Бағдарламасы бойынша шығарылды Еркін Нұразхан


БАТЫРЛАР АТЫН ИЕЛЕНГЕН ОТБАСЫ



жүктеу 6.34 Kb.
Pdf просмотр
бет15/24
Дата06.05.2017
өлшемі6.34 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   24

БАТЫРЛАР АТЫН ИЕЛЕНГЕН ОТБАСЫ
Мен «Балдырған» журналына көркемдеуші редакторлық 
жұмысқа орналасқанда редакция М. Горький көшесіндегі 9 
қабатты үйдің 9-қабатында еді. Суретшінің орны «Мəдениет 
жəне  тұрмыс» («Парасат»)  журналының  үш  қызметкері 
отырған бөлмедегі төртінші орын екен. Ол журналдың қыз-
меткерлері – Махамбет  Мəшекенов,  Владимир  Мыльни-
ков, Константин Тер-Давыдовтармен осы бөлмеде танысып, 
бірге отырып қызметімді бастадым.
Бұл – 1982 жылдың  наурыз  айы.  Қарт  баспагер  Тер-
Давыдов  көбіне  баспахана  жақта  жүріп,  бөлмеге  сирек  ке-
леді. В.Мыльников фототілші болғандықтан ол да жиі ісса-
парларға  шығады,  орнында  байыз  тауып  көп  отырмайды. 
Бөлмеде, негізінен тұрақты отыратын – Махамбет екеуміз.

174
Махамбет  алғашында  тұйықтау  көрінгенімен,  таныса, 
сөйлесе  келе  жақсы  жолдас,  дос  болып  кеттік.  Өткен-кет-
кен  басымыздан  кешкендерімізді  айтысып,  сыр  алысып, 
бірімізді-біріміз əжептəуір білістік.
Қызыл шырайлы, толықша денелі ол, көңілденгенде ра-
хаттана бар даусымен күлетін. Ол кезде екеуміздің де əкеле-
ріміз  тірі  жəне  жас  шамалары  қарайлас  болғандықтан,  ол 
мені «шалдың баласы» дейтін.
Мен бір жолы Орал (Батыс Қазақстан) облысына жолса-
парға барарда, ол: «Фурманов ауданында əкем тұрады, сол 
ауданға барып əкемді көре кел» деген соң, арнайы Фурманов 
ауданының орталығына барып, əкейді көріп, сəлем бердім. 
Бір күн сол үйде қонып, ертеңінде «қукурузник» шағын ұша-
ғымен Оралға ұшып кеттім.
Махаңның  əкесі  Ахметбек  ақсақал  елге  сыйлы,  кезінде 
аудандық  партия  комитетінің  хатшысы  қызметін  атқарған, 
сөзі орнықты, салмақты адам екен. Қолындағы баласы Ма-
рат – аудандық комсомол ұйымының хатшысы. Мені аудан 
орталығындағы  мектептерге  көлігімен  алып  жүрді.  Кісіге 
жұғымды,  кішіпейіл  жігіт  екен. «Махамбеттің  досы  келді» 
деп ақсақал қой сойғызып, қонақасы бергізді.
Махамбет басқа қызметке ауысып кеткенше біз 5 – 6 жыл 
бір бөлмеде бірге отырдық. Талай қызықты күндерді бастан 
кешірдік. Жұбайы Мəншүк баспада істеді. Кішкентай қызы 
Əлияны  кейде  редакцияға  ертіп  келетін.  Өзіне  ұқсайтын, 
сүйкімді,  кішкентай  ғана  Əлиясын  өте  жақсы  көруші  еді. 
Соның  да  əсері  болды  ма,  кім  білсін,  Əлия  қазір  «Хабар» 
телеарнасында  қызмет  істейді,  журналист.  Кейін  дүниеге 
Кəмшаты  келді. «Біз – батырлар  отбасымыз»  деп  күлетін 
Махамбет.
Махамбет  арқылы  Орал  облысының  көптеген  азаматта-
рымен таныстым. Ол мен арқылы шығысқазақстандық менің 
дос-жолдастарыммен етене араласып кетті.
Махамбетке  кейде  Орал  жақтан  біреулер  телефон  шала-
тын: «бір  адамдар  Алматыға  кетті,  соларға  көмек  жаса» 
дейді. Махамбет ол кісілерді танымаса да, қонақ үйге орна-
ластырып,  балаларын  оқу  орындарына  ертіп  барып,  немесе 

175
ауырып  келгендерді  емхана-ауруханаларға  апарып,  терлеп-
тепшіп келіп отырады. Мен оған қалжыңдап: «Маха, сен өзің 
жершіл екенсің ғой. Оралдық десе болды, танымасаң да, тұра 
жүгіресің» деймін. «Ой, хабарласып, тапсырып жатыр ғой та-
ныстарым. Адам деп келген соң, ұят қой. Қалай жүгірмейсің» 
деп маңдай терін беторамалымен бір сүртіп тастаушы еді.
Табиғатынан ақынжаңды, жүрегі нəзік Махаңның өлең 
жазатынын,  бірақ  көп  жарыққа  шығармай  жүргенін  ке-
йін білдім. Ақын ағасы Қадыр Мырза Əлі оң сапар тілеген 
бір  топтама  өлеңдерін  біраз  уақыт  өткен  соң  көрсеткені 
бар.
Қаламы жүйрік журналист елден келген əр хатқа жауап 
жазып, əр хаттың артында адамдардың өмірі, қуаныш-реніші 
жатқанын,  соларға  сөзбен  болса  да  демеу  көрсетуді  өзінің 
абыройлы міндеті санайтынын айтып отыратын.
Ол кейін «Алматы Ақшамы» газетіңде де абыройлы жұ-
мыс істеді. Өзі өмірге, өнерге, өлеңге ғашық жігіт еді. Өзім 
деген адамдарға өзегін жарып беретін. Жолдастық-достыққа 
адал жан болатын.
Махамбет, одан кейін жұбайы, қаламгер Мəншүк те өмір-
ден ертерек кетті. Имандары жолдас болсын.
Артында қалған Əлия мен Кəмшаты ата-анасының жете 
алмаған армандарына жетіп, ұзақ ғұмыр, бақытты өмір сүру-
леріне тілектеспіз.
«Алматы ақшамы», 16-қыркүйек, 2008 жыл
ҚАЗАҚ ЕСІМІ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫР?
Қазақ ұлты балаға ат қоюдың жөнсіздігі мен
жүйесіздігінен «Гиннес» кітабына кіретін шығар...
Менімен  мектепте  он  жыл  бірге  оқыған  бір  қыз  болды. 
Аты – Армия. Сол Армия есейе келе өз атынан өзі ұялатынын 
айтып қалатын. Неге «Армия» деп қойды десек, туған күні 
23-ақпан – Қызыл Армия күні екен. Міне, қазекем көп ойлан-

176
бастан солай деп атай салған. Ол қыз бала ертең өспей ме, 
сонда бұл есімі оған ұнай ма, ұнамай ма деп ойланбаған.
Сол  Армия  қазір  бірнеше  баланың  анасы.  Ал  оның  ба-
лалары  анасының  атын  өз  достарына  айтуға  арлана  ма,  ол 
жағы,  маған  белгісіз.  Ауылымызда  Армия  есімді  тағы  да 
бір-екі азаматтар болды. Бірақ бұл есім еркектерге бəлендей 
өрескел көрінбейтін. Пионер есімді ағамыз қазір жасы жет-
пісті  алқымдаған  ақсақал.  Немере-шөбере  көріп  отырған 
ардақты  ата.  Бірақ  өзі  ата  болғанмен,  есімі  Пионер  болып 
қалды. Ол кісіге бұл ат қалай бұйырғанын білмеймін. Бəлкім, 
пионердің  құрылған  күні  тууы  ғажап  емес.  Социал  деген 
құрдасымыз  қатар  сыныпта  оқыды.  Үлкен  Социал  ағамыз 
бізге  географиядан  сабақ  берді.  Тағы  да  бір  Социал  деген 
жездем, Социал есімді жеңгем болды. Ауылымызда Совет, 
Кеңес, Советбек, Советхан, Советқазы, Кеңесбек, Кеңесхан, 
Кеңесбайлардың көптігі сондай, жұрт оларды ажырату үшін 
түр-түстеріне,  болмыс-бойларына,  мамандықтарына  қарай: 
сары  Совет,  қара  Совет,  семіз  Совет,  арық  Совет,  сопақ 
Совет,  шопыр  Совет,  бухгалтер  Кеңес,  мұғалім  Кеңес,  сол 
сияқты  толып  жатқан  Əскер,  Əскербек,  Əскерхандарды  да 
мінез-құлқы, түр-түстеріне қарай «анықтап» алатын.
Ал, Жеңіс, Жеңісбек, Жеңісхандар – қазақтың «ұлттық» 
есімдеріне айналғалы қашан. Ұлы Отан соғысының жеңісіне 
тек  қазақ  қана  қуанғандай.  Əйтпесе,  өзге  ұлт  өкілдерін 
айтпағанда, орыстардан «Победа» деген автокөліктен басқа 
кісі есімін естімеппіз. Жəне бұл Жеңіс есімі жоғарыдағы Ар-
мия, Социал секілді ұл мен қыздарға бірдей қойыла береді. 
Біздің  ауылдағы  бұл  «социалистік  үрдіс»  Қазақстанның 
басқа  аймақтарына  да  ортақ  болғандығын  ел-жұртпен  ара-
ласа келе байқадық. Ал оңтүстік облыстарда бұл есімдерге 
ұл болса «бай», қыз болса «гүлді» тіркей салады екен. Саяси 
мəні жоқ болса да күйеуінің аты – Балтабай, əйелінің аты – 
Балтагүл деген отбасын да кездестірдік.
Біз үшін мемлекеттің мерекелері мен атаулы күндеріне, 
халықаралық оқиғаларға мəн беріп қана қоймаймыз, бізбен 
«туысқан» болып кеткен ұлттың да ұлттық есімдерін де еш 
ойланбастан ала салу қиынға соқпады. Руслан, Света, Таня, 

177
Ирина,  Тамара,  Маргарита,  т.б.  Индира  есімі  Үнді  елінен 
гөрі, бізде көп шығар. Сол сияқты Мэлс, Тито, Бенизар, Мар-
шал,  Генерал,  Майор,  Иран,  Ирак  дегендерді  де  тек  біздің 
ұлтта кездестіресіз.
Алматыға алғаш келген жылы бір үлкен құрметті кісінің 
үйінде бір ағамен таныстым. Өзі орыс тілді болғанмен, таза 
қазақ. Атын – Катаяма дегенде, үш қайтара сұрап, əрең есім-
де ұстадым. Бұл не деген сөз десем, ол туған жылы Совет 
еліне Жапонияның премьер-министрі Катаяма құрметті қо-
нақ  болып  келсе  керек.  Ол  оның  əкесінің  үйіне  емес,  тіпті 
Қазақстанға  емес,  Мəскеуге  келген!..  Бітті.  Соның  есімін 
берген. Əне, интернационализм деген бізде қалай дамыған. 
Бірақ, ол бала, өкінішке орай, жапон секілді премьер-министр 
болған жоқ, ел қатарлы мал дəрігерлік мамандығымен еңбек 
етіп жүр екен.
Ана бір жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетін-
де сырттай оқитын Мемлекет есімді қызбен танысып, əңгі-
мелесіп қалғанымызда, ол қыз өз есімінің қолайсыздау еке-
нін айтын күлдіргені бар.
– Пойызда келе жатсам, бір жігіт есімімді сұрады. Айт-
тым.  Ол  сеніңкіремей,  төлқұжатымды  көрсетуімді  өтінді. 
Көрсеттім. Ал келіп күлсін. «Осындай да ат болады екен?» 
деп.  Мен,  əрине,  ұялып  отырмын.  Сосын  «Өз  атың  кім?» 
десем,  əлгі  маған  күлген  жігітім  ұялмай-қызармай  «Бухал-
тыр» дейді. Мен мені мазақтап тұр ма деп: «Төлқұжатыңды 
көрсетші»  десем,  шынында  да  онда  «Бухалтыр»  деп  жазу-
лы тұр. Ал енді мен оған күлейін. «Əй, өз атың қарық боп 
тұрғандай,  маған  сонша  күлгенің  не?»  десем, «Мемлекет» 
деген есімді бұрын естімеппін» деп міңгірлейді, – деген еді.
Теледидардан  үлкен  гитарасын  көтеріп  бір  шағын  бой-
лы жігіт испан ба, аргентина ма, əлде бразилия əуендеріне 
үндес  əндерін  қазақ  тілінде  шырқап,  өзі  де  секектеп,  жас-
тарды билетіп жатады. Фамилиясы – Жолбарыс, жақсы. Ал 
есімі – Сейфуллин (?). Міне,  қызық – Ақиық  ақын  Сəкен 
есімі ұлттық мақтанышымызға айналғалы қашан. Ал оның 
атын емес, фамилиясын бала есіміне берген ата-анасы қан-
дай «тапқыр» жандар деп таңқалмасыңызға шара жоқ... Мен 

178
көпке дейін «Сейфуллин» деген оның фамилиясы екен деп 
жүрсем, есімі солай екен.
Ал өткен бір жылы «Асар» партиясы ел аралағанда, бар-
ған  жерінде  дүниеге  келген  балаларын  ата-аналары  Асар, 
Асаргүл атандырғанын мақтанышпен баяндағандарын теле-
дидардан  көріп,  Оспанхан  ағамыз  айтқандай,  қандастарың 
үшін «бет емес, беттегі безеу ұялғандай» болғанбыз.
Жалпы  осылай  кете  берсек,  қазақ  ұлты  балаға  ат  қою-
дың жөнсіздігі мен жүйесіздігінен, мақтаншылдық пен дара-
қылығымен барлық ұлт пен ұлысты артқа тастап, «Гиннес» 
кітабына  кіретін  шығар.  Қалай  десек  те,  ойланатын  уақыт 
жеткен секілді.
«Алматы ақшамы», № 121, 26-қазан, 2008 жыл
БАҚҰЛ БОЛ, АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ
«Шын  таланттың  жүрегінде  қара  тастай  батып  халық 
тағдыры  жатады»  деген  сөз  тарихшы  ұстаз,  саясаттанушы 
журналист,  көсемсөзші  қаламгер – Мұхтар  Мұсылманбек-
ұлы  Əбділдабекке  арналғандай  еді.  Өмірден  халқының  қа-
мын  ойлаған,  ұлтының  болашағын  болжаған  қазақтың  нар 
тұлғалы азаматы өтті.
2009  жылдың 1-қаңтарында 67 жасқа  қараған  шағында 
Мұхтар  Əбділдабек  (Төгісов)  ауыр  науқастан  айыға  алмай 
дүние  салды.  Ол 1942 жылдың 13-сəуірінде  ҚХР  Шығыс 
Түркістан  өлкесі  Алтай  аймағының  орталығы  Сарысүмбе 
қаласында  дүниеге  келді.  Əкесі  Мұсылманбек  оқу-ағарту 
ісінің  озық  қайраткері  болса,  атасы  Əбділдабек  Шорғаның 
беделді болысы, атақты балуан, айтулы ақын болған. Арғы 
аталары – Ұлтарақ,  Төгіс,  Құт-Шаянбай,  Тəуке  батыр – 
қазақтың шығыс өлкесіне есімдері кең тараған тұлғалар. Най-
ман ішіндегі Қаракерей Бəйжігіт елі қазаққа ұлы қолбасшы 
Қабанбай батырды берсе, осы елдің тумасы – Əбділдабектің 
туған інісі Көлбай Төгісов XX ғасырдың басындағы аласа-
пыранда «қазағым» деп күресіп, «алашым» деп «аһ» ұрған 
арыстардың бірі еді.

179
1955  жылы  елге  оралған  Мұхаң  Сарысүмбе  қаласында 
бастаған  орысша  оқуын  Зайсан  қаласында  жалғастырса, 
орта мектепті Ақсуат селосында бітірді. Қарт Тарбағатайдың 
күнгейі  мен  теріскейінің  дəмін  кезек  татып,  көне-жаңа  та-
рихын құлағына құйып, көкірегіне түйіп өскен жас Мұхтар 
əскер  қатарынан  оралған  соң  С.М.  Киров  атындағы  Қазақ 
Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға тү-
сіп, оны үздік аяқтайды. Ұстаздары оған ғылым жолын ұсын-
ғанымен, отбасы жағдайымен бірден еңбекке араласады.
17  жыл  бойы  Алматы  облысы  Жамбыл  ауданында 
оқу-ағарту  саласында, 3 жыл  Мəскеуде  Кеңес  Одағының 
Радиокомитетінде жемісті жұмыс жасады. Елге оралған соң 
Алматы қаласында мектеп директоры, Қазақ тілі қоғамында, 
Республикалық  Тіл  комитетінде, «Қазтелеком»  АҚ-да  жа-
уапты қызметтер атқарды.
Кеңес  Одағының  соңғы  кезеңі  мен  Тəуелсіздігіміздің 
алғашқы онжылдығындағы рухани-ақпараттық кеңістігінде 
Мұхтар  Əбділдабеков  (Төгісов)  есімі  өзінің  өткір  де  са-
уатты,  кемел  көсемсөздерімен  кеңінен  танылды.  Еліміз 
Тəуелсіздігінің  іргетасының  берік  қалануын  көздеп,  оған 
сызат түсіріп, сына қаққыш ниеттегі жат пиғылдыларға те-
геурінді  тойтарыс  берген  мақалалары  жиі  жарық  көрді. 
Мұхаң  қазақша-орысша  еркін  сөйлеп,  еркін  жазды.  Сон-
дықтан  оның  ел  мүддесін,  ұлт  мұратын  қорғаған  өзекті 
ойлары  жүйесін  тауып,  тыңдарманы  мен  оқырмандарына 
бөгелмей  жетті.  Сол  жылдары  жазылған  «Туыстар  қамын 
ойласақ...» («Халық кеңесі», 12. 1992 ж.), «Халыққа халық 
жау  емес» («Ана  тілі», 09. 1993 ж.), «Шыдамның  да  шегі 
бар» («Жас Алаш», 04. 1992 ж.), «Диаспора» («Новое поко-
ление», 07. 1995 ж.), «Поэтом можешь ты не быть» («Азия 
дауысы», 12.1992 ж.), «Языковой политике требуется благо-
разумие,  а  не  шумиха» («Заман – Қазақстан», 09.1996 ж.), 
«Жоқ жерден от көсемейік» («Ана тілі», 01. 1994)... тағы да 
басқа көптеген мақалаларындағы айтылған ойлары мен са-
раптама-пікірлерінің  салмағы  тақырыптарынан-ақ  көрініп 
тұрған жоқ па? Ал жуықта «Қазақ əдебиеті» (23.12.2008 ж.) 
газетінде  жарық  көрген  «Құмырсқаның  илеуі»  атты  соңғы 

180
мақала-əңгімесінде  саясат  пен  экономиканың  «құлағында 
ойнап» жүргендердің шын бет-бейнелерін ашып көрсетеді.
2008  жылы  жарық  көрген  «Тектілік  тағылымы» («То-
лағай»,  Алматы, 30 б.т.)  ғұмырнамалық  баян  жəне  үздік 
мақалаларын  топтастырған  көлемді  кітабында  елін,  жерін 
сүйген  тұлғалы  азаматтың  өзекжарды  сыры,  биік  парасат-
пайымы, дархан мінезі қалды.
«БАС ДЕМОГРАФ» НЕ ДЕЙДІ?
Ел  болып  өткізгелі  отырған  бұл  науқанға  елеңдемес 
жан  кемде-кем  шығар. «2009 жылы 25 ақпан  мен 6 нау-
рыз  аралығында  халық  санағы  өтеді»  деп  ел  құлағын  шу-
латқалы да біраз уақыт болып қалды. Жарнаманың дүдəмал 
тұстары да жоқ емес. Мəселен, «Хабар» радиосынан қазақ, 
орыс  тілдерінде  «Санаққа  қатысыңыз.  Сізден  ешқандай 
құжат талап етілмейді. Сіздің сөзіңізге сенеміз. Берген ақпа-
ратыңыздың  құпиялылығы  сақталады»  деген  тəрізді  уəде-
лер беріліп жатыр. «Егер ешқандай құжат талап етілмесе, ау-
ызша айтқан ақпаратқа сенсе, санаққа іліккен жан қаншама 
шындығын айтады? Ол жергілікті тұрғын ба, əлде көрші ел-
дерден көшіп келген босқын, кірме, əлде жай жолаушы ма? 
Оның ұлты, жасы, жұмысы, тұрақты мекені, отбасы жағдайы, 
жеке  басына  қатысты  жəне  қоғамға  деген  көзқарасы  тура-
лы айтқандарына ешбір құжатсыз сеніп, соны шын ақпарат 
ретінде  тіркеу  қаншалықты  ақиқатқа  жақындайды?»  деген 
сұрақтар өзінен-өзі туындайды.
Міне, осындай сұрақтар төңірегінде «Түркістан» газетінің 
бетінде демограф-ғалым Мақаш Тəтімовтің газет тілшісіне 
берген  сұхбатын  көріп, «е,  біраз  бұлыңғыр  мəселеге  жа-
уап  табармыз»  деген  үмітпен  қолға  алған  едік.  Бірақ,  өзін 
еліміздің «бас демографы» санап жүрген Мақаш ағамыздың 
«əп,  бісміллə»  сөзінің  басынан,  сұхбат  бойынша  айтқан 
əңгімесінен  ойдағы  сұрақтарымызға  жауап  алмақ  тұрмақ, 
сан-сапалақ сұрақтар көбейіп, кей тұста қайран қалып, енді 
бірде  ағамызға  кейіген  сəтті  де  бастан  кештік.  Неге  дейсіз 

181
ғой? Мəселен, Мақаш ағамыз 1999 жылғы ұлттық санақты 
1989  жылғы  бүкілодақтық  санақтың  жалғасы  десе, «мы-
нау өтетін санақты да бұрыннан келе жатқан бүкілодақтық 
санақтың жалғасы» дейді. Сонда, біз «бүкілодақтың» құша-
ғынан 17 жылдан асса да шыққамыз жоқ па, əлде, жоқ болған 
мемлекеттің құрамындамыз ба?
«ТМД  елдерінің  ішінде  бүкілодақтық  санақты  (астын 
сызған – Е.Н.)  тек  Қазақстан  ғана  үзбей  жалғастырып 
келеді.  Оның  өзі  кімнің  арқасында  өтіп  жатқаны  белгілі. 
Əрине,  мұның  бəрі  Елбасының  «заслугасы»,  ал  оған  бəрін 
айтып  отыру  менің  заслугам»  дейді.  Сонда  біз 17 жыл 
бойы  тəуелсіздігімді  алдық  деп  əлемге  жар  салып  келсек, 
кешіріңіз, əлі де «бүкілодақтың санағын үзбей жалғастырып» 
келеді  екенбіз  ғой.  Оның  өзі  Мақаңның  «заслугасы»  екен. 
Яғни,  санақ  жөнінде  Елбасының  бас  кеңесшісі  немесе  бас 
ақылшысы өзі болып шықты.
Мақаңды ары қарай оқиық: «Санақ не үшін керек дейсіз 
ғой? Бұны санақтың қадір-қасиетін білмейтін адамдар ғана 
сұрайды. Санақ – қоғамның, адамның алдына қойылған айна. 
Айнаға (астын сызған – Е.Н.) қарайсың да, өзіңді көресің. 
Кəрісіз  бе,  жассыз  ба,  семізсіз  бе,  арықсыз  ба,  т.б.  Соған 
қарап  адам  өзін  бағалайды.  Санақ  арқылы  кез  келген  адам 
қандай қоғамда өмір сүріп жатқанын, ол қоғамның құрамы 
қандай  екенін,  онда  жұрт  қалай  күнелтіп  жүргенін  біле 
алады.  Қанша  балаң  бар,  айырылыстың  ба,  жоқ  па?  Керек 
десеңіз, санаққа аборт жөнінде де сұрақ енгізіп едім, алынып 
тасталды» дейді.
Иə, «қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз, оның құрамы 
қандай,  жұрт  қалай  күнелтіп  жүр...»  дегеніне  келісейік. 
Білгіміз  келеді  жəне  дұрыс  қоғам  құруға  көмегі  тиер.  Ал 
семізбіз бе, арықпыз ба, мұның кімге керегі бар? Мақаңның 
аборт  туралы  сұрақ  қойғысы  келгенін  де  түсіну  қиын.  Ал, 
аборт  туралы  сұрағына  əйел  жолдастар  шын  жауап  береді 
деп ойлай ма екен?
Мақаң  «мақтанбай-ақ  қояйын»  деп  алып: «Шынын  айт-
сам, 60 мың  санақшының  еңбегін  қорытып,  санаққа  баға 
беріп, талдау жасайтын адам, – менмін. Əрине, əр түрлі ма-

182
мандар – экономистер, əлеуметтанушылар, тіпті əкімдер де 
ат салысады» дейді. Мақаш ағамыз қанша мақтанбайын десе 
де,  байқамай  мақтанып  қалудан  құр  алақан  емес  көрінеді. 
Онысы осы сұхбат барысында байқалады. «Менді» көп айта 
бергенінен  Гаршиннің  белгілі  ертегісінің  кейіпкері  еріксіз 
еске түседі.
Ал  енді  біз,  неге  «көпұлтты  мемлекетпіз»  дегенді  жиі 
айтып  кеттік  десек,  оның  да  авторы  Тəтімов  мырза  екен. 
Неге олай десеңіз, ол саясат үшін керек екен. Тіпті көпұлтты 
болмасақ  та,  осылай  деп  жар  сала  бергеніміз  пайдалы 
көрінеді: «– Көпұлтты  деген  саясатқа  мақтануға  болады. 
«Көпұлтты  мемлекетпіз,  тыныштық  жағдайда  тату-тəтті 
өмір сүріп жатырмыз» деген сияқты. Бұл негізінен мақтануға 
тұрарлық  нəрсе (!). Қазақстанның  көпұлттылығы  жөнінде 
мынаны айтар едім. «Қазақстан соншама көпұлтты емес» 
(астын сызған – Е.Н.). Қазақ пен орыс Қазақстан халқының 
85 пайызын құрайды, сонда қалған 15 пайызына жаңағы ай-
тып  отырған 135 ұлт  өкілі  кіреді.  Ал 100 мыңнан  асатын, 
1 милионға тақайтын 7 ғана халық бар. Бізде 10 шақты 50 
мыңнан 100 мыңға  дейін,  содан  кейін 30 шақты 10 мыңға 
жетпейтін  халықтардың  саны  бар.  Осы  жерде  мынандай 
бір гəпті айтайын. Оны біз сияқты маман ғана айта алады. 
«Қазақстанда 135-ке жуық ұлт тіркеуге алынды, мұның бəрі 
бар» деп айтып жүргеніміздің үлкен себебі, біз бүкілодақтық 
халық санағының, Кеңес Одағы бойынша халық санағының 
тізімін алып, сол бойынша халықтардың тізімін жасадық. Де-
мек, Қазақстан – қираған Кеңес Одағының, күйреп құлаған 
Кеңес  империясының  аман  қалған  қабырғасы  сияқты.  Сол 
қабырға да Кеңес халқын дəріптеп, ұлттық құрамын сақтап 
келеді.  Жаманды-жақсылы  болсын,  республикамыздан  бір 
чукчаны тауып алуға болады. Тіпті, тағы іздесең, 10 юкагир, 
100 якут, 1 мыңға жуық қалмақты табуға болады».
Мақаш аға-ау, өзіңіз айтқандай Қазақстан соншама «көп-
ұлтты» болмаса, көпұлтты деп мақтанатындай не басымызға 
күн туды? 135 ұлтқа жеткізу үшін 1 чукчаны, тіпті тағы да 
іздесең 10 юкагирді, 100 якутты тауып алғанда қай ұшпаққа 
шығамыз?!  Бұл  не?  Қазақ  ұлтының  мүддесін  əлсірету, 

183
қисынсыз проблеманы қолдан жасап, өз үнімізді өзіміз өшіру 
үшін  осындай  саясатты  ұстану  керек  пе?  Бұл  кімге  пайда-
лы болмақ? Бұдан кейін мен Сіздің шын қазақ екеніңізге де 
күмəнмен қарай бастайын дедім. Бəсе, аталмыш бұл 130-дан 
астам ұлт қайдан пайда болды десем, Сіз сияқты маманның 
ғана  қолынан  келетін  шаруа  екен  ғой?  Сөйте  тұра  екінші 
бір  сөзіңізде  осы  өз  «жаңалық-үлесіңізді»  өзіңіз  жоққа 
шығарасыз: «...Көпұлттылық»  дегеннің  өзі  биязы  түсінік. 
Алайда, Қазақстан деген үлкен елде көпұлттылықты 5 сан-
мен, 2 санмен құтқара алмайсың. Көпұлтты құрау үшін ең 
кемінде 100 мыңнан асуың керек. Бұл санға тек кəрістер ғана 
жетіп отыр», – дейсіз. Журналистің «Бірдеңе болса, сол бес-
алтауын» «ұлт» деп дабырайтып айтып жатамыз ғой» деген 
сөзіне  «Айналайын,  бұл  жерде  ешқандай  асыра  сілтеу  не 
дабырайту жоқ. Бұл саясаттың сөзі. Керек десеңіз, бұл сая-
сатты мен де қолдаймын. Тіпті еліміздегі ұлттардың санын 
150-ге дейін жеткізуге болады» дейсіз.
Баяғыда  колхоздастыру  кезеңінде  большевиктердің  сая-
сатын  енді-енді  түсіне  бастаған  бір  ауыл  белсендісі: «е-е, 
саясат,  саясат  дегенге  бұл  не  нəрсе  десем,  баяғы  қазақтың 
сасық қулығы екен ғой» деген екен. Мəке, қазақтың басын 
осындай «сасық қулықпен» 70 жылдан артық уақыт айнал-
дырып келгеніміз аздай, енді тағы да сол «саясат» деп, тағы 
да сол қулыққа басқыңыз келе ме?
Отарлаудан, қанаудан, озбырлықтан құтылдық па десек, ен-
ді қолдан жасалған қақпанға, орға, тұзаққа туған халқыңызды 
өз қолыңызбен апарып құрбан қылғыңыз келгені ме? «150-
ге дейін жеткізуге болады» дейсіз.
Сіздің  сұхбат  бойынша  айтылған  ойпыл-тойпыл  ойла-
рыңыз бен салдыр-салақ сөздеріңізді түгел мұрнынан тізбей-
ақ қояйын. Тек, Қазақ ұлтының намысына тиетін, сүйегіне 
таңба салатын бір сөзіңізге жəне бір анайы тілегіңізге ғана 
тоқталайын. «Шынын айтсам, жезөкшелікті Америкаға, Ан-
глияға жеткізген – қазақтар» дейсіз. Ағасы-ау, бұл қай сасқа-
ныңыз? Əлемге əйгілі Америка мен Англияға жезөкшелікті 
апарған  қазақтар  дегеніңізге  кім  сенеді?  Тіпті  олар,  қазақ 
деген халық бар екенін біле ме екен? Кеңес өкіметі құлап, 

184
ақпараттық  «қақпалар  мен  терезелер»  айқара  ашылғанда 
елімізге  порнофильмдер  мен  эротиканы,  сексті  суреттеп-
насихаттаған  сайтан-өнімдер  сол  Америкаңыз  бен  Батыс-
тан  лап  қоймады  ма  бізге?  Олардың  түнгі  көбелектеріне 
еліктеген  біздің  «көбелектер»  мен  сол  «көбелектерге» 
құмар  «сері-перілердің»  тұмылдырықтары  сыпырылғалы 
осы 17 жыл  көлемі  ғой.  Əлде  осы  уақытқа  дейін  бүлінбей 
тұрған  періште  кейіптегі  Америка  мен  Англияны  бұзып, 
адал  жолынан  тайдырып  жіберген  біздің  жезөкшелер  ме 
екен?  Мына  сөзіңізден  кейін  мен  Сіздің  жалпы  қазаққа 
перзенттік  емес,  пенделік  көзқарасыңыз  басым  ба  де-
ген  ойға  қалдым.  Ал,  əр  жерде,  əр  түрлі  БАҚ-та  жиі  қай-
талап  жүрген  «көк  көрпеңізді»  бұл  жолы  да  ұмытпапсыз. 
Иə,  ұлт  саны  өссін, «сан  болмай,  сапа  болмайды»  деген 
ойыңызды  құптаймыз.  Бірақ,  аталық  аппақ  сақалыңызбен 
осы  бір  «көк  көрпе»  жөнінде  айта  беретін  əзіл-шыныңыз 
өзіңізге жараса ма? Басылымдағы айтуыңыз өз алдына, өзім 
куə  болған  бір  үйлену  тойында,  үйленіп  жатқан  жастарға 
қарата,  дүйім  жұрттың  алдында,  ата-аналары,  туған-туыс-
қандарының  көзінше  «көк  көрпені  бүлкілдете  беріңдер, 
бүлкілдете  беріңдер»  деп  тілек  айтқаныңызда,  бет  тұрмақ, 
беттегі безеу ұялғандай болғанбыз. «Бұл неткен анайылық, 
неткен  арсыздық»  деп  жерге  қараған  жұрт  əлі  есімде. 
Қазақтың  салтында  жастарға  «үбірлі-шүбірлі  болыңдар», 
«үйіңнің іші жанға, сырты малға толсын» деген сияқты т.б. 
тілектер  мəдениетімен,  қазақи  ибалылықпен  айтылып  жа-
тушы еді. Сол тойда Сіздің сөзіңізден тіксініп қалған едім. 
Аралас неке туралы да оң пікіріңізді білдік. Қазақтың сөздік 
қорына «ерденет» секілді сөз қосып, тілімізді байытып ке-
ліпсіз.  Қанатты  сөздерді  де  ойлап  табатын  көрінесіз.  Мы-
салы, «Қараңызшы. «Ананың тілі – атаның күшінде» деген 
қанатты  сөздің  астарында  не  жатыр?  Ананың  қазан-ошақ 
маңында айтылатын тіліне ата кіріссе, ол саясатты, өнерді, 
т.б.  айтады.  Ата – саясаттың,  үкіметтің,  президенттің,  мен 
сияқты  демограф-зиялылардың  күші.  Атаның  күші  енсе, 
ананың тілі дамиды. Əрине, атаның күші тек белде тұрған 
күш  қана  емес.  Тіпті  оны  да  айтсақ,  артық  емес,  демогра-

185
фия деген сол ғой», – дейсіз. Сіздің бұл қанатты сөзіңізден 
түсінгеніміз: «Қазақ тілі – Мемлекеттік тіл» неге дамымай 
жатыр десек, Ана тіліне Атаның күші: саясаттың, үкіметтің, 
президенттің, сіз сияқты демограф-зиялылардың күші енбей 
жатыр екен ғой. Бəсе, əйтеуір, бір кілтипан бар екенін сезуші 
едік. Бірақ, «Бас демографтан» көңіл қалады екен...
«Түркістан» газеті, 26-ақпан, 2009 жыл
Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 6.34 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   24




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет