Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» рмм



жүктеу 2.8 Kb.

бет4/12
Дата09.01.2017
өлшемі2.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1.2.3. Алла мен жанды танудың айырықша шарты 
       Өткен  ғасырдың  бірінші  ширегінде  Батыс  философиясынан  бөлінген 
материалистік ағымның толқыны Ресей империясы сияқты үлкен ареалды орап 
алды  (мұның  ақыры  70  жыл  салтанат  құрған  атеистік  қоғамның  құрылуына 
алып  келгені  өзімізге  мәлім).      Абайдың  ізбасар  шәкірті  Шәкәрімнің 
философтар  мен  психолог  ғалымдар  психология  ғылымын  жантану  деп  атап, 
бөгде  бағыт  алып  адасуда  деп  дабыл  қаққаны  осы  тұс.  Психология, 
шындығында,  адамдағы  психикалық  құбылыстарды  танып-білудің  ғана 
ғылымы.  «Жанның  бастан  барын  байқамапты,  психолог  ғылымын  шашқан 
адам» дейтіні сол.  
       «Сорлы  бұлбұл  Жарға  асық  боп»  деген  өлеңінде  Шәкәрім  әулие  терең 
мәселені былайша білгізеді: 
                                 Жарға ғашық болғаныма
                                 Таңданатын түк те жоқ. 
                                 Жер жаралмай тұрғанында, 
                                         Менде асықтың нұры бар. 
                                 Жан денеме кіргенінде, 
                                 Бірге кірген осы дерт. 
                                 Жан беретін дәрігерің де
                                         Ем таба алмай қор болар. 
       Біріншіден,  жан  жер  жаралмай    тұрғанында-ақ  бар  екен.  Екіншіден,  жан 
адам  мен  хайуанда  ғана  бар  емес,  Шәкәрімше:  «Ғаламда  не  бар  болса,  бәрі 

35 
 
жанды».  Демек,  ол  -  Алла  тағаланың  нұры,  оның  зәрредей  бөлшегі.  Бір 
бөлшегі болған соң, Алла болмысы сияқты тіршілік иелерінің жаны да тылсым.                   
       Сондықтан жанды танудың, оның сырын байқаудың шарты бар: 
                                Тән көретін бастағы көз, 
                                Байқамайды жан сырын. 
                                ...Хақиқатты дәл көруге, 
                                Жан көретін көз керек. 
                                Бас көзімен сенделуге
                                      Бізге рұхсат жоқ, шырақ!          
        Жанды көру хакімнің үлесі, ол үшін психолог ғалым болу жеткіліксіз, сол 
себепті  пәнші  ғалымдар  оқулықтарда  көзге  көрінбеген  затты,  оның  ішінде 
жанды «жоқ» деп сендіргісі келеді. Бұл адасудан қазіргі таңда арылдық десек 
қателесеміз.  
       Жан  және  тәннің  мағынасы  екі  бөлек  екенін  атап  айтып,  олардың 
ерекшеліктерін зерделемеген ғұлама кемде-кем.  Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи 
өз  шығармаларында  «жан  ғаламы»,  «тән  ғаламы»  деп  аталатын  теологиялық 
терминдерді қолданады.   
       Түркістан  қаласында  1993  жылы  жарық  көрген  «Диуани  хикмет» 
кітабының 74-бетіндегі мынадай жолдар сөзіміздің куәсі: 
                            Ілім екеудүр: жан мен тәнге басшы тұрар
                            Жан ғаламы Хазіретіне жақын тұрар... 
                            Тән ғаламы залымдарға ұқсар-ерміс [21, 74].  
      Ясауидің бұл арада «жан ғаламы» және «тән ғаламы» деген философиялық 
мағынадағы  терминдік  мәні  бар  сөздерді  «жақсы»  және  «жаман»  деген 
ұғымдардың сырын ашуға қолданып отырғанын аңдаймыз. 
     Жан ғаламының өкілдері ретінде Ясауи, Абай, Шәкәрімдер халықты рухани 
жағынан қалайша іштей түлеп, жетілу, кемелдену жолын табуға үйретеді.   Ал, 
тән  ғаламының  әрекетін  «малға  достың  мұңы  жоқ  малдан  басқа»  (Абай) 
дегендей,  адам  жаны,  рухына  кеселді,  зиянды  және  пенделіктің  төменгі 
сатысындағы істер ретінде бағалайды.  
      Сонымен, Алланы тану үшін әуелі жан ғаламына ден қойып, оны тану-білу 
шарт. 
      Адамзат  көне  заманнан  беріде  жан,  жан  сыры  туралы  ілімді  іздестіру, 
танып-білу талабынан айныған емес.  Бірақ нақтылы шешіміне әлі күнге ешбір 
ғұлама  қол  жеткізген  емес.  Неге?  Мұның  себебі  Құран  Кәрімде  ескертілген. 
Мәселен,  «Исра»  сүресінің  85-аятында:  «[Мұхаммед]  олар  сенен  жан  туралы 
сұрайды. Ол Раббімнің әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді де» делінген. 
      Ислам  философиясы  бойынша  адам  баласы  жан  ғаламының  рухани  өсуі, 
жетілуі    танымдық  төрт    саты  бойынша  өтеді.  Олар:  шариғат,  тариқат, 
мағрифат және хақиқат. Мұсылмандық сопылық ілімде шариғат – білім жинау, 
қордалау  деген  мағынаны  білдіреді.  Өйткені,  білім  ақылды  күшейтеді  әрі 
жүректі тазартудың құралы. Әлбетте, білімі толысқан адам, сол бойынша өмір 
сүруді үйреніп, алған білімін іске асыруға ұмтылмай ма. Ендеше екінші қадам 

36 
 
тариқат  –  тәнді  жанға  бағындыра  отырып,  тәжірибе  жинаудың  жолы. 
Тәжірибесіз  білімнің  құны,  пайдасы  шамалы.  Аллаға  қайтудың  жолы 
болғандықтан  тариқатқа  кірген талапкер үшінші саты  –  мағрифатқа   міндетті 
түрде жетеді. Бұл таза ақылмен Құдайдың ісін үздіксіз ойлану кезеңі. Осымен, 
адам  рухани  шыңға  –  Аллаға  ғашықтыққа  жете  алады.  Хақиқат  деп  осыны 
айтады. 
      Көріп  отырғанымыздай,  бүкіл  сопылық  танымның  жұрт  таныған  төрт 
сатысының  ең  биік  тұғыры  –  Хақиқатқа  жету.  Абайдың  қорытынды 
туындысын  «Ғақлиат-тасдиқат»,  яғни  шындықты  таныту  ілімі  деп  атауының 
бір сыры осы арада. 
       Жалпы  сопылық  танымның  айтылмыш  төрт  сатысына  Абай,  Шәкәрімнің 
өздерінің кемелдену саты-сатылары толық үйлес, сәйкес келеді. Олар өмірдің 
азабы мол жетілу өткелектерінен өтіп  барып, хақиқат шыңына шыққан әулие 
хакімдер.  Бұл  жайында  арнайы  зерттеулерде  айтқан  болатынбыз.  Қайталап 
жатудың қажеті шамалы.   
        Жоғарыда  жайларды  қорыталық.  Алла  болмысы  мен  жанның  табиғаты 
бір,  сол  себепті  күрделілігі  жағынан  теңдес  мәселелер.  Оларды  тануға  жай 
ақыл  мен  бас  көзі  жеткіліксіз.  Ол  үшін  танымның  бел-белдерінен  асу  шарт. 
Оның ішінде мағрифатулла және хақиқат тек көкірек көздің иесі сирек даналар 
ғана бара алатын эзотериялық өріс.   
       Алланы танудың шарты неде деген мәселеге Абай: 
                                       Алла деген сөз жеңіл, 
                                       Аллаға ауыз қол емес. 
                                       Ынталы жүрек, шын көңіл, 
                                       Өзгесі Хаққа жол емес, - 
деп басталатын тамаша өлеңін арнағаны белгілі. Бұл туынды туралы М.Әуезов: 
«Абайдың  ойшылдығы,  діндік  нанымы  аса  мағыналы  танылады»  деп  терең 
астарлы  пікірін  білдірген  болатын.  Теолог  ойшылдың  «ынталы  жүрек,  шын 
көңіл» деген сөзі жүрек көзі немесе «алтыншы сезім» (Ғазали) деген мағынаны 
білдірсе керек. Өйткені, өлең былайша түйінделеді: 
                                     Ақыл мен хауас барлығын, 
                                     Білмейдүр, жүрек сезедүр. 
                                     Мұтакәллимин, мантикин, 
                                     Бекер босқа езедүр. 
      Абайдың  пайымынша,  ақыл  және  хауаси  хамса  заһири  (арабша  –  сыртқы 
бес  сезім  мүшесі)  арқылы  «Тәңірінің  бар»  екенін  мойындау  пендеге  қиынға 
соғады.  Өйткені,  бұлар  Алла  тағаланың  барлығын  білмейді,  Оны  тек  жүрек 
сезедүр.  Расында  да  сонау  орта  ғасырлардан-ақ  кейбір  үлкен  ақыл  иесі  ұлы 
ғалымдардың  арасында  да  атеистер  ұшырасып  отырды.  Абайдың 
«мұтакәллимин,  мантикин»  деп  атап  әрі  көне  түркіше  «дүр»  жалғауын 
қолдануы  адасқан  ойшыл  философтардың  да  аз  болмағанына  меңзегені  деп 
білеміз.  Тек  шынайы  әулиелік,  яғни  көкірек  көздің  ашылуы  ғана  тым  сирек 
құбылыс. 

37 
 
       Шынайы  әулие  мен  жалған  әулие  я  сопы  арасы  жер  мен  көктей  екенін 
қазіргі  діни  ағымдар  паш  етіп  отыр.  Олардың  жетекшілері  көбіне  психолог 
ғалымдар,  бірақ  өздерін  міндетті  түрде  Құдайдан  аян  алған  әулиелерміз  деп 
жариялап жүр.  Оларды әшкерелеуге құдіреті жететін ғылымдық күш тек Абай, 
Шәкәрім сынды әулие  хакімдердің  мұрасында  ғана.  «Ғақлиат-тасдиқат» және 
«Үш  анық»  трактаттарын  әлемге  танытудың  өзектілігі  де  осында.    Тәңіріні 
танудың  айырықша  шарты  деген  тақырыпқа  да  осы  заманның  жанды 
проблемасы болған соң арнайы тоқталдық.           
 
1.2.4. Мағрифатулла ілімінің гносеологиялық мәселелері 
      Исламның қазақтан шыққан тамаша теологы Ақмырза Ишан өзінің “Түркі 
иман”  [22]  атты  еңбегінде  Құдайды  тану  деген  проблемаға    мынадай  терең 
түсініктеме  береді:  “Иман  -  әуелі  Алланы  тану.  Бұл  түрде  Құдай  бар,  ойға 
келетін  бар  емес.  Бір,  ойға  келетін  бір  емес.  Барлығы,  бірлігі  ой  жетпейтін, 
көңілдегі  барлықтан  да  барырақ,  көңілдегі  бірліктен  де  бірірек.  Көңілдегі 
барлықтың  порымы  бар,  көңілдегі  бірліктің  нихаяты  (шегі)  бар.  Алла 
нихаяттан,  порымнан,  джисмнен  (денеден)  пәк”.    Бұл  сөзде  Алла  тағаланың 
шексіз, яғни Абсолют екендігі тамаша кестеленген. Алла болмысын зерттеудің 
неліктен ең қиын, ең жоғарғы ғылым болу себебі енді түсінікті. Мұны Абай да 
“Алла  деген  сөз  жеңіл”  деген  өлеңінде  “Ақылға  симас  ол  Алла,  Тағрипқа 
(анықтауға) тілім қысқа аһ!” деп дәл айтқаны белгілі. 
     Ал,  мағрифатулла  ілімінің  гносеологиясы  деген  тақырыпқа,  Абай  тілімен 
айтсақ, “тағрипқа” қатысты мынадай үш мәселеге үңілмекпіз. 
     1. Алланың болмысын зерттеудің  аспектілері. 
Ислам философиясы, әлбетте, Алла тағала болмысын зерттеуді мынадай 
үш аспектіде қарастырады. Біріншісі – Жаратушының есімдері мен сипаттары 
бойынша,  яғни  жоғарыда  сөз  болған    “әсмай  уә  сифат”  теориясы  жөніменен. 
Мұны  Алла  тағаланың  тұлғалық  аспектісі  десе  де  болады.  Аят-хадистер 
бойынша Алла тағаланың 99 көркем есімдері (әл-әсма әл-хұсна) мен 8 тұрақты 
(әс-сүбутия)  сипаты  бары  анықталған.  Жаратушы  құдіретті  осы  жөнімен 
мойындау  ислам  ақидасында  “таухиду  әсмай  уа  сифат”  делінеді.  Батыс 
ойшылдары әсмай (есім) мен сифатты (сипат) – Жаратушы атрибуттары дейді.  
Екіншісі – Алла тағаланың жүректегі аспектісі. “Алла тағала ғаламның ішінде, 
ғалам  Алла  тағаланың  ішінде”  деген  Абай  сөзі  Ол  әркімнің  жүрегінде  екенін 
де паш етеді. Үшіншісі – Алла тағаланың материалдық әлемдегі аспектісі. Бұл 
Құдайдың  ісін  “тәфаккару”  (факрлеу  немесе  фікірлеу)  теориясы.  Бұл  аспекті 
Құранда “Қараңдар! Көктер мен жерде және олардың аралығындағы нәрсенің 
бәрі-бәрі Тәңірінің дәлелдері” деген мәндегі талай аяттармен берілген. Абай да 
“Ғақлиатында”  Жаратушының  ғалами  аспектідегі  дәлелі  үшін  қоршаған 
табиғаттың  керемет  үйлесіміне,  мінсіз  көркемдігіне  қара  дейді:  “Ғақлия 
дәлелім - Құдайтағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан 
басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты”.  
Жаратушы болмысын зерттеу міне осы аталған үш аспекті аясында өтпек.  

38 
 
2. Алла тағаланы ғылыми танудың арналары. 
Дәстүрлі  исламда  Алла  болмысын  тану  ілімін  УІІІ-Х  ғас.  аралығында 
мүтакаллимдер  жасап,  олардың  Құранды  символды-аллегориялық  (сөз 
астарына  үңілу)  жолмен  түсіндіру  туралы  ілімі  –  “Илм  табилат  әл-Құран” 
деген атпен мәлім болды. 
      Мұсылмандық  фалсафа  өкілдері  болса,  Алланың  даналығын  танудың 
рационалдық  жолын  ұстанып  Жаратушы  (Иллаһи)  болмысын,  оның  хикметін 
ақыл-оймен  білу  мүмкіндігіне  қол  артты.  Мұсылмандық  Шығыста  “Хикма 
иллаһийа”  деп  аталатын  бұл  ілімнің  негізін  әл-Фараби  қалады.  Және  бұл 
ілімнің бастауы ежелгі грек ғұламалары Платон, Аристотель, Сократ,  Плотин 
жазбаларында болса керек.   
      Исламның  суфизм  ағымын  зерттеушілердің  ойынша,    Алла  мен 
ғаламның  тұтастығын  танытуда,  әсіресе,  ибн  Араби  жасаған  “уахдат  әл-
вуджуд” (“бірлік пен тұтастық”) деген пантеистік жүйе көрнекті роль атқарды.  
“Болмыс  бірлігі”  делінетін  бұл  концепция  бойынша  бүкіл  ғалам  -  Алла 
болмысының  көшірмесі.  Ал,  Алла  болмысының  жиынтық  түрдегі  көшірмесі 
адам болмысы  екен. Ибн Араби бұл ойын былай деп дәлелдейді: “Алла тағала 
адамды  өзінің  көшірмесі  іспетті  жаратты.  Олай  болатыны,  Үлкен  ғаламда 
бардың бәрі де адам затында бар” [20, 35].  
      Суфилер  үшін  басты  танымдық  тәсіл  -  Алланы  жүрек  көзімен  тану.   
Өйткені  Құран  Кәрімде  “Бұл  -  кімдерде  жүрек  болса,  соған  өсиет”  деп 
жазылған  және  “Олардың  жүректері  бар,  онымен  түсінбейді.  Көздері  бар, 
онымен көрмейді. Құлақтары бар, онымен естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті 
одан әрі адасады” (Ағраф сүресі, 179 аят). Осы мәселені Әбу Хамид әл-Ғазали 
өзінің  “Ихйа”  трактатының  “О  сущности  любви”  баянында  былай  деп 
түсіндіреді:  “Если  …утверждать:  Аллах  не  познается  с  помощью  пяти 
чувств…,  то  это  приводит  к  заключению,  что  характерной  особенностью 
человека  является  шестое  чувство,  которое  можно  назвать  разумом,  либо 
светом, либо сердцем. Внутренний разум сильнее явного разума, а сердце для 
познания лучше, чем глаза” [11, 231].  
      Парсы ғұламасы сопы әл-Хамадани (1048-1138) Алланың орналасқан жері 
–  адамның  жүрегі  деп  жазады:  “Алла  сіздің  түр-бейнеңізге  де,  іс-әрекетіңізге 
де қарамайды, Ол сіздің жүрегіңізге қарайды. О, достым, жүрек бәрін көруші 
Алланың орны боп табылады”.  
Ойшыл  отыз  сегізінші  сөзіндегі  теологиялық  бағыттағы  үлкен  ізденісі 
соңында  Алла  тағаланың  ғазимлі  (ұлығ)  істерін  танудың  дін  исламдық 
тәсілдері – Фікір мен Зікірге де көңіл бөледі.  
       3.  Құдай  ісін  фікірлеу  және  зікір.  Мұхаммед  Мұстафа  пайғамбарымыз 
(с.ғ.с.)-нің  “Құдай  ісін  ойлаңдар”  (“Тәфаккару  фиғла  иллаһи”)  деген  хадис 
шарифін  Абай  трактаттың  үш  жерінде  пайдаланған.  Мәселен:  “Құдай  тағала 
ешбір  нәрсені  себепсіз  жаратпаған,  мұны  ізерлеу  тәфаккару  фиғла  иллаһи 
деген хадиске негізделген” – деп көрсетеді.  

39 
 
      Мәселе  мынада:  “тәфаккару”  хақында  Құран  Кәрімнің  екі  мыңнан  астам 
аятында  ескертілген.  Мына  аят  соның  бірі  ғана:  “Алла  тағала  Көктер  пен 
Жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін 
жемістерді шығарып қойды” (Ибраһим сүресі, 32 аят).  
      Осыған байланысты діни-сопылық әдебиеттерде тәфаккару (қысқа түрде – 
факр)  теориясы  елеулі  орын  алады.  Бұл  ретте  Иасауидің  “Факрнама”  атты 
рисаласын  атауға  болады.  Бізше,  “факр”  сөзінің  пенде  ұғымының  синонимі 
“пақыр” сөзіне қатысы жоқ.  “Ең ізгі жол – фікірлеу (ойлану), ең жеңіл жол – 
еліктеу,  ең  қиын  жол  –  тәжірибеден  тәлім  алу”  дейді  шығыс  даналығы.  Сол 
сияқты  бүгінгі  қазақ  тіліндегі  пікір  сөзінің  төркіні  -  фікір  (немесе  факр) 
екендігі талассыз. 
     Діни-танымдық  факрнамаларда  Құдай  тағаланың  шеберлігі  (сұңғаты) 
мысалына  аралардың  балауызды  қалап  тұрғызуы  жиі  айтылады.    Өйткені, 
аралар  балауызды  (сотка)  тұрғызғанда  2-3  нүктеден  әр  жерден  бастап,  тура 
ортасына  жеткенде  ешбір  қатесіз  бітіреді  екен.  Енді  бір  ғажабы,  ең  қолайлы 
алты  қырлы  формамен  ғана  қалайды.  Сол  сияқты  неге  үйректің  балапаны 
жұмыртқадан  шыға  салып  жүзуді  біледі,  құстар  ұя  тұрғызуды  біледі,  жануар 
баласы туа сала жүріп кетеді?  Шәкерім қажы тіпті гүл-жапырақтан да ғибрат 
ал деп кеңес береді:  
                                       Неше түрлі гүл, жапырақ, 
                                       Әрбіреуін қолыңа ал. 
                                       Құры көріп, қойма бірақ, 
                                       Онда не бар ойға сал [14, 165].  
      Жалпы Шәкәрім шығармашылығында фікір поэзиясы үлкен орынға ие. 
      Құдай ісін ойлану Батыс-Шығыс ойшылдарына ортақ тәсіл, сірә. Мәселен, 
Абай кітапханасында есімі аталатын атақты Гете өзінің факрнамасында былай 
деп толғанады: 
                                      Жасаған шебер ісіне,  
                                      Қарасаң тілің байланар. 
                                      Өз ісіңе қарашы – 
                                      Кәкүр-шүкір айналаң [23, 425].    
      Сонымен,    Алла  тағалаға  иман  келтірудің  ең  ізгі  жолы  –  Оның  ісін 
ақылменен  білу-ойлану,  яки  фікірлеу  болады.  Абайдың  38-ші  қарасөзінде 
факрнамаға лайықты орын беріп, оны “ғақлия дәлеліне” балауы сондықтан. 
      Данышпан  Құдай  тағала  ісі  мен  шеберлігін  фікірлеуін:  “Адам  баласын 
махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат 
бар” - деп бастайды.  Сонан соң жалғыз ғана  ұзақ  сөйлемге сиғызған мынадай 
үлкен  ой-толғам  айтады:  “Адам  баласын  құрт,  құс  өзге  хайуандар  сипатында 
жаратпай,  бұл  гүзәл  сипатты  беріп,  екі  аяққа  бастырып,  басын  жоғары 
тұрғызып,  дүниені  көздерлік  қылып,  өзге  хайуандар  секілді  тамақты  өз 
басымен  алғызбай,  ыңғайлы  екі  қолды  басқа  қызмет  еттіріп,  аузына  қолы  ас 
бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, исін алып ләззаттанғандай 
қылып  ауыз  үстіне  мұрынды  қойып,  оның  үстінен  тазалығын  байқарлық  екі 

40 
 
көзді  беріп,  ол  көздерге  нәзіктен,  зарардан  қорғап  тұрарлық  қабақ  беріп,  ол 
қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері 
тура көзге ақпасын деп қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің 
қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық 
тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса сен 
де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?” [1, 473].   
     Құдай  ісін  фікірлегенде  Абай  қаламы  кідіріссіз  тебірене  тербелген. 
Автордың  осыншама  жанды  суреттер  мен  кереметтей  бейнелеуді  бір 
сөйлеміне  сыйғызуының  өзі-ақ  Жаратушыға  шын  ғашықтығының  айғағы 
іспетті.  Ойшыл  жүректен  шыққан  толғамын  сұраулы  сөйлеммен  аяқтап 
жеткізбек пікірін  де бекіте түседі.     
     Шынында да ақыл көзімен фікірлесе,  барлығы қамқоршы Алла тағаланың 
ісі,  хикметі  екендігіне  көктегі  мен  жердегі  нәрселерден  дәлел-айғақтар  кім 
кімге де мыңдап табылады.   
     “Ақыл  көзімен  қара:  күн  қыздырып,  теңізден  бұлт  шығарады  екен,  -  дейді 
әрі  қарай  ойшыл,  -  ол  бұлттардан  жаңбыр  жауып,  жер  жүзінде  неше  түрлі 
дәндерді  өсіріп,  жемістерді  өндіріп,  көзге  көріп,  көңілге  рахат  гүл-
бәйшешектерді,  ағаш-жапырақтарды,  қант  қамыстарын  өндіріп,  неше  түрлі 
нәбатәттәрді  өсіріп,  хайуандарды  сақтатып,  бұлақтар  ағызып,  өзен  болып, 
өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын 
болып жатыр екен”.   
Айналадағы  ғалам  құбылыстарынан  осындай  ақыл  жетпейтін  келісімді, 
таңғажайып  тұтастықты  көру,  яғни  “саниғын  сұнғатына  қарап  білу”    - 
Жаратушының ақылды инсанға (адамға) ғана берген жоғарғы сананың қабілеті 
болса керек. 
Сондықтан Абай: “Жер: мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін; 
құстар:  жүнін,  етін,  жұмыртқасын;  хайуандар:  етін,  сүтін,  күшін,  көркін, 
терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта (тіпті) ара: балын, балауызын; 
құрт  жібегін  -  һәммасы  адам  баласының  пайдасына  жасалып,  ешбірінде  бұл 
менікі  дерлік  бір  нәрсе  жоқ,  бәрі  –  адам  баласының  таусылмас  азығы”,  -  деп 
Алла  тағаланың  ғажайып  істерін  жіпке  тізгендей  айта  келе,  оны  адамдық 
қарызбен   байланыстырады. 
“Миллион хикметпенен жасаған машина, фабрик адам баласының  рахаты, 
пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббатпенен адам баласын сүйгендігі 
емес  пе?  Кім  сені  сүйсе,  оны  сүймектік  қарыз  емес  пе?”  –  деп  ой  толғайды 
данышпан.  Адам  мен  табиғат  қана  емес,  машина,  фабриктер  де  Жаббар  Ие 
хикметі  деген  Абай  сөзі  бүгінгі  ғылыми-техникалық  прогресс  дәуірінде 
маңызды  таным  емес  деп,  кәне,    кім  қарсы  қаруласар?  Осы  заман  байланыс, 
медицина,  көлік  т.б.  саладағы  таңғажайып  жетістіктерге  аса  бай.  Ал,  осы 
жетістіктер  адам  ғылымының  ғана  нәтижесі  ме?  Мәселен,  бір  ғалым  дүниені 
дүр сілкіндірген керемет жаңалық ашса, сол жаңалық ғалым ашқанға дейін де 
бар  нәрсе  емес  пе?  Қай  ғалымның  да  қажымай-талмай  тексеріп,  тапқаны 

41 
 
бұрыннан “бар нәрсе” ғой. Өйткені, Абайша жоқтан бар жасаушы тек жалғыз 
Жаратушы!    
      Енді  Абай  “тәфаккару  фиғла  иллаһи”  мысалын  хайуандар  әлемінен  алып, 
бұл  әлемнің  де  Алланың    мархаматты  ісі,  яғни  фиғла  иллаһи  екендігін  паш 
етеді.  
      Сонымен,  Құдай  ісін  ойлану,  хикметін  фікірлеу  хақында  айтқандарын 
жинақтап:  “Бұл  хикметтерінен  һәммасында  мархамат  һәм  ғадәләт  заһир 
(әділдік көрінісі) тұр екен” – деген пәтуәлі байламмен қорытады. 
      Әрине,  Абайдың  Алла  тағаланы  танымақтық  ілімі  мен  “адам  бол” 
теориясы іргелерін ажыратпайды. Сондықтан: “Біз өз ортамызда бұл мархамат
ғадәләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, - дейді Абай, - ал оның үшін 
мүслим  болғанда,  Алла  тағалаға  тәслим  болып,  Оның  жолында  болмақ  едік, 
болғанымыз қайсы? Бұл екісінде (мархамат пен ғадәләт –А.О.) ай мен күннен 
артық мағлұм тұрған жоқ па?”.    
      Пенде алдындағы жол екеу ғана: бірі - қиянат, бірі - ғадаләт жолы.  Ендеше 
мархамат  пен  ғадаләтті  иманның  шарты  санап    Алла  тағалаға  жолында 
болғанымыз  қайсы?  Осыны  ойла,  ғапыл  қалма!      Ойшылдың  айтпағы  осы. 
Сондықтан  пікірін  былайша  тиянақтайды:  “Бұл  фиғыл  Құданың  ешбіріне 
қарар  (тоқтану)  қылмаймыз,  өзгелерде  болғанын  жек  көрмейміз,  өзіміз 
тұтпаймыз, бұл қиянатшылық емес пе? Қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам 
– я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман”.   
Айналадағы  жаратылыстан  Алланың  хикметін көрудің  бір қарағанда еш 
қиындығы жоқ. Бірақта “ғаламдағы ғажайып хикмет соқыр табиғат ісі ме, әлде, 
бәрі  Алланың  бұйрығымен  бола  ма?”  деген  сауал  адамзаттың  әрбір  жаңа 
толқынын толғандыра берері тағы анық.    
Шәкәрім қажы өзінің “Иманым” атты жинағында  бұл сауалды былайша 
қояды: 
         Дөңгелеткен, 
      Өңгелеткен 
                               Түк білімсіз күш пе екен? 
        Тіпті мінсіз
        Кемшіліксіз 
                                                Есті қылған іс пе екен? [14, 150 б.]. 
Мәселе  төркініне  қатысты  философ  Ғарифолла  Есім  былай  деп  ой 
толғайды:  “Ақиқат  дегеніміз  Ибн  Араби  айтуынша  Жаратылыс  (халқ)  пен 
Құдай  (хақ)  арасында  байқалатын  сана.  Атеистер  хақты,  яғни  Құдайды 
мойындамағандықтан,  тек  жалғыз  жаратылыс  қалғандықтан ақиқаттың  толық 
мәнін  аша  алмайды.  Демек,  ақыл  да  толық  көріне  алмайды.  Мәселе  осылай 
қойылғанда Жаратылыстың өзі  не  деген миллион рет қайталанған сұрақ тағы 
күн тәртібіне шыға келеді” [24, 11].  
Осы тұрғыдан 38-ші қарасөздегі Абайдың факрнамасы ғаламды жаратқан 
меңіреу  табиғат  емес,  ешбір  мінсіз,  кемшіліксіз  есті  Ие  екендігін 

42 
 
бұлтартпастай  дәлелдеген,  сондықтан  уақыт  тозаңы  ешбір  көмескілей 
алмайтын құнды қазына.    
      Сөз  соңында  зікір  туралы  бірер  пікір.  Мұсылман  ілімі  бойынша,  Алла 
тағалаға тәубе келтіру – шүкір, оның мархаматты және ғадаләтті істерін ойлау 
– фікір, ал, Жаратушыға жақындаудың тәсілі – зікір делінеді. Тәфаккару тәсілі, 
жоғарыда  айтылғандай,    Құран  Кәрімде  екі  мыңнан  астам  аятта  айтылса,  ал, 
зікірулла тәсілі “Әй, мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер. Оны ертелі-кеш 
пәктеңдер”  іспетті  сөздермен    жетпіс  сегіз  аяттан  байқалған  екен.  Яғни  оны 
екінші тәсіл деуге құқылымыз. Зікір - “еске түсіру” деген араб сөзі. 1991 жылы 
Мәскеудің  “Наука”  баспасынан  жарық  көрген  “Исламның  энциклопедиялық 
сөздігінде”  [25]  зікірдің  мәнісі  Алла  тағаланың  қасиетті  есімдерін  іштей, 
сырттай  қайталаумен  және  дене  қимылымен  Алланы  еске  алу  екендігі 
көрсетілген.  Осылай  адамның  жүрек  көзі  ашылып  Хаққа  жақындауға,  Оны 
сезінуге  уә  түйсінуге  мүмкіндік  алады.  Сүйікті  пайғамбарымыз  Мұхаммед 
(с.ғ.с.)  сахабалар  “Зікірдің  ең  тәуірі  және  дұғаның  ең  тәуірі  қайсы?”  деп 
сұрағанда  “Зікірдің  ең  тәуірі  –  лә  иллаһә  иллалла,  ал,  дұғаның  ең  тәуірі  - 
әлхамду лиллаһ” деп жауап берген екен. 
     Зікірдің  орындалуы  әр  халықта  әртүрлі  болуы  оның  тарихы  әлемдік 
діндерден де арғы көнеде екеніне меңзейді. Ол, мысалы, қазақ  топырағында, 
кейбір  зерттеушілердің  білуінше,  Тәңірлік  наным  дәуірінен  бастауын  алса 
керек.  Ал,  дін  ислам  түркі  дінін  ығыстырған  дәуірде  зікір  теориясы  жаңа 
сапада қалыптасады.  Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың хикметіндегі: 
                            Бес жасымда шариғатқа белім будым
                            Күндіз-түні зікір айтып тәубә қылдым. 
                            …Аруақтарға басым қойып зар илесем, 
                            Сопылармен зікір айтуға жарай берсем. 
                            Зікір айтып сол сұхбатта дүрлер терсем, 
                            Жан мен ділде хақ  зікірін айтқын, достар [21] - 
деген    жолдар  соның  куәсі.  Абай  өмір  сүрген  дәуірде  зікір  –    мұсылман 
жамағаты  ұмыта  бастаған  діни дәстүрдің  бірі еді.  Әйтсе  де  Абайдың  “Өлең  - 
сөздің  патшасы,  сөз  сарасы”  деген  өлеңіндегі  мына  бір  шумақ  осы  дәстүрді 
еске салады: 
                            Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы, 
                            Мүнәжәт уалилердің зар наласы. 
                            Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, 
                            Әрбірі келгенінше өз шамасы. 
      Екінші  жолдағы  “Мүнәжәт  уалилардың  зар  наласы”  деген  сөздің  зікір 
деген  мағынада  екені  күмән  туғызбайды.  Өйткені,  уәлилердің  (әулиелердің) 
кез  келген  мүнәжәті  (тілек,  дұғасы)  бәйітсымалменен  (өлең,  жыр  түрінде) 
орындалған, сондықтан зікір боп табылады.    
     Осы  орайда  айтар  жай  -  отанымыз  Қазақстанды  мекендейтін  мұсылман 
қауымының    бүгінгі  рухани  өмірінде  Зікір  қайта  жанданды.  Әсіресе,  “алқа 
зікір” -ге  жастар тарапынан зор құлшыныс байқалады. Жас ұрпақтың мұндай 

43 
 
саналы ықыласын неге құптамасқа?! Өйткені, рухани азып-тозуға бұдан артық 
тосқауыл  бола  ма?  Болмаса  керек.  Тек  мұның  арты  Абайдың  “біз  тариқатқа 
кірдік  деп  жүргені  біз  бұзылдық  дегенімен  бір  болады”  деп  ескерткеніндей, 
сыңаржақтылық  пен  догмаға  әкелмесе  болғаны  дейміз.  Абай  ілімінше, 
қатардағы  мұсылманның  қоғамдық  өмірден  қалыс  қалуы,  дүниені,  дүниедегі 
тиерлік пайданы ұмытуы, иә хисапқа алмауы немесе дүниелік ғылымнан ғапыл 
қалуы Құдай сүйетін қылыққа жатпайды. 
     Имам  Ғазали  “О  сущности  любви  ко  Всевышнему”  баянында  былай  деп 
жазады:  “Первое,  что  нужно  сделать  –  это  понять,  что  любовь  может  быть 
только  результатом  познания,  т.к.  человек  любит  лишь  то,  что  он  знает”  [11, 
230].  Яғни,  Жаратушыға  махаббатың  толуы  үшін  әуелі  Ол  жаратқан  әлем 
туралы білімің болуы шарт.      
        Сонымен,  жасалған  шолудан  Алла  тағаланы  танудың  түрлі  жолдары 
баршылық екенін аңдаймыз.  
       Данышпан  Абай  өзінің  ғылыми  зерттеуінде  Тәңіріні  танудың  қай 
тәсілінен  де  шеттемейді.  Мәселен,    ол    “Ынталы  жүрек,  шын  көңіл,  Өзгесі 
Хаққа  жол  емес”  деп  суфизмге,    Алла  болмысы  мен  адам  болмысына 
ұқсастығы  жөніменен  ғылыми  философияның  антропология  теориясына,  ал 
Алла тағаланы танудың фікірлеу тәсілімен ғұрпы исламға сүйенеді.    
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал