Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 7.21 Kb.
Pdf просмотр
бет13/14
Дата09.01.2017
өлшемі7.21 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
«...Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаях-
метұлымен сұхбат келеңсіз сөгіспен аяқталып, діттеген ойын 
өткізе алмай көңілі құлазыған академия жетекшісі есекдәме 
үмітпен Орталық Комитеттің идеолог-хатшысы Мұхамед-
жан Әбдіқалықовқа соққан-ды. Өмірде көрген-білген оқуы екі 

261
ШЫҒАРМАЛАРЫ
басқышты орыс-қазақ училищесі, бағынышты қызметкерлерге 
дөңайбат жасап бұйыра сөйлеп, күш көрсетуді ОГПУ органын-
да істеген жылдарында машық еткен бірінші хатшыдай емес, 
Мұхамеджан Әбдіқалықұлы – жоғары білімді зиялы әрі қолынан 
кітап  түспейтін оқымпаз. Онымен саясат қана емес, өзге де 
жайттар турасында емін-еркін пікірлесуге болатын.
Әйдік хатшы Қаныш Имантайұлының қату қалпын аң -
даған соң-ақ өзінен едәуір үлкен әрі ғылыми атағы зор ғалым-
мен дауға түспей, әрқайсының сыртында «Құпия, тек қана 
қызмет бабында пайдалану үшін!» деген ескерту жазылған 
құжаттардың бірнешеуін сейфтен суырып, алдына қойды. Бәрі 
де БКП(б) ОК-нің идеология мәселелері жайында соңғы жыл-
дары қабылдаған қаулылары: 1944 жылғы «Татар обкомының 
идеология лық жұмысы туралы» қарарда «Едіге батыр», «Шора 
батыр» дастандарының со ғыс құ марлықты, ел тонаушылық-
ты дә ріп тей тіні «әшкереленген», демек, түрік тіл ді халықтар-
дың қаһармандық рухын мадақтауымен-ақ ұлтшылдыққа 
ұрын дыратын мәні зиянды дастандар; Компартияның бас иде-
ологы А.А. Жда новтың «Звезда», «Ленинград» журналдарының 
әдеби бағытын сыпыра қаралаған, Анна Ах матова мен Михаил 
Зощенко шығармаларындағы өмірден түңілу, жатты аңсау са-
рындарды бадырайта көр сетіп, кеңестік тұрмыстың жарқын 
сипаттарын қасақана көрмегенін аяусыз сынаған баяндама-
сына екі журналды да жабу жөніндегі қаһарлы қаулысы қоса 
тіркеліпті...
Қаныш Имантайұлы сол құжаттардан «тал 
 
қылансын», 
«басшылыққа алынсын» деген сілтемелерді, «шетелге табы-
ну, ұлт шылдық ниеті айқын немесе ескі өмір ді көксеу пиғылы 
байқалған жат элементтерді аяусыз жазалап, түп тамырымен 
жұлып тастау» туралы тармақтарды жаны түршіге оқыды. 
Идеолог-хатшының күнделікті жұмысында осы қарарларды 
үлгі-нұсқа ететінін академия президенті бірден ұқты. Де-
мек, партияның сара жолынан ауытқушыларды іздеуді жер-
жерде жаппай өрістетуге нұсқау Мәскеуден өрбіген. Жұмабай 
Шаяхметов өзінің қазақ филологтарын қорғаған уәжіне өре 
тұруының түп себебі −  осы нұсқауларды өзгертуге дәрменсіз дігі. 
Ал Мұхамеджан Әбдіқалықұлы сол гәпті түнерген қабақпен 
аңғартып, қатаң қаулы-қараларды алдына жайып салуымен 

262
Медеу СӘРСЕКЕ
иландырмақ... Сөйтсе де... Сол үшін академия ны жазалы етуге 
бола ма? Ең шатағы – ескіні аңсаушылар деп «ағаш атқа мін-
гізіп», жабыла дүрелейтін адамдары − Тіл және әдебиет инс-
титутының білімі ұшан-теңіз айтулы ғалымдары. Оған қоса 
ақылға сыймайтын гәп − институтты тексеру ой-өрісі таяз, 
күншіл жалақорлардың «домалақ арызына» саяси мән беруден 
туындап отыр...
– Мұха, түйсігім жетер емес, академиялық институтқа 
шүйлігудің мыналармен байланысы қанша? – деді Сәтбаев құпия 
құжаттарды хатшыға қайтарып.
– Қанеке, осы мәселеге бізден жоғарыдағылар бел шешіп кіріссе 
оның аяғы немен аяқталарын ойладыңыз ба?.. – Әбдіқалықов сұқ 
саусағымен төбені көрсетіп, бұлттан асып, түпсіз аспанның 
күнбатыс шебін меңзегендей ишарат жасады. – Тегінде оның 
бетін әрі қаратсын! Қазір сіз талқылауға бермеймін деп жанта-
ласа қор ғап отырған Әуезов, Жұмалиев, Ысмайылов қана емес, 
соларды жақтаушы қаншама білімпаз жайсаңдарымыздан айы-
рыламыз. Оған титтей шүбә келтірмеңіз! Ал біз сол «күнәкарлар-
ды» өзіміз талқылап, саяси бағалауда қателескендерін қауым 
алдында әшкерелеп, институттың ғылыми қызметкерлері мен 
Қазақстан әдебиетшілері арасында тәлім-тәрбие жұмысын 
жүргі зген боламыз. Әлбетте, сын тезіне түскен ғалымдар жаза 
тартады, дағдылы жұмысынан шеттетіліп, бірер жыл жәбір-
жапа шегеді. Бейнелеп айтқанда, олардың сақал-мұр тын ғана 
күзей міз. Басы аман қалған соң мұрт та, шаштары да қайта 
шықпай ма? Сіз мұны, Қанеке, нақақ жаза дейсіз. Мен соны − 
уақытша амал, ғұлама ғалымдарымызды аман сақтаудың ша-
расы деймін...
Академия президенті басын шайқады. Кө  ңіл күйі әлем-та-
пырық болып, өзіне тұнжырай қа раған хатшыға не дерін білмей 
дегбірі қаш ты. Республиканың бас идеологының сойқанды мә-
селенің бүге-шігесін мәністеп түсіндіргені есін тандырып, 
екіұдай ойға жетеледі: естіге ніне сенбеуге қақысы жоқ, Мұ-
хамеджан інісі – ешкімге жалтаңбайы жоқ ақжүрек адам; 
сөйт се де саясатқа жүйрік, қайрат-жігерін де мығым санай-
тын қайраткердің ғылым ордасындағы ең білікті, ең қомақты 
институтында ойда жоқта өрбіген, шындығында ұсақ-түйек 
сөзге үйір соғындылар қоздырған күйкі даудың себебі мен зиянын 

263
ШЫҒАРМАЛАРЫ
да біле отырып, сол шіркіндерге тыйым салудың орнына мына-
дай кереғар әрекетке жол бергені мүлдем түсініксіз.
– Академияны едел-жедел құрып, қарабайыр жұрт тың бойы 
да, ойы да жет пей тін Олимп шыңын сіз бен біз қолдан жа-
садық, Қанеке. Сол шыңның басына шығуға енді емен де, семен 
де ұмтылады. Өзіңіз білесіз, ғылыми дәрежені иелену қазірде 
қиын емес, тек ынтаңыз болсын...  – Қадірменді академиктің 
өзіне түйіле қарап, қарны ашқан кісідей қыржиып отырғанын 
аңдаған кабинет иесі түп ойын одан әрі тарқата сөйледі. – 
Олимпке жетуді шынайы ғылым иелері мұрат етсе – құба-құп. 
Алайда дарқан өмір ғылымды кәдесіне жаратып, сауын сиырдай 
сауатын пысықтар ға да даңғыл жол ашып отыр. Сол шіркіндер 
өзіңіз, Мұх тар Әуезов , Әлкей Марғұлан, Есмағанбет Ысмайылов 
көтерілген биікке бірге шығып, мен де неге солармен бір қатарда 
тұр май   мын деп күні-түні көксейді, соған қайткен күнде жетудің 
айла-амалын қарастырады. Ұқтыңыз ба сіз әлгін де науқан де-
ген дүрмектің түп себебін?.. Әгәрәки сіздің талабыңызды құп 
алып, жалақорлардың арызын аяқасты еттім бе, ол найсаптар 
сірә да тоқтамайды. Көрдіңіз бе тоғышар ойларын жүзеге асы-
ру үшін қандай уақытты таңдағанын?.. – Секретарь алдын дағы 
құжаттарды нұсқады. – Сізге, Қанеке, солармен күресу әдісін 
үйретпеймін. Ғапу етіңіз, ондай ниеттен аулақпын. Сөйтсе де 
бұқ  па да тұрып, аяқтан ша  латын әрекеттерге келешекте әзір 
болыңыз. Ондай соққылардың әлі талайын көре сіз...
– Бұйырғанын көрерміз, – деді Қаныш Имантайұлы бәсең 
үнмен. – Шынымды айтсам, халқымыз ғасырлар бойы өзіне ру-
хани азық еткен асыл мұраларымызды зерттеген кәнігі ға-
лым дардың  ұлан-ға   й ыр  еңбектерін  саяси  қарармен  тежеудің 
қажеттігіне мені иландыра алмадыңыз. Сіз ұсынған амалды 
мен қия наттың дөрекісі деп білемін, мүлдем әбес әрекет! Тарих 
соты оны ақтамайды, халқымыз да мұны кешірмейді! Шаяхме-
тов жолдасқа да тура солай дедім, ендігісін өздерің біліңдер...
Әбдіқалықов бүгежектеп төмен қарады. Өңі қарауытып, қа-
рақошқыл дақтар бетіне теуіп, есеңгірегендей хал кешті. Ға-
лымның бетіне тура қарай алмай:
– Көп жайт сізге беймәлім, Қанеке, мені де сол үшін жазалап 
отырсыз... −  деді.

264
Медеу СӘРСЕКЕ
– Олай десеңіз, айтарым жоқ. Бірің сот, бірің прокурор болып, 
Жұмекең екеуің білгендеріңді істеңдер! Ал мен бұл қиянатқа 
қатыспаймын! – деп Академия президенті қоштасу мезіретін 
де жасамай, томсырайған қалпы шығып кетті...»
Роман­эсседе одан әрі өңкей ұрдажық, өздерін шынайы 
боль 
шевик санайтын идеологтар қатысқан комиссияның тек­
серу қорытындысы 1947 жыл ғы қаңтардың 21­і күні Орталық 
Ко митетте талқыланып, «КСР ҒА­ның Тіл және әдебиет инс ­
титутының саяси өрескел қателіктері туралы» деген, қаһар­
лы атынан­ақ адамды қарадай шошытар жойқын қаулы қа­
былдаумен аяқталғаны сипатталған­ды. Яғни, «ҒА­сы мен 
Тіл­әдебиет институтының басшылары кадр таңдаудың боль­
ше вик тік ұстанымдарын өрескел бұз ған­мыс, сол себепті зерт­
теу ұжымы қо 
ғамға пиғылы жат, ғылыми жұмыстың саяси 
бағыт­бағдарын аңғармайтын кездейсоқ қызметкерлермен бы­
лыққан...» дегендей қату сөздер жазылған қаулы бойынша ин­
с 
титут директоры Есмағанбет Ысмайылов қызметінен босап, 
ұжымдағы әдебиетшілердің білікті тобы зерттеушілік жұмыстан 
аласталған. «Жат пиғылды буржуазиялық элементтер» немесе 
«қазақтың емін­еркін өмір сүрген бұла заманын көксеушілер» 
тобына жатқызылғандар бірнеше ай бойы жоғары оқу орында­
рында қызу жүрген талқыға ұшырап, үл кен ді­кішілі газеттер бе­
тінде аяусыз «әшкереленгені» −  кешегі өмірдің ащы шындығы. 
Сол науқан кезінде Сақтаған Бәйішев «Социалистік Қазақ­
стан» газетінің 1947 жылғы 14 наурыз күнгі санында «Профес­
сор Әуезов өткендегі қателіктердің шырмауында» деген мақала 
жариялап, жазушының әдебиет саласындағы еңбектерін жоққа 
шығарып, қоғамға зиянды зерттеуші еткен…
Мұхаң кітаптың мен нұсқаған беттерін ұзақ оқыды. Бай­
қауымша, кейбір тұсын екі­үш қайтара. Әлден уақытта кітапты 
жауып, бетіме ожырая қарады.
−  Ауыр сипаттама, сірә, сізге дерек бергендер сол уақыт ту­
расында талай жайтты көйткен... −  Мен ләм­мим дегем жоқ, 
тым­тырыс отырмын. −  Жә, турасын айтайын, уақытқа тұжыры­
мың, шырақ, негізінен дұрыс. Заман аужайы солай болды. Оның 
қатыбастығын Қанекеңнің ауыр сөзімен көрсетіпсің, менің так­
тикам туралы ойың да қисынды. Сол кездегі қатаңдығымды 

265
ШЫҒАРМАЛАРЫ
кейбір жолдастар бертінде өзіме де айтты, жаппай ғайбаттап, 
ділің қатты, аяуды білмейсің, бізді нақақтан қуғындадың деп 
дөңайбат көрсетіп өкпелегендер болды...
−  Сөйтсе де сізді ақтайтын уәжді маған Ісләм ағай түсіндіріп 
еді. Жарылғаповты айтамын.
−  Оған да рақмет, дұрысын айтқан! Шынында да 37­жылдың 
шерлі қырғыны қайталанған жоқ, бастары аман қалған соң 
Әбдіқалықов күзеген шаш қайтадан шығады дегенің абсолютно 
дұрыс. Тек сол науқанның неден өрбігенін нақты білмегенсіз, 
мен сізге соның неден туғанын айтайын: 1946 жылдың аяқ шені, 
әлде 47­жылдың басы ма, әйтеуір «Правда» газеті Александр 
Фадеевтің, оның КСРО Жазушылар одағының Бас секретары 
болғанын білетін шығарсыз, кеңес әдебиетінің хал­күйі туралы 
мақаласын жариялады. Соның бір жерінде Есмағанбет Ысмайы­
ловты күйрете мінеп, «барлық еңбегінде ескі өмірді жырлау­
шы қазақ ақындарын айрықша әсірелеп дәріптейді, осы күнгі 
заманның ақындарын сірә да көрмейді...» деген сарында сын 
айтып, бізді қатты түйреді. «Правданың» сынына үндемеу саяси 
қателікке есептеледі. Жұмекең бірінші секретарьдың кабинетіне 
ие болған кезі, әлгі сынды өзіне айтылғандай қабылдап, күн са­
йын маған дікілдейтін болды. Академия басшылығын, Әдебиет 
институтын күйреткен қаулы сол кісінің талабымен қабылдан­
ды, Есмағанбет сорлының ерекше таяқ жеуінің де түп себебі со­
дан. Тумысынан дімкәс, бірақ білімпаздығы айқын әдебиетшіні 
жазалаушы органға сол жолы бергеміз жоқ. Ал кейін, алты 
жылдан соң Есмағанбет алғашқы кезекте, Ермұханнан да бұрын 
қамауға алынғанын білетін шығарсыз? Так что, қарғаш, 1947 
жылы менің ұстанған тактикам дұрыс деген ойдан мені қазір де 
айныта алмайсың. Иә, айтпақшы, үйіміз соңғы кезде ұрымтал бо­
лып, көшеге шыққан серуенде Есекеңмен талай кездестік. Бірде 
ол маған «Саған мен әуел баста кәнігі ұлтшыл еткеніңе өкпелеп 
едім, кейіннен сол іс үшін қайтадан қудаланғанда, зор қатерден 
қызғыш құсша қорғағаныңды түсіндім. Өкпем тарқады» деп 
ағынан жарылған­ды. Нендей оқиғаны болсын, шырағым, са­
лыстырумен бағалау шарт: 1947 жыл мен 1952 жылғы қуғынды 
таразыға тартсаңыз − айырмасы жер мен көктей екеніне дау айта 
алмайсыз...

266
Медеу СӘРСЕКЕ
−   Осы жерде тағы бір сұраудың төбесі қылтиып тұр, ағасы. Жүз 
жылдық тойы қарсаңында Мұхтар Омарханұлының И.В. Ста­
линге 1947 жылы жолдаған арызының қолжазбасы біздің Семей­
де шығатын «Абай» журналында 1997 жылы жариялан­ды. Сол 
хатта жазушы «Орталық Комитеттің хатшысы М. Әбдіқалы қов 
мені ескілікті көксеуші етіп мейілінше ғайбаттайды, қыр соңыма 
түсіп, шығармашылық ісіме үнемі араласады...» деген реніш 
білдірген. Бұған не дейсіз?
−  Ол хатты көргем жоқ, сондай бір әреке іс арамызда болға­
нын естідім. Хатты жариялаушы, сірә, үйінде сақталған қолжаз­
баны пайдаланған... Ал мен Орталық Комитеттің секретары 
кезімде сол хаттың Мәскеуге жолданған, машинкаға басылған 
орысша нұсқасын оқығанмын, онда менің фамилиям аталмаған, 
тек Орталық Комитеттің өзін қорғамайтынына шағым айтқан 
жалпылама сөздер бар­ды... −  деп ақсақал алдындағы жеміс шы­
рынын ішіп, сәл тыныстап, әңгімесін жалғастырды. −  Мен сіз­
ге осы арыздың неден өрбігенін айтайын, қортындыны өзіңіз 
жа 
саңыз: «Абай» романының бірінші кітабы жарық көрген 
соң­ақ Мұхаңның дұшпаны көбейді, әсіресе өзімен қаламдас 
серіктері, әрине, бәрі емес, іші тар, дарыны кемдері қызғаныш 
отын қыздырып, ол кісі туралы неше түрлі әреке сөзді тара­
та бастады. Әлбетте, басты желеуге айтатындары − қазақтың 
ескі салт­дәстүрін, байлар ауылының шат­шадыман тұрмысын 
суреттегенде қаламы тежеусіз жорғалап, сүйсіне жазады, ал 
Дәркембай сияқты кедей­кепшікті сипаттағанда тасырқаған 
атқа ұқсайды деген сынды сыңаржақ сын. Тіпті қазақтың ескі 
тұрмысын коммунизм белгілеріне ұқсатып төндіре суреттейді де­
гендер де болды. Ондай сынды, қарғаш, үстел соғып ескертумен 
тоқтата алмайсың. Оған қоса «домалақ арыз» жолдаушылар мені 
де қосады, екеуі де Орта жүздің қазақтары, Әбдіқалықов үнемі 
сүйеп, қолпаштап отырады деген сияқты жолбике сөздер...
−  Түсінікті. Өзім де солай шығар деп ойлаған едім.
−  Мұхаң мені өмірден озғанша зиялы інім деп сыйлаудан жа­
ңылған жоқ. Өйтуінің де себебі бар: Мұхтар Омарханұлының 
1932 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне түрмеден жолда­
ған хаты туралы естіген шығарсың?
−  Білемін, профессор Әлімхан Ермеков екеуі бірге жазған. 
Бұ  рынғы саяси бағытымыздан айныдық, бұдан былай кеңестік 

267
ШЫҒАРМАЛАРЫ
платформаны қабылдап, еңбегімізді сол жолға арнаймыз деген 
сыңайда.
−  Примерно солай, білдің, − деді Мұхамеджан Әбдіқалықұлы 
езу тартып. − Сол хат газетте жарияланған соң Мұхаң бос­
тандыққа шықты. Шығармашылық жұмыспен шабыттана шұ­
ғылданып, халқымыз сүйсініп оқитын еңбектер жазды. Алайда 
саяси жөнінен біржола ақталмаған... Мен соны хатшы кезімде 
әлдекімнен естіп, Мұхаңды шақырып, «Арыз беріңіз, сізді са­
яси қаралаудан құлан таза ақтау мәселесін шешеміз» дедім. 
Мұхаң бірден «Ой, пәлі­ай, Мұхамеджан жолдас, сол істі қайыра 
қозғаудың қажеті қанша, ел жадынан ұмыт болған шаруа» деп 
қарсылық білдірді. Мен айттым: «Мұха, міне, сіз «Абайды» 
жазып, қазақ қаламгерлерінің түу алдына шықтыңыз, сізді 
құрметтейтін, әр түрлі марапатқа ұсынатын жақсы күндер туа­
ды. Бюроның қаулысы Сізді саяси ақтап, нағыз совет жазушысы 
екеніңізді айғақтайтын ресми документ болады. Бас тартпаңыз, 
айтқанды істеңіз...» 
Мұхаң сол жерде, менің кабинетімде отырып, арыз жазып бер­
ді. Біз соны бюрода талқылап, ресми ақтадық. Солай істемесек, 
Мұхаң Ғылым академиясына толық мүше болып сайланбас еді, 
Сталиндік сыйлықтың иегері атануы да неғайбыл іс. Ол кісіні 
күллі халық жақсы көрді, қадірледі, Мұхаң да күллі қазақтың 
даңқын дүние жүзіне үздік өнерімен әйгіледі...
−  Мына жайтты қазіргі әдеби жұртшылық білмейді, Мұха.
− Бюроның шешімдері жеті құлыптың астында сақталады. 
Іздесең −   табасың. Ал мен сөйтіп едім деп кімге мақтанамын?..
− Мұхтар Омарханұлымен қарым­қатынасыңыз осыдан соң 
мүлдем оңалды ма?
− Ол кісіні мен ерекше құрметтедім, әрине, ғажап таланты 
үшін. Соны Мұхаңның өзі де, өзгелер де білді. Жұмабай Шаях­
метов бірде маған «Мұхамеджан, сен ылғи Әуезовке шаң жуыт­
пай мақтап отырасың, ал оның шыққан тегі −  қожа, ақсүйектер 
тұқымынан, ондай адамдарға сенуге болмайды. Мен одан гөрі 
Сәбит Мұқановқа пейілмін. Өйткені ол −  сіңірі шыққан кедейдің 
баласы, өзі де батырақ болған әрі большевиктік белсенділігін сөзі 
мен ісінде көрсетуден жаңылған емес...» деп әзілдеген болып, 
маған зілі ауыр кінә артты. Мен де жорта күліп, «Жұмеке, сіздің 
туған ауылыңыз Сәбеңнің Жаманшұбарына ұрымтал, сірә, жер­

268
Медеу СӘРСЕКЕ
лес болғандықтан іштартасыз... Ал мен Мұхаңды қайталанбас 
ғаламат дарыны үшін құрметтеймін. Ондай тұлға екінші рет 
қазақтан туа ма, тумай ма −  неғайбыл!..» дедім. Мұхаң да соны 
жүрек ділімен ұғып, маған дос пейілмен қарады. Сізге соны нақ­
ты айғақпен дәлелдеймін...
15 сәуірде қайыра кездескенімізде Мұхамеджан ағай «Абай» 
романының 1942 жылғы бірінші басылымын ала келіп, алды­
ма қойды. Алғашқы бетіне автор латын әріптерімен «Әдебиет 
досы −   жолдас Мұхаметжанға! Біздің ЦК мен Совнарком 1939 
ж. қаулысында қазақ тілінде проза жанры дамуы қажет деп 
еді. Сол қаулыға жауап есебінде жазылған шығармам осы еді. 
Оқып, сынап, жолдастық пікір айтуыңызды күтемін. М. Әуе­
зов, 22.VII.42 ж.» деген лебіз жазылыпты. Әрине, ресмилігі 
көзге түртіп тұрған қолтаңба. Ал хатшылық қызметтен қуылып, 
үйінде жұмыссыз отырған партия қайраткеріне 1947 жылдың 
6 желтоқсанында Мұхтар Омарханұлының «Абай» романының 
2­кітабына жазған қолтаңбасындағы «Қымбатты Мұхаметжанға! 
Көп жылдар бір майданда өткен еңбектер ескерткішіне, жазушы­
дан» деген сөзін ресми десек, қисынсыз уәж болмақ... 
 * * * 
−  Ерекең докторлығын 1946 жылы қорғағаннан кейін­ақ ба­
сынан бұлт арылмай, келесі жылдары нақақтан ғайбаттаған 
«домалақ арыздарға» жауап берумен ұзақ шұғылданып, тек қана 
1948 жылы Кенесары қозғалысы туралы монографиясын ақтау 
үшін үш мәрте ғылыми талқыға түскені мәлім...
−  Анығында төрт мәрте, қарғаш, −  деді Мұхаң түзету жа­
сап. −  Алғашқысы − 1946 жылғы, Тарих институтының ғылыми 
ке ңесіндегі ресми талқылау, докторлық диссертациясын қорғау 
үстінде. Одан абыроймен өтті. Екіншісі −  1948 жылдың басы, та­
рих ғылымының кандидаттары Мұсатай Ақынжанов, Тілеуқажы 
Шойынбаев және Хадиша Айдарова үшеуі Мәскеуге, «Правда» 
газетінің редакциясына және ВАК­қа үстемелеп жолдаған арыз­
дары бойынша, яки хан тұқымын халықтық қаһарман етіп теріс­
қағыс түсіндіріп, анығында буржуазиялық­байшылдық сарын­
да, марксизм­ленинизм қағидаларымен қиыспайтын еңбегі үшін 
докторлық атақты иелену қате, оны бекітуге болмайды деген 

269
ШЫҒАРМАЛАРЫ
жалалы арыздарын мұқият тексеру мақсатымен Мәскеудің Та­
рих институты ғылыми айтыс ұйымдастырды. Әрине, арыз жол­
даушылар ғылыми талқыға әзір емес, қарсыласын бұқпада оты­
рып жалған ақпармен күйретудің шеберлері. Сондықтан да екі 
қарсыласы бетпе­бет айтыстан бой тартып, Мәскеуге бармаған, 
Мұсатай мен Тілеуқажыны жақсы білемін, орысшалары өте на­
шар, жаза да, сөйлей де білмейді. Мәскеуге Хадиша жалғыз ба­
рып, күйрей жеңіліп қайтты. Айтысты қорытқанда институт ди­
ректоры, академик Греков: «Қымбатты қазақтар, сендердің ескі 
тарихтарың −  қордаланып жатқан мол қазына, он­ондап моногра­
фия жазсаңдар да олар таусылмайды. Ал сендер дүниеге келген 
алғашқы монографияны құртпақ болып, қымбат уақыттарыңды 
текке зая етіп жүрсіңдер. Ғылыми монографиядан саяси астар 
іздеу тегінде жақсы емес, түбінде өздерің сорлайсыңдар» деген 
ескерту айтыпты. Бұл енді білгір тарихшылардың ақ адал пікірі. 
Алайда соған да біздің көрсоқырлар құлақ қойған жоқ, амал не?!
−  Үшінші айтыс қашан болды?
−  Хадиша Айдаровамен мен Партия тарихы институтында бір 
кабинетте отырып, жиырма жылдай уақыт бірге істедім. Білімді 
адам, орысша да, қазақша да көсілте жазады. Ақыл­ойы да бір 
басына жеткілікті. Хадиша байғұс «өзім білемі» көптігінен, 
анығырақ айтқанда, өз дегенінен қайтпайтын өрлігінен сорла­
ды. Мәскеуден таяқ жеп келген соң тағы да топ жинады. Әрине, 
ерсің деп емексіткендер де болған. Бұрынғы екі серігіне Бек 
Сүлейменовті, Аяп Нұрқановты, тағы біреулерді қосып алып, 
дауды қайта өршітті. Қарамы едәуір топ, өңкей қағылған­со­
ғылғандар. Айтар уәжі −  Мәскеуде мен ақ қарға болып, өз ойым­
ды өткізе алмадым, ал тарихи ақиқатқа жету үшін бізге үлкен 
аудитория керек... 
Он шақты тарихшы қол қойған арызды жауып тастау қиын. 
Менің орныма секретарь болған Ілияс Омаров та оңай жаңғақ 
емес, ҒА­ның вице­президенті Нығмет Сауранбаевты өзіне 
ша 
қырып, мына дауды қайтадан талқылаңдар, бізге тегінде 
көп талқысынан өткен ғылыми шешім қажет деген. Сөйтіп, 
1948 жылдың көктемінде, Ғылым академиясы төралқасының 
кеңейтілген мәжілісінде үшінші талқы өтті. Естуімше, соған 
шақырылған тарихшылар Грековтің айтқаны жөн, айтысуды 

270
Медеу СӘРСЕКЕ
доғарып, монографияларды көбейтіп, доктор атануды ойлайық 
деген мәмілеге келген.
−  Жөн­ақ! Бірақ, ағасы, менің қолымда одан өзгерек деректер 
бар.
−  Оның не екенін, қарғаш, ішім сезіп отыр. Сол қарсаңда біз­
дің оқымыстылар арасында даукестер көбейді, соларды тек зия­
лы деуге тіпті болмайды. Ермұханға өшіккендер тағы да бас 
қосып, «Соңғы талқылауға көптеген тарихшылар шақырылған 
жоқ, айтыс әділ өтпеді, Бекмахановтың сөзін сөйлеушілер ғана 
қатысты...» деген арызды Мәскеуге, ЦК­ға жөнелткен. О жақ­
тан да осы дауды қашан тоқтатасыңдар деп Ілияс Омаровты 
нығыртқан білем...
−  Сонда оларға «Әй, қойсаңдаршы! Ұят бар ма?» деген жан 
болмаған ба?
−  Болғанда қандай! Мысалы, мен қасымда отырған Хадиша 
Галимқызына неше мәрте «Біріңді­бірің жамандаумен ғылым 
өрістемейді. Осы дауда сенің нең бар, жолың жіңішке әйелсің, 
докторлық тақырыбыңды қаузап, тыныш отырғаның саған 
әлдеқайда тиімді. Шоқанның өмірін ерінбей қазып, ғылым кан­
дидаты атандың. Саған да, бізге де абырой болды. Ермұханға не 
үшін өшігіп жүргеніңді білем: Тарих институты директорының 
орынбасарлығын менен тартып алды, ең құрығанда бір жыл 
істеткен жоқ деген күйкі өкпе сенікі. Сол қызметке Ермұхан 
сұранып барған жоқ, бұл жұмысты доктор дәрежесіндегі адам 
атқаруға тиіс деген академия төралқасының шешімімен та ға­
йындалды. Бір жылдан кейін сол мансаптан өзі мезі болып, әрең 
құтылғанын білесің...» деп қадала айтып, ескерту жасағанымда, 
басқадай уәжі болмаған соң, маған ренжіп, «Әй, Мұха! Ермұхан­
ға шаң жуытпай, ылғи қорғап отырасыз. Оның мына кітабы, 
кандидаттық, докторлық диссертациясы да партия саясатына 
қарсы сарында жазылған. Менің ғылыми танымым, партиялық 
ожданым мұндай зиянды еңбекті қабылдамайды. Қысқасы, оны 
қара жерге отырғызбай тоқтамаймын!» деп өлермендік жасап 
отырғанда не істейсің?! Заман солай­ды, қолында қаламы бар екі 
қазақ бірі­біріне жаулық жасағанын көзбен көрдік, соған көңіл 
шіркін қарадай түршіксе де еріксіз көндік...
−  Ерекеңнің соңына шам алып түсушілердің бекем ұстанған 
желеуі сонда Кенесары қозғалысын таптық көзқараспен тал­
дап, азаттық ұранын жоққа шығару ма?

271
ШЫҒАРМАЛАРЫ
− Иә, сол. Оларды да осал деме, соншама өрекпуі де тегін 
емес: Сталиннің ұлы орыс халқының жетекшілік рөлі туралы 
1945 жылғы сөзін арқаланып, Кенесары бастаған бүліншілік 
патшаның отарлау саясатына ғана емес, күллі орыс халқына 
қарсылық десіп даурықты, әрине, оның артында Ермұханды та­
рих ілімінен аластау ниеті тұр.
−  Сонымен, 1948 жылдың жазында төртінші айтыс басталды. 
Алматыда тұратын тарихшылар оған түгел қатысыпты, тарихқа 
бейжай емес тыңдаушыларға да есік ашық болған. Бес күнге 
созылған ұзақ талқының хаттамасының көшірмесі менде бар, 
560 бет шамасы. Тарих институты былтыр арнайы кіріспе жа­
зып, 24 сөйлеушінің ғылым өмірбаянын көрсетіп, айтыстың хат­
тамасын жинақ етіп жариялады. Өзіңіз сол талқыға қатыстыңыз 
ба?
− Қатыстым, бес күн ұдайы тапжылмай отырып тыңдаушы 
болдым. Барлық мәжіліс түстен кейін, көбіне жұмыс аяғында 
бас талып, түнгі сағат 10­11­ге дейін созылды...
−   Онда, ағасы, өзіңіздің әсеріңізді айтыңыз. Деректі ғұмырна ­
ма жазатын қаламгерге бұл да керек. Әрі сіз жайбарақат тыңдау­
шы емессіз, кәсіби тарихшысыз...
−   Содан бері, қарғаш, 53 жыл өтті, көптеген эпизодтардың жа­
дымнан өшуі −  табиғи құбылыс. Сөйтсе де өзім қатты түршіккен, 
жүрек түбінде сақталғанын жаңғыртып көрейін... −   Мұхамеджан 
ақсақал саусағымен үстелді тықылдатып, біршама уақыт үнсіз 
отырды. −  Әсілі, сол айтыста тіл безеген шешендерді үш­төрт 
топқа бөлуге болады: біріншісі – Ермұханның қас жаулары, олар 
аянған жоқ, аузына келгенді оттады, кімдер екенін стенограмма­
дан көресің; екінші топты мен қайда және не айтуды айырмай­
тын кәдуілгі имансыз сөзсоқтылар деймін... Олар да өздерінің 
білгіштігін, саяси бағытының дұрыстығын көрсетіп бақты. Мы­
салы, ҚазПИ­дің директоры Серғазы Толымбеков, көпшілік 
жұрт оны білімпаз, нағыз эрудит деп көпшік қоя мақтайтын. 
Қазір де ірі тұлға еді деп естелік жазушылар бар. Сол шіркін 
мінбені алғашқы күні 3,5 сағат ұстады. Залдағы жұрт мезі сөзден 
жалығып, «Әй, қойсаңшы!» деген ескертуін қаперіне алған жоқ. 
Не дегенін, дүрелесең де, қарғаш, айта алмаймын, есімде жоқ...
−  Жинақта ол кісінің сөзі 24 бет, кәдуілгі кітап форматына 
аударсақ, сірә, 48 бетке сөз айтпайды.

272
Медеу СӘРСЕКЕ
−  Исаак Будовниц деген жебірей ғалымның, Мәскеуден кел­
ген тарихшы, «Толымбеков жолдастың кешегі мезі сөзіне мен 
қатты ұялдым. «Орыс патшасының ұлан­байтақ жерін отар­
лауы қазақ халқы үшін жақсы болды, соның арқасында, біз, 
міне, социализм құрып жатқан бақытты елміз, демек, сол кез­
де мойнымызға құлдық қамытын кигеніміз ақырында пайдаға 
шықты» деп сайрағанын естідік. Толыбеков жолдас, осындай 
масқара уәжді қалай айттыңыз?» дегені есіме түсіп отыр. Иә, 
сонсоң залдағы көп бұл сөзге дүркірей қол соқты. Осы сияқты, 
не айтқанын білмейтін екінші топтағыларға өздерін идейный та­
рихшы санайтын Сергей Покровский, Виктор Шахматов, Әбді 
Тұрсынбаев пен Мұсатай Ақынжановты қосамын. Бұлардың 
нені айтып тұрғанын ұғу қиын, әр нәрсенің басын шалып, тіл 
безеді. Ермұханға қарсы топтан Бек Сүлейменов пен Сәрсен 
Аманжоловты даралап атаймын: екеуі де айғақпен сөйледі, тек 
ниеттері бұзық. «Бекмаханов қателескенін мойындап, моногра­
фиясынан бас тартсын, әйтпесе дүйім жұртты шатастырады...» 
деген екеуінің тұжырымын залдағылар қабылдамады. Ал айтыс 
«күнәкарын» жақтаушы топ өте күшті: Әбіш Жиреншин, Елтоқ 
Ділмұхамедов, Ақай Нүсіпбеков, Исаак Будовниц, тағы бірнеше 
адам даулы кітапты қорғап, өз ұстанымдарынан айнымай сөйлеп, 
тыңдаушы жұрттың ризалығына бөленді.
− Көңіліңізді түршіктірген, иә күлкі туғызған әбес жайт­
тар болды ма? Мұндай қақтығыстарда біздің жазушылар қыза 
сөйлеп, кейде не деп тұрғанын білмей қалады...
− Біреуін айтайын, Нұрқанов деген шалағайлау тарихшы 
бол ды, есімі − Аяп. Кандидат атағы бар, орысшасы мүлдем на­
шар, мысалы, Ц мен С әріптерін ажырата алмайды, басқадай да 
кемшілігі көп. Естуімше, Ермұхан оны Тарих институтында істей 
алмайсың, білімің жетпейді деп жұмыстан шығарып жіберіпті. 
Сол шіркін үшінші күні мінбеге шығып, «Тауарыш Бекмаханов 
настоящый пиеодальный нассионалыст, он сысшитает гылавным 
казахскым батыром только Кенесары. А других нашых батыров 
сысшитает не ностояшыми. Например, у нас, кыпшаков, был 
исвестный батыр Амангельды Иманов. Он мне савсем близкий 
родиш. Его знает все казахи. Так вот однажды мы поругались с 
таваришем Бекмахановым, так как он сысшитал, ышто Аман­
гельды много раз во слабу уступает Кенесары. Он мне сказал, 

273
ШЫҒАРМАЛАРЫ
чтто все войско Амангельды по сшиленности равен только одно­
му из отрядов Кенесары. Разве можно так унижать кыпчаков?..» 
деп үтір, нүктеден хабары жоқ, әр сөзді белінен басып, өзінің 
қыпшақ екенін, Амангелдіге туыстығын неше мәрте қайталап, 
жұртты қыран күлкіге қарық қылып, жарым сағат былшыл­
дады. Мәжілісті басқарып отырған Нығмет Сауранбаев оны 
тоқтатып, «Жолдас Нұрқанов, сіз екі заманның қаһармандарын 
салыстырып тұрсыз. Кенесары Қасымов – XIX ғасырдың ада­
мы, ал Амангелдінің көтеріліс бастағаны − 1916 жыл. Менің 
естуімше, Кенесарының шолғыншы жасағын Амангелдінің 
атасы Иман батыр бастаған. Сол батырдың Кенесары әскерінде 
мыңбасы болып қол бастаған қисапсыз ерлігін Бекмаханов моно­
графиясында даралап көрсеткен. Нұрқанов жолдас, Аманкелдіге 
қандас туыс болсаңыз, содан артық не керек, қанағат етіңіз...» 
деп ескерту жасағанда, ана сорлы одан әрман долданып, «Міне, 
сіз де қыпшақтардың жауынгерлік рухын төмендетіп тұрсыз» 
деп, Нығметпен де айқаса кетті. Медеу шырақ, не дейсің, біз, 
тыңдаушылар, осындай да шатпақтарды естіп, күлкіге қарық бо­
лып, шаршаудан сергігенбіз.
−   Жә, Ерекең қайтті, күткен үмітіңізді ақтады ма?
− Ақтады! Айтыс стенограммасы алдымда болса талай қы­
зық жайтты еске түсірер едім, амал қанша, қарайып қалыппын. 
Сондықтан мені бұдан әрі қинама... Келістік пе? Ермұхан 
бесінші күні, жұрттың ең соңында, бір жарым сағаттай сөйледі. 
Жазып келген ештеңесі жоқ, не айтарын алдын ала жоба­
лап алған тәрізді. Әредік соған қарап тұрып, мейілінше сы­
пайы, ешкімге тиіспей, кейбір қарсыластары сияқты ар­
намысына тимей, бірақ әрбірінің неден қателескенін, нендей 
деректі бұрмалап көрсеткенін, енді бірінің ой топшылауының 
әлсіздігін ашты. Бұрын да білетін едім, сөйтсе де сол жолы мен 
Ермұханның шынайы білгір, сұңғыла тарихшы, құдай дара 
жаратқан ғалым екеніне шүбәсіз иландым. Әр сөзін тереңнен 
суырып, тапқырлықпен айтады. Келтірген айғағын даусыз 
қабылдайсың. Бір мысал айтайын: Сергей Николаевич Покров­
ский Қазақстанға соғыстың алдында келді. Тарихшы профес­
сор деген атағы бар, тек доктор емес, диссертация қорғамаған. 
Келген бетінде ол Алматы облысының прокуроры болып, талай 
жайсаңды сорлатқан тазартуға бақылаушы ретінде қатысты. Сол 
18­246

274
Медеу СӘРСЕКЕ
қызметін ҚСЭ­дегі өмірбаянында көрсетпеген, әдейі қарадым... 
Сергей Николаевич үнемі ақылгөйсіп сөйлейтін­ді, сол жолы 
да «Өзінің монографиясында Бекмаханов жолдас Қазақстанды 
отарлауға белсене қатысқан Ресей шенеуніктерін, әсіресе гу­
бернаторлар мен әскербасыларын аяусыз мінеп­сынайды, жөн 
делік. Алайда орыс халқының сол кезде өмір сүрген алдыңғы 
қатарлы перзенттері Герцен, Огарев, Белинский туралы ләм­
мим демеуіне өз басым таңғалдым. Бостандық үшін ат жалын 
тартып күреске шыққан қазақ халқына солардың бостандық 
туралы тамаша еңбектерінің игі әсері жайында ештеңе айтпа­
уы − кешіруге болмайтын «ұмытшақтық!..» дегенде, біздің жа­
ғымпаздар ризалық білдіріп, Покровскийге дүркірей қол соқты. 
Енді Ермұханның сол сынға не дегенін тыңдағын: «Сергей Ни­
колаевич, сіз ескерткен демократтардың есімін Дала қазағы 
түгілі, Ресейдің өзінде өткен ғасырдың 50­жылдарында санаулы 
адамдар ғана білді. Мен енді, сіз талап етті екен деп, сайын да­
лада мал соңында жүрген сауатсыз қазақтың аузына Герцен мен 
Огаревтің орыс патшасын өлтіре сынаған прогрессивті топшыла­
уын қалайша саламын, мұныңыз тарихты қисынсыз бұрмалау» 
дегенде, біздің пәтуасыз көп Ермұханға да «Бәрекелді!» десіп, 
тағы да қол соқты...
−  Шамалауымша, сол айтыстан кейін Ерекеңнің жағдайы тү­
зеліп, біршама уақыт мазалы тұрмыс кешкен тәрізді. Төрт ай­
тыстан кейін докторлық диссертациясы бекіп, ВАК­тан куәлік 
алыпты. Профессор атағын да иеленіпті.
−  Менің соған да шүбәм бар, қарғаш. Қазақстан КП(б) Орта­
лық Комитеті 1947 жылы «Қазақ КСР тарихының» екінші ба­
сылымын шығару туралы қаулы қабылдады. Оның жауапты 
редакторлары болып, қалыптасқан дәстүр бойынша, Орталық 
Комитеттің секретары Ілияс Омаров пен А.М. Панкратова бекіді. 
Ілияс тарихшы емес, мамандығы бойынша −  экономист. Бірақ 
білім­танымы жөнінен сол кездегі қазақ азаматтарының үздігі, 
ең бастысы, кітап оқығыш және өзіндік айтары бар, жалтаңбайы 
жоқ қайраткер. Жұмекең сол жігітті менің орныма қойып, оба­
лына қалды­ау деген өкініштен мен осы күнге дейін құралақан 
емеспін. Өйткені сол қарсаңда ол Шығыс Қазақстан обкомының 
бірінші секретары болатын, Кенді Алтайдың кен қазынасын мол­
дап игеруге қам жасап, өндіріс қазанының құлағын ұстап отырған 

275
ШЫҒАРМАЛАРЫ
азамат­ты. Со бетінде отыра берсе, кім білсін, республиканың 
бірінші басшы 
сы болуға үміткер кандидаттардың бірі еді. 
Амал қанша, Жұмекең бұл мәселені өзінше шешті. Ең шатағы, 
алғашқы басылымы дау­дамайға түскен «Тарихты» қайыра 
шығаруды соның мойнына артты. Ілияс та «Тарих» алқасы 
мен соны «түзейтін» авторларды өзгертпей әрі біз ұстанған 
тұжырымдарды бетке ұстап, тек түбегейлі редакция жасатқан. 
Кенесары қозғалысы туралы тарауды қайта қарауды тағы да 
Ермұханға тапсырды, тек көтерілістің түп себебін дала халқының 
тұрмысының қиыншылығын баса көрсету арқылы ашуға нұсқау 
берген. Осы жайт та ескі даудың қайта өршуіне түрткі болды. 
Сөйтіп, «Тарихтың» 2­басылымын жазуға үміттілер тағы да 
нәумез қалған. Қысқасы, Ермұханға қарсы топ іштен тынып, 
қолайлы сәтті күтті... 
* * * 
 
 −  «Қазақ КСР тарихының» 2­басылымы 1949 жылы жарық 
көрді. Мен сол басылымды кітапханадан таба алмай, ескі зия­
лы көршімнен сұрап алып, таяуда оқып шықтым. Сол «Тарих» 
1957­1963 жылдары үшінші мәрте көлемі ұлғайып, екі том болып 
басылды. Көлемі бес томға көбейіп, қампиған нұсқасы үйімде 
бар...
−   Мұның бәрін не үшін тізіп отырсыз?
−  Маған соның бәрінен де өзіңіз редактор болған алғашқы­
сы ұнайды, ағай. Қысылтаяң уақытта жазылса да, 1943 жылғы 
басылымда көп оқиға ұлттық тұрғыдан терең қамтылған, оқи 
бастасам­ақ еркіндік аңсаған мұңлық елдің қайғы­шерін, ға­
сырлық ұлы арманын сезінемін...
−  Мысалмен сөйлегін. «Тарихтың» кейінгі басылымдарының 
көлемі біз шығарғаннан екі­үш есе қалың. Соңғы басылымда­
рында Қазақстан тарихының мәнді кезеңдері кеңірек қамтылған 
деген пікірді мен бертінде жиі естідім. Сіз соның бәріне кереғар 
ой айтып отырсыз...
−  Алғашқы нұсқа үш бөлімнен тұрады. Біріншісі 17 тараудың 
басын қосқан, яки «Тәуелсіз кезеңдегі Қазақстан халықтары» 
деп аталып, ерте заманнан XVIII ғасырдың бас кезіне дейін қа­
зақ даласын қандай халықтар қоныстап, кімдердің билік еткені 

276
Медеу СӘРСЕКЕ
баяндалған. Мен осы бөлімнің «Тәуелсіз кезеңдегі...» деген нақ­
тылы атауына қайран қалдым. Яғни, XIX ғасырға дейінгі ұзақ 
кезеңді сіздер тәуелсіздік сөзімен өрнектеп, баяғы қазақ өзін­өзі 
билеп, сайын далада емін­еркін өмір сүрді деген тұжырымды 
оқырман санасына сіңіресіздер. Бір деңіз...
−  Тарихи шындық та солай. Қазақ хандығы дербес мемлекет 
болған кезде бөгде елдердің билеп­төстеуіне көнген жоқ. Иелігіне 
тиген кең жерді найзаның ұшымен қорғады, ер азаматы үнемі 
ат үстінде өмір сүрді. Сондықтан да алғашқы бөлім «Тәуелсіз 
Қазақстан» атанды. Жалпы, тәуелсіз деген сөз, қарғаш, жүректе 
сүйсініс те, мақтаныш та туғызады. Көп жыл қолданыста болған 
әнұранның «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір 
мен ар үшін қидық жан» деген сөздерін еске түсіріңіз! Тәуелсіздік 
сөзін қазірде «егемен» деген мәні түсініксіз, жадағай сөзбен 
ауыстырдық. Тәуелсіздік атауынан неге бездік, түсінбеймін, 
ал соның түпкі мәнінде еркіндік ұғымы атойлап тұр. «Егемен» 
деген сөзді мен білмеймін, сірә, егесу, жүз шайысу, белдесу 
тәрізді ұсақ егестің баламасы. Сол сөзді байтақ ел мен жер ата­
уына қосақтап, «Егемен Қазақстан» деп дүние жүзіне тараттық, 
түсінбеймін, кімнен, неге қорқамыз? «Егеменді» мен көп томдық 
«Қазақ тілі» сөздігінен іздеп таба алмадым, сөздікте ондай сөз 
жоқ! Ел рухын жасытуға әсте болмайды, намыс қоздырып, рухты 
көтеретін теңеулерді қолданысқа шығару керек!
−  Әлгі ойымды жалғастырсам, ағасы, осы бөлімнің бір тара­
уы «Қазақ халқының қалыптасуы және Қазақ мемлекетінің 
құрылуы» деп аталса, тағы бір тарауға «Қазақ халқының жоңғар 
басқыншыларымен күресі және Ресей патшасына бодан болмауға 
XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қарсы қарекеті» де­
ген айдар тағылған. Енді бір тарау «Орта жүздің тәуелсіздік 
жолындағы күресі һәм Абылай хандығы» делінген... 
−  Тағы не көрдіңіз?
−  Екінші бөлімның атауы алғашқыдан да сұмдық, тура төбе­
ден қойып қалғандай күшті, жақсы мағынада айтып отырмын: 
«Қазақстан – отар ел», «Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды» 
деген, яки бертінде халық санасына жөн­жосықсыз тықпаланған 
жасанды уәжді жоққа шығарады. Сол бөлімде қазақ халқының 
жерін отарлаушы елге әлеуметтік­экономикалық тәуелділікке 
тап болғаны нақты деректермен иланымды жазылған. Ал осы 

277
ШЫҒАРМАЛАРЫ
бөлімдегі тараулардың атауы: «Қазақстанды отарлау», «Патша 
өкіметінің Қазақстанды орыстандыру саясаты», «Қазақстанды 
тауар алатын және орыс өндірістеріне шикізат беретін аймаққа 
айналдыру», «Столыпин реакциясы кезіндегі Қазақстан» неме­
се «Шортанбай ақынның дастандары», яки «Зар заман» ақын­
дарының көрнекті өкілдері туралы сипаттама...
− Рақмет, жап­жақсы талдадыңыз! Алайда сіз соны қазіргі 
тәуелсіз заманның әсерімен тұжырымдап отырсыз. Шындығын­
да біз, редакция алқасы, бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қа­
радық. Басты ақылшымыз Анна Михайловна Панкратова ә де­
геннен бізге тарихи оқиғаларды ағымдағы саясатқа бұрмаламай, 
тек қана болған қалпында баяндауды талап етті. Соның бірі − 
Қазақстанның Ресейге қосылуы «ең үлкен залал» («наибольшее 
зло») деген тұжырым. Бұл теория 1920­40 жылдары үстемдік 
етті. «Қазақ КСР тарихының» соңғы екі жарым ғасырдағы оқиға­
лары осы позициядан жазылды. Оның үстіне авторлар құрамын­
да Марғұлан, Әуезов, Кенжебаев, Мүсірепов, Ысмаилов сияқты 
өзіндік ой­пікірі бар, қазақы ділі күшті білімпаздар болға­
нын ұмытпаңыз. Әсіресе Әлекең, Марғұланды айтамын, өткен 
заманның оқиғаларына ерекше жетік, соларды әңгімелегенде 
мүдірмейді, жады керемет. Әуезов те әріден толғап сөйлегенде 
Мәскеу ғалымдары аң­таң болып қызыға тыңдайды. Әрине, 
біздің оқымыстылар мәдениет, әдебиет баяндалған тарауларға 
көбірек атсалысты. Жалпылама тарауларды талдағанда ұтымды 
пікірлер айтып, өз ойларын өткізіп отырды. Сайып келгенде, сол 
да сіз байқаған батылдықа жаныған болар. Тағы бір гәпті ескер­
ту парыз: Сәбит Мұқановтың белсенділігін білетін шығарсыз, 
обалы не, ол кісі тарғыл даусымен «Әй, жолдастар, партияның 
ақ жолынан аумаңдар, ұлт мерейін көтерем деп ұлтшыл бо­
лып шықпайық!..» деп безектеп бағатын. Амал қанша, ақыр 
аяғында ол кісінің байбаламы дұрысқа шықты. Неге? Соғыстан 
кейін бұрынғы үстем тұжырым түбірімен өзгеріп, «ең аз за­
лал» («наименшее зло») теориясы қолданысқа енді. «Қазақстан 
тарихының» алғашқы басылымына сол да зиянын тигізді... Бұл 
теория кейіннен тағы да құбылып, бұратана халықтардың «Ре­
сейге өз еркімен қосылуы» деген ұстаным жолды болып, жер­
жерде сол оқиғаның 200­300 жылдығын тойлау басталды. Біздің 
республика бертінде 250 жылдықты дүбірлете тойлады.

278
Медеу СӘРСЕКЕ
− Менің де қайыра сөз етіп отырғаным осы гәп, ағасы. Әр 
тараудың атауы ұлт мерейін көтергендей күшті сөздермен да­
раланған. Тарихтың кейінгі басылымдарында алғашқының сүл­
бесі ғана сақталып, ұлттық әуені жасып, жадағай сипатталған.
− Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңестер Одағының бар­
лық ұлттарында ортақ Отанды қорғаушымын, мына соғысқа 
үлесім қай халықтан кем дегендей отансүйгіш түйсік күшті бол­
ды. Сталиинің радиодан сөйлеген сөзінен кейін халық санасында 
өткен тарихына үңіліп, атақты батыр, айбынды билеушілерінің 
биік рухына табыну, оларды мақтан тұту сияқты ұлттық сезім­
дер қайтадан оянғанын ұмытпаңыз! Қысқасы, жұрттың бәрі 
сөз бен рух бостандығын сезініп, емін­еркін сайраған мазалы 
кезеңді басынан кешті. Меніңше, осы жайт та «Қазақ КСР тари­
хын» көтеріңкі әуенде, ұлттық бояуы қанық түрде толғауымызға 
түрткі болды. Амал қанша, бірер жылдан соң соның бәрі жайына 
қалып, баяғы қайыс ноқтаны басымызға қайыра кигенімізді бір­
ақ білдік. 
Мұхаң басын шайқап, аққұба жүзі қарауытып, әлденеге қо­
балжығандай болды.
* * *
 Бір тәулік демалып, 2001 жылғы сәуірдің 15­і күні сағат 
он шамасында қайта кездесуге уәделестік. «Күйеу баламның 
үйінде отырсақ қайтеді, онда да оңаша бөлмеде боламыз, үй ие­
лері – жастар, ешкім бөгет жасамайды...» −   деп едім, Мұхаң ба­
сын шайқап: «Ермұханның қара шаңырағы, қарғаш, мен үшін  
қасиетті орын, өзі барда талай рет қонақ болып, шай­пай ішкен, 
әңгіме шерткен құтты жер. Бұрнағы күні көңілді отырғанымның 
түп себебі де осы...» −   деген уәж айтқан соң тағы да сол үйде емін­
еркін жайғасып, әңгімені жалғастырдық...
−  Әңгіменің ең қиын кезеңіне кірісеміз, аға. Сыпыра шерлі 
оқиғалар. Көңіл күйіңіз қалай? − деп әзіл айтып едім, ақсақал 
кеңкілдеп күлді де:
– Ермұханның есімін халыққа қайтармақ ойыңа сендірдің, 
қар ғаш, нендей сұрау қойсаң да жауап беремін. Менің көңіл 
күйіме қарама, еш нәрседен жасқанба!.. −  деді.

279
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Менің әдейі ескертіп отырғаным – қазақ зиялыларының ба­
сына қаратүнек заман орнатқан 1951­1953 жылдардың жан­
түршігерлік оқиғалары еді...
−  Соңғы репрессияның басталуына «Правда» газетінің 1950 
жыл ғы 26 желтоқсан күнгі санында жарияланған Т. Шойынбаев, 
Х. Айдарова және А. Якуниннің «Қазақстан тарихын маркстік­
лениндік тұрғыдан баяндайық» деген сыңарезу тақырыппен 
жарияланған көлемді мақаласы мұрындық болған. Осы мақаланы 
Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің үгіт­насихат бөлімінің 
меңгерушісі, мәскеулік келімсек И.П. Храмковтың аранда­
ту мақсатымен ұйымдастырғанын, содан өрбіген үш жылдық 
қудалауда кімдердің жәбір көргенін мен өзіңізге сыйлаған «Қа­
зақтың Қанышы» кітабымда үш тарау етіп, шама­шарқым 
жет кенше ашып жаздым. Алайда сол оқиғалардың кейбіріне 
қосымша түсінік алғым келеді. Өйткені сол «тарихты» енді 
Ерекең өмірімен жанастыру қажет...
−   Давай, баста, қарғаш, ойың дұрыс.
−   Жоғарыда есімдері аталған үш тарихшы туралы мен едәуір 
ізденіс жасап, ҚСЭ­ден де, өзгедей де анықтама кітаптардан 
ешқандай дерек кездестірмедім, құдды бір өткен тарихымызда 
ондай зерттеушілер болмаған, ғылыми еңбектер жазбағандай 
әсер туғызады. Бұл жайында не айтасыз?
−  Бұл енді қауымның соларға суық көзқарасының салдары. 
Соңғы науқанға мұрындық болғанын, демек, кешірмеген. Бұл 
жайында біздің халық «Біреуге көр қазсаң, өзіңе де дайында...» 
деген. Шындығында сол шіркіндердің басты кінәсі − «Правда» 
газетінің тілшілері Чередниченко және Озеровтің Алматыға 
келіп, Храмков дайындатқан мақалаға қол қойғанында.
−  Үшеуінің білім­танымы туралы не айтасыз?
−  Якунин соғыс жылдарында менің қарамағымда істеді. Са­
яси сауаты, жазғыштығы көп­көрім, ғылым кандидаты ата­
ғын Қазақстан тақырыбында қорғады. Оны біз «Қазақ КСР та­
рихының» алғашқы басылымын жазуға тарттық. Соғыстан кейін 
Якунин Мәскеуге ауысып, Жоғары партия мектебінде дәріс 
оқыды. Менің білуімше, өзіндік байламы жоқ, жел бағытын 
аңдағыш тарихшы. Ермұханның кітабы туралы ғылыми айтыста 
пікірін үш мәрте өзгертті. «Правда» жариялаған мақалада ол өзі 
автор болған кітапты сынады. Бұл енді принцип пен кісіліктен 
жұрдай жолбикелік...

280
Медеу СӘРСЕКЕ
−  Шойынбаев туралы не дейсіз?
−  Тек қана даурықпа айғайдың адамы. Сауаты шамалы. Орыс­
шаға мүлдем шорқақ. Соғыс жылдарында оның Балық аулау нар­
коматында бөлім бастығы болып істегенін білесіз бе? Сол шіркін 
балық аулаумен шұғылданса қоғамға пайдасы көбірек болар 
еді, амал қанша?! Әлдекім оны тарихшы деп, Тарих институты 
ашылғанда ғылыми хатшы қызметіне шақырыпты. Сол кезде 
жоғары білімі де болмаған, екі жылдық мұғалімдер институтын 
бітірген. ҚазПИ­де алты жыл сырттай оқып, соғыстан кейін ди­
плом алған...
...ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2008 жылғы 14 сәуір­
дегі С/5­1258 санды рұқсаты бойынша, осы ұжымның Алматы­
дағы мұрағатында сақтаулы 699­істен (қомақты екі бума, жалпы 
көлемі 600 бет шамасы) мен  Бекмахановқа 14 адамның 19 ай бойы 
тыңшы (халық оларды «салпаңқұлақ деген) болғанын білдім. 
Солардың бірі −  Т. Шойынбаев. Е. Бекмахановтың «қылмысы» 
қаралған 1952 жылғы 2­4 желтоқсан күнгі Қазақ КСР Жоғары 
сотының мәжілісіне ол куәгер ретінде де қатысқан. «Түзелмейтін 
ұлтшыл, Кеңес өкіметінің қас жауы...» деп қаралаған куәлігін 
мен «Бекмаханов» ғұмырнамасында толық келтірдім.
−  Айдаровамен көп жыл Партия тарихы институтында бір ге 
еңбек еткеніңізді айтқансыз. Хадиша Галимқызының өмір жо­
лы мен ғылыми жұмыстарына тоқталсаңыз?..
−  Хадиша менен екі жас кіші, Партия тарихы институтында 
марксизм­ленинизм классиктерінің еңбектерін қазақшаға ауда­
румен шұғылданды.
− Ол кісі докторлық диссертациясының тақырыбын 1945­
1970 жылдар аралығында үш мәрте өзгертіпті: «Қазақ халқының 
1905­1920 жылдардағы ұлт­азаттық күресі» тақырыбына ең­
бек әзірлеп жүргенін 1948 жылы өз қолымен жазған анкета­
да көрсеткен; одан кейін «XX ғасырдың 20­жылдарында Қа­
зақ стандағы әлеуметтік ойдың қалыптасуы» және 1970 жылы 
«Төңкеріске дейінгі Қазақстанда марксизм­ленинизм идея­
ла рының таралуы» тақырыптарын таңдапты. Демек, Айдаро­
ва ғылым докторы атанудан жасы егде тартқанға дейін үмітін 
үзбеген. Алайда қорғамаған. Неге?
−  Хрущев жариялаған жылымық кезінде, одан кейін де Ха­
диша біздің зиялы қауым тарапынан дүрдараз көзқарасқа 

281
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ұшырады. Ешқандай жиынға, талқыға шақырмайды. Көп адам 
онымен амандаспайды...
−   Соған ол қалай төзді? Әйел адам үшін бұл −  ауыр жаза!
−  Хадиша Галимқызы −  ішіндегі сырын ешкімге ашпайтын 
тә каппар адам, кербездігі мен бірбеткейлігі бірдей. Сауаты да, 
жазарман қабілеті де күшті. Соны тек ғылыми ізденіске жұмса­
май қор болды. Өз қатарынан даралануға аса құмар еді, сірә, со­
дан да зардап шекті...
−  Айдарованың кейбір еңбектерін оқыдым. Саясат аужайы на 
бейімдеп, марскизм­ленинизм классиктеріне сілтемені көп жа­
сап, өз ойын бұлдырлатып жазады...
−  Солай жазу, Медеу шырақ, бәрімізге тән, заман талабы біз­
ден сөйтуді талап етті. «Мен» демей, үнемі «біз» деп жазамыз. 
Хадиша Галимқызы өткен жол – комсомол мен партия мектебі. 
Коммунизм идеясына шексіз сеніп, барлық іс­қарекетін, ғы­
лыми жұмысын сол жолға бағыштаумен өмір сүрді. Мен де 
сталиниспін, сол қалпымнан айнымай өмірден кетемін. Бірде 
мен оған «Докторлық жұмысыңды қорғауға неге ұсынбай сың? 
Көңіліңде қорғатпайды деген күдік бар сияқты. Алматыда қор­
ғауға сескенсең −  өзбектер мен қырғыздарға бар. Құдай жөні – 
Мәскеу, орыс ғалымдары біздегідей ұсақ, пасық әрекетке үйір 
емес, тек оңды жұмыс ұсыну керек» дедім. Хадиша Галимқы­
зы біршама уақыт тым­тырыс отырып, «Ой, Мұха, жанашыр 
пейіліңізге рақмет! Сөйтуге тәуекелім жетпейді. Өйткені қорғау 
үстінде омақаса құласам − қайыра тұруым қиын, мен үшін бұл − 
өліммен бірдей. Мен өз жолымды өзім кескен адаммын. Кейде 
ұйқым шайдай ашылып, қым­қуыт ойға түскенде ойлаймын: бет 
жыртысқан дауда нем бар еді, зерттеуімді алға сүйреп, таза еңбек 
қаузасам − осы күнде менен жақсы кісі болмас еді, амал қанша?!.» 
деп көзінен жас мөлтілдеп қамыға күрсінді.
−  Енді Ерекең тап болған қиын жағдайға келейік. 1951 жыл­
дың сәуірінде ол кісі үш түрлі жаза тартқан: Мәскеудің Тарих 
институты төтенше шақырылған кеңесте ғылыми атақтарын сы­
пырып алған; оны ВАК жедеғабыл бекітіпті; ҚазМУ­дің пар тия 
ұйымы партия қатарынан аластаған, баяндама жасаушы −  та­
рих факультетінің деканы, доцент Ақынжанов, 16 адамның әзі­
рейілше түйіле сөйлеген сөздерін оқыдым; сол айда ол басқарған 
қазақ тарихы кафедрасы жабылып, жұмыстан шы ғарылған... 
Ал мен естіген қауесетте, «Правданың» мақаласы жарияланған 

282
Медеу СӘРСЕКЕ
соң, Ерекеңді Шаяхметов шақырып, «Сен енді бұрынғы ұс­
танымыңнан бас тарт, қияңқы қылықты доғарып, уақытша 
ше гініс жаса. Сөйтсең ғана мен сені қорғаймын, Ком партияға 
мүшелігіңді сақтаймын...» деген уәдесінен айнып, не себепті 
қатаң жазалады?
 Қауесет емес, айтып отырғаның −   абсолютный шындық! Бұл 
масқараға менің де қатысым болды, қарғаш. Ермұхан шу дегенде 
мойнын ішіне алып, «Не істесе де пікірімнен бас тартпаймын...» 
деп, «Правда» редакциясына, Орталық Комитетке хат жазбақ 
болған. Соны естіген соң пәтеріне келіп, бұл үй емес, Панфи­
лов көшесіндегі Академияның үйі, бір секцияда екі­үш отбасы 
тұратын­ды. Халимаш куә, екі­үш сағат ұрсып та, жалынып та 
сөйлеп, «Үрпе­шүрпе бес балаңды тірі жетім етіп, темір тордың ар 
жағына түсесің, партия қатарында қалсаң −   білімің бар, жұрттан 
қалмайсың, саяси ахуал түзелген кезде ғылыми атақтарыңды 
да қайтарып аласың» деп, райынан қайтуға көндірдім. Кінәсін 
мойындаған арыз жазып, Шаяхметовтің көмекшісіне берді. 
Бірінші секретарь соны газеттерге жариялауға нұсқау етіпті 
дегенді естідім. Алайда... мәселе өзгеше шешілді. Газет ма­
қаласын бюрода қарағанда Ермұханға жазаның ең ауыры артыл­
ды. Талқылаудың қалай болғанын мен Ермұханның өз аузынан 
естідім. Жұмекең ақталуға мүмкіндік бермей, үнемі жекіріп, 
аузын аштырмапты. Ермұхан сорлы ақыр аяғында қаймығуды 
қойып, «Неге сіз мені жау элементі етуге құлшынып тұрсыз? 
Мен жастайымнан жетім қалып, тек қана Совет өкіметінің қам­
қорлығымен жоғары білім алып, ғалым атандым. Сол өкіметке 
қалайша мен жаулық жасаймын?!» дегенде, Қауіпсіздік ми­
нистрі А.П. Бызов ақырып, сөзден біржола тыйыпты. Тек қана 
екінші хатшы С.И. Круглов, сірә, жар түбіне құлауға шақ 
тұрған тарихшыға жаны ашыған білем, «Жолдас Бекмаханов, 
сіз эгоистік жасап тұрсыз, дереу райыңыздан қайтыңыз...» деп 
ара түскенде, Қауіпсіздік министрі «Сергей Иванович, сіз кімді 
қорғап отырсыз? Бекмаханов түзелмейтін ұлтшыл екенін қазір 
де көрсетіп тұр...» дүрсе қоя беріпті... 
«Бызов мені дөрекі сөздермен сықпыртып жатқанда, қа зақ 
азаматтарының бірде­бірі бұл жігітті біз жас кезінен білеміз, әлі 
де сенейік демеді, әділдік сөйтіп аяққа тапталды, Мұха...» деп 
Ермұхан маған жаутаңдай қарап, көз жасын көлдетті.
−  Жұмабай Шаяхметұлының Ерекеңді қорғамағаны түсі нік­
ті. Партияның бас газетінің айбынынан сескенген. Алайда Сәт­

283
ШЫҒАРМАЛАРЫ
баевты, Әуезовті, Жұбановты, қазақ әдебиеті мен тарихының 
көрнекті тұлғаларын Тәкежанов, Нұрышов сияқты шалағай 
кандидаттар баспасөз бетінде, жиындарда аяусыз сынауына 
жол беруін түсініп, кешіру қиын, ағасы. Жұмекең сонда Шо­
йынбаевтың ойдан бопсалаған жаласына сенген бе? Әлде Храм­
ковтан сескенген?..
−  Жұмекең – сақ адам, жазалаушы органда істеген кәнігі че­
кист. Меніңше, осы науқанның қайдан қозғалып, кімнің нұс­
қауымен әзірленгенін ол кісі білген. Оған қоса Жұмекеңнің 
білімі таяз, ел тарихын, оның рухани қажеттігін де түсінбейді. 
Әдеби де, тарихи да кітаптарды оқымайды. Бір жолы салон­
вагонмен Жамбыл қаласына бара жатқанда мені преферанс 
ойнауға шақырды. Мен «Жұмеке, ертеңгі сөзіңізді қараңыз, не 
кітап оқыңыз, картасы құрғырдан сіз екеумізге пайда шамалы» 
дегеніме қатты шамданып, «Жарайды, сен­ақ білгіш бол!» деп 
ренжіп, қолын сермеді. Әлгінде сіз даралап атаған үш тұлғаның 
тағдырына немқұрайды қарағаны да содан. Сол алыптардың 
халыққа қажет, ел тарихының басты тұлғалары екеніне түйсігі 
жетпеді...
−  Әлгінде сіз науқанға қауіпсіздік жүйесі ерекше шүйілге нін 
ескерттіңіз...
−  Бұл да, қарғаш, сол заманның ащы шындығы. 1951 жыл­
дың күзінде А.П. Бызовтың орнына Павел Михайлович Фитин 
деген Мәскеуден келді. Естуімше, ерекше қатыбас генерал
*

Бәлкім, біздегі науқанды жеделдетуге әдейі жіберген. Әрбір 
жаңа бастықтың бастапқы екпіні қатты болатынын білетін 
шығарсыз? Ол келген соң газет бетіндегі сөзсойыл бұрынғыдан 
да күшейіп және бас еркі өзінде жүргендерге қылмыс байлау 
басталды. Соларды қорғап жүрген Омаров қызметінен аласта­
лып, үйқамаққа отырды. Төлеген Тәжібаев та ректорлықтан 
* «Совершенно секретно» (Вл. Абаринов, «Выманить и уничтожить», № 03 (262) 
2011 ж.) атты тәуелсіз, беделді ресейлік альманах жариялаған мақаладан мен генерал­
майор П.М. Фитиннің Қазақстанға келгенге дейін КСРО Қауіпсіздік министрлігінің 
«Шетелдік барлау» басқармасына жетекші болған 7 жылда 263 агенттен айырылған 
(бәрі де шетелде біржола қалып, саяси баспана сұраған) ауыр күнәсі үшін 1951 
жылы қызметінен қуылып, қиырдағы Қазақстандағы шағын министрлікті басқаруға 
«төмендетілгенін» оқып, жағамды ұстадым. Сондықтан да ол бейбақ қазақ зиялы­
ларынан арасынан ұлтшылдарды көбірек тауып, аяусыз «әшкерелеп», жоғарыдағы 
кінәсінен ақталуға ерекше мүдделі болған...

284
Медеу СӘРСЕКЕ
айырылды. Храмковтың жұлдызы оңынан туып, пленум, пар­
тактивтерде, съезде де сол ғана сөйлеп, Шаяхметов, Омаров, 
Круглов, Жарылғапов, Сәтбаев, Тәжібаев, тағы кімдердің есім­
дерін даралап атап, «Ұлтшылдардың қорғаушысы, өздері де 
ұлтшылдық пиғылдан арылмаған...» деп сайрады. Бюро мүшесі 
емес, қатардағы бөлім бастығының осыншама дандайсуына біз 
таңғалып, жағамызды ұстадық. Ал соның айтағымен Шілде­
баев, Тәкежанов, Шойынбаевтардың мінбеден түспей, аузына 
келгенді оттағаны жанымызды түршіктірді. Бұлардың сонша­
ма желігуіне Мәскеуден келген Орталық Комитет комиссиясы­
ның мүшелері Шикин, Митрейкин дегендердің жағдайды ушық­
тырып, «Правда» мақаласын талқылау қасақана бір жылға 
созылған, кінәлілерді әшкерелеуде қырағылық жетіспеген, 
ымы 
 
рашылдық, жерлестік қарым­қатынастар жолды болған, 
тіліп түсер большевиктік өткірлік мүлдем ұмытылған...» деген 
қор тындысы ақыр аяғында біздің азаматтардың сорын қайнат­
ты. Жұбановтың, Сәтбаевтың, ең соңында Әуезовтің Мәскеуге 
жылыстап кетуі −  жағдайдың әбден шиеленісуінің салдары. 
«Правда» газеті 1951 жылы осы мәселені, жаңылмасам, төрт 
мәрте жазды. Соның кейбірінде жоғарыда есімдері аталған ноян 
азаматтарды тізе отырып. Әрине, таяқтың бір басы Жұмекеңе 
тиді... 
−  Сондықтан да Храмковқа тыйым салмай, Жұмекең өз ба­
сын қор ғаған ба?..
Мұхамеджан Әбдіқалықұлы бетіме ожырая қарап, үстелді 
тықылдатты. Мен босаған құлақтарға сусын құйып, бұрнағы 
күні өзіміз бастаған конъякты қолыма алып едім, қолын сер­
меп, қоя тұр дегендей ишарат жасады. Әлденеге қатты қобалжып 
отырғанын сездім.
−  Мен сізге, қарғаш, сол күндегі әрекенің кімнен өрбіп, не­
ліктен жәдігөйлікпен жүргені туралы өз ойымды айтайын, 
қортындыны өзіңіз жасаңыз... −  деген ақсақал шай құлақтағы 
суды жұтып, тамағын жібітті. −  Андрей Александрович Жда­
нов кенеттен қайтыс болған соң оның орнына 1947 жылдың аяқ 
шенінде Михаил Андреевич Суслов тағайындалды. Оның кім 
екенін сіз білуге тиіссіз: 35 жыл ұдайы, яғни 1982 жылға дейін 
КСРО­ның бас идеологы болып, Хрущевпен де тіл табысып істеді, 
ал Брежнев билеген заманда 2­хатшының міндетін қосаметкей 

285
ШЫҒАРМАЛАРЫ
атқарды. Сұсы ерекше, мінезі қатаң, айтқанынан қайтпайтын 
күшті қайраткер деген лақапқа ие адам... 
Мен сізге Михаил Андреевичтің өмір белестерінің бастапқы 
екі­үш кезеңін айтайын: Серго Орджонокидзе Ауыр өнеркәсіп 
наркомы болған кезде оның оң қолы болған орынбасары Пята­
ковты партияға қарсы топ құрушы етіп, ашық сотта «кінәсін» 
мойындатқан осы саясаткер деген қауесетті естігенмін; сірә, 
Серго жолдастың өзіне қол жұмсауы сол істі тоқтата алмауы­
нан деседі... Суслов о кезде КСРО Совнаркомы Бақылау комис­
сиясының жауапты қызметкері. 1939­1944 жылдарда ол Ставро­
поль (сол кезде Орджонокидзе атанған) өлкесінің партия ұйы­
мын басқарды. Храмковты комсомол қызметінен партиялық 
жұмыс қа шақырып, соғыстан кейін осы өлкедегі Пятигор қа­
лалық партия комитетіне бірінші секретарьлыққа көтерген де 
Михаил Андреевич. Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң 
Иван Петровичтің Қазақстан КП(б) Орталық Комитетіне жібе­
рілуінде осындай гәп барын маған Іслам марқұм айтқан еді, 
Храм ков екеуі алғашқы кезде бөтелке дос болғанын, сірә, сізге 
айтпаған шығар?
−  Айтқан­ды, бірақ басқа бір жайтқа байланысты.
−  Суслов 1944 жылы БКП(б) Орталық Комитеті Литвада ұста­
ған Бюроны басқарып, екі жыл бойы мыңдаған литвалықтарды 
Сібірге айдатып, ұлттық өрлігі, бірбеткейлігі ерекше басым ха­
лықты КГБ отрядтарының күшімен қанға бөктіріп, кеңестік 
тәртіпке бойсұндырған Михаил Андреевичтің мейірімсіз қимыл­
әрекетін И.В. Сталин ерекше бағалап, 1946 жылдың басында ол 
Кремльдегі аппаратқа алынған, нақты қызметі беймәлім. Есім­
дегі факт: сол жылы ол кеңестік жебірейлердің фашистерге 
қарсы жұмыс істеген Ұлттық комитеті басшыларының зиянкестік 
«қыл мысы» туралы Иосиф Виссарионовичке хат жазған; тек­
серу нә тижесінде Ұлттық комитеттің 23 мүшесі атылып, 140 
жебі рей, бәрі де өнер адамдары, әр түрлі мерзімге сотталғанын 
мен ЦК­ның секретарьларына келетін жасырын құжаттан 
оқы дым. Тоқете рін айтқанда, И. Сталин оны идеология сала­
сын басқаратын секретарь етті. Сол ауысу менің Қазақстан 
КП(б) Орталық Комитетінен аласталған сәтіме дөп келді. Сек­
ретарьлықтан босатарда маған ешқандай кінә айтылған жоқ, 
Жұмекеңмен қоштасарда «Не үшін?» деп едім, ол кісі тө бені 

286
Медеу СӘРСЕКЕ
нұсқап, «Жаңа идеолог сізге риза емес, Қазақстандағы идео­
логиялық жұмыстың деңгейі төмен...» дегенін қағазға жазып 
көрсетті. Қысқасы, Сусловтың дәлелсіз сынынан өзінше қор­
тынды шығарған. Храмковтың Қазақстанға келуі – 1948 жылдың 
жазы, оны да Қазақстандағы идеологиялық жұмыстың деңгейін 
көтеруге қолғабыс етеді деген желеумен жіберген...
−  Жұмекеңнің оны қабылдамауға қақы бар ма еді? Ең бол ма­
ғанда басқа бөлімге?
−   Жоқ, Жұмекең Мәскеудің нұсқауына ешқашанда қарсы  ­
лық жасамайды. Скворцов кадр мәселесінде бекем саясат ұс­
тады, сырттан билеп­төстеуге жол бермей, кімді қайда қоюды өзі 
шешті. Жұмекеңнің қателігі −  И.П. Храмковты қарсылықсыз 
қабылдап әрі бір жылдан кейін үгіт­насихаттың жетекшісі етті 
және соны шовинист екенін біле тұра істеді. Оның немен аяқ­
талғанын «Қазақтың Қанышы» кітабыңызда жазыпсыз: Бөлебай 
Исабеков екеуі қызметтерін өзара ауыстырған соң­ақ Иван Пе­
трович идеологияға кімнің қожа екенін біздің халыққа қарсы 
ұйымдастырған неше түрлі іс­әрекетімен дәлелдеді...
−  Бөлебай Исабековтің айтуынша, Шәміл имам бастаған ха­
лықтық қозғалыстың ұлт­азаттық мәнін теріске шығару мақ­
сатымен Дағыстан мен Әзербайжанда ерекше қызу жүрген нау ­
қанды Қазақстанда қайталауға Храмков ерекше мүдделі бол­
ған...
−  Абсолютно дұрыс. Біздің ұрдажық белсенділер ұйым дас­
тырған 1948 жылғы айтыста­ақ ол сол гәпті көңіліне түйген. 
Бірақ әліптің артын баққан... −  Мұхамеджан аға сол оқиғаларды 
есіне алғысы келмегендей күрсініп, басын шайқады. −   Қысқасы, 
академик Грековтың ескерткені болды да қойды: Храмков жергі­
лік ті тарихшылардың өзара қырқысын ұтымды пайдаланып, зұ­
лым әрекетіне алаңсыз кірісті. Кімдерге арқа сүйеуді де білді. Сіз 
«Правда» жариялаған мақала авторларының интернационал­
дық құрамына, үш ұлттың өкілі екеніне назар аударыңыз. Қазақ, 
татар және орыс... Солар қол қойған мақаланың жарық көруі­
не Қазақстанның басшылары ғана емес, Мәскеу мен Ленинград 
тарихшыларының қарамды тобының наразылық білдіргеніне 
қарамастан, «Правданың» екі тілшісі Алматыға келіп, бір ай жа­
тып, сойқанды мақаланы өздері дайындап, ең соңында Тарих ин­
ститутында соны екі күн жабық мәжілісте талқылап, жариялауға 
мақұлдатуы неліктен, кімнің ынтасы деп ойлайсыз?

287
ШЫҒАРМАЛАРЫ
−  Сол істе Храмковтың белсенділік көрсеткенін естідім. Ілияс 
Омаров, Жұмекең де наразылық білдірген дейді, Иван Петрович­
ті тоқтатпауы маған мүлдем түсініксіз...
Мұхамеджан Әбдіқалықұлы сұқ саусағын көтеріп, маған сұс­
тия қарады:
−  Бұл гәпті сіз білмейсіз. Қанекең туралы кітабыңызда Храм­
ковтың залым екенін сылқита жазыпсыз. Ал басты күнәкарды 
ашпайсыз...
Мен үндегем жоқ.
−  Осы істің күрмеуі, менің ойымша, ту баста Сусловтан ту ған. 
«Правда» газетінің «Қазақ тарихының» екі басылымына кенет­
тен шүйілуі тегін емес. 1952 жылдың аяғына дейін Михаил Ан­
дреевич идеолог­секретарь міндетімен қоса Компартияның ба­
сты органының бас редакторы міндетін қосаметкей атқарғанын, 
сірә, білмегенсіз. Между прочим, Ермұхан туралы естелік, иә 
мақала жазушылардың бәрі газеттің бас редакторы Ильичев 
деп жазады. Бұл түбірімен қате, «Правда» газетінің соңына бас 
редактордың есімі о кезде жазылмайды. Ал Ильичев −  газеттің 
жауапты секретары, сондықтан да Алматыдан жолданған хат­
тар мен хаттамалар әдетте соның атына жазылады, редакторлық 
қызметке ол XIX съезден кейін тағайындалды. Бұл болса – біздегі 
науқанның екінші жылы, әбден қызған кезі...
− Демек, Жұмабай Шаяхметов пен Ілияс Омаровтың қолы 
байлаулы болған дейсіз бе? Храмковтың тежеусіз әрекеті де тү­
сінікті: біздің мықтылар Сусловтың ызбарынан сескенген...
− Оның жай­жапсарын енді ешкімнен сұрай алмайсың, сол 
күнде де, қазір де.
−  Сусловты орыс зиялылары Брежнев заманында «сұрқай кар­
динал» атандырды. Мен отыз жасымнан беріде Мәскеуге жиі 
барып, мұрағат қарадым, кейбір шығармаларымды орысша жа­
риялауға қам жасап жүргенде Мәскеудің бірталай белді жазушы, 
журналистерімен таныстым. Ресми емес әңгіме үстінде солар Ми­
хаил Андреевичтің есімін атамай, «Сұрқай кардинал» дейтін­ді. 
Совет өкіметі біздің кітаптарымызды қатаң цензурамен тежеп, 
баспа редакторларына да ерекше құқықтар беріп, кейбір ойла­
рымызды үнемі қырқумен шұғылдан­ды. Соны да мәскеулік зи­
ялылар «Сұрқай кариналдың» нұсқауы, ешқандай аяушылықты 
білмейтін, коммунистік идеяға шексіз берілген такаһар адам 
дейтін­ді. Естуімше, Суслов костюмін, пальтосын жылдар бойы 

288
Медеу СӘРСЕКЕ
ауыстырмай, әбден ескіргенше иығынан түсірмеген, бәтеңке­
туфлиін де тозып қалады әрі тазалыққа жақсы деп галош пен 
киген­міс. Бір банкет үстінде Л.И. Брежнев «Михаил Андре­
евичке қалтамыздан ақша шығарып, жаңа пальто әперейік» 
деп әзілдепті­міс, сонда ғана Михаил Суслов көнетоз пальтосын 
ауыстырған. Бірақ галошын қашан көзін жұмғанша тастамаған 
деседі...
Мұхамеджан аға бұл сөзіме ішек­сілесі қата күліп, қолын 
соқты.
−  Қисынды уәж, Михаил Андреевич – дағдылы машығын 
әсте өзгертпейтін адам дегенді мен де естідім. Айтып­айтпай не 
керек, сол «кардинал» біздегі сойқанды бастауға мұрындық бо­
лып, Храмковтың басымызға әңгіртаяқ ойнатып, маңдайалды 
зиялыларымыздың әңкі­тәңкісін шығарды. Оны тежейтін, «Мұ­
ныңыз қалай?» дейтін батыл бізден шыққан жоқ. А.М. Панкрато­
ва да өзінің жауапты редакторлығымен екінші рет басылған «Та­
рихты» 1944 жылғыдай белсенді түрде қорғай алмады. Өйткені 
Сусловқа сөзі өтпейтінін Анна Михайловна жақсы білген. Ал 
1944 жылы үгіт­насихат басқармасының бастығы Александров­
тан ешбір сескенбей, батыл кіріскен себебін білесіз бе?
−  Жоқ.
−  Ол кісіні Саяси бюро мүшесі А.А. Жданов қолдаған. Оған 
қоса Орталық Комитеттің хатшысы әрі Москва партия ұйы­
мының бірінші секретары А.С. Щербаковпен Анна Михайлов­
на 20­жылдардың басында Коммунистік университетте бірге 
оқыған, яки студент кезінен пікірлес досы. Сондықтан да ол кісі 
Александровты күйретуден жасқанбаған. Сондықтан да 1952 
жылы мына Халимашка апайың Мәскеуге ерінің жұмысын қуып, 
әділдік іздеп барғанда Анна Михайловна саған не деді? Өзің айт­
шы, – деп Мұхаң шай құйып отырған үй иесіне қарады.
− Анна Михайловна мені үйінде ізетпен қабылдап отырып, 
«Қымбаттым, қазіргі саяси ахуал Ермұхан үшін аса қолайлы 
емес. Бірақ түңілме, жағдай өзгеріп, титтей мүмкіндік туса, мен 
еріңе көмектесемін!» деп бір қалта ақша ұсынып, маған жұбату 
айтты. Ол кісі сол кезде Орталық Комитеттің мүшесі еді, XIX 
съезде сайланған. Сөйтсе де дәрменсіз болған. Мен ақшасын 
алғам жоқ, томсырайған қалпымда кеттім. Бір сөзді адам ғой, 
ақырында уәдесін орындап, Н.С. Хрущевке барып, түрмеден су­

289
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ырып алғанын білесіздер... – деп Халима Адамбекқызы түсінік 
айтты.
−  Осыдан­ақ біздің басшылардың сол науқанды болдырмау ға 
ниеті болғанмен, тоқтатуға шамалары жетпегенін ұғуға бола­
ды, – деп түйді ойын Мұхаң. – Олардың басты қателігі, қарғаш, 
өзіміздің соғындыларды тежей алмауында...
− Ерекең 1952 жылдың күзінде Жамбыл облысындағы Но­
во­Троицк селосындағы мектепте мұғалім болып жүргенінде 
қамауға алынып, 25 жылға сотталды. 400­ге тарта зиялымыз −  ға­
лымдар, институт оқытушылары, мұғалімдер мен әдебиетшілер 
жұмысынан аласталып, кейбір сотталып, зәбір шекті. Сол 
қуғынды ұйымдастырушы И.П. Храмков 1954 жылы Ленин ор­
денімен марапатталып, іле­шала КСРО Жоғарғы Кеңесіне депу­
тат боп сайланып, Қостанай обкомының бірінші секретары болып 
қызметі өскен. Осы да әділдік пе, ағасы?
−  Турасын айтқанда, шырақ, әділдіктікті аяққа басу! Бірақ 
Храмковтың секретарьлық ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Идео­
логияға әкіреңі жүргенімен ауыл шаруашылығын басқаруға 
шама­шарқы жетпей, бір жылы бітік шыққан егінді жия ал­
май, Хрущевтің кәріне ұшырады да мұрттай ұшты. Естуімше, 
Мәскеуге қайтып, Мәдениет министрлігінің кадр басқармасына 
ие болған­мыс...
−  Шындығында ол найсапты партиядан шығарып, соттау ке­
рек еді. Ісләм Жарылғапұлы маған сол мәселені партия жиналы­
сында көтеріп, өз пікірімді Мәскеуге жолдадым деді. Бірақ мар­
дымды жауап алмаған.
− Бірақ Храмковтың айтағына ерген белсенділердің біразы 
Алматыда талқыға түсіп, әртүрлі жаза тартты. Ең бастысы, 
Хрущев жариялаған «саяси жылымықта» зардап шеккендердің 
бәрі де бір жарым, екі жылда отбасына қайтып оралып, ғылыми 
жұмыстарына қайта кірісті. Соған да тәубе делік, қарғаш...
−  Кардиналдан сұрқайынан да, сұрқай емесінен де құтыл дық. 
Міне, Ерекеңнің қара шаңырағында емін­еркін әңгімелесіп 
отырмыз. Бұл да тәуелсіз заманның арқасы! Мынаны алсақ қай­
теді? Халима апай түстік әзір деп отыр, −  деп коньякты нұсқа­
дым.
−  Бұл енді сұрқай заманды ұмытудың амалы ма? Жарайды, 
дегенің болсын!.. 
19­246

290
Медеу СӘРСЕКЕ
 * * *
Түскі астан кейін жарасты әңгімеміз қайта өрбіді.
− «Қазақ КСР тарихының» екінші басылымының да сол нау­
қанда қолданыстан шығарылғанына биыл, 2001 жылы жар­
ты ғасыр болды. Биік мансабыңызбен қоштасуға себеп болған 
«Тарихқа» бүгінде қандай пиғылмен қарайсыз? «Апыр­ай, сол 
«Тарихты» жаздырам деп несіне әуре болдым?» дегендей өкініш 
көңіліңізді жүдетпей ме?
−  Жоқ! Тек қана тәнті көңілмен еске аламын. Мансап деген 
үстіңдегі киім сияқты, қарғаш, қызметің бір­ақ күнде өзге­
реді. Киімнің де тозғанын тастап, жаңасын киеміз. Біз кін­
дігін кескен «Тарих» −  қысылтаяң уақытта туса да оңды жа­
зылды, халқымыздың шынайы тарихы өмірге келді деген 
тән ті ойдан мен сол кезде де, таяқ жеген жылдарда да, қазір 
де айныған емеспін. Азды­көпті олқылығы болса −  асығыс жа­
зылғандықтан, айғақтардың жеткіліксіздігінен, кітаптың ерте­
рек туғандығынан... Өкініш −  сол еңбектің ғұмырының қысқа 
болғанында. Сөйтсе де әділдікке сенемін: Тәуелсіз Қазақстан ның 
азаматтары, сендер, күндердің күнінде оны сүйсіне оқып, үйдегі 
кітапханаларыңда қастерлеп ұстайтын боласыңдар!
Өзім редакторлық еткен тұңғыш «Тарихты» тәркіге бермеу 
үшін ақырына дейін күрескеніме екі түрлі айғақ айтамын: Ор­
талық Комитеттен 1947 жылы кеткенде бюро мүшелерінің атына 
хат жолдап, республиканың зиялы қауымын төл тарихы нан 
айырмауды дәлелдеп, оның рухани, саяси қажеттігін ескерт­
тім −  бұл хат партия мұрағатында болуға тиіс, іздеген адам таба­
ды; Қазақстанның саяси басшылығы өзгеріп, П.К. Пономаренко 
мен Л.И. Брежнев келген 1954 жылы бірінші секретарьдың қа­
былдауына сұранып, ел тарихына жасалған әділетсіздікті қайта 
қарауды өтіндім; қандай да тарихи оқиғаны жүз жылдан кейін 
ағымдағы саясатқа икемдеп бұрмалауға болмайды, «Қазақ КСР 
тарихын» халыққа қайтарыңыз дедім... Иландыра алмағаныма 
күйініп, А.М. Панкратоваға хат жазып, қолдау сұрадым. Амал 
қанша, қиянатты түзетпек болған ойыма құлақ асқан жан бол­
мады...
Ескерту парыз: Мұхамеджан Әбдіқалықұлының 1954 жыл ғы 
хатын мен академик А.М. Панкратованың дербес мұрағаты нан 
тауып, қолмен жазылған екі жарым бет хаттың ксерокөшір­
месін алдым. Төменде сол жолдаудан үзінді келтіремін. Хат иесі­

291
ШЫҒАРМАЛАРЫ
нің сауат деңгейін һәм саяси мәселеге көзқарасын аңғарту үшін 
жазылған қалпында келтіремін.
«Дорогая Анна Михайловна шлю Вам сердечный привет!
…Один вопрос, который никак не оставляет меня в покое, это 
вопрос истории казахского народа, в частности, вопрос о допу-
щенных ошибках в книге «Истории Казахской ССР». В конце 
августа я был у тов. Пономаренко*, он со мной говорил только 
по отдельным вопросам «Истории КазССР», а именно опять об 
этом хане. Он спрашивал: «Правда ли, как отдельные люди го-
ворят, что Вы (Абдыкалыков) дали указание об обязательном 
включении этого хана в книгу, как прогрессивного деятеля? 
Правда ли и то, что были возражения отдельных ученых по по-
воду включения его, как прогрессивного деятеля, но я, якобы, не 
прислушался к их голосам?»
На вопросы тов. Пономаренко я ответил, что многие неяс-
ные вопросы истории в свое время обсуждалось на совещаниях 
авторов, но вопрос об этом хане не вызывал никаких споров и 
дискуссии, поэтому не потребовалось никаких указаний. Вооб-
ще говоря, об этом хане писалось в литературе до составления 
книги, при этом сослался на ряд руководящих статей местных 
авторов. (…) Но при этом я сказал тов. Пономаренко, что наша 
вина −   недостаточно критически, с точки зрения марксизма, 
мы отнеслись к существовавшим материалам, трактующим 
это го хана, как прогрессивного деятеля. Кроме того, я сообщил 
тов. Пономаренко, что при обсуждении на бюро ЦК КПК о допу-
щенных ошибках несу полную ответственность, как секретарь 
ЦК КПК по пропаганде и как один из редакторов.
В беседе со мной он удовлетворился моим объяснением, но, тем 
не менее, после беседы со мной, на съезде писателей Казахстана 
тов. Пономаренко, говоря о допущенных ошибках в книге, меня 
назвал чуть ли основным виновником.
Дорогая Анна Михайловна, я вступил в партию коммунис тов 
с полным сознанием честно служить своей Родине. Находясь всю 
свою сознательную жизнь в рядах Ленинского комсомола и пар-
тии, работая на разных участках, никогда не имел отклонений 
от генеральной линии партии и в том числе по национальному 

292
Медеу СӘРСЕКЕ
вопросу. Болезнью национализма не страдал и не буду страдать. 
Наоборот, в такие тяжелые годы испытаний для советских лю-
дей, как годы отечественной войны, всегда был интернациона-
листом.
Я при руководстве Шаяхметова за свою партийную прин-
ципиальность пострадал и без предъявления конкретных обви-
нений был освобожден от занимаемого поста, тем самым была 
создана обо мне в народе, в том числе в среде партийной обще-
ственности, атмосфера неясности. И теперь вместо выяснения 
истинной причины моего ухода из аппарата ЦК, у руководящих 
товарищей, по неправильной информации отдельных людей, 
складывается неправильное мнение в связи с допущенной ошиб-
кой в этой книге (...) И предъявляется такое обвинение, что я 
чуть ли не националист. Я считаю такое мнение незаслужен-
ным…
Передайте Вашей семье самые сердечные пожелания здоро-
вья, всякого благополучия! Мухамеджан Абдикалыков, 17 ноября 
1954 г. Алма-Ата».
*

Ескерту парыз: менің мұрағатымда А.М. Панкратованың 1945­49 ара лығында 
М. Әбдіқалықовқа өз қолымен, кейбірі машинкамен жазылған 9 хаты сақтаулы. 
Солардың бәрі де Қазақстан тарихының көкейкесті мәселесін, енді бірі үй ішінің ділгер 
жағдайларын сөз еткен. Бәрі де екі қайраткердің бір­бірімен қызмет жағдайларының 
өзгергеніне қарамастан достық, сыйластық байланысын үзбегенін аңғартады. Әлбетте, 
Мұхамеджан Әбдіқалықұлы да Анна Михайловнаға жауап хаттарды қолымен жазған, 
солардың бізге мәлімі – небәрі екі хат. Біреуін жоғарыда келтірдім. Мұхаңның үйдегі 
мұрағатында сақталған жәдігерлер арасында Ә. Марғұланның Ленинградтан жолдаған 
жеделхаты (өзінің докторлық атақ алуына байланысты құттықтауына рақмет айтқан), 
қаламы өрген «Бас инженер» драмасын Алматы театрында қойғызу туралы атақты 
жазушы, қазақстандық Всеволод Ивановтың 1946 жылы 6 желтоқсанда Мәскеуден 
жолдаған тілек­хаты және сол сияқты Одақ қайраткерлерінің бірнеше хаттары бар.
Бұларды маған 2013 жылғы 3 маусымда Мұхаңның немере інісі, химик­ғалым Мей­
рам Ахмеджанұлы Әбдіқалықов Қарағанды қаласынан «Сіз ұлттық ділі күшті жазушы 
болғаннан кейін жай отырмайсыз ғой, бірдеңені жазып отырасыз. Мүмкін осы жіберіп 
отырған материалдарым бір қажетіңізге керек болып қалар...» деген үмітпен жолдап­
ты. Қысқасы, көңіл қалауыммен емес, тағдыр жазуымен қадірменді Мұхаңның үйіндегі 
мұрағатында сақталған бірқанша хаттардың түпнұсқасына ие болдым. Әлбетте, солар­
ды әжетіме жаратсам да, жаратпасам да, (А.М. Панкратованың Мәскеудегі пәтерінен 
алынған, БКП(б) ОК­нің секретарьларына жолдаған, Қазақстан тарихын қызғыш 
құстай қорғаған тарихи хаттарын да) уақыты келгенде Семей мұрағатында ашылған 
қорыма өткізетінімді ескертемін...

293
ШЫҒАРМАЛАРЫ
* * *
 1943 жылы жарық көрген «Ерте заманнан бүгінге дейінгі 
Қазақ КСР тарихы», 1949 жылы оның 2­басылымы жарияланған, 
екеуінің де бірақ 1951­53 жж. саяси қуғында қазақ зиялыларын 
жаппай жусатуға айғақ болғаны жұртшылыққа мәлім. 10 мың 
данасы өртелген «Тарихтың» алғашқы басылымы 2011 жылы, 
60 жылдан кейін Болатхан Тайжан атындағы қордың (президенті 
Мұхтар Болатханұлы Тайжан) қаржысымен, 3 мың дана тара­
лыммен қауымға қайта оралды.
Осы басылымның анықтамасында (жаңа басылымның жа­
уапты редакторы −  Ирина Дмитрова) оның тарихшы ғалымдарға, 
оқытушы дәріскерлер, студенттер мен туған елінің көне тари­
хын білуге құштар зиялылардың рухани ділгірлігін қанағаттан­
ды руға қызмет ететіндігі, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық 
мерекесі қарсаңында жарық көргені ескертілген. Оған қоса 
ғылыми редактор: «Жаңа басылымға бұрынғы екі бөлімді толық 
сақтап, яғни «Тәуелсіз кезеңдегі Қазақстан халықтары» – Қазақ 
КСР­інің ерте заманнан бүгінге дейінгі, одан соңғы XIX ғ. 70­жыл­
дарынан бергі «Қазақстан – колония» деп аталған кезеңінен 1917 
жылғы мамыр айына дейінгі ұзақ және шытырманды оқиғаларға 
толы беттерін өзгертусіз қайталап, «Социалистік Қазақстан» 
атанған «бақытты» кезеңін түсінікті себеппен алып тастағанын 
ескертіп ті. Бір кезде тәркіге түскен «Тарихымыздың» екінші 
басылымына көрнекті тарихшы, профессор Талас Омарбеков­
тің бір кезде Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, Мәскеудің ұлы­
о 
рыстық шовинизммен санасы уланған қаскөй тарихшылары 
мен жергілікті шала сауатты белсенділердің ойдан шығарған 
қастандығымен барлық таралымы отқа жағылған аса мәнді 
еңбектің қайтадан жариялануына сүйсініс білдірген, «Қазақстан 
тарихының ғылыми негізі осы еңбектен басталуға тиіс» деген 
қортынды ойы бар көлемді мақаласы қоса берілген.
Осы оқиғаға зер сала қарасаңыз, тұңғыш «Тарихымыз» ту­
ралы Мұхамеджан Әбдіқалықұлына мен 2001 жылғы кезде­
суде шынайы көңілден берген жоғары бағам он жылдан кейін 
сол тарихтың қайыра жариялануымен толық бекігеніне тәубе 
деймін. Шынында да, төл «Тарихымыз» қауымға қайта оралып, 

294
Медеу СӘРСЕКЕ
енді ел кәдесіне қызмет етпек! Бұл да «Қуан, қазақ, ақ түйенің 
қарны жарылды!» дерлік қуаныш, саяси мәні де ересен! Бұл да 
біле білгенге −   Уақыт төрелігі әрі Тарихтың сайқымазағы!
 
* * *
 
 – Сізбен сұхбатқа әзірлеген сұрауларым түгесілді, Мұхамед­
жан аға, алда­жалда қажеттілік туса қайыра келемін. Өткен 
өмірдің көлеңкесінде қалған түйткілі көп жайттарға түсінік ал­
дым. Рақмет, ағасы!.. 
Ғафу етіңіз, Мұха, тағы бір жайтты сұрауға ықыласым ауып 
отыр: хатшылықтан босатқанда сізге жөндем қызмет ұсынбаған 
ба? Партия тарихы институтына аға ғылыми қызметкер болып 
қалайша тап болдыңыз?
– Ешкім маған «Қандай жұмыс көңіліңізде бар?» демеді. Өте­
мөте ауыр жылдарда нарком болдым, одан кейін алты жыл идео­
лог­секретарь атанып, бұл да қиын уақыт, оқымысты қауымның 
көп жылғы жұмысына төрелік айтасың, кейде тізеге салуға тура 
келеді. Қысқасы, қатты шаршағанымды сезіп, тағы бір жауап­
ты участокқа ие болуға ықыласым болмады. Марксизм­лени­
низм еңбектерін аударумен шұғылданып, тыныш отыруды жөн 
көрдім. Тәуліктің сегіз сағатын кеңседе өткізіп, он алты сағатты 
демалуға жұмсаймын. Рақат тірлік! 1967 жылы, алпыс жасқа 
толғанда зейнетке сұранып арыз бердім, содан бері үйдемін, 
кітап оқимын, театрға барып, өзіме­өзім демалыс жасаймын. 35 
жыл болды, құдайдың ерке құлымын, күш­қуатым кемігенімен, 
денсаулығым әзірше жаман емес...
– БКП(б) Орталық Комитетінің номенклатурасында болған 
қайраткерсіз. Сізді сол тізімнен сонда сызып тастаған ба?
– Номенкуратурадан әуелде сызған жоқ. Партия тарихы ин­
ститутына келіп, жұмыс істеп отырғанымда Мәскеуден, үгіт­
насихат жетекшісі Александров телефон шалып, «Мұхамеджан, 
сенің аға ғылыми қызметкер дәрежесімен аудармашы болып 
отырғаныңды мен жуықта білдім. Шаяхметов жолдас саған 
жауапты жұмыс бергісі келмесе өзі білсін, ал мен сенің қандай 
идеолог екеніңді білемін. Мәскеуге ауысуға көңілің бар ма, бол­
маса Қазақстанның бір облысына басшылыққа ұсынамын. Не 

295
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ойың  бар? Тек маған турасын айт!..» деп қамқорлық аңғартты. 
«Ойланайын, үй ішіммен ақылдасайын...» деп партиялық эти­
камен жауап беруге болатын еді. Бірақ мен «Григорий Федоро­
вич, қамқорлығыңызға тәңір жарылқасын! Осы қызметім өзіме 
ұнайды...» дедім. Көп ұзамай Г.Ф. Александров Философия ин­
ститутына директор болып ауысты. Мен де оны қайыра іздемедім, 
сөйтуге ықыласым да болмады. 
* * *
 «Қазақ әдебиеті» газетінің 2010 жылғы 28 тамыз күнгі санын­
да жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Ақиқаты қайсы, аңызы 
қайсы?» деп аталған, Бауыржан Момышұлы туралы әңгіме­
сұхбаты жарияланды. Соның орта тұсынан үзінді келтіремін.
«...«Іштен шыққан жау жаман» демекші, генерал И.В. Пан-
филов қаза тапқаннан кейін оның орнына пейілі тар, күншіл, 
өзім білемі мол, ұрдажық, дөрекі, шовинист генерал Черню-
гов келеді. Ол Панфилов даңқын қызғанып, өз атын шығаруға 
әрекеттенеді. Кадрларды қудалауға кірісіп, «Кішкентай қазақ 
қыстағының атын әспеттеп не керек?» деп, Талғар полкінің 
атын өзгертпек болады. Осы келеңсіздік Бауыржанның төзімін 
тауысып, жүйкесіне тиеді. Содан екеуі ұстасады.
Бұл турасында Қазақстан Компартиясы Орталық Коми-
тетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіқалықов былай дейді: 
«1943 жылдың күзінде СОКП ОК-нің идеология жөніндегі 
хатшысы Щербаков мені өзіне шақырып алып (Сұхбат авто­
ры А.С. Щербаковтың ОК хатшылығымен қоса Мәскеу партия 
ұйымының бірінші секретары, Саяси бюро мүшелігіне канди­
дат, Совет Армиясы Саяси басқармасының бастығы әрі Қорғаныс 
наркомының орынбасары екенін ескермеген. Бұл деректерді 
біз БСЭ­ден көшіріп отырмыз −  М.С.): «Сіз 9-гвардиялық (қате, 
8­дивизия – М.С.) Панфилов дивизиясына барып, мән-жайды 
анықтаңыз. Бір топ әскерилер Бауыржан Момышұлының 
үстінен «Ұлтшыл, дөрекі, соғыс өнерінен хабары жоқ» деп, 
екінші топ «Бауыржан Момышұлы жауға қарсы шабуылды 

296
Медеу СӘРСЕКЕ
шебер ұйымдастыра білетін ержүрек, батыр адам, нағыз ин-
тернационалист» деп құшақ-құшақ хат жазуда. Қайсысына 
сенерімізді білмей отырмыз», −  дейді. Мұхамеджан Әбдіқалықов 
майданға суыт аттанып, жағдаймен танысады. Панфилов 
дивизиясына Чернюговтың тамыр-таныстықпен барғанына, 
сауатсыз, дөрекі, ал Баукеңнің әділ екеніне нақты дәлелдер 
келтіріп, Щербаковтың көзін жеткізеді. Нәтижесінде Черню-
гов орнынан алынады.
Мұхамеджан аға Панфилов двизиясында болғанында госпи-
тальда жараланып жатқан Бауыржан Момышұлына жо 
-
лығады. Баукеңнің өте ашушаң түрін көріп, госпиталь дә-
рігерінен Баукеңе білдірмей, оның ауруы туралы анықтама ала-
ды. Мәскеуге оралған соң госпитальдар басқармасының басшы-
сы Смирновпен кездеседі. Әлгі анықтаманы көрсетіп, Бауыржан 
Момышұлын емдету үшін елге жіберуді өтінеді. Өтініші орын-
далып, Баукең Алматыға келеді. Егер Мұхамеджан аға сол жолы 
Баукеңді Алматыға алдыртпағанда, Баукеңнің «Психология во-
йны» кітабы дүниеге келмей қалуы да мүмкін еді».
(Осы арада М. Қалдыбай әріптесіміздің сұхбатына тағы бір 
мәнді түзету жасауды қажет деп білдік: М. Әбдіқалықов май­
дан даласына Қазақстан делегациясын басқарып, бір топ әнші­
бишілермен барған әрі қазақстандық жауынгерлерге бір ва­
гон сыйлық − азық­түлік, жылы киімдер апарған. Бұл туралы 
естеліктер бар. А.С. Щербаковтың арнайы тапсырмасы да сол 
сапарда жүктелген).
* * *
 
 Менің мұрағатымда Мұхамеджан Әбдіқалықұлына арналған, 
ол кісі туралы естеліктер, мақалалар және өмірбаяндық құ­
жаттары сақталған жеке папка бар. Солардың бірі – Ісләм 
Жарлығапұлының өлеңмен жазылған құттықтау хаты. Ұстазы 
Мұхаң 80 жасқа толғанда өз қолымен жазып, мерейтой иесіне 
тапсырған. Көлемі 23 шумақ өлеңнің саясатқа арналған шу­
мақтарын қайталамай, мерейтой иесіне арнаған жүрекжарды 
жолдарын ғана ұсынамын. 

297
ШЫҒАРМАЛАРЫ
 «...Ауыр жылдарда Оркомның секретары,
 Жалқаудың кері кеткен болдың соры. 
 Көрдің, таптың ізгілікті талай жұртты, 
 Атандың білімдінің ес-қамқоры.
 Тақтан тайып түскенде ерлерше кете білдің,
 Жалынбауды ездерге, ерім, жөн көрдің.
 Ақыл, білім, еңбектің қайран нары,
 Сонымен-ақ бойыңдағы өнерді бекемдедің. 
 Жұмыскерсіз, жас күннен шыныққансыз,
 Адалдыққа ұшқан ұядан құныққансыз.
 Ел билеген шақтарда ала жіпті
 Аттамай-ақ қашқансыз былықтан Сіз...
 
 ...Жарты ғасыр бейнетті түскен басқа
 Көтерген Ер – Сіз ғана мұнша жаста.
 Жаны дүлдүл, сірідей ердің ері, амал не,
 Ел басшысы қояр ма еді әуел баста!..
 
 ...Ұзақ ғұмыр тілеймін, асыл аға, 
 Қабыл болғай тілегім, кетпей қырын.
 Басқа заттың жөні жоқ, қолым қысқа,
 Ісләм інің Сізге арнады осы сыйын!
 Қабыл болып ата-баба батасы, 
 Таусылмағай өмір дәмі татасы.
 Аласармас асқар таудай ардагер,
 Аман болғай Ерұланның атасы!.. 
 8-9 тамыз 1987 жыл, Алматы». 
 Екінші құжат – Білім министрі, ҚР ҰҒА президенті, акаде­
мик В.С. Школьник пен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және 
этнология институтының директоры, академик М. Қозыбаевтың 
1997 жылғы 20 маусымдағы құттықтау хаты...

298
Медеу СӘРСЕКЕ
«Глубокоуважаемый Мухамеджан Абдыкалыкович!
Сегодня Вы поднялись на пьедестал девяностолетия.
Наш предок Абай сравнивал старшее поколение с первой вол-
ной, младшее поколение – со второй, следующей за первой. Вы за-
кономерно обосновались среди аксакалов-предводителей старше-
го поколения. В бурном XX веке старшее поколение перешло от 
феодализма и капитализма к социализму, от него – обратно в 
капитализм, пережив неимоверно трудные времена. На Вашем 
жизненом пути было немало переходов-перевалов и трудностей, 
но и достаточно поучительных положительных уроков. С ма-
лых лет, рано повзрослев, своим упорным трудом Вы заняли 
подобающее место в обществе. Будучи лишь «чернобородым», Вы 
стали авторитетом для «белобородых», то есть людей старше 
Вас по возрасту. Совершив чудо, в тридцать лет поднялись на 
республиканский уровень.
Мухамеджан Абдыкалыкович, общеизвестно, что один из 
поучительных моментов в Вашей жизни связан с организацией 
Казахской Академии наук. Работая рука об руку с великим 
Канышем Имантаевичем Сатпаевым, Вы участвовали в 
возведении Золотой Орды Казахской Академии наук, стали 
одним из членов первого Президиума и Ученого совета. Вы 
проявили упорную волю и принципиальную твердость при 
написании «Истории Казахской ССР с древнейших времен 
до наших дней». Впоследствии жизнь подтвердила правоту 
авторов этого труда, в частности, правильность концепции 
Ермухана Бекмаханова. Таким образом, Вы показали чистоту 
Вашей совести перед историей. Все это немалый груз для плеч 
одного человека. Поэтому весьма справедливо, что Ваще имя 
называется наряду с именами выдающихся ученых – авторов 
«Истории Казахской ССР». Вы это доказали постоянством и 
прочностью жизненных позиций в течении всех своих девяноста 
лет.
Глубокоуважаемый Мухамеджан Абдыкалыкович, мы уважаем 
и чевствуем Вас за это мужество! Сердечно поздравляем Вас со 
славным юбилеем, желаем еще долгие годы быть в добром здравии 
и находиться среди нас».

299
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Мұхамеджан Әбдіқалықұлы әлеуметтік жұмысқа жас жігіт 
кезінде араласып, өз тұрғыластарынан қара үзіп алға шық­
қанымен, бұл да өкінішті жайт, қырық жастың қырқасына 
енді ғана іліккен шағында мемлекеттік жұмыстан аласталған. 
Зерделеп қарасаңыз, оның саяси майданда қызмет атқаруы тек 
қана 1938­1947 жылдармен шектеледі. Сөйте тұра ол нақ осы 
жылдарда жанқиярлық еңбегі үшін екі мәрте Еңбек Қызыл Ту 
және «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, әлденеше медаль, мақтау 
грамоталарымен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі мен 
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған (Алматы 
қаласының Құрметті азаматы атағын бертінде иеленді, ал 2005 
жылы, Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы мерекеленгенде «Отан» 
орденімен марапатталды).
Мұхамеджан Әбдіқалықовтың Ағарту наркомы міндетін ат­
қарған жылдардағы игі істері (мысалы, қазақ мектептерін көбейту 
жолындағы тарихи еңбегі, ал бізде тың көтерген жылдарда сол 
мектептерді жүз­жүздеп жапқан «қайраткерлер» де болғаны 
жұртшылыққа мәлім) немесе ол кісінің Орталық Комитетке 
секретарь болып сайланған алғашқы айда «Қазақ КСР тарихын» 
жарық дүниеге келтіруге жасаған жанқиярлық тамаша әрекетін 
қалайша ұмытамыз?! Мұны өз басым туған жұрты үшін жасаған 
жанкештілік деймін! Басқа жұрттар, шынтуайтын айтқанда, 
мұны ерлікке балар еді, соны жасаған адамға ескерткіштер 
қойып ұлағаттар еді, амал қанша?!
Қадірменді Мұхаңа 80 жылға таяу уақыт қоныс етіп, үлкен 
қала болып көркеюіне ұлан­асыр еңбегі сіңген Алматыдан 
бір көше бұйырмай, ең құрығанда көп жыл тұрған үйінің қа­
бырғасына ескерткіш­тақта қойылмауы түсініксіз гәп. Сөйтсе де 
осы жайтты зиялы қауым Алматы әкімінің есіне салып, түзетер 
деген үміттемін...
Өз басым бір гәпке айырықша тәнтімін. Мұхамеджан ағайға 
мен тарихшы Е. Бекмаханов туралы ізденісім тоқырауға 
ұшы 
 
рап, көп жайттың күрмеуін білмей, түсініксіз сұраулар 
көбейген кезде барып, көңілдегі тұманды тарқатып, алдағы 
ізденіске бағыт­бағдар алып, рухани байып қайттым. Ермұхан 
тарихшының өміріндегі күпті жайттарды іздеудің жөн­жобасы 
осы сұхбаттан соң айқындалып, ең соңғысы Мәскеуде, 2007 

300
Медеу СӘРСЕКЕ
жылдың қара күзінде мәлім болып, марқұм академик А. Пан­
кратованың БКП(б) Орталық Комитетінің И. Сталин бастаған 
төрт секретарына жолдаған, «Қазақ КСР тарихын» отқа өртеуден 
сақтаған жанкешті хатын іздеп табуға дәнекер болды. Сол хаттар, 
шындығын айтқанда, Ермұхан Бекмаханов қана емес, «Қазақ 
тарихы» ұшыраған бұқпа қудалаудың, сондай­ақ көрнекті қазақ 
зиялыларының 1951­1953 жылдарда басынан кешкен шерлі 
оқиғалардың түп себебін, қалтарыста қалған жұмбақ жайттарын 
ұғуға жәрдем еткені сөзсіз.
 
 Семей.
12.01.2012 – 29.09.2013

301
ШЫҒАРМАЛАРЫ

жүктеу 7.21 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет