Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


ЖЕРДІҢ ЖАРАТЫЛЫСЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕР



жүктеу 3.79 Mb.
Pdf просмотр
бет31/32
Дата11.01.2017
өлшемі3.79 Mb.
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32

ЖЕРДІҢ ЖАРАТЫЛЫСЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕР

Бұл аудармасын Мұхтар Әуезов жеке кітап етіп бастырған. (Про-

фессор  Ю.  Вагнер.  Жердің  жаратылысы  жайындағы  әңгімелер. 

Аударған Мұхтар Әуезұлы. Бірінші басылымы. Түркістан мемлекет 

баспасы. Ташкент, 1924 жыл, 100 б.). Содан кейін аударма 1983 жылы 

жазушының  жиырма  томдық  шығармалар  жинағының  14-томында 

(205–238-беттер) ғана жарық көрді. Жиырма томдыққа алғашқы ба-

сылымы ешбір өзгеріссіз жіберілді. Енді осы академиялық басылымға 

жиырма томдықтағы жарияланымы алғашқы нұсқасымен салыстыры-

лып, бірлі-жарым сөздер мен әріп қателері түзетіліп ұсынылып отыр.

М.Әуезовтің  бұл  аудармасының  Ташкентте  басылуының  өзі 

көп  жайдың  төркініне  ой  жүгірттіреді.  Осы  Ташкент  қаласына 

1910  жылдың  екінші  жартысы  мен  1920  жылдың  ішінде  қазақтың 

оқыған, зиялы азаматтары молынан шоғырланған еді. Жаңадан бой 

көтеріп  келе  жатқан  Қазақстан  Республикасының  астанасы  етудің 

іс-шаралары жан-жақты жүріп жатты, осылардың қатарында ғылым-

білімді өркендету мықтап қолға алынып, іргелі мемлекеттің алдағы 

жол-жобалары  ойластырыла  бастады.  Оған  жету  үшін  алдымен 

ғылым-білімді меңгеріп, мәдениеттілікке көтерілуі керек, сол ғылым 

мен білімнің дамыған түрі өзге жұрттарда қалыптасқан, ал осыларды 

елге  ұғынықты  тілде  жеткізудің  жолдары  қарастырылады.  Мұндай 

үлкен ой, игілікті істің бастамасын “Рассказы о воздухе” (Профессор 

Ю.Вагнер, Ауа туралы әңгімелер. Аударған X. М. Смайылов, Бірінші 

басылымы, Түркістан мемлекет баспасы, Ташкент, 1924 жыл. 77 б.). 

“Рассказы  о  том,  как  устроено  и  работает  наше  тело”  (Профессор  

Ю. Вагнер. Денеміздің түзілуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер. 

Аударған X. Досмұхаметов. Бірінші басылымы. Түркістан мемлекет 

баспасы. Ташкент, 1924 жыл, 128 б.). “Рассказы о животных” (Про-

фессор Ю. Вагнер. “Жануарлар туралы әңгімелер”. Аударған Абдолла 

Байтасұлы, Бірінші басылымы, Түркістан мемлекет баспасы. Ташкент, 

1924 жыл. 126 б.) деген сияқты көптеген еңбектердің аударылуынан 

көруге болады. М. Әуезов аудармасы да осындай мақсатпен жүзеге асқан 



455

игі істердің бірі еді. Бірақ өзінің жақсы нәтижелерін бере бастаған, енді 

енді өрісін жайған қазақтың білімді қайраткерлерінің мақсат-ойлары 

әрі қарай жалғасын таппай қалды.

Түркістан Коммунистік партиясының VIII съезі Ташкентте 1924 

жылдың 4–9 мамырында өтті. Бұл Түркістан КП-ның ең соңғы съезі 

болатын. Съезге қатысқан 339 делегаттың 133 адамы ғана Түркістанның 

жергілікті  халықтарының  өкілдері  еді.  Бұрынғыдай  емес,  Орталық 

Комитеттің құрамына қазақтың белді, белгілі қайраткерлері енбей қалды. 

Осыдан  кейін  Түркістан  республикасы  жеке-жеке  республикаларға 

бөлініп  кетті  де,  бұрынғы  басқару  орындарындағы  белгілі  қазақ 

қайраткерлерін анда-мұнда шашыратып, бастарын біріктірмей жіберді. 

Өйткені  Орталық  ұстанған  немесе  сталиндік  саясат  сондай  білікті 

адамдары бар елге өз алдына шаңырақ көтерткісі келмеді. Олар үшін 

бөлшектеп жіберу билеуге де, өкім-өктемдігін жүргізуге де тиімді еді.

М.Әуезов аударған бұл еңбекте таулардың өзгеруі, тау жынысының 

минералдан жасалынуы, су мен ауаның бір тау жынысынан екінші 

тау жынысын жасайтыны, жер ішіндегі қызу мен ыстық сулы көздер 

жайы, еріген тау жынысының құсуы және жанартаулар (вулкандар), 

бұлардың кейбір қалалар мен елді мекендерді басып қалуы, жер ішіндегі 

ыстықтың мөлшері, жердің салқындауы және планеталар, жер үстіндегі 

таулардың кайдан шығып, қандай жолдармен өсетіндігі, құрғақ жерлер 

мен судың ауысуы, теңіз жасаған іркінділер және тас болып қалған 

жануарлар, өсімдіктер мен жер қабығының қозғалысы, жердін тау жа-

сайтын қыртыстары, өсімдіктер жиынтығының жер ішінде тас көмірге 

айналатыны, ағаштың  ауасыз жерде жануы және көл газдарының пайда 

болуы, торфтың (шымтезек) жасалынуы, таскөмірдің графит, алмас 

тастарға айналуы, көмірден алмастың алыну жолдары, жер үстіндегі 

заттардың    өзгеруі,  бір  түсті  заттардың  қышқылтыммен  араласуы, 

минералдың ішіндегі металдар, рудалардың ішінен металдарды айы-

рып алу және алтын туралы қарапайым, түсінікті тілде әңгіме болады. 

М.Әуезов қазақ оқушылары үшін мейлінше ұғымды, жатық түрде жетуі 

жағын қадағалайды, қазақ ғылымында, бұл кезге дейін қазақ тілінде 

шыққан кітаптарда әлі қалыптасып болмаған атаулар мен терминдік 

сөздерді өз бетімен жасауға әрекеттенеді: минералдар мен металдар, 

химиялық элементтерге қатысты сөздер кезіксе, олар аударма барысын-

да ұғындырылып, сыры, жай-күйі ашылып отырады.

Әдеттегі  көп  аудармашының  бірі  емес,  бұл  еңбекті  жазушының 

аударғандығы көрінеді. Қап тауы деп қазақтың ертегілері мен жыр-

дастан дарының  желісіне  арқау  болған.  М.  Лермонтов  (1814–1841),  

Л.  Толстой  (1828–1911)  шығармаларында  асқан  сүйіспеншілікпен 


456

суреттелінген  әйгілі  Кавказ  бен  Италияның  Неаполь  қаласының 

маңайындағы  Везувий  тауларының  суреттемелерін  бергенде  нағыз 

суреткерлік көз, суреткерлік қабылдаумен жеткізгендігі байқалады: 

“Менің оң жағымда күн төмендеп, қып-қызыл дөңгелек болып, жазық 

далаға батып бара жатты. Арба мен аттан түскен ұзын көлеңке бізбен 

бірге жүгіріп отырды. Көлеңке ұзарып, кештің коңыржай түсіне ара-

ласып, бір-бірлеп жоғалып жатты.

Аздан соң күннің көрініп тұрған жалғыз шеті де жоғалып, қалың 

таулардың қарлы басы алтынды қызғылт түспен бояла бастады. Жалпақ 

дала кеш қараңғылығынан күңгірт құшағына кірген уақытында күннің 

ақырғы  шұғыласы  таудың  ағарған  басында  көрікті  түспен  ойнап, 

бәсеңдеп ұшып бара жатыр еді... Ертеңінде жатқан үйімнің терезесінен 

асқар  таудың  ұлы  шынжырын  тағы  көрдім,  көрікті  суреті  мол  тау 

мен артта қалған мұңлы ұзақ даланың арасындағы үлкен айырмасы 

байқалғандай болды. Қазіргі таудың жотасы жарық күннің сәулесімен 

жарқырап, көкшіл сұрғылт аспанда айқын көрініп тұрды”.

Аудармадағы бұл суреттемелерде ғажайып көркем әңгімелер жазған 

жазушының өзіне ғана тән қолтаңбасы тұр, ол тауды да, даланы да бір 

мұңдылыққа, кештің көлеңкесіндей қоңыр сырлылыққа айналдырып 

жібереді. Жалпы ол шұрайлы тілмен таза қазақы ұғымға жақын етіп 

аударған. Тіл жағынан келгенде породаны – жыныс, торфты – шымтезек 

деп алғаш қолданған, көптеген сөздердің бұрын айналымға енбеген 

қазақша баламасын таба білді. Вулканның алғашқы атқылауын – құсық, 

әрқилы заттардың сулар, теңіздер түбіне шөгуін – іркінді дейді, кратерді 

бір жерінде кесе деп те алады.

Жер бетінде кей замандарда сусыз жер суға, теңіздерге айналып, 

жазықтарда таулар пайда болып отырған, бұл табиғаттың өзі жасаған 

өзгерістері.  Ал  адам  қолынан  туған  өзгерістер  де  аз  емес,  оның 

қойын-қойнауындағы  байлықты,  асыл  заттарды  алу  мақсатындағы 

бүлдірушілік әрекеттерді жиі кездестіруге болады. Сол үшін ағаштарды 

кесіп,  ормандарды  өртеген,  тоғайларды  бүлдірген,  өзен  арналарын 

қазғылап,  бұрынғы  көркін  адам  танығысыз  етіп  өзгертіп  жіберген, 

мөлдір таза суларын лайлаған. Сөйтіп өзін асырап отырған табиғатқа 

пайда үшін айтып жеткізгісіз зиян келтіреді. Оның қадірін ауырғанда 

ғана біледі, оның сұлулығына ауырғанда ғана сұқтанады, ақырғы сәті 

таянғандай көріп одан басқа ешнәрсені қаламайды, соған қарау үшін 

тағы да жасай бергісі келеді. Жалпы автор жердің жаратылысы мен 

толып  жатқан  бітімдік  өзгешеліктерін,  қасиеттерін  айта  келіп  оны 

аялауға, қадіріне жетуге шақырғандай болады.

1. 234-бет. “Жартас бір заманда қаншалықты майыспайтын мықты 

сияқтанып тұрса да, уақыты келгенде құлап талқан болып, орынында 



457

үйілген ұсақ тас кен қалады”. – Бұл жерде автор біздің ұғымымыздағы 

кенді айтып отырған жоқ, сол қираған, бүлінген тастардың жиыны, 

үйіндісі қалатынын айтып отыр.

2. 235-бет. “Бұл теңіз жақ күнгейде Аюдақ тауының жанында” – 

Аюдақ – түрік сөзі, дақ дегені – тау, Қырымның оңтүстігіндегі аюға 

ұқсас тау осылай атанып кеткен.

3. 235-бет. “Осы күнгі Петроградта көшеге жайған тастардың бәрі 

де бұрынғы Фин тауларының бөлімдері еді”. –  Финляндияның Балтық 

жағалауындағы  онша  биік  емес  таулар.  Бұл  таулар  әртүсті  мәрмәр 

мен  кристалдық  тақта  тас,  гнейс,  кварциттерге  өте  бай.  Петербург 

қаласындағы  тастар  осы  жақтан  тасылып  әкелінді.  Қаланың  іргесі 

1703 жылы Бірінші Петрдің (1672–1725) бұйрығымен қаланды. Осы 

тастармен безендіру Петрдің заманында-ақ басталды.

4. 235-бет. “Петроградтағы Айса шіркеуінің басқыштары”. – Бұл 

қаладағы белгілі Исааки соборы, еңселілігімен де, әсемдігімен де көз 

тартатын ең көрікті ғимараттардың бірі.

5.  236-бет.  “Граниттің  ішіндегі  қызыл  минерал,  сахара  шпаты, 

жылтырауық сұрғылт ұрық хрустигі, ал ұсақ қара ұрық слюданікі бо-

лып шығады”. – Осындағы минералдық атауларды сол күйінде берген. 

Олардың мазмұны текст барысында түсіндіріліп отырады.

6.  237-бет.  “Біртіндеп  кварц,  слюданың  ұрықтары  жоғалады”  – 

Кварц – тотықтар класының минералы. Ол таза, мөлдір, ашық түсті 

ақаусыз кристалды асыл тас қатарына жатады. Негізінен кварц дала 

шпаттары, слюдалары сияқты минералдармен бірге магматекті қышқыл 

жыныстардың жыныс құраушы минералы ретінде кең тараған.

7. 239-бет. “Бірақ жер үстіне бұлар тас сияқтанып шықпайды, еріп 

балқыған, сұйық от болып шығады, оны лава дейді” – Тау-кен ісіндегі 

лава көмір қабаттарында көлбей орналасқан қазба. Көмір қазатын маши-

налар жоқ кезде кеншілер лавада қатар-қатар отырып қол құралдарымен 

көмір  қабатын  бұзады.  Мұндағы  лава  геологиялық  лава  –  вулкан 

атқылаған кезде жер бетіне жайылатын отты сұйық, тұтқыр балқыма, 

табиғи  силикаттардан  құралады.  Осындай  балқыманың  жер  бетіне 

жайылып, суынып қатаюынан жаралған құрамы түрліше көпіршікті 

жыныстарды лава деп атайды.

8. 240-бет. “Сол ұсақ қиыршықтың бәрі де қатып қалған лаудың 

кішкене тамшылары болады” – Аудармашы бұл жерде лаваны осылай 

лау деп атаған.

9. 241-бет. “Италияның Неаполь деген қаласынан жиырма шақырым 

жерде  тұратын  Везувий  деген  қара  тау  бар”  –  Цицилия  мемлекеті 

ыдырағаннан кейін 1282 жылы іргесі қаланған мемлекеттің орталығы 


458

– Неаполь. Ол Италияның оңтүстік жағалауындағы Тиррей теңізінің 

шығанағына  орналасқан.  Оңтүстігі  Сорренто  тауымен  шектеседі, 

шығысын вулканды тау Везувий алып жатыр.

10. 241-бет.“Рим халқы бұл тауын Сумма деп атайды екен” – Сум-

ма Везувийдің етегіндегі қалың тоғайлы, бау-бақшалы аласа таулар. 

Мұндағы  елді  мекендер  жер  қимылдаудан,  атқылаған  вулканның 

ақтарылысынан қирап жоқ болып кетті. Сумманың орнына екінші бір 

тау пайда болады, кейінгі замандарда ол жерлерге ел қайтадан орныға 

бастайды.

11. 242-бет. “Соның ағыны Римнің Помпей деген қаласына да жетті” 

– Помпей Сумманың екінші жақ шетіндегі қала. Бұл Италиядағы көне 

қалалардың бірі, қазіргі Неапольға жақын Қала б. з. 79-жылы август 

айында апатқа ұшырады, соған жақын Геркуранумды лава теңізге дейін 

ысырып барып батырып жібереді.

12. 247-бет. “Егер жерден айға қарай сапар шеккен болса, ол ең 

жүйрік отарбаға мініп, дамылсыз жүргенде, жарты жылда жетер еді” 

– Отарба – осы ғасырдың басындағы қазақтың ақындары жырларында 

жиі кездеседі, поезды осылай атаған. Тіпті бертінгі белгілі ақындар да 

өздерінің өлең, поэмаларында отарбаға айрықша орын берді.

13. 247-бет. “Түнде планет те жұлдыз сияқты көрінеді” – Планета-

лар күнді айналып қозғалатын және күн сәулелерінің шағылысуынан 

жарқырап көрінетін үлкен аспан денелері. Жұлдыз – қатты қызған газ-

дан тұратын, әрі өзі жарық шығаратын және табиғаты жағынан күнге 

ұқсас аспан денесі.

14. 250-бет. “Кей жерлерінде жүз жылдар шамасында жеті вершоктай 

көтерілгені бар” – Вершок – орыстың 4,4 см шамасындағы ұзындық 

өлшеуі.


15. 251-бет. “Одан жоғары қап-қара болып жатқан жанатын сланец 

қыртысы – Геологиялық тұрғыдан алғанда ол жанатын зат, сланецтік 

өндіріс орындары бар.

16.  251-бет.  “Альпі,  Кавказ  сияқты  үлкен  тауларда”  –  Альпі  – 

Еуропаның ең биік тау жүйесі, ол – Италия, Франция, Швейцария, 

Австрия, Германия, Югославия жерлерін алып жатады. Лигури теңізінен 

Орта Дунай жазығына дейін доғаша иіліп жатыр, Кавказ – Қара, Азов, 

Каспий теңіздерінің орталығына орналасқан. Оңтүстігі Түркия, Иран 

жерлеріне шектеседі. Оңтүстік жағында – Колхида, шығыс жағында 

– Кура-Аракс ойпаттары бар. Мұндағы таудың ең биік жері – Эльбрус 

5642 м.

17. 261-бет. “Бұлар жан-жаққа тарауланып, сұлу болып жарқырап 



тұрады. Цинкке ұқсамайды” – Цинк – қалайы, металдың бір түрі.

18. 262-бет. “...көк түсті, жылтыр, қатты мыс купоросы деген нәрсе 

болады” – Купорос – металдың күкірт қышқылды тұзы, тотыяйын.

19. 262-бет. “Ондай таулар әсіресе Орал тауында көп” – Орал – Еуро-

па мен Азияның аралығындағы үлкен тау. Қара теңізден Орск қаласына 

дейін екі мың шақырымдай созылып жатқан сілемдер. Орыстар толып 

жатқан қазба байлықты негізінен осы таулардан алды. Темір рудалары 

мұнда кейде тұтасқан тау болып үйіліп жатты.

Т. Әкімов


460

“БӘЙБІШЕ-ТОҚАЛ”

(Жазылу тарихы)

“Бәйбіше-тоқал”  трагедиясы  1918  жылы  жазылып,  1923  жылы 

жеке кітап болып шыққан. Бұл туынды екінші рет 1960 жылы “Қараш-

Қараш” жинағына енді де, кейін жазушының он екі, жиырма томдық 

шығармалар жинақтарында да басылды. Пьеса қазақтың ұлттық театры 

сахнасына Қызылорда қаласында тұңғыш рет 1926 жылы 7 қаңтарда 

шықты. Мұның алдында ол Семейдегі сауық кештерінде көрсетілген 

болатын.


“Бәйбіше-тоқал” трагедиясы Есендік байдың қызы Дәмеш пен келіні 

Күләштің қоңыр қабақ, қам көңіл пішінде төмен қарап, мұңайып отырып 

айтатын әңімелерінен басталады. Көңіл күйде психологияға қатысты 

дәлдік, қысқа ремарка бар.

Бірден-ақ көп сырдың беті ашылады. Есендіктің бәйбішесі Бәтимә 

дүние салғалы жиырма күн болыпты; тоқалы Қайшаның бәйбішемен, 

оның туған балаларымен қаны қас; Есендіктің тоқалға бүйрегі бұрған 

сыңайы бар: от басы, ошақ бұтының күндестігі емес, мал-мүлікке, дүние 

байлыққа таласу – бұл шаңыраққа түскен жарықшақтың ең үлкені.

Пьесаның  әр  пердесі  бірнеше  көрініске  бөлінген.  Бірақ  сол 

көріністер арасында пышақ кесті су ағар жоқ, оқиға бөлшектенбес ағын 

сияқты тұтасып келіп отырады. Кішкентай-кішкентай эпизодтар өзара 

байланысып, сюжет бірлігін құрайды.

Сәтті экспозиция арқылы тартыс өрнегінің шетін шығарып алған 

драматург біртіндеп оқиғаға негізгі қаһармандарды ширақ араластыра 

отырып,  мінездерді  кескіндейді.  “Бәйбіше  –  тоқал”  трагедиясында  

М. Әуезов, әсіресе, интриганы шебер пайдаланған. Өздерінің түпкі, 

астарлы мақсаттары үшін Есендікті, оның ұлдары Төлеужанды, Де-

меужанды, Қуатжанды, тоқалы Қайшаны бір жағынан Әбділдә жем 

еткісі келсе, екінші жағынан Бейсембінің де табан тіреп, тістесіп, сеніп 

отырғаны осы үйдің байлығы мен дүниесі. Есендік шаңырағы қос оттың  

ортасында қалған.

Патша өкіметінің табанына түскен отар ел – қазақ қоғамындағы 

халық басына кеселді зардабын тигізген сорақы қырсықтардың бірі – 



461

әділетсіз сайлау жүйесі еді. Жалған, сұмырай әдістер арқылы елді алдап, 

арбап билікті қолға алушылар, әсіресе, сайлау науқаны басталарда өз 

тобына кісі тарту үшін әрлі-берлі шапқылап, мал шашып пара жегізіп, 

ала өкпе, қызыл танау болатын. Осы мәселе “Бәйбіше-тоқал” трагеди-

ясында кең қамтылып, жан-жақты суреттеледі. Болыстыққа, билікке 

таласушылардың қарақан бастарының қамы үшін қисапсыз сұрқиялық 

жасап, неше түрлі айла-сұмдыққа, қастандық-жауыздыққа баратыны 

ашылады. Бұл қадамдар ат көпір дүние шашу, мал шығыны, қыруар 

ақшамен  ғана  тынбайтын,  жеке  адамдардың  өміріне  кедергі-кесел 

келтіретін, тіпті кей тұста жас ғұмырға да балта шабатын, шырғалаңды, 

қылмысты екендігі Әбділдә, Бейсенбілер әрекеттерімен көрсетіледі.

Сөйтіп,  пьесаның  басынан  белең  алған  Есендік  отбасындағы 

қайшылықтардың  өрбіп,  өршіп  бітеу  жараға  айналған,  ушыққан 

қалпына екінші ылаң – болыс сайлау алдындағы топ жию, партияласу, 

бөліну сұмдықтары кимелей қосылады. Қанды қақпанның бір басын-

да – Әбділдә, екінші басында – Бейсембі. Таразының тасы Есендіктің 

үй-іші қалай қарай жалт береріне байланысты аунап кетейін деп тұр.

Сайлауда қайтсе жеңу ниетін көздеген Бейсембі жаңа адамдар тарту, 

қол көбейту үшін Есендіктің Бәтимә бәйбішеден туған қызы Дәмешті 

Байсалбайдың Аманбай деген ұлына беруге, сөйтіп құдалықты билік 

үшін күрестің мықты бір қаруына айналдырмақ. Қарбалас бастала-

ды. Өрмекшідей тор құрған Бейсембі. Сыртқа жонын күйдірейткен 

Әбділдә. Торға түскен Дәмеш тағдыры бұдан кейін пьесаның жарып 

шықты әрекет арнасына айналады. Бәйбіше өлімімен тынбай, қайта 

үдеп, өршіп, өсіп кеткен пәле аумағы зорлық құдалықтан кейін тіпті 

маздайды. Тоқал Қайша бәйбіше балалары тапа-тал түсте өртеніп кетсе, 

қыңқ етпейді. Бір шаңырақта күндестіктен туған алауыздық мақсат 

үшін күресте сол кесепатты өз мүддесіне пайдалану айла-шарғылары, 

осы орайда арпалысқан Әбділдә, Қайша, Бейсембі, Төлеш характерлері 

айқын ашылады.

Қайша  мен  бәйбіше  балалары  арасындағы  әбден  асқынған 

жаулықтың Төлеш өлімімен бітуі – оқиғалардың мінездерге, мінездердің 

оқиғаларға  әсер  етуі  арқасында  пісіп  жетілген  заңды  да  табиғи 

трагедиялық шешім.

Бір  айрықша  ерекшелік  “Бәйбіше-тоқал”  трагедиясы  “Еңлік  – 

Кебек”,  “Қарагөз”  трагедиялары  сияқты  көп  өзгерістерге,  стильдік 

жаңғыртуларға  түспеген,  алғашқы,  бір  нұсқадағы  мәтінін  (текстін) 

сақтаған.

1960 жылғы екінші басылуында бірінші жарияланымдағы Кәрім 

деген қаһарман мен Ғазиз арасында болатын әңгіме (IV перде, екінші 

көрініс) алынып тасталған; Төлеужанның Дәмеш пен Ғазизді қосу ту-



ралы өлім аузында жатқанда айтатын тілегі қысқартылған. Бұдан басқа 

өзгеріс жоқ. “Бәйбіше-тоқал” пьесасында Мұхтар Әуезов бір отбасы 

шеңберіндегі трагедияны күні өтіп бара жатқан заман қайғысы ретінде 

суреттеді, ескі қазақ ауылының бір қыртысын қопарып, әлеуметтік-

психологиялық шыншыл шығарма тудырды.

Р. Нұрғали,

 ҚР ҒА-ның корреспондент мүшесі


463

“БӘЙБІШЕ-ТОҚАЛ”

(Қойылу тарихы)

Мұхтар Әуезовтің “Бәйбіше-тоқал” пьесасы 1918 жылы жазылып, 

алғаш 1923 жылы Ташкентте кітап болып басылып шықтық. Сонан 

бастап,  Қазақстанның  түкпір-түкпірінде  сахнаға  қойыла  бастады. 

Солардың ішіндегі ең маңыздысы – “Ес аймақ” труппасы пьесаны 1921 

жылы 14-наурызда “Семейде болатын губерниялық әйелдер тобына 

арнап”


*

1

 қойған.



Спектакльде қазақтың өткен дәуірдегі күндестік қырсығынан туған 

трагедиялық халі көрсетілген. Ойынға қатынасып, роль орындаушы 

өнерпаздар  пьеса  кейіпкерлерінің  характер  ерекшеліктерін  сахнада 

тұрмыстық шындық, натуралистік қаз қалпында бейнелеуге ұмтылған.

Осы ойынға қатысқан мұғалім Ғ. Төребаев сахнада жеке кейіпкер-

лер  бейнесінің,  күндестік  ылаңынан  туған  үй  ішіндегі  қым-қиғаш 

көріністермен бірге, тұтас спектакльдің қызық болып, көруші қауымға 

әбден  ұнағанын  шабытпен  әңгімелейді.  Әсіресе,  тоқал  Қайшаның 

рөліндегі Гүлбаһарам Тәуекелованың, Бейсембі рөліндегі Кенжебек 

Құлғариннің  т.  б.  ойындары  шынайы  шыққан.  Спектакль  туралы 

баспасөз  бетіндегі  мақала  қорытындысында  “сауықтың  өте  әсерлі 

болғандығы сондай, драманы жазушы Мұхтар жолдас ойын бөлмесіне 

(сахнаға – Б. Қ.) шақырылып, халыққа таныстырылды” – дейді.

Мемлекеттік  театрдың  сахнасына  “Бәйбіше-тоқал”  1926  жылы 

27-қаңтарда Серке Қожамқұловтың режиссурасымен қойылды. Мұнда 

қазақтың төңкерістен бұрынғы ескі өмірі, феодалдық замандағы жайсыз 

құбылыстың бірі – көп әйел алушылық, от басына, үй ішіне келетін 

бітпес дау, бітімі жоқ талас-тартыс суреттеледі. Міне, осы құбылыс 

сахнада тұрмыс-салттық тұрғыдан көрініс тапқан. Ойынға қатысушылар 

мен режиссер спектакльдегі өмір болмысына өздері білетін тәжірибеден, 

ауыл тұрмысының жай-жапсарын қарастыру арқылы келген. Қиялға 

салып, шығармашылық тапқырлықпен сипатталатын жүйелі көркемдік 

1

 Еңбекші қазақ 1921. 29 наурыз.



 

2

 



Сонда.

464

шешім бұл кездегі театрға әлі келе қойған жоқ-ты. Өмірлік өлшем, 

отбасылық,  этнографиялық  дәлділік  –  қойылым  режиссурасының 

негізі болған.

“Бәйбіше-тоқалды”  қалай  қойғандығы  жөнінде  айта  келіп,  

С. Қожамқұлов: “...Шығарма оқиғасы өзімізге қаншама етене жақын, 

таныс болғанымен, мұндағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың 

күрделілігі, автордың сөз өрнегі бізден аса үлкен жауапкершілік тіледі, 

ауыр жүк болды. Сонан соң осы пьесадағы кейіпкерлердің өздері біріне 

бірі мінездеме беріп, сырын ашып, біздерді тек осындай мінез-құлықта 

ойнауларың керек деп тұрған жоқ па? Бұл менің алғашқы пьеса қоюым 

болғандықтан, барлық мүмкіншілікті шығарманың өз бойынан іздедім. 

Автор  ремаркасында  көрсетілген  әрекеттерді  сахнаға  бұлжытпай 

шығаруды ойладым, характерлер де осы әдіспен жасалды”

3

,

*



–  дейді. 

Сонымен бірге, алғашқы режиссерлік жұмысқа Қ. Қуанышбаевтың,  

Е.  Өмірзақовтың,  Қ.  Жандарбековтердің  бірге  араласып,  бірінің 

жетпегенін бірі толықтырып, үнемі өзара шығармашылық ынтымақта, 

достықта болуы – спектакльдің сәтті шығуына тікелей ықпал етті.

Спектакль шағын экспозициядан басталған. Сахнада қаракөлеңке, 

күнгірт тартқан Есендік бай үйінің көрінісі. Айнала үй жиһаздары, еден-

ге алаша, көрпе төселген. Әрекет орны кәдімгі үй іші деп белгіленген. 

Шымылдық ашылғанда үстіне қара жамылып, жүздері солғын, жадау 

тартқан байдың қызы Дәмеш (арт. З. Атабаева) пен келіні Күләш (арт. 

Ш. Әлібекова) төмен қарап сөйлесіп отырады. Бұл екеуінің әңгімесінен 

Есендіктің бәйбішесі – Бәтимәнің дүние салғанына жиырма күн толып, 

сонан  бергі  үй  ішіндегі  өзгеріс,  Қайша  тоқалдың  ыланы,  берекесіз 

тірліктен туған жанжал дүние-байлыққа таласу сияқты оқиғалардың 

сыры ашылады. Баяндау тәсілімен берілген бұл экспозицияда әрекет 

мардымсыз,  шұбалаңқылық,  көпсөзділік  байқалады.  Режиссер  мен 

орындаушылар бұл кемшілікті түзете алмаған.

Есендік отының басынан өрбіген тартыс екі жақ болып қырқысқан 

қанды  оқиғаға  ұласады.  Мұның  бір  жағында  бәйбішеден  туған 

Төлеужан, Демеужан, Дәмеш, бұларға дем беруші, ағайын арасындағы 

алауыздықты  жеке  басының  қамына  пайдаланып  қалу  ниетіндегі 

Әбділдә тұрса, екінші жағында – Қайша мен оның баласы Қуатжан, 

туысы  Бейсембі.  Қойылымның  тартыс  желісі  де  осы  екі  топтың 

қолдаушысы болып жүрген Әбділдә мен Бейсембінің қолында. Демек, 

бұл екеуі араласпаған жерде тартыс кәдімгідей босаңсып, драмалық 

әрекет әлсіреп кететін сияқты. Және шығармада көрсетілетін әлеуметтік 

жағдайдың ушығуы осылардың әрекетінен туындайды. Бұл екеуі ел 

ішінің талай дау-шарына араласып әккі болып қалған атқамінерлер. 



Қуандықов Қ. Серке Қожамқұлов. А., 1966, 21-б. 

 


465

Қазір бірі тоқалды, екіншісі бәйбішенің “әділ” істерін жақтаған бо-

лып, сайлау тұсында, билік орынға таласу барысында әрқайсысы өз 

дұшпанын сүріндіріп қалуды, жолына кедергі жасап, қолдарынан келген 

неше түрлі айла-шарғыны істеп бағады.

Міне, осылай өз мақсатын, түпкі есебін түгендеп жүретін Бейсембі 

бейнесін  С.Қожамқұлов  шынайы  жасаған.  Өзінше  сыпайы,  жүріс-

тұрысы  салмақты,  сәнді  киінген  Бейсембінің  ішкі  дүниесін,  терең 

сырын аңғару өте қиын. Ол әр қадамын аңдап басатын, әр сөзін ой-

ланып айтатын, адамына қарай айла-тәсіл қолданатын, басқан жеріне 

із қалдырмайтын әккі. Көздеген мақсатына тіке тартпай, жан-жағын 

барлап алып, қарсыласын жүйелі ойымен, нақты топшылауымен алды-

артын орап тастайды, амалсыз өз ықтиярына көндіріп алады. Алдағы 

болатын сайлаудың мән-жайын Есендіктерге батыра айтып, шығасы 

шығынды мойындарына артып жібереді. Бейсембінің алыстан орағытып 

келіп: “... түбінде мен өз басым үшін саспаймын... Бірақ , сен сықылды 

туысқанымды,  жанашыр  досымды  жылатады,  сонысы  батады.  Жат 

ағайын айдының жоқ, артыңда жалғыз досың жоқ. Қолыңда қыруар 

малың бар. Түбінде жем болсаңдар сендер боларсыңдар. Әбілдә-ақ 

тауысады, сендерді...” деп айтатын сөздерінің астарына ерекше мән бер-

ген. Сөз актер аузынан неше алуан мазмұн тауып, бірде ағайынға жаны 

ашығандық үн тапса, енді бірде үрей ұялатқан. Осы сөзден жүндері 

жығылып тұнжырап отырып қалған үй ішінен Төлеужан ғана: “Біздікі 

әшейін қара жарыс қой, биша-аға! Әйтпесе сіздің айтқаныңыздан қайда 

кетеді дейсіз. Бабаның жолын сіз қуғанда, көзі тірі отырған әкенің жо-

лынан біз неге адасайық...” – деп Бейсембі ойын амалсыз мақұлдайды. 

Тіпті  осы  көріністе  бәйбіше  мен  тоқал  балаларының  арасындағы 

ырылдасқан керістер екінші планға шегініп, бір сәт ұмыт қалғандай.

Кісі  ойын  қас  пен  қабақтан  танитын  жырынды  қу  Бейсембі 

шығын жа йын пысық тоқал Қайшаның жақтырмай отырғанын бірден 

аңғарады.  “Сенің  де  қамыңды  ойлап  отырмын”  дегендей  Бейсембі 

оған бар денесімен бұрыла қарап, тамағын кенеп, байсалды түрмен 

Дәмешті Аманбайға беру жайын көтере сөйлейді. Актер үнемі осылай 

өз кейіпкерінің әрекет астарын, пиғылын тұспалдап жеткізу арқылы 

Бейсембінің психологиясына терең үңіледі. Бұл сахналардың бәрінде 

де Бейсембі Есендік үйінің жанашыры, қамқоршысы, ақылшысы болып 

көріне отырып, алыста жатқан түпкі ойын сездірмейтін, өз тобының 

озық адамы түрінде де еркін танылған.

Ал, Есендік үйіндегі жаға жыртысып, бас жарысқан оқиғадан кейінгі 

Бейсембі мүлдем бөлек. Осы іске Әбділдәнің араласып жүргенін естіген 

Бейсембі қанын ішіне тартып алып, сұп-сұр болып кеткен. Оның дауы-

сы да өзгерген, сөзі өктем, қимылы ширақ, ыза мен ашу бар бойында.

30–1246


466

Ол жан-жағына ұрлана қарайды. Сақтық сақтап, ізін білдірмейтін 

әккі  алаяқ,  өзімен  өзі  сөйлескенде  бір  көзін  қысып,  амал-айласын, 

“өмірлік  философиясын”  іштей  зерттеп,  өлшеп-пішіп  отыр.  Осы 

арада көрермен қауым Бейсембінің кім екенін тайға таңба басқандай 

таниды. Бәйбіше мен тоқал балаларының бәрі бұған “бірдей”, кәдесіне 

жарағанын  жаурынынан  қағып,  қолтықтап,  өзінің  ығына  жығып 

алмақшы.  Ол  ойлана,  толғана  келіп,  тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай 

түйінін:  “...мол  дәулетті  бұлардың  әрқайсысына  билеткенше,  өзім 

билеуім керек. Олай болса, енді Қуатжанды ұстайын. Осы партияда 

жеңсем, болыстыққа да соны қояйын. Бір жағынан Есендік пен Қайша 

қолымда болсын. Екінші, ел көзіне жас бала болып жүре берер. Түбінде 

мұндай шымылдық әрі іске, әрі есепке қолайлы екен” – деп, бір-ақ 

кесіп айтады. Осы монологты айтқанда актер дауысы мың құбылып, 

сөз астарын барынша айқын ашады. Орындаушы жүзі де сөзбен бірге 

құбылып, ақылына, тапқырлығына риза болғандай пішін білдірсе, енді 

бірде көз қиығымен алысты шолғандай өз есебін, түпкі ойын тағы бір 

іштей тексеріп тұрғандай.

С.  Қожамқұлов  қазақ  аулында  асқан  айласымен,  шешендігімен, 

ақылымен, арам пиғылымен елдің әлеуметтік өміріне, тірлік-тіршілігіне 

ықпал еткен жуанның жинақты бейнесін жасаған.

Бейсембінің зұлымдығын жұрттан бұрын сезіп, оған қарсы шығатын 

– Төлеужан. Тоқалдың ылаңына да бой бермей, реті келгенде есесін 

жібермей тойтарыс беріп, ығыстырып жүрген де осы Төлеужан. Әкесіне 

бетпе-бет келіп, қанға боялса да, әділет үшін міз бақпайтын да сол.

Бұл  рөлдегі  Қ.Жандарбеков  Төлеужан  дүниесін  кең  зертте-

ген.  Шешесінің  қазасынан  кейінгі  қайғыдан  арылмаған  Төлеужан 

спектакльдің алғашқы көріністерінде қимыл-қозғалысы баяу, солғын 

тартқан  жүзінде  уайым,  қобалжудың  ізі  бар  сияқты.  Үй  ішіндегі 

берекесіздік,  от  басының  ылаңы  мұны  көп  ойландырады.  Бұрынғы 

бұйығы жұмсақтық енді Төлеш бойынан бірте-бірте кете бастайды. 

Тоқалдың өрескел мінезінен, дөрекі әрекетінен дәл-сал болып, үнемі ой 

үстінде жүретін Төлеужанның шыдамы таусылып, қанды оқиғаға еріксіз 

итермелейді. Қайшамен алғашқы соқтығысудан кейінгі Төлеужан ызалы 

да кекті. Қойылым соңындағы Төлеужанның өлімі – оның трагедиялық 

тағдырының, замана қайшылының заңды нәтижесі іспеттес.

Спектакль туралы жазылған сында

4

*



 Е. Өмірзақов ойнаған Аманбай 

роліне аса жоғары баға берілген. Трагедияда өзіндік драматургиялық 

пайымдау  тапқан,  әрі  оқиғаның  бір  көрінісі  болса  да,  көрушіні 

қызықтырып, көтеріп тастайтын осы Аманбай қатысатын сахна. Ел 

4

 Еңбекші қазақ. 1926. 31 қаңтар. 



467

өміріне,  тұрмыс-салттық  құбылыстарға  жетік,  әсіресе  күнделікті 

тіршіліктің көлеңке жағын көргіш те, суреттеп бейнелегіш, тапқыр 

Е.  Өмірзақов  Аманбайды  траги-комедиялық  бағытта  ойнаған.  Бұл 

ержетіп, азамат болғанымен, әлі ештемені танып білмеген, өмірден 

бейхабар,  тірлік  дүниесін  өзінше  барлай  алмайтын  жан.  Сонымен 

бірге, оның ешкімге зияны да жоқ. Ақылдан кенде, өзі таз Аманбайға 

Дәмешті айттыру – махаббатқа жасалған зорлықтың  сорақысы. Осы 

жағдайды еске алған Е. Өмірзақов Аманбай бойындағы кем-кетікті 

қоюлатып көрсеткен. Басында бір тал шаш жоқ таз, жан-жағына жалтақ-

жалтақ қарай беретін қоянжүрек қорқақ, көзі аларып ұясынан шығып 

кеткен,  берекесі  қашып  дірілдеп  тұрған  Аманбайдың  өмірі  қызбен 

сөйлесіп көрмеген икемсіздігін, ештеменің парқын ойлай алмайтын 

ақылсыздығын және оның байыбына бара алмайтын дәрменсіздігін 

Е. Өмірзақов шебер суреттеген. Оның аузынан сөзі түсіп, не айтып 

тұрғанын басқа түгіл өзі де түсіне бермей, аңқиып аңтарылып тұруы, 

қойшының “айт” деген дауысы шыққанда орнынан ата жөнелуі, бір 

жағынан күлкі тудырса, екінші жағынан, Аманбай сияқты күйкі жанның 

трагедиялық кескінін суреттейтін құбылыс.

Мұның үстіне Аманбайға күйеу жолдас болып еріп шыққан жігіт 

оған көмектесудің орнына топастығын бетіне басып, мазақ қылуы – 

нағыз траги-комедиялық дәрежеге көтерілген. Бұл рөлді Қ.Қуанышбаев 

ойнауының өзі оның сахналық көркемдік сапасына кепіл болған. Осы 

бір өткінші рөлімен тұңғыш рет сахна алаңына шыққан жас актер талай 

байдың мырзаларын әжуа, мысқылмен жығып, ел арасындағы күлкішіл 

қулардың дәстүрін жақсы білетіндігін танытқан. Екі жас таланттың 

сахнада тұңғыш кездесуі осылай қызықты басталған.

Өткен дәуірдің сорақы құбылысын әшкерелеумен бірге, спектакльдегі 

ағартушылық бағытты, жаңаның туып, ескіге қарсы шығуын көрсететін 

–  Ғазиз,  Дәмеш,  Кәрім  шығатын  сахналар.  Шығарманың  идеялық 

желісі  де  осылардың  әрекетімен  айқындалмақ.  Бұлардың  ішінен 

Дәмеш (арт. З. Атабаева) өз махаббатын батыл қорғайтын, қым-қиғаш, 

талас-тартыстың сырын ұғып, соның әділ шешімін аңсаған жанның 

бейнесі болып көрінген. Туған әкеден, өгей шешеден түңілген Дәмеш 

екі  ағасының  хал-жайын  көбірек  ойлайды,  солардың  дау-шардан 

жылдамырақ құтылуын көздейді. Сөзі жарасқан өз теңі Ғазизбен бірден 

кетіп  қалмай,  артына  қарайлай  беруі  де  сол  ағаларының  тағдыры. 

Дәмештің  сахналық  кескінінде  байсалдылық,  алды-артына  ойлана 

қарайтын, сөзіне берік, мақсаты айқын, махаббатын қорғау жолында 

өліспей  беріспейтін  батылдықтан  туған  өжеттік  те  айқын  сезілген. 

Дәмеш – феодалдық заманның бұғауын үзіп, махаббат бостандығына 


468

ұмтылған қазақ қыздарының тұңғыш сахналық бейнесі болып есте 

қалады.

Дәмештің сүйген жігіті Ғазиз оқыған, көзі ашық, зерделі азамат. 



Пьесаның бір-екі көрінісінде ұнамды сипаттарымен көрінетін Ғазиздің 

сахналық тұлғасы солғын шыққан

5



*



Сол  сияқты  ұнамды  кейіпкерлер  санатындағы  Кәрімнің  әрекеті 

мардымсыз, оқиғаға тікелей араласпайды.

Пьесада кішкентай ғана орын берілген қойшы – Әміре Қашаубаевтың 

тамаша  әнімен,  Дәмештің  зорлық  қыспағынан  құтылып  Ғазизбен 

қосылуына барынша тілектестік білдіріп қол ұшын берген қарапайым 

адам бейнесінің сахнада әсерлі шыққанын жоғарыдағы сын мақалада 

аталып өткен.

Тұтас алғанда, “Бәйбіше-тоқал” –  өмір болмысының актуальды 

мәселесін көтеріп, өткен заманның ұнамсыз құбылыстарын әшкерелеген 

қойылым.


Осыған  орай  ұнамсыз  кейіпкерлердің  әрекеттері  мол  танылып, 

сахналық бейнелері де жинақты шыққан. Ал, бұларға қарама-қарсы 

қойылған ұнамды кейіпкерлер бейнесі жалғыз ғана Дәмештен басқалары 

пьесада да, спектакльде де солғын, көркемдік сипаты ашылмаған.

Пьесаның  драматургиялық  олқылықтарын  толықтырып,  өздері-

нің  шығармалық  от  қызуларымен  өңдеп  кетуге  режиссер  мен 

орындаушылардың  шама-шарқы  келмеген.  Бұл  жөнінде  Смағұл 

Сәдуақасов тап басып айтқан – пьесадағы әрекеттің мардымсыздығы 

спектакльде де толық көрінген. “... Пьесада қозғалыс, қимыл тым аз. 

Кейбір жерлерінде екі кісі қимылдамастан жарты сағаттан ары сөйлесіп 

тұрады, артиске қимыл болмаса, оның айтқан сөздерінің дәмі өзінен өзі 

кетіп қалады”

6

**

деген жолдарда сахналық өнердің ерекшелігін аңғарудан 



туған ой бар.

Сыншы  пьесаның  екінші  кемшілігі  –  артық  кейіпкерлердің  бо-

луында  дейді.  Бұл  да  дәлелді  пікір.  Шынында,  Кәрім,  Байсалбай-

лар  әрекетке  араласпайтын,  ілеспе  кейіпкерлер.  Драматургиялық 

техника,  сюжет,  архитектоникалық  құрылыс  жағынан  да  пьесаның 

олқылықтары  кездеседі.  Және  шығармада  көтерілген  мәселе  де 

әлеуметтік жинақтылыққа, философиялық топшылауға көтерілмейді. 

Сондықтан автор бұл пьесасына қайта оралғанда да күрделі өңдеулер 

жасамаған. Пьесаның 1960 жылғы басылымында аздаған ғана қысқарту 

мен  жеңіл-желпі  әдеби  редакция  жүргізілген.  “Еңлік  –  Кебек”, 

“Қаракөздегі” драматургиялық мол өзгерістер, терең редакциялаулар 

5

 Сонда.



 

6

 Сонда.



мұнда жоқтың қасы. Тұңғыш қойылымнан кейін “Бәйбіше – тоқалдың” 

қайтып сахна көрмеуі де осы олқылықтарына байланысты болса керек. 

Соған қарамастан бұл спектакль қазақ театрының алғашқы қадамында 

үгіт-насихаттық рөл атқарған, әрі көрермен қауымның кезінде ұнатып 

қабылдаған қойылымы болған.

Б. Құндақбайұлы, 

Өнертану ғылымының докторы

1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет