Қазақстан Президенті Нұрсұлтан назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі



жүктеу 282.35 Kb.
Pdf просмотр
бет25/33
Дата09.01.2017
өлшемі282.35 Kb.
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   33

97
ма?!  Қысай берсе бiзде берiп тынамыз малды! - дедi Озипа.
        Айкен  қайғы,  қасiрет  шеккендей  үнсiз  сыбырлап 
отырып  қалды.  Содан  жатар  шақ  болды.  Кәрi  жеңгемнiң  ақ 
балтаны  шалғышымен  орап  кебеже  артына  тығып  қойғаннын 
көзiмнiң  қырымен  байқап  жаттым,  таңертең  алаң–елеңде 
тұрып,  балтаны  кебеженiң  артынан  ұрлап  алып  шықтым  да 
атыма  мiнiп    Қарабұлақты  өрлей  тарттым.  Қураған  тал,  терегi 
мол  сартап  болған  қарағай,  қайыңы  да  бар,  отынды  өңiр  едi. 
Атымды арқандай салып,  теректiң басына шықтым да қабығы 
күн  нұрымен  сойылған  жуан    ақсөңке  бұтақты  қия  бастадым. 
Орыстың  таптатылған  ақ  балтасы      қылшылдап  қадалып    тұр. 
Түске  дейiн  бiр  арба  отын  алып  тастап,  түстен  кейiн  қалаға 
алып кетуге асығамын. Ақсөңке бұтақ қиылып, сытырлап  бара 
жатқан  едi,  тағы  бiр  шауып  қалдым.  Астына  ағындап  өткен 
балта    шүйдесiн  жуан  бұтақ  дүмiмен  қойып  кеттi.  Өн  бойым 
қалшылдағанын сездiм.
Өне-бойымнан  тер  шығып  кеткен  сияқты,  өзiмдi-өзiм 
парлап, аз тұрғанымда жарғақ шалбарымның тiзесi сынық сүйем 
айырылып кеткенi  көзiме түстi. Тiземдi ашып қарасам, шалбар 
ғана  емес,  тiземнiң  қақпақ  сүйегi  екiге  бөлiнiп,  ар  жағынан 
жiлiктiң  басы  ақсиып  көрiнiп  тұр  екен.  Басқа  ой  ойлауға  тағат 
қыла алмадым. Ағаштың басынан жерге домалап түстiм. Теректiң 
түбi саз, шалшық болатын. Жан ұшырғандай түрегелдiм де жан 
ұшырта үлкен отауға тарттым. Мен есiктен кiрiп барғанда әпкем  
Мәруа:
- Апырма-ай! Не болған, Ғалым саған!? - деп баж ете түстi.
- Аяғымды шауып алдым! - дедiм мен, жанашырларымның 
қасына  жетiп жан шақырғанымнан ба, бағанадан берi шықпаған 
қан осы кезде ғана тiк атылды. Әпкемнiң бажылдаған дауысын 
даладан естiген Озипа үйге байыпты бейнемен кiрiп: 
-  Қой,  Мәруа,  жылағаны  несi  жаман  ырым  бастап,  шикi 
ет  ауырмаққа,  ауырады  да  жазылады.  Құрым  киiз  өртеп  әкел. 
Жараның аузына салайық та, таңа қоялық. Қан көп ағып кетпесе 
болғаны дәнеңе етпейдi! - дедi.
Құрым  киіз  күлiн  тiземе  салып,  таза  шүберекпен  таңып 
жатқан  кезде  ғана  “Қасиеттi  ата-бабам  әруағы  өзiң  жар  бола 
көр!”  деп  күбiрледi  ол.  Ата-бабам  әруағы  емес,  Озипаның 
өз  сөзi  менiң  жүрегiмдi  орнына  түсiрiп,  жазылып  кететiнiме 
сендiрдi. Мынандай қамқор жеңге, әпкесi бар кiсiнi  ажал, азап 
төңiректей алар ма! Түс болмай Таралаң бойындағы үйiме келiп  
алдым.  Әкем  тергеп,  соттап  кетпедi.  Ойымды  жанұя  ақылына 
салмағаныма ғана ренжiдi.
-  Отқа  қарап  отырған  жоқ  едiк  қой,  албырттық  iстепсiң, 
балам!  -  деп  жарамды  ашып,  қанның  көп  ақпағанына  қуанды. 
«Қажының  артында  қалған  ерлерден  көрi  әйелдердiң  затты 
болғаны-ау!» - деп өзiне өзi  күбiрледi. Ушығудың алдын алатын 
шөп  дәрiлерiн  ұнтақтап,  балшық    дәрi  жасап,  жараның  аузын 
жуып-тазартты  да,  қайтадан  емдеп  таңып    тастады.  Болымсыз 
ауырсынғаны  болмаса,  жарақатым  алып-жұлып  кете    қойған 
жоқ.  Iшегiмдi  сүйретiп  далаға  өзiм  кiрiп–шығып  жүрдiм. 
Шәпем  мен  Қадым  пiшенге  кеткен.  Әке-шешем  еккен  тары  аз 
ғана  абдыра  бидайларын  бастырумен  әуре.  Оның  үстiне  идея 
дұрыстау, танымды өсiру  жиыны көбейген. Шойғатыны басып 
қалған  қар  ендi  етектеп  Таралаңға  да  бiрер  дүркiн  қапалақтап 
өткен - дi. Шаруашылықтың қарбаласына, қоғамның, табиғаттың 
қарбаласы қосылып елдiң ес-ақылы шықты. Үйдiң сырты ақ ұлпа 
қар. Отты маздата жағып киiз үйдiң iшiнде Рузия, Қизат үшеумiз 
ойнап  отырмыз.  Даладан  көк  ала  итпен  ақ  күшiктiң  (дағды   
бойынша ақ күшiк дей беретiнiмiз болмаса, бұл кезде ол да үлкен 
ит болғанды) өзеленген дауысы шықты. Барған сайын тақымдап, 
бөтен  бiреудi қысталағандай:
- Кет, әрі кет! - деген үрейлi әйел дауысы естiлдi.
- Далаға шығыңдар, иттен қорып келген кiсiнi! - деп Рузия 
мен Қизатты жұмсадым. Келiп тұрған ағамның әпкесi Баян екен. 
Шешеме сырмақ ойдырып алу үшiн қолтықтай келген бiр кесек 
киiзi бар. 
Баянның  әкесi  Әбілмәжін  мал  дәрiгерi,  уақұрт,  қос  кiндiк, 
қатпа,    аусыл,  сарып,  секiртпеге  мал  бермейтiн  сұңғыла  кiсi. 
Жем  түскен,  қызыл  май  болған,  шөптен  уланған  жылқыны  да 
жазып алады. Адамның тамырын ұстайтыны да бар. Баян менiң 
жарамды көрiп отырып:
-  Қу  сүйектi  өртеп,  күлдей  ұнтақтап  салып  жiберсең,  сары 
суы бiр-ақ күнде сарқылып, мынау шет жағындағы талаураған ет 
те оңалар едi - дедi. 
Қу  сүйек  тауып  әкелуге  Рузия  мен  Қизатты  қуаладым. 
Қаршадай    екеуi  жалаң  аяқ,  жалаң  бас  қарлы  далада  тентiреп 
жүрiп,  әйтеуір  бiр  заманда  қаңғалақтай  жамбас  сүйек  алып 
келдi.  Отқа  өртеп,  ұнтақтап,  жараның  аузына  салып,  қайтадан 
таңа  қойдым.  Ұзақ  уақыт  өткен  жоқ.  Өне  бойым  балта  тиген 
кездегiден  бетер  түршiге  селкiлдедi.  Селкiлдеу  ғана  емес, 
сүйегiм  шағып,  зар  қақсата  бастады.  Баян  шығып  кеткен.  Екi  
бауырым ғана маған үрейлене қарайды. Ес кетiп, жан шыққанда 
әке-шешем келдi. 
-  Әттеген-ай,  әттеген–ай!  Албасты  қайдан  ғана  келе  қалды 
екен    сорыма?!  -  деп  ширығып  дәрi-дәрмегiн  қайтадан  жайып, 
бiрiнiң артынан  бiрiн қайнатып бере бердi әкем. Безектету бiраз 
басылды, оның есесіне балта тиген аяғым күптей болып, хабар 
бердi. Осыдан кейiн-ақ    әке-шешем де күндiз күлкi, түнде ұйқы 
болғаны жоқ.
- Жаратқан құдай-ау, бiрiн iлмеден, бiрiн балтадан мерт қылып, 
күңiренте  берме  бiздi.  Бұлай  зарлатарың  бар,  әу  баста  бермей 
қойсаң да  таласпас едiк қой! Кем-қор ете көрме ұрпағымды! - 
деген шешемнiң зары жиiлей бердi. Ауырудың ушығуы әкемнiң 
шамасынан асып кеттi. Ақырында “өз қолым өзiме ем болмады” 
деп  басқаларға    көрсете  бастады.  Күптей  болған  саныма  анау 
келiп бiр қандауыр шаншып, мынау келiп бiр сормақта тартып, 
көп әуре еттi. Ақыры, әкем қалаға отын алып бармақшы болған 
арбамен жарақатты менi алып жүрдi.
     Абақ керейдiң батыры - Зуқа қажының басы жақтауына 
iлiнген,  әйгiлi  қара  көпiрдiң  батыс  түкпiрiндегi  аппақ  там 
“Аймақтық  емхана”  деп  аталады  екен.  Күңiрене  барып  сонда 
орналасып  қалдым.  Советтен  келген,  орта  шарқы  техникум 
бiтiрiп,  қарапайым  рецепт  жазып  беруге  жарайтын    дәрiгер, 
сестра, қызметшiлерi бар екен. Ақ халат, әсем тыңдағыштарын   
асынып, пері дүниесiнен келе қалған перизаттарға ұқсағанымен, 
iшкi-сыртқы  ұлғаусар  сырқатқа  қолы  баратын,  жөнiн  бiлетiн  
сыңайлары көрiнбедi. Әкемнiң шар дәрiсiнен озған дауалауларын 
көрмедiм.  Әйтеуір,      кеулеген  iрiндi  сарқып,  марганцопканы 
үзбей  жағып,  екi  аяғымды  сатқа    ұрғандай  етiп  шығарды. 
Аяғымды не жия алмаймын, не соза  алмайтын, шот аяқ болып 
сауықтым.  Қиянда  самғамақ  болған  болат  топшым  осы  ма?!   
Тағдыр  менi  “тынышсыз  едiң,  қыбырламастай  бол!”  деп  топ 
қылып  тастапты. Iрi-iрi  саяси iстерге, ғылыми iстерге араласып, 
халықтың арманын, әкемнiң мұратын қуаламақшы едiм ғой. Ендi 
мынау  тобанаяқ    сиқыммен  қай  биiкке  шыққандаймын!  Өлiп 
алайын одан да! Өлу қажет деген ойға келдiм. Қалай өлу керек?! 
Бауыздалып  па,  буынып  па?  Жоқ,  ол  пәлендей  қадiр–қасиеттi 
өлiм  емес.  Тасқа  басымды  қойып    кетсем  де,  токқа  қолымды 
тигiзiп  қойсам  да,  тыныштандыру  дәрiсiн  ұрлап  iше  салсам 
да  өлуге  болады.  Есiме  келе  беретiнi  Бақытхан  мұғалім  мысал  
ретiнде айтқан ұя басардың салтанатты өлiмi!
Жыл  сайын  балапаны  құтаймай,  мұрат-мақсатына  жете 
алмай, шерленген ана бүркiт көк аспанға шарқ ұрып шығып алып,  
садақтың оғындай атылып келiп жартасқа кеудесiн ұрады екен–
ау! Үш-төрт парша болып, қайғы-қасiретпен солай қоштасатын 
көрiнедi. Өзi  армандаған мақсатқа жете алмаған адам да осылай 
өлсе болады. Отқа, суға түсiп өлу батылдық та, аянышты да емес! 
Үйге келген соң әке-шешем, туыс-туғаным алақанына салып 
күттi. Ертегi, хиса, аңыз, әңгiме, шежiре, шешендiктiң сан түрi 
өрбiп жатты. Әкем өзi жалықса Шапеме айтқызады. Қажыханды 
шақырып алып, қалқа жерiнен көрген бiлгенiн сөйлеттiредi. Ол 
кiсi шойыннан құйғандай  төртбақ, қол аяғы сом, ел iшiнiң қыры 
мен сырын көп бiлетiн әзiлқой адам едi. Әндi де жақсы айтатын. 
Құнияз  тұқымындағы  даңғой,    көппе  мiнездi,  жасырмай–
жаппай  күлкi  ететiн.  Моңғолша  ыңылдап,  ысқырып  қоятын 
кезi  де  болушы  едi.  Әкем  Сәрінжіп,  Бақытхан,  Рақайларды  да 
кеңес жасай отыруға бөгеп, өткен-кеткендi мойынсерiк құрыла 
бастағаннан    бергi  ел  ыңғылын  сөйлетiп,  менi  алдамалайды. 
Табанаяқ болуым өзiмнен  көрi, әке-шешеме қатты батты. Өлiп 
қалған болсам, жылар едi де түңiлер  едi. Нұрмұхамет ағамнан 
түңiлген  көңілдерi  менен  де  түңiлер  едi.  Құр  тұлып  хайуан 
сезiмiн алдай алғанымен, адамды қалай алдаусырата алмақ. Ата-

98
анама обал болғанын қарашы, сау сыңар аяғыммен шоршаңдап 
дәретке барып келген боламын. Қораның айналасы жол үстi көк 
мүйiз  тон.  Талай  рет  шарқ  етiп  құлап,  қарақұсым  аузыма  түсе 
жаздады. Қарақұсымнан бұрын берiш байланған тiзем жанымды 
мұрныма  әкелдi.  Көзiмнен  ыршып  кеткен  жасты,  көкiрегiм 
толған шердi әке-шешеме көрсетпеу үшiн жан азабын жеңемiн. 
Шоршаңдап  кiрiп  келе  жатқан  менi  көргенде  бiр  түрлi  шүңет 
мұңмен қараушы едi екеуi. Мен зорлана езу  тартамын. Мүмкiн 
кеспiрiм күлген пендеден гөрi, қақпанға түскен суырға көбiрек 
ұқсайтын болса керек:
- Күлмешi, күлме балапаным! - деп зарлайтын шешем. 
- Жаратқан-ай, маған тартқыз азабынды! Перзентiмдi қинама, 
бiр  ғана  тiлеуiм  осы  -  деп  тошала  үйде  жалғыз  күңiренгенiн 
бiрнеше  рет  естiп    қалдым.  Өлмесем  болмады.  Ұя  басардай 
салтанатты  өлiммен  өлудi  күту,  өзiмдi  өзiм  алдап,  ата-анамды 
қинау  екен.  Ондай  қабiлетке  мен  мәңгi  жете  алмаймын. 
Тасбақадай қыбырлап тауға шыққанымша алдамшы өмiр  тағы 
да аздырып кетер. Құздан құлап өлдiм не, бауыздалып өлдiм не!? 
Өлген соң бәрi бiр емес пе? 
Мен  ұстараны  қолға  түсiрудi  ойладым.  Түскi  шайға  отыра 
бастаған кезiмiз болатын.
-  Ай,  ақсақ,  дастарқанға  жақын  кел!  -  дедi  әкем.  Шешем 
көкiрегiне шоқ түскендей баж етiп әкеме шақшиа қарады. Ақаң 
да қалай айттың бұл сөздi,  бiзге батпаған азуыңды сорлы балаға 
салғаның ба дегендей ағасына қадала қарап қалыпты. Қайратты 
қара мұрты тал-тал болып, көзiнен қан жауғандай. Жалғыз арқа 
тiрек  ұлы  қорғаным  табандап  тұрып  тас  төбемнен  соққандай 
есеңгiреп аузымды аша меңiрiп қалсам керек.
- Ақсақты - ақсақ, шолақты - шолақ, тазды - таз, жындыны 
– жынды демей ендi не деймiз?! Болмыс бұрмаланып, жасанды, 
жалған  мәмiле    жасалса-ақ,  өмiр  ақаусыз  болады,  жаратылыс 
теңеледi  дегендi  сендерге  кiм  айтты?  Он  сегiз  мың  ғаламның 
бүлiнбеген, өзгермеген, бiр түрден екiншi түрге ауыспаған кезi 
болған ба? Ауысу барысында ой сана  iлгерлету ғана адамның 
ақылдылығы,  парасаттылығы  делiнедi.  Адамның    мәдениетiн, 
арманын,  тарихын  жалған  нәрсе  жетiлдiре  алмайды.  Жалған  
қашанда жалған.
Әкемнiң  ойы  басқаларға  қаншалықты  әсер  еткенiн 
бiлмеймiн.  Әйтеуiр,    менiң  көкейiмдегi  кiсi  нәсiлiне  жат 
азғындықты тозаңдай тоздырды. Мен ақыл-ойымды iлгерлетудi 
емес, өлудi, тек салтанатты өлiммен өлудi ғана мұрат санаппын 
ғой! Адамдық қадiр-қасиетiм кем екен менiң. Бес мың қой, мың 
көк ала жылқылы байдың ұлы болып осындай тақсiрет тарсам   
қайтер едiм? Кешiр, кешiре гөр, жан әкем! Бойымда тамшы қан, 
шыбын жан болса екiншы ары азғындамаспын! 
Қайболла  жасап  алып  келген  балдақтың  сабына  “Ғалым 
ақсақтың  балдағы”  деген  сөздi  бадырайтып  отырып  жазып 
тастадым. Менiң бұл  атыма үйдегiлердiң көзi-құлағы үйрендi. 
Өзiм де үйрендiм.
-  Сен  ақсақ  болсаң,  мен  жынды  домалақпын  ғой!  -  дейтiн 
Ақан ғана оқта–текте көзiне жас кiлкiп, iзiнше күлiп: Сосын – 
Қанғырған  қайыршы,  әкеңiздiң  басы,-  деп  санымнан  мытып 
қоюшы  едi.  Өзi  құлдыраңдап    домаланып  жүрсе  де  менi 
ақсақтыққа  қимайды.  «Жаман  қозым,  итауыз  немем»,    деп 
төбемнен  иiскеп,  әрi  жұмсақтап  қана  тоқинақ  алып,  нұқып 
қоятын.
-  Мұнан  кейiн  мен  өзiмдi  Ақбақанның  ұлы  деп  атаймын, 
мiнез-құлқым да, жүрiс-тұрысым да ұқсайды сiзге,- десем:
-Тек, әзәзiл, аузыңа қан толсын! - деп шарқ ете түстi. Аздан 
соң  сабасына  оралып,-  Былай  ғой  балам,  құдайға  күнәлi  бола 
алмаймын мен. Тiрi болсаңдар бәрiң де менiң үрім–бұтағымсың 
ғой. Сабила мен Ақбақаннан бала тумағанына Алла куә - дейтiн. 
Менiң темекi тартуым тiптi күшейiп кеткен. Шәпем, Қадым 
қалаға барғанда “Көк сиыр” маркалы махорка ала келiп, сандыққа 
салып    қояды.  Әкем  де,  шешем  де  оны  байқамағансиды.  Неге 
байқамасын, мүсәпiр балаға алданыш болсын дейдi ғой. Десе де, 
ол кiсiлерге көрсетпей жасырын  орындарда ғана тартамын. Бiр 
күнi төбемдi искеп отырған Ақан бiлiп қойды.
- Сайтан сиiптi саған, сайтан сиiптi! Шоқыншық, қара таяқ, 
әзәзiл - деп таяғымен күсiп кеттi. Күнәмдi бiлiп отырмын.
-  Жаңылдым,  жаздым.  Әкеме  айта  көрмеңiз,  тақсыр.  Темекi 
тартуды  тастайын,- деп зорға құтылдым. Мұндай баянсыз серттi 
кейiн қанша  адамға бергенiм есiмнен шығып кетiптi. Темекiмен 
өзiмдi, өмiрiмдi күнi  бүгiнге дейiн улап, жанашырларымды алдап 
келе  жатқаным  ғана  шын.  Қайғы-қасіреттi  азайтқан,  ақыл-ойды 
ұштаған,  сән-салтанат  қосқан    кезiн  көргем  жоқ.  Қазiр  бiрдеме 
жазсам, ой ойласам темекi тартпай отыра алмаймын. Бейне ақыл, 
дарын, шабыт сыйлап тұрған сол сияқты  сезiледi. Қан тамырымда 
қан  ұю,  жүрек  артериямның  тұнба  мекенiне    айналуы,  демiгуiм 
ушықты.  Адамзаттың  жалған,  жасанды  улы  нәрсе  апиынға,  
героин, кокаин, араққа, темекiге қызығуы ұзамай менiң басымды 
да  мүжитiн  болар.  Соған  дейiн  көрген,  баққанымды  аудармай, 
тамызбай,  сырлап-сипамай  қағазға  түсiре  бермекпiн.  Өңдесем 
болмыстан  көз  жазып,  шындықтан  азып,  қалайда  бiр  қулыққа, 
жасанды жалған уағызға тартып кетемiн ғой.
*** 
Ауылдың аспанына аққу - қаз, үйрек, шағала, қызғыш топ-
тобымен  қайта  оралып,  тағы  да  бiр  тамылжыған  көктем  келдi. 
Ағаш бүрлеп, көк алшындап, құрақ жайқалды. Қамыс-қоға, тал-
терек бұрала биге басты. Аспанға қаз бауыр бұлттар көтерiлiп, 
Ертiс  аңғары  табиғи  тыныс    алғандай  едi.  Десе  де,  ел  реңi 
жадыраңқы емес, солғын. Күрсiну, күдiктену, кәсiп қарекетiнен 
үрку етек алған. Балық аулайтын жан мүлде жок. Аймақтық су 
iстер мекемесi жекелердiң балық аулауына тиым салыпты. «Тың 
жер  ашу  мекемесi»,  “Орман  мекемесi”,  “Құрлыс  мекемесi”, 
“Мәдениет  мекемесi”, “Тау кен мекемесi”, “Мал шаруашылық 
мекемесi”  “Сауда–саттық  мекемесi”,  “Iшпек-жемек  мекемесi”, 
“Қатынас  мекемесi”  дейтiн    мекемелер  барша  қызметкерiмен,  
қатын-баласымен  көшiп  келген.  Әскери  қосыннан  ақиқатқа 
қайтқан  әскерлер  мен  ықшамдалған  артық  әскерлер  және 
басқа  да  жаңадан  мекен  тебетiн    көшпендiлер,  еңбек  қосыны 
құрылып  Үлiңгiр,  Балбағай,  Бiтеуiрге,  Қаратүңке,  Қаптық, 
Бәйтiк,  Сарбастау,  Көксу,  Шыбаршiлiк,  Ақши,    Буыршын, 
Ласты,  Жеменейге  апарылып  тың  игеру,  шекараны  қорғау,  
ұлттар  берекесiн  гүлдендiруге  жегiлдi.  «Жер,  су,  орман  қазба 
байлығының    бәрi  мемлекеттiкi,  рұқсатсыз  сабау  кесiп  алуыңа 
болмайды.  Қолындағы    мал-мүлiк  те  халықтiкi»  деген  үгiттер 
жүрiлдi. Халық дегенімiз кiм? Мүмкiн  жұрт өзiнiң осы қатарда 
бар-жоғын, бiр жерде жерлену, бiр затты  иемдену толымдылығы 
бар- жоқтығын айырып, түсiне алмады. Ашық  сұрайын десе керi 
төңкерiсшi болып қаламын ба деп аузын бақты. 
«Алтай  -  мал  шаруашылықты  өзек  етiп  келген  район. 
Ауыз  суын,  жайлымды  бүлдiрмеңдер.  Тұрғын  халықпен  етене 
болғандарың жақсы» деп ұсыныс қойған  бiр - екi байырғы ханзу 
қарттары  жергiлiктi  тап  жауларының  өңешi  делiнiп,  қақпайға 
ұшырады.  Жалпы,  ел  ыңғылы  тереңге  түскен  тастай  ым-жым 
болса да бiр беткейлiк қашанда жоқ қой.  Айғайлап, дүрліктіріп 
жұртты  серiктесуге  зорлайтын  бiр  топ  әпербақандарда  да  
шықпай  қалмады.  Олардың  тасы  өрге  домалады.  Осындай 
жағдайды  ойласа керек, әкем бiр күнi терең күрсiнiп:
- Бұл - осындағы кейбiр құр кеуде бiреулердiң  ала-сапыраны! 
Компартияны,  халықшыл  өкiметтi,  халық  азаттық  армияны 
құрған, әрi басқарып отырған Маузыдұң мұны бiлген жоқ. Сол 
кiсi бiлсе түзетер кейiн! - дедi.
Үйге  келiп-кеткен  ағайын  мен  әкемнiң  кеңесiнен  мен 
елдiң  мiнез-құлқында  бұрын  жоқ  тақуалық,  алдамшылық, 
жағымпаздықты  сезiнгендей  боламын  да,  мұндай  құбылыс 
қандай күйіңмен iлесе келгенiнiң байыбына бара алмаймын. Әзiр 
кейбiреулер шiренiп жатып, шырт-шырт түкiредi, жай-жапсарды 
бiлмей тұрып айбар шегудi, төренің алдында  мөлиiп, қараның 
алдында  ақшия қалатын болды. Бұл нашар әдеттi  қайдан тапты 
екен деп те ойлаймын.
Осы  жылдың  күзiнде  отбасымыздың  көзiн  шарасынан 
шығарған  тағы  бiр  үрейлi  оқиға  болды.  Үлкен  отаудың  
шығыс  жағындағы  қорықтан  мая    жиып  жатқанбыз.  Шөмеле 
таситындардың  дені  -  атқа  жеңiл    бала.  Сағидияның  мiнгенi 
шаргез  қара  бие  едi.  Неден  ығыс  алғаны  беймәлiм,  сол  бие 
шөмеле  тартып  келе  жатып  аяқ  астынан  оны  жығып  кетiптi.  
Сағидияның  басы-көзiн  қан  жауып,  талықсып  қалған  жерiне 
әкем алдымен жеттi:
-  Құдай-ау,  ақырғы  тiлеуiм  болсын!  Қарашығымды  ала 

99
көрме! - деген дауысы менiң жүрегiмдi жарып жiбере жаздады. 
Әкемнiң  үн  шығарып,  мынандай  шошына  жылағанын  бұрын 
көрген емеспiн. Сағидия көр болған екен деп ойладым.
-  Садағасына  менi  ал,  оны  көр  қыла  көрме!?  -  деген  тiлек 
басыма  келе  бере  көзiмнiң  жасы  сау  ете  түстi.  Сағидия  аман 
ба  екен?!  Жылқының  тұяғы    жыртқан  ба,  қада  iлiп  кеткен  бе, 
бетi  сынық  сүйемдей  тiлiнiп  кетiптi.  Әкем    жуып-шайып,  шөп 
дәрiлерiмен  емдеген  соң,  он  бес  күнде–ақ  ақаусыз    жазылып 
мектебiне жүрiп кеттi. 
Сол жылғы аймақ орталығы үлкен аңғардың iшiнде, Қыран 
өзенiн  қуа  бұлықсыған  қалың  тоғай,  зәулiм  жартастармен 
бәсекелескендей  тез  тебiндеп  келе  жатқан-ды.  Басы  Шәрiпқан 
аралы,  аяғы  Манкей  аралы    делiнетiн  сандал  қайың,  бозтерек, 
гүл-бәйшешек  өнген  табиғи  бақша  екен.  Биiк-биiк  ереуiлдеген 
қарағай,  самырсын,  арша,  тасжарған  ауаны  сүзiп,    аспанды 
көкжасыл  түске  кiргiзедi.  Қыран  өзенi  де  халықтың  Алтайға 
арнаған махаббатындай тұп-тұнық болып аунайды. Сонау бастан  
жiңiшке  Қыраннан  өзенге  түсiрiлген  дөңбек  шөрке  қала  iшне 
жақындай  бере жуан темiр торға бөгелiп, қырғаққа шығарылады. 
Тау-төбе  қарағайдың күнге қызғандағы көш иiсi мұқым қалаға 
аңқып тұр. 
- Мемлекеттiң байлығын неге тағылықпен ойрандайсыңдар? 
Неге  көмiр  тасып  жақпайсыңдар?  -  деп  келе  сала  сiберленген 
орман  мекемесiнiң    меңгерушiсi,  жердiң  асты  мен  үстiнен  тас 
көмiр таба алмаған соң   шариғатын  өзгертiптi. Тұрғын ел суға 
ағып  келген  ағаштың  қабығын  салынды-шiрiндi  бiрдемелерiн 
терiп  жағатын  болса,  мекеме  кадрлары    дөңбектi  жарып  қора-
қопсысын  қоршайтын,  арамен  кершеулеп  үйдiң  төбесiне,  ошақ 
басына  үйiп  алатын,  шкаф,  сандық,  үстел,  қонсай  (табыт)  
жасататын болып кетiптi. Бұны не дерсiң?!.
Маңайда бұта-бүрген, кепкен жаппа, қимен күн өткiзе беретiн  
бұрынғы азынаулақ қана түтiн емес, қазіргi Сарсүмбе неше жүз 
жанұяға    жеткен  қалашық.  Бiрдi-екiлi  ұсақ  зауытқа  жүргiзген 
болды. Үрiстем  байдың былғары зауыты дегенiмiз – әне соның 
бiрi.  Тау-тасты,  жыра-жықпылды  сағалап,  жер  тырнаған,  тас 
шоқыған кезбе тiптi көп. Дәрi қазамыз, кен iздеймiз деушiлер де 
аз емес. 
Аймақтық орта мектеп қаланың бас жағын ала кең көгалға 
жайғасқан,  төбесiне  қара  көк  қаңылтыр  шегелеген,  асты-үстi 
тақтайлы  есiк,  терезелерi  әшекейленiп  жасалған  биiк-биiк  ақ 
сарай  екен.  Шәріпхан  марқұм  Алтайға  басшы  болып  тұрған 
кезiнде  салдырып,  Қапас,  Мамырқандарды  советтен  оқып 
келуге жiберген дейдi. Ұлы арманы  өзiнiң жендетi болып, басын 
ауыртатынын  қайдан  бiлсiн  жарықтық.  Он  мың  кiсiден  бойы 
асып көрiнушi еді. “Халық еркiндiгiнiң, жұрт арманының көсемi 
едi ғой!” деп бiздiң үйде шалдар дүрiлдейтiн.
Мiне сол Шәріпхан ашқан бастауыштан орта мектепке келiп, 
имек  қайың  таяққа  сүйемелдеген  шот  аяғыммен  табалдырық 
аттадым. Бастауыш  мектепте қарайлас оқыған сабақтастардың 
бәрi iлгерлеп кетiптi. Латай,  Зарықан, Сағидия, Кәкібат аудандық 
орта  мектептiң  алтыншы  сыныбында  оқиды  екен.  Қабылақат 
ғана  отбасы  жағдайы  қол  байлап,  бiр  жыл  кешеуiлдетiп 
қалыпты. Өзiмiзден кейiнгi сыныпта оқитын Мүшелбек, Назтай, 
Жанахметтерге  қосылып  Алтайдың  әр  ауданынан  құралған  36 
баланың бiрi болып 5 класқа түсе қалдым. Мектеп меңгерушiсi 
Қапас,  оқыту  бөлiм  жауаптысы  Мамырқан  бiлiмдi,  салауатты, 
марқасқа,  ойлы-милы  азаматтар  едi.  Алтай  қаласы,  Алтай 
қаласы  деймiн–ау,    аймақ  көлемі  сол  екеуiнен  именетiндей, 
сыйлайтындай  қадiрлеп,  басқа  көтеретiндей  сезiлетiн.  Оқу 
бастау рәсімі де ғажайып жаңа жосынмен  басталды. Қапас пен 
Мамырқан  кең  жиын  залының  алдына  келiп,  екеуара    жәйбiр-
жадағай әңгiмелесiп отырғандары болмаса, сөзге ұсыныс етiлген  
жоқ. Жиынды қыр мұрынды, қырмызы мiнездi, қара торы жiгiт 
Орынбай  басқарды.  Оқушылар  ұйымының  төрағасы  тұңғыш  
реткi толық орта кластың оқушысы көрiнедi. Аға сабақтастардың 
таныстыруына  қарағанда    мектептiң  тәртiп,  тазалық,  дене 
тәрбие,  жарыс  сөз,  сауық  кештерiн    мүлт    жiбермей  Дастан, 
Қапипа,  Қызыр  деген  сабақтастарымен  бiрлiкте    дөңгелек 
айналдыратын  осы  Орынбай  екен.  Класс  класта    үйрену, 
жаңалық  жасау, философиялық ой толғау бәсекесi оздырылып, 
класс  коллективiнiң алуан ғылымдағы билiктеуi мен аласаруы, 
оқушылардың  сабақ  өту  қуаты,  мектептiң  педагогикалық  өресi 
өлшенедi екен.
Алтай  орта  мектебiнiң  оқыту-оқу,  тәлiм-тәрбие  жұмысы 
Өрнек  мектебiнен  жермен  көктей  парықты,  парасатты  екен. 
Бiздi  бiр  тұтас  қамдауға  алып,  жатаққа    жатқызды.  Орын-
көрпе, киiм–кешектi, оқулық, қағаз–қарындашты текке таратып 
бердi.  Монша,  жатақ,  асхана  дегендер  семьяңдағыдай  екен. 
Волейбол, баскетбол, футбол командалары әр класта бар. Ғылым, 
мәдениетте халықаралық өреге құлаш  ұрады. 
-  Ойын-сауығымызды  бастаймыз,  жаңа  оқу  жылымен  жаңа 
сабақтастарды  қарсы  алғанымыз  да,  көне  оқу  жылы  мен  көне 
оқыту  әдiсiн  шығарып  салғанымыз  да  осы  -  дедi  Орынбай. 
Сөйлеген  кезде  күлiмсiреп,  ұшқын  атып  тұратын  кiшкене 
қарашығы  мен  қаймыжықтай  ерiндерi    ұяңдықтың  емес, 
саналылықтың  ұясы  болып  сезiледi  маған.  Оның  аз  сөзiне 
соғылған шапалақ ұзақ болды. 
- Қане, тынышталыңыздар! Бiрiншi номерiмiз - “Гармошка”,- 
демеген болса, шапалақ тағы да ұзақ соғылатындай едi. 
Оқушылардың арт жағын ала қатар орналасып алған реттi екi   
мұғалім  гитара  мен  мондалинді  жарыстыра  сайратып  жiбердi. 
Бұлбұл мен көкек басекелесе ме, жоқ, тырна, сарыалақаз, байғұз, 
қосылғандай ма, қой-қозы, жылқы күмбiрi  тоғысып кеткендей 
ме, әйтеуiр ғажайып нақышты тамылжыған үн толқыта жөнелдi. 
Ертiс екен ғой, Ертiс назбен, сазбен ұзыннан ұзақ бұлықсыған сол 
Есiл  өзен  ғой!  Орынбайдың  “гармошка”  деген  сөзiн  ұмыттым. 
Көп  адамның  тақтайды  тасырлатып,  би  билеп    жатқанына  да 
назар  салмаппын.  Көз  алдымда  Қазiм  мұғалім  мен  Мидығат 
мұғалімнің  шүрегей  қанатындай  лыпылдаған  саусактары, 
есiктей  керiлген  кеуделерi,  маңайларына  сүйiне  назар  салған 
ойлы, сұлу жүздерi. Мұзды мұхиттан қайттым ба, әлде Жайсаң, 
Оп  төңiрегiне    тоқтадым  ба,  «Гармошка»  тынған  кезде  мен  де 
күлiмсiрей тыныс тартып, бейтаныс ұстаздарыма үнсiз басымды 
идiм.  
Музыка ұзақ ойналды. Би музыкасың Қазым мұғалім көбiнесе 
аккардионмен  орындап  отырды.  Мидығат  бiрнеше  азаматты 
қастарына  алып,  бiрі  гитара,  бiрі  скрипка,  бiрі  мандолинмен  
қатар  ойнаған  кезде  “Сарман  бойлары”,  “Бала  Мишка”,  “Әй, 
угай”, “Жиырма бес”, “Қазақ вальсi” бiрiнiң артынан бiрi толқын 
атып,  “Цыганочка”    құйқылжиды.  “Елім-ай”,  “Көк  қаулан”, 
“Өтедi дүние жалған-ай”  бұлқынады.
-    Біз  би  билеумен  ғана  бола  бермей,  өлең  оқуды,  саяси, 
ғылыми ой тұжырымдауды да жарыстырамыз, деді Орынбай. - 
Мектебiмiздiң қабырға газеттерiнде ғана емес, үкiмет басқаратын 
газет–журналдар  да  шығармалары    жаряланып,  әдебиетшi 
қауымның  ықыласын  аудара  бастаған    авторларымыздан 
Қызырбек Сакариұлы Оралов, Махмұтбек Қажынәбиұлы, Шамен 
Исаұлы, Әбденбай Бажаев, Дутан Сакейұлы, Қапипа  Жапанқызы 
арамызда  отыр.  Әуелi  десеңiз,  бiздiң  Дастан  Омарұлы,  Көбен 
Асқарұлы, Сарқытжан Ақмадиев бiр таңда ғана жарқ етiп көзге 
түспекшi. Қазiр Қызырбек Ораловты өлең оқуға шақырамын.
Шапалақ  ұрылып  жатыр,  қараторы  өңдi,  отты  көздi,  сұлу 
бозбала  Қызырбек қымсынбай алдыға шығып “Улiңгiр”, “Жетi 
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   33




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет