Бағдарламасы бойынша шығарылды Еркін Нұразхан



жүктеу 6.34 Kb.
Pdf просмотр
бет6/24
Дата06.05.2017
өлшемі6.34 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

ҚАУЕСЕТ РАСҚА ШЫҚТЫ
Сөйтіп, Солтүстік Кореяға Қазақстаннан əскери ұшақтар 
сатылды деген қауесет расқа шықты. 14-қыркүйекте «Хабар» 
тележурналистерінің сауалына берген жауабында ҰҚК төр-
ағасының орынбасары Бауыржан Елубаев мырза осы мəселе 
төңірегінде айтты.
Корей  Халық  Демократиялық  Республикасына  бізде  ес-
кірді  деп  есептелінген  «Миг»  əскери  ұшақтарының  қырық 

65
шақтысы  Шымкент  пен  Талдықорған  əскери  бөлімдерінен 
сатылған көрінеді. Алынған қаржы сегіз миллион АҚШ дол-
лары  болса  керек.  Бұл  қару  сату  ісіне  кезінде  рұқсат  бер-
ген сол кездегі үкімет басшысы Ə.Қажыгелдин екен. Бірақ, 
Баку  əуежайында  көзге  түскен  алты  əскери  ұшақтарымыз 
болмағанда бəлкім, бұл қырық ұшақтың «хикаясы» белгісіз 
болып қалар ма еді.
Ал, бұл сауда-саттықтың халықаралық саясатта Қазақстан-
ға бедел əпермесі белгілі. Оған біздердің экономикалық се-
ріктестерімізге саналатын Оңтүстік Корея мен Жапон мем-
лекеттерінің наразылықтары айғақ. Сондай-ақ, өзге елге қару 
сату  мəселесі  халықаралық  терроризмнің  қаулап,  əр  жерде 
соғыс өрті тұтанып тұрған шақта, аса қауіпті жəне абырой-
сыз  іс  екені  түсінікті.  Сондықтан,  мұндай  «коммерциялық 
істерден»  елге  қандай  пайда  түскенін  арнаулы  орындар 
анықтай  жатар.  Ал,  кешегі  күнге  дейін  үкімет  басшылары 
бұл мəселе өздеріне белгісіз деп келгендігі көптеген күмəнді 
сұрақтар туғызады.
Дегенмен,  тəуелсіздік  алған  жылдан  бері  Терещенко, 
Қажыгелдин, бүгінгі Балғымбаев басқарып отырған үкімет 
тұстарында республикамыздың мол байлығы (металл, отын, 
астық,  ет,  жүн-тері,  техника,  оның  ішінде  əскери  техника-
лар,  т.б.) «сырт  елге  вагон-составтарымен  жөнелтіліп,  ар-
зан бағаға сатылып жатыр» деген алып-қашпа əңгімелердің 
жаны  бар  екендігін  мына  қырық  ұшақтың  анықталуы – 
дəлелдегендей.
Қолда бар байлықты ел игілігіне тиімді, орынды жұмса-
ғанда,  өндірісіміздің  іргесі  шайқалмай,  ауыл  шаруашылы-
ғымыз  шалқасынан  жатпас  еді  деген  ащы  ойлар  өзінен-өзі 
келеді.  Ел  сенген  қайраткер-шенеуніктеріміздің  көзді  ала 
беріп, қарпып қалуға дайын тұруларын қалай түсіндіреміз? 
Кешегі  кедейшіліктен  көтеріліп,  іргелі  ел  болған  Кеңестер 
Одағының бəрібір негізгі тегі – жарлы-жақыбайлардан, уы-
зында жарымаған кедейлерден шыққандығынан ба? Тəуел-
сіздік алғаннан соң, бүгінгі халық пен мемлекеттің несібесі-
не бұйырған дүниені ашкөздікпен «өзім ғана алайын» деп, 
басып қалу психологиясынан емес пе, деген кермек татыған 
сұрақтар тағы тілге оралады...

66
Қалай болғанда да, ел боламыз, өркениетті жұрттар қата-
рына қосыламыз десек, ұлт пен мемлекет мүддесін бəрінен 
де жоғары қою – əрбір азаматтың абыройлы борышы болса 
керек.
«Түркістан» газеті, № 37, 17-қыркүйек, 1999 жыл
ЕЛІМ ДЕП, ЖЕРІМ ДЕП СОҚТЫ ЖҮРЕГІ
Елім  деп,  жерім  деп,  атамекенін  аңсап  келген  айдарлы 
да, айбарлы да азаматтардың бірі – Айтан Нүсіпхан еді. Қы-
тай елінде жоғары білім алса да өз елінде өмір жолын сов-
хозда  қара  жұмысшыдан  бастағанына  мойымастан  қайта 
түлеп, бұл елдің де білімділері мен біліктілерінің қатарына 
қажыр-қайраты, табиғи дарыны, адал еңбегімен көтерілген-
ді. Айтан аға республикамыздың зиялы қауымы ортасынан 
білім-парасаты,  адамгершілік  қасиеті,  ерекше  елін  сүйген 
жаратылысымен көзге түсе бастаған. Ол «Түркістан» газеті 
ұжымына 1996 жылы «Қоныс» атты қосымша санының ре-
дакторы  ретінде  келген  кезден  етене  жақын  болып  кеткен 
еді. Айтекеңнің біз сол кезде-ақ ұйымдастырушы іскерілігін, 
дарынды  журналистігін,  мəселені  кең  қамтитын  қарымды 
қайраткерлігін көріп едік. Республикамыз тəуелсіздік алған 
алғашқы жылдардан бері Ата жұртына ауа көшкен жəне соны 
аңсап отырған қалың қазақ ұлтының өз еліне тамырын терең 
жаюын жан-тəнімен тілеп, сол үшін аянбай еңбек еткен Ай-
тан  аға  бұл  жердің  де  тығырыққа  тірелген  проблемаларын 
шешуде, өзі тікелей бас болып қатысқан «Көші-қон» Заңын 
жасауда біліктілігін аяған жоқ. «Айтса Айтан айтсын» деген 
сөз – ол кісіні жақсы білер ортада қалыптасты.
А.Нүсіпхан Сыртқы істер министрлігінде, облыстық əкім-
шілікте қызмет істесе де қоғамдағы кемшілік атаулыға, эко-
номикадағы дағдарыс себептеріне (əсіресе ауыл шаруашы-
лығындағы),  алаштың  ардагерлерін  тану  ісіне  бел  шешіп, 
сөзімен де ісімен де кең құлашын жайып келе жатқан-ды.
Мен, Айтан ағаның Сыртқы істер, Білім, тіпті, Ауыл ша-
руашылығы министрлігі болсын қандай жауапты басшы қыз-

67
метті берген күнде атқарып кете алатынына жəне атқарғанда 
жоғары  жақтың  нұсқауын  бас  шұлғып  орындаушы  ғана 
емес,  өзіндік  көзқарасы,  халықтың  мүддесін  көздейтін,  қа-
зақ халқының болашағына пайдасы зор істер жасайтынына 
кəміл сенуші едім.
Ұлт көсемі Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинастырып, 
академиялық  екі  томдығын  шығарған  зерттеушілік  еңбегі 
ұлт тарихына қосылған зор үлес. Мұхамеджан Тынышпаев 
атында  қор  ұйымдастырып,  бұл  айтулы  алаш  азаматының 
мұрасын зерттеп-жинастыруды қолға алып келе жатыр еді.
Қазан айында өткен Парламент сайлауында Алматы об-
лысы,  Сарқант  округынан  Мəжіліске  депутаттыққа  канди-
дат  болып  тіркеліп,  бірақ  қалталылар  мен  «қалқандылар» 
қатысқан бұл аламан бəйгеде мəреге жету мəртебесіне ие бол-
маса да қайта түлеп, өмірінің өзі үнемі күреспен келе жатқан 
ол, алар асулары əлі алда екенін іштей сезініп, бекінгендей 
еді. Амал қанша, тағдырдың өлшеулі уақыты ма, əлде ажал 
оғы əлдеқайдан адасып келіп аңдаусызда қапыда соқты ма, 
арамыздан  айтулы  азаматты,  халқын  сүйген  қайраткерді, 
балаларының аяулы əкесін, отбасы сүйенген отағасын алып 
кетті.
Айтан ағаның иманды, парасатты, қажырлы күрескер бей-
несі ол кісімен қызметтес, араласқан жандардың жүрегінде 
мəңгі қалады деп ойлаймын.
«Түркістан» газеті, № 44, 12-қараша, 1999 жыл
СОҢЫНДА СƏУЛЕ ҚАЛДЫРҒАН
1998  жыл, 25 ақпандағы  «Егемен  Қазақстан»  газетінде 
«Жазықсыз қуғынға ұшыраған жастар» деген редакциялық 
алғы сөзбен, 1929 жылы 3 қаңтарда (14 2, 11331) «Еңбекші 
қазақ» газетінде жоғары оқу орындарында оқып жүрген қа-
зақтың 50 студентін қаралап, оқудан қуу керектігі жөнінде 
жарияланған көлемді мақала жарық көрді. Авторы – біреудің 
бүркеншік есімі – «Мəнсүр», (архивтен алып, «Егемен Қазақ-
станға» дайындап ұсынған Зияда Иржанов).

68
Бұл айыптау мақаланың ішіндегі тақырыпшаларына көз 
жүгіртсеңіз  де  еріксіз  арқаңыз  шымырлайды: «Еңбекшілер 
жұртшылығының  тезіне», «Арамзалар», «Мыналар  қуыл-
сын», «Сегіз бөлтірік», «Мына сұмдар айдалсын»...
«Егемен Қазақстан» газеті өзінің алғы сөзінде Орталық-
тың  сол  кезде  қазақ  халқына  қолданған  солақай  саясатын 
былайша баяндайды:
«Коммунистік  партия  шексіз  билікті  өз  қолына  толық 
алған  күннен  бастап,  елдің  есін  жиғызбайтын  аласапыран 
дүрліктіру,  қуғын-сүргінге  ұшырату,  түрмеге  жабу,  айдау, 
ату  саясатын  басты  мақсат  етті.  Зиялы  қауым,  оқыған  аза-
маттарды жау санады.
Өзіндік ойы, сезімі, талғамы, өмірге көзқарасы бар сту-
дент-жастарды қуғындады.
1928 жылғы байларды тəркілеудің аяғы орта, жоғары оқу 
орындарында  (тіпті 7, 9 жылдық  мектептің  оқушыларына 
дейін)  оқитын  студенттерді  қуғындауға  ұласты.  Бұл  ала-
сапыран дүмпу ел аштықтан қырылып жатқан 1931 – 1932 
жылдардың  зұлматында  да  толастамады.  Осы  кезде  Қазақ 
педагогикалық институтынан – 30, тек Сырдария оқу үйінде-
гі  ауыл  шаруашылығы  жəне  педагогикалық  техникумында 
оқитын 294 студенттің 38-і «тегі жат», «көзқарасы теріс» де-
ген желеумен тазалауға ұшырады.
Ең алдымен Ленинград, Мəскеу, Омбы, Том, Ташкент қа-
лаларында республикамыздың халық шаруашылығына зəру 
мамандықтарда  оқып  жүрген  саналы  студенттер  құрыққа 
ілінді. Олардың ішінде елімізде кейін белгілі ғалым, жазу-
шы, дəрігер, қоғам, мемлекет қайраткері болған азаматтар, 
қоғамға жат студенттер «қой терісін жамылған бөлтіріктер» 
деген желеумен қуғындалды. Себебі олардың коммунистік 
партияға, оның ұстанған идеясына, жүргізген саясатына көз-
қарасы  өзгеше  болды.  Халқының  басына  төнген  қауіптің, 
қатердің тұманын алдын-ала сезді. Кеңес үкіметінің күштеу, 
зорлау, əділетсіз саясатына немкетті қарай алмады.
Ал,  коммунистік  партия  халықты  айтқанына  көндіріп, 
айдауына жүргізу үшін ең əуелі халықтың өсіп келе жатқан 
саналы ұрпағын көктей солдырып, жоюды міндет етті. Оған 

69
оң жағынан ұрса, сол жағына «лəппай» деп тосатын елпең 
қаққан, қасаң қалыптағы жас кадр керек болды».
Міне, «байдың баласы, «тегі жат», «сұм», «бөлтірік» бо-
лып көрсетіліп, қуғынға ұшыраса да толқынға қарсы жүзген 
дарынды  азаматтардың  бірі – Асқар  Атабайұлы  еді.  Сол 
кездегі саяси науқанның, қазақ жастарына деген ОГПУ мен 
Компартияның  қылышы  жалаңдап  тұрған  шағында  алған 
бетінен қайтпау, білімге құштарлық, халқына қызмет істесем 
деген  құлшыныс 20-дан  енді  асқан  жас  жігіт  үшін  ерлікке 
пара-пар  еді.  Жиырмасыншы  жылдардың  басында-ақ,  көзі 
ашық  жастардың  жəне  қазақ  халқының  рухани  көсемі  Ах-
мет Байтұрсыновтың зиялы қауымға арнап: «ақ бол, қызыл 
бол өз халқыңа қызмет қыл» деген өсиетін Асқар аға да бас-
шылыққа алған секілді.
Жаңағы  «Еңбекші  қазақ»  газетіндегі  мақаланың  «Мына 
сұмдар айдалсын» деген бөлімінде «6. Атабайұлы А. – (Зай-
сан уезінен) бірінші Мəскеу университетінде оқиды. Мұның 
да  əкесі  жер  аударылып  отыр» – деп  жазылған.  Қазақстан 
бойынша бұл қара тізімге ілінген студенттер ішінде Шығыс 
Қазақстан,  Семей  аймақтарынан  жалғыз  өзі.  Ал,  Шығыста 
жер  аударылған  жалғыз  Асқар  Атабайұлының  əкесі  емес 
екені  белгілі.  Сондықтан,  байдың  баласының  бəрі  оқу 
іздеп,  ғылым  қуған  деген  ұғым  тумаса  керек.  Оның  үстіне 
Кеңес үкіметі бай балтасына қырын қарап, қуғындалғанына 
қарамастан  білім  іздеуге  көкірек  көзі  ояу,  табиғи  дарын-
қуаты мол жастар ғана тəуекелге барған.
Асқар  ағаның  тəуекелге  баруының  тағы  бір  себебі,  өзі-
нің  немере  ағасы,  қазақтың  осы  ғасыр  басындағы  зиялы 
қауымының  белгілі  өкілі  Көлбай  Төгісовтың  де  əсері  бол-
ғанға  ұқсайды.  Көлбай  Төгісов  оқыған  алаш  азаматтары 
арасында  саяси  көзқарасы  көпшілігімен  сəйкес  келмесе  де 
өз  уақытының  саяси  күресіне  белсене  араласқан,  аумалы-
төкпелі төңкеріс жылдарында «қазақ елі қайтсе аман қала-
ды»  деп  үміт  пен  күдікке  толы  күрескерлік  өмірді  басы-
нан  кешірген,  бірақ  өмірден  ерте  кеткен  қайраткер  еді. 
А.Атабайұлының  Көлбай  Төгісовпен  туыстығына  келер 
болсақ, Тарбағатай өңірінің əйгілі, өзі көсем, əрі шешен Ұл-

70
тарақ бидің баласы – Тəуке Шаянбайдан Бөгіс, Төгіс жəне 
басқа  ұлдар,  Бөгістен  туған  төрт  ұлдың  бірі  Атабай  да, 
Төгістен  тараған  бес  баланың  бірі  Көлбай.  К.Төгісов  жай-
лы С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» де баяндайды. 
Бұл  əулетке  байлық  пен  билік  ертеден  бұйырып,  арқауын 
үзбей келсе керек. Төгіс ұрпағынан соңғы болыс Əбділдабек 
болса, Бөгістен Атабай екен. 1928 жылы осы əулеттен сегіз 
үйдің мал-мүлкі тəркіленіп, Ресейге жер аударылған.
Өмір жолын қысқаша шолсақ: он класты Зайсанда орыс-
ша бітірген Асқар Семейде оқиды. Кейінірек сол Семейдің 
Комвузында сабақ берген. Соңына түскен сүргіннің салдары-
нан Мəскеу кетіп, онда Ломоносов атындағы университетке 
түссе де ол жақта оқудан шығарылып, Ташкентке оралған.
1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік универси-
тетінің заң жəне совет құрылысы факультетін үздік бағамен 
аяқтап  шығады.  Мамандығы – ғалым-заңгер. 1930 – 1935 
жылдары  Алматы  облыстық  жоспарлау  комиссиясында 
ауыл шаруашылығы секторының бастығы. 1935-38 жылдары 
ВЦИК-тің совет институтында доцент, 1938-40 жылға дейін 
Ферғанадағы  Біріккен  педагогика  жəне  мұғалімдік  инс-
титутында  саяси  экономикадан  дəріс  берген.  Ал,  майданға 
Қарағанды оқу бөлімінде мектеп инспекторы болып жүргенде 
аттанады. Əскер қатарынан 1954 жылы капитан шенінде ора-
лады. 1954 жылы Қазақ КСР оқу министрлігінің бұйрығымен 
А.Атабаев Қарағанды қаласынан Оңтүстік Қазақстан облы-
сына орыс тілі мен əдебиеті пəні оқытушылығына ауысты-
рылады. (Бұйрыққа  қол  қойған  министрдің  орынбасары 
Т.Искаков).  Ал, 1956 жылы  тағы  бір  министрдің  орынба-
сары  А.Щербаковтың  бұйрығымен  (өз  өтініші  бойынша) 
Шымкент ауданы Сталин атындағы орта мектептен Шығыс 
Қазақстан облысы Тарбағатай ауданыңдағы Абай атындағы 
орта  мектепке  орыс  тілі  мен  əдебиеті  пəнінің  оқытушысы 
болып ауысады.
Асқар аға Алматы, Ферғана, Қарағанды, Шымкент облыс-
тарында қандай қызмет атқармасын жергілікті жерлерден өте 
жоғары баға алып отырған. Мысалы, Қарағанды ОблОНО-
сында қызметте жүрген кезіндегі мына бір құжатқа зер сала-
йықшы:

71
«Начальнику Карагандинского Облсовета депутатов 
трудящихся».
Карагандинский ОблОНО ходатайствует об установ-
лении с 01.01.41 г. Персональной ставки зарплаты в раз-
мере 1000 рублей в месяц инспектору-методисту школь-
ного  сектора  ОблОНО  т.Атабаеву  Аскару,  имеющему 
законченное  высшее  образование  (университетское)  и 
многолетний опыт педагогической работы. Тов. Атабаев 
имеет  исключительно  положительные  отзывы  о  пред-
ыдущей  работе  и  в  данное  время,  работая  в  ОблОНО, 
оказывает  большую  методическую  помощь  школам  и 
работникам РайОНО.
Тов.Атабаев командирован на работу в ОблОНО Нар-
компросом Каз.ССР.
Зав. ОблОНО – Панкратов.
Зав. Шк. Сектора – Касацкая.
18. XII. 1940 г.
Бір  облыстан  екінші  облыстың  оқу  бөліміне,  тіпті  мек-
тептерге  мұғалімдік  жұмысқа  да  министрлердің  орынба-
сарлары қол қойған бұйрықтармен баруының өзі сол 30-шы 
жылдардан бастап А.Атабаевтың ерекше үкімет назарында 
болғандығын дəлелдесе керек.
Совет  дəуірінде  Қарағанды  оқу  бөлімінің  бергеніндей 
ұсыныс-мінездемесіне  сəйкес  айрықша  көзге  түскен  кадр-
ды қол аяғын жерге тигізбей жоғарылатар еді. Амал қанша, 
Атабаевтың саяси жағдайы ол үрдіске келіңкіремеген. Пар-
тияда жоқ, тегі – байдың тұқымы, əкесі жер аударылған т.с.с. 
«қоңыраулары» бар.
1956  жылы  еліне  оралған  соң  алдымен  аудан  орталығы 
Ақжардағы  Абай  атындағы,  сосын  Қарасу  совхозындағы 
Чкалов атындағы орта мектепке ауысады.
Қазақ жеріндегі қайғысы мен қуанышы қайшыласқан өз-
геріске толы өмірдің бел ортасында жүрген Асқар аға туған 
халқының игілігіне бұдан да зор пайдасын тигізуге мүмкіндігі 
бола тұра соған қолы еркін жетпегендей еді. Бірақ сол іштегі 
реніш  пен  наласын  сыртқа  шығармай,  жан  адамға  «мен 
сондаймын» деп кеуде кермеген. Ауыл – аудандағы кейбір 

72
белсенділерге «сен қалайсың» демей-ақ, сырбаз күйінде, са-
бырлы да салиқалы мінезімен өткен көрінеді. Ұзын бойлы, 
келбетті,  ақсары  өңді,  аз  сөзді,  келісті  талғаммен  киінетін 
Асакеңді көрген жандар əлі күнге ризалықпен еске алады.
Сол кездегі жас мұғалім, кейін ауданда ұзақ жылдар оқу 
бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған, оқу ісінің ардагері 
Мұғзиза Тоқтарова апай былай деп еске алады:
– ...Чкалов атындағы орта мектепте оқытушы болып істеп 
жүрген кезімде бізге оқу ісінің меңгерушілігіне Асқар ағай 
келді.  Содан  бастап  ұжымымызда  бір  серпіліс,  өрлеу  бол-
ды.  Əрқайсысымыздың  педагогикалық  жауапкершілігіміз 
артты.  Əркім-ақ  өзінің  теориялық  білімімен  методикалық 
шеберлігін арттыруға шынайы көңіл бөлетін болды. Өйтке-
ні, ол кісінің талабының қаттылығы мен орындылығы, келе-
шегімізді  дəл  танып  оны  түзеудің  жолдарын  нақ  көрсетуі, 
əділдігі мен ұстамдылығы бəрімізге үлкен əсер етті. Асқар 
ағайдың мектептің оқу ісі меңгерушісі ретіңде күнделікті жос-
парларымызды  қараудан  бастап,  өткізген  сабақтарымызға 
қатысып  қолдауының  өзі  бір  мектеп  іспеттес  болатын.  Ол 
кісі  кемшілігімізді  түзеу  үшін  неге  көңіл  аударып,  нені 
оқу  қажет  екендігін  тайға  таңба  басқандай  етіп  түсіндіріп 
беретін.  Жүріс-тұрысы  да  мəдениеттіліктің  үлгісі  еді.  Əр 
сөзінің, қимылының орындылығы кімді болсын разы ететін. 
Ал,  жалқаулық,  жауапсыздық  көрсеткендерге  ұрыспай-ақ 
мақал-мəтелдеп  айтқан  сөздері-ақ  найзадай  тиюші  еді.  Өзі 
орыс  тілі  мен  əдебиетінен  сабақ  берсе  де,  ана  тілімізді, 
ақын-жазушыларымызды  жақсы  білетін.  Жалпы  Асқар 
ағайдың  əр  саладағы  білімділігі  бізді  таңқалдыратын.  Ол 
Хрущевтің  «жылымығынан»  кейін  ата-бабасының  жəне 
өзінің туып-өскен жеріне оралды, сөйтіп өзінің оқып-тоқы-
ғандары  мен  білгендерін  жерлестерінің,  туыстарының  ба-
лаларына  үйретуге  мүмкіндік  алды.  Расында  Асқар  Атаба-
ев  өзі  қашып-пысып  жүрген  кезіндегі  асыл  арманы – біл-
генімді  жерлестерімнің  балаларына  үйретсем,  оқытсам  де-
генін  мүлтіксіз  орындады.  Жан-тəнімен  ұжымдағы  басқа 
мұғалімдерді де соған бастап жұмылдырды деуге əбден бола-
ды. Біздің мектептегі əр педагогикалық кеңес, əр жиналыс өзі-

73
нің  мазмұндылығымен,  оқу-тəрбие  ісіне  ететін  ықпалымен 
ерекшеленуші  еді.  Ұстаздың  жақсы,  озық  əдіс-тəсілдері 
бəрімізге  паш  етілетін.  Кез-келгеніміз  оны  өз  сабағымызға 
қолдануға  үйренетінбіз.  Міне  сондықтан  мектебіміз  біраз 
жылдан кейін аудандағы үздіктердің қатарына қосылды. Бұл 
жетістіктердің  бəріне  негізгі  мұрындық  болған  Асқар  ағай 
Атабаев  екенін  əркім-ақ  білетін.  Ол  кісінің  еңбегі,  кезінде 
аудан бойынша талай аталып өтті. А.Атабаев партия мүшесі 
болмаса да оның суретінің ауданның Құрмет тақтасына ілі-
нуі,  өзінің  бірнеше  мақтау  грамоталарымен  марапатталуы 
соның дəлелі. Ол 1967 жылы Қазақ ССР-інің Оқу ісінің озық 
қызметкері атағын алса, 1970 жылы Тарбағатай ауданының 
Құрмет кітабына есімі жазылды.
Қанша  қуғын-сүргінге  қарамастан  Тарбағатай  ауданын-
да  алғашқы  болып  жоғары  білім  алған,  оны  жерлестерінің 
балаларына  бере  білген  Асқар  Атабаев  осындай  асыл  аза-
мат еді. Меніңше оның аты өшуге тиіс емес. Қазір барлық 
жердегі  секілді  біздің  өңірде  де  Қызыл  империя  көсемдері 
мен басшыларының есімдері берілген ұжымдарға, халқына, 
жерлестеріне  шынайы  қызмет  атқарған  адамдардың  атта-
ры қойылып жатыр. Сондықтан Чкалов атындағы мектепке 
Асқар Атабаевтың есімін қою лайық. Менің бұл ұсынысымды 
мектеп ұжымы да, Қарасу ауылының тұрғындары да қолдай-
тынына сенімдімін.
Иə, Мұғзиза апайдың естелік ретінде түйіп айтқан аз сөзі-
нен көп сыр аңғару қиын емес.
Қазақ  жерінің  Тарбағатай  секілді  шалғай  түпкірінен  за-
манының  аласапыран  қиындығына  қарамастан  білім  іздеп, 
қиындарға құлаш ұрған Асқар Атабайұлының өмірі – Кеңес-
тік жүйенің «ала қойды бөле қырыққан», бір халықты бірнеше 
тапқа  бөліп  талқанын  шығарған  «ұр  да  жық»  саясатының 
ащы  бір  көрінісіндей  еді.  Халқымыздың  қаншама  асыл 
ұлдарының басын жұтқан отарлау саясаты, халықтың аты-
нан  жүргізілген  зымиян  əдіс-айласы  оны  тірі  қалса  да  тұ-
қыртып,  уысында  ұстады.  Қай  жаққа  қоныс  аудармасын 
бақылауда  болғанға  ұқсайды.  Соған  қарамастан  қолынан 
келгенше ел-жұртына қызмет істеп, шапағатын тигізіп кет-

74
ті. Жақын араласқан жандардың айтуына қарағанда, көп сыр 
шаша бермейтін Асекең сонау 30-шы жылдарда Тұрар Рыс-
құловпен, басқа да айтулы қайраткерлермен кездесіп, пікірлес 
болғандығын еске алып отырады екен. Асқар аға 1970 жылы 
24-шілдеде 64-ке қараған жасында дүниеден өтті.
Өмірінің соңында туған жерінде бала оқытып, ұстаздық 
еңбегін адал атқарған Асқар Атабайұлының жарқын бейне-
сі – өзі сөнсе де соңында ұзақ уақытқа сəулесін қалдырған 
жарық жұлдыз іспетті. Оны көрген, білген жандардың, алды-
нан білім алған шəкірттерінің жадында өшпестей сақталып 
қалды. Ал, мұндай асыл азаматтың есімін қастерлеп, оның 
рухы алдында қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
«Түркістан» газеті, 26-қараша, 1999 жыл
ҚАЙДА ҰЛТТЫҚ НАМЫС, ҰЛТТЫҚ РУХ?!
Ақмола Астана болғалы талай мерекелік жиын-тойларды 
өткізіп, небір ырду-дырду «шоуларды» атқарып келе жатқа-
ны  белгілі.  Сондай  ұлы  жиынды  осы  жолы  жаңа  жылды 
қарсы  алуға  арналған  «Миллениум  пати – Астана»  атты 
той-думанның  өтуге  дейінгі  дайындығы  мен  өту  барысын 
тамашаладық. «Барған  да  арманда,  бармаған  да  арманда» 
дейтіндей, Елбасы, үкімет мүшелері жұбайларымен, өзге де 
игі жақсылар қатысқан бұл думан, əрине, қалтасы жұқаларды 
маңайлатар  орын  болмаса  да  Астанамыздың  бетке  ұстар 
мемлекет,  қоғам,  мəдениет,  бизнес  өкілдерінің  бас  қосқан 
мерекесіне айналғаны рас.
Қатардағы  жыл  емес, XXI ғасырдың,  үшінші  мыңжыл-
дықтың басы деп саналып отырған бұл 2000 жылды қарсы 
алуға Астана қаласының əкімшілігі қатты көңіл бөліп, қар-
қынды  əзірлікпен  келгендігін  байқатты.  Мұндай  думан-
жиынға  алыс  шет  елдер  мен  Ресей  эстрада  танымалда-
рын  шақыратын  əдетінен  Астана  басшылары  бұл  жолы  да 
жаңыла қойған жоқ.
Бұл  жолы  да  теледидардың  арқасында  жер  шарындағы 
көптеген  елдерде  жаңа  жылды  қарсы  алу  дəстүрлері  мен 

75
мерекелік  думандарын  тамашаладық.  Франция,  Англия, 
Мексика,  Бразилия,  Германия,  Ресей,  Жапония,  т.б.  елдер 
өз əндерін шырқап, өз билерін билеп, өз тілдерінде сөйлеп 
жатты. Ал біздер ше? Алысқа бармай-ақ кешегі КСРО «құ-
шағынан» шыққан Балтық, Кавказ, Орта Азия елдері ішіндегі 
ұлттық  бет-бейнесін  жоғалтуға  айналған  ел  болса,  сол – 
біз  шығармыз.  Астанадағы  осы  «Миллениум  пати» (əрине 
қазақша атау кімнің ойына келсін) думаннан жүргізілген ха-
барда  қазақша  сөйлейтін  журналистердің  өзі  орысша  шүл-
дірлеп  кетуінде  де  толқынға  қарсы  тұра  алмағандықтары 
сезіледі.
Киім-киісі,  жүріс-тұрысы  Еуропаға  еліктеген  осынау 
жиналған  жұрттың  ырду-дырдуының  арасында  жалғыз  өзі 
жұдырықтай түйіліп, қара домбырасын сабалап «Елім менің» 
əнін салып жатқан Бекболаттың үнін естігенде менің көз ал-
дыма Сырбай ақынның атақты «Құлын» атты өлеңіндегі қан 
қызыл  соғыстың  ішінде  зеңбірек  сүйреген  биеден  жарық 
дүниеге  келген  құлынның  бейнесі  келді...  Астана  төрінде 
шырқалып, ойналып жатқан орыс, батыс əуендері, жалбыр 
шаш, жалаң төс əнші-бишілер нөпірінің ішінде құлындай да-
уысы шырқырап, ұлы даланың иесі мен киесі – Қазақ деген 
елдің де құдіретті өнері мен дəстүрі барлығын еске салғандай 
ауаны  тілгілеген  Бекболат  үні  ел  мен  қала,  мəдениет  пен 
өнер басшыларын ойландырса керек еді.
Неге, сонау Мексика мен Италия елдерінде атақты əншіле-
рі өз тілдерінде ондаған жүздеген мың жиналған жұрттың ал-
дында классикалық əндерін шырқап жатқанда, біздер Əлібек 
Дінішевке Абайдың, Бекболат пен Қайратқа Біржан мен Ақан 
серінің, Естай мен Мұхиттың əндерін шырқатып, т.б. талант-
ты  əншілерімізді  сахнаға  шығармасқа?  Неге,  Құрманғазы, 
Тəттімбет, Дəулеткерей, т.б. құдыретті күйшілеріміздің күй-
лері  оркестрмен  орындалып,  Нұрғиса,  Шəмші,  Əсет  тағы 
да басқа халқына танылған композиторларымыздың əндері 
шырқалмасқа?
Қайда ұлттық намыс, қайда ұлттық рух?!
Əр жаңа жылға үмітпен қарап үйренген халықтың кеуде-
сіне елі мен жеріне деген ізгілік отын жағу үшін де мұндай 
мəдени шараларды кең ойлап кесіп-пішкен дұрыс болар еді.

76
Көңіл  қуантарлығы – ел  Президентінің  жаңа  жылдық 
құттықтауында 2000 жыл – «Мəдениетті қолдау жылы» деп 
атауында.  Міне,  осы  ізгі  ниетті  дəл  осы  «Мыңжылдықты 
қарсы алу» мерекесінде ұлттық өнерімізге, ұлттық тілімізге, 
ұлттық  дəстүрімізге  ерекше  мəн  беріп,  алдағы  жылдар 
мен  ғасырымызға  үлгі  болар  қадамдар  жасалып  жатса  кім 
қолымызды  қағады?  Бұл  мерекені  ұйымдастыруды  Астана 
қаласының əкімшілігі, оның құрамындағы əкімнің орынба-
сары Т.Мұхамеджанов секілді мемлекеттік сыйлықтың иеге-
рі,  композиторымыз  осы  жағын  ескеру  қажет  еді.  Бірақ, 
Астанамыздың беті солтүстік пен батысқа бұрылудан танар 
емес.  Еліміздің  астанасының  қоғамдық-мəдени  бет  аласы 
осылай жалғаса берсе, республикамыздың өзге қаласы мен 
даласында,  ел  өмірінде  қандай  оң  өзгерістер  орын  аларын 
болжау қиын.
«Түркістан» газеті, 7-қаңтар, 2000 жыл
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 6.34 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет