Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



жүктеу 3.79 Mb.
Pdf просмотр
бет21/32
Дата11.01.2017
өлшемі3.79 Mb.
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   32

бөлімі ашылды  бұл жерде сөз мұғалімдерді дайындайтын, не-

месе олардың білімдерін жетілдіретін 3 және 6 айлық курстарды 

мұғалімдер  институтына  айналдыру  әрекеті  жөнінде  болып 

отыр. Жиырмасыншы жылдардың басында мұндай талпыныстар 

Семей қаласында ғана емес, Қазақстанның басқа облыс (губер-

ния) орталықтарының біразында ашылған болатын. Сондықтан 

да  бұл дәстүрлі  ұғымдағы,  толыққанды  жоғары  білім  беретін 

институт екен.

2. 32-бет. “ ...екі класс  екі курс деген мағынада.

3. 32-бет. “ ...учительдер  оқытушылар, мұғалімдер.

4.  33-бет.  “ ...молдалар    бұл  жерде  мұғалімдер  деген 

мағынада.

5. 33-бет. “ ...гимназия  жалпы білім беретін орта мектеп. 

Гимназияларда гуманитарлық білім салалары мен табиғаттану 

пәндері оқытылды. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағанға дейін 

оның  жекелеген  қалаларында,  соның  ішінде  Семейде  де  гим-

назия  болды.  Гимназнялар  1918  жылы  орталық  Кеңес  өкіметі 

жариялаған  “ Бірыңғай  еңбек  мектебі  туралы  ережеге”  сәйкес 



жалпы  білім  беретін  екінші  басқыш  мектеп  болып  қайта 

құрылды.


6.  33-бет.  “ ...семинария  арнаулы  орта  оқу  орны  Семина-

риялар екі бағытта білім берген. Олардың бір бөлігі бастауыш 

мектеп мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық оқу орны болса, 

екінші бөлігі христиандық діни оқу орындары болды.

7.  34-бет.  “ ...Семей  институты  –  осы  мақалаға  берілген 

бірінші түсініктемені қараңыз.



К. Нұрпейісұлы

344

ҚАЗАҚСТАН ӨКІЛДЕРІНІҢ ХАБАРЫ

Мақала  “ Қазақ  тілі”  газетінің  1921  жылғы  21  көкек  күнгі 

126-санында  жарияланды.  Мақаланың  соңына  ешқандай 

авторлық  белгі  қойылмаған.  Сондықтан  да  М.  Әуезовтің 

ш ы ғ а рма л а р   ж и н а ғ ы н ы ң   е ш қ а й с ы с ы н а   қ о с ы л ғ а н   жо қ . 

Жазушының  шығармалар  жинағының  елу  томдық  толық 

жинағында  тұңғыш  рет  кирилл  һарпінде  басылып  отыр. 

Мақаланы  араб  һарпінен  көшіріп,  жинаққа  дайындағандар  – 

Сұңқар Жұртбаев пен Мұқаш Қожахметұлы.

Семей  губерниялық  ревкомы  1921  жылдын  мамыр  айы-

на  дейін  Россияның  Сібір  ревкомының  құрамында  болды. 

Негізінде  1921  жылдың  қаңтарынан  бастап  Қазақ  автономи-

ялы  республикасының  құрамына  етуге  тиісті  болатын.  Бұған 

мойынсынғысы келмеген Сібір ревкомы мен Семей губкомындағы 

ұлыорыстық, яғни, “ коммунистік-колонизаторлық пиғылдағы” 

большевиктер  қатты  қарсылық  көрсетті.  Қазақстанның 

құрамына  кіріп,  біртұтас  мемлекет  құруға  ұмтылған  қазақ 

елі  ол  күнді  асыға  күтті.  Қазақстан  мен  Сібір  ревкомының 

арасындағы  дауды  түбегейлі  шешу  үшін  Қазақ  автономиялы 

республикасының жауапты қызметкерлері бірнеше рет Омбыға 

барып, келісім жүргізді. Семей губревкомының қазақ бөлімінің 

меңгерушісі  ретінде  осы  кездесулердің  барысы  мен  нәтижесі 

туралы  хабарды  М.  Әуезов  үнемі  өзі  жауапты  шығарушы 

болып  есептелетін  “ Қазақ  тілі”  газеті  арқылы  елге  жеткізіп 

отырған. Мысалы: екіұдай күй кешкен мемлекеттік мекемелер 

мен  ауылдық  жердегі  қызметкерлерге  нұсқау  ретінде  “ Қазақ 

кызметкерлерінің міндеті” (“ Қазақ тілі, 1921 жыл, қаңтар), мен 

“ Қазақстан елшілерінің хабарын” (1921 жыл, № 125) көпшілікке 

жеткізген. “ Қазақстан өкілдерінің хабары” да солардың заңды 

жалғасы болып табылады. Аты-жөні қойылмағанымен де, жа-

зылу  мәнері,  сөз  қолданып,  істің  байыбына  барып  баяндауы 

және “ Қазақ тілінің” өткен сандарында жазылғанындай” – деуі 

мақала иесінің М. Әуезов екенін толық дәлелдейді. Жазушының 


345

айтар ойы мақалада толық ашылып көрсетілгендіктен де, оны 

даралап талдап жатуды артық санадық.

1.  35-бет.  “ Қазақ  жұртына  автономия  тие  ме...  деген  түйінді 



Кіндік өкіметтің жарлығы 1 9 1 9  жылдың 10-үйілінде шешсе де, әлі 

күнге аяғы жерге тимей келе жатыр еді – 1919 жылы 10 шілде күні 

В. И. Ленин: “ Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық 

комитет құру туралы” декретке қол қойған болатын. М. Әуезов соны 

көрсетіп отыр.

2. 35-бет. “ ...талай сәт, талай сәрсенбіні керек қылып еді  бұл 

арада: “ сәрсенбінің сәтті күні” деген тұрақты тіркесті сөзбен 

ойнатып қолданып отыр.

3. 36-бет. “ Председателі  КирЦИК-тің бастығы Меңдешев жол-



дас  С. Меңдешев (1882–1937), көрнекті мемлекет кайраткері. 

1920–1935 жылдардың арасында ҚАССР-нің ОАК-нің төрағасы 

болды.

4. 36-бет. Әбілқайыр  Әбілқайыр Досов көрнекті мемлекет 



қайраткері.

5.  36-бет.  Халел  –  Халел  Ғаббасов  (1888–1930),  “ Алаш” 

партиясы мен “ Алашорда” үкіметін ұйымдастырушы ірі ұлттық 

қайраткер,  1922  жылы  Семей  губерниялық  жер  бөлімінің 

меңгерушісі міндетін атқарды.

6. 36-бет. Нығмет  Нығмет Нұрмақов (1895–1937), көрнекті 

мемлекет қайраткері, 1921 жылы Семей губкомының секретары 

қызметін атқарды.

7.  36-бет.  “ ...шек  турасынан болды  шек,  шекара,  сонда 

“ шекара туралы сөз болды” – деген мағына береді.

8. 36-бет. “ Семей облысына қатынасқан сөздер туралы  Се-

мей облысына қатысты сөздер туралы.

9.  36-бет.  “ ...Губсовнархоздың  бастығы  Попов  жолдас...   

губерниялық  халық  шаруашылығы  бөлімінің  бастығы  Попов 

жолдас.

10.  37-бет.  “ ...мәселе  осылардың шегі туралы  мәселе  – 



осылардың шегі – шекарасы туралы.

11. 37-бет. ...Кіндік өкіметтің  орталық өкіметтің.

12. 37-бет. “ ...автономиясын дәмді қылып бермек шығар  бұл 

арада:  әбден  зықысын  шығарып,  әуре-сарсаңға  салып  барып 

бермек шығар деген мағынадағы кекесінмен айтып отыр.

Т. Жұртбай


346

ҚАЗАҚСТАН  ЕЛШІЛЕРІНІҢ  ХАБАРЫ

Мақала  тұңғыш  рет  “ Қазақ  тілі”  газетінің  1921  жылдың  

1 мамырындағы санында “ М. Ә.” деген атпен жарияланды. Со-

дан кейін жиырма томдық шығармалар жинағының 15-томының 

40–42-беттерінде (1984) басылды. Шығармаларының елу томдық 

толық жинағына газеттегі алғашқы басылым бойынша беріліп, 

текстологиялық анықтаулар жүргізілді.

Мақалада Ақмола мен Семей облыстарын әкімшілік жағынан 

Сібірден бөліп алып, Қазақ автономиясы Кеңестік социалистік 

Ре спубликасына  (ҚАКСР),  қо су  үшін  Омбы  қаласында 

келіссөздер жүргізген Сейітқали Меңдешев басқарған Қазақстан 

делегациясының жұмысы сөз болады.

1. 38-бет. “ Қазақстан елшілері Омбыға келіп” – ДКСРҚ-сы 

1920 жылғы қарашада құрылғанымен 1921 жылдың мамыр айына 

дейін Ақмола мен Семей облыстары әкімшілік-территориялық 

жағынан  Сібір  революциялық  Қомитетіне  (Сибревкомға) 

бағынып келді Осы қазақ халқының ата жұртын Қазақ респу-

бликасына қайтару мәселелерін шешу үшін 1921 жылғы сәуір 

айының  басында  Сейітқали  Меңдешев  бастаған  делегация 

Сибревком орналасқан Омбы (Омск) қаласына келген болатын.

2.  38-бет.  “ Меңдешев –  Сейітқали  Меңдешев  (1882  жылы 

Бөкей  губерниясы,  Жаңақала  ауданында  туған,  1937  жылғы 

саяси  репрессияның  құрбаны)  –  Қазақстанның,  белгілі  мем-

лекет  қайраткері,  1920–1925  жылдары  –  АКСҚР-ның Орталық 

Атқару Комитетінің төрағасы. Осы қызметті атқарып жүргенде 

1921 жылғы сәуірдің басында Омбыға (Омскіге) Сибревкоммен 

келіссөз жүргізетін қазақстандық делегацияны басқарып келген.

3. 38-бет. “ Сибревкоммен” – Сибревком (Сібір революциялық 

комитеті) 1919 жылғы тамыз айында құрылған совет өкіметінің 

уақытша құрылған, төтенше құқықтарға ие органы.

4.  38-бет.  “ Семей  облысы  бұрынғы  ескі  шегіне    немесе 

бұрынғы территориясы Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және 

Қарқаралы уездерінен тұратын.


347

5.  38-бет.  “ Уақытша Бұқтырма  уезін  Шығыс  Қазақстан 

өңірінде сол кезде Шемонайха, Жоғарғы Үлбі (Верхноульбинск), 

Глубоковск, Александровск, Риддер болыстары мен Бұқтырма 

ауданы негізінде құрылған әкімшілік-территориялық құрылым 

(уезд).


6. 38-бет. “ Омбы уезінің шегі – қазақтар мекендеген бірнеше 

болысын Қазақ Республикасына қосу мәселесі келіссөздер ба-

рысында біраз айтыстар туғызды. Түптеп келгенде, бұл мәселе 

Сибревкомның пайдасына шешілді.

7.  38-бет.  “ Қызылжар”  –  (Петропавл)  қаласы  1921  жыл-

дан  1936  жылға  дейін  Акмола  губерниясының  (облысының) 

орталығы болды. 1936 жылдан Солтүстік Қазақстан облысының 

орталығы.

8. 38-бет. “ КирЦИК” – Киргизский центральный исполни-

тельный комитет. РСФСР-дің құрамында 1920 жылғы 12 қазанда 

құрылған автономиялы республикамыз әуел баста Қырғыз ре-

спубликасы  атанды.  Осыған  байланысты  осы  республиканың 

Орталык Атқару Комитеті Ресми түрде Қырғыз Орталық Атка-

ру  Комитеті  (КирЦИК)  аталды.  Тек  кана  1925  жылдан  бастап 

халқымыз өзінің тарихи атымен қазақ аталып, республикамыз 

Қазақ  Республикасы  делініп,  оның  Орталық  Атқару  Комитеті 

орысша КирЦИК емес КазЦИК делінетін болды.

9. 39-бет. “Жайсаң уезі  деп отырғаны – Зайсан уезі. (Қараңыз: 

Нұрпейісов Қ. Қазақстан – республикам менің. А., 1980; За власть Со-

ветов. Семипалатинск. 1961).



К. Нұрпейісұлы

348

“ ҚЫЗЫЛ  СҰҢҚАРЛАР”

(сын)

М.  Әуезовтің  бұл  мақаласы  “ Шолпан”  журналының  1922 

жылғы  2–3-сандарында  жарияланды.  Мақала  содан  қайтып 

ешқайда басылып көрген жоқ. Елу томдық академиялық толық 

басылымға  Сұңкар  Жұртбаевтың  кирилл  һарпіне  көшіруі 

негізінде жіберіліп отыр.

Мұхтар  Әуезов  1921  жылдың  қазанында  Қазақ  АССР 

кеңестерінің  II  съезінде  КирЦИК-тің  президиум  мүшесі  бо-

лып  сайланып,  Орынборда  саяси  хатшы  қызметін  атқарды. 

Қазақ  оқығандарын  ұлттық  мүдде  бағытында  қызметке  тарту, 

елді  аштықтан  қорғау  жөнінде  тамаша  қайраткерлік  танытты. 

Орынбордың саяси ауасы ұнамағаннан кейін Ташкентке қоныс 

аударып,  партия  билетін  почтаға  салып  жіберді.  Мұның  өзі 

қазақстандықтардың әсіретапшылдығынан безінудің белгісі ғана 

болып қалмай, М. Әуезовті “ ұлтшыл, алашшыл” деп атауға негіз 

болды. Кім не деп жатса да Ташкенттегі қазақ баспасөзінің беті 

М. Әуезовке ашық болды, өндіртіп жазды. Ал орынборлықтар 

оның еңбектерінен “ ұлтшылдық, алашшылдықты” іздеп әуре-

сарсаңға түсті. Оған Мұхтардың үгітті сыны, көркем әңгімелері, 

зерделі зерттеулері себеп болғанын анңғармасқа болмас.

Сәкен  1920  жылы  КирЦИК-тің  Президиум  мүшесі  бо-

лып,  жерсу  және  редколлегия  комиссияларын  басқарғанмен, 

1921  жылдың  наурыз–мамыр  айларында  Омбы  қаласында 

Сибревкомнан  Семей  мен  Ақмола  облыстарын  Қазақстанға 

қаратқан  Төтенше  комиссияда  белсенді  жұмыс  істеп,  Ақмола 

губерниясының  жаңа  құрылымымен  әлектеніп,  1922  жылдың 

3 маусымында ғана Орынбор қаласына қайтып оралды. Әуелі 

оқу  халық  комиссарының  орынбасары,  28  шілдеден  былай 

қарай  “ Еңбекші  қазақ”  газетінің  жауапты  редакторы  болып 

тағайындалды. Бұрын тапсырып кетті ме, әлде редактор болған 

соң жедел дайындады ма, әйтеуір Сәкеннің “ Асау тұлпар” атты 

өлеңдер жинағы, “ Бақыт жолына” және “ Қызыл сұңқарлар” пье-

салары, яғни табаны күректей үш кітабы 1922 жылы баспадан 


349

шықты. Олардың топтаса шығуына Сәкеннің III съезде Халық 

комиссарлары  кеңесінің  төрағасы  болып  (1922,  желтоқсан) 

сайлануы септігін тигізгені де даусыз.

Газет  редакторы  болғанға  дейін  де,  кейін  де  Сәкен  тара-

пынан  тікелей  Мұхтар  Әуезовке  қатысты  баспасөз  бетінде 

ілік-шатыс сөз айтылған емес. М. Әуезов Орынборда белсенді 

қайраткерлік көрсеткен кезде Сәкен қалада жоқ. Әйтпесе, халық 

қамы айтылып жатқан кезде міндетті түрде араласар еді, өйткені 

“ Аштардың рухы” дейтін публицистикалық әңгімесінде еліне 

жаны ашитындығын ашық көрсеткен-ді.

Сәкеннің жалпы алған идеялық бағыты болмаса, Мұхтармен 

түс  шайысқаны  сәтті  болмағанға  ұқсайды.  Алайда,  пенделік 

сипатты  еш  уақытта  санаттан  шығаруға  болмайды.  Симпатия 

мен антипартияның ізі тарихта әрқашан сайрап жатады.

Ташкентте  шығатын  “ Шолпан”  журналының  1922  жылғы 

2–3-сандарында (1922 жылдың қараша, желтоқсан айларында) 

шыққан Сәкен Сейфуллиннің “ Қызыл сұңқарларына” сын жа-

рияланды. Авторы – Қоңыр. Ол – Мұхтар Әуезовтің сол кезде 

көп қолданған псевдонимі, бүркеншік аты.

Мақаланың  жалпы  бағыты  қазақ  әдебиетінде  әлі  өркен 

жаймаған,  алғашқы  қадамдары  ғана  жасалып  жатқан  драма-

тургия  саласындағы  ізденісті  құптай  қоюдан  гөрі  сол  кездегі 

әлеуметтік көңіл-күйдің деңгейінің салқыны сыни ойға қамшы 

болғанға ұқсайды.

Рас,  қазақ  әдебиетіне  тұлға  болуға  мүмкіндігі  бар  Сәкен, 

Мағжан, Мұхтар шығармашылықтары жайында 1921–1925 жыл-

дар аралығында жарияланған қырық шақты мақаланың ішінде 

биік эстетикалық талаппен көрінген Қоңырдың осы сыны деме-

генмен, бірқыдыру өрелі екенін аңғармауға болмайды. Жүсіпбек 

Аймауытовтың  “ Мағжанның  ақындығы”  деген  классикалық 

еңбегіне барар жолдағы белестердің бірі болғаны сөзсіз.

Өзі  “ Еңлік  –  Кебек”,  “ Бәйбіше  –  тоқал”  трагедияларын 

жазып,  едәуір  тәжірибе  жинаған,  драматургияның  ішкі 

заңдылығы  мен  талаптарын  білетін  Мұхтардың  “ Қызыл 

сұңқарлардағы”  көркемдік  кемшіліктерді  көре  білуі,  әсіресе 

диалогтардың олпы-солпылығы, оқиға дамуының солғындығы, 

іс-әрекеттің аздығы, тіл кестесіндегі жұтаңдық, адам образда-

рын даралаудың жетіспеушілігі, яғни “ кітапта түгел көрінген 

бір адам (законченный, цельный тип) жоқтықтан, жазушының 

адам танымайтындығынан бар кісісі тұтасып, бірақ кісі болып 

кеткендіктен, екінші, адамдардың жан сипаты (психологиясы) 



350

көрінбейтін жарты адамдар болғандығынан, үшінші Еркебұлан 

деген ат сияқты ешбір ойсыз, ақылға сыймайтын, қисындылық 

(целе сообразно сть)  дегеннен  алыс  тұрған  қалыптарына 

қарағанда, бұл кітапты өзге жақтарынан сынау орынсыз” – деп 

шорт  кесу  қаншама  көркемдік  талаптарынан  туып  еді  десек 

те,  шын  тілектестік,  жан  ашырлықтан  ауылы  алыс  жатқанын 

аңғармау ағаттық болар еді. “ Бәрі де сөйлетіп қойған грамма-

фон  секілді.  Желігіп  отырып  жеңіл  қолмен  жазып  жіберген... 

Оның ішінде мақтанып кеткенін байқамай қалатын әңгүдіктік” 

сияқты  деген  сөздерді  сыпайылық  түгіл  сыни  сөз  саптауға 

сыйғыза  қою  қиын.  Бұл  аз  болса  пьеса  “ басында  өлі  аруақ, 

тірі деген талайларға сый есебінде арналған екен. Оның үстіне 

Орынбордағы жиын сайын жиылушыларға сый деп үлестіріледі 

дейді. Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатыным сол, қазақ 

әдебиетінің жұрнағы болып, ішінен орын алуы неғайбыл” деген 

үкімді тарих қостай қоймағаны тағы белгілі.

“ Бұл  пьеса  қазақ  өмірін  көрсете  ме,  қазақ  пьесасы  екені 

таныла ма, қазақ баласы осы кітаптың ішінде бар ма?” деген ең 

негізгі мәселелерге келгенде М. Әуезов “ қазақ пьесасы болып 

саналуы  мүмкін  емес.  Жоғарыда  айтқан  геройлары  түгелімен 

бір-ақ  кісі  болудың  үстіне,  оларда  қазақтықтан  белгі  де  жоқ. 

Олай болса, пьесаны қазақтікі деп адасудың орны жоқ” деп шорт 

кесті.  Көркемдік  талабы  қаншама  биік  болса  да,  сәуегейлікке 

жатқыза қою қиын.

Міне,  қазақтың  екі  алыбы  әдеби  шығарма  арқылы  бетпе-

бет  осылай  кездесті.  Мұхтардың  бұл  сынына  Сәкен  Нәзірге 

қайтарғандай қолма-қол жауап берген жоқ. Ол міндетті “ Сақа” 

деген бүркеншік атпен “ Жыл құсы” деген мақала жазған Таутан 

Арыстанбеков  атқарды.  “ Сейфуллиннің  ең  жақсы,  зор  пьеса-

сы  “ Қызыл  сұңқарларға”  келсек,  Қоңыр  мырзадай  “ жай  бір 

мақсатпен”  қалай  болса  солай  жаза  салмаймыз.  Бұл  пьесаны 

еңбекшілер табының төңкерісі туғызған, оның геройлары – күллі 

еңбекшіл  тап.  Мұны  көрмесе  не  Қоңыр  сықылды  соқыр  болу 

керек,  не  төңкерісті  жақтырмайтын  кісі  болу  керек.  “ Қызыл 

сұңқарлар”  қазақ  әдебиетінде,  тарихта  жаңа  дәуірді  бастады. 

Бұл дәуір “ өзімшіл” емес, “ көпшіл” (коллективизм) дәуірі деп 

аталуы тиіс. Кедейдің даусын естімесеңдер тарих алдында жауап 

бересіңдер! “ Пьесада қазақ жоқ” деген жанылысқандық. Ондағы 

геройлар қаншама қазақ болса да өздерінің ескі тұрмысын та-

стап, төңкеріс жолына басын бағыштап, екінші түрге түскендер”, 

–  деп  (“ Еңбекшіл  қазақ”,  1923  жыл,  2  ақпан,  №  5–11)  жаңа 



351

әдебиеттің туу жағдайын баяндап, Қоңыр сынына тарата жауап 

бере келіп: қысқаша айтқанда, “ Қызыл сұңқарлар” біздің қазақ 

әдебиетінде  жаңа  дәуірді  бастады.  Бұрынғы  индивидуализм, 

гамлетизмге  шоқынып  жүргендерге  қарсы  соғыс  ашып  отыр. 

Бұл  “ Қызыл  сұңқарлардың”  әдебиет  майданында  жаңа  жол 

көрсетіп  шығуы  –  Октябрь  төңкерісіне  байлаулы  нәрсе,  оны 

ұмытпасқа керек.

Қоңыр  мырза  бұл  пьесаның  қазақ  әдебиеті  тарихының 

бетінде  орын  алуына  шектенсе  де,  біз  шектенбейміз.  Қазақ 

әдебиетінің  бет  алысын  ағымға  бұрып,  жол  салған  “ Қызыл 

сұңқарлар” сондықтан жыл құсы” деп ой түйді.

Осыдан  кейін  “ Қызыл  сұңқарлар”  пьесасы  әр  қалада,  әр 

ауылда  қазан  төңкерісі  тойланар  сәтте  жастар  сахнасына 

20–30-жылдары  қойылып  жүргенін  былай  қойғанда  Жұмат 

Шаниннің  жәдігерлігімен  Семейде  1923  жылы,  Қызылордада 

ұлт театрының сахнасында қатарымен бірнеше жыл қойылды. 

“ Қазақ театрының тарихы” атты еңбек: “ 1926 жылы қойылып, 

совет өкіметі үшін күрескен қаһармандарға қазақ сахнасында 

жол сілтеген тұңғыш туынды” (1 том, 28-бет) деп бағалайды.

Бұл сын мақала жарияланып отырғаннан кейін Қоңыр-Мұхтар 

ойларын тарамдата баяндап жату орынсыз және осы күні Сәкен 

мен  Мұхтар  қарым-қатынасын  салқындыққа  жығып,  әсіресе 

алаш аруағымен ақтау ниеті көрініп жатқан соң бар шындықты 

айтуға тиістіміз. Сонда ғана жалғыз жазушы тағдыры ғана емес, 

оның қолынан әр кез шыққан шығармалардың сыры мен қыры 

ашыла түспек.

1936  жылы  қазіргі  Мұхтар  Әуезов  атындағы  Қазақтың 

академиялық драма театрының сахнасына режиссер М. Г. На-

сонов  “ Қызыл  сұңқарлар”  спектаклін  қойғанда  тағы  да  қияс 

сынға  ұшырады,  екінші  қырынан  сыналды.  Бұл  кезде  Мұхтар 

Әуезов осы театрдың әдебиет бөлімін меңгеріп, спектакльдің 

идеялық  сапасына,  көркемдігіне  жауап  беретін-ді.  Сәкен  мен 

Мұхаң және театр ұжымы пьесаны жетілдіріп, сахнаға қойған 

кезде  Мәскеуден  бір  жансыз  келіп:  “ пьесада  қазақ  халқының 

революциялық  тарихы  бұрмаланып  көрсетілген.  Пьесаға 

жүгінсек  Қазақстандағы  революциялық  қозғалысқа  қазақ 

интеллигенті  басшылық  жасаған.  Ол  орыс  жұмысшысы  мен 

неміс  эмигрантына  және  украинкаға  ақыл  үйретеді.  Сөйтіп, 

Қазақстандағы революциялық оқиғалардың барысындағы орыс 

пролетариаты мен большевиктік партияның рөлі бұрмаланған 

деп  тапқанда  Қазақ  АССР  Халық  комиссарлары  кеңесінің 



352

көркемөнер  басқармасының  бастығы  Ғаббас  Тоғжанов  пен 

Өлкелік  партия  комитетінің  мәдениет  бөлімінің  меңгерушісі 

Ғабит Мүсірепов 1936 жылдың желтоқсанында “ талқандағыш” 

мақалалар  жазып  қостағаны  белгілі.  Алтыншы  қойылымнан 

кейін  спектакль  сахнадан  алынды.  Сәкеннің  1937  жылы  17 

қаңтарда  қайтарған  жауабына  қарағанда  “ жөндесең  қайтадан 

қойылады” деген емеурін білдірілген сияқты, бірақ 1922 жылы 

қазағы жоқ деген пьеса енді “ қазақ интеллигенті бастайды” де-

ген пәлеге тап болып, ақырында “ халық жауының” шығармасы 

болып тұншықты. 1936 жылғы нұсқасы күні бүгінге дейін тап-

тырмай келеді.

Ғ.  Тоғжановтың  “ Қызыл  сұңқарларға”  қоятын  айыбы: 

“ Пьесада  бас  қаһарман  орыс  жұмысшыларының  өкілі  болу 

керек. Өйткені революцияда көсемдік қылған орыс халқының 

революцияшыл пролетариаты. Пьеса қаһармандарының ішінде 

ірі орын алып отырған қазақ – Еркебұлан. Бұл дұрыс емес. Бұл 

“ тарихқа жала” дегенің Сәкен теріске шығарады, тіпті зиянды 

көзқарас деп есептейді. Біріншіден, пьеса тарих емес, екіншіден, 

– пьеса Қазақстанның бір аймағында болған оқиғаны көрсетеді, 

үшіншіден, орыс өкілі басшы болу керек дегеннің өзі қате теория 

деп санайды. Себебі, Сәкен тілімен айтсақ, “ бұл теория – мехни-

кашыл-схемашыл теория, саяси теория. Орыс пролетариатының 

қасиетті интернационалдық рухына үлкен зиянды жала, тарихты 

бұрмалау, тарихта жала жабу болады” деп бір-ақ кеседі де, етек 

алып келе жатқан жарамсақтық көзқарасқа ашық қарсы шығады. 

Осының  өзі  1937  жылы  өзін-өзі  оққа  байлап  берумен  бірдей 

екенін енді ғана түсініп отырмыз ғой.

Енді хронологиялық баяндауға қайта оралайық. 1922 жылғы 

Қоңырдың  сынына  жауапты  Сәкен  1927  жылы  “ қайтарды” 

деп  есептеуге  болады.  “ Тар  жол,  тайғақ  кешу”  роман-эссесі 

1927  жылы  кітап  болып  шыққанда  Мұхтар  Әуезов  бір-ақ  рет 

аталды. “ Бірлік” қоғамының орнына “ Жас азамат” серіктестігі 

құрылар  тұстағы  талас-тартыста  “ Семей  жастарының  өкілі 

Мұхтар  Әуезұлы  совет  өкіметіне  қарсы  болған”  (1927  жылғы 

басылым,  188-бет)  дегендей  ауырлығы  батпандай  бір  ғана 

сөйлем  жазылған.  Ол  1936,  1960  жылдардағы  басылымдарда 

қайталанып,  1977  (139-бет),  1988  жылғы  (4-том,  158-бет)  ба-

сылымдарда  Мұхтар  Әуезовтің  аты  алынып  қалған.  Мұндай 

“ жақсылықты” редактор жасады ма, әлде лито алып қалды ма, 

әйтеуір 1964 жылдан былай қарай Ялымов Шәріптің қырсығынан 

“ Тар жол, тайғақ кешудің” айрықша бақылауда болғаны әмбеге 

аян.


353

Тарихи  шындықты  бұрмаламай  жазған  Сәкен  жалғыз  ауыз 

сөйлемді  сынға  “ жауап”  ретінде  жіберді  ме,  әлде  болған 

оқиғаның өңін өзгертпейтін әдеті бойынша жазды ма, ол арасы 

бізге беймәлім.

Дүние  тар  ғой.  Мұхтардың  жан  досы  Смағұл  Садуақасов 

Қазақстанға  шақыртылып,  оның  орнына  Сәкен  келді.  Ол 

1928  жылдың  мамырынан  1929  жылдың  қыркүйегіне  дейін 

Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директоры, қазақ 

жастарының  әдеби  бірлестігінің  жетекшісі  болды.  Дәл  осы 

уақытта Мұхтар Әуезов Ташкенттегі Орта Азия университетінің 

аспирантурасына түсіп, әрқилы оқу орындарында сабақ беріп 

жүрген болатын. М. Мырзахметовтің Ташкент архивінен тапқан 

дерегіне сүйенсек, Сәкен өз бұйрығымен Мұхтар Әуезовті ин-

ститут ұстаздығына шақырып, көтеріңкі жалақы тағайындапты. 

Ташкент  басындағы  жиын-тойларда,  әңгіме-дүкендерде 

кездеспеді деу қиын, бірақ ешқандай өсек-аяң болмағаны аян. 

Ондай бірдеме болса, қазақтың “ сақ құлағы” жеткізіп, өсірер еді 

ғой. Сәкен жалпы алаш ағаларының оның ішінде Мұхтардың сот 

ісіне араласпағаны айдай анық. Тарих деректері адал азаматтық 

куә болады.

1. 41-бет. “ ...бар кітаптан айырылушы еді  басқа кітаптардан 

ерекшеленіп тұрушы еді – деген мағына береді.

2. 41-бет. “ ...пьеса деп қойған  Бұл арада араб және кирилл 

һарпінен екі рет “ пьеса” деп жазылғандығын айтып отыр.

3.  41-бет.  “ ...белгілі  типтер  шығару    жиынтық  бейне, 

кейіпкер образын даралап беру.

4.  43-бет.  “ Ұзын  өмір...    бұл  сөйлемде  баспахананың 

терілімінен кеткен селкеулік бар. Жалпы, “ ұзақ өмірдің көрінісі 

кітаптың бір-ақ бетінде баяндалған” – деген мағына береді.

5.  43-бет.  “ ...сипаты  кетеді    сипатталады  деген  мағына 

береді.


6. 43-бет. “ Пьесаның беті...  шығарманың тақырыбы, бағыты 

деген мағынада қолданылып отыр.

7.  43-бет.  “ ...сәйдік    толық  ажыратылмаған  сөз,  сойқан, 

жеке жүрген адам деген мағына береді. “ Салдық” – деген сөз 

болуы да мүмкін.

Т. Кәкішев, 

профессор

23–1246

1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   32




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет