Алашорданың батыс бөлімі жұмысына қатысқан атыраулық МҰҒалімдердің тағдыры



жүктеу 46.64 Kb.
Pdf просмотр
Дата12.03.2017
өлшемі46.64 Kb.

АЛАШОРДАНЫҢ БАТЫС БӨЛІМІ ЖҰМЫСЫНА ҚАТЫСҚАН  

АТЫРАУЛЫҚ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТАҒДЫРЫ 

 

 



Батыс Алашорда – ХХ ғ. басында Батыс Қазақстан аймағында орнаған 

ұлттық-мемлекеттік  пішіміндегі  автономиялық  құрылым.  1918  жылы 

қыркүйекте  Уфа  Директориясын  құру  мәжілісіне  Алашорда  үкіметі 

тарапынан  12  делегат  қатысты.  Олар  11-қыркүйекте  автономиялық  үкімет 

төрағасы  Ә.Бөкейхановтың  және  Халел,  Жанша  Досмұхамедовтар  (Орал), 

Б.Құлманов, 

У.Танашев  (Бөкей 

ордасы), 

С.Досжанов  (Орынбор), 

Е.Тұрмұхамедов, Б.Жанқадамов (Ақтөбе), сондай-ақ  А.Бірімжанов (Торғай), 

Ә.Ермеков, М.Тынышбаев (Жетісу) сияқты үкімет мүшелерінің қатысуымен 

төтенше  мәжіліс  өткізді.  Мәжілісте  Алаш  автономиясының  жергілікті 

басқару  жүйесі  туралы  мәселені  талқылап,  бұрынғы  «Ойыл  уәлаяты» 

Уақытша  үкіметін  тарату,  оның  орнына  Алашорданың  батыс  бөлігін  құру 

туралы  шешім  шығарды.  Ол  ресми  түрде  «Алаш  автономиясының  батыс 

бөлігін  басқару  жөніндегі  бөлімше»  деп  аталды.  Оның  төрағалығына 

Ж.Досмұхамедов  сайланды.  Алашорданың  батыс  бөлігінің  әкімішілік 

құзіретіне    бұрынғы    «Ойыл  уәлаятының»  жеріне  қоса  Бөкей  ордасының, 

Ақтөбе,  Ырғыз  уездерінің  (Торғай  обл.)  және  Маңғыстау  уезінің  аумағы 

кірді.  Яғни  Уфа  мәжілісінің  шешімінен  кейін  бұрын  «облыстық  қазақ 

комитеті»,  «Ойыл  уәлаяты»  аталған  Күнбатыс  алашорданың  жер  аумағы  2 

есе өсіп, тұрғын халқының жалпы саны 1,5 млн адамға жетті.  

Алашорданың  батыс  бөлігі  Батыс  Қазақстан  аймағын  Орталық 

Алашорда  үкіметінен  түсетін  маңызды  әрі  принципті  нұсқаулар  негізінде 

басқаратындығы,  сондай-ық  төтенше  жағдайларға  киліккен,  не  Орталық 

Алашордамен  арадағы  байланыс  үзілген  жағдайда  оның  үкімет  құқыларын 

иеленетіндігі  де  атап  көрсетілген.  Алашорданың  батыс  бөлігінің  құрылған  

кезі Жайық өңірінде Азамат соғысының асқынып, өлке тағдыры қолдан қолға 

өтіп  тұрған  кезең  еді.  Осы  кезеңді  зерттеуші  кейбір  тарихшылар 

Досмұхамедовтер  ұйымдастырған  «халық  милициясының»  құрамын  ғана 

есепке  алып,  «Батыс  Алашорда  үкіметінің  2  мыңдай  әскері  болды»  деген 

пікірге  ғана  табан  тіреп  келді.  Шын  мәнінде,  сол  кезде  Бөкей  ордасының 

Жаңақала,  Қазталов  аудандары  маңында  Б.Құлманов  басқарған  үлгілі  қазақ 

кавалерия  бригадасы,  Жайықтың  оң  жақ  бетінде  –  Теңіз  округі  жерінде, 

сондай-ақ  Жылой,  Рәкөш  маңында  Әубәкіров,  Меңдіқұлов,  Мұқан 

Көздекенов  басқарған,  Кетік  (Форт-Александровск)  қаласында  Қадырбай 

Есмағамбетов,  Әбуғали,  Тәжіғали  Таңқыбаев  басқарған  алашордашылар 

жасақтар  құрылған.  Кейін  осы  қызметі  үшін  мұғалімдер  Қадырбай 

Есмағанбетов пен Тәжіғали Таңқыбаев Кеңес үкіметі тарапынан қудаланған.  

Сондай-ақ  алаш  қозғалысына  Маңғыстау  өңірінде  Тобанияз  тобы  да 

тілекші  болып,  әскери  қолдау  көрсеткен.  Тіпті,  қазақ  ауылдарын  «ақ»  пен 

«қызыл»  атанған  әскерилердің  талап-тонауынан  қорғап  қалу  үшін  атқа 

қонып, Нарын құмында белсенді іс-қимылмен аты шыққан әнші композитор 

Өтеғали Арыстановтың жасақтары да алаш сарбаздарымен мұраттас қарулы 

топтар еді. 1919 жылы 30 наурыз – 13 желтоқсан аралығында  Орал облыстық 


ревкомы  ұлт  істері  жөніндегі  бөлім  қызметкері  Қ.Тәтібаев  Алашорданың 

батыс  бөлігін  қызылдар  жағына  тарту  мақсатында  Досмұхамедовтердің 

ставкасына  бірнеше  рет  келді.  Бұл  кезде  Қызыл  Армия  Шығыс  майданда 

жеңіліске ұшырап, уақытша шегініп  бара жатқан еді. Сондықтан Жанша мен 

Халел бастаған топ обләсревкомының  (Б.Қаратаевтың) хатына да, мәскеуден 

келген  телеграммаға  да  екіұшты  жауап  беріп,  большевиктер  жағына  шығу 

туралы шешім қабылдауды кідірте тұрады.  

1919 


жылы  қазанда  Қазревкомның  кеңейтілген  мәжілісінде 

Байтұрсыновтың табанды ұсынысымен «қазақ халқын біріктіру» және Кеңес 

өкіметі  жағына  шыққан  жағдайда,  Қызыл  Армияға  қарсы  күресіп  жатқан 

Алашорданың батыс бөлігіне кешірім жасау мәселесі қаралды. Осыған орай 

Түркістан  майданының  саяси  бөлімі  Күнбатыс  Алашорда  әскерлерінің 

арасында  «Кеңес  өкіметіне  сенімсіздік  жойылсын»  деген  үндеу 

парақшаларын таратып, кеңес өкіметін толық мойындап, қызыл армия көмек 

көрсеткендерге  толық  кешірім  жасалатындығын  хабарлады.  Бірақ,  азамат 

соғысында басымдыққа жетіп, өздерін жаңа дүниенің қожасы сезіне бастаған 

Кеңес  өкіметінің  өкілдері  енді  Алашорданың  батыс  бөлігінің  жетекшілерін 

менсінгісі келмеді.  

1919  жылы  қарашада  Жымпиты  қаласында  өткен  жиында  Жанша  ел 

ішіндегі  саяси  ахуалға  талдау  жасай  келе,  Күнбатыс  Алашорданың 

орталығын  Ойылға  көшіру  жөнінде  шешім  қабылдады.  Әуелі  Ойыл 

қаласына,  кейін  Қызылқоға  ту  тіккеннен  кейін  өздерінің  үзілді-кесілді 

берілуін  талап  еткен  большевиктер  үкіметінің  талабына  бірден  келісе 

қоймай,  тең  құқылы  қарым-қатынас  орнатуға  талпынды.  Өздерінің  халық 

сайлаған  заңды  үкімет  екендіктерін  алға  тартып,  Қызылқоға  бекінген  ақ 

гвардияшылардың бөлімшелерін бірлесе  талқандау жоспарын ұсынды.  

1919  жылы  27  желтоқсанда  Күнбатыс  Алашорда  әскерлері 

Қызылқоғаның  «Райгородок»  ауылна  орналасқан  Елек  корпусының  штабын 

басып  алды.  Генерал  Акутин  бастаған  ақ  офицерлерді  500  казак  орыс 

сарбазымен қоса тұтқындады. Екі күн бойы оларды құтқармақ болған казак-

орыс  әскерлерімен  шайқасады.  Қызылқоғаға  кешігіп  жеткен  Қызыл  армия 

бөлімдері Алашорданың Батыс бөлігінің әскери бөлімін таратуға кірісті. 1920 

жылы 12 қаңтарда 1-Қызыл Армия ревкомының уәкілі Наумов, Қазәсревком 

уәкілі  Бегімбетов,  Күнбатыс  Алашорда  бөлімінің  төрағасы  Жанша  дала 

жұртын  Кеңес  өкіметі  тәртібіне  бағынуға  шақырды.  Бірақ,  Кеңес  өкіметі 

өкілдерінің  астамшылығының  кесірінен  алашордашылар  қайраткерлерге 

кешірім беру мәселесі бірнеше айға созылды. Ақыры, ұзақ дау-дамайдан соң 

Қазәсревкомның  1920ж.  5  наурыздағы  қаулысына  сәйкес  Алашорданың 

батыс бөлігі таратылып, оның белсенді басшылары  - Жанша мен Халел, Иса 

Қашқынбаев, 

Кәрім 


Жәленов, 

Беркінғали 

Атшыбаев 

«халықтан 

оқшауландыру»  мақсатымен  Ресейдің  орталық  губернияларына  жер 

аударылды.  

Алашорданың  батыс  бөлігінде  қазіргі  Қызылқоға  ауданының 

территориясында 

жұмыс 

істеген 


Қаракөл, 

Қарабау, 

Кермеқас 

«Қызылүйлерінің»  бірқатар  мұғалімдері  қызмет  еткен.  Оны  Атырау 



облыстық  мұрағатының  материалдары  дәлелдеп  отыр.  Мысалы,  облыстық 

мұрағаттың  №334  қорының,  1-тізбегінің,  26-ісінде  «Ерекше  кұпия» 

айдарымен  1937  жылдың  13  сәуірінде  Гурьев  округтік  атқару  комитетінің 

Төрағасы  Орынбаевтың  Гурьев  округтік  оқу  бөлімінің  бастығы  Цаллаговқа 

хаты  сақталған.  Сол  хатта  Гурьев  қаласында  жұмыс  істейтін  мұғалімдердің 

арасындағы  «кеңестерге  қарсы  өзге  элементтердің»  тізімі  жолданып, оларға 

қатаң шаралар қолдану жіті тапсырылған. Сол тізімдегі мұнай техникумының 

қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі  Есмурзин  Өмірзаққа,  Өстеміров 

Аманғалиға,  Ұйықов  Адамбекке,  Шонбасов  Мұқамбетжанға,  Есмағанбетов 

Қадырбайға,  Танкыбаев  Тажиғалиға,  Мунянов  Құсайынға,  Ибрашев 

Қазмұқашқа  бұрыңғы  алашордашылар  деген  айып  тағылған.  Аталған 

мұғалімдердің арасынан  Ибрашев  Қазмұқаш  пен  Есмурзин  Өмірзақ  1937-38 

жылдары «үштіктің» шешімімен атылды.  

Тізімде  көрсетілген  Қадырбай  Есмағанбетов  пен  Тәжіғали  Таңқыбаев 

алашордашыл 

жасақтарды 

басқарған. 

Ол 


жөнінде 

«Алаш» 


энциклопедиясында жазылған.  

Алашорда  үкіметінің  жұмысына  әсіресе  Есбол  «Қызылүйінің»  түлегі, 

облыстық бірқатар мектептерінде ұстаздық еткен, кейін Қазақ ССР-нің халық 

комиссары  дәрежесіне  дейін  көтерілген  Асфендияр  Кенжин  ерекше  еңбек 

сіңірген еді.  

Репрессия  құрбаны  Асфендияр  Кенжин  туралы  біз  не  білеміз? 

А.Кенжин  Гурьев  уезі,  Ракуша  елді  мекенінде  1887  жылы  туған.  Қоғам 

қайраткері,  «Алаш»  партиясының,  Батыс  Алашорданың  юелсенді 

мүшелерінің  бірі.  Есбол  «Қызылүйін»,  Гурьевтің  орыс-қазақ  училищесін, 

Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген. 

1917-19  жылдары  «Алаш»  партиясы  мен  Алашорда  үкіметі  жұмысына 

белсене  ат  салысты.  Темір  уездік  земство  басқармасының  төрағасы, 

Алашорданың  Торғайдағы  әскери  кеңесінің  мүшесі  болды.  Бірінші 

Жалпықазақ  съезі  Кенжинді  Бүкілресейлік  оқу  комиссиясына  қазақ 

халқының  өкілі,  екінші  жалпықазақ  съезі  Алашорданың  Ұлт  кеңесіне 

кандидат  етіп  сайлады.  Кенжин  Орал  облысы  қазақтарының  Қаратөбе 

съезінде (1918 ж., қаңтар) «Ақ жол» атты партия құрушылардың бірі болды. 

Алашорданың  мәмілегерлік  қызметін  атқарып,  ақтармен,  қызылдармен 

келіссөз  жүргізді.  1920  жылы  құрылған  Қазақ  өлкесін  зерттеу  қоғамын 

ұйымдастыруға қатысты.  

1920 ж. РК(Б)П мүшелігіне кіріп, оның Қазақ өлкелік комитетінің үгіт-

насихат  бөлімі  меңгерушісінің  орынбасары,  Қазақ  АКСР-нің  халық  ағарту 

комиссары (1921-22), саудакомиссары, Қызылорданы республика астанасына 

айналдыру  жөніндегі  үкіметтік  комиссияның  төрағасы,  Қазақстан  Халық 

шаруашылығы  кеңесінің  төрағасы,  Семей  ет  комбинат  құрылысының 

бастығы,  КСРО  Халық  комиссарлар  кеңесі  жанындағы  Дайындау 

комитетінің Түрікменстандағы уәкілі, Орынбор «Облтерідайындау» мекемесі 

директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Саяси қуғын-сүргінге ерте 

ұшырап,  үш  рет  (1921,  1932,  1936)  партия  қатарынан  шығарылды.  «Халық 

жауы» ретінде айыпталып қаза тапты.  



Сонымен  қатар  біздің  білетініміз  1937-1938  жылдары  «халық  жауы» 

деп  айыпталғанға    дейін  Алашорданың  батыс  бөлімінің  белсенді  мүшелері 

Есмурзин  Өмірзақ,  Ибрашев  Қазмұқаш,  Мунянов  Құсайын,  Шонбасов 

Мұқамеджандар  облыс  мектептерінде  еселі  еңбек  етті.  Мысалы,  Ибрашев 

Қазмұқаш  Гурьев  қаласында  1920  жылы  ұйымдастырылған  мұғалімдер 

білімін  жетілдіру  курстарының  меңгерушісі  болса,  Есмурзин  Өмірзақ 

округтік  оқу  бөлімінің  инспекторы  ретінде  өлке  мектептерінің  жай-күйін 

тексеру  ісіне  белсене  араласқан.  Бұл  жөнінде  облыстық  мұрағаттың    131-

қорының  №13-ісінде  материалдар  сақталған.  Ал,  Мунянов  Құсайын  1937 

жылы  Гурьев  қаласында  ашылған  О.Исаев  атындағы  қазақ  орта  мектебінде 

жұмыс істеп, болашақ академик С.Зимановқа сабақ берген.  

Шонбасов  Мұқамбетжан  1887  жылы  Қарабау  ауылында  туған  1910 

жылы  Орынбор  мұғалімдер  семинариясын  бітіргеннен  кейін  1948  жылға 

дейін облыс мектептерінде ұстаздық етті. 1918-1920 жылдары Алашорданың 

батыс бөлімі жұмысына араласып, Сағыз уезін басқарған. Кейін осы қызметі 

өзіне  пәле  болып  жабысып,  1937-1939  жылдары  Кеңестік  басқару  жүйесі 

тарапынан қуғындалып, мұғалімдік жұмыстан біраз уақытқа аластатылған.  

Әрине атырау мұғалімдерінің Алашорданың батыс бөлімінде атқарған 

жұмысы  туралы  толықтай  зерттелді  деуге  болмайтыны  анық.  Бұл  мәселе 

болашақ  жас  ғалымдардың,  магистранттардың  шаруасы  болады  деп 

есептеймін.  

 

Ш. Нағимов, 

педагогика  

                                     ғылымдарының кандидаты, доцент,  ҚР білім беру 

ісінің Құрметті қызметкері. 

 

 



Пайдаланған әдебиеттер: 

1. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. А., 1995. 

2. Ақбаев Ж. Жанша. Орал, 1994 

3. Сүйінов Ж. Бөкей ордасы. А., 2000 

4. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 1995 

5. Ахметов Ғ. Алаш «Алаш болғанда. А., 1996 



6. Халел Досмұхамедұлы. Таңдамалы – избранное. А., 1998 


жүктеу 46.64 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет