«Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Ұлағат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ай сайын шығатын Республикалық



жүктеу 2.63 Kb.
Pdf просмотр
бет6/10
Дата06.05.2017
өлшемі2.63 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Ақынға сипаттама беру.
Пікіралмасу,  тұжырымдау  карталары  арқылы  сабақты 
бекітеміз.
Пікіралмасу картасы
1.  Өлең  қай  жылы,  қай  қалада  өткен  оқиғаға  орайлас 
жазылған?
2. Тұманбай ағаларың өлеңінде жел ұшырған қаңбақтай 
әлемнің  әр  түпкіріне  шашырап  кеткен  қандас  бауырларға 
нендей өтініш тілек білдіріп отыр?
3. Қазір дүние жүзіндегі қазақтардың жалпы саны қанша?
4.  Өлеңдегі  патриоттық  идеяны,  ақынның  үлкен 
адамзаттық сезімін, ордалы ойын танытатын өлең жолдарын 
анықта.
Өзіміздің  елімізде  қазақтың  саны  халқымыздың  неше 
пайызын құрайды?
Тұжырымдау картасы
1. Тұманбай Молдағалиев қай жылы, қай жерде туған?
2. Студент кезінде қандай жинағы шыққан?
3. Тұманбай Молдағалиевтың «Бауырлар» өлеңі сендерге 
несімен ұнады?
4.  Егер  сендер  алысқа  ұзап  шықсаңдар,  үй  іштеріңді, 
туған жерлеріңді сағынасыңдар ма?
5.  «Туған жер» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Үйге тапсырма: «Бауырлар» өлеңін жаттау. 

70
Оқулыққа қосымша
Әділет Қабылов,
филология  ғылымдарының  кандидаты.
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРҰЛЫ 
ПРОЗАСЫНДАҒЫ ИРОНИЯ
Әдебиеттанушылар ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы 
проза мен поэзиядағы ирониялық кемсітудің ерекшеліктерін 
пайымдай келе, өнердегі ирониялық пен трагикалықтың етене 
жақындығын атап өтеді. А.Бочаров, И.Иванова, Л.Колобаева, 
Е.Третьякова секілді зерттеушілер осы кезеңдегі жекелеген 
авторлардың  шығармашылығындағы  ирониялық  ойлаудың, 
дүниетанымның  сипатына  орай  иронияның  «әмбебептық» 
қасиетіне назар аударады. 
Ирониялық  мәтіндегі  автор  мен  оқырманның  қарым-
қатынасы  ойындық  жағдаятқа  құрылады  да,  айтпақ  ойын 
ақырына  дейін  айтпау,  сөйтіп  концептуальдық  мәнді 
оқырманның өз ойымен толықтыратын әлеуетті бос кеңістік 
түрінде  қалдыруды  ұстанады.  Демек,  авторлық  ирониялық 
сана  шығармашылық  үдеріс  үстіндегі  сұхбаттасы  болып 
табылатын  оқырманның  дұрыс  қабылдауына  иек  артады. 
Сөйтіп,  ирония  қашанда  оқырманның  белсенділігін 
қажет  етеді.  Оқырмандық  қабылдау,  оның  суреткер 
шығармашылығына  шынайы  белсенділікпен  қатысуы  ғана 
ирониялық айтылымның шынайы мәнін аша алады. 
Жасырын  және  тура  мағыналы  екіұдай  мәнде  болып 
келетін  ирониялық  айтылым  табиғаты  екіұдайлы,  «қос 
үнді» болады. Мұндай поэтикалық қос үнділік, М.Бахтиннің 
пікірінше, «сөз бен заттың арасында бөгде сөз, бөтен екпін 
болатын» ирониялық басқаша бағалауға байланысты болады 
[1.142.].

71
Прозадағы ирония Ілияс Жансүгірұлы қаламына да тән. 
Лирика  мен  эпикада  асқан  шеберлік  танытқан  суреткердің 
қолтаңбасында  иронияның  да  өз  орны  бар.  Жазушының 
сатириктік  таланты  туралы  жеткілікті  айтылып  келеді. 
Замандастары  оны  «сатира  саңлағы»  деп  те  бағалаған, 
өйткені Ілияс жазушылық жолын баспасөзде сатира жазудан 
бастағаны  бар.  Жазушы  сатирасының  ерекшелігі  туралы 
белгілі  сатиратанушы  ғалым  Темірбек  Қожакеев  «Алқымы 
іспес асқақ ақынның сатирадағы саңлақтығы сықақтарының 
санында  ғана  емес,  оның  қат-қабат,  астарлы  ой-пікірінде, 
тұңғиыққа  жасырынған  ащы  зілінде,  төгілген  маржандай 
келісті  тілінде.  Оның  сатирасын  оқығанда  халқымыздың 
ғасырлар бойы қырнап-жонып, сұрыптап сырлаған, жүрекке 
ұялар ұғым, тіркес, образдары адамды бал жұтқандай, қант 
шайнағандай  тамсандырады,  тұшындырады»  деп  жазады 
[2]. 
Ілияс  сатирасының  тінінде  оқтын-оқтын  көрініс  беріп 
отыратын  кекесін-мысқылдық  тыныс  жатады.  Ирония 
жазушының 
сатиралық 
әшкерелеушілік 
мақсатына 
лайық  зілді  кекесін,  мінеуші  мысқыл  түрінде  ұшырасып 
отырады.  1935  жылы  жарық  көрген  «Құқ»  кітабына  енген 
сықақ  әңгімелері  мен  фельетондарында  ирония  сатиралық 
сарынмен тақырыптық іліктілікке орай пайдаланылады.
Жазушының 
әңгіме-фельетондарынан 
ирониялық 
қатынасты  түрліше  өрнекте  кездестіре  аламыз.  Автор 
кейде  баяндалмақ  жайға  қатысты  иронияны  фактіні 
констатациялаудың  бір  амалы  ретінде  көріктеуі  мүмкін. 
Мұндай  иронияны  поэтикалық  тұтас  мәнмәтінге  қарап 
қана  анықтауға  болады.  Мысалы,  «Қуыршақ»  атты 
фельетонында шын (ойыншық) қуыршақ пен кейбіреулердің 
қуыршақ ретінде пайдаланып келе жатқан қыз-қуыршақты 
салыстырудың  жолымен  мәтінге  ирониялық  тыныс 
дарытады:  «Қуыршақ  деген  кішкене  кісі.  Аяғы,  қолы  бар. 

72
Аузы,  мұрны  бар.  Белі  буулы,  жеңі  сұғулы,  төсегі  салулы. 
Ішпейді, жемейді. Қолдан жасайды. Базарда сатады. Қыз 
балалар  ойнайды,  бірінен  бірі  алады.  Қуыршақ  үндемейді. 
Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды.
Жоқ,  бекер,  қуыршақ  үлкен  кісі.  Аяғы-қолы  бар.  Аузы-
мұрны  бар.  Белі  буулы,  жеңі  сұғулы,  төсегі  салулы.  Ішеді, 
жейді.  Қолдан  жасамайды,  қатыннан  туады.  Базарда 
сатпайды,  қазақта  сатады.  Сақалды  балалар  ойнайды. 
Бірінен-бірі алады. Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, 
үн болмайды» [3.3].
Бұл үзіндіден аңғаратынымыз сөздік-тілдік ирония емес, 
мәнмәтіндегі  ой  ойнақылығы  арқылы  жанды  мен  жансыз 
затты  шендестіре  отырып,  өмір  оқиғаларына  мысқылдық 
реңк дарытатын сатираның астарындағы суретті шенеушілік 
ирония.  Әңгіменің  финалдық  қорытындысында  да  ирония 
араласып  отырады:  «Қыз  ертеңіне  Әбдірақыммен  кетті. 
Бостандық! Міне, қуыршақ! Міне, ойын!»
Ілияс  Жансүгірұлы  сықақтары  мен  ирониясының 
бір  ерекшелігі  –  салыстыра  шолу,  ұқсата  елестету, 
құбылыстарды аналогияларға құра суреттеу мен ширықтыра 
тәмсілдеу болып табылады. Ол бір нәрсені шенеу үшін әуелі 
фольклордан немесе өткен кезең оқиғаларынан бір эпизодты 
көзге елестетіп алатыны бар. Содан кейін айтылмақ жайға 
ауысады. 
«Ұяның ұясы – Қожаның дорбасы», «Сұрпақпай сұғанақ» 
фельетондарында  салыстырулар  арқылы  ирониялық 
шендестірулерді  сәтті  пайдаланады.  Мысалы:  «Садағасы 
кеткір Қожанасыр отағасы аңқау дейін десем – арамза, арамза 
дейін десем – аңқау. О кісіні біреу әулие дейді, біреу әумин 
дейді, біреу тәңірдің ерке, шолжаң досы дейді, біреу сопы 
дейді. «Бұқа болсын, шорт болсын, балаларға сүт болсын» 
деп  өзі  айтқандай,  кім  болса  о  болсын,  менің  білуімше, 
әйтеуір қылғанға қылып кеткен адам. Бұл – бір. «Алыстан 

73
арбалағанша,  жақыннан  дорбалаған»  үй  арасы,  боқ  арасы 
– ұры адам. Бұл – екі. Асқан суайт адам. Бұл – үш» [3.29]. 
Осылайша Қожанасыр туралы өз ойын жинақтағаннан кейін 
Шалқар ауданының 10-аулындағы оқиғаға ауысады. Ондағы 
Қожанасырдың тірлігіне ұқсас жайларды баяндап, екеуінің 
арасындағы сабақтастықтың, ұқсастықтың сырын ашады. 
«Сұрпақбай  сұғанақ»  фельетонында  да  Сұрпақбай 
деген  кісінің  «ерекше  қасиетімен»  таныстырғаннан  кейін 
«Әлдеқашан өлді деп жүрген Сұрпақбай сұғанақ жақында 
сопаң  етіп  Қызылордадан  шыға  келді.  Сұрпекең  осында 
екен.  Аты  да,  заты  да  өзгеріпті»  деп  оқиғаны  баяндауға 
көшеді.  Шығарма  соңында  екі  жағдайды  салыстыра 
сипаттайды: «Ана Сұрпақбай биенің қартасын, қойдың төсін 
салып Қаракөз келінге: «мә!» десе, мына Сұрпақбай үйіндегі 
баласын көтеріп жүрген жігітке сарала атты мінгізіп, сары 
дөнежін нарды жетектетіп бір түйе, бір атты «мә!» дейді!».
Жазушы  ирониясындағы  салыстырулардың  бір  түрі  – 
дерексіз  нәрсені  деректі  нәрселермен  салыстыра  суреттеу. 
Мұндай  ұқсатулардың  астарында  зиянды  дерттердің 
(құбылыстардың)  өзіндік  белгілерінің  жақындығын 
ескертіп,  жирендіру  мақсаты  жатады.  “Төрешілдіктің 
түрлері»  фельетонында  бүйі  мен  бюрократты  былайша 
салыстырады:  «Менше  бюрократшылдық  –  бүйішілдіктің 
ағайын-тағайыны.  Оның  да  ұясы  болады.  Ол  да  –  улы 
жәндік. Бұл да шағады. Шаққан жеріне зәрін жаяды. Олай 
болса,  бүйі  мен  бюрократтың  арасындағы  айырма  қайсы? 
Бюрократ  бүйі  болмасын,  ендеше  –  ауру.  Ауру  болғанда 
жұқпалы.  Жұқпалы  болғанда  –  мандам.  Мандам  болғанда 
–  ашса  арылмайтын,  қазса  аршылмайтын  түкпір-түкпірдің 
бәріне ұялап, жұмыртқалап жатқан бір дерт...» [3.56]. 
Осы  секілді  «Кімді  кім?»  фельетонында  автор  «Социа-
лизм жеңер ме екен, бит жеңер ме екен?» деген сұраққа орай 
ой  өрбітеді.  «Өйткені  «бит»  дегенмен,  «биттей»  дегенмен, 

74
ол-дағы  осал  жау  емес,  жаудың  бір  атасының  ұлы.  Оның 
да  тарих  жүзінде  алып  келе  жатқан  орны  бар.  Қайда  кір, 
қайда лас, мәдениетсіздік болса, биттің түпкі ұясы – осында. 
Ендеше  ұлттың,  елдің,  адамның  қайсысы  кір,  құлаң,  ылат, 
ласқа бай, былапын сүрей болса, бит – соған мейман. Соған 
көрші:  түп  атасы,  тіпті,  содан  шығады»  [3.84].  Автордың 
«бит»  деп  суреттеп  отырғаны  –  «байлар,  ел  үстінен  күн 
көріп келген кебеже қарын, кең құрсақ, көк бөрте жуандар, 
жабысқақ  қара,  қайызғақ  қоғырқай  қулар».  Салыстыра 
көрсетіп,  ұқсата  бейнелеудің  астарындағы  ирониялық 
тыныс айтылар жайды ойнақылықпен баяндаудың амалы әрі 
жағымсыз  құбылысты  оқырманға  жирендіре  жеткізудің  де 
тәсілі болмақ.
Жазушының  «Жалаңаш  жиналыс»  әңгімесінде  ирония 
ашық  сатираның  қолдаушы  құралы  түрінде  көрініс  беріп, 
көркем  мәтіннің  өн  бойында  ілесіп  отырады.  Мұндағы 
кекесін-мысқыл  таза  ирониялық  қатынас  болмағанмен, 
сатира  аясында  сыншылдық  қалыптың  сапалы  бір  арнасы 
іспетті, мін-мүлтікті одан әрі аша түсетін ішкі рефлексиялық 
сананың көрінісі болып келеді. Шығармадағы оқиғаның өзі 
ирониялық көрініс тудырады. Фельетондық баяндау арқылы 
сол кездегі Алматының моншасындағы келеңсіз көріністер 
мысқыл-кекесінмен  іліп-шалынады.  Моншадағы  кезектің 
әлегі, ішке кіргеннен кейінгі судың тоқтап қалуы, жарықтың 
сөнуі секілді жайттарды автор құрғақ баяндамай, қызықты 
жағдаятта алады. Моншада ыңғай жалаңаштардың жиналыс 
ашуы, сөйлеу (баяндама жасау) үшін горсоветтің өкілін іздеу, 
оны  кілең  жалаңаштардың  арасынан  табудың  қиындығы 
секілді жәйттер абсурдтық мән тудырғанмен, шығарманың 
сатиралық табиғатына лайықты шешімін табады.
Шығармадағы  сатиралық  баяндау  машығының  аясында 
ирония тұрақты іліктесіп отырады, яғни, авторлық баяндау 
сатирадан иронияға немесе ирониядан сатираға бейімделіп, 

75
бірін-бірі толықтырып әкетеді: «Шіретте тұрған кісі қандай 
кең  пейілді  келеді:  арық  қойдай  тырысып,  баз  біреумен 
ұрысып,  баз  біреумен  жұлысып,  теріміз  тарылып,  өзіміз 
жарылып  кеткендей  тұрмыз.  Сіркеміз  су  көтермейді.  Тек 
жуықтап кеткен адамға бақырауық түйедей баж ете қаламыз. 
Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз төсегіне тартысады да» 
[4.6].  Ирониялық  леп  лезде  сатираға  ауысып,  келеңсіздікті 
әшкерелеуге  қызмет  етіп  отырады:  “Бір  мезетте  құдай 
жарылқады,  ақ моншаның қарны жарылды. Жалғыз тесік 
жылт  етіп  ашыла  кетті.  Апыр-топыр  көкбөрідей  тесікке 
таластық. Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық, әдеп 
дегендеріңіз адыра қалды» [3.6,7].
Ілияс  ирониясының  бір  сипаты  –  орайлы  жерінде 
әлеуметтік-саяси 
терминологияның 
да 
ирониялық 
мақсатта  пайдаланылып,  көркемдік  тәсілмен  қатар 
концептуальдық  мәнерде  қызметке  келетіндігі.  Мысалы, 
«Жалаңаш 
жиналыста» 
суреттегеніндей, 
адамның 
әлеуметтік  жағдайының  киімшең  қалыпта  байқалғанымен, 
сыртқы  жамылғы  –  киім  болмағанда  баршасының  бірдей 
екенін  аңдатудың  орайында  белгілі  бір  философиялық, 
этикалық  мән  жатыр  және  ол  ирониялық  ойнақылықпен 
баяндалады:  «Моншадағы  шіреттің  түрі  жалаңаштық, 
мазмұны  бұқарашылдық  болатын  көрінеді.  Жұрттың 
бәрі  тыр  жалаңаш...  Моншаға  кіргеннен  соңғы  тағы 
бір  жетіскендігіміз  –  шіреттегі  тап-тапқа  бөлінуді 
жойдық.  Тысқы  жақтағы  тап-тапқа  бөліп  тұрған  киіміміз, 
документіміздің  бәрін  «сдавать»  еткен  соң  әскер,  қызыл 
партизан,  командировочный,  жай  граждан  арасында 
айырма  қалмай,  тапсыз  қоғам  құрып  шіретте  тұрамыз» 
[3.8];  «Өңшең  жалаңаштың  ішінен  горсоветтің  мүшесін 
танып  алу  оңай  болып  па?  Жұрт  мүшені  сұрастырып, 
тастаяқтай қағысты» [3.9]. Әңгімедегі ирониялылық тыныс 
тек сөздік баяндау ырғағымен ғана шектелмейді, сюжеттік 

76
ұйымдасудың  астарындағы  мысқылдық  реңк  оқиғаның 
мазмұнына да қатысты: монша ішінде кілең жалаңаштардың 
уақыт өткізу үшін (уақытты тиімді пайдалану үшін) жиналыс 
өткізуі  мысқылдық  мәнімен  ерекшеленеді:  «Жиылыс, 
кәдімгі, жарық дүниедегі жиылыстан кем болған жоқ. Алқа 
қотан  отырып  басалқы,  бастық,  хатшы  сайланып,  киімді 
кісілердей-ақ кеңеске кірістік» [3.10]; «Не чин, не орын, не 
үстел,  не  мекеме  жоқ,  жанның  бәрі  бірдей,  жұрттың  бәрі 
жалаңаш,  терезесі  тең  –  шынайы  бұқарашылдық  сонда 
болады екен... Армансыз айтысып, өзара сынды ең жоғары 
скамейкаға шейін көтердік» [3.11].
Ілияс  Жансүгірұлы  әңгіме-фельетондарындағы  баяндау-
лар орайында лирикалық иронияның да үлесі бар, мысалы, 
«Бақтың  әдісі»  әңгімесінде  оқиғаны  баяндағаннан  кейінгі 
кейіпкердің  қорытындысын  ирониялық  леппен  танытады: 
«Әркім  бай  болуды  қаласа,  «ожданмен»  байланысты  үзуге 
тиіс  екен..:  «Ар»  деген  немені  «Аулақ  жүр!»  деп  қуып 
жіберу керек екен... «Не жұма тұрсын, не мен тұрайын» деп 
Қожанасыр айтқандай, «не бақ пен байлық», «не ар, не ұят» 
екеуінің бірімен ғана байланысың болу керек екен! Ожданмен 
байлансаң, байлық байланысы үзіліп кетеді екен!.. Бұл менің 
ұзақ тәжірибемен тапқаным – бақтың әдісі..» [3.15]. Мұндай 
кейіпкерлік  шешімнің  астарына  ирониялық  парадокс  тән: 
кейіпкер өзінің байымау себебін байыптағанда, оның сыры 
өзінің  «кемшілігінен»  екеніне  «көзі  жетеді»  («Іс  басына 
мінгенде  өзімнің  распоряжениемдегі  малдан,  бұйымнан 
алуды өзіме міндет қылмаппын»). Сөйтіп, кейіпкеріміз өзінің 
адамдық  мінез-құлық  табиғатына  керісінше  қорытындыға 
келеді.  Кейіпкердің  дұрыс  деп  тапқаны  автор  тарапынан 
(концептуальдық  тұрғыдан)  теріс  қылық  болып  табылады. 
Осындай «басқаша ұсынып, керісінше айтатын» ирониялық 
парадокстік  тәсіл  бұл  әңгімеде  лирикалық  мысқылдың 
арнасында бой көрсетеді.

77
Жазушы  “Тәшкендікке  тарт»,  «Шешілмеген  жұмбақ» 
әңгімелерінде өмір суреттері арқылы өз кезеңінің шындығын 
мысқыл-кекесінмен әсерлі бейнелейді. Бұл шығармалардағы 
ирония көркем мәтіннің мазмұндық арқауындағы өрімімен 
ерекшеленеді.  “Тәшкендікке  тарт»  әңгімесінде  кооператив 
мүшелерінің жалпы жиналысында кооперативтің пайдасын, 
маңызын  сипаттап,  жұртты  кооперативке  үгіттеген 
Шойынқұлақтың  өз  әйелі  алдындағы  дәрменсіздігі,  соның 
қалауымен  қашқарлық  не  тәшкендік  базарға  апаратын 
аужайының  суреттелуінде  ирония  жатыр.  Сөз  бен  істің 
арасындағы  қайшылық,  жұртқа  насихат  айтып  тұрып,  сол 
насихаттағы істі өзі орындай алмауы мысқыл тудырады. 
«Сөз  Қасымбаевқа»  фельетонында  бір  өзі  бірнеше 
адамның атынан сөйлеп, әйтсе де ештеңе түсіндіре алмаған, 
жиналысқа  қатысушылардың  сұрақтарына  жауап  беруден 
де  тайсақтап  шыққан  «әмбебап»  өкілді  әшкерелейді. 
«Социализм  болғанда  ауыл  қандай  болады?»  әңгімесінде 
автор  социализмдегі  ауылдың  көрінісін  Оңшылбаев  пен 
Солшылбаевтың  көзқарасы  тұрғысынан  бейнелейді.  Олар 
болашақтың бейнесін өз көзқарастарына сәйкес түстерінде 
көреді. Екеуінің сөздерін тыңдағаннан кейін Болшевиктеров 
ауылдың  болашағы  туралы  өз  ойын  ортаға  салады.  Мұнда 
танымдағы  көзқарасты  берудегі  авторлық  ирония  сюжет 
құрылымының өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Автор түрлі 
көзқарасты салыстыра танытуда ұтымды тәсіл тапқан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. М.Бахтин. Вопросы литературы и эстетики. М., 1975. 
2.  Т.Қожакеев.  Сатира  саңлағы  //  Лениншіл  жас. 
27.04.1984.
3. І.Жансүгіров. Құқ.А., «Қайнар», 1995.

78
Марат БЕКБОСЫНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
«Абайтану» ғылыми-зерттеу 
орталығының  аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
ШЕРНИЯЗДЫң «БАЙМАҒАМБЕТ 
СҰЛТАНҒА АЙТҚАНЫ»
                                 (Бастапқы бөлігі өткен санда)
Шернияз Баймағамбетті осылайша  мақтамен бауыздап, 
ел  дұшпаны,  патшаның  сүйкімдісі  болғанын,  ел  қамқоры 
Исатай сынды ерлерді өлтіргенін «мақтау» арқылы халыққа 
оны  барынша  жеккөрінішті  етіп  бейнелеген.  Бұдан  соң 
Шернияз  Баймағамбеттің  бұйыруымен  оның  алты  қызын, 
әйелін, сонан соң өзін жамандайды. Шернияз өлеңінен бізге 
әдеби-тағылымдық  мәнде  керегі:  –  оның  Баймағамбетті 
жамандағанда  не  үшін,  қандай  ісі  үшін  жамандағаны. 
Сондықтан  бұл  жерде  қыздарын,  әйелін  жамандаған 
жерлерін емес, Баймағамбетті не деп жамандағанын оқиық.
Ар жақта Арынғазы дүбірлеген,
Байеке, елің бар ма бүлдірмеген?
Төре кетіп, төбеде төбет қалып,
Туып тұр ел басына  «бұл күн» деген.
Кешегі Исатайдай асыл ерді
Дұшпанға ұстап бердің тіл білмеген.
Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған,
Төре емессің, төбетсің дым білмеген!
Орыс  орман қол салып ордамызға,
Заманға ұшырадық  «бүлгін» деген.
Айдаттың жалғыз бауырың Исатайды,
Сенен де қалмақ жақсы шүлдірлеген.
Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас,
Қас итсің қасыңа да адам жуымас.

79
Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ,
Хан емес, қас қатынсың мұндар қу бас!
Сәбит Мұқанов «Шернияз Жарылғасұлы» атты очеркінде 
Шернияздың  Баймағамбетті  жамандаған  осы  Алыш  пен 
Омарбек  ақындардың  нұсқаларындағы  шумақтардан  өзге 
Шашубай ақын нұсқасындағы мына өлеңді де келтірген:
Хан емессің, қабансың,
Қара албасты басқырсың!
Достың келіп састырсын,
Дұшпаның келіп басқа ұрсын!
Хан емессің, көмірсің,
Балқытқан көмір темірсің,
Басыңды қасқыр кемірсін,
Майыңа иттер семірсін!
Хан емессің...
Қартайған бура маясың. 
Бұл қылықты қоймасаң,
Тағыңнан да таясың!
Хан емессің қабансың,
Тамам ханнан жамансың!
Аққа зауал болмайды,
Ақ иіліп сынбайды,
Исатайды айдатып,
Сен де бір бәлені табарсың.
Хан емессің, бурасың,
Сақалың күнге қурасын.
Бауырыңа қайнаған қазан төгіліп,
Бала-шағаң шуласын!
Жоғарыдағы  очеркінде  Сәбит  Мұқанов  осы  өлеңдерді 
келтіре  отырып,  тағы  да  былай  дейді:  «Шернияз 
Баймағамбетке бұдан артық не айтсын?! Бұ сөздер ақынның 
Баймағамбетке бұйырған рухани өлім жазасы емес пе? Осы 
азғана жолды өлеңде халықшыл Исатай мен халық дұшпаны 

80
Баймағамбеттің айқын образы берілмей ме? – Әрине, солай». 
Шернияздың  Баймағамбеттен  жансыз  қылышты 
рақымды  көріп,  «Қолында  ханзаданың  қасқа  қылыш, 
Түсесің қаһарлансаң тасқа қылыш» деп басталып, қылышқа 
қарата отырып айтылатын мақтауынан соң райынан қайтқан  
Баймағамбет Исатай аруағымен күндестігін жасыра алмай: 
«Исатайды  мақтай  бересің,  сонша  мақтайтындай  несі 
бар  еді  оның?»  деп  сұрайды.  Міне,  осы  жерде  Шернияз 
Исатайдың  батырлығын,  халықшылдығын,  жомарттығын, 
қайырымдылығын  Баймағамбетпен  салыстырып,  ханның 
бақталастық  қызғанышын  әдейі  қоздырады.  Шернияз 
Исатайдың  байлығын  айтқанда,  сол  байлықтың  Исатайда 
расымен  болғандығын  емес,  Исатайдың  «Дүниенің  бар 
байлығы халқымда  болса екен» деген ниетін Исатайда бар 
байлық қылып айтады. Мұны түсінбеген таяз Баймағамбет 
Шернияз  Исатайды  мақтаған  сайын  Исатайдан  асам  деп 
Шерниязға  Исатай    берді  деген  дүниеден  асырып  береді. 
Шындығында  Шерниязға  Баймағамбет  сонша  дүниені 
бермеген де болар. Мәселе онда емес. Мәселе – Шернияздың 
Исатайдың  халық  мүддесі,  ел  бостандығы  мен  жұрттың 
бақуатты тұрмысы жолындағы  тарихи істерін ұрпаққа үлгі 
етіп қалдыру. Сондықтан да Шернияз өлеңнің бұл бөлігінде 
Исатайды былайша сипаттайды:
Сағынам ауызға алсам Исатайды,
Ер тумас ел бағына ондай жайлы.
Қарадан халқы сүйіп ханым деген
Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы.
Кешегі Исатайдың арқасында 
Ие едім ен дәулетке басыбайлы.
         Алаштан асып кеткен Исатай бай,
         Ішкені алтын аяқ, ақ құйрық шай.
         Исатайдай жомарттық жан қылған жоқ,
         Жылында беруші еді бесті асауды-ай!

81
          Өлтірген Исатайды оңар ма екен,
          Дәуренім баяғыдай болар ма екен?!
          Ұшып кетті қолымнан дәулет құсым,
          Енді айналып тұғырына қонар ма екен?!
Жаман ой жете алмайды жабындыдан,
Барақтай ұл туар ма табындыдан?!
Исатай жаудан өлсе шәйіт өлді,
Үйде өлер сендей жаман қағындыдан.
           Исатай жылқы салған ләшкәр көлге,
           Ләшкәрді тастаушы еді асқар белге.
           Исатайдай жомарттық жан қылған жоқ,
           Аянбай малын шашқан ғаріптерге.
Ай сайын молдаларды жиып алып,
Зекетін беруші еді әрбір елге.
Көшкенде көшке малы ермеуші еді,
Таратып беруші еді әрбір жерге.
Баян қылып тауыса алмаймын айтқанменен,
Исатайдай дүниеге келмес пенде.
Өлеңнің Шашубай ақын нұсқасындағы келесі бөлімінде 
Баймағамбет  Шерниязға  берген  дүние,  мүлкін  қимай, 
қайтадан  қайтарып  алуды  ойлап  Шерниязға:  «Егер  сен 
осы үйдің ішкі, сыртқы жабдықтарын тоқталмай, бөгелмей 
түгел айтып шықпасаң, бергенімнің барлығын қайта жиып 
алам»,–  дейді.  Сондағы  Шернияздың  әдеби  көркемдеу 
құралдарының  жансызға  жан  бітіріп  суреттейтін  кейіптеу 
әдісімен  ұлттық  нақыштағы  халық  тұрмысын  бейнелейтін 
үй жабдықтарын сипаттаған әдеби-көркем өлеңі мынау:
Әкеңнің бір атасы қоян жырық,    
Босаға, маңдайша мен табалдырық.
Кереге алты қанат, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
         Төрінде сандық айтар төремін деп,
         Есік айтар әр нәрсе көремін деп. 

82
         Ерні жалақ болыпты жомарт ожау,
         Көрінгенге қолқайыр беремін деп.
Ожау айтар қазанға қапталдым деп,
Қазан айтар қарнымнан қақталдым деп.
Жүгіріп от айналып шәйнек жүрер,
Қылығым не құдайға жақпады деп.
         Кетпен айтар ағашқа сапталдым деп,
         Балта айтар барлығына дақ салдым деп.
         Текемет төрде жатқан сал ауру,
         Жақсыға, жаманға да тапталдым деп.
Ыстыққа қол батпаған шөміш батқан,
Сықырлап төсек ағаш жылап жатқан.
Қылмысы бұ жалғанда жаққан тұтқыш,
Бетіне қазан ұстап күйе жаққан.
         Асылып керегеде ішік, тұлып,
         Толғатып баспалдақ тұр іші толып.
         Мейманды үйге келген күтіп алып,
         Құман тұр от басында келін болып.
Туырлық, үзік, белдеу, ши, көдеге,
Шалқалап түндік жатыр дәл төбеде.
Орнықты бәйбішедей қара саба,
Астында төсағаштың сұр тегене.
Шернияз өлеңінің соңы Омарбек нұсқасы бойынша былай 
аяқталады:  «Күндердің  күні  болғанда  Шернияз  Исатайды 
сағынып, сұлу жар мен мол дәулетке қарамай, жүдеп, семіп 
кетіпті.  Мұны  естіген  Баймағамбет  Шерниязды  сынамақ 
боп:  «Егер  Исатай  тіріліп  келсе,  не  деп  амандасар  едің?» 
дегенде, Шернияз:
«Аһ,  ел  қорғаны  Исатай  енді  бізге  жоқ  қой.  Сөйтсе  де, 
Исатай келетін болса алдынан шығып:
Бармысың, жауға түскен алтыным-ай,
Самалым, саз қонысым, салқыным-ай!
Жауыңның қоржынына  түсіп едің,
Шықтың ба аман-есен, жарқыным-ай?!

83
         Ақ алмас, алтын сапты қылышым-ай,
         Ашып ең алты алаштың тынысын-ай!
         Жатпайтын асыл пышақ қап түбінде
         Шықтың ба қабын жарып, ырысым-ай?! –
деп құшағымды жайып, мойнынан құшақтар едім» дейді.
«Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқаны» атты осы 
әйгілі өлеңін Шернияз шығармашылығын тұңғыш зерттеген 
академик  Сәбит  Мұқановтың  қорытынды  бағасымен 
түйіндейік:  «Шернияздың  өлеңдеріндегі  Баймағамбетті 
мақтаған жеріне қарап бір кезде біреулер Шерниязды «Сарай 
ақыны» деп жазып жүрді. Бұл пікірді айтушылар Шернияз 
өлеңдеріндегі диалектиканы абайламады. 
Шынында, Шернияздың осы өлеңін тұтас оқып шыққан 
кісіде қандай әсер қалады?
1. Шернияздың Исатайды шексіз жақсы көруі, халықшыл, 
халық  қамқоршысы  деп  жақсы  көруі,  оған  ешкімді 
теңгермеуі.
2.  Баймағамбетті  оның  қылышынан,  қаһарынан  қорқып 
қана мақтап, реті кеп қалған жерде оның патшашыл екенін, 
халықты қанаушы екенін ашып айтып, оны жұрт алдында, 
тарих алдында масқаралады.
3.  Исатай-Махамбет  бастаған  көтерілісті  патша  үкі-
меті  мылтық  күшімен  басқаннан  кейін  ол  көтеріліске 
қатынасушылардың  үздіксіз  қуғынға  ұшырауы,  ауыр  азап 
көруі.
4. Қанаушы таптың, оның үкіметінің искусствоны, көркем 
әдебиетті өзінің қанағыштық қылығын мақтауға жұмсағысы 
кеп ақынды қыспақта ұстауы.
5.  Ақынның,  әсіресе,  халық  бостандығын  жақтаған 
ақынның қанаушы тап үстем кезде хал-жайының трагедияда 
екендігі. 
Міне, аз көлемді Шернияздың жырында осындай саяси, 
әлеуметтік және көркемдік маңыз бар».
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет