24 наурыз (№55). 5 б. Əлихан Бөкейхан-150



жүктеу 75.82 Kb.
Pdf просмотр
Дата14.01.2017
өлшемі75.82 Kb.

Əлихан əлемі 

http://egemen.kz/2016/03/24/30884

 

Егемен Қазақстан. - 2016. - 24 наурыз (№ 55). - 5 б.  



 

*Əлихан Бөкейхан-150 

Алаш арыстары Əлихан Бөкейханов, Əлімхан Ермеков пен Жақып Ақбаевтың туған жері 

Қарағанды облысының бұрынғы Қоңырат, қазіргі Ақтоғай ауданы. Осы ауданды 

«контрреволюция ордасы» деп атап, оның халқын бертінге дейін айрықша бақылауда ұстады. 

Осы аудан орталығында Əлиханмен аталас Кейкі төренің қабірінің көртопырағын ештеңеден 

сескенбей тегістеп, тақтай еден төсеп, төрт құлақты саман кірпіштен қаланған мазарының 

төбесін шатырлап, НКВД аудандық бөлімінің кеңсесіне айналдырғанын, оның өткен 

ғасырдың 70-ші жылдарына дейін тұрғанын көзіміз көрді. 

Сондай-ақ, еліміз тəуелсіздік алардан сəл бұрынырақ Əлиханның атақорымы Талдыбейіттегі жəне 

Тоқырауын өзенінің бойындағы Дайыр төренің мазарындағы кезінде Смахан Бөкейханов орнатқан 

көктастардағы жазуларды өшіру мақсатымен Қарағандыдан арнайы келген жансыздың, ондағы 

ЖОО-ның бірінің профессорының есімдері жұрт жадында. «Құдайсыздар қоғамын» құрған Кеңес 

өкіметінің жандайшаптарының жантүршігерлік əрекеттерінің салдары жалғыз бұл емес. Бүгіндері 

елімізде 87 қала, 160-тан астам селолық аудан, мыңдаған ұсақ елді мекен бар. Солардың ішінде 

жалғыз Ақтоғай ауданында мəйітті таң атпай жерлеу рəсімі қалыптасқан. Оны басында жергілікті 

молдаларға «хадисте мəйітті күн шықпай жерлеу керек» дегенді айтқызған да, кейінірек жұрт 

жұмыстан қалмасын дегенге жатқызған да сол заманның «шолақ белсенділері». 

Осындайда Ə.Бөкейханның жазбаларындағы: «Құдайдан кейінгі күшті нəрсе – ғылым, ғылымнан 

кейінгі күшті нəрсе – дəстүр», деген тұжырымы еріктен тыс еске түседі. Жалпы, аруақтармен арпа-

лысқандардың оңғанын ешкім көрген емес… 


Əлихан мен оның туған інісі Смахан бастапқыда Нұрмұхаммедов болып жазылып, кейінде Əлихан-

ның өз өтініші бойынша Бөкейханов болып өзгертілгені жөнінде көп айтыла бермейді. Оның түп 

төркіні жайында қысқаша баяндасақ, əйгілі Жошы ханның Көкжал Барақтан тарайтын ұрпағы 

Бөкейхан 1815 жылы Орта жүз ханы болып жарияланады. Міне, осы əйгілі бабасының есімін алу 

Əлиханның өзінің түпкі тегін тірілтпек ойынан туса керек. 

Бөкейдің тоғыз ұлының бірі Батырдан туған төрт ұл – Əшімтай, Рүстем, Бексұлтан, Мырзатай. 

Рүстем мен Мырзатай Арқаның Тоқырауын бойындағы қаракесек Сарым еліне 1858 жылы орнығады. 

Мырзатайдың төрт ұлы – Нұрмұхаммед, Қоске, Мəтіхан (Шолақ) мен Əбдіханның өмір сүрген кезеңі 

Кеңес өкіметінің тұсына келді де, тағдырлары да сол қасаң билікке тəуелді болды. Əбдіханның ұлы 

Қасымхан 1928 жылы бастапқыда өлім жазасына кесіліп, ажалдан кездейсоқ аман қалып, 1946 жылы 

Алматыда қайтыс болған. Мəтіханның ұлы Мəнерхан 1933 жылы Сібірге айдалып, сол бетте 

хабарсыз кеткен. Мəтіханның жəне бір ұлы Қожайхан да басында жер аударылып, сол жерден 

соғысқа аттанып, майданда қаза болған. Нұрмұхаммедтің кенже ұлы Базылхан бай ретінде Сібірге 

айдалып, 48 жасында Новокузнецкіде қайтыс болған. 

Əлиханның туған інісі Смахан да отбасы мен ұрпағының тағдырына алаңдап, ұзақ жылдар бойы 

Алматы облысында бой тасалап жүріп, Сталин өлгеннен кейін ғана Балқаш қаласына оралған. 

Əзіханның ұлы Райымжан ақсақалмен 1992 жылы жүздесудің сəті түсті. 

Райаға бастауыш білімді Қарқаралыда Ақайдың Хасенінен алып, Семейдегі Г.Потанин атындағы 

екінші дəрежелі мектепте оқығаннан кейін Əлімхан Ермековтің қарындасы Дəмеш Ермекованың 

күйеуі, кезінде Ташкенттегі пединституттың ректоры болып жүрген Темірбек Жүргеновтің кеңесімен 

сондағы Орта Азия мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Бірақ 

Райымжан Бөкейхановтың алашордашы, «халық жауы» Əлихан Бөкейхановтың немере інісі 

екендігін жазған «домалақ» арыздардың салдарынан ол оқудан шығарылады. Сол университеттің 

ұлты армян, студенттер ісі жөніндегі проректоры: «Қазақтарға қайран қаламын. Бұхар əмірінің ұлы 

Мəскеуде оқиды, ал сенің фамилияң үшін ғана өз отандастарың түбіңе жетті», деген екен. 

Сондай-ақ, Райымжан қарияның өз аузынан: «Бұл фамилиядан мен өмір бойы запа шектім, жасы 

үлкен жанашыр жандардың өзгерт дегеніне көнбедім, енді санаулы күндерімді осы фамилияны 

мақтан тұтып өткеремін. Ең бастысы, Əбекеңнің біржола ақталғанын, халқына біржола оралғанын 

көзім көрді. Аруағы риза. Ақтоғайда ұлан-асыр той өткізейін деп жатыр екенсіңдер. Мені кəрілік пен 

ауру дендеп тұр. Жете алмаспын. Шақырғандарыңа мың да бір рахмет. Бірақ мен бақыттымын. 

Балаларым өз фамилияларынан сескенбей, мақтан тұтып жүретін болды. Тойға солар қатысса, мен 

разымын», деген шаттанған сөздерін естіп, жазып алып, кезінде мақала да жариялаған болатынбыз. 

Ақтоғайда өткен сол шаралардың ең маңыздысы – жаңа заманда өткізілген ғылыми-практикалық 

конференцияға тəуелсіз Қазақстанның бетке ұстар ғалымдарының қатысқаны болды. Олардың 

арасында Жайық Бектұров, Гүлнар Дулатова, Кеңес Нұрпейісов, Тұрсынбек Кəкішев, Мағауя 

Ермеков, Əнеш Дайырова, осы күнге дейін қаламдары қолдарынан түспей Алаш тарихына ұңғылай 

бойлап, зерделей зерттеп, жаһанға жария етіп жүрген ғалымдар Қабылсаят Əбішев, Нұрлан 

Дулатбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мəуен Хамзин, Жантас Қожахметов, Азат Бабашев жəне 

басқалардың есімдері мен еңбектерін атау лəзім. 

Сол 1992 жылдың жазында Əлиханның Өкітайдан (Сергейден) туған немересі, мəскеулік Евгений 

мен оның ұлы Петрдің табандары тұңғыш рет ата-баба жеріне – Орталық Қазақстанның Сарыарқа 

топырағына тиген аса бақытты сəт болғандығын айтпай кетуге болмас. Олар Райымжанның ұл-

қыздары Сырым мен Нұрым Бөкейхановтар, Смахан қыздары Сəуле, Айсəуле шалқар мерейтой 

кезінде елмен бірге, Əлихан бір келгенінде Бразилия қарағашын отырғызып, күні бүгінге дейін 

жайқалып өсіп тұрған дараққа байланысты Талдыбейіт атанып кеткен атақорымға барып, онда 

мəңгілік сая тапқан бабаларына тəу етіп қайтты. Ақтоғайда өткен шаралардан кейін Өкітайұлы 

Евгений мен Райымжанұлы Сырыммен бірге Ұлытауға, Алаша хан, Жошы хан зираттарына бару сəті 

түсті. 


 

Олардың Қазақстанға 

келген сол сапарындағы естен кетпес кездесулері, оның ішінде Батыр ұрпағы, қарт ұстаз, Ұлы Отан 

соғысының ардагері, Əлихан ұрпағын сарыла күтуден жүрек талмасы ұстап, емханаға түскен 

Қасенхан Алтынбековпен (əйгілі реставратор Қырым Алтынбековтің əкесі) сəлемдесуі ұмытылмас 

əсер қалдырғаны сонша, Евгений Бөкейханов топтама өлеңдер жазып, Мəскеуге оралған соң 

«Потрогать этот странный мир» жинағын шығарды. Ал Сырым Бөкейханов Бөкей ұрпағының арғы-

бергі тарихын, оның ішінде ұлы бабасы Əлиханның өмірі, қызметі, өзі көзін көріп, тəрбиесін алған 

Əлиханқызы Елизавета, оның жары Сəдуақасұлы Смағұл, Сергейұлы Евгений, тағы басқалардың 

азапты да айшықты тағдырлары жайында архив деректеріне, естеліктерге негізделген «Нельзя о 

прошлом позабыть» атты кітап жазып, қазақ тіліне аудартып, өңдеп, толықтырған үш басылымының 

шыққанын көріп үлгерді. Осы тұста Евгенийдің «Жошы  хан зиратында» атты өлеңіндегі ішкі 

толғаныстарын оқырманның қоса сезіне түсуі мақсатында қазақ тіліндегі аудармасынан үзінді 

келтіруді жөн көрдік: 



ЖОШЫ ХАН ЗИРАТЫНДА 

Шетсіз-шексіз ұлы дала аймалап, 

Бір сағатта жеті ғасыр өтіппіз, 

Кісінеу мен қиқу кернеп айнала, 

Тұрғандаймыз ат дүбірін естіп біз. 

  

Күн шыжып тұр отты шардай балқыған, 



Өткелдерде қиыршық тас шықырлап, 

Талтүстегі аңызақтан қалқыған 

Дем жетпеген сайын сағым тыпырлап. 

  

Мазар іші, моладағы тақталар 



Салқынымен сабырлы ойға жетелеп, 

Еске алғанда уақыт бір сəт тоқталар, 

Ұмытылған уақиғалар төтелеп. 

  

Өзгерді адам жəне де бар тіршілік, 



Жер қойнында мүрдең сенің, хан ием, 

Мен де сенің сұңқар қияқ бүршігің, 

Мəңгі бəйгі жолға салған жан ием. 

  

Арамызда жылдар, жандар, дəуірлер, 



Уақыт селі – неткен дүлей күпті егес! 

Жер-ананың өлшемі ірі, тəуір дер, 

Мəңгі шексіз ұғым үшін түк те емес. 

  

Бойды баурап күйкі тірлік қас-қағым, 



Нəзік өмір көрген мамық түсімдей, 

Мəңгілікпен бүркелгенде бастағы үн, 

Сен де өтерсің фəни тұсты түсінбей. 

  

Дала болса маң қалпында баяғы, 



Көзім көрген сурет алдан тосып тұр, 

Көне мазар, қурап қалған саяғы, 

Бас сүйекті көктеп жусан өсіп тұр. 

  

Қайтар жолы бұйырғандар бақытты, 



Көзден ғайып болды күмбез алыстап, 

Көктей сүзіп кері қарай уақытты, 

Келеміз біз жер бетімен қарыштап. 

Əлихан Бөкейхановтың: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет 

қылмай қоймаймын», деген тұжырымы оның өмірлік ұстаным-сертіндей болды жəне одан қайғылы 

азапты қазаға ұшыраған соңғы деміне дейін бір сəтке де айныған емес. Оның барлық саналы 

ғұмырындағы əрбір ой-толғамын, əрбір іс-қимылын, ұйымдастыру қабілетін қазақ халқына, Алаш 

жұртының келешегіне жұмылдырып келгенін тарих дəлелдеді. Оның: «Кейінгілер ғибрат аларлық 

үлгі тастап алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? 

Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Түрік баласы (Əлихан)» деген сөздері қазіргі 

замандастарымызды да терең ойға жетелейтін тағылымды сауалдар екеніне ешкім күмəн келтіре 

қоймас. 


Бүгінгі тəуелсіз Қазақстанның ширек ғасырға жуық тарихы Ə.Бөкейхан идеяларының өміршеңдігіне 

көз жеткізді. Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясы, Ұлттық кеңес – Алашорда 

үкіметі жер тұтастығы сақтаулы, мемлекеттік шекарасы бекітілген, демократиялық құндылықтарға 

сүйенген, мемлекеттік құрылымы халықтың тұрмысы мен тіршілігіне лайықталған агроөнеркəсіптік 

əлемдік деңгейдегі мемлекет құруды мақсат етті. Бірақ бұл əдемі мұраттың орындалмауына аумалы-

төкпелі заманның, ең алдымен, сталиншіл əкімшіл-əміршіл жүйенің зардабы тигені, алашының асқақ 

болашағын армандағаны, елінің тəуелсіздігін аңсағаны, оған жету жолында нақты іс-қимылдарға 

барғаны үшін саяси қуғынға ұшырағаны, азапты ажалды қасқайып қарсы алғаны тарихқа мəлім. 

Ал осы ұлт-азаттық күрестің аса бір күрделі кезеңі мен оның теориялық жəне практикалық негізі мен 

маңызы, сол үдерістерге ұйытқы болған толағай тұлғалар жайында ізденістер жасап, ғылыми 

тұжырымдар жасауға ынта барған сайын арта түсуде. 

Əлбетте, өз заманының ең күрмеуі қиын, күрделі сұрақтарына жауап іздеген кəрден білімді 

Əлиханның жазба мұрасы атан түйеге жүк боларлық асыл дүние екені күн өткен сайын өзектілігін 

дəлелдей түсуде. Оның қоғамдық дамудың заңдылықтары мен Қазақстанның ерекшеліктеріне 

жасаған талдауларының тереңдігіне, логикалық пайымдарының тапжылмас қисындылығына 

таңданбасқа лаж жоқ. Осы тұста Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі тарихшы 

Бүркіт Аяғанмен пікір алмасқандағы келтірген салыстырма уəждеріне сүйеніп көрелік. Марксизмнің 

мұрагері В.Ленин экономика саясатқа байланысты барлық кəсіпорындарды мемлекеттік деп жария-

лап, жекеменшік дегенді түбірімен жою керек дейді. Ал Ə.Бөкейхан «Алаш» партиясының 


бағдарламасында экономиканы дамытатын негізгі күш жекеменшік екендігін ескеріп, оны жоюға 

түбегейлі қарсы болды. В.Ленин мемлекеттік құрылым жөнінде орталықтандырылған, тек жұмысшы 

табының үстемдігі басым, коммунистік партия басқаратын мемлекет болу керек деді, оны күшпен 

құрды да. Бұл жобаның аяғы тоталитаризмге ұласты. «Алаш» партиясы болса «Ресей демократиялық, 

федеративтік республика болуы тиіс. Онда əр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. 

Əрқайсысы өз тізгінін өзі ұстайды» деген көзқарасты ұстанады. КСРО-ны компартиялық 

номенклатура басқарды. Бір партиялық жүйе жеке басқа табынуға, толассыз репрессияға ұласты, 

демократиялық үдерістер табанасты болып, аяусыз жаншылды. Ал Ə.Бөкейхан құрған «Алаш» 

партиясының пікірінше үкімет басында құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Думаның қалауынша 

кесімді жылға сайланатын президент болу керек. Президент халықты министрлер арқылы басқарады. 

Ол министрлер құрылтай жиналысы алдында жауапты болуға тиіс. Депутат тегіс (жаппай деген 

мағынада,  – Қ.С.), тең, төте, һəм құпия сайлаумен сайланады. Сайлау хұқында хан, дін, ер-əйел тең 

дəрежелі болу керек. 

Мұқият зер салсаңыз Ə.Бөкейхан мұрасында бүгінге дейін құндылығын бір мысқал да жоймаған 

қағидалар жетіп-артылады. «Оқу ордаларының есігі кімге болса да ашық, һəм ақысыз болу; жұртқа 

жалпы оқу жайылу. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқу; қазақ өз тілінде орта мектеп, университет 

ашу; оқу жолы өз алды автономия түрінде болу» деген қағидалары осы күнге арналғандай е 

стіледі. Мағынасы аса салмақты, тарихи міндеті ауыр да маңызды жер мəселесі жөнінде айтқандары 

да айна-қатесіз келді. Сондай-ақ, жер бетіндегі жəне оның қойнауындағы байлығы мемлекеттікі 

болуы тиіс, жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін, одан артылған жер земство қолында 

болсын, оларды əділдік жолмен пайдалану керек деген ойлары айқындығымен ерекшеленеді жəне 

олардың қисындылығын, өміршеңдігін уақыт дəлелдеді. 

Осы тұста Ə.Бөкейханның ұлы мұраттарды іске асыруда маңайына алаштың маңдайалды, кілең 

ұлтжанды, білімді, əр салада аса білікті, арлы да намысты азаматтарын топтастырғаны сүйіндіреді. 

Əлімхан Ермековтің 29 жасқа жаңа іліккен шағында Алашорда үкіметінің вице-премьері ретінде 

В.Ленин төрағалық еткен комиссия мəжілісінде Столыпин тұсында Ертіс бойындағы, Каспий 

теңізінің солтүстік жағалауындағы қазақ жерлерін жөн-жосықсыз тартып алғандығын, оны иелеріне 

қайтару керектігін жəне бұл талап орындалмайтын болса екі ел арасында ұлт араздығы туатындығын 

айтып, комиссияны даулы жерлерді қайтару жөнінде шешім қабылдауға иландырғаны тарихтан 

мəлім. Сол кезде Мəскеуде Коминтерннің конгресіне қатысуға келген Ахмет Байтұрсыновтың Тұрар 

Рысқұловқа: «Біздің Əлімханмен осынша уақыт тең сөйлесе алатын орыстан да бір ұл туған екен-ау», 

дейтіні жұрт жадында. 

Бір жолы Əлімхан Ермеков туған жері Ақтоғайға сапар шегеді. Сонда сөз орайы келгенде ол кісіні 

аталас туысы, соғыс ардагері, жастайынан талай жауапты қызметтер атқарған Қалкен Мəкенбаев 

əйгілі ағасына: «Əлаға, сан жылдар бойы қатар жүрдіңіздер, азапты да бірге таттыңыздар, Əлихан 

Бөкейхановтың азаматтық тұлғасын қалай бағалар едіңіз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Əлағаң өзіне 

тəн байыптылықпен: «Қарғашым, қалай десем екен? Мына қасиетті Тоқырауын өзені көктемде қатты 

тасыған жылдары ғана Балқаш көліне зорға жетеді. Көбіне оның тұщы суы жолай жерге сіңіп кетеді. 

Бізді, алашордашылардың бəрінің басын қосқандағы қуатымыз осы Тоқырауынға жетер-жетпес қана 

дер едім. Ал Əлиханның бір өзінің білімінің тереңдігі, ойларының заңғарлығы, кемеңгерлігі Балқаш 

көлінен де үлкен, көкжиегіне көз жетпес шалқар дария ғой! Қазақтың бағына жаралған, ғасырда бір 

туатын алып қой, бекзат сабаз еді-ау, шіркін!» деп жауап қайтарыпты. 

Алуан қырлы дарын иесі Əлихан Бөкейханның қазақтың арғы-бергі тарихы жөнінде нақты деректер 

мен статистикаға сүйенген сүбелі еңбектер жазумен шектелмей, Алашорда үкіметі таратылғаннан 

кейін үзеңгілес қайраткерлерді амандап қалумен бірге, елдегі ұлттық мəдени-ағарту жұмыстарын 

ширатуға үндегені өз жемістерін бергені мəлім. Мысалы, оның хакім Абай ұрпағымен араласып, ол 

жөнінде алғаш зерттеу жүргізіп, қазанама жариялаумен бірге, жас Əуезовке: «Мұхтаржан, Абайды 

жаз. Сен сол ортада өстің, Абайды көзі көргендерден дерек жина. Ол бүкіл адамзаттық деңгейдегі 

ойшыл ақын. Соған бойла, мұрасын Алаш жұртына таныт. Бұл абыройлы іс сенің ғана қолыңнан 

келеді», дегені асқан көрегендік болғанын уақыт дəлелдеді. 



Сондай-ақ, Ə.Бөкейхан Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісі туралы орыс тілінде жазылған алғашқы 

зерделі зерттеуінің Ташкентте шыққан тұңғыш басылымы өзінің мынадай орысша өлең жолдарымен 

ашылған: 

Жылжып өтті жылдар ақсап, 

Еркін дала аһ ұрған, 

Айырылғанда ұлдан асқақ – 

Кенесары батырдан. 

  

Бірақ оның азат рухы, 



Оның күрес қанды ізі 

Болды кедей қазақ туы – 

Жеңіс Темірқазығы. 

Осы кіріспе өлеңнің аяғына «Қыр баласы (К.Степняк)» деп қол қойған. Əлихан Бөкейханның бұл 

еңбегінің көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың зерттеулеріне негізгі мəйек болғаны күмəн 

тудырмайды. Осындай асыл еңбегі үшін бұл автордың қаншама жылдар бойы азапты қуғын-сүргінге 

ұшырап, бертінде ғана біржола ақталғаны оқырманға белгілі. 

Ендігі жерде ЮНЕСКО шешімі шықты, Ə.Бөкейхан секілді барша алаштың ардақты арысының 

мерейтойын халықаралық деңгейге лайық қалай өткіземіз, неден бастауымыз керек, шаралардың 

бастылары қайсы, кім, қайда не атқарғаны жөн деген алуан сұрақтардың кес-кестеуі мұндай жауапты 

істер легіндегі заңды құбылыс. 

Осы мақсатта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бастамасымен рес-

публикадағы белгілі алаштанушы ғалымдардың басқосу жиналысында біраз іске асыруға лайықты 

шаралар белгіленді. Ең бастысы, Əлихан Бөкейханның бай мұрасын тірнектеп жинап, ғылыми 

жүйеге келтіріп, көптомдығын шығарудағы осы университеттің Алаштану орталығының басшысы 

Сұлтанхан Аққұлының талай жылғы теңдессіз де толассыз, баға жетпес жемісті еңбегіне алғыстан 

басқа айтарымыз жоқ. Ғалымның тынымсыз ізденуінің арқасында осы күнге дейін Ə.Бөкейхан 

еңбектерінің 9 томы жарық көрді. 

Жəне бір ауқымды да абыройлы, аса жауапты іске – «Əлихан Бөкейхан» энциклопедиясын шығару 

жұмысына Семей университетінің ғалымдары кірісуге бет алды. Əлбетте, бұл шаруаға семейлік 

ғалымдар еліміздегі басқа да алаштанушыларды барынша тартады деген үміттеміз. Мысалы, Əлихан 

Бөкейхан жəне оның ұрпақтары мен жақындары жөнінде нақты деректерді білетін жандар тым аз. 

Солардың қолындағы қайталанбас мəліметтер назардан тыс қалмауы энциклопедия құндылығын 

арттыра түсетініне сенімдіміз. 

Сол сияқты, биыл Əлихан Бөкейханның немере інісі Сырым Бөкейхановтың кітабының өңделген, 

толықтырылған соңғы нұсқасы жəне Смахан Бөкейхановтың естеліктері біріктіріліп, «Өткен күнде 

белгі бар» – «Нельзя о прошлом позабыть» атауымен қазақ жəне орыс тілдеріне аударылып, тұтас бір 

кітап етіп шығаруға əзірленуде. Бұл істе марқұм Сырым Райымжанұлының жесірі, Елизавета 

Əлиханқызының өмірінің соңғы сағаттарына дейінгі азапты күндері жанында болған Александра 

Борисовна Бөкейханованың ынтасы мен ыждаһаттылығы, əулеттің рухани мұрасына адалдығы мен 

асқан жауапкершілігіне ризашылығымызды білдіруді азаматтық парызымызға санаймыз. Мұнымен 

қоса Сырымның Мəскеуде тұратын туған інісі, химия ғылымдарының докторы, əуесқой суретші 



Нұрым Бөкейханов пен осы ағайынды екеуінің суретші қыздары «Букейхановы» атты жинақ 

құрастырып, мерейтой тұсында Қазақстанда бастыру жолдарын қарастыруды өтінген болатын. Осы 

жұмысты атқаруға алаш ардақтыларының жерлестері құлшына кірісуге əзірлігін білдіргені қуантады. 

Тілге тиек болған жерлестері деп отырғанымыз, Əлихан Бөкейханның дүниеге келген Қарағанды 

облысының Ақтоғай ауданының басшылығы. Аудан жұртшылығы мерейтойға байланысты əлден-ақ 

көптеген шаралар белгілеп, оларды іске асыруға қызу кірісіп те кетті. Мысалы, мерейгердің туған 

күні қарсаңында аудан орталығында «Əлихан есімді жастардың облыстық форумын» өткізуді 

межелеп отыр. Оған облыстағы əр қала мен ауданнан бес-бестен Əлихан аттастар бас қоспақшы. 

Басты шаралардың шырқау кезеңі шілде айына тұспалдануда. 

Бұл жерде: «Киіз кімдікі болса, білек соныкі», деген мəтелдің орындылығы еске түседі. Кезінде 

Əлихан Бөкейханның, Əлімхан Ермековтің жəне Жақып Ақпаевтың есімдерін мəңгілік есте сақтау 

мақсатында аталған арыстардың топтасқан еңселі ескерткіш-кешені Ақтоғай ауданы орталығында 

бой көтерген болатын. Авторы – дарынды қазақ мүсіншісі Жаубасар Қалиев. Əлихан Бөкейхановтың 

тағы  бір ескерткіші Семей қаласында орнатылған. Дəл қазір Алаш көсемінің ендігі ескерткіштерін 

ең алдымен Астана, Алматы жəне Қарағанды қалаларында орнату мəселесі сұранып-ақ тұр. 

Елордадағы Керей мен Жəнібек хандардың, Кенесарының патриоттық қуаты мол көркемдік 

деңгейлері жоғары ескерткіштеріне Əлиханның тұлғалы мүсіндік бейнесі қосылғаны нұр үстіне нұр 

болар еді. 

Мұнымен қоса, Қарағандыдағы Қазтұтыну одағының экономикалық университетіне Əлихан 

Бөкейхан есімімен атау жөнінде тиісті органдарға ұсыныс берілуін күтеміз. Алаштану ғылымына 

жəне насихатталуына қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым 

академиясының Ə.Бөкейхан атындағы жыл сайынғы сыйлығын, ал жоғары оқу орындарында 

Ə.Бөкейхан атындағы стипендиялар тағайындаудың реті келіп тұр. 

Сонымен бірге, Ə.Бөкейханның жəне оның үзеңгілестерінің шағын мүсіндерін, төсбелгілер, 

монеталар сериясын, пошталық маркалар, хатқалталар, плакаттар шығарылса, оларды мерейтой 

барысында жəне ЭКСПО-2017 көрмесінде таратуға болар еді. Сол сияқты, Қарағандыда осы күнге 

дейін Алаштың əйгілі арысына бір көрікті көшенің атын қимай жүргені жергілікті билік 

басшыларына салмақты сын екендігін ежіктей түсіндіруді қажет етпес. 

Бір мақалада осы қастерлі тақырыпты бүге-шігесіне дейін қамтып талдау мүмкін емес. Бұл нақты іс-

қимылға үндеген ойтүрткі болуға дəмелі ниет қана. «Əлихан мерейтойына əзірлік сеңі қозғалды. Сен 

де қозғал, алаш азаматы!» демекпіз. 

Əлемдік тұлға алаштың Əлиханына арналған игі істердің абыройлы аламан бəйгесі басталып кетті. 



Іске сəт, алаш азаматтары! 

Қайырбек СƏДУАҚАСОВ. 

Астана. 

Суретте: Ə.Бөкейхан; Алаш алыбы ұрпақтарының Мəскеуден Қарағанды өңіріне келуі. 90-

жылдар. 

 

Каталог: irbis64r 01 -> Kraeved -> Personalii kaz -> Bokeyhan A
Kraeved -> Аласұрған ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қан-сел болып
Bokeyhan A -> Арағандыдағы Октябрь ауданын және осы ауданның үлкен бір көшесін
Bokeyhan A -> Ардақтауға не кедергі? Қ азақтың тұңғыш саяси партиясын құ рған және бүгінгі Тәуелсіздікке бастап
Bokeyhan A -> Рыңа жетіңдер! деп әрі танысып, әрі бізге батасын да берген еді
Bokeyhan A -> Кейінгі уақытта абайтанушылардың ең тұңғыш жөнінде әртүрлі мәліметтер келтіріліп
Personalii kaz -> Аманкелді замекбаев, еңбек ардагері
Personalii kaz -> Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Қали Аманбаев -75 жаста
Personalii kaz -> Өмірбаяны өз тұс тастарына ұқсас бол ғаныменен, өмірге құ
Personalii kaz -> Әлімхан және ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым

жүктеу 75.82 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет