Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


Абай Құнанбаев шығармашылығы – қазақ рухани



жүктеу 3.54 Kb.
Pdf просмотр
бет7/12
Дата15.01.2017
өлшемі3.54 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

2.2. Абай Құнанбаев шығармашылығы – қазақ рухани 
болмысының еркіндік сипаты
Шығармашылықтың  кілті  еркіндікте  десек,  Абайдың 
шығармашылық  әлемі  қазақ  рухани  болмысының  еркіндігін 
паш  етті.  Абай  Құнанбаев  шығармашылығына  тоқталған 
қазіргі  қазақстандық  зерттеушілер  оның  идеяларының 
философиялық  тұғырлы  және  өмірмәнділік  ұстанымдар 
екендігін баса көрсетіп жүр. Шындығында, оның идеялары ба-
рынша жан-жақты сипат алатын толғаныстардың түзілімінен 
тұрады.  Осыған  орай,  оның  философиялық  толғаныстарын 
зерделей  отыра,  ондағы  еркіндік  мәселесінің  толғанылу 
деңгейлерін  ашып  көрсетуге  тырыстық.  Абай  Құнанбаевтың 
шығармашылығы  өлеңдерден,  қара  сөздерден,  аудармалар 
мен  поэмалардан  құралатындығын  ескерсек,  еркіндік  иде-
ясы  да  осы  салалардың  тұтас  бойына  сіңірілгендігін  айқын 
аңғаруымызға болады. 
Қазақ  қоғамының  әлеуметтік  сыншысы  ретінде  таны-
мал  болған  ойшыл  өзінің  толғаныстарын  белгілі  бір  жүйеде 
адамзат  тіршілігінің  мағынасы  мен  өмірмәнділік  талаптар 
бойынша  ұсынған  және  халқымыздың  тіршілік  дәстүрлеріне 
бойлай еніп, оның негізгі мәнін ашып көрсетуге бағдарлады. 
Оның  сыншылдығы,  әрине,  халқын  жек  көргендіктен  емес, 
оған  жаны  ашығандықтан  туындаған  шығармашылықтың 
түрі  болды.  Ұлтының  шымырланып  қайта  түлеу  қажеттігін 
сезінгендіктен,  қайрау  мен  намыстандыру  арқылы  ішкі  жан-
дүниесінің қайтадан жаңаша құрылу қажеттігін ұсынды. Оны 

124
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
ойшылдың өзіндік ішкі ұлттық Менді оятуды рефлексиялық 
жолмен  ұсынуынан  анық  байқаймыз.  Мәселен,  «Қалың 
елім,  қазағым  қайран  жұртым»  деп  басталатын  толғауында 
халқына  бағышталған  махаббаттың  тұңғиық  көріністері 
анық  байқалады.  Сонымен  қатар  өкініш  пен  күйініш  те 
сезіледі.  Абайдың  негізгі  көздеген  түпкі  идеясы,  ел  ішіндегі 
бірлік  пен  татулық,  әділеттілік  пен  адамгершілік,  білімділік 
пен  зиялылықты  жаңғыртуды  көздейтін  ұстаным.  Оның 
туындыларындағы  еркіндік  мәселесін  талдауды  біз  алдымен 
өлең  жолдарынан  хронологиялық  жүйе  бойынша  сараптап, 
кейіннен  оларды  белгілі  бір  парадигмаларда  жіктеуді  жөн 
көрдік. 
Ойшыл  өзінің  қара  сөздерінде,  ноғай,  орыс,  сарттардың 
бізден артық болғандығының себебі, бірін-бірі қуып қор бол-
май,  шаруа  қуып,  өнер  тауып  еңбекқор  болуында  деп  атап 
көрсетеді. Тұрмыстары жағынан да, мәдениеті жағынан да көш 
ілгері кеткен осы көршілерімізден артта қалуымыз не себептен 
деп сұрақ қоя отырып, оның себебін төрт аяқты мал соңында 
жүре  беріп,  соны  көбейтуді  ғана  ойлаған  шаруашылығының 
тұйықталуынан деп түсіндіреді. Басқа жұрттардай егін, сауда, 
өнер, ғылым секілді нәрселерге салынса осындай кері кетушілік 
болмас  па  еді  деп  топшылайды.  Осылайша  жалқау,  қорқақ, 
ұры,  надан,  ақылсыз,  сұрамсақ,  тойымсыз,  тыйымсыз  сияқты 
жиренішті  қасиеттердің  бой  көрсету  себептерін  қазақтың 
тұрмыс қаракетінің мал бағудың айналасында қалуынан көрді. 
Осылар  біріне  бірі  достық  ойлай  ала  ма?  Кедей  көп  болса 
ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы 
босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей 
болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әріберіден соң 
сыртымызға  шықты,  жауластық,  дауластық,  партияластық  [9, 
110  б.].  Күншілдік  дерті  жайлаған  қоғамда,  одан  арылудың 
жолдарын іздестірген ойшыл болашақтан үміт етеді. 
Абай айтып отырған кезең қазақ елі тәуелділікке мойын-
ұсынған  шақтар  еді.  Қоғамдағы  артта  қалушылықты,  ха-
лықтың  надандығын  жоюды  ойшыл  әуелі  адамның  өз 
бойындағы  кемшіліктерді  жеңуден  бастау  керек  деп  білді. 
Қазақ  қоғамындағы  қайшылықтарды  адамның  бойындағы 
жаман  қасиеттен  арылу  арқылы  шешуді  көздейді.  Іштарлық, 

125
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
көреалмаушылық,  бақастық,  жаулық  сияқты  іштегі  жаман 
қасиеттер ел ішінде дау туғызып іріткі салудың түрткісі болды. 
Осындай келеңсіз жайлардың орын алуын болдырмауды Абай 
әуелі жүректі, ойды тазартуда деп білді.
Заманымыздың  заңғар  жазушысы  Мұқтар  Әуезов  пен 
Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов сонау 1918 жылы жа-
рық көрген «Абай» журналында: «Қазақ халқын надандықтың 
айсыз  қараңғы  түні  ғылым  сәулесінен  бүркеп,  тұншықтырып 
тұрған  кезінде  тұншыққан  елге  дем  болуға,  қараңғы  жер-
ге нұр болуға, надандық – аждаһаны өртеуге құдай жіберген 
хақиқаттың  ұшқыны  Абай  туды»  [65,  160  б.]  –  деп,  Абайдың 
фәни  дүниеде  қазақ  үшін  атқарған  істерін  дәл  көрсете  білді. 
Абайдың ең бір артық өзгешелігі заманының ыңғайына жүр-
мей өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңіл-
дің  шабытына  билеткен,  көз  тұндырарлық  кемшілік,  міннің 
ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып 
келген  кісідей  ашық  көзбен  қарап,  барлық  мінді  мүлтіксіз 
суреттеуі  шарықтап  жүріп,  қылт  еткенді  көретін  қырағы 
қырандай  сыншылдығы.  Мұндай  сипат  Абай  бұл  жүрген 
адамдарға ұқсамай өзгеше зор мақсат үшін келгендігіне дәлел 
[65, 160 б.]. Абайдың сыншылдығы оның зор қайраткерлігімен 
ұласады.  Абайдың  алдына  қойған  мақсаты  –  ұлтын  руха-
ни  жетілдіру.  Қазақтың  келешегіне  сенген,  өз  халқын  шексіз 
сүйген  Абай  ескіліктің  бұғауынан,  надандықтың  шырмауы-
нан  шыға  алмай  отырған  ауыр  халіне  күйінеді.  Күйініп  қана 
қоя  салмайды,  одан  арылудың  жолдарын  да  көрсеткен  бола-
тын. «Жамандықты кім көрмейді. Үміт үзбек қайратсыздық – 
дүниеде  ешнәрседе  баян  жоқ  екені  рас,  жамандық  та  қайдан 
баяндап  қалады  дейсің.  Қары  қалың  қатты  қыстың  артынан 
көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді» [9, 33 б.] дейді 
ақын.  Алайда  халық  басындағы  қара  тұман  айығып,  ел  өмірі 
өзгеріп,  жаңа  дүние,  жарық  күн  туатынына  сенеді.    Қазағын 
сын  тезіне  салып  қуырып,  ащы  тілмен  түйреп  қана  қоймай 
жұбата да білген. 
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек [68, 52 б.] 

126
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
деген  өлең  жолдарында  Алладан  басқаның  бәрі  де  өзгерісте 
болатынын,  қазақ  қоғамның  да  осы  қалпында  тұрып  қал-
майтыны  жайында  тұспалдау  бар.  Басыбайлы  халқының 
ендігі жердегі өзін-өзі сақтап қалу жолы адами тұрғыдан өзін-
өзі жетілдіру дегенге тоқталады. Қоғамдық пайдалы еңбекпен 
шұғылдануға үндейді. 
Қазақтың  жаманшылыққа  үйір  бола  беретұғынының  бір 
себебі  –  жұмысының  жоқтығы.  Егер  егін  салса,  я  саудаға  са-
лынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір 
жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап болмаса сөз аңдып, 
қулық,  сұмдықпен  адам  аздырмақ  үшін,  яки  аздырушылар-
дың  кеңесіне  кірмек  үшін,  пайдасыз,  жұмыссыз  қаңғырып 
жүруге  құмар.  Қазақ  өз  еркіндігін,  бос  уақытын  өмірзая  етіп 
отырғанын  ашық  түрде  баян  етеді.  Егер  олар  еңбекпен  айна-
лысса  өтірікші,  еріншек,  жалқау,  сұрамшақ,  өсекшіл  болмас 
еді.  Пайдалы  еңбекпен  шұғылданса  одан  арылуға  болар  еді 
деп түсінді. Шынында да  кісіні аздыруға негіз болатын жаман 
қылықтар  адамда  бос  уақыттың  көптігінен  болады.  Адамдар 
арасындағы  қарым-қатынас  түзу  жолға  түсіп  шынайылық, 
нағыз сыйластық орнаған болар еді . 
Абай  қазақтың  дәстүрлі  қоғамындағы  адамдар  өмірінің 
бірталай  келеңсіз  жақтарын  сынай  отырып,  одан  құтылудың 
жолын  да  көрсетіп  береді.  Өнер,  білім,  ғылым  үйреніп  қана 
қоймай,  сол  алған  білімді  қалай  жұмсау  керектігін  де  айтып 
кеткен.  Малды  қалай  адал  еңбек  қылғанда  табады  екен,  соны 
үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған 
орыстардың  жұртқа  бірдей  законы  болмаса,  законсыз 
қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел 
болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын 
жейік  деп  ниеттеніп  үйрену  керек…..балаңа  қатын  әперме, 
енші  берме,  барыңды  салсаң  да,  орыстың  ғылымын  үйрет! 
Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес [9, 52 б.]. Қазаққа осы-
лайша Абай ұғынықты, дәл, қатал да батырып сөз қалдырып, 
жол көрсеткен. 
Ғасырлар  бойы  сахарада  билік  тізгіні  кісілік,  тұлғалық 
қасиеті  бар  адамдардың  қолдарында  болған  еді.  Абай    за-
манында  ол  өлшемдер  ысырыла  бастады.  Ендігі  жерде  ма-
лын  шашып,  пара  беріп  билік  басына  келді.  Басқару  жүйесі 

127
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
жергілікті  жердегі  дәстүрлі  қоғамның  ерекшеліктеріне 
қарама-қайшылық  туғызды.  Абай  елге  болыстық  басқару 
жүйесі  енгізіліп,  ел  ішінде  болыстыққа  таласып,  партияла-
сып алауыздық өршіп тұрған кезеңді ащы мысқылмен «Болыс 
болдым  мінеки»,  «Мәз  болады  болысың»  деген  өлеңдерінде 
ашық  түрде  ажуалайды.  Мәз  болады  болысың,  арқаға  ұлық 
қаққанға. Шелтірейіп орысың, шенді шекпен жапқанға – деп өз 
елінің билігі ендігі орысқа қараған кездегі хәлі дәл суреттейді. 
Қытымыр заманның қыспағындағы, надандық түнегіндегі, ескі 
әдет-ғұрыптың шырмауындағы халқының ауыр халге жетуінің 
себептерін  ашып  көрсетеді.  Бірлік,  береке,  шынайы  ақ  пейіл 
секілді  жақсы  әдеттерін  жоғалтқан,  керісінше  екіжүзділік, 
көрсеқызарлық,  күндестік  сияқты  жаман  әдеттерді  бойлары-
на жұқтырған жаңа қазақтар қалыптасты. Белгілі абайтанушы 
ғалым  Қ.  Мұқаметханов:  «...  Алым-салық  онан  сайын  молай-
ып, патша әкімдері мен қазақ байларының ел билеу жөніндегі 
үстемдігі күшейе түсті. Сөйтіп, бұл реформа қазақ халқын ұлт-
тық  және  саяси  жөнінен  правосыздыққа  айналдырған  нағыз 
бюрократтық,  әскери-отаршылдық  сипаттағы  реформа  бол-
ды... Абай: өз қолыңнан ырқың (билігің) кетіп отырғанда ел бо-
лар дей алмаймын. Халық билікті өз қолына алып, өз тағдырын 
өзі шешетін болғанда ғана мақсатқа қолы жетеді, деген пікірді 
айтып отыр» [66] – деп жазды. Абайдың «Қалың елім, қазағым, 
қайран жұртым» деп басталатын толғауында қазақ қоғамына 
әлеуметтік  сыншылық  ойтолғаныстары  анық  байқалады.  Ел 
ішіндегі бірліктің бұзылуы, өзімшілдік пен бос мағынасыздық 
өмір т. б. жөнінде толғай келе осының бәрі жеке адам еркіндігі 
мен қоғамымыздың азаттығына кесел келтіретіндігін байыптай-
ды. Сайып келгенде, ол: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз 
қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, Ағайын жоқ нәрседен етер 
бұлтың, Оның да алған жоқ па құдай құлқын» деп толғанады. 
Яғни, өз ырқыңның кетуі қайтадан елдік пен бірліктің үстемдік 
етуіне күмән туғызатын басты белгі. Ендігі жерде сахарада жаңа 
әкімшілік  құрылымын  күштеп  енгізген  Ресей  билігіне  қарсы 
тұруға қазақтар қауқарсыз еді. Ұлан байтақ кеңістікте өздерінің 
ықпалын  жүргізген  рубасыларының  билік  құруы  жойылды. 
Оның  орнын  қазақтарды  шабындық  пен  жақсы  жайылымға 

128
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
таластырып  бір  бірімен  жауластыруға  мәжбүрлеген  жаңа 
әкімшілік құрылым алмастырды. 
Сахарадағы  биліктің  жаңа  түрін  Абай:  «Болыс  бол-
дым мінеки, бар малымды шығындап. Түйеде қом атта жал, 
Қалмады  елге  тығындап.  Сөйтсе  дағы  елімді  ұстай  алма-
дым  мығымдып»  деп  сипаттайды.  Болыстық  лауазымының 
өкілдігіне  ру  аралық  тартыс  жергілікті  басшыларды  әжеп-
тәуір баюға дәмелендірген еді. Енді ел арасы пара беру де-
ген,  жағайымпаздық,  құлқынын  арандату  деген  сияқты 
жаман  қылықтарға  үйір  бола  бастайды.  «Ағайынның 
құлқын  да  құдай  алған»,  «Құлқы»,  яғни,  шын  пейілі 
мен  ниеті  жоқ  ағайын  да,  бұрынғы  туысқандық  сезімнен 
алшақтай бастағандығын білдіреді. Осы тұста Абайдың ырық 
мәселесіндегі «оны сақтаудың басты мазмұны – бірлік» деген 
қағида жатқандығын аңғарамыз. Бұл тек қана Абайдың өмір 
сүрген  аймағындағы  жағдай  емес,  бүкіл  қазақ  қоғамындағы 
сол кезде белең алып отырған құбылыс. Сондықтан ол бүкіл 
халқымыздың  тұтас  бейнесін  сипаттап  тұр.  Абай  «Біріңді 
қазақ,  бірің  дос,  көрмесең  істің  бәрі  бос»  дегенде  халық 
тұтастығы  адам  аралық  қатынастар  шынайы  махаббатқа 
негізделгенде  ғана  сақталатындығына  меңзеген  еді.  Қазақ 
халқы  бұған  дейін  өз  ырқынан  айырылса  да,  дәл  осындай 
күйге түскен емес. Ел тізгіні басқаның қолына өтті. Ел болып 
қалудың қамын ойластырған ақын шығармашылығы адамның 
жетілуі мәселесіне қарай ойысты.
Абайдың  дүниеге  көзқарасы,  дүниетанымы  жөнінде  сөз 
қозғағанда, оның философиялық ой-әлемі өзіне ғана тән хас 
сипатта екенін түйсіну ләзім. Абай шығармашылығының өзегі 
«Адам  бол»  деген  философиялық  идеяға  саяды.  Қоғамдағы 
бір  адамның  жан-жақты  жетілуі,  қалған  адамдардың  да 
соны үлгі тұтып талпынуы соның себебі, алғы шарты. Ондай 
болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз – дегенде ғұлама – 
адамның  рухани  жетілу  мүмкіндігінің  шексіздігін  көрсетті. 
Нағыз рухани жетілген адам өзінің барлық танып-білгендерін, 
оқып-тоқығандарын,  сұлу  сезімдерін  басқа  адамдарға,  ел-
жұртына,  адамзатқа  бағыштаған  шығармашыл  тұлға.  Абай 
ақыл мәселесін ағарту, халыққа білім беру тұрғысынан шешті. 
Адамның білімге талпынысы табиғи қасиет «... өйткені адам-

129
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
ды,  қоғамды  адасушылықтан  сақтайтын  да,  индивидке  иде-
ялар  мен  ережелер,  ойлар  мен  болжамдар  беріп,  жалпы 
таным  әлемі  ретінде  ашылатын  да  білім»  [67].  –  деп  жазды                 
М.С.  Орынбеков.  Адамның  рухани  дүниесін  жетілдіруде  та-
ным қабілетінің атқаратын ролі ерекше. Абайдың «Жас бала 
анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, же-
сем,  ұйықтасам  деп  тұрады.  Бұлар  тәннің  –  құмары.  Біреуі 
білсем  екен  демектік...  көзі  көрген,  құлағы  естігеннің  бәрін 
сұрап  тыныштық  көрмейді.  Мұның  бәрі  –  жан  құмары, 
білсем  екен,  көрсем  екен,  үйренсем  екен  деген  осы  табиғи 
қабілетімізден ержеткен соң айрылуымыз не себептен, орнын 
тауып  ізденіп,  кісісін  тауып  сұранып,  ғылым  тапқандардың 
жолына  неге  салмайды  екенбіз»  дегенде,  ойшыл  әрбір  адам 
өзінше жетіледі деп сенді. Ақыл өзіндік сананы жетілдірудің 
әмбебапты ұстыны болып табылады. Ұлы ойшыл ғылым мен 
білімді махаббат-пен үйрену керектігі жайында: «Қашан бір 
бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана 
оның аты адам болады» [9, 80 б.] – деп жазды.
Абай  дүниетанымының  гуманистік  жақтарын  филосо-
фиялық  тұрғыдан  зерделеген  І.  Ерғалиевтің  пікірлерінен 
ой  түрткі  еншілей  келе,  Ұлы  Абай  әлеміне  тағы  да  үңілсек 
тереңдей  береріміз  сөзсіз.  Абай  философиясының  негізгі 
мәселесі – адамгершілік, ізгіліктілік, этикалық мәселелер. Бұл 
мәселелерді  ұлы  ойшыл  Адамның,  Әлемнің  мәні,  Алла  мен 
Адам қатынасы  сияқты жалпы философиялық сұрақтарға жа-
уап  іздеу  арқылы  шешеді.  Өзінің  негізгі  сипатында  өзгеріссіз 
қалатын  Құдайдан  басқа  барлық  болмыстың  өзгеруі  идеясы 
бойынша  Абай  адамның  рухани  жетілу  мәселесін  көтереді. 
Адам  бойындағы  жаман  қасиеттерді  көре  отырып  одан  ары-
лу  жолдарын  анықтайды.  Адам  жаратылғаннан  бері  зұлым 
да, қайырымды да емес. Ол тәрбиенің нәтижесінде, заманның 
ағымына, өзінің ортасына байланысты дамиды. Адамгершілікке 
жетелейтін  бірден  бір  жол,  Абай  түсінігінде  білім  мен  ғы-
лымға  құштарлық  болып  табылады.  Абай  адамды  тәндік 
құрылысымен табиғаттың туындысы ретінде қарастырған жоқ, 
ол адамды Құдайдың шығармашылық іс-әрекетінің туындысы 
ретінде қарастырды. Адамды өзінің махаббаты арқылы жарат-
ты деп түсіндіреді. Абай адамның өз тағдырын өзі жасап, өзі 

130
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
шешетіндігіне  сенді.  Адамның  адамгершілікті  қасиеттерінің 
негізі  ретінде  Абай  білімге  құштарлықты,  ғылым,  білім 
үйренуді алады. 
Абай  шығармашылығындағы  еркіндік  мәселесі  филосо-
фиялық,  саяси-әлеуметтік  бағдарларға  ажырайды.  Мәселен, 
«Сап-сап, көңлім, сап, көңлім» атты өлеңінде адам еркіндігінің 
шабыты  мен  оған  тоқтау  салу,  әрбір  жеке  тұлғаның  өзінің 
болмысының  шеңберіндегі  еркіндік  мәселесі  толғанылады. 
Бірде  алабұртқан  көңілге  басу  айтса,  бірде,  оның  шабытын 
қолдай түседі. Бірақ адам өзіндік жеке болмысынан асып түсе 
алмайды  деген  тұжырымдар  айғақталады.  Бұндағы  көңіл 
таза  психологиялық  еркіндік  пен  адамның  жан  дүниесінің 
толғанылу  деңгейлерін  таразылауға  бағытталған.  Өмірлік 
шабыттың  сезімі  мен  саналы  бағдарды  қатар  қоя  отырып, 
ғұмыр  кешудегі  байсалдылық  арқылы  өзіндік  ішкі  сезімді 
шектеп отыру қажеттігін де атап өтеді: «Қарсақ жортпас қара 
адыр,  Қарамай  неге  шабасың»  деген  жолдар  осының  айғағы. 
Бұл  жердегі  «қарсақ  жортпас  қара  адыр»  теңеуі  қазақ  дала-
сына  байланысты  айтылған  образдық  теңеу.  Дала  құбылысы 
өзіндік тылсымдығы мен асқақтығын сақтайды, сонымен қатар 
үрейлілігі  мен  өзінің  сырын  ішке  бүккен  қасиетінен  танбай-
ды.  Яғни,  ен  дала,  елсіз  мекенмен  жүру  адамның  еркіндік 
шабытының  белгілі  бір  деңгейде  қанағаттандыруға  бағыттал-
ған ғұмыр кешудегі тұрмыстық мәніне айналады. Яғни, тоқтау 
салу,  байсалдылық  пен  ойлылық  адамның  сезімдік  шабыты-
ның еркіндігін тежейтін бірден-бір ұстын екендігі туралы па-
йымдайды. 
«Көріп алсаң көріктіні
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?»
 
– деген жолдар белгілі бір деңгейде адам санасы мен өмірлік 
шабытының  қанағатсыздығын  белгілейді.  Бірақ,  бұның 
дұрыс  немесе  бұрыс  екендігі  туралы  нақты  шешім  ай-
тылмайды.  Бұл  шындығында  да  солай.  Бұл  жолдар  Бұхар 
жыраудың «Ай нұрын ұстап мінсе де, Қызыққа тоймас адам-
зат» деген толғауларының тұрмыстық деңгейдегі пратикалық 

131
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
көрінісі  екендігі  сөзсіз.  Осыдан  өмірлік  шабытпен  астасып 
жатқан  «көңіл  еркіндігі»  деп  атуға  болатын  психологиялық 
түйткілдерді аңғаруымызға болады. 
«Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын туын-
дысында бір қарағанда еркіндік мәселесі қозғалмайтын сияқты 
болғанмен,  табиғаттың  тылсым  және  көркем  бейнесін  сурет-
теуде  тек  мүлгіген  тыныштық  емес,  қайнаған  тіршілік  адам-
мен  байланыста  қарастырылады.  Түлкі  өзінің  тіршілік  үшін 
күрес жағдайында алыса бастаса, қыран бүркіт өзінің мақсаты 
мен  жауапкершілігін  орындау  үстінде  айқасқа  түседі.  Қазақ 
дүниетанымында бүркіт шынайы еркіндіктің, дала еркіндігінің 
рәміздік  белгісі  екендігін  ескерсек,  ол  өзінің  күш-қуаты  мен 
тіршілік  тағайындаған  болмысына  толықтай  сәйкес  келеді 
және көкті шарлаған,  аспан кеңістігінің  төресіндей абсолютті 
еркіндіктің нақты нышанын айғақтайды. Бірақ Абай түлкіні де 
осал қылып суреттемейді: «Біреуі – Көк, Біреуі – Жер тағысы». 
Яғни,  Көк  тағысы  Бүркіт  түптеп  келгенде  мақсатына  жетеді. 
Мүмкін, Абай сол кезеңдегі дәуірге байланысты қыран бүркіт 
арқылы  қазақ  рухы  мен  еркіндігінің  нышанын  және  осындай 
күрескерліктің  рәмізін  білдіргісі  келген  шығар.  Мүмкін  ар-
найы ондай мақсат қоймаса да, осы өлеңнің мазмұнынан терең 
бойлаған хылықтық діл бүркіттің еркіндік сүйгіш азаттығына 
ризашылық  сезіммен  қарап,  бейсаналы  түрде  болса,  оған 
еліктеп,  архетиптерін  оята  бастайды.  Осыдан  ұлттық  рух 
серпілісінің  белгілі  бір  деңгейде  өзіндік  түйткілдері  ашыла 
түседі деп тұжырымдай аламыз. Мәселен, қазіргі мемлекеттік 
рәміздердегі  аспанды  бейнелейтін  көк  түсті  ту  және  ондағы 
қыран  бүркіт  бейнесі  осы  еркіндік  пен  азаттықтың  ныша-
ны  екендігі  белгілі  жайт.  Бұны  біз  Абай  дүниетанымындағы 
еркіндіктің  «табиғатпен  сәйкестендірілген  рәміздік  көрінісі» 
деп те атауымызға болады. 
Абай  дүниетанымындағы  еркіндік  мәселесі  тек  филосо-
фиялық  қана  емес,  этикалық  арналарда  да  айқын  көрініс  та-
бады.  «Қандай  қызда  ләззат  бар  жан  татпаған»  деп  бастала-
тын  толғауында  адамзат  тіршілігіндегі  еңбек  пен  еңбектен 
азат  болатын  адам  еркіндігін  салыстыра  көрсетеді.  «Орын-
ды  іске  жүріп  ой  таппаған,  Не  болмаса  жұмыс  қып,  мал 
бақпаған. Қасиеті болмайды ондай жігіт, Әншейін құр бекер-

132
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
ге бұлғақтаған» деп аяқталған тұжырымдарына назар салсақ, 
еркіндік  хақындағы  толғаныстардың  деңгейлерін  байыптай 
аламыз.  Не  ой  еңбегімен,  не  дене  еңбегімен  шұғылданбай 
өмірзая тірлік кешудің мәнсіздігін айшықтайды. Осы орайда, 
адамның абсолютті бостандығын теориялық түрде жобаласақ, 
ол бәрінен, тіпті тіршілік үшін қажетті еңбектен де азат болу 
керек.  Бұндай  азаттық  әрине,  мүмкін  емес.  Егер  осындай 
азаттық  болатын  болса,  ондай  адамның  «қасиеті  болмай-
ды»  сондықтан  «адам  еркіндігі  белгілі  бір  деңгейлерде  шарт-
талады.  Оның  бірі  –  еңбек»  деген  тұжырым  жатқандығын 
аңдай  аламыз.  Еңбек  еркіндікті  шектемейді,  бірақ  адамның 
бос  уақытының  еңбекпен  өтуі  белгілі  бір  қырынан  алғанда, 
еркіндіктің шектелуі тәрізді. Дегенмен осы шектелу еркіндіктің 
шектелмеуіне алып келеді. Адам еркіндігінің абсолютті сипаты 
оның  қоғамдағы  еңбектен  азат  болуымен  өлшенбейді.  Еркін-
дік өзінің қоғамдық талаптарының шеңберінде іске асып оты-
ратын  өзінің  Менінің  жауапкершілік  деңгейі  болып  шығады. 
Осы  толғаныстарды  таразылай  келе  біз  мұны  «еркіндік  эти-
касы»  деп  тұжырымдауымызға  болады.  «Қартайдық  қайғы 
ойладық,  ұйқы  сергек»  деп  аталған  өлеңі  экзистенциалдық 
толғанысқа құрылған туынды. Бұнда да адам еркіндігі мәселесі 
антропологиялық  деңгейден  онтологиялық  дәрежеге  дейін 
көтеріледі.  Адамзат  тіршілігінің  мағынасы  мен  мәніне  шолу 
жасай отырып, өлім мен өмір мәселесін қозғайды: 
Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайтып келмек,
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек».
 [68, 23 б.] 
Осы мәтіннің мазмұнына тереңірек назар салсақ, тағдыр, 
өлім, Құдай сияқты концепттердің кірістіріліп, ұлттық таным 
түсініктегі  философемдерді  аңғарамыз.  Жас  қартаяды,  жоқ 
адам дүниеге келеді, туғандар өледі. Бұл адамзат болмысының 
қарапайым  эволюциялық  формуласы  болғанмен,  тоқтаусыз 
уақыт  пен  өтіп  бара  жатқан  өмір  сол  адамның  жеке 
субьектілік қалауына байланыссыз болып шығады. Осы орай-
да  абсолютті  еркіндік  пен  антропоцентрлік  сана  тежеледі. 

133
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
Өмірдің бір бағытта, яғни, өткеннен келешекке қарай жүріп 
отыруы  мен  өлген  адамның  қайта  оралмайтындығы  жал-
пы  оның  болмысының  тағдыры  болып  айқындалады.  Осы 
тұста  абсолютті  үстемдік  пен  еркіндік  белгілі  бір  деңгейде 
мағынасын жояды. Адам болмысының, тіршілігінің мазмұны 
субьективті болғанмен, формасы обьективті екендігін байып-
таған  ой  пікірлерін  бағамдаймыз.  Тағдырдың  үсемдік  етуі 
(фатализм)  белгілі  бір  деңгейде  еркіндіктің  шартталуы  деп 
те айғақтауымызға болады. Көрген қызықтардың артта қалуы 
уақыт  факторын  бағамдауға  байланысты  айтылған  идея. 
Уақыт  пен  тағдыр  немесе,  уақытты  қалай  өткізу  керектігін 
бағындырған  тағдыр  еркіндік  өлшемдерін  де  өзіне  оңай 
бағындыра алады деген тұжырым меңзелгендігін аңғаруымызға 
болады. Келесі шумақтағы «ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек» 
деген  дәйекті  тұжырым,  ақыл  мен  иррационалдықтың 
қайшылығын ашып көрсетуге мүмкіндік туғызатын ұстаным. 
Бұл  жердегі  «бой»  сөзін  тереңірек  ашып  көрсетсек,  қазақ 
халқының  таным  түсінігіндегі  «бой  бермей  кету»,  «бой  ал-
дырмау» сияқты тіркестері арқылы мағынасының толығырақ 
ашылатындығына  көз  жеткіземіз.  «Бой»  ерік  күшімен 
тежелетін,  адамның  ішкі  сезімдік,  иррационалдық,  нәпсілік 
т.  б.  физиологиялық  қажеттіліктерінің  бағынышсыздығынан 
туындайды.  Батыс  философиясы  түсінігі  бойынша  қарасақ, 
оны  «бейсаналылықпен»  де  байланыстыруға  болады.  Яғни, 
бой  алдырмау,  өзінің  бойын  (өн-бойын)  оған  бағынышты 
етпеу  деген  психологиялық  қағиданы  туындатады.  «Оған» 
деп  отырғанымыз  руханилыққа  қарама-қарсы  зұлымдық 
және  өзіне  де,  өзгеге  де  қажетсіздіктердің  тұтас  жиынтығын 
білдіреді.  Демек,  «бойын  жеңу»  өзінің  ішкі  қуаттылығы  мен 
бейсаналық  ұмтылыстарын  бағындыру,  тәннің  талаптарына 
сөзсіз  бас  июді  болдырмау  деген  мағынаға  келіп  тоғысады. 
Себебі,  оған  ақыл  қарма-қарсы  тұрады.  Осы  орайда,  Абай 
дүниетанымындағы  еркіндік  мәселесінің  «ақыл»,  «бойды 
жеңу» сияқты ұғымдармен тереңірек анықталып тұрғандығын 
атап  өтуіміз  қажет.  Бұны  «ақыл-ерік  күші»  деп  атауымызға 
болады. 
Осы  шумақ  «Еріншек  ездігінен  көпке  көнбек»  деп  аяқ-
талады. Осы тұста еріншектің көпке көнуі, яғни, не болса соған 

134
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
көне  салуы  оның  еркіндігінің  тежелгендігін,  мүмкіндігінің 
шектелгендігін  білдіреді.  Еріншек  адам  дәулетсіз,  мойын-
сұнғыш, көнбіс адамға айналып өзінің еркіндігін өзі қолынан 
береді. Сөйтіп, еркіндіктен өзінің еріншектік болмысы арқылы 
ажырайды,  өзінің  еркіндігін,  мүмкіндіктерін  өзгеге  «тапсы-
рады».  Өзгеге  тапсырылған  басқа  адамның  еркіндігі  әрине 
толыққанды сақталмайды. Еркіндіктің осылай тасымалдануын 
еріншектік арқылы ашып көрсеткен Абай дүниетанымы белгілі 
бір  деңгейде  еркіндік  феноменінің  жеке  адамдар  арасындағы 
тасымалдануын, одан айрылуды, өзге үшін тағы бір еркіндікке 
ие  болуды  сипаттайды.  Мәселен,  құл  иеленушілік  қоғамда 
құлдар өзінің еркі мен еркіндігін өзгеге тапсырады. Бұл жердегі 
еріншектің көпке көнуі сайып келгенде, түптің түбінде, өзгенің 
еркіне кіруге негізделеді, немесе соған ұмтылып бара жатқан 
үрдіс екендігі сөзсіз. 
Осы  өлеңдегі  келесі  бір  шумақ  мистификациялық  сенім-
дерге негізделген еркіндік пен ерік мәселесін қозғайды: 
Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек,
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек
 [68, 24 б.]
Осы жолдардағы еркіндік туралы толғаныстың ерекшелігі 
«Періште» мен «шайтанның» қатыстырылуы арқылы ұсыныл-
ған рәміздік парадигма екендігіне байланысты. Бұл екі ұғым 
негізінен  діндегі  айқынсыз,  трансценденциялық  субьектілер 
болып  табылады.  Сонымен  қатар  халықтық  дүниетанымда 
да,  әлемдік  мистикада  да  шайтан  –  сайтан,  сатана  түрінде 
құдайды  мойындамайтын  және  адамды  азғырушы,  рухани 
жолдан тайдырып, нәпсіқұмарлыққа жетелеуші образды бей-
не. Ал періште де әлемдік діндердің көбіне ортақ тазалық пен 
пәктіктің рәміздік белгісі, адамдардың қорғаушысы (періштесі 
сақтап  қалды).  Осыдан  адам  болмысының  белгілі  бір  қырын 
былайша  түсіндіріп  өтуімізге  болады.  Періштені  шарт-
ты  түрде  –  саналылық,  парасаттылық,  руханилық,  тазалық 
ретінде  байыптасақ,  шайтанды  –  бейсанадағы  жағымсыз 
ұмтылыстар  мен  белгілі  бір  шектердің  бұзылуы  деп  ажы-

135
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
ратып  алуымызға  болады.  Бұл  жердегі  еркіндік  адамның  өзі 
ішіндегі қайшылықтарға байланысты туындап тұр. Жоғарыда 
айтылғандай  періштенің  жиынтық  қасиеттері  шайтан 
өрнек  салғанда,  (жамандықтың  көрініс  беруі)  төменшіктеп, 
жеңіліс  табады.  Ал  адам  бұл  өзімнен  емес,  «шайтан  жеңді» 
деп  психологиялық  қорғаныш  тетігін  жасайды,  нақтырақ 
айтқанда,  кінәні  өзінен  басқаға  бейсаналы  түрде  көшіреді. 
Бұл жерде шайтан, біздің түсінігімізше, барлық адамдардың 
бойында  сақталатын,  сәт  сайын  өзіне  шақырып,  адамды 
азғырушылыққа  бағыттап  отыратын  ішкі  психологиялық 
ықпалды  күш  екендігіне  көз  жеткізсек,  адамның  еркі  немесе 
ерік  күші  оған  бағынбауға  тиіс  екендігі  мәлім.  Осы  орайда, 
өзінің еркін бағындыру мен бағындыра алмау мәселесі туын-
дайды.  Міне  еркіндіктің  деңгейлеріне  байланысты,  алдымен, 
адамның өз ішіндегі еркіндігі, нақтырақ айтқанда, ерік күші, 
өзін-өзі  билей  алуы  бастапқы  мән  болып  табылатындығына 
көз жеткізе аламыз. Ал періште сол ерік күшін бағындырып 
отырудың  жәрдемшісі.  Бұл  тұста  «шайтан  жеңді  ғой  деп 
періште төменшіктейді» деген жолдарға баса назар аударуы-
мыз  қажет.  Періште  мен  шайтан  осылай  бір-бірімен  күресі, 
періштенің  немесе  шайтанның  жеңілу  себебі  адамның  өзіне 
байланысты. Яғни, адамның руханилық деңгейінің иерархия-
сынан туындайды. Шындығында, екеуі қатар үстемдік ете ал-
майды, адам әрекетінде не періште, не шайтан үстемдік етеді. 
Шайтан  сол  адамның  ерік  күшінің  әлсіреуін  аңдып  жүріп, 
парасаттылығы  мен  руханилығының  бір  сәтке  төмендеуін 
пайдаланып,  өзінің  үстемдігін  жүргізуге  ұмтылатын  ішкі 
жағымсыз күш. 
Ойшылдың  –  «Адасқанның  алды  –  жөн,  арты  –  соқпақ», 
«Бір дәурен кемді күнге – боз балалық», «Жігіттер, ойын ар-
зан,  күлкі  қымбат»  деген  туындылары  бозбалаларға  қарата 
толғанылған  тұжырымдармен  айшықталады.  Бұндағы  еркін-
дікке қатысты негізгі идея – бозбалалық шақтағы еркіндіктің 
белгілі  бір  шексіз  кеңістігін  қалай  бағындыру  керектігі 
және  оны  қалай  пайдалану  қажеті  туралы  айтылады.  Адам 
болмысындағы «күлкіні» Абай төртінші сөзінде бос күлкімен 
уақыт өткізуді шаруадан қалу, не ахирет шаруасына, не дүние 
шаруасына  ғафилдік  деген.  Бірақ  үнемі  күлмей  жүруге  жан 

136
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
шыдамайды,  уайым-қайғының  ішіне  кіріп  алып,  қамалып 
қалмақ  өзі  де  бір  антұрғандық...  Адам  баласы  жылап  туады, 
кейіп  өледі.  Бұл  дүниенің  рахатының  қайда  екенін  білмей, 
бірін-бірі  аңдып,  біріне-бірі  мақтанып,  есіл  өмірді  ескерусіз, 
босқа,  жарамсыз  қылықпен,  қор  етіп  өткізеді  де,  таусылған 
күнінде  бір  күндік  өмірді  бар  малына  сатып  алуға  таба  ал-
майды [9, 15 б.]. Бұл айтылған ойдан өмірдің мәні туралы ой-
лану,  оның  шектілігі  ескертіліп,  уақытты  ұтымды  пайдалану 
мен адал еңбек етуге шақырады. Қай кезеңде болмасын ғұмыр 
ұзақтығын халқымыз «қас қағымдай», «көзді ашып жұмғанша» 
деген сәттермен салыстырған. Өтіп кеткеніне өкініш білдіреді. 
Ал  қазіргі  кезеңдегі  жаһанданудың  сын-тегеуріндерінің 
бастыларының  бірі  тарихи  уақыттың  жеделдей  түсуі  болып 
отыр. Әлемде болып жатқан өзгерістер өте тез жылдамдықта 
болып  жатқандықтан  әр  адам  өзінің  лайықты  орнын  тауып 
заманға қарай икемделуі қажет. Екі ғасыр бұрынғы Абайдың 
философиялық  ойлары  қазіргі  адамзаттың  бетпе-бет  келіп 
отырған мәселелерімен астасып жатыр. 
Ойшылдың  «Ғылым  таппай  мақтанба»  толғауында 
еркіндік  этикалық  категориялардың  қатарынан  көрінеді: 
«Орын  таппай  баптанба,  Құмарланып  шаттанба,  Ойнап 
босқа  күлуге,  Бес  нәрседен  қашық  бол,  Бес  нәрсеге  асық 
бол».  Осындай  императив  түріндегі  толғаныстың  мәні  – 
құмарланып  шаттана  жүріп,  басты  этикалық  қағидалардан 
аттап  өтуге  болмайтындығы.  Бұл  тұста  бұл  бес  асыл  іс  пен 
қашық  болуы  тиіс  бес  нәрсе  адамның  еркіндігінің  белгілі 
бір  деңгейде  жауапкершілікпен  шектелуі,  оның  этикалық 
нормаларды  мойындауы.  Осы  тұста  құмарланып  шатта-
ну,  мақтану,  баптанудың  белгілі  бір  деңгейде  өмір  сүрудің 
еркін  шат-шадыман  эстетикалық  сәті  болғанмен,  алдымен, 
жауапкершілік  бар  екендігін  үнемі  сезініп  жүруді  ескертіп 
қояды. Өз ойын ойшыл былайша сабақтай түседі: 
Жамандық көрсең нәфрәтлі
Суытып көңіл тыйсаңыз,
Жақсылық көрсең ғибратлі
Оны ойға жисаңыз.
 [68, 41б.] 

137
2. Қазақ ағартушыларының рухани мұрасындағы еркіндік идеясы
Осы ой түйіндерінен еркіндіктің кейде көңіл сезімі арқылы 
шектен тыс бостандыққа ұмтылып, белгілі бір деңгейде өзінің 
жазықтығынан,  өлшемінен  шығып  кететіндігін  байыптайды. 
Жамандықты  көріп  отырғанда,  ондан  суытып  көңілді  тыю 
қажет. Яғни, көңілді тыю адамның ерік күшіне сәйкес келетін 
түсінік. Көңіл – құмарлық, алдамшылық сияқты ұғымдармен 
мазмұны  жөнінен  қиылысатын  түсінікті  білдіріп  тұр.  Оны 
тыю шек қою, саналы түрде ұғыну, парасаттылыққа жүгіну бо-
лып  шығады.  Жалпы  бұл  толғау  әрі  қарай  білімқұмарлықты 
дәйектеуге  бағытталады.  Шындығында,  адамның  риясыз, 
мағынасыз  шаттығын  тежейтін  ғылым  екендігіне  шүбә  жоқ. 
Ғылым өзінің шексіздігі мен күрделілігі, сезімнен гөрі ақылға 
үнемі  бой  алдыратындығы,  таным  шеңберінің  ауқымдылығы 
жағынан  қажетсіз  арам  пиғылдардан,  құр  мақтаныштан, 
бос  уақытта  зерігуден  т.  б.  сақтандыратын  және  қоғамдық 
деңгейде  пайдалы  өнімді  еңбек  болып  саналатын  әлеуметтік 
интститут.  Әрине,  бұл  ғылымның  негізгі  мақсаты  емес,  бірақ 
біз бұл тұста ғылымды еркіндік мәселесіне қатысты айғақтап 
отырмыз.  Еркіндіктің  моральдік  қағидалардан  алшақтап, 
адамның  эгоистік  пиғылын  арттырып,  материалдық  игілікке 
мастанып  отырған  шағында  осы  ғылыммен  айналысу  не-
месе  білім  қуу  негізгі  мағыналы  іс  болып  табылады  деген 
ой  ниетін  аңғаруымызға  болады.  Яғни,  бұл  жердегі  Абай 
дүниетанымындағы  еркіндіктің  шектен  шығуы,  алдымен, 
этикалық өлшемдермен шартталса, одан кейін ғылым арқылы 
өзінің  қалыпты  шеңберінен  ауытқымайды  деген  тұжырымын 
аңғарамыз. 
Абай  дүниетанымындағы  негізгі  мәселелердің  бірі  –  ма-
хаббат  философиясындағы  толғаныстар  тек  сүйіспеншілікті 
дәріптеп  қана  қоймайды,  онда  да  адам  еркі  мен  ішкі 
психологиялық бостандығы және махаббат еркіне мойынсұну 
мен  одан  азат  болу  мәселелері  толғанылады.  «Махаббатсыз 
дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар», – деген жолдардан адам 
болмысы «дүние» ұғымына сыйғызылып жалпыланып, онсыз 
мағынасыз әлемді бейнелегендей болады. Яғни, тіршілік тірегі 
махаббат.  Абай  руханилықтағы  басты  орынға  Аллаға  деген 
сенімді оның мәңгілік шындық екенін қойды. Абай түсінігіндегі 

138
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
махаббат  Алладан  таралады,  өйткені  Алла  жер  бетіндегі 
тіршілік атаулыны махаббатпен жаратқан.
Махаббат  адам  еркіндігінің  адамдық  шегін  ашып  көрсе-
тетін  өлшемге  айналады.  «Махаббат  дегеніміз  қамқорлық» 
деп  экзистенциалистер  тұжырымдағандай,  ол  белгілі  бір 
шектердегі  адамның  мағынасыз  еркіндігін  тежейтін,  эгоистік 
пиғылды болдырмайтын, әлемде тек өзі ғана емес, өзгенің де 
қамын ойлап ғұмыр кешу қажеттігін аяғақтап береді. Махаббат 
сезімі  жалпы  алғанда,  адам  болмысына  тән  тек  өзінің  қамын 
ғана ойлаудан өзгенің де қамын ойлауға мүмкіндік беретін ішкі 
эмоционалдық күш екендігінде сөз жоқ. 
«Махаббат  –  өмір  көркі,  рас»,  –  деп  өз  ойын  әрі  қарай 
сабақтаған жолдар «көрік» түсінігі арқылы оның философия-
лық деңгейде эстетикалық құндылыққа дейін көтерілетіндігін, 
өмірді  өмір  ретінде  сақтаушы,  асқақтандырушы,  өз  мәніне 
келтіруші,  реттеуші,  орнықтырушы  сипат  алатындығын 
бағамдаған  ойшыл,  «рас»  сөзімен  оның  обьективтілігін, 
шынайылығын,  ақиқаттылығын  тұжырымдайды  Яғни,  ма-
хаббатсыз  құрылған  адам  өміріндегі  ерік  мағынасыздықпен 
ұштасып жатады. Осы тұстан егер адам өзге – үшін өмір сүруді 
сезінбесе, онда өзі – үшін өмір сүруді де сезіне алмайтындығын 
байыптауымызға болады. Махаббат адам болмысының табиғи-
биологиялық  еркін  психологиялық-әлеуметтік  шарттармен 
құрсаулайды.  Абайдың  пайымдауындағы  махаббат  адамға, 
жер  бетіндегі  тіршілікке,  Аллаға  деген  махаббатқа  ұласады. 
Махаббат өмір мәні, ол шығармашылық пен жасампаздықты 
тудырады. 
Каталог: doc
doc -> «Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» кмм ақпараттық–библиографиялық бөлімше
doc -> Анықтамалық библиографиялық аппаратының негізінде жүргізілді
doc -> Хабаршы вестник
doc -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ы. Алтынсарин атындағЫ Ұлттық білім беру академиясы
doc -> №1 (16) 2010 Халел Досмұхамедов атындағы
doc -> Социально-экономическая история
doc -> ҚҰРметті конференция қонақтары мен қатысушылары!

жүктеу 3.54 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет