Бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



жүктеу 5.79 Kb.
Pdf просмотр
бет11/16
Дата12.01.2017
өлшемі5.79 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

АҚ ӨЛЕҢДЕР

232
Жетi мың жас донор
Қаншама қандарын бергенiн,
Қаншама көз жасын төккенiн,
Қаншама Аштықты,
Қаншама Ауруды,
Қаншама Азапты,
Қаншама Ажалды көргенiн
Санауға
Шашың да шақ келмес!..
ЦИРКТЕГI ОЙ
Алабажақ аренада жылпос қолды жонглер
Шар тастарды қақпақылдап ойнайды.
Бiр шар кенет түсiп кеттi қолынан...
Күлдiк бiздер,
Күлу үшiн келдiк қой.
Алабажақ кеңiстiкте уақыт деген жонглер
Планеталарды қақпақылдап ойнайды.
Бiр шар түсiп кетпес пе екен қолынан?..
Күлемiз-ау,
Күлiп болған жоқпыз ба?..
АЖЫРАСУ
I
Жетедi!!!
Кетедi бұл үйден!!
Қазымыр,
Қатыгез,
Құр кеуде
Қалсыншы қырсығын құшақтап!
Жайылып жастық боп,
Жолына құрбан боп,

233
Жанын сап,
Жер жамап жүрсе де
Жөн бiлер жар қайда?
Бұлағын суалтқан,
Құрағын қуартқан
Құр күйбең
Қу тiрлiк,
Қор болған махаббат,
Қар жауған қабақтың құлы ма ең?
Жас жуған көкiрек,
Жасынан жас жiгер,
Жаралы жүрек пен
Жүн болған жүйкенiң
Бодауын кiм берер?
Жетедi!
Кетедi бұл үйден!
Тұщы еттiң тартуы –
Ап-ащы таяқ па?
Жазықсыз жүректiң жүлдесi –
Сұп-суық сөз бе едi?
Жекуден жер болған
Жасқаншақ жас перзент,
Жел соқса желп етер,
Жапырақ болды ма?
Өскелең өндiрдiң
Өмiрiн өксiтiп,
Өзегiн өртетiп,
Өрiсiн тарылтып,
Өңез жеп жүргенше,
Өлгенi артық-ау!
Жетедi!
Кетедi бұл үйден!!!

234
II
Көшеде – күн кетiп барады.
Көк такси көлденең тоқтады.
Жас əйел,
Жас сəби,
Тамшы жас...
Тамшы жас – кебуге айналған,
Ең соңғы тамшысы ол,
Тартылған дарияның.
Ең соңғы нүктесi ол,
Ең соңғы сөйлемнiң.
Жалаңбас жас жiгiт
Жан-дəрмен жүгiрiп келедi.
Жүйткiген жұлдызға
Жүгiрiп кiм жеткен?
Көшеде – Күн кетiп барады...
ƏНГЕ ОДА
Өмiр өзi өлтiргенде
Бойыңдағы пəк сезiмдi,
Тамырынан тiрiлтетiн
Əн, əн ғана, əн ғана!
Өмiр өзi ылайласа
Бойыңдағы бұлағыңды,
Бастауынан тұндыратын
Əн, əн ғана, əн ғана!
Мен ұшқанда, сен ұшқанда,
Ол да ұшқанда бұл ұядан,
Соңымыздан жаңғырығар
Бiз айтқан əн, əн ғана!

235
ҚЫЗЫЛ IҢIР. ҚЫЗҒАЛДАҚ
Қызыл iңiр. Қызғылт қыр.
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Қызыл көйлек қыз бала,
Қызылбауыр бұлттарға,
Қыр басында қызынып,
Қолын бұлғап қарап тұр.
Қызыл iңiр. Қызғылт қыр,
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Жел өтiнде желбiреп,
Қырда тұрған қыз бала
Жердiң – Көкке ұсынған
Қызғалдағы секiлдi!..
ҚАЙРАН БАУЫР
Талқы мен тездiң туысы –
тауқымет тасы мың батпан,
қабырғасы əлі қатпаған,
ақыл тiсi əлі шықпаған,
ернiнен уызы кеппеген,
өз қолы өз аузына жетпеген,
қарымы қорам, құлашы тұтам,
тартысқа түсiп, тайғақты кешiп көрмеген
бүлдiрген жүрек баланың
тауанын шағар ма екен деп,
жығасын жығар ма екен деп,
қарайлай берем соңыма.
Қарайлай берем,
қулығына құрық бойламас,
қолқасын қырау қымтаған,
қармағы қанды, қаймана,
құдыретi болса қолында

236
тағдыр бiткендi шотына салып шығарып,
Жер шарын дағы таразыға тартып бағатын,
қарбыздай тiлiп, қабығын жарып көретiн,
жүрiсi сұйық, жүрегi суық бiреулер,
қолымен оның от көсеп,
қағаздан аппақ көңiлiн
қарадан-қарап кiрлетiп кетер ме екен деп...
Қайран бауыр!..
КIМ ӨШIРЕР
Өшiрiп жатыр суретшi
қағазға түскен кескiннiң
көңiлге кемiс көрiнген
керексiз, құнсыз тұстарын.
Өшiрiп жатыр бет-жүзiн
күлгенi үшiн өтiрiк,
өшiрiп жатыр көздерiн
қарағаны үшiн қастықпен.
Өшiрiп жатыр құлағын
қаңқуға қайымдығы үшiн,
өшiрiп жатыр ерiнiн
өсекке бейiмдiгi үшiн.
Өмiрде дағы аз ба екен
өзегi өлi мүскiндер,
сүтпенен сiңген сұм ниет
сүтпенен сүртсең кетер ме?
Солардың суық қолынан
жаныңа түскен жараны
арыңа түскен дақтарды
құдірет бар ма өшiрер?!

237
ШЫҢЫРАУ ҚҰДЫҚ
Сусамырды суарған
шөлейттегi шыңырау
сырты аптап, iшi сыз
менiң жаным секiлдi.
Шегендерiн сығымдап,
қаусырса да қара жер
қабырғасы қайыспай
қасқайып тұр шыңырау...
Табандағы тұныққа
қолы жетпей бiреудiң
тас лақтырып түбiне
тереңдiгiн өлшеген.
Қанып iшiп кəусарын,
қайыл болса бiреулер,
былш еткiзiп бетiне
бiреу кеткен түкiрiп.
Қудық жаны – тұнық су,
талқан болмай қайтедi,
тастан ауыр түкiрiк,
қауып түссе жүрегiн?
Керуендердi кенелткен
Шөлейттегi шыңырау,
сырты аптап, iшi сыз,
менiң жаным секiлдi.
Төбесiнен өтедi,
құмды боран дүркiреп,
тұнығына шөгедi,
ұлы ғасыр тозаңы.

Замандардан замандар
зымыраған шақтарда,
көзiн жұмып қайнары,
қаусағанда шегенi,
жiбiтпесiн сезсем де,
ғасырлардың таңдайын,
көзiн оның бiр Керуен –
аршырына сенемiн!..

239
ВЕРЛИБРЛЕР, АҚ ӨЛЕҢДЕР, ҚАРА ӨЛЕҢДЕР
ҚҰМСАҒАТ
сыйлады маған құмсағат,
құм толтырған сұм сағат –
құйылғандай көзіме 
құйылады сауылдап,
секунд санап, күн санап,
минут санап, жыл санап,
кірпігім кейде жұмылар
əр түйірін ауырлап.
құм сағатта құм қанша?
сұм жалғанда құн қанша?
аспан жерге түседі
көзіңді ашып-жұмғанша...
ЖЕЛТОҚСАН
неге, неге Желтоқсанда 
зығырданым қайнайды? 
табаным – тайғақ,
қоғамым – жалтақ,
өмірім – озғақ,
заманым – тозғақ,
қабағым – қарлы,
қанарым – жарлы,
келешек – бұлдыр,
Алтыншы бөлім
«ҚАРҒАЛДАҚ». ЖАҢА ДƏПТЕРДЕН
(2000 – 2014)

240
көрешек – тұлдыр,
жүректе – қыжыл,
санада – кіжіл,
пейілдер – таяз,
көңілдер – аяз,
сыртым – аран,
ішім – боран...
неге, неге Желтоқсанда 
зығырданым қайнайды?
* * *
аспан деген не нəрсе –
есігі ме Тəңірдің?
жер дегенің не нəрсе –
бесігі ме қабірдің?
жұлдыз толы аспанға 
ағаш құсап қол созам,
жерге бойлап тамырым
тереңдерге жол салам.
көк қалады көк болып,
жер қалады жер болып,
екеуінің арасы 
елдеспейді бəрібір...
ей, Жер мен Көк, Жер мен Көк,
екеуің де əрі жүр!..
* * *
бір сəби туса –
бір жұлдыз жанады дейді – өтірік...
бір адам өлсе – 
бір жұлдыз ағады дейді – өтірік...

241
пешенең – берік қалқаның,
періштеңнің қорғайтыны рас...
таусылғанша талқаның
судан тал қармайтының рас...
* * *
қартайса қарға қартайсын,
біздікі не – құр əуре...
ортайса мұхит ортайсын,
біздікі не – құр əуре...
адамға берген қамшының
сабын қысқа қиғаны-ай...
бүлдіргесін бүлдірмей,
алса – сөзге ілдірмей,
тез алса екен қинамай... 
* * *
тағдырымнан: 
            гүл сұрап ем – бау берді, 
            тас сұрап ем – тау берді, 
            дос сұрап ем – жау берді;
тағдырымнан:
            сыр сұрап ем – сабыр берді,
            нұр сұрап ем – жауын берді, 
            жел сұрап ем – дауыл берді.
тағдырымнан:
            от сұрап ем – өрт берді,
            сөз сұрап ем – дерт берді,
            атым содан ерттеулі...

242
* * *
жанарыңа жасырған жүз құпияңның 
тым болмаса біреуін;
жүрегіңе жүктеген мың-сан жұмбағыңның
қыл аяғы біреуін
шамасы жетсе шешуге –
не ойыңның астарын,
не сөзіңнің тұспалын, 
не көзіңнің күрмеуін 
ұға алмаған пұшайман
болар ма еді бақытты?..
парық білмес пақырға
пірсіз пəрмен қайда деп,
тұлдыр бітпес тақырға
қона қоймас Ай да кеп...
* * *
қауіп-қатер, өлім-жітім құрымай,
қайғы-қасірет қуанышқа жол бермей,
қаріп-қасір, жетім-жесір азаймай,
неге өлең жазасың деп сұрама;
жер бетінен жауыз ниет жоғалмай,
өлі ақиқат көзін ашып, қол алмай,
əділет, ар, ұждан, ынсап оралмай
неге өлең жазасың деп сұрама!
ДІҢ
Қазақпысың – көресің:
ғашық болсаң – жүрекке кірген жебенің де
қуантары болады;
жасық болсаң – тұзақталған арқанның да
жұбантары болады –
періштенің пəрмені деп мойынсынып өлесің;

243
ал, алайда,
Қазақ деген ұлы ұлтыңнан қашпасаң: 
қылқындырған ажырғы мен қарғыға,
басыңдағы ноқтаға,
қолыңдағы кісенге,
аяқтағы тұсауға,
ауыздағы құлыпқа, 
мойынсыну мүмкін емес ешқашан!
* * *
атаңа нəлет көнбістік!
қолында өлер адамға
құшақ жайып, қол қыстық;
таспен атқан тажалға 
табақ тартып, төр бердік;
аса жұртқа теңгердік, 
қонақжайлығымыз қыр асып,
дара қылығымыз – дарақылыққа ұласып,
кішіпейілдігіміз гүл ашып,
төменшік тартсақ – оң көрдік;
жағымпаздықпен теңдесіп,
құлшылықпен шендесіп,
намысымызды қасқырдай қармап,
көңілдің үзігін басқұрдай жалғап,
достықтан биік тау жоқ деп,
ниеттен терең көл жоқ деп,
ебелектей елбектеп,
көбелектей көлбектеп,
конақ көрсек құладық
делбе болған аттай делбектеп;
көкейімізді кек теспей,
өкпемізді оқ тесіп,
өлер жерін білмейтін,
өлермендей өрекпіп,

244
жалаңаяқ от кешіп,
етімізден ет кесіп...
көлденең көк аттыға көмек қып:
біреу үшін желге ұштық,
біреу үшін жер құштық,
айналайын ақ пейіл,
атаңа нəлет көнбістік!..
* * *
ешбір сағат шырылдап,
ешбір əтеш қиқулап,
ешбір азан шақырып,
оята алмаған Оймауыт, –
ұйқыңды жылы қой жауып!
о дүниенің ұйқысы бұ дүниеге дəрі емес,
өлгенінше түс көрер біздің ұлт сонша кəрі емес,
өлі ұйқыда жатқандай бері емес, бірақ, əрі емес, 
оята да алмады-ау, айтыс, аттан, ерегес...
тіліне мініп шапқанда жел жетпейтін елеулі,
ұйқыдағы арудай ұйып қалған қалаулы,
құйып қойған ыдыста суып қалған сорпадай
санасы елге тоң-торыс,
ерітіндідей мақтауға елтіп қалған елтеріс,
төрелері – тойымсыз,
төлеңгіті – тобасыз,
елдің ісі дегенде 
елп етпейтін еріншек,
жұрттың ісі дегенде 
жалт беретін жасқаншақ,
ұлттың үні дегенде 
селт етпейтін сескеншек,
ар-намысы – əткеншек,
кежегесі – көткеншек,
оянар ма ұйқыдан, 
кеңірдектен шап берсек!

245
ЕЛДІҢ ІСІ
мінезі – мінсіз, 
көңілі – кірсіз,
ақылы – ақаусыз, 
адымы – матаусыз қайсың бар?
тез өссін деп бидайды
кекілінен тартқан кім еді?
ормақ боп ши-қурайды
сақалынан алған кім еді?
күші сыймай бойына 
Толағайдай алып болған кім еді?
қара күшін көмкеріп,
төңкеруін – төңкеріп,
тау астында қалып қойған кім еді?
беу, сендер де бір-бір толағайдай таусыңдар!
елдің ісі дегенде 
бұғынбайтың қайсың бар,
тығылмайтын қайсың бар,
елдің жүгі дегенде қайыспайтын қайсың бар? 
майыспайтын қайсың бар?
Елдің Ісі дегенде!
ЖАЛАЛАДДИН РУМИДЕН
биліктің бұтағының жемісі удай, нəті лас,
тіпті, жиып-теріп алуға да татымас.
дүниенің дастарханы дəм-татусыз кəкір ас,
тіпті, қонған шыбынын қууға да татымас.
шахтар – мұқым қатыбас, бар тартуы – бақыраш,
тіпті, тірлігі дəріптеуге де татымас. 

246
ЖАЗМЫШ
жалғанның жалғандығына иланбай,
диірменде де дінін сақтап, қиналмай,
бұғыз тесік көрінсе бұғып қалған бидайдай,
талқаннан аман қалам деп;
жаңбыр-жаңбырдың арасынан құрғақ кеп,
соның өзі бір бақ деп,
төсегінде қара терге малшынып,
бастырылып, жаншылып,
дастарханы жиналмай,
кете барған тəн суып...
жақсы адам еді,
жуалдыздың көзіне сыйғандай,
жүректе жүрген имандай...
опат болды ойрандардан аман кеп,
озмыш қайда, жазмыш осы... амал жоқ...
* * *
аспан – ала жейдесін сығып,
аппақ жаңбырын төгіп жатқанда;
асқар таулар малақайын лақтырып,
ақ бұлақтар алақайлап аққанда;
көктемнің көрімдігін сұрап келген қарлығаш,
құлдық саған, құлдық!
қалың тоңды жарып шыққан тұңғыш бəйшешек,
құлдық, саған, құлдық! 
АҚ БҰЛАҚ ПЕН АҚША БҰЛТ
қалаға алғаш аттанғаным есімде:
сонау Зайсан жерінен
бір бұлақ пен бір ақша бұлт 
ере шыққан менімен;

247
бірі – жерден, бірі – көктен жебеді ме, білмеймін,
ақ бұлақ – үміт, 
бір құшақ бұлт – тілдей мұң;
бірі жылап, бірі құлап қалатын-мыс қит етсе,
қылаяғы, тұсынан иіскеп ит өтсе...
өзімнің де жүрегімнен қан сорғалап тұратын
сорғымаған шикі етше...
сор қалаға сормаңдай боп сорға бола келіппін:
кірсіз де пəк, мөлдір еді екеуі,
екеуінің кетті, білем, кетеуі,
шулы қала, улы ауа – өтеуі...
өттей өмір өтіп жатыр,
өрттей ғұмыр өшіп жатыр:
менде шығар бар айып!
ақ бұлағым лайланды,
ақша бұлтым қарайып...
екеуі де өзім құсап ескірді ме, білмеймін,
жүрегіме қарасам: қатып қалған сүрдеймін...
АУАДАҒЫ ЖАУАПТАР
(Боб Диланнан)
Асқар таулар торығуы керек қанша жыл,
Теңіз шайып кеткенше?
Асқақ тұлға зарығуы керек қанша жыл,
Бостандыққа жеткенше?
Өмірде адам бұғуы керек қанша бұл
Түк көрмеген боп өткенше?
Жауабы, жаным, ілініп тұр ауаға,
Жауабы оның қалықтап жүр əуеде.

248
Басын адам көтеруі керек қанша рет,
Көк аспанды көруі үшін?
Кісіге құлақ бітуі керек қанша көп,
Елдің өксігіне мəн беруі үшін?
Қаншама адам қырылуы керек малша кеп,
Сұмдық қырғын келгенін сезуі үшін?
Жауабы, жаным, ілініп тұр ауаға,
Жауабы оның қалықтап жүр əуеде.
ДУАЛИЗМ
сөзім мен ісім үйлеспей,
сырым мен шыным сəйкеспей,
екіұдай ербең күй кешіп,
екіұшты ойға мінгесіп,
екі кеменің құйрығына жармасып,
екі сезіммен арбасып, 
өтер ме екенмін өмірден
өзегімнің көзін шел басып?
Екіленіп, білек сыбансам көп іске:
бірі бастап оң іске, 
бірі үндеп теріске,
бұйыртты мені бөліске
екі иығымдағы екі періште!..
ҚОС ҰСТАЗ
Өмір мен Уақыт – екі Ұстаз:
Өмір –
Уақытты саралауды үйретсе,
Уақыт –
Өмірді бағалауды үйретсе,
бірде тірлікке тұл болып, 

249
бірде уақытқа құл болып,
абдырап-сасып біз жүрміз
артымен сүңгіген үйрекше.
ИТКЕ – МАРЖАН?
есуасқа ғашықтық не, сезім не?
сезім оған салмас тіпті көзін де...
бұл сөзімді шын де, мейлі, əзіл де:
Махаббат келсе – 
ақылы сайға, 
көңілі жайға,
мінезі байға келеді!
келеді де айналдырады Мəжнүнге!..
ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ
қыл арқаннан қылқынып, біздің Қазақ сілкініп,
жылқы жылы шығады жылқыдайын жұлқынып!..
ат үстінде ояу-ды, аттан түсті – қалғыды...
жан-жүрегі қаяулы, запырандай зар-мұңы...
ат үстінде басқан ол бар əлемді тақымға!
Қасым салған қасқа жол айналды ма тақырға?
аттан түсті – айрылды... ат басындай айбаттан,
қанатынан қайрылды, айрылды қайраттан;
аяқ-қолы маталды, бұғау түсті мойынға,
əзəзілден от алды, жылан кірді қойынға...
жаяу қалып жасыды, еңбектеуге көнбеді,
алшы түспей асығы тізерлеуі жөн бе еді?

250
ескірмейтін дəстүр ол – Еркіндігі құс кеуде,
Есім салған ескі жол еске қайта түскенде, –
дүниені шайқаған көрсетсін бір ғажапты,
атқа мінгіз қайтадан жаяу қалған қазақты!
түпкі атасы түрікше тұтанып бір ұмтылсын,
ат пен қазақ біріксе бөгет болып кім тұрсын?!
«МЫҢ БІР ТҮН»
Өткен шақтың өртінің отын алсақ...
Балалығын бір бейбақ отыр аңсап.
Тəтті түстей түседі есіне оның 
«Мың бір түнді» тығылып оқыған шақ...
Сыныптарда сықырлап қаламұштар,
Сия сауыт, сызғыш пен санағыш бар...
Бұрымынан тартқанда көрші қызды
Бойын билеп алатын сан ағыстар.
Өшіріліп дəптерден екілік сан,
Кеш түскенде жанатын жетілік шам.
Сағыныштың суырып сөресінен
«Мың бір түнді» тағы бір оқып-ұқсаң...
Таққа мінген көңілі көкке ұласқан,
«Мың бір түндей» бұл өмір өтті бастан.
Шахризада айтпады оған ертек,
Шахзаман да бұл емес шоқты басқан...
Есіне алса бала кез, бұлдыр күнді,
Еріксізден аңсайды «Мың бір түнді»... 
Екілік сан – ғұмыры – жетілік шам...
Алдамаған бұл жалған... құрғыр кімді?..

251
ҚҰПИЯ
Құрсақтағы құпиялы тыныштық...
Кім-кімнің де көңіліне тым ыстық.
Уайымды, қамкөй, күпті, мазалы
Ана-жүрек лүпілін де ұғыстық.
Тіршілікте көрмек болдық ырыс-құт,
Қолымызды көкке жайып тұрыстық...
Тірілерге түсініксіз бəрібір
Қабірдегі құпиялы тыныштық...
«ОРАЛМАН»
базарлар жатыр өртеніп...
əкімқаралар əкіреңдеп жүр, жер кеңіп...
Адалбек ақын жұмыссыз қалды,
өртеніп кетті ақынға біткен еркелік.
бала-шағасы ашықты...
шиеттей еді шетінен...
арғы бет асып, аңсап бір жеткен ғашықты
атамекені қақты бетінен.
Артюр Рембодай саудаға кірді аңғал жан,
саудайы заманы солай басқа салғасын,
арманы күйіп, алданған,
дүңгіршек дүкен жанғасын;
əр тұма тауып арнасын,
десек те солай өз жолын өзі жалғасын...
арналы өзен ағысы толы көп арман,
құрдымға құлап жоғалған...
жаңбыр боп тамған жанардан...
уақыттың өзі өшіре де алмай қалмасын,
қорқауи қоғам маңдайға басқан таңбасын:
«О-рал-ман?!»...

252
ҰЛТТЫҚ МƏСЕЛЕ
дөңбекшіп шықтым... азап жанды жеп...
терезені аштым... ғажап таңғы леп...
теледидарды қоссам – лақылдап, лақты бір лəухи:
«түрмелер түгел қазақтанды!» деп.
апыр-ау, сонда... тозақтан кіріп,
о дүниені де қазақтандырып,
«жетісер» күнге жетер ме екенбіз, əкіри,
бұ дүниені мазақтар, күліп?..
...қанжарын Шамда қанға малған бар...
шаһиттік жолды таңдап алғандар...
ұры иті менен мүриті көп ел – бұл байтақ –
кім үшін жанын жалдаған жандар?..  
бере гөр өзің, Жаратқан, медет...
(шешеннің сөзі – сан ақпар, дерек)
сілтейді-ау шіркін:
«мемлекеттік тілде, 
сөйлейді біздің жəлаптар да!» деп.
ой, қайран, менің «дамыған» тілім,
осы ма еді жарыған күнім?
қалайша, қалай, қолына кімдер-кімдердің 
ұстатып қойған халық алтынын?
МЕНІҢ ҮШ МІНІМ
бойымнан талай мін тапқан,
сыр тартқан, сосын сын таққан,
бір досым – көптен көрмеген:
«Қарыздан, 
    Дұшпан, 
        Сырқаттан
тез құтылғаның жөн» деген.

253
бірақ та мендік бұлтақтан
ештеңе тіпті өнбеген...
үш мінім менің – шын тапқан
«табысым» шығар көлденең:
қашсам да қайда – бір қақпан
құрулы тұрып, терлегем;
жазмышқа, досым, көнген ем,
арылар емес сор менен:
Сырқатсыз жəне 
         Қарызсыз,
              «Достарым» жазған арызсыз
күн кешіп тіпті көрмегем!
БАТПЫРАУЫҚ БАЛЛАДАСЫ
шыбық мініп астыма шапқылауық,
шарықтаттым аспанға батпырауық.
көкке өрлеген қос көзім жерге түспей,
кейде құлап «атымнан» жаттым ауып...
тізгінімнен сонда да айырылмай
тас төбемде қалқитын батпырауық;
өтті жылдар шыбықтай шапқылауық
ат үстінде... 
жарыстық, бақ сынадық...
тұқырмайтын тұрқыма тақты ма айып,
тіксінтті ме тауаным таққа лайық,
бір төбеттер тісін сап, қатты қауып,
бір көдектер күйесін жатты жағып;
бұзбасын деп бой бермей, топты жарып,
озбасын деп, ор қазып, отты жағып,
əлі де жүр осқырып, оқшырайып...
қитұрқыдан қалайша дəт сұрайық,
қай жараны қай жіппен қапсырайық?
зəтте жүрек зəрезап, атқылауық,

254
тамырдан да тəуіптер тапты қауіп...
құлап жатып аспанға көз жіберем,
көрінер ме екен деп батпырауық?
жүруші едік пəк күліп, пəк мұңайып, 
сол пейіштің алдында тəк тұрайық...
мейлі, тағы шыбықты ат қылайық...
мейлі, тағы шүйгінде шапқылайық...
мейлі, тағы көкке ұшсын батпырауық...
балалықтың Есігі ашылмайды
байқамастан кеттім бе қатты жауып?...
Е-һе-һе-һей, қайдасың, Батпырауық?!
КӨКПЕН КӨРІСУ
Осы мен, осы бұлттармен тағдырласпын ба?
Толғанда ішім қайғы мен қаңғыбас мұңға,
Көзімнің жасын ешкімге көрсетпеу үшін
Зəудебір жылап аламын жаңбыр астында.
Кірпіктен аққан тамшылар тізіліп тамып,
Төзімнің темір арқауы үзіліп қалып,
Қара бұлт тектес сөгіліп, төгіліп əбден 
Жеңілдеп қайтам мен іштей мүжіліп барып.
Жауынды күнді жанымдай жақсы көремін,
Жасынмен жыны шарпысқан бақсы ма едім?!. 
Көк аспанменен осылай көрісіп алам, 
Ішіме сыймай кеткенде тасқын-əлемім...

255
АЯҚТАЛАДЫ БƏРІ ДЕ...
Ерте ме, кеш пе – бəрі де аяқталады...
Аяқталады қайғы мен қасіреттерің.
Жалғаннан қашан көңілің тоят табады?
Өз ғұмырың ғой – есепсіз шашу еткенің.
Аяқталады бəрі де – ерте ме, кеш пе...
Бүгінгі көрген қызық та аяқталады.
Бақытқа жету дегенің – ертек емес пе?
Уақытың құрғыр тықылдап таяп қалады.
Ерте ме, кеш пе – бəрі де тəмəмдалады...
Сүйсең де мейлің ғашық боп, сүймесең мейлі.
Алдамшы мынау дүниенің Адам – қонағы,
Қонақ та болса өмірді билесем дейді.
Тағдырына Адам өзінің еркелемес пе?
Бəрібір тағдыр пендесін аяп қалмайды.
Аяқталады бəрі де – ерте ме, кеш пе...
Арманың ғана ешқашан аяқталмайды!..
ФАРИЗА
Өр еді... алдандырмай арзан қызық,
Өмірі өтті шоқтан маржан тізіп.
Өлеңі өзектерді оттай қарып, 
Өртінен өшкен жанып, жалғанды үзік. 
Пəниден бақиға өтті 
Пырақ жылы,
Пантеон – мəңгі пана – жұмақ нұры...
Парнастың патшайымы тақтан түспес,
Пейішке жарық қосса шырақ-жыры...
Бас имей, күмілжімей күнкөріске,
Бұрылмай бұқпантайға, бүркенішке,

256
Тік қарап, тіке сөйлеп, тізгін тартпай,
Тепсініп кете барған бір Періште!.. –
Бақұл бол, бекзат, берен, асылзатым, 
Рухыңа нұр, найзағай, жасын жақын!..
Ақынның жүрегіне ғасыр сияр,
Ешқашан сыймас бірақ ғасырға ақын!
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 5.79 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет