Қазақ сахарасы – сынақ алаңы



жүктеу 416.65 Kb.
Pdf просмотр
бет1/3
Дата05.02.2017
өлшемі416.65 Kb.
  1   2   3

Қазақ сахарасы – сынақ алаңы 

 

Кеңестік  атом  бомбалары  туралы  естелік  жазушылар  ядролық  сынақ 



алаңына  ел  қоныстанбаған,  Семей  қаласының  күнбатысында,  облыс 

орталығынан  180  шақырым  жердегі  Дегелең  тауының  елсіз  бөктері 

таңдалғанын  жарыса  қайталайды.  Әскерилердің  Балапан,  Телкем, 

Ақтанберлі,  Сарыөзен,  Байкал,  «Тәжірибе  алаңы»  атаған  жазықта,  кейіннен 

Дегелең тауы мен Балапан бұйратының қойны-қонышын ұңғып, жер астына 

да бойлап ядролық жарылыстар жасағаны – қазірде жария шындық. Ондаған 

емес,  470  мәрте!  Сол  дүңкіл  1949-1989  жылдар  аралығында  үздіксіз  жүріп, 

байырғы  Қазақ  даласының  жан-жануар  дүниесін,  тамылжыған  табиғатын 

жоятын  залалды  эксперимент  ай  сайын  бірнеше  рет  қайталанғаны  туралы 

деректер бертінде жарық көрген ғылыми кітаптарда ашық жазылған. Демек, 

көп жылдар бойы бүркелген құпия сынақтың беті ашылды. Бір деңіз. Екінші 

шындық:  қырық  жылдан  астам  уақыт  төбемізден  төнген  дүңкілдерді  естіп, 

табан астымызды дірілдеткен қатерді сезіп отырып, «Ау, бұларың не?» деуге 

шамамыз  болмады.  «Барлық  сынақтар  елсіз  далада  жасалды»,  –  деген, 

полигон  басшылары  ойдан  шығарған  жалған  ақпарды  қарсылықсыз 

мойындадық. Бұл да сол уақыттың күйкі ақиқаты. Қасымыздағы көршіміздің 

аққан  дертіне  ұшырап,  екі  жастың  біріне  келмей  ажал  құшқанын,  жарық 

дүниеге  келген  кейбір  нәрестелердің  мүгедек  болып  туғанына  үнсіз  налып, 

«Апыр-ау,  осы  дерттер  неден?»  деуге  де  батылымыз  жетпеді.  Неге?  Соған 

наразылықтың  басқа  жайтқа  байланып,  үш  қаріптен  тұратын  ұжымның 

бақылауына  түсерімізді  білгендіктен,  қу  жанымызды  күйттегендіктен  де 

момақан  болдық.  Иә,  сонсоң  соғысқұмар  американ  империализмін 

құрықтаудың  бірден-бірі  амалы  осы,  қару-жарағымыздың  күштілігі...  деген 

кеңестік  идеологияның  әсерінен  де  арыла  алмадық.  Партиялық  ожданымыз 

да о кезде бекем болды...  

Дей тұра тағы бір келеңсіздікті ескертуді парызым санаймын. Ол болса 

«Жариялылық  заманы»  туып,  үш  қаріптің  қаһарынан  құтылып,  тотықұсша 

сайрауға  еркіндік  туғанда  естелік  жазушы  кейбір  замандастарым,  әсіресе 

журналист  жазымпаздар  әскерилердің  өтірігін,  «Ядролық  полигон  елсіз  ай-

маққа  ірге  тепті»  деген  бопсасын  дәлелсіз  растады.  Ең  ғажабы,  сол  ойды 

зиялы  қауым  өкілдері  де  қайталады.  Мысалы,  ата-бабасы  Дегелеңнің 

оңтүстік бөктеріндегі Қалыбай бұлағын екі ғасыр бұрын қоныстанған Марал 

атаның  бертінгі  ұрпағы,  есімі  қазақ  қауымына  танымал  демограф-ғалым 

Мақаш  Тәтімов  «Невада-Семей»  қоғамдық  қозғалысының  «Аманат» 

газетінде  жариялаған  «Мен  де  Дегелеңнің  бір  бөлшегімін»  (03.03.1990)  деп 

атаған  мақаласында  «Сарыарқаның  желі  көбіне  солтүстіктен  оңтүстік-

батысқа  (?)  қарай  соғады.  Ертеде  сол  жердің  бағытында  елді  мекендер  аз 

болған,  халық  сирек  қоныстанған.  Ядролық  полигонды  Семей  жеріне 

орналастырудың  бір  себебі  сол...»  –  дей  келіп,  Орта  жүздегі  қаракесек 

руының  бес  бошан тобына құтты қоныс болған (Мақаш ініміздің өзі де осы 

рудың қалыбай-қырқым бұтағының перзенті) Дегелең атырабын ерте кезден-


ақ  елсіз  аймаққа  айналдырады.  Жаңсақ  тұжырым!  Мақаш  Тәтімов  осы 

аймақты, өзінің мойындауынша, 1983 жылы ғана көрген, күллі өмірін Мәскеу 

мен  Алматыда  өткізген  ғалым  Сарыарқаның  өкпек  желі  туралы  да  қате 

байлам жасаған. Анығында теріскейден үдей соққан өкпек жел Мыржық пен 

Дегелең  арасындағы  жазықты  қардан  тазартып,  жергілікті  халықтың 

қолындағы малына үнемі жайылым ашып отырғанын білмейді. Нақ осы жел 

– Мақаштың бес-алты атасы осы өңірді құтты қоныс етуіне басты себеп... 

Мәскеудің  «ИздАТ»  баспасы  2002  жылы  жарыққа  шығарған,  көлемі 

654  бет,  «КСРО-дағы  ядролық  сынақтар»  аталған  ғылыми  монографиялар 

жинағында  «Елсіз  далаға  ірге  тепкен  полигон»  туралы  тұжырым  ресми 

құжаттармен бекіген.  

Осы  жинақтың  37-68-беттеріндегі  «Семей  полигонын  салу,  оның  тер-

риториясында  ядролық  қаруларды  сынайтын  алаңдарды  дайындау»  деп 

аталған  тарауда  атомдық  сынақ  алаңын  таңдауға  кімдердің  қатысқаны  тәп-

тіштеп  баяндалған.  

...Саров  қалашығында  әзірленген  алғашқы  бомбаның  сұлбасы 

қарайғанда,  яки  1947  жылдың  жазында  И.В.  Курчатов  Берияға  барып: 

«Лаврентий Павлович, таяу уақытта бізге халық қоныстанбаған, айналасында 

кем  дегенде  200  километрге  дейін  тірі  жан  тұрмайтын  кең  алаң  керек.  Сол 

жерде  «бұйымды»  сынаймыз.  Оның  жарылысы  адамдар  ғана  емес,  жан-

жануар  тірлігіне  де  қатерлі...»  –  деген. Ғылыми істен бейхабар, можантопай 

содырды  өз  ойына  иландыру  үшін  АҚШ  мамандарының  ядролық  сынақ 

алаңы  үшін  Нью-Мексика  штатының  «Өлім  алқабы»  аталған  табиғаты  аса 

қатаң,  халық  қоныстанбаған  шөл  даладағы  Аламогор  тақырын  таңдағанын 

мысалға  айтқан.  Л.  Берия  сол  күні-ақ  КСРО  ҒА-ның  басшыларына  жедел 

тапсырма  түсірген.  Елсіз  аймақтың  нендей  іске  қажет  болғанын  ашпай, 

сейсмикалық  сілкіністерді  қадағалайтын  «Таулық  станса»  орналасады,  кең 

алаң да солардың сынағына керек деген. Сол алаңды Ресей алқабынан емес, 

тек қана Орта Азия республикалары мен Қазақстан территориясынан табуды 

айрықша  ескерткен.  Географ  мамандар  «Таулы  стансаға»  қажет  алаңды 

үкімет  мүшесі  нұсқаған  республикалардың  бәрінен  де  тауып,  әрбіріне 

ғылыми сипаттамалар беріп, академия басшыларына ұсынған...  

 

Ертістің  сол  жағалауындағы  шалқар  жазық  сол  тізімде  бірінші  кезекте  аталыпты.  1-Бас 



басқарманың  мамандары  тізімге ілінген алқаптарды ұшақпен аралап, мұқият тексерген. Ядрошы 

мамандардың  таңдауы  ақырында  ұлан-ғайыр  Қазақ  даласына  түскен.  Неге?  Жер  бетіндегі 

сынақтар – иен жазықтың кіндік  ортасында, ал жер астындағы жарылыстар үшін Дегелең тауының 

қойнына  түсетін  ұңғымалар  қазуға  болады.  Көл-көсір  алқаптың  жынысы  қатты,  ту  ортада 

шошайған  жалғыз  тау  гранит  пен  мәрмар  тастан  түзілген.  Сол  да  жарылыс  қуатын  ерекше 

күшейтіп,  кенеттен  өрбитін  тербелісті  100-150  шақырымға  жеткізеді.  Бір  деңіз.  Екіншіден,  сол 

таудан 130 шақырым теріскейде арнасы кең, о күнде суы мол Ертіс өзені байырғы Қазақ даласын 

солтүстікке қарай жарып өтеді. Өзеннің  арғы жағасы – қалың орман, ал бергі беті – суға түсіп, құм 

қайраңда  күнге  күйіп,  емін-еркін  сайрандауға  Құдай  тағала  арнайы  жаратқан  демалыс  орны. 

Демек,  сол  жер  өндірістік  база  орнатып,  казармалар  мен  тұрғын  үйлер  салуға  қолайлы.  Үшінші 

ерекшелік,  Саровта  дайындалған  «бұйымды»,  өзгедей  де  керек-жарақты  кемеге  тиеп,  Ертістің 

айдыны  арқылы  немесе темір жолмен бөгеусіз жеткізуге болады: Түрксіб темір жолының Семей 

бекеті  өздері  таңдаған  жайдақ  алаңнан  небәрі  130 шақырымда. Төртінші, сол бекеттің түстігінде 


көп-көрім  әуежай  бар.  Бұл  да  Мәскеудегі  отбасыларына  жиі  қатынауға,  иә  олардың  өздеріне 

келуіне қолайлы,  арнайы сайлағандай ұтымды жайт... 

 

Қысқасы, Ертіс жағасына екінші мәрте ат басын бұрған шолғыншы топ 



(бұл  жолы  ВНИИЭФ  ұжымының  жетекшілері  де  келген)  жатаған  бұйраттар 

қаумалаған,  әредік  тұзды  көлшіктер  мен  батпақты  сортаңдар  ағараңдаған 

шалқар  жазықты  асықпай  көріп,  әрлі-берлі  өлшеп,  Дегелең  мен  Мыржық 

бөктеріне де соғып, екі таудың да қойны-қонышын шурфтар қазып тексереді. 

Сол сапарда-ақ мамандар бізге қажет алаң осы деген ойға тоқтаған. Бір ғана 

гәп  шолғыншыларды  алаңдатқан:  кең  аймақтың  әр  жерінен  мұржалары 

сорайған  қыстау  үйлер  мен  ұсқыны  жүдеу  мал  қораларын  көреді;  киіз 

үйлерде  отырған  малшы  қазақтарды  кездестіреді;  Дегелең  мен  Мыржық 

тауларының арғы-бергі бөктерінде бірнеше ұжымшар бар екен, негізгі кәсібі 

– төрт түлік мал өсіру, тірліктері тек тым жұпыны...  

Осы  жайт  1-басқарма  басшылары  мен  ВНИИЭФ  жетекшілерін  едәуір 

ойлантқан.  Айдыны  шалқар  өзеннің  (сол  тұста  ені  бір  шақырымға  тақау) 

арғы-бергі  жағасы  –  қалың  ел.  Жаңасемей  қалашығынан  аттанып,  Ертісті 

жағалай  ылдиға  құлдилағанда  бірнеше  мекенді  баса  жүрген-ді,  қазақ  ауыл-

дары  екенін  (Мұрат,  Түрксіб,  Шақаман,  Социалистік,  Бөкенші,  Бөденелі, 

Молдар  және  Ақжар)  жұпыны  сұрқынан  аңдаған,  бәрі  де  өзен  жағасына 

ентелей  қоныстап,  бау-бақша  өсіріп,  төрт  түлік  мал  бағумен  қоса  балық  та 

аулайды. Ағыны қатты, арналы дарияны жағалап иық тіресе орныққан ауыл-

селолар  Семейден  350  шақырым  жердегі  Павлодар  қаласына  дейін 

үзілмейтінін  де  картадан  аңдайды.  Ертістің  сол  жағалауы  алаңқай  далаға 

ұласып,  оң  жағалауын  тұтасқан  қалың  қарағай  қоршап,  еңіске  құлаған 

тұсында  кеме  тоқтайтын  айлақтар  ірге  тепкенін  де  көреді.  Олардың  атауы: 

Ескі  бекініс,  Қайыңды,  Долон,  Семиярка,  Мостик,  Ақсу  және  бірнеше  елді 

мекендер.  Бұларды  ешқайда  көшіре  алмайсың.  Өйткені  тұрғын  халқы  мол, 

бәрі  де  су  жолында.  Ал  сынақ  жасалмақ  жердегі  малшы қазақтарды, небәрі 

алты кеңшар құраған ұсақ шаруашылықтарды Бөрлі тауының арғы бөктеріне, 

одан  да  қашығырақ  қоныстарға  көшіруге  болады.  Сөйткен  күнде  Ертіс 

жағасынан 200 шақырым күнбатыс пен түстікке дейінгі шалқар даланы елсіз 

аймаққа айналдыру қиын емес деген желік ой, сірә, сол сапарда жетекші рөл 

атқарған...  

Таңғалдырар  гәп:  осы  мәселені  талқылағанда  білім-танымы  жоғары 

білгірлердің бірде-бірі «Радиация залалы және өзгедей де қатері мол ядролық 

сынақты  халық  ежелден  жиі  мекендеген  берекелі  Ертіс  жағасында,  Қа-

зақстанның  үш  облысы  шекаралас  болып,  оған  қоса  Ресейдің  Алтай  өлкесі 

Құлынды  даласы  арқылы тоқайласатын, сол күнде екі миллиондай жан иесі 

қоныстанған  (бертінде  солардың  саны  жарты  миллионға  көбейген),  ел 

экономикасына  қайтарымы  мол  шұрайлы  аймақтың  ту  ортасынан  ядролық 

полигон  ашуымыз  қалай  болады,  күні  ертең  осы  таңдаудан  опық  жемейміз 

бе?..»  деген  жайтты  қаперіне  алмаған.  Түсініксіз  бейғамдық,  әлде  Ресей 

империясына  «өз  еркімен  бағынған»  бұратана  халықтарға  деген  бәз-баяғы 

ұлыорыстық немқұрайды пиғыл әсер еткен...  


«КСРО-дағы  ядролық  сынақтар»  кітабының  37-бетінде  осы  тапсыр-

маны  дайындауға  қатысқан  қайраткерлер  мен  ғалымдардың  (А.  Завенягин, 

М.  Воробьев,  М.  Садовский  және  П.  Рожанович)  Л.П.  Берияға  жолдаған 

ресми хаты келтірілген:  «...Сейсмикалық таулық стансаның орны үшін Сізге 



ұсынылған бірнеше аймақтың ең қолайлысы, біздіңше, 1-кезекте аталғаны, 

Ертіс  өзенінің  сол жағалауындағы, Семей қаласынан 170 километр төмен 

жердегі халық қоныстанбаған аймақ (даралаушы біз – М.С.) Оның айналасы 

200  км-ге  дейін  мидай жазық, содан әрі 4 метрден, кейде одан да биігірек 

ұсақ бұйраттар қоршаған. (...) Ескертуге мәжбүрміз: біз таңдаған алаңның 

басты  кемшілігі  –  темір  жолдан  170  шақырым (?) жырақта болуы және 

Семей  қаласында  бұрыннан  ірге  тепкен  Қытай  консульствосы  (сірә,  оны 

басқа  бір  қалаға  ауыстыру  жөн).  Біз  ұсынған  аймақта  су  мүлдем  жоқ, 

кейбір тұсында ғана шыңырау құдықтар бар, оның да су қоры мардымсыз. 

Ауа  райы  аса  қатаң...  Ұсынылған  аймақтың  жан-жақты  зерттелген 

материалдарын  осы  хатпен  бірге  ұсынып  отырмыз.  Таулы  станса  салуға 

ұсынылған №1, яғни Ертіс атырабындағы алаңды бекітуді өтінеміз»*. 

 

*  Бертінде  жарияланған  естеліктерде  осы  жерді  таңдаушы  И.В.  Курчатов  екендігі 



айтылады. Неге сөйткенін төрт түрлі себеп келтіріп жоғарыда түсіндірдік. Шындығында ол өздері 

сынамақ  қарудың  нендей  бүліншілік  жасайтынын,  табиғат  пен  жан-жануар  әлеміне  келтірер 

зиянын болжай алмаған. Менің ойымша, жоғарыдағы хат та Игорь Васильевичтің жұртқа дабыра 

абырой-атағын қорғау үшін  келтірілген.  Осы алаңды таңдаушы Л.П. Берия деген лақап та сол үшін 

айтылған. Анығында ол бұл істен ештеңе сезбейтін ноқай бастық қана...  

 

Полигон  туралы  дайындалған  үкімет  жобасымен  И.В.  Сталин  1947 



жылғы  19  маусымда  танысып,  бірінші  бетіне  «келістім,  бекітемін»  деп  қол 

қойған.  Маусым  айының  соңғы  аптасында  Берия  бастаған  қарамды  топ 

(Курчатов,  Харитон,  Ванников,  Завенягин,  Қорғаныс  министрі  мен  Бас 

штабтың  бастығы) Семейге арнайы ұшақпен келген. Облыс орталығындағы 

әуежай – Ертістің сол жағалауындағы Шағыл жазығында. Төтенше сапармен 

келе  жатқан  КСРО-ның  үкімет  делегациясын  Семей  облысының  қос 

басшысы  А.Д.  Гарагаш  пен  Х.Б.  Байзақов,  жергілікті  КГБ-ның  бастығы 

полковник В.А. Губин әуежайда қарсы алған. Ұшақтан түскен бетінде Ертісті 

құлдилап,  о  күнде  оппа-шұңқыры  көп  дала  жолымен  екі-үш  сағат  изеңдеп, 

жиырма-отыз  үйлі  Бөденелі  елді  мекенінен  өткен  соң-ақ,  иен  жазықтың 

Ертіске  еңкейген  тұсындағы  жарбиған  қазақ  ауылының  іргесіне  келіп,  ол 

болса  Павлодар  облысының  «Ақжар»  колхозына  қарайтын  Молдар  елді 

мекені, жарқабақ үстіне тоқтайды. Сол жерге комиссия жеңіл палатка тігіпті. 

Айналасы  ат  шаптырым  иен  жазықтың әр тұсына қазық-қадалар қағып, сол 

төңіректі  картаға  түсіріп,  келешек  қалашықтың  орнын  межелеп  қойыпты. 

Үкімет  тобының  біраз  адамы  дереу  күнбатыс  қиырға  аттанып,  жүз 

шақырымнан аса жер жүріп, Дегелең тауының етегіне жетіп, соның шоқтығы 

биік  бір  жотасынан  теріскейде  көлденең  көсілген  Мыржықтың  ақар-шақар 

жоталарын  дүрбімен  шолады.  Жолшыбай  кездескен  бұлақтар  мен 

көлшіктердің  жағасында  колхоз  малын  баққан  қазақтардың  киіз  үйлерін, әр 

жерде  мыжырайған  қыстаулары  мен  мал  қораларын  көреді.  Содан  кешке 

таман  Ертіс  жағасына  қайтып  оралып,  өзенге  шомылып,  шаң-тозаңнан 



арылып,  сол  жерде  жайылған  дастарқанға  жайғасып,  жол  азабын  ащы 

арақпен тарқатқан...  

Лаврентий  Павлович  көмекшісі  ұсынған  планшеттен  осы  аймақтың 

картасын  суырып,  ВНИИЭФ  ұжымының  иелігіне  берілетін  Ертіс  жағасын-

дағы қомақты алқапты нұсқап, қарсы алдында қақшиып тұрған Қазақстан КП 

Семей  облыстық  комитетінің  бірінші  секретары  мен  атқару  комитетінің 

төрағасына  былай  дейді:  «Қазық  қағылған  жерге  таяу  күндерде  әскери 

бөлімше  келіп,  тұрғын  үйлер  тұрғыза  бастайды. Бір ме? Екінші, арнайы ма-

мандар  тобы  Ертіс  өзенін  бойлап,  Түрксіб  трассасынан  жалау  ілінген мына 

алаңға  дейін  тартылатын  кең табанды темір жолдың жобасын әзірлеуге кірі-

седі.  Бұл жол биылғы күзден бастап жедел қарқынмен салынады. Естеріңде 

болсын,  темір  жол  мен  қалашық  құрылысы  келесі  жылы  толық бітеді, екі!.. 

Үшінші,  осы  жерден  күнбатысқа  дейінгі  200  шақырым  иен  жазық мемлекет 

қарамағына  алынып,  «Таулық  стансаның»  иелігіне  беріледі.  Төртінші, 

стансаның  жұмысы  өте  құпия,  сондықтан  да  облыс орталығындағы Қытай 

консульствосын  бірер  айда  басқа  қалаға  көшіреміз,  қытайлар  наразылық 

білдірсе – мүлдем жабамыз. Ал сендер, жергілікті  басшылар, осы атыраптағы 

елді  мекендерді  келесі  көктемде  басқа  жаққа  көшіруді  қазірден  бастап 

ойластырыңдар!  Түсінікті  ме?..»  Адуын  ғана  емес,  айбары  да  әлей  әкімнің 

сырына сырттай қанық семейліктер:  «Лаврентий Павлович, ұқтық, тура солай 

істейміз!» – деп құлдық ұрып, бастарын изеген. «Ұқсаңдар, сөз бітті!..»  

КСРО  үкіметі  мен  БКП(б)  ОК-і  сол  құжатты  1947  жылғы  21  тамызда 

арнайы  қарармен  (2939-995  СС.ОП)  бекіткен.  Сол  қарар  бойынша,  Ертіс 

жағасындағы  «Сейсмикалық  таулы  станса»  Ғылым  академиясының  қара-

мағынан  алынып,  КСРО  Қарулы  күштер  министрлігінің  иелігіне  беріледі. 

Әскерилер  соны  ә  дегенде  «905-нысан»  деп  өзгертіп,  1948  жылдан  кейін 

52605-әскери  бөлімнің  «№2  тәжрибе  алаңы»  деп  атаған.  Осы  төңіректегі 

халыққа  ол  «Әскери  зона»  деген  атауымен  мәшһүр  болды.  «Семей  поли-

гоны»  атанып,  1949  жылдан  беріде  күллі  әлемге  мәлім  болғаны  да  кешегі 

күндердің күйкі шындығы. Қысқасы, о күнде бір сөзді екі мәрте қайталамай-

тын  үкімет  төрағасының  бірінші  орынбасары  қол  қойған  қарар  бойынша, 

Семей,  Павлодар  және  Қарағанды  облыстарының  шекара  шебі  өзара  түйі-

сетін  ұлан-ғайыр  кеңістіктен  18500  шаршы  шақырым,  периметрі  бойынша 

600 шақырым жер Арзамас-16-дағы құпия ұжымның №2 сынақ полигонына 

айналған. Осы алқаптың 54 пайызы Семей, 39 пайызы Қарағанды, 7 пайызы 

Павлодар  облыстарының  иелігінен  алынып,  әскерилердің  қарамағына  бе-

рілген. Бертінде бұл да аз делініп, Семей облысы Абыралы ауданының  

1  миллион  908  мың  гектар  жерінің  445  мыңы  Қазақ  КСР  Жоғарғы 

Кеңесінің  1955  жылғы  22  қаңтардағы  қарарымен  әскери  ведомствоға 

қосымша берілген.  

Осы аймақтың «халық қоныстанбаған елсіз дала» еместігі – көзге түр-

тер ақиқат. Төмендегі естеліктер де сол шындықты айғақтайды... 

Мүтән АЙМАҚОВ, «Көргендерім» кітабынан (Семей, 2001 жыл): 

«...Менің  ата-бабаларымның  қонысы  –  Қарқаралы  мен  Семей 

аралығындағы  аса  шұрайлы,  жайлауы  құйқалы,  жота-қыраттары 


құндыздың түгіндей күзде де құлпырып тұратын таңғажайып өлке. XVIII 

ғасырдың ортасында Сыр бойынан күншығысқа құлаған Қаракесек руының 

ең  соңғы  тоқтаған  жері  осы.  Содан  бері  бұл  аймақ  –  Бауыр  Бошанның 

құтты мекені аталған. Ол болса – менің нағашы жұртым Шаншарлардың 

Айбике  бұтағы.  Біздің  ауыл  халыққа  әйгілі  қаз  дауысты  Қазыбекке, сүйегі 

Түркістанда  жатқан  Жарылғап  батырға,  дүлдүл  күйші  Тәттімбетке 

(Абайдың  нағашыларына)  өмір  бойы  жақын-жуық  жүрген.  Ескі 

құжаттарда  осы  атыраптағы  қалың  ел  Семей  облысының  Қарқаралы 

оязына  қарайтын  Бөрілі  болысы  аталған.  1928  жылы  Абыралы ауданына 

қарадық, осы аймақтың қақ жартысы, яғни Мыржықтың арғы беті 1932 

жылы Қарағанды облысына қосылды. 

Менің  балалық  шағым осы өңірде, Мыржық пен Дегелең тауларының 

баурайында  колхозға  біріккен  қазақ  ауылында  өтті.  (...)  Мал  өрісіне  орай 

шашырай қоныстанған ауылдардың арасы төрт-бес шақырымнан. Әлбетте 

әр ауылда мектеп ашу мүмкін емес, қозы көш жерге жаяу-жалпы қатынап 

оқыдық.  Бастауыш  оқу  ұясын  бітірген  соң  өзім  Дегелеңдегі  орталау 

мектепке  бардым,  бірер  жыл  «Ұзынбұлақ»  колхозының  орталығындағы 

интернатта  жатып  оқыдым.  (...)  1946  жылы,  19  жасымда  әкем  мені 

Семейге апарып, Абай атындағы педучилищеге берді. Кешегідей болған жоқ, 

сол оқуды бітіріп, бастауыш мектептің мұғалімі деген куәлікпен туған елге 

оралдым...  

Соғыс бітіп, мамыражай уақытқа қолымыз жетті деген кезде біздің 

ауыл  мазасыз  көршілерге  тап  болды.  Иә,  1946  жылы  әскери  киімді  адам-

дарды жиі көретінбіз. Олардың машиналары Тарбақ, Майлықара, Дегелеңнің 

Әулие асуынан, кейде Керекудің Май ауданы жағынан келіп, әрлі-берлі өтеді. 

Таңғалып,  соңдарынан  қарап  тұрамыз.  Әлдебір  жерден  құрылыс  салып 

жатқандай  көрінеді. Мыржық қойнында мыс пен марганец кендері барын 

естігенбіз,  терең  құдықтар  қазып,  жер  қыртысын  тексеріпті-міс.  Суды, 

топырақты, тау жынысын неге тексеретінін айтпайды. Ауылға соққанда 

қаланың  жеміс-жидектерін  әкеледі,  басы  артық  әскери  киімдерін  де 

тастап  кетеді. Ел о күнде тұт жалаңаш, соғыс зардабы әлі жойылмаған 

қиын кез...» 

Академик,  техника  ғылымының  докторы  Ғалымқайыр  ініміздің  әкесі 

Мүтән  ақсақал  естелік  кітабын  жарық  дүниемен  қоштасар  қарсаңда 

жариялаған. Өмірбаяндық хикаяттың қай сөзін, бала күнінен басынан кешкен 

қандай оқиғаны теріс дейміз? Жоқ, «Құлақпен естігенді емес, тәніммен сезіп, 

жан-жүрегіммен  күйзелген,  көзіммен  көргендерді  жазып отырмын...»  – деп 

ағынан жарылып, елу жыл бойы ішінде  сақтаған сырын ашқан кексеге рақмет 

деуіміз қажет...  

Сейілхан  БАЛТАБАЕВТЫҢ  естелігінен  (25  тамыз,  2014  жыл,  қол-

жазба):  



«...Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған әкем Дегелең бауырындағы 

Киров  колхозының  мүшелігінен  шығып, Балапанда ашылған көмір кенішінің 

қорын  зерттейтін  Қаражал  (сол  кеніш қазірде Қаражыра аталады – М.С.) 

кен барлау партиясына қара жұмысқа түсті. Разведка қоныс еткен жерде 

едәуір  үй  бар.  Бірінші  сыныпты  сонда  ашылған  мектепте бастап, екінші, 

үшінші  оқу  жылдарын  Киров  колхозының  орталығындағы  оқу  ұясында 

жалғастырдым.  Ол болса сол күндегі қонысымыздан 6-7 шақырым жерде. 

Аяқ  артар  көлік  болмағандықтан  мектепке  қысы-жазы  жаяу  қатынап, 

сабақтан бір күн қалғам жоқ. (...) Сол кезден есімде сақталған жайт: Қа-

ражалға әскери адамдар жиі келетін, естуімше, Ертіс жағасында әскери 

қала салынбақ, бірақ оған біздің ауылдан ешкімді кіргізбейді, тәртібі қатаң 

дейді. «Олар сонда не істейді?» – деген сұрауыма, шәлдірік орысшасы бар 

әкем:  «Әскери  адамдар  –  біздің  тыныштығымызды  қорғаушылар,  неғып 

жүрсіңдер деп сұрауға болмайды...» – деп қабағын шытады.  

Бірде қызық болды: аспаннан гүріл естіліп, қанаты аппақ алып құс біз-

дің үйдің сыртындағы жазыққа қонды. Аэропланның сүгіретін оқулығымнан 

көргенмін, мынау нағыз сол, ауылдағы естияр балалардың бірі қалған жоқ, 

жарыса  жеттік.  Ұшақтан  екі  орыс  жерге  түсіп,  қолын  бұлғап,  қасына 

шақырды.  Бардық.  Шүлдірлеп  әлдене сұрады. Мына мекенде дүкен бар ма 

деп сұрағанын ымбасынан ұғып, ауылдың ортасындағы ләпкені көрсеттік. 

Екі-үш  шөлмек  арақ  алды,  сөреде  одан  өзге  ештеңе  жоқ-ты.  Арақ  үшін 

аэропланмен келгеніне  таң болдық. Ләпкені көрсеткенімізге ризалық білдіріп, 

басымыздан  сипағанына  біз  де  мәз  болып,  неғылған  жақсы  кісілер  деп 

ойладық.  Төбемізден  нұқитын  күндері,  сөйтсек,  алда  екен.  Оны  біз  екі 

жылдан кейін білдік...»  

Әскери  зонаға  берілген  жердің  теріскейі  –  Павлодар  облысының Май 

және  Ақсу,  шығысында  Бесқарағай  аудандарымен,  түстігінде  –  Семей 

облысының Жаңасемей (О кезде Новопокров атанған, орталығы Ертістің оң 

жағалауындағы  осы  аттас  үлкен  село)  және  Абай  аудандарымен  шектеседі, 

күнбатыстағы  қомақты  бөлегі  –  Абыралы  ауданының  иелігіндегі  таулы-

тасты,  жер  оты,  суы  да  мол,  малға  жайлы  өлке.  Күллі  аймақтың  теріскей 

шекарасын  Ертіс  жағасындағы  Бөденелі  мен  Молдар,  иә  Ақжар  елді мекен-

дері  деп  есептегенде,  айналасы  130-150  шақырымдай  иен  жазық. Түстігінде 

Дегелең,  батысында  Мыржық  тауларымен  шектелген,  кей  тұсында  қарауыл 

шоқылары  тымақтай  одырайған  балапан  бұйраттар  мен  жатаған  таулар  сі-

лемі. Әскери құжаттарда сусыз, нусыз өлке деп сипатталған өңірдің түстігін 

қабырғалап  Шыңғыстаудан  бастау  алатын  Шаған  өзені  ағады.  Ол  болса 

Аягөз  жеріндегі  Ақшатаудан  шығатын  Ащысумен  қосылып,  Ертіске  құяды. 

Екі өзеннің суы мол, о күнде күзге дейін тартылмайды...  

Осы тарауды жазып отырғанымда менің алдымда КСРО Геодезия және 

картография бас басқармасы шығарған, Семей облысының 1964, 1967, 1968, 

1971  және  1986  жылдардағы  бес  картасы  жатыр.  Бесеуінде  де  Жаңасемей 

бекетінен тартылған темір жолдың Ертіс жағасын жағалап келіп, «Конечная» 

бекетінде  үзілетіні  көрсетілген.  Оның  айналасы,  әсіресе  күнбатыс  бөлегі 

сарғыш  және  күлгін  түсті  бояумен  кескінделген.  Бұл  болса  осы  атырапта 

бірде-бір елді мекен жоқтығын айқындайды (екі түс те шөбі сұйық, шөл дала 

екенін  білдіреді).  Картаның  кейбір  тұсында  шағын  көлдер  мен  батпақты 

жерлер,  жіңішке  өзеншіктер  қылдай  иректермен  дараланған.  Кең  жазықтың 

түстік  шебінде  Дегелең  тауы  (биіктігі  –  1085  метр)  бейнеленген.  Одан 


әріректегі  Қарағанды  мен  Семей  облыстарының  аралығында  бейнеленген 

сансыз  көп  иректер  –  атақты  Мыржық  тауы  (ең  биік  жотасы  –  969  метр). 

Оның  көлденең  көсілген,  түйеөркештенген  жоталары  40-50  шақырымға 

созылған. Осы екі таудың ортасындағы шалқар өзекке үздік-создық жіңішке 

сызықтар тартылған. Солардың бірі – Сарыөзен, екіншісі – Қарасу жыралары 

(Бұл  өзендер  қазірде  жоқ.  Шамалауымша,  қисапсыз  көп  жарылыстар 

салдарынан жыл сайын су құятын бұлақтар мен жерасты сулары тартылып, 

біржола құрғаған. Қарасудың төменгі бойында, Семейтау жотасына жанасқан 

ойында XX ғасырда Ресейден қоныс аударған орыс шаруаларының қарамды 

тобы  поселке  салып,  Знаменка  атаған  елді  мекен  жайғасқан.  Үш  мыңдай 

тұрғыны,  бірнеше  жүз  жасөспірім  білім  алатын  орта  мектебі  бар  іргелі 

мекенде қазірде бірде-бір орыс қалған жоқ. Әскери полигонмен көрші болған 

кезде-ақ  Ертіс  жағасына  көшті.  Теріскей  шептегі  Чайковка  елді  мекені  де 

қаңырап  бос  қалды  (Знаменко  селосы  бертінде  Қарасу  атанды).  Шаған 

өзенінің  бойында  колхоздасу  заманында  іргелі  екі  ауыл  пайда  болды: 

алғашқысы – Саржал, ол болса Дегелеңнен небәрі  

40 шақырым, «Тәжірибе алаңынан» 60 шақырымдай қашықта; бұрынғы 

Тельман  атындағы  кеңшардың  орталығы  болған  елді  мекеннің  тұрғындар 

саны 1960 жылдан беріде үш мыңнан асып, орта мектебі, емханасы, мәдениет 

үйі бар кәдімгідей үлкен кентке айналды. Екінші қалашық – Шаған. Ол болса 

–Шаған  өзені  Ертіске  құятын  сағада  ірге  тепкен  осы  заманғы  кент.  Ауыр 

және ұшқыр ұшақтарды қондыратын бетон алаңы, өзгедей де құрал-жабдығы 

сай,  жабық  қоймасы,  шеберханасы,  үй-жайы  бар,  әуе  күштерінің 

дивизиясына  жайлы  қоныс  болды.  Оны  тұрғызу полигондағы құрылыспен 

қосаметкей жүрген...  

Геодезия және картография ұжымы мемлекеттік акт ретінде көпшілікке 

таратқан  карталарға  зер  сала  қарасаңыз,  Ертіс  жағасында  тыңнан  пайда 

болған,  темір  жол  тартылған  екі  қалашықтан  өзге  осы  атыраптағы  ұлан-

ғайыр  жер  шынында  да  елсіз  аймақ  екеніне  иланасыз.  Иә,  Еуропаның  бір 

мемлекеті  қоныс  еткендей  зор  алқап  көз  тоқтатар  тұлдыры  жоқ,  жан 

шошырлық  қуаң  дала  кейпінде  бейнеленген.  Көңілің  қарадай  құлазиды.  Әр 

алуан  ойға  түсесің.  Соның  бірі  –  полигон  иемденген  жердің  шекара  шебіне 

ұрымтал  орналасқан  Молдар  (қазіргі  Курчатов),  Бөденелі,  Знаменка, 

Чайковка,  Тайлан,  Жанан,  Саржал,  Ұзынбұлақ,  Қаражал,  Бестамақ, 

Абыралының  Бөрлі  жотасындағы  еңбекші  халқы  немесе  Мыржықтың 

күншығыс  бауырындағы  Мөшекебұлақ  ауылының,  Павлодар  облысының 

Май, Ақжар, Ақирек, Аршалы тұрғындарының тірлігі не болады деген сауал. 

Әлбетте сол мекендердегі неше мың халықтың тағдырын сынақ жасаушылар 

ойламаған. Атом білгірлері  (сол ғұламаларды осы жұмысқа жүктеген құзыры 

әлей  бастықтары  да)  ядролық  жарылыстан  туатын  залалдың  күш-қуатын, 

қанша  жерге  тарайтын  зиянын  шамалай  алмаған.  Әлде  бұл  алды-артына 

қарамайтын  өктем  пиғылдың  әсері?  Орыс  халқына  тән  аусарлық,  қандай 

қатерге болсын қойып кетер аңғалдық?..  

Не десек те тап сол кезде осы іспен шұғылданған ғалымдар мен маман-

дардың қолында өздері тыстығына орай «Қара кітап» атандырған, АҚШ-тың 


атом  бомбасын  жасаушы  білгірлері  1945  жылдағы  үш  сынақты  бақылаудан 

байқаған  бүлдіреулер  мен  содан  тарайтын  радиация  залалын  тексеру 

нәтижесін  тәптіштеп  жазған  ғылыми  еңбектің  орысша  аудармасы  болған 

(Дегелең  атырабындағы  барлық  әзірліктер,  алғашқы  «Сынақ  алаңын»  жо-

балау  да  сол  кітаптың  деректерін  қайталау  арқылы  жасалған.  Соған  Био-

физика  институтының  мамандары  да  қатысқан).  Қысқасы,  байырғы  қазақ 

даласындағы  ядролық  сынақ  нендей  кесепат  туғызатынын  полигонды  жо -

балаушылар білген, сол жайтты тек қаперіне алмаған...  

 

* * * 


«КСРО Қарулы Күштерінің арнаулы полигонының құрылысы» аталған 

жоба 1947 жылдың жазында дайын болыпты. Үкімет оны қыркүйек айының 

4-і  күні  бекіткен.  Сол  құрылысты  үкімет  атынан  басқару  міндеті  ерекше 

құқықтарға ие, КСРО Қарулы Күштер министрі М.Г. Первухинге жүктелген 

(орынбасарлары:  А.П.  Завенягин  және  Н.Н.  Семенов).  Қарулы  Күштер 

министрлігінің  Бас  штабы  да  аса  маңызды  осы  объектімен  шұғылданатын 

арнаулы  бөлім  құрған.  Ол  болса  полигон  құрылысын  материалдармен 

жабдықтап, «Сынақ алаңына» қажет аспаптар мен құралдарды тауып әрі со-

лармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау, одан да өзге ділгер шаруаларды 

ұйымдастыруға тиіс.  

Тапсырма тығыз: өл-тіріл, осы объект небәрі 2,5 жылда сақадай сай бо-

лып, жобаланған қару 1949 жылдың күзінде сол алаңда сыналуға тиіс!.. 

Қорғаныс нысандарын салуға маманданған 36-басқарманың 52605-сан-

ды  әскери  бөлімі  Симферополь  қаласынан  жедел  көтеріліп,  күллі  техника-

жарақтарымен Омбыға темір жол арқылы жеткізіліп, кемелер мен баржаларға 

тиеліп,  Ертісті  өрлей  жүзіп,  1947  жылдың  қыркүйегінде  құрылыс  алаңына 

әкелінген.  Ол  болса – Қазақ даласынан сол жазда үкімет комиссиясы қазық 

қаққан  алаң.  Осы  жерде  қолына  күрек-қайла  ұстаған  құрылысшылардың 

саны  сол  күзде  9  мыңға  жеткен  (1947  жылғы  3  қыркүйекте  КСРО  Қарулы 

Күштері Бас штабының бұйрығында осы жерде 1 генерал, 264 офицер және 

47 сержант болғаны көрсетілген). Ә дегенде солар палаткаларда жатып, қыс 

түскенде паналайтын казармалар мен жылу қазандығын салуға кіріскен. Өзге 

де  құрылыстардың  іргесі  қаланған.  Әлбетте  мыңдаған  адамды  аңызақ  жел 

қыдырған, жауған қар толарсақтан келіп, шыңылтыр аяз буған жалаңаш дала 

төсінде  қалай  ұстайсың?  Негізгі  құрылыстар  табиғи  қорғаныштан  жұрдай 

ашық  аспан  астында  жүреді.  Күзде  асығыс  салынған  казармалар  жетімсіз 

болған  соң,  амал  қанша,  жеркепелер  жасалып,  палаткаларды  қабаттап  тігіп, 

оның  сыртын  қар  кесектерімен  қымтап,  бір  мезгіл  бой  жылытар  уақытша 

баспаналар  едел-жедел  қамдалған.  Сөйтсе  де  үсікке  ұрынып,  бет-аузы 

домбығып, тыныс мүшелері қабынғандар күн сайын молайған... 

Әскери  қалашық  «Надежда»  аталып,  үлкен  астананың  мөлтек  ауданы 

сияқтанып,  кейіннен  «Мәскеу-400»  деген  атқа  ие  болып,  ғылыми  зерттеу-

шілер,  офицерлер және инженер мамандар КСРО астанасының тұрғыны са-

налған  (қосымша  жеңілдіктер  береді,  еңбекақысы  жоғары  әрі  орталықтағы 

пәтерлері сақталады). Отбасы осы жақтан жолданған хаттағы тұраққа қарап, 


«Е,  менің  ерім  Мәскеу  іргесіндегі  құпия  объектіде  жұмыс  істейді»  деп 

шамалайды.  Сол  байғұстардың  үш  мың  шақырым  шалғайдағы  Қазақ  да-

ласында бейнет тартып жүргенін сірәда сезбейді...  

Осы құрылыстарды қолымен тұрғызушылардың бірі Николай Петрович 

Брыкиннің қолжазбасын қайтыс болғаннан кейін жариялаған семейлік «Наше 

дело»  газетінде  (26  мамыр,  2005  ж.  Жариялаушы  –  М.  Гузеева)  мынадай 

сөздер  бар:  «Дайындық  жұмысын  атқара  жүріп,  соның  бәрі  бірінші  атом 

бомбасын сынаудың әуресі екенін біз білген жоқпыз. 1949 жылғы төбемізден 

тарс  еткен  сұмдық  жарылыстың  не екенін ә дегенде ұқпадық. Курчатовтың 

да өз ортамызда отырғанын, кім екенін сезгеміз жоқ...»  

Мәскеу-400-дің  сыртқы  өмірмен  қарым-қатынасын,  осы  жердегі 

тірлігін  Қауіпсіздік  комитетінің  арнаулы  бөлімі  бақылаған.  Полигонға 

қабылданғандар  –  әскери  бөлімнің  жоғары  шенді  командирлері,  кіші 

офицерлері  мен  әрбір  жауынгер  сол  ұжымның сүзгісінен өтіп, нендей іспен 

шұғылданғанын  өмір  бойы  ішінде  ұстауға  қолхат  беретін  рәсім  енгізілген. 

Осы жердегі режімдік бақылауды Л.П. Берияның қолғанаты болған генерал-

лейтенант  П.Я.  Мешик  басқарыпты  (В.  Жучихиннің  жазбаларында  оған: 

«Адамшылық  мейірімнен  жұрдай,  астыңғы  ерні  ырсиып,  қанталаған  көзі 

жемтік  іздеген  жыртқышқа  ұқсаған, бойы ортадан жоғары, қарны қампиған 

осы  жендеттің  үнемі  жау  іздеген  әкіреңінен  бізді  1951  жылы  И.В.  Курчатов 

құтқарып,  өз  қолымыз  өзімізге  жеткендей  болып,  емін-еркін  жүретін  бол-

дық...»  –  деген  сипаттама  айтылған).  Амал  не,  қырғи  бастық  кеткенімен 

құпия объектідегі қатаң режім өзгермеген.  

Келесі  жылдың  жазында  полигон  жұмысына  қамтылған  әскерилердің 

қарамы  15  мың  адамға  көбейген.  Ертіс  жағасында  тұрғызылған  екі  қа-

лашықтың  құрылысына  алғашқы екі жарым жылда 180 миллион сом қаржы 

жұмсалыпты  (о  күнде  бұл  ерекше  көп  қаржы,  сол  сомаға  атомдық  сынақ 

алаңдарын дайындау шығыны кірмейді).  

Әскери  қалашық  әуелде  кәдуілгі  казарма  ретінде  жобаланған.  Сон-

дықтан да екі қабатты көлемді барактар сап түзеген. Ғылыми зерттеушілер де 

сырты  ғана  емес,  іші  де  жадау  жатақханаларға  жайғасып,  төрт-бес  кісілік, 

көбіне  он  шақты  адам  жататын  жатаған  бөлмелерде  тұрған.  Солардың  бірі 

қосымша  жабдықталып,  мейманхана  аталған.  Сол  ғимараттың  екі  кереует, 

үстел  мен  шкаф  қойылған  бөлмелері  осы  жерде  тұрақты  істейтін  теоретик-

физиктерге  берілген.  Инженер  мамандар  молайған жаз күндерінде жатақтар 

іргесінен  палаткалар  тігілген.  1949  жылдың  жазында  қалашықтың  өзенге 

ұрымтал  шетіне  екі  қабатты  коттедждер  де  салыныпты.  Небәрі  үш-төрт  үй, 

солар  бірақ  бірталай  уақыт  жабық  тұрған.  Коттедждердің  есіктері  құрылыс 

алаңына  И.В.  Курчатов  пен  Ю.Б.  Харитон,  Бас  басқарманың  бастықтары 

келгенде  ғана  ашылған.  Сол  жылғы  тамыз  айында  сол  үйлерде  арнайы 

күзетімен  келген  КСРО  маршалы  А.В.  Василевский,  полигонның 

«қамқоршысы» атанған Л.П. Берия тұрған.  

Мәскеу-400  қалашығының  жұпыны  пішінде  қалқайтылуы  сол  кездегі 

басшылардың  ой-танымының  жұтаңдығын  аңғартады.  Шынында  да  сол 

шіркіндердің  ақыл-ойы жобаланған нысандарды жедеғабыл тұрғызып, жаңа 


қаруды  тезірек  сынаудан  өзгеге  жетпеген.  Түсінікті  ахуал:  кеңес  адамы  – 

өзіне  ерекше  бап,  күтім  мен  ізет  тілейтін  кердең  қылықты  қалталы 

капиталистер емес, жүдеу тірлікке үйренген, тұрмыс қиыншылығына көнпіс 

жанкештілер;  Кеңес  Одағында  1930  жылдардан  бастап  қауырт  жүрген 

индустриялық  құрылыстар,  содан  беріде  ірге  көтерген  өндірістік  поселке-

лердің  бәрі  де  тек  қана  осылай,  «Айда,  бол!»  ұранымен  бой  көтерді;  Ертіс 

жағасында тұрғызылмақ жаңа қалашық пен «Тәжірибе алаңы» – жұтаң ойдың 

айқын  үлгісі... Ол болса Мәскеу-400 қалашығынан 65 шақырым күнбатыста, 

ұсақ бұйраттар қоршаған даланың орта тұсынан таңдалған (Қараңыз: 1 және 

2-схеманы,  сол  сызбаларды  мен  мәскеулік  «ИздАТ»  баспасы  шығарған 

кітаптан  көшірдім). 

 

Сынақ  алаңдарын  жобалаушы  –  КСРО  ҒА  Химиялық  физика  институтының  (директоры 



академик  Н.Н.  Семенов)  қарамағындағы  ГСПИ-11  аталған  құпия  ұжым.  «КСРО-дағы ядролық 

сынақтар»  кітабында  жазылған  дәйектеме  түсінікте  «Тәжірибе  алаңын»  жобалауға  атомдық 

физиканың  көрнекті білгірлері  Д.А. Франк-Каменецкий, Ю.Б. Харитон,  

Я.Б.  Зельдович,  А.Ф.  Беляев,  А.Я.  Апин,  Б.М.  Степанов  және  осы  ғұламалардың 

ұсынуымен атом ядросының бірнеше ірі  мамандары қатысқаны айтылған. Жобада көрсетілген ны-

сандардың ұқыпты орындалуын бақылау міндеті Семей ядролық полигонының бастығы, генерал-

лейтенант Петр Михайлович Рожановичке жүктелген... 

Семей  полигоны  бастығының  міндетін  одан  кейін  Сергей  Георгиевич  Колесников, 

Анатолий Валерьевич Енько, Иван Николаевич Гуреев, Николай Николаевич Виноградов, Алексей 

Иванович  Смирнов,  Мурад  Константинович  Кантиев,  Владимир  Иванович  Ступин,  Аркадий 

Данилович  Ильенко  және  Юрий  Владимирович  Коноваленко  атқарған. Бәрінің де шені – генерал, 

көпшілігі  генерал-лейтенанттар.  1947-1993  жылдар  аралығында,  яғни  46  жылда  полигон 

бастықтары 10 мәрте ауысқан. Генерал-майор П.М. Рожанович небәрі жарты жыл ғана еңбек етіп, 

1948  жылдың  31  тамызында  Ертіс  жағасынан  Новосібір  қаласына  ұшақпен  бара  жатып,  жүрек 

талмасынан опат болған. Осы жердегі барлық құрылысты бақылауды содан кейін штаб бастығы 

болған генерал-майор Колесников атқарыпты...  

Н.Е.  Морозовтың  «Өткенге  көзқарас»  кітабының  159-бетінде  генерал  М.К.  Кантиевтің 

(естелік  кітапта  фамилиясы  Контиев  деп  жаңсақ  аталған)  Семей  обкомына  суыт  келіп,  кешкі 

мезгілде  өздерінің  АН-24  ұшағымен  полигонға  қайтып  кеткенін,  бір  сағаттан  кейін  сол  қаладан 

өзіне  қаралы  хабар  түскенін  атөтті  жазыпты.  Сөйтсе,  Шаған  әуежайына  қонар  кезде  полигон 

бастығының ұшағы апатқа тап болып, 11 жолаушының алтауы қайғылы қазаға ұшыраған. Қайтыс 

болғандардың біреуі – Кантиев... 

Жоғарыда  есімдері  аталған  полигон  бастықтарынан  Семей  жұртшылығына  есімі  мен 

қызметі көбірек таныс, әсіресе қыңыр қылығымен мағлұм болған адам – генерал-лейтенант А.Д. 

Ильенко.  

 

«Тәжірибе алаңындағы» құрылыс екі ауысыммен жүрген.  



Алғашқы  «бұйым»  биіктігі  30  метр  болат  мұнараның  ұшар  басына 

орнатылмақ.  Сол  жер  –  «Тәжірибе  алаңының»  кіндігі,  оны  жағалай шеңбер 

түзген  20  шақырым  жазықта,  45  мың  шаршы  метр  аймақта  әлденеше 

құрылыстар  салынуға  тиіс:  ең  қомақтысы  –  14  шақырым  қашықтағы  «Г» 

деген  әріппен  құпияланған  нүктеде  «Штаб»  орнығады;  4-5  метр  тереңге 

сұғына  кірген  құрылыстың  қабырғасы  қалыңдығы  бір  метр темір-бетоннан 

құйылып,  ішкі  жағына  радиация  сәулелерін  өткізбейтін  қорғасын  қаптау 

жасалады;  сол  бекіністе  жарылысты  қабылдаушы  үкімет  комиссиясы 

жайғасады; штабтың Ертіс жақ іргесінен қорғаныс киімдер сақталатын қойма 

салынып, дозиметрлер де сол жерге қойылады; ластанған пункттерді арнайы 

сұйықтармен жуатын, дезинфекцияға қажет заттар сақталатын орын, жарақат 


алғандарға  алғашқы  жәрдем  көрсететін,  радиация  залалын  әлсіретер 

дәрігерлік қосын осы жерде орнығады...  

«Тәжірибе алаңында» үш сектор жұмыс істеуге тиіс. Алғашқысы – фи-

зикалық-техникалық  өлшемдермен  айналысады,  оны  арнаулы  дайындықтан 

өткен  инженер-полковниктер  басқарады.  Биологиялық  зерттеулер  секторы 

атанған  екінші  бөлімге  профессор-биолог  атағы  бар,  медицина  қызметінің 

полковнигі  жауапты.  Стратегиялық  қаруларды  сынаумен  шұғылданатын 

үшінші  секторға  да  инженер-полковник  жетекшілік  етеді.  Әр  сектордың 

қарауында  орынбасарымен  қоса  ондаған  офицерлер  бар.  Осындағы  үш 

сек¬торда төрт рота әскер ұсталып, күні-түні бақылау жүргізеді. 

 

 

Семей  полигонындағы  сынақ  алаңдарының  орналасу 



схемасы.  Дөңгелек  түріндегі  сызықтар  ішіндегі  шұбарланған 

«нүктелер» реакторлық комплекстер орнатылғанын бейнелейді. 

Қос сызықпен қоршалған үлкен аймақ – полигонның емес, ядролық 

сынақтар жасалған аймақтың шекарасы. 


Каталог: media -> upload -> 4624 -> 2016
4624 -> Бауыржан Момышұлы – елі үшін туған ер
2016 -> Ежелгі түріктер. Танымдық барлау
2016 -> Әуезов және Семей
2016 -> Ерлер есімі – ел есінде Бірінші әңгіме «Қазақтың Ленинграды»
2016 -> Торғай өлкесі: тарих пен уақыт
2016 -> Қазақияны отарлау үшін патшалық Ресей тарапынан жүргізілген дайындық шаралары
2016 -> Өскенбай би және тарихи таным
2016 -> Құлыяс Табыл. Таңдамалы. Үш томдық / Т. Құлыяс. – Астана: Фолиант, 2015. ӘОж 821. 512. 122 Кбж 84 (5Қаз)

жүктеу 416.65 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет