Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



жүктеу 3.54 Kb.
Pdf просмотр
бет9/12
Дата15.01.2017
өлшемі3.54 Kb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Ахмет  Байтұрсынұлы  (1872–1938)  мемлекет  және 
қоғам  қайраткері,  әдебиеттанушы,  түркітанушы  ғалым, 
ақын,  аудармашы,  ұлт-азаттық  қозғалысының  көсемдерінің 
бірі.  1905  жылғы  оқиғалар  Ахмет  Байтұрсынұлының  саяси 
көзқарастарының  қалыптастырды.  Ол  өз  халқының  жоғын 
түгендеп,  мұң-мұқтажын  түсініп  қазақ  зиялыларымен  бірге 
Империяның отарлық саясатына қарсы саяси күреске белсене 
араласады. Олар 1905 жылы Санкт-Петерборға петиция жол-
дады.  Онда:  дінге  қысым  жасамау,  қазақша  мектептер  ашу, 
Орталық  Ресейден  қоныс  аударушыларды  тоқтату,  «Даланы 
басқару  Ережесіне»  өзгертулер  енгізу,  іс-қағаздарын  қазақша 
жүргізу, қазақ депутаттарының сайлануы туралы мәселелерді 
қойды. 
Осындай  талап-тілектерден  кейін  Ахмет  Байтұрсынұлын 
патша  жандармениясы  бақылауға  алып,  ақыры  1909  жылы 
тұтқындап 1910 жылы Орынбор қаласына жер аударды. Орын-
бор  қаласында  өткізген  уақыттарын  Ахмет  Байтұрсынұлы 
шығармашылықка  арнады.  Оқу-құралдарын  жазып,  «Маса» 
атты  өлеңдер  жинағы  мен  И.  Крыловтың  40  мысалын  қазақ 
тіліне аударды.
Ахмет Байтұрсынұлы өзінің жер туралы және дін туралы 
ойларын  «Қазақ»  газетінде  жария  етті.  Қазақты  отырықшы 
қылғанда,  христиан  дінін  де  түбінде  қабылдасын  деп  сенат 
жиылысы ұнатып, жер министрі қабылдады. Жер жұмысына 
миссионерлік  кірігіп  тұр.  Бірақ  осы  шоқынып  жатқандар 
сорлылар  мен  жарлылар.  «Үкімет  біздің  20  ғасырда  көшіп 
жүргенімізден  ұялса,  бізге  жаман  жерді  жақсы  жер  орнына 
тұтынарлық ғылымын үйретіп, білдіріп алып, қала бол десін. 
Сонда қала болмасақ, біз үшін ұялсын. Оны істемеген үкімет 
өзінің  істемегенінен  ұялмаса,  қазақ  көшіп  жүруінен  ұялатын 
жөні жоқ. Қазақ көшіп жүрсе, еріккеннен көшіп жүрген жоқ, 
мал  баққаннан  көшіп  жүр»  [83,  65  б.]  дейді.  Сенаттың  ай-
тып  отырғаны,  егер  қазақ  кедейленсе,  еріксіз  мұжық  қолына 
телмірсе,  ол  христиан  дінін  тезірек  қабылдайды  дейді.  Олай 

156
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
болса, қазақ басқалардың қолына телміртіп қарамау үшін оқу, 
өнер, кәсіп үйрен дейді. 
Ұлт намысын оятып, жігерін қайрап: «Халық өз тағдырын 
өзі  жасайды.  Жұрттың  тірлік  күйде,  я  өлімтік  күйде  өмір 
шегуі өзінің жігерінен болады» [83, 65 б.] дейді. Намысың мен 
жігеріңді қайрамасаң құлшылықта болудың өзі сенің еркіңде 
болады. Ол сенің таңдау еркіндігің. Ел боламын десең, бесігіңді 
түзе  деген  сөз  жәй  айтыла  салмаған.  Ахмет  Байтұрсынұлы 
халықты ағарту жағын алдыңғы қатардағы мәселелер ретінде 
қойды. Қазақ қоғамындағы ауыл мектебі, ел ішіндегі орыс шко-
ласы.  Орыс  школдары  екі  класты  школдар.  Оны  бітіргендер 
ілгері оқымаса шала болып қалады. Ал ауыл мектебінің халыққа 
жақын  болуы  бала  ана  тілінде  білім  үйренуінде.  Бірінші,  ба-
стауыш мектептен оқығанда қазақша толық хат білетін жағын 
көздеуіміз керек. Екінші, бастауыш мектептен үйренген білім 
әрі  оқимын  дегендерге  негіз  боларлық  жағын  көздеу  керек 
[83,  66  б.].  Ахмет  Байтұрсынұлы  көрсеткен  осы  жол  өзінің 
дұрыстығын жүз жылдық қазақ халқының білім беру саласын-
да алдымен сол ұлттың тілі, ділі, дінін өшірмеу үшін баланың 
тілі ана тілінде шығып, алғашқы білім көздерінен ана тілінде 
сусындауы керектігі дәлелденді де. Кеңестік Одақтың дәуірлеп 
тұрған  шақтарында  да  қазақтың  ауыл  мектебін  бітірген  қан-
шама  ғұлама-ғалымдарымыз,  жазушыларымыз  орыс  тілін 
меңгергені сонша ол тіл ана тілімізді ығыстырып, сол ХХ ғасыр 
басындағы тіл туралы, білім берудің жолдары туралы мәселе 
ХХІ  ғасырда  сол  қалпында  қызу  айтыстар  тудырып  отыр. 
«Қазақстандық демократия ұлттық мұратты жақтай ма?» – деп 
мәселе  көтере  отырып,  ҚР  Парламеті  Мәжілісінің  депутаты, 
философ А. Айталы көпұлтты мемлекеттерде демократиялық 
үрдістердің  даму  үдерістерінің  әртүрлі,  соған  орай  тілдердің 
қоғамдағы қызметтері де әртүлі болатындығын бес түрге бөліп 
түсіндіреді. Мемлекетте кіндік ұлтпен қатар сана сезімі оянған 
басқа да ұлттар мен ұлыстардың болуы. Ұлттық мақсаттағы іс-
қимылдарға,  әсіресе  билік,  білім,  мәдениет  саласында,  басқа 
ұлттар  қарсылық  білдіріп,  демократиялық  принциптерді 
ұлттық  жанжалдарға  айналдыруға  дейін  апаруы  мүмкін. 
Демократиялық үрдістер өте күрделі жағдайларда өріс алады. 
Бұл Қазақстан сияқты көп ұлт өкілдері тұратын мемлекеттердің 

157
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
тағдыры.  Ал,  Қазақстан  жері  бір  ғана  ұлттың  –  қазақтардың 
жұрты.  Бүгінгі  қазақстандық  демократия  таңдаудан  гөрі 
тануға  бейімдірек,  осыдан  да  болар,  ұлтымызды  ұлт  ететін 
құндылықтарға мән беріле бермейді [84, 52–54 бб.] – деп жазды.
Бірақ  өкінішке  орай,  Ұлы  Империялар  басқа  ұлттарды 
өзіне  бағындырып,  үстемдігін  жүргізу  үшін  алдымен  тілін, 
одан соң дінін жоюды көздеді. Ол солай болды да. Араб әрпін 
латынға, одан кириллицаға ауыстырған кезде, алдыңғы ұрпақ 
жазып  қалдырған  қаншама  рухани  қазына,  келесі  ұрпаққа 
жетпей, жаттанды. Ахмет Байтұрсынұлы осы екі мектептің де 
кемшілік жағын көрсетіп, қазақша оқытатын мектепте құрал 
да, тәртіп те, мөлшер де, жоспар да жоқ болса, керісінше орыс-
ша оқытатын мектепте бәрі бар. Бірақ осы орысша оқытатын 
мектептің барлық жақсылығынан, бірақ нәрсе, оның «қазақты 
орысқа аударамыз» дегені бәрін бүлдіріп отыр деген болатын. 
Осы  кезге  дейін  араб  әріпін  қолданып  келген  қазаққа,  енді 
латын  әріпін  енгіземіз  дегенге,  араб  әрпі  ислам  дінімен  бірге 
келіп,  ол  дін  жоғалмай  жоғалмайды.  Сол  тілде,  сол  жазумен 
кітап, газет, журнал шығады. Олай болса қазақтың тілі жоғалуы 
мүмкін емес екендігін айтып кеткен. 
1911 жылы Орынборда «Маса» атты өлеңдер және аударма 
мысалдар жинағын бастырып шығарды. Бұл өлеңдер жинағы 
негізінен  Ахмет  Байтұрсынұлының  басқа  жұрттар  ілгері  кет-
кенде  қалың  ұйқыдағы  халқын  ояту  үшін  жолдауы  түрінде 
жазылған:
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса...
Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса...?
 
– қазақтың санасын оятып, бейғамдықтан шығаруды көздейді:
Қайырсыз неше сараң байлар да бар,
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып талап ойлап талпынбаған. 

158
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
Қазақ  қоғамының  тіршілігінің  нағыз  суреттемесін  береді 
де талап ойламайтындардың көптігін айтып ары қарай:
Солардың қатарында бізде жүрміз 
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған,
Не пайда өнеріңнен, біліміңнен,
Тиісті жерлеріне сарп қылмаған?!
 [83, 6 б.] 
–  деп  қазақтың  оқығандарының  көбі,  шен-шекпен  мен  атақ 
қуып,  үкіметке  қызмет  еткеніне  мәз  болып  жүргеніне  көңілі 
толмайды. Қазақта түк «қасиет» қалмады, байға мал, оқығанға 
шен  мақсат  боп,  жұрт  қамын  ойлайтұғын  адам  азайды. 
Бар  бітім-болмысымен  замандастарының  заман  ағымының 
көлеңкелі  жақтарымен  ілбіп  бара  жатқанына  налиды.  Бар 
күш-жігерін  халықты  ағарту  ісіне  жұмсап,  ұлттық  тілдің 
сақталуы  мен  жаңғыруына  зор  үлес  қосты.  Қазақтың  алты 
бақан  алауыздығын,  талай  ойшыл,  ақын-жыраулар  қозғаған 
көптен сіңген дерт болғанын айта келе:
Бейне бір құдіретті сынағандай,
«Сақтар деп сақтар болса» сертпен жүрдік.
Жат жақты жаратқанға күзеттіріп
Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік
 [83, 7 б.] 
– деп қазақ елінің шекарасын «Аллаға» тапсырып отырғанын 
баса  көрсетеді.  Бұл  біздің  діліміздегі  сенгіштігіміз,  ақкөңіл-
дігіміздің кесірлі жақтары. Кейде аузымыздағыны жырып бере 
салатын жомарттығымыздың өзіміздің түпкі игіліктерімізге зи-
яны тиіп жататын тұстары аз емес. Соның салдарынан жеріміздің 
шетін жат жұрттықтар иемденіп, қалаған нулы-сулы жерімізге 
жайбарақат орналаса бастады.  Алаш көшбасшылары осыған 
байланысты  қамсыздыққа,  салғырттыққа  алаңдаушылық  біл-
діреді.  Мемлекеттің шекараларын бекіту туралы ой қозғайды. 
Ел ішіндегі ағайын арасындағы ұсақ-түйек араздықтармен ай-
налысып жатқанда, жерлеріне көршілері қамалдар тұрғызып 
жатты.  Елдің  осындай  жым-жырт  қалпын  бала  ұйықтайды 
жастықпен, бай ұйықтайды мастықпен, шалап ішкен кедей де 
мас, сонда бұл жұрт қалай оңады дей келе:

159
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып сарып тұр
Түн етіп күнін,
Көрсетіп мінін,
Оятқызбай қорып тұр
Обыр болса қамқорың
Қайнағаны сол сорың!
 [83, 11 б.].
Тойымсыз  көршіні  «обырға»  теңейді.  Мешкей  деген 
жақсы ат емес дегендей, адамзаттың философиялық мәңгілік 
мәселелерінің  бірі  осы  нәпсіні  тыю.  Империялық  ашылған 
аран,  оның  тойымсыздығы  «обыр  обып  сорып  тұр»  деген 
теңеумен  көрсетеді.  Осындай  кезеңде  қазақ  жерін  біртіндеп 
бейбіт  жолмен  жаулаған  Ресей  Империясы  қазақтың  мал-
мүлкін, қымбат аң терілерін тонап жатқан кезең еді. Ұлттық 
мемлекеттіліктің  барлық  мәселесін  жан-жақты  қамтып 
ұйқыдағы  елді  серпілуге  шақырған.  Ахмет  Байтұрсынұлын 
патша  жандармериясы  дүркін-дүркін  түрмеге  жауып 
отырған.  Тұтқында  отырып  «Аллаға»,  «Хаққа»  жалбарынып, 
аруақтарға  сиынады.  Ойшыл  дүниетанымының  терең  та-
мырлары  исламдық  құндылықтармен  қатар  тәңіршілдікпен 
тұтасып жатқандығын байқаймыз.
Адасқанын алаштың,
Түзу жолға түсір хақ!
Тұтқын болып тарығып
Жалғыз жатып зарығып,
Ашу қысып ойды алып,
Өрт жайылып, бойды алып
Дерт жүрекке толған шақ
Қатты айтты деп кектемей
Сиынғанды тек демей,
Он екі имам әулие
Жиырма сегіз әмбие
Қолда өңшең аруақ! 
[83, 13 б.]. 

160
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
– деп түрмеде қамалып отырса да, бүкіл ақыл-ойымен халқына 
тілек  тілейді.  Оның  рухы  халқымен  бірге  болды.  «Хақ»  деп 
бір  Аллаға  сиынса,  қолда  өңшең  «аруақ»  деп  қазақтардың 
ата-баба  дәстүріндегі  «әулие»,  «әмбиеге»  табыну  содан  медет 
тілеу де бар. Ұлттық азаттықты өз еркіндігі шектеліп қамауда 
болғанмен, рухы мен жан жүрегі арқылы тілейді. 
Ұлттық  рухты  ояту  мақсатында  «Оян,  қазақ!»  деп  ұран 
тастап халқының жерден, діннен айрылып бодандық құрсау-
дағы халден қайтсем құтқарамын деп соған өзіндік үн қосқан 
Алаш  ардагері  Міржақып  Дулатов  болды.  Ойшылдың 
ағартушылық  көзқарастары  жалпыадамзаттық  пайдалы 
еңбек  пен  ғылым-білімге  үндеу  болды.  Әуелі  мұсылманша 
ғылымдарды  оқып  үйреніп  дінді  тануды,  екінші  жер  мен 
малға  ие  болып,  басқалардан  қорлық  көрмеу  үшін  орысша 
оқып  өнерін  үйренуге  шақырды.  Оның  мақалаларының  аты 
айтып  тұрғандай  «Қайтсек  жұрт  боламыз?»  осы  елдігіміз 
бен  жұрттығымызды,  тіліміз  бен  дінімізді  сақтау  үшін  мем-
лекет  пен  автономия  құру  керектігін  бірінші  орынға  қойды. 
«Бұл  заманда  әскері  жоқ  жұрт  жұрт  емес,  құл.  Біз  қазір  екі 
жолдың тарауында тұрмыз, қайсысына түсетін болсақ та ерік 
өзімізде» [85, 263–264 бб.]. Бұл айтылғандардан сол кездері әлі 
де қазақтардың еркіндігі бар екенін аңғарамыз. Халқымыздың 
өсіп-өркендеуі үшін ол қазыналардың маңызы өте зор. Деген-
мен қазіргі күні халқымыздың тарихи қалыптасқан этикалық-
адамгершілікті  қарым-қатынас,  имандылық  бағытындағы 
дәстүрлеріміздің жұтаңдауы сезіледі. Бұл жалпы ақпараттық 
қоғамда  болатын  құбылыс,  өйткені  ХХІ  ғасырдың  басында 
әлемде болып жатқан іргелі экономикалық, саяси-әлеуметтік 
өзгерістер адам өмірінің барлық салаларына өз әсерін тигізді. 
Әсіресе  посткеңестік  мемлекеттерде,  мысалы  Қазақстанда 
болған  мұндай  өзгерістер  бұл  мемлекеттің  азаматтарының 
тіршілігінде негізгі әлеуметтік кепілдіктерден айрылумен бай-
ланысты болғаны белгілі. 
Қазіргі  қоғамның  ерекшелігін  түсініп,  дүниетанымдық 
бағдарларды анықтап алу керек. Дағдарыстан жаңа қоғамға өту 
үшін барлық өткен тарих беттеріне объективті үңіле отырып, 
оның  тек  адамның  құндылығын,  еркіндігін  жоғары  қоятын, 
оның  бостандығын,  құқықтарын  сақтайтын,  мәртебесін 
бағалайтын  негізгі  идеялар  мен  ұстындарды  іріктеп  алып, 

161
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
алға  жылжу  керек.  Аристотельдің:  «Ізгіліктерді  пайдалана 
білмеу  масқаралық  болса,  олармен  бос  уақытта  пайдалана 
білмеу,  қолдары  бос  болмай  соғысып  жатқанда  ержүрек  бо-
лып  көрініп,  бейбітшілік  орнағанда  құлдарға  ұсқаудың  өзі 
одан  да  бетер  масқаралық»  [86,  19  б.].  –  деген  ойлары  қазіргі 
кезеңдегі еліміздің азаматтары тәуелсіздіктерін қандай игілікті 
істерге  жұмсап  жатқандығы  жайында  ойлануға  итермелейді. 
Еркіндіктерімізді қалай пайдаланып жүрміз деген өмірлік мән 
мен мағынаға ие сауал тастап тұрғандай. Ал қазақ халқының 
рухани  мұрасы,  қазақ  даласынан  шыққан  ұлы  тұлғалардың 
идеяларынан аларымыз жетерлік. 
Еркіндік  адамның  болмыстық  іргелі  анықтамасына  жата-
ды. Кез келген адам, кез келген дін, барлық ірі философиялық 
жүйелер  еркіндікті  өте  жоғары  қояды.  Ол  –  адамның 
бірден-бір  терең  құндылықтарының  бірі  [87,  74  б.].  Солай 
болғандықтан  да  адам  өз  өмірін  еркіндік  үшін  құрбан  ету-
ге  дайын.  Біздің  қарастырған  кезеңдердегі  қазақ  ойшыл-
ақындарының,  жырауларының  елдің  бостандығы  мен 
тәуелсіздігінен  әр  адамның  жеке  еркіндігін  көргенін  олардың 
шығармашылықтарына талдау жасау барысында көз жеткіздік. 
Еркіндік  –  адамның  өзіндік  «Менін»,  өз  өмірінің  мәнін, 
өмірлік мақсатын таңдай білу және жүзеге асыру мүмкіндігі. 
Абсолюттік  еркіндік  болуы  мүмкін  емес  деп  ойлаймыз, 
еркіндік тек салыстырмалы. Себебі еркіндік қадам басқан сай-
ын тәуелділікпен бетпе-бет кездесіп отырады. Ол табиғат пен 
қоғам,  басқа  адамдар  тарапынан  болатын  сыртқы  кедергілер 
және  адамның  өзінің  жігерсіздігі,  рухының  төмендігі, 
ақылының  аздығы  секілді  ішкі  кедергілер  болуы  мүмкін. 
Тәуелділік жолы жеңіл де түсінікті. Еркіндік жолы болса, адам 
үшін  ең  қиын,  ең  азапты  жол.  Еркіндікке  адам  талай  талпы-
ныс, адасудан кейін жетеді. Ең бастысы – осы жолдан таймау, 
ол  түбінде  адам  болуға,  яғни  мәнді  өмір  сүруге  әкеледі  [88, 
92  б.].  Қазақстанның  дербес  мемлекет  болып,  тәуелсіздіктің 
туын  тіккенге  дейінгі  тарихы  осының  дәлелі  болып  табыла-
ды.  Осы  жолда  қаншама  қиындықтар,  қан-төгістер  кездесті. 
Ал  қазіргі  күні  осы  мемлекетіміздің  тәуелсіздігін  баянды 
ету  үшін  шынайы  демократия  мен  руханилыққа  негізделген 
еркіндіктің  көмегімен  кемелденуге  жетуді  көздеп,  алға  жыл-
жу  қажет.  «Ұлттық  тәуелсіздік  –  қоғамдағы  демократиялық 

162
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
принциптердің  орнығуы  мен  халықтың  рухани  жаңаруының 
іргетасы болса, демократия мен рухани жаңару – елдің саяси 
және экономикалық тәуелсіздігін баянды етудің басты құралы» 
[89, 57 б.]. Демократиялық жүйенің басты принциптеріне – адам 
құқыларының  сақталуы,  оның  бостандығы,  шығармашылық 
еркіндігі  жататыны  белгілі.  Адам  еркін  болмаған  жағдайда 
демократия  болуы  мүмкін  емес.  Адам  құқығы  сақталмаған 
жағдайда ол еркін де емес. Сондықтан бұл ұғымдар бір-бірімен 
тығыз байланысты, бір-бірін толықтырушы ұғымдар болып та-
былады. 
Ал  адам  мен  қоғам  тікелей  байланысты  болғандықтан, 
адамсыз  қоғам,  қоғамсыз  адам  болмайтындықтан,  қоғамда 
адамның еркін болуы, сол қоғамның еркін дамуын білдіретінін 
Алаш  қайраткерлері  түсініп,  барлық  қызметтерін  осы 
идеяның жүзеге асырылуына бағыштаған. Алаш көшбасшысы 
Әлихан  Бөкейханның  ХХ  ғасырдың  басында  айтқан  мына 
сөздері:  «Жұрт  жұмысын  халық  бәрі  қыла  ма?  Қай  жұртта 
болса халықты бастап алып жарыққа тартып шығарып жүрген 
саны аз, білімі мол жұрт жігіті емес пе? Бұлай болғанда қазақ 
жұртының шырақ алып, түзу жолға бастаған жігіттері қайда? 
Бұлар  бас  қосатын  болса,  бұған  жар  салатын  заман  осы  за-
ман... Болатын бас қосудан қашпаймын, болмайтын бас қосуға 
арам  тер  болмаймын.  Тірі  болсам  хан  баласында  қазақтың 
хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – нағыз 
ұлтын  қалтқысыз  сүйген  ердің  жүрек  жарды  ойлары  қазіргі 
кезең  ерлері  үшін  де  өзінің  өзектілігімен  мәнді  [20,  114  б.]. 
Қазақ  зиялыларының  идеялары,  олардың  арман-тілектері 
қазіргі  күні  жүзеге  асырылып  жатыр.  Ол  идеялар  қазіргі 
біздің демократиялық қоғам құрудың негізгі принциптерімен 
сабақтастығын көрсетеді. Алаш қайраткерлерінің армандаған 
Ұлттық Автономиясы Қазақ елінде орнады. Енді азат, тәуелсіз 
қазақ ұлты өз еркіндігін алған тұста оның алдағы тағдыры өз 
қолында.
Ендігі  міндет  –  осы  идеялардың  өзектілігін  жоғалтпай, 
сол  мұраттарға  сәйкес  бола  отырып,  жалпыадамзаттық 
құндылықтарды басшылыққа ала отырып, тәуелсіз елдің әрбір 
азаматы  еркін  дамуға  құқылы  болатын  мемлекеттілігімізді 
сақтап, болашақ ұрпақтарға жарқын өмірді тарту ету. 

163
3. ХХ ғасырдағы еркіндік құбылысының қайшылықты сипаттары
3. ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ЕРКІНДІК ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ 
ҚАЙШЫЛЫҚТЫ СИПАТТАРЫ
3.1. Тоталитарлық жүйе дәуіріндегі идеологияланған 
құндылықтардың  ерекшеліктері
Қазақ  философиясының  кеңестік  кезеңдегі  даму  барысы 
социализмнің алғашқы жылдарындағы жазалау мен қудалауға 
ұшыраған  көрнекті  қайраткерлердің  шығармашылығымен 
өрнектеледі. Олардың философиялық еңбектері Қазақстандағы 
халық  өмірінің  алуан  түрлі  мәселелеріне  арналған  қоғамдық 
ойларды  құрады.  Қазақ  философиясы,  рухани  ой  кешу 
үрдістері  социализм  жеңісінің  бағыты  мен  социалистік  сана-
ны  қалыптастыру  жолына  түсті.  Қазақ  халқы  өзінің  мәдени-
рухани,  дәстүрлі  ерекшелігі  мен  өзіндік  болмысынан  ажыра-
тылды. Жаппай диалектикалық тарихи материализм үстемдік 
құрды.
Тоталитарлық  кеңестік  кезеңнің  өзіндік  социалистік 
идеясының  әсерін  зерделеу,  ол  жүйелердің  философиялық 
қырларын  ашып  көрсету,  халқымыздың  руханиятының  да-
муына  кері  әсері  мен  оңды  іздерін  саралау  еліміз  еркіндікке 
қол  жеткізген  уақытта  мүмкін  болып  отыр.  Отаршыл  саясат 
ұстанған жүйе қазақ елін егемендігінен айырған кезде, құлдық 
сана  қалыптастырып,  ұлтымызды  рухани  құлдыратты.  Соци-
ализм  идеясының  басты  ұраны:  «Барлық  елдердің  пролетар-
лары  бірігіңдер»,  деп  басталады.  Олардың  мақсаты  қоғамды 
қарама-қарсы  таптарға  бөліп,  сол  таптар  күресі  арқылы 
революциялық төңкерістер жасап пролетариат диктатурасын 
орнату еді. Коммунизм мен социализм ілімінен алынған идея-
ларды қазақ қоғамына күштеп таңды.
Ресейлік,  кейінгі  Кеңестік  империялар  қазақ  халқының 
басқа халықтар сияқты мәдени өзгешелігінен, тәуелсіздігінен 
қаншалықты ажыратуға ұмтылса да, шын мағынасында әлсірете 
де, толық жойып жібере алған жоқ. Дегенмен қандай жолды 

164
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
бірден-бір құндылық деп таңдаса да, ондай құндылықтардың 
ар  жағында  жататын,  бүкіл  адам  баласына  тән  түпкілікті 
құндылық  –  ол  еркіндік.  Тіпті  құлшылықтың  өзін  адамдар 
таңдайтын болса, ол да сол еркіндіктің салдары. Онсыз ешбір 
таңдау болмас еді. Тәуелсіздік үшін күрес дегеніміздің өзі де осы 
түпкі құндылыққа ұмтылыстың көрінісі. ХX ғасыр басындағы 
саяси-экономикалық,  әлеуметтік,  ғылыми-техникалық  түбе-
гейлі демократиялық өзгерістер адамзаттың тарихында жаңа 
диалектикалық  даму  үдерісін  тудырғаны  белгілі.  «Кеңес 
Одағында жаңа тапсыз қоғам орнату, адамзаттың тағдырының 
жұмбағын  шешуге  бағытталған  бүкіл  әлемдік,  әлеуметтік-
саяси  тәжірибелер,  жобалар  жасалынып,  олар  «социализм» 
деген атпен практикалық түрде жүзеге асырыла бастады, осы 
идеяның  қаншама  миллиондаған  жандарды  осы  процестің 
жолына құрбандыққа шалды» – дейді академик Ә. Нысанбаев 
пен Т. Әбжанов [90, 141 б.].
Кеңестер  Одағындағы  көшпенділер  өркениетінің  құнды-
лықтық-дүниетанымдық  дамуы  жайлы  ой  шолу  біздің  фило-
софиялық  әдебиетте  әлі  де  өз  зерттеушілерін  күтуде.  Қазіргі 
Қазақстандағы  рухани  әлемнің  қалыптасуы  мен  адамдарда 
өмірлік  құндылықтар  қалыптасуы  жайлы  әлі  байыпталмаған 
мәселелер баршылық. Кеңес өкіметі орнаған соң көшпелілер-
дің рухани құндылықтары тоталитарлық жүйенің толық идео-
логияландырылған жалған құндылықтарымен алмастырылды. 
Қалыптасқан  экономикасы  негізінен  мал  шаруашылығымен 
айналысқан елді колхоздар мен совхоздарға күштеп біріктірді. 
Далалық  демократиясы  қалыптасқан  қоғамнан  тоталитарлық 
жүйеге  негізделген  социалистік  қоғам  орнатты.  Социалистік 
қоғамда  ең  бастысы  адамның  субъектілік  өзгеруі  болды. 
Бұл  жердегі  тереңнен  біліне  бермейтін  дүниетанымдық 
тұрғыдағы  өзгерістер  әрине  құндылықтарды  рухани  қайта 
бағалау. Ұлы Абайды толғандырған, шырамашылығына арқау 
болған  қазағының  рухани  даму  мәселесі  кеңестік  кезеңде  де, 
қазіргі  тәуелсіз  Қазақстан  жағдайында  да  өзектілігін  жойған 
жоқ.  Адамзаттың  өсіп-өркендеуінің,  жетілуінің,  рух  әлемінің 
мәңгіліктігін көрсетеді.
Өздерінің  нені  бағалы  деп,  нені  дәріптеп,  құндылыққа  
балап  жүрген  жүйесі  өзгеруімен  бірге  жеке  адам  да  субъ-

165
3. ХХ ғасырдағы еркіндік құбылысының қайшылықты сипаттары
ект ретінде елеулі өзгеріске түседі. Басқа сапаға өтіп, соған 
сеніп, соны қадір тұтады. Қазақ халқының да субъект ретінде 
өзгеріске ұшырауы осы кеңестік кезең болды. Бұл жерде өмір 
сүрудің  мән-мағынасы  болып  саналатын  құндылықтардың 
өзгеруі  субъект  ретіндегі  жеке  адамдар  басқа  бір  сапаға 
өзгеріп, соған сеніп, соны тұтады. Н.Р. Мұсаева руханилықты 
мақсатты мағыналы іс-әрекеттің түп негізі дей отырып,  оның 
түпкі мақсатын адамның өзін жетілдіру ғана емес, сонымен 
қатар өзіне тән, өз болмысында мүлгіген мәндік, мағыналық 
мүмкіндіктерін  жетілдіру  екеніне  тоқталады.  Адамның 
біртұтастыққа,  яғни  сан  қырлы  қасиеттерге  көтерілуі  оның 
өзін  өзі  жетілдірумен  тікелей  байланысты.  Бүгінгі  даму 
дегеніміз – өткен кезеңдердің тәжірибесі. Адамдар өз бойы-
на шамасы келгенше өткен кезеңдер тәжірибесін жинақтап, 
сұрыптап,  оның  рухын  өз  бойына  сіңіруге  тырысады  [91]. 
Халқымыздың рухани әлемі өзінің өткені арқылы тамырын 
жайып содан нәр алды. Ондай мәдениеттің тұңғиығына бой-
лап,  оның  мән-мазмұнын  түйсініп-түсіну  адамның  рухани 
өсуіне әсер етеді.
Қазақстанда  ұзақ  жылдар  бойына  күштеу  идеологиясы-
ның үстемдік етуіне байланысты құндылықтық-бағдарлы және 
реттеуші-тәрбиелік  комплекстер  этникалық  субъектілердің 
өмір  сүру  мақсаттарын  жүзеге  асыруға  мүмкіншілік  бермеді 
[92]. Иә, батырлық пен батылдық, ерлік пен қаһармандықтың 
небір  үлгісін  жасаған,  эпостар  қалдырған  ұлттың  рухын  ба-
сып жаныштаған қандай күш деген сұрақ туады. Кеңес Одағы 
ыдырағаннан  соңғы  кезеңде  ғана  руханиятымызды  қайта 
қарастыру  мүмкін  болды.  Кеңестік  философияны  қайта 
жаңғыртып,  оның  негіздеріне  ғылыми  тұрғыдан  талдаулар 
жасалынды.  Мысалы,  Д.  Кішібеков  Кеңестік  кезеңдегі  қазақ 
халқының менталитетіндегі өзгерістерге былайша тоқталады: 
1)  20  жылдардың  аяғында  мыңдаған  жылдық  көшпелі 
тұрмыстан  күрт  өзгеріске  ұшырап,  отырықшылыққа  көшті. 
Бұл оңай болған жоқ. Елдің үрдісі, дағдысы, өмір сүру тәсілі 
өзгерді.
2)  Өндіріс  құрал  саймандарына  жеке  меншік  жойылып, 
қоғамдық  меншік  үстемдік  құрды,  мемлекеттік,  қоғамдық 
меншікті көздің қарашығындай қорғау қажеттігі қатал әрі ауыр 

166
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
заңдар арқылы халық санасына сіңірілді. 1932 жылғы 7 тамызда 
қабылданған.  1946  жылғы  ауыл  шаруашылық  артелінің  Уста-
вын бұзушылыққа қарсы қабылданған заңдар осының дәлелі. 
Бұл  заңдармен  мыңдаған  адамдар  қоғамдық,  мемлекеттік 
меншікке  қол  сұққаны  үшін  сотталып,  тіпті  ату  жазасына 
бұйырылды. [93]. Адам тағдыры, оның еркіндігі өресекл түрде 
бұзылғандығын осы бір фактілерден көреміз.
Кеңестік  идеологияның  қазақ  қоғамының  дамуына  кері 
әсері  туралы  ұлттық  зиялыларымыз  Қазан  төңкерісінен 
кейін ақ өздерінің көзқарастарын ашық түрде айта бастады. 
Алаш  көшбасшылары  Мұстафа  Шоқай,  Әлихан  Бөкейхан, 
Ахмет  Байтұрсын  ұлтымыздың  қазан  төңкерісінен  кейінгі 
жердегі  тағдыры,  тәуелсіздігі  туралы  мәселені  теориялық 
тұрғыдан  қайта  қарастырды.  Өйткені,  большевиктердің 
түпкі  мақсаты  мен  қазақ  зиялыларының  ұлт-азаттық 
мүдделері бір-бірімен ымыраға келмейтін еді. Қ. Бейсемби-
ев  өзінің  зерттеулерінде:  Қазақ  ұлтшылдары  большевизмге 
қарсы қандай аргументтерді қойды? Олар қазан революци-
ясын қалай бағалады? деп сұрақ қоя отырып, өзі соған бы-
лай  деп  жауап  береді:  «Әрине  олар  Ресейдегі  социалистік 
революцияны  бір  қоғамдық  құрылыстың  басқамен  ауы-
суы  емес,  әлеуметтік-экономикалық  прогрестің  жарқын 
көрінісі  деп  қарамай,  бүтіндей  орыс  мемлекеті  мен  орыс 
халқының  жайылуының  көрінісі  деп  есептеді»  [94].  Бұндай 
тұжырымдама  кеңестік  философияның  буржуазияшыл-
ұлтшылдық  көзқарастар  мен  дүниетанымды  сынға  алу  бо-
латын. Жұмыстың зерттеу әдісі партиялық сын тұрғысынан, 
таптық  көзқарастар  аясында  жүргізілгендіктен  ондағы 
шындықты  көрсету  мүмкін  болмады.  Бірақ,  бұл  зерттеу 
социализм  тұсында  қазақ  зиялыларының  ұлтты  бақытты 
өмірге, әділетті қоғам орнатуға, тәуелсіздігін қамтамасыз ету 
жайындағы идеяларымен көзі қарақты оқырманға танысуға 
мүмкіндік  жасады.  Кеңестік  кезеңде  «алаш»  деген  сөздің 
өзін айтуға тыйым салынып, халық жадынан өшіруге тыры-
сты. Ұлттың еркіндігі жолындағы күрескер М. Шоқай өзінің 
Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары жай-
лы  мақаласында  «Ресейдегі  патша  үкіметінің  құлағанына 
қуанған  едік»  –  дейді.  Алайда  біздің  бақытымызға  қарсы, 

167
3. ХХ ғасырдағы еркіндік құбылысының қайшылықты сипаттары
басқа  бір  Ресей  –  большевиктік  Ресей  –  кеңестік  Ресей 
пайда  болды.  ...Атамекеніміздің  патшалық  Ресейдің  от-
арынан  кеңестік  Ресейдің  отарына  айналдырылды.  Осы 
Түркістандағы  қозғалысқа  ғылыми  тұрғыдан  дәл  сарапта-
малар жасаған да М. Шоқай болды. «Кеңес үкіметінің орыс 
емес өлкелерде жүргізіп жатқан ұлт саясатына мұқият назар 
аударыңызшы, сонда сіз бұл өлке халықтарының орыстарға 
қарсы  көтерілмеуден  басқа  амалы  қалмай  отырғанына  көз 
жеткізе  аласыз...  Түркістандықтар  көтерілмей  тұрмайды. 
Өйткені  олардың  ұлттық  намысы  әлі  өлген  жоқ  [75]. 
Тәуелсіздік  пен  бостандық  жолындағы  күрес  арқылы  ғана 
сол кездегі тығырықтан шығудың көзін көрсетіп берген бола-
тын. Кеңес үстемдігінің біздің ұлттық идеяларымызға қарсы 
бағытталғандығын,  оның  пролетариат  диктатурасы  түрінде 
көрінген  формасы  халқымыздың  саяси-әлеуметтік  ұғым-
түсініктеріне сәйкес келмейтіндігін ашып көрсетті.
Кеңес  үкіметінің  «әскери  коммунизмнен»  жаңа  эконо-
микалық саясатқа көшуінен соң, оның талаптары мен түркіс-
тандықтардың  ұлттық  мүдделері  арасында  пайда  болған 
кереғарлықтар  Мәскеу  үкіметінің  Түркістандағы  ең  жақын 
жақтарына  да  белгілі  болып  қалды.  «Әскери  коммунизм» 
аяқталар кезде Мәскеу большевиктерінің Түркістанға біршама 
саяси, экономикалық бостандық беру жөніндегі «төңкерісшіл 
уағдаларына»  сенетіндер  шыға  бастаған.  Олар  өздерінің  сол 
сенім-үміттерімен  большевиктер  партиясына  кіргенін  ай-
татын.  Және  солай  айтуға  хақылы  да  еді.  Іс  жүзінде  жағдай 
мұндай үміттердің бос елес екенін дәлелдеді. Кеңес үкіметінің 
жаңа  экономикалық  саясаты  түркістандық  отаршылық  езгіні 
бұрынғыдан бетер ауырлата түсті. Түркістанды орыс астығына 
тәуелді етіп қойған мақта саясаты, Түркістан шаруашылығын 
Мәскеу  үкіметі  мүдделеріне  құрбан  етіп  жіберген  колхоз-
дар,  орыс  шаруалары  мен  Түркістан  шаруалары  арасындағы 
экономикалық,  мәдени  қайшылықтарды  тым  асқындырып, 
Түркістанда  орыстарды  патша  заманындағыдан  әлденеше 
есе  көбейтіп  жіберген  мұғажыр  саясаты,  Түркістандағы  мем-
лекет  аппараттарының  «ұлттандырылмауы»,  Түркістанның 
ұлттық  мүдделерін  орыс  пролетариаты  диктатурасының  та-
лаптарына  сәйкестендіретін  большевиктік  саясаттың  «ұлы 

168
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
орыс державалық» рухы – міне, осылардың бәрі Түркістандағы 
«ұлттық  большевиктердің»  көзін  ашты.  Ленинизмнің  кешегі 
мүриттері  бүгін  партияның  «сара  жолынан»  тайып,  оппози-
ция түрінде көріне бастайды.
Түркістан  қасіреті  жалғасуда.  Түркістанның  бақыт-
сыздығы сол – большевиктік төңкеріс біздің әлі ұйымдасып 
үлгермеген  балаң  кезімізде  шарпыды.  Орыстың  патшалық 
мекемелері  біздің  ұлттық  дамуымызды  тежеп  келген  бол-
са,  большевиктер  басқаруы  халқымызды  ұлттық  сезімнен 
жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржолата сылып 
тастауға  тырысып  отыр  [75].  Осылайша  М.  Шоқай  кеңестік 
жүйенің  халқымыздың  рухын  басып-жаныштап,  жоқ  ету-
ге  тырысып  бағып  жатқан  іс  әрекетін  объективтік  шындық 
ретінде көрсетті. Ал ұлттық сана-сезімі, белгісі жоғалса онда 
ол мәңгүртке айналады.
Орыс  большевиктерінің  саяси  мәдениетінің  төмендігінен 
және  адамгершілік  тұрғысынан  да  түрік  халықтарына 
көрсеткен  озбырлықтары  дөрекі  түрде  өріс  алып  үстемдікке 
қол  жеткізген  болатын.  Түркістандағы  оқиға  елу  жылдан 
кейін  Алматыда  қайталанды.  Енді  Кеңес  Үкіметінің  үстемдік 
құрғанына  70  жылдай  уақыт  өткен  соңғы  1986  жылғы 
желтоқсандағы  қазақ  жастарының  бейбіт  түрдегі  наразылық 
шеруіне  сол  баяғы  әдіспен  ату,  түрмелерге  жабу,  қудалау 
сияқты  тәсілдер  қолдану  арқылы  жауап  берді.  Жастардың 
өз  наразылықтарын  білдіруі,  ендігі  жерде  ұлттың  түбегейлі 
мүдделеріне жат шешімдермен ымырасыз қарсы екендіктерін 
ашық  жариялауы  еді.  Кеңестік  әміршіл-әкімшіл  Үкімет  сол 
баяғы  өркөкіректікке  басып,  ұлттық  рухты  ескі  тәсілдерді 
қолданып  басып  жанышты.  Алаңға  шыққан  жастар  әрекеті 
темір құрсаулы елдегі әділетсіздікке әрі қарай төзудің мүмкін 
еместігін, ұлттық намыс пен рухтың ояу екенін білдіреді. Керек 
кезінде  халқы  үшін,  ұлтының  болашағы  үшін  жан  пидалық, 
сын  сағаттарда  сол  намыстың  күрт  оянуы  бейсаналық  астар-
ларда  үнемі  жататындығын  байқатады.  Тоталитарлық-
авторитарлық  жүйенің  этникалық  өзгешеліктерді  жойып, 
халықтарды,  ұлттарды  біртұтас  кеңестік  социалистік  ұлтқа 
біріктіру идеясының жүзеге аспайтындығын пайымдатқызғаны 
болатын. 

169
3. ХХ ғасырдағы еркіндік құбылысының қайшылықты сипаттары
1932 жылы «Яш Түркістанның» №37 санында «Жел-тоқсан 
естеліктері» атты мақаласында: «1917 жылдың 10 желтоқсанында 
«Түркістан  автономиясын»  жариялау  кезіндегі  Түркістан 
халқының  саяси  рухы  бірден  көтеріліп,  Ташкент  маңынан 
қалаға мереке күні 13 желтоқсанда 10 мыңнан астам жігіттер 
атпен кірді. Жергілікті халықтардың рухын түрік көтерген осы 
мерекеден большевиктер қатты қорықты. Ташкенттегі митинг 
салтанатты  жағдайда  аяқталып  жұрт  үйлеріне  қайта  баста-
ды. Қаланың бір топ түрік тұрғындары көне қала жаққа кетіп 
бара жатқан, митингішілер «Ордадағы» тар көпірдің үстінен 
енді өте бергенде оқ атылып, пулеметтер сақылдап қоя берді... 
Қарусыз құр қол халық басы ауған жаққа қашты. Оқиға болған 
жерде  түріктердің  ондаған  өлігі  қалды...  Осы  күннен  бастап 
орыс большевиктері мен біздің арамызда ашық қанды күрес 
басталды»  –  деп  еске  алады.  Түркістанның  бақытсыздығы 
көтерілісшілер  ұйымының  әлсіздігіне,  басшылықтың  күшті 
бір саясатты орталыққа ие бола алмауында еді... Алайда күшті 
ұйымы, тәжірибелі әскери басшысы болмаған қарусыз халық 
мұздай  қаруланған,  кемелді  мемлекетке  қарсы  күрескенде, 
мұндай күрес немен тынбақ? Осы тарихи құбылыс жайында 
М. Шоқай кезеңнің тарихи оқиғаларына ғылыми түрде шолу 
жасай отырып, сол кездегі Ұлыбритания отары Үндістан мен 
«Кеңес  Одағының  тәуелсіз  Республикалары»  арасындағы 
айырмашылықты  көрсетіп  талдау  жасаған  болатын.  Осы  екі 
жағдайдағы  отар  елдегі  сөз  бостандығы  жайындағы  мәселені 
салыстыра  отырып  зерттеу  ақиқатты  көрсетіп  берді.  Боль-
шевиктер  «отарлық  құлдықта»  деп  санайтын  Үндістанның 
тәуелсіздігі  хақында  айтар  болсақ,  шетелдіктермен  ашық 
сөйлесе алады. Ал Кеңес ұлттық республикасындағы туысқан 
халықтар  болса  «тәуелсіздік»  туралы  жұмған  ауыздарын 
ашуы мүмкін емес. Олар тек қана Мәскеуде бекітіліп рұқсат 
етілген «рухпен» сөйлеуге мәжбүр... Біз «Кеңестік шығыстағы 
өлкелерді»  қызыл  отар,  яғни  «отаршылдық  тепкісінде 
жатқан»,  отаршыл  мемлекетке  арзан  бағамен  шикізат  беріп, 
қымбат  бағамен  өнеркәсіп  товарларын  алуға  мәжбүр  болған 
мемлекет деп санаймыз. Отарлаушы мемлекетке тән барлық 
белгілерді біз кеңестік Ресейдің басынан анық көріп отырмыз 
[75].  Большевиктер  өздерінің  құйтырқы  саясаттарын  жан-

170
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
жақты  ойластырды.  Мысалы  Қазақстанда  ұлттық  жұмысшы 
табын  қалыптастыру,  индустияландыру,  тың  жерлерді  иге-
ру, жастарды екпінді комсомолдық құрылыстарға аттандыру 
ұрандатқан бастамалардың ішкі астарында орыстандыру жат-
ты. Тың игеру кезінде ішкі Ресейден 1,5 миллион адам әкелінді. 
Нәтижесінде солтүстік аймағымыз саны мен санасы жағынан 
ұлтымыздың  кемшілік  тартқанын  көрсетті.  Демограф  М. 
Тәтімовтің  тәуелсіздігіміздің  алғашқы  жылдарында  жарық 
көрген «Қазақ әлемі» зерттеуінде нақтылы деректер келтіріле 
отырылып көрсетілген. 
Қазақ  халқының  философиялық  ойы  ХХ  ғасырдың  30 
жылдарында өзінше ой-кешетін ұлы тұлғаларынан айырылу-
ымен  байланысты  үзіліп  қалды.  Бұл  үдеріс  сол  кезеңнің  сая-
саты мен биліктің жан-түршігерлік қаталдығымен сипаттала-
ды.  Ол  репрессияға  ұшырату  мен  адамдарды  өлтіру  түрінде 
жүргізілді. Қазақ философиялық ойының табиғи-тарихи даму 
жолының  нақ  осы  кезеңде  үзілгендігі  туралы  О.А.  Сегізбаев: 
«КСРО-да  керісінше  түсіндіріліп  бұрмаланған  марксизмнің 
басқасын  қойғанда  осы  елдің  құрамына  табиғи-ұлттық  
айырмашылықтарымен  кірген  халықтардың  философиясын 
жоғалтуына әкеліп соқты» – деп көрсетті [95, 349].
Философиялық  ой  айтушылар  Мәскеуде  ғана  болды,  ал 
оған  бағынышты  шеткері  аймақтардағылар  тек  солардың 
айтқандарын таратушы, соны тәржімалаушы ғана еді. 
Социализм  идеясының  халқымызға  психологиялық 
тұрғыдан    әсерін  зерттеуге  көптеген  ғалымдарымыз  ой 
толғады. Кезеңдегі халқымызды өзіндік-психологиялық және 
мәдени  өзгерістерге  жетелеген  күрделі  әлеуметтік-саяси 
процесстердің  бірі  –  мәдени  революциясы  деп  жазды  Н. 
Елікбаев.  Ғылыми  әдебиеттердегі  осы  мәдени  революция  ту-
ралы  көптеген  пікірталастармен  қатар,  ХХ  ғасырдың  20–40-
шы  жылдары  болған  өзгерістер  мен  табыстарды  түбірінен 
жоққа  шығара  алмаймыз.  Осы  процестің  қадамы  мен  оңды 
нәтижелері  туралы  пікірлер  жаңаша  ойлау  мен  бағалау 
кезеңіне  дейін  жетістік  ретінде,  зор  ықыласпен  бағаланып 
келді. Мәдени революция қоғамның рухани өмірін өзгертуге 
арналды. Мәдени революцияның жалпы заңдылықтары: адам-

171
3. ХХ ғасырдағы еркіндік құбылысының қайшылықты сипаттары
дар  санасындағы  ескіліктің  зиянды  қалдықтарын  жою  және 
адамгершілікке тәрбиелеу; ғылыми көзқарасты қалыптастыру; 
қоғам ісіне берілген жаңа халықтық интеллигенцияны өсіріп 
нығайту;  халық  ағарту  жүйесін  социалистік  жолмен  қайта 
құру;  жалпы  халықтың  мәдени-техникалық  дәрежесін  өсіру; 
социалистік  мәдениетті  қалыптастыру  және  дамыту;  барлық 
еңбекші бұқараға мәдениет ошақтарын пайдалануға жол ашу 
және т. б. мәселелер қамтылды [96]. 
Бұл  аталған  шаралардың  нәтижесінде  қазақтар  да 
Одақтағы  жүз  шақты  ұлттар  мен  ұлыстар  қатарында  ағар-
тушылыққа  қол  жеткізіп,  еуропалық  ғылым  мен  білімге  су-
сындады.  Бірақ  бұл  жаңашылдық  қоғамдағы  ірі  өзгерістер 
халық  жадынан  өзінің  тарихын,  дәстүрлерін  жоққа  шығара 
отырып  жүзеге  асырылды.  Түрік  өркениеті  мен  мәдениеті 
жайындағы кез келген ақпараттар мен дереккөздерді кеңестік 
идеологияның қырағы қорғаушылары жойып отырды. Олар 
түркі мәдениетінің тарихына теріс көзқарас қалыптастырды. 
Оның  архаикалық  түбірлерін  «ескіліктің  қалдығы»  деп 
тұқыртып  ұмыттыруға,  қолданыс  аясын  тарылтуға  күштеп 
көндірді. Өздерінің отар елдерінде бұндай саясат жүргізу әрине 
«аға халық» үшін болашақта өздерінің артықшылықтары ал-
дында бас игізуді көздеген мақсаттан туған еді. 
Кеңестік  кезеңнің  солақай  саясаты  халқымыздың  мәдени 
мұраларының  жойылып  кетуіне  себепші  де  болды.  Больше-
виктер «мешіттер мен мавзолейлерді, шіркеулерді қирату ке-
рек» деген айдармен вандализмге жол ашты. Кеңестік кезеңнің 
осындай  сорақылықтарын  отандық  философ  М.С.  Бураба-
ев өз  зерттеулерінде ашып көрсеткен болатын. Сол кезеңнің 
өзінде  араб  әрпімен  жазылған  әдеби  мұраны  құртудың  қате 
екені  жайында:  «қазірге  шейін  «мұсылмандық»  әдебиет 
деп  аталып  жүргендердің  барлығы  діншіл  деп  есептеді. 
Ол  дұрыс  емес.  Оның  «мұсылмандық»  деп  аталуы  оның 
мұсылман  халықтарының  тілінде  араб  әрпімен  басылуында. 
Ол  әдебиеттердің  арасында  социал-демократтық,  марксистік 
басылымдар  болды»  –  деп  жазды.  [97].  Дін,  дінсіздікпен  ате-
изммен  алмастырылды.  Халықты  діннен  бездіру  дөрекі 
түрде  талап  етілді.  Діннің  өзі  рухани  бастаулардың  негізгі 

172
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
тіректерінің бірі. Ал, өздерін әлмисақтан мұсылманбыз дейтін 
қазақтарды патшалы Ресей де, кеңестік Ресей де шоқындыру 
мақсатын  көздегенімен,  дінінен  бездіре  алмады.  Большевик-
тер қорқыныш пен үрей тудыра отырып өздеріне құлақ кесті 
бас шұлғитын құлдық сана қалыптастыруға тырысты. Ұлттық 
құндылықтар  «отаншылдық»,  «ұлтшылдық»,  ендігі  жер-
де  «интернационализм»,  «тапшылдық»  деген  ұғымдармен 
жаңа-жасанды  моральдық  қағидаларды  ұстанумен  айырба-
сталды.  Сол  кездегі  саяси  атқа  айналған  «пантүркішіл»,  «па-
нисламшыл»,  «ұлтшыл-уклонистер»  деген  жарлық  біздің  ірі 
Тұлғаларымыз бен ұлттық зиялыларымызға тағылды. Рухани 
жетілген  адамның  үлгісін  кезеңнің  зиялыларының  бойынан, 
іс-әрекетінен  табамыз.  «Ұлттық  зиялы  деп  кімдерді  айтамыз 
–  осы  ұғымды  түсіндіруде,  оған  дәл  жауапты  М.  Шоқайдың 
өзі береді. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, 
экономикалық  және  әлеуметтік  дамуына  қалтқысыз  қызмет 
ете алатын адамдар кіреді. Халықты ұлт деңгейіне көтеру яғни, 
жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын 
бірлестіріп,  олардың  санасын  біртұтас  саяси,  әлеуметтік, 
ұлттық  санаға  жеткізуде  ұлы  тарихи  міндеттің  маңызды  бір 
бөлігі  зиялылардың  үстіне  жүктеледі.  Дүниежүзінде  зиялы-
ларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі 
ешқашан болған емес. Сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау 
көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды [75].                                                     
М.  Шоқайдың  бұл  тұжырымдары  Кеңестер  үстемдігі  орна-
ғаннан  кейінгі  халқымен  зиялыларының  арасындағы  ортақ 
сананың қалыптаса алмауынан туындады. Зиялыларымыздың 
өрелі ой-тұжырымдарының негізгі алтын қазығы еркіндік иде-
ясы  болды.  Отаршыл  Империя  құрамында  ұлттық  еркіндік 
пен  тәуелсіздік  жайлы  ойды  жүзеге  асыру  жолы  өте  ауыр 
жол еді. Бірақ еркіндік идеясы ешқашан халқымыздың руха-
ни өмірінен өшкен емес. Ұлттық философияда ол желі үзілген 
жоқ еді. 
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет