Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» рмм


ғалым-философ  (1913-1918), хакім (1919-1928) және  әулие (1929-1931)



жүктеу 2.8 Kb.
Pdf просмотр
бет7/12
Дата09.01.2017
өлшемі2.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ғалым-философ  (1913-1918), хакім (1919-1928) және  әулие (1929-1931). 
        Шәкәрім  алдымен  энциклопедист  ғалым-философ  сатысына  шыққан 
деуімізге  «Үш  анық»  атты  трактатты  бұлтартпас  дәлел.  Яғни  дін  мен 
философия  ғылымының  асылын  оқып­тоқуға  он  бес  жылдай  уақытын  сарп 
еткен ол ғұлама ғалым деңгейіне көтеріледі. 
        Екінші  сатыға  келсек,  жаңа  рух  биігіне,  әлемдік  философияның  хакімдік 
шыңына  алпыстан  асқанда  шыққаны  анық  танылмақ.  Өйткені,  С.Мұқановқа 
хатында  айтқан  «жан  сыры,  жаралыс  сыры  туралы»  таза  философиялық 
жырларының түгелі дерлік алпыстан кейінгі шығармалары.  
        Ал,  біз  әулиелік  деп  атап  отырған  соңғы  сатыға  келер  болсақ,  оған  Ілияс 
Жансүгіровтың жеке архив қорында сақталып бүгінге жеткен «Иманым» деген 
28 өлеңнен тұратын үлкен циклі дәлел. Бұл циклді ақынның өзі  «70 жасымда 
жазғаным» деп көрсеткен. 
        Жапандағы  Шақпақтың  бөктерінде,  жалғыз  тамның  іргесіндегі    киелі 
Обалы  биіктің басында отырып,  жылдар бойы  адамның болмысын ғана  емес, 
хайуанаттар мен өсімдік әлеміне дейін  терең ізерлеп, әрбірінен Құдайдың ісін 
көрген (мұны мұсылман ілімінде «тәфаккару фиғла иллаһи» дейді) Шәкәрімге 
тылсымның сырлары мысқылдап ашыла бастаған деуге керек.   
       Бұған  қайталап  айтайық,  «Иманым»  жинағындағы  сырлы  сөздері  дәлел. 
Тегінде  бұл  жинақ  хакім  Шәкерім  ойшылдығының  шыңы,  «күллі  әлемнің 
Шәкерімі» деуге тірек етерлік ең қымбат бөлігі.  
        Сонымен,  Шәкәрімнің  ойшылдық  эволюциясы  туралы  ой-пікірлерімізді 
ол үстіде сөз етілген төрт сатыны қамтиды деп тұжыруға бейілміз. 
        Ескерте  кетелік,  бұл  біз  ойдан  құрап  отырған  схеме  я  жүйе  емес. 
Біріншіден,  оған  ғұламаның  төл  шығармашылығы  бұлтартпас  дәлел.  
Екіншіден,  адам  баласының  рухани  өрлеуінің  төрт  сатылы  екендігі  ғасырлар 
бойғы тәжірибеден өтіп, уақыт сынында тексерілген ақиқаттың бірі. Бұл жерде 
сөз ортағасырлық сопылық ілімнен, мәселен, әулие Иассауи хикметінен көпке 

60 
 
аян  төрт  саты:  шариғат  (ғылым  жинау  деген  мағынаны  білдіреді),  тариқат 
(тақуалық  тазару  жолына  түсу),  мағрифат  (Тәңіріні  іздеу,  оны  тану)  және 
хақиқат  (Тәңірі  дидарына  жақындау)  туралы  болып  отыр.  Олар  жаңа 
тексерілген Шәкәрімнің рухани сатыларымен дәлме-дәл беттеседі.   
       Тегінде  ғұлама  Мұхтар  Әуезовтің  «Абайдың  діні  –  сыншыл  ақылдың 
шартты  діні»  деген  әйгілі  тезисін  Шәкәрімнің  танымына  арнап,  айнытпай 
қайталап айтуға әбден болады.  
       Ескертер  бір  жай,  45  жасында  да,  60  асқанда  да,  Шәкәрім  ислам  дін 
тұтынушы  хақ  мұсылман  болған.  Ал,  «сыншыл  ақылдың  шартты  діні»  деген 
түйінді  сөздің  мәнісі  діннің  ақиқатына,  Абайша  “діннің  хақ  мағрифатына” 
жеткен  данышпан  деген  мағынаны  білдірмек.  Айталық,  алыс  көкжиектер 
биікке шыққан сайын ғана  алақанға салғандай анық көрінеді  емес пе. Немесе 
жақындауға  еш  мүмкіндік  жоқ,  тек  алыста  ала-құлаң  қарайған  нәрсені  жай 
көзбен шолған қандай, дүрбі салып қараған қандай? Шәкәрім имамдармен міне 
осы үшін, өз сөзінше «үш анық» үшін сайысқа түскен. 
      Шәкәрімнің  әлемдік  деңгейін  бағамдаудың  тағы  бір  сара  жолы  оның 
Шығыстың  жеті  шайырына  жақын  жанасатынын  қарастыру  болса  керек. 
Өйткені, бұл өрісте көрінетін жарастық пен жақындық ерекше мол.   
       «Иманым»  жинағына  топталған  Шәкәрімнің  30  тарта  шедевр  жырлары 
ішінде сопылық мәдениетке жақын келетіндері аз емес. Өйткені, олардың қай 
қайсы  да  Тәңірі  бар,  жан  ажалсыз  деген  хақиқаттың  дәлел-дәйегі  болып 
табылады.  Шәкәрім  мен  шығыс  шайырларын  табыстыратын  ортақ  топырақ 
осы емес пе. 
        Шәкәрім  шығармалары  мен  сопылық  әдебиет  өкілдері  туындылары 
арасындағы байланысқа арналған «Хақиқаттың шын нұры» атты мақаласында: 
«Олардың һәммасына ортақ сырлы ұғымдарды, ­ деп жазады шығыстанушы А. 
Маралбек, ­ Шәкәрім жырларынан жазбай танимыз. Айырмашылығы жалғыз ­ 
қазақ тілінде жатық берілуі» (Шәкәрім. ­ Иманым. ­ Алматы, 2000. - 313 б.). 
       Айтса  айтқандай,  алпыстан  соңғы  Шәкәрім  өлеңдерінде  Шығыс 
шайырларының  желісі  жазбай  танылып  отырады.  Яғни  парсы  поэзиясының 
Тәңіріні  Жарға  теңейтін  үлгісі,  «мастық»,  «арақ»,  «шарап»  деп  Құдайдың 
нұрын, оны сіңірген жүректі астарлауын Шәкәрім мол пайдаланған. Мәселен: 
                                 Көрем десең Жарымды, 
                                 Мас бол, жүрек тазала, ­ 
дейді  қазақ  ақыны.  Ортағасырлық  көне  терминдерді  ақынның  тірілтуі  қазақ 
тілі  қорынан  балама  таба  алмағандықтан  емес,  сірә.  Мәселе,  хақиқаттарды 
санаға  нық  шөктіргісі  келгендікте  сияқты.  Мәселен,  Шәкәрім  қолданысында 
Жар  ­  Құдай  ғана  емес,  Хақиқат  ұғымына  да  балама.  Сондай­ақ,  «ар­ождан» 
ұғымын  мұсылманша  «иман»  десе  де  болар  еді.    Бірақ  Шәкәрім  жаңаша  «ар 
ілімін»    қалыптастыруды  көздеген,  сондықтан  үйреншікті  ислам  терминдері 
орнына  парсы  поэзиясындағы  рухани  астары  айқын  сырлы  сөздерді 
пайдаланған деген ойдамыз. 

61 
 
        Енді  әйгілі  Шығыс  шайырларының  бірі  14  ғасырда  өмір  сүрген  Қожа 
Хафиз бен Шәкәрімнің арақатынасына тоқталайық. Ол Шәкәрімнің Абай мен 
Толстойдан  кейінгі  сүйікті  ұстазы.  Оған  дәлел  -  “Көрініске  шоқынған”,  “Ей, 
жарымыз,  ай  нұры”,        “Кел,  аяқшы,  қымыз  құй”,  “Тұр,  аяқшы,  бер  қымыз”, 
“Көңіл  жібі  қолымнан”,  “Анық  ерге  жолдас  бол”,  “Мәжілісінде  досыңның”, 
“Кешегі  басшы  піріміз”,  -  деп  басталатын  дін,  иман  иһтихат  бағытындағы 
өлеңдер топтамасы Хафизден аударылған.   
         Көңіл аударар бір факті, Шәкәрімнің жиені Тауфиқ Досаев өзінің шешесі 
Жәкіштен туған жиендерінің атын қажының өзі қойған деп жазады.  Мынаған 
қараңыз: 1921  –  1928 жылдары  арасында  туылған үш  ұлдың  да есімі  «Қожа» 
сөзінен  басталады  ­  Қожақапан  (1921),  Қожахафиз  (1924)  және  Қожанияз 
(1928).  Демек,  бұл  өмір  дәйек  те    Шәкәрім  осы  кездері  Қожа  Хафиздің 
поэзиясына ерекше ден қойғандығын растай түссе керек.    
        «Хафиздің сопылығы хақында, ­ деп жазады шығыстанушы ғалым Ислам 
Жеменей,  ­  ешбір  тарихи  кітаптардан  мәліметтерді  жолықтырмаймыз.  Ол 
дәруіштік жолымен жүрмеген, оның ұстазы, не мүриді жөнінде деректерді де 
кездестірмейміз.  Сопы,  тақуаларға  тән  ерекше  киім  де  кимеген.  Оның 
қаншалықты  сопылар  тобында  жүргендігі  туралы  да  ешбір  құжаттан 
таппаймыз» [29, 53].   
       Осы  жолдарды  оқыған  адамның  көңілінде:  «Олай  болса,  Хафиздің 
сопылығы неде?» деген сұрақтың тууы заңды. 
       Сөз жоқ, ішкі мазмұнда. Хафиздің Аллаға іңкәрлігі сондай, ол «күндіз­түні 
тынбай шарқ ұрады, тіпті жүрегін де аямайды» (И.Жеменей).    
       Қорыта  айтқанда,  дала  данасы  Шәкәрім  Шығыстың  жеті  жарық  жұлдызы 
болған,  әйгілі  жеті  шайырдың  жаңа  заманда  қайталанған  бейнесі.  Бұл  өсіріп 
айтқандық  бола  алмайды.  Өйткені,  қазақтың  ойшыл  ақыны  солар  сияқты  бес 
дастан  (хамса)  жазған  автор  әрі  философияық  лирикасы  олардың  поэзиясына 
үйлес, үндес, жақын туыс.   
       Сонымен,  Шәкәрім  «Адам  өмірінің  мақсұты  не?»,  «Адамға  тіршіліктің 
керегі не үшін?», «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген сияқты әрбір саналы 
адамды  толғандырмай  қоймайтын  сұрақтардың  нақты  жауабын  берген,  мәңгі 
проблемалар  хақында  әлемдік  философия  деңгейінде  өз  сөзін  айтқан  ғұлама. 
«Ар  білімі»  мен  философиялық  «Өмір  оқулығын»  жасаған  тағы  Шәкәрім. 
Сондықтан Шәкәрімнің әлем ой алыбы екендігі хақ. Кез келген өркениетті ел 
бұл деңгейдегі данышпанын басына көтерері сөзсіз.  
        Соңғы  айтарым,  аласапыран  оқиғаларға  толы  өткен  ғасырдың  алғашқы 
ширегінде  ғұмыр  кешіп,  көзі  тірісінде-ақ  «мұтылған»  Шәкәрім  бейнесінен 
көбіне  трагедиялық  тұлғаны  көруге  бейілміз.  Алайда  алдына  биік  мақсат 
қойып, соны толықтай іске асырған кез келген адам өзін өзі қалай сезінбек? Ал 
рухы бұл фәнидің кірінен біржола тазарып, ғарыштық сананы түйсінген әулие 
ше?  Оның  бақыты  пенденің  бақытынан  жүз,  бәлкім,  мың  есе  зор  шығар-ау. 
Сондықтан  да  сөз  етілген  тақырыпты  қазақ  аспанының  биік  жұлдызы,  сол 
биіктен  халқына  шуағы  мен  нұрын  шашып  тұрған  данышпанымыздың  бірі  – 

62 
 
кемел  ғұлама  Шәкәрім  Құдайбердіұлы  шын  мәнінде  бақыт  иесі  деп 
тұжырымдасақ дұрыстық. 
 
2.3. Шәкәрім және зікіршілер 
        1990-жылдардың 
ортасынан 
Қазақстанда 
зікіршілер 
немесе 
исматуллашылар деген топ пайда болып, олардың өз уағыз-ілімдеріне Яссауи 
мен Шәкәрімге сүйенгені белгілі. Сондықтан «Шәкәрім мен сопылық ағымның 
арасында  байланыс  бар  ма?»,  «Шәкәрімнің  «тарихат»  жолына  көзқарасы 
қандай?» деген сұрақтар туады. Төменде осының жауабын іздестіріп көрелік. 
        1902-03  жылдар  Шәкәрімнің  өзі  айтқандай,  ойшылдыққа  бет  бұра 
бастаған  кезі.  Ұстаз  ағасы  ұлы  Абаймен  жақын  ұғысады.  «Шаранамен  туып 
едің»  деп  басталатын  шағын  өлеңі  шамасы  осы  кездерде  жазылған.  Өлең 
небары екі шумақ қана. Бірақ кереметі сол, онда адамның бүкіл өмірі сиып тұр. 
Өзіңіз де куә болыңыздар: 
                                               Шаранамен туып едің, 
                                               Бөз оранып өтесің. 
                                               Бір сағымды қуып едің, 
                                               Қай уақытта жетесің? – 
дей келе, ойшыл ақын былайша сауал салады: 
                                               Қанша дәулет жиып едің, 
                                               Бәрі қалды, не етесің? 
                                               Мал үшін жан қиып едің, 
                                               Қайтіп алып кетесің? 
     Ақын  барлық  пенденің  басында  бар  қарапайым  ақиқатты  ашып  береді. 
Пендеге  тек  қана  бұл  дүние  ыстық,    ал  ахирет  күнін  ойлауға  мұршасы  жоқ. 
Яғни қойылған сауалдар шындық емес деуге кімнің аузы барады. Бір кереметі, 
Шәкәрім  сауалдары  Құран  Кәрім  аяттарымен  үндес,  үйлес.  Мұсылмандық 
сенім  бойынша  өсек  пен  өтірікке  үйір  болғандар,  сондай-ақ,  дүниеқоңыздық 
пен сараңдыққа ұрынғандар Алланың қаһарына ұшырайды.  
       Құранның мағынасы, екінші түрде тәуилі Ғылым, Мейірім, Әділет сияқты 
заңдарды жеткізуге құрылған.  
        Құран  Кәрімнің,  әсіресе,  алғаш  Меккеде  түскен  қысқа  сүрелері  (89-107 
аралығы)  өмірдің  мағынасы  әділ  адам  болуда  екенін  түсіндіруге  және 
әлеуметтік  әділеттілікті  орнықтыруға  бағытталған.  Мәселен,  «Һүмәзә» 
сүресінің  2-3  аяттарында:  «(Ахиретте)  сондай  мал  жиып,  оны  санағандарға 
нендей өкініш!», олар «Негізінен малы, өзін мәңгі жасатады деп ойлайды» деп 
ескертілген.  «Шәміс»  сүресі:  «Расында  нәпсісін  тазартқан  кісі  құтылады  да, 
кім оны кірлетсе қор болады» дейді.  «Тин» сүресі: «Бірақ иман келтіріп, ізгі іс 
істегендер  басқа.  Оларға  таусылмас  сыйлық  бар».  «Ләйіл»  сүресі  былайша 
тарата айтады: «Кім малын Алла жолына берсе, тақуалық қылса, жақсылықты 
дұрыс  деп  білсе,  сонда  оның  жолын  оңайластырамыз.  Ал,  енді  кім  сараңдық 
істесе,  (тура  жолды)  елемесе,  сонда  оның  ауырлыққа  ұшырауын 
оңайластырамыз. Тозаққа жығылған сәтте, оның малы оған пайда бермейді».   

63 
 
«Фәжір»  сүресі:  «Сендер  жетімге  құрмет  етпейсіңдер.  Бір-біріңді,  міскінді 
тамақтандыруға қызықтырмайсыңдар. Мирасты тұтас жеп аласыңдар. Сондай-
ақ,  малды  өте-мөте  жақсы  көресіңдер»  дей  келе:  «Сендер  дүние  тіршілігін 
артық көресіңдер. Бірақ ахирет қайырлы да тұрақты» деп ескертеді.  
       Көріп  отырмыз,  бұл  аяттардың  мағынасы  алдымен  иман  келтір,  онан  соң 
малыңды  жақсы  істерге  сарып  қыл,  сонда  жүрегің  тазарады  және  Раббының 
ризалығын аласың дегенге саяды. 
       Сонымен,  адам  баласынан  махшарда  сауал  алынған  күні  барлық  жаман-
жақсы істері, яғни амалдары таразы басына түседі. «Зілзал» сүресі: «Сонда кім 
тозаң  түйірінің  салмағындай  жақсылық  істеген  болса,  ол  оны  көреді.  Ал,  кім 
тозаң түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» дейді.    
       Сондықтан «Фәжір» сүресінің 18-19 аяты: «Негізінен бұл үкімдер бұрынғы 
нұсқаларда  бар.  Ыбырайым,  Мұса  (ғ.с.)-лардың  нұсқаларында».    Бұл  арада 
Таурат, Інжіл сияқты киелі мәтіндер меңзелгені айтпаса да түсінікті. 
      Құдай дидарына жақындау жолын сопылар «тариқат» деп атайды. Шәкәрім 
1905  жылдардан  осы  жолға  бет  бұра  бастайды.  Абай  қайтыс  болғанда 
шығарған өлеңдерінен белгілері бар. Мәселен, «Мен-өлікпін» дейді. 
     Бірақ  Шәкәрімнің  суфизмі  өзгерек.  Бұл  дүниеден  суыну  жайында  әңгіме 
жоқ.  Керісінше,  ағасы  Абай  сияқты  ол  да  бұл  дүниені  сүй,  қоғамға  пайдасы 
тиетін жақсылықты көбірек істеуге ұмтыл деп кеңес береді. «Іншиқақ» сүресі 
25-аят:  «Бірақ  иман  келтіріп,  түзу  ғамал  істеушілерге  таусылмайтын  сыйлық 
бар». Міне Шәкәрім иманды болуды осы мағынада ұққан. Өзін де даналық пен 
ұлылық биігіне шығарған жолы осы болатын. 
       Абай  сияқты  Шәкәрімнің  мұсылмандық  ағым  –  суфизмді  жақсы  білгені 
талассыз.  “Анық  асық  -  әулие,  Кереметке  сол  ие,  Жаны  құрбан  Жарына, 
Керексіз  өзге  дүние”  дегені,  сопылық  дәстүрмен  Аллаға  ғашықтың  жүрегін 
көбелек  пен  шамға  теңеуі  сияқты  өлең  жолдары  бізге  ақынның  сопылық 
қылудың ішкі сырына қанық болған жеткізеді.  
       Бүгінгі  таңда  Шәкәрім  діншіл  ақын  демесе  де,  ойшылды  сопы  ақындар 
тобына  қосуға,  сопылық  жолдан  көруге  пейілді  жас  толқын  зерттеушілер  аз 
емес.  Сондықтан  айтайық,  суфизм  ілімі  мен  қос  кемеңгеріміз  дүниетанымы 
арасында  тұтастық  қаншалықты  болса,  қайшылық  та  соншалықты.  Жайнамаз 
үстінде  мүлгіген  харекетсіз  сопылықты  екі  ғұлама  да  аулақ  серпеді.  Оларша 
жалғыз  “растық  жолы”,  “ғадаләт  жолы”  бұл  емес.  Өйткені,  тәркі  дүниеліктің 
екінші  аты  -    ғұмырсыздық.  Сондықтан  туған  халқын  бұл  жолға  түсуге 
шақырмайды.  Мысалы:  “Бұл жол  -  бек шетін, бек нәзік жол”,  -  деп ескертеді 
Абай, себебі: “Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат 
жоқ”. 
      Ал, Абай философия мектебінің тәлімгері Шәкәрім  “Адамдық  борышың – 
халқыңа қызмет қыл” деп басталатын өлеңінде: 
                       Қайтадан қайрылып 
                       Қауымға келмейсің. 
                       Барыңды, 

64 
 
                       Нәріңді  
                       Тірлікте бергейсің, - 
деп  ұстазына  үн  қосады.    Тәңіріні  танысаң  ғана  адам  атына  лайық  боласың 
дейді әлемдік діндер.   Хош, ал Тәңіріні танудың амалы қайсы? 
      Шәкәрім  мұның  әркімге  ұғынықты  қарапайым  жауабын  табады:  ол  үшін 
қиянатты  жау  біліп,  нәпсіні  тый!  Яғни  бақытты  өмір  сүру  айласы:  әділ  өмір 
сүру. «Ақ жүректі ертерек, Ескердағы, қыл әдет!».  
       Ал,  Шәкәрімді  сопылық  ағым  өкілдерімен  біріктіріп  отырған  нәрсе  – 
Тәңіріні тану тәсілі һәм оған ғашықтық, мұсылманша мағрифат пен хақиқат.  
       Сөзіміздің  соңында  Шәкәрімнің  ізашар  жаңашылдығы  деген  мәселені 
қозғап, оны өлеңдерімен дәлелдейік.      
                                 Жаралыс басы ­ қозғалыс, 
                                 Қозғауға керек қолғабыс. 
                                 Жан де мейлің, бір Мән де,  
                                 Сол қуатпен бол таныс, 
                                       Әлемді сол Мән жаратқан, ­  
дейді  ойшыл  ақын.  Шәкәрімше  басқы  Жан  немесе  Мән  барша  зәредей 
жандардың  атасы.  Әрі  ол  дүниені  қозғаушы  ұлы  Қуат.  Жан  деген  тылсымды 
осылайша толымды ашып, ұқтыра алған данышпаның кәне! 
        Әлемдік философияның екінші жұмбағы ­ Рух деген немене деген мәселе. 
Ол жайында: 
                                Рух деген ­ мінсіз таза ақыл, 
                                Мінсіздің ісі шын мақұл. 
                                Айуандағы ақыл ол емес, 
                                Аз ғана сөзім ­ аз тақыл, 
                                       Құранды оқы нанбасаң, ­ 
дейді данышпан. Көрдіңіз бе, «рух» ұғымына да нақты анықтама берілген. Ол  
«таза ақыл» екен. Рух пен жанды айыра алмаушық адамның өз болмысын өзі 
ұға  алмауына    басты  кедергінің  бірі.  Діншілдер  рух  пен  жанды  бір  санап, 
«жаныңды  жолдан  қосты»  деп  күңкілдесе,  пәншілдер  «жан  жоқ»  деп  тіпті 
масқара шатасты. 
        Адамдағы  ақыл  айуанда  да,  тіпті  шөпте  де  бар  «аз  ақыл»  емес  дейді 
ойшыл,  ол  жоғалмайтын  ерекше  ақыл.  Осы  ретте  Шәкәрім  Құранды  оқы 
нанбасаң  деп,  ондағы  «біз  адамға  ерекше  ақыл  силадық»  деген  аятты  еске 
салып  отыр.  Гәп  рух  жанның  үстіңгі  қабаты,  былайша  айтқанда,  оның  үстіне 
киген  киімі  екендігінде.  Адамдардың  жаны  бірдей  болғанымен  рухы  әртүрлі 
болмағы содан. Сөйтіп, Шәкәрім адамзатқа рух пен жанды айырып береді.   
       Шәкәрімнің жан және рух жайында берген анықтамалары мүлде жаңа, тың 
болса, жан мен тәнге ортақ, екеуінен туылған «көңіл» категориясы туралы да 
осыны айтамыз. «Жан менен дене һәм көңіл» деген өлеңінде бұл категорияны 
Шәкәрім бізге былайша ұқтырады:     
                                      Жан мен дене – қосылған ерлі-қатын, 
                                      Екеуінен туады көңіліміз. 

65 
 
        Көк  дөнен  көңіліміздің  бірде  тән  құмарына,  енді  бірде  жан  құмарына 
алма-кезек бұрып отыратын сыр-қасиетін міне осылай ашып береді.                  
       Қарт  ойшыл  дінші  мен  пәнші,  Абайша  мұтакаллимин  мен  мантикин 
атаулының қатені мойындамай бірезуленіп, өзіне ермесін біледі: 
                           Пәнші мен дінші тыңдамас, 
                           Жиреніп мұны тыңдамас. 
                           Өйткені, олар бірезу, 
                          Әдетін тастап шыдамас, 
                               Арланбай бұған еруге. 
       Сондықтан  да  иманы  кәміл  кемеңгер  мәңгілік  хақиқаттарға  қатысты 
жаңалық сөздерін жастарға арнайды: 
                                Шала дін мен қате пәннің, 
                                Сөзіне ерме, маған ер.    
        Кемеңгер  ақынның  соңына  ергісі  келген  талапкерге  оның  философиялық 
жырларына,  сырлы сөздеріне үстіртін қарамай, иждиһатпен ойға тоқуы шарт. 
Шәкірімнің  ар  ілімі  Абайдың  Алла  тағаланы  танымақтық  ілімімен  сабақтас, 
үндес, үйлес. Өйткені, Тәңіріні тану, Оның заңдарын білу шарты екі ілімнің де 
өзегін құрайды.  
        Шәкәрім  және  сопылық  ілімі  тақырыбына  арнайы  тоқталдық.  Себебі, 
елімізде  тариқатшылар  қозғалысы  орын  алғаны  өтірік  емес.  Бірақ  олар 
Шәкәрім ілімі мен Құранның тәуилін дұрыс ұғып,  біле  алды ма? Мәселе  осы 
арада. 
 
2.4. Лев Толстой және Шәкәрім 
      Зейін қойып  қарағанда, адам тіршілігінің философиясы екі-ақ  нәрсеменен: 
бірі  -  әділдік,    бірі  –  шындық.  Жақсы-жаманды  айыру  деген  осы  екі  ұғымға 
ғана  сарқылмақ.  Тағы  бір  кереметі:  екі  категория  бір-біріне  жақын  туыс. 
Әділдік жоқ жерде шындық та жоқ. Сол сияқты шындық жоқ жерде, әділдік те 
бар  бола  алмайды.  Бірде  әділ  сөз  дейміз,  бірде  шын  сөз  дейміз,  әйтеуір, 
мағынасы бір. Абайдың 38-ші қарасөзінде: “Сиддық (шындық) ғадаләт (әділет) 
болар” дейтіні содан. Сондай-ақ, орыстың справедливость (әділдік) сөзінен де 
правда (шын) деген төркін сөз төбе көрсетеді.  
       Қайталап айтқанда, әділдік пен шындық ажырамас, қанаттас ұғымдар. 
       Мынаған  қараңыз,  егіз  ұғым  әділет  пен  шындықтан  үшінші  категория 
ұждан  –  совесть  туады.  Ұжданның  және  бір  аты  –  ар.  Абай,  Шәкәрімше  ар-
әділет заңы мен Тәңірінің тәртібі, заңы тура сәйкес. Мәселен, және сүй: “Хақ 
жолы  осы  деп  әділетті”,  -  дейді  Абай.  Бұл  өсиеттің  мәнісі  басқаларға  мейір-
шапағатыңды  тигізіп,  жан  жылуыңды  аямай  өмір  сүруге,  жалпақ  тілмен 
айтқанда, ғұмырды  “ақ жүрек адам” болып кешуге саяды.  
       Міне Лев Николаевич Толстой да біз тілге тиек еткен әділет пен ар-ұждан 
туралы  нақты  тұжырымдар  жасап,  өз  сөзін  айтқан  ғұлама.  Орыс  данасы: 
“Әлемді  меңгеруші  рухани  заңдар  бары  адамзатқа  нақты  таныла  бастады, 
алайда  бұл  заңдарды  түсінуді  қажет  қылмайтын,  оларға  сәйкес  өмір  сүргісі 

66 
 
келмейтін  адамдар  үшін  олар  маңызды  емес  және  бос  нәрсе  болып  көрінеді” 
деп  жазады.  Ал,  рухани  заңдарды  білу-тану  ісін,  Толстойдың  кәміл  сенімі 
бойынша: “Ең басты нәрсе деу аз, сонымен қатар ол бүкіл адамзат қауымының 
ең мәнді ісі”.  
       Хакім  данышпандар  Әділет  пен  Ұждан-совесть  заңы  туралы  не  себептен 
зарлап айта береді? Адам өмірінің мәнісі - аталмыш заңды санаға сіңіру және 
соған  сәйкес  өмір  сүруді  әдет  қылу!  Ардақты  Толстой  қалың  орыс  халқына 
осыны қақсап айтып жеткізуге тырысып бақты. Ол өмірінің соңғы бөлігін осы 
мақсатқа  сарқа  жұмсады  десе  де  болады.  Иә,  Ясный  Полянадағы  дана  қарт 
өзіне  ашылған  рух  заңдарын  өзгелерге,  көбіне  қарапайым  жұртшылыққа, 
түсіндіру  ісінен  шаршаған  емес.  Мәселен,  1904  жылдың  21  ақпанында  Н.П. 
Максимов деген подпоручикке жолдаған хатында оған  мынадай кеңес айтады: 
“Кім  кімге  де  не  істеу  керек  екенін  шешу  үшін  алдымен  ештеңеге  де 
қарайламай  тек  өз  ар-ұятының  үнін  мұқият  тыңдау  қажет,  басқаша  айтқанда 
өзге  адамдар  менің  қылығымды  қабылдай  ма,  әлде  қабылдамай  ма  деген 
ойменен  емес,  қадамды  Тәңірі  бізден  осыны  қалайды  деп  жаса,  сонда  еш 
қателік болмайды”.  
        Қазақстанда Лев Толстойдың осы іспетті философиялық ой-пікірлері мен 
ғибрат  сөздерін  тұшына  оқыған,  оны  ұстазы  санаған  зиялылар  қарамы  аз 
болмаған. Соның бірі – Шәкәрім еді.  Жасы елуден асқанда, 1880-ші жылдары 
жарық көрген “Жан сыры” (“Исповедь”) және “Менің сенімім неде?” (“В чем 
моя  вера?”)  атты  әйгілі  еңбектері  Толстойдың  көркем  әдебиет  өрісінен 
ойшылдық, дүниетанымдық бағытқа бет бұрғанын ашық аңдатты. 
        Содан беріде оның ғибраттық бағыттағы ұсақ әңгімелері, орыс қоғамында 
үлкен  сілкініс  тудырған  пәлсапалық  мақалалары  мерзімді  баспасөз  бетінде 
үзбей жарияланып келгенін жаңа айттық.  
       Нақты бір мысал, 1901 жылы жарияланған “Ақыл-ес, сенім һәм құлшылық 
туралы”  атты  мақаласы.  Осы  еңбегі  бойынша  Толстойдың  ойшылдық  әлемін 
көктей өтетін үш постулатқа оқырман назарын аударайық.  
        Бірінші постулат  - орыс данасы Інжілге сүйене отырып, адам баласы бұл 
әлемге  өз  еркімен  емес,  оны  осы  әлемге  жіберген  Иенің  еркімен  келген  деп 
тұжырады.  Екінші  маңызды  қағидат  жайында:  “Адам  баласы  өзінің  бұл 
жалғанға  не  үшін  жіберілгенін  білу  үшін,  -  деп  ой  өрбітеді  ол,  -  Жасаған  Ие 
оған ерекше  ақыл-ес берді,  міне  соның көмегімен әрқашанда, егерде шындап 
білгісі келсе, адам баласы Тәңірінің еркін, яғни Оның өзінен не күтетінін, жер 
бетіне не үшін жібергенін біле алады”.  
     Осыдан  соң:  “Ал,  біздің  заманымыздың  пәншілдері  мен  дін  жетекшілері 
болса,  ақыл-еске  сенбеңдер,  өйткені,  ол  алдайды,  бізге  сеніңдер,  біз  тура 
жолдамыз деуден танар түрі жоқ. Бірақ олардың мұнысы жалғандық. Олардың 
уағызына иланып, осы күнгі қалпымызда қала берсек, онда біз адамзат нәсілі, 
соқыр  күшіктердей  әр  жаққа  тырбана  бермекпіз  әрі  бір-бірімізге  деген,  дәл 
қазіргідей өшпенділік хәл өзгермек емес: христианин мұсылманды, мұсылман 
–  христианинді,  ал,  христиан  ішінде  православный  –  католик  пен  староверді, 

67 
 
старовер  –  православныйды  және  т.б.  бірін  бірі  иттей  жек  көреді,  жиіркене 
қарайды” дей келе, постулаттың үшіншісін былайша түйіндеген:  
      “Егерде  біз  ақыл-есіміздің  дегенін  ұстанар  болсақ  қана,  бәріміз  бірігеміз, 
олай  болатыны,  баршамызға  берілген  ақыл-ес  бір,  осы  себепті  ақыл-ес 
адамдарды  біріктіреді  және  ол  адамдардың  болмысында  бар  бір  біріне  деген 
махаббаттың  іске  асуына  ешқандай  бөгет  жасамайды.  …Ақыл-ес  қасиетті 
жазбалардың қай қайсынан да үлкен әрі нанымдырақ, ол ешбір кітап, жазбалар 
жоқ  кездің  өзінде  бар  болды  һәм  әрбірімізге  тура  Тәңірінің  өзінен  берілген” 
[30, 34].   
       Толстойдың  соңғы  постулаты  “ақыл-ес”  -  адамның  жан  тілегі,  жүрек 
түбіндегі  шын  асылы  ғана  емес,  дүниені  танудың  құралы  дегенге  саяды. 
Демек, Құдайдың өзі сыйлаған, дарытқан құралды қолданбау қиянат.  
       Даналықтың  құдіреті  ғой,  келтірілген  үзіндіде  ғұрпы  дін  мен  рухани 
ілімнің  нәзік  аражігі  керемет  ашықталған.  Әрине,  мұндай  ойлау  жүйесі, 
әсіресе,  соңғы  постулат  дін  қызметкерлерін  мәнсұқ  етумен  парапар. 
Сондықтан  осынау  ноқтасыз  ойлары  мен  дінге  қатысты  реформаторлық 
көзқарастары  үшін  жоғарғы  діни  орын  –  Синод  1901  жылы  Лев  Толстойды 
шіркеуден  аластату  туралы  үкім  жариялаған  еді.  Бірақ  қалың  орыс 
жұртшылығының сүйікті жазушысына араша түскені белгілі.   
      Қысқасы, жаңағыдай жарқын да терең ой-толғамдардың Шәкерім жүрегіне 
нұр боп құйылып, көп ой салғаны сөзсіз. Кезінде “толстовщина” аталған ілім 
қазақ ақынына бөтен діннің, бөтен мәдениеттің негіздеріне бойлауға мүмкіндік 
берген  терезе  де  сияқтанған  болар,  тегі.  Өйткені,  Толстой  Інжілге  сүйене 
отырып,  христиандық  салт-ғұрыптың  көлеңкелі  жақтарын,  кейбір  дін 
жетекшілерінің  екіжүзділігін  батыл  әшкерелеген  адам.  Сондықтан  оның 
азаматтық  ашық  позициясы  Шәкәрімге  өзі  тұтынған  дін  ислам  басшыларына 
да сыншылдықпен қарауды үйреткен сияқты.  
       Яғни Шәкәрім Құранды жақсы білсе, Толстой Інжілді жақсы білген. Ол өз 
еңбектерінде “Інжілде былай делінген”, “Иса пайғамбар былай айтқан” дегенді 
көп қолданған. Ендеше Шәкәрімнің дін туралы өлеңінде: 
                              Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса-дағы
                              Мағынасынан адасып қара басар, - 
деуінен орыс ойшылына  қол артқандығы сезілетіндей.  Сондай-ақ,  қос  ғұлама 
ойшылдар  арасын:  “Өзіңе  не  тілесең  басқаға  да  соны  тіле,  тіпті  өзіңе  қиянат 
жасаған адамға да қиянат қылма, керісінше жақсылықпен жауап бер, әділ бол, 
бар  әлемге  махаббат  көзімен  қара”  деген  ортақ  парадигма,  этикалық 
ұстанымдардың жақындастыра түскені сөзсіз.  
     Осы  орайда,  үстідегі  үш  постулатқа  қатысты  ойын  Толстойдың  қалайша 
түйіндегеніне  оралайық:  “Адамды  өмірге  келтірген  Тәңірінің  еркі  мынада: 
кәмәлатқа  жетсем  екен  деп  әр  адам  тек  алға  талпына  беруге  тиіс.  …Ол  үшін 
керек екі шарт бар: бірі - өзінің жан-жүрегін қиянаттан тазарту, бірі  - барлық 
жан иелеріне жақсылық жасау. Мұның  шындығына дәлел мынау: не істі қолға 
алса  да,  алдан  тосқауыл  тап  болатынын  кім  кімде  күнделікті  өмірден  өзі 

68 
 
байқап  тексере  алады,  Жаратушы  Ие  тек  жаңағы  екі  шартты  орындауға 
кіріскен пендесіне ғана жол ашады, ешбір кедергі қоймайды”.   
     Толстой 
ілімінің  желілі,  нәрлі  ойларына  байыппен  тоқталғанда,   
Шәкәрімнің  орыс  ойшылымен  терезесі  тең  түскен  хакімдігін  аңдату  көзделіп 
отыр.  Себебі,  Толстой  көп  айтқан  “Кереметке  сенетін  кісі,  ақыл-еске  сенуін 
доғарады”,  «әділ  сыншың  –  ақ  жүрегің»  деген  сияқты  даналық  нақылды  кім 
кімде  оқиды,  бірақ  мыңнан  біреу  ғана  сол  ойшыл  ғұламаның  жеткізбек 
деңгейінде  көңілге  тоқи  алмақ,  ал,  әулиелік  ойды  дамыта  жалғастыру  одан 
бетер қиын, тек сирек кемеңгердің ғана сыбағасы.   
        Тұжыра  келгенде,  терең  ойдың  иесі  Лев  Толстойдың  Шәкәрімнің  ұстазы 
болғандығы  бір  жағынан,  сөзі  мен  ісі  ажырамаған  кесек  мінезімен,  екінші 
жағынан,  адамның  рухани  өсу,  дамуының  қос  шарты:  әділет  пен  махаббатты 
ту еткен даналық ілімімен дәйектелмек.  
      Бұл арада: 
                         …Танбаймын шәкіртімін Толстойдың, 
                            Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың. 
                            Жанымен сүйді әділет, ардың жолын, 
                            Сондықтан ол иесі терең ойдың, - 
деген  өлең  шумағын  алсақ  та  жеткілікті.  Осы  жолдардан    кертартпа 
дінбасылар неліктен азат ойдың иесі орыс жазушысына “арам сопы, кәпір” деп 
ат қойып, күйе жаққан себебін қазақ данасы жақсы білген көреміз.  
       Қос  әулие  Шәкәрім  мен  Толстойдың  хат  алысуы  1903-07  жылдардың 
арасы  болуы  ықтимал.  Өйткені,  бұл  ойшыл  ақынның  Императорлық  орыс 
географиялық  қоғамының  мүшесі  ретінде  Семейдегі  орыс  зиялыларымен 
жақын  араласқан  кезі  болып  табылады.  Әрі  орыс  жазушысының  кең  байтақ 
Ресей  империясының  түкпір-түкпірінен  келген  хаттарға  бұрқыратып  жауап 
жазатыны да осы тұс.  Сондай-ақ, Синодтың 1901 жылы жазушыны шіркеуден 
аластату  туралы   үкім  жариялауы  оның абыройын тіпті шарықтата түскен-ді. 
Сол  себепті  Толстойдың  ілімі  зиялылардың  назарын  бұрынғыдан  бетер 
аударды. 
       Бір  сөзбен  айтқанда,  орыс  әулиесін  Шәкәрімнің  жақсы  біліп,  оған  хат 
жазуы, хатына жауап алуы таң қалдырмайды.       
       Бұл жайында Ахат ақсақал өзінің естелік-эссесінде былайша әңгімелейді. 
       “Толстой  туралы,  бір  мәжілісте,  мен  әкейден:  “Сіз  Толстой  туралы  жай 
әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де өте бағалайсыз”, - дедім. 
Сонда  әкей  айтты:  “Мен  Толстойды  бұрын  да  бағалайтынмын.  Мен  одан  үш 
сұрақ  сұрадым.  Сол  сұрақтарыма  ол  маған  өте  қымбатты  жауап  қайырды”. 
Сондағы сұрақ-жауаптар мыналар: 
Шәкәрім: Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың ішінде арға 
ең ауыр тиетін не нәрсе? 
        Толстой:  Меніңше,  арға  ең  ауыр  тиетін  бір  іс  бар.  Ол  –  егер  адам 
көпшілікке я жалпы қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш нәрседен 

69 
 
(малыма, мәнсабыма, жеке басыма зияны тиеді екен деп) қорғанып, біле тұра 
айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы. 
       Шәкәрім: Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз? 
       Толстой:  Көп  адамдар  қатысқан  көлемді  шығарма  болсын,  не  ұсақ  әңгіме 
болсын,  алдымен  сол  әңгіменің  уақиғасына,  іс-әрекетіне  жазушы  өзі 
араласқандай  жетік  болуға  керек.  Сол  уақиғаның  жайы  жазушыға  айнадай 
айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек.    
        Шәкәрім:  Мен  өз  жазғанымның  дұрыс-терісін  сынай  алмаймын.  Өз 
шығармаңның қатесін қандай әдіспен көріп, сынап-түзеуге болады? 
        Толстой:  Жазушының  артық  қасиеті  -  өз  қатесін  көріп,  соны  түзей  алуы. 
“Біреудің қатесін біреу көреді” деген де бар. Бәрінен, адам өз қатесін өзі көріп, 
өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. 
Ол  адамға  біткен  –  ақ  жүрек.  Жүрек  ымбалына  беріліп  дағдыланған  адам  өз 
мінін де, басқаның мінін де көре алады. Сондықтан әділ сыншың – ақ жүрегің. 
      Хат  арқылы  болса  да,  бірін  бірі  жақын  сезініп,  ұғысқан    екі  ұлы  адамның 
диалогы  міне  осы.  Мұны  Ахат  ақсақал  жадында  сақтап,  бізге  жеткізіп  отыр. 
Санаткерліктен бойы өсіп, терең ойшылдық табалдырығынан аттаған Шәкәрім 
үшін  Толстойдың  бағыт  беріп,  жөн  сілтеген  сөздері  аса  маңызды  болған. 
“Ұстазым” деп бағалап, ардақтап өткені де сондықтан. 
       1912  жылы  “Айқап”  журналының  №5  санында  “Білімділерден  бес  түрлі 
сөздің  шешуін  сұраймын”  деген  Шәкәрімнің  шағын  мақаласы  жарық  көргені 
белгілі.  
       Осы  кезеңде  санаткер  ақынның  Толстойдың  тәлімгері  болғанын  аталмыш 
бес сауал да аңдатуға тиіс. Өйткені, орыс данасы, жоғарыда алынған мысалдар 
байқатқандай,  осы  бес  сұрақтар  төңірегінде  көп  ойланып-толғанған,  оларға 
қатысты өз сөзін айтқан ғұламаның бірі. 
Каталог: uploads
uploads -> Лекция: 20 Семинар 10 СӨЖ 30 соөЖ 30 Аралық бақылау 4 Консультация 2 Емтихан: 3
uploads -> МазМұны. Содержание жоғары білім. Высшее образование
uploads -> Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ
uploads -> Жансүгіров атындағы жму хабаршысы №4 /2012
uploads -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
uploads -> Л т т ы о а м д ы – с а я с и ж у р н а л журнал 1976 жылы Халықтар Достығы орденімен, 2002 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын Жұлдыз», 2008 жылы Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығымен марапатталды
uploads -> Өмірбаяны Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897
uploads -> Филология кафедрасы
uploads -> Облыстық «Жылдың үздік мұғалімі -2014» байқауының ережесі
uploads -> 46-ғылыми-әдiстемелiк конференция материалдары

жүктеу 2.8 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет