Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 7.21 Kb.
Pdf просмотр
бет14/14
Дата09.01.2017
өлшемі7.21 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
ҚАЗ ҚАЙТҚАНДА
(Деректі әңгіме) 
І      
Бибінұр Ақтастағы әйелдердің сұлуы еді. Бірақ соны өзі 
бай қаған емес­ті. Қайдан байқасын, бойға қарап, сыланып­си­
панатын кезден өткен. Өз алдына түтін түтеткен шаңырақ иесі. 
Екі баланың анасы. Сөйтсе де, жұрт көзіне перде ұстасын ба, 
кейбіреулер сыртынан сұқтана қарайды білем. Аудандық заң ба­
қылаушы Қаражан ағай кеше ымыртта, тоғаннан су әкеле жат­
қанда, жолын тосып тұрып:
– Бибінұр, жүдеген сізге жарасады екен. Қызға бергісіз жа­
сарып кетіпсіз, – деген әзілмен амандасты.
Өзінен екі мүшел үлкен кісіге не десін, тымырайған қалпы 
өте шықты. Әйтсе де, үйіне келген соң шарайна алдына барған: 
күйеуі барда етті денесі қазір әжептеуір шираған; бұрын 
қарақошқылдау көрінетін беті де оңып, ұшындағы болмашы 
қызылы айқындала түскен; омырауы бұрын жайылыңқырап 
кеткен еді, енді қайта дөңестеніп, қыз күніндегідей бұлтия 
бастапты; ал өңі бұрынғы қамсыз, дүниеге бейтарап күйінен ада 
болып, айналасына сұқтана қарайтын қағілез шырайға ауысқан; 
көзінің қарашығы қарақаттай қара болатын, соған қазір кү­
лімдеген ашық рай дарыпты...
Қысқасы, Бибінұр айна алдына жиірек келіп, ұзағырақ аял­
дайтын болды. Әсіресе жұмысқа барар алдында көбірек бөгеледі: 
сыны кете бастаған көнетоз көйлектерінің қыртысын жаза­
ды; сетінеген жерлерін тігеді... Өйтпегенде қайтсін, қысқа жіп 
күрмеуге келмейді. Әмзенің майданға аттанғанына жылдан 

302
Медеу СӘРСЕКЕ
асты. Қайрат пен Ойраты да содан бері жаңа көйлек киген жоқ. 
Өл мелі кемпір енесі де қолына қарап отыр. Өзімен төрт жан, 
төртеуінің үстін бүтіндеп, тамақ тауып беру – мынадай бүкіл ел 
жаппай күйзелген шақта оңай іс емес. 
Бибінұр ескі көйлектерін бүтіндейді. Келімді­кетімді кісісі 
көп кеңседе істеген соң сөйтпеске шарасы жоқ Басы жұмыр 
пенде болған соң, үсті­басына қарамай тұра ма жұрт? «Кешегі 
Әмзе нің әйелін қара...» деп сөкпесіне кім кепіл?..
Бибінұрдың шарасыз күйін сезген сияқты, бірде оны аудан 
про куроры Қаражан Ақжолов кабинетіне оңаша шақырып:
– Сізге жақсылық жасағым келіп отыр. Жақсыға жанашыр­
лық етпесек, несіне ел күзетінде отырмыз. Бүгіннен бастап сіз 
менің қарауыма заң қызметіне ауысыңыз, – деді.
«Әмзенің шынайы ағайыны деген жан Қарекеңдей­ақ болар. 
Отбасына қол ұшын бергені... – деп ойлады әйел. – Заң жұмы­
сынан әріп айырмайтын адамды өзіне қызметкер етіп Қарекең­
нен басқа кісі тағайындар ма еді? Жақсыдан шарапат деген 
осындай­ақ болар...»
Бибінұр көлденең көк аттының ыбыр­жыбыр сөзінен қым­
сынған жоқ, дәрежелі қызметіне емін­еркін кірісті. Бұрынғы 
жұмысынан жалақысы да едәуір артық екен әрі үлкен­кішіге 
қадірсіз емес. Әсіресе жұмысты болған адамдардың ізеті есі­
нен қалғысыз. Қайсысы болсын өзіне соқпай кетпейді. Қай­
сыбіреулері айбынды прокурорға тура баруға имене ме, әлде 
Қарекеңе сыйлы жан деп әдейі қол арта ма, кім білсін, өтінішін 
Бибінұрға айтады. Кей­кейде: «Сіз өзіңіз бірдеме етпесе ңіз...» – 
деп жалынатынын қайтерсің? Анығында, Қарекең прокурор 
атанғаны болмаса, қатыгез кісі емес. Өзім дегенге пейілі дұрыс 
адам. Тілі де майда. Аузын ашса­ақ еститінің әзіл. Рас, өңі әлей 
суық, қарасұрдың айбаттысы. Жалпақ қара қабағы кере қарыс. 
Шашы да қайратты болғанда біржосын. Самай тұсы қырау 
шалған тобылғы басындай ақшулаң тартса да, әр тармағы бөлек 
ауыл қонып тікірейіп тұрған орақ шалмас қалың қау сияқты.
Былайғы жұрт Қарекеңді сараң, қарауындағы қызметкерлері­
не тынышсыз кісі десетін. Бұл сөз жақындауға батылы жетпей, 
алыстан долбарлаған күндегіштер күңкілі екеніне Бибінұрдың аз 
күн таныстықта­ақ көзі жетті.
Бір күні жұмыс аяғында бастығы қасына келіп:

303
ШЫҒАРМАЛАРЫ
– Мына бір дүниені қаладан өзіңізге әкеліп едім. Көйлек 
киіңіз... Ақысы деймісіз, ақысын кейін байығанда асырып тө­
лейсіз. Әзірше ақысыз қидым... – деп кеңкілдей күлген. Біраз 
тұ рып, есіктен шыға бере, – біздің үйдегі жеңгеңе сездірме. Жа­
ратылысы тар адам, жөнсіз ызыңдай беретіні бар... – деді.
«Бір мінезсіз жан бар ма дүниеде? Әйтсе де Қарекең бәйбі­
шесінің іштарлығы – жарамсыз қылық. Не жетпейді десеңші! 
Азаматы үйіндегі әйел заты дүние түгел деп, сәлеку салып 
жүре бермей ме? Әмзе сөйтсе, өзі «Бер, көмектескенің жақсы» 
дер еді, – деп түйген­ді Бибінұр бастығының отбасындағы кі­
ріптар жайын қамыға ойлап. – Отбасын күзетуші әйелдің 
ері нің мазасын алып, ертелі­кеш ызыңдай бергені – тегінде 
іштарлықтың салдары. Дімкәс адам деседі, көрік дейтін көркі 
де жоқ, ілмиген қара қайыс қатынның жағы талмайтын ез сөзіне 
шыдап жүрген Қарекең дүлдүл ғой, тегінде».
Жаңа көйлекті киген сайын Бибінұр қамқоршы бастығы­
ның жайсыз күйін есіне алып, жаны аши ойлайтын болды. 
Толассыз быжың сөзден қажитын шығар, Қарекең өзі де жай­
күйін жиі айтатын әдетке ойысты. Бір күні:
– Дүниеде қателеспей, жаңсақ баспай өтетін жан бар ма екен, 
сірә? Әй, жоқ шығар. Мен де солардың бірімін, – десе, әлденеше 
күннен соң:
– Бибінұр, мен неге ерте туғанмын? Сен қалайша кеш ержет­
кенсің? Тағдыр шіркінде әділдік аз­ау, – деп жан сырын аша мұң 
шерткен­ді.
Қарекең осылай деп көңілін алабұртып қойған соң, Бибінұр 
не істерін білмей, әрі­сәрі күйде жүрді. Әмзеден хат апта сайын 
келеді. Біз Әмзенің баласымыз дегенді күн сайын есіне салып, 
бауырына тығыла түсіп, қос бөбегі қойнында жатады. «О, Алла, 
тілегім – жалғызымды сақта!» – деп намаз сайын енесі тұрады 
күңіреніп.
– Майдан деген судай ағып жатқан қан емес пе? Әй, одан 
кебенек киген ғана қайтатын шығар?.. – деп екі ұдай көңілін 
тырнай түседі Қарекең.
– Қан жауғыр фашист нәлет қиғаш қас талай сұлуды жесір 
етеді әлі!.. – деп бастығы аһ ұрып күрсінгенде, Бибінұрдың тұла 
бойы қалтырап, жан дүниесі сөгіліп кеткендей, буындары босап, 
не күйге түскенін кей сәт білмей қалады.

304
Медеу СӘРСЕКЕ
«Обалы не, Әмзенің атын Қарекең ешқашан аузына алмай­
ды. Қызмет бабы солай болған соң, майдан жайын басқалардан 
гөрі көбірек біледі де. Әйтсе де ерім сол дүрмектен қайтпай қал­
са, екі баламен қайда сыямын, кімге керекпін? Ұрыс даласында 
қан кешіп жүрген майдангер аман­есен оралған күнде де, өзіне 
бұрынғыдай ынтық ықыласпен қарай ма? Сүйген жар деп таныр 
ма? Әлде көлденең кезіккен көк аттының сөзіне еріп, толып 
жатқан күдік пен өсекті алдына тартса қайтеді? Өйтер болса 
қалай ақталады? Демек, қараған жанды еріксіз сүйсінтер бүгінгі 
келбетінің, сұлулық тұнған қарақат көзінің де қайғымен суалып, 
таусылмас опықта ғаріп боп өшкені де...»
Болашағы жайлы ұзақ ойға түсу Бибінұрды кәдімгідей жү­
детті. Мұндайда әзіл айтып көңілін жұбататын Қарекең болмаса 
қайтер еді?
«Бұл да бір бақ шығар­ау? Адамын талғап қонатын, ақ пейіл, 
жомарт жүрекке ғана аядлайтын сәт құсы ғой!..»
Қазіргі жайын түсінген Бибінұр келе­келе бастығының 
әзілін үнсіз қалдыруға ұялатын болды. Ретті жерінде жымия 
қарап, жауап қайтаратын жылы шырай көрсете бастады. Соны 
арқаланса керек, Қарекең де өз ойын ашық білдіретін болды, 
тіпті батыл боп кетті...
ІІ
Мұның соңы Қарекең үйіне Бибінұрдың біржола қоныс ауда­
руына ұласты. Рас, тұңғыш рет келін болып түскен, өзіне оттай 
ыстық босағадан жат үйге шығуға батылы жетпей қатты­ақ 
қиналды. Әсіресе қос перзентін тастап кетудің жөнін таппай, өзін 
қазыққа байланған бұзаудай сезініп, артына қарағыштай берген. 
Үлкені беске толды, кішісі үшке енді ғана ілініп отыр. Күні­түні 
соларды ойлаумен дөңбекшіп, қанша түнді ұйқысыз өткерді...
Алайда өзі тап болған төтенше бір жағдай Бибінұр толға­
нысының күрт шешілуіне дәнекер болғаны анық.
Сол күні ол үйіне кеш қайтты. Қызмет бабымен кеңседе ұзақ 
отырып қалған­ды. Енесі әлденеден сезіктенді ме, әлде сынық­
қа сылтау іздеді ме, кім білсін, қақпаны ашпай, аяқ астынан 
шу шығарды. Қашанғы үндемесін, Бибінұр да қақпаны аяусыз 
дүрсілдетіп бақты. Қолы ауырғанша ұрғылады. Теріс қарап 

305
ШЫҒАРМАЛАРЫ
тұрып, етігінің өкшесімен де тепкіледі. Бірақ қақпа алдына 
ешкім келмеді. Бибінұр не істерін білмей, терезеге келіп, одан 
сайын аласұрды. Ойрат ояу жатса керек. Әлде өзінің дауысын 
естіп оянды? Ал жыла. Мамалап еңіреген даусы тұла бойын 
шы 
мырлатты. Енесі ояу екен, балаға жекіріп, ұрса бастады 
кенет. Әлдекімді қарғап­сіледі, әлде өзін? Ұрды­ау деймін, 
бір мезетте бала жым болды. Бибінұр одан сайын қапаланды. 
Жү 
регі атша тулап, кеудесіне сыймай, ішін кернеп барады. 
Кәдімгідей алқынып, қыстығып та қалды. Шыдай алмай, есікті 
тағы да тепкілей бастады. Қырсық кемпір сонда да міз баққан 
жоқ. Сарнаған үні тарсыл күшейген сайын ап­анық естіліп тұр. 
Кәдімгідей дауыс айтып, баласын жоқтап отыр. Соғысқа лағынет 
айтады. Осы күнге дейін өзін тірі ұстап жүрген құдайын да 
аяусыз сыбап жатыр. Қайдағы­жайдағыны теріп, сұңқылдаған 
зарлы даусы ше?!
Бибінұр қақпа алдынан бір­екі адым кейін шегінді де, май­
шам жарығы сығырайған жатаған терезеге жасқа толы көзімен 
мөлие қарап, «Апатай­ау, дұрыс айтасың. Мені де, сені де зар 
қақсатқан – құрғыр соғыс!» деп іштей налып біраз тұрды. Одан 
әрі өксігін төгуге жайы келмей, суықтан жаураған еріні де икемге 
келмей, күллі денесі қалшылдай бастаған­ды. Қашанғы тұрсын, 
аяғын тез­тез басып, қақпа алдынан ұзай берді. Балаларының 
тағдыры оны енді ойлантқан жоқ. Ойланарлық себеп те жоғын 
жаңа білді. Бұрын да соған іштей бекем еді, бірақ дүдәмал ойда 
жүрген­ді. Бекерге күдіктеніпті. Қапша кемпір оларды сірә да 
жүдетпейді, енесінің ерен қайратына бұрын да таңғалатын, олай 
болса, не болады деп артына қараңдаудың қажеті жоқ!
Сол бетінде ол кеңсеге келіп, Қарекеңді шақыртты...
Әмзенің ұрыс даласында шейіт болғаны жайлы қауесет 
те осы кезде белең берді. «Ел құлағы елу» дейтін алмағайып 
уақыт. Әмбе «қаралы қағаз» атанған шерлі хабар о күнде жиілей 
бастаған. Дүрліккен жұрт «қара қағаз» жолданған үйге жиылып 
ба рып, жаманатты естіртетін. Бар туысын зарлатып, өздері де 
қоса егі ліп қайтатын. Кейіннен әлгі азаматтың өзінен хат келген 
жайттар да әредік болған. Жылаулы үй іші енді қуаныш жа сын 
төгетін­ді. Бір күліп, бір жылайтын. Сонсоң ба, «қара қағаз» 
алған үй үмітін үзбейді. Әмзе туралы да ауылдастары солай десті. 
Жаманатты естіртіп, өлмелі кемпірдің үмітін үзіп, санаулы күнін 
20­246

306
Медеу СӘРСЕКЕ
қысқартқанымыз қалай болар екен деп те ойлаған. Тірі болса 
бір жерден қалқақтап шығар, хат жазар, хабарсыз кетсе – тағы 
көрерміз дескен. Бірақ, бір ғажабы, солардың бірде­бірі жаманат 
қағаз қайда екен, оқып көрелікші деп сұрамап еді...
Қаражан Ақжолов, тегінде, заңның әр бабын жатқа білетін 
әккі адам. Сондықтан шығар: «Заң деген жерге қағылған бағана 
сияқты. Оны аттап өту қиын, ал айналып кетуге болады...» – деп 
те әзілдер еді кейде. Сірә, «айналып өтудің» амалын оп­оңай 
икемдеді білем, аурушаң бәйбішесін іле­шала туған жеріне төр­
кіндетіп жіберді. Бірақ есейіп қалған үш баласын берген жоқ, 
өз тәрбиесіне алып қалды. Бибінұр сөйтіп Қарекең үйіне заңды 
қосағы болып, біржола кіріп алды.
Еркегі үйде отырғанда әйел затына одан өзге бақыт тілеуге 
бола ма: ертең не кием, не ішем деп ойламайсың; барымен 
базар болып, аузыңнан ас, езуіңнен күлкі кетпей жүрмейсің 
бе аяғыңды алшаң басып; Қаракең үйінің табалдырығын атта­
ған соң­ақ Бибінұр да сөйтті. Үй шаруасын келімді­кетімді кі­
сілер істейді. Біреу отын жарып, біреу от тұтатып дегендей, 
қолғабыстық етсе – кімнің қолына жұғып қалмақ? Солардың 
бәрі Қарекең деп келеді осы үйге. Онысы рас та. Шіркін, азамат 
орны бөлек қой әрқашан да!
Аяқ­қолы сау адам қамау үйде қашанғы отыра береді? Бір 
мезгіл сыртқа шығып, таза ауа жұтып, жүріп қайтқан теріс 
емес. Бибінұр да сөйтеді. Әсіресе Қарекең жұмыс істеуіне ты­
йым салып, кеңседегі міндетінен біржола босатқанда ол көшеге 
шығып, серуендеуді жек көрмейтін болған. Серуендеу жақсы­
ау, бірақ аядай аудан орталығының қай жеріне бармақ? Аяқ 
жақта потребсоюздың қоймасы бар. Анда­санда бас сұғып, әң­
гіме шертер екі­үш сырласының үйі де соның жолында. Кейде 
прокуратураның кеңсесіне соғып, бірер сағат Қарекеңнің ка­
бинетіне кіріп отыруына болады. Бүйтуге ақсақалының өзі 
рұқсат еткен. Басы қалт­қалт еткен, шетінен қаусаған колхозшы 
шалдардың жауап беру сықпыттарын көру де айтарлықтай 
ермек. Сөйтіп жүріп байғұстар қырманнан қалталап бидай 
ұрлайты нын қайтерсің? Өзімен сөйлескенде біртүрлі биязы 
Қарекеңнің жауап алғанда мүлдем өзгеріп кететінін көру де 
қызық: мосқал күйеуінің шықшыт еттері одырайып, көзі қан­
талап тұрады. Даусы ше?! Ақырғанда, быртиған жұдырығымен 

307
ШЫҒАРМАЛАРЫ
үстелді қойғылап орнынан атып тұрғанда, кімге болсын, төзу, әй, 
қиын­ақ...
Прокурордан қорықпайтын осы ауданда бір­ақ адам бар. Ол – 
Қапша кемпір. Бес­алты жыл бір шаңырақтың астында бірге 
тұрса да, Бибінұр бұрынғы енесінің соншама өжеттігін бай­
қамапты.
...Күндегісінше қан тарату сапарынан қайтып келе жатқан­
ды. Қай тасадан шыға келгенін құдай білсін, енесімен бетпе­бет 
кездесіп қалғаны. Ана емес пе, шыдамады, бөгеліп, боқшасынан 
он шақты шақпақ қант алып: «Балаларға беріңіз, аузының 
дәмін алсын», – деп шын ниетпен­ақ ұсынды. Тасбауыр кемпір 
түсінбеді соны. Көшеде, жұрт көзінше тілінің тиегін ағытып 
жі берген: «Өзіңді­ақ жарылқа, жалғызым тірі қайтса, сен бет­
пақтан бес есе артық қыз әперем!..» – деп бастап, балалары 
кисін деп беріп жіберген Қарекең балаларының ескілерін кері 
қайтарғанына дейін айтып салды. Тоқтар емес. Жер­жебіріне 
жетіп, аяусыз сықпыртты. Жалғыз Бибінұр ғана емес, ауданның 
басшы қызметкерлерінің бірі атанып отырған Қарекеңнің де ар 
жақ, бер жағынан бір­ақ шықты. Өзіне айтылғанды үнсіз көтер се 
де, енесінің мына сөзіне Бибінұр шыдай алмады. Ызаға булығып, 
прокуратура кеңсесіне жүгіріп барды. Бірақ азулы кемпір 
ықпады. Қуа кіріп, Қарекеңнің ызбарлы түрін місе көрмей, заң 
қызметкерлерінің көзінше, неше түрлі балағат сөздер қосып, төбе 
шашың тік тұрар қарғыс естіртті. Қарекең сонда да үндемеген­ді, 
тек әйелі қайта­қайта өтінген соң, бұдан былай тек жүрсін де гені 
болар, бұзық кемпірді бір тәулікке түрмеге қамауға бұйырған. 
Бірақ Қапша кемпір каталашкада бір тәулік түгілі, бір сағат 
та жатпады. Үйдегі екі немересі ести сала жалаңаяқ, жалаңбұт 
жүгіріп келіп, прокурор кеңсесінің терезесінен тас атып, күллі 
ауылды дүрліктіріп шу шығарды.
Өз бөлтіріктерінің бүйтерін кім білген? Бірде­біреуі сонда 
«мама» десейші, әлсін­әлсін «Апа! Апатайым!» деп, түрме ал­
дына түнеуге бекінгендей бездиіп тұрып алды. Амал қанша, 
кемпірді босатуға тура келді.
Осыдан соң Бибінұр көшеге шықса, алды­артына қарап жү­
ретін болды. Қарсы кездескен бала атаулының бәрі Қайратқа 
ұқсап тұрады. Бірде көше басынан дорба арқалаған екі баланы 
көре сала бұрышқа айналып кеткен еді. Сөйтсе басқа балалар 

308
Медеу СӘРСЕКЕ
екен. Сол жолы қатты налып, үйге келген соң ағыл­тегіл жы­
лаған. Қалайда сырт көзге күйлі сияқтанған тұрмысы күншіл 
жұрт қызыққандай аса жайлы емес­ті...
Бұл азаптан ол басқа ауданға көшіп барып құтылды. Дер ке­
зінде көшіпті. Іле­шала соғыс тоқтап, Әмзе майдан даласынан 
елге аман­есен оралды.
– Қан сасыған соғыстан жеңіспен қайтқан кеуделі офицер 
ақ­қараңды тексере ме, тылдағы ел халін өз көзімен көрмеген 
соң, жағдайыңмен санаса ма?.. Кім білсін кездесу арты немен 
тынарын? Әйтеуір мойны қашық алысқа, көзінен тасаға кет­
кеніміз абырой болыпты. Енді Әмзенің бұларда несі бар?.. Ол 
басқа адам, өздерінің де тілеуі бөлек.
Бибінұрдың үзіп­үзіп айтқан шерлі толғамына Қарекең дау­
ласпады. Үнсіз мақұлдады. Көп ұзамай Әмзенің үйленгені ту­
ралы хабар келді. Алыпқашпа сөзден күдіктенген бе, сонан ке­
йін­ақ Қарекең уһілеуін доғарып, тыныш ұйықтайтын болды. 
Бибінұр да күйеуінің қабағын бағып, ішінде жатқан қорғасындай 
салмақты зілді сыртқа білдірмей бүркеп қалды. 
Десе де, бақыт шіркін де қолдың кірі тәрізді оңғақ келе ме, 
кім білсін? Қарекең айтқандайын, қызмет те аяқкиім сияқты, 
бірін киіп, бірін тастағандай, бір күн олай, бір күн былай болса 
керек. Ойда жоқта Қарекеңді облыстық кеңсесі шақыртты да, 
ай­шайсыз орнынан алды да тастады. Ол аз дегендей, бірнеше 
күн сатылай бюролап, партия қатарынан шығарды. Таққан кінә­
сі – қызыл әскердің отбасын бұздың, некелі әйеліңді шығарып 
жіберіп, феодалдық жолға түстің...
Бибінұр облыс басшыларын қаншама сөгіп, реніш айтып, 
бармағын тістесе де, ештеңе істей алмады. Жасып қалса керек, 
Қарекең өзі де:
– «Көп асқанға – бір тосқан» деген осы шығар, – деп өз жағ­
дайын аз сөзбен түйді де, жергілікті «Маслопромға» май жиятын 
агент болып орналасты. 
                                
ІІІ
Алапат соғыс тоқтағалы он бес жыл болды. Он бес жылды 
түгел дерлік Бибінұр есік алдындағы қара жолға қарап, ер­
телі­кеш телмірумен өткізді. Таң атса­ақ сол жолдың қиыр ше­

309
ШЫҒАРМАЛАРЫ
тінен бір қарайған көрініп, өзін іздеп келе жатқандай болады да 
тұрады. Бірақ сарғая күткені әрдайым сағым болып шығады. 
Сол жолда көрінген әрбір жүргіншіні өзі күткен жолаушыға ба­
лап, қиялында соған санап, бәрі­бәріне іштей сәт сапар тілейтін 
болды. Бұл күнде Қаражан шынында кексе атанған. Сонау соғыс 
жылдарында­ақ мұртын басып, иегін тайғанақ мұздай жылты­
рата қырып жүрген шағында ол елуді еңсерген көкбуырыл егде 
болатын. Оқалы китель үстінен түскен соң­ақ Қарекең ерекше 
тез қартайды. Бұрынғы тығыршық денесі лезде болбырап, бет­
аузын түк басып, кәдімгідей еңкіш шал болып шөгіп кеткен­ді. 
Жақсы әзіл, жарасымды күлкісін де біржола жоғалтты. Енді ол 
үндемейтін, бұйығы, сырты салқын, іші түтін, ызбарлы жанға 
айналып, мінезі де күрт өзгерді. Рас, екеуі осы жылдарда бір­
біріне әй десіп, кереғар сөз айтқан емес. Әрқайсысы өзімен­өзі 
болып, іштен тынып, бірін­бірі үнсіз ұғысып келе жатқан. Тек бір 
жолы Қарекеңнің жонына жылан уын жағып отырғанда Бибінұр 
одан өзгеше мұңмен айтылған уайым сөз естіген:
– Бір сен деп бар туыстан бездім. Балаларымды тірі жетім 
еттім. Міне, енді кім бар қасымызда, тұп­тура жылан жалағандай 
айтақырда қалдық...
Аузы қара қотыр болып кеткен бітеу жараның бетін тыр­
нағандай кінәлауға Бибінұр не десін? Дау айтып таласпады. Көз 
шарасын торлаған жасты көрсеткісі келмей теріс айналды да, үн­
түнсіз отырып қалды.
«Әзбикені тентіретіп жібергеніңе қарсымыз, үш бірдей ба­
лаңды өгейсіреткеніңді құптамаймыз», – деп өткен­кеткеннен 
сәлем жолдап, хат та жазып, ерегес бастап, қатыспай қойған 
туыстарының өзі емес пе? Әйтпесе іздеп келген ет жақыныңды 
үйге кіргізбей, дәм татырмай қуғам жоқ. Бұл да бірсәрі. Өзің 
де сол кезде қаныңа тартып, туыс іздеп, соларға емешең үзіліп 
кісілік көрсеттің бе? Енді белің бүгіліп, көзің бұлдыраған шақта 
жанашыр ағайынды көксеудің жөні қалай? Ал балаларың 
жөнінде... Бірде­бірін өгейсіреткем жоқ. Туған перезенттерім­
нен артық мәпеледім. Біреуінің маңдайынан шерткен емеспін. 
Әйт кенмен, өгей баланың аты – өгей екен. Жетім қозыны басқа 
саулыққа телігеннен де қиын сияқты­ау... Қандай аймалап 
тұрсаң да, үшеуі де өзара уағдаласқандай­ақ, маған жылы қа­
бақ білдіріп, ана деп елжіремейді. Үлкенің Айтжан – ерте 

310
Медеу СӘРСЕКЕ
есейген ақылды бала, әдептен аспай, қайда жұмсасам, қарсы сөз 
айтпай, қолғанат болды. Гүлжаның мен келгеннен­ақ затына 
тартып, анасын аңсаумен бұйығы өсті. Маған іштартқан жоқ. 
Ал Сейітжан – жанып тұрған от. Өзге түгілі, әкесінен де имен­
ген емес. Шу дегеннен маған жұлдызы қарсы болды. Анада бір 
күні, әкесі әлдебір оспадар қылығы үшін жазалағанда, бет­жүзі 
қаймықпай: «Қорықпаймын сенен, ұр, аямай соқ! Бәрібір сенен 
мамамды жақсы көрем!» – деп бедірейіп өре тұрғанда­ақ зәрезап 
болғам­ды...»
Бибінұр шешіле сөйлер болса, неше жыл бойы шемен боп қат­
қан осы тәрізді сырларын ақтарар еді. Амал қанша, үндемеген 
қалпында отырып қалды.
Былтыр, Айтжанды институтқа түсірген сапарынан қайтар­
да, Қарекең туып­өскен ауылына соққан. Содан келгелі өзге­
ше мінездер көрсете бастады. Жатса­тұрса уһілеп, беймәлім 
бір уайымға түсіп, өз­өзінен мүжіліп отыратын болған. Ер 
адам ның күрсінгені қандай қиын! Түнде аунақшып, әлденеше 
мәрте сыртқа шығып, мазасы кетеді. Кейде өз­өзінен шатасып, 
әлде ұйқысырап жатады. «Әзбике, кешірермісің мені? Кешір, 
жарқыным! Кеш, менің үш қарғам!» – деп сөйлеп жатқанын да 
сан мәрте естіген­ді.
Бибінұрға ақсақалының соңғы жылдардағы салқындығы 
оңай тиіп жүрген жоқ­ты. Мынадай  қысылтаяң, тар көпір үстіне 
шы ғар қарсаңда отағасының жат мінез көрсетіп, теріс қарай 
беруі оған да қатты батты.
«Бірде олай, бірде бұлай дегенмен, бір­бірімізге үйренісер 
мезгіл болып еді. Қарекең әйелін талақ етіп, үш баласын өгей­
сіретсе, мен де екі қарғамды жетімсіретіп, соның қолынан ұста­
ғанмын. Баладан баланың несі артық? Гүлжан анасын аңсаса, 
Сейітжан шешеме кетемін деп қорқытса – өзінің Қайраты мен 
Ойраты да осы күнгі өгей шешесіне нақ солай демесіне кім ке­
піл? Сірә, жер басқан пенденің құтыла алмай жүрген шешесі жоқ 
шығар?!» деп те қамығатын­ды ол да.
Қарекең де бір жолы, ұйқысырап айтқан сөзін есіне салған­
да, өзіне мұңая қарап:
– Е, күнә атаулы кешіріліп, қателікті түзетуге мұрсат алсам, 
басқаша сөйлесер едім сенімен. Енді кеш қой, Бибінұр, қайтеміз 
соны ежіктеп... – деп жұбату естірткен.

311
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Бибінұр да одан әрі жанын жаралап қазбаламады. Тұрса 
екеу, жатса төртеу болып тым­тырыс жүре берді. Осылайша өмір 
күзі байлаулы тоған суындай томаға­тұйық қалыпта өте берер ме 
еді, қайтер еді, сол күзде егер оқудағы Айтжаннан хат келмесе?..
Қарекең сол қарсаңда сырқаттанып жүрген­ді. Айтжан ның 
хатын екі­үш мәрте шұқшия оқыды да, төсек тартып, біржо ла 
жатып қалды. «Көке, қартайғанда тастап кетті деп ұрыспа маған. 
Мамам неше жылдан бері ауыр сырқат екен, көзім көрген соң, 
қаншама уайым тартқан адам ғой, бұдан әрі жалғыз қалдыруға 
да шыдамадым, қасында болуға бел байладым. Оқуымды сырт­
тай оқып аяқтамақпын. Енді мен үйге қайтпаймын. Мұнда өзің 
кел қайта, мамам кешіреді, біз үшін кешіруі керек...» – депті 
Айтжан.
Оқиға бұдан әрі едел­жедел дамыды. Сейітжан тентек ағасы­
нан да асып түсті. Бір­ақ күнде шәт­шәлекей бұзылып: «Мен 
шешеме кеттім, әкем өзі білсін», – деп шолақ сәлем айтып, тайып 
тұрды. Дәмі таусылар сәт жақындағанын сезді ме, Қарекең күн 
сайын төмендей берді. Бір күні Гүлжанды қасына шақырып, 
жарым сағаттай уақыт оңаша сөйлесті. Ертеңінде оның да жай­
жапсары белгілі болды. Бидай ішіндегі арпа сияқты жалғыз 
қызы да шешесінің қолына жедеғабыл аттанып кетті. Әрине, 
жақсылыққа жоруға болмайтын бетбұрыс. Бибінұр да өз жайын 
түсінсе керек:
– Ат басын тартып, тоқтаған жеріміз осы ма, Қареке? – деп кө­
зінің жасын көл ғып, еріне состия қараған.
Қарекең шешіліп сөйлемей, оны­мұны желеу айтып, ақы­
рында:
– Бибінұр, дарқан өмірге екеуміз де еркелік жасадық. Сол 
кездегі есер көңілге жайлы сияқтанған ісіміз алдамшы дүние 
болып шықты. Бақыттымыз деп алданып жүріппіз. Мұны маған 
балаларым үйретті. Тар кезеңде кездесіп, күйдік, сүйдік дестік... 
Соның бәрі өткінші жаңбырдай баянсыз ермек екенін, мінеки, 
қатыбас өмір бетімізге басып, еріксіз танытып отыр, қайтейін. 
Жөніңді тап деуге арым бармайды, жайым да жоқ. Көңілің жөн 
көрсе, кешіктім демесең – басың азат менен. Сен де балаларыңды 
ізде... –  деді.
Үш күннен кейін біржола қоштасатынын қайдан білсін. 
Қарекеңнің мына сөзін естігенде Бибінұр төзе алмады, ыза мен 
өкінішке булығып отырып:

312
Медеу СӘРСЕКЕ
– Сенің бөлтіріктеріңнен менікі кем бе? Барсам есік аш­
пайтынын қайдан білдің?! – деп бастап, бірталай ауыр сөз айтып 
салған­ды.
Ақсақалы тіс жарып үндемеді. Көзін тарс жұмып алып, үн­
түнсіз тыңдады. Не керек, айтылар сөз айтылды, іштегі ашу­
ыза, әлде өксік сыртқа шықты. Сірә, ашуға ерік берді. Қарекең 
де сол бетінде тіл қатпай, безерген қалпында тым­тырыс жатып 
дүниеден қайтты. Айтып­айтпай не керек, Бибінұр да өкініш­
өкпесін бүгіп қойып, таршылықта тапқан ақсақалын ақ жуып, 
алыс сапарға аттандырды. Неше жыл көріспеген, біліспеген 
туыстары да топырақ салуға келді. Әзбике де балаларын ерте 
келіп, қырқына дейін орнын күзетіп, Бибінұрмен бірге жоқтау 
айтып, аруаққа өзінше құрмет білдірді.
ІV
Өткеннің көзін топырақ жапты. Өкініш атаулы да қаза үс­
тінде көңіл жетпес қиянға жасырынған сияқты еді, қоштасу 
сәтіндегі көп өксікпен жуылып кеткендей болған. Марқұмның 
қырқы мен жылы өтті. Келуші де, жоқтаушы да тарқады. Кең 
үйде Бибінұрдың жалғыз өзі. Дүние, мал жетеді, не керек – 
бәрі де бар. Алдынан шығып қолын қағатын, етегінен тартып, 
аяғынын шалатын бір жан жоқ. Өзі би, өзі қожа. Не істеймін 
десе де еркінде. Бірақ жалғызсыраудан арылмады. Төсегін біресе 
ауызғы бөлмеге, біресе төрге сүйрейді. Ішкен асы да батпайды. 
Біреу­міреу келсе екен, серік болып қасымда отырса екен дейді. 
Қарекең өтер алдындағы ескі әдеті қайта оралып, қара жолға 
қарап, үнемі елегізіп отырады...
Төзе алмады ақыры. Бір күні чемоданға сықап базарлық сал­
ды да, ат жектіріп, жолға шықты. Станса жақын болатын, пойыз­
ға отырды. Әкесінен енші алып, Қайратының отау үй шыққанын 
естіген­ді. Ойраттың астанада дәрігерлік оқуда екенінен де 
хабардар.
«Жас өсіп, жарлы байыр» деген осы да. Кеше ғана танауын 
қорс­қорс тартып, жалаңбұт жүгіріп жүрген Қайраты адам 
болады, ел қатарлы от жағып, түтін түтетеді деп ойлап па? 
Не десе де, Қапша кемпірдің айтқаны келді. Тілі ащы­ақ еді 
жарықтықтың! «Жұртта қал, отыңды сабап, жалғыз қалар­

313
ШЫҒАРМАЛАРЫ
сың», – деп те қарғап еді өзін. «Бұл да бір уақыт соты шығар, әлде 
тағдыр мазағы ма? Еті тірі, жаны сірі жан еді енем байғұс, онда­
мұнда сүйреп жүріп, немерелеріне өзін де, Әмзені де жоқтатпады. 
Тек сол еңбегінің қызығын көре алмай кетті...» – деп сүйсіне де, 
күйіне де есіне алатын­ды Қапша марқұмды.
Өзімен­өзі болып, неше түрлі ойға түсіп, терезеге қарап үнсіз 
отырған Бибінұр Аякөзге төрт­бес сағатта келіп қалғанын бір­
ақ білді. Бір тәуірі, алакөбе уақытта жетті. 
Аудандық деңгейдегі шағын қала әлі шамын жаға қоймаған 
бейуақ. Өрістен қайтқан сиырлар мөңіреуі, доп қуған балалар 
шуылы, ерсілі­қарсылы ағылған машиналардың мотор гүжілі, 
оған жолаушы, жүк пойыздарының тарсылы, паровоздар 
дың 
ащы айғайы қосылып, қала үсті даң­дұң күйде екен. Бибінұрға 
сол да жайсыз тиді. Қайда барамын, не істеймін деген күпті 
сауалға шырмалып сәл тұрды. Ақыры кең алаңдағы абыр­сабыр 
жүгірген жүргінші арасынан стансаның сырт жағына жылыстап 
шығып, қол жүгін жерге қойды да, аяқ суытты. Келе жатқанын 
ешкімге хабарлаған жоқ­ты. Бірақ баратын үйінің тұрағын жатқа 
білетін. Ендеше бұл не отырыс? Іздеген үйінен таяқ тастам жерде 
тұрғанда бөгелгені несі? Неше күннен бері осы жаққа жетуге 
асыққан сияқты еді. Ал қазір?..
Шай қайнатым мезгіл толқудан соң, тәуекелге бел буып, 
орнынан тұрды. Баратын үйінің жөн­жосығын біліп алып, жаяу 
тартты. Сірә, шама­шарқын ескермеген сияқты, әлде аяғын тым 
жіті алып келе ме, қолындағы жүктің салмағы ма, кім білсін, 
тез­ақ ентікті. Әнтек аялдап, жүрек дүрсілін басты. Аяғы бірақ 
алға жүрер емес, кібіртіктей береді.
«Әлдекімнен сескене ме? Бәлкім, жүрегі қуаныштан лүпіл­
дейтін шығар? Қайрат тентек болса – жас күніндегі еркелігінің 
салдары. Есейіп, үй болғанда онысын қойған шығар? Есіктен 
кіргенде­ақ жүгіріп келіп мойнына асылар. Қайратын оң жағына, 
келінін сол жағына алып, қапсыра құшып, екеуінің бетінен 
алма­кезек құшырлана, барынша аналық мейіріммен қайта­
қайта сүйеді. Ана жүрегі қазірде соны сезіп лүпілдейді. Сірә, бұ 
да жүрегін дүрсілдеткен қуаныштың әсері...»
Есікті оған басына көк ала орамал тартқан, орта бойлы, тал­
дырмаш, жылы өңді, жас әйел ашты. Алыстан келгенін жүгі­
нен аңғарса керек, жөн сұрамай­ақ ізет көрсетіп, үйіне бастады. 

314
Медеу СӘРСЕКЕ
Құрақ ұшып жүріп сырт киімін шешкізді де, төргі бөлменің есігін 
айқара ашты.
Бибінұр қапелімде не дерін білмей, тым­тырыс тұрып қалды. 
Көз алды қарауытып, мөлтілдеген жасқа көміліп тұрды да, әлден 
уақытта бойын жиып:
– Кімсің, қалқам? Қайратжанның қосағымысың? – деді де 
келіншекті қапсыра құшты. Бауырына тартып, маңдайын бетіне 
басты. Сонсоң қос қолдап басын ұстап тұрып еміне сүйді. Жүйе­
жүйесі босап, тізесі бүгіліп барады. Тұла бойының елжірегені 
сонша, баяғыда тартылып, қу тандыр болып қалған қос емшегінің 
ұшы шаншу тигендей, бірер мәрте бүлк етіп, шымырлап қоя 
берсін.
Келіншек ақжарқын адам екен. Танымаса да жатсынған жоқ. 
Самаурынға от қойып, қазан көтерді. Төрге төрт қабаттап көр­
пе төседі. Әр сөзін суыртпақтай шығарып, әрнені сұрағанымен, 
Бибінұр өзі шешіліп сөйлеген жоқ. Осы күйіне сенер­сенбесін 
білмей, мәңгу күйден арыла алмады. Тек бүйірдегі есіктің 
ар жағынан бала даусын естігенде ғана елең етіп, елгезектік 
аңғартып, орнынан көтеріле түсіп, қайыра отырды. Демек, не­
мерелі болған. Әлгі үн – осы үйдің нәрестесінің іңгәсі.
Қазбалап сұратпады, көкейін тескен көп әңгімені келінінің өзі 
айтып берді.
Қайрат Алматыға жолаушылап кетіпті. Қызметі жақсы, өзі 
ұнатады білем. Тұрмыс күйі де ел қатарлы­мыс. Ойрат дәрігерлік 
институттың үшінші курсында оқиды. Жазда демалысқа келіп 
кетіпті. Үлкен үйдегілер қатынасып тұрады. Көмектері де ересен 
мол...
Бибінұр сүйсіне тыңдады. Өзі туралы сұрар деп те үміттенген­
ді. Алайда Сәлкеннің аузына сөз салмады, өз жөнін де ашып 
айтпады. Келіні өзі жайынан мүлдем бейхабар тәрізді. Әлде әдеп 
сақтап отыр?..
– Анада кішкентайымыз туғанда шешеміз келіп, Қарлыгаш­
ка қырқынан шыққанша осында болып, мәз­мейрам болып, ой, 
тәтесі, бір жасап қалдық...
–  Қай шешең, қарағым?
– Үлкен үйдегі Сара шешемізді айтамын, – деп Сәлкен күпті 
көңілін одан әрмен түңілдіріп, отқа май құя түсті. – Бізде басқа 
шеше жоқ, апай. Мен балалар үйінің түлегімін...

315
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Жылаған бала даусы тағы естілді. Сол үн Бибінұрды оқыс 
әрекеттен құтқарды. Әйтпесе құсада қамалып отырған зар өксігі 
ағытылып, қолындағы кесесінен айырылып, иә одан да өрескел 
жағдайға ұрынары сөзсіз еді. «Бар шешең! Ол – мына мен, мен, 
мен!..» деп айқайлауы кәдік­ті... Күйрек қалпын бүркегісі келді 
ме, әлде аналық мейірге жеңдірді ме, үстел басынан тұрып, бүйір 
бөлмеге беттеді.
Ылғал тиген соң жыласа керек, бесіктен босап, Бибінұрдың 
қолына көшкен нәресте бірден тыным тапты. Титтей де жа­
тырқаған жоқ. Байлаудан босаған кішкене қолдарын созып, әл­
денені ұстаймын дегендей, ербең­ербең ұмтылып, омырауына 
тығыла түссін. Ерекше сүйкімді қыз бала. Нәрестенің бетіне көзі 
түскен сәтте­ақ Бибінұрдың төбе құйқасы шымыр етсін. Әйтсе де 
соған сенгісі келмеген. Жарығы молырақ үлкен бөлмеге қайта 
оралғанда ол баланың орауын жазып, милығын жауып тұрған 
шүберекті ашып анықтап қарады. Күдігі рас болды: мөлдіре­
ген қарақат көзі, ашық маңдайы, сағақты тамағы да, қолмен 
жонғандай боп қырлана біткен танауы, тіпті ұштары қайырылып 
тұратын кірпіктері де өзінен аумапты. Сонда да сенбей, баланың 
шырайлы жүзінен ұқсас белгілер іздеп, өз шешесіне ұрлана көз 
тастаған.
Бекер­ақ қарапты. Қатты өкінді. Жас әйел де өзінің бәден ді 
жүзіне телміре қарап қалыпты: не өзіне, не әкесіне ұқсамай ту­
ған перзентінің жұмбақ сырын жаңа танығандай, әмбе соны жете 
түсінбей, дағдарып та отырған сияқты. Бибінұр келін жүзінен 
осыны ұқты. Ұқты да жүзін тез бұрып әкетті.
– Жолдан шаршап келгенсіз бе?
– Иә, қалқам, шаршасам керек, – деп Бибінұр ауыр әңгімеден 
құтқарар себеп табылғанына қуанып, дастарқан басынан шегіне 
берді. Кештің қалғанын ол жақ ашпастан, үнсіз өткізді.
* * *
Оңаша бөлме. Шам сөнген. Шәйі көрпені басына қымтай жа­
мылып, Бибінұр ұйқы құшағына енбек­ті. Дем алысы жиілеп, ауа 
жетпей, өкпесі қысылғандай. Көрпесін сонда да ашпады. Қайта 
қымтай түсіп, ұзақ жылады. Дыбысын шығармай өксіді. Қамығу 
ма, жоқ, өзін­өзі қинау ма? Білмейді, ой тоқтатып саралауға 

316
Медеу СӘРСЕКЕ
шамасы жетпеді, әлде қажет етпеді. Әйтеуір қу жанында ты­
ныштық жоқ. Сәлкен қонақ әйелдің күйзелісінен бейхабар, 
баласымен қоса пысылдап, рақат ұйқыда.
Баяғыда өзі де осындай ерке келін еді. Енесі марқұм ұйқысы 
қансын деп ерте оятпайтын. Жалғыз сиырды саууға да өзі 
тұратын­ды. Әмзе де өзін ерекше еркелететін еді! Түс көріп жатса 
керек, Сәлкен әлдене деп былдырлап сөйлеп кетті. «Қарға шым, 
Қарлығашым...» дей ме, Қайратты да қоса атап, әлдеқайда ша­
қырады.
Бибінұр төргі бөлменің есігі алдына тағы барды. Дыбы сын 
білдірмей ынтыға тыңдады. Аздан соң төсегіне келді де, көрпесін 
қайта қымтанды. Ұйықтағысы келеді. Бірақ сол шіркін бір 
жаққа көшіп кеткен тәрізді. Ал қым­қуыт ой керуені таусылар 
емес. Ұшы­қиыры жоқ, еңсесін жаныштап, езгілеп, ішін де ел 
көшкендей құлазытып жатыр.
Таң алдында болар, әбден талып, ұйықтап кеткен сияқты еді, 
шошып оянды. Жастықтан басын көтерсе, әлдекімнің өзіне те­
сірейе қараған көзі өңменінен өтіп, ішіп­жеп барады. Қолын 
кереует қырына тіреп шегіне берді. Анау да қалар емес, жақындай 
түсті. Жаным­ау, таныс адам, әсіресе өтімді көзқарасы. Өңі ме, 
түсі ме? Бибінұр біржола оянып, айналасына шошына қарады. 
Таң сібірлеп атып келеді. Үй іші ала көлеңке. Сыртта жаңбыр 
жауып тұрған сияқты. Шатырдан сырт­сырт тамған тамшы 
дыбысы ап­анық естіліп тұр. Терезенің ауа кіретін тауашасы 
ашылып қалыпты. Бибінұр тез сергіді. Бірақ әлгіндегі үрейін 
алған ауыр сезімнен айыға алған жоқ. Зілді көзқарас пен өшпенді 
көздің өтімді нәлі ойынан кетпей қойды. Кенет жан­жағына 
қармана қарады. Сонда ғана тесірейген көз сырын білді. Бар гәп 
қарсы қабырғада екен: кімнен қорықса – сол! «Танимысың мені, 
ал мен сені жазбай таныдым, жүзіқара!» дегенді көз сұғымен 
айтқандай боп, қабырғадағы портрет рамасының ішінен Қапша 
кемпірдің үлкейтілген бейнесі өзіне тесіле қарап тұр. Басына 
қардай ақ кимешек киіпті. Жүзі бәз­баяғы сұсты қалпы. «Білемін, 
білемін сені. Күнің түскен соң қайтып келдің бе, бәлем?! Әрі кет, 
жолама! Бұзба ұйыған қатықтай қарғаштарымды, сен олардың 
анасы емессің». «Жаным­ау, рас солай деді ме? Енді қайттім?»
Енесі суретінің қатарына тағы бір рама ілініпті. Алыстан 
айыра алмаған соң Бибінұр оған жақындап келіп қарады. Үшеу 

317
ШЫҒАРМАЛАРЫ
екен, жанындай жақын бейнелер: Қайрат пен Ойрат, екеуінің 
ортасында – Әмзе. Үшеуі де әлденеге жайраң қағып күліп түсіпті. 
Әсіресе Әмзенің күлкісі өзгеше: аузы ашылып, екі езуі құлағына 
жетуге шақ қалған; «Шаттыққа кенелген, бақытқа белшесінен 
батқан жан бұл күнде – менмін!..» деп тұрғандай. «Онысы рас! – 
деп ойлады Бибінұр. – Апыр­ау, мына шіркіндер өзін мазақтап 
тұрған жоқ па? Сірә, солай сияқты. «Келдің бе өзің? Міне, көр 
бізді! Сенсіз де ержеттік, адам болдық».
Кенет ол қалшылдап тоңғанын сезді. Көрпесін басына дейін 
бүркеп, қол­аяғын бауырына тартып біраз жатты. Жуық маңда 
бірақ жылына қоймады. Аяқ­қолы ал қалшылдасын. Төбеге тел­
міре қарап, ұйықтай алмай ұзақ жатты.
Содан таң аппақ атқанда ғана басын көтерген. Денесі дел­сал, 
біреу ұрып кеткендей. Басы да бір пұт кір тасын байлап қойған­
дай зілмауыр, еңсесін көтертпеді. Көз алды көкпеңбек. Тап осы 
түнде маңдайының бұрынғы бунақтарына тағы бір сызық қо­
сылып шығыпты.
Жақ ашпаған күйі Бибінұр ертеңгілік шайға отырды. Кәрлен 
кесені қос уыстап ұстап отырды да, ақырын ғана:
– Қалқам, мен қазір жүрем, – деді, – Қайратжанмен кезіге 
алмаспын. Алыстағы апаң жолшыбай түсіп, қонып кетті. Аты 
Бибі дерсің...
Вокзалға жалғыз өзі кетті. Шығарып салмақ болған Сәлкенді 
есік алдынан қайтарды. Ақ үйден ұзап барып, бұрыштан айнала 
беріп артына қараған: келіні есік алдынан кетпепті; өзінің 
соңынан көз алмай қарап тұр; келуі де, кетуі де жұмбақ әйелдің 
жөн­жосығын таба алмай, мәңгіп те тұрған тәрізді. Қолында 
Қарлығаш. Дені сау, ширақ бала тыныш тұрмай жалпылдап, 
өзіне қарай талпынып ұмтылатын сияқты...
Бұдан әрі қарайлауға дәті жетпеді. Біреу өзін артынан қу­
ғандай үрдіс адымдап жүріп келеді. Алдында не бар: шалшық па, 
жарлауыт па? Сезер емес. Қай көшемен келеді? Оны да білмейді.
Бұл сәтте ол өлшеусіз қымбат затын жоғалтып, соның қайғысы 
мәңгу еткен адамға ұқсап қалған­ды...
Кенет ту сыртынан ащы айғай шықты. Құлақ қабын жар­
ғандай әлдебір жойқын дүрсіл дәл төбесінен естілгендей болды. 
Сөйткенше әлдекімнің тегеурінді қолы өзін бір жаққа қарай 
жұлқи тартып қалды. Тізесі асфальтқа соғылды ма, жоқ, қолынан 

318
Медеу СӘРСЕКЕ
ұшып түскен қол шабаданына сүрінді ме, әйтеуір мұрттай ұшты. 
Жығылып жатып өзінен қол созымдай жерден солқылдаған 
рельсті көрді. Рельс бетіне сарт­сұрт тиіп ұршықша шыр айнал­
ған шойын доңғалақтарды аңғарды. Сонда ғана Бибінұр нендей 
қатерден аман қалғанын сезген­ді.
– Ұйқысы қанбаған сорлы ғой.
– Жоқ, ауру адам.
– Кім болса да дені сау кісі емес.
– Тілеуің бергір, мына жігіт ер екен, тура доңғалақтың ас­
тынан суырып алды...
Әңгіме өзі туралы екенін сезген Бибінұр ләм­мим дей алмады. 
Әлдекімдердің қолтығынан демеп тұрғызып жатқанда да қар­
сылық білдірген жоқ. Төмен қараған күйі үсті­басын қаға берген.
– Сорлы­ау, не көрінді саған? Кең көше жетпегендей, шойын 
жол бойына түскенің ненің қысасы?
– Байғұс­ау, бала­шағаңа обал емес пе? Артыңда ұлардай 
шулап жетім қалмай ма?
– Жә, тараңыздар қаумаламай. Сергіңіз, апай. Ендігәрі сақ 
жүргейсіз.
«Құдайым­ау, таныс дауыс қой мынау. Кім болды екен?» 
Жалт қарап еді, Бибінұр тіл қата алмай, қалт тұрып қалды – 
өзінің Қайраты. Іздеп келген Қайраты ғой мынау! Өзінің тұмса 
тұңғышы Қайраты тұр алдында! Әкесіне тартқан қасқа маңдайы, 
бұйра шашы, тәмпіш танауы, үлкен көздері де сонікі. Иә, иә, 
соның өзі. Даусы да әкесіне айнымай ұқсаған. Әмзенің үні, 
кертіштеніп, сөзін бір­бірлеп, соза сөйлейтін ерсілеу әдеті де 
соған тартқан. «Жә, неғып тұр өзі үнсіз телміріп? Неге құшпайды 
өзін? Жаңа маған не деді? Ұрысты ма? Жекіген сияқты еді. Апай 
дегені несі?»
Бибінұрдың аузына қапелімде сөз түспеді, көзі жасаурап, 
алды­арты бұлдыр тұман болып, жер­көк түп­түгел дөңгеленіп 
кетті.
Қайрат оны таныған жоқ. Бейтаныс әйелдің өзіне сонша тесіле 
қарағанына таңданып, сәл тұрды да:
–  Сау болыңыз, – деп жөніне кете барды.
Бибінұр алға қарай ентелеп жүре түсті де, кенет шабадан 
үстіне сылқ отыра кетті. Әлгінде өзін қаумалаған жұрттың лезде 
тарап кеткенін де аңғарған жоқ. Күзгі аспанның қорғасындай 

319
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ауыр бұлттары осылай қарай ығысып, көл­көсір жаңбыр боп 
жерге төгуге әзірлік жасап жатқанынан да бейхабар. Өзімен­
өзі, үнсіз мелшиген бір жан. Кей сәтте кезерген еріндері болар­
болмас жыбырлап, «өзім­өзім» дегендей. Сонсоң тағы да «Туған 
балам танымады. Қайратжан танымады мені. Әдейі емес, шын 
танымады. Демек, мені ұмытқан, біржола ұмытқан. Жүрегінде 
сақтамаған, мен үшін иненің жасуындай да орын қалдырмаған. 
Ендеше кері қайтып, шемен боп біткен ескі жараның аузын ашып, 
қайта тырналаудың қажеті қанша? Бет ашып жүздессем, балғын 
жас жүректер тасбауырлық етпес. Жібір еді. Соған өзімнің дәтім 
шыдар ма, арым барар ма? Жоқ, өзім кінәлімін. Олай болса, 
келген ізімен кері қайтқаным жөн...» дегендей.
Асфальт үстіне жаңбыр тамшылары тырс­тырс тама баста­
ды. Қарақошқыл бұлт легі түйдек­түйдек топталып, қала үстіне 
төніп келеді. Әлгі тамшылар соның шолғыншылары тәрізді, 
бұлт үстіне бұлт шығып, аспан астын түгел қымтай құрсауы 
соншалық. Осылай түнергеніне көп күн болған. Бірақ жаумаған­
ды. Күн көзін де көрсетпей қойған. Еңсені көтертпей тұнжыраған 
қалыптан аумай тұрып алған.
Бибінұр басын көтерді. Қала үстін торлаған бұлт құрсауын 
жаңа сезгендей, әлгіден бетер түнере түскен аспан көгіне телміре 
қарап, біраз тұрды. Сонсоң ауыр тыныспен уһіледі. Шабадан 
тұтқасына қолын соза беріп, желке тұсынан қаңқылдаған құс 
үнін естіп, артына қарады. Станса үстіне ентелей, іркес­тіркес 
түйдектеле төнген қарасұр бұлттың астыңғы тұсын жағалай бір 
топ қаз ұшып барады екен. Беті – жылы жақ. Жіпке тізгендей 
баяу қалқып, бірінің бірі құйрығын тістей, бірінен бірі озбай, 
үздік­создық кетіп барады. Құдды бұлт астына шебер суретші 
қанаттарынан іліп қойғандай әдемі сурет. Тек алғашқы тізбектен 
сәл бөлек, арқан бойы төменде және бір жалғыз қаз, әлде жаралы, 
әлде денесі ауырлаған сорлы, аналардай биіктей алмай, солардан 
қалып та қоймай, ұяластарының жаппай көшіне әрең ілесіп, 
жалпылдай ұшып келеді. Қашан әлі бітіп құлап түскенше осылай 
ілесе беретін сықылды. Қаңқылдаған зарлы үн де сонікі, аса 
мұңлы естіледі. Бибінұр аяп кетті сорлыны. Көз алдына бір­екі 
тамшы жас үйірілген екен, жең ұшымен сүртіп тастап, аспанға 
қайта қарады. «Қалма тобыңнан, жылы мекеніңе талмай жет» 
дегендей мейірмен, шын ниетпен аяй қарады сыңар қазға...

320
Медеу СӘРСЕКЕ
Бибінұр төбесінен қаңқылдап өткен қараша қаздар тобымен 
қоштасып, солар көз ұшында бұлдырап, көрінбей кеткенше 
орнынан тапжылмай, ұзақ тұрды. Қай­қайдағы есіне түскен­ді: 
баяғыда, Әмзеге еріп, ауыл іргесіндегі көлге баратын. 
Құс қайтып жатқан шақ. Сол жолы жүз қаралы қаз төбесінен, 
тас лақтырым биіктен қаңқылдап өткенде, күйеуі ес­түсі қалмай, 
мылтығын кезеп бұға қалған. Күз түскенін хабарлай, ұя салған 
мекенімен ән сала қоштасып кетіп бара жатқан қаздарды аяп, 
өзі сонда ара түскен­ді. Бірде­бірін атқызбаған. Сол бір баяғы 
жылдар, артында қалған аяулы көрініс көз алдына кес­кестеп 
келе қалсын. Құдды бір әдейі есіне салғандай, сірә, бұл да тағдыр 
тәлкегі... Әуелеп ұшқан қаздарға өзі ара түсті. Ал өзіне кім бар 
қорған болатын, кім? Әлде анау ұяластары соңынан жан ұшыра 
жалпылдап, қанат қаққан жалғыз қаздың жер бауырлап, әлсіз 
талпынуы сияқты күйбеңмен өткізе ме өмірін?..
Жаңбыр тамшылары жиілей түсті. Бибінұр баяу басып, станса 
үйіне қарай аяңдады.
V
Қоңыр күз еді о кез. Қазір қыс. Қар сол жылы ерте түсті 
әрі қалың жауды. Жатаған үйлердің ық жағы қарға бөгіп, бұ­
рынғыдан да аласара түскен. Еңсесі биік Қарекең үйінің де 
ауласының іші­сыртын сірескен қар айнала қымтап, шатыр 
ернеуіне көтеріліп келе жатқан­ды.
Жалғыз алысып қарды жеңе алмайтынын білген соң­ақ, Би­
бінұр өз ауласын күреуді соңғы күндері мүлдем тоқтатқан. «Күн 
қызғанда еріксіз өзің кетерсіңге» сайып жүре берген. Бірақ 
әбден бой алған қар үй иесінің дәрменсіз халін ажуа еткендей, 
соңғы боранда қақпа аузын түгел басып қалды. Сонда ғана 
Бибінұр белін буып, қолына күрек алған. Күн шыға тұрып, есік 
алдын аршуға кіріскен­ді. Сәлден соң оған көрші үйдің ересек 
екі баласы ке ліп қосылды.
Үшеуі сол бетінде бел жазбай күреді. Демалмай, қашан есік 
алдын түгел аршығанша тоқтамаймыз деп бәс тіккендей, күн 
ұзын алысты. Қос күрең жеккен шана да есік алдына осы жұ мыс 
қызған шағында келіп еді. 
Бұлар Бибінұр мүлдем күтпеген қонақтар болатын.

321
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Қақпадан әуелі Қайрат кірді. Соңынан бойы да, бет әлпеті де 
одан аумаған және бір жасаң жігіт.
Бибінұр қонақтарын үнсіз қарсы алды. Ауыл әйелдерінің әде­
тінше дауыс шығарып көріспеді. Күрегін қарға шанышты да, 
үнсіз тұрып қалды.
Қайрат жақындай түсіп, сыпайы сәлемдесті. Ойрат үлкен көз­
дерін Бибінұрға тік қадап байыппен қарады да, ернін жай ғана 
жыбыр еткізді.
– Қаражан ақсақалдың үйі ме? – деді сәл үнсіздіктен соң 
Қайрат.
– Иә.
– Сіз апайдың өзі боларсыз?
– Иә.
– Бізді танымадыңыз білем... Мен... 
– Айтпай­ақ қой атыңды, Қайрат. Танып тұрмын. Сенер­
сенбесімді білмей абыржып та тұрмын. Ал сен Ойратсың ғой. 
Кел, жақынырақ!.. – деп Бибінұр кенет әлгіндегі сабырлы 
қалпынан әп­сәтте айырылып қалды, бір­екі адым алға аттап, 
Ойраттың маңдайынан сүйді. Араларында беймәлім бөгет кесе­
көлденең тұрған сияқты, емін­еркін еміреніп кете алмады бірақ. 
Қайратпен қол ұстасып, биязы амандасты.
Сол батылсыздық жас қонақтарын үйге кіргізіп, киімін ше­
шіндіргенде де, одан үстел қамдап, дастарқан басында ұзақ 
отырғанда да тарқай қоймады. Екі жақ та бірін­бірі сынап 
отырғандай. Артық сөз жоқ. Ауыл­аймақтың амандығы кірген 
бетте­ақ сұралып, екі үйдегілердің денсаулық, хал­күйі, кәсібіне 
шекті айтылған. Шай да ішіліп болды. Құманды суық сумен 
еселеп плита үстіне қойды да, Бибінұр орнына келіп отырды. 
Шай үстінде ол иегін әнтек көтеріп, қонақтарының жүзіне барлай 
қараған. Шайға толы кесені ұсына беріп те, босаған шыныаяқты 
алған кезде де қос перзентінің албыраған жүздеріне көз тастаған. 
Алайда назарын тік ұстап, тура қарауға батылы жетпеді. Қазір 
де солай. Пеш түбіндегі көрпенің үстінде төмен қарап үнсіз отыр.
Салқын қабақ жас қонақтар жағынан да сезілген. Екеуі 
де әлденеге кібіртіктеп отыр. Ал оңаша кездесу сыр ашуға 
шақырғандай, сөйлеп қал, барыңды айт дегендей.
– Ойрат қысқы демалысқа шыққан екен. Аякөзге келгеніне 
екі күн болды.
21­246

322
Медеу СӘРСЕКЕ
– Денсаулығың қалай, қалқам? Жүдеусің ғой?.. – деп Бибінұр 
Қайраттың сөзін бөлді. Бұл туралы бағана бір рет сұраған еді. 
Сірә, ұмытып қалса керек...
– Оқу оңай дейсіз бе? Жүдеулігі қағаздан ғой, – деп інісі үшін 
жауап қатқан Қайрат әлгі сөзіне қайта оралды. – Содан Ойрат 
келген соң, мен жұмысымнан үш күнге сұранып, осы жаққа 
жүріп кеттік.
Бибінұр басын көтеріп, тұла бойы тұңғышының жүзіне тіктеп 
қарады. «Жасың жиырма беске биылғы күзде толды ғой. Қандай 
салмақты жігіт болғансың, қарғам».
– Күзде мені тоспай кетіпсіз. Әдейі іздеп келіп, үнсіз кет­
кеніңізге Сәлкен келініңіз осы күнге дейін таң. Шынымды 
айтсам, соны мен де түсінбедім...
Күзгі сапары жайлы естіген сәтте­ақ Бибінұрдың тұла бойы 
шымыр ете түскен. Сол күйі бетіне білініп, шеке тамырына қан 
теуіп, білеуленіп шыға келді. Қайрат сөз төркінін еріксіз өзгерт­
ті.
– Қарлығаш есімді бөпеміз бар. Қылығы өзгеше балапан. Екі 
үйге бірдей қуаныш боп тұр өзі.
– Сен енді көп бипаздамай турасын айтсаңшы.
Қайрат інісіне көзін аларта қарады. Мұнысы «Жасым үлкен 
сенен, араласпай тыныш отыр» дегені болса керек. Бірақ Ойрат 
оған құлақ асқан жоқ.
– Құдалыққа келгендей несіне созасың? Мамам бөтен бе еді 
бізге?.. – деді тағы да.
– Өзгермепсің­ау, Ойратжан! Баяғы өжет қалпың... – деп 
Бибінұр езу тартты.
Кенет туған есер күлкі әсері ме, әлде көптен бері құлағы 
естімеген жылы сөз жүрегін қозғады ма, кім білсін, Бибінұрдың 
көңілі осыдан соң­ақ жадырап сала берді. Мерейі өсіп, тұла 
бойын бір ашық пейіл жайлап алды. Дүние кеңіп кеткендей. 
Айналасына шаттана қараған.
– Шынында да, Ойраттың сөзі жөн. Турасын айтқанда, біз 
сізге келдік. Сізді алып кетейік деп келдік. Мен өзім баяғыда­
ақ келмек едім. Келіп қайтқаныңызды ести сала, сіз деп бірден 
айтқан едім келініңізге. Сәлкен де мән­жайға қанған соң, 
«Бөгелме, көшіріп әкел» деген­ді. Бірақ әр түрлі жағдаймен әрі 
Ойрат демалысқа келсін, бірге барайық деп, мұны да тостым...

323
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Бибінұр үнсіз отыр. Қайрат онысын басқа ойға жорыды. 
Сонсоң іле сөзін өзгертіп:
– Мама, ішім сезеді. Бізге өкпелеуіңіз орынды. Бұл сөзді біз 
сізге баяғыда­ақ айтуымыз керек еді. Осы үйге сізді жалғыз жат­
қызбай, шақыру міндеті біздікі еді. Не дейміз енді, ондай ақыл 
басымызға келмепті. Масқара болғанымызды өзіңіз келіп қайтқан 
соң бір­ақ білдік, сонда ғана қатемізді түсіндік. Кешіріңіз!..
«Бекер қиналып отырсың, Қайратжан, бұл үшін сен тинәмдай 
кінәлі емессің. Кешігіп келгеніңе қазір де кінәлі болмайсың» 
дегісі келсе де, Бибінұр айта алмады. Үнсіз жүріп дастарқанды 
жинады. Жер үстелді бұрышқа сүйей беріп:
– Балам, өткенді қозғасақ, бүгін түгілі, ертең де тауыса ал­
маспыз. Сендерден мен бір­ақ нәрсе сұраймын, – деді де Қай­
раттың бетіне тесіле қарады. – Осы келістеріңді әкеңмен ақыл­
дастыңдар ма? Мына жүрістеріңді Әмзе біле ме?
Қайрат төмен қарады. Күмілжіп, бірден үн қата алмай, қи­
пақтап қалды. Бибінұр баласынан көз айырған жоқ. Тап қазір 
осыны білу оған ауадай қажет сияқты. Қандай сөз естісе де 
шыдауға бекінген. Бар ынтасын сала тосып тұр.
– Сенің кейде қыздар құсап сызыла қалатының бар, – деді сол 
сәтте Ойрат сөзге араласып, – бұл әңгімені біз ол кісіге күз ден 
бері айтып келеміз...
– Ал бүгін көкем үйінен шықтық, – деді Қайрат. – Естіген 
шығарсыз, ол кісі қазір мына өздеріңізге көрші совхозда 
парторг. Үлкен үйге кеше барғанбыз. Түнде әкеймен ашық 
әңгімелес тік. Көкемнің айтқаны... «Өздерің біліңдер. Балалық­
тан кеттіңдер. Өз жүректеріңмен ақылдасыңдар. Мына шаруада 
мен ақылшы емеспін» деді. Таңертең біз «Баруға бекіндік» деп 
едік, ат жектіріп берді.
– Е, солай деңдер...
Осы сөзбен әңгіме тәмам болған. Қайрат пен Ойрат сан қай­
тара бастаса да, Бибінұр бұл жайында шешіле қоймады. Әр­
дайым әңгіме бетін басқаға аударып, таңғаларлық сабырлық 
байқатты. Келесі күні де осы мінезінен айнымады. Бұл күні тек 
сөзді өзі бастап, қайдағы­жайдағыны әңгімелеп, әсіресе екеуінің 
жас күніндегі әрқилы қылығын есіне алып, күле сөйлеген. Ұмыт 
болған шалдуар қылықтары жайлы естігенде жас жігіттердің 
өздері де мәз болып, рақаттана тыңдаған. Шешесінің көңілденуін 

324
Медеу СӘРСЕКЕ
жақсылыққа жорыған олар бұл күні келген шаруалары жайында 
қайыра сөз қозғаған жоқ. Тек бірер мәрте ертең жүрейік дескен­
ді.
Шындығында ағалы­інілі екеуі шешесінің соңғы кезде іш­
тей мойып, шерлі тағдырына біржола көндігіп, қу жанына ты­
ным тапқан сабырлы күйін тас­талқан етіп, көктемгі сеңдей 
бұза келгендерін сезген жоқ­ты. Ауыз бөлмеде жалғыз жатқан 
шешесінің әрлі­берлі аунақшып, жарым түнді ұйқысыз өткізгенін 
де олар білмеді. Қазір де, сырты күліп жүргенмен, ішінде үлкен 
арпалыс жатқанынан да бейхабар.
Бибінұр өзі жас жігіттерге бұл туралы сыр ашып, арыла ес­
тіртуді мақұл көрмеді. Үшінші күні таңертең дастарқан басында 
айтқан сөзі тіпті қысқа болды.
– Осы үш күн маған үш жылға жетерлік қуаныш болды, 
қарғаштарым, – деген­ді. – Тілектерің орынды, лайым бар ананың 
бауырынан түлеген бөбектері сендердей мейірімді, кешірімді 
болсын! Бүгін ренжімей аттаныңдар. Алып қайтпадық, еріп 
жүрмеді деп сөкпеңдер мені. Мен бір аласапыран бейуақытта 
ұяластарынан адасып қалған жаралы қаз сияқты адаммын. Қаз 
болғанда, қанаты қырқылып, бауыр жүні түсіп әбден сорлаған, 
тек екі аяғымен жем теріп, жан асырап жүрген сыңар қаз 
сықылдымын. Осы айтып отырғанымның өзі де сол бейшараның 
жапанда пана таппай, текке сұңқылдаған үні сияқты бірдеме 
болар­ау, оң жүрудің орнына теріс жайылып, лағып кету шығар. 
Хал­күйімнің солай екенін біліп отырмын, қарғаштарым. Білсем 
де солай істеуді жөн көрдім. Бұған сендер түсінбейсіңдер, бәлкім, 
әкелерің айтар соның жауабын. Басын өздеріңе айтып, шешімін 
үйдегі үлкендеріңнен күтер, жақсы қылығы жадымда қалған 
Сәлкен келінімнен сұрар бір өтінішім бар. Мен десеңдер соны 
қабыл етіңдер...
Қайрат әңгіменің осылай тынарын сөз басында­ақ сезген. 
Естігеніне аса таңданған жоқ, сабырмен тыңдады. Ойрат бол­
са, сөз сыңайын ұға сала, құптамайтынын жасырмай, қыңыр 
мінезіне басты.
– Дұрыс емес оныңыз. Біз сізге оң ниетпен келдік. Әлде 
сенбейсіз бе бізге? – деп салды.
– Сабыр ет, балам, – деді Бибінұр Ойратқа бұрылып. – Тілегім 
көп емес және оңай да емес: Қайратжан, Қарлығаш есімді әнебір 

325
ШЫҒАРМАЛАРЫ
балапан құсты ұстап отырсың. Қайталамаса табиғат бола ма, 
өздерің де байқаған боларсыңдар, сол айналайынның түр­келбеті 
маған ұқсапты. Анада көргенде әрі таңданып, әрі қуанып едім 
соған. Сол бүлдіршінді езілген жүрегіме жұбаныш етсем деймін. 
Лайым менің өмірлік өксігімді қайталамасын! Ендігі тілекті 
соның жолына арнасам деген үміттемін, шырақтарым. Баршаңа 
айтар өтінішім осы. Сендерді сондай балапан кездеріңде тастап 
кетіп, өміріме өшпес таңба салған айыбым бар еді. Қарлығашты 
бауырыма алып түлетсем, түн ұйқымды баяғыша төрт бөліп 
әлпештесем, өкінішім мен айыбым біржола жуылмаса да, азая ма 
деген қияли үмітпен айтып отырмын бұл сөзді сендерге. Осыны 
Сәлкен келін мен үлкендеріңе жеткізіңдер. Адасқан қаздың 
біржола лағып жұртта қалмауының бір шарасы осы шығар, 
ұясына қайта оралар дәнекер жібі де осы болар, – деп аяқтады 
Бибінұр жүрекжарды сөзін.
Жас жігіттер бұл уәжге кесіп­пішіп ештеңе айта алмады, үн­
түнсіз аттанып кетті. 

Көктем шыққан. Жер­көк қайта түлеп, аяқты жан­жануар 
жыл мезгілінің шуақты шағымен сағыныса көрісіп, жадырай 
қауышып жатқан сәт. Бибінұр үйде отыр еді. Кенет терезе 
алдынан бір топ бала: «Қаз!.. Қаз келділеп!» – жүгіріп өтті. 
Жасы саркідір тартып қалса да, Бибінұр шыдай алмады, балалар 
хабарына елігіп, далаға жүгіріп шықты.
Рас екен. Ауыл желкесіндегі жалғыз биіктің ұшар басын 
жа намалай бір топ қаз бері қарай, тура өз ауласының үстіне 
төне ұшып келеді екен. Былтыр өзі Аякөз стансасында көрген 
сурет, тап сол жолғыдай үздік­создық тізіліп алған. Тіпті сол 
жол 
ғы қаздар сияқты. Жалғыз­ақ өзгешелік – аспан ашық, 
қарасұр бұлттар жоқ. Қайта оралған қаздар лезде­ақ қанаттары 
сусылдап, төбесіне келіп қалды. Қатарласа үн қатып қаңқылдап 
келеді. Міне, өз үйінің төбесіне ілікті. Жап­жақын, қол созымдай 
биіктен қиғаштай өтпек...
– Апа... апа!.. Құс... құс!.. – деп уілдеген бала үні де сол сәтте 
табан астынан саңқ еткен. Бибінұр жалт қарап, табалдырықтан 
бері қарай еңбектеп келе жатқан кішкене бөбегін көріп тұра 

326
Медеу СӘРСЕКЕ
ұмтылды. Кекілі жалбырап маңдайын жапқан жұдырықтай 
бүлдіршінді жерден көтеріп, бауырына басты да, мейірлене 
иіскеді.
Ол – өзі қиыла сұраған Қарлығаш болатын. Бір апта бұрын 
Қайрат пен келіні Сәлкен әкеп берген. Тілі шыға бастаған балақан 
қазір өзіне бауыр басып, үйреніп қалды. Үйін де ұмыта бастаған. 
Өзінсіз отырмайды, қайда барса да соңынан еріп жүргені. Қазір 
де ашық қалған есіктен өзі шыққан.
Қарлығашты кеудесіне көтеріп тұрып, Бибінұр мөлдір аспан­
ға қарады. Қараша қаздар өтіп кетіпті. Көкжиектің жермен 
астасқан шетінде ноқаттай болып бұлдырап қана көрінеді. 
Өкінгені ме, қуанғаны ма, Бибінұр кенет баланы әлгіден де 
жоғары көтере түсіп, қаздар кеткен жаққа қарап, қолын бұлғады. 
Телміре қарап тұрып, қайта­қайта бұлғады.
 
                                                                                     Семей.
1967 жыл

МАЗМҰНЫ
Оқырманға арнау сөз .................................................................3
Шыңғыс хикаясы .....................................................................5
Айшықты мезетте .................................................................. 114
Ағайынды үшеуге – бір жаза ................................................... 136
Жылқышы ........................................................................... 184
«Аласармас асқар таудай ардагер» ........................................... 246
Қаз қайтқанда ....................................................................... 301

Медеу Сәрсеке
 ШЫҒАРМАЛАРЫ
Екінші том
 
Деректі хикаяттар мен әңгімелер
Басуға 01.10.14 қол қойылды.
Пішімі 60х90 
1
/
16
. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс. 
Шартты баспа табағы 20.5.
Тапсырыс №246. Таралымы 2000 дана.
Редакторы Гүлден Оспанова
Техникалық редакторы Эльмира Заманбек
Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанқапов
Корректоры Венера Ғайнуллина
Компьютерде беттеген Ақерке Сқақова 
«Фолиант» баспасы
010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13
«Фолиант» баспасының баспаханасында басылды
010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13

Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 7.21 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет