Бағдарламасы бойынша шығарылды Еркін Нұразхан


– «Социализм  дегеніміз – есеп  пен  бақылау»  деген



жүктеу 6.34 Kb.
Pdf просмотр
бет18/24
Дата06.05.2017
өлшемі6.34 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24

– «Социализм  дегеніміз – есеп  пен  бақылау»  деген 
қағиданың қай кезеңде болмасын күші жойылмайтынын 
өмір  дəлелдеуде.  Үнемділік  пен  тиімділікті  нарықтық 
экономиканың  алғашқы  күнінен  бастағанға  не  жетсін. 
Десек те біздің қазіргі жағдайымыздан шығудың қандай 
жолдары бар деп ойлайсыз?
– Бұрынғы қолхоз, совхоздардағы ортақ байлықтың қалай 
пайдаланылғаны  жөнінде  айттық  қой.  Сол  байлықтардың 
өндіріске емес, басқа мақсатқа жұмсалғанын көріп отырмыз. 
Маған қазір бір ой келеді. Мəселен, ауданы тұралап жатса 
да  сол  ауданның  əкімі  бүгінгі  күнде 30-40 мың  долларлық 
шетелдік  қымбат  автомашина  мінеді.  Облыс  əкімі,  минис-
трлер  туралы  сөз  жоқ.  Олар 100 мыңнан  артық  тұратын 
көлік  мінбесе  (кейбіреуі  бірнешеуін)  намыстануы  мүмкін. 
Менің  білуімше,  Қытайда  мына  фермерлерге  өте  ыңғайлы 
бағасы  мың  долларға  жетер  жетпес  трактор  бар.  Ол  трак-
тор  жүк  тасымалдауға  ғана  емес,  жер  де  жыртуға,  шөп  те 
шабуға  т.б.  жұмыстарға  пайдалануға  өте  қолайлы.  Ал, 
əкімнің көлігіне кеткен қырық мың долларға қырық трактор 
алуға болады. Қырық трактормен бір ауылдың шаруасын тік 
көтеруге болады ғой. Анау жүз мың тұратын бір коттедждің 
құнына 100 трактор  келеді.  Сонда,  көпшілік  фермерлердің 
қолы жетпей отырған трактор мəселесін шешудің де жолы 
табылар еді. Кейінгі жылдарда бірде-бір трактор бөлінбеген 
шаруашылықтарды, ауылдарды, тіпті, аудандарды да білеміз. 
Ал, қолдағы қаржыны алдымен өндіріске салып, одан өнім 
алып,  өзімізге  өзіміз  келіп,  əбден  қалыптасқан  жағдайда 

213
жеңіл көлік те алуға, коттедждер салуға да болады. Жалпы өз 
басым, іс басында жүрген азаматтардың жарқырап жүргенін 
жек  көрмейтін  адаммын.  Бірақ  оның  бəрі  елге,  халыққа 
қызмет сіңіргеннен кейін болуы керек қой. Жұртшылық та 
оларға түсіністікпен қарап:
–  Əй,  мына  біздің  жағдайымыздың  оңалуына  еңбек 
сіңірген  осы  азаматтар  ғой» – деп,  олардың  мініп  жүрген 
машиналарына,  салдырған  үйлеріне  ешкім  де  дау  айтпасы 
анық.
Ал, қазір ше? Ауыл шаруашылығы өрге басудың орнына 
жылдан жылға құлдырап барамыз... Ауыл шаруашылығының 
күйзеліске  түсуіне  себепші  болған  мырзалар  қайтадан  ми-
нистрдің  креслосына  немесе  премьер-министрдің  орынба-
сарлығына жоғарлатылуда... Мінгендері жаңағы удай қым-
бат  «Мерседестер»,  баратындары  ай  сайын  шет  елдік  «іс 
сапар», балалары да сол жақта үкімет есебінен білім алуда. 
Ауыра қалса тағы да сол дамыған елдерге барып емделеді... 
Үйлері болса миллионерлер тұратындай жеке сарай коттедж-
дер.  Енді  мұндай  тірліктерін  ешнəрсемен  түсіндіруге  бол-
майды деп ойлаймын. Халық бұл мырзаларды түсінеді деп 
айта алмаймын... Демек үкіметтің халықтан ажырауы деген 
осы.  Анадай  ортада  олар  басқадай  категорияда  ойлай  бас-
тайды.  Ойлау  категориясы  өзгереді.  Ал,  халықтың  ойлау 
категориясы  басқаша.  Қазақтың: «Аш  бала  тоқ  баламен 
ойнамайды»  деген  сөзі  бекер  айтылмаса  керек.  Сондай-ақ: 
«Сарайда  тұратындар  мен  лашықта  тұратындар  екі  басқа 
ойлайды» деген тағы белгілі сөз бар. Қазір біз сол кезге тап 
болдық. Осы мəселе жөнінде көп жазған адам менмін:
–  Ей,  халықпен  бірге  өсіңіздер.  Халықтың  əл-ауқатын 
көтере  отырып,  тұрмыстарыңды  жақсартыңдар, – деп. 
Енді міне, өмірдің өзі соған мəжбүр етіп отыр. Биыл міне, 
үкімет  тығырыққа  тірелгеннен  кейін  не  істерін  біле  алмай 
қолдарындағы  «сотовыйды»  алайын  деп,  коттедждеріңді 
сат деп жатыр. Шетелдік қымбат автокөліктерден түсіреміз 
деп отыр. Баяғыдан бері солай істеу керек еді. Енді міне, бір 
парадоксті қараңыз, осы мəселені баяғыдан айтып жүрген біз 
сол кезде жеккөрінішті болып едік. Əлі де бізді жақтырып 

214
отырған  ешкім  жоқ.  Ал,  өмір  өзі  осындай  шешімге  алып 
келді. Кезінде қанша қарсы болса да бүгін соған келуде. Ал, 
бүгін  келмесе  де  ертең  еріксіз  мəжбүр  болады.  Дəл  солай 
болуға тиіс. Өйткені басқа жол жоқ. Халықтың жағдайымен 
санаспай,  өзінше  өмір  сүрген  үкіметті  ертеңгі  күні  халық 
қабылдамайды.  Халықтан  бөлінген  шенеуніктерді  халық 
мойындамайды. Бұлар бізге жат, бұл үкімет біздікі емес дейді. 
Сондықтан халықпен бірге болам деген үкімет жақсылықты 
да, қиындықты да елмен бірге көруі керек. Халықпен бірге 
жасауы  қажет.  Бұл – байлықты  қалай  пайдалану,  қандай 
мақсатқа жұмсау жөніндегі əңгіме.
Сонымен  қолдағы  байлықты  шашып  алдық.  Байлықтың 
мол  бөлігі  өндіріс  емес  мақсаттарға  жұмсалғандығын  ай-
тып өттік. Ал енді өндірісті тығырықтан шығару үшін деп 
шет елден қарыз сұраймыз. Оның аты – инвестиция. Əрине, 
инвестициясыз  дамыған  ел  жоқ.  Дүние  жүзінде  барлық  ел 
бір-бірінен  инвестиция  алмасуда.  Бірақ  бұл – өзіңдегіні 
құртып  болып  шет  елге  қол  жай  деген  сөз  емес.  Мысалы 
қытай  реформасында  басты  бір  принцип  ол: «зли  гңшың» 
«өз күшіңе сүйеніп, өмір сүр» деген сөз. Қалған шет елден 
алғаныңның бəрі – ол тек қосымша болсын, дейді. Ал, бізде 
қазір олай емес, өз күшімізге сүйенер ештеңеміз қалған жоқ. 
Біз  тек  шет  елден  алғанымызға  ғана  сүйеніп,  өндірісіміз 
бен тұрмысымызды құрамыз деп отырмыз. Бұл өте қауіпті 
бағыт. Өте қауіпті саясат. Амал жоқ. Ал енді сол шет елден 
алынған инвестиция тағы сол өндіріске жұмсалса жақсы ғой. 
Өкінішке орай олай болмай отыр. Алынған қарыз тағы сол 
басқа  мақсаттарға  жұмсалып  жатқандай.  Оған  бір  дəлелді 
өткен жылы теледидардан көрдік. Біздің мəжілісті басқарып 
отырған  спикеріміз – Марат  Оспанов  анау  мінбеден,  ең 
беделді мінбеден, күллі жұрттың көз алдында: «1995 жылғы 
алынған кредиттің қайда кеткенін ешкім білмейді» деді. Бұл 
не деген сөз, «ешкім білмейдісі» қалай?..
– Сол жылғы алған кредитіміз қанша екен?
– Қанша деріңіз бар ма? Миллиардтан кем болмайды да: 
1995, 1996 жылдары ең көп инвестиция тартылған кез. Ал, 
сол инвестицияның қайда кеткенін ешкім білмесе, бұл не де-

215
ген сұмдық?! Оны кім білуі керек сонда? Көрдіңіз бе? Міне, 
əңгіме  қайда  жатыр...  Инвестиция  алып  жатырмыз  дейміз, 
ал ол тағы да ұстағанның қолында тістегеннің аузында кетті. 
Тағы өндіріске барған жоқ.
1994-жыл болуы керек, Терещенконың үкіметті басқарып 
тұрған тұсында шет елден үкіметтің кепілдігі бойынша 100 
миллиондаған  қаржы  алынды.  Ал,  ол  қаржының  игілігін 
көргендер  үкіметке  ештеңе  қайтармай,  құмға  құйған  су-
дай  сіңіріп  кетті.  Қандай  мақсатқа  жұмсалғанын  бағана 
шет жағасын айттық. Қолдан жасалған көптеген фирмалар, 
банктер, қорлар банкротқа ұшырап, үкімет кімнен сұрарын 
білмеген кейіп танытты. Ал, инвестиция беріп отырған ка-
питалист  берген  қарызын  жəне  қаншама  өсімімен  бəрібір 
сұрайды.  Міне  осы  жерде  кезінде  кепілдік  берген  үкімет 
сіз  бен  бізден,  тіпті,  балаларымыз  бен  немерелеріміздің 
нəпəхасынан  жырымдап  қайтарады.  Ауыртпалық  айналып 
келіп  халыққа  түседі.  Шет  елден  қарыз  ала  отырып,  жеке-
леген  адамдарды  байытқанымызбен,  ол  жүз  миллиондаған 
қаржының  ешбір  игілігін  көрмеген  халық  сол  қарызды 
қайтаруға мəжбүр болады. Сонда халықтың малын бір талап 
алса, несие арқылы екі тонаса, оларды қарызға белшесінен 
батырса,  қайтіп  экономика  өрге  басады.  Қайтіп  өзгерістер 
жүреді?..  Иə,  кейінгі  жылдары  ауыл  шаруашылығын  жиі 
ауызға алып, арнайы несие бөлінді деп жатыр. 1997-жылдың 
соңында  ауыл  шаруашылығына 2,5 млрд.теңге  кредит 
бөлінді деді. Бірақ сол кредит алудың тетіктері (механизмі) 
жасалмаған. Ала алмайсыз. Бəлкім мыңнан біреудің қолы же-
тер, ал көпшілікке ол аспандағы аймен тең. Газеттеріңіздің 
өткен санында кредит ала алмаған, шаруа қожалығын ашқан 
ақын  жігіттің  мақаласы  шықты  ғой.  Сол  мысал  барлық 
жұртқа ортақ жағдай.
2. ƏҢГІМЕНІҢ АШЫҒЫН АЙТСАҚ
– Қытайда: «Өз күшіңе сүйеніп өмір сүр» десе, бізде: 
«Өз күніңді өзің көр» деп отыр. Бірақ шаруа да, кəсіпкер 

216
де  өз  күнін  өзі  көріп  кетейін  десе,  көптеген  кедергілер 
адым аштырар» емес.
Үкімет  болған  соң,  қара  халықтың  күнкөрісін 
ұйымдастырып,  халықтың  мүмкіншілігімен  санаса 
келе басшылық жасаса жөн еді. Ал ондай істі жасай ал-
маса,  ол  үкіметтің  қанша  қажеті  бар?!  Бөлген  несиесі 
шаруаның  қолына  тимесе,  меншік  иесінің  қол-аяғын 
сансыз  салықпен  матап, «жөргегінде  тұншықтырса», 
т.с.с дегендей...
Біздің  басшылар  өз  кемшіліктерін  көргеннен  гөрі 
халықты кінəлауға дайын тұратын сияқты.
– Əрине, дұрыс айтасыз. Мəселенің бір түйіні осы жер-
де. Халықты айыптауға келгенде, біздің үкімет алдына жан 
салмайды.  Кезінде,  сол  жаппай  жекешелендіру  науқаны 
басталарда: «Халық  нарықтық  экономикаға  дайын  емес, 
шаруа  қожалығын  құрып,  алып  кетуге  барлығының  бірдей 
мүмкіндігі жоқ» деген пікірлерді құлаққа да ілмей, колхоз, 
совхоздарды күштеп таратып жібердік. Өткен жылы Алакөл 
ауданының  «Жайпақ»  деген  ауылына  барғанымызда, 
тұрғындары  айтады: «Сол  жекешелендіру  басталған  тұста, 
ауданға жаңа əкім келіп: «Сендер не, Үкімет пен Президенттің 
жарлығына  қарсысыңдар  ма?  Ертең  тарамасаңдар,  əңгіме 
басқаша болады!» деп зікір салған соң, жедел түрде тарауға 
мəжбүр болдық. Тіпті, өсіп тұрған бидай, арпамыз да орыл-
май,  кейін  қар  астында  қалды.  Қолда  бар  техниканы  біраз 
адамдар  бөлісіп  алып, «тұрымтай  тұсына»  демекші,  əркім 
бас-басына  кетті»  дейді.  Иə,  осы  реформа  жүріп  кеткен-
нен  кейінгі  уақытта  кім  сол  ұжымдардың  шаңырағын 
шайқалтпай ұстап қалды қазір солардың ғана халі тəуір. Мы-
салы,  бұрынғы  Талдықорған  облысына  қарасты  Қабанбай 
ауданындағы Қарабұлақ ауылында (сол жерлік орыс азама-
ты  басқарып  отыр,  негізінен  қазақтар  тұрады),  одан  кейін 
Зылиха  Тамшыбаеваның  шаруашылығында  ортақ  игілікті 
бүлдіріп-шашпай-ақ,  нарықтық  қатынасқа  икемделген 
халық əлі сол іздерімен еңбек етуде. Ауыл тұрғындары жер 
жырту,  егін  егу,  мал  бағу,  өнімін  сату  секілді  сан-салалы 
жұмысқа  тартылған.  Тұрмыстары  жақсы.  Естуімізше,  бұл 

217
ұжымдық  шаруашылықтарға  көрші  ауылдардан  жұмыс 
іздеп  келушілер  мол  көрінеді.  Шерхан  ағамыз  да  Қаратау 
жақтағы осындай бір шаруашылық жайында жазған еді. Дэн 
Сяопиннің  «ақ  мысық,  қара  мысық – бəрі  мысық,  мəселе 
оның тышқан ұстауында» деген сөзі осындайда тағы да еске 
түседі.
Мен  колхоз,  совхоздардың  таратылуына  қарсы  болып 
отырған жоқпын. Мəселе нарықтық экономикаға жергілікті 
халықтың мүмкіндігімен санаса отырып көшуде. «Ойбай, мы-
налар жекешелендіруге қарсы» деп, іргелі шаруашылықтар-
ды  күшпен  таратып,  ондағы  ұжымдық  меншікті  талан-
таражға  түсіргеннен  гөрі,  оларды  ортақ  игілікке  қызмет 
жасайтындай,  елдің  күнкөрісіне  лайықты  болатындай  етіп 
қимылдау  қажет  еді.  Үкіметтің  экономикадағы  бұл  тари-
хи  бетбұрысқа  байланысты  байыпты  да  байсалды,  икемді 
саясат  ұстанғаны  дұрыс  еді.  Өкінішке  орай,  үкімет  тара-
пынан  өрескел  қателіктер  кетті.  Оның  ең  бастысы – қолда 
бар  байлықты  өндірістік  мақсаттарға  жұмсамай,  еңбек 
адамдарына əділдікпен бөліп бермей, ат төбеліндей басшы-
лар  тобының  талан-таражына  салып,  соның  нəтижесінде 
ел  ішінде  наразылық  туғызып,  халық  көңіліне  моральдық 
қаяу түсірді. Тағы да қайталап айтамын, ел байлығын қатаң 
бақылап отырғанда, ол ортақ өндіріске жұмсалғанда біз тез 
көтеріліп кетер едік.
Əр ауылда шағын өндіріс орындарын ашуға, оған қажет 
болатын арзан электр энергиясын өндіруге үкімет көмектесуі 
қажет. Мəселен, Жетісуда не көп, ағынды өзендер көп. Міне, 
осы өзендерге шағын электр станцияларын салу керек. Қазір 
бүкіл  республика  бойынша  ең  қымбат  электр  қуаты  осы 
аймақта.  Оның  бір  киловатт-сағатының 6 теңге 60 тиынға 
көтерілген кезі болды. Облыс əкімі Заманбек Нұрқаділовтің 
араласуымен 5 теңге 50 тиынға түсірілді. Бəрібір қымбат. Ал 
мұндай қымбат электр қуатымен ешқашан арзан өнім өндіре 
алмайсың.  Осындай  мəселеге  үкіметтің  бас-көз  болғаны 
жөн. Өнім өндірем деп күндіз-түні тырбанып жүрген шаруа-
ны тексеріп келушілер қаншама?! Міне, іс бастаймын деген 
адам  осындай  сансыз  қиыншылықтар  мен  тосқауылдарға 
тап болады.

218
Шет  елден  ағылып  келіп  жатқан  арзан  тауарлар  мен 
тағам  өнімдеріне  біздегі  өндірушілердің  бəсекеге  түсуі 
(əсіресс, Қытаймен) өте қиынға соғады. Мұндай жағдайдан 
кейін жеке кəсіпкер де, шаруа қожалығы да еріксіз бастаған 
ісін  аяғына  жеткізе  алмай,  банкротқа  ұшырайды. «Өз  тау-
ар, тағам өндірушілерімізді тығырықтан қалай шығарамыз, 
қайтсек  оларға  көмектесуге  болады?»  деп,  басын  ауыр-
тып  жүрген  шенеуніктерді  көре  алмадым.  Біздегі  шағын 
өндірістің қазіргі жағдайы осындай.
– Айтан аға, бір облыстағы жағдай барлық облысқа 
тəн  десек,  көп  қателесе  қоймаспыз.  Болар  іс  болды. 
«Сүрінген ат жорғасын табады» деген мақалға сүйенсек, 
осы  қателіктерден  бір  қорытынды  шығаруға  бола  ма? 
Осы  реформа  басталғалы  Жəнібек  Кəрібжанов  мырза 
Ауыл  шаруашылығының  министрлігі  басына  үшінші 
мəрте  келіп  отыр.  Жалпы  Ж.Кəрібжанов  мырзаның 
ауыл шаруашылығын түзей алатынына сенесіз бе?..
– Жіберілген қателіктерді айта бергеннен жоғалған дүние 
орнына келмейді. «Өткенге салауат» десек те, бұл тығырықтан 
шығудың жолын жан-жақты ойластырғанымыз абзал. Сон-
дай-ақ, өткеннен сабақ алуымыз қажет. Бірақ соны мен көре 
алмай  отырмын.  Өйткені,  кезінде  ауыл  шаруашылығын 
əбден  тұралатқан  жаңағы  өзің  айтқан  Кəрібжанов  мырза, 
Премьер-министрдің орынбасары бола отырып, тағы да ауыл 
шаруашылығының басына қойылды. Мен бұған түсінбеймін 
жəне мен пікір алысқан біраз мамандар да бұл тағайындауға 
риза  емес.  Бір  қызығы,  Республикада  мал  басының  кеміп 
кеткеніне  осы  Кəрібжанов  мырза  шүбə  келтіретін  тəрізді. 
Жақында  теледидардан  берген  сұхбатында: «Мал  басы  ке-
міп  кетті  деп  көп  айтылып  жүр,  бірақ  соны  санап  білген 
ешкім  жоқ»  деді.  Малға  санақ  жүрмесе  жүрмеген  шығар, 
бірақ  Қазақстанда  мал  басының  кемігенін  білу  үшін  санақ 
жүргізудің қажеті шамалы дер едім. Ол үшін «аттан» түсіп, 
ауылдарға барсаңыз жеткілікті.
Иə, министр мырза келе салып, шаруа қожалықтарынан 
миллион  тонна  астықты  сатып  алуға  əрекет  жасап  жатыр. 
Ол алғашында: «желтоқсан айының соңына дейін» деп еді, 

219
енді: «ақпан  айының  аяғына  дейін  сатып  аламыз»  дейді. 
Шаруа қожалықтарында сатып алар астық жоқ, ол сатылып 
біткен. Президент өз нұсқауында: «Əр тоннасын 80 доллар-
дан  түсірмей  алыңдар»  деген  еді.  Үкімет  қимылдағанша, 
делдал-кəсіпкерлер 40 – 50 доллардан  алып  қойды.  Енді 
сол делдалдар (ол фирмалардың кімдікі екенін де халықтың 
іші сезеді) ол астықты не үкіметке, не басқа жаққа одан да 
қымбатқа  өткізуі  мүмкін.  Орталық  Қазақстандағы  астық 
өндірушілермен  сөйлесіп  көрсеңіз,  проблема  шаш  етектен. 
Олардың ұсынысын, арыз-пікірін тыңдап, санасып отырған 
Кəрібжанов бар ма?.. Жуықта берген сұхбатында: «80 – 100 
мың тонна астық сатып алдық» дейді (миллион тонна алу ке-
рек еді ғой), ал сол астық сатқан шаруашылықтардың біразы 
əлі  ақшасын  ала  алмай  жүрген  көрінеді.  Шаруалар  мен 
үкімет арасындағы қатынаста тəртіп болу керек, бақылауды 
күшейту  қажет.  Кім  қиянат  жасап  отыр,  кім  жапа  шегуде, 
үкімет  бəрін  назардан  тыс  қалдырмауға  тиіс.  Əркім  пайда 
табудың  қамында  жүрген  жерде  мүдделер  қақтығысы  де-
ген  бар.  Үкімет  шаруалар  мүддесін  қорғап,  соларға  тиімді 
болу жағын ойластыруы керек еді. Қалтаңнан ештеңе бөліп 
бермей-ақ  қой,  бірақ  шаруаның  қолындағы  өнімін  дұрыс 
бағаға  өткізуіне  бас-көз  бол.  Міне,  шаруаға  көмегің  осы. 
Шаруаның  өндірген  өнімі  уақытында  өңделіп,  сатылып, 
уақытында ақшаға айналса, ол келесі жылғы егіске дайын-
дала бастайды. Техникасын жөндейді, тыңайтқышын алады, 
жанармайын əзірлейді дегендей.
Ал  өнімді  сатып  алуда  үкімет  кешігіп,  қарызға  белше-
сінен  батқан  шаруа  оны  кім  көрінгенге  арзанға  берсе,  ақ-
шасы  қолына  уақытында  тимесе,  шаруаның  басы  ауырмай 
қайтеді?!
– Былтырдан бері шаруа қожалықтары «патент» ала-
тын  болыпты.  Қолында  қаржысы  жоқ  шаруа  патентті 
қалай сатып алмақшы?
–  Бұл  патент  дегеніңіз  бұрын  жоқ  еді,  былтыр  шықты. 
Оның құны былтыр 68 мың теңге болатын. Шаруа қожалығы 
осы  патентті  алған  соң  ғана  жұмысын  бастай  алады.  Енді 
бір  қайран  қалатын  жағдай – мұндай  тəртіптің  ешбір  елде 

220
жоқтығы. Бұл ешбір қағидаға сыймайды. Шаруаның мүдде-
сін қорғаймын, халықтың əл-ауқатын көтеремін деген үкімет 
мұндай  шараға  ешуақытта  бармайды.  Əлі  ешқандай  өнім 
өндірмеген шаруа ол патентті алу үшін қаржыны қайдан та-
бады?  Үкімет  шаруаны  өнім  өндіруге  ынталандыра,  соған 
мүмкіндік жасай отырып, оның алған өніміне қарай салығын 
салсын. Көрдіңіз бе, мына Қытайдың бір тамаша тəсілі – осы. 
Егер сіз алған өніміңіз өзіңізден аспай жатса, салық төлеуге 
шамаңыз келмесе, сізден салық алуды үкімет тоқтатады. Сіз 
бала-шаға, отбасыңызды ғана асырауға күйіңіз келсе болды. 
Соның өзі үкіметке де, сіз үшін де тиімді. Бұл ештеңе істемей 
отырғандарға  қарағанда  жақсы  ғой.  Ол – миллиондаған 
адамның басындағы жағдай. Шаруа өзіне-өзі келіп, əл-ауқа-
тын көтере бастаған кезде, салық та салына бастайды.
Ал бізде ештеңемен айналыспаған адамға ешкім ештеңе 
демейді,  отыра  бер  солай,  тіпті  аштан  қатсаң  да,  ешкімнің 
сенімен  шаруасы  жоқ.  Ал  енді  бір  жұмыс  бастайын  десең, 
бірден жаңағы салыққа кездесесің. Сізге бірден неше түрлі 
кедергілер қойылады. Үкімет бұлай жасамауы керек. Үкімет 
өндірісті дамытуға, жұмыс жасаймын деген жандардың ая-
ғынан тік тұрып кетуіне жəрдем жасасын. Сонда ғана ол – 
халықтық үкімет бола алады.
–  Қытай  экономикасының  күрт  өсуіне  негізінен  екі 
тетіктің  дұрыс  жолға  қойылғаны  туралы  өзіңіз  айтып 
отырсыз.  Олар – несие  мен  салық.  Əсіресе,  салықтың 
икемді болғаны дұрыс қой, əрине. Салықтың бар кəсіп-
керге,  шаруаға  бірдей  салынуға  болмайтыны  өз  алды-
на,  олардың  қандай  табиғи  ортада  өнім  өндіруіне  де 
қарайтын шығар. Мəселен, Жетісу мен Мойынқұмдағы 
шаруалардың жағдайын бірдей деп айту қиын.
–  Арыға  бармай-ақ  қояйық.  Кейінгі  жылдары  ішкі 
Қытайда су апаты көп болып, үйсіз-күйсіз қалғандардың едə-
уір  бөлігін  Шыңжаңға  көшіріп  əкелуде.  Жергілікті  үкімет 
бұл қоныс аударушыларға жер бөліп беруде. Қытайлар сол 
жерді игеруде. Міне, соларды 3 – 5 жылға дейін салық атау-
лыдан мүлдем босатқан. Оларға өз-өздеріне келген соң ғана, 
салық салынуы мүмкін.

221
Мұндай мысалдар көп. Менің айтайын дегенім – нарық-
тық экономиканы өрге бастыратын сол екі тетік: салық жүйе-
сі  мен  несие  жүйесі  дұрыс  жолға  қойылуы  керек. «Дұрыс 
істеу»  дегенді  қалай  түсінеміз?  Бұл – оның  өндірісті  тоқ-
татуға емес, өндірісті өрге бастыруға септігі тиетін болсын 
деген сөз. Ол – өнім алуға жағдай жасау, мүмкіндік беру де-
ген сөз. Ал бұл екі тетіктен басқа үшінші бір нəрсе бар. Ол 
қатаң  бақылау.  Қатаң  бақылау  болмаса,  кез-келген  жақсы 
идея жүзеге аспайды. Бос сөз күйінде қалады немесе оның 
өзге мақсаттарға қызмет етіп кетуі де ғажап емес. Бақылау 
механизмдері  өте  күшті  болуы  керек.  Қытайда  бақылау 
жүйесі өте күшті болды. Жаңағы «инвестиция қайда, қалай 
жұмсалып  жатыр?  Əрбір  тиын  қайда  жұмсалуда,  өнім  қа-
лай өндіріліп жатыр, əр өндірістің беталысы қалай?» деген 
мəселелер  үнемі  үкіметтің  қатаң  бақылауында  ұсталды. 
Бізде болса, мұндай мəселемен бас қатырып жатқан ешкім 
жоқ.  Кім  қанша  несие  алды,  қайда  жұмсады,  не  өндіруде? 
Мұнымен ешкімнің шаруасы жоқ. Бізде: «Өзіңмен өзің бол, 
істе,  күніңді  көр,  денсаулығың  нашар  ма,  жаныңды  бақ» 
дейді.  Олай  болуға  тиіс  емес.  Үкімет – реттеп  отырушы 
күш.  Ол  өзі  шығарған  заңмен  əрбір  шаруа  қожалығының 
мүддесін қорғайды, сол заң шаруа қожалығының мүддесіне 
сай  жұмыс  істеп  жатыр  ма,  жоқ  па,  соны  бақылайды  жəне 
сол  аралықтағы  бүкіл  тетіктерді  реттеп  отырады.  Егер  бір 
жерде  жаңағы  тетіктер  жұмыс  істемей  жатса,  үкімет  оны 
ретке келтіруі керек. «Өз күніңді өзің көр» деуі қалай? Ондай 
үкімет болуға тиіс емес! Тіпті, қажет десеңіз, өтпелі кезеңнің 
кей  тұсында  мемлекеттік  басқарудың  кейбір  тəсілдерін 
қолданса, артық болмайды. Қытай да алғашқы кезде қиын-
дықтан шығу үшін сондай тəсілдерді пайдаланды. Олар ша-
руашылықты  «стихияға»  тастамай,  иесіздікке  ұшыратпай, 
осылай қақпайлай отырып, нарықтық экономикаға əкелді.
Иə, қазір «ауылды сақтайық, ауыл шаруашылығын дамы-
тайық» деген əңгімелер аз айтылған жоқ. Бұған үкімет ықы-
ласты  болсын-болмасын,  қолға  алынады.  Екінің  бірі:  не 
түзейсің, не құлайсың. Басқа жол жоқ. Біз тəуелсіздігімізді 
сақтап қалуымыз үшін шұғыл шаралар жасауға тиіспіз. Бұл 

222
жерде велосипед ойлап табудың, керемет ұлы адам болудың 
қажеті шамалы. Өйткені, ежелден келе жатқан белгілі нор-
малар, қағидалар, бұлжымас заңдылықтар бар. Социалистік 
өмірін нарық заңдарына орай қайта құрып жатқан елдердің 
тəжірибелері де жеткілікті. Қолымыздан түк келмесе де, бар 
дүниемізді шашпауға, қоғамның моральдық ахуалын бұзбай 
ұстауға  болатын  еді  ғой.  Адамдарды  арсыз  ғып,  бір-біріне 
қасқыр  ғып  жібермейтін,  біреуді  біреуге  тонатпайтын,  та-
латпайтын  жағдай  жасау  қиын  ба  еді?!  Əкесі  баласын,  ба-
ласы  əкесін  тонап,  бірін-бірі  балтамен  шауып  жатыр.  Бұл 
не деген сұмдық?! Бұл қай жетістік?! Түрме толған жастар, 
оның 80%-ы  қазақтар.  Ал  осындайға  жеткізбеуге  бола-
тын  еді  ғой. «Бізде  ғана  емес,  Ресейде  де,  өзге  елдерде  де 
солай  болып  жатыр»  деп  ақталамыз.  Олай  емес!  Олай  деп 
қарауға  болмайды!  Сылтау  табуға  бізден  шебер  адам  жоқ. 
Біз  өзіміздің  кінəларымызды,  тіпті  қылмысқа  пара-пар  ай-
ыптарымызды оп-оңай ақтап кете береміз. Ешқашан жауап 
бермейміз.  Ондайдың  бізде  жасалып  қойған  жолдары  бар. 
Шындығында, олай болмауы керек. Кімнің кім екенін Құдай 
да, халық та көріп отыр.
Жуықта  Республика  Президентін  сайладық.  Сайлауға 
түскен  үміткерлерді  салыстыра  келе  мен  даусымды 
Н.Ə.Назарбаевқа  бердім.  Бірақ  онда  да  үмітпен,  əлі  де  ел 
жағдайын түзетер, мүмкіндіктерді іске асырар деген оймен 
бердім. Мен сияқты «аванспен» дауыс бергендер екінің бірі 
десек,  артық  айтқандық  емес.  Ел  сенімін  ақтаймын  десе, 
жүріп  өткен  «соқтықпалы  соқпақты»  жолымызды  саралап, 
алдымен  Президент,  сосын  Премьер-министр  қортынды 
шығарулары қажет.
Күн  тəртібіндегі  тағы  бір  өткір  мəселе – басшы  кадр-
лар  жөнінде.  Қазіргі  министрлер  креслосында  отырғандар 
мен оның маңайындағылардың біразы – экономиканың құл-
дырауына себепкер болғандар, Кəрібжанов секілділер. Олар 
құлатқан  дүниесін  қайта  түзеуге  мүдделі  емес.  Екінші  бір 
топ – «бала бастықтар», өндірістік процестен өтпеген ком-
пьютерщиктер, ұсақ саудамен өскендер немесе анау-мынау 
істің  басын  шалған  кешегі  комсомолдар.  Қазіргі  жағдайда 

223
сіз бен біз түзеу керек деп отырған ауылды олар білмейді. 
Олар – ауылға бармаған жəне бара да алмайтын, ешкіммен 
сөйлесе де алмайтын жандар. Олар – орысша оқып өскендер. 
Олар қазақы дастарқанның басына бір сағат отыруға жараса, 
рақмет айтыңыз. Сондықтан, ондай адамдарға мен үміт арта 
алмаймын.
Тығырықтан  шығу  үшін  кадр  саясаты  түбегейлі  өзгеруі 
керек. Бұл – бір. Содан кейінгі бір мəселе – қатаң басқару, 
темірдей  тəртіптің  қажеттігі.  Тіпті,  мен  айтар  едім,  ауыл 
шаруашылығына төтенше жағдай орнатса да артық болмай-
ды. Бір жыл ма, одан да ұзағыраққа бара ма, қалайда ауылды 
аяғынан тұрғызғанша пəрменді шара қажет.
Өткен жылы ел аралағанда, жиналмай жайқалып тұрған 
бидайды  көрдім.  Есептесек:  оруға  кететін  шығын  мен  қар 
астында  қалар  шығын  бірдей  екен.  Жинап  алу  пайдасыз. 
Қалдырдың не, ордың не, бəрібір шығын...
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 6.34 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет