№3 (88) 2012 7 Р. Абилхамитқызы



жүктеу 50.8 Kb.
Pdf просмотр
Дата26.02.2017
өлшемі50.8 Kb.
#3663

№ 3 (88) 2012

7

Р. АБИЛХАМИТҚЫЗЫ



ҚАЗАҚ САТИРАСЫНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ ОРНЫ 

In the article, the ways of forming and developing of laugher

’ 

s culture are considered, rolv of satire in 

kazakh oral art is determined. 

Kazak humar oral art forms nation

 ’

 s laughter culture.

Әдебиет тарихында ХХ ғасырдың соңын ала мазмұны, түрi, тақырыбы жағынан халық сұранысы 

мен талабынан шығатын өміршең көркем туындылар дүниеге келді. Қазақ сатирасының ең шарықтаған 

кезеңі  деп  1960-80  ж.ж.  аралығын  айта  аламыз.  Аталмыш  кезеңде  қазақ  сатирасы  жан-жақты 

дамып,  әдебиеттің  ең  бір  сүбелісіне  айналды.  Атап  айтсақ,  М.Тілеужанов,  Х.Әдібаев,  Ғ.Қабышев, 

Қ.Ілиясовтардың мақалаларымен бірге, бір кезде І.Жансүгіров, Б.Майлин, А.Тоқмағанбетов бастаған 

бұл  жанрды  О.Әубәкіров,  Ғ.Қабышев,  Е.Домбаев,  С.Әлжіковтер,  т.б.  жалғастырып,  жаңа  арнамен 

дамыта түсті.

Бастапқыда  сатира  адамның  көңілін  көтеру,  күлдіру,  қалжыңдау  сипатында  көрінсе,  бірте-бірте 

сынап-мінеу, әшкерелеу мақсатында өрісі кеңейе бастады. Белгілі бір кезеңдерде таптық қоғам мен 

ру-тайпалық теңсіздікті айқын көрсетсе, бірде халықтардың өздеріне тән ұлттық болмысының айнасы 

іспетті қызмет етті. Ол – әшкерелеу немесе кемшілікті күлкі-әжуамен сынау.

Сатираның тарихи дамуына көз жүгіртетін болсақ сатира адаммен, адамзат қоғамымен бірге пайда 

болған деп болжауға негіз бар. Адам баласы дүниеге әзіл-оспақ, күлкіні өзімен бірге ала келуге мәжбүр. 

Өйткені, адам бар жерде өмір бар, өмір бар жерде сәттілік, сәтсіздік бар, күрес, талас бар, сол талас-

тартыста жеңіс пен жеңіліс бар. Сәттілік пен жеңіске қуанбау, сәтсіздік пен жеңіліске қынжылмау 

мүмкін емес [1, 10].

Әлем  әдебиеті  тарихында  сатира  жанры  —  ежелден  пайда  болып,  дамып,  қалыптасып,  бүгінге 

дейін жалғасып келе жатқан көне түр.   Қазақ әдебиетінің сатира жанры да ертеден келе жатқан үлгісі. 

Сатира,  юмор    сөзіне  берілген  анықтаманы,  терминдi  алғаш  А.Байтұрсынұлының  мұраларынан 

кездестiремiз. Ғалым әзiл-сықақты «күлiс» деп атап, шын күлкi, сын күлкi деп екiге бөледi. «Шын 

күлкi шаттық үстiнде, көңiл қоштанғанда келетiн күлкi. Сын күлкi нәрсе көңiлге күдiктi, ерсi көрiнген 

уақытта  келетiн  күлкi.  Адам  ауырлайтын  да,  ауырламайтын  да  күлкi  бар.  Ауыр  күлкiнiң  аты  — 

мазақ, мысқыл болады да, жеңiл күлкiнiң аты сықақ, қулық болады. Ең жеңiлi ойын сөз, оны әзiл 

деп атаймыз» [2, 292]. Ғалымның әзiл-сықақ табиғатын танытарлық осы тұжырымдары бүгін де өз 

мазмұнын жойған емес.

Егер таптық кезеңдегі сатиралық шығармаларға назар аударсақ, онда ақынның үстем тап өкілдерін 

мұқату,  тұқырта  келемеждеу  басым  екенін  аңғаруға  болады.  Ондағы  сатира  тап  күресінің  негізгі 

құралына  айналған.  Келе-келе  сатира  адам  болмысындағы,  мінез-құлқы  мен  бітіміндегі  кейбір 

кемшіліктерін сөзбен түйреп, шымшымалауға бейімделді. Яғни, адам жан-дүниесіне, санасына  терең 

үңіліп, сырт келбетін әсірелей суреттеп, күлкілі образдарға айналдырды.

Т.Қожакеевтің  зерттеу  еңбегінде:  «Қазақтың  әзіл-қалжың  сөз  өнері  фольклорымызда  кең  етек 

жайған. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде әзіл-қалжың сөз өнері толыққанды жанр ретінде де белгілі 

бір болмыс-құбылысты суреттеп айтып берудің әдістәсілі ретінде көрінеді. Әдіс-тәсіл саласында ол 

халқымыздың ең көне досы, өмірінің айнасы – тұрмыс-салт жырларының өзінде-ақ мол кездеседі» [1, 

17-33б] – десе, ғалым ойын жалғастыра М.Құлмұхамбетов, С.Қорабаев «Қазақ энциклопедиясында»: 

Қазақ әзіл-қалжың шешендік сөз өнері халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Алдаркөсе туралы аңыз 

ФИЛОЛОГИЯ

ФИЛОЛОГИЯ

Split by PDF Splitter



Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

8

әңгімелерде ащы мысқыл, улы кекесін, сынап-мінеу сарыны басым болса, Қожанасыр туралы күлдіргі 



әңгімелер қазақтың әзіл-қалжың шешендік сөз өнері, достық рәуіштегі сын, астарлы әзілге құрылады, 

Тазша бала туралы  немесе өтірік өлеңдерде әсірелеу, гротеск тәсілі мол кездеседі»,- дейді [3, 517]. 

Ал,  академик  Ә.Марғұлан:  «Өтірік  өлең  әзіл,  сықақ  түрінде  ескіліктің  халыққа  жағымсыз 

қылықтарын шенейтін шығармалар тобына да кіреді» - деп атап көрсетеді. Бұл пікірлер ертеден-ақ 

қазақ  халқының  сын  –  сықақ,  әзіл  –  оспаққа  икемді  екенін  танытады.  Қазақтың  әзіл–қалжыңдары 

мен сатирасы баспасөзде өмір сүріп келеді. «Түркістан уалаяты газеті» (1870-1882), «Дала уалаяты 

газеті» (1888-1902) беттерінде жарық көруден басталған сатиралық шығармалар «Садақ» (1915-1918), 

«Шаншар» (1925), «Балға» (1932), «Ара - шмель» (1956-1994), «Ара kz» газет-журналдарынан әзіл-

сықақ, күлкі-мысқыл, қалжың шешендік сөз өнері ретінде дами бастады. Оларда бас редакторлық 

жұмысын қазақтың әзіл-қалжың шешендік сөз өнерінің белді сатириктері мен юмористері атқарды.

Қазақтың әзіл-қалжың сөз өнері халықтың күлкі мәдениетін қалыптастырады. Бастысы –  сол күлкі 

мәдениетін дамыту, сақтау, жаңғырту, сондай-ақ,  ғылыми түрде жүйелеп, талдап, пайымдау, зерделеу. 

Күлкі мәдениетін теориялық жағынан негіздеу үшін, ұлттық дәстүрлі әзіл-қалжың сөз өнерінің тарихи 

тәжірибедегі, әдебиеттегі көріністерін саралау қажет. Юмордың фольклордағы, публицистикадағы, 

яғни  ауылдың айтқыштары мен жатыпатарларының әзіл-қалжыңдарын да жинақтап, оларды ғылыми 

негіздесек. 

Күлу бар да, күлдіре білу бар. Халқымыз күлкінің қадір-қасиетін ежелден бағалай білген. Ауылдың 

аңқау, аңғал әпенділері туралы қалжың-қағытпалары баршылық. Оларды  Қожанасыр атап, айтқан 

әңгімелері  мен  күлдіргі,  мысқыл-әзіл-қалжыңдарын  ауыздан-ауызға  таратып  отырған.  Әр  әзілінің 

астарында  ауыл  адамына  тән  аңқаулық,  шебер  қуақылық,  жүзіңізге  күлкі  үйірер  зілсіз  әзіл-әжуа 

жатады. Тапқыр да табан астында айтылған әзілдері ақылдылықпен, тапқырлықпен  астасып жатады. 

Ауыл  айтқыштарынан  мысал  келтірсек: 

«Жол  полициясы  қызметкері  бір  күні  о  дүниелік  болып, 

жаратқанның алдына тап болыпты. Жаратушы екі жолдың ортасында тұр екен – оның бірі тозаққа, ал 

екіншісі жұмаққа апаратын жол екен. Содан жаратушы пендесіне сұрақ қоя бастайды: «Тірі кезіңде 

жасаған жақсылығың болды ма?» десе, «болды» деп жауап беріпті. «Қиянатың болды ма?» деп сұраса, 

«ол да болған» деп жауап беріпті. «Онда мен саған мына жолға түс, ана жолға түс деп айта алмаймын. 

Сен екі жолдың бірін өзің таңда» депті. Сөйтсе, полиция қызметкері жұмақ пен тозақтың қайсысына 

барарын  білмей,  біраз  ойланып  тұрып,  «мен  осы  екі  жолдың  дәл  ортасындағы  «постыда»  тұрсам 

қайтеді?»  

– 

деген екен. Яғни, мұнда бастысы – ойландыру, сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса 



болды. 

Қай қоғамда да даму бар да, құлдырау қатар жүретіні белгілі. Дегенмен, қазіргі театрлар бір-біріне 

бәсеке болатындай дәрежеде дамыса деген тілек бар. Ол үшін, әрине, білім, оқу, іздену керек. Көш 

жүре түзеледі десек те, қазір білім мен ғылымның қарыштап дамып жатқан кезеңі. Сахнаға шығардың 

алдында айнаға бір қарап, керек болса бірнеше қайта-қайта қарап алып, сомдар бейнесін тауып алып 

шықса жөн болар еді. 

Әлеуметтік,  әдебиеттік  жағдайды  юмормен  ойын  бейнелі  жеткізе  алған.  Күлкі  бар,  ол  күлкі  – 

мәдениетті күлкі. Келеңсіз құбылыс келелі, сындарлы, әзілмен шебер жазылған.    

Егер таптық кезеңдегі сатиралық шығармаларға назар аударсақ, онда ақынның үстем тап өкілдерін 

мұқату,  тұқырта  келемеждеу  басым  екенін  аңғаруға  болады.  Ондағы  сатира  тап  күресінің  негізгі 

құралына айналған. Келе-келе сатира адам болмысындағы, мінез-құлқы мен бітіміндегі кейбір кем-

шіліктерін сөзбен түйреп, шымшымалауға бейімделді. Яғни, адам жан-дүниесіне, санасына  терең 

үңіліп, сырт келбетін әсірелей суреттеп, күлкілі образдарға айналдырды.

Сондай-ақ,  жауынгер  саланың  жанрлық  ерекшеліктері  бірте-бірте  қалыптасып,  дами  бастады. 

Сондай жанрлардың бірі –  пародия. Пародия   ғалым Т.Қожакеевтің айтуы бойынша, «қарсы өлең, 

өлеңге қарсы өлең» [1,83].  Себебі, пародия нысанға алып отырған шығарманы басты нысанға алып, 

түп нұсқаға ұқсата отырып, екінші бір шығарма жазады. Онда алғашқы нұсқадағы барлық стильдер 

мен тілдік ерекшелігін сақтай отырып, автордың кемшілігін ирониямен көрсетіп, қарсы пікір айта-

ды. Әрине, мұнда да басқа жанрларға тән эстетикалық талғампаздық, сындарлы сыпайылық қажет. 

Егер қарсы дау немесе пікірі болмаса оны пародия дей алмаймыз. Сондай-ақ сықақшы нысанға алып 

отыған автордың аты мен шығармасын айқын көрсетуі керек. Сонымен, «пародия дегеніміз – белгілі 

бір әдеби ағымды, болмаса бір авторды, немесе жеке бір шығарманы не түгелдей жоққа шығару үшін, 

не сол объектідегі назар аударарлық әлсіздік сәтсіздікті келекелеп түзету үшін сол объектінің өзіне 

ұқсата, еліктей туғызылған, түпнұсқаның ізімен, түрімен жазылған сатиралық, юморалық туынды» 

[4,87]. Пародияның негізгі шаттары осы. Мәселен, Қ.Жұмағалиевтің «Таңдану» өлеңіне:

Split by PDF Splitter



№ 3 (88) 2012

9

Таңданам құбылыстың бәріне де,



Табиғаттың алуан әріне де,

Таңданам сылқым сиқыр сұлуға да,

Таңданам сәбиге де, кәріге де.

Қайран қалам,

Есінен шықса қайғы,

Өздерін жұрттың бәрі нық санайды.

Таңқалам,

Жер бетінде сан топас бар,

Олар да бір біріне ұқсамайды,  – 

деген жолдарын Ермахан Шайхыұлы былай пародиялаған:



Таңқалам ақындардың бәріне де,

Қайреке, өлеңіңнің мәні неде?

Таңданасың сылқым сиқыр сұлуға да,

Таңданасың сәбиге, кәріге де.

Нашар өлең жинаққа тықпалайды,

Ақындар және өздерін нық санайды,

Таңқалам, ақын жазған осы бір жыр,

Жүректен шықты деуге ұқсамайды.

Мұнда пародист ақынды басты нысанға ала отырып, оның кей тармақтарын қайталай келе: «Қайреке, 

өлеңіңнің мәні неде?.. Таңқалам, ақын жазған осы бір жыр, Жүректен шықты деуге ұқсамайды», – 

деп, автордың ұтымсыз шыққан жолдарын зілсіз өзінің ақын деген адамнан осындай нәрсіз шығарма 

туғандығын айтқан. 

Келесі бір  Е.Шайхыұлының нысанына алғаны Г.Сейілжанованың «Туған ел»  өлеңі: 

 

Ақтарыла айтам деймін ашылып,

Туған елім, тек өзіңе бас ұрып.

Айтарыңды айт дегендей жасырмай,

Соқты жүрек дүрс-дүрс етіп асығып, – 

деген жолдарды былай пародиялайды:



Жырға деген ынтық жігер басылып,

Жүрміз мықты теңеулерге «ашығып».

Өлең шіркін туса екен жүректен,

Соқсадағы дүрс-дүрс етіп асығып.

Табынбаймыз нәрсіз жырға бас ұрып.

 

Пародист Е.Шайхыұлы екі пародияда да әзілсіз, зілсіз, бірақ кемшін тұстарына, ой олақтығы мен 



туындының  сәтсіз  тармақтарына  қарама-  қарсылығын  көрсеткен.  Дегенмен,  пародисттің  тілінде 

сатиралық  уытты  тепсініс,  серпіліс  жоқ.  Екіншіден,  сәтсіз  тұсын  суреттеп  қана  қоймай,  сынап, 

сықақтау қажет деп білеміз. Өйткені, «пародияның жаны – күлкі. Күлкі жоқ жерде пародия да жоқ» 

[5,267].


Т.Есімжановтың «Уа, дариға» өлеңін:

Жаманмен 

Жүз жыл жолдас болғанша,

Жақсымен,

Бір күн болсаң, уа дариға! – деген жолдарын

К.Әмірбек былайша пародиялайды:

Split by PDF Splitter


Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы

10

Қиналғанда ой таппай



Мақалдатып көлбеймін.

«Қырық күн атан болғанша,

Бір күн бура бол деймін»...

«Жаманның қойнына жатқанша,

Жақсының аяғына жатқайсың» 

Мақамдамай мақалды

Жаңа ой неге таппайсың? –

деп, бір жағы әзілмен, бір жағы мысқылмен орынды түйреп өткен. Ақын Ғ.Қайырбеков: «Ремонттауға 

құрал жоқ, құдірет жоқ. Жүрек қаусап қалғанда, жаның қаңсып» – деп жазыпты. К.Әмірбеков осы 

жолдарды былай пародиялаған:



... Көңілге мұны дұрыс түй,

Поэзия ырысты үй

Бұл өлеңі нешеуа,

Казахско-русский.

Мұнда пародист сатиралық пародия жасаған. Ғалым Т. Қожакеев: «Жақсы пародия әрқашан өзі 

сынаған нашар туындыдан ұзақ өмір сүреді» деп айтқандай, мұнда пародист әзіл-оспақпен юморлы 

орынды пародия жасаған [1,162].

Пародия жазылу мазмұнына қарай әдебиеттік, сатиралық, тұрмыстық, сахналық, достық әзіл паро-

дия деп шартты түрде түрлерін атауға болады. Аталған түрлерінің ішінде көп кездесетіні – тұрмыстық 

пародиялар. Тұрмыстық пародиялардың бір ерекшелігі пародист өмірдегі кемшіліктің астын сызып, 

жұрттың  көңілін  оған  баса  назар  аудартады.  Әдебиеттік  пародияға  қарағанда  тұрмыстық  пародия-

да өмір психологиясы тап басылып, сатиралы, салмақты ой айтылады. Атап айтсақ, Б.Кірісбайдың 

«Саттың ба, қалқам» («Қарындасыма» әнімен) пародиясына назар салайық:



Африка дәмін таттың ба, қалқам,

Долларға бізді саттың ба, қалқам?

Бір жігіт таппай қазақтан, қалқам,

Шетелден бақыт таптың ба, қалқам!?

Жататын орның мамық па, қалқам,

Анаңды ойлап қамықпа, қалқам,

Өтірік жылап егілме, қалқам,

Біздерге енді көрінбе, қалқам!.. –

деп,  пародист  астарлы  сырын,  тынысын,  жүрек  лүпілін  үлкен  шабытпен  жеткізген.  Сыналатын 

оқиғаның барлық мазмұнын, ішкі жан дүниесімен нала отырып, нақты шешімін «біздерге енді көрінбе, 

қалқам» деп кесіп айтады. Іштей қамығуын зілді, уытты тілмен көрсете білген. 

Қазіргі қазақ сатирасы қаламгерлердің жан-жақты жетілуіне, көркем идея мен мазмұнының биік-

тей түсуінде басты қаруына айналуына тиіс. Төл сатирамыз әлем классиктерінің шығармаларымен 

қатар тұру үшін, әрине, ұшан теңіз  білім, ізденіс, соның нәтижесінде туған рухани туынды қажет. 

Сын күлкісі – түзелуге апаратын жол, қуаныш күлкісі – өмір деңгейін өлшейтін барометр. Бізге 

осы күлкілер қажет. Күле білейік, өзгені де күлдіре жүрейік.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қожакеев Т. Сатира негіздері. –Алматы: Санат, 1996. -162-170 б.

2. 

Байтұрсынұлы А. Шығармалар.  –Алматы: 1989. – 292-293 б.



3. 

Құлмұхамбетов М., Қорабаев С. Сатира. Қазақ ССР. 4 том қысқаша энциклопедия. –Алматы: ҚСЭ, 1989. 

-517-520 б.

4. Ысқақұлы Д. Сын өнері. –Алматы: Қазақпарат, 2001.

5. Новиков В.Д. Книга о пародии. -Москва, 1989. -267-268 б.

Редакцияға 02.02.2012 қабылданды.

Split by PDF Splitter



Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> №1 (74) 2010 Р. т саДыҚова мҰхтаР Әуезов ЖӘне халел ҒаббасовтыҢ Рухани-ӘРІптестІк баЙланысы
123456789 -> Мұхтар Әуезовтың "Хан Кене" трагедиясындағы Алашшылдық идеяның көріністері
123456789 -> Абайдың инновациялық Ұлы жаңалығы а.Қ. Омаров
123456789 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы н б. аҒалиева ШӘкӘРІм өлеҢДеРІнДегІ лиРикалыҚ кеЙІпкеР
123456789 -> Ш. айдарбекова ж. Аймауытұлы әҢгімелеріндегі кейіпкерлер жүйесі мен сюжеттік арналар

жүктеу 50.8 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет