім деген кездесіп сұрапылға!
Адам болып қайтпасаң қолыңды əкел,
Жүрші, досым, барайық театрға!
Айран көңіл мөлдіреп тазаратын,
Ақ ниет пен парасат сөз алатын,
Ана тілім айналып падишаға,
Асқақтатар биікке қазақ атын!
Кеттік, досым, тартайық театрға!
Ұшсын десең сезімің қанат байлап,
Бітсін десең бойыңа ғажап қайрат,
Жүрсін десең жүрегің жалап қаймақ,
Тұрсын десең жаныңда азат байрақ! –
Бар да, досым, бауыр бас театрға...

284
ЕСІЛ ДƏУРЕН
Құр қалғандай несібеден,
Өкінемін несіне мен?
Өкінбей де, өрекпімей
Жатыр ағып Есіл-өзен.
Кездер түсіп есіме бір,
Қарай берем тесіле құр.
Өкіндіріп, өрекпітіп
Барады өтіп есіл өмір.
Тілегіміз қосылғанмен,
Жүрегіміз қоса ұрғанмен,
Баяғыдай күндер қайда?
Өтті-кетті есіл дəурен...
Өкпең болса өшіре жүр,
Кінəм болса кешіре біл.
Барады ағып Есіл-өзен,
Барады өтіп есіл өмір...
АРБАТТАҒЫ АРУ
(Тұрсынай Оразбаеваға)
Қазақтың бір қызы бар Тұрсынайдай,
Қолына қалам алған ұршық алмай.
Санасы сағыныштан сапырылған,
Сезімі сексен сері тұншығардай.
Шырайлы Шым шаһарын аңсағанда
Жүрегі байыз таппас жыр шығармай.
Арбатта бір ару жүр ұлтын ойлап,
Тіл үшін көтергенде жұрты байрақ,
Қаратау, Алатауын сағынады
Жүрегін жайлау менен жылқы жайлап.

285
Қызына құшақ жайса Шым шаһары,
Толады көкірегіне күн шапағы.
Мəскеудің магнитін жеңіп шығып,
Беттейді туған жерге жыр сапары.
Төркіні сұлулықтың сыршыл Ай ма,
Ай өзі сыр шертеді Тұрсынайға.
Атырау, Арқа, Алтайды араласаң
Шіркін-ай, Тұрсынайдай жыршы қайда?
 
ЕЛАЗЫҚ. ХАЗАР КӨЛІ
(экспромт)
Ехе-хе-хей, ехе-хей!
Еспе желдей
Есіп мен
Еңкеймей кірдім есіктен,
Еңсесі биік Елазық, –
Еш көрмеген елі азып,
Ескірмеген жері азып,
Ергенекті ер келсе
Ернеуіңнен бер азық.
Ер жастанған Йылдырым
Екі иіні тола жүк.
Елі үшін туған ерке ақын
Еш аттай ма ала жіп?..
Ереймен мінез, ер көңіл
Ереуіл қылса – не жазық?
Еменнің ерек бұтағы
Еріксіз сынса – не жазық?
Ел-елден келген шайырлар
Еркелеп жетер, не қажып,
Ет жүрегі тоңазып...
Еримін десе ерісін,
Егілем десе егілсін,

286
Егіл де тегіл төгілсін –
Ерекше туған сара жұрт.
Ежелгі еркін түріктің
Еңкулеп келіп өрлеген
Ең төрісің, Елазық.
Ертегісің, Елазық
Ерке құсым, Елазық!
Ехе-хе-хей,
Елазық, Елазық, Хазаркөл...
12.06.2010 жыл
Түркия. Елазық
ТАСЖҮРЕК
Желкілдеген жанымның жас көгалын
Таптадың ғой, ойламай əсте обалын.
Нəзіктікті жамылған беріш бейнең,
Тасжүрегі екенсің тас қаланың.
Тасжүрегі екенсің тас дəуірдің,
Ғашық болдым несіне, босқа ауырдым?
Ғасырларға жүк болып қалар болды
Өте шыққан зымырап қас-қағым күн.
Өзің көмген көрімнен аршып алып,
Құшқаныңмен көзіңнен қан шығарып,
Бері қарамас арыға бұрған бетім,
Табытыма қайтадан салшы барып.
* * *
Жаным-ау, қандай ғажап жымиысың!
Cан алғыс саған осы сыйың үшін.
Қараңғы көңілімде шам жанғандай,
Кеудеме толтырғандай гүл иісін.

287
Жаным-ау, қандай ғажап жымиысың!
Жаралған жан екенсің сүю үшін.
Өзектен өшіп кетті өкінішім,
Көңілден көшіп кетті күйінішім.
Жаным-ау, қандай ғажап жымиысың!..
Тағдырдың тосын тартқан сыйымысың?
Жалғанды тəрк етсем бе,
Жанарыңның
Жарқ етіп бір қараған қиығы үшін?!.
МИЫҚТАҒЫ ШҰҢҚЫР
Жанарымды сиқырлады
Миықтағы шұңқырың.
Күлкі ұрлады,
Ұйқы ұрлады,
Желбіретіп жыр туын.
Көзіңдегі бұлақты іштім,
Қайнарында мұң тұр ма?
Байқамастан құлап түстім
Миықтағы шұңқырға.
Осы ма еді бар құмарым,
Қалдым сенің ырқыңда.
Мені жерлей салшы, жаным,
Миықтағы шұңқырға.

288
АЙ, ПЕРИЗАТ
(«Менің күнаһар періштем» фильмінен)
Ай, перизат, аңсар жанға
Тағдыр дəйім гүл берер ме?
Жуынатын кəусар бар ма,
Ақ қанатың кірлегенде?
Қ а й ы р м а с ы:
Сені ойласам, ей, перизат,
Жан-жүрегім қан жылаған.
Бар тілегім, ей, перизат,
Қайда жүрсең сен жүр аман.
У берсең де шөлдегенде
Бас тартпаймын сен дегенде.
Ай, перизат, суып ғалам,
Қаздар қайтып бара жатыр.
Мен өзіңді сүйіп қалам
Келсе дағы заманақыр.
Қ а й ы р м а с ы:
Жаншыса да, ей, перизат,
Өкініштің сан салмағы.
Кештім сені, ей, перизат,
Қанша азапқа салсаң дағы.
Мен өзіңді сүйіп өтем,
Сені сүймеу күйік екен.
Көз жасыма, ей, перизат,
Батып кетті бір ақ кеме.
Сол кемеде, ей, перизат,
Мен де кеттім, бірақ неге?

289
Қ а й ы р м а с ы:
Ай, перизат, шыққан ақтап
Қылығымды ел теріс десін.
Судан таза, сүттен аппақ,
Сен мен үшін періштесің.
Кінəлі де емессің сен,
Күнəлі де емессің сен.
ҚАДЫР ӨТТІ...
Қадыр кетті, өмір енді қадірсіз,
Қадірі жоқ қу тірлікті танырсыз.
Дегбірі жоқ ду дүние дамылсыз,
Дымы құрып қалды бүгін тағы үнсіз.
Сапырылған ойларың да қадірсіз,
Шақырылған тойларың да қадірсіз.
Қайырылып қанат қалды қағусыз,
Майырылып болат қалды шабусыз,
Желбіреген үміт, сенім қадірсіз,
Селдіреген күдік, шегің қадірсіз,
Жаныңызды қай қайраққа жанырсыз,
Мəлімсіз...
Қадыр өтті...
Кетті бүгін қадірім,
Қаны қашып қуарғандай тамырым,
Суалғандай, сарқылғандай сабырым,
Тауға бітті томпайған бір төбешік,
Самал ғана сипайды оның қабірін.
Қадыр өтті...
Ертең біз де өтерміз,
Бұдан былай бұл өмірге бөтенбіз.

290
Өтер бұл қыс, өтер көктем, өтер күз,
Мəңгі жазға содан кейін жетерміз.
Бұл жалғанға неге келдік екен біз?
Қалды-ау бүгін қазағыңыз қадірсіз,
Кімге тастап кеттіңіз-ау, Қадыр, сіз?
Енді бізге сағымсыз Сіз...
Сағымсыз...
Жер астында ағып жатқан өзендей,
Бар қазақтың қанындағы ағынсыз...
Сағымсыз...
 
* * *
Кімге сенем?
Бал ішкен cоң у да іштім бір кеседен?
Мешеу болды өмірім митыңдаған,
Көсеу болды көңілім жыр көсеген.
Кімге сенем?
Сенімді қайдан алам?
Баяғыдай пəк сезім қайда маған?
Қайда кеткен көп досым қаумалаған,
Қаңбақ қуған желдеймін айдаладан.
Түскен болар тірліктің құны, сірə?
Ілікпейді құм – уақыт уысыма.
Сыртқа шықпай көмейге кептеледі,
Келіп қалған көбік сөз тіл ұшына.
Сенім қайда?
Тағдырым, сыр ақтаршы,
Көңілімді осады сұрақ-қамшы.
Түкпірімнен жанартау атылғанмен
Байланғаны кірпікке – бір-ақ тамшы...

291
ЖҮРСІН ЕРМАН
Өлең-жыр тыншын алған Жүрсін Ерман,
Жүрегі жын адасар тылсым орман.
Басталған Құлжанбайдан бір дария
Көңілдің шөлейтіне гүл шығарған.
Сизифтің тағдырына басын тігіп,
Қазақтың тасын тауға кім шығарған?
Айтысқа арып-ашып арық қазып,
Ол – Қыпшақ Сейітқұл ғой құм суарған.
Абайсыз тамып түскен алтын тамшы
Абай мен Махамбеттей жыршылардан.
Жырына жүрегіңнің құрышы қанған,
Бағасын бір балаңның білші, жалған!
Қозыдан – серт, Қодардан қырсық алған,
Қолында Қобыландының қылышы қалған,
Ей, жігіттер, болыңдар Жүрсін Ерман,
Бола алмаған жамандар жүрсін əрман!
НƏУБЕТ. КӨНБIС
1
Қысқы күн қырық құбылып,
Жауын мен боран шұбырып,
Тасқын мен көшкiн жаудырды
Жығылған жұртқа жұдырық.
Көсемнiң өзi қайда екен,
Шешеннiң сөзi қайда екен?
Сəбилер суға кеткенде
Сұбханның көзi қайда екен?
Жүрегiм неге жылайды?
Көңiлiм неге ылайлы?
Көнтерлi көнбiс едiк қой
Қарғамайықшы Құдайды...

2
Қаңырап қалған ауылдар,
Аңырап қалған бауырлар...
Жаудан да бетер жамсатты-ау,
Алапат тасқын, ауыр зар.
Қызылағаштың қырғыны
Шығысқа қарай сырғыды.
Қызылаяқ жүр қар кешiп
Тарбағатайдың тұрғыны.
Жанарда жас жоқ – суалды,
Жүректе қан жоқ – у алды...
Жетi ағайынды жұт жетiп,
Ажал мен тажал қуанды...
Қирата кiрдi есiктi,
Күйрете ұрды бесiктi.
Нұх Ата, 
Мынау нəубетте
Нелiктен кемең кешiктi?
Көз ашып қара, дұрыстап...
Қасiрет-қайғы ту ұстап,
Жұт сұмның жетi баласы
Ойнап жүр жерде қуыспақ.

293
КЕЛ, НАУРЫЗ!
Жуанның жіңішкерер кезеңінде,
Жіңішкенің үзілер кезегінде,
Өшкенімді жандырып өзегімде,
Өлгенімді тірілтіп өз елімде,
Кел! Кел! Кел! Наурызым!
Ерісін сары мұзым! Кел! Кел!
Самарқанның көк тасын ерітіп кел,
Жамандықтан жаһанды жерітіп кел.
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, Би Батима,
Қызыр Ата, бəрін де ерітіп кел.
Игіліктің иінін идіріп кел,
Имансыздың иығын күйдіріп кел,
Əсемдікке əр қосып, əндетіп кел,
Төрт тарапты төр етіп, күй қылып кел!
Сəбилерді сүйіп кел, сүйдіріп кел,
Тұсауларды қиып кел, қидырып кел.
Қорғансызға пана боп игілік бер,
Панасызға құт мешіт үй құрып бер!
Наурызым, сары уызым, кел, кел, кел!
Жақсылықтан жер бетін жарыстырып,
Ақырзаман апаттан алыс қылып,
Жан біткенді жіберші жақындатып,
Ел біткенді жіберші табыстырып.
Сүйген жанға сенім – құл, үміт – көсем,
Жамалмай жүр жүрегім – сынық кесем.
Наурыздан нұр күту бекер шығар
Назарына періштенің ілікпесем?!
Ниетіңді, Наурызым,
Бұрмай-ақ қой,
Ғашығымның жүрегін жібітпесең!!!

294
Наурызым,
Сары уызым,
Ару қызым, кел, кел, кел!
СЫР САЗДАРЫ
ТӨРЕТАМ
(Жеңіс Сейдоллаұлына)
Төретамда жидеменен,
Жыңғыл гүлдеп жатқан шақ.
Жылда туған үйге келем,
Қайран сəби шақты аңсап.
Біздер үшін буған белін,
Анамды аңсап келемін.
Тамыр тартқан туған жерім,
Қай жұмақтан кем едің?
Қайран іні, қарындастар,
Қанаттанам сендермен.
Бауыр, достар, ауылдастар,
Бойыма күш, дем берген.
Туған жерім – шапағатым,
Зердемдегі зер кілем.
Ең алғашқы махаббатым,
Таңғы шықтай мөлдір ең...
Төретамда дала гүлін,
Самал сүйіп жатқан шақ...
Қайда менің бала күнім,
Іздесем бе аттан сап?! 

295
ҚАЗАЛЫДА
Қаз-қаз тұрған көктемді баласынып,
Қазалыда əлі жүр қарасуық,
Қонағуар құмарын тарқата алмай
Құшақтайды құйыны аласұрып.
Қалпағыңды жұлып ап, ала қашар,
Қара желдің кеткендей қабы ашылып.
Жусаны мен жантағы жаңа шығып,
Бұлтты аспанға қарайды дала сұлық.
Қонақүйге қолыңнан жетелейді,
Қарсы алдыңнан қонақжай қала шығып,
Гүл аңсаған өлкеге «Гүлдер» келді.
Сыр-ананың ежелден жағасы құт,
Қазағының қалмаған тобасы ұмыт.
Сүлейлердің жыр толы бау-бағына
Шаншысам деп келіп ем жаңа шыбық.
Айтқаныңды жатқанда Алаш ұғып,
Қарасуық деген не, қарасуық?!
Күннен ыстық жүрегін жайып салып,
Күтіп тұрса алдыңда ел асығып!
* * *
Дүниенің бары да, базары да,
Дүркіреген дүрмегі, ғажабы да,
Шығады екен алдыңнан Қазалыда,
Ығады екен азабы, тозағы да,
Қазалының кездессең қазағына!
Қайран қалам атына Қазалының,
Көп өткен-ау басынан азалы күн?
Қаза деген ауы ма балықшының,
Жазмышы ма құдайға жазалының?

296
Өлеңімен көрсетер өз ағынын,
Өз Ұлықбегі
1
 бар екен Қазалының!
Қазағының қайғысын ұғып өссе,
Қазалының тарихын жазады мың!
Өз Ұлықбегі бар екен Қазалының!
Қазалы тұр көгеріп, жасылданып,
Қара тал тұр желекке басын малып.
Қашан сенің көсегең көгереді,
Қазалыдан өрбіген асыл халық?
Жана берсін жолыңнан жасыл жарық
Бағымызды бастағы жасырмалық.
Бастықтарың кетпесін басын бағып,
Жастық шағың өтпесін масылданып.
Көк тəңірі Қорқыттың қолдай көрсін,
Көк аспанға жұлдыздан шашу жағып!
Жан дірілін жұртының жаза алатын,
Қазалыдан саңқ етсін ғазал ақын.
Қайғы-мұңын халқының сезе алатын
Қазалыдан жарқ етсін ғажап əкім.
Қай қияға салса да қазанатын,
Азаматың өрлетсін қазақ атын!
ҚАРМАҚШЫДА
Қалайсың, Рзақұл дос, хал жақсы ма?
Көктем де келіп қапты-ау Қармақшыға.
Қорқыттың қасиетті туған жері –
Киелі бесік болған бар жақсыға.
Жақсымен дос болуды мақсат көрем,
Өмірді сүрсем деуші ем жақсы атпенен.
Арманның орындалмас түгел бəрі,
Біреуі қырық қыздың ақсақ деген.
1
 Ұлықбек Тəңірбергенов – жас ақын.

Қайдасың, сырлас інім, Рзақұлым?
Бүйрегі елге бұрған бір жақыным.
Ішіме сыяр емес сыр жасырын,
Білтелеп ағытайын, тыңда ақырын.
Сыр мынау сан сүлейді толғандырған,
Қаламын Тұрмағамбет қолға алдырған.
Үзілген Көшенейдің керуеніндей,
Сан дарын өнер үшін болған құрбан.
Жағалап жағалауын дарияның,
Қармағын құлаштаған қария кім?
Шынымен, Қармақшы атам қайта оралып,
Қам-мұңын ойлап жүр ме əр ұяның?
Аштық па? Қайдағы аштық бұл ғасырда?
Сезім – аш, көңіл – жетім, мұң – басымда.
Жүректі шер ұялап, кір басуда,
Əйтпесе, қайдағы аштық бұл ғасырда?
Қарын – тоқ, көйлек те – көк,
Жан – ашықты,
Жаныңмен кімдер, бірақ санасыпты?
Аралдай апшып болып кең пейілім,
Көксарай, кіші Аралдар жаңа шықты...
Шеккендей аспан азап бұлтсыздықтан,
Түбі азап шекпейміз бе ұлтсыздықтан?
Рухсыз ұрпақ келсе жетісерміз,
Қасиет, өсиетке құнтсыздықтан.
Мен неге ынтық болдым Қармақшыға?
Қорқытқа көңіл самғап бармақ, сірə?
Қобыздан жанға дауа тілеп келдім,
Қалайсың, Рзақұл дос, хал жақсы ма?..

298
САЛАУАТ
Жылымайтын ызғарға,
Ерiмейтiн мұздарға,
Жiбiмейтiн тоңдарға,
Таусылмайтын жолдарға
Қор боп кеткен қуатыма салауат!..
Торға талай сүрiндi,
Орға талай жығылды,
Сорға талай ұрынды
Мiнез деген сыңарезу жарау ат.
Ұшқын едiк, от болдық,
Көмiр едiк, шоқ болдық,
Темiр едiк, оқ болдық.
Көрдiк қилы махаббат пен ғадауат.
Аз да болдық, көп болдық,
Аш та болдық, тоқ болдық,
Бар да болдық, жоқ болдық,
Шүкiр, тəуба, барлығына – қанағат!
Айтылмаған əнiмiз,
Ашылмаған мəнiмiз,
Салқындаған жанымыз,
Сарқылмаған қанымыз.
Соңымызда қалар ма сау-саламат?
Иiлмеген басымыз,
Киiлмеген тəжiмiз,
Отырмаған тағымыз,
Бұйырмаған бағымыз –
Бiр Құдайға аманат!

299
ТIСТЕНУ
Ненi жек көресiң деп,
Кiмге кектенесiң деп,
Сұрама менен...
Поль Элюар
Тiстенемiн!
Кейде мен тiстенемiн,
Салып ұрып бiлемiн қыс келерiн.
Азабынан əлемдi құтқара алмай,
Қарсы қояр ажалға түк таба алмай,
Тiстенемiн.
Бiлемiн күш керегiн.
Ғалам – ұлы,
Жер – алып,
Кiшкенемiн.
Мен, бiрақ үлкен-үлкен түс көремiн.
Тiстенемiн қол жетпей жұлдыздарға
Бiреуiнен солардың түскен едiм.
Қайырылып, қайта ұшып құс келгенде,
Тақытынан түсуге қыс көнгенде,
Былтырғы өскен шiлiктер өнбей қалды,
Амал-шараң қайсы ендi тiстенбеуге?
Тiстенесiң,
Тiстенiп, ашынасың,
Түк келмейдi қолыңнан, шашыласың.
Арықтықты қампайып, жасырасың.
Бұл уақытқа айлаң жоқ,
Амалсыздан
Бас ұрғың келмесе де бас ұрасың.
Сен отырар ақ кеме жүзiп кеткен,
Қай толқынның жалына асыласың?

300
Күресiп-ақ, тiресiп күштiлермен,
Көктем де, əне, қаһарлы қысты жеңген.
Жыртқыш емес адам боп жаралған соң,
Тiстенiп өлу үшiн тiстi берген!
ҚЫСҚЫТҰРЫМ
Асқар таудың өлгенi
Басын мұнар шалғаны...
Қара жердiң өлгенi
Қар астында қалғаны...
Бұқар жырау
Орай да борай қар жауып,
Орын да қалмай тебiнге.
Орамал салған оймауыт,
Оранды дала кебiнге.
Толассыз басса қар егер,
Тобасыз көмер, бiлемiн.
Өлдi де қалды Қара жер,
Өң-түссiз, ұстап жүрегiн.
Жұрты жоқ қара жамылған,
Жоқтауға əлде жоқ шама?
Қайысар емес қабырғаң,
Қара жер өлiп жатса да.
Аруланбастан сүйемi,
Ақзуы желмен ашылып.
Ақ сөңке болып сүйегi,
Ағарып жатыр шашылып.
Асыр сап бүкiл аң мен құс
Аунап жүр қунап сонарда...
Апырмау, өмiр – көрген түс,
Аяғы саят болар ма?

301
Жоқтаусыз дағы жерлеусiз,
Жаназасыз да тергеусiз,
Беу, неткен жаман өлiм бұл
Қайғырған пенде көрмейсiз...
Құдайым басқа салмасын,
Өзге өлiмменен өлгейсiз!..
* * *
Жалғыз сен бе, бауырым,
Жер бетінде сенделген,
Жалғыздықпен ауырып,
Сағынышпен емделген.
Тірілетін күнде өліп,
Жалғыз сен бе – жас ұлан –
Ғашықтыққа құл болып,
Айырылған басынан.
Жалғыз сен бе – ойлы жан –
Тасқында тал қармаған,
Шəрбат ішіп қайғыдан,
Мұңнан мейіз талмаған.
Бір қарап қой артыңа,
Біз де сендей болғанбыз.
Жетпей өмір нарқына
Шығып қалдық жолдан біз.
* * *
Құтырдық,
Құмарлықтың қақтық шаңын,
Қызықтың майын ішіп, жақтық шамын.
Жүрегім неге, бірақ шымшылайды,
Жадыма оралғанда жастық шағым?

302
Мен қалай мұңал кезді айыптайын?
Мүбəрак мұңасамды байыптайын.
Көңілім неге, бірақ орнықпайды,
Ескегі суға кеткен қайықтайын?
Өзектің бір өкініш түкпірінде,
Өрекпіп өлпеңдегі шық тілінде,
Шыңғырып, өлгенінше шырқыраса
Шалатын құлақ қайда түп-түбінде?
КҮН, АЙ, ЖЫЛДАР, ҒАСЫРЛАР
Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық!
Түс ауғанша кетеді ғұмыр ауып...
Құлағыма жетеді қабаттасып,
Тақымдаған таңдардың дүбірі анық.
Арман деген алыста маңырайды,
Ақсақ қойдың жасындай құны қалып.
Аузы күйген ғашықтай абдыраймын,
Сүймейтұғын еріннен сүйіп алып.
Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық...
Айлар, айлар, аптыққан айларым-ай,
Бұрқ-сарқ етіп қазандай қайнадым-ай.
Топан суға кеткен бе тоғытылып,
Мамыражай шақтарым қайда, Құдай?
Опасы жоқ өмір ме – ойдағы жай,
Тобасы жоқ көңіл ме тойдағыдай,
Бəрі, бəрі, сейіліп ақ сағымдай,
Қолын бұлғап қалып-ақ қойғаны ма-ай?
Айлар, айлар, аптыққан айларым-ай...
Жылдар, жылдар, жылдар-ай жамырасқан,
Жылжи-жылжи білінбей қадірі асқан.
Қабын ашып, жылдарды саулатты ма,
Қарс түйген қабағын тəңір-аспан?

303
Өмір мынау – өртеніп, өңі қашқан,
Тамыр мынау тарамыс, қаны қашқан.
Сабыр мынау – ілінген сіңіріне
Сынып қалған сабағы адыраспан...
Жылдар, жылдар, жылдар-ай жамырасқан!..
Ғасыр, ғасыр, ғаламат ғасырларым,
Жайратуда жарқылдап жасындарың.
Алдарыңда сонда да бас ұрмадым,
Ашынғаным, қайнаған, тасынғаным,
Өзегімді өртеген өкінішті,
Өздеріңнен өйткені жасырмадым.
Бағып-қағар бəрібір сендер емес
Қазан ұрған ғұмырдың жасыл бағын...
Ғасыр, ғасыр, ғаламат ғасырларым!
ӨЛЕҢ
Суарылған сияқты көз жасына,
Өлең кейде қоймайды жазбасыңа.
Тыншып жатқан көңілге ойран
                      салып,
Қайдан маған тап болдың,
Қайран шабыт,
Қонған бақыт секілді таз басына?
Ұйқы түгіл күлкіге зар боласың,
Құтылмайсың қашсаң да,
Таң қаласың...
Өртеңнен соң қаулаған жас талдайын,
Жаңбырдан соң ашылған аспандайын
Өлең деген емдей ме жан жарасын?
Алдыңа алып əлемді отырғанда,
Санаң – көкте,
Ісің жоқ оқырманда.
Көкірекке келгенде келісті өлең,
Тілдесесің белгісіз періштемен
Сол періште көз берер соқырларға!

304
ҚАЖЫЛЫҚ
Иншалла!
Мен де бардым қажылыққа,
Қажылық пешенеме жазылып па?
Санамда сыналаған сəуле қалды,
Секілді қалған кеме Қазығұртта.
Дін баққан дуалы ауыз діндар да емен,
Жете алман Құдай жолын қуғанменен.
Алланың алдында бір қайта тусам
Ақындық арызымды тыңдар деп ем.
Білмеймін кімге айтып жүр жұрт арызын?
Үмбеттің орындадым бір парызын.
Аздаған ұятты едім Алла алдында,
Жасадым сол үшін де мың тағызым.
Жауығып жалмауыз бен мыстан маған,
Жазмышпен жағаласар күш қалмаған.
Кейде мен шөлейттей боп құс қонбаған,
Нұр күтем құдіреті кшті Алладан.
Жүрегім –
Зəмзəм суы тұмасындай,
Тілегім –
Хазіреттің дұғасындай.
Күнəм бар Омар Хаям күнəсындай,
Бағым да, содан ба екен, жүр ашылмай.
Ақ сөзің адыра қап асыл алмас,
Жігерің құм болған соң ашынар бас.
Ақын боп туғаннан соң амалың не,
Бір Алладан басқаға бас ие алмас!
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет