Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 7.21 Kb.
Pdf просмотр
бет10/14
Дата09.01.2017
өлшемі7.21 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Қыл арқан сып етіп мойнына түскенде, құла ат өзге жылқыдай 
арқанды керіп қаша жөнелмей, тік шаншыла аспанға қарғып, 
бірер мәрте мөңкіп­мөңкіп алып, өзіне қарай тура шапқан­
ды. Жас жылқышы арқанның керілгенін тосып, табан тіреп 
тұра қалуға әзірленген. Құла бесті тапап кетердей боп қарсы 
ұмтылғанда сасып қалды. Бір бүйірге жалт берген. Асау ат осы 
арада тағы бір қияңқылық көрсетті. Екі­үш мәрте аспанға шан­
шыла атылып, орғып­орғып түсті. Ұзын арқан мойнына оралып 
қалды. Екі ара тым жақын еді. Кәнігі жылқышы арқанды тез 
саумалап, қылғындыра ұстап, аттың құлағына жармасар еді. 
Аманкелді қапелімде мұның бірін жасай алмады. Қияңқы ат тағы 
мөңкіп, мойнын ішіне ала жұлқына тартты. Сол сәтте арқан ұшы 
жылқышының қолынан шығып кетті. Босатпасқа лажы болма­
ды. Тегеуірінді күш қояр емес, тура қолын жұлып түсірердей боп 
ышқына сүйреген­ді.
Айдалаға безген құла ат қашқан құланша зыта берген. Маңы­
на ешкімді жуытпай, қара көрінсе бірден­ақ ата жөнеліп, құла 
дүзге безген. Мұндай тағы болар ма?! Тіпті қайыру бермей зы­
тып еді. Қуған атқа шалдырмас жүйріктігі де сол күндерде анық 
білінген. Қашаған қуарда жылқышылар ер салатын Асау торы 

195
ШЫҒАРМАЛАРЫ
айғырға да шалдырмай, тіпті маңайлатпай, ту шығанға шығып 
кеткен­ді.
Сонда­ақ, құланы қуып келе жатып, Аманкелді шын сүйсінген. 
«Жылқы құты деген жүйрік осындай­ақ болар?! Желмен жа­
рысатын тұлпардан кем бе? Пах­пах, шіркіннің аяқ тастасын­
ай! Шабысын қарашы! Қанаты бардай ағады! Мынаның кеудесі 
ме? Кеудесінде, құдай біледі, көрік жатқан шығар. Тынысы да 
мол жануардың. Зыт солай! Шабармын әлі талай сенімен!..» деп 
іштей масаттанған.
Телқұла ұстатқан жоқ.
Келесі күні жылқы ішінде жүргенде екі жылқышы баспа 
ғып барып, бірі арқан ұшын табанымен басып тұра қалғанда, 
екіншісі ұшын беліне орап, тастай қатып, жатып алған. Қыл 
кеңірдектен қарпыған бұғалақ атты тез буындырып, тынысын 
бітеп, кешегідей емін­еркін тулауға жол қалдырмады. Содан қос 
жылқышы арқанды саумалап келіп, қалш­қалш етіп дірілдеген 
құланы құлақтан басып тұрып, әрең дегенде жүгендеді. Бір 
күн таған астына байлап қойып, су бермей, аш қатырған. Ішін 
тартқызып, ертеңгі әлей шабысқа даярлады.
Бір тәуліктен кейін Аманкелді құланы ерттеді. Қыстыққан жа­
нуар өз үстіне жабысқан пәлені жұлып тастамақ боп қиғылықтың 
небірін көрсеткен. Жата қалып аунаған жоқ­ты, одан өзгенің 
бәрін істеді. Бірақ бақыршы бала да тақымын босатпай, аттың 
жалын құша жатып алған қалпынан аумады. Телқұла үстіндегі 
адамды құлата алмасын сезген болар, айдалаға зыта жөнелген.
Аманкелдіге де керегі сол. Көзінен жас парлап, желмен жары­
сып кете барған. Сол сәтте бойын кернеген шаттық дәл бүгін кеш­
кендей көз алдында: табан астындағы жер шыркөбелек айналып, 
өзімен қоса жарысып келе жатқандай; алыстан бұлдыраған тауға 
да көзін ашып­жұмғанша жетіп барады; қараған, бұта, шилеуіт, 
жар бөгет емес; оны бөгет санап, айналып өтер құла жоқ; бір­ақ 
орғиды. Алдындағы жыра ма, соқпа ма – қарамайды, қоянша 
ырғып, қу медиен құла дүзге бет түзеп, құсша ағып, құланша жо­
сыла берген­ді.
Аманкелді о күндерде жер жағдайын онша білмейтін. Сон соң 
да, қыстыққан құланың жүйткіп келе жатып, Есікқараның те­
рең жырасының тап үстіне әкелгенін сезген жоқ­ты. Қатерлі оп­
паны ол астындағы ат мойнын ішіне алып орғыған сәтте ғана білді. 

196
Медеу СӘРСЕКЕ
Неткен ессіз еді! Ерлік те, адуын жүрек те сол қарғуға байланып 
кеткендей болды. Жыра терең ғана емес, кең екен. Телқұланың 
алдыңғы екі аяғы кемерге ілінгенде, артқы аяғы орға түсті. Өзі 
де мұрттай ұшты. Ат астында қалмауды ойлап, Аманкелді сол 
жағына лықси берген. Бір аяғы үзеңгіден шықпай қалды. Тұла 
бойын дір еткізген жойқын бір күштің тепкісін жас жылқышы 
сол сәтте сезді. Көз алдынан жай отындай бір жарқыл жарқ етті. 
Тыпырлаған ат тұяғы кеудесіне тиді ме, жоқ, маңдайдан ұрды 
ма... анығын білген жоқ, әйтеуір қапелімде есінен танып қалғаны 
анық.
Есін ол тас төбесінен дабырлаған дауыстар шыққан сәтте ғана 
жиды. Соңынан қуа келген ересек жылқышылар екен. Сол аяғы 
күмпиіп ісіп кетіпті. Құла ат көрінбейді. Жылқышылардың ай­
туынша, ерін бауырына алып жылқыға келген. Бұлар да өзін 
іздеуге сонда шыққан. Жаманатқа жорып қатты қауіптенген, ба­
стан құлақ садаға деп енді қуаныш білдірісті.
...Шатынаған жіліншіктің гипсін алғанша Аманкелді ауруха­
нада екі ай жатты. Әрине, қираған сүйегі бітіп, әбден жазылғанша 
дәрігерлер босатқан жоқ. Өзі де сұрана қоймады. Қашан құлан­
таза сауыққанша әлсіздігіне құса болып, іштен тынып жата бер­
ген.
Содан қосқа ол қар бірер жауған соң ғана оралып еді. Келе­
ақ құла атты сұраған. Бұған Әрекең де, басқа жылқышылар да 
таңғалып, жымия күліп:
– Жамандатқырды қимағанмен... үйрете алмадық, қашанғы 
алы сайық, бұ жолы тіпті маңайлатар болмады. Сонсоң етке бө­
лінген бойдақ жылқыға қосып жібердік, – деген.
Аманкелді жұлып алғандай:
– Қашан кетті? Қай күні бөлдіңіздер? – деп қалған­ды.
Сірә, мән бермесе керек, Әрібай өзі атөтті ғана:
– Орталықтан кеше айдады деген. Бүгіндер Байсынға құлаған 
шығар,– деген.
Аманкелді одан әрі қазбалап ештеңе сұраған жоқ. Аяғым ауы­
рып отыр деп, күпіге оранып, жатып қалған. Содан қостағы жыл­
қышылар түнгі күзетке кеткенше қозғалмаған, тамаққа да тұр­
маған.
Кеш батты. Жұлдыз жамырап, ай туды. Қос төбесіндегі бол­
машы саңылаудан соның бәрін бақылап, іштен тынып, үнсіз 

197
ШЫҒАРМАЛАРЫ
жатқан ол дөңбекшіп, өз­өзінен тыпыршып қозғала берген­ді. 
Ақыры шыдамады. Жылы киініп, бір аяқ құрт езілген сорпаны 
дем алмастан тастап алды да, сыртқа шықты.
Таған астында екі ат байлаулы тұр екен. Бірі ерттеулі, бірі 
бос. Ежелгі қос дәстүрі осы. Күзет атынсыз қос болмайды. Дала­
да тұрлау жоқ. Дала желіне сенім жоқ. Күзет атын байлап­ма  тап 
және біреу емес, қостап ұстамасаң – қысылтаяң сәт туғанда қапы 
қалғаның. Жаяу қалған жылқышыдан сорлы жан жоқ. Сонсоң да 
қос басында осындай күзет аттары байлаулы тұрады. Әмбе олар 
анау­мынау мініскер емес, жүріске мықты, шабандоз аттардан 
сайланады.
Аманкелді таңдаған жоқ, ерттеулі тұрған боз аттың тізгінін 
шешіп, үстіне қарғып мінді. Беті – Байсын жоталары. Желе жор­
тып кете барды.
...Сол сапардан ол үш күннен соң оралды. Қандай қарекет 
қылғанын, қалай ұстап, қалай үйреткенін әңгімелеген жоқ, 
қосқа құла бестіні мініп келгені анық. Болған жайды жылқышы­
лар сұрамай­ақ білді. Боз атты айырбастап келген. Телқұла енді 
жылқыға қосылады, жуас боз болса етке кетті... Болған іске не 
десін, Әрекең де үндеген жоқ. Тек бала бақташының қыңыр ісіне 
иә риза болғанын, иә ашуланғанын байқатпай, басын шайқап, 
отырып:
– Иә бағыңа, иә сорыңа мінерсің, – деген.
Боранды түні Аманкелді құрық салған Телқұла ат табындағы 
жылқыға осылай қосылып еді.
IV
 Табын төзе алмады. Таң ата кезікті ме, әлде тал түсте ұшыра­
ды ма, әйтеуір боранның жер­көктен үдемелеп түтеп, көз аштыр­
май дамылсыз соғып, жеңгені анық.
Жылқышы табынның алдын тосып, шашау шыққанын кейін 
қайырып жүрген­ді. Мың тұяқтың дүрсілін, мың қараның жөң­
кілуін бұрын сезді ме, астындағы құла кенет бір бүйірге жалт 
берді. Аққан сеңше жөңкілген жылқы нөпірі зу­зу етіп, қасынан 
өте шықты. Әлденеден үріккендей, сірә. Әлдебір жойқын күш ал­
дына салып айдап келе жатқан сияқты. Зәре­құты қалмай ағып 
барады, бірін­бірі баса, алдыңғы лекті өкшелей жөңкілген тобыр. 

198
Медеу СӘРСЕКЕ
Тізгінді қос қолдап шірене тартса да, Телқұла бой бермеді, бейбе­
рекет жосыған толқын жолынан едәуір жыраққа бұрып әкетті.
Сонда ғана Аманкелді бір қауіптен аман қалғанын сезген: 
қа лың жылқының таптап кетуінен есті жануардың сақтап қал­
ғанын білсе де, атын жонға аяусыз осып, ақыры әрең дегенде 
ыққан жылқының алдына шықты. Сол бетінде жан ұшыра да­
уыстап: «Қайт кейін! Қайт, қайт!» – деп айғайлап, қиқу сала 
табынға шүйілді. Айқасқан сәтте­ақ алдыңғы шоғырдың тоз­
тозын шығарды, тіпті жөңкілген екпінін тежеп, желге қарсы 
қақпайлап, дегеніне біршама иліктіргендей болды. Анығында 
бұл – жылқышы үшін де, астындағы атына да үлкен сын болған 
қатерлі сәт еді.
Омырауын қар көміп, тұла бойын көбік жауып, тебінгі асты­
нан көтерілген тер құшақ­құшақ бу атып қыстығып жүрсе де, 
Телқұла сыр берген жоқ. Әлгіден соң қамшы салдырмай ағудан 
жаңылмады. Жылқының алдын сан қайтара орай шауып, сан 
қайтара аққан селді күшпен тоқтатып, аянбай арпалысты. Ға­
жапты қараңыз: ақ айран түтек ішінен күндізгідей көретін сияқ­
ты, жырақ кеткенді тез тауып, ұзатпай қайырып алады; мына 
қалпы бірде­бір тұяқты шашау шығарар емес.
Нақ осы қарекетті айғырлар да жасап жүр. Әсіресе жантала­
са қимылдаған құтпан айғырлардың қайраты ерен. Кәнігі тар­
ландар қатерлі сәтті шын­ақ сезгендей: тым сергек, тым адуын; 
мезгіл­мезгіл шұрқырай кісінеп, дыбыс қатып, айнала шауып, 
үйірін тас түйін жиып алады да, желге маңдайын тіреп тұра 
қалады; сонсоң аяқ астын тарпып­тарпып жіберіп, мойнын ішіне 
ала, тағы да ығып бара жатқан тай­құнанға ауыз сала ұмтылады. 
Неткен қайрат, неткен естілік!.. 
Жан ұшырған айқас созыла берді. Бейне бір ежелден аңдысқан 
екі жау бетпе­бет келіп, жағадан алып тұрғандай. Әзірше жеңгені 
жоқ. Екі жағы да орасан зор қажыр­қайрат көрсетіп, өзара тайта­
ласып жатқандай. Боран «Алам, қайтсем де астыма салам!» деп 
долданса, сауырына мұз қатқан, өне бойын қырау шалған қалың 
жылқы «Ала алмайсың, беріспеймін!» дескендей, табиғаттың 
долы күшіне маңдайын тірей қарсы шауып келеді.
Тілсіз дүлей бұл жолы бірақ күштірек еді. Әредік еңсеріп ке­
теді. Айғырлар сәл ғана босаңсыды­ақ, Телқұла үстіндегі жыл­
қышы үні сәл­пәл тыншыды­ақ, тентек боран бел алып, бейбере­

199
ШЫҒАРМАЛАРЫ
кет ұйлыққан табынды алдына салып қуа жөнеледі. Атын бор­
байлап Аманкелді тағы да алға түседі...
Уақыт мөлшерін ол білген жоқ. Ал білгісі келіп төс қалта­
сына қол салғанда, қалта сағатының қос тілінің төртке ілігіп тоқ­
тап тұрғанын аңғарған. Сірә, кешеден бергі арпалыста бұрауды 
ұмытып кеткен.
Уақытты мөлшерлеудің соңғы мүмкіндігінен ол осылай айы­
рылған еді.
Матай бұйратына, сірә, жете алмады. Долы боран бұрып 
әкетті. Ал қазір қай жерде? Қалай қарай ығып барады? Оның 
жөнін білмейді. Иен жазықтың түпсіз тұңғиығына түсіп кеткені 
анық. Шегіне соның қашан жетеді? Бүгін түнде, әлде ертең? 
Оны да білмейді. Қостың шеткеріде қалғанын іші сезеді. Ондағы 
үлкендер, әрине, қарап отырған жоқ. Күзет аттарын жетекке 
алып, жылқы тоқтар­ау деген ықтасын пананы сыпыра сүзіп, са­
была іздеп жүргені сөзсіз. Бірақ мына аласапыранда із кесе ме, 
жылқы тезегіне қарап, бағыт бағдарлар ма? Жоқ, кездейсоқ кез­
десу болмаса...
Аманкелді өзін іздеушілермен кезігуге сенген жоқ.
Басқа ат ұстап мінді. Сенімді атын тың ұстағысы келді ме, 
қысталаң сәт туарға дейін ерттемеуді ойлады ма, кім білсін?..
Әлден уақытта төңірегі тұнжырап, қараңғылық қоюлана ба­
стады. Сірә, келесі түннің кезегі жеткен. Соған да күдіктеніп, 
әлде үміт оты мазалап, төбесіне телміре қараған. Жоқ, әншейінде 
есепсіз жамырап, ұйқы бермей жымыңдап, жанын қытықтап 
тұратын аспан шырақтарын таба алмады. Бірде­бірі көрінбеді. 
Бір ғана сәтке жалт етсейші. Көрінсейші, ең әлсіз, сәулесі бұлдыр 
бір жұлдыз! Табар еді ыққа бастар бағытты. Жетер еді пана болар 
бір қойнауға. Амал қанша, түн сақшылары да көз көрмес қиянға 
қашып кеткен сияқты­ау.
Өзегі талды. Одан гөрі ұйқының азабы өтіп барады. Манағы бір 
сәтте аз­маз мызғып алғысы келіп, көзін жұмған. Ер қасына ет­
петтей жатқан. Ұйықтай алмады бірақ. Бір жасырын күш, жөн­
жосығы белгісіз тылсым дүние, әлде үрей, әлде сақтық уысынан 
босатпай қойды, сергітіп те жібермеді. Мас қылғандай бей­жай 
күйден шығармай, жанын жеп, мазалай берді. Кей сәт кірпігі 
жұмылып қалғып кетсе де, әлдекім иығынан түрткендей, селк 
ете түседі. Сонсоң қайта қалғиды. Тағы оятады әлгі күш. Әйтеуір 

200
Медеу СӘРСЕКЕ
ширек сағат дамылдап, ұйықтай алмады. Түкірігі таусылған ба, 
таңдайы тобарсып, жұтына бергені де содан. Екі­үш рет тамағын 
кенеп, әріден түкірік тартқан еді, таңдайы құрғап қалған ба, 
ештеңе келмеді.
Сонда ғана оның есіне қос туралы ескі жыр түсті. Жаугерші­
лік заманның машық азығы құрт хақында айтылатын сөздері 
құлағына еміс­еміс шалынғандай болды. Әрібай ағасы да айтар 
еді:
– Пай­пай, ашықсаң – аш өзегіңді жалғар, шөлдесең – мейі­
ріңді қандырар қасиетті асымыз қой құртына не жетер! Бес сық­
паның ауырлығы жоқ, қашан болмасын қалтаңды содан бос 
қойма! Баршаңа айтар өсиетімнің бірі осы, ұмытпаңдар соны. 
Ұмытпа, бақыршы балақан...
Үміт жетелеп қойнына қол салды жалма­жан. Тері кәзекейдің 
сырт қалтасын ақтарып, быртиған саусақтары тінте іздеп ішкіге 
қыдырды. Иә, сәт, жолы болғай! Қайтарма меселін!.. Ілікті­ау 
бір сәтте. Біреу емес, бірнешеу. Мұндай қуанбас! Уысына қатты 
қысып, біреуін суырып алды қойнынан. Құрт емес, алақанына 
алтын салып тұрғандай­ақ, аса бір сақтықпен аузына сүңгітіп, 
таңдайына басты.
Бұрын жегенде ащы дәмін сезетін­ді. Қой сүтінен қорытылған 
майлы құрттың тіл үйіргендей тәтті екенін осы жолы аңғарды. 
Таңдайына ұзақ ұстап құшырлана сорды. Кәдімгідей тояттады. 
Сорған сайын қышқылтым дәмі аш өзектен әрі өткен сайын, 
бойы жылынып, әлденіп те қалды. Аяқ­қолы жылып, едәуір 
сергігендей болды.
«Білген­ақ екенсің, қайран баба, қандай асты құрмет тұтып, 
жырға қосуды! – деп мейірлене ойлады кенет. – «Жарты малта ас 
болмай, Темір қазық жастанбай... Ерлердің ісі бітер ме» деуші ме 
еді, сірә, бұдан да ұзағырақ, мәні де ауқымдырақ сияқты еді...» 
Қапелімде есіне түссейші. «Иә, иә, қатесі жоқ. Құрт қасиетін ба­
баларымыз нақ солай жыр еткен. Нелер қиян алысқа шеру бол­
ғанда, айқаспен аяқталар жорықта қоржын түбіне түсер ас та – осы 
сықпа құрт. Тіпті айран жиып, содан нәрлі құрт қайната білген 
өнерің үшін, мал сүтінің нәр­шырынын, әл­қуат құяр асыл 
қасиетін күндер мен түндерге, айлар мен жылдарға сақтап, қаз­
қалпында жеткізе білген ғажап шеберлігің үшін айналдым сен­
дерден, асыл аналар! Осы құртты неше сағат қайнатып, суын әбден 

201
ШЫҒАРМАЛАРЫ
сығып, қоймалжың қалдығын жұп­жұмсақ алақанына салып
баладай әлпештеп отырып, өреге тізген әйел саусақтарын бетіме 
басып тұрып, мейірлене сүйсемші, шіркін! «Бір сықпа – бір аяқ 
сүтпен тең. Қадірлей біл, балам, халқыңның жорық асын» деуші 
еді­ау марқұм анасы. Рас айтыпсың, ғазиз анам. Асықтай сықпа 
өзегім астан талған шақта, бір аяқ айран ішкендей­ақ, мейірімді 
қандырып, шөлімді басты. Шын­ақ тояттап қалдым». 
Көз аштырмаған түтекке өшіге қараған Аманкелді ернін 
жымқыра тістеп алған. Өзін қоршаған қараңғылық шымылдығын 
дал­дал ғып айырып тастаудан мына қалпында тайынар емес. 
Астындағы атын аямай қамшылап, түнек ішіне сүңгіп­сүңгіп 
кетеді. Қиқулаған даусы бір семген жоқ. Үні жылқының алды­
нан, біресе артынан естіледі.
Кеш түскеннен бері мініс атын екі мәрте ауыстырды. Әлі де та­
лай саяққа ер салатын түрі бар. Көзін әлі ілген жоқ, дамылсыз 
жортуда.
Әйтсе де әлсіреген екен. Боран аз­маз саябырлап, үдемелі жел 
сәл бәсеңдеген сәт еді, жылқы ішіне бойлай кіріп қалт тұра қал­
ды. Содан бір сәтте құрысқан аяқ­қолын жазғысы келіп, атынан 
түсіп, қорбаң­қорбаң жүгіре бастады. Әредік жерге еңкейіп, уыс­
тап қар алады да, алақанына салып, қолы­басын ысқылайды. 
Аздап деміккендей ме? Әлде өзегі талғанның әсері? Әлде қалың 
киіммен жаяу жүрген соң сөйтті? Тағы да шөл қыса бастады. Қап, 
болмас. Шыдағысы келіп еді, таң атқанша төзбекке бекінген­ді. 
Қоймады шөл!
Қойнына тағы да қол салды. Бұл жолы саусағына құрттың 
кішірегі ілінді. Алғашқы сорғаны құлжа асығындай зор еді, 
мы нау соның кентайы сияқты. Аманкелді қолын әрірек сүңгіте 
түсіп, сықпаны уысына алды. Алақанында тіс батпас қатты 
сықпа емес, шоқ жатқандай жылу сезілді. Қаттырақ қысып біраз 
ұстады, әлі ұстап тұр. Бір ойық, екі ойық, үш...
– Менің саусақтарым кіп­кішкентай! Міне, қарашы өзің. Нан­
басаң мына қолымнан шыққан сықпаны көр! 
Әлдекім сыңғырлай күлді. Апыр­ау, мынау таныс күлкі ғой. 
Тіпті сыңғырлай естілетін ашық үні де – Рымгүлдің үні. Аман­
келді оны ап­анық естіді. «Апыр­ай, қай­қайдағы еске түседі 
екен­ау...»

202
Медеу СӘРСЕКЕ
V
 
 ...Жадыраған жаз еді о кез. Жылқының дені жайлауда қал­
ған. Үлкен қостан іріктеліп бөлінген мама биелер мен мініс ат­
тар ғана осы арада. Келдібай қорығындағы ескі қыстауды қо­
ныстайтын жылқышылардың үй іші жаз шыға Қарауылтас 
сыртындағы кішкене өзеннің бойына көшіп қонған. Аманкелді 
де бірге келген. Күндіз бие сауғызады, түнде жылқыға шығады. 
Әредік құрық тимеген тай­құнанды үйретеді. Шаршадым деп 
айтқан емес. Айтпайтын да сияқты. Әсіресе түнгі күзетке қуана 
аттанады.
Ал күзеттің бәрі жаздағыдай болсайшы! Қайда барсаң – көк­
орай шалғын, аяғыңа оралып жүргізбейді. Малға жұ ғымдылығы 
қандай! Мұрныңды жарған көк иісі адамды тура ішпей­жемей мас 
қылғандай. Көрінген сай – бір бұлақ, көрінген жыра – бір өзен. 
Қайсысынан суарғың келеді? Жылысын іздесең – өзекке құлат, 
суығы керек пе – бұлаққа айда. Мұздай ызғары тас төбеңнен бір­
ақ шықсын. Жата қалып, қолыңды сәл ұсташы – тісің тісіңе ти­
мей сақылдасын­ай кеп. Қыстағыдай бөрі­қары жоқ. Олар қазір 
аяқ жетпес қиянда, елсіз алыста күшіктерін өргізуде. Әбден 
аяқтандырмай қайтпайды. Сонсоң да қаперіңе ештеңе алмай, 
еркін жүресің...
Аманкелдінің түнгі күзетке қуана шығатын себебінің бірі – 
осы, жыл мезгілінің бірінде болмайтын жаз қызығы. Жылқы  ны 
ауылдан ұзатыңқырап, оты мол жайылымға айдап салады да, 
бір мәрте айналып шығады. Сонсоң мініс атын әлдебір тобылғы, 
иә қарағанға арқандап, бұйырған жерге қисаяды. Рас, жазғы 
түн тым қысқа. Көп ұйықтай алмайсың. Бірақ ет асым мезгіл 
мызғып алуыңа болады. О да аз ұйқы емес.
Таза ауа. Түн самалы. Дала түнінің танауыңды қытықта ған 
шөп иісі. Түн жәндіктерінің әр алуан дауысты хоры, әлдеқалай 
шырылдаған құстар үні. Сол әуенге үн қосқан өзен сыңқылы, 
бұлақ суының жайдары сылдыры. Бұған енді кеңсірік жарған 
қымыздың қышқылтым дәмін қосыңыз. Күзетке аттанарда тоя 
ішкен уыз қымыздың таңдайыңнан кекірте қайтқан ашқылтым 
иісі ше?.. Тұла бойың рақат күйге бөленіп еріксіз шалқиды. 
Қисайған бетте қор етпеске шараң жоқ. Төсегің – көк шалғын
көрпең – көк аспан. Қалың шөпті жапыра жатасың шалқаңнан...

203
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Алайда сол жазда Аманкелді бұрынғыдай емін­еркін ұйық­
таған жоқ. Күзетке шықты­ақ, жылқыны тықсыра айдап, Ақтас 
жаққа құлата бастайды.
Ақтас – кеңшар орталығына сұғына еніп тұрған жатаған бұй­
рат. Шаруашылық аты да содан алынған. Бұйраттың ең шеткі, 
қыл мойын жотасына іліне жылқыны тоқтатады да, құлақшы­
нын қолына алып құлағын түреді.
Сол жазда ол пысқырған жылқы атаулымен өш боп алды. 
Әсіресе жас құлындардың асыр салып, айнала шапқылаған 
ойы нынына кекті. Күні бойы желіде байлаулы тұрып зеріккен 
құлындар қайтсін оны? Бірін­бірі қуалап, құйрықтарын көтеріп 
алып, әрлі­берлі шапқылағанда жота үстін ауыл көшкендей 
қылады. Осқырынған, тебіскен тай­жабағылар қандай! Олар 
да тасырлап жөңкілуден кенде болмайды. Ал жас жылқышыға 
тыныштық керек. Ол биыл құлаққа ұрған танадай жым­жырт 
мүлгіген тыныш түнді ғана ұнататын болған. Сонсоң да шұр­
қыраған даң­дұңы көп табыннан ұзап, кеңшар орталығына 
ұрымтал жерге жетеді. Кейде жолы болып іздегеніне кездеседі. 
Өзін шақырғандай боп, алыстан асқақтай шыққан ән сазын естіп, 
қыбыр етпей тұра қалады. Кейде шыдай алмай, сірә, қуанғаны 
шығар, атына қамшы басып, даланы тасырлата Ақтасқа қарай 
құйғыта шабады.
Ақтас ауылы алтыбақан құруды ұмыта қоймаған. Кешке қа­
рай ауыл жастары сар даланың ауылмен шектесетін шетіне 
жиналып, ойын­сауық ұйымдастырады: алтыбақан теуіп, ән 
шырқайды; ақ сүйек іздейді; ұры болып та ойнайды; әйтеуір таң 
атқанша ермек етер ойындар аз емес...
Аманкелдінің де тынышы кете аңсап, орталық жаққа жау­
таңдай қарап, тың тыңдайтын себебі де осы. Алтыбақанға жи­
налған жастардың дабысын құлағы шалды­ақ, сол маңатқа жету­
ге аңсары ауып тұрады.
Өткен қыста ол Рымгүлмен жақынырақ танысқан. Ет жа­
қын ағасы үшінші фермада қой бағады. Рымгүл де өзіндей әке­
шешесін ерте берген жан, қазірде жеңге тәрбиесінде. Әлдекімге 
кіріптарлық жайт өзара жақындасуға дәнекер болды ма, әйтеуір 
алғаш тілдескен күннен­ақ екеуі бірін­бірі үнсіз ұғысатын бол­
ған. Қаңтар туа жылқышылар қосы Егінжай қыстағына жа­
қын қонды. Көршілік хақысын арқаланды ма, кім білсін, қолы 

204
Медеу СӘРСЕКЕ
босаса­ақ, Аманкелді құлаға ер салып, қыстаққа жетіп келетін. 
Алғашқыда сыйлы қонақ боп, үй иелерінен жылы шырай 
көріп аттанып жүрді. Бірақ, амал не, келе­келе шопан үйінің 
ашық қолы жұмылып, жылы көзқарас суық шырайға ауысты. 
Қыздың ағасы өзіне алакөздене қарайтын болды. Тіпті басқан 
ізін пысық әйеліне аңдытып қоятынды шығарды. Нендей егер 
сөздің араға жүргенін Аманкелді білген жоқ. Ұнатпайды­ақ. 
Қо лын кессін бе, бармағын шайнап, өкініп­ақ жүр. Оның не 
деу ге жолы жіңішке әрі батылы жетпейді. Ал соның бәрін елең 
қылмай, қолын сілтеп жүре берер еді (Шынында да ескі ғұрыпта 
шаруасы қанша?). Қызы бар болғырдың өзі де бұл жайында ләм­
мим деп үндемей, мысын құртты: біржола келме демеді; қуып та 
жібермеді; ағасының тыйымына да ара тұрмады. Әлде ұяң, әлде 
сүймейді? Өзі де оны сүйе ме, осы әуресі жастық желең жетелеген 
әншейін бір жауып өтер нөсердей өткінші сезім желігі ме? Соның 
анық­қанығын Аманкелді білген емес. Әйтеуір сол бір қарақат 
көз, қараторы, талдырмаш қызды жиі көруге аңсары ауып, құ­
мартқаны анық.
Даусы да оның келісті еді. Неше түрлі әнді шырқата жөнел­
генде деміңді жұтып, тына қал. Ал қоңыраулы үн күмбір­күмбір 
дыбыспен төгіле береді. Тазалығын кәусар бұлақ дерсің. Сыңғыр­
сыңғыр үнмен құйылып жатады, енді үзіледі­ау, бітті­ау деп 
қыпылдап тұрғаныңда тағы бір, бұрынғыдан да әсем, әуезді ды­
быс шыға келеді күмбірлеп. Құдды бір таусылмас мол қайнар 
көзден шығып жатқандай. 
Рымгүлдің ашық даусын Аманкелді, қандай көп ішінде айтпа­
сын, сол жазда жаңылмай айыратын болды.
Жаз шыға Рымгүл тігіншілер шеберханасына жұмысқа түсті 
де, орталықта тұратын немере ағасы Кеңестің қолына келді. 

Каталог: books
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014
books -> Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы
books -> Бағдарламасы бойынша жарық көрді
books -> Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген
books -> Редакция ал қ
books -> Ббк 84 Қаз-7 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Анықтамалық Е. Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алматы, 2014 «Сардар» Баспа үйі

жүктеу 7.21 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет