Бағдарламасы бойынша жарық көрді ТҮменбаев қ. Шығармалары. Көптомдық. 2-том. Әңгімелер мен



жүктеу 7.96 Kb.
Pdf просмотр
бет1/15
Дата10.09.2017
өлшемі7.96 Kb.
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Қуандық 
ТҮМЕНБАЕВ
ШЫҒАРМАЛАРЫ
2
Алматы
2014

УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
Т 87
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша жарық көрді
         
ТҮМЕНБАЕВ Қ.
ШЫҒАРМАЛАРЫ. Көптомдық. 2-том. Әңгімелер мен 
хикаят/ Қ.Түменбаев. – Алматы: “Айғаным” баспа үйі, 
2014, 
ISBN 978-601-03-0248-8
Т. ІІ. – 286 б.
ISBN 978-601-03-0250-1
      
Адам жаны несімен құнды? Адам өз бақытын тәтті 
күндерден тапса, түрме есігіне тасмаңдай тағдырын балағандар 
қаншама? Бұлардың арасында кешегі дүбірлі Желтоқсан 
күндерінен кейін домбырасымен қоса сотталғандар да жүр.
Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың  70-ші жылдары келіп 
қосылған буынның өкілі  Қуандық Түменбай кейіпкерлері  
осындай жандар. Жазушының II томына енген хикаяты мен 
әңгімелерінде домбыра тартып алаңға шыққан кейіпкерлердің 
жан дүниесі шынайы бейнеленеді. Өмірде шын өнерді 
мұрат тұтқан замандас-кейіпкерлермен де кездесеміз.
УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
                                                           
ISBN 978-601-03-0248-8
© «Айғаным» баспа үйі, 2014
Т-87
ISBN 978-601-03-0250-1

Хикаят

4
ТАСМАҢДАЙ
Шалдың көзін талдырып, көкірегін сарғайтып үш жыл да 
дөңгеленіп өте шықты, бірақ бұл шаңырақта тоғыз ай, тоғыз 
күндік қуаныш болмады. «Мен неге сарылып күтем осы 
күнді, анау түкті кілемнің түбінде, ақ шымылдықтың астында 
аймаласып жатқан екеуі неге ойламайды осыны? Өмірімде 
жігіт болып еміреніп жар да сүймеппін, аққуымды да 
атпаппын». Көкірегі зерек, көңілі жүйрік Тасемен оң қырына 
аунап түсті де, жүрек тұсына қолын койып, алақанымен лүпілін 
тыңдады. «Қу тіземді құшақтап, жалғыз өмір сүргеніме де 
аттай жиырма жыл, енді мен де жас иіс иіскей алмаспын, 
Қырманшыдан жаралған шарананы иіскеп, көңілімнің құрыс-
тырысын жазсам деп едім...»
– Бір бөтелкені бір өзім іштім. Бір бөтелке ақтың қуаты 
оңай ма!
Құлағына ұлының масаң даусы естілді.
«Иттің сөзі. Сенің тіліңді шығарар сол ақ екен де. 
Қуатыңды қалай тауысқаныңды білмей қаларсың әлі».
– Қырманшы!... Жаным!...
Тасемен үйді кеңітіп салмағанына опынды. Екі бөлмелі үй 
ол кезде хан сарайындай-тұғын. Екі бөлмелі үйге сырттай көз 
сұғын қадап, «Тасемен жаңа үйге көшсе, сатып алсам» деп 
армандағандар да аз болған жоқ; су ағады, заман өзгереді 
– төбесін шифермен қаптаған еңселі үйлер қаздай тізілгенде 
кешегі ел басқарған Тасеменнің екі бөлмелі үйі әжетке аспай 
қалды. Енді мынау – бала мен келіннің түнгі сырын жүрегі 

5
шоршып, керең боп қалған кәрі құлағымен тыңдап жатысы.
– Ақмоншақ, жаным!..
Тасемен сыртқа шығып кеткісі келді де, тасырлатпайын 
деп қайта жатты. Биыл үш жыл болды осы көлгір дауысты 
естігелі. Соңғы кездері таң атқанша дауыс та үзілмейді, бұл да 
көз ілмейді. Ортадағы қоңырмен сырланған есіктің екі беті екі 
өмір-арғы бетте:
– өзінен тумаған өгей ұлы Қырманшы жігіттің қызыл 
қырманын күреп жатыр;
–  бергі бетте-өгейлігін өмірі маңдайына шертіп білдірмеген, 
аты Тасемен болса да алпыс екі тамыры Самарқанның көк 
тасындай иіген шал өзінің бұл фәниден қайрансыз өткенін енді 
ғана сезініп, опынып жатыр, өкініп жатыр.
Тасемен «аққуымды атпаған сорлымын» дегенде 
өзінің өмірден мағынасыз баз кешкенін ойлады; әкесінің 
табалдырығынан орамалын төмілжітіп қыз аттата алмағанына, 
қызық көре алмағанына опынды; соғыстан келгесін отыздан 
асқанша қу тізесін құшақтап жалғыз жүрді. Бір күні немере 
ағасы Оңғарбай ауыл шетінен толып аққан дәу канал түбіне 
шым батып, о дүниелік болды. Жылын бергесін қолында 
қалған Қырманшыға әке боп жеңгесіне қосылды. Зорлап 
таңған да ешкім жоқ, «алсам алайын» деді алдынан өткен 
ақсақал-қарасақалға. «Әйтеуір біреумен отасып, бала сүюім 
керек қой» деді өзі де. Ширек ғасыр отасты-бала көре 
алмады; тастап кетуге өзін қыздай тиген қосағынан кем 
көрмей күткен жеңгесін қимады, сондай кездері «осы немере 
ағамнан туған Қырманшы үйленіп, үйлі-баранды болса бұл да 
менің бір басымның думаны ғой» деп өз көңілін өзі алақанға 
сап әлдилейтін.
Жеңгелей қосылған жары о дүниелік болғасын да жиырма 
жыл өз отын өзі жақты: мұрты шыға қоймаған Қырманшының 
да қір-қоңын өзі көтерді. «Осы біреуді үйге кіргізсе қол 
көпіршітіп сабын ұстағаннан құтылармын» деп, көкірегі 

6
мұздай боп қуанатын.
Қырманшы әскерге барып, Отан қорғап қайтқанда 
ұрттауды да үйреніп қайтты; «сендерге осы шекараны арақ 
беріп қорғатқан ба?» деп еді бірде ішіп келіп, аңқасы кеуіп, 
басы сынып отырған күннің ертеңінде. «Көке, мен флотта 
болдым ғой, алты ай теңіз астында, бір ай құрлықта боламыз, 
күнде таңертең жүз грамм спиртсіз тамақ батпайды» деді сап-
салмақты отырып. Енді құрлықтағы бүкіл өмірің құр кетпесе. 
Міне, үш жылдан асып барады, тоғыз ай, тоғыз күндіқ 
қуаныш Тасеменнің шаңырағына жақын келейін демейді.
Қоңыр есіктің арғы бетінен ыңырсыған әйел үні естілді.
«Атқа мініп, ел билеп жүріп, ең болмаса, бала мен келіннің 
қылығын естімейтін басыма баспана да салып алмаған екенмін 
де».
– Бір бөтелкені бір өзім ішу оңай ма!..
– Жаным, ертең тағы әкелемін, жаным!..
Шал өзін сыйлап, алдын кесе өтпейтін ауылдастарының 
өң-жүзін қараңғы түнде біртіндеп көріп тұрып жаман 
қорланды. Ертең-арғы күндері колхоз бастыққа барып, үй 
сұрамаққа бекінді.
Сыртқы есікті тысырлатпай жәй ашты. «Кедергі болмайын. 
Адамзат бәрін де сезеді. Бәлкім, менің есіктің бергі бетінде 
жатқаным екеуінің еркін жазылып, еркін көсілуіне кедергі 
шығар. Бөлек шығарсам ба екен? Атай көрме, Тасемен! Ертең 
үй сұраймын». Әр адымын еппен басып, қою түннің құшағына 
көмілді. «Келін мен бала еркін қызықтасын. Бәлкім, өмірден 
еш қызық көре алмаған менің де шарана сүйер күнім кеп қалар» 
деп, жүрегінің бос қалған тағы бір қалтасын үмітке толтырып.
еңсесін тік ұстап тұрды. Бірақ мойны қылтиып, төменгі жағы 
былшиған «Тараз» деген бөтелкені ойлағанда тумысында 
ынжық Қырманшының сайраған қызыл тілі құлағына кеп, 
бір мезет ол емес, балп-балп етіп былшиған бөтелке сөйлеп 
жатқандай көрінді.

7
«Алла қызықтарынан жазбасын».
Ертең көп бөлмелі үй сұрауға бекінді.
* *  *
Бүгін де Қырманшыға тіс жарып сөз айта алмады. 
Сабындыкөлдің үлкен-кішісін бір шыбықпен айдаған 
атқамінер Тасемен өзінен тумаған өгей ұлға келгенде қызыл 
тілі отыз екі тістің артына жасырынып қала береді. Бұның бәрі 
Қырманшының бала күнінде қыздай қосылмаса да қыздай 
қосылған жардан бетер мәпелеген жеңге көңіліне көлеңке 
түсірмейін деген өзін-өзі сақтандырған көңілден көкірегінде 
қалыптасқан дағды; оның үстіне өгей ұл қатты айтқан сөзімді 
көңіліне ауыр алып қап, кейін қайталап жүре ме деген 
емен-жарқын еркөңілдің кең жайылған көрпесі еді. Бірақ 
қайдан жұққаны белгісіз, қырман басталғанда туып, қырман 
аяқталмай әкесін жұтып, қолында бұла боп өскен Қырманшы 
арақты көргенде қызыл көрген бүркіттей шүйлігетін әдет 
тауыпты
Бұрындары күліп отырып: «Әй, бұл орыстың тамағы 
саған тамақ болмас» деп еді, «Көке, үрдіс қой, жаспыз ғой, 
жас кезіңізде өзіңіз де сілтепсіз ғой», – деп келте қайырды. 
Өзі ішсе атқамінер боп жүріп ішті; жеңгелей алса да жылы 
құшағы суымай кеткен Жібекке боза салдырып ішті. Бар 
ұстаған кәйібі – арқасы тершіген кезде аузынан түйдек-
түйдек әзіл ағытылатын; кәлжіреп, мылжыңдап мазаны 
алған кезі жоқ. Ал бұның ішісінің ұрқы бөлек. Жоқ кезде 
қайдан табылады екен? Келін болса аудандық наубайханада 
шебер, нан әкелудің орнына мойнын қылқитып сөмкесіне бір 
бөтелке салып әкеледі, әлде күйеуіне күнде кәйіп әкелу бүгінгі 
келіншектердің үрдісі ме екен?.
Тасемен тағы да қою түнмен жалғыз сырласып қалды. 
Тағы да қоңырмен сырланған есіктің екі беті екі өмірдің күйін 
шертіп жатты.

8
Бүгін колхоз бастығына барып үй сұрап еді, бастық үй 
болмайтынын бірден айтты.
– Үй соғуды қазір тоқтатып тұрмыз. Құрылыс 
материалдары қымбат. Үй соғыла қалса, бірінші кезекте сізге 
береміз.
– Балам-ау, тұрғаным екі-ақ бөлме ғой. Мен қайта 
жасарғанда бересің бе ол үйді.
Сол сәт түн баласына керең боп қалғыр құлағы естіп шығар 
көлгір дауыс қайта естіліп жатты; баласы мен келінінің күбір-
сыбыры тіпті жақыннан, мынау колхоз бастықтың айнадай 
таза көк есігінің ар жағынан шыққандай болды.
Колхоз бастық сөзге түсінбеді. «Мына шал не айтып 
отыр?» дегендей қасын керіп бір қарады да, езуіне қуақы 
күлкі үйірілді.
–  Көке, зіңгіттей жігіт балаңыз бар, өзі ПМК-да кран 
айдайды, сол неге үй соқпайды? Қазіргі жастар үйді өздері 
соғып алып жатыр ғой.
– Сол үй емес, адам соқсын деп жүрмін ғой.
Колхоз бастық тағы да түсінбеді. Ауылдың дуалы ауызы 
– айтқанынан қайтпайтын бірбет те, жасыл жайлаудай 
көсілген кең көкірек шалдың шындығы мен әзілі аралас сөзін 
Санкт-Петербургтің ауыл шаруашылығы жоғары оқу орнын 
тәмамдап келген басшы жігіт бойына сіңіре алмады.
– Сізге құрметті колхозшы атағын бергелі жүрміз, – деді 
сар-р еткізіп тартпасын ашып, бір бет қағазға үңіліп.
– Менің өз құрметім өзіме жетеді. Өзіме емес, балама үй 
бер, менің барым да, нарым да сол екенін білесің ғой.
– Білемін, көке, білемін. Мені әкім шақырып жатыр, 
кеттім, – деді де, шалдан бұрын есіктен ытқып шықты.
Тасемен үйге жеткенше ойланды.
Алатыны қырық сом зейнетақы. «Құжатыңыз жоғалып 
кетті, облысқа сұрау салып ізденіңіз» деді әлеуметтік 
қамсыздандырудағылар. Кәрі қойдың жасындай жасым 

9
қалғанда зейнетақы дауламаймын. Оны ашып айтқанмын. 
Оу, осы колхоздың тұңғыш төрағасымын. Сабындыкөлдегі 
көлеңкесі адамға сая болған әр түп терек пен талдың түбін 
өз қолыммен көмдім емес пе. Неге мені жерде Адам, көкте 
Құдай желеп-жебемейді? Әлде өткеннің бәріне топырақ 
шаш деген уағыз пайда болды ма?! Зәңкитіп үй соғып берсе, 
Тасемен соған татымай ма екен?»
Сырлы есіктің арғы беті сыбырласа бастады; сыры кетсе 
де сыны кетпеген бергі беттегі сырлы қасық «осылар не дер 
екен?» деген бұрын болмаған тосын ынтық көңілмен құлағын 
түре қалды.
Бүгін таңғы шәйдің үстінде тіс жарып ештеңе айта алмады, 
екеуінің де жүздеріне қарай алмады; шәйін ішіп болғасын 
бет сипады да тұрып кетті; балаға ақыл айтуға бір жастықта 
бастары түйіскен келінінен именді. «Бүгін ішіп келген жоқ 
қой, сау күйінде не айтар екен?» деп құлағын түрген сыңайы 
бар.
– Бүгін неге бөтелке әкелмедің?
«Марғау неменің сөзі».
–  Ішпегесін үндемей жатырсың ба? «Тараздың» калғаны 
бар, күнде арақ беруге атамнан бата алмаймын.
«Келін ақылсыз емес». Шал қопаңдап қойды.
– «Тараздың» қалғанын бере бер. «Тараз» деп қалай 
тауып қойған, ә!
«Маубастың тауып айтқан сөзі».
Шамның жарқ етіп жағылғаны есік саңылауынан көрінді. 
Жебеуші аспаннан тастап кеткендей шың-ң етіп соғысқан 
стакан да, малжаңдап шайнаған тіске басар да табыла кетті.
– Сен өзің де жөндеп алсайшы. Нан жабатын кілең қатын 
ішпейді дегенге кім сенеді. Бүгінде қатындар бастайды ғой. 
Бұ қазақта Сәрсенбай ішсе Сәрсенкүл де қалыспайды.
«Мынауың шешен ғой өзі. Ұрттаса болды қызыл тілінен 
май тамады екен де. Мау-бас!»

10
Шың етіп соғысқан стаканның жарықшақ үні тағы да 
естілді.
Көкшіл көзі күлімдеген, жалпақ бет дөңгелек жүзді 
қыздың отқа май тастап, Тасеменнің табалдырығынан төмен 
иіліп, келін боп кіріп келе жатқан кейпі көз алдын тағы бір 
тұмшалады. «Боркемік бала-ай, шешең өмірде өзі ашытқан 
бозадан бір ұрттамап еді; су түбіне шым батқан әкең де ағаштың 
діңіндей қатты еді. Не болды саған, не болды бұ заманға? 
Кімге тартып, кімге еліктеп, мұндай боркемік болдың? Әлде 
заманның ағынына қарсы жүзе алмаған құлашы қысқа құр 
тыраш па едің? Сені адам ғып өсірдім деп мәз болғаным құр 
асылық көңілдің алдарқатуы ма екен? Ақмоншақ ше? Келінім 
емес, баламдай көріп келдім. Ол төмен етек емес пе? Оныкі 
не?!»
Шал ойын тұйықтап үлгергенше арақ қызыл тілінің 
божысын қағып жіберген Қырманшының тәтті үні естіле 
бастады.
–  Сен мені сүйгендіктен алып келесің ғой күнде бір 
бөтелкені. Бұл сенің махаббатың ғой маған деген.
«Шірік, қашан екеумізден бала пайда болып, қашан 
нәрестелі боламыз?» деп неге айтпайды бұл неме? Дүниеден 
тамсанумен өткен мына мені неге ойламайды, «көкеме сәби 
иісін иіскетейін» деп неге айтпайды, неге айтпайды соны 
араққа мас болған әңгүдік ит?! Үш жыл-үш он екі ай күткен 
менің төзімім тас емес қой. Осы жұрт атым Тасемен болғасын 
менің жанымды да тас деп ойлар, сірә! Ет пен сұйектен 
жаралған, жүрегімнің лүпілін санаған жұмыр бастың бірі мен 
емеспін бе?..».
– Тамағымнан сүйші!..
Осы сәт жалбарынған жанға рахат нәзік үнді ап-анық 
естігенде жиырма жыл қу тізесін құшақтап тек жүргеніне 
тұңғыш рет өкінді; қосылған жарым бір Қырманшының бабын 
таба ма, жоқ па деп өзін тежеп, тізгін тартып келгенде көргені 

11
масаң ұл, естігені масалаң сөз. Сірә, мен дүние шіркін үлес
бөлгенде ең татымсызы тиесілі болған пақыр екенмін де. 
Ойлағаным ел тыныштығы, жұрт қамы, ал жүдеу болса да 
тағынан бір түсіп көрмеген менің көңілімді ойлайтын пенде 
баласы бар ма екен маңымда? Колхоз бастығының сөзі 
анау, оған сөзі өтер көз көргендердің ойлағаны өз қамы, бір 
құлқыны. Сонда мен ешкімге керексіз, жырақта жалғыз өскен 
ақбастай басы ағарған Тасеменмін бе? Мүмкін емес, мүмкін 
емес, бұлай болуы әсте мүмкін емес. Сабындыкөлдің қазығын 
қағып, бүгіндері қолынан келер қайраты болмаса да ауылдас 
үшін ауыз көмегін аямай жанұшырған Тасеменге тым болмаса 
сексенге келгенде өмір жомарттың тартар бір сыйы болар. 
Мен үшін ең үлкен сыйлық-перзент, немере сүю. Оған тең 
келер, одан тәтті бұл дүниеде мен үшін ештеңе де жоқ. Мынау 
өз шырынына бөгіп жатқан Қырманшы мені –өгей болса да 
шекесінен шертіп, маңдайын жиырып ұрыспаған әкесіне керек 
тәттіні ойлай ма екен?
Тұлабойы тосын дір-р еткен Тасемен бойдақ өткізген 
жиырма жылына дәл қазір қатты опынды; Қырманшыны 
жуындырып, шашын тарап, бауырына басып жататын тәтті 
кездерін ойлап кетті; қолынан келсе оны балалық шағына, 
өзін жасамыс дәуіріне қайта түсіргісі келді; оны төсектен 
теуіп бөлек жатқызғанда мен өзі құсап шырынға бөгіп 
жатпас па едім? Оның дөңгеленген қос жанары мұңға толып 
тұратын шешесін – жеңгелей алған қосағын ойлағанда қолын 
көкірегіне қойып сылқ түсті. Сол мұңлы жанар, сол тұнық 
жанар ғой өзін жиырма жыл тұсап келген. Әйтпесе, бір күні 
төсекке жатқасын:
–  Қарабала (атын да атамай кетті), сен менен перзент сүйе 
алмадың. Көңілің бұзылып жүрсе біреудің етегінен ұстасайшы. 
Маған қараңды көрсетіп тұрсаң болғаны да, – деді.
– Көңілім бұзылған түгі жоқ. Колхоздың жұмысымен 
шаршап жүрмін, – деді де қатар жатқан Қырманшының 

12
маңдайынан иіскеді. Бұл Жібектің жанына майдай жақты.
– Қырманшы да өз балаң ғой...
–  Қырманшым ғой менің, қызыл қырманым ғой.
Өткен күндердің бәрі алдамшы екеніне Тасемен әлгінде 
ыңырсыған әйел даусы шыққанда еркек көңілмен тұңғыш көз 
жеткізді, өзінің ақадал көкірегін әлдекімдердің шырын сезімі 
қызыл тілімен жалп-жалп жалап өткеніне опынып, алдамшы 
өмірге лағнет айтқан бейжай халде еді.
– Тағы да тамағымнан...
Шал қою қараңғылықта сәбидей еңбектеп барып есікті 
ашты да, тағы да тастүнек далаға аттай берді.
Түнгі қоңыр самалмен желпінген кәрі көңілін мұздата 
алмай әрлі-берлі жүріп алды.
Таң атқанша қайтып кірмеді.
Таң ағарып атып, келін мен бала дастархан басына қатар 
қонжиған сәтте жуынып-шәйініп бұл да келді. Бірі мазасыз 
ұйқыдан көздері кіртиіп, бірі апиындай ащыдан басы ісіп 
отырған екеуге көз тоқтатып қарай алмады. Шәйдің соңынан 
тұйық отырған күйі шоқша сақалды, атжақты өңі күреңітіп 
ұзақ құран оқыды, қайырып ұзақ бата жасады. ЬІстық 
шәйдан бірте-бірте мандайы жіпсіп, жүздері нұрланып келе 
жатқан екеуінің бетіне әлі бір қараған жоқ. Бетін сипады да, 
дастарханның бір шетін қайырды.
– 
 Төңкерістегі нағашыларыма барып қайтамын. 
Тірліктеріңмен бола беріңдер.
Тасемен артық сөзге жоқ. Нені де болса қас-қабақтан 
түсінгенді қабыл көреді. Бұның түйілген қабағына қарап 
жатқан да ешкім жоқ. Тасемен жоқтан барды сылтау ғып 
Төңкеріске тартты.
Тіршілік қоңыртөбелін қамшылап жатты.
– Бай баласының жатысын-ой-й!
Қырманшы басын әрең көтерді.
– Кө-ке, асса-асса-лаумағалей-күм!...

13
Нағашылап келген әкесі тырс етпеді; өмірі көрмегенін 
көргенде тілін тістеп сілейіп тұрып қалды да демін ішінен 
алды. Бір жеті нағашы ағасымен сырласып, күндіз де, түнде 
де өткен-кеткенді шиырлап, әңгімелері таусылмады; сондағы 
бір әңгіменің түйіні – «қызық көретін күнім де келді енді 
Қырманшыдан немере көрсем, алдыма алып, сен сияқтанып 
отырсамға» сайып еді.
Нағашы ағасы мырс етті.
Жиырма жыл қу тізеңді құшақтамағанда беліңнен де 
немере көретін едің.
Бұл — нағашылы-жиенді екеуара әңгіменің соңы болды; 
Тасемен өз ошағына қайтқысы кеп кетті. Өзі маубас деп 
іштей сөгіп, сырттай сөзге қия алмайтын Қырманшысын, үш 
жылда алдынан кесекөлденең өтпеген келінінің жүзін көргісі 
кеп кетті; «аман бол, нағашы, енді келсең өзің келерсің», – 
деді де, автобусқа отырып тартып кетті. «Балам мәшинесімен 
апарып салады ғой» деп еді, «мен үшін әуре болмай-ақ қой», 
– деді артына мойын бұрып қарамастан. Бұл «мен үшін тіліңді 
жалдап әуреленіп қайтесің» деген сәтінде айта алмаған сөздің 
сарқындысы еді.
Үйге келгенде кергені мынау масалаң бейне. Өзі өмірде 
бір рет те себепсіз колхоз жұмысынан қалған емес. Ұлының 
кәлжіреген түріне, домбығып іскен көзі мен тауықтың 
жүніндей ұйпаланған шашына қарап тұрып бар айтқаны:
–  Әй, мойны сорайған краныңды кімге қалдырдың? – 
болды.
– Кран... кран бастықта. Бастық айдайды. Маған 
Ақмоншақ болса болды. Сол әкелсе... Ақмоншақ, қашан 
әкелесің?..
–  Бар, өз өтеніңе барып жат! – Тасемен сығыр көзін 
қатты бір ашқанда шағын, шымыр, жұмыртқадай дөңгелек 
Қырманшы орнынан тұрып, ашық есіктен өз өтеніне ілікті.
Шал белін буған орамалын қатты бір тартып, құрақ 

14
көрпеге отыра кетті; өзек өртеген күйініштен шапанын да 
шешпей жантайды, «Қалай білмегенмін, япыр-ау, мынаның 
жаман жолға түскенін. Бір Қырманшы деп жүргенде... мені 
қатты опынтты-ау, мына өмірден онсыз да жеген опығым 
аздай-ақ. Ет жақыннан қалған жалғызым туған нағашымның 
бетіме түкіріп отырысы анау. Оның көңілі тоқ, сосын қалай 
сөйлеймін десе солай сөйлейді, алдында немересі, астына 
мәшина мініп, құрақ ұшып лыпыған баласы. Баршылық шіркін 
не дегізбейді адамға. Мынау мойны сорайған мәшинесін кімге 
тастап кетті екен? Келін білмесе.. Өзінің тілі жаңа шығып келе 
жатқан баладай Нағашым... – жантайып жатқан күйі онсыз 
да шиырланған беліндегі орамалын тағы бір матай тартты. 
– Менің жиырма жыл бұрынғы сәурік шағымды ойлайды. 
Осы... көмусіз қалар пақырың мен болмас па екенмін. Қайда 
баяғы ысқырығыңнан жылаған бала жұбанған қатал Тасемен; 
неге мына кіндігіңнен жаралмаған жалғызыңды жолға 
салмайсың сол қаталдығыңмен?». Осыны өзі емес, бүгін 
таңертең бетіне қарап тұрып жиырма жыл бұрынғы жасамыс 
шағын есіне салған нағашысы айтқандай. «Бұл отызға 
толғанда талшыбықпен ұрып тәрбиеге көндірмекпін бе... 
төрімнен көрім жақын тұрғанда. Қатын алғанша қисалаңдап 
келгенін көрмеппін. Бір рет кызып келіп, таңертен басы 
жазылғасын бұл келісінің жөн-жосығын сұрап еді, естіген сөзі 
мынау: «Мен үш жыл флотта, судың астында болдым ғой, 
көке, күнде жүз грамм спиртсіз тамақ батпайтын бізге. Спирт 
түгесілген кездері вино беретін»». Бұл әскерің де, түрме де 
адамды түземейді, бойында барын күзей ме деп қалдым ғой. 
Жіптіктей боп кеткен бала аузы қисаңдап арақ ішуді үйреніп 
қайтты. Су астындағы үш жыл өміріне өкіне ме екен, бәтшағар. 
Әлде менің жанымды қинаған немере перзент болып мұның 
да жанын қинай ма екен? Қинаса неге адамша әрекет етпейді-
ей, доғдырына көрініп дегендей. Екеуінің де көзі ашық, екеуі 
де доғдырға жақын ауданның қақ төрінде жұмыс істейді.

15
– Көке, Ақмоншақ қашан келеді? Көке...
Шал мырс етті. «Қатыныңның қашан келетінін әкеңнен 
сұрап білейін дедің бе». Орнынан шалт көтеріліп, қоңыр сыры 
кірден көрінбей қалған жартылай ашық есікті сарт жапты. Бұл 
«өз даусыңды өзің естіп жат» деген ашудан туған әрекет еді. 
Жолдан қажып келген шалдың таңдайы кеберсіп, шәй ішкісі 
келді. Бірақ жез самауырды бұрқ еткізуге сексендегі шалдың 
орамалмен шарт буулы белі де, кісілік харекеті де көтере 
қоймады. Не де болса келінінің келуін күтті. «Бұның сырын 
бір білсе, келін білер».
Кәрі жанары тағы да арғы бетінде жүнін жұлған тауықтай 
боп бүрісіп ұлы жатқан қоңыр сырлы есікке түсіп кетті. «Кірін 
сүртіп қоймай ма екен есіктерінің?!»
* * *
Тасемен келінінің келуін тағатсыздана күтті. Кешкі 
самалы лекіген жаздың мамыражай қысқа күнінде шынжыр 
сағатының тілі алтыдан төмен иілгенде келін де есіктен кірді. 
Шалдың көзі бірден қолындағы қызыл сөмкеге түсті. Қызьіл 
сөмке де кіршең тартып, жалақ еріндей жылтырап кетіпті. 
«Қолға ұстаған затын неге айнадай жалтыратып жүрмейді 
екен әйел баласы». Тағы да кіршең есікке карады, айтқысы 
кеді, бірақ мұндайда қызыл тіл иманын үйіріп, отыз екі тістің 
артына тығыла береді.
Әйтеуір, тығыны дөңгеленіп, мойны сорайған мешкей 
бөтелкені көрмегеніне бойы жеңілдеп қалды. Келін ішке 
кіргенде қарны балықтың қарнындай боп жарылған қызыл 
сөмкеге көзі түсті – толықсып тағы бір «Тараз» жатыр. «Бә-
ре-кел-де!»
Бір шаңырақтағы үш жанның екеуі ысылдап келген 
самауыр жанына қонжиды. Келіні мен атасы – Ақмоншақ 
пен Тасемен – бірі дөңгелек жүзі аршылған жұмыртқадай 
әппақ та, бірінің тұнығы лайланған әжім-әжім жүзінде жүз 

16
шабақ шоршып жүзіп жүр.
–  Ата, нағашыңызға жақсы барып қайттыңыз ба? 
–   Шал басын көтергенде келінімен көзі арбасып қап, тағы 
да мойны сылқ түсті. «Қырманшымның орны үңірейіп тұр...»
Шақыр Қырманшыны!
Келін жайылған етегін еппен жиып, кіршең есіктің арғы 
бетіне өтіп келді де:
– Оянбады, – деді.
–  Ақмоншақ қарағым, бұл қашанғы ұйықтайды. Бұның 
ұйқысынан оянатын күні бола ма? Өмірден ұйықтап өте ме? 
Оят ұйқысынан!
Сөйлеп отыр, шоқша сақалы шошаңдап отыр, бірақ басын 
көтерген жоқ. Ақмоншақ болса төмен қарап, шоқша сақалы 
дір-дір етіп, аузы жыбырлаған шалдан екі көзін алар емес.
– Тентек суға да құмар боп кетті. Бұрын мұндайы жоқ еді.
– Мен келгелі ме?..
–  Балам, бүгінгі жатысы не жатыс? Жұмысы қайда?
– Жұмыстан күнде қалады. Бастығы шығарам деп жүр 
екен.
–  Балам, сол тентек суды ішпе деп неге айтпайсың?
–  Ата, мен ішпе десем, маған күндіз-түні тыныштық жоқ 
қой,
Шал тілін тістеп қалды, басын көтеріп түбі көрінген 
кесесіне қарады. «Бүгін тағы да әкеліпсің» деп айтқысы келіп 
еді, мұнан кейін отыз екі тістен шыққан сөз кімге дәрі деп 
түйді көңілі.
–  Ата, Қырманшыны емдеуге жіберсек қайтеді, алты айға 
немесе бір жылға...
Шал басын әнтек көтергенде келінімен екінші рет көзі 
арбасып қалды; келін еркін, шал именіп отыр, тағы да өткені 
тізбектеліп көз алдынан жылжи берді-Қырманшының 
пысылдап құшағында жатқан кейпі мен шашы тауықтың 
жүніндей ұйпаланып жатқан қазіргі кейпі; мына отырған 

17
Ақмоншақтың сұңғақ бойы сәл иіліп, гүрілдеп жанған пешке 
ет жақын абысын-ажындары ұстатқан бір қасық майды 
шыжғыра тастап, күлімсіреп төрге озғаны... «Осы үйдің пешін 
гүрілдетіп, майын шыжғыратын өзің емессің бе?» Ештеңе де 
айта алмады, келінінің сауалына не бар, не жоқ деп жауап бере 
алмады. Тасемен сырттай қатты болғанмен жүрегі бауырдай 
жұмсақ жаралған пақыр еді. Сол жұмсақтығын сексенге 
келгенде көрсетіп отыр. Тасеменнің бағасын білер қатарлары 
жұмақ дүниеде. Бұл болса бір үйдегі бірге түтін түтеткен 
келіні мен баласына қадірін арттыра алмай отырысы мынау. 
Дүние алма-кезек, бірақ тақиясы қауын басына жабысып, құр 
сүлдері отырған шал әлі де дүниеден үміт күтеді, алақанына 
салып әлпештеген адам баласынан қайырым күтеді. Не шықса 
да адам баласынан шығады, ол Қырманшыдан қайырым 
шықпай қалуы мүмкін емес деп сенеді. Келіні «Қырманшыны 
емдетелік» дегенде іші жылып қоя берді.. Бұның да қамсыз, 
ойсыз жүрмегені-ау. Емделсін. Апырмау, сонда арақтан 
емделетін халге жетіп қалғаны ма он екі де бір гүлі ашылмаған, 
алақанынан кеше ғана шыққан Қырманшының. Келін 
ойсыз, қамсыз жүрмейді деймін-ау, ойланса неге күнде бір 
«Таразбен» тауанын шағады. Әлде арақсыз тілдері шықпай 
ма, онсыз дене қызбай ма? Нәкәс неме, бәріне кінәлі еркек...»
– Жатса, аудан орталығына жата ма?
– Жоқ, ата, ол жартылай түрме. Алыста, қайда екенін 
өзім де білмеймін. Ешқайда шығармайды.
«Сонда арақты қойғызу үшін түрмеге жатқызып емдегені 
ме? Оу, бұл спиртке ерін тигізуді де үш жыл Отан қорғаймын 
деп үйреніп келген жоқ па?» Шал басын көтермеді. Келіні 
әнтек жымиып, шалдың торығып, күреңіткен бейнесін «Атам 
ештеңені түсіне алмай отыр» деп жорыды.
–  Атама! –  деді кенет шалдың даусы саңқ етіп. – 
Қырманшыны түрмеге жатқызып қойып емдете алмаймын. 
Атама! Беті аулақ!

18
Түбі көрінген кесе шәй құйған келінге ұсынылмай қалды.
Күні бойына шәй аңсаған шалдың таңдайы жіпсімей қалды.
«Өз отымның басында бір борша-борша боп терлеп шәй 
ішермін» деп нағашысына өкпелі көңілмен шыққан еді. Енді 
кімге өкпелейді?
Тасемен задында өкпешіл емес. Өмірге өкпелеуге 
болмайтынын Тасемен болғалы біледі.
Қою түнмен жекпе-жек қалған аңдаусыз, алаңсыз 
тіршілікке не жетсін. Бірақ қап-қараңғы түн де әркімге 
құшағын әр түрлі жаяды.Өз қиялымен өзі арпалысқан мұздай 
суық денелер үшін түн дегенің азап. Ал денеден ләззәт бөліп, 
өмірдің бір қарымын құмарлықпен алар жыныс иелері түн 
құмарлығын алтынға да айырбастамас еді. Кірлі тақиясын 
мыжғылап қолына алған Тасемен секілділерге Күннің де, 
Түннің де тас жүрегі жібімей-ақ қойды. Әйтпесе араға апта 
салып шаңырағын сағынып келді; жеткенше жұмыртқадай 
дөңгеленген Қырманшысы мен оның бір жастықта басы 
түйіскен қосағының күлімдеп тұрар көкшіл жанары өзіне 
шақырып келді, екеуін бірдей сағынды. Тасемен үйден 
ұзай қалса есігі алдындағы қос түп қара ағашты, ауладағы 
қолымен ұстаған кәкір-шүкірді, пәлен жылдан бергі құдайы 
қоңсы-көршілерін көргенше, тілдескенше асығады; тіпті 
қауындықтағы су ағар арықтар мен суды тең бөлер сағасына 
дейін сағынып келеді, келген бетте барып қолын шаяды, 
көршілерімен жүздескенше, тілдескенше тағаты қалмайды. 
Өмір Тасеменге көптен жуылмаған кіршең тақиясын тастай 
ғып уыстаған қамкөңіл кісіге адами есімді қалап қоймаған 
секілді. Мәселен, бүгін шәй деп шәй ішіп мейірі қанбады, бұл 
өмірде, сірә, Тасеменнің сусыны қанған кездері көп пе екен?
Қырманшы қас қарайғанда ғана ұйқысынан оянды.
Кіршең есіктің арғы бетіндегі қараңғыны жамылған 
өмір лып-лып етіп қанатын қайта қаға бастады. «Күндіз 
ұйықтап, түнде оянады. Екі аяқтының тірлігі емес. Жаңа 

19
үйленген жоқ, бал айының қызығына мас боп жүр дейтін. 
Әлде осы бала аяғын қалай басарын білмей мас боп жүр ме 
екен? Мастық қанмен келсе, мұның қаны су түбіне тап-таза 
күйінде шым батқан кәдімгі Оңғарбайдың қаны емес пе еді; 
көргенін істеді дейтін менің қисалаңдағанымды өмірде көрді 
ме екен бұл нәкес? Құдай біледі, бетін де жуған жоқ. Тағы да 
шанышқының сықыр-сықыры, тағы да стаканның сыңғыры. 
«Тамақты беті ашылмаған келіншектей шымылдыққа әкеп 
беретін болды ғой»». Шал тақиясын құшырлана уыстаған 
күйі оң қырына аунап түсіп, оң құлағын басып жатып қалды.
Адамзатта көз екеу, құлақ екеу – бірі болмаса бірі көреді, 
бірі болмаса бірі естиді. Оң құлағын басып, оң қырындап 
жатқан Тасемен де адам — тағы да екі жағы қушиып, көзі 
шүңірейіп, өз-өзінен жүдеп бара жатқан ұлының масаң даусын 
естіді. Естіді де мырс етті. «Есін жиғасын есесін алайын деді 
ме, бәтшағар!».
–  Екеуміз қашан балалы боламыз, Ақмоншақ?
– Сенен бала болмайды. Сен үш жыл су астында жүріп 
беліңді құртқансың. Өзің айтасың ғой, спирт түгесілген 
кездері вино беретін еді деп. Отан үшін бәрін бергенсің.
– Шынымен солай ма?
– Өтірік айтып неңді алдым.
–  Құйшы онда, сенің әкелген арағың біртүрлі тәтті.
– Өзім ше?
– Өзің онан да тәттісің.
Шал тағы да құлағын басты. Есіктің арғы бетіндегі тілсіз 
түсініскен екеу сабасына түскен сәтте үстінен төнген қою 
түнде қолында тастай қатқан мыж-мыж көне тақия – өзінің 
жан серігі – қиялымен сұрақ-жауап ойнады. «Дүниенің 
мұнан өткен қорлығы болмас. Тасеменге осыны көрсеткен 
құдайға мың мәрте разымын. Екеуін бөлек шығарсам ба екен? 
Жоқ, атама! Тасемен жалғызынан іргесін бөлек сала алмайды. 
Бірақ, тәні бөлектің жаны да бөлек екен ғой. Мен осы немені 

20
өз жаныммен бірдей көріп келдім, есі кіріп, санасы толысқан 
тұста айпарақтанып, бөлектеніп шыға келді. Енді мәңгі бөлек 
кеткені кеткен. Тіпті өз кіндігімнен жаралса да өз қолы өз 
аузына жеткесін ол бөлек; қанша емешегі езілгенмен оның 
жүрегі бөлек, өлсе кебіні бөлек, көрі бөлек. Осының шешесі 
де бар азапқа мені тастады да өзі жұмағына тартып отырды. 
Саналыға жарық дүние дегенің сұр жылан екен ғой. Егер 
Жібектің жаны бірге болса мені өзінен бұрын жіберер еді, 
әйтпесе азапқа тастамай ала кетер еді. Тәні бөлектің жаны 
бөлек, қаны бір болғанмен жаны екі басқа. Өмірдегі өліп-
өшу дегенің бос алданыш, өзіңді-өзің алдарқату екен де». 
Тасемен шалқалап, қолын басының астына тастап, жастығын 
биіктетіп, Сабындыкөлді отыз жыл билеген Тасемен қалпына 
түсті. «Жә, ойлай берсең дүние боқ. Әйтеуір, осы дүниенің 
маған бұйырған бір тәттісі бар шығар. Өйткені менің дүниеге 
қиянатым жоқ, ешкімге жасаған алақолдығым жоқ, адалға бір 
адамдық орын табылар...»
Тағы да қырлы стаканның шың-ң еткен шытынаған 
үні шекесін тесіп жібере жаздады. «Үстеріне кіріп барып, 
стаканды далаға лақтырып, былшиған «Таразбен» басына бір 
қойсам ба екен нәлетінің.» Тасеменнің аузы таза-қайран қара 
сөзді боқтық араластырып былғай алмайды. Әйтпесе, төрт 
жыл соғыста боқтықтың бел ортасында жүріп келді; соғыстан 
келгендер өзі түсінбесе де қатын-қалаш пен бала шағаны 
орысша сыбап, құмардан шығатын; орыстың осал әдетін-лас 
ауыздығы мен арам арағын үйреніп, үйренген тұрмақ, басқа 
шығарып алып... Әй, қайран қазағым-ай! Әй, қайран көлдария 
көңілім-ай! Қанша Тасемен болсам да, осы өзім ел басқарған 
кезімде жұмысқа шықпаған кімнің әкесінің аузын былғадым 
екен? Егер былғасам онда өзім де былғанғаным; онда бүгін 
былғаныш адамның қолын ешкім де бұрылып кеп алмас еді».
– Осы екеуміздің, екеуміздің ше, Ақмоншақ...
– Иә екеуміздің. Енді кімнің дейсің...

21
«Сауалына жауабы дайын екен де пірәдарлардың».
–  Екеуміздің некеміз қиылған күні шымылдық ішінде 
отырып ішкеніміз ше. Сонда сол бөтелкені қалай жасырдың?
– Ол менің сөмкемде тұрған. Әйелің өмір бойына спиртпен 
жұмыс істегенін білмейсің ғой. Ауруханада алты жыл медайым 
болдым...
– Сосын?..
– Не сосын... бар спиртті ішіп тауыстың деп жұмыстан 
шығарды да жіберді.
– Ой, сен де еркек екенсің.
– 
 Ал, сен ше, сен осы еркексің бе? – Ақмоншақ 
сықылықтай күлді.
– Тс-с... жай күл, көкем оянып кетер...
Осы үйге шымылдық тұтылғалы Қырманшы әкесінің 
атын аянышпен алғаш рет ауызға алды. Қараңғы түнде өңі 
қаракүреңденіп, жүрегі лоблып отырған әке болса тағы да 
ой тұнығын лайлаудан басқа амалы табылмай, биік салынған 
жастықта шекесіне сұқ саусағын тесіп жеберердей тіреп 
қойып қамығып жатыр, қайғырып жатыр. «Наубайханада 
істесе неге нан әкелмейді бұл жазған? Нанхананың ортасында 
жүріп, адал асты пісіріп жүріп, арам асты ұстаудан қолы неге 
қалтырамайды? Кішіге, әйелге, мұсылман әйеліне, дыңдай 
азаматтың сойталдай қатынына кім айтып түсіндірер екен 
осыны? Мына төрінен көрі жақын қайын атасы Тасемен 
бе?...»
– Сен еркек екенсің, жаным! Еркексің!
– Еркек... еркекпін бе?
– Нағыз еркексің... еркексің... жаным!
Тасемен қараңғы түнде тағы да балаша еңбектеді, екі 
аяғымен еңсесін тік ұстап тұрып кетуге кірлі есіктің арғы 
бетіндегі екеуден арланды; еңбектеп жүріп есікті тауып алды; 
сықырлатпай ашып, шоланның кілтін қолына ұстай шықты. 
Қою түнді шолан ішінде өткізгісі келді, «төсек-орнымды бірге 

22
көтере келсемші» деп өкініп те қалды. Енді қайтып кірмей-ақ 
қояйын деп өз ойына өзі жедел тойтарыс берді. Бұрышына 
теңкиген-теңкиген бидай қап үюлі шолан ішінде май шам 
тұтатып, бір қаптың үстіне өзі қонжиды. Ұйқысы да қашып 
кетті, тандайы да кеберсіп тұр; нағашысынікінен келгелі шөлі әлі 
қанған жоқ. «Шәй қойып ішсем бе екен? Жоқ, ә, тықырлатпай 
тыныш отырып таңды атқызайын. Еркін көңілмен қалсын 
екеуі де; перзент тәннен жаратылмай ма, бірде болмаса бірде 
дәнекер болып кетер. Бірақ деймін-ау, араққа дене қыздырып 
тапқан бала ертең қырлы стакандай шытынап тұрмас па екен? 
Қырманшыны еркек дейік, Ақмоншаққа не жорық? Келінінің 
«Алып қояйық» деп сықылықтай күлген күлкісі құлағына 
қайта естілді. «Тасеменнің келіні ішеді екен». Әуелі жүрегі 
атша шапты, сосын қос құлағы шыңылдап қаракөлеңкеде 
айналасына мойын бұрды. Бір бұрышта ұйма-жұйма боп 
көне газеттер үюлі жатыр. Біреуін қолына алып, сықсыңдаған 
май шамның астына сығыр көзімен сығырая қарады. Талай 
рет газетке де шыққан, суреті де басылған бастық күнінде. 
Соның бәрі көзден бұлбұл ұшты-аққан су секілді өткінші екен 
бәрі де. Осыны айтып, сендіріп көр бүгінгі ауыл жастарын, 
әнеукүнгі үй сұрап барған колхоз бастық баланы иландырып 
көр. Тағы бір газетті алды. Сарғайып, әріптері өше бастапты. 
Онан кейін топ газеттің үстінде мұқабасын кір шалған бір 
кітап көлденең түсіп жатыр. «Бұл өмірден кірсіз дүниенің 
бәрін біреу таңдап, талғап жүріп алып кеткен бе?» Бұрын 
оқыған кітабы – «Ертегілер». Шалдың ертегіден білері 
«Керқұла атты Кендебай» мен «Күн астындағы Күнікей 
қыз». Қолы боста осы екі ертегіні жастық жастанып жатып 
тамсанып оқыған-ды. «Күн астындағы Күнікей қызды» 
оқығанда Жібекке жаңа қосылған кезітұғын. «Жібегім менің 
Күнікейім ғой» деп кітапты жауып, сыртқа шығып, жеңгелей 
алған жарын көргенше асыққан. Кітаптың бетін ашқанда 
шоқша сақалы кітапқа тиген шал «Бұрынғы өткен заманда бір 

23
жесір кемпір болыпты. Бұл кемпірдің перзент дегенде жалғыз 
баласы болыпты» деген сөздерді жанары сығырайып отырып 
жүгірте оқыды. «Кемпір болсын, шал болсын, бір перзент 
деп өледі ғой кім болса да...» Білте шамның пілігін жоғары 
көтергенде майсіңді піліктен қара түтін шолан төбесіне қарай 
асыға өрледі, шал қаптың үстінде құныса отырып кітапқа 
құныға түсті.
Майсіңді піліктен жоғары будақтаған қара түтін шамның 
жарығын көлегейлей берді. Иығы селк-селк еткен шалдың 
көзінен аққан суық жас кітаптың шаң баттасқан бетіне тамып 
кетті. «Күн астындағы Күнікей қызды алып, бұлар еліне 
қайтады. Баяғы ерген жолдастары баламен қоштасып, жолда 
қалып отырады. Бір жерлерге келгенде тыңшы қалады. Тағы 
бір тауға келгенде баяғы тау көтеруші дәу қалады. Бір көлдің 
жанына келгенде баяғы екі көлдің суын ұрттаушы қалады. 
Бір жерлерге келгенде желаяқ қалады». Шал баланың 
жолдастарын қимай көңілі босап, екі иығы селк-селк етті, 
қым-қуытта қол ұшын берген адамдарға риза болды; өзінің қу 
тірліктің соңында атқамінер боп қу бас қамшылап қалғанына 
өкінді; жалғыз кемпірдің баласының қайратына тәнті боп, 
кәйіп боп жатқан Қырманшыны күстаналауға қимай көзінен 
суық жас парлады. «Дүниенің бар қызығы сүйген жар 
таңдаудан артылмайды екен ғой» деп көзін жұмғанда жанары 
тартылған көлдей лезде құрғап, бойы рахат масаң сезімге 
бөленді.
Қос иығы қайта селк-селк ете қалды.
Қайыңның безіндей қатты шал ертегіге жылады.
Тұңғыш рет өмірге өкпе айтып жылады.
* * *
Таңертең қызыл жағалы екі мілитса келіп, Қырманшыны 
ұйқысынан тұрғызып, торлы мәшинемен алып кетті.
–  Оу, қайда апарасыңдар, айтсаңдаршы? – деп шал 

24
арттарынан ерді.
– Мілитса қайда апарушы еді.
–  Адам өлтірсе де айтсаңдаршы, не істеп қойды?
– Оны мілитсаға келіп сұраңыз.
Қос қызыл жағаның соңынан сүрініп-қабынып жолға 
шықты.
Аудандық мілитсаның бастығы кеп сөйлеспеді — 
тілдей қағазды көрсетті. «Келісемін» деген тұсқа құрылыс 
мекемесінің бастығы мен Ақмоншақтың қолы қойылыпты.
– Балаңыз адам боп қайтады. Бір жылда жіптіктей боп 
шығады.
– Оу, оны адам емес деп кім айтты?!
– Ақсақал, қазір пойызға мінгіземіз. Тілдесем десеңіз 
тілдесіп қалыңыз.
Торлы терезенің арғы бетінде көз жанары суалып, жағы 
сопайған Қырманшы да, бергі бетінде өзінің қапсағай денесін 
ауырсынып, таяғына сүйеніп әрең тұрған Тасемен.
– Бастығым қол қойып жіберіпті. Ақмоншақ та қарсы 
болмапты.
– 
 Сонда мына мен кіммін? Менімен неге тілдесіп, 
сөйлеспейді?
–  Көке, Ақмоншаққа айтыңыз, ауылдан қатынап істей 
берсін. Жақын жер ғой. Мен келгенше әкемнің үйінде болсам 
деп еді.
– Сен қашан келесің?
– Амандық болса бір жылда. Көке, ұмытпай айтыңыз...
– Бір жылға дейін бармын ба, жоқпын ба?
– Уақыт бітті. Жолға қамданыңдар!
Қырманшыны торлы аралықтан әрі алып кетті. Шалдың
иығы селкілдеді – еркек көңілін еркіне бағындыра алмай 
таяғына сүйенген күйі көзінен жас парлап тұрып қалды.
Тасемен өмірінде екінші рет өмір шіркіннің тәлкегіне 
мойынсұнып тұрып суық көз жасын төкті. Шалдың босаған 

25
көңіліне өзінен басқа ешқандай көз куә болған жоқ.
Түрменің кіреберісінде отырып, түйіншегін қолтықтап 
кетіп бара жатқан Қырманшының жон арқасын көріп қап, 
кәрі денесі қалшылдап кетті. Тасеменнің діні қатты ғой-қара 
шаш пен қара тырнақтың арасында елші боп жүйткіген бет 
қаратпас суық жел көз жасын сығуға да мұршасын келтірмей 
шеміршектей сіресіп қалды. Бар тапқан амалы – қисайған 
саусақтарымен шоқша сақалының ұшын тартқылай берді.
* * *
Тасемен Қырманшысыз бір түнін өткерді. Ол екі жыл 
әскерде жүргенде осы үй, осы төсекте дәл осылай сарыла 
ойланып, шетсіз-шексіз қиялдың жібек жібін күрмей алмай 
әуреге түсіп жататын. Сосын өз ойы өзіне дес бермегесін 
қамзолының төс қалтасынан «Көке»! деп басталған хатты 
алып қайта оқитын. «Көке, кешікпей барамын, енді бір жылым 
қалды». «Енді қатынына жазар хатты. Оу, сонда ол неге 
бөлектенуі керек? Жиырма бес жыл тәрбиелеген мені үш жыл 
тәрбиелеген теңіз флотымен, айдай болған Ақмоншағымен, 
емделіп келсін деп тілге келмей қол қойған құрылыс 
мекемесінің басшысымен салыстырып қарашы. Менің түзу 
өсірген шыбығым сол қоғам мен ұжымның, сүйген жардың 
қолына барып түскенде не болды? «Адам адам боп қалсын» 
деп ойлайтын бір пенде бар ма екен солардың ішінде»?
Келінді болғалы насыбай шақшаны лақтырып еді, қайта 
атқысы кеп еріні қаңсыды. «Атамыз насыбайшы, лас екен» 
деп жаңа түскен кінәмшіл жанның жүрегі лоблымасын деп, 
өмір бойғы серігін өмір бойғы қуанышымен беттескенде 
бастан асыра лақтырған еді, енді сол тілсіз, уытты серігіне 
жете алмай жатыр. «Тісіңнің суын сор да осылай жата бер, 
Тасемен. Сенің пешенеңе жазылғаны осы». Өзімен өзі мырс 
етіп тілдесті. «Жазғыш адам жазған екен де».
Кіршең есіктің арғы беті тықыр-тықыр. Ақмоншақ кешкі 

26
шәйді берді де, үн-түнсіз бөлмесіне кіріп кетті. Сонан біразға 
дейін үнсіз қалған. Енді бірде лек-лек құйылған су дыбысы, 
қырт-қырт шайнаған ауыз дыбысы естілді. «Қой, осыған 
дейінгінің құлағымда қалған ызыңы шығар». Өзін-өзі іштей 
мүжіп, оңаша отырып өзін-өзі екі рет көз жасымен жұбатқан 
шал ішкі жан күйзелісінен талықсып, көзі ілініп кетті...
Қою түнде Ақмоншақ атасын аттап, арлы-берлі екі өтті.
Кәрі көңіл сезбей қалған жоқ, бәрін де біліп жатты. Тек 
«бұл қайбір жетісіп жүрген бала дейсің» деп әдепсіздікті көріп 
тұрып бетке баспады, әкелік ибамен іште сақтады.
Сол іште көп сақтай білетін Тасемендік көңілмен таңғы 
шәйға келді.
–  Балам, бір жылға қоянның терісі де шыдайды, жылы 
орныңды суытпай, Қырманшының шаңырағында жүре бер. 
Жұмысыңнан да айырылма. Нанхана жер ғой. Қырманшының 
да айтып кеткені осы.
– Ата, жас кезіңізде сіз де ішіпсіз ғой...
Шал жалт қарады. Бірге түтін түтеткен үш он екі айда 
келініне тура көз тастаған кезі жоқ, кәрі жанар мен жас жанар 
арбасып қалды. «Нәті берік неткен жан, жүнжіп, жүдемей 
жайраңдап отыр ғой өзі»,
–  Мен ішсем ақылымды ішкен жоқпын, балам, мен ішсем 
қызыл тасылып бітіп, қырман жиналғанда, қой төлдеп болып, 
қора шуға толғанда ішетінмін. Онда былшиған «Тараз» емес, 
қолдан салған боза болатын. Менің ішкен кездерім осы.
Ақмоншақ ақ маржан тістерін жылтыратып, сықылықтай 
күлді.
–  Ата, маған үйретіңізші, мен де Сізге боза салып берейін.
Шал сылқ түсті. «Тексіз жерге жолама деп едім... шірік!»
– Ата, былшиған «Таразды» қайдан білесіз?...
–  Мен неге білмейін, балам, бір шаңырақтың астында 
тұрып неге білмейін. Маған боза емес, бозбала керек. Бұл өзі 
боза да, бозбала да құрыған заман.

27
Түгесілген кесесінің бетін алақанымен басты да, кәрі 
жын буған қапсағай бейне табалдырықтан есікке беттей 
берді. Шығып бара жатып, табалдырыққа сүрініп кетті. 
Қапсағай ұзын шалдың қалбаң еткені дастарханын жинамаған 
Ақмоншақтың езуіне күлкі үйірді. «Шалдардың қүлағаны 
қызық болады екен».
Тасемен өмірінің Қырманшысыз өткізген тағы бір таңын 
осылай қарсы алды. Келінінің қолынан таңғы шәйді де 
тамсанып іше алмай, өз табалдырығынан өзі құлап-сүрініп 
кері аттады.
* * *
Бәрін де біліп жатыр, көрмейін десе көзі бар, көкірегімен 
көріп жатыр. Келіні үстін басып, арлы-берлі екі өтті. «Далаға 
шығармай ұстап отырған менің үрпекбасымның күші екен 
де. Тексіз жердің қызын алма деп едім. Өмірі байға тиіп 
жарымаған жесір әйелдің қызын түн жамылып үйге кіргізіп...»
Кіршең тартқан қоңыр сырлы есік бүлк-бүлк етті. «Тағы 
да шығайын деп тұр ғой. Құлағын сап тың-тыңдап тұрғаннан 
сау ма өзі?
Мен бір Алламен тілдеспесем, басқа кіммен тілдесемін, 
менің немді тыңдайды?».
Есік шалқасынан ашылып, жартылай жалаңаш дене 
үстінен өте берді. «Тасемен... екі аяқтыға басыңды имеген 
Тасемен... келініңе аяқасты тапталып, басыңа тептірдің-ау. 
Әй, Қырманшы ит, сен менің кіндігімнен жаралсаң, әкеңді 
осынша басындырар ма едің? Сенің нәкәстігің, босбелбеу 
неме...» Шал опынып жатып оқыс жас шағын ойлап кетті, 
қалада рабфакта оқығанда қасында жатқан еврейден естіген 
«Таурат» кітабындағы сүйіспеншілік туралы хиссаларды 
есіне алды. Кәрі денесі оқыс тітіркеніп, қаны қызынды. 
Сол кезде жартылай жалаңаш келіні үстін басып қайта өтті. 
Қаракөлеңкеде көзін жұмып қалды, жас тәнді көрмеген боп 

28
көзін жұмса да, сырлы есік ашылғанда жарқ еткен жарықтан 
жалаңаш тән көзге түсіп көлең ете қалды. Сонда Мәскеуде 
алты ай бірге жатқан еврейдің «Жарық бұлт» туралы әңгімесі 
есіне тағы түсті. «Шіркін, – деп армандады шал, – сол 
кітапты өз көзімнің нұрымен оқысам ғой. Жүз рет естігеннен 
бір көрген артық. Сол жарық бұлты жарқ етіп шыққан күн 
келмеске кеттің ғой. Ей, ат үстінде бостан-босқа өткізген 
тастай қатты тіршілік-ай!»
Шал түрме-түнекте жатып, жарықты аңсап аһ үрды. «Сол 
бозбала кезіме қайта оралсам, Қырманшының жасына қайта 
келсем, өмірімді жарқ еткен жарық бұлттай әріден бастар 
едім».
Есік бүлкілдеп ашылуға айналған сәтте тосын пайда болған 
шалттықпен ұшып тұрып, шамды жағып жіберді. Самаладай 
боп шам жанған сәтте бүлк-бүлк еткен кірлі есік жаны шыққан 
сүліктей серпусіз қалды.
Үйдің дәл төріндегі әкесінің суретіне қарап отырып, алпыс 
екі тамыры иіп құран оқыды. «Дәл төбемнен төнген әкеме құран 
бағыштауды да ұмытыппын. Осы шығар мені ұйықтатпай 
жүрген». Қолын жайып, алақанымен бетін сипарда әкесінің 
суретінен сәл алшақ тұрған ұлының суретіне көзі түсіп кетті. 
«Япырым... «Қырманшы» деп оның да есімі тіл ұшына орала 
кетті. Япырым... тірінің есімін дұғаға қосып...» Өзін-өзі тежеп 
қалды, сосын тізесін жазып, орнынан тұрды. Тұлабойындағы 
зіл тартқан қорғасынды әп-сәтте біреу кеп ұрлап әкеткендей 
өнбойы жеңіл тартып, кірлі есік жаққа бір қарады.
Есік саңылауынан келіні жатқан бөлменің шамы әлсіз 
шашырап тұр.
Шал да шамды өшірместен сыртқа шықты.
Тасеменнің колхоз құрылған жылы соғылған екі бөлмесінің 
шамы жарқырап сөнбей қалды.
Мамыр мамырлап тез шыққасын ба, күн салқын, көңілі 
қағажу, көкірегі суық жанды тез тоңазытар түрі бар. Тасемен 

29
тонғанын сезбеді. Қайта анадан жаңа туғандай жасарып, 
жеңілдеп, күндізгі көкшіл аспанға бесбұрыштанып жылт-
жылт етіп қонақтаған жұлдыздарға қарады. Осы сәт ол көк 
тәңірісі-жұлдыздардың барша адамзат үшін бірдей еместігін, 
біреуге оңынан туса, біреу үшін әманда сол жағынан келетінін, 
ал біреудің жұлдызы жанбай жатып ағып түсетініне жаны 
ауыра берді; жүрек тұсы сыздап тұрып, ол бәрі-бәрін жеңіл 
сезінді, көңіл торынан өтпей қалған ештеңе де қалған жоқ; 
Тасеменнің терісі тумысынан кең, қазір де сол алып-ұшқан 
кәрі көңілмен жарық дүниеге деген кең етек көнтерілігін 
танытып тұр еді.
Тағы да жұлдызы аспанға қарады. «Жұлдыздар қандай 
жарықсыңдар, тазасыңдар. Сендер өйткені биікте тұрсыңдар, 
кіршең есіктердің тұтқасына сендердің қолдарың тимейді. 
Біз, адамдар, неге таза емеспіз. Өйткені, біз табанға тапталып 
өскенбіз. Жер не көрмеді, Жердің көргенін көк аспан әлі 
көрген жоқ; сол көргені көп жердегілер саған да шабуылдағысы 
келеді; Айыңа барып аяқ кірін тигізіп, арам алақанмен 
топырағын уыстады. Жұлдыздар, саған да жол салғысы келеді 
адамдардың, әркім өз жұлдызын қолдан жандырғысы келеді; 
бірақ, сен бұған бой бермейсің; бұзылмайсың, бүлінбейсің. 
Өйткені, биікте тұрған саған төмендегілердің тіршілігі бес 
саусақтай аян, сен бәрін де көріп тұрсың.
Осы Жер деген жақсы мекендегі табанға тапталып, 
жұлдызы жанбаған пақырың менмін, Тасеменмін. Жаңа ғана 
келінім әрлі-берлі үстімнен өтіп, биігімді төмендетті, басымнан 
тепті. Жоқ, Тасемен ешқашан табанға тапталмайды. Адамнан 
туған Адам болсам менің де жұлдызым жымыңдайтын күн 
келер. Өйткені, мен Адаммын ғой, адам болғасын Жер үстінде 
тек қана үмітпен жүруің керек, жер үстінде үмітсіз шайтанның 
артынан ілесу қандай азап».
Қым-қуыт ойдан ет жүрегі жарылып кетердей тепсінсе 
де ол ауырсынбады, қайта жігіттей жаны жасарып, жеңілдей 

30
түсті.
Жетпіс бестегі Тасемен жиырма бестегі келінінің таңғы 
шәйға шақыруын күтулі еді. Ол сол сәтке жеткенше асықты, 
келінін көргенше жүрегі лоблып, балаша тағатсыз күй кешті; 
Қырманшының бейнесі көз алдынан бір рет ғана бұлдырап, 
бұлаң етіп жүгіріп өтті; онан кейін дөңгелек жалпақ бетті, 
күлімдеген көкшіл жанарлы келінінің қасына, дастархан 
төріне жайғасқанша асықты, тіпті жиырма бестегі жігітше 
жауырынын қомдап желпініп те қойды, бұған тек қою түн куә, 
басқа ешкім де көрмеді. Келінінің қара шашына қолы тиетінін 
ойлағанда тәттіге тамсанғандай таңдайын қағып, бір орнында 
тағат таппай алға адымдап кетті.
Сол сәт те жетті. Жұлдыздар көк төсінен жоғалып, Көк 
аспан жерге қабағын түйе қарады.
Шал таңғы шәйін ішпекке төрге озды.
Ақмоншақ жалғыз жатқанмен шала ұйқы адамдай көздері 
кіртиіп кетіпті. Бұрын еріндері кеберсіп, тамақ асты көгеріп 
тұрса да, жүзі жарқын, жайраңдап отыратын. Бүгін көңілі 
жүдеу, кесені де сүлесоқ ұсына салды.
Шал ыстық шәйдан ұрттамады. Азанғы асқа ауыз тигізгісі 
келмеді.
Жалт етіп қарағанда Ақмоншақтың кірбің шалған көздері 
күлімсірей қалды. Қою қара шашы орамал астына сыймағандай 
қобырап шығып тұр екен.
Шал орнынан тұрды да, келініне қарай жүрді. Кіреуке 
жанар ештеңені сезген жоқ, шоқша сақалы ұшынан шорт 
кесілген қапсағай денелі бойшаң шал құрақ көрпені мәсі 
табанымен былқ-былқ басып, келініне төніп келе жатты. 
«Қазір, қазір-ақ анау қобыраған қара шаш қолыма түссе...» 
Шал екі дүние аралығындағы өткелден оп-оңай бір-ақ 
аттады. Дір-дір еткен әрі ыстық, әрі суық қол самауыр түбінде 
алаңсыз қонжиған келіншекке төне берді де, басындағы 
капрон орамалды лақтырып тастады. «Атам бала болды 

31
ма?!» Ақмоншақ одан арғыны ойлай алмады. Бір қолымен 
әйелдің қара шашынан уыстай ұстағанда Ақмоншақтың ақ 
тамағы даладай боп ашылып қалды; Тасеменнің сол қолы 
қара шашпен қабысып, от боп күйіп кетсе де, оң қолы суық 
еді. «Жоғалсын бұл мекер, Қырманшымды құртқан қаншық. 
Қырманды да, қызылды да түгеседі, түгеспей тұрғанда мен...» 
Даладай боп ашылған ақ тамаққа қазан пышақтың мұздай 
жүзі тиді. Түні бойына шұқшиып қарап, сырласып шыққан 
аспан жұлдыздары төменшіктеп кеп қып- қызыл қан болып, 
жаюлы дастархан мен ысылдап тұрған самауырға құйылды. 
Жұлдызша шашыраған жылы қан жұлдызы жанбаған 
шалдың қолына тигенде тұлабойы дірілдеп, жиырма бесіндегі 
бір ыстық ағынға бөленді. «Өлім дегенің өмірден азаттық 
алу...» Ішіне тастай түйін түйген ол азаттықтың тым жақын 
қалғанына қуанғандай еді. «Ақмоншақ сорлы өзін қинап, 
өзгені жолдан тайдырғанша алаңсыз азаттығына жетсін»; 
өзі де қалған өмірін өліммен айырбастамаққа бекінгендей бір 
рахат еркіндік құшағында арқасын кеңге салғандай болып тұр. 
Қазан пышақты әлгінде ғана келінінің қолы тиіп, кесе сүрткен 
майлықпен орап, айдау жолмен тура ауданға тартты.
Күні кеше баласын торлы терезеде ұстап, темір аралық 
арқылы тілдестірген мілитсаны нысанаға алды.
Шал қолына жұққан жып-жылы қанды да сүрткен жоқ. 
Өзгелерді тозақтан аластатқан Тасеменнің жылы қанға қол 
тигізген жұмақ өмірі басталып кеткен еді.
* * *
– Шалдың өлгісі келіп тұр, – деп аділқазы сот төрағасына 
қарап жымиды. – Әбден дайындалған екен.
Сіз, бәлкім, байқамай қалған боларсыз. Абайсызда адам 
не істемейді,— деп сот төрағасы сап-салмақты отырып сауал 
тастады.
Байқамай қалатын бала емеспін. Сексенге келген шалға 

32
секеңдеген жараса ма өзі. Соңғы сөзім – қолыммен істегенді 
мойныммен көтеремін, қылмысымды толық мойындаймын. 
Ақыл-есім түзу, ойланып-толғанып, жеті рет өлшеп, бір рет 
пішіп, қылмыс жасадым. Енді маған сауал қоймауларыңызды 
сұраймын.
Ақыл-есіңіздің түзулігін медициналық сарапшылар 
анықтап берді.
Айттым ғой, шал бәріне дайын, – деп әділқазы тағы да 
сыбырлады.
Сот мәмілеге келу үшін мәжіліс залына шығып кетті. 
Сот он ойланып, тоғыз толғанып, сексенге келген шалдың 
суық қолында бір сыр бар деген желеумен істі қайта тергеуге 
жіберетіндігін жария етті.
«Япырым-ай, жанымды суырып берген соңғы сөзімнің де 
салмағы болмағаны ма? Нық шегедей нықтап қағып айтпап 
па едім. Өлімге де өзім тіленіп бара алмағаным ба? Сөзі мен 
ісінің арасында жұқана жарықшақ болмайтын Тасемен, саған 
не болған?! Ненің кәріне ұшырадың қартайған шағыңда?».
Сот шешімін естігенде Тасемен өзін жерден алып, жерге 
салды.
Аузы-басы сүйреңдеген ақпарат құралдары сот үкім 
шығара алмай істі кейінге қалдырғанын, бірақ бәрібір шалдың 
ендігі өмірі торлы терезе-түрмеде өтетіндігін сол күні-ақ 
жарыса жамырай хабарлап жатты.
Шал сот залынан алып шыққасын түрменің кіршең есігінен 
кіре алмай ауызда тұрып қалды.
Ол жарық жалғаннан азаттық ала алмай жатқан орныны 
қайта оралғанына қапалы еді.
– Ереже бойынша есік аузында тұруға болмайды. Кіріңіз! 
–Милиционердің жан даусы шықты.
«Мен мұнда кірсем, Қырманшым шығады. Баламның 
алдында сынаптай да кінам жоқ. Тасеменнің ошақ отын ешкім 
де үрлеп өшіре алмайды».

33
Сығыр көзі ақшаң етіп, есігі ашулы қуықтай лақатқа бір-
ақ аттады. Шыжымдаған Күн сәулесі көрінген темір торлы 
терезеден бір жылы леп бетке ұрды.
Тасемен артына ұстаған қолын бос жіберді. Үш ай жамбас 
сарғайтқан тас бөлменің құзданып кеткен бұрыш-бұрышына 
көз құмары қанғанша қарап, жан-дүниесі көсіліп шапқан кең 
жайлауға іліккендей мамыражай күй кешті. Тасаттықсыз 
нөсер болмайтынына имандай сенетін шал торлы терезенің 
арғы бетіне қонақтаған торғайдың қанатын көріп қалбалақтап 
орнынан тұрды. Сол сәт тас түрменің табалдырығын сүйгісі 
кеп еміреніп кетті.

Әңгімелер

35
МҰНАР  КҮН

Каталог: upload -> iblock
iblock -> Қазан, 2014 жыл Газет 2004 жылдың 30 сәуірінен бастап шығады Ұлытау бағдары
iblock -> №22 (155), қараша 2013 жыл
iblock -> №20-21 (201-202), қараша, 2015 жыл Газет 2004 жылдың 30 сәуірінен бастап шығады
iblock -> Президент
iblock -> Исследование» научные доклады «Білім беру саясаты, тәжірибе және зерттеу»
iblock -> С. Торайгырова Ақпараттық-библиографиялық бөлім Информационно-библиографический отдел
iblock -> "Ү здік басылым " номинациясының
iblock -> Өтті Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі (Жалғасы келесі санда) №11 (192), мамыр, 2015 жыл Газет 2004 жылдың 30 сәуірінен бастап шығады
iblock -> №18 (199), қазан, 2015 жыл Газет 2004 жылдың 30 сәуірінен бастап шығады
iblock -> №19 (200), қараша, 2015 жыл Газет 2004 жылдың 30 сәуірінен бастап шығады

жүктеу 7.96 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет